Өлең, жыр, ақындар

Саяси қуғын-сүргін құрбанына айналған ұлт көшбасшысы Ахмет Байтұрсынұлы

ХХ ғасыр басындағы саяси оқиғалар барысында, елді дүрліктірген қос төңкеріс жылдарында өз ұлтына тиімді болмақ бағытты дәл анықтап, ұлтты соңынан ерте білген де Алаш қайраткерлері болды. Солардың бірегейі қазақ халқының ұлы тұлғасы Ахмет Байтұрсынұлы өз ұлтының тәуелсiздiгі үшін күрескен ақын, ғалым, түркітанушы, аудармашы, педагог, публицист, қоғам қайраткері. 

А.Байтұрсынов 1873 жылы 18 қаңтарда Торғай уезінің Тосын болысында шаруа отбасында дүниеге келген. Туған ауылында алғашқы білім алып, кейін Торғай орыс-қазақ училищесінде (1886-1891), Орынбор мұғалімдер семинариясында (1891-1895) оқыды. Педагогикалық қызметін 1895 жылы ауыл мектебінде мұғалім болып бастады. 1909 жылы екі класты орыс-қазақ училищесінің меңгерушісі болып қызмет атқарады. 
1909 жылы мамыр айында құпия тыңшылар, яғни уезд бастығының көмекшісі Солотич пен Қарқаралы тұрғыны Т.Шыңғысовтың көрсетулерін негізге ала отырып, губернатор Тройницкий 1 шілдеде Байтұрсыновтың үйінде тінту жүргізіп, өзін тұтқынға алады. Қарқаралы интеллигенциясының ісі 1910 жылы ақпанда Ішкі істер министрлігінің Ерекше Кеңесінде қаралып, 19 ақпанда Омбыдағы генерал-губернатор кеңсесіне «А.Байтұрсыновқа екі жылға Дала өлкесінде, Жетісу және Торғай облыстарында тұруға тыйым салынады деген министрдің бұйрығы келеді. Бұл хабардың артын ала Қарқаралы уезінің жоғарыда аталған жеті азаматы, Смахан Бөкейханов, Ыбрай Ақбаев, Хасен Ақаев, Ахмет Райымбеков, Бодаубек Райымбеков, Асылбек Сүлейменов және Смайл Байтеновтердің Том губерниясы Барнаул қаласына екі жылға жер аударылатындығы туралы министрдің шешімі келіп жетеді. А.Байтұрсынов министрдің бұйрығынан соң екі жылға тұруға өз еркімен Орынбор қаласын таңдап алады... ...Сөйтіп, отаршыл әкімшілік пен Қарқаралы интеллигенциясы арасында 1905 жылдан басталған саяси күрес соңғыларын жазалау шараларымен аяқталған.

Алайда Қарқаралы қаласында Орынборға қамауға алынып, сосын оппозицияға қосылған А.Байтұрсынов «Қазақ газетінің  1913 жылғы  №11  санында  «Оқу жайы» деген мақаласында, оқу-білімнің  қажеттілігін  халықтың  экономикалық ,тұрмыс  жағдайымен  байланыстырады. «Бұл  күнде   оқудың  керек  екендігіне ешкімнің   таласы жоқ. Кейін  қалудың   себебі  оқудың   кемдігінен  екендігін  көріп  тұрмыз. Қазақ  биыл 5  тиынға  келісіп  сатқан  нәрсесін келер  жылы  10 тиынға қайта  сатып   алады. Үкімет  қазақтың  қазақша оқуын  тіпті   тілемейді, сол  үшін  қазақша  оқуды  халыққа  тарату өз  міндетіміз»-деген еді. Алайда А.Байтұрсынұлы «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл» – деген болатын.  

Сонымен қатар «Қазақ» газетінің   1914  жылғы   № 48  санында  Ахмет  Байтұрсыновтың  мақаласында: « Қазіргі   қазақ  мәселесінің    ең  зары - жер   мәселесі. Бұл   турасынан   түсініп  жетпей  қателесіп, қазақты  теріс   жолға  салғанымыз  5 млн  адамның    обалын  мойнымызға  жүктейміз. Сондықтан  да  қазаққа  ақыл  айтқанымыз, анықтап  ашып  сөйлескеніміз  дұрыс»-деген еді. Демек А.Байтұрсынов  пен  оның   рухани   серіктерінің   газет  өмірінен  алар орындарын    мына   дәлелдерден  де  көруге  болады : «Қазақ»   газетіне   енген  422 мақаланың  299  мақаласын   жазғандар   Ахмет  Байтұрсынов,  Әлихан   Бөкейханов,  М.Дулатов» болды. Ақпан   төңкерісіне  дейінгі   «Қазақ»   газетінің   қоғамдық - саяси   қызметі   сол  кезеңдегі    қазақ   қоғамында   орын    алған   оқиғалар    желісімен    ашыла  түседі. Ресей  империясының отарлау  саясатының    күшейген    кезінде  күреске   енген    ұлттық  басылым    XX ғасыр  басындағы  қазақ  қоғамындағы  шаруашылық - экономикалық, саяси -  мәдени   мәселелерге  белсене араласты.

Алаш қозғалысының өрістеу эволюциясының жолы, оның қайраткерлерінің ішкі мүмкіндіктері мен қайраткерлік дайындықтары 1917 жылғы патшаны құлатқан іле-шала сәуірдің алғашқы күндерінен бастап облыстық қазақ съездері өткізіле бастады. Орынборда, Алматыда, Оралда, Омбыда, Семейде өткізілген Торғай, Жетісу, Орал, Ақмола, Семей, облыстық съездері Ташкентте өткен Түркістан Мұсылмандарының Бірінші құрылтайы Алаш баласының азаттыққа шындап бағыт алғандығын байқатты. 

1917 жылдың 2 сәуірінде Орынбор қаласында Ахмет Байтұрсынұлының төрағалығымен басталған Торғай облыстық қазақ съезі Алаш қозғалысының «Алаш» партиясында, Алашорда үкіметіне ұласар кезеңінің ең алғашқы айтулы оқиғасы болды. Съездің ұйымдастырылуы мен өткізілуінің басында Ахмет Байтұрсыновпен бірге Алпысбай Қалменов, Уәлитхан Танашев, Сейдәзім Қадырбаев, Омар Алмасов, Шафқат Бекмұхамедов сияқты ұлт зиялылары тұрды. Бұл съез «Қазақ» газетінде «қазақтың тұңғыш съезі» ретінде бағаланды. 

Алайда Алаш партиясының құрылуы ұлт зиялыларының қоғамдық-саяси қызметіндегі маңызды тарихи беттер санатындағы оқиға болды. ХХ ғасыр басында саясат әлемінен алыс жатқан қазақ халқына Алаш арыстары «партия кедейлерге – жолдас, қанаушыларға – жау деп қарайды» деп партия жұмысының негізгі мақсатын ашып көрсетеді. Алаш арыстарының өмірі мен өмірлік мақсатты қызметтері осы бағытқа толық сай болғандығын дәлелдеп берді. XX  ғасыр  басындағы  қазақ   елінің   ең   көкейкесті   мәселесі-жер   мәселесі  болды, орыс  шаруаларының қазақ  даласына  қоныс  аудару   науқаны  шарықтау   шегіне   жетті. Басылым бетінде  жарық   көрген   жер  мәселесі аясындағы  мақалалар   тақырыбының астары-ел  намысы, қазақ  ұлтының қадір-қасиеті, көзқарасымен өлшенбек.

Сол кезеңде А.Байтұрсынов Орыс ғалымы Н.Ильминскийдің айтқан пiкiрiнен үзiндi келтiрсек:  «Қазақ   діні шынығып жетпеген, шала мұсылман халық. Мұны мұсылман дінінен христиан дініне аударып жіберу оңай деген пікірмен, патша өкіметі қазақ пен ноғай арасында жік салып, екеуін айырғысы келді. Ол үшін қазақ байлары  ноғайша оқымай, орысша оқитын саясат жүргізілді, дей келе, қазақ балалары үшін орыс мектептері ашылып, кітаптардың бірте бірте орысша шығарыла бастағандығына тоқталады. Патша үкіметінің орыстандыру саясатының бір көрінісі екендігін де келтіреді». Тосынсыйға толы ХХ ғасырдың басында қазақ халқының ұлттық санасының оянуына өзіндік үлесін қосқан, өз дәуірінің көкейтесті мәселелерін көтерген, ағартушылық идеяларды насихаттаған «Қазақ» газеті, «Айқап» журналының бастауында ұлт зиялылар тұрды. Патшалық тәртіпті жою және елдегі қоғамдық - саяси өмірді демократияландыру «Алаш» қозғалысын ұйымдық жағынан жасақтауға жағдай туғызды. 1917 жылы шілдеде Орынбордағы бүкіл қазақ съезінде «Алаш» партиясы құрылды. Партияның негізгі мақсаты Ресей Федерациясының құрамындағы қазақ автономиясын құру болды. Алаш партиясының жетекшілері ұсынған қағидалар күні бүгінге дейін өзектілігін сақтап отыр. Қоғамның даму дәрежесін, дәстүрлер мен тұрмыс салтын ескерудің қажеттігі жаңғыртуды мұрат тұтқан либералдық қағидалармен астасып отырды. Бағдарламада тегін білім алу мен бастауыш мектепте ана тілінде оқу, қазақтардың өзінің орта және жоғары  оқу орындары, университеттері болуы тиіс деген мәселе көтерді.

Алайда сол мәселелердің орысша нұсқасына назар аударсақ: ...Одним из заметных достижений советского режима с 1918 года стало развитие системы народного образования и осуществление сплошной грамотности. В 1918 году, была принята «Декларация о единой трудовой школе», в которой провозглашались основные принципы советской образовательной системы – бесплатность, совместное обучение мальчиков и девочек, исключение из преподавания богословских дисциплин, отмена всех видов наказаний, школьное самоуправление. 
 В апреле 1924 года в КазАССР было организованно сообщество «Долой неграмотность». В 1921-1927 году, в Республике обучалось около 200 человек. Казахская письменность была переведена с арабской графики на латинскую, а 40 письменность переведена с латинского языка на кириллицу. В мае 1926 года СНК республики приняло «устав единой трудовой школы Казахской АССР», открылись школы для девушек-казашек. Также была помощь учащимся в виде: расширение сети интернатов и общежитий, выдача стипендий, бесплатного становления учебниками, пособиями, транспортом, также активное участие в создании учебников на родном языке приняли: Байтурсынов, Аймауытов, Сатпаев, Букейханов. В начале ХХ века высшего образования из числа казахов имели свыше 100 человек, немалое число имели среднетехническое или профессиональное образование. В 1930 годы в ВУЗах и техникумах различных регионов СССР обучалось около 20 тыс. человек. Ия көріп отырғанымыздай орысша білім алуға басты назар аударылғандығына көз жеткіздік.

Сондықтанда ұлт зиялыларымыз білім алу мәселесін назардан тыс қалдырмады. «Қазақ» газетінің 17 мамырдағы №62 санында  А.Байтұрсынов «Мектеп  керектері»  атты   мақаласында:  «Мектептің   жаны-мұғалім.  Мұғалім  білімді  болса, білген  білімін   басқаға  үйрете  білетін  болса, ол мектептен  балалар   көбірек  білім  алып   шықпақшы. 

Екінші   оқыту  ісіне   керек  құралдар  қолайлы  һәм  сайлы  болуы, құралсыз   іс  істелмейді, һәм  құрал  қандай  болса, істеген   істе  сондай  болмақшы. Істің   толық  жақсы  болуына   құралдың  сайлы, һәм   жақсы  болуы  шарт. 

Үшінші,   мектепке  бөлінген   программа... ...Керексіз   нәрселерді  үйретіп, басқалардың өмірін  босқа  өткізбес  үшін, балалардың    күші  жетпейтін  өте   алысқа   сүйреп   кетпес  үшін   бастауыш  мектепте үйрететін  нәрселердің   кесім  - пішімі   болуға  тиіс. Сол  пішім  программа  деп  аталады». Сонымен қатар А.Байтұрсынов ағарту саласындағы сол уақыттардағы қиындықтар мен кемшіліктерді атап көрсеткен болатын: көптеген мектептер үймен қамтамасыз етілмеген, ал қамтамасыз етілгендердің өздерінің көптеген жетіспеушіліктері бар, мысалы, үйге байланысты, жылу, жүйесі, оқулықтардың жетіспеушілігі т.б. жақсы мектеп үйлері барлық жерлерде әскери мекемелерге берілген, босатылғандарының өздері қолдануға келмейтін жағдайда. Мектеп қызметкерлерінің жағдайы төмен, оларды ешқандай материалдық жағынан қамтамасыз етпеген. Жалақылары аз, паек алмайды, аз жалақының өзін мұғалімдер мерзімімен ала алмайды. Мұғалімдердің материалдық жағдайының болмауынан мектептер жабылуда денген еді. Ол Халық Ағарту комиссариатының қызметіне ұлт зиялыларын тартты. Мәселен, Е.Омарұлы, Т.Шонанұлы т.б. қайраткерлерге комиссариаттың секторларын басқаруды тапсырған.

А.Байтұрсынов 1921 жылы құрылған Академиялық орталықтың жанынан халық поэзиясының, музыкасының үлгілерін және этнографиялық мәліметтерді жинау жөнінде арнаулы комиссия құрады. Бұл істе үлкен үлес қосқан Қазақстанды зерттеу қоғамы болды. Осы аталған істерге сол кездегі республикадағы белгілі тарихшылар, музыка мен фольклордың білгірлері - Ә.Диваев, А.П.Чулошников, А.В.Затаевич, А.Д.Кастальский, Н.Н.Миронов, А.Л.Мелков, Н.В.Мелкова, А.А.Четыркина сияқты т.б. оқыған зиялы қауым тартылды. Бұл істерді ұйымдастыруда да А.Байтұрсынов елеулі рөл атқарғандығын аңғартады.          

Қазақ әдебиетiнiң көpнeктi өкiлдерiнің бiрi С.Мұқанов 1932 жылы-ақ «қазақ тiлiмен кiтап жазған, қазақ тiлiнiң негiзiн жасап, қазақ мектебiнiң негiзiн қалаған алғашқы адам - Ахмет Байтұрсынұлы оның  бұл тарихи еңбегi бағаланбай қалмақ емес»- деген еді. Сондықтанда А.Байтұрсыновтың көптеген ғылыми еңбектер, оқулықтар жазумен қатар әдістемелік еңбектер де дайындағаны белгілі ("Оқу құралы", "Әліппе").  Оларда оқыту үдерісінің, оқытуды ұйымдастыру, оқыту ұстанымдары, білім мазмұны және оны іріктеу жолдары, білімді меңгерудің тиімді әдіс-тәсілдері сияқты өзекті мәселелері баяндалады.

М.Әуезов Ахмет Байтұрсынұлының поэзиясының асыл қасиетiн: «Қалың қазақ жұртының алғашқы eстіген  төңкеріс  рухындағы сөзі «Қырық мысал» болатын. Бұдан кейiн Ахаңның aтағы жайылып, елдің шын қамқоры екендiгi екінiң бiрiне мәлiм бола бастаған... Әуелгi ниет қылған бетiнен тайынбай, бұрыңғыдай ащырақ, күш тірек тiлмен «Масаны» жазған. Қазақ оқушысына естiлген екiншi елшiлдiк ұраны «Маса» болатын»-деп жазған еді. 

Сонымен қатар С.Сейфуллин Ахмет Байтұрсынұлы туралы былай дейді:  «Өзге оқыған  мырзалар шен iздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көнiп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттық арын жоқтаған, патша заманында жалғыз-ақ Ахмет едi... өзге оқыған замандастары өз бастарының  пайдасын ғaнa iздеп, ар иманын сатып жүргенде, Ахмет халықтың арын iздеп, өзінiң ойға ici үшiн бiр басын бәйгеге тіккен. Ахмет Байтұрсынұлы ұлтын шын сүйетiн ұлтшыл» екендігін аңғартады. Алаштанушы-ғалым К.Нұрпейісов «Алаш һәм Алашорда» атты еңбегінде: «1920 жылдары жекелеген адамдарға Алашорданың «контрреволюциялық ұлтшылдық мәнін» әшкерелейтін еңбектер жазуға арнайы тапсырмалар берілгендігін...» атап өтеді. Ғалым Қ.Атабаев Ахмет Байтұрсынұлы шығарған «Қазақ» газетiн: «Қазақ» тек аласұрған  заманның, аласапыран оқиғалардың сырттан қараған бақылаушысы ғана болып қойған жоқ. Ол сол буырқанған оқиғалардың бел ортасында жүрдi. Қайнаған құбылыстар барысын суретке түсiргендей өз беттерiнде бейнеледi. Олар туралы мәлiметтердi тасқа басып, өз беттерiнде қаттады. Сөйтiп «Қазақ» қазақ өмірінің аса бiр күрделi кезеңiнің шежiресiне, баға жетпес дерек көзiне айналды»-деген еді. Зертеуші Алаштанушы ғалым М.Қойгелдиевтің тұжырымдауы бойынша, «қазақ демократиялық интеллигенциясының қоғамдық-саяси қызметін зерттеу 20-30 жылдары партиялық идеологиялық еңберде жүрді. Ал 1937-1938 жылдары қазақ зиялыларына қарсы бағытталған саяси қуғын-сүргін саясаты Алаш қозғалысын зерттеуге тиым салынған...»-деген еді. Сондықтанда басылым беттерінде «Қазақ» газетінің жарық көруі, оның ұлтшылдық бағыты - халықты оятудан тұтастыруға бейімдеді. Осы ұлт басылымы – барша Алаш қозғалысының беті мен бағытын көрсетті. «Қазақ» ұлттың қазір қандай жағдайда екендігін, қай жолмен жүрсе, қалай болмағын нұсқап, зиялылардың ең көкейтесті ойларын жариялады. Ең бастысы - газет қазақ жерінің барлық өңірін қамти отырып ұлтты оятты.
Дегенменде Кеңес үкіметіне қарсы шыққандар 20-шы жылдардың аяғында тоталитарлық қуғын-сүргінге тап болды. Сталиндік солақай саясат қазақ қоғамын идеологиялық қыспаққа алды. Қазақстанға басшы болып келген Ф.И.Голощекин А.Байтұрсынов, М.Әуезов, М.Дулатов, Қ.Кемеңгеров, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, С.Сейфуллин сияқты алдыңғы қатарлы зиялыларды “ұлтшылдар” қатарына жатқызса, ал Сталин контрреволюциялық астыртын ұйымға қатысы бар деген жалған желеумен Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытовтардың үстінен іс қозғалып, қамауға алынды. Қорыта келгенде ОГПУ-дың сот коллегиясының 1930 жылғы 4 сәуірдегі үкімі бойынша қазақ зиялылары ұзақ мерзімге концлагерьге кесіліп, жер аударылды. А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Х.Ғаббасов, Ж.Аймауытов, М.Есболов сияқты азаматтар бастапқы кезде ату жазасына кесіліп, кейіннен он жыл мерзімге лагерьге жіберілуге алмастырылды. Оларға тағылған кінә өте ауыр еді. Өз уақытында ол сталиндік қуғын-сүргіннің әділетсіздігінің құрбаны болды, жарты ғасырдан астам еске алуға ие болған жоқ, оның есімі Қазақстан тарихында лайықты орын алған жоқ. Тек қазір ғана тарихтағы "ақ" дақтар жойылғанда, өзгеріске ұшырағанда, Ахмет Байтұрсыновтың есмі қайтарылды.

Әдебиеттер 
1. Бөкейханов Ә. Таңдамалы (Избранное). /Бас. ред. Р.Нургалиев.-Алматы: Қазақэнциклопедиясы, 1995. - 478 б.
2. Халқы   қолдаған  «Қазақ» //  №8, Ақиқат 1998. 123. – 101 б. 
3. «Қазақ» газеті. Алаш   азаматтарының   рухына  бағышталады. Құрастырған  Ч.Субханбердина, Қ.Сақов, Д.Дәуітов. - Қазақ  энциклопедиясы , Алматы 1998 -231б.
4. Қ . Атабаев . Қазақ  баспасөзі - Қазақстан   тарихының  дерек  көзі  ( 1870-1918 ) . -Алматы 2000 . -  500 б.
5. «Қазақ» газеті. Құрастырғандар Ү.Сұбханбердина, С.Дәуітов, Қ.Сақов. Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 1998. - 560 б.
6. Кенжалин . Ұлт  рухын  ұлылайтын  сөз-баспасөз // Ақиқат 1998 №6
7. Байтұрсынов А. Шығармалары. Өлеңдер, аудармалар, зерттеулер. Алматы, 1989 ж. 297 бет.
8. Материалы по истории политического строя Казахстана. – Алматы Кітап, 2011. – 312 с.
9. Журасова А. Ликвидация безграмотности // Вестник высшей школы Казахстана. – Алматы, 1999. – 50 с.
10. Не   екен  ойландырған   арыстарды? // №7Ақиқат 1998 . - 125б.  
11. Мұқанұлы С. ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетi. 1 бөлiм (ұлтшылдық, байшылдық дәуiрi). – Қызылорда: Қазақ¬стан баспасы, 1932. 
12. Әуезов М. Ахаңның елу жылдық тойы.  // Ақ жол. – 1923. – 4-ақпан.
13. Сейфуллин С. Ахмет Байтұрсынұлы елуге толды. // Еңбекші қазақ. – 1923. – 31-қаңтар 
14. Нұрпейісов. К.  Алаш һәм Алашорда. – Алматы: Ататек, 1995. – 256 б.
15. Атабаев Қ. Қазақ баспасөзi – Қазақстан тарихы¬ның дерек көзі (1870-1918). – Алматы: Қазақ университетi, 2000. 
16. Қойгелдиев. М.  Алаш қозғалысы. – Алматы, Санат, 1995. – 368 б.
17. Родневич Б. Отколониального вырождения к социалистическому расцвету о Казахстане.  –Москва, –1931. 208 с.

Арынов Жұмахан Мақанұлы
Тарих ғылымдарының кандитаты,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың аға оқытушысы.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (2)

Бейсек

Ахмет Байтұрсынұлы ұлы тұлға

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз