Өткен ғасырда Кіші жүздегі Бөкей ордасына қарасты Нарын құмын мекен еткен Жасыбай деген дүмше молда болыпты, маңайындағы елдің қой-қозы, ешкі-лақтарын ұрлап сойып жей береді екен. Дінді бетке ұстап, ұрлық жасаған Жасыбайдың бұл қылығын сол маңайдағы елдер көп уақытқа дейін білмепті.
«Аңқау елге арамза молда» болып, Жасыбай да жүре беріпті. Жасыбай ұрлық жасауға барынша епті, айлашыл адам екен. Тіпті ел Жасыбай молда ұрлық жасай қояды деп те ойламапты. Ал мал ұрлауға әбден құныққан молданың араны бұрынғыдан да ашыла түседі. Ол енді қой-қозы, ешкі-лақ ұрлап қана қоймай, айына бір өгіз не тай ұрлауды әдетке айналдырыпты. Сөйтіп молдекең ұрлап сойған малдың жылы-жұмсағына сылқия тойып алып, «Құдайына» сыйынып жүре беріпті.
Қой-ешкі, тай-таналары із-тұзсыз жоғалып кете берген соң, ел адамдары бірлесіп қалайда ұрыны ұстап, жазалауға бел байлайды. Сырттан келген ұры болмайды. Енді ұрының өз іштерінде екенін сезеді. Жоғалған мал иелері өзара ақылдасып: «Әй, осы біздің малымызды қырып жүрген молдекеңнің өзі болар-ау», —деп күдіктеніп, Жасыбайдың ізін аңди бастайды. Жаздың бір әдемі түнінде ел ұйқыға жатар мезгілде көршілес ауылдардың бес-алты жігіті ешбір адамға сездірмей, Жасыбай үйінің сыртына келіп, бақылап жүреді. Молда не айтып отыр екен деп, дыбыс тыңдайды. Арамза молда көкорай шалғынның ортасына тігілген алты қанат ақ үйінің қақ төрінде шіреніп отырып, алдыңғы күні өзі ұрлап әкелген семіз бағыланның етіне мейлінше тойып алып, басындағы сәлдесіне өте риза болып, мынадай аят айтып отыр екен:
«Яһ, Алла, жаратушым Хақ,
Бір Құдайым өзің маған жақ.
Пайғамбар, періштелер жар болып,
Күнәмізден еткей еді-ау пәк!
Әр уақыт ризамын, сәлдем, саған,
Сен тұрғанда ешкім күмәнданбайды маған.
Ақ сәлдемнің арқасында
Айында әкелем бір тана,
Күнде жеймін сылқылдама...»
Молданың осыны айтып болуы-ақ мұң екен, манадан сыртта тыңдап тұрған жігіттер үйге кіріп келіп: «О, қарғыс атқыр Жасыбай, шариғат ұстаған молда деп жүрсек, қанды балақ ұры екенсің ғой. Ұсталдың ба, бәлем, енді сазайыңды берейік!» — деп сабап-сабап аяқ-қолын байлап тастапты да, ауыл шетінде жатқан молданың бар қойын өздері жоғалтқан малдарының төлеуіне айдап кетіпті. Сөйтіп, халық ұры молдадан осылайша кек алған екен.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі