Оқиға 1833 жылдар шамасында Арқа тамаларының ру басы Итемген би мен Кенесарының ағасы Саржан төренің арасында болған.
Абылай заманында Еділ, Жайық бойынан ығысып келген Таманың Жөгі, Шақа деп аталатын бұтақтары Бетпақдаланың Арқа жақ пұшпағынан қоныс алған. Шөбі сұйық, суы кермек қуаңдау жерден қоныс тигеннен бе екен, Тамалардан мыңды айдаған мыңғырған бай шыға қоймаған. Оның есесіне елінің есесін жібермейтін еңіреген ерлер мен дуалы ауыз билер, мінген атын шәйі жібекпен тұсаған сал-серілер мен біртуар өнерпаздар шығып баққан. Әсіресе, Таманың шеберлері соққан сырлы күмбездер күні бүгінге дейін сағымды белдерде суреттей болып көзіңді тұсайды.
Міне, осынау қатал табиғат ортасында, қатал заманда өзін-өзі қағып оттатқандай болып отырған бейбіт руға бірде Саржан төре кісі салып, жасаққа жұмсар мал сұратыпты дейді. Сол кезде Тама жұртының ақыл сұрар ақсақалы Сеңгірбайұлы Итемгеннің жасы тоқсанды алқымдап, екі көзі көруден қалған кезі екен, Саржан төренің кісілерін құр қол қайтарыпты.
Содан, күндердің бір күнінде Қарсыадыр мен Манадырдың арасындағы Ботақан көлін жайлап, ханнан қаперсіз отырған тамаларға «Саржан төре бастаған мың қол елді шапқалы келе жатыр» деген хабар жетеді. Суық хабардан үрпиісіп, не істерін білмей абдыраған ел Итемгеннен ақыл сұрайды ғой. Сонда Итемген мың түйе шығартып, олардың өркешіне тымақ кигізіп, бүйіріне сырық бойлатып, Манадырдың керме иық жазығына шығартады. Таманың Араб, Қоңырбай, Дүйсенбай деген үш батырына мың түйені қоғамдап иіріп тұруды тапсырады. Сонсоң жау келер беттегі еңселі шоқының басына сырмақ төсеттіріп, Итемгеннің өзі жайғасады да, «Енді тырп етпей күтіңдер» деп ақыл береді.
Кешікпей-ақ даланың шаңын шүйкедей созып Саржан төренің қалың қолы көрінеді. Елеуреп, екпіндеп келе жатқан қалың қол Манадырдың қайқаңына іліккенде күтпеген көріністен тосылып, амалсыз тізгін тартады. Өркештеріне тымақ кигізіп, бүйіріне сырық байлаған мың түйе Саржан төре үшін жер қайысқан қолдай болып көрініп еді дейді.
Сол жерде Саржан төре: «Мал ашуы — жан ашуы, Тамалардың қабағы қату екен, текке шығынға ұшырамайық», — деп, қалың қолымен кері қайтып кеткен екен.
Кейін осы оқиғаны Тама ішінің бір ақыны:
«Әз болған Итемгеннің екі көзі,
Кітаптан кейін емес айтқан сөзі,
Шапқалы мың кісімен Саржан келіп,
Қорқытқан кереметпен жалғыз өзі»,—
деп өлең шығарады.
Ел ішінде жиі айтылатын бұл оқиғаны Ықылас қобыз тілінде сөйлетіп, «Саржан төре» атты күй тартылғанда ши жылаушы еді», — деп отыратын.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі