Өлең, жыр, ақындар

Зеңгі баба

Ата-анасының Зеңгі бабаға азан шақырып қойған аты — Айқожа екен. Тумысынан қап-қара кісі болған соң халық оны Зеңгі ата деп атап кетіпті. Оның төрт атасын білмеген жан тәкбірге күмәндар болады. Яғни ол адам тәкбір айтуды дұрыс білмейді деп есептеледі. Зеңгінің әкесі — Тасқожа, атасы — Мәлекқожа, бабасы — Мансұрқожа (Мансұр ата), арғы бабасы — Арыстан бап.

Зеңгі ата бақташы болып елдің падасын жиып баққан көрінеді. Оның өз меншігінде де қара малы көп болыпты. Баба сиырдың тұқымын молайтып, топ-тобымен жайып, көбейткен екен. Сол кезде бір қыңырлау кісі:

— Сиырды ылғи Зеңгі жая бере ме? Біз де бағайық. Елден біз де нәпақа алып пайдаланайық. Неге өзгеге бермейсіңдер? — деп, ел басшысына шағым жасапты. Әміралдар алқасының кеңесінде Зеңгі баба әлгі қыңырға:

— Мақұл, сен бақ, — деп паданы беріпті. Ол адам сиырды жайғаннан кейін бір апта өтпей-ақ оқалақ пайда болыпты. Содан қара малға оқалақ тиіп, быт-шыт боп қашып, падаға қыңыр кісі ие бола алмай қалыпты.

— Қой, болмас, мұның киесі бар екен. Баға алмаймын, — деп, Зеңгінің өзіне қайтарып берген көрінеді.

Арыстан баптың төртінші ұрпағы Зеңгі ежелгі Шаш, қазіргі Ташкент қаласына таяу зерде орын теуіп, сол араны жай етіпті. Ол таңертеңгі уақытта шығып, паданы айдап, алдын қайырмай, еркінше жіберіп; «ош, ош!» — деп сонау қырғыздың жерінен бір-ақ қайырып әкеледі екен. Ош қаласының атауы содан пайда болса керек.

Малдың әр түлігінің өз тәңірісі, сақтаушысы бар деп түсінген халық ұғымында Зеңгі баба сиырдың пірі ретінде сақталып қалған.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз