Өлең, жыр, ақындар

Абайды білу – өзіңді тану

Күллі әлемнің әдебиеті мен мәдениетінің, өнері мен білімінің – бүкіл рухани жан дүниенің дамуы, жалпы адамзаттық өркениетке ұмтылысы – сол халықтың өміріне, ұлт ретінде адами болмысы мен рухына іргелі бетбұрыс жасаушы ұлы дарындардың тарихи еңбегімен, қайталанбас қайраткерлік тұлғасымен тығыз байланысты болып жатады. Қазақ халқы үшін сондай дара тұлға, әрбір сөзі даналықтың үлгісіндей болған Абай Құнанбайұлы. Абай - қазақ әдебиетінің тұңғыш классигі, Ұлы ақын, ағартушы, сазгер, ойшыл, қоғам қайраткері. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында 2020 жылы аталып өтетін маңызды мерейтойлар мен елеулі оқиғаларға, соның ішінде Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойының аталып өтетініне тоқталды. Осы ғұлама тұлғамыздың еңбектерін халық арасында дәріптеу мәселесін көтерді. Ел өміріндегі осындай елеулі оқиғаның жас ұрпақты нағыз отаншылдыққа тәрбиелеуге жол ашатынына сенім білдірді.

Абайдың шығармашылық пен поэзияға деген қызығушылығы ерте оянған, оған әжесі мен анасы себепші болды. Абай феодалдық және отарлық езгінің күшеюімен, хандықтардың жойылуымен және жаңа үкіметтің орнауымен ерекшеленетін өте қиын және аласапыран уақытта өмір сүрді. Қазақ халқы - жас Абайдың тамаша ұстазы және тәрбиешісі болды. Жергілікті және отаршыл биліктің барлық күш-жігеріне қарамастан, қазақ көркем әдебиеті мен прогрессивті қоғамдық ойы қарқынды дамыды. Абайдың дүниетанымының қалыптасуына гуманистік идеяларды ұстанған Шығыстың ақындары мен ғалымдары, орыс классиктерінің шығармалары және олар арқылы жалпы Батыс әдебиеті әсер етті. Осы кезде ұлттық реалистік әдебиет дүниеге келді, оның бастауы Абай Құнанбайұлы болды. Оның шығармаларында халық шығармашылығы дәстүрлері және қоғам мәселелерін түсіну барынша көрініс тапқан. 

Абай Құнанбайұлы көзі тірісінде-ақ, бір жағынан, танымал, құрметтелген, халық сүйген қайраткер болса, екінші жағынан, феодалдық элита мен патша шенеуніктерінің қыспағына түсті. Бірақ бұған қарамастан, оның шығармалары баспа түрінде жарияланған тізімдерде таратылды. Ол туралы мақалалар да жарияланды. Бұл ақын шығармашылығын зерттеудің негізін қалады. Абайдың бірқатар өлеңдері "Дала уәлаяты газеті" басылымында Көкбай досының қолымен өлең ретінде жарияланған. 1900 жылғы шығарылымда Абайдың «Орта Қырғыз Ордасы руларының шығу тегі туралы жазбалар» мақаласы жарияланды. 

Абайдың жастарды адамгершілікке тәрбиелеу туралы көптеген ойлары қазіргі кезде де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Абай өз ғұмырының ақырына дейін қазақ балаларын оқуға, білім-ғылыммен айналысуға, рухани дамуға және әлемдік мәдениеттің құндылықтарын бойға жинауға шақырғанын білеміз. Ұлы дала философы және ағартушысының өмірден озғанына ғасырдан астам уақыт өтсе де, оның бейнесі туған халқына, туған ұлтына жақындай түсуде. Еліміз егемендік алып, Тәуелсіздік Туы төбемізде желбіреген кезеңде ұлы ойшылдың жауһар жырлары мен мазмұны терең ой-танымдарының құндылығы артып келеді. Бұл бүгінгі жаппай жаһандану дәуірінде де өте өзекті. 

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлы ақын мұрасы жөнінде «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласында айтып өтті. Мемлекет басшысының сөзіне сүйенсек: «Абайды білу – өзіңді тану. Өзін-өзі тану және адамның тұрақты дамуы, ғылым мен білімнің басымдығы – жетілудің көрінісі». Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын Біріккен Ұлттар ұйымының Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымы (ЮНЕСКО) мен Халықаралық түркі мәдениеті ұйымы (ТҮРКСОЙ) аясында атап өтілді. Абай ХІХ ғасырда ғана емес, сонымен бірге ХХІ ғасырда да қазақтың әлеуметтік ойы мен көркем әдебиетін көтерді.

Абайдың өлеңдері мен әндерін, философиялық көзқарастарын, қара сөздері мен ойларын зерделей отырып, олардың адамдар жүрегінде өзінің адамгершілігімен, сүйіспеншілігімен, тереңдігімен үндесетінін көреміз. Ұлы Абай тәуелсіздік таңын таппады, бірақ оның ұрпақтары бүгінде егеменді мемлекет құруы үшін еңбек етті. Абайдың шығармалары қазақтың жас ұрпағын өз халқына қызмет етуге шабыттандырады, білімге, ғылымға деген ұмтылысына қанат бітіреді және мәдениет арқылы ұлттардың дамуына ықпал етеді. Олар әрқашан өзекті болып табылады. Абай өмірі - ұрпақ үшін ақиқат пен әділдікті табандылықпен іздеудің үлгісі болды. Абай отандық тарихымыз бен әдебиетімізде аса көрнекті орын алады. Абай қазақтың ұлттық жазба әдебиетінің негізін қалады. Абай есімі дүние жүзі халықтары әдебиетінде Шекспир, Пушкин, Гетелермен қатар тұрады. Абай шығармашылығы тек қазақ халқының ғана мұрасы емес. Шетелдіктер қазақты Абай арқылы таниды, ақынның туындылары арқылы бағалайды. Оның жалпыадамзаттық құндылықтарды насихаттауға толы шығармалары бүкіл халықаралық қауымдастыққа жатады, әлемдік мәдениеттің бір бөлігі болып табылады. Ақынның мол әдеби мұрасы тек бір халықтың ғана емес, бүкіл адамзаттың рухани қазынасы саналады.

Қазақтың Бас ақыны Абайдың 175 жылдығына арналған әртүрлі іс-шаралар Қазақстанның жетекші жоғары оқу орны, елдің білімі мен ғылымының алдыңғы шебінде орналасқан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде де аталып өтіп жатыр. Ұлы Абай арман еткен, алға қойған мақсат-мұраттарға жету үшін енді тек ұмтылыс керек, еңбек пен қабілет керек, ең бастысы, Отанға деген шексіз сүйіспеншілігіміз керек.    

Алуа Узбехан, Тарих, археология және этнология факультетінің 3-курс студенті 

Ғылыми жетекшісі – Сабырхан Смағұлов, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қазақстан тарихы кафедрасының оқытушысы


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз