Өлең, жыр, ақындар

Миллионер

Рождествоның үшінші күні, кеште, пошта конторының бойдақ журналисі Ракитиннің үйінде бірнеше адам қонаққа жиналды. Бұл оқиға  үш мың еврей мен шаруа — мазурлар қоныс тепкен, шалғайдағы, өте лас, адамның ішін пыстыратын, шекаралық шағын Красилов деген жерде болатын, тұрғындар арасында өздерін «қауым» деп санайтын шоғыр басқалардан оқшау көзге түсетін. Пошта шенеуніктері, тауарларды шекарадан «өткізу пункті» арқылы рұқсат беретін адамдар, жергілікті полиция, дін иесі мен мұғалім, оның көмекшісімен бірге «қауымға» кіреді.

Жәй күндері артық шығындалмас үшін бірімен бірі сирек қатынасатын олар Рождество мен Пасха мейрамы күндері міндетті түрде біріне бірі кіріп шығатын, қонаққа шақыратын, кезекпен сауық-сайран «думан» құрып, таң атқанша гармон, скрипка ойнап, ән салып, би билейтін, осы жердің адамдары картоптан жасайтын иісі жаман арақты ішіп, өздері әзірлеген аспен қарсы алатын.

Ракитиннің екі бөлмелі пәтерінің ұйықтайтын бөлмесіне қарағанда дардай атына сай келмейтін қонақ қабылдайтын бөлмесінде үстел жайылды. Бірінші орындықта түрі бозарып, суға кеткендей салы сынып жүретін, солғын, бәріне енжар қарайтын, семіз, «штос» пен «дьябелка» карта ойнынан басқаны мойындмайтын, пошта конторының бастығы Шмидт отырды. Оның екі жағында қарама қарсы: Дьякон Василий әкей мен жігерлі қара торы, қошқыл сары жүзді, жымысқы көзді, осы үйдің қожасы жайғасты. Қалған орындарда жергілікті пристав көмекшісі, бұрынғы казак офицері, қалжыңбас, шатаққұмар, әндеткенді жақсы көретін Павлов, оған қарсы түксиген еркек, сопыға ұқсас, қара шашы жалбыраған, өзін «ақырын мастықтың уағыздаушысы» санайтын мұғалім Мусорин жайғасты. Ақыры үстел аяғында Аггей Фомич Малыгин жайғасты, ол да пошта шенеунігі, жасқаншақ, момындау адам, ол ылғи соңында отырады.

Аггей Фомич, жалпы айтқанда, мүмкін болған кезде қонаққа бармауға тырысатын, себебі, ол артынан оларды үйіне қонаққа шақырудан қашатын. Аггей Фомич пошта конторындағы ең сорлы шенеунік, оның жиырма екі сомдық айлық жалақысы әйелін, қолында бағып отырған қарт енесін, бес баласын асырауға жетпейтін. Мұндайда оның қалауынсыз өткен әрбір «думаннан» соң оның үй-іші ауыр шығынға ұшырап, қаражатты үнемдеуге тура келетін. Оның отбасы көпке дейін, біраз уақыт сорпалық ет сатып алуға мұршалары жетпей, тәңертеңгі шәйдан, отындық ағаштан бас тартатын. Анда-санда жоғары жақтан пошта конторын тексеруге келетін басшылық Аггей Фомичтің үстіндегі тігісі сөгілген, шынтақтары мен мойын жағасы жамалған, әбден көгеріп,тозығы біткен ескі мундиріне қарап жақтырмайтын. Үстіндегі киімінің тозығына Аггей Фомич тіпті ұялмайтын, қайта жоғарыдан келгендер Аггей Фомичтің қушиған денесіне, секпіл жапқан бетіне, сирек кездесетін шұқшиған мұртына, ағарған сақалына, езуіндегі кезерген еріндеріндегі жымысқы күлкісіне, ақшыл аянышты көздеріне қарап оған жандары ашитын.

Аггей Фомич бұл жолы қонаққа амалсыздан, өзіне керек болғасын келді. Үнемі тісі қақсап, бет аузын байлап, аурудан көз ашпайтын әйелі бірер күннен соң босануы керек еді; одан басқа үлкен ұлының етігінің табаны қақырап, аяқ-киімсіз жүр еді; оған етік сатып алуға ақша керек еді, оның үйінде бір тиын жоқ болатын. Жағдайы қиын болғаны соншалықты Аггей Фомич ұятты қойып, осы кеште Ракитин үйіндегі қонақтықта кімнен болса да, кім қанша берсе де қарыз ақша сұрап алуға өзін көндірді. Үстел басында отырғанда ұялып, сұрауға жүрексініп, әрлі берлі қолын уқалап, ақша сұрайтын ыңғайлы сәтті күтіп отырды. Ол үй иесі ұсынған дәмнен қымсына қызарып бас тартып отырды.

Қонақтар ішіп-жеп, арақтан алып отырды. Қонақтардың әңгімелері келген бойдан бастап жергілікті помещик, округ пошта бастығы, жергілікті архирейлер мен биылғы жыл егіні төңірегінде болды, бұл әңгімелер оларды жалықтырса да, өздерінің арасында күнде айтылатын бірсарындағы әңгімелер болатын, бұдан кейін олар қасында отырған адамның қандай анекдот айтатынын да білетін. Аггей Фомичтің үш-төрт рет ақша сұрауға сәті түсіп, әңгіме барысында пристав көмекшісіне, қасында отырған мұғалімге еңкейіп, байқатпай сұрайтын мүмкіндігі болды, оларға бұрылып, жеңінен тартып, ақша сұрауға да иілді. Бірақ әр жолы сасқалақтап, қорқып тоқтады.Олардың әңгімелері біртіндеп өмірдің қиыншылығы, қымбатшылығы туралы, адамдар қызметінде неге өспейтіні, неге кішкентай шенеунік болып қала беретініне ауысты. Бұл әңгімелер оларға жақын еді, әркім өздерінің пікірін білдіріп, аяғында: «не айтсақта ең бастысы — ақша: ол үшін ақылды да, сұлуда, еңбекқор да болып керек жоқ, — алтын бұзау алдында бәрі де бас иеді емес пе», — деп әңгімелерін бітіретін.

— Мен бір жолы байып кете жаздадым, — деп бастады әңгімесін Шмидт кекіріп жөтеліп, — Бұл Головчиндегі помещик Порчинскийдің тойында болды. Тойда жиырма поляк паны жиналды, кешкі астан соң бірден штосқа отырды. Қазір есімде жоқ, қалтамда жиырма, не отыз бес рубль болатын. Олар бір мың рубльден салып ойнап жатқанда араларында бос орын болмайтын, жандарында қарап тұрдым. Бір мезгілде ұзын мұртты помещик, жерде тігілген ақшаға жауапты адам маған бұрылып: «Сіз неге ойнамай тұрсыз?» демей ме, мен ойнауға осынша ақшам жоқ деп түсіндірдім. «Түк етпейді, ақшаңызды салыңыз», — дейді маған қарап. Солай мен он рублімді салдым, — бірден ұтылып қалдым, қалтамдағы ұсақ түйекті жинап, тағы он рубль салдым, — тағы ұтылып қалдым. Сонда мені ашу қалай қысты десеңші?! Күміс екатерин рублім болатын, ескерткіш ретінде қалтама салып жүретінмін. Ойланып, ақырында соны салдым. Қолым шыға бастады, жерден бір алдым, содан кейін тағы алдым, тағы бір рет, тағы.... Бес минут ішінде жерде жатқан банкті сыпырып алдым. Жердегі банкті жинаушы маған: «Енді сіз, кепіл етіңіз, салыңыз» демей ме. Мен, әрине, дір ете қалдым. Түсінесіңдер ғой, үлкен картамен біреу басып алса, отырып қаламын емес пе. Қарасам жерде он бес мың рубльге дейін жиналып қалыпты. Тұрып кетсем бе екен деген ойда келді, біржағынан жатқан ақшаны қимаймын. Сол сәтте үстел жанына үйленіп жатқан Порчинскийдің өзі келді. «Махабатта жолыңыз болса болар, бірақ картада сіздің жолыңыз бола қоймас, кәнеки, маған берші, мен тігейін» демей ме. Мен картаны араластыра беріп: «Мен өзім саламын» деймін. Ол: «Сіз бе? Өте жақсы. Онда мен «ва —банкқа барамын» дейді. Жұрт аң-таң. Не істейін, картаны араластыра бастадым, ол картасын көтергісі де келмейді, беті бүлк етпейді, тұрған бір сұрқия. Сонымен не керек, екінші картада жерде жатқан ақшаны сыпырып, қалтасына салып кете барды. «Мен картамды қарамаймын да дейді». Отырғандар Шмидттің әңгімесін көздері жайнап, он бес мың рубльді өздері көргендей, ақша сылдырын құлақтарымен естігендей тыңдады.

— Билеттерден ұтыс алып жолы болатындар да болады, — дейді ауыр күрсініп Дьякон әкей (отырғандар дьякон әкейде ішкі заим билеттері барын білетін). — Жуықта мен бір өсім алушы екі жүз мың рубль қағып алды дегенді оқыдым. Жарымаған кедей ұтып алса бір жөн ғой, ал өсімшінің ақшасы онсызда жетпей ме? Құдай алдында тәубашылық етейік.

— Әрине, мұндай болады, — дейді жуан дауысымен, ойланып отырған мұғалім. Ал біреулер билеттен бір рет ұтып алса, артынан да ұтып ала береді екен. Бұл рас па, әлде өтірік пе ? Оны кім білсін!  

— Иә, солай, — деп бастаған пристав көмекшісі, — бірақ бұның растығын білмеймін, бізде З. — да бір көшірмешімен мынандай оқиға болды. Әлгі көшірмеші губерниялық басқармада жұмыс істейтін, басқармада жүріп көп билет жинапты, бір күні басқармаға келсе, үстел басшысы: «Сергей Николаевич, сіздің билетіңіздің нөмері қандай?» — деп сұрайды.

— «Қазір қандай екені есімде жоқ, бір мың жүз жиырма үш делік» — дейді әлгі. Үстел басшысы оған бірден: «Сізді құттықтаймын, сіз елу мың ұттыңыз» дейді. Газетті қараса: шынында бір мың жүз жиырма үш — елу мың ұтыс деп жазылыпты. Көшірмешінің қуаныштан есі шығып кете жаздайды! Түскі аста ұтысын шампанмен жуады, бәрі құттықтап, лебіздерін айтады. Келесі күні сол газетте бір мың үш жүз жиырма төрттің орнына бір мың жүз жиырма үш деп қате жызылып кетіпті деген түзету басылады. Көшірмешінің қаны көтеріліп, жынданып кете жаздады.  

Олар жиналса болды адамның мезін қашыратын су тамшысындай ұқсас, бір сарындағы әңгімелер айтылатын: Ротшильд Парижге жалаң аяқ, жалаң бас келіп, көшеде сіріңке сатып, артынан жүз миллион жылдық табысқа қалай қол жеткені, Вандербильдттің жер астынан тауып алған шексіз олжалары туралы, адам сенгісіз карта ұтыстары, биржалық табыстар, күтпеген жерден туыс болып шығатын американдық миллионер — нағашылар туралы әңгімелер жарыса айтылатын.

Аггей Фомич мұндай әңгімелерді өзі айтпаса да ықылас ынтасымен тыңдайтын. Өңсіз ұсқынына қарамастан айтылған хикаялардан соң керемет қиялға батып, көз алдына оқиғаны елестетіп, аузы құрып тыңдайтын. Ойда жоқта аспаннан түсе қалған байлықтар, өздерінің ерке наздарынан бас тартпайтын миллионерлер туралы хикаялар Аггей Фомичті толғандырғаны соншалық сол сәтте әйелін туғызып алу үшін акушерге төлеуге, ұлына етік сатып алуға бірнеше рубльге зар болып отырғанын ұмытып кетті.

— Кейбіреулер көшеде келе жатып та ақша тауып алады, — демесі бар ма Аггей Фомичтің, — аузынан қалай шығып кеткенін өзі байқамай.

Отырғандар таңырқап қарады, осы кештің басынан бері ауыз ашпаған Аггей Фомич ұяттан басы салбырап, үстелден көзін алмады.  

— Көшеден ғана емес, біреудің қалтасынан да... тауып алатын шығар, — деп пристав көмекшісі кекеткен болды.

Қонақтар пристав көмекшісінің ащы мысқылына емес Аггей Фомичтің абыржыған ұсқынына қарап, отырғандар біраз күліп алды, содан кейін қонақтардың әрқайсысы арты ашылмаған ақша ұрлықтары туралы жалғастырды. Аггей Фомичтің көз алдына бұл жолы да он мың, жүз мың рубльдер, аса көп орамдағы ала — құла ассигнациялар, ақшаның есебін білмейтін сиқырлы байпатшалар орала берді. Ол әңгімелерді гастроном дүкені терезесінің алдында аузынан сілекейі ағып қарап тұрған ашқарақ адамдай тыңдады.

Қабырғада ілінген ескі сағаттың қырылдаған даусы сағат бірді соқты. Дьякон әкей орнынан тұрып, ұзын жеңдерін оң қолтығына жинап қоштаса бастады, Аггей Фомичтен басқа қонақтарда тұрып қайта бастады.

Ракитин қонақтарды майшамды қолына алып есікке жарық түсіріп шығарып салғанша Аггей Фомич отырған жерінде қозғалмай, үстел үстіндегі нан үгіндісін шұқылап отыра берді. «Қазір Ракитин келген бойда сұраймын, батыл болу керек. Ақша сұрағаным үшін мені жеп қоймас?» деп өзін жұбатты.

Ақыры Ракитин де кірді, Аггей Фомичтің қонақтармен бірге неге қайтпағанын түсінбеген ол оның қасына келіп отырды. Аггей Фомич бірден ақша сұраудың орнына жұмысы, жалақысы туралы ұзын сонар бос әңгімеден бастады. Ракитин болса ұйқылы көздерімен есінеп, әдеп сақтап, тістеніп отырды. Осылай жарты сағат өтті, шыдамы таусылған Ракитин есінеген даусын қаттырақ шығарып:

— Неткен опасыздық десеңізші! — Ертең менің кезекшілігім!... деп атып тұрды.

Аггей Фомичте орнынан тұрып, кешірім сұрады. Сұрланған бойы ол сыртқы есіктің тұтқасын ұстай беріп, үрейі қашып Ракитинге бұрылды:

— Менің саған кішкентай... , яғни, бұйымтайым бар еді.

— Ол не? — деп Ракитинде алаң —жұлаң бұрылды.

— Түсінесің бе, мен сені ... мазаламас едім, ...әйелім, міне, босану керек еді.... Сен түсінесің ғой, маған ... керек болып тұрғаны, мен жиырма рубльді ... қалдырмай қайтарамын, — ол он рубль дегісі келіп еді, бірақ аузынан жиырма рубль қалай шығып кеткенін өзі де байқамады, өзі айтқан сомадан өзі шошып, ең болмағанда бес рубль берсе де жаман болмас еді деген ойда келіп үлгерді.

— Құдай ақысы бір тиын жоқ, —деп, Ракитин екі қолын кеудесіне қойып, нандырып бақты, — Түсінесің бе үйде бір тиын жоқ.

Ракитиннің тым шын айтқанына қарап, Аггей Фомич оның ақшасы болса да қарыз бергісі келмейтінін түсінді. Кешірім сұрағандай міңгірлеп, Аггей Фомич сыртқа шықты.  

Ай жарық, тыныш, сықырлаған аязды түн болатын. Көшелерді күртік қар басып, аласа үй төбелеріне ақ жиналып, ағаштарды қырау басқан түнгі жым-жырт еді. Аяқ астында қар сықырлайтын. Аггей Фомичке ұзақ жаяу жүруге тура келді. Оның есінен ақша шықпай қойды. Ол тар, суық жасыл терезе жиектері бітелген, үнемі жоқшылық пен сәби жаялығы иісі мүңкитін аласа бақалтақ үйіне баратынан зәресі қашты. Егер әйелі, алдынан шығып, қарлығып, ақша қайда деп сұраса не дейді? Иә, арақ іштім, сыра іштім, қуырылған торай етін жедім дей ме, үйінде бала шағасы қарындары ашып, әкелері қайтсе де ақша тауып әкеледі деген үмітпен ұйқыға кетті емес пе?.

— О, Жаратқан, Құдай! — деп күйінді Аггей Фомич, — неге сен біреулерге үйіп төгіп бересің, бақытты етесің, байлық бересің? Сен неге мені ұмыттың? Мысалы, кейбіреулер ғой ақшаға мұқтаж болмаса да ақша тауып алады ғой. Мен өмірімде бір жолы болса да ... тым болмаса он, жоқ, жиырма рубль тауып алдым ба?! Акушеркаға төлер едім, Васюткаға етік сатып алар едім, Лелеге жылы кішікентай пәлте.... Қазір жолда келе жатып әмиян неге тауып алмасқа? Мұндай оқиғалар талай болады, жиі болады емес пе? Бұл туралы жазып, айтып та жатады емес пе?

Аггей Фомич өзінен өзі құшырлана қиялға батып, көшеде келе жатып, ол жерден қалың, былғары әмиян тауып алып, әмияннің ішін ашып қараса тұтас бір бума жүзрубльдік ақшалар салынғанын, оның ішіндегі ұтыс билеттерін көріп, оның бала-шағасы кең, жылы, жарық пәтерге көшіп, жаңа үйге жиһаздар кіргізіп, балаларына әсем, жылы көйлектер тіккізіп жатқанын көз алдына рахаттана елестетті, көп ақшаға не керек... бәрін алуға болады емес пе?

Аздап ұрттаған арақ рюмкасының әсері ме , әлде өзіне деген сенім бе Аггей Фомичтің ішінде қисыны жоқ, адам сенгісіз бүгін, дәл қазір, ол көшеден кездейсоқта әмиян тауып аламын деген сенім пайда болды. Неге бүгін, неге солай болуы керегін өзі де түсінген жоқ, ойлағанда емес. Ол басын көтерместен, төмен түсіріп, сенімді күйде аяқ астына мұқият қарап келе жатты.

— Қазір..., міне, қазір....енді..., — деп сандырақтап, — басқалар тауып алады, енді бірнеше қадам... қазір...қазір....

— Ол кенет қардың үстінде жатқан шағын төртбұрыш нәрсені көрді, бұл оның желіккен қиялының елесі емес еді. Аггей Фомич қуаныштан тұншыға жаздады, айналасына ұрлана қарап, жерде жатқан нәрсеге ұмтылды....

Аггей Фомичтің қолына былғары қалың әмиян ілікті.... Әуелі оның есалаң қиялы күтпеген жерден бола қалғаны бірнеше секундтқа оны есеңгіретіп жіберді. Аггей Фомич оның қолында кәдімгі әмиян тұрғанына көзі жеткен соң жан ұшыра әмиянды төсіне тығып, үйіне қарай жүгіре жөнелді....

Аггей Фомичке жарты шақырым жүгіруге тура келді. Бұрын бұлай жылдам жүрмегендіктен оның кеуде асты шаншып, алқымына құрғақ, ащы қақырық жиналып, басы айнала бастады. Бірақ ол тоқтамады, егер тоқтаса, немесе сәл кідірсе біреу оны қуып жететіндей көрінді, тапқан олжасын тартып алатындай болды. Жүгіріп келе жатқанда бөркі басынан жерге түсіп кетті. Еңкейіп көтергісі келіп еді, бірақ қолын дереу бір сілтеп, әрі қарай зымырай түсті. Ол қуаныштан: «Әлі мың бөрік сатып аламын!» деп ішінен сыбырлады....  

Оның есікті дүркірете қаққан дыбысынан шошып оянған әйелі есікті ашты. Балалардың зәрелері ұшып ұйқыдан оянып, төсек үстінен әкелеріне қарап тұрды. Қара терге түскен Аггей Фомич тентіректеп барып, орындыққа жалпия кетті....

— Анечка! Балалар! — деп қарлығып, тауып алған әмияды басына көтеріп, сілкіп тұрды. — Мынаның ішінде.... мына әмиянда...ақша... жүз мың... , енді пәтер жалдаймыз. Аня... шампан әкел..., төрт жүз мың... түсінесіңдер ме? Урра-а!

Бүгінде Аггей Фомичтің дәулеті соншалықты, оның миллиондарына қарағанда Голконда мен Калифорнияның барлық қазыналары түкте емес. Оның ат қорасында алпыс мың жылқы, үш миллион бес жүз мың күйме тұр. Ол әлемдегі барлық теміржолдың, тіпті жерден Юпитерге тартылған жаңа теміржолдың да директоры. Оның қолы тым ашық, ақша сұрап келген кедей-кепшікке бір, екі миллион ақшаны қолына ұстатып жібереді. Ол тым мейірбан жан, жуас, жұмсақ адам, ол бір нәрсені ғана көтере алмайды — үш рубльдер, жүк түбіртегі мен газет хабарландыру қиындылары тығылған былғары әмиян ішінен біреу-міреу бірдеңе алғысы келсе болды, Аггей Фомич әдеттен тыс жынданып шыға келеді. Сол кезде қолына түскенді қасында тұрғандарға лақтыра бастайды. Әйелі мен балалары Аггей Фомичті өте жақсы көреді, олар оны бағып күтеді. Ол да жақындарына солай қарайды.

Ең аяғында, біз білетін, қияли нақұрыстар дені сау бізден де шексіз бақытты шығар дегенде ой келеді?

1895 жыл. 


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз