Өлең, жыр, ақындар

Донбасста

1930 жылы комсомолдың шақыруымен Қарағандыға келдім. Өйткені мен 1925 жылдан комсомолда мүше едім. Қарағандының ол жылдардағы бейнесі күні бүгінге дейін көз алдымнан кетпейді.

1930 жылдың көктемі. Ол кезде мұндай машина да жоқ. Түйе жегілген арбаларға қайла, күрек сияқты саймандарымызды салып алып, шахта ашатын жерлерді қарауға шықтық. Жұмысшыларды бастап келе жатқан кісі — сол жылдың январь айында ғана іш жақтан келген Корней Осипович Горбачев деген орыс. Бір уақытта бір жерге келгенде көлікті тоқтатты да:

— Жолдастар, дәл осы арадан Қарағандыда тұңғыш шахтаның негізін саламыз. Бұл жұмыстың бастамасы болсын. Жұмысқа кірісейік! — деді.

Сүйтті де арбадан ұшталған қазықтың бірін алып жерге қақты. Бәріміз де жұмысқа кірістік. Кәзіргі Горный атындағы шахта тура сол жер...

Сол жылы Қарағандыда небәрі төрт-ақ шахта салынды. Бір-екі ғана магазин, төрт-бес ларечектер ғана бар еді. Келген бетте-ақ жұмысқа ынталы кірістік. Горбачев бір күні мені жауырыннан қағып:

— Әй, жұмысқа ынталысыңдар-ау! Бірақ әлі шахтаның техникасымен таныс емессіңдер. Бұл сенің кінәң емес. Әлі-ақ үйренесің, — деді.

Бір күні тура ноябрь айының басы еді, мені Корней Осипович шақырып жатыр деп кісі келді. Барсам, сол жылы ғана менімен бірге жұмысқа түскен жиырма шақты жастар отыр екен.

— Ә, Алтынбаев, келдің бе, хал қалай? — деп сұрады Горбачев.

— Халім жақсы, — дедім мен.

— Иә, сенің халің әр уақытта жақсы болмақ, — деді дағы әрі қарай сөйлей жөнелді, — сендерді шақыртқан себебіміз мынадай еді: Қарағанды өндірісі күшейгелі отыр. Биыл төрт шахта ашсақ, ендігі жылы бұдан да көбейеді. Олай болса, бізге маман жұмысшылар керек. Ол жұмысшылар осы сендердің араларыңнан шықпақ. Сондықтан осындағы таңдаулы жастардан біраз кісіні Донбассқа жібермекпіз. Соған сіз де барсаңыз, қалай болар еді?

Мен:

— Барамын, — дедім. Басқа отырғандар да бармақшы болған екен. Сонымен 18 комсомолды 1930 жылдың тура ноябрь айында Донбассқа жүргізіп-ақ жібергені ғой.

Донбасстың Рудченко деген ауданындағы No17 «бис» шахтасында болдық. Барысымен әрқайсымызды әрбір забойщиктің қасына қосып берді. Мені забойщиктікке Внучик деген кісі үйретті.

Шіркін, қандай кісі еді! 1930 жылдың декабрінен 1933 жылдың ноябріне дейін қарауында болдым. Бір ауыз «сен» деп қатты сөз айтқан емес. Қайланың сабын қалай ұстап, көмірді қалай шабудан бастап барлығын үйретті. Жалғыз-ақ бір ренжігені бар.

Қарағандыдан шығарда қалтамызға көп ақша салып берген. Донбассқа барғанда жастар арақ ішіп, шылым тартады екен. Елде жүргенде мен шылым да, арақ та ішпейтін адаммын. Анда барған соң шылым тартуды шығардым. Балалық қой енді. Шылым тартуды сән көрдім бе, білмеймін. Бір күні коробкасы әдемі бір пашке шылымды сатып алдым. Шахтаның астына әлгіні ала түстім. Көмірді біраз шапқан соң дәм алып отырдым да, шылымды алып біреуін шегейін. Сөйтсем шахтаның ішінде от тұтату, шылым тарту деген болмайды екен ғой. Оны мен қайдан білейін. Бір уақытта Внучик жетіп келіп қолымдағы шылымның дәл қызарған үшін жұлып алды. Ал ұрыс, ал ұрыс: «Кім үйретті саған шылым тартуды?» деп... Міне, осы жолы қатты ренжіді. Ашуға булығып сөйлей алмай қалды. Бұл оның ашулы пікірін танытатын бейнесі еді. Ол күні сонымен тарастық. Екі-үш күн өткен соң ғана маған өзінің ашуланған себебін айтты.

Сүйтсек, шахта ішінде неше түрлі улы және өртенгіш газдар болады екен. Оның өзін иісінен, түсінен айыруға болмайтын көрінеді. Өзі жеңіл болғандықтан забойдың жоғары жағына жиналады екен. Оның қауіптілігі сондай, егер де шахта ішінде алты-жеті процентке дейін жиналса, одан өрт кететін көрінеді. Бірақ ол өзінен-өзі атылмайды да, өртенбейді. Көпшілігінде біз өзіміз не байқамай шамымызды ашып қаламыз, не шылым тартамыз. Содан шыққан от ұшқыннан да кетеді екен...

— Шырағым, Қапаш, — деді бір күні Внучик, — сендерді сонау алыстан мұнда текке жіберіп отырған жоқ. Сендерді маман жұмысшы болсын деп жіберді. Мамандық тек қайла шабуда ғана емес, сонымен қатар шахта астындағы неше түрлі қауіп-қатерлерден де сақтану әдісін үйренуде. Мен саған метан газы туралы айттым. Ал ол метан газы әрбір забойда бола бермейді. Кәзіргі осы біз істейтін забойда ғана кездеседі. Сондықтан метан газының жиналған, жиналмағанын қалай білуге болады. Білесің бе?

— Жоқ, білмеймін.

— Сенің білмейтініңді білемін. Ал бұрын білмесең, бұдан былай білетін бол! Мен саған үйретейін, — деді.

Сүйтті де қолына шамын алды.

— Міне, мынау шамның қалай жанып тұрғанын көрдің ғой?

— Көрдім.

— Ал, енді осы шамды біртіндеп жоғары көтере берейік, көтере берейік. Өйткені бағана метан газы жеңіл газ, сондықтан забойдың жоғары жағына жиналады дедік қой. Сен қарап тұр...

Бірақ шамның жануы бұрынғысынан өзгермеді.

— Міне, енді шамның жануы бұрынғысынан өзгерген жоқ.

Яғни метан газы жинала қоймаған деген нәрсе. Бірнеше күн өткеннен кейін тағы да шамын жоғары көтеріп еді. Жоқ, шам жоғарылаған сайын шамның көкшіл жалыны үлкейе түсті, тіпті жалын шамның шынысының беліне жақындап қалды.

— Міне, метан газы көбейген. Қауіпті, — деді дағы, шамын еппен төмен түсірді де, жерге қоя салды. Шам өзінен-өзі сөнді.

— Тез кету керек, — деп мені жеңімнен ұстай тұра жүгірді.

Далаға шықтық. Ол күні метан газынан забойды арылтқанша жұмыс тоқталып қалды.

Әй, шіркін-ай, десейші! Талай нәрсені үйретіп еді. Шындығында, екі-үш жылдың ішінде көп нәрсені үйрендік.

Бір күні шахта астында авария болды. Штрикте порода құлап, біздің жұмыс істеп жатқан жерден сыртқа шығатын жолымызды бекітіп тастады. Бізді көп уақытқа дейін шығарып ала алмады. Отырған жеріміздің кеңістігіміздің өзі тап-тар. Егер де тәжірибесіз жұмысшылар болсақ, сол жерде тіпті өліп кетуге де болады екен.

— Ал сендер ауаны үнемдеуге тырысыңдар — деді тағы да әлгі Внучик.

Мен ішімнен: «е, ауаны қалай үнемдейміз» деп ойладым.

Менен басқаларының бәрі қолдарындағы бензинмен жанатын шамдарын сөндіріп жатыр. Мен де сөндірдім. Сөйтсем, бензинмен жанатын шамның өзі ауаны көп жұтып қояды екен. Жалғыз-ақ шамды қалдырды да дереу қолындағы қайла, күрек, тақтай, ағаштарды жинастырып отырған орнымыздың төбесіне тіреу етті. Завал болған жаққа қабырға жасадық та, отырған орнымызды үйшік етіп бөліп алдық. Оның себебі құлаған жақтан тозаң, улы газдар болып қала ма деген қауіп болған екен. Әлгі қабырға арқылы газды бөгеп, отырған орнымызға жібермеуге болады екен.

— Отырған орнымыз тар. Ауасы шағын. Оны үнемдеуіміз керек. Ол үшін әркім қимылсыз отырсын, — деді Внучик.

Өзі сонсоң көмір қабырғасын бірдеңемен дамылсыз тықылдатып отырды. Ол арқылы бізді құтқаруға келген адамдарға қайда жатқандығымызды хабарлау екен. Әйтеуір, аман-есен құтқарып алды-ау!


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз