Өлең, жыр, ақындар

Өмір нұры

Бүгін Жантуар мен Шәмшігүлдің қуанышында шек болған жоқ. Екеуі бас қосып, жұбайлық өмір сүргелі айта жүрерлік ең зор қуаныш. Жұбайлық өмір демекші, бұлар қосылғалы табаны күректей он екі жыл. Әй-шәйсіз, тату өткен жылдар. Осы бір ғұмырда Шәмшігүл Жантуарға, жә болмаса, Жантуар Шәмшігүлге бажырайып бетіне қарап, бір қатты сөз айтып көрген емес. Бұлар көңілдегіні айттырмайтын, айтайын дегенді қабақ қағыстан дөп басып білетін тату жандар. Оның үстіне екеуі де ерте бастан айтулы қызметке іліккені тағы бар. Жантуар болса, бір жобалау институтында бөлім бастығы, Шәмшігүл болса, ғылым кандидаты — жоғары оқу орнында сабақ береді. Табыс сондай мол. Екеу і де бір шамада дүниеге келіп, бір-біріне дер шағында кездескеніне дән риза. Дегенмен, осы бір тату жұбайлардың ғұмырында әлдебір «әттеген — айы» болса, онысы — есікті ашсаң бір аттап, бірден төрге шығатын, аядай ғана жалғыз бөлмеде тұратындығы. Осы «әттеген — айдың» бояуын қалыңдата түсерлік тағы бір жай — нәрестелері жоқ. Сөйтсе де басы жас адамдар ғой, баладан көрі, үй туралы көбірек қиналады. Анда-санда жолдастар келе қалса, олардың да айтары — бала жәйі емес, үй жәйі.

— Апыр-ай, үйді бір алса, сендер алуға тиісті едіңдер, — деп мүсіркейді.

Көптенгі арман — бітеу жараның аузын біреу келіп тырнаған соң Шәмшігүл күрсініп қояды.

— Күте — күте шаршадым, тіпті. Жұрт секілді дүние құрап, адамша тұрғың - ақ келеді, амал қанша!..

— Торықпа, Шәмшігүл, бір реті болар, — дейді ондайда көрінген нәрсеге көп уайымдай бермейтін Жантуар.

Иә, сол «бір реті болардың» реті бүгін келді. Қаланың нақ ортасындағы жаңа салынған үлкен үйден Жантуар мен Шәмшігүл екі бөлмелі пәтер алды. Пәтер болғанда қандай еден дегенін қызыл паркет, жалтырап жатыр. Ванна мен ас бөлменің қабырғасы айна дерсің-ақ кафель. Терезелері аттылы кісі өткендей. Ыстық су, суық су, газ дейсің бе, бәрі де қол астында. Он екі жыл отын тасыған, су тасыған, күл шығарған Шәмшігүл:

— Уһ, жеттім бе, жетпедім бе! — деп паркетке отыра кетті.

— Әрине, жеттің, Шәке, — деп Жантуар оны тұрғызып алды.

Жеткенімен, енді жаңа бір шаруа тап болды. Шәмшігүл жаңа үйді жаңа дүниемен жасақтауға кірісті.

— Көрсе қызарлық жасап қайтеміз, осы өзіміз қосылған кездегі дүниеміз маған сондай ыстық көрінеді, — деген Жантуарға: — Үй шаруасына араласпа, ол әйелдің жұмысы, — деп кесіп тастады.

Содан кейін амал жоқ, Жантуардың Шәмшігүлге еріп мебель магазиніне баруына тура келді.

Ең әуелі бір павильонға кіріп еді, Шәмшігүл бір мебелдің жанында сәл аялдаңқырап қалған Жантуардың жеңінен тартты.

— Қой, бұларды қарап қайтесің, ана импорт жағына барайық.

— Осы өзімізде жасалатын мебельді де жұрт жаман демей жүр ғой.

Бұған болар Шәмшігүл жоқ:

— Жаңа пәтер алып отырып, мына секілді мебель қойғанымыз ұят. Жұрттың бәрінде импорт. Біз не, солардан кембіз бе?!

Жантуар дәлелді ештеңе айта алмады, Шәмшігүлдің соңынан ерді.

Шетел мебелі тұратын павильон шынында өзгешелеу екен. Жеке-жеке орындарда жіп белдеушемен айнала қоршалып қойылған мебель түрі көп-ақ, Шәмшігүл таңдап жүріп «Космосқа» тоқтады.

— Қазір жұрт аузындағы мебель осы. Осыны аламыз, — деп білетінін де танытты, кесімін де айтты.

Бірақ ақшасын төлейін деп сатушыны іздесе, бір қиындықтың үстінен шықты мұның бәрі үлгі екен. Ал сатылатындарына сыртта алушылардың өзі қойған кезек бар. Мебель алғың келсе, ең алдымен кезекке тұрасың.

Жантуар аңырып қалды. Шәмшігүл жолды тез тапты.

— Ендеше, Дәулетке барайық.

Жантуардың есіне орта бойлы, қара жігіт түсті. Талай жерде қонақта кездесіп қалып жүретін Дәулет жыпылдап сөйлеп:

— Қажет бірдемелерің болса, хабарласыңдар, — деп өзінің саудада ітейтінін танытып, телефонын беретін.

— Барсақ, барайық.

...Дәулет шынында да, айтқан жерінен шықты... Бұлардың келген жайын ықыласпен тыңдады да, телефонға жармасты.

— Бұл кім? Ә, Бекбатыровсың ба? Өзіңде бол, қазір саған ерлі-зайыпты екі кісі барады...

Осы кезде Шәмшігүл:

Ұнатқанымыз «Космос», — деп үлгірді.

Дәулет саққұлақ екен.

— Алло... алло... «Космосың» бар ма? Е, болса, сол «Космостың» біреуін...

Осы кезде Жантуар да:

— Білмеймін, Шәкеңнің ұнатқаны «Космос», ал мен болсам... — деп мүдірді.

— Ал сен болсаң?

— Мен болсам, ана чех мебелі дұрыс па деп...

Дәулет телефон трубкасын аузына тақады:

— Ал чех мебелі ше?

Шәмшігүл қарсылық білдірді.

— Қазіргі жұрт аузында жүргені осы «Космос». Біздің Жантуар білмесе де айта береді.

Дәулет булардың әлі бір ымыраға келе қоймағанын сезіп, Бекбатыровқа:

— Қысқасы, қазір осы кісілер саған барады, қалаған мебелін беретін бол, — деп қадап айтты. Содан кейін сәл тоқталыңқырап барып Шәмшігүлге қарады: — Бұрын үйленсеңдер де, жаңа үй болып жатырсыңдар ғой, тағы не керек. Қысылмаңдар, айтыңдар.

Қысылма деген соң, Шәмшігүл қысылған жоқ.

— Екі-үш кілем керек, екі үш палас керек, хрусталь вазалар, рюмкалар...

Жантуар ұялыңқырап қалды.

— Бір жолға мебеліңнің өзі де аз жүк емес еді ғой, Шәке?!

Шәмшігүлдің бір жақсы қасиеті — осындайда қысылмайды. Кімге болсын орынды сөз тауып, еркін сөйлесе алады. Және бәрі де жарасымды, сыпайы болып шығады.

— Жоқ тағы келіп Дәукеңнің мазасын алғанша, біржола тындырып кеткеніміз жақсы. —Табиғатында сүйкімді әйелді бұл сөз тағы бір биікке көтеріп тастады. Дәулет қарқылдап күлді:

— Шәкең дұрыс айтады. Бүгін тындыратын шаруаны ертеңге қалдырып керегі жоқ. Бірақ тағы да айтарым — бәрін бүгін тындырдық деп келмей қойып жүрмеңдер. Мынадай жерде отырып ағайынға қолқабыс жасамаудың несі жөн. Қолдан келгенді жасаймыз. Жиі-жиі хабарласып тұрыңдар. Мазалайды екенбіз деп қапа болмаңдар! — Дәулет осыны айтып, бұларды есікке дейін ұзатып салды.

Арада аз ғана күн өтті. Шәмшігүлдің дегені болды да, Жантуардың үйіне «Космос» мебелі келіп түсті. Жарқырап жатқан паркетке шытырман сызықтары бар қызыл палас төселді. Қабырға атаулыға гүлді кілем ұсталды. Айналы сервантты хрусталь вазалар, фужерлар, рюмкалар, сервиздермен безендірді. Кең балконға гүл қойылды. Ас қылатын бөлмені аппақ ас үй гарнитуры мен тоңазытқыш алды. Осындай біршама шаруа тынған соң, бұл үйге Дәулет бастаған бір топ жолдастар келді. Шәмшігүл жаңа пәтердің құрметіне айта жүрерліктей етіп той жасады. Әлгі әдемі сервантты безендіріп тұрған хрустальдар сыңғырлады. Бұрқылдап шампандар атылды. Түннің бір уағында разы қонақтарын ұзатып салған бақытты жұбайлар бұрынғыша тар төсекте бір-біріне арқасын берісіп қысыла жатпай, екі төсекке көсіле, шырт ұйқыға кетті.

* * *

Ертеңіне күн демалыс болатын, Жантуар дағдысынан кешеңдеу тұрып, жуынып, ас ішетін бөлмеге келіп көк шұғамен жабылған жұмсақ диванға жантайды. Терезеге қарсы шолақ маңдайда жарқырап сервант тұр. Ал өзі жатқан ұзын қабырғаға қарсы бет жалаңаш екен. «Бұл жерге не қойса болар екен? — деп сәл жатты да, өзіне өзі — жә, қойшы, жоқ нәрсеге бас қатырмай!» — деп күбірлеп қойды. Содан соң өзі басқарып, жобасын жасап жатқан ірі комбинат жайында кеше ғана болған әңгімені ойлап кетті. Осы бір сәтте Шәмшігүл де тамақ алып келді.

— Ау, жамбас байып, тұратын кезің болған жоқ па? Жататын бөлмең аздай-ақ, енді мұнда келіп жантайғансың ба? — деді әзілдеп.

— Батырға оң, терісінің бәрі бірдей, қолдан келген соң қайтеміз.

Екеуі де қылықты күлкімен шайға отырды.

— Осы бөлмеге не жетпей тұр деп ойлайсың? — деп сұрады бір кезде Шәмшігүл.

Жантуар ойлап-ойлап не жетпей тұрғанын таба алмады.

— Маубасым — ай! — деп Шәмшігүл күйеуінің басын сипап, шашын қобыратып қойды -мына жалаңаш қабырғаға жетпей тұрған пианино ғой!

— Пианино ойнайтын ешкім жоқ, құр сәнге демесең... — деп Жантуар сәл қарсылық білдірді.

— Ешкім жоғы қалай? Қазан аузы жоғары. Отқа қарап отырған жандар емеспіз, қайта тілеу тілеп тұрады.

Жантуарға бұл сөз орынды секілденді.

— Осы ана эстон пианиносын жұрт жақсы десіп жүр ғой, — деп қойды әйелінің сөзін құптағанын танытып.

— Эстон — сестонды қайтеміз, алсақ кәдімгі импорт пианиносын аламыз.

Осы сөз — сөз болды. Көп кешікпей баяғы бос қабырғаға қызыл күрең түсті әдемі пианино, оның қасына үлкен телевизор қойылды.

Осыдан кейін қанша кең десең де бөлме төркіні көрініп қалды. Біреу-міреу келе қалса, Шәмшігүлдің:

— Орындығыңызды бері сала отырсаңыз, артыңызда пианино бар еді. Орындығыңызды столға таман жылжытсаңыз, артыңыздағы диванға тиіп отырсыз, — деген қытымырлау сөзі жиі шыға бастады. Шәмшігүл айтса, амал жоқ, екі беттегілер сығылыса — сығылыса кеудесімен жақтау тіреп, тіпті стол астына кіріп кете жаздап отыратын болды.

Осы секілді қонақтар тарқағанда біреу айтып үлгіретін, біреу ішіне түйіп кететін бір сөз бар.

— Бұрын аядай жерде тұрғанда ондай тарлығы жоқ еді, не болып кеткен өзі?!

Әрине, бұл сөзді Шәмшігүл әзірше естіген емес. Тіпті естіген күнде қысылмаған да болар еді. Кім дүниесін далаға тастамақ? Сирек болса да қонақ келген сайын пианино сынып тұрса, Шәмшігүлдің шашы шақ келмейді ғой!

Бір күні Шәмшігүл өзімен бірге істейтін, әрі жақсы көргендіктен «қайын аға» деп кеткен Қожан деген кісіні кездестірді. Демалыстан оралған беті екен, Шәмшігүл келінінің қолын алып сілкілеп жатыр.

— Таң өздерінше қуанды. Құтты болсын үйлерің!

Шәмшігүлдің де ықласы баяғыдай.

— Шын қуанған адам «құтты болсынды» үйге келіп айтады, қайын аға.

— Жеңілдім, келінжан, тап бүгін кешке барам, — деп Қожан екі қолын жоғары көтерді.

Қожан қасына екі-үш жолдас алып, айтулы уақытында келді. Ал Шәмшігүл болса қадірлі қонағын соншалықты қуанып қарсы алып, соншалықты ренжіп шығарып салды. Өйткені, Қожан мойыны кеудесімен тұтасып кеткен, ұзыны мен көлденеңі бірдей, екі кісінің құшағы жетпейтін семіз кісі болатын. Қанша сығылса да диван жаққа да, пианино жаққа да сыймай-ақ қойды. «Қайын аға, артыңызда пианино бар еді», — дегенді Шәмшігүл келіні айтудай-ақ айтып еді, амал не, пианино жақтауы мен орындық таянышын жауыр аттың арқасынша жалаңаштап кетті. Мал ашуы — жан ашуы деген емес пе, тәртіпті, инабатты Шәмшігүл:

— Жазған неме, аузы-басы мен кеудесін былғап тамақты өлгенше былапыт жейді екен! — деп қалды.

Жантуар баяғы бір көңіл қарсылығын тағы аңдатты.

— Ақшамыз бар екен деп құр бекер үй ішін кәкір-шүкірмен толтыра беріп керегі не еді. Пианино алмай-ақ қой деп ем ғой...

Шәмшігүл мұндайда сөз тапқыш:

— Анадағы айтқаным жетпесе, қайталап анықтап айтайын, баламыз болар ма екен деп, ырым етіп алдым.

Осымен сөз бітті. Бірақ Шәмшігүлдің жүрегінде бір жай шемен болып қатып қалды трамвай мен троллейбуста, жә болмаса магазинде, көшеде толық адам кездестірсе есіне сыры кеткен пианино түсіп, жүдеп қалатынды шығарды. Жақсы көретін қайын ағасы Кожанды мүлде көргісі келмейді. Қатпар-қатпар май ішінен қаңқа сүйегін кәдімгі кәнігі болған археологша іздесең де таптырмайтын жуан денесін ирелеңдете, қажап реверанс жасап «о, келінжан!» — деп келе жатса да естімеген болып теріс айналып кететінді шығарды. Басында: — Инелікше қатып-семіп жүретінің-ай осы, тамақты молырақ жеші, торалар ма екенсің! — деп Жантуарды нығыртатыны болушы еді, онан да қайтты. Тағы бір шешімі — мүлде қонақ шақырмауға белін бекем байлады. Содан кейін пианиноны да, газет-журнал столы мен оның креслоларын да жататын бөлмеге апарып тықты да, ас ішетін бөлмені кеңітіп қойды.

Шәмшігүл өстіп бір қиындықтың ретін тауып жеңіп, көңілі орнығайын деп келе жатыр еді, ойламаған жерден мазасы тағы кете қалды. Бәрі де баяғы мебель магазині түскіге «не бар екен, кіре кетейінші» — деуден басталды.

Барса бір таныс әйел тұр.

— Е, не алғалы тұрсың?

— Бір мебель түседі деп...

— Е, мебелің бар емес пе еді?

— Бар болатын, бірақ мынау айтулы.

— Айтулы болғанда не, «Космос» па?

Таныс әйел мырс етіп күліп жіберді. Дауысында кекесін бар.

— Арасына ағаш үгіндісін толтырған «Космос» алып жыным бар ма? «Будапешт» — нағыз қызыл ағаштың өзі.

Шәмшігүлдің тауы шағылып қалды. «Космос» деп дардай етіп жүрсе, арасы үгіндімен толтырылған бірдеме. Бірақ қайтарып сөз қатпады, салқын ғана бас изеп, қоштасты да, салып отырып анадағы Дәулет таныстырған Бекбатыровқа барды.

— Ал, туысым, маған мебель керек.

— Е, осы жуырда ғана алған едіңіз ғой?

— Алғам. Бірақ ұнамайды. Енді «Будапешт» керек.

Директор жалтара сөйледі.

— «Будапешт» төрт-бес бөлмесі бар пәтерге лайық мебель. Оның үстіне... бағасы да...

Шәмшігүл директордың сөзін бөліп жіберді.

— Немене, бізді ақшасы жоқ кедей деп естіп пе едіңіз? — Ашумен айтқан жоқ, салмақты, астары бар уытты күлкімен айтты.

Бекбатыров артық кеткенін енді байқады.

— Құдай сақтасын, Шәке, ондай ой түсімізге де енген емес. Шынымды айтайын, жалғызы ғана түскен еді, амал жоқ, өзіңіз келіп қалған екенсіз, алыңыз.

Шәмшігүл қайта қадалды.

— Жоқ, өйтіп қиналсаңыз, алмауыма да болады.

— Қиналып отырғаным жоқ. Ақшаңызды өткізіңіз де, алып кетіңіз, — деп директор орнынан тұрды.

Шәмшігүл Жантуармен ақылдасқысы келмеді.

Ақылдасса, анау айтқан қарсылық білдіре қоймағанымен «пәлен-түген» — дері хақ. Сол себепті, бірден үйге келіп, бір машинаға «Космосты» тиеп, комиссия магазиніне өткізді де, екі машинаға тиеп «Будапешт!» үйге әкеп түсірді.

Құдай сақтасын, директор айтса, айтқандай екен, «Будапешің» жатқан бір пәле болып шықты — бәрі қос — қостан, сырт киім салатын шкаф, іш киім салатын шкаф, ас сервизін, шай сервизін салатын серванттар бөлек-бөлек. Оның үстіне горка деген пәлесі тағы бар. Секретер дейсіз бе, үш қырлы стол, төрт қырлы стол, шалқақ кресло, еңкек кресло, кітап сөресі, газет-журнал сөресі, жазу, сызу столы дейсіз бе, тіпті санап тауыса алмайсың. «Космостың» бас-аяғы алтау, жеп-жеңіл қағалтай орындығы болушы еді, мынада он екі. Әрі орындық болғанда қандай, бір — біреуі, ана «Космос» орындықтың үшеуіне бергісіз. Көк барқытпен тыстаған диваны да, сондай жап-жалпақ бірдеме. Оның үстіне кушетка түскірі тағы қосарланып жүр. Шәмшігүл ет қызуымен алуын алып қалса да сасайын деді. Қолайлы деген жерге сервантты қойып еді, горкасы құрғыр симады. Диванды қойса, кушеткаға орын жоқ. Баяғы кең көрінген екі бөлме аядай-ақ қуыс болды да шықты. Дегенмен Шәмшігүл ретін тапты. Жазу столының үстіне тумба, оның үстіне үшінші қабат етіп телевизорды апарып қойды. Орындықтарды да бірінің үстіне екіншісін төңкерді. Көп қабатты биік үй салу дегенің еріккендіктен емес, осындай жердің тарлығынан барып шыққан ғой. Шәмшігүл де сол тәртіпті ұстанды. Жататын бөлмеге де сондай өзгеріс енгізді, екі кереуеттің бірін қалдырып, екіншісін жинап тастады. Сөйтіп, әр жерден сығылысып өтер жымба із жасап, екі бөлмені аузы-мұрнынан келтіре сықап, толтырды да қойды.

Жантуар қызметтен мезгілінде келді. Аң-таң.

— Ойбай, бәйбіше-ау, не жасап тастағансың?

Шәмшігүл күлді.

— Бәйбішең жасады бір кереметті.

Керемет десе керемет дегендей. Бұрынғы «Космос» жарық үйдің өзін сұрландырып тұрушы еді, ал мынау болса бөлме ажарын ашып, жарқырап кеткен. Осы бір алғашқы әсер үстінде Жантуарға сарт етіп тағы бір ой келді. Қайда отырамыз. Қайда жатамыз?

— Бәрі дұрыс, бірақ ана кереуетті жинап тастағаның жөн болмаған екен, — деп қынжылды Жантуар, екі бөлмені де көзбен шолып. — Бұдан он жыл бұрынғы жалғыз тақтай үстіне сиып кетер шағымыз емес. Екі төсекте кең көсіліп жатып, рахаттанып қалып едік.

Шәмшігүл саспады. Бұл жәйді да ойластырып қойыпты.

— Ана Есқалин бар ғой?

Жантуар Есқалин дегенді есіне түсіре алмады.

— Ана музейде істейтін Есқалин Сарыбас ше? Соның жалғыз баласы бар еді ғой? Сол үйленіпті. Содан көп кешікпей шешесі келінімен сиыспай, бөлініп кетіпті.

— Иә, оның бізге нендей қатысы бар?

— Тоқта! Төрт бөлмелі үйде сопайғаннан сопайып екеуі-ақ қалса, неге қатысы болмайды! Болады. Үстіне ақша қосамыз. Сөйтіп айырбастасамыз үйді.

Жантуар сеніңкіремеді.

— Айырбастамайтын шығар?..

— Өстіп кежегеңнің тартып тұратыны-ай! Баспа аяғыңды ілгері. Ыңғайлы екі бөлмелі үй болса айырбастар едікті өздері айтыпты. Ал білгің келсе...

Жантуар ойланып қалды. Шәмшігүл отқа май құя түсті.

— Музейден алатыны қанша дейсің деп естігем.

Дәлел орынды болған соң Жантуардың көнуіне тура келді.

* * *

Есікті Есқалиннің өзі ашты. Әуелі бұрын келмеген адамдарды көріп, таңырқап қалса да, кешеуілдеп барып таныпты.

— Ә, Жантуар екенсің ғой, жоғары шығыңдар.

Шәмшігүл ішінен: «Мынаның түрі жақсы екен, жолымыз болар», — деп түйді.

Есқалин бұларды ас ішетін бөлмеге алып кірді. Түлкіні қанша асырасаң да далаға қарайды дегендей. Жантуардың да, Шәмшігүлдің де көзі амандық сұрап жатқан Есқалинде емес, бөлмеде болды. Тіпті пәтердің айы өтіп, әбден титықтаған Шәмшігүл іштей қай мебельді қайда қоюға болатынын да шамалап үлгірді. Келген екеу амандық-саулықтан гөрі әр бөлмеге бір үңіліп, сұқтана бергендіктен бе, әлде өз көңіліндегісі сол ма, әйтеуір құдайдың дес берісінде Есқалин әңгіме тақырыбын үй жайына ауыстырды.

— Дағардай-дағардай төрт бөлмеде жеңгең екеуміз-ақ қалдық, Жантуар.

Жантуар жөтеліп, Шәмшігүл қозғалып қойды.

— Жеңгелеріңнің сыпырып, тазалайтыны болмаса, тіпті әне бір шеткі бөлмеге жұмалап басымды сұқпаймын мен.

— Иә, екі бас үшін үйлеріңіз тым үлкен екен, — деп Жантуар Есқалинді қостап қойды. Шәмшігүл ұрланып күйеуінің етегінен тартты. «Жайыңа отырсайшы. Өлер жеріңді білмейтін әдетің-ау, олар екеу болса, өзің ше? Төртеу ме едің?» — дегені. Жантуар үндемей қалды. Есқалин сөзін жалғады.

— Айтпақшы, жеңгелерің осы сендерді де үй алды деген секілді еді?..

Жантуар енді «алдық» дерін де, «алмадық» дерін де біле алмай әйеліне қарай берді. Шәмшігүл қысылған жоқ.

— Иә, Сәке, біз де алғанбыз үйді, — деді көңілді түрде.

— Е, оларың жақсы болған екен. Үй тақсыретін біраз тарттың-ау деймін осы?

— Оныңыз рас, Сәке, біз көрмеген азап жоқ десе де болады. Кереметі сол, азаптан әлі де болса құтыла алмай жүрміз, — деп Жантуар төтелеңкірей тартты. Шәмшігүл күйеуінің етегінен тағы басты. «Иә?.. Қайтып?» — деген Есқалиннің сұрағын да жауапсыз қалдырды.

— Сәке, жеңгеміз қайда?

— Базарға кетіп еді, қазір келіп қалуға тиісті. Айтпақшы, мен шай қоя берейінші, бұрын есік ашып көрмеген балалар едіңдер, — деп Есқалин тұра бастады.

Шәмшігүл қарсы болды. Қатты өтініп үй иесін орнына қайта отырғызды да, манағы бір әңгімені қайта бастады.

— Келінді болды деп естіп едік, балалар не, сонда бөлек шыққан ба?

— Үйленген соң бала қызығы өзімен екен ғой, келіннің төркіні осы жерде еді. Соларға көшіп кеткен. — Содан кейін Есқалин жеңіл күрсініп, —қиыны мына дағардай төрт бөлмеде сопайғаннан сопайып, екеуден екеуміз құлазып қалғанымыз ғой, әйтпесе бала шіркін қашанға дейін қанжығаңда жүреді, — деп түйді.

Шәмшігүл енді оңтайлы жерден ұрды.

— Үй үшін қиналатын не бар, қала орталығындағы бір-екі бөлмелік пәтерге айырбастаңыз да жіберіңіз.

— Тіпті ол да ойымызда жоқ емес, — деп Есқалин бұлар күткен тоспадан айдау — қағусыз өз бетімен шыға келді.

Шәмшігүл енді іркілмеді.

— Айран сұрап келіп шелегіңді жасырма деген бар ғой, Сәке, біз сондай бір сөз естіп келіп едік. Жарығы мол екі үлкен бөлме. Балконы да үлкен, әрі көлеңке жағында. Қысқасы үйіміз жақсы.

Сарыбас үндеңкіремей қалды. Бұл шаруада қырсыздығын танытып отырған Жантуар тап осы жерде батылырақ сөйледі.

— Бөтен адамдар емеспіз ғой, шынымызды айтайық, ренжітпейміз.

— Қысылмаңыз, Сәке, қосарымыз өз көңіліңіздегідей, — деп Шәмшігүл әрі күйеуін қостап, әрі істі анықтап қойды.

— Қысылып отырғаным жоқ, Шәмшігүл шырақ, жеңгең қалай қарар екен, соны ойлап отырмын.

— Е, өзіңіз тап басып, бел байласаңыз, жеңгеміз қайда кетер дейсіз, — деп Шәмшігүл төсей сөйледі. — Міне, ініңіз отыр ғой, шынын айтайын, «қай жағынан шығамыз деп» — дәп бүгінге дейін қасы мен қабағына қарап жүреміз.

Жантуар көтеріліп, желпініп алды. Есқалин сөйледі.

— Жақсы, жеңгелерің келсін, тоса тұрыңдар. Қайда кетер дейсің, айырбастап жіберейікті шығарып жүрген өзі болатын.

Жантуар «тоссақ тосайық» дегелі отыр еді, Шәмшігүл шешімі мүлде басқаша болды.

— Жеңгейді біз тоспай-ақ қояйық, Сәке, келген соң өздеріңіз ақылдасып, сосын хабарын бізге айтарсыздар. Құдайға шүкір, телефон бар екі үйде де.

— О да жөн екен. Бүгін-ертең телефон соғып қалармыз, деп Есқалин бұларды шығарып салды.

«Бүгін» де өтті. «Ертең» де өтті. Бірақ Есқалиннен хабар болмады. Шәмшігүлде жан жоқ. Біреу есік қақса, телефон шылдыратса, жүрегі тоқтап қала жаздайды. Түн баласы дөңбекшіп, ұйықтай алмай — тынды шығарды. Әйелінің шыбын-шіркей болып жүргенін сезіп, Жантуардың да тынышы кетейін деді.

— Кісідегінің кілті аспанда деген емес пе, кешіктіріп жатқаны құнын көтерудің амалы шығар. Өзіміз телефон соқсақ қайтеді.

Шәмшігүл бұл ақылды жөн көрді.

— Жақсы, соға ғой.

— Жоқ, сен соқсайшы.

Шәмшігүл қабағын шытты.

— Осы үйдің еркегі сен емессің бе? Еркекпен еркек болып сөйлеспейсің бе бір.

Жантуарға қайтарар сөз қалмады. Пәленің басын өзі қозғаған соң амалсыз телефон трубкасын көтерді.

— Алло, маған Сәкең керек еді?..

Ар жақта әйел даусы:

— Бұл кім Сәкеңді сұрап тұрған? ...Жантуар? Әлгі мен жоқта біздің үйге келіп кеткен Жантуармысың?

— Иә, жеңеше...

— Сені мен бір инабатты бала екен деп жүрсем... Кіммін деп, не бетіңмен келдің? Соны айтшы?

Қапелімде сөз таба алмаған Жантуар күмілжи берді.

— Шаранаңнан тазармай жатып не бетіңмен келдің деймін?!

— Жеңеше, кешіріңіз, бір ағаттық болды, — дегенге Жантуардың тілі зорға келді.

Бірақ оны тыңдаған әйел жоқ.

— Балам кетсе, өз балам. Келінім кетсе, өз келінім. Бүгін болмаса, ертең қайтып келеді. Сонда бұл үйде үбірлі-шүбірлі мен тұрмағанда, Шәмшігүл мен сен қу бас тұрмақсыңдар ма?!

— Апырай, тым қатты кеттіңіз-ау. Өзгені айтсаңыз да, қу бас демеңізші! Біз де бір жылы ішектің иесіміз ғой, - деп әрі қарай әйел сөзін тыңдауға дәті шыдамаған Жантуар трубканы тастай салды.

— Нақ көргенсіздің өзі. Әйтпесе, соншама шаптығатын әкесін біз өлтірген жоқ едік қой,   —деді Шәмшігүл.

Үрлеген қуықтай тырсылдап, ашуға булыққан Жантуар кінәні әйеліне аударды.

— Бәрін шығарған сен осы, ойда-жоқта мебель алам, ойда жоқта үй айырбастаймын деп.

Енді Шәмшігүл де шыдай алмады.

— Мен... мен... кінәлі, бәріне де. Сенің қу бас атануыңа да кінәлі менмін, — деп сәл тоқырады да, даусын көтеріңкіреп,  —қу бас атансаң, оған өзің ғана кінәлісің. Менің денім сап-сау, — деп солқылдап жылап жіберді.

Жантуар тез жадырап, өмірі ренжітіп көрмеген әйелінің маңдайынан сипады.

— Сенің арқаңда әне қу бас атандық...

— Жә, қи енді ашуыңды бір жолға.

— Қимаймын.

Енді әйелі айтқан сөз аяздай батып таусылуға айналған Жантуар да тесілейін деді.

— Қимағанда не, өл дейсің бе енді. Осы үй де жарайды.

— Жоқ жарамайды.

— Сонда не қыл дейсің?

— Ертең тура қалалық советке барып, үш бөлмелі үй сұрайсың. Мынасын қайтарып береміз.

— Жарайды, барсам барайын, тек ашуыңды басшы өзің, — деді Жантуар әйелінің маңдайынан иіскеп.

Қанша ашуланса да Шәмшігүл жадырайын деді. Екеуі әр мебельге бір соқтығып, жататын бөлмеге өтті.

— Ертең қайтсең де қалалық советке барасың, — деді Шәмшігүл шешініп жатып.

— Әрине, барғанда қандай, барам, — деді Жантуар сәл алқыныңқырап.

Шам сөнді.

* * *

Айтқан сөз атылған оқпен бірдей. Жантуардың, амал жоқ, қалалық советке баруына тура келді. Барғанда, былай өз бетімен емес, Шәмшігүл алып барды.

Пәтер бөлетін бастықтың алдында кісі сонша көп екен. Тәңертеңнен түске дейін, одан түскі үзіліске шығып, тағы біршама күтулеріне тура келді. Жантуар — «кісілердің азайған бір күні келсек қайтеді» — деп көріп еді, Шәмшігүл көнбеді: «Әдейі келген екенбіз, шыдаймыз. Күнде келе беретін уақыт жоқ» — Шәмшігүлдің бір жақсы жері — бір істі ойына алмайды, ойына алса, оны тындырмай өзі де тынбайды.

Көп күтудің бір пайдасы күбірлеп отырып екеуі біраз мәселені шешіп алды пәтер жөнінде Жантуардың өзі ғана кіреді. Асықпай, баппен басып барып креслоға отырады. Мүмкіндігі болса, ең әуелі бастыққа шылым ұсынады. Содан кейін әдеті болмағанымен өзі де тартады. Тартқанда кәдуілгі машығы бар адамша терең сорып, мұрнынан шығара бұрқыратып тартады. Сосын өз мекемесінің жайын, салынып жатқан жаңа бір үйдің жобасы жайын сөз етеді. Қысқасы Жантуар өзін иығы тең адамша еркін ұстайды. Барған шаруаның реті сонда ғана түсетін болады.

Осы бір әңгімемен отырғанда дес беріп кезек те келіп қалды. Жантуар салмақпен барып есікті ашып, ішке кірді. Көңілі орныға бастаған

Шәмшігүл: «Шамасы қырық-отыз минут отыратын шығар», — деген оймен көмекші столында жатқан газетке үңіле беріп еді, сықырлап бастықтың есігі ашылды да, ар жақтан тез-тез басып Жантуар шыға келді.

— Өй, не болды? — деп Шәмшігүл таңырқай сұрады.

— Жүр, не болғанын далаға шыққан соң айтам. — Екеуі дәлізге беттеді.

— Иә, не болды деймін?

— Ойбай, сұрама! Жүр тезірек!

Көшеге шыққан соң Шәмшігүл тартынып, тұрып қалды.

— Айтпасаң, жүрмеймін.

— Айтқанда, былай басекең айтты: «Балаларың болса жоқ, екі басты адамға екі үлкен бөлме жетеді. Ал бұдан былай бүйтіп жүгіре беретін болсаңдар, екі бөлмені қайтып алып, бір бөлмелі пәтерге жібереміз», — деді.

— Құдай-ау адамша бір шылым ұсынып... — деп келе жатқанда Шәмшігүлдің сөзін Жантуар бөліп жіберді:

— Ойбай-ау, ұсынбайын дедім бе, кірсем, қабырғаға «бұл бөлмеде шылым шегілмейді» — деп баттитып тұрып жазып қойыпты. Енді қайтып шылым шегіңіз дейін.

— Ал әлгі жоба...

— Ал жоба жайын бастай беріп едім, басекең: «Көлденең сөз тыңдап отырар уақытым жоқ, көрдің ғой анталап отырған жұртты, тоқетерін айтсаң»... — деп қадалып болмады.

Шәмшігүлдің денесі қалтырады.

— Әйтеуір, басқан жеріңнен шөп сынбайды-ау, — деп зілменен айтты да, қаттырақ жүріп кетті.

— Шәмшігүл, тоқташы, ақылды едің ғой, ақырынырақ жүрші, — деп Жантуар әйелінің соңынан ерді.

* * *

Кешкі тамақ үстінде Жантуар әйеліне бір ой салды.

— Әзірше үй кеңітеміз деп қайтеміз, осы екі бөлмеде-ақ тұра берсек қайтеді?

— Сиып отырмыз ба?!

Жантуар жымба жолдап келді.

— Сияр едік қой. Мына ас ішетін бөлменің жартысындай үйшікке де сиып тұрып едік қой.

— Онда дүниеміз, мебеліміз болмаған.

— Иә, дүние пәленің бәрі осы мебельде болып тұр ғой.

Шәмшігүл тіксініп қалды:

— Неліктен мебельде?

— Бұрынғы «Космос» болса, үй кеңітеміз деп әуреленбей-ақ тура берер едік қой.

— Он екі жыл ит болып тұрғаным да жетеді. Енді адамша тұрғым келеді, — деп Шәмшігүл кесіп тастады.

Жантуар сөз қайтармады. Үйілген мебель арасындағы жымба жолмен ептеп басып төсекке келіп жатты.

— Бұрынғы екі кісілік темір кереуеттің өзі жақсы еді, мына түскірі бір кісілік бірдеме ғой деймін, — деді қасына келіп жатуға айналған Шәмшігүлге сырылып орын беріп жатып. Аз күн болса да екі төсекте кең көсіліп жатып жаман үйреніп қалғандықтан ба, көпке дейін дөңбекшіп ұйықтай алмады.

Арада қанша уақыт өтті, білмейді. Бір кезде шошып оянса, сирағы Шәмшігүлдің аяғының астында ұйып қалыпты. Бөлме іші тымырсық, жаңа мебельдің иісі шығып басыңды айналдырады. Жантуар түрегеліп балконға ұмтылып еді, жолда әлденелерге соғылып ұшып түсті. Оянып кеткен Шәмшігүл лып еткізіп шам жақты.

— Не болды, жазған? — дауысыңда жылылық бар.

Байқаса, жолда үйілген үстелдерге сүрініп кетіп иығын сүйеулі тұрған кереует жақтауының қырына соғып алыпты.

— Байқамадың ба, алдыңда үстелдер барын?

— Байқамағандығым осы ғой, — деп Жантуар балконға шықты.

— Қатты ауырды ма?

Жантуар сұрауға сұраумен жауап берді.

— Шәмшігүл, қаланың шет жағынан жер алып кеңірек етіп үй салып алсақ қайтеді?

— Сонсоң екі үйі бар деп көрсетіп жүрмей ме?

— Мына үйді өздеріне тапсырамыз.

— Тапсырамыз?.. Жоқ, шырағым, айта көрме. От жағып, күл шығарып жүрсін дейсің ғой. Бола қоймас оның. Он екі жыл от жағып, су тасығаным да жетеді.

— Олай болса, тағы бір ой бар мына пәтерге жарым-жарты мебель қалдырып жасаулап қоямыз да, жарым-жарты мебельді алып үй жалдап тұрамыз. «Бөлмемді баласы жоқтарға береміз» — деген хабарландыруды талай жерден көргенім бар.

Шәмшігүл сәл ойланды да көнбейтінін танытты.

— Жалға бөлме беретіндердің үйі дымқыл болады. Мебеліміз бүлінеді.

— Енді не қыл дейсің? — деп Жантуар әйеліне тұңғыш рет тіксіне қарады.

— Жүр, ұйықта қазір, — деп Шәмшігүл күле қарап күйеуінің қолынан тартты. — Дал болмай-ақ қой, амалын өзім табам.

Жантуардың көңілі орнына түсейін деді.

* * *

Күн ұзақ бір жиналыста болып, Жантуар кабинетінің есігін аша беріп еді, телефон қоңырауы безілдеп жатыр екен.

— Иә, мен тыңдап тұрмын. Ә, Шәмшігүл, сенбісің? Ойбай-ау, қайда кеткенде, жиналыс болды ғой. Кіріп тұрғаным осы.

Шәмшігүлдің даусы өктемдеу естілді.

— Қазір он минутта такси алып барам, есік алдына шық.

— Е, не боп қалды?

— Шаруа бар.

Дымы құрыған Жантуар он минутті өткізіп сыртқа шықса, Шәмшігүл тосып тұр екен.

— Шайқалып, тіпті шықпай қойдың ғой,  — Шәмшігүл даусы сондай қытымыр.

— Иә, төтеннен кездескен не шаруа? Аманшылық па? — деп Жантуар қайталап сұрады.

Жауап орнына Шәмшігүл шоферға ым қақты. Қайда баратынын білетін болса керек, көк «Волга» сырғанай жөнелді.

— Құдай-ау, қайда бара жатырмыз, айтып өлтірмейсің бе, Шәмшігүл? — Жантуардың дауысында жалыныш бар.

— Бір шаруаға белімді бекем байладым.

— Не шаруаға?

— Бала асырап алам.

Жантуардың бұл мүлде ойламаған нәрсесі екен. «Бала асырағанда...» дегенше болмады, машина айналасы бау-бақша, екі қабат үйдің алдына келіп тоқтай қалды. Жантуардың көзі маңдайшадағы жарнамаға түсті: «Балалар үйі». Қанша ойланбадым десе де, осы бір екі сөз Жантуардың жан-жүйесін тебірентіп кетті. Тұлдырсыз бір ой... Демалыс күні мойныңа отырғызып, паркке барсаң, зоопаркты араласаң... Тіпті басқа қызық — қылығын былай қойғанда «папа...» деген бір ғана бала даусының өзі неге тұрады?! Жантуар, міне, отыздан асып барады. Өзі «папапаудан» қалғалы талай заман. Ал күні бүгінге дейін мұны «папалаған» бір пенде жоқ. Өткен жылы басқа қалада тұратын бір жолдасы екеуі көшеде келе жатыр еді. Бір бала кенет «папалап» дауыстап жіберген. Ойыны ойын, күлкісі күлкі, мәз болып келе жатқан әлгі жолдас оқыс тоқтап, жалт бұрылды. Жүрегін басты.

— Уһ, Болатым келіп қалған екен десемші! — Содан кейін Жантуарға туралап қарап, — білесің бе, дүние жүзіндегі бала атаулы бір-ақ дауыспен папалайды, — деп еді. Әрине Жантуар бұл сырды білмейтін. Сол себепті де «папалаған» бала даусына қайрылмаған. Жантуардың ойына осы оқиға түсті. Дүние жүзінің баласы бір-ақ дауыспен папалайтын болса, өз нәсілің бе, басқаның нәсілі ме, не тұр онда. Әңгіме шын аталық, шын аналық махаббатпен тәрбиелей білуінде ғой. Өзің біреуді «папа» демесең, немесе, біреу сені «папа» демесе бұл дүниенің сәні не!

Бір сәтте осылай толғанған Жантуар машинадан көңілді түсті де:

— Шәмшігүл, сен керемет ақылдылық жасадың, — деп әйелінің қолтығынан алды. — Жарайсың, жаным!

Ақ халат киген бір жас әйел бұларды күлімдей кездестірді.

— Ә, келіңіздер, сіздерге бала керек қой? Онда былай қарай, — деп жол бастады. — Әрине, керегі ұл бала болар?

— Иә, ұл бала...

— Жоқ, ұл бала емес, қыз бала, — деп Шәмшігүл Жантуарды түзеп қойды, — ұл баланың азабы көп болады.

Тәрбиеші дәлізге ұқсас, қатарлап жиырма шақты койка қойылған бір бөлмеге бастап кірді.

— Мұнда ұл балалар, ал қыз балалар осының ар жағындағы бөлмеде.

— Ендеше соған алып барыңыз, — деп қозғала берген Шәмшігүлдің Жантуар қолынан тартты.

— Мына баланы қарашы.

Кіре берістегі ең шеткі койкада дөңгелек жүзді, көзі қап-қара бір бала отыр екен. Екі шекесі торсықтай аппақ. Сүп-сүйкімді.

— Ұл баланың керегі жоқ дедім ғой мен саған, — деп Шәмшігүл ілгерілеп кетті.

Жантуар кереуетке еңкейіңкіреп:

— Атың кім? — деп сұрады.

Бала мұңлы көзін туралап:

— Болат, — деп жауап берді.

— Болат?! — деп таңырқады Жантуар.

Тәрбиеші:

— Иә, бұл баланың аты — Болат, — деп анықтап қойды.

— Болат, мамаң қайда?

— Міне, тұр ғой, — деп Болат тәрбиешіні көрсетті.

Тәрбиеші бала қылығына разы болып кетті де, торсық шекесінен сүйіп, басын сипады.

— Сондай ақылды. Үш-ақ жаста, елуге дейін санай біледі.

— Ал, папаң ше? Папаң қайда?

— Папам ба?.. Папамды білмеймін, — деді Болат орнықты түрде үлкен кісіше.

Осы кезде Шәмшігүлдің «Ау, Жантуар, жүрсейші!» деген даусы естілді. Жануар қозғала беріп артына қарады. Бала Жантуарға тесіліп қалыпты.

— Папам бал ғой... Папам елтең келеді.

Жантуардың жүрегі бір түрлі болып кетті. Амал не, Шәмшігүл тағы дауыстаған соң тұра алмады, әйелінің соңынан қыздар бөлмесіне өтті. Бұл бөлме де әлгі ер балалар бөлмесіне ұқсайды екен. Қатарлап қойылған кішкене темір койкалар. Үсті жұпыны болса да, сондай таза. Балалар әр жерде үйір-үйір шоқталып ойын үстінде. Шәмшігүл соларға онша жақындамай алыстан көз салып, шолып өтті. «Мына бала ше?» «Ана бала ше?» деген Жантуар сөзіне құлақ сала қойған жоқ. Бөлменің арғы шетіне барған соң:

— Мен ойлаған бала мұнда жоқ болып шықты, — деп жеңіл күрсінді. Жантуар далаға шыққан соң әйеліне жақындап келіп тағы қолтығынан алды:

— Құдай біледі дейін, ана Болат деген бала бар ғой гений болады.

— Оны неден білдің? — деп Шәмшігүл мырс етті.

— Сөйлеген сөзінен. Тіпті үлкен кісі секілді. Шәмшігүл сықылықтай күлді.

— «Данышпандықты бақырғанына қарап айыратын болса, онда есек сорлы бәйгенің алдында келген болар еді» деген шығыс мақалы бар еді. Соның керін жасадың ғой.

Басқа сөз таппаған Жантуар:

— Маған бала ұнады, — деді.

— Маған ұнамады ендеше.

— Неге ұнамады? — деп қадалды Жантуар.

— Мұрыны...

Енді Жантуар мырс етті.

— Өз мұрның оңып тұрғандай...

— Оңып тұрмаса, неге соқтықтың? Күйемін де өлемін деп соңымнан қалмап едің ғой.

— Себебі, маған осындай таңқы мұрындар ұнайды.

— Ал маған ұнамайды. — Шәмшігүл өтіп бара жатқан бір таксиді тоқтатты да отырып алды. — Ал мінуші ме едің?

— Шәке, әдейі келдік қой, ана баланы алып кетейікші.

— Мін дедім ғой машинаға!

Жантуар ашуға булығып, түйіліп қалды.

— Жоқ, мінбеймін ендеше. Жүре бер өзің.

Дегенін істеттіріп үйреніп қалған Шәмшігүл қайталап сөз қатпады, жүріп кетті.

Көңілі құлазыған Жантуар, бір сәт көшкен жұртта қалған басы артық нәрседей мелшиіп қалды. Содан кейін әлденеге қолын бір сілтеді де жүріп кетті. Жұмысқа барды. Онда да өңі қашып, бір түрлі болып отырды. «Жәке, не болған сізге?» дегендерге жауабы қысқа.

— Жүрегім шаншып, мазалаңқырап тұрғаны.

Жұмыстан кейін де Жантуардың көңіл күйі өзгермеді. Ұзақ жүріп, көше аралады. Шала таныс біреулер кездесіп еді, ресторанға алып барды. Сөйтіп үйіне түннің бір уағында оралды.

Он екі жыл ішінде бір рет бейсеует жүріп көрмеген күйеуінің мына қылығына Шәмшігүл аң-таң, ұйықтамаған, күтіп отырған.

— Жантуар, қайда болдың?

— Мен Жантуар емеспін! — Жауап осы.

— Қайда болдың деймін?

— Болатқа бардым. Болатты алып келдім. Болат әне сыртта тұр.

— Сен әкелуді ғана білесің. Сосын бар сабытын маған салмақсың, ә?!

Ондай тәлкекті қой, шырағым! Бала керек болса, денім cay, өзім де тауып ала алам.

Жантуар ұшып тұрды. Көзі қанталап кеткен.

— Ә, солай ма?

Жантуардың мына түсінен шошыңқыраған Шәмшігүл:

— Жә, жат енді төсекке барып, дем ал. Бұрын істемеген кәсіпті істеп, сылқиып келіпсің ғой...

— Менде төсек жоқ бұл үйде, — Жантуар осы сөзді нықтап айтты да, ескі-құсқы бірдемелерді алып балконға барып қисайды. Ғажап бір түстер көрді. Бір қызығы, Жантуар отыз екі жыл Жантуармын деп жүрсе, Жантуар емес, кешегі балалар үйіндегі Болаттың папасы екен. Қатты қиналды. Азамат басымен жалғыз Болатын балалар үйіне қалайша берді? Соны түсінбей дал. Жоқ, бұл бір жай жаңсақтық. Болат балалар үйінде емес, өз бауырында болуға тиіс. Екі өкпесін қолына алып, ұшып келеді. Ұшып келеді. Жолда бір бейтаныс адам: «Ей, Жантуар, қайда асығып барасың?» — деп айқайлады. Қайырылған жоқ. Жантуар дегені кім еді шіркіннің? Алдында балалар бақшасы. Табалдырықта ақ халат киген кешегі тәрбиеші. Жақындап келсе, тәрбиеші дегені — Шәмшігүл.

— Сізге кім керек? — деп көлденеңдей берді. Өңі сұсты. Даусы қатал.

— Маған Болат керек. Мен Болатыма келдім.

— Кімі боласыз Болаттың?

— Мен Болаттың папасы боламын.

— Атыңыз кім ендеше?

— Атым ба? Атым... — қара басып атының кім екенін ұмытып қалғаны. Жоқ, ұмытып қалмапты. Атының кім екенін білмейді тіпті.

— Атым ба? Атым... Болаттың папасы.

— «Болаттың папасы» деген ат болмайды, — деп Шәмшігүл мұның кеудесінен итеріп, кейін ығыстыра берді.

— Неге болмайды, болады «Болаттың папасы» деген ат, мен Болаттың папасымын!

Қатты шыңғырып, айқайлағаны сондай, Жантуар өз даусынан шошып оянды. Шашырай шыққан күн басына түсіп, әбден терге шомылыпты.

Жантуар қарғып тұрды. Тез-тез киініп, бір шашке қара кофе ішті де, есікті қаттырақ жауып далаға шықты.

— Таң сәріден қайда тұрып барасың? — деген ұйқылы-ояу Шәмшігүлге жауап қатқан жоқ.

..Кешегі тәрбиеші жас әйел тағы да ықыласпен қарсы алды.

— Сіз Болатқа келдіңіз бе?

Жантуар басын изеді.

— Қайтіп келетін шығар деп ойлап едім өзім де, — деп тәрбиеші жол бастады. — Болат жаңа ғана тұрды, тамағын ішіп отыр.

Жантуар асхананың есігінен сығалады. Болат кешегідей шетте емес. Көп баланың нақ ортасында. Өзге баладан өзгеше тіпті. Жұп-жұмыр, білезіктеніп келген сәби қолымен қасық ұстап, аузына апарғаны, сосын бұлтаңдатып шайнағаны тіпті қызық. Болмашы тірлік азабын ұмытып үлгірген Жантуар бала қылығына мүлде тебірене беріліп, күле қарап тұрып қалды.

Болат бір кезде тамағын ішіп болды. Сосын қағаз салфеткамен аузын сүртті. Сосын даяшы қызға «лахмет» —деп орнынан тұрды да, томпалаңдап жүріп кетті.

— Болат, бері кел! — деп шақырды тәрбиеші, — сен «менің папам ертең келеді» — деп едің ғой. Міне, папа ан келіп тұр.

Болат жақындай беріп, сәл аңырып қалды. Содан кейін Жантуарға оты бар кішкене қара көзімен қаймықпай тіктеп қарады.

— Папа?!

— Иә, Болатжан, мен сенің папаңмын. Танымай қалдың ба? Келе ғой бері, — Жантуар жүрелеп отыра қалып қолын жайды.

Жантуардың көз жанары мен нұрындағы шын әкелік мөлдір махаббат бала жүрегіне осы сәтте жетті білем. Болат ұмтыла берді.

— Папа, сағындым ғой, сені, папатай!

— Сағынсаң, келдім, міне, құлыным. Біржола алып кетейін деп келдім. — Жантуар Болатты жерден көтеріп алып құшырлана сүйіп сәл тұрды. Содан соң мойнына отырғызды да, сол бойда далаға шықты.

Аспан ап-ашық. Көк жапыраққа малынған айнала таңғы самалмен баяу тербеліп, шайқалады.

— Дүниеде құрығанда үйі құрысын, дүниесі құрысын. Он екі жыл тұрған үйшігіме қайтып баруға бармын. Тек қасымда Болатым болса жетті, — деп күбірледі Жантуар. Манағы шашырап туған күн ұйқысынан енді оянып дағдылы тірлік қамына кірісе бастаған кең көшенің сонау маңдайына ілігіп көтеріліп барады.

Жантуар Болатты мойнына отырғызған бойы, сол қасқа күнді бетке алып адымдай басып жүріп кетті. Бар күйкі тірлік азабынан құтылған көңіл алабұртып әкелі-балалы екі ғазиз жанды жаңа бір жарқын соныға жетелеп бара жатқандай.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз