Қылышынан қан тамған Шыңғыс хан шолғыншы ұстайды екен дейді. Дүниенің төрт тарабындағы жаңалықты сол шолғыншылар хан ордасына жеткізіп тұрады екен. Күндердің күнінде шолғыншылардың бірі әдеттегідей көргенін айтып келеді. «Осындай, «Саруалының арығы» деген жерде болдым. Ордалы құланның мекені екен. Маңайына ешкімді жолатпайды. Маңына келгенді теуіп, таптап, шайнап өлтірердей. Әйтеуір, атымның жүйріктігінен әзер қашып құтылдым», — дейді.
Сонда Шыңғыс ханның қасында отырған Жошы деген баласы: «Ой, ақсақал, адамды құлан теуіп өлтіреді дегенге сенбеймін», — депті де, өзінің сенімді деген қырық жігітін қамдап, құлан ордасына бармақшы болыпты. Қырық жігіт: «Бармай-ақ қойсаң қайтеді» деген екен, оған хан баласы көнбейді.
Содан, Жошы қостанып қырық жігітін ертіп аттанып кетеді. Шолғыншының айтқанындай, Саруалының арығы құлан ойнағына айналған екен. Аң деген көздің құрты ғой, сол жерде Жошы жеңілдік үшін қызыл шекпенін киіп, қобылы садағын алып, құлан ордасына қарай қасқайып тура жүреді. Ал, қырық серігі болса жүрексініп, жабынды тасаны баспалай ілесіп отырады.
Жошының қарасын көрген құлан ордасы шоқтай болып иіріледі де, ішінен бір ақсақ құлан бөлініп шығып қарсы жүреді. Сол бетінде осқырына одағайлап келіп, жерді тарпып жібергенде жер бетін сасық қара тұман басып кетеді. Осы кезде Жошының қырық серігі енді қайттік деп аңырып тұрғанда: «Қырық жігіттен қаша жүріңдер, қызыл шекпенді баса жүріңдер!» деген дауыс естіледі. Сөйткенше болмайды, аспан астын дүсірлеген көп тұяқ кернеп, алағай да бұлағай болып кетеді.
Бір мезгілде тұман ашылады. Қырық жігіт андағайлап қараса, құлан да жоқ, хан баласы да жоқ. Тек қана, жердің астын үстіне шығарғандай болып, қалың құланның шұбырынды ізі жатыр. Қырық жігіт үш күн бойы сол шұбырынды ізді тінте қарап жүріп хан баласының шынашағын ғана тауып алады. Шынашақты жерлеп, хан баласына лайық күмбез тұрғызады.
Содан, қырық жігіт қайғырып елге оралады. Болған істі айтуға ешқайсысының жүрегі дауалмайды. Шыңғыс хан болса жігіттердің келгенін естіп: «Менің балам аңнан оралғанда маған соғып өтуші еді ғой. Япыр-ай, балам жазым болған-ау!» — деп уайым шегеді. Жазғырар ешкімді білмей аласұрып: «Кімде-кім баламның жаман хабарын жеткезсе, көмейіне балқыған қорғасын құйылады!» — деп жар шашады. Бірақ жарлық ханға бала бола ма, сол қалпы жүрегі жамандықты сезіп, қайғырып жатып алады.
Ол кездің дәстүрінде қандай қаза болса да, жетісіне дейін естірту қажет екен. Жошының жетісі тақалған сайын халық не істерін білмей ұйлығады. Сол кезде Найманнан шыққан ұлы жыршы Кетбұға деген домбырашы: «Қой, хан баласының өлімін естіртпей болмас, домбыраға тіл бітіргенім рас болса, мен барайын!» — деп, Шыңғыс ханның ордасына келеді. Келсе, хан қайғыға қамалып, теріс қарап жатыр. Кетбұға орданың ортасына тізе бүгіп, домбырасын тарта бастайды. Бұл күй «Құлан ойнақ» деп аталады. Ел ішінде «Құланның жүрісі» деп тартатын
домбырашылар да бар. Әп дегенде лепілдеп, екпіндеп естілген тың сарынға Шыңғыс хан елең етіп құлақ түреді. Домбыра одан сайын лепіріп, ұлы дүбірге ұласқан сәтте Шыңғыс ханның көзі жайнап, әлдебір үміт күші сілкіп тұрғызғандай басын көтеріп отырады. Домбыра үні оның көз алдына баласы Жошының арындап, құланды қойдай қайырып жүргенін елестетеді. /осы кезде домбыра құлан үйірінің құйындай ұйтқып жөңкілгенін, мың сан тұяқтың дүбірін білдіргендей серпи қағылады/.
Шыңғыс ханның басын көтеріп алған Кетбұға енді домбырасына шымшымдап бөлек сарын, бөтен дыбыс қосып екінші күйін бастайды. Бұл күйі «Естірту» деп аталады. Әлгінде ғана аңның апшысын қуырған елес әп-сәтте сейіліп, ханның құлағына бір хабар еміс-еміс жеткендей болады. Бір уақытта домбыраға тіл біткендей: «Уа, иеміз Шыңғыс хан, балаң өлді — Жошы хан!» — деп сұңқылдай сарнап қоя береді.
Сол кезде Шыңғыс ханның дауысы саңқ етіп: «Тоқтат, сенің тартар, менің естір күйім емес екен. «Балаң өлді — Жошы хан» деп тұр ғой!» — дейді.
Кетбұға болса сабырмен: «Ай, тақсыр, балаңыздың өлімін өзіңіз естірткеніңіз не болғаны» — деп уәж айтады. Сонда Шыңғыс ханның мысы құрып: «Қап, мынау ауырлықты өзіме аударып кетті-ау!.. Жарайды өз жарлығымды өзім аттамай-ақ қояйын. Бірақ жаман хабардың аузымнан шығуына себепші болғаның үшін жазаланасың! Сені Айдаһарлы тауының алқымындағы айдаһар үңгірінің аузына алып барып тастайды!»
— деп, нөкерлеріне әмір береді.
Сол жерде хан бұйрығын қаза қылмайтын нөкерлер Кетбұғаны дедектетіп алып жүріп, айдаһар үңгірінің аузына топ еткізіп тастап кетеді.
Айтқанша болмай, адам иісін сезген айдаһар ширатыла серпіліп үңгірден шығады да, лебімен тартып Кетбұғаны жұуға оңтайланады. Сонда, басқа шарасы қалмаған Кетбұға жүрелеп отыра қалып, домбырасын көкелете сұңқылдатып, бір күйді тарта жөнеліпті дейді. Бұл күй «Айдаһарды арбау» деп аталады. Кейбір күйшілер домбыраға «көке-көке» деген сөздің ырғағын келтіре тартатын болғандықтан, бұл күйді «Көке-көке» деп те атайды.
Күй сарыны естілуі мұң екен, айдаһар сұлық түсіп, иегін жартасқа сүйеп, қимылсыз қалады. Бір мезгілде күй бітеді. Сонда айдаһар манаурай қимылдап, ініне қайта кіреді де, кешікпей ат басындай алтын алып шығады. Алып шыққан алтынын «уф» деп үріп, Кетбұғаның алдына түсіреді.
Осылайша, ханның қаһарынан, айдаһардың айбарынан аман қалған Кетбұға домбырашы мұратына жеткен екен.
«Ақсақ құлан» күйіне қатысты үшінші аңыз Қазақстанның шығыс өңірінде айтылады. Күйдің сарын-сазы да бөлек.
Бұл аңызда да баласы Жошының өлімін естіп Шыңғыс ханның ширығуы баяндалады. Ашу үстінде «қайтсеңдер де, баламды өлтірген ақсақ құланды қолға түсіріңдер!» деп әмір етеді.
Содан құланды қамалап ұстау үшін Тарбағатай тауынан бастап, Іле өзеніне дейін ор қазылады. Қалың әскер ақсақ құланды қаумалап, орға тықсырып келгенде, қазулы ордан қарғып өтіп, Бетпақтың даласына шығандай шығып кеткен екен дейді.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі