Өлең, жыр, ақындар

Шалғай мүдделер

Араға ұзақ жыл салып, ауылға бардым. Амандаса келген ағайын-туған, дос-жарандардың аяғы сейіле бергенде жіті басып қырма сақал бір жігіт кіріп келді.

— О, Тайлан, аман-саумысың? Сағындырып-сағындырып бір-ақ келетіндерің - ай осы сендердің. Сау болсаң бопты. Ал, кәне, зарықтырып келгенде әкелген не базарлығың бар? Әлгі астаналық деуші ме едіңдер, әлде арнайы москвалық деуші ме едіңдер, немене еді, баса келген боларсың. Үлкен қалада жүрмін деп, мына кішкене ауылыңды, біз сияқты құрбы, замандастарыңды ұмытып кетсең, өзің де оңбассың — деп төкпелеп сөйлеп, тақымдай бастады. Қасын ойнатып, жымың қағады, көзін қысып қояды.

Бұл Тәужен деген бір кезде пысық, іскер жігіт болатын еді. Ұзақ мезгіл колхозда есепшілік қызмет атқарған. Соңғы жылдардағы хабардан «Тәужен ішкілікке салынып кетіпті. Қай жерге барса да иығы сыймайды. Әр қызметтің басын бір ұстап, қонақтай алмай жүр», — дегенді еститінмін.

— Бармағыңды сағындым. Бірдемең болса, шығар бері. Болмаса мына жерде дүкен де жақын. Жүгірте ғой біреуді. Осындай оңашада қағып тастайық, — деп Тәужен алды-артымды орап, елпілдеп барады.

— Көріп отырмын, тамағың кепсіп қалған екен. Дүкенге барып бірдеме әкеп бермесем болмас саған, — деп оңтайлана бердім...

Тәужен тамағын кенеп, қыпың ете қалды.

— Болса, ақаңның құлагеріне қай қылаң жетсін? Жетім баланың қарнындай ішіңді кептегеннен басқа не қажеті бар шарап дегенің.

Осы бір шақта есік тағы да шалқалап ашылды да, бір қолында ескі қара портфелі, екінші қолында домбырасы бар шоқша сақалды қарт кіріп келді.

Төр алдында отырған Тәужен қисая кетті.

— Е, аман жүрсің бе, балам? Баяғы өзің барда кәзетке бір өлеңім басылып еді ғой. Содан кейін сәті түспей-ақ қойды. Кәзет төңірегінде кілең бір бөрікрәттер жиналып алса керек. Мықты дегеннің бәріне арызды айдап жатырмын. Хабары бір келсінші. Содан кейін қалай баспай отырар екен! — деп қарт маған қарады. Сол шақта оң жақ бетінің еті жыбыр ете түсті. Оң көзі жыпылық қағып кетті. - Ай, шырағым, сен жоқта көп дүние жазылды. Ескі қиссаларды қайта өлеңге түсірдім. Оқиын деп келдім. Отыр, - деді ол төр алдына жайғаса беріп. Домбырасын да күйлей бастады. Бұл сол колхозда тұратын Байбөрі деген қарт еді. Көп сөйлейтін, келсін - келмесін боратып өлең жаза беретін мазаң қарт болатын.

— Ау, бала, сен осы қопаңдай бересің, бір жаққа бармақ па едің? Атаңның лебізін тыңдамай ешқайда да кетпейсің, — деді Байбөрі ақ жағал болған қара портфельден қалың дәптерді шығарып жатып тағы да.

— Ой, шал, оныңды қоя тұр, — деді жантайып жатқан Тәужен, — Тайланның асығыс шаруасы бар. Ертең келіп оқы.

Байбөрі алақанын маңдайына тосып, төр жаққа тесіле қарады. Бет еті тағы да жыбыр етті.

— Бұл кім еді? Әлгі Ыбыштың жаман Тәужені ме? Ой, арақ пен жуа сасыған мұңдар неме? Жайыңа жат. Білем сенің не шаруаңның бар екенін, — деп Байбөрі шоқша сақалы шоштаңдап адуын сөйледі.

Тәужен басын көтерді. Шал портфелінің үстінде жатқан қалың дәптерді қолына алды. Салмақтап-салмақтап қойды. Содан кейін қас-қабағын ойнатып, қуақылана:

— Осы шатпақтарды да қисса деп... Отқа таста әрі, — деді.

— Әй, осы сен кімге жөн үйретпексің, мұңдар неме! Жоғал, бар!

Тәужен бір қулық сақтап, шалды әдейі шапқа түртіп отырғанға ұқсайды. Маған қарап көзін қысып қойды да:

— Бұл үйден кім мылжың болса, сол кететін болсын, — деді.

— Әкең жаман ғой, мұңдар неме. Ыбыштан қайбір оңған бала туды дейсің.

Жігіт шықылықтай күлді. Шалдың бет-аузы тағы да жыбырлап кетті. Қарттың иығына Тәужен қолын салды. Жүзінен күлкі ізі жоғалып кетті. Балата арнап ақыл айтып отырған үлкен адамша сөйледі.

— Қалжың ғой, Байекесі. Байекең екеуміз кейде осылай қораздарға ұқсап, ілінісіп қаламыз. Әйтеуір кегіміз жоқ бір-бірімізге. Ақсақалдың жазғандары да көп. Соны сен, Тайлан, ретін тауып бастырсаң деймін.

Байбөрі қарт шоқша сақалын сипап шалқая отырды.

Тәужен шалға қарады.

— Ал, қосағасы. Тайлан болса, жаңа ғана келді. Жол соғып шаршаған да болар. Демалсын. Ертең кел. Сонда оқырсың. Кәне сөйте ғой.

Шалдың беті тағы жыбыр ете қалды.

— Шырағым, сен келсейші ертең. Менің жайымды білесің ғой өзің. Сөз жүйесін түсінер кім бар мұнда? — деп жуаси сөйледі.

— Жарайды, енді ертең кел деп отырмын ғой. Бірінші күнді мына бізге, замандастарына берсеңші.

Жығыла қалатын Бәйекең де көрінбейді.

— Бір күн арақ ішпесең, ішің кеппес, балам. Сен кел ертең. Байқаймын, Тәужен мен Байбөрі бірін-бірі алдайды. Арбасады. Бірінен бірі құтылғысы келеді.

Ал мен болсам, мылжың мен ішкіштің екеуінен де құтылғым келіп асығып отырмын.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз