Өлең, жыр, ақындар

Кісі-ақ еді!

1920 жылдың басында Қарағанды ақ бандалардан мүлде тазарды. 1919 жылдан қыс айларында Қарағандының Бұқпа селосында тұрған қызылдардың қарулы отрядына арқа сүйеген жұмысшылар өздерінің өндірістік комитеттерін қайыра сайлай бастады...

1920 жылдың 2 майында Қарағандыға төрт кісіден жұмысшылар комитеті сайланды. Бірінші бастығы Трабовский деген орыс жігіті, мүшелігіне Сыпан Серікбаев және Нариман Ахметов деген қазақ жұмысшылары сайланды. Бұл кезде шахта жұмысын тоқтатпаған. Осипов деген кісінің басшылығымен көмірді шахтерлер шығарып берді...

Осындай жағдайлар болып жатқан кезде, сол 1920 жылдың жазында осы Қарағандыға Гапеев деген инженер келді. Қасында Мария дейтін әйелі мен үш-төрт көмекші кісілері бар.

Не деген ерлік десейші! Ол келген кезде Семейден бергі жатқан жалпақ далада ақ бандалардың түн қатқан қасқырдай шұбырып жүрген кезі. Соңдарынан түре қуған қызылдармен қаша соғысып кетіп бара жатқан. Совет өкіметін жақтайтын адамдар қолдарына түссе, тірідей кескілейді. Және ол кезде Қоянды жәрмеңкесі мен Қарқаралы маңындағы қазақ ауылдарында сүзек ауруы кең таралған. Ол дағы бір жұқпалы жексұрын ауру ғой. Солардан қорықпай келуі, келу-ақ қой!

Күн кешкіріп бара жатқан уақыт еді. Мені жұмысшылар комитетіне шақырды. Барсам, басында елпекей ақ тақиясы бар қоңқақ мұрын, арықша келген бір орыс отыр. Және өзіміздің сол комитет мүшелері Чемохов пен Ахметов Нариман бар екен.

Нариман:

— Шәйіт, мына кісі біздің қызылдық инженер. Қасында төрт-бес кісісі бар. Құрал-саймандары бар. Сонау іштен осы Қарағандыға әдейі жіберілген көрінеді. «Қарағандының өндірісін үлкейтеміз» дейді. «Совет өкіметі қамқорлыққа алады» дейді. «Көмірдің көп-аздығын зерттеу үшін әдейі мені жіберді» дейді. Бұл кісі «осындағы ертеден істеп келе жатқан жұмысшылармен әңгімелесемін» дейді. Жұмысшыларды жинайық, — деді.

Жұмысшыларды жинап жібердік. Жиналысты Трабовский ашты да, Гапеевке сөз берді Әй, шіркіннің сөйлесі-ай десейші. Қандай шешен десеңізші!

— Бұл өкімет — сіздердің өкіметтеріңіз. Кедейлердің өкіметі. Сіздердің алдарыңызда бақытты болашақ тұр... Оны жасаушы сіздер, бауырларым, — дейді, — бұл өкімет сен орыссың, сен қазақсың демейді. Бәрің де бірдейсің, — дейді.

Гапеев сөзін аяқтағаннан кейін Трабовский шығып сөйлеп, Гапеевтің келгеніне жұмыскерлердің қуанатынын айтты. Содан кейін қазақ жұмысшыларының атынан Ілияс ақын сөйледі. Ол өзінің сөзін өлеңмен айтты.

— Келдік біз сәлемдесе сізге, мырза,
Бізге айтқан сөзіңізге көңіл ырза.
Болғанда төбем — жайлау, төсім — қыстау
Кәзірде тыныштықта біздің қырда.
Көңілден қасірет пен қайғы кеткен
Қуаныш лебі бар біздің жырда.
...................................................
...................................................
*
Іш жақтан бізге арнап келдіңіз бе,
Ықылас, ақ ниетке сендіңіз бе?
Қай елден, қандай адам Ленинді
Көзіңізбен айтшы бізге, көрдіңіз бе? —

(∗ Түпнұсқада осылай берілген.)

деп сөзін аяқтады. Басқалары: «Ой, пәле-ай, дұрыс айтты-ау!» — десіп жатыр. Нариман Гапеевке Ілиястың өлеңін түсіндірді. Содан Ленин туралы Гапеев көп әңгіме айтты...

Гапеев екі күндей тынықты. Ол кезде біздер қазған көмірімізді ауыл-ауылға таратып, тамаққа айырбастап отыратын едік. Қой сойып, қонақасы бердік. Қонақасыны қалай берді десейші? Біз оны былай бердік: бір көгалды жерде, ашық далада. Гапеев әйеліне айтып жатыр:

— Мұны қазақша ет дейді, — деп. Ол екі кісіге бөлек табақ жасап, бас тарттық. Нариман Ахметов түсіндіріп отыр:

— Сойылған малдың басы мал кімге арналып сойылса, соған беріледі, — деп. Сөйтсе, Гапеев қазақтың ол дәстүрімен ертерек таныс екен. Өйткені 1916 жылы Екібастұзда болып қайтқан екен. «Жақсыда жаттық жоқ» деген ғой. Сол күннен бастап-ақ үйреншікті адамымыздай болып кетті.

Содан Гапеев бір жаз бойы болды. Бұрынғы ескі шахталарды аралады. Бір шеті Майқұдық, Соқыр өзені, Сораңға дейін, осы Қарағандыны түгел тексерді ғой. Мен және Жүніс дейтін кісі бар екеуміз алғашқы күннен бастап қашан Қарағандыдан қайтқанынша Гапеевтің қарауында жұмыс істедік. Бірақ кәзір бізді ұмытып та қалған шығар...

Бір күні бір қызық уақиға болды. Қарағандыдан ұзай бердік. Жаңбырсыз, бұлтсыз күндері жеткен жерімізге түней де салып жүрдік. Оған ішімнен ренжіп те жүрдім.

Бір күні күндіз атып алған бес-алты үйректі асып жеп, Соқыр өзенінің бойында жатып қалдық. Гапеевтің қасында жүретін Виктор деген жігіт бар еді. Таңертең бәріміз де тұрдық. Гапеев те тұрған. Ал әлгі Виктор ұйықтап жатқан-ды. Бір кезде «тұр!» деп оның үстіндегі көрпесін біреу жұлып алды. Дәл бауырында от орнындай болып иіріліп бір қарашұбар жылан жатыр. Гапеевтің зәресі ұшып кетті. Виктор әлі ұйықтап жатыр. Оны оятсақ, қозғалып кетуі мүмкін. Байқамай жыланға соқтықса, жылан шағып алуы мүмкін. Сондықтан бір адам қолынан, бір адам аяғынан сүйреп ала қаштық. Төсек қозғалғанда жылан басын ортасынан шығарып, қайқайтып ала қойды. Виктордың зәресінің кеткені-ай! Сонан кейін далаға сирек қонатын болдық-ау! Сол жылы күзгі суық түсе қайыра қайтып кетті. Содан кейін қайтып оралған емес.

Кісі-ақ еді!


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз