Өлең, жыр, ақындар

Қымызмұрындық

Нартай мен атасы жайлауда біраз күн тұрды. Оған себеп қонаққа шақырған кісілердің қолқасы болды. «Қымыз ішіп кетіңіздер» деді қиылып. Асығыс жұмыс болмаған соң, ұсынысты теріс көрмеді.

Бұл жағдайға бәрінен бұрын Нартай қатты қуанды. Келген сәттен-ақ құлпырып кеткен жайлауға құмартып қалып еді, біраз күн қалатындарын естігенде, шаттығы еселене түсті. Тағы бір жағынан оның өткелі тұрған «Қымызмұрындықты» көргісі келген-ді.

Сол күні қонақ боп барған үйлеріне адам көп жиналды. Көбі үлкендер. Жаяулатып келген ақ жаулықты әжелер де болды. Балалар да ағылды.
Соларға еріп Нартай ойынның туын тікті дейсің. Түске таяған бір кезде абыр-сабыр басылып, жұрт үлкен үйдің алдына қарай жиналды. Нартай сонда барып үйге кірді. Атасының қасынан орын алды.

Кешікпей алдыға дастарқан жайылып, табақ тартылды. Нартайдың атасы бата берді. Сөз арасында «өріс шүйгін болсын», «қымыз мол болсын» деген тілектер айтылды. Осы тілектерден Нартай «Қымызмұрындықтың» әлдеқашан басталып кеткенін білді.

Бет сипалып, табақтар жиналған соң, тегене толы қымыз келді алдыға. Бірінші тостағанды қолына алған жігіт ағасы бүгінгі басқосудың мағынасын түсіндіре келіп, мұның биылғы алғашқы қымыз екенін жеткізіп, үлкендерден қайтара бата сұрады.

Кешікпей сәлем беріп ішке кірген ақын жігіт домбырасын алып, төгілте өлең бастады. Ол әуелі биыл ерекше түрленіп кеткен жайлаудың көркін айтты. Сонан соң елдің береке-бірлігін жырға қосты. Осыған мұрындық болған ақсақалдардың көрегіндігін мадақтап өтті. Соңында, бүгінгі мерекені ұйымдастырып отырған үйге көп тілек тілеп, алғыс жаудырды. Өлең шумақтарын әр қайырған сайын әзіл айтып жұртты күлкіге қарық қылды. Отырғандар жас ақынның тапқырлығына сүйініп, ризашылықтарын білдірді.

— Әй, бәрекелді! Шын сөз! Бұл үй — ауылымыздың берекесі ғой! — деп, үй иесі туралы толғаған тұста қол соға қолпаштады.

Нартай таңғала тыңдады. Барлық сөзін түсінді. Арасында құрметті қонақ ретінде атасының есімін де ерекше ауызға алып, «аяғы құтты болсын» деді.

Өлең біразға созылып барып, ізгі тілекпен тәмамдалды. Ел ықыласына лең бөленген жігіт иіліп тағзым жасап, шығып кеткен соң, сүйінішті сөздер талайға дейін толастамады.

Нартай да риза еді. Мұнда қалып, аз күн аял болғанына көңілі қош болатын. Іштей жайлаудан көрген-білген жайларды ойдағы достарына түк қалдырмай айтып беруді ойлап отырды.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз