Мақсаттың атасы жылқы бағады. Оны әрдайым күтіп, баптайды. Көктем, жаз, күз және қыс мезгілдерінде атасы Мақсатты өзімен бірге ертіп, жылқыларды көріп қайтады. Атасының аттары онша көп емес.
— Қазірше осы бес-алтауы жетеді, — дейді атасы. — Жасыма сай. Бұларды бағу, күту, қарау оңай емес.
— Ата, мен жасым үлкейгенде сізге көмекші боламын, — дейді Мақсат. — Аттардың санын көбейтемін.
— Менің немерем өскенде кәсіпкер болады. Ата-бабасының кәсібі — жылқышы болу ғой, — дейді атасы да Мақсаттың басынан сипап.
Мақсат балалық балғын мінезбен басын изей күлімсірейді.
— Рас, ата, мен өз сөзіме берікпін. Аттарға қарағанды, күтіп, баптағанды жақсы көремін.
— Қайсы бір іс болса да, жаның сүйіп беріле жасасаң, соның рақатын көресің, балам, — деді атасы ат үстінде келе жатып.
Атасы мен немересі қырқаның үстінде жайылып жатқан аттарға келді. Айғыр мен биелері және тайлары мен кұлындары қарындары тойып, бір үйір болып, бір-біріне жақын тұр екен. Атасы мен Мақсатты көрген биелер кісіней жөнелді.
— Ата, аттарымыз бізді таныды. Қараңызшы, жатырқамай бізге келе жатқан құлындарды, — деді Мақсат.
— Жануарлар сезімтал ғой. Бәрін де біледі. Сезеді. Таниды, — деді атасы.
— Атты сен айдай бер, балам. Мен жаяу жүрейін. Аттарды үйге қарай қайыр. Қайыруға оп-оңай көнеді. Күн ыстыққа қалмасын. Тойыныпты. Көлеңкеге апаралық, — деді атасы аттан түсіп.
Мақсат аттарды үйге қарай бағыттады. Жануарлар Мақсаттың дегеніне лезде-ақ көнді. Бәрі де бірінен соң бірі жай жүріспен Мақсаттың алдына түсті.
— Ата, — деді Мақсат. — Менің досымның атасы кей-кейде кейіген сәттерде «қайыруға көнбеген жылқы іспеттес» деген сөзді көбірек айтады. Ол не деген сөз, ата?
— Е-е, балам, айтқан сөзді құлаққа аспаған соң ренжиді. Өз бетіне лаққан жылқы да солай. Тізгін тимеген, құрық ілінбеген ат тарпаң, асау болады. Айтқаныңа көнбейді. Өзінің иесін шаршатады. Босқа арам тер етеді. Содан соң қайыруға көнбеген жануар дейді. Адам баласы да солай. Сөзге түсінбеген, оны ұғынбаған адам қайыруға көнбеген жылқымен бірдей.
Мақсат ойлы жүзбен атасына қарады.
— Сонда адам мен жылқының әрекеті, іс-қимылдары өзара ұқсас екен-ау, ата, — деді ол.
— Әрине, — деді атасы, — ата-бабамыз жылқы асырауды өзіне етене жақын еткен. Әдемі, көрікті жандарды құлын мүшелі деп, ал алысыңды жақын ететіндіктен, «Ат — ердің қанаты» деп айтқан.
Атасы немересінің сөздің мәнісіне назар аударғанына разы болды. Әлі жас болса да, қолғанат бола бастаған алғашқы қадамына шынайы түрде шаттанды.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі