Қыстың жайлы бір жылы күні еді. Қыр үстіндегі ауылға қарай асықпай келе жаттым. Бір кезде сай ішімен бірін-бірі қуалай зытып бара жатқан екі қараны байқап қалдым. Алдыңғысы тушадай ақ қоян да, кейінгісі қырдың қызыл түсті арлан түлкісі екен. Түлкі өкшелей қуып жүр. Қоян да жеткізер емес, аяқтарын аянбай сілтейді. Кенет ол оқ бойы ойқастай берді де, ойламаған жерден бұғып жата қалды. Мұны күтпеген түлкі екпінін баса алмай төне бергенде ақ қоян артқы аяқтарымен бар пәрменімен оның төсінен салып жіберді. Түлкі шалқалақтап барып қайта ұмтылды.
Ашық алаңдағы ақ қар үстінде қызу айқас осылай басталды. Түлкі өткір тісті азуын қоянның әр жеріне аямай-ақ салып жүр. Бірақ оны елер қоян жоқ, ол да өзінше қару жасап, әлді дұшпанының қимылын аңдып жүріп, оны не тістеп, не теуіп қалады.
Айқас біраз уақытқа созылды. Бір кезде қызыл түлкі ұзын құйрығы бір бұлаң етті де, ақ қар үстіне аунап түсті. Сол сәтте орғып түскен қоян да қалың шіліктің ішіне сүңгіп кетті.
Мен тақап келгенде, түлкі шалажансар халде екен. Бейшараның
ішегі шығып, шұбатылып жатыр. Қоянды қан шашыраған ізіне түсіп, әлгі шілік ішінен таптым. Ер қоян ұзынынан түсіп өліпті. Денесінде жарадан сау жер жоқ, қып-қызыл қанға боялған. Дүниедегі ең қорқақтардың бірі – қырдың орқояны мұндай ерлік көрсеткеніне қайран қалып, мен сол арада біраз тұрып қалдым.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі