Көктем шыға бере орман арасындағы қазақ үй шаңырағының ішкі кенересіне ұя салған Қарлығаш, балапандары жұмыртқадан шыққан соң құлап кетпесін деген ниетпен аяқтарын қылмен матастырып тастаған. Ерекше бір әдеті — ұяны үнемі таза ұстайтын, тіпті балаларының қиына дейін сыртқа ала кететін. Сондықтан ба, әлде басқа себебі бар ма, әйтеуір адамдар өзіне құрметпен қарайтынын іштей сезетін. Және мұндай жерге зиянды жәндіктер, тіпті жыланның да жоламайтынын жақсы білетін.
Бұл үйдің отағасы Жанарбек қария мал шаруашылығымен айналысатын. Әсіресе ірі қара тұқымын асылдандыруға ерекше мән беретін. Мезгілімен өріске шығару, суару, жемдеу тәрізді жұмыстардың жүйелі атқарылуын талап ететін. Көмекшілері оның айтқанын қалт жібермей мүлтіксіз орындайтын. Сондықтан да болар, соңғы екі-үш жылда шаруасы оңға басып, қыстауына шағын сүт фермасын ұйымдастырды. Мемлекеттің көмегіне арқа сүйеп, жұмысшылар жалдады. Оларды тұрғын үймен қамтамасыз етті. Сөйтіп, кешегі жалғыз қыстау біртіндеп елді мекенге айнала бастады.
Қарлығаш мұның бәрін де өз көзімен көрген. Жыл сайын осында келіп балапан шығаруды әдетке айналдырды. Биыл көң сасыған қыстауды қоя тұрып, ауасы таза, айналасы ашық қазақ үйді мекендегісі келген. Бұл шаруа оның ойлағанындай болып, уақыт өз бабымен өтіп жатқан.
Бір күні аға бақташының:
— Бордақыға алынған малды шөбі шүйгін аймаққа апарғанымыз жөн сияқты, — деген даусын құлағы шалып қалды. Шаңыраққа қонып отырған Қарлығаш ат үстіндегі Жанарбек қарияны байқады.
— Малшыларға қажет қой, үйді жығамыз ба, қайтеміз?
— Қарлығаш — киелі құс, балапандарын ұшырып әкеткенше тиіспеңдер.
— Жарайды.
— Жігіттерге айт, уақытша жаппа жасап алсын.
— Мақұл!
Мына жылы сөзге Қарлығаштың риза болғаны соншалық, қуанғанынан еріксіз сайрап жіберді.
Жомарт
Қарлығаш ауылды еске салады