Ала мысық алаңсыз еді. Көңілі жібек самалдай, жаздың жалпақ жайлауындай болатын. Қағанағы қарқ, сағанағы сарқ. Ұйқысы тыныш. Тамағы тоқ. Төсегі жұмсақ. Үсті-басы таза. Бұрын өзі жуынушы еді, соңғы кезде оны да қойды. Себебі осы үйдегі оны еркелетіп ойнататын, жонын сипап аймалайтын, ұйықтаса бірге алып жататын Марат биыл мектепке барғалы, күнара оны сабындап өзі жуындыратын болды.
— Мені кішкентайымда әжем шомылдырушы еді. Енді жігіт болдым. Сені жуындыру өз қолымнан келеді, — дейді иіс сабынды «денсаулық» деп. — Сен таза жүр, жарай ма?
— Мияу-мияу. Жарайды, — дейді мұндайда Ала мысық құйрығын бұлғаңдатып.
Сол Ала мысық осындай жанға жайлы өмірдің шырқы бір күні бұзылады деп ойлады ма екен?! Көңілінің қаймағы шайқалады де қаперіне кірді ме екен?!
Енді ойлап тұрса, осының бәріне кінәлі Ақтөс секілді.
Оны мектептен үйге Мараттың өзі әкелді. Көзін аша алмайтын, қыңсылап, жылаудан басқа ештеңені білмейтін ақ төс қара күшікті алғашқы күндері Ала мысық аяды. Кей күндері өзіне құйылған сүтті оған да беріп жүрді. Сабалақ-сабалақ жүнін тілімен жалап тарайтын да еді.
Екеуі үйде оңаша қалғанда Марат әкеліп берген қызыл допты қуалап ойнайтын. Тіпті оның тазалығына қарау Ала мысықтың үлесіне тигендей еді. Себебі қара күшік алғашқы күндері көбірек ұйықтап, кез келген жерге жата кететін.
Тілі шығып, үре бастағанда:
— Ас алдында жуын, — дегенге, шолақ құйрығын бұлғаңдатып, қутыңдап:
— Әф, әф... Жуындым, — дейтін титтей тануын көкке көтеріп.
— Жуынсаң, қолың неге кір? — десе:
— Әф... Әф... Бетімді жуып, қолымды ұмытып кетіппін, — дейтін жылтыр түк беті былқ етпей.
Марат мектептен келген бетте екеуін де еркелете құшақтап алатын. Ала мысыққа сап-сары ірімшік берсе, күшік қызыл күрең майлы шұжық жейтін.
Тіпті екеу болғанына Ала мысықтың қуанбаса, реніші жоқ еді. Сөйтіп жүргенде...
Жерге аппақ алғашқы қар жауған.
Бұл күні Марат Ала мысық пен күшікті күндегідей аулаға шығарып серуендеткен жоқ. Таң атқалы үйге келген балалармен ойнаумен болды.
Мұндайда Ала мысық жұрт аяғынан аулақтау бұрышқа барып жататын. Тілімен аузын бір жалап қойып, тәтті тағамдар күтетін. Себебі балалар дастарқанда өздері жеген тәттілерден Ала мысықты құр қалдырмайтын. Көзін жұма қарап, мүлгігенін қойып, Ала мысық шұжықты да, ірімшікті де, кәмпитті де қылғытып жұта беретін. Тыңқиып тойып алатын.Тәттіден кім қашады.
Бұл жолы да сол көнігіп алған әдетіне салып, Ала мысық бұрышта жатты. Ал бұрын мұндайды көрмеген күшік борсаңдап ба- лалардың аяғына оралып жүрді.
Үйге келген балалардың мұны еркелетіп, қолына алмағаны жоқ. Әрқайсысы жылы бір сөз айтады.
— Табаны жалпақ екен...
— Құлағын қарашы, құлағын!..
Әсіресе көрші үйдегі Сахи деген қыз:
— Марат-ау, Марат... Мынауың бар ғой... Нағыз шекарашы ит болады, — деп, күшікті бауырына қысып тақылдады. — Атын не қойдың? Ақтөс болсын, жарай ма, Марат?
Сол күні күшік Ақтөс атанды. Жұрттың назары соған ауды да, Ала мысық тәттіден қағылып қала берген.Сол күннен бастап Мараттың ендігі алданатыны Ақтөс қана. Екеуі бірге ойнайды, бірге серуендейді, бірге жатады. Бірі — төсекте, бірі — оның алдына төселген кішкене кілемше үстінде.
Ақтөс күн санап емес, сағат санап өсті деуге болады. Енді ол Ала мысық әшейінде кеудесінен итеріп қалғанда, қыңсылап домалап түсетін Ақтөс емес. Бір жолы жонын күжірейтіп, қорқытпақ болып еді, өзіне тап берді. Ала мысық сескеніп қалды.
Кешегі тоқмейіл Ала мысық шайдай ашық аспанына бірте-бірте бұлт үйіріле бастағанын сезді. Енді ол қит еткенді Ақтөстен көріп, болар-болмасқа ашулануды шығарды. Орайы келсе, оңдырмай, сояудай кір-кір тырнағын батырып, тырнап алады.
Күні кешегі жалпақ жайлаудай көңіліне кірбің ұялап, тұман қонып, кең сарайдай іші тарыла түскендей. Ақтөстен дүниенің бәрін қызғанатын болды. Бұрынғыдай тату-тәтті бірге ойнау жайына қалды.
Енді Ала мысықтың күн ұзын аңдитыны — Ақтөс. Қайтсе соны мұқату, жеккөрінішті көрсету, шама келсе, қудыру. Сол үшін оның бармаған амалы жоқ, істемегені тағы жоқ. Ең алдымен Ақтөске құйылған тамақты төгіп кетіп жүрді. Бір-екі рет тәрелке мен кесені сындырды. Ақтөстің көзін ала бере, алдындағы ет пен нанды қақшып кетіп те жүрді. Бірақ мұның бәріне Ақтөс мыңқ етпеді. Үйде адам жоқ болса, есіктің алдына көлденең жатып алады. Сырттан бейтаныс біреу келсе, шәуілдеп үріп, шәуілдеп сөйлей жөнеледі.
— Әуп, әуп... әуп... Кіруге болмайды!
Оның бұнысын көргеннен бері үнемі бұрқылдап бірдеңеге кейіп, бірдеңеге ұрсып жүретін Мараттың шешесі Зейнеп:
— Өзі сақ құлақ... Өзі ақылды, — деп Ақтөсті мақтай жөнелетін болды.
Басқасы басқа, Ала мысық мұны бірақ күтпеген. Мараттың шешесі әу баста ит пен мысыққа жаны қас адам болатын. Осы үйге Ала мысық келгелі, көңілі бір жібіген емес. Байқаусызда жанасып кетсең:
— Бырс! — деп қабағын тыржитып, қуып жіберетін. — Үйге қайдағыны қайдан әкелесің? Мысықтың тілеуі жаман болады деуші еді. Ана бала мысықтың бет-аузын жалап, асты-үстіне түсумен жүр. Сол пәленің көзін жоғалтшы. Қарасын көрсетпеші маған, — деп бірде күйеуіне айтып жатқанын да естіген.
Бірақ әкесі Маратқа ештеңе деген жоқ. Марат бетінен қақпаған соң, Ала мысық та көңілі көлдей шалқып жүре беретін.
Сол Марат бұрын Ала мысықтың торсаңдап өкпелегенін көтеріп келсе, енді есілдерті Ақтөсте. Ала мысыққа қөзінің қырын да салмайды. Кейде сүт беруді де ұмытып кетеді. Соңғы күндері Ала мысық ашты-тоқты жүр.
Бұрынырақ Марат үйде жоқта шешесі тамақ бермей, ашығып бара жатса, тышқан аулап, бара-бара тышқан аулауды біржолата қойған. Оның етінен жиіркенетінді шығарған. Қуамын деп шаң қауып, былғанғысы да келмейтін. Бір жолы Мараттың шешесі оны қамбаға апарып еді, кешке дейін ұйықтаған мысық, Марат балалар бақшасынан қайтар шақта, есікті тырмалап, мияулап, жыламсырап тұрып алған.
Марат оны үйіне әкеліп, асты-үстіне түскен. Содан бері оның орны қыста жылы, жазда қоңыр салқын мұнтаздай таза үй болатын. Қазір астында ескі бөстек. Кереуеттің астына кіріп алып, түкпірде жатқаны. Ақтөсті қорқытып та, алдап та ала алмасына көзі жетті. Қазір бұрынғыдай тамағын төктірмейді. Ыдысын сындыртпайды.
Ала мысықтың бар тындыратыны — көзімен атып, іші қазандай қайнау. Тек алыстан айбат шегу.
Ала мысық жатады да қояды. Өзегі талған шақта, қалған-құтқанды тіміскілеп жүріп, тісіне талғажау етеді. Содан соң тағы да енжар бір мүлгуге басады.
Ойына ештеңе кірмейді. Іштей ыза ма, әлде өкініш пе, миын бірдеңе кеміреді де жатады.
Ақыры, бір кеште ол амалы таусылып, еш шарасы қалмағандықтан, ұрлыққа аттанды. Ептеп басып, асханаға кірді. Тамақтың иісі шыққан шкафтың қасына барды. Екі аяғымен түртіп есігін ашқалы жатқанда, Ақтөс тап болды.
— Ап! Ап!.. Мұның не? — деді ол.
Ала мысық жүнін тікірейтіп, күржиіп тұра қалды.
— Шаруаң қанша? — деді ысылдап.
— Ұрлық жасау ұят емес пе? — деді Ақтөс алаңсыз, жайбарақат.
— Дәм-тұзды осылай ақтай ма?
— Біреуге — дәм-тұз, біреуге — кермек. Жөніңе тайып тұр! — деді
Ала мысық, көзінен түнді тіле от ұшқындап.
— Кетпеймін, — деді Ақтөс, — ұрлық жасатпаймын. Ішер тамағыңды адал іш.
— Сондағы айтпағың не?
— Босқа қарап жатпа. Тіршілік ет.
— Мияу-у... Мынаны қарай гөр, — деді Ала мысық кекетіп.
— Сонда сенің қай еңбегің өтті бұл үйге?
— Мен үй күзетем. Марат ойнайды. Кеше жоғалтып алған добын тауып бердім. Өскен соң, Марат екеуміз шекарада тұрамыз, — деді Ақтөс мақтанғандай кеудесін кере. — Сен онан да маған ер. Мен саған талай керемет көрсетейін.
— Сонда қайда барамыз? — деді Ала мысық жылы үйден, астың иісі шыққан шкафтың қасынан шыққысы келмей. Бармаймын, — деді Ала мысық тартыншақтап. — Маған осы жер жақсы.
— Барасың, әф! — деді Ақтөс нықтап. — Сен босқа жатып, ойыңды іштарлық кеулеген. Адамның алғысына қарғыспен жауап бергің келеді. Бұл — дерт. Сонан емдеймін сені. Сен мені өзіңе жау көресің. Бұл сапардан дос болып ораламыз.
— Барар жеріміз алыс па? — деді мысық өз еркімен жүрмесе, Ақтөстің күшпен әкететінін сезіп. — Мия-у!
— Қорықпа! Қиял деген ұшқыр, мінсек, заматта талай жерді шарлап шығамыз. Бұл кеменің ғажаптығы сол, ондай көреген нәрсе дүниеде жоқ. Тек сенім ғана керек.
Бұлар есік алдына шықты. Аспанда жұлдыздар жымыңдасады.
— Сенімің мықты болса, — деді Ақтөс кешкі самалға бетін тосып, — қиял кемесімен нағыз зымыранға мініп, сонау жұлдыздарға баруға болады. Маған тұқымдас Лайка деген иттің әлем кеңістігіне ең алғаш ұшқанын білесің бе?
— Естуім осы, мия-у, — деді Ала мысық, ұялғанынан басын төмен салып.
Ол көзін аспанға бір салып қойды. Дәл осы сәтте оның кеудесінде басқа бір қызғаныш оты зу ете түскен еді. Енді ол сол аспанға өзі ұшпағанына өкінген секілді.
— Қайдан естисің?! Қуысқа кіріп, бар тындыратының ұйқы, — деді Ақтөс.
— Анау не? — Ала мысықтың жүзі аула ішіндегі қараңдаған үйшікке түсті.
— Ол — менің үйім, — деді Ақтөс мақтанышпен. — Мен енді өзімше сонда бөлек тұрамын. Жақсы ма?
— Қорықпайсың ба?
— Неден қорқамын? Мен енді есейдім ғой.
Ала мысық үндемеді. Осындай ақыл өзіне бұрын неге келмегеніне күрсініп қойды.
Атам заманнан мысық тұқымының өз тұрағы болмағанын ол қайдан білсін.
— Енді менің сөзіме құлақ қой да, соңыма ер... Көзіңді ашпа...
Көңіліңді алаңдатпа, ойыңды басқа жаққа бөлме! — деп, Ақтөс мықтап тапсырды.
Ала мысық басын изей берді. Енді Ақтөстің шіңкілдеген даусы тіпті алыстан естілгендей.
— Біздің алдымызда үлкен дария...
— О, керемет! Көкжиекті кемерлеп, бір шетінен екінші шетіне көз жетпейтін жойқын дария жатыр. Жал-жал толқындары ақ көбік атып, бірін-бірі кимелей жағалауға соғады. Гүрілдеп, күркіреп, шарасына сыймай, аласұрады. Оның осы түрінен шошынған Ала мысық жүрегі суылдай, буын-буыны дірілдеп, денесі қалтырады.
— Қорықпа! Алға! — деп, Ақтөс желке тұсынан дем берді.
Ала мысық енді дарияның үстімен келеді. Табанының асты былқ-былқ еткен жұмсақ мамық секілді. Өзін баяу тербетеді.
Кенет дарияның астынан кеудесі жарқ етіп үлкен бір балық шыға келді де, Ала мысықпен қатарласа берді. Иығына сөмке асынып алған.
— Сен кімсің? — деді Ала мысық.
— Мені кейде ақ балық, кейде дельфин дейді.
— Асығып қайда барасың?
— Шаруам тығыз. Жұмыс қауырт, — деді дельфин асыға жауап қатып.
— Жағада адамдар күтіп тұр.
— Адамдар?! Сен де адамға қызмет етесің бе?
— О-о, адамға қызмет ету үлкен бақыт қой. Сен қайдан келіпедің, мұны білмейтіндей?
— Қызметің қандай?
— Мен хат тасимын. Мына судың астында, өте тереңде адамдаротыр. Олар су астын тексереді. Мен солардың хатын жағаға жеткіземін.
— Олар саған не төлейді? Сүт бере ме, тәтті нәрсе бере ме?
— Сен қызық екенсің. Мылжыңдап жолымнан бөгедің. Адам маған сүт те, ештеңе де бермейді. Маған олардың алғысынан қымбат нәрсе жоқ.
— Алғыс?
— О-о! Адамды қуантып, оның алғысын алғанға не жетсін! Гу- гу-у. — Дельфин суды пышақша іреп, заулап жүре берді...
— Енді алдыңа қарашы, — деді осы кезде Ақтөс.
Ала мысықтың қарсы алдында түкті масаты кілемдей жайна- ған кең өріс жатты. Бір қора қой жайылып жүр. Көк шалғынды тілімен жайбарақат орап, тістерімен жұлқи тартады. Асықпай шайнайды. Маңайында ешкім жоқ. Иесіз жатқан мал секілді.
Бір кезде қойдың арғы шетінен бұған қарай үлкен бір құс келе жатты. Шидей ұзын сирақтары аттаған сайын арбаң-арбаң етеді. Үстіне дөңгелене қалған қауырсынды мамық жүні шолақ тігілген көйлек сияқты. Тізесіне жетпейді. Оның осы бір ұсқынсыз сиқын көріп, Ала мысық тұмсығының астымен мырс етті.
Құс едіреңдеп, қасына жетіп келді.
— Қрр... Қрр... Сен кімсің? Неғып жүрсің? — деп қыр-қыр етіп, тергей бастады. Көзі шақыраңдап, сүйір тұмсығымен сүзіп жібе- ретіндей.
— Өзің кімсің?
— Мен түйеқұспын.
— Күн ыстықта неғып жүрсің?
— Көрмейсің бе? — деді түйеқұс төне түсіп. — Мына қойлардымен бағамын.
— Өзіңдікі ме?
— Адамдардікі.
— Ақы төлей ме?
— Есің дұрыс па? — деді құс ашуға қатты булығып, басы қалт-қалт етіп, алқымы ісініп шыға келіп. — Маған ақының керегі не? Мына далада жейтін асым теп-тегін.
— Онда неғып мынандай шыжғырған ыстықта босқа арамтер болып жүрсің?
— Мұным адамдарға ұнаса, соның өзі маған жетіп жатыр, — деді түйеқұс ұзын мойнын аспанға шалқайта көтеріп, мақтанышпен. — Енді жөніңді тап. Бұл маңға сен тұрмақ, машинаның өзін жуытпаймын. — Түйеқұс маңғаздана маң-маң басып, бұрылып жүре берді.
Ақтөс осы сәтте дауыс берді. — Енді оң жағыңа көз сал!
Бетін балдыр басқан кішкентай ғана көлшіктің қасында тұр екен Ала мысық. Құрбақалар бірінің сөзіне бірі құлақ қоймай, бет-бетімен бақылдасып жатыр. Егер Ала мысық зәуде бір Маратқа еріп мектепке барса, шалдуар, тентек балалар оқитын кластан құдды осыны көрер еді.
Тыныштыққа үйренген Ала мысықтың басы әңкі-тәңкі болды. Ол бұл маңнан тезірек кетпек болып, аттай беріп, кілт тоқтады.
Көзі мүйіз көзілдірік кигендей шарасынан ақшия шыққан жалпақ танау бір құрбақа талтаң-талтаң басып, қарсы алдына келіп қалыпты.
— Бақ-бақ... Саған да мағлұмат керек пе? — деді.
— Нендей мағлұмат? — деді Ала мысық таңырқап.
— Ауа райын білгің келе ме... Квах... кве...
— Оны қайтемін?
— Онда әрмен жүр. Қазір адам келеді. Оған дейін бақылауды бітіруіміз керек, — деді құрбақа, орнынан бір секіріп.
— Адам келеді дейсің бе? Сонда сен де адамға қызмет етесің бе?
— Етпегенде ше! — деді құрбақа қарнын сипалап. — Біздің еңбегімізге олар риза болса, үлкен қуаныш сол.
— Сондағы еңбегің шалшық суды бақылау ма?
— Е-е, сен түк білмейтін неме екенсің ғой. Біздің еңбегіміздің қадірін білу үшін, саған әлі оқу керек.
— Оқу дейсің бе?
— Иә, мына біз ауа райын зерттейміз.
— Сонда дәл білесіңдер ме?
— Дәл білмегенде ше?! — деді құрбақа шірене. — Мына біз судан шығып, жағалауда жүрміз. Неге?
— Білмеймін, — деді Ала мысық басын төмен салып, мұңайып. — Ква... Квак... Хә... Хә... — деп құрбақа масайрай күлді.
— Әрине, білмейсің. Мұның себебін адам ғана біледі. Көп оқығандығынан біледі.
— Мен де білейін, айтшы. Мия-у-уу, — деді Ала мысық сұранып.
— Айтуға болады, — деді құрбақа тағы да секіріп түсіп, қутыңдап. — Біздің жағаға шығуымыз — жауынның хабары. Біз су астында жүрсек
— Күн ашық. Біз бір сүңгіп, бір шықсақ, ол күні ауа райы құбылмалы болады. Түсіндің бе, маубас?!
Мына хабарды білгеніне қуанудың орнына, Ала мысық қатты шошынды. «Жаңбыр жауса, түгім бүлінер, брр». Ала мысық сілкініп-сілкініп қойды. Бұл арадан тезірек кетуге асықты.
Мұны білгендей Ақтөстің даусы естілді.
— Мұрның не сезіп тұр?
Ала мысық мұртын тікірейтіп, пұштандай танауымен ауаны иіскеледі.
— Май шелпектің, құймақ пен самсаның иісі келеді. Қуырдақтың иісін сеземін.
— Қарның ашқан ғой. Жүр, кеттік.
Ала мысық қатты қуанды. Аяғын бірер аттап, тұра қалды. Қарсы алдында зәулім үй. Оның астыңғы қабаты ұзыннан-ұзақ созылған асхана екен. Маңайында ешкім жоқ. Есігі жабық.
Тағамның иісі танауын жарып, аш өзегі талып, іші шұрылдаған Ала мысық зып етіп кіріп кетпек болып еді, құлағының түбінен ысылдаған дыбыс шықты.
— ЬІс... ыс... ыссс! Сен қайда барасың?
Ала мысықтың денесі түршігіп, өне бойы дір етіп, кейін имене берді. Асхана есігінің табалдырығынан қара шұбар жыланның қақшиған басы көрінді.
— Кіруге болмайды, — деді ол өңі ызбарлана, ысылдап.
— Неге? Менің қарным ашты.
— Болмайды, — деп басын шайқады жылан. Ұзын айыр тілін жылт-жылт еткізді.
— Өзің неғып тұрсың? — деді Ала мысық.
— Күзетшімін.
— Саған адам шынымен сеніп, осы асхананы күзетуді тапсырды ма? — Ала мысық таң қалды.
— Сенбегенде ше, — деді жылан маңғаздана, басын тағы да қақшита түсіп. — Біз адаммен қашаннан дос екенімізді білмейсің бе? Өзіңнің атаң мен әкең саған ертегі айтпай ма? Көп ауруға менің етім шипа, уым дәрі екенін естідің бе? Өзің өмірден артта қалғансың ба, бізді адамдар қазір арнайы күтіп, өсіреді ғой. Біз де олардың ақ ниетіне алғыспен жауап беріп, біріміз ойын көрсетеміз, біріміз күзет күзетеміз. Не керек, адамға қызмет етуден артық бақыт жоқ. Адамға еткен еңбегің жанбай қалған емес.
«Еңбегі жану. Алғыс алу... Бәрінің аузына біреуі түкіріп қойғандай. Бәрінің айтатыны бір сөз. Бұл қалай, ә?! Мен мұны неге білмеймін?».
— Сен алғашқыда тышқан аулап қызмет еттің. Маратпен ойнап, көңілін көтердің. Бірақ еркелету, мақтау саған жақпады. Өзіңнен-өзің ісініп, семірдің. Өзімшілдік, менмендік бітті бойыңа. Көк желкеңнен жалқаулық басты. Жалқаулықтың бір бұтағы — тоқмейілдік болса, бір бұтағы — ұйқы. Тәтті тағам жеп, тәтті ұйқыға батуды бақыт санадың. Сөйтіп, адамның өзіңе деген сенімін ақтамадың. Түсіндің бе? Ал енді жүр осылай!
Ақтөс Ала мысықтың ішкі ойын ұғып, қателігін бетіне айтып салды.
— Енді қайда барамыз? — деді Ала мысық пәс қана.
— Тағы да аралаймыз. Адамға қызмет етуді қуаныш санайтын құстар мен өз тектестерімізді көреміз.
— Осы да жетеді, — деді Ала мысық, алдыңғы аяғымен көзін уқалап.
Көзін ашып жіберіп еді, есіктің алдында тұр екен. Қасында Ақтөс. Аспандағы жұлдыздар сиреп, жер беті ағара бастапты. Есік алдындағы ағаш басында шымшықтар шырылдап:
— Шиық... Шиық... Таң атты!!! Шиық... Таң атты! — деп әнге басқан...
— Сен менің ойымды қайдан білдің? — деді Ала мысық Ақтөске қарап.
— Адамның ойын қабағынан біліп, жеті қат жер астындағы кен көзін иіскеп ашқанымда, сенің ойыңды білмей, маған не болыпты, — деді Ақтөс аңқылдай. Қабағыңның түсуі іштарлықтан екенін, көзқарасыңнан маған өшігуіңді де сезгенмін.
— Өзің пәле екенсің!
Ақтөс тұмсығын көтеріп, үріп-үріп қойды.
— Мақтанба, — деді Ала мысық оны сипалап. — Ал мен кеттім.
— Қайда?
Ала мысық иегін көтеріп, қамбаны нұсқады.
— Менің ендігі орным — сол ара.
Ала мысықтың келген хабарын ести сала, тышқандар қамбаны тастай қашты. Тырнағына іліккендері де аз емес еді. Сол күннен бастап қамбадан бір дән шашау шықпады. Ұрланбайтын да болды.
Себебі сыртта — Ақтөс, іште Ала мысық қарауылда тұрды.
Ала мысықты көрсе, қабағын қарс жауып алатын Зейнеп енді бұл екеуіне өзі тамақ әкеліп беретін болды. Мұндай тәтті тағамды бұрын татып көрмегендей, Ала мысық тыңқиып тойып алады.
Ықыласпен берген асқа не жетсін, шіркін!
— Эф... эф... Хал қалай, достым? — дейді Ақтөс күнде ертеңгісін. — Мияу-Мияу... Өте жақсы! — дейді Ала мысық. Сөйтіп, бұлардың арасында қалтқысыз достық орнады.
Қалтқысыз достыққа не жетсін, шіркін!
Бәрінен да адам игілігіне қызмет етуден артық бақыт жоқ қой!
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі