Өлең, жыр, ақындар

Биік, биік, биік таулар бауырында

Зымырап келеміз, зымырап келеміз. Алдымызда асу-асу ақша таулар бар. Артымызда көктем шуағына, көк жапыраққа бөлене бастаған Алматы қалды.

Бетіміз — Кеген ауданы.

Осылай қарай аттанарда осы ауданның суын сулап, жерін жайлаған, дәм-тұзын татып әбден кәніккен бір жолдастар: Кеген - Қазақстанның Швейцариясы. Абай айтқан «шыбынсыз жазың дәп осында» — деп қызықтырып, жүрегімізді лүпілдетіп қойған.

Біз бұл ауданның ақ басты тауын, арқырап жатқан өзенін, гүлшең даласын, мыңғырған малын аралап көрмекпіз. Ең бастысы, жақсы адамдарымен кездесіп таныспақпыз. Қайтсе де бұл бір қызықты сапар болғалы тұрған сияқты. Содан ба, білмеймін аз күнге болса да күнделік жүргізіп, көрген - білгенімді, ойларымды қағаз бетіне түсіруді жөн санадым.

* * *

Бірінші күн. Біз аудан орталығы — Жалаңашқа талай-талай құз-қия, қарлы тауларды асып іңір қараңғысында келдік. Бұл қыстақ атақты Алматы — Нарынқол тас жолынан елу шақырым қияс тұрады екен. Жол мехнатын осы арада көрдік. Ауыр машиналар қазып кеткен ізге түссең-ақ болды, автобустың төс табанын тіреп жатып алады. Оның үстіне тым биіктеп кеткеніміз де байқалатындай. Ысқаяқ жел тұрды. Жалаңаш тауының басына оралған көктемнің жылауық бұлты бірте-бірте аспан әлемін орады да, дүниені түссіз тұнжыр етіп жіберді. Әлгіндей болмай жаңбыр да сабалап кетті. Тіпті боранша ұйтқи соғады.

Жалаңашқа алты шақырым қалды дегенде шофер жерге түсті де, жол барлады. Алдымызда қираған көпір бар екен. Айналып жүруге тура келді.

— Мына көпір былтыр да дәл осындай еді, тірі пенденің қолы тимепті Аудан басшылары олай өтіп, бұлай өтіп жүргенде байқамай ма екен?! — деп қынжылды машина жүргізуші.

Мен өткен жылы орталық Россиядағы бір аудан басшысымен танысқан едім. Соның: «Қазақстанда бәрі де жақсы екен. Бірақ жолдарың жаман. Рас, бұған жер шалғайлығының көп әсері бар. Дегенмен жолсыз ауыл шаруашылығын өркендетемін, ауыл-селоны көркейтемін деуден түк те шықпайды. Қиын болса да шаруашылықты жолдан бастау керек», - деген сөзі есіме түсті.

Расында, осы бір жол салу дегеннің бір ұшы құнтсыздыққа барып тіреле ме деп те қаласың. Әйтпесе, мына елу шақырым деген немене, бүкіл аудан болып көтерілсе, он бес-жиырма күннің жұмысы емес пе! Тегі, бастаушы жоқ болса керек.

* * *

Біз асхананың алдына келіп тоқтадық. Жаңбыр әлі сабалап тұр. Бәріміздің де ұзақты күнгі ирелең жолдан шаршап, қажығандығымыз байқалады. Неде болса шаруаны тамақтан бастайық деп ұйғардық.

Асхана іші лас екен, қабырғалар салтақ-салтақ. Кілең бір дарынсыз жасалған картина -суреттер. Тегі, астанада иығы сыймағандықтан осындай жерлерді төңіректейтін талғамы жоқ, мал тапқыш қулардың ісі болса керек. Бір қызығы, бұл Алматы сияқты республика астанасының іргесінде отырған аудан ғой. Еңкейген кәрісінен бастап еңбектеген баласына дейін қала салтанатын көрмегендері шамалы-ақ болар. Жақсыны үлгі-өнеге ете жүрмей ме сонда! Қазір бізде Кенбаев М., Телжанов Қ., Сахи сияқты талантты суретшілеріміз бар. Солар жазған жақсы - жақсы картиналар көпке мәлім. Алматының көркем сурет галереясында жақсы деп танылған басқа да шығармалар аз емес! Сондай бай мұрамыз бола тұра, қала іргесіндегі аудан асханасында мына сияқты сұрықсыз да талғаусыз нәрселер ілулі тұрады. Бұл — аудандағы сауда қызметкерлерінің талғамсыздығын танытатын болса керек. Қынжыларлық іс.

...Біз кір клеенка жабылған столға келіп отырдық. Бірақ мантыдан басқа ештеңе де болмай шықты. Ең ақыры нан да жоқ. Сатушы әйел:

— Кеш келген өздеріңізден көріңіздер, тамағымызды ішіп, нанымызды жеп қойдық, — деді.

Шеткерірек столда отырған сусар бөрікті бір мосқал адам сөзге араласты:

— Үй иесі мырза болса, бұл сияқты қадірлі артистер келгенде қазанын қайта көтерер болар, - деп әзілдеді.

— Біз артист емеспіз.

— Қайдам, солар ғана осылай үйірімен жүруші еді. Сонсоң айтамын да, — деді жаңағы кісі.

Біз «Мәдениет және тұрмыс» журналының коллективі екенімізді, бұл ауданға келген мақсатымызды айттық. Сусар бөрікті бір мінезді адам болып шықты.

— Мақтап жазарлық бұл ауданның не артықшылығы бар екен? — деп сұрады ол.

— Неге мақтап жазарлық?

— Е, осынша топ болып жаманшылық іздеп шықпаған боларсыздар?

Ие, бұл ауданның не артықшылығы бар?

Мен осындай оймен қонақ үйге келдім. Көз тастарлық оның да сәні жоқ. Үй қабырғалары дұрыстап сыланбаған. Сылақтары арық малдың қабырғасындай болып көрініп тұр. Қай аудан орталығына барма, әйтеуір осы бір үй сылағы дегеннің ерсілігі көзге шыққан сүйелдей болып оқшыраяды да тұрады-ау. Меңгере алмайтындай не кереметі бар екен мұның? Әлде, бұрынғы мал тұяғына бағынған көшпелі күйкі тірліктің салқыны ма екен бұл да?!

* * *

Екінші күн. Ертемен оянсам, бөлме ішінде ерке күннің нұры төгіліп тұр екен. Жапырақ жая бастаған бір бәйтеректің терезеден ұшар басы көрінеді. Айқын ашылған аспан заңғарының бір пұшпағына әдемі төккен өрнектей тынып қалыпты, селт етпейді. Көңілді басталған күнге әуендесіп ұйқы да қанған. Сергек басып далаға шықтым.

Қыстақ Жалаңаш тауының бөктеріне салынған екен. Көшелері түзу. Жаңа тұрғызылып жатқан үйлер де көп. Бірақ ағаш аз. Анда-санда бір үйдің алдында селкеу тұрған бір бұта болмаса, қыстақ кейпі тым жалаңаш. Тегі, Жалаңаш аталған себебі де осы болса керек. Қыстақ тым биікте тұр. Төменде ұшы-қиыры жоқ ұланғайыр бір жазық мұнартады.

Одан әрі жүлгеленіп жатқан тағы да бір тау жоталары. Кейін білдім. Жазық Ағанас жазығы, ал тау атақты Ілияс ақын жырлап кеткен Торайғыр тауы деп аталады екен. Бұл төрт түлік малдың көктеуі. Ал жаз жайлауы - бұл жерден де биікте бұлтпен қойындасып жатқан Қарқара жазығы.

Тегі, түндегі нөсердің арты алақаншық бұрқасынға айналса керек. Жалаңаш тауын жапқан ақша қар ұзын көшенің жоғарғы басына дейін сұғына жатыр. Ауылда бір тозаң жоқ, тау бұлағындай мөп-мөлдір. Жаздың басында қыстақ іргесінде қар жатса шыбын қайдан болсын мұнда! Шынында да мал мен жанға жер үйықпен бірдей болса керекті бұл жер.

Үшінші күн. Біз Ленин атындағы колхоздамыз. Түнде сағат бірге дейін күн жалтаң, аспан қиясынан жұлдыздар жымыңдап тұрған еді. Ертемен тұрсақ жер дүниенің бәрі аппақ. Ұлпа қар төгіп тұр. Бірер үйдің мұржасынан түтін будақтайды. Ауыл көрінісі тым тамаша. Кілең бір жаңа салынған шатырлы ағаш үйлер. Электр, телефон бағаналары. Ортада екі жүз кісілік кең клуб. Әлі біте қоймаған еңселі колхоз кеңсесі. Бір ғажабы, бұдан бір жарым - екі жыл бұрын бұл жерде екі-үш үй ғана болған. Міне, соңғы бір жылдың ішінде ірі колхоз орталығына айналып кеткен. Колхоздың өз тағдыры да қызық. 1956 жылы көрші колхозбен қосылған екен. Биылғы жылы енші алып қайта бөлініп шығыпты.

Жыл санап дәулеті молығып келе жатқан колхоз. Қазір көктеуде қырық екі мың қой жайылады. 1965 жылы алпыс мыңға жетпекші. 1953 жылы колхоз кірісі бір миллионға да толмайды екен. Міне, енді жылдық табыс он миллионды алқымдап қалған. Сол себепті колхозшылардың еңбеккүнін тек ақша түрінде өтеуге мүмкіндік туған. Еңбек ұйымдастырудың осы бір жаңа тәртібінде көп артықшылық бары айқын көрінеді.

Әлде бұл ауданның біз іздеген артықшылығы осы ма екен? Бірақ Қазақстанның қай ауданында үй салынып, қыстақтар тұрғызылмай жатыр. Еңбекті ақшадай табысқа айналдырған да жалғыз осы колхоз дейсің бе?!

* * *

Міне, кеш болды. Оңаша қалған бір сәтте күнделікке үңілдім. Өткен күнді көз алдыма келтіре бастадым. Көп адамдармен кездесіппіз. Көп жерлерде болыппыз.

Сиыр фермасында Жарас деген жас жігітпен жолығыстым. Қапсағай денелі жігіт. Оны маған сауыншы деп таныстырды.

— Сиырдың емшегін жұлып ала жаздайды, — деп әзілдеді біреу.

Мен әуелі ойын шығар деп ойлап едім, Жарас шынында да сиыр сayады екен.

— Бұл жұмысқа неге ауыстың? — деп сұрадым мен одан.

— Бұрын қой бағып едім, жаман бақпадым. Бірақ елеген ешкім болған жоқ. Атымды шығарайын деп келдім мұнда, — деп жауап берді жас жігіт.

— М - м... «атың шықпаса жер өрте» - деген осы ғой, тегі, Жарас маған бір түрлі болып көрінді. Рас, біздің елде еңбектің ала-құласы жоқ қой. Сонда да мына Жарас сияқты тепсе темір үзетін соқталы жігітті әйел жолдастардың қолынан келе бермейтін ауырырақ жұмысқа пайдаланған дұрысырақ сияқты. Сиыр емшегін жұлып ала жаздайтындар әйел қауымынан да табылады ғой. Тегі, аудан ішінде жігіттердің сауыншы болуын дәріптеңкіреп жүрген кейбір жолдастар оларға: «Механизатор болыңдар, техниканы меңгеріңдер!» деп үгіттесе пайдалырақ болар ма еді әлде қайтер еді?! Ойланатын шаруа.

Бүгін көп адаммен кездестім дедім ғой. Солардың ішінде айырықша көңілімде қалғаны екеу екен. Бірі осы сиыр фермасының бастығы Асанова Әуесхан да, екіншісі - колхоз председателінің орынбасары Иманбаев Жүнісжан. Бірі тым өжеттігімен, екіншісі биязылығы, бала мінезділігімен есте қалған.

Колхозда жап-жақсы кітапхана бар екен. Соны көре барып едік. Қолында он бес шақты кітап салған сеткасы бар, сұңғақ бойлы бір қыз кіріп келді. Кітапхана меңгерушісі:

— Белсенді оқушымыздың бірі — Асанова Әуесхан, — деп таныстырды.

— Белсенді оқушы кітапты бұлай бумасымен ұстамайды. Бір-бірлеп оқиды да, екі-үш күннен кейін әкеп тапсырады. Содан кейін жаңа кітап алар болар, — деп әзілдеді сонда тұрғандардың бірі.

Мен бұл әзілді іштей құптап қалдым. Кітапты көп оқиды екен деп айтсын деп, өзін бізге көрсеткісі келіп тұрған адам сияқты болып көрініп кетті ол маған.

Жоқ, бұл ұшқары пікір болып шықты. Әуесхан фермадан келген. Сауыншылар алған кітапты әкеп өткізіп тұр екен. Ал өзінің әдебиеттің шын досы екеніне пікірлесе келе көзім жетті. Қазақ әдебиетінде ол оқымаған шығарма жоқтың қасы.

Әуесхан еңбекшілер депутаттарының облыстық советіне депутат. Өзі Қазақ университетінің журналистика факультетінде сырттан оқиды.

— Өзің сондай жас екенсің. Сиыр соңыңда жүре беремісің. Университетке түсіп неге оқымайсың? - дедім мен оған әзіл-шынын араластыра.

— Онда қаладағы сіздерді кім асырайды!деп жауап берді ол. — Жоқ, мен ен даланы, еркін ауаны жақсы көремін. Университетті сырттан оқып та бітіремін.

Сонда Иманбаев Жүнісжанның:

— Қазір ел басқару оңайланды ғой. Бұрын жоғары білімді адамды бүкіл ауданнан іздеп таппаушы едің, қазір ферма сайын білімді жас бар, — деген сөзі есіме түсті.

Шынында да комсомол мүшесі Әуесхандар колхоз болашағының тірегі болса керек.

* * *

Ал Жүнісекең болса мүлде басқа мінездің адамы. Дұрысында ол колхоз құрылысының негізін қаласушылардың бірі. Қызмет жолы да сонау жиырмасыншы жылдардың соңында мойын серіктен басталған. Сауаты төмен болса да содан бері шаруашылықтың әр саласында адал қызмет атқарып келеді екен.

Жүнісекең өзінің өмірбаянын айтып отырып:

— Мен қазір алпысқа таяндым. Қағазға қараудан қалып бара жатқан да жайым бар. Сонда да Ленин томдарын оқып жүрмін. «Совет үкіметі» — деп көп шапқылап едік. Сонымның дұрысы мен бұрысы қайсы? — осыны білу үшін оқимын. Судың да сұрауы бар емес пе. Өткен өміріңе есеп беретін шақ жетті, - деді. Бірде Жүнісекең ауданның болашағы туралы сөйлеп кетті.

— Әр жылдың өз алдына бір салтанаты болады. Бір кезде киіз үйді сәндеп едік. Там үйді дәріптеген де кезіміз болған. Ал, енді еңсесі биік шатырлы қарағай үй салу салтқа кірді. Кейде шегеге де зар болып қалатын жайымыз бар. Жол қатынасы нашар. Керек нәрсені тасып жеткізе бере алмаймыз. Кірпіш, цемент, у тас та (әкті бұл жерде осылай атайды екен) жетісе бермейді. Осыларды алыс Алматыдан тасымай-ақ, ауданның өз мүмкіншілігін пайдалануға әбден болар еді. Кірпіш күйдіретін, цемент шығаратын орындар ашу керек. Бұған ауданда жағдай бар, — деді.

Аудан басшылары үшін бұл ойланатын пікір ғой деймін.

Енді бір сөзінде Жүнісекең:

— Қойымыз көп. Бірақ жүнді аз аламыз, — деді. — Оған екі себеп бар. Біріншіден қойымыз асыл тұқымды емес. Екіншіден жайылымда тобылғы, қараған көп. Бұл заңсыз жүн қоймасы. Арасына қой кірсе болды, жұлып қалады. Осы бұта-шөпшекті құртудың бір тәсілін тапса!..

Бұл, міне, колхоз қамын ойлайтын адамның сөзі.

Мен Жүнісекеңмен бір тәулік бойы бірге жүрдім. Оның бұл пікірлерін аттың жалында, түйенің қомында дегендейін, шай үстінде немесе көшеде жай әңгімелесе жүріп тыңдадым. Ештеңені жазып та алғаным жоқ. Оның ашыла сөйлеуінің кілті осында ма деймін. Бір дәм үстінде телефон шылдыр етті. Сөз саптасына қарағанда колхоз председателі болса керек (Ол кісі біз барғанда қатты науқастанып жатыр екен).

— Бар мәліметті жинап алып едім. Бірақ жай әңгімелеседі, ештеңені сұрамайды, — деді Жүнісекең телефондағыға.

Әңгіме біз туралы екені бірден түсінікті.

Аттанар сәтте кеңесіп отырдық та, Жүнісекеңнің аты-жөнін дұрыстап жазып алайын деп мен қолыма қарындаш алдым. Сол кезде тағы да телефон шылдырлады.

Жүнісекең ақ көңілділігіне басты:

— Әй, шырақ, қоя тұрсаң етті. Міне, нағыз әңгімеге енді кірісіп едік. Жарайды, кейін, кейінірек, — деп трубканы салып қойды.

Мен мұртымнан күліп отырмын. Ол айтқан әңгімелер қай мәліметтен болса да артық екенін Жүнісекең қайдан білсін!

Төртінші күн. Өзіміз аралап жүрген колхоздың Тоғызбұлақ деген участогінде болдық. Ұзақты күн тұрмыс конференциясына дайындалумен уақытымыз өтті де, күнделік жазуға да қол тимеді.

Бесінші күн. Бүгін тағы да бір таулардан астық. Күн тым салқын. Тау басы бұлыңғыр, бұрқасын жүріп жатыр. Етекте көк майса, аяғын жаңа ғана қаз басқан қозылар. Сұрастыра келсек, бұл атышулы арқар-меринос нәсілдері екен.

— Алдымызда Қызылту совхозы, — деді Кеген аудандық атқару комитетінің председателі Ұрмурзин Ғазез. - Сырты жұпыны болса да іші майлы совхоз.

Шынында да солай екен. Совхоз қорасынан сексен мың қой өреді. Бір өзі мемлекетке Нарынқол, Шелек сияқты үш ауданның ет пен сүтін тапсырады. Аз шаруа емес қой бұл. Совхоз директоры Өтегенов Нұрахмет шаруашылық жайын баяндай келіп:

— Кешеулеп өсіп келе жатқан бір түлік бар еді. Шошқа шаруашылығын айтамын. Былтырдан бері соны қолға алдық.

Енді «бес түлік малымыз бар, бірі шошқа» — деп мақтан ете аламыз, — деп күлді.

Өзі ақ жарқын, қонақжай адам екен. Былайша айтқанда шылбырымызға оралды. Жібермеді.

...Тағы да дәм келді. Дәм болғанда кәдімгі бесбармақ та. Оның ар жағында екі иінінен дем алып самауырын тұр.

Бүгін біз шыққалы бес күн. Көргеніміз ет те шай, шай да ет. Көкөніс дегеніңді қос аттап шапсаң да табар емессің. Себебі не екен мұның?

Иманбаев Жүнісжан бір сөзінде:

— Қара бұлақ деген жерге жеміс ағаштарын әкеп егіп едік. Өсірген ешқайсысымыз болған жоқ. Ішіне ат арқандап қойған да уақытымыз кездескен, — деп еді. Тегі, бұл ауданда көкөністің де тағдыры дәл осындай болса керек. Әйтпесе таулы өлкенің ауа райына қарамастан Кегенде көкөніс те, өсе алатындығына толып жатқан дәлелдер бар.

Алтыншы күн. Біз енді Жалаңаштан Ұзынбұлақ совхозына аттандық. Бұл жолға бізді аудандық партия комитетінің секретары Әбілғожиннің өзі бастап жүрді. Ашық мінезді сөзуар адам екен. Аудан болашағына айырықша тоқталды.

— Су керек, - су, су! — деп қайталады ол бірнеше рет. — Мына жатқан он бір мың гектар Ағанас жазығы. Он мыңдаған мал көктемде осында болады. Ал біз оған суды қырық-отыз шақырым жерден машинамен тасып әкеп береміз. — Секретарь жолдас қалай сөйлеуді жақсы көретін болса керек. — Су жоқ, су, су! — деп тағы қайырды.

Шынында да табиғаттың сараңдығында шек жоқ-ау. Басы Қарқара, Кеген, содан кейін Ақтоғай, Сарытоғай, Көртоғай болып, ақыры Чарын деп аталып Ілеге құятын аумақты өзен осы Ағанас пен Ұзынбұлақ жазығын қақ жарып өтеді екен, бірақ пайда не өзен табаны екі жүз, үш жүз метр төмен шыңырауда жатыр. Оны көтеру үшін талай миллиондаған қаражат керек. Сол себепті судың басқа бір көзін табу — аудан алдында кезек күттірмей тұрған міндеттің бірі сияқты. Өйткені кегендіктер 1965 жылы қой басын үш жүз мыңға жеткіземіз деген міндеттеме алып отыр. Бұл негізі бар, орындалар міндеттеме.

* * *

Секретарьдың қалған жол бойғы ендігі әңгімесі Жалаулыдағы Жүсіпақынова Тұрған жайында, Тұрғанның фермасы жайында болды.

Тұрған Кеген аудандық комсомол комитетінің бұрынғы бірінші секретарі. Одан бұрын Алматының қыздар институтының физика-математика факультетін бітірген жоғары білімді сауатты мұғалім. Партияның шақыруына үн қосқанда, аудандық комсомол комитетінің бүкіл құрамымен осы Жалаулы фермасына келген. Міне, сізге іздегенің жаңалық болса!

Мен Тұрғанды көргенше асық болдым.

* * *

Шіркін, Жалаулы, неткен жақсы жер едің? Айнала ақша таулар. Ат шаптырса жетпейтін орамды алып жатқан Кегеннің кең жазығы. Мың бұралып жыланша ирелеңдеп ағып жатқан өзен. Су сылдыры, самал жел — осының бәрі де жастықты паш етіп мадақтап тұрғандай.

...Көк төбенің басына жұрт жиналды. Қолдан қалқайтқан мінбеге сәби өңді жап-жас қыз шықты. Кеудесін көктемнің самалына тосып сөйлеп кетті.

...Бас аяғы жиналып қалған клуб пен көпірді тез бітіру керек. Қойға қора керек. Мал басын аман сақтау керек. Пішен шабу керек. Сауыншыларды жаңа үйге көшірген жөн. Шифр керек, цемент керек. Столға қызыл жабу керек. Осының бәрі де болады. Тек еңбек тәртібі бұзылмасын!

Жас та, кәрі де бар. Бәрі де тыңдап отыр, қостап отыр. Ал қыз болса сөйлеп тұр. Шаруа існәсін білетін, төселген адамша сөйлейді.

Міне, біз іздеп келген мұғалім Тұрған, секретарь Тұрған, ферма бастығы Тұрған осы.

Мен онымен ұзақ әңгімелестім.

Олар төртеу екен: Аудандық комсомол комитетінің екінші секретарі Мырзақасымбаев Нұрбапа — зоотехник, инструктор Әкімбаев Абылай — агроном, екінші инструктор Ысмайылов Әбдірәсіл және өзі.

Олар орталық партия комитетінің Желтоқсан пленумының қарарын насихаттаймыз деп елге шығыпты. Осы сапардан қайтып оралғаннан кейін бір бюро мәжілісінде сараң сөзді Абылай отырып:

— Пәлен істе, түген істе деп жұртты үгіттейміз. Ал өзіміз не бітіріп отырмыз? Мен фермаға барамын, — депті. Осы ұсынысты қалғандары көтере қостаған.

— Содан соң уәдеміз бос сөз болмасын деп қызыл ту алдында тіземізді бүгіп тұрып ант берістік, — деді Тұрған.

Бұл, міне, бітер істің тамаша бастамасы ғана. Көбі қала дәстүрінде тәрбиеленген жоғары білімді жас азаматтар жан тыныштығы дегеннен безді де ауылға келді. Осының өзі де ерлік. Олардың алдында үлкен-үлкен істер тұр. Сындар бар. Бүгін көтермеші болған көп жолдастар ертең оларға көмекке баруды да ұмытпасын. Жастардың бойында жалын бар. Оларды жылы төсекте жатқызбаған да осы қуат. Сол жалынның өрбуіне, қоздауына Кеген коммунистері түгел жауапты.

* * *

Жетінші күн. Біз, міне, арқар-меринос тұқымының шыққан жері атақты Ұзынбұлақ совхозының орталығында отырмыз. Өзім үшін күтпеген жаңалық та осында туды. Мен ескі танысымды кездестірдім. Ол - осы совхоздың директоры Махметов Тұрсын.

Тұрсын екеуміз университетте бірге оқып, бірге бітірген едік.

Бұл 1950 жылы болатын. Тұрсынның да содан кейінгі тағдыры қызық. Ол әуелі орта мектептің директоры болған. Содан отыз мыңдықтың ішінде осы совхозға келіпті. Өткен аудандық партия конференциясында аупарткомның екінші секретарі болып та сайланған екен. Бірақ елу жеті-ақ күн қызмет істепті. Ұзынбұлақтың сексен жұмысшысы қол қойып Москваға дейін арыз жазыпты да, Тұрсынды қайтарып алыпты.

Сол арызға қол қойғанның бірін кездестіріп едім мен.

— Кеткен Тұрсынды қайтарып алуларыңызға не себеп болды? — деп сұрадым.

— Бұрын жұпыны үйлерде тұрушы едік. Оны қазір келекелеп Шанхай деп атайтын болдық. Соңғы екі-үш жылда жаңадан совхоз қаласы салынды. Соның бәрі Тұрсынның басшылығы. Тұрсын халық қамын көп ойлайды. Сол себепті біз де оның сөзін жерге тастап көрген емеспіз, — деді ол.

Біз совхоздың сәнді қонақ үйінде жаттық. Әдемі асханасынан дәмді тағамдар жедік. Жаңа салынған аурухана қаласын араладық. Мамандарға арнап екі қабат үй салып жатыр екен. Бір орталықтан жылытылатын үй. Оны да көрдік. Жаңа өсіп келе жатқан паркіне бардық. Сондай бір биік талғаммен, ою-өрнектер жүргізілген клубы мен кеңсесінде болдық. Бұл ана Жалаңаш асханасында ілулі тұрған халтура емес, шын көркемөнердің жемісі. Бәрі тамаша. Ал жаңа ашылған совхоз музейі ше! Елу кісілік балалар бақшасы қайда?

Қысқасы, бұл бүгінгі күннің талабы мен талғамына толық сай келетін совхоз орталығы.

Аттанар сәтте Тұрсын бізді жаңа салынып жатқан қой қорасына алып барды. Бұл баяғыдан бері көп сөз етсек те, жүзеге асыра алмай жүрген Құлық тауының көктасынан қашап салынып жатқан қора. Өзі екі қабат. Астында қой, үстінде шопан тұрады. Кітапхана, қызыл бұрышы да сонда. Биыл бұл совхоз осындай он қора салып жатыр екен. Жүз жылға кетер іс!

Адам тындырар істің қиян - қилысы бар ғой. Күндігі де, жылдығы да болады. Тұрсын науқан деп айқайлап кетпейтін, сол екеуінің тізгінін тең ұстайтын басшы болып көрінді маған.

Қысқасы, бұл совхозға Тұрсын сіңірген еңбекті ауыл шаруашылығы жайындағы поэма дер едім. Тек мына күнделікте айтып жеткізу мүмкін емес. Арнайы сөз етер тақырып.

* * *

Зымырап келеміз, зымырап келеміз. Алдымызда көк жапыраққа бөленген астана. Артымызда биік-биік таулар қалып барады. Сол таулардың бауырында егін салып, мал баққан, мемлекет тағдырын ойлаған тамаша жандар - біздің жаңа достарымыз қалып барады.

Қош, сау тұрыңыздар, асыл жандар!

1959


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз