Сейтек Элиста маңындағы қалмақ ауылдарында да болып, күйшінің өзі айтпақшы, бірнеше би күйлерін үйреніп қайтады. Астрахань губерниясынан қайтар жолда екеуі бір ауылға тап болады. Төбелері көрінгеннен алдарынан шығып, бұларды аттан түсіріп, аяқтарын жерге тигізбей оқшау тігілген айдынды ақ отауға алып келеді. Жұрт абыр-сабыр, гу-гу, қошемет. Сақаман күліп Сейтекке: «Әй, осылар дәу де болса бізді біреумен шатастырды» деп еді, ол жайбарақат: «Саспа, әліптің артын бағайық, біздің неміз кетіп барады?» деп жауап береді. Әлден уақытта ең үлкен ақ отаудың иесі Құмар келеді. Ат үстінен түспей жатып, ауылдастарынан: «Не болды, құда мен күйеу бала келді ме?» деп сұрап жатыр. «Қайдам, екі кісі келді, жік-жапар боп қарсы алдық. Бірақ қайсысы күйеу екенін біле алмай отырмыз», — десті жұрт. Бұлардың айтуына қарағанда, ауылға әкеп түсіргендері кездейсоқ бір жолаушылар боп шықты. Шамалы уақыт өткен соң шын қонақтардың өздері де келді. Оларды қол қусырып күтіп ап, Сейтек пен Сақаманнан жоғары отырғызады. Құмар енді Сейтек пен оның серігіне көңіл аударуды қойып, біресе құдасымен, біресе күйеу баласымен әжін-гүжің әңгімелесіп кеткен еді. Мұнысын көңіліне дық алған Сейтек өзін танытудың бір орайын іздеп отырды. Күн кешкіріп ойын-сауық басталды. Сейтек домбырасын алып, бірнеше күй тартып өтті. Жұрт назары енді бұған ауды. үй иесі менсінбеген сыңаймен: «Сейтек деген осы сен емессің бе? Домбыра тартуың аз-мұз соған ұқсайды екен», — деп ернінің ұшымен сұрай салды. Сейтек «менмін» деп басын изеді де қойды. Құмар әуелі сыр білдірмесе де, «өзі бір тентек деуші еді, қара басымды қадір- лемедің деп сойқан салып жүрер» деп артынан сескеніп қалды.
Сол арада қалыңдықтың домбырашы екені де анықталды. Қыз домбырасын алып күй тарта жөнелді. Сейтек оның домбыра шертісін ұнатып қалды да, «қарағым, домбыраң бұлбұлдай сайрайды екен» деп сол Айша атты қызға арнап табанда бір күй тартады. Ел арасына ол күй «Бұлбұл Айша» деген атпен тарап кетеді.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі