Жолшы екеуміз кеше ата-аналарымыздан тауға шығып, рауғаш жинап қайтуға рұқсат алғанбыз. Бүгін ерте тұрып, жуынып-шайынып болған соң бір-бір жапырақ нанымызды қалтамызға сүңгітіп жіберіп, солай қарай бет алдық. Жазықтау тұста өнімді болғанымен, беткейге ілінген соң ептеп жүрісіміз ауырлай бастады. Оқта-текте аялдап, демалғанымызбен, биіктікке ұмтылуды доғарған жоқпыз.
— Тіке өрлеу қиын екен, қиялай жүріп байқасақ қайтеді? — деді Жолшы бір көгалды тепсеңге шығып дамылдағанымызда.
— Жол ұзарады ғой.
— Аздап ұзарғанымен, жүрісіміз жеңілдей түспей ме.
— Мейлі, ендеше.
Біздің мақсатымыз — өзіміз өрмелеп келе жатқан биік төбеге шығу, сонан соң жалдай отырып, ар жағымыздағы жартасты беткейге жету болатын. Сол тұста рауғаш қалың өседі. Былтыр ересек балалармен еріп барғанда көргенбіз.
Терлеп-тепшіп жүріп, күн төбеге жақындағанда межелеген тұсқа да жеттік-ау әйтеуір. Алқынғанымызды басайық деп бойлай өскен долананың көлеңкесіне жайғасқанбыз.
— Бір бүйірден аю шыға келсе, қайтеміз? — деді жан-жағына алақтай қараған Жолшы.
— Қайдағыны айтпашы. «Бұрын болушы еді, қазір жоқ, бұл таудың аюы қайда құрып кеткен?» демеуші ме, еді атам.
— Дегенмен таудың аты тау ғой, сақ болайық.
— Бұл, әрине, жөнге келеді.
Біз көгалды беткейді аралап, рауғаш жинауға кірістік. Тіпті шаруамызға қызыққанымыз соншалық, қауіп-қатер бар екені мүлде есімізден шығып кетіпті. Бір кезде жоғарғы жақтан сақыр-сұқыр еткен дауысты естіп, жалт қарасақ, жел қуалаған қаңбақтай болып, бізге қарай домалап келе жатқан тастарды байқадық. Қасымызда үлкен жартас тұр еді, соның қалқасына жасырына қойдық. Әлгі зымыраған тастар төбемізден асып барып, түскен жерін опырған күйі көзден ғайып болды.
— Мына жер өте қауіпті екен. Беткейдің жартасы жоқ көгалды тұсына шығып кетейік, — деді Жолшы. — Тіпті үрейімізді ұшырып жіберді ғой.
Қарнымыздың ашқанын жаңа сезінген екеуміз былқылдаған рауғаштың қабығын сыпырып тастап, жұп-жұмсақ өзегін нанмен араластыра жеп, әлденіп алдық. Қалғанын үйден ала шыққан жіппен белінен буып, көтеріп жүруге ыңғайлап қойдық.
— Меніңше, осы да жетеді, — дедім байланған рауғашымды салмақтап көріп. — Ауырлығы тәп-тәуір, үйге қайтайық.
Таудың ортан белінен біраз төмен түскен кезімізде:
— Байқайсың ба? — деді Жолшы ауаны мұрнын шүйіре иіскеп, — біртүрлі жаман иіс шығатын сияқты. Жел мына жақтан ғой, тура осы тұстан келіп тұр.
— Солай сияқты, — дедім мен де.
— Жүр, барып көрейік.
Екі жүз метрдей жерде шөбі жапырылған кішкентай алаңқай бар екен. Соның дәл ортасыңда қабырғасы сыйдиып, еті қарайып кеткен еліктің өлексесі жатты.
— Қарашы, желінінің ұшындағы сүтті. Ендеше мұның лағы бар деген сөз, — деді Жолшы мұрынын алақанымен басып тұрып.
— Отықса жақсы, отықпаса лағы да аштан өледі ғой. Обал-ай...
— Қасқыр обал-сауапты білуші ме еді. Одан да лағын іздейік, мүмкін әлі аман-сау шығар...
— Қайтіп?
— Елікше әупілдеу қиын. Ал лақша шиқылдау қолдан келеді.
—Жүр, бұтаның ішіне жасырынайық. Лақ тірі болса, осы маңайда...
Біз қарақат қаптай өскен алаңқайға бекініп, шөп арасына жата қалдық. Жолшы жұлып алған қияғын ұзынынан бөліп, соның жартысын екі бас бармағының арасына қыстырып, кәдімгі лақша ысқыра бастады. Көп кешікпей-ақ дәл сондай ысқырық үні құлағымызға шалынды, дыбысына қарағанда бізге ептеп жақыңдап келе жатқанға ұқсады. Тіпті біраздан кейін үстінде ақ теңбіл дақтары бар лақтың қарасы да көзге шалынды. Жолшы екеуміз орнымыздан тұра салып, солай қарай ұмтылдық. Лақ бұрыла қашқан, біз өкшелеп жетіп қалғанда шөп арасына жата кетті, ұстап алдық.
— Қарашы, байғұстың қарны қабысып кетіпті. Тіпті жүгіруге де шамасы жоқ сияқты, әлі отықпаған, біз жөнімізбен кетсек, сөзсіз аштан өлер еді.
— Бұл өнерді қайран үйренгенсің? — дедім мен танданғанымды жасыра алмай.
— Өзің сияқты қаланың тікбақайы емеспіз. Малмен айналысқандар бәрін білуге тиіс, — деп күліп қойды ол. Жолшы биыл мен сияқты төртінші сыныпты бітірген. Нағашы атамның немересі. Бұл ауылға әке-шешеме ілесіп жыл сайын келіп, қайтамын. Мектептегі сабақ басталғанша екеуміздің жұбымыз жазылмайды. Сондықтан ба, мұндағылар да бізді еркелетіп «екі дос» атайды. Үйге келгесін Байқоңыр атамызға көрген-білгенімізді түгелдей айтып бердік.
— Бұларың дұрыс болған екен, — деді атам лақты мұқият тексеріп шығып.
— Бұл байқұс екі-үш күннен бері нәр татпаған ғой. Бөтелкеге сүт қүйып, емізік салып әкеліңдер, әжелеріңе айтсаңдар, дайыңдап береді. Айтқанын әп-сәтте орындадық. Лақ сүтті құнығып тұрып ішіп жатты.
— Бүгінше мұны көп қоректендіруге болмайды, — деді атам бөтелкені Жолшыға ұсынып жатып. — Шелектегі суық суға салып қойыңдар. Мал да адам сияқты ашырқанып жүріп, бірден тойып тамақтануына болмайды. Қолдарың бос кезінде шөптің гүлін теріп беріңдер, тұз жалатып тұрыңдар...
Біз атамның тапсырмасын мұқият жүзеге асырдық. Арада үш-төрт ай өткенде лақ әжептәуір үлкейді. Жолшы екеумізге үйренісіп алғаны соншалық, көзіне көрінбесек, шиқылдап іздейді келіп. Жасырынып қалсақ, шөп, бұта арасынан тауып алады да қасымызда жайбарақат жайылып жүреді.
Ертең қалаға қайтамыз деген күні атын Айшұбар қойған лағымызды қимай, айналсоқтап қасынан ұзай алмай жүрдім. Соны аңғарған болуы керек, атам:
— Мұңаятын дәнеңе жоқ. Келесі жылы келгеніңде Айшұбар алдыңнан шығып күтіп алады. Ал әзірше қой-ешкімен араласып жүре тұрады, солай емес пе? — деді Жолшыға бұрылып.
— Әрине, ата, солай болады. Және мен Айшұбардың жағдайы жайлы жазып тұрмаймын ба.
— Міне, бұларың дұрыс.
Көңіліміз орнына түсіп, Жолшы екеуміз жүгіре жөнелістік. Біздің атын атап шақырғанымызды естіген Айшұбар атамның қолынан жұлқына босанып, бізге қарай шапқылап келе жатыр еді.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі