Бірде Ерден жапсар жатқан Таманың Қазы деген әлдісімен қырбай болып, қыр көрсету үшін алалы жылқысын ойсырата айдатып алады. Жылқышылар дереу із кесіп, ұрланған жылқылардың Бағаналы еліне тірелгенін анықтайды. Кешікпей-ақ, Ерубай би бастаған Байзақ қажы, Берден, Иманмырза, Есеншора батыр, Барлыбай, Тіленші, Құлтас қатарлы Таманың игі жақсылары Ерденнің алдына өту үшін атқа қонады. Берсе, ақадал малын айдап қайтып, бермесе, бетін біліп қайтпақшы болады.
Сол кезде Дүкенұлы Ықылас жиырмаға әлі тола қоймаған жігіт екен. Өз еліне қобызшылығымен танылып, тіптен өз жанынан күй шығарып, жұрт аузына іліге бастаған кезі болса керек. Ерденнің ауылын бетке алған Таманың игі жақсылары Ықыласты да атқосшы етіп ерте жүреді.
Содан, Таманың жоқшылары Ерденнің ақ ордасына келіп ат басын тірейді. Сол жерде осыдан бір күн бұрын Ерденнің Әйменде деген ұлының қайтыс болып, қаралы күйде екенін естиді. Маманың игі жақсылары аза үстіне тап болған соң иба сақтап, Ерденге көңіл айтудан арыға бармайды. Ерден болса жұбату сөздердің бірде-біріне селт етіп мойын бұрмастан, ах ұрып теріс қарап жатып алады.
Ерденнің бұл сияқты қайғы жұтып, қасірет шеккен халі тек қонақтарды ғана емес, бүкіл Бағаналы елін дағдартады. Сөз біледі, жөн біледі дегендердің көңіл білдіріп, басу айтуы Ерденнің басын жерден көтерте алмайды.
Сонда Бағаналы елінің Шоқай /Құлжабай деп те айтады/ деген шешені келіп былайша басу айтаса керек:
Ассалаумағалейкүм Ерден!
Кеткенің бе кердең.
Мен Шоқай ағаң,
Алыстан көңіл айта келген,
Кел, кәне, көріселік,
Басыңды көтер жерден!
Басыңа бақыт құсы қонып,
Жасыңнан орын алдың төрден.
Жаратқан пұлсыз беріп, құнсыз алды,
Нең бар еді Құдайға берген?!
Сенің шикі өкпе балаң түгілі
Әкең Сандыбай да өлген.
Оны мына мен көзімнен көргем,
Қолымнан көмгем.
Өлген қайтып келмен!
Ауырды жер көтереді,
Жерді жел көтереді,
Қазаны ел көтереді,
Қайғыны ер көтереді.
Қарадан туған хан емес пе едің,
Айырдан туған нар емес пе едің?
Кеше әкең Сандыбай өлгенде,
Қасында мен бар емес пе едім?
Сен сонда жалаңаяқ бала емес пе едің?
Жаманның басына іс түссе, бойлай береді,
Көтер басыңды,
Қарсы ал досыңды!
Босатпа беліңді,
Жасытпа еліңді! — деп сөз тастайды ғой. Сонда ғана Ерден:
— Е-е, бастасым келген екен ғой! — деп, жастықтан басын көтеріп отырады. Бірақ қайғыдан есеңгіреп, ешкімге назар салмастан еңсесі түсіп отырып қалады. Тек, анда-санда құмыға уһілеп, тұсында сүйеулі тұрған қара қобызын сипап қойып, шерін босатқысы келгендей шырай танытады дейді. Қобызды сипай отырып, «Жазғызым, құлыным!», — деп булыға күбірлейді.
Осылайша қара қобызына Ерден әлденеше рет қол созады. Кеудесін кернеген зарды сыртқа шығарар сарын тілегендей болады.
Ерденнің басындағы осындай қайғылы халге босаға жаққа тізе бүккен Ықылас та куә болып отырады. өлімнің жолы ауыр ғой, ол да іштей егіліп, Ерденнің басындағы қайғыны қобыз тілімен сарната сөйлеткісі келеді. Бірақ осынау азалы шаққа қаншалықты араша түскісі келіп отырса да, төрге баса-көктеп шығып қобызға қол тигізуге батпайды.
Осындай күйде үш күн, үш түн өтеді. Әймендені арулап қойып, өліктің үшін береді. Көңіл айтшылардың алды соңғы басу сөздерін айтып аттана бастайды. Ерден болса сол өзімен-өзі болып, тіс жармаған қалпы қара қобызына мұңая қарап қойып отырған қалпынан танбайды.
Ал Таманың игі жақсылары болса үн-түнсіз аттанып кетуді жөн көрмей, «өлгеннің артынан өлмек жоқ, тірі адам тірлігін істейді» деген қисынды сөздерін айта отырып, келген шаруаларын емеурін етеді. Сол жерде Ерден бір-ақ ауыз сөз қайтарады:
— Өз малым иесіз қалып жатқанда өзгенің малын қайтемін! — деп келте қайырады да, орнынан тұрып, сыртқа шығып кетеді.
Ерденнің бетін білген соң Таманың ер-азаматтары қайтуға жиналады. Осы кезде неше күндей қобызға ынтық болып, бірақ мынандай қаралы шақта қол созуға батылы жетпей булығып отырған Ықылас төрдегі қара қобызды ала салады да, шалып- шалып жібереді ғой. Жай шалмайды, үш күн бойғы Ерденнің «беу, жалғызым, құлыным!» деп күрсіне егілген сөзін сөйлете сызады. Сол қалпы Ерденнің көкірегіне кептелген зарды аңырата созып бір қайырады да, қобызды іргеге сүйей салады.
Осы кезде сырттан ентіге басып Ерден кіреді. Көзі жасаурап, иегі кемсеңдеп, омырау ашылып кеткен. Кірген бетте үй ішіндегі Таманың жоқшыларын бір шолып өтеді де:
— Апыр-ай, біреуің қобыз тарттыңдар ма, жоқ әлде, менің кеудемді кернеген қайғы сыртқа шыққысы келді ме?! Бір сарын сұңқылдап есімді алғандай болды-ау! — депті.
Сонда үй ішіндегілер Ерденнің толқып, бұзылып тұрған өңінен қаймығып, жерге кіріп кете жаздап еді дейді. Тек бір қарт отырып:
— Ау, Ерден, сабыр-сабыр! Мұнша неге боркемік болып кеткенсің. Мына бір бала балалық жасап, қобызыңа қол тигізіп қойды, — деп Ықыласты көрсетеді.
Осы кезде Ерден екі иығын басқан зіл батпан жүкті алғандай, еңсесін түзеп келіп орнына отырады. Сонан соң басын көтеріп, қабағын ашып, Таманың жоқшыларына мойын бұрып тіл қатады:
— Уа, Таманың жақсы-жайсаңдары! Тай-тайлақты екінің бірі ұрлайды. Рас, мен сендерден мал ұрлап едім. Ал сендер менен адам ұрлапсыңдар! Неше күннен бері менің қайғымды қызықтағанша, сол қайғыма араша түсер адамның барын айтсаңдар болмай ма?! Іздегендерің мал болса табылар, қайғымды сейілтер күй табылмас... Бел шешіп жайғасыңдар, қобыз тыңдайық! — деген екен.
Неше күн бойы азалы ортада толқумен болған Ықылас қолына қара қобыз тиісімен тың сарынды сыза жөнеліпті. Қобыздың қоңыр үні «бе-еу, жалғызым, жалғызым!» деген шерлі сөзді жоқтау айтқандай азынай созып бастап, «айналайын қарағым-ай, үйбай-ай!» деп күңірене толғап, күрсіне қайырады. Қыл қобыз ішегін тарта жылап, азалы жанның зарын төгеді. Өтпелі өмір, опасыз жалған туралы тұңғиық ойларға батырады...
Сонда Ерден:
— Пай-пай, мұндай да жорға болады екен ғой! Десе десін-ау, десе десін-ау! — деп, қайғыдан сейілгендей шырай танытқан екен.
Сөйтіп, осы жолы Таманың игі жақсылары Ықыластың қобызының арқасында ұрлаған малдардың көзі барына көзін алып, көзі жоғына төлеуін алып, ат-шапан айып үшін алдарына қосақ салып, арттарына тіркеу ертіп, абыроймен елге қайтады. Ал Ықыласқа арнайы сый-сияпат жасап, иығына оқалы шапан жабады, астына ат мінгізеді.
Ықыластың осы жолы Ерден алдында тартқан көңіл айту күйі ер арасына «Ерден» деген атпен тарап еді дейді.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі