Повесть
1
Жабдығы жадағай келген бөлмеде екі адам отыр. Біреуі милиция капитаны — жас келіншек, екіншісі — құрылысшы студенттер формасын киген төртбақ қара жігіт.
Келіншек ернін шүйіріңкіреп, алдындағы қағаздарды саусақ ұшымен еріне, немкетті ақтарыстырады.
— Міне, аты-жөні:.. Рүстем Жанғазиев. Осы қалада тұрады. Әке-шешесі екі мекеменің дырдай бас бухы. Ауқатты, бақуатты семья... Рүстемнің бір жаз еңбек еткеніне қарсы емес. Бұл балаға не жетпейді, өзім де білмеймін. Мінезі шәргез, асау. Оқуы жаман емес. Сегізінші класты бітірді. Еліккіш, көрсеқызар. Рок музыка десе, қалпақтай түседі.
— Не бүлдіріп қойып еді?— деп жігіт төтесінен салды. Жалығып отырғаны беп-белгілі.
— Көрші мектептің балаларымен төбелескен...
— Мен де шайқап баққанмын... кезінде.
Келіншек жігітке үрейлене қарады.
— Шайқау? Ол не?
Жігіт қышқыл күлді.
— Күш көп, ақыл аз — шайқау деген сол.— Осынау бір пәтуасыз сұрақ-жауап сайысы жалықтырып жіберді ме, жігіт әңгіме бағытын күрт бұрды.— Өзі ше, езі қарсы емес пе жұмысқа?
Есік ашылып, үрпе-түрпе шашы панк сәніндегі бозбала бері кіре берді. Капитан оған үнсіз, ұзағырақ қарады. Ала көзімен деуге болмайды, алайда немқұрайды, тым немкетті...
— Рұқсат қайда?— деді есікке бұрылған жігіт.
Бозбала аң-таң.
— Рұқсат?
— Жігіт адам бөтен бөлмеге рұқсат сұрап кіреді.
Бозбала сәл қырыстанып:
— Мен жігіт болуға тіпті де қарсы емеспін,— деді де, шығып кетіп, есік қақты.
— Кіріңіз,— деді жүзі жылыған капитан.
Бозбала бері кірді.
— Кел, отыр.— Капитан бос орындықты көзімен нұсқады.
Бозбала ұзын сирақтарын орындық астына жиыстырып, қолын кеудесіне қусырып, орындыққа нығыздалып отырды. Бұл бөлмені бұрыннан білетіні көрініп тұр. Өз-өзін тым тәуелсіз, еркін ұстауға тырысады.
— Кімді айтсаң, сол келеді. Танысыңыздар... Мына батыр — Рүстем Жанғазиев.— Бозбала басын сәл иіп, сыпайылық ишаратын жасады.— Ал, бұл кісі, Рүстем, Оспанов Тастемір. "Атлант" құрылыс студенттер отрядының командирі. Сені осы отрядқа қолайлылап қосып отырмыз.
— Қосылсақ, қосылайық,— деді бозбала мойнын сыртқа қайырып салып.
Командирдің ерні сәл жібіп жымиды, келіншекке бұрылды.
— Бұл інішектің жолдамасын...
— Комиссияның шешімі,— деп түзетті капитан.
— Шешімін, тағы басқа документтерін маған беріп қойыңыз. Сізбен сонан соң қара күзге дейін қош айтысамыз.
Келіншек командирге сұраулы пішінмен абыржи қарады.
— Күзге дейін?
— Иә... Рүстем екеуміздің сөзіміз жарасып кетсе, күзде мына бөлмеге қолтықтасып кіреміз.
— Көрерміз...— Бозбала төбедегі өрмекшінің түтіндеп тұрған ауына бей-жай көз салып отыр.
— Еріктеріңіз білсін.— Әлденеге әрі өкпелі, әрі осынау бір теке тірестің тез біткеніне қуанышты келіншек үстел үстіндегі қағаздарды тез-тез жиыстырып, Тастемірге ұстатты.
Командир орнынан тұрды.
— Көріскенше!
— Сау болыңыз!
Тастемір бозбалаға иек қақты.
— Кеттік, Рүстем!
...Қала құлпырып тұр. Көкмайса жаз жаңа басталған. Әйткенмен ауа бензин, газ, күйген темір, қысқасы, көңірсік сасиды. Тастемір мен Рүстем араларын алшақтау тастап, скверді жағалай құлдилап келеді.
— Ал, әңгіме айт,— деді командир.
— Әңгімелеспеді ме... жолдас капитан?— деді Рүстем мүдіріңкіреп. Іштегідей емес, манағы жалған саз беттігі мен өтірік өжеттігі жоқ, жуасыған. Милиция кабинетінен шыққасын кәдімгі бала қалпын тауыпты.
— Мен онда капитанмен тілдестім. Енді сенімен сөйлескім келеді.
Рүстем ой үстінде. Жерде жатқан шылымның кір-кір қорабын теуіп қалып еді, ол арыққа ұшып түсіп, дөңгелек айналып аға жөнелді. Бір уақытта басын жұлып алып, командирге тіке қарады.
— Нағыз жігіттер... анық та қанық сөзді ұнатпай ма?
— Онда сөз бар ма. Осы бастан ескертіп қояйын: құрылыс отряды — еңбек, еңбек және еңбек! Және де жартылай әскери тәртіп, "құрғақ заң", күніге он — он екі сағат жұмыс...
"Еңбек", "жартылай әскери тәртіп" Рүстемге түк әсер етпеді. Бір езулеп кекесінмен жымиып қойды. Көзбен көріп, қолмен ұстамағасын қайдан сенсін, қайдан нансын. Кроссовканың тұмсығымен асфальт түрткілеп тұрып:
— Олай болса... кешке кездесейік. Ашық та тура әңгіме сонда болсын. Төртінші трамваймен Тастақтан түсіп қаласыз, Комсомол, Руднев көшелерінің қиылысы. Сағат кешкі он. Жалғыз келесіз.
— Қазір ше?
— Қорқып тұрсыз ба?
— Мейлі...
— Уәде!
Екеуі екі жаққа айырылысып кете барды.
II
Түн... Тастемір күрткесінің жағасын көтеріп, трамвай аялдамасында, бетон қалқа астында түр. Аялдамада тірі жан жоқ, нөсер дүркіреп жауып тұр. Асфальт жиегіндегі тоқтау су жылап жатқан жас баланың бетіндей жыбыр-жыбыр етеді. Құлақ, құйрығы салбыраған қара ит суды шылп-шылп кешіп, желіп өте шықты. "Иесі күнде шомылдыратын қаланың тәртіпті иті болса ғой, мына шалшықты айналып өтер еді. Көшенің қаңғыбас иті болды". Тастемір, неге екені белгісіз, жымиып қойды. Сағатына қарап еді, он.
Жалғыз көз трамвай диюдай дүркіреп, төніп кеп қалды, пыс етіп, жел жіберіп тоқтады. Ішінен Рүстем секіріп түсіп, жан-жағына қарап, аз-кем тұрды. Ақыры қалқа астындағы бүрісіп тұрған командирді көрді ме, қасына келді, бетіне электр жарығын түсірді. Көше жарық болса да әдейі істеді.
— Жалғыз боларсыз...
— Қалай келістік — солай келдік.
— Ізімнен екі елі қалмай жүріп отырыңыз.
Рүстем сансыз темір түймелі жеңсіз тері күрткені желбегей киіпті, мойнында шынжыр баулы темір кулон салбырап жүр, екі білегінде екі жалпақ сақина. Несін айтасың, бес қаруы бойында.
Екеуі әуелі қараңғы аллеяны құлдилай бойлап жүрді. Қиқы-жиқы ағаш шарбақтан қарғыды, терең жыраның түбінде жылу трассасының жуан құбырлары ағараңдап жатыр екен, содан секірді. Командир екі қолы ербеңдеп, құлап кете жаздады, әупіріммен бойын түзеді, ақыры шыдамай:
— Алыс па әлі?— деп жіберді.
Рүстем соңына бұрылып, Тастемірді тосып алды.
— Қорықсаңыз, қайтайық.
— Қойдық, тақсыр.
Екеуі сүт пісірімнен соң екі. қабатты нән үйдің ауласына кірді. Тайыншадай төбет арсылдап, шынжырын сүйрете-мүйрете үйшігінен атып шығып еді, Рүстем:
— Өзіміз ғой, жат, Цербер!— деп басынан, мойнынан сипап еді, төбет аянышты қыңсылап, аяғына оралды. Командир: "Мана Рүстем бала капитан екеумізге ит көрген мысықтай ытырынып қарап еді. Ал, ат үстінен кісіні алып түсетін Цербермен дос... Өмір қызық!" деген байламы жоқ баянсыз ойға кетті.
Рүстем дәу подвалдың ағаш есігін арасын бөліп-бөліп, үш рет қақты. Подвалдың перде тұтқан терезесінен сыртқа бозамық жарық селдіреп түсіп тұр.
Есік ашыла берді, іштен аяқ-қолы бөренедей ұзын жігіт сыртқа қорбаңдап шықты.
— Кім?— деп, жүк машинасының қорабынан қарағай құлап түскендей дүңк етті.
— Өзіміз, Кірпіш!
— Кіре беріңдер!
Кірпіш еңкеңдеп алға түсіп, төмен құдиып кеткен баспалдақтарды санап басып, жол бастады.
Айналасы үй орнындай үлкен подвал... Төбеден жалаңбас электр шамы салбырайды. Қабырға іргесіне жағалай қойылған ұзын-ұзын ағаш орындықтарда түр, түстері әр түрлі, әйтсе де жас шамасы біркелкі — он бес, он алты жас шамасындағы жас өспірім жігіттер мен балғын қыздар тізіліп отыр. Бұлардың үстінде де былғары күртке, темір-терсек әшекейлер. Өздері уәделесіп алғандай тіс жармайды, қонақ келетінін алдын-ала білетін секілді, екі көздері командирде. Тақ ортада жалпақ ат тақтайлардан қиюластырып соғылған үстел, оның үстінде алабажақ тикеткалы сан түрлі бөтелке самсап тұр: бес-алты стакан да осында. Қабырғаны айналдыра шетел рок топтарының, әншілерінің әлем-жәлем суреттері ілінген.
— Төрлетіңіз! — деді Рүстем үстел жанындағы айналмалы креслоға емін-еркін жайғасты да, жан-жағына бажайлап қарады. Мұндайда сыр бермеу керек. Сыр берсең, сасқалақтап жаңылыса бастасаң, өз бағаңды кемітіп алғаның.
Рүстем ала көз, қазан бас Кірпішке иек қағып еді, ол бұрыштағы орындық үстінде тұрған магнитофонның түймесін басып қалды. Сол мұң екен, делебені қоздырып, қанды қыздыратын ызы-қызы әуен құлақ кесті. Қыз-жігіттер қолдарын кеуделеріне айқастырып, аяқтарын ортаға қарай созып жіберіпті де, шүйделерін қабырғаға тіреп қойып, көз жұмып, әуенге елтіп отыр. Бұл дүниеде Тастемір бар ма, жоқ па, онда шаруалары шамалы.
Рүстем бөтелкенің біреуін ашып, стақанға тең бөліп құйды, командирге ұсынды. Екінші стакан өз қолында.
— Шөлдеген шығарсыз... Денсаулық үшін!— Көтеріп қоюдың ырымын жасады.
Тастемір басын шайқады.
— Мен арақ ішпеймін.
Бозбала жымиды.
— Таза су. Сенбесеңіз ұрттап көріңіз.
Командир стаканға қол созды.
— Рақмет!
Шөлдегені рас еді. Жаңбыр астындағы жортуыл, әлде асай-мүсейлі әуейі ортаның әсері ме, кенезесі кеуіп отырған. Әйтсе де стақандағы суды бөліп-бөліп, жайлап, сыздықтата жұтты — сыр бермеу керек.
Рүстем үстел қырына ыршып шығып, құйрығымен егеп-егеп, бір шетіне нығызданып отырып алды.
— Жақсы балалар...— деді дос-жарандарын иегімен нұсқап.— Біз арақ ішпейміз, шылым шекпейміз. Хард музыка тыңдаймыз, әңгімелесеміз, кем дегенде жүз жыл жасау үшін не істеу керек, сол туралы ақылдасамыз.
Тастемір стақанды саусағының сыртымен әрі таман итерді.
— Музыканы ақырындатуға бола ма?
Бозбалалардың біреуі әуенді басып келді.
— Сонымен... металлиссіңдер?
Жағалай отырғандар: "Бұл да бірдеңені біледі, ә?" деген райда бір-біріне қарасты. Рүстем ғана өзгермеді.
— Үстінен түстіңіз. Хэви металл рок...
Командир жайылып кеткен аяқ-қолын жинап, тіктеліп отырды.
— Солай деңдер... Хэви метал рок... Ерік-күш береді бұл сіздерге, ә?— Магнитофонды иегімен нұсқады.
— Немене, хэви метал сізге ұнамай ма?— деді Кірпіш сүзе қарап.
— Неге ұнамайды? Қартайып тұрған жоқпын, жиырма беске жаңа жеттім,— деді командир аспай-саспай.— Бірақ алдарыңда тұрған күрделі дүниені хэви метал түсіндіріп бере ала ма екен? Бұл да наркотиктің бір түрі. Диогеннің ағаш бөшкесі баяғыда қаңсып қалған. Бәрің де мектепте оқисыңдар, комсомолға мүшесіңдер, ата-аналарың бар...— Командир аузын жиып ала қойды. Ол өзінің жаза басқанын түсінді. "Мектеп", "ата-ана"... Балалар дәл осы жерге мектеп, ата-ананы тәрк етіп тастап, қашып келіп отыр. Онсыз да аузы ашық жараны өзі де байқамай сызып өтті.
Топ жарыса шулады.
— Сүйікті дейсіз бе? Ой-ой, мәселе қайда!
— Бізден тек бағынуды талап етеді. Мектеп, комсомол, ата-ана — бәрі-бәрі...
— Хард музыкадан тек біздің мұғалімдер ғана зәресі қалмай қорқады. Ал, чехтар ол туралы не дейді, міне, көріңіз!— Қуыршақтай ғана әдемі қыз алабажақ мұқабалы журналды командирдің алдына тастады.— Шойын металды топ "Мэноуоро", Александра Пахмутова туралы мақала бар, оқыңыз.
— Біз музыка тыңдаймыз, пікір алысамыз, қала сыртына мотоциклмен серуенге шығамыз. Жылдамдық, жылдамдық, жылдамдық — біз табынатын заң осы.
— Үйде, мектепте, әрқайсымыз өзімізше жалғызбыз.
— Олар, активисттер, тым дұрыс сөйлейді. Класта, мектепте ғана, өкінішке орай, Хард музыканы олар да тыңдайды. Ешкімге көрінбей, оңашада...
— Шынайы өмір — біз, біз! Біз — бармыз, өмір сүреміз!
Командир орнынан тұрды. Шу су сепкендей басылды. Көз атаулы бір қомағайлық, ынтызарлықпен жалтырайды. Олардың ойынша, құрылыс отрядының формасын киген командир өздері жек көретін әлгі бір активист қой.
Тастемір бөтелкеден су құйып ішті — бұл әңгіме оған да оңай соғып тұрған жоқ.
— Дұрыс айтасыңдар. Біз күрделі өмір кешіп жатырмыз. Мына хард музыкадай екпінді... әрі қиын уақыт. Әрқайсымыздың ішімізде бір-бір Шекспир булығып, тұншығып жатыр. Соны... өлтіреміз бе, өсіреміз бе, әңгіме сонда. Сөздерің, жалпы, құлағыма қонады. Мына хард музыка, мына униформа үшін бастарыңнан сипамаған, ә?
Топ қайта сөйледі.
— Басымызды сипамақ түгіл, жұлып ала жаздады. Жуырда учаскелік милиционер кассеталарымызды конфескеледі.
— Мектеп комсомол комитетінде талқыландық.
— Біз "тәрбиесі қиын жас өспірімдерміз",— деді Рүстем мысқылмен.
Командир қолын көтерді.
— Жарайды, сендерге, өздерің айтпақшы, ерік, күш, жігер керек екен. Сол ерік-күштерің қаншалық, сынап көргілерің келе ме?
Топ үнсіз. Командир нені меңзеп тұр, ұқса бұйырмасын.
— Құрылыс отрядын айтасыз ба?— деді біреуі ақырын ғана.
Тастемір күлді. Рүстемге қарады.
— Иә, студенттердің құрылыс отряды. Ала жаз бойы еңбектің дәмін татасыңдар, ақша табасыңдар. Америкада, мәселен, миллионердің балалары жазғы демалыста бензоколонкада істейді, көшеде газет сатады. Сендердің әке-шешелерің, мен білсем, миллионер емес.
Металлисттер бір-біріне қарасты. Командирден басқа, басқа да, дәл мұны күтпеген.
— Мен онсыз да құрылыс отрядына баруға тиістімін... жас өспірімдер комиссиясының шешімі бойынша,— деді Рүстем жымиып.
Жұрт қайта көтерілді.
— Рүстем барсын...
— Арамызда еңбегі сіңген құрылысшы отыр.— Бір бозбала Кірпішті нұсқады.— Кірпішжан, құрылыс алаңы адамды рухани байыта ма, бет-жүзге қарамай турасын айтшы?
— Ақша табады, еңбектің дәмін татады... Бұл — ертегі! Каторга! Сұлу сөздер!— деді Қуыршақ екіленіп.
— Әуелі Рүстем барсын. Миллион сом ақша алып қайтса, көрерміз. Мүмкін, он сом қарыз сұрап алармыз.
Командир Рүстемге қарады.
— Қалай?
Ол керенау ғана:
— Жазған құлда шаршау жоқ,— деді.
— Ертең киім-кешегіңді алып, университеттің бас корпусының алдына кел. Сол жерден аттанамыз.— Бұрылып есікке беттеді. Топқа мойын бұрды. Қабырғадағы алабажақ қағаздарға көз тастады.— мына суреттер сендерге мәңгілік серік болмайды. Бұл өмір емес. Өмірге жақындау да емес. Керісінше, алыстау. Әзірге!— Шығып кетеді.
Металлисттер тілін тістеп, бақырайып-бақырайып отыр.
III
Аспанда шарболат күн шақыраяды. Шағыл құм төбеде Рүстем тұр, төңірегіне көңілсіз көз салады. Оң қолында шағын магнитофон. Басында кең етекті қамыс қалпақ, үстінде құрылысшы студенттер отрядының ашық жасыл формасы.
Ақ аспан...
Сабылған сағым...
Толқын-толқын құм төбелер...
Құм төбелердің ортасын таспадай тіліп, сап-сары лай өзен кілегейленіп ағады.
Өлке басқа бояуға тас сараң.
Алыста, дәп өзен жағасындағы үлкен алаңды бес-алты жылжымалы вагон күргейлей қоршаған. Биік сырық ұшында қызыл жалау желбірейді. Вагон айналасы қараң-құраң адамдар. Шаң-шұң дауыс талып кетеді. Жалпақ өзеннің аяқ тұсында жартылай біткен ұзын плотина айдынға сұғына кіріп жатыр.
Кенет құйын тұрып, Рүстемнің қамыс қалпағын жерге ұшырып түсірді. Қалпағына еңкейе бергенде:
— Ей, қалпақсыз жігіт! Ей-й!— деген жіңішке үн жетті.
Рүстем қалпағын қағып-соғып, еңсесін жазды. Етекке көз жіберсе... талдырмаш қыз мықынын таянып, күлімсірей қарап тұр.
— Не?— деп дүңк етті бозбала. Ол осы сәтте ызалы еді; ары тарт та, бері тарт екі ұдай қалпына ызалы, өйткені ол қыз қауымына менсінбей қарайтын балалықтан кетіп, өзіне де әлі беймағлұм, өзі де жете түсініп үлгермеген, әрі қызық, әрі шыжық бозбалалық кезеңнің табалдырығын басып тұр еді. Сол бір ауытқымалы-толқымалы мазасыз сәтте мынау шіреме қыз жығылған үстіне жұдырық болып тұр.
— Бері кел!— Қыз қолын бұлғады.
Рүстем түйетайлы құм беткеймен еріне сырғып, етекке түсті.
Әлгі қыз оң көзін сығырайтып алып, Рүстемнің басынан аяғына дейін сүзіп шықты. Бұл да бал балалықтың базарынан енді-енді шығып, жастықтың қара орманына жаңа ендеп кірген қыз еді. Сырттай дөңайбат жасағанмен, іштей өз-өзіне деген беті жасырулы бір сенімсіздік бұдан да сезіледі.
— Мен бір жыртық қолшатыр көтеріп, жауын астында дүние кезген жалғыз сұфы... Солай ма?— деп, түре тиісті.
Рүстем ерін ұшымен:
— Түсінбедім,— деді.
— Мао Цзэ дун... Соның өлеңі.
— А-а...— деді бозбала әдейі түсін бермей.— Жақсы өлең.
— Атың кім?
Рүстем қабағының астынан қызға жақтырмай қарады,— қадалған жерінен қан ала ма? Жалпы, ол тым көп білгісі кеп, қойын-қолтығына кіріп кетуге құлшынып тұратын әлекей қыздарды ұнатпайтын. Мұндай қыздардан келешекте әдетте қазымыр, тықылдақ мұғалималар шығады — оны өмірден көріп жүр.
— Рүстем... Өзің кімсің?
— Жанар,— деді қыз жымиып.— Оқушымысың?
Рүстем соңғы сұраққа келгенде тыржың етті.
— Болсақ болармыз. Сен де тәрбиесі қиын...— аузын жиып ала қойды,— оқушы боларсың?
— Бесеу, бесеу, бесеу және екеу...— Қыз оң қолының саусақтарын үш рет жұмып, соңында бас бармақ, балалы үйрегін шошайтты.— Осынша жастамын, студентпін. Мектепке алты жасымнан барғанмын.
— Вундеркинд?
Қыз мысқылды аңғармады ма, көсіле түсті.
— Медикпін. Екінші курсқа көштім. Жаз бойы сендерді емдеймін. Отряд дәрігерімін.— Мойнына асқан сөмкесін ашып, құты алып шықты.— Мә, маса шақса жағарсың. Айтпақшы, сені командир шақырып жатыр. Ал, мен кеттім.
Қыз билей басып, ұзай берді. Рүстем ыстық құмға отыра кетіп, соңынан қарап отыр.
Ол өзінің өміріне тағы бір тың ағын келіп қосылғанын бұлдыр сезінгендей. Және де анау-мынауға бой бермейтін асау ағын... "Жанар" деп аталатын ағын! Сол үшін де қыз соңынан жақтырмай көз салып отыр. Өзі де байқамай магтың тілін басып қалды. Хард музыка дүңкілдей жөнелді. Қыз жалт қарап, тілін шығарды. Сақылдап күлген күйі жүгіре жөнелді.
IV
Өзен жағалап, шынтақтап жатқан жартасты төбеге командир бастаған бір топ жігіт тізбектеле тырмысып, өрмелеп келеді. Іштерінде Рүстем де бар. Бәрі де сүймен, күрек, орам-орам шланг, пневматикалық балға арқалаған. Алыстан, тау баурайынан салынып жатқан ГЭС-тің шимай-шатпақ контуры көрінеді. Кешегі жарым-жарты плотина бүгін өзеннің бас жағында қалып қойған. Дәу қара қоңыздайын "БелАЗ", "КрАЗ"-дар бөгет үстіне жорғалап шығып, топырақ, тас төгіп жүрсе, бүйідей бульдозер төңіректі басына көтере гүрілдеп, төгілгенді жаймалайды. Плотинаның арғы бетінен бас алған қосар канал тау баурайын кең орай келіп, ГЭС-ке шығатын апан ауыз тоннельге ұласыпты. Канал түбі, жағасы сары пластмасса қалпақты жүмысшылар, мойындарын созып тастаған үлкенді-кішілі крандар, ірілі-уақты жүк машиналары... Гүр-гүр, сар-сұр еткен мазасыз тіршіліктің жүрегі дүкілдеп соғып тұр.
Жігіттер сөзге сараң: таңғы тәтті ұйқыларын аша алмай бейжай, сүлесоқ. Оның үстіне кеше вагондарға сәкі орнатып, ас үйді жөндеп, ұзынды-қысқалы тақтай, кірпіш тасып, түн ортасына таман төсектеріне құлап еді, соның сазайын енді, міне, тартып келеді. Қол-аяқтары ағаштан жасалғандай сықырлап, әр кадамдарын санап басып, ұялғаннан әрең келе жатыр.
Ақыры, бәрі де төбе беткейіндегі қожыр-қожыр жартас етегіне жиналды. Жуан-жуан ауа құбыры төбені қара айдаһардай қапсыра орап, жартасқа жете жығылыпты. Құрылысшы студенттердің бірі тас үстінде отыр, екіншілері сүймен, күрек сабына сүйеніп, әзер тұр. Командир қайратты, қысқа шашын сытыр-сытыр тарап:
— Жә, жігіттер, әңгіме қысқа,— деді қатқыл үнмен. Алғашқы күннен іскер көрінгісі келе ме, тақ-тұқ, қысқа сөйледі.— ГЭС — анау. Ал біз болашақ шалқар көлдің түбінде тұрмыз. Келдің екі жағасын қосатын автомобиль көпірінің бір тіреуі нақ осы жерге түседі. Әне, анау шошайған төрт қазық — тіреу орнының ауданы. Кеше кешке прораб екеуміз өлшеп, белгілеп кеткеміз. Әне, Рабат Беріковичтің өзі де көрінді!
Айтқанындай, жұқа жүзін жел қаққан, орақ мұрын, сақа жігіт беткей етегінен көтеріліп, бері шықты.
— Қайырлы күн!— деді сыпайылап.
— Міне, қол астыңызда еңбек ететін жігіттер. Шеттерінен сайдың тасындай,— деді командир прорабқа.— Сүйегі менікі, еті сіздікі. Танысып қойыңыздар!
Рабат Берікович алдымен тұлғасы спортсменге келетін сыптығыр жігітке қолын ұсынды.
— Мені білесіздер... 35 — жол салу басқармасының прорабы.
— Тарғын!
— Сәбит...— Ақ құба, еңкіштеу келген жігіт қолын әрі-сәрі ұсынды — тәкаппарлықтан емес, ішкі бір қорғаншақтық, батылсыздықтан.
— Әшір...— Қоқырайтып қырғыз қалпақ киген қиық көз, шақ жігіттің таңдайы тақ етті.
— Рүстем...— Ол жол ортада екі ұдай күйде тұрып қалды. Оның қолын ұмтылыңқырап барып өзі алған прораб: "Сен де студентпісің? Түріңе болайын" дегендей сынай қарады.
Тастемір нық, қадап-қадап сөйлейді.
— Рабат Берікович, бригадир мына Тарғын Оспанов. Істің оңтайын біледі, өткен жылы да құрылыс отрядында еңбек еткен. Әшір де солай. Болмағаны — Сәбит.— Сәбит құрылыста істемегеніне кінәлы адамдай қозғалақтап қойды.— Және мына Рүстем атты інішегіміз. Бұл мектептен қосылған. Полк баласы дегендей, құрылыс отрядының төл еркесі.— Ар жағын қозғасам ба, жоқ па дегендей аз тоқталды. Рүстем қабағын түйіп ап, сонау көкжиектің сызығына қарап тұр. Командир, абырой болғанда, бұл қылкөпірді аттап өтті. Сәл кері шегінді.— Ал, Рабат Берікович, мен біттім.
— Қалғандары қайда?— деді прораб сойталдай төртеуін азырқанғандай қыдыра қарап.
— Қалған отыз жігіт ГЭС құрылысшыларына үй салады. Осыдан он километр жерде. Әне, анау белдің астында, тұп-тура қаланың шетінде. Күнде машинамен барып келеді. Мен де, отряд комиссары да солардың басы-қасында боламыз. Құрылысты өзіңіз білесіз, бірде бетон, бірде кірпіш жетпейді дегендей...
Прораб ортаға шықты.
— ГЭС құрылысына келіп қалдыңыздар. Құттықтаймын... 35-жол салу мекемесінің атынан! Тіреу түсетін алаңның эпицентрі анау теңкиіп жатқан қойтас.— Шиыршықталған қағазды Тарғынға ұстатты.— Мә, бригадир жолдас, қалтаңда болсын. Бәрі де осында хатталған, шотталған, өлшенген, сызылған. Ең алдымен, алаңның жусанын күрекпен қырқып, алып тастайсыңдар. Сонан соң беткі топырағын шлангпен үрлеп, қат-қабат көктастың бетін ашасыңдар. Мұның өзі екі-үш күндік жұмыс. Ары қарай бұрғылау басталады. Бұрғыланып біткен тасты жарамыз. Оны тазалап біткесін тағы бұрғылайсыңдар, тағы жарамыз. Түсінікті ме?
— Өте түсінікті,— деді Әшір. Қотыр тілді, қырсықтау жігіт іліп түсті. Прораб оны маса шаққан құрлы көрмеді.
— Онда іске сәт! Мен үй салушыларға кеттім.
Тастемір беткейді қиялап, төмен түсіп кете барды. Жігіттер командирдің шоң желкесіне көз алмай үнсіз томсырайып тұр. Өз-өздерін жұртта ұлып қалған жетім күшіктей сезінгендей. Әрқайсысы отрядтан бөлініп қалған айдаладағы ақ отау оңаша өмірді өгейсінеді. Әрі жаңа, мүлдем өзге тың өмір басталып кетті. Оны да ұққандай.
Прораб бригадирге бұрылды.
— Ал, Тарғын, екі қолға бір жұмыс. Жүріңдер, мына шлангтерді ауа құбырына жалғайық. Содан соң мен де табанымды жалтыратамын. Арғы бетте жұмысшылар бірінші тіреуді бетондап құйып жатыр. Әлсін-әлі келіп, халдеріңді біліп тұрамын.
Бәрі күрт қозғалысқа түсті. Бір жартысы ауа құбырына беттесе, қалғандары сүймен, күректі қолдарына алды. Рабат Берікович шлангтің бір ұшын снаряд секілді пневматикалық балғаларға, екінші ұшын ауа құбырына жалғады.
...Беткей үсті бұрқылдаған шаң. Жігіттердің қолында бір-бір шланг. Топырақты үрлеп, астындағы тастың бетін аршып жүр. Бет-ауыздары аппақ шаңнан көрінбейді, көздері ғана жылтырайды. Ауыз-мұрынды жейде, майкілерімен айқара байлап таңып алған, кепкілерін баса киіпті.
...Түске тармасқан шақ. Төртеуі енді шлангті тастап, үшкіл күректерді қолына алыпты. Ашылып қалған қабыршақ тастарды қырт-қырт түрткілеп, сүйменмен шұқылап, қопарып тастап жүр. Төртеуі де әбден шаршаған, маңдайлары шып-шып тер, бет-ауыздары айғыз-айғыз кір.
— Дамыл алайық.— Тарғын еңсесін көтерді.— Бермен келіңдер!— Бригадир төрт шырпының ұшын уысынан шығара ұстапты.— Мыналардың біреуі сынық. Сынық шырпыны кім суырса, сол адам суға барады. Ана белді, әне, көріп тұрсыңдар ма, соның астында. Бұлақ бар. Кел, Әшір!
Бүп-бүтін.
— Сен, Сәбит!
Дін аман.
— Сен ал, Рүстем!
Шырпы құйрығы шолтаң етті. — Шелекті ал да, шаппақ болсаң зымыра. Рүстем шелек көтеріп, анадан бір, мынадан екі басып, төмен түсе бастады.
V
Мөлдір тұма қожыр-қожыр жартастың нақ түбінен басталыпты. Жағасын бал құрақ әдіптепті. Сап-сары ауыздарын күнге қарай балапандай ашқан бақбақ гүлдері... Бал аралары өзара әжің-күжің "әңгімелесіп", бес тиындық бақыр көлеміндей гүлдерге кезек-кезек қонады. Алыстан көкек сұңқылдады. Тұма басынан шымшық, торғай пыр етіп ұшады. Екі жағына кезек найқалған қолтоқпақтай тасбақа жай жылжып, ұзап барады. Енді бар ғой, мына белдің астындағы ың-жың тірлікке мүлдем қиыспайтын, тіпті қарама-қарсы бейбіт сурет...
Рүстем тәлтіректеп кетті де, ақ қалайы шелекті қолынан түсіріп алды. Жер тізелеп, тұма жағасына отыра кетті. Тұманың көзі ғана мөлдір де, таяқ тастам жерге жетісімен бетіне өлген шыбын-шіркей үймелеп, қиқым-сиқым түсіп, лайлана бастапты. Ал аяқ жағы қорс-қопа батпақ... "Адам өмірі сияқты екен",— деді Рүстем іштей әлденеден көңілі қалып.
Су іліп алмақ болып, тұма көзіне еңкейе берді де, сілейіп отырып қалды. Алақандай айдын бетінен әлдекімнің кір мен шаңға баттасқан беті көлкіп көрінді. Тілін шығарып еді, анау да сөйтті. Өз бейнесін өзі жек көрген бозбала қолын суға малып көсіп-көсіп қалып еді, бозбаланың беті жүзге бөлінді.
Қол-аяғын созып, көк құраққа шалқалап жата кетті. Қолын желкесіне жастап:
— Шаршадым,— деп сыбырлады.— Қашып кетемін, күні ертең қашып кетемін.
Терең аспан тілсіз. Шақырайған шарболат күн жайлап айналады. Күн барған сайын дірілдей үлкейіп, бермен қарай саулап, құйылып келеді. Қамыс қалпағымен бетін жаба қойды.
— Шаршадым... Күл болмаса, бүл болсын.
Қалғи бастады.
Кенет жер тітіреп кетті. Рүстем ұшып тұрып, тізерлеп отыр. Шөкім бұлт жоқ ашық аспан қақ айрылардай күркірейді. Бел астынан қылтия қалған алып қара саңырауқұлақ секунд санап өсе, үлкейе түсіп, аспанға шапшып барады. Жарылыс!
Шелекпен тұма көзінен су іліп алды. Үлкен қойтасты айнала беріп еді, басы айналып, көз алдын мұнар алғандай болды. Көк құрақ үстіне құрылыс формасы жайылыпты, соның үстінде бір қыз екі қолымен жер тіреп шалқалап отыр, өзі шешініп тастапты, шамасы, күнге күйдірінген-ау. Қазір жаңағы алып саңырауқұлаққа қарап қалған. Дәл қасында медаптечка томпиып жатыр. Рүстем не кетерін, не қаларын білмей, екі ұдай күйде қаңтарылып тұр. Қыз мойнын бері бұрды. Жанар! Сәл жымиды да, шалқалап жата кетті.
Мина төселген жермен жүргендей бір басып, екі басып, қасына барды. Шелектегі су шайқалақтап, шылп-шылп төгіледі.
— Отырсайшы.
Төсеніш нақ бір тістеп алардай шетіне еппен отырды. Жанар жатқан күйі қолын созып, тілсіз-жансыз Рүстемнің бет-аузын сипалады.
— Шаршадың ба?
Түс көрген адамдай мең-зең күйі басын изеді.
— Сендерге бара жатыр ем. Медаптечканы берейін деп... Шу, шаң. Тек мына тұма ғана тап-таза... Сонсын көкорайға жата кеттім. Күн мен қыз ежелден бір-біріне асық қой...
Рүстем басын изеді. Бірақ Жанарды ұғып отырғаны шамалы.
— Сен... қиялдай білесің бе?
Бозбала кәдімгідей ойланып отыр. Әлден уақта құмығып:
— Кейде күміс қоңырау үнін естимін...— деді де сөз аяғын жұтып қойды.
— Айта бер. Кел, қатарыма жат, тынығып ал.
Ол қыздың қасына қисайды. Айқастырып салған аяқтары аспанда. Қол созым жерден бақбақты бырт еткізіп үзіп алып, тісіне салып еді. Қышқыл дәм тіліне үйірілді.
— Өткен жылы... жайлауға бардым. Жақын туыстарымыз жылқышы. Көкпеңбек тау, қара орман, саф ауа... Алғашқы күні қатып ұйықтап қалыппын. Таңертең ояна келсем, күміс қоңырау сылдырлайды. Тыңдап ұзақ жаттым. Қоңырау үні үзілмеді. Басымды көтерсем... киіз үйдің есігінен қасқа құлын ішке мойнын созып тұр. Мойнында кішкене күміс қоңырау. Тісіне көлденең шөп ілініпті. Енесін жазға салым қасқыр жарып кетіпті. Қолдан сүт ішіп үйренген. Еңбектеп барып, мойнынан құшақтай алдым. Не ренжісем, не қуансам, ылғи күміс қоңырау үнін естимін содан бері. Бірақ құлын кісінемейді. Кластас бір қызға айтып ем, "сантиментсің" деді.
Жанар аз уақыт үнсіз жатып, ақырын ғана:
— Саған өкпелеген ғой,— деді.
— Кім?
— Құлын да.
— Неге өкпелейді?
— Оны өзің білесің.
Рүстемде тіл жоқ. Қызға көз қиығымен қараса, арқасын бері беріп, ары қарап отыр.
— Түймелеп жіберші.
Ол да түрегеліп, тізерлеп отырды. Тұла бойы қалтырап бір жанып, бір суынады. Дірілдеген саусақтары икемге келер емес. Соған ыза болды ма, ақыр аяғы қыздың кеуде тартқышын бір-ақ тартып, анадай жерге лақтырып жіберді. Екі иығынан демалып, төмен қарап сұлқ отыр.
— Ендігәрі... бұған мені жұмсама.
Қыз сыңқ етіп күлді. Кеуде тартқышына бұрылып та қарамады, екі аяғын созып жіберіп, екі қолымен жер тіреп, күнге бетін төсеп отыр.
— Біз... бәріміз де жақсымыз, әдеміміз, ә? Тұма, күн, бақбақ!— Алақанының астындағы бақбақ гүлін аялай сипайды.— Мен, сен, ол — бәрі де.
Рүстем мас адамдай қыздың жалаңаш арқасына еңкейе берді.
— Осы... Тарғын қандай жігіт?
Бозбала маңдайынан біреу нұқып қалғандай орта жолда омиып отыр.
— Қай Тарғын?— Тамағына тас тұрғандай қырылдап сөйледі.
— Бригадир... Сендердің.
Рүстем табанынан жер тартқандай орнынан созалаңдап әрең тұрды. Шелегін қолына алды.
— Білмеймін...— Күңк етті.— Оны өзінен сұра.
Жартас айналып кете барды. Жанар көзін жұмып, шалқалаған күйі күн шуағына бүкіл денесін тосып отыр.
VI
Вагон іші. Елең-алаң кез. Жігіттер апыр-топыр, асығыс-үсігіс киінуде. Тарғын жоғарғы сәкіде ұйқының жағын айырып жатқан Рүстемнің иығынан жұлқылады.
— Рүстем деймін, тұр, жуын!
Бозбала әлдене деп былдырлады да, іргеге аунап түсті.
— Тұр енді! Қазір сапқа тұрамыз.
Ол басын көтерді де, бригадирдің бетіне түк көрмес мағынасыз көзбен қарады, қайтадан жастыққа құлап кетті.
— Оятыңдаршы мынаны. Менен қайран болмады. Ғұмырымда баланың тәтті ұйқысын бұза алмаймын.
— Неге, Тәкесі?— деді Әшір теріс киген көйлегін аударып жатып.— Ондай әкелік сезім сіз үшін әлі ертерек болар.
— Балалар үйінде өскенмін. Күнде таңертең командамен оянушы ек. Сағат тұп-тура алтыда.
— Қазір, қазір оятамыз, оятқанда қандай!— Әшір ауыз үйге шығып, бөшкеден бір ожау су іліп алды, қайта кіріп, сәкіге асылды да, Рүстемнің мойнына құя салды. Ол атып түрегелемін дегенде вагон төбесіне басын оңбай соғып алды. Миы аузына түскендей меңірейіп отыр. Көзінен жас ытқып кетті. Әшір сақ-сақ күледі.
— Ояттым, ояттым!
Тарғын Әшірдің жағасынан сығымдай қысып, жерден тік көтерді.
— Есің дұрыс па?
Көзі алайып, ұясынан шығып бара жатқан Әшекең қыр-қыр етеді.
— Ойнағаным... Өлтір-ресің, қоя бер-р!
— Ойыныңды осылдырып жіберейін бе осы?
— Оят-т деген өзің...
Тарғын қолын бір сілтеді, орамалын ілгіштен жолай жұлып алып, сыртқа шығып кетті.
...Құрылысшы студенттер асбест кірпіштен қаланған ақ түзу сызықты жағалай тізіліп тұр. Рүстем бір орнында тұра алмай манаурап қалт-құлт етеді. Төңірегіндегі тірлік ап-анық көз алдында. Әйтсе де түк естімейді, тас саңырау. Әне, командир сап алдында қақиып тұрып алып сөйлейді кеп, сөйлейді. Содан соң Тарғын екі адым алға шығып, бері қарап сөйледі. Кешегі жұмыс жайлы есеп беріп тұр дәу де болса. Аспанда бір-екі жетім жұлдыз қаңғып жүр. Өзен жағасындағы қамыс арасынан бір есуас қасқалдақ, қамыс арасында қалғып отырғанда, шортан аяғынан шап берді ме, қылғына қақылдады. Сап тарай бастады. Жігіттер жаппа астындағы асханаға қарай шұбырды. Рүстем аяғын анадан бір, мынадан бір тастап, соңдарынан ілбіп ілесті. Тарғын жолай иығынан орай құшақтап, бетіне үңіліп бірдеңе деді, дәнеңе ұқсайшы. Бригадир командирді қол бұлғап шақырды. Командир екеуі Рүстемнің алақанын жазып, нақ бір Азияның картасын зерттегендей шұқшия үңілді. Бастарын шайқады. Баланың алақаны әр жерден күлдіреп ойылып қалыпты. Суы шіп-шіп шығып тұр. Оларға Жанар қосылды. Бұл да басын шайқады — іс жаман! Жанар Рүстемді жас баладай жетектеп, жігіттердің вагонына алып келді. Алақанына май жағып, дәкемен орап таңып тастады.
— Жатып демал... Зорыққансың жұмыстан.
Рүстем келіспей басын шайқады. Жанар күлді де, бозбаланы қолтығынан көтеріп сәкіге шығарып жіберді. Жамылғышын жауып, маңдайынан бір өпті де, сыртқа шығып кетті.
Ол төбеге тесіліп біраз жатты, ақыр соңында кірпігі айқасып, ұйқтап кетті...
VII
Рүстем екі тізесін құшақтап, вагон баспалдағында маужырап отыр. Шаңқай түс — көлеңке атаулы барынша қысқарған. Жігіттер асханадан бір-екіден созалаңдап әрең шығып, аяқтарын еспе құмнан әрең алып вагон-вагондарына тарқап кетіп жатыр. Тарғын ыстық құмнан жалаң аяғын лып-лып алып, біздеңдеп жүгіріп Рүстемнің қасына келді. Қолында — табақ, табақ үстінде — сорпа, котлет, компот, қасық, шанышқы. Баспалдақ үстіне табақты әспеттеп қойды да, қолын сілкіледі.
— Күйдіріп барады... Хал қалай, батыр? Тынықтың ба?— деді жалғандау үнмен.
Рүстем көңілсіз түрде басын изеді. Тарғын оған дәл қазір не айтса, таңдап талғамай-ақ соның бәріне түгел келісе салатын түрі бар.
— Былтыр мен де алғашқы күні өстіп зорығып қалғанмын. Кел, ас ішіп, әл шақыр.
Өзі Рүстемнің қасына жайғасты. Рүстем шанышқымен котлетті бір-екі немкетті түрткіледі де, қоя салды.
— Кешегі ыстық ішіңе түсіп кеткен. Бүгін жартас басына перфоратор әкеліп түсірді. Ертең бұрғылай бастаймыз.
— Перфоратор?
— Бұрғылау станогы.
— А-а...
Кенет автомобиль дүрілі жетті. Әне-міне дегенше вагондардың қақ ортасына, ақ тақыр алаңға қызыл шақа "Жигули" тайраңдай шығып, пыс етіп тоқтады. Іштен алдымен қырыққа ілігіп қалған еркек түсті. Бастан аяқ ақ киім — жазғы спорттық үлгіде киінген. "Жигулидің" артқы есігін ашып еді, көркем, толықша әйел мен бес-алты жасар түйме көз бала сыртқа сырылып түсті. Рүстем орнынан екі-үш ұмтылып, түрегеле берді. Вагондардың есік-терезесінен түрлі-түсті бас қылтиды.
— Рүстемжан!
Әйел бермен қарай дедектеп ұшты. Түйме көз, қотан аяқ қара бала қасында құлдыраңдап жүгіріп келеді. Жайлап аяңдаған еркек соңдарында. Рүстем санап басып, баспалдақпен жерге түсті. Әйел келе бозбаланы көкірегіне басты.
— Ұлым! Жүдеп кетіпсің!
Рүстем көзінің астымен жан-жағына ұрлана қарады да, шешесінің құшағынан сытылып шықты — құрылысшы студенттерден қысылып тұр.
— Мам... Қойшы енді. Мен бала емеспін.
Әйел оны қаперіне алар емес, ұлын айналып-толғанып, үсті-үстіне бастырмалата сөйлейді.
— Жұмыс ауыр ма? Тәбетің қалай? Өңің неге боп-боз? Сені қатты ойлап... Шыдай алмадық ақыры...
Түймекөз бала да аяқ астынан оратылып, қолынан жұлқылап жүр.
— Рүстем аға, Рүстем деймін, кәнпет қайда, кәнпет?
— Қайдағы кәнпет?
— Кеше сен кәнпет берем, келе ғой дедің...
— Кеше?— Рүстем аң-таң.
Шешесі Мақсатты бауырына тартып, басынан сипады.
— Кеше түнде бұл түс көрген. Сонда айтыпсың ғой "кәмпит беремін келсең" деп. Бері шығарда бізге жат та жабыс, жат та тула.
Рүстем Мақсатты қолтығынан көтеріп алып, аспанға алай да, бұлай да лақтыра бастады.
— Айтқаның түп-түгел рас, Маймуша. Кәнпет бар, бар... Әуелі ағаңа деген аман-сәлемің қайда?
Мамасы інісін түртпектеді.
— Ағаңа айтып берем деген әнің бар еді ғой. Айт, айтып жібер.
Сол мұң екен, Маймуша-Мақсат шіреніп тұра қалып, "Қыз Жібектегі" Бекежанның ариясымен шырылдап тұрып әнге басты дейсің.
— Ішінде төрт бөлменің жатып алдың,
Күләшті мергендікпен атып алдың.
Өзің бас бух болғасын аяйсың ба,
Үнемдеумен тиынды "Жигули" сатып алдың.
Ха-ха!
Рүстем біреу тас төбеден қос қолдап ұрып жібергендей үнсіз тұр. Шешесі де бүлдіргенін сезіп, Мақсаттың қолынан тартып қалды.
— Жә, қоя қой енді. Мынаның,— жолай Тарғынмен, тағы бір-екі жігітпен қолдасып амандасып келе жатқан әкесін нұсқады,— бір қылжақбас досының үйреткені.
Көзіне жас толған Мақсат саусағын аузына тығып, әркімге бір жалтақ-жалтақ қарады да, кенет қатты бақырып жылап, кері бұрылып, "Жигулиге" қарай томпаңдап ұшырта жөнелді.
— Қап, мынаның бүлдіргенін-ай! Мен қазір келемін, ұлым.
Шеше кіші ұлының соңынан салды.
Әке Рүстемді құшағына тартып, маңдайынан иіскеді.
— Хал қалай, ұлым?
Рүстем әкесінің көкірегіне басын қойып:
— Қиын, көке,— деді.
Әке баласын сәл кері итеріп, көзіне көзін қадады.
— Сен енді жігітсің.
Бозбала басын изеді.
— Жігіт болу киын екен, көке!
Көкесі жымиды.
— Жігіттік жаңа басталды, ұлым. Оның ию-қиюы әлі алда жатыр.
Көкесі "Жигулиге" бұрылды. Мақсат кабина ішіне кіріп үлгеріпті: қолын созған шешесіне ұстатпай, шалқадан түсіп, тепкіленіп жатыр. Әке көңілсіздеу, пәс үнмен:
— Сен кете салысымен сатып алдық. Көптен көздеп жүрген көлік. Көрімдік, кәне, ұлым?— деді.
Рүстем жайсыздау жымиды.
— Маймушаны айтамын да, көке...
— Жайша ма?
— Жаңағы спектакль кімге керек, көке?
Әке бұл саздауытқа аяғын тыққысы келмеді де, жалтарып кетті.
— Обкаткадан өткізіп жүрміз. Қайда салсаң, сонда лыпып тұр. Жарыса қалса "Волгаңнан" қалыспайды.
Бозбала баспалдаққа отыра кетті. «Обкатка екен ғой. Маған арнайы келді ме десем..." деген ойын ішке бүгіп қалды.
Көкесі ойында түк жоқ, әлаулайын ары қарай соза берді.
— Енді ауылдағы туған, тумаларды аралап шығамыз. Жарты бағасы байғазыға байланып келеді, көр де тұр.
Шеше болса, Мақсатты кабинадан ақыры шығарып алыпты: жасын сүртіп, қалтасынан бірдеңені алып беріп әуре-сарсаң. Көкесі әлі де әлдене деп күңкілдейді.
— Ақыры өзіңе бұйыратын "Жигули"...
Тез жылаған, тез уанған Мақсат бері салды. Арсалаңдап келіп, Рүстемнің тізесінен құшақтай алды. Қолындағы бір сомдық тиынды жылтыңдатып көрсетіп қояды.
— Көрдің бе, бәлем-ау, бермеймін, сұрасаң да бермеймін. Балмұздақ сатып аламын.
Рүстем бар ынты-шынтымен күліп жіберді, тізерлеп отыра қалып інісін құшақтады.
— Кім берді саған мұны, Маймуша?
— Мамам... Жаңағы әнді ертең аташка, апашкаларға барғанда да жақсылап айтып бер, сонда тағы аласың деді.
Рүстем қалшиып қатып тұр. Мақсатты құшағынан босатып, сәл итеріп қалды. Қыл аяғы інісінен де көңілі қалған. Қатты шаршағандай тізесін бүкті, баспалдақ үстінде сұлқ отыр.
— Мен машинаға барайын.—"Жигулиге" беттеп бара жатып, көкесі кейін бұрылды.— Кабинада спининг қармақ, резина қайық жатыр. Саған арнап сатып алғамыз. Арагідік қолың тигенде қармақ салып, балық ауларсың.
— Көк-ке!— Рүстем орнынан тұра беріп, күңк етіп алға ұмтылды.
Әке оны естіген жоқ, "Жигулидің" қасына барды да кабина есігіне қолын салып тұрып:
— Маймуша, кел бері, машина жуайық. Ағаңды мамаңа қалдыр, сағынып қалған екен, мауқын бассын,— деді.
Ал шеше асхана жанында Жанармен абың-күбің сөйлесіп тұр. Жалтақ-жұлтақ қарап қояды, бірақ Рүстемге емес, "Жигули" жаққа...
Рүстем інісінің арқасынан жайлап итерді.
— Бар, бара ғой, інім. Сені шақырады...
Ағасына бір, машинаға екі қараған інісі көп ойланбады, қарғып-секіріп жүгіре жөнелді. Көкесі, мамасы, інісі — бәрі де мана автомобильден "Рүстемжан!" де аңырап, саулап түсіп еді, енді, міне, мұны жалғыз тастап, сылаңдаған сұлу "Жигулидің" қасына топтанып түгел жиналды. Сиқырлы "Жигули!
Бозбала аурудан тұрған адамдай көңілсіз, нәумез. "Жигули" бұрылып алып, өзен жаққа сырғи жөнелді. Соңынан шешесі айқай салды.
— Машинаны байқа, көкесі. Моторына су жіберіп алма!
"Балаға сақ бол; суға түсіп кетпесін!"— деген жоқ.
Тарғын манадан бері осының бәрін анадай жерден. иненің көзінен өткізгендей байқастап түр еді, жайлап басып келіп, Рүстемнің иығына қолын салды. Бозбала басын көтерді. Көзі кіртиіп кеткен, аса шаршаулы.
— Бар, әкеңе барып көмектес. Байқаймын, бүгін көмек саған емес, көкеңе керек. Қазір сендердің араларыңдағы ең әлсіз адам — көкең.
Рүстем басын шайқады.
— Алыстан ат шаршатып іздеп келді сені. "Жигули"... оның да ыстық-суығы басылады әлі-ақ. Ер адам үшін машина не, сыртта байлаулы тұрған ат не, бәрібір. Сондықтан ол кісіні де ұға білу керек.
Бозбала қозғалмады.
— Елден ұят болады, әне, қарап тұр. Сен жігітсің... Жігіт адам кек ұстамайды. Мен қалғып алайын. Түстен кейін — жұмыс.
Тарғын вагонға ауыр басып кіріп кетті.
— Магты әперіп жіберіңізші.
Терезеден сыртқа созылған бригадирдің қолынан магнитофонды алды, өзенге беттеді.
Өзен жағасында әкесі "Жигулиді" жуып жатыр... Бес қадам жерде құлағы қалқиып тұрған баласын байқады, байқамады, белгісіз, әй, қайдан сезсін, әйтеуір, тоңқаңдап кеп, еңкеңдеп кеп, кабинаға шелектеп су шашады, әйнегін сүртеді, айнасын түзейді. Мақсат болса кабина ішінде, рульді шырқ айналдырып, аузымен ойша машина жүргізіп, дөдеттетіп әлек-шәлек. Ол да дәнеңе көрмейді.
— Көк-кө-е!
Естімеді.
— Маймуша-а!
Үн жоқ.
Басы салбыраған Рүстем ыстық құмды толарсақтан кешіп, өзен жағалап беті ауған жаққа лағып кете барды.
VIII
Тас алаң... Екі жерде кісі бойы екі перфоратор жер дүниені басына көшіріп көк тасты бұрғылап жатыр. Біреуінің құлағына Тарғын ие, көмекшісі Рүстем. Екіншісіне Әшір мен Сәбит қожа. Шаң мен шу, перфоратордың көк түтіні... Күн күйіп тұр. Төртеуі де маңдайларын бастыра көзәйнек киген. Әшір көзәйнегін шешіп, шып-шып терін киіз қалпағымен сүртті. Бір көрмеге шілбиген, арық болғанмен, Әшірің жұмысқа мықты, тарамысына тартылған шыдамды, төзімді. Прораб екі-үш күн бұрын перфоратордың ішек-қарнын ақтарып, қайсысы қай бөлшек, бажайлап түсіндіріп берген. Әшір оның айтқанын жерге түсірмей қағып алды, ұғымтал екен, қазір тіреу алаңында перфоратор бұзылса, жөндеп беріп жүрген шеберің осы.
Тарғынның перфораторы қайта-қайта бырқылдап, қақала берді, ең соңында тоқтап тынды.
— Сендер жұмыс істей беріңдер. Біз мынаны бөлшектеп, дімкәс жерін іздестіріп көрейік.
Әшір басын изеді. Сәбит дәнеңе естімегендей шуруфты шұқып, шаң мен ұсақ тастан тазартып отыр. Сыз ұрада жатып, көктеп кеткен картоптың әлжуаз сабағындай, сорайған бойына сенген нәшөкім бала. Тырысып істеуін істейді-ақ, дегенмен, мандытпайды. Екі иығынан басқан бір ұйқыдан — делсалдықтан әлі арыла алмай жүр. "Құрылыс отряды деген тозаққа қайдан келіп, қайдан тұрдым?" деп есеңгіреп жүр.
Тарғын мен Рүстем перфораторды ішек-қарнын жарқыратып ашып тастап, әр детальді қолына бір алып, ақауды іздестіріп отыр.
— Таптым, таптым!— Рүстем қолындағы майысқан болат серіппені көрсетті.
— Әкел бермен!
Бригадир серіппені түртпектеп көрді де, анадай жерге лақтырып тастады.
— Көзің бинокль ме, немене? Жаңасымен ауыстырамыз. Перфоратор іске қосылады-ау. Оны жөндеу оңай, анау серіппенің күні не болады?
Рүстем аң-таң.
— Серіппе... Ол әншейін темір ғой.
Тарғын оған зейін сала қарады. Айдалада аузын аспанға аңқитып, қисайып құлап жатқан балбал тасқа археологтар өстіп қарайтын шығар.
— Адам да анау жатқан серіппе секілді. ГЭС-ке сенен гөрі серіппе керек. Ал, сенің күнің қараң, күресінге лақтыра салады. Өмір заңы солай...
Рүстем үндемеді — мынау фәлсафадан түк ұғып отырған жоқ.
— Жарайды, түстен кейін жаңа серіппе әкелерміз.— Тарғын қалғандарына қолын бұлғады.— Әй, бері келіңдер. Аз дамыл алайық.
Үшеуі үш жерде тырайып, шалқалап жатыр. Кепкі, қол орамалмен бетін жауып алған. Әшір мұрнының астынан әлдебір әуенді ыңылдай әндетеді. Тек қана Сәбит тізесін құшақтап, оқшау, шеткері отыр.
— Сәбе!— деді бригадир бетін жапқан қалпағын алмастан.
Сәбит мойнын бері бұрды.
— Сен осы неге... ылғи да ұйқтап жүресін?!
— ?!
— Бір мәңгіру бар сенде...
Анау отырып-отырып:
— Еңбекке алғаш араласуым,— деді.
— Қанша жастасың?
— Жиырма екі...
— Осыған дейін тырнағыңды қыбырлатпағасың, ә? Әке-шешең кім?
Сәбит иегін тізесіне салып, алдына қарап отыр. Мұндай сұрақ бұған дейін де талай жерде қойылып, құлағын әбден сарсытқан, сірә.
— Бастықтар...— деді тісінің арасынан сыздықтатып.
— Түсінікті-е...
Әшір күліп жіберді.
— Біздің қоғамның жаңадан түзіле бастаған балқаймағы...
Сәбит Әшірдің қасына тебініп келді. Қатты ашудан жүзі түтігіп кеткен.
— Смирно! — Әшір қиқалаңдап орнынан тұрды. Сасып қалған ба, ыржалақтап күле береді. Дәл Сәбиттен мұндай екпін, тегеурін шығады деп ойламап еді.— Кім кінәлы оған? Мен бе? Сен бе?—"Қаланың балқаймағы" ұзын сұқ саусағын үшкірейтіп алып, Әшірдің тұмсығының астынан алай бір, былай бір жайқап өтеді.
Әшір, амал жоқ, көлгір күлді.
— Ойын түсінбейтін мынау неткен кеще-ай!— Сәбиттің өңменінен өтіп тұрған көзіне қарап, жуасып сала берді.— Жарайды, қойдым, бәтірекесі. Жатқан жыланның құйрығын басыппын. Сен, немене, бұ жерде балқаймақтан жалғызбысың? Анау Рүстем де бас бухгалтердің баласы.
Енді Рүстем орнынан түрегеле береді. Несін айтасың, Әшір ойнаймын деп от басты. Сәбиттен жалтарып қашамын деп, Рүстемнің қолтығына ши жүгіртті. Жалғыздан жалғыз құдайдың кең көшесіне сыймай, екі иығын жұлып жеп, анаған бір, мынаған бір соқтығып жүретін қотиын балалар болушы еді. Әшірің нақ сол болды.
Тарғын басын көтеріп, тіктеліп отырды. Сол мұң екен, дау-дамай өз-өзінен басыла берді.
— Қырқыспаңдар. Кінәліні бұл жерден іздемеңдер. Уақыт өзі табады... Сендерге алғашқы күнгі жұмыс батып кеткен, одан басқа ештеңе де емес. Біреу балалар үйінде өседі, біреуді әке-шешесі әлпештейді. Оған алдымен кешегі қырғын соғыс, сонан соң тағдыр кінәлы. Соғыстың сарқындысы бүгін бізді тіреу басында айтақтап, бір-бірімізге айдап салған, ал, білгілерің келсе!
Бригадир мұнымен не меңзеді, ешқайсысы да ашық та танық пайымдай алмады. Алайда қорғасындай салмақты сөз айтылды, оны бәрі де анық ұқты.
Төрт жігіт төрт жаққа қарап, тоң-торыс отыр.
Тас алаңның шетінен Рабат Берікович қылт етті. Қасында — алпысты алқымдап қалған кәртеміс адам... Керзі етігі қолп-қолп етеді, комбинезоны май-май, ғұмыр бойы диірменнің тасын арқалап жүргендей еңкіш келген төртбақ кісі.
Кісіге тура қарамайды, жоғалтқанын содан табатындай жерден көзін алмайды.
— Оу, мына омпима отырыстарың не?
Тарғын сыр бермейін деді ме, бригадир ғой, айра-жайра перфораторды нұсқады.
— Бұзылып қалды.
— Бұзылған перфораторды мына Болғанбай ағаларың жөндейді. Солай ма, Бөлеке? — Ол кісі прораб басқа бір адамға айтып тұрғандай қыржиып, басқа жаққа қарап тұра берді.— Майлайды, сулайды, әрі жә деген бульдозерист. Ертең мынау жартасты жарсақ, соны анау еңіске дүрілдетіп ысырып тастайтын да осы кісі.
Бөлекең қалған әңгімені артық деп ұқты ма, комбинезонының оң қалтасынан ірілі-уақты кілт шығарып, тіке перфоратордың мүйізіне жармасты. Сосын иреңдеген шланг бойын қуалап, ауа құбырына беттеді. Шөккен түйедей тізерлеп, құбырдың кранын шұқылап отыр.
— Қызық кісі екен,— деді Торғын жақтырмай.— Аман-сәлем жоқ.
— Соғысқа қатысқан, контузия алған,— деді Рабат Берікіч.— Тұтқында болған. Одан не сұрайсыңдар? Өздеріңе не жетпей отыр, қабақтарың түсіп кетіпті...
— Әділдік жетіспей отыр...— Әшір күңк етті.— Анау үй салушылар ғой күні бойы салқын саяда жүреді. Біздің асты-үстіміз, көріп тұрсыз, тандыр пештей қызған тас. Қайнаған ыстық... Шу анау, шаң мынау. Ал, күзде олар да, біз де ақшаны бірдей аламыз. Әділдік қайда?
Әшір әділдікті соншалықты аңсап отырған жоқ. Ол өз-өзіне ызалы. Төртеудің ортасына қарап жүрмей жаңа ғана от тастады, оған және өзі де күйіп қалды. Жалпы, оның мінезі өз-өзінен жана беретін фосфор күкірттей-тін. Оны өзі де біледі, бірақ қоя алмайды. Пәленің бәрін ыстық, шу мен шаңға жауып кетпекші еді. Үй салушыларға, кешке жүздесер өз достарына тиісіп, әбден бет албаты лақты. Сасқан үйрек артымен сүңгидінің кері, қысқасы.
— Жә, әңгіме доғарылсын.— Тарғын орнынан тұрып, етегін қақты.— Құрылыс отрядының принципі біреу-ақ: ол — ортақ қазан. Оған келіспейтіндер кете берсін, жолы, әне, күреулі.
Рабат Берікіч шылым тұтатты, көк түтінін көлбетіп, көзін қысыңқырап отыр.
— Немене, ақша тым қажет пе сендерге?
— Ақша кімге керек емес...— Тарғын тұнжыр.
— Әсіресе, жалаңаяқ студентке...— Бұл Әшір... Ақша туралы әңгіме қозғалуы мұң екен, жігіттердің ара-жіктері тағы ажырай бастады.
Рүстем табан астына шырт түкірді.
— Маған бәрібір. Өз өмірімде он сомнан артық ақша ұстап көрген емеспін.
— Ay, әке-шешең басбух емес пе?
— Басбух ақшаны оңға да, солға да шаша береді деп кімнен естіп ең?— Сәбит аяқ астынан тіріліп, бір бүйірден тиісті.
Прораб шылым тұқылын саусақ ұшынан ырғытып жіберді.
— Әңгіме бұзау емізеді, бұзау таяқ жегізеді. Тұрайық.— Жас жігіттейін лып етіп орнынан қарғып кетті. Неге екені белгісіз, бір басты ісі дәл осы жерде біткендей көңіл күйі көпе-көрінеу көтеріңкі.— Бәке, перфораторыңыз не дейді?
Болғанбай себепсізден себепсіз жабырқап, естілер-естілмес күңк етті.
— Дайын... Перфоратор емес бұзылған. Ауа жоқ құбырда.
— Әп, бәсе! Кеттік өзеннің арғы бетіне. Ауа айдайтын станцияға бірдеңе болған ғой!— Шал екеуі іркесіп-тіркесіп кете барады. Сәл ұзағасын соңына бұрылып:— Әлгі мәселе жөнінде ойланайық,— деді әр сөзіне мән беріп.
— Не мәселе?— деді Тарғын жерде жатқан перфораторды табанынан тік қойып.
— Сен айтпақшы, ақша кімге керек емес.— Прораб әлденеге кінәлы адамдай шала жансар жымиды.— Менің де бала-шағам бар. Оларға да нан керек, шәй керек, май керек. Әзірге!
Екеуі беткейден ары асып көрінбей кетті. Әшір қолындағы қалпағын тасқа сартылдатып қағып еді, аппақ шаң бақбақ гүліндей бұрқылдасын.
— Домбырам не деді, прораб не деді? Осы біз не боп барамыз, жараңдар-ау? Тіреу орны ақша есептейтін бухгалтерия емес қой, соны ұғасыңдар ма?
IX
Ақшамның түнге ұласқан өліара кезі. Көкжиек үстінде пышақ жүзі арай қызарады. Қос басы. Алаңның қақ ортасында алау дүрілдей шалқып жанады. Алқа-қотан қалың жұрт сол алауды шыр айнала қоршап отыр. Ұшқын шыртылдап ұшады. Жігіттердің бетін жалын аймалап, нарттай қызара түскен. Көбі алауға бақырая қарап үнсіз тесіледі — артық қимыл, сөзге жоқ. Күндізгі қауырт жұмыс әбден соғып тастаған ба, әлде кешкі астың тоғын басып отыр ма; әйтеуір, бәрі мамыражай, бейбіт қалыпта. Анда-санда жалқау ғана сөз алмасады. Онда да ештеңеге міндеттемейтін, ештеңе сұрамайтын, осы минуттегі тірлікке тікелей байланысты бейбіт сөздер... Гитара ішегі дың етіп, кілт үзілді. Рүстем екі тізесін құшақтап, шеткері отыр. Алау қасынан планшетін салбырата ұстап, Тастемір өте берді.
Жігіттердің біреуі дауыстап қалды.
— Командир, бері кел! Әңгіме ортақ, отырыс ортақ.
Тастемір әлдеқашан ұмыт болған әлденені есіне түсіргендей аңырып тұр.
— Әңгіме?! Ол қайдағы әңгіме?
Әшір күліп жіберді. Командир ойда жоқта шырт ете қалды.
— Уақытым жоқ,— деді дүңк етіп.— Ертеңгі күнге жоспар жасаймын. Кірпіш, бетон жетіспей жатыр. Елең-алаңнан тұрып, бастықтардың құлағына қоңырау соғу керек.— Анау шетте қоңырайып отырған Рүстемге көзі түскесін барып, рухани туысын тауып алғандай түсі жылыды.— Бері кеп кетші, Рүстем.
Вагон баспалдағына аяғын салып тұрып Рүстемге:
— Маған өкпелімісің?— деді.
Ол үндемеді.
— Жұмыс қалай?
Бозбала әрі-сәрі күйде иығын шошайтты.—"Қалай ұқсаң, солай ұқ..."
— Ауыр ма?
— Жұмыстың аты жұмыс...
Командир оның бетіне тесіле қарады. Рүстемнің алдында өзін кінәлы сезінгендей. Неге кінәлы, оны бұлдырлау ұғады, әрі соған ептеп ызалы да. Төмен қарап, тұншыға сөйлеген мына бозбала да оның сол ойын растай, құптай түскендей.
— Жартас басына бара алмай жүрмін. Бірде материал, бірде бетон, бірде шеге жетіспейді.— Қолын бір сілтеді.— Айтпақшы, ұмытып барады екенмін.— Планшетін асығыс ақтарып, екі хат алды, бір қырын тұрып Рүстемге ұстатты.— Мә! Бүгін аудандық штабқа барып ем, сонда жатыр. Өзіңе тағы не керек, айт, жағдай жасайық.
Рүстем дәнеңе ұқпай, командирге бағжиып қарайды — бұған қандай жағдай керек? Тастемір оғаштау сөйлегенін ұғып, одан әрмен күйгелектене түсті.
— Арыз-шағымың жоқ па деймін?
— Арыз-шағым? Кімнің үстінен?
Командир шаршаған, пәс үнмен:
— Жарайды, бара ғой,— деді. Дүрсілдете басып вагонға кіріп кетті. Аңдаусызда басталып кеткен осы бір жайсыз әңгімеден тез құтылғанына іштей қуанышты. Рүстем вагон қасында аңырып тұр. Іштен шырт етіп шам жағылды, перде өтінен үстел басына отырып жатқан командирдің сұлбасы көрінеді. Екі бүктетіліп, әлденені сипақтатып жаза бастаған Тастемірдің көлеңкесі бозбалаға бір түрлі әрі қорғансыз, әрі аянышты көрінді.
Рүстем күрсінді, хат шетін жыртты. Вагон маңдайшасындағы электр жарығы хатқа себезгілеп түсіп түр. "Айналайын Рүстемжан! Бізді сағынып жүрген шығарсың,— Бозбала аузына мия түсіп кеткендей кіржиді. "Сөз еместі сөз ғып..."— Біз де аманбыз, "Жигули" жылпып тұр. Жақында жақын-тумаларды, көрші тұратын автоинспектордың басын қосып, жусақ дейміз көлікті. Керек адамдар..."
Арғы жағын оқымады, бүктеп-бүктеп шалбарының қалтасына тықты. Екінші хаттың шетін жыртты. Түйенің табанындай қиқы-жиқы әріптер ақ қағаз бетімен тайраңдай жөнелді. "Рүстем аға, мама аман көке аман. Мен аман. Бәрі аман. Сен де амансың. Алма ұрладым бүгін. Бақшадан. Ішінен мынандай құрт шықты.— Қағаз бетіне кішкене ғана иір-шиыр құрт жапсырылып қалыпты. Маймақтың конверт ішіне салып жіберген құртының дәп үстінен почта штемпелі дәл түссе керек.— Бүгін парк бардық. Сайтан дөңгелек міндім. Ең үстінен сені көрдім. Маған кел кәнпет беремін дедің. Сол рас па. Ұйқым келді".
Хаттың аяқ жағына: "Маймуша хат жазып бер деді. Мен жазп отырмын. Мен көрші тұрам: екіншік класқа көштім. "5"- пен көштм. Маймушанын досмын. Атм — Аман. Менң де ұйқм келд"— деген қызық түсіндірме түсіпті.
Рүстем күлді, хатты ерніне апарып өпті. Көз алдына "Рүстем ағама хат жазып бер десе хат жазып бер!" деп, Аман досының жанын жағасынан алып жатқан Маймуша, одан қырып тастардай қабағын түйіп алып, әлсін-әлі ернін шүйіріп хат жазып отырған Аман бала көз алдына елестеп еді, шыдамады:
— Інім менің кішкене ғана!— деді сыбырлап.
— Рүстемик!
Жалт қараса, Жанар... Жымиып тұр. Жайдан жай емес, ішкі толқыныстан шыққан жұмбақ жымиыс... Тана көзі жалт-жұлт етіп, электр жарығымен шарпысады, алыс жерден жүгіріп келгендей, қаз кеудесі бір көтеріліп, бір басылады.
— Хат кімнен келді? Кластас қыздардан?
— Жо-оқ, иә...— деді Рүстем сасқалақтап. Өз-өзіне келгесін:— інімнен, үйден,— деді жайбарақат түрде.
Жанар жүзін алауға аймалатып, бозбаланы тіптен тыңдап тұрған жоқ, өзі осы жерде болғанымен, ойы басқа қиырда. Бір нәрсеге белін бекем буған, оны және іске асырмайынша дәл бүгін тоқтамайтын да сияқты.
— Жүр, кеттік алау басына. Қазір Тарғын өлең оқиды. Өз өлеңін...
Жанар оның тартыншақтағанына пысқырмастан, қолынан ұстап, студенттерге қарай ұшырта жөнелді. Екеуі ең шетке келіп жүрелеп отыра кетті. Рүстем тап бір жансыз роботтай Жанарға тілсіз бағынып, соның дегеніне былқ-сылқ көнеді. Өні болса боп-боз, қаны қашып кеткен.
Тарғын көзін кілбите жұмыңқырап, жан дүниесінің сонау бір терең түкпірінен шыққан күңгірт үнмен өлең оқып отыр.
— Таңның бір керілген шағында,
Тұп-тұнық көкжиекті
Оранып ояу жаттым.
Сөнбес жұлдыздар сияқты
Шексіз ойға баттым.
Самалын желпіп тұрды
Ертеңгілік еркелеп.
Сұлулық кімге таңсың?
Хош дегенді жоғалтып
Жолға шықтым...
Өлең аяқталды. Тарғын жұмған көзін ашқан жоқ. Студенттер қол соқпады. Бәрі де үнсіз, іштен тынып отыр.
— Таға!— деді Жанар ақырын ғана.
Жұрт осы сөзді күткендей, дүрк етіп оянды.
— Енді біреуін!
— Еһ, бригадир! Сенен айырылып қалмасақ игі. Тым талантты екенсің.— Біреудің қолтығына су бүрікпесе тамағынан ас өтпейтін Әшір бұл жолы сөгіле сөйледі.
— Жоқ,— деп басын шайқады Тарғын.— Керегі жоқ. Шынымды айтам деп, сырымды шашып алармын. Аз өлең — мәз өлең. Одан да белбеу тастамақ ойнайық. Қан тарқасын.
Бәрі ере түрегелді. Ойын қызған үстіне қыза түсті. Рүстем бей-жай, Тарғын мен Жанарға көзінің астымен қарап қояды, басқаларды білмейді, көрмейді. Белбеу ақыры Әшірге тиді. Ол белбеуді жалма-жан Жанарға тастады, Жанар қуа жөнелді. Әшір ешкідейін едіреңдеп, қарғып-қарғып қашып жүр.
— Күшігім менің Саққұлақ,
Келеді, әне, шапқылап,—
деп, санын шапақтап, мәз-мейрам. Жанар жыларман халде: екі иығынан демалып, шаршап қалған. Пәруайсыз Әшір дәл осы қызда ала алмай жүрген өші бардай құлыперен қу талқан қашып жеткізер емес. Ойын аяғы көпе-көрінеу осылып бара жатыр. Кенет қыз белбеуді лақтырып жіберіп, бетін басып, шөкелеп отыра кетті. Әшір анадай жерде ыржалақтап күліп, осқырынып тұр.
Тарғын топтан бөлініп шығып, белбеуді қолына алды, басынан асыра үйіріп, Әшірді тырқырата қуып берді.
— Қашпақ болсаң, зымыра!
Бірден сүрепеті қашып, қайқаң қаққан Әшірге екі аттап, бір қарғып жетіп те үлгерді, белбеумен жонынан сыдырта салып жіберді. Әмір екі алақанын арқасына тосып, бет-аузы тыржыңдап, бір тізелеп отыра кетті.
— Өлтіремісің... қыз үшін?!— Тарғынға жасты көзімен қасқырдай жауығып қарады. Бригадир белбеуді жерге тастай салды.
— Кешір! Өз обалың өзіңе.
Жанар орнынан тұрды. Бір батыл іске белін бекем буған сияқты: көзі шатақ шабытпен жалт-жұлт етеді. Үнсіз тына қалған топты айналып өтті. Жалпы, арпа ішіндегі бір бидай болғасын ба, Жанар жақындап кетсе, студенттер, неге екені белгісіз, аяқ астынан абыржып, қозғалақтасып қалатын. Қыз да бұл асып-сасудың арғы сырын іштей сезеді-ау, шамасы, құлпырған үстіне құлпырып, жайнап кетеді. Әне, жас ботадай ойнақтай басып, белбеуді Тарғынға тастады да, зыта жөнелді. Әйтсе де бұл маңайдан қу далаға безіп кеткен жоқ, анау шетте тынық күліп, "қусаң қашып бағамын ғой" дегендей ойқастайды. Бригадир белбеуді керенау көтерді, қызға бір, белбеуге екі қарады, сәл ойланды да:
— Eh, күл болмасаң, бүл бол!— деп күбірледі, керемет бір жігермен еңкеңдей жүгіріп қызды қуа жөнелді.
Жанар ойын ережесі бойынша топты айналып жүгірмеді, керісінше, айдалаға қарай сақылдап күліп, шыбын-шіркей жүйткіді. Емінген Тарғын соңында. Күлкі ұзап барады... Не істерін білмей әрі намыс қысқан — бәрі де сойталдай жігіттер ғой — топ үнсіз иіріліп тұр. Кенет, қараңғылық құшағынан әскери тоғалы жалпақ белбеу зырқырай ұшып келіп, ортаға дүрс ете түсті. Бәрі де ортада екі бүктетіліп жатқан белбеуге жылан көргендей жиырылып қарайды.
— Eh!— Әшір әлденеден көңілі қалып, қолын сілтеді.— Бүлдірдім бәрін.— Топтан сытылып шығып, сылбыр басып вагонға қарай аяңдады.
— Тарайық,— деді Сәбит еңірете есінеп.— Ұйықтайық.— Манадан бейқам тұрған, алау маңындағы шағын драмадан тыс қалған осы Сәбит қана.
Топ қозғалақтады.
— Ертең — жұмыс!
— Жататын уақыт болды.
Күлі ағарып, түсе бастаған от қасында Рүстем жападан-жалғыз қаңқиып тұр. Жерде жатқан белбеуді қолына алып, аударып-төңкеріп қарады. Тұрып-тұрып, көңілі қалғандай от басына сылқ еткізіп тастай салды. Вагонға кірді де, ұйқтап жүрген адамдай сылбыр шешінді, көрпені басына тұмшалап, тырп етпей етпеттеп жатып қалды.
Сыны бұзылмаған төсек үстінде Тарғынның жастығы қыз емшектене тігінен тік шаншылып тұр.
Сыртта шегіртке жаныға шырылдайды...
X
Тағы да жартас басы... Тағы да аңқаны кептіріп, қан қойылтқан аптап. Кезінде түйетайлы беткейден бұрыштап қазылған тас алаң бұл күнде кеңи-кеңи келе бульдозердің айналуына жарап қалыпты. Тарғын, Әшір, Сәбит, Рүстем күрек, сүймен, пневматикалық балға, перфораторларды жинастырып, иір-иір шлангтерді ауа құбырынан ағытып жүр. Шеттерінен мыстай болып күнге күйген. Бірі сақа, екіншісі жас жігіт — екі жарғыш қырық тесік шуруфтерге аммонит толтырып, үстінен шүберекпен тығындап әуре-сарсаң. Аммониттен босаған ұзынша ағаш жәшіктер ауыздары ырбиып, анадай жерде қалай болса солай шашылып жатыр. Маңы — қоқырсыған сары қағаздар. Жарғыштардың кексесі басын көтеріп, маңдай терін сүртті. Бір-бірімен электрод сымдар арқылы жалғасқан шуруфтарды тексеріп жүрген Рабат Берікічке:
— Бір сағаттан соң алаңның күлін көкке ұшырамыз. Жігіттерді оңаша, аулаққа алып кетіңіз. Сирена үні шыққасын-ақ бас сауғалаңыздар. Жарылыс эпицентрінен шақырымдық радиусте қыбырлаған жан қалмасын,— деді.
— Тастай алмай жүрген жанымыз жоқ. Айтқандарыңыз орындалады.
Екі жарғыш барабаннан сымды ұзыннан-ұзақ тарқатып, беткеймен жоғары өрлеп кете барды. Қалғандары бір-бір тасқа шоқиып-шоқиып отыр. Тарғын төменге ұсақ тас лақтырғыштайды. Прораб қалтасынан орамал суырды, бүктеуін жазды, қағып-сілкіп, маңдайын сүртті.
— Өлтіре ме мына ыстық? Тамыз туса да қайтад деген не.
— Бір ай да өте шықты зырылдап. Бір күні өстіп жүріп шал болғанымызды білмей қаламыз.— Әшір тиісуге қара таба алмай, жынығып отыр.
— Қаншадан жаптыңыз нарядты, Рабат Берікіч?
Прораб Тарғынға сыр тарта қарады. Бригадирдің бетінен ештеңе оқи алмады, зады:
— Әлі жапқан жоқпын. Бүгін-ертең... Үш жүзден айнала ма деймін, әрқайсыңа. Аз ба?— деді сүлесоқтау.
Тарғын қурай сынығымен топырақ сызғылайды.
— Біз аянғамыз жоқ.
Рабат Берікіч басын көтерді. Көзі шүңірейе түсіпті.
— Қаншадан керек еді?
Әшір нәумез күлді.
— Бұл екі ай бізді жыл бойы асырауға тиіс.
Рүстем орнынан тұрып, шалбарының артын қақты. Шелекті алып, төменге беттеді.
— Қайда кеттің?
— Тұмаға... Су әкелемін,— деді сөзін де, өңін де салқындатып.
...Анау күнгідей емес, тұма басы тыр жалаңаш. Шөбі қурап, бақбақ желге ұшқан, бөртпе таз төбелері ғана ағараңдап, қу сабақтары сораяды. Тұма көзі адам ұғып болмайтын шөп-шалам бірдеңе. Жалқау жасыл бақалар Рүстемді кісі құрлы көретін емес, бұғақтары бүлкілдеп, кең дүниеге тасыр қарайды. Жалпайып отырып-ақ тұмсық астынан ұшып өткен шыбын-шіркей, масаны ұзын тілімен орай тартып, қылқ дегізеді. Кроссовкасының тұмсығымен ең дәуін түртіп көріп еді, жалп-жалп секірді де қойды.
Төрт-бес жасыл инелік бақалардан қорқа ма, таяқ бойы биіктікте қалтыраң қағып, билеп ұшады.
Рүстем еңкейіп алақанымен су іліп ап, бетін шая бергенде, тұма көзі шоп ете түсті. Біреу тас лақтырды. Басын көтерсе... Жанар!
Бозбала екі қолын тізесінен асыра салбырата, екі бүктетіліп, көңілсіз отыр.
— Не керек?— деді тұнжырап.
— Сен керексің.— Жанар ойнақы.
— Ал... сен маған керек емессің.
— Оңашалық па іздегенің? Ол жоқ қой бұл өмірде.
— Біздің кластың қыздары бүйтіп сөйлемейді.
— Мен не ойласам, соны айтамын.
Рүстем қызға ала көзімен бір қарап қойды. "Не ойласам, соны айтамын... Түйеден түскендей сөйлеуін... Жанар, Жанар, дегенге әбден әспенсіп, танауын көтеріп кеткен қыз ғой әншейін".
— Басымды ауыртпашы. Ұйқым қанбай бүгін...
— Неге?
Рүстем мырс етті. Өстіп те сұрақ қояды екен-ау. Қанбады — бітті, одан ары қазбалаудың не керегі бар?
— Кітап оқып ем.— Шелегін төңкеріп, үстіне қаздиып отырып алды.
Жанар Рүстемнің анау түнгі белбеу тастамақты әлі де ұмыта алмай жүргенін ұғып қойды.
— Ары таман жылжы!— Қыз да шелек шетіне құйрық басты.— Түні бойы оқыған кітабың не? Шашы, көзі қандай? Қара торы ма, әлде ақ құба ма?
— Мен ондай кітаптарды оқымаймын... кейбіреулер сияқты.
Жанар езу ұшынан күлкісін жиып алды.
— Сен... оны білемісің?
— Шүкір, көз бар, ми бар...
Қыз қабағын түйіңкіреп, сарғылт сүр беткейді көзімен көңілсіз қыдырады.
— Жақындап кетсем болды... ылғи да менен көмек күтіп жүргендей көрінеді. Қол-аяғы сырықтай жігіт болса да...
— Көмектес, көмектес, дәрігерсің ғой...
Жанар бұл мысқылды құлағына ілмеді, ағыла берді.
— Шырт етпе, шәргез. Бір ауыр оқиғалар қабырғасын қаусатып кеткен — ол анық.— Рүстемге жалт қарап, жалғандау күлді. Аңдаусызда шынын айтып қойғанына әрі қысылып, әрі өкінгендей.— Сен... сен тым тезірек ер жетуге тырысасың. Оны басқалар түсіне бермейді. Солай ма?— Сипамақ болды ма, басына қолын апара беріп еді, Рүстем еңкейіп қалып, жалтарып кетті.
— Рақмет! Кемтар, жарымжандарды өстіп мүсіркейді. Сонсоң жуық арада өліп қалатын ауруларды...
Қыз шелек үстінде қалшия қатып отыр, Рүстемді бүйтіп күн асқан сайын ер жетіп келе жатыр деп ойламап еді.
— Бәрің, бәрің солай дейсіңдер. Мектеп те, милиция да. Қыл аяғы сен де. Мен макет емеспін. Қуыршақ та емеспін... Кім қалай сүйресе, солай кете баратын. Мен — менмін.— Жанарға шаршап қарады.— Аулақ жүріңдер менен. Сен де, ол да, бәрі де.
Орнынан тұрып, жай басып кете барды. Бірақ барған сайын аяғын жылдам-жылдам алады. Қыз есін жиям дегенше, бел үстіне шығып үлгерді.
Кенет сирена төбе құйқаны шымырлатып боздай жөнелді. Бойжеткен селт етіп сәл ойланды да, бозбаланы қуа жүгірді.
— Рүстем! Тоқта!
Бозбала белден асып, екі өкпесін қолына алып, қосар каналдың темір көпіріне жүгіріп жетті. Қыз да бел үстінде қараңдайды.
— Рүстем! Тоқта деймін!
Темір көпірді дүсірлете жүгіріп өтті. Құлаққа ұрған танадай тыныштық. Әр сай-сала, қолтық-қоныштан жарыса шығатын мотор үні саппа өшіпті. Қойқалақтаған "БелАЗ", "КрАЗ"-дар көрінбейді, жайшылықта канал табаныңда құртша қайнап жүретін жұмысшылар да қарасын жоғалтқан. Көзін кең ашып жүгіріп келе жатса да, Рүстем мұның бірін көрмеді. Аузы толы — айқай.
— Аулақ! Аулақ!
Сол салған бетімен беткейге өрмелей жөнелді.
...Бұл кезде, ішінде прораб та бар, Тарғын, Әшір, Сәбит төртеуі тас алаңның қарсы бетіндегі жалтаңды қиялап, биікке өрмелеп бара жатқан. Сирена үзіп-үзіп ұлып тұр. Өзеннің ұзына бойы жым-жырт, қыбырлаған жан адам жоқ, бәрі жота астына, тоннельге жасырынған. Жарғыштар әр төбенің басында бір-бірден қарайып, қызыл жалаушаларын бұлғайды. Төртеуі дөң басына шығып, ентіктерін басу үшін тоқтап, соңдарына көз салды.
— Ойбай, анаң қара!
Әшір саусағын төмен шошайтып, қосар каналдың арғы қабағындағы тік беткейге тырбаңдап өрмелеп бара жатқан жалғыз жаяуды нұсқады.
— Рүстем ғой мынау!— деді Сәбит ышқынып.
— Оны қалай ұмыт қалдырғамыз? Неге ескертпегеміз?
— Сиренаны неге естімейді?
— Қара басты бізді!
Төртеуі әлгі жерде опыр-топыр.
— Кәне, айқайлайық... Рүстем! Рүстем!— Әшір қалпағын бұлғап тұр. Тарғын қап-қара болып түтігіп кеткен.
— Қоя тұр азандамай. Бәрібір естімейді, алыс. Неге ескертпедік? Ақша, ақы, ақша, ақы... Ес-ақылды алдыңдар, түге. Ақша жүрген жерден ақыл кетеді.— Прорабқа ызамен жалт қарады. Ол сазарып сыр бермеді.— Мен кеттім!
Тарғын аяғы анда-санда жерге бір тиіп, төмен қарай аттап-бұттап зымырап барады. Әшір де ілесе беріп еді, Тарғын зордың күшімен әрең тоқтап, жалт бұрылып айқай салды.
— Ерме маған! Өлмейін десең, қал сол жерде!
Рабат Берікіч дағдарып тұрған Әшірдің иығына қолын салды.
— Керегі жоқ... Бәрібір кеш.
Әшір әл-күші құрып, жерге отыра кетті.
...Рүстем төрт аяқтап, қия беткеймен тас алаңға қарай еңбектеп барады. Қамыс қалпағы көзіне түсе бергесін:
— Кетші әрмен!— деп басынан сыпырып, еңіске қарай жіберіп ұрды.
— Рүстем, қайт! Қайт кейін! Жарылыс!— деген дауыс та талып жетті соңынан. Тобылғының жасыл бұйра шашынан уыстап ұстап тұрып, бұрылып қараса... Тарғын секілді. Қосар каналдың бергі жағасына тырмысып шығып үлгеріпті. Кепкасын бұлғай жығылып тұрып, бермен дедектеп жүгірді. Тарғынның ізін ала санитарлық сөмкесі салпаңдап, Жанар да бас қылтитты. Қызды көре салысымен Рүстем шала бүлінді, жалт бұрылды, қабақтағы алаңға өлермендікпен өрмелей берді. Аяғын тасқа тіреп еді, ол құрғыры қопарыла домалап, төмен қарай дүрс-дүрс тепкіленіп домалап кетіп жатыр. Өкпесі өшіп, жусан құшақтап жатып қалды. Жұдырығымен жер тоқпақтап, еңкілдеп ебіл-дебіл жылады дейсің әлгі жерде. Екі арада арсы-күрсі болып Тарғын да жетті. Қара тер бет-аузын жуып кеткен. Келе Рүстемді желкеден ұстап тұрғызып алды, былқ-сылқ бозбаланы тігінен тұрғызып қойып, жағынан жандыра тартып жіберді.
— Мә, мынау — қырсықтығың үшін! Мынау — ақымақтығың үшін!
Жанар да жедеғабыл жетті, ұстасқан екеуінің білегіне асыла кетті.
— Ақымақтар! Өңкей ақымақтар!— Кішкене жұдырығымен екеуін де төпелеп жүр.— Өлеміз ғой енді, өлеміз! Әне, қараңдар, қараңдар!
Төбе басындағы қызыл жалаушалы адамдар тасаға түсіп үлгеріпті. Сирена ақырғы рет әлдекімді азалай азандап, ышқына ұлыды. Тіпті жақын жерден шықты ма, құлақтың қағанағын жарып барады. Тарғын мен Рүстем естерін енді жиғандай, состиып-состиып тұр. Жалтаң басында прораб, Сәбит, Әшір қалпақтарын дамылсыз бұлғайды.
— Қашайық! Тез! Тез!
— Канал түбіне! Сонда тығыламыз.
Үшеуі төмен қарай екі өкпелерін қолға алып жүгіре жөнелді. Рүстем екпінін тежей алмай ұшып түсіп жер қауып еді, жусанның шаңы бұрқ етті. Шаңға қақалып, құрқ-құрқ жөтеліп жатыр. Ана екеуі қолтығынан алып, дырылдатып сүйрей жөнелді. Итіс-тартыс күйі қосар каналдың жарқабақ жағасына ілінді-ау ақыры.
— Тез! Қазір жарылыс!
Күркіреген үн аспанды қақ айырды. Жарылыс екпіні нақ бір арқаларына итеріп-итеріп қалғандай үшеуі жарқабақтан канал табанына үйме-жүйме құлады. Шаң астымен еңбектеп, тік жарқабақтың бауыздар тамағына — қалқасына қарай жан ұшырып ұмтылды. Ірілі-ұсақ тас жаңбырша жауды. Үшеуі бас түйістіре бір-бірін құшақтап, тізерлеп отыра қалысты. Жарылыс сілкіген жарқабақтың кенересінен топырақ дүркірей сауылдап құйылды. Канал түбі аппақ шаң...
Шаң сейілсе де, үшеуі құшақтаса үйездеп отыр. Бастары көрінбейді, үсті-бастары ұн сеуіп тастағандай аппақ: осы отырыстарында үш адам емес, үш қойтас дерсің.
Кім екені белгісіз, бұққан үшеудің бірі сыңсып жылап отыр...
XII
Қас қарайып қалған. Төрт құбыла түгел бұлдыр: күндізгі қым-қуыт тірліктің шаң-тозаңы әлі шөгіп үлгермеген. Ақырғы жоқ-жұқана сәуле көкжиекпен көкжиек болып, қан қызыл боп қатып қалған. Құлақ түбінен маса өлеусіреп ызыңдайды.
Қырық адам сап құрап, үн-түнсіз қатып-семіп тұр: әлденені күтулі, елеңдеулі. Сап алдында командир қолындағы бір бет ақ қағазға үңіліп, соны оқып тауыса алмай тұрғандай шұқшияды келіп. Анда-санда басын көтеріп, Тарғынға бір, Рүстемге екі қарап қояды. Бұл екеуі де жүздерін соңғы кешкі шапаққа жалаттырып, бедірейіп тұр, сыр алдырар емес. Тарғынның шекесі шоқпардай болып іскен, Рүстемнің оң жақ беті сыдырылған ба, ақ пластырь жапсырылыпты.
Командир қызыл жалауы желбіреген сырық түбіне барып тоқтады.
— Вольно!
Сап бір толқып өтті.
— Тынышталыңдар!— Абың-күбің сөз бастала беріп, тас тыйылды. Командир бүгін нығыз, қасаң.— Мен жаңа ғана жол салу басқармасынан келдім. Ондағы жолдастар маған, жоқ, маған ғана емес, мына тұрған бәрімізге ауыр-ауыр сөз айтты. Отряд атына кір келді. Бүгін тіреу алаңында үш адам...— Тоқталып қалды; мына бір тастай ауыр сөздер әркімнің-ақ жетесіне әбден жетсін деген болу керек.— Иә, үш адам опат бола жаздады. Жарылыс астында бақандай үш құрылысшы студент қалып қойған. Тек кездейсоқтықтан адам өлімі болмаған. Техникалық қауіпсіздік сақталмады. Бригадир Оспанов!
Тарғын екі адым алға жылжыды.
— Отряд дәрігері Жарылқасынова!
Жанар да батылсыздау басып, алға шықты.
— Жанғазиев!
Рүстем де сөйтті.
— Жаңағы үшеуі — осылар. Әңгіме аудандық штабқа да жетіпті. Техникалық қауіпсіздік сабағын ГЭС құрылысына келгенде бәріміз де өткеміз. Сынақ та тапсырдық. Құрылыс отрядындағы тәртіп — жартылай әскери тәртіп. Отряд атына кір келтірген адам қатаң жазаланады. Әуелі отрядтан қуылады, күзде институттан шығарылады — әңгіме осыған тіреліп тұр, жолдастар. Аудандық штаб мәселені осылай қойып отыр. Алдымен үшеуін тыңдап көрелік: кім кінәлі? Әңгіме барынша ашық болсын. Әңгіме ашық болса, үкім де әділ. Кәне, бригадир, сөйле!
Тарғын қасқайып тұрып, мүдірмей жауап берді.
— Бәріне мен кінәлымын. Жанғазиевте жазық жоқ. Су алуға кеткен... Жарылыс болатынын ескертпеппіз. Естен шығып кетіпті. Құрығанда артынан қуа барып, бой тасаға алып кетуім керек еді.
Сап тым-тырыс. Басты әңгіменің жаңа басталғанын бәрі де іштей сезеді.
Жанар алға аттап түсті.
— Жоқ, мен айыптымын!
— Дәлірек, анығырақ!
Қыз қипалақтады.
— Мен дәрігермін. Аурудың алдын алу — тікелей міндетім. Жан ауруын да ұғына білуім керек. Мен... мен Рүстемнің жанын жараладым. Тұма басында.. Ол маған өкпелеп, алаңға қарай тұра жүгірді. Дәрігермін, қызбын ғой... Ақырын жүріп, анық басуым керек еді.
— Жан ауруы? Ақырын жүріп, анық бас? Бұл не психоанализ?
Қыз булығып тұрып-тұрып, бетін алақанымен басты.
Енді Рүстем өжектеді.
— Екеуі де емес, мен... кінәлымын.
Бүкіл саптың көзі — бозбалада. Рүстем бұрыс адамдай күле салды.
— Екеуіне сенбеңіздер, екеуі де маған араша түскісі келеді. Алдап тұр сіздерді. Біледі... менің тәрбиесі қиын екенімді, бақылауда, сын-сынақта екенімді.— Секунд санап қатая, беки түсті.— Аяу, араша — оның маған керегі жоқ. Мен өзім үшін жауап беремін. Келер жылы паспорт аламын. Сапқа гуіл жүгірді: біраз студенттердің жүзі жылып, еріндері жібіді. Бәрі де Рүстемнің бар-жоғы он бес жасар бала екенін көріп тұр. Мынау аңқау қылығы, адал ниеті, айқын да тойқыл, әйтсе де шынайы сөзі... қысқасы, олардың алдында мазасыз балалықтың нақ өзі тұр еді.
— Магым, магнитофоным қалып қойды тас алаңда. Соны ала қояйын деп жүгірдім. Жанар мен Тарғынға рақмет... көптен көп! Мені жарылыс астынан алып шығамын деп, өліп қала жаздады. Жарылыс болатынын естігем суға кетерде. Сенбесеңіздер, жарғыштардан сұраңыздар.
Командир тығырыққа тіреліп, амал таппай мысы құрыды. Бұл не жұмбақ? Үшеуі бірдей неге айыпты өз мойындарына алуға тырысады? Үшеуінің қайсысы жазаға лайық?
Сап та әрі-сәрі.
— Мәссаған, безгелдек! Міне, қайда криминал!
— Маг дейді! Дүниеқоңызын!
— Бала шынын айтып тұр.
— Тыныш!— Тарғын қолын жайқады. Сап жым болды.— Айтқанымнан қайтпан, мен кінәлымын. Көрмейсіңдер ме баланың қандай халде тұрғанын. Оны құтқару үшін басымды бәйгеге тігіп ем, ол осыны есепке алып тұр. Ал ол — менің міндетім! Мен жазалануым керек.
Жанар мына жақтан шырылдады.
— Мен... мен! Рүстемді қалай жәбірлегенімді сіздер білмейсіздер. Мен оны жәбірлеген.
Бала да есесін жібермеді, өршелене түсті.
— Ешкім де мені жәбірлеген жоқ. Жанар да. Оның өзі он жеті-ақ жаста. Жәбірлеп көрсін!
Сап қайта толқыды. Айтып-айтпа, Рүстемнің де сөзінің жаны бар еді. Командир өз-өзіне тез келді.
— Смирно!— Сап етек-жеңін жинап алды.— Смирно! Бір сағаттан кейін сен, сен, сен — үшеуін кезегімен нұсқады,— менің вагоныма келесіңдер. Не жағдай болды, тәптіштеп тұрып, түсініктеме жазасыңдар. Оспанов, Жарылқасынова, Жанғазиев, түсініп тұрсыңдар ма? Отряд советі шешеді ертең, мәселелеріңді... әлгі түсініктеме бойынша. Жаза болады, жазасыз қалдырмаймыз. Қазір тарқаңдар!
Сап бауырсақша шашылып, тарай бастады. Тарғын сүлгісін мойнына асып, салғырт аяңдап, өзенге беттеді. Жанар жүгіргеннен жүгіріп, өз вагонына қойып кетті. Есік сарт жабылды. Рүстем жалау түбінде жалғыздан жалғыз состиып тұр еді, селк етті.
XIII
...Рүстем қараңғы вагон ішінде, сәкіні құшақтай етпеттеп жатып, сыртқа командирдің вагонына көз тігеді. Пердесі ашық терезеден бәрі де алақандағыдай көрініп тұр. Әне, Жанар қаламын сүйкектетіп түсініктеме жазып отыр. Қарсысында командир де қаздиып, жазу үстінде. Ара-тұра сартылдатып шот қағады. Құрылысшы студенттер жатып қалған, қос басы құлаққа ұрған танадай тып-тыныш — ертең жұмыс! Тек асхана жақтан оқта-текте ыдыс-аяқ салдырлайды. Жанар орнынан тұрды, сыртқа шықты, керілді, есінеді -ешкім көріп тұрған жоқ қой. Өзен жағасында, турник маңайында жүрген Тарғын оған қарсы салды. Алаңның қақ ортасында қарама-қарсы кездесті. Іштен тышқан аңдыған мысықтай тесіліп қарап жатқан Рүстемді екеуі де сезген жоқ.
— Жаздың ба?— деді Тарғын.
— Жаздым. Не болса, о болсын.
— Тұма басында не болды өзі? Бала аяқ астынан бүйтіп неге бүлінді?
— Оны сен сұрама, мен айтпаймын... Фирманың кішкене құпиясы.
— Мейлі... о да дұрыс шығар.
— Сен не деп жазасың?
— Мана, сапта не дедім, соны жазамын.
Қыз жігіттің көкірегіне басын қойды. Рүстем тұмсығын жастыққа көме түсті.
— Ертеңге дейін!
— Жайлы жатып, жақсы тұр!
Тарғын нық басып, командирдің вагонына беттеді. Жанар тұрып-тұрып, өз вагонына кірді.
Әне, Тарғын да сыпылдатып жазып отыр. Командир аузы шыбырлап, бригадирге әлденені айтады кеп, айтады. Жанардың вагонының шамы жанды да, пердеден көйлегін басынан асыра сыпырып жатқан сұлбасы көрінді. Көп ұзамай оның да шамы сөнді. Тарғын әлі жазып отыр.
Рүстем сәкіден жайлап сыпырылып түсті. Заттарын тез-тез жинастырып, жол қапшығына асығыс-үсігіс тықпыштай бастады. Сыртқа шығып, құлақ түрді. Жым-жырт... Өзеннің арғы бетіндегі ескі қорғаннан байғыз шақырды. Балық шолп етіп, айдын бетіне секіріп шықты. Жарғанат қалбалақтап ұшып өтті.
Рүстем машина жолына түсіп, қараңғылық құшағына сіңе берді.
...Қарамайдай жылбысқы түн. Бала жол қапшығы арқасында, жөңкіп жатқан машиналарға қол көтереді. Екі-үш жеңіл машина сырғып өте шықты — қорқады. Ақыры алып "КрАЗ" басып кетердей өңкиіп келіп, пыс тоқтады. Шофер кабинадан басын шығарып:
— Қайда барасың, жас ұлан?— деді орысша.
— Қалаға. Ақыңызды жемеймін.
Шофер сәл ойланды. Есігін айқара ашты.
— Отыр!
Рүстем жол қапшығын кабина ішіне лақтырды, биік кабинаға көтерілді. Мотор дүр ете түсті. Кепкісін итите киген орыс жігіті Рүстемге күлімсірей қарады.
— Түн қатып, түсің қашып жүр ғой?
— Жағдай солай.— Рүстемнің қабағы түсіңкі. Бұл минутте ешкіммен де сөйлескісі жоқ, онсыз да ойы онау болып, басы қатып отыр.
Абырой болғанда, оның бұл жағдайын шофер де тез түсінді.
— Жол ақыңның керегі жоқ,— деді дөңгелек астына қарай жылжи жөнелген жол сорабынан көз алмай.— Адам тегіннен тегін түнде жолға шыға ма? Өміріңде бір төтен де үлкен оқиғалар болып жатыр, ә?
Рүстем тіс жармады.
"КрАЗ" жол апшысын қуырып келеді.
XIV
Рүстем қара дермантинмен қапталған есіктің маңдайшасындағы ақ түймені оқтын-оқтын басты. Шынжыр сылдырлап, есік қиығынан еркек қызара бөртіп көрінді. Көкесі... Маңдайына шашырап түскен шашын жоғары қарай сылай береді. Ұлына танымағандай бақырайып қарап тұрды да:
— Рүстембісің?— деді сасыңқырап.
Бозбала күлімсіреді.
— Өз ұлың, туған балаң, көке.
Көкесі шынжырды ағытып, есікті айқара ашты.
— Кір, кір бері!— Ішке кірген ұлын қолапайсыздау құшақтады.— Хал қалай, ұлым? Әкел андағыңды,— Жол қапшығын иығынан сыпырып алды. Сонсоң ойланды.— Не қып түн қатып жүрсің?
Ұлы үркек сұраққа жауап қайтармады, дұрысы, естіген де жоқ, құрылыс отрядындағы бүгінгі шым-шытырық оқиғалар өзін шаршатып тастап еді, әрі шыны керек, туған ұясына оралғанына іштей қуанып та тұр. Сол бір жайсыз жағдаяттарды шама-шарқы келгенше тезірек ұмытып, есінен шығарғысы бар. Апаш-құпашта тым төтен сауал қойған әкесіне де ренішті. Сондықтан ши шығып кетпей тұрғанда сөз бағытын мүлдем басқа сайға бұрып жіберді.
— Мама қайда, Маймуша қайда?
Көкесі аяқ астынан абыржып, сасыңқырап қалды. Жол қапшықты сүйрей-мүйрей, төргі үйге елпілдеп ұмтылды.
Рүстем еңкейіп кроссовкасын шешіп жатып миығынан күлді.
— Андағыны дәлізге тастап кетіңіз. Шаң ғой...
— А-а...— Көкесі жол қапшықты босаға түбіне сүйретіп тастай салды да, төргі үйдің есігін ашты: сол мұң екен, іштен әйел, еркектердің бір-біріне дес бермей дәуілдеп сөйлеген сөздері, тоқ күлкілері дәлізге лап берді.
— Бәйбіше, бері кеп кетші. Бір минутқа!— Есікті нығыздап жауып:— Қонақтар...— деп сыбырлады біреу естіп қоятындай.
Рүстем күртесін іліп жатып, кіржің етті.
— Ненің құрметіне?
— "Жигулиді" жуып жатырмыз.
— Жумап па едіңіздер?
Әке кекесінді аңғармай, аңырып тұр.
— Әнеугүні, бізде... Өзен жағасында. Маймуша екеуіңіз.
Көкесі күліп жіберді. Бірақ бір түрлі көлгір, жалған. Рүстем одан көзін тайдырып әкетті — бұл дүниеде көлгір күлген еркектен сақтасын! Тіпті өз әкең болса да...
— Бұл басқа жуу.
Есік ашылып, шеше бермен шықты. Жасана киініп алыпты.
— Жай ма, көкесі?— Ұлын көріп, алақандарын шарт еткізді.— Ау, ұлым, бұл сенбісің?
— Ұлың, ұлың...— Көкесі состиып тұрған Рүстемнің арқасынан қақты.— Сенбей тұрмысың?
— Құлыным!— Шеше маңдайынан өпті.— Жүдеп кетіпсің қара торғайдай болып. Жуына ғой. Ac әзір,— деп, қолды-аяққа тұрғызбай, бастырмалата жөнелді. Ұлын тап бір вокзалдан қарсы алып тұрған таксистей тым асығыс, лыпылдақ.
— Аналар кімдер?— Рүстем төр үйдің есігін нұсқады.
— Қонақтар... Керек кісілер.— Шешесі деуін деп қалғанымен, өз сөзіне өзі өкініп, тілін тістеді.
— Олар кім-кімдер, айтып берейін бе?— Рүстем қуақыланып тұр. Оған аса мән бермеген шешесі:
— Айта ғой, құлыным, сен айтпағанда...— деп қауқылдады. Өзі жол қапшықты дәліздегі шкафқа тыққыштап жатыр.
— Сіздің бастығыңыз — бір ме?
— Әрине, құлыным, әрине.— Шешесі әлі де аңқау, аңғал.
— Көкемнің директоры — екі...
— Иә, иә,— деді көкесі басын сипап. Ол бұл санамақтың неге апарып тірейтінін сезіп қалып еді.
— Автоинспекцияның капитаны — үш.
— Солай, солай.
— Автопарктың директоры... "Жигулиге" запас бөлшектер керек қой.
Шешесі төр үйдің есігінің тұтқасына қолын салып тұрып, қабағын сәл шытты. Ұлының нені ымдап тұрғанын жаңа пайымдады.
— Кіремісің?
"Кірмесең ренжімейміз" деген райды Рүстем неге ұқпасын, басын шайқады. Шешесі "керек адамдардың" бетіне шіркеу келтіретін әлденені ұлы айтып сала ма деп қауіптеніп тұр, одан басқа не дейсің.
Рүстем:
— Үстім — шаң... Шаршадым, — деп сылтауратты.— Ac үйден жүрек жалғайын. Сонсоң ұйықтаймын. Маймуша қайда?
— Тырқиып ұйқтап жатыр. Оятпай-ақ қой. Күн ұзақ ойынды соғып-соғып кеп, сүрініп жығылды.— Шешесі ас үйге жол бастады. Әкесі дәліз ортасында шашын саусағының ұшына орап-орап алып, ойланып тұр: ұлы неге түн жамылып, түсі қашып жүр? Бір кеп бар, әрине. Сұрауға бата алмады. Рүстемнің тік мінезінен жасқанады. Әрі шырықты бұзғысы жоқ.
— Мам!— деді ас құйып жатқан шешесіне ұлы.
— О не, құлыным?
— Осы керек адамдарды қонақ қып бітпеп пе ек?
Шешесі жалт қарады: ұлы бейне бір оспадар, жаман сөзді қойып қалғандай үдірейіп тұр. Бір қолында шәйнек, екінші қолында сіріңке қорабы.
— Тек! Керек адам қашан да керек. "Жигулиге" запчасть керек, май керек, су керек. Машинаның құлағын ұстағасын жол ережесін тағы бұзбай тұрмайсың. Осындайды желеу етіп, өз бастықтарыңа да ниет білдіріп қою қажет. Жұмыста не болмайды: бірде түйе, бірде бие.
— Керек емес адамдарды неге шақырмайсыңдар? Мәселен, көршілеріңіз. Жұматай ағайды, Ғайша жеңгейді...
Мамасы шынымен таң қалып тұр.
— Керек емес адамдар? Ондай адамдар бола ма?
— Ойнап айтқаным ғой, мам,— деді.
Шеше әрі өзімсініп, әрі кінәлап:
— Ойпыр-ой, орынсыз жерде ойының келіп тұратыны-ай осы, Рүстемжан. Ойнап жүріп от бассаң қайтесің?— деді салдырлап.
Осы кезде ас үй есігі айқара ашылды. Босағаны кең иықты, қызыл бет еркек керіп тұр.
— Оу, Саражан, би басталды, би! Кел, қатырып тұрып бір билейік. Шалыңнан рұқсат алдым, қорықпа.
Шеше де осыны күткендей, осыны білгендей елпілдеп қоя берді.
— Қазір, қазір, Жәкесі. Сіз биге шақырсаңыз, біз қашамыз ба. Ұлым, жолдан арып-ашып келдің, тыңқиып тойып ал.
Бәрі опыр-топыр, ошарыла шығып кетті. Есік шалқасынан ашық қалды, ал дәлізде көкесі қаңтарылып тұр. Ұлы оған мойын бұрған да жоқ, алдындағы асты еріне, немкетті алып отыр...
Өз бөлмесіне кіріп, тарбайып ұйқтап жатқан інісінің жамылғышы үстінен түсіп қалған екен, соны қымтап жапты. Күні бойғы қызғын ойыннан әбден шаршап кеп құлаған-ау, шамасы, бір ыңыранып аударылып түскені болмаса, тырп етпеді. Бақытты бал балалық шақ деген осы. Рүстем оған ұзақ тесіліп қарап тұрды. Көзі дымқыл тартып, кеңсірігі ашып бара жатқасын бұрылып кетті. Төсек салып шешінді де, радиоланың ашамайын тесікке тықты. Мұңды әуен қараңғылық қабырғаларын ерсілі-қарсылы сызғылап, тербетіле билейді. Чайковскийдің "Кішкене аққулар биі"...
Рүстем желкесіне қолын жастап, кірпік қақпастан тас төбеге тесіліп, үнсіз жатыр.
XV
"Металлисттердің" баяғы кең подвалы... Баяғы жалпақ үстел, тізілген бөтелке, стақандар, қабырғада алабажақ қағаздар. Төбеден салбыраған шоқпардай электр шамы. Ұзын орындықтың бір шетінде шашын айна таз ғып қырдырып тастаған Кірпіш отыр, шашын ұйпа-тұйпалап, ақ, қызыл, көк түске бояған, соның өзінде әдемі Қуыршақ та осында. Үстел үстінде магнитофон дікиіп тұр.
- Қалай, Кірпіш, әкелдің бе?— деді қыз теріс қарап, аузын алақанымен қағып есінеп. Жалығыңқырап отырғаны беп-белгілі.
Кірпіш әлем-жәлем жылтыр тысты журналды орындық үстіне тастай салды. Батыс Германияның "Метал хамер" журналы...
- Он бес рэ,— деді күңк етіп.— Алғашында жиырма сұраған.
- О, жарадың!— Қыз Кірпіштің құлағының ұшынан шөп еткізіп сүйіп алды. Кірпіш шынымен күйген кірпіштей қызарып сала берді. Бұл қызарудың сыры тереңде жатыр; Қуыршаққа деген жансебіл сезім; қызға төтен керек журналды тез тауып алған өз-өзіне деген ризалық; шексіз мақтаныш — осының бәрі бетіне қайнап шыға келді.
Қуыршақ журнал беттерін ашып, аударып қарай бастады.
- Оһо! Металлистер туралы... Тыңда! Немісшеден саған аударып оқып берейін... "Хэви металл әуені батыл да шешімді жас өспірімдердің төл музыкасы, оны тіпті бүгінгі замандағы күрделі дүниенің техникалық суық сұрынан жалыққан жастардың аккумуляторы десе де болады". Мәссаған, мына қара! Дюссельдорфта металлистер хэви металл музыканы тыңдай-тыңдай әбден қызынып, еліріп алыпты да, көшеге атып шығып, машиналарды аударып тастапты, он шақты адамды таяққа жығыпты.
Кірпіш бұдан түк ұқпады. Ол жаңағы бір кәмпит сезімді тілінің астына салып, есі кете сорып отыр. Қыз аузын жиып ала қойды. Подвалдың анау бұрышынан жұмақ құсын көріп отырғандай сол тұсқа ынтызарлана қарап отырған Кірпіштің иығынан түртті.
- Е-ей!
Кірпіш басын жұлып алды.
- А? Не?
Қуыршақ күліп жіберді.
- Ұйқтап кетпе!
- Мен ояумын.
Бүгін Қар адамы келеді деп пе ең? Кім ол өзі? Қалғандары қайда? Ұзын Оқжетпес, Чарли, Қарамылтық...
- Оқжетпес ауылда, атпен арлы-берлі шапқылап, экзотика іздеп жүр. Қарамылтық Ленинградқа кеткен. Сондағы металлистермен творчестволық байланыс орнату керек. Былайша айтқанда, сыпайылық ишараты...
Қыз оған ары қарай құлақ салмады, тізесін құшақтап арлы-берлі теңселіп отыр.
Кірпіштің ызасы келе бастады. Мына тәйтік қызға оның дәл қасында отырса да, жалғыз қалған өзіне...
- Сен ойландың ба?— деді түнере түскен Кірпіш. Қыздың мына тұрқы оған барған сайын ұнамай барады.
— Нені?
— Ай лавю...1
Қуыршақ сынық күлді. Теңселген қалпын мысқал бұзған жоқ.
— Көрші подъезде қаба сақал суретші тұрады. Кеше шеберханасына шақырды. "Натураға таптырмайтын үлгісің",— дейді.
Кірпіш ызалы.
— Қаба сақалына қоса,— құшағын жайып, бір қапшық ауаны бейнелеген болды,— әрине, әйелі және үш баласы бар. Солай ма?
— Оған қоса "Ладасы", айналасы ат шаптырым шеберханасы бар. Сондай қызық-қызық сөйлейді. Түк ұқпасаң да, тыңдай бергің келеді, тыңдай бергің келеді.
— Айтпады деме, бір күні мен оның аяғын сындырамын... қоймаса.— Кірпіштің қасы мен қабағы салбырап, көзін жауып кетті.
Қыз түк ашуланбады.
— Еһ, дүние неткен көңілсіз! Бәрі де қызыл кірпіш секілді төп-төртбұрыш... Қыл аяғы сен де!
— Кірпіште сенің шаруаң болмасын. Ол менің мамандығым, жеп жүрген наным.— Бозбала қыз атаулы жақтырмайтын тым тура жолға түскенін аңғармады.
— Шарбаң болмасын, шарбаң болмасын...— Қыз кірпішті мазақтауға көшті.— Сол бір кірпішіңді басыңа қой, түк таласпаймыз!
Бозбала булығып отырып қалды. Әңгіменің түзелмеске беттегенін о да сезіп еді.
Есік сыртынан әлдекім бөліп-бөліп үш рет тықылдатып қақты.
— Қар адамы!— Қыз орнынан атып тұрды. Мына ортада тұрған үстел секілді тым түсінікті Кірпіштен құтылғанына тым разы. Жүгіріп барып, есікті ашып жіберді. Ішке құрылысшы студенттер формасын киген Рүстем кірді.
— О, романтик, плюс фанатик!— Қыз оның мойнына асыла кетті.— Қай континенттен келдің? Кірпіш, туш!
Кірпіш магнитофонның тілін басып қалды. Хард музыка дүңкілдеп, әп-сәтте подвалды азан-қазан етті. Анау орнынан тұрып Рүстемнің төсіне төсін тигізді, иығынан қақты.
— Тірімісің, батырым?
— Рақмет ілтифаттарыңа!— Рүстем магты баяулатты.— Қайда шығарып салсаңдар, содан келдім. Қалған шөжелер қайда?
— Балапан басына, тұрымтай тұсына...— Қыз аяғының ұшына тұра қалып, қанатын жайып, саусақ ұшын жыбырлатты.— Зерігіп қалып ек. Мынау,— Кірпішті нұсқайды,— махаббаттың кірпіштерін қалай алмай, өзі де шаршап, мені де жабықтыра бастап еді...
— О, онда келіңдер, біз достық пен бидің кірпіштерін қалайық!
Үшеуі бір-бірінің белінен құшақтап, билеп кетті.
Есік тағы тықылдап қағылды. Қыз тағы да есікке ұмтылды.
— Шолтыраңдама! Мен өзім...— Есікті Кірпіш қорбаңдап барып ашты. Ішке тығыншықтай нығыз, иықты, жиырмадан асқан жігіт емін-еркін басып кірді. Сақал, мұрты көмірдей қара. Қыз сәл кейін шегінді.
— Сіз...
— Иә, Қар адамы мен боламын. Қалған банда қайда?
— Біз банда емеспіз,— деді Кірпіш қабағының астынан түнере қарап.— Металлистерміз.
Қар адамы шабынып тұр, анау-мынауды тыңдайтын емес.
— Айтарсыңдар. Металл... банда, бәрі бір сорт.— Бөтелке, стақандарға көзі түсіп еді, отша жайнады.— О, бұл мен түсінетін дүниелер! Тағы банда емеспіз деп күшенесіңдер, а? Мынау менің мүшелік жарнам.— Күртесінің ішкі қалтасынан "РЗ" коньягын суырып, үстел үстіне дік қояды.— Отыз рэ.
— Біз коньяк ішпейміз,— деді Қуыршақ көзі дөңгеленіп.
— Бормотуха ма? Осы мен кімдермен істес болып жүрмін, а?— Бөтелкеден стақанға құйып, қағып салды. Көзі бақырайып, шашалып қала жаздады.— Бұл не, а?
Рүстем миығынан күлді. Мынау екпінінен үй жығылардай аңғал жігіт ұнап қалғандай.
— Минералды су.
Қар адамы ерін бауырына алып, туласын әлгі жерде.
— Басшы андағыны арсылдатпай.— Бұрыштағы магты өшіріп тастады.— Сонда кімсіңдер өздерің? Бабуин, горилла? Әлде папуа?
— Біз бе? Біз — достармыз. Музыка тыңдаймыз, әр түрлі кассета жинаймыз, әңгімелесеміз...
Қар адамы шалқайып тұрып қарқылдап күлді. Сан торапты есеп күлкі: жаңа ортаны жатсындырмай, ішке тез кіріп кетейін деді ме, ішке бір кіріп алса, іштен шалып жыға салу да оп-оңай, әлде "күнім не болады?" деген есеппен кіріп, сол сескеністің басына тезірек су құюға тырысты ма, ол да емес, бұл да емес, мына көген көздерді ай-шайға қаратпай, ә дегеннен мысымен айпап-жайпап басып тастамақ па, әйтеуір, мынаусы жалған күлкі...
— Банда емес, бала бақшасы ғой мынау.— Күлкісін қалай бастаса, солай қоя қойды.— Сендерге тың тәрбие керек. Жаңа қан құю керек бойларыңа. Жігер керек.
— Атап айтқанда?— деді Рүстем орындыққа құйрық басып.
— Мен сендерге көп ақшаның көзін көрсетемін.
— ?!
— Ол үшін ең алдымен мына қаңғыр-күңгір кассеталарыңды санап тұрып менің қолыма саласыңдар.
— Қаңғыр-күңгір емес, хэви металл рок,— деді ренжіп қалған Қуыршақ.
— Осыны айтқан аузыңнан айналып кетейін!— Қар адамы қыздың иегінен іліп алып, төніңкіреп қалды.. Рүстем, Кірпіш орнынан ұшып тұрды. Қар адамы тағы да арзан күлкісіне басты. Соған қарағанда бұл күлкі небір қиын, қолайсыз жағдайдан құтқарып алып шығатын басты құралы болу керек.— Отыра беріңдер, отыра беріңдер. Адам көрмеген тағысыңдар ма, түге? Мына қуыршақты өздеріңе қайтадан сыйлаймын. Комплекциясы маған келмейді. Маған хард па, қырт па, анау музыкаларың керек.
— Музыканы тым сүйеді екесіз...
Рүстемнің кекесінін аңғармаған, әлде әдейі елемеді, Қар адамы ағыла берді. Мұндай шақпаның талайын естіп, құлағы сарсып, еті өліп кеткен-ау, сірә!
— Менде мың жарым рэ жапон стереожазғышы бар. Мына қырт музыкаларыңды жүз, екі жүз данаға бір күнде көбейтіп береді. Сапа — во! Сонан соң екі жүз кассетаны әрқайсысына таратып беремін.
— Маған біреуі де жетеді,— деді Кірпіш. Әңгіме қайда беттеп барады, дәнеңе ұққан жоқ. Оған Қар адамының Қуыршаққа тиіскені ұнамай отыр, басқада шаруасы шамалы.
— Жетпейді,— деді сабасына түсе бастаған Қар адамы. Өзі ісқой қалыпқа түпкілікті көшіп алды, өйткені мына үшеуін уысына түсірдім деп дандайсып үлгерген.— Әлгі кассеталарды сендер достарыңа, туыстарыңа, көрші мектептегі қырттарға жиырма-отыз сомнан сатасыңдар. Мұндай музыкаға әуес әңгүдіктер бұл қалада жыртылып-айрылады.
— Бізге қаншасы?— деді Рүстем.
Қуыршақ пен Кірпіш оған сәл таңырқай қарап қалған: Қар адамымен қалай-қалай сөйлеседі, ә? Осы Рүстем шынымен-ақ бір ай бұрынғы Рүстем бе? Бір айда бір жылға есейіп кеткен сияқты...
— Ақшаның астында қаласыңдар. Сатылған әр кассетадан сендерге бес сом тиесілі. Сықсиып минерал ішулеріңе қарағанда қалталарың тым жұқа. Кісі тонамайсыңдар, үйге түспейсіңдер, бірақ ақша болады. Ақша болса, жерді жалпағынан басып жүресіңдер — жаман ба? ОБХСС тексермейді. Ә, маубастарым?
Қыз Қар адамына әлі де қорқа-қорқа қарап тұр. Ептеп қызықтау да байқалғандай. Ол болса, орындыққа жайғасып алған, аяғын көсіліп алып, екінші стақанды сораптайды. "Мынау бүкіл подвал, минералды су, бір қыз, екі жігіт сымағыңмен жұмсам жұдырығымда, ашсам алақанымда" дегендей мерейі әбден тасып, астамсып асқақтап отыр. Екі бозбала бір-біріне көздерінің астымен қарады. Рүстем жайлап орнынан тұрды, үстел үстіндегі коньякты қолына алды, Қар адамының жеңінен шымшып ұстап, есікке қарай жол бастады, Қар адамы әлі де дым ұққан жоқ, елпеңдей еріп барады. Рүстем есікті шалқасынан ашты да, коньякты Қар адамының қалтасына салды. Сыртты нұсқап:
- Жолыңыз болсын!— деді нықтап.— Қателесіп келіпсіз. Біз маубастар емеспіз, саубастармыз.
Қар адамы Рүстемнің көзіне көзін қадап:
- Тәк-тәк!— деп тұрды да, қолын ұсынды.— Мә, бес саусақ. Сау болыңдар! Бүркіт дегенім сары ауыз балапандар екен.
- Қош болыңыз!
Рүстем қолын ұсына береді. Қар адамы оның қолын қайырып жіберді де, май құйрықтан теуіп қалды. Бозбала қойқалақтап барып, бұрышты басымен сүзе құлады. Кірпіш жүгіріп келе бергенде іштен тепті. Жігіт екі бүктетіліп, ине жұтқан иттей имиіп тұр. Қуыршақ алақанымен аузын басып, шыңғырып жіберді.
Ашық тұрған есіктен Тастемір кіре берді.
- Бұл не шу?
Қар адамы екеуін иегімен немкетті нұсқады.
- Тәрбие сабағы жүріп жатыр.
Командир подвалды тез-тез шолып шықты. Орнынан тоңқаңдап тұрып жатқан Рүстемнің қасына барып, үсті-басының шаңын қақты.
Командирдің жүзіне қарауға беті жоқ, Рүстем бүгежектей береді. Тастемір шаң-шаң алақанын қақты, Қар адамына жайлап жақындап келді.
- Сіз өзіңіз тәрбиеге қалайсыз?— деді даусын бұзбай.
- Жақындама! Әйтпесе шақырайып кетемін!— Қар адамы бір шетке секіріп түсіп, қалтасынан коньякты жұлып алды, мына жігіттің оңай жау емес екенін тез ұғып еді. Бір қырындай есікке жылжып бара жатыр.— Күмбезің аман болсын десең жақындама!
Командир көз ілестірмей, самбо әдісін қолданып, Қар адамын қалпақтай түсірді. Бөтелке бір жаққа зың етіп ұшып кетті. Қар адамы мыңғы-дыңғысы шығып, тізерлеп отыр.
- Күш сенікі. Иілген басты қылыш кеспейді.
Тастемір:
- Мынаның сендерге бес бересі, алты аласы бар ма?— деп сұрады, төбесін сипап, ауырсына тыжырынып тұрған бозбаладан.
Рүстем басын шайқады.
Командир коньякты сыртқа ытқыта лақтырып жіберіп еді, бөтелке топ етті.
- Есікті сыртынан жап аман тұрғаныңда!
- Міне, мынау мен түсінетін айқын да әділ сөз.— Қар адамы орнынан тұрып, етегін қақты, кердең қағып есікке беттеді. Командир жерді теуіп қалып:
- Цып!— деп еді, анау алды-артына қарамай зыта жөнелді.
Іштегі үшеу күліп жіберді. Командир құрығанда езу де тартпады, бөтелкеден су құйып ішіп:
— Ал, жігіттер, жаңағы абсурд театр үшін ғафу өтінемін,— деп, Рүстемге бұрылды.— Кеттік пе?
Рүстем басын изеді.
— Онда мен сені сыртта тоса тұрамын.
Бәрі де естерін жинап, күрт қозғалысқа көшті. Кірпіш су ішті, жаңағы кино кадрлеріндей тез-тез ауысқан оқыс оқиғалардан есі шығып қалып еді. Қуыршақ жүгіріп кеп Рүстемді құшақтай алды — ақ көңіл қыз ғой!
— Нағыз супермен!
— Иә-ә...— Кірпіш тықыр басын жалпақ алақанымен арлы-берлі сипай берді.
— Ол — командир,— деді Рүстем. Бөсіп қоямын ба деп қауіптене ме, әр сөзін салмақтап айтты.— Тастемір Оспанов. Құрылысшы студенттер отрядының командирі. Мен кеттім! Сау болыңдар күзге дейін!— Шығып бара жатып, соңына қарады.— Онда да оңай емес. Онда да өмір бар.
Қуыршақ пен Кірпіш екі жерде омпиып отыр. Дәл бүгін қамшы сабындай қысқа тағдырларына бір жаңалық кіргенін анық сезеді, дегенмен, ол жаңалықтың аты не, оны өздері де анық білмейді. Мүмкін, мына шұңқыр подвал, реклама қағаздары, кассеталардан гөрі жойқын да қиын, тасқынды өмірдің ұлы дүбірін алғаш сезінді ме, әйтеуір, үнсіз. Әлден уақытта Қуыршақ — Қамар:
— Қатты тепті ме?— деді.
— Ішегімді аяғымның басына түсіре жаздады. Сен де, әйтеуір... Ойбай, қаба сақал суретші, одан, ойбай, Қар адамы...
Қыз сықылдап күлді. Жаңағы апалас-төпелес есін шығарып тастаған ба, әйтеуір, мынасы зорлық күлкі.
— Ойбу, төртбұрыш қана Кірпішім! Мен суретші туралы ойнап, әдейі айттым ғой. Кірпішіңнен басқа дүниені білмейсің!
Әңкі-тәңкі Кірпіш қызға бақырайып қарап отыр...
XVI
Рүстем мен командир бозбала тұратын төрт қабатты биік үйдің қасына келді. Ел жата қоймаған кез, терезелердің бірқатары самаладай жарқырап тұр. Шөкім бұлт астынан ай қорғалап қарайды. Жұлдыздар селкеу-селкеу.
— Бар да, жол қапшығыңды алып шық. Түнделетіп кайтамыз. Ертең — жұмыс.
— Үйге кіріңіз, дәм татыңыз.
— Жоқ.— Командир басын шайқады.— Айналып қаламыз. Бар, бар.
Рүстем басын изейді. Кетіп бара жатып:
— Жаңағыны... қайдан үйрендіңіз?— деді.
Командир түсінбей қалды.
— Нені?
— Әлгі Қар адамын... нетіп жібердіңіз ғой.
— А-а... Ауғанстанда, әскерде болғанмын. Әуе десанты полкінде.
Рүстем әлі қыбыжықтап тұр.
— Айт!
— Маған қандай жаза бересіздер?
— Қандай жаза?
— Қашып кеткенім үшін.
— Сен өз-өзіңді жазаладың.
— Ал... Тарғын? Жанар?
— Қатаң сөгіс.
— А-а... Сіз неге қуып келдіңіз мені?
— Мен өз-өзімді жазаладым.
— Жаза?
— Кейін түсінесің. Мен де сенің жасыңда қателескенмін. Және жиі-жиі. Қазір де шалыс басатын кезім бар. Қате жасағанымды дер кезінде түсінемін — басқалардан айырмашылығым осы. Бар, бар, қоштасып кел. Олар сені түн ұйқысын төрт бөліп тосып отыр.
Рүстем аз үндемей тұрды да, басы төмен салбырап, кіре беріске еніп кетті.
XVII
Күн оттай жанып, алап-жалап барады. "Тереңдей, кеңейе түскен тас алаң жалын шашады. Алаңның екі қанаты бульдозер емін-еркін кіре алатындай көлбеу келген жайпауытқа айналған. Жаңа ғана жарылыс болған: тай қазан тастар бірінің үстіне бірі шығып, үйме-жүйме болып жатыр. Асты-үстіне қараған кейбірінен тесіп өткен бұрғы ізі көрінеді, әр тұсында жарғыш дәріге заряд берген электродтардың үзіктері қылтияды. Ауа аммонит, күйген шөп сасиды.
Бес тиындық бақыр түстес мыс жігіттер — баяғы төртеу тас үстінде шошайып, дамылдап отыр. Төртеуі де біткен істің қасына келген адамдардай емес, көңілсіз, салғырт, еріне сөйлеседі. Етектен жақындап кеп қалған трактордың гүрілі біресе күшейеді, біресе әлсірейді.
— Күз де жақын,— деді Тарғын айнаның айғыз-айғыз кір, шытынаған сынығына қарап отырып.
— Қайтатын кез де алыс емес.— Бұл ел қалай көшеді — теңбіл-теңбіл қызыл қоңызды жусан ұшымен түрткілеп, білегінің үстімен жорғалатып отырған Әшір.
Рүстем тас үстінде секиіп, күн салып, қарауыл қарап тұр.
— Кеп қалды... трактор!
— Отырсайшы, шаршадың.
Ол естімегендей:
— Тас симфония!— деді үйме-жүймеге қарап тұрып.
— Иә, хард музыкадан еш кемдігі жоқ.— Әшір сөзбен шағып алды. Тарғын түйіліп, оған жалт қарады. Дегенше етектен "С-100" бульдозері шолақ танауын таңырайтып, көтеріле берді. Бульдозер көк түтін мен аппақ шаңнан қолшатыр көтеріп, қия беткейді бұйым құрлы көрмей басып өтті, тас аланның шетіне келіп, лық тоқтады. Мотор үні күрт әлсіреді де, іштен Рабат Берікіч секіріп түсті. Мұның да беті шаң-шаң. Алаң шетіне келіп, "тас симфонияға" қарап біраз тұрды.
— Қалай, Рабат Берікіч?— деді Әшір жарылған тастарды иегімен нұсқап. Мақтау күтіп тұр.
Прораб кепкісін шешіп, алақанына сарт-сұрт қақты.
— Кетер-кеткендеріңше тіреу орнын әзірлеп үлгерсеңдер жақсы. Енді жұмыстарың жеңілдейді. Тасты балғалап жарып, қолмен тасып, ақ тер, көк тер болмайсыңдар. Бульдозер бітіреді оның бәрін. Бәке, ә, Бәке?
Болғанбай кабинадан басын қылтитты.
— Не?
Прораб кепкісін сілтеп қалды.
— Бастай беріңіз!
— Былай тұрыңдар! Мешайт боласыңдар...
Жігіттер биікке шығып, состиып-состиып тұр. Бульдозер жалпақ болат күрегін жерге салқ еткізіп тастап жіберіп, сәл еңкейе алға жылжып, нән тастардың етегін ала түре тиіссін. Шаң мен шу... Трактор кейін шегінеді, қайта ұмтылады, кейін шегінеді, тағы тап береді. Үйелмендей тастар алаң шетіне ысырылып, төмен қарай дүркіреп домалады. Бәрі де үн қатпайды. Рүстем еңкейді де, тас түбінде тұрған шағын магнитофонның қызыл тілін басты. Хэви металл рок трактор гуіліне, тарс-тұрс тас пен шақыр-шұқыр шынжыр табан үніне араласып, етене жымдасып кетті. Тарғын жымиды.
— Мына музыкаң бүгін маған ұнап тұр.
Әшір де қалыспады, тым тапқыр да емес, сөйтсе де дәл осы минутта тым қажет әзілін қыстырып жіберді.
— Сол хэбиіңнің авторы осы бульдозершілер болып жүрмесін.
Төбе басынан Жанар көрінді, қиялай басып, төмен түсе бастады. Жел қаққан жүзі піскен бидайдай. Көңілі көтеріңкі; тастан тасқа еліктей елпілдеп секіреді. Еңісте екпінін тежей алмай, Тарғынның білегінен шап беріп ұстай алды.
— Жол болсын, қарындас! Бүгін тасқа саусағын жаншып алған ешкім жоқ тәрізді.— Прораб беті оттай жанып, алабұртып тұрған дәрігерге сүйсіне қарады.
Жанар риясыз күле салды. Жалпы, ол бүгін күлкісін мөлшерлеп, өлшеп жүрген жоқ, бір тоқтаусыз екпін, ағынның үстінде.
— Әлей болсын! Мен саусақты ғана емес, жүректі де емдеймін, аға.
— Жақсы жаңалығың бар сияқты соған қарағанда.— Әшір тағы өңіреңдеді.
— Ертең — құрылысшылар күні!
— Бәсе! Таңертеңнен мұрным қышиды кеп, қышиды. Соған көрініп жүр екен ғой.— Прораб та бүгін суырылып сөйледі дейсің, әлде бульдозер келіп, істің өнгеніне риза ма, мүмкін басқа себебі бар ма, әйтеуір, көбеңсіп, көбейіп алған.
— Бүгін кешке, әне, анау жерге, өзен жағасына жиналамыз,— Жанар жаңа түскен келіншектің шәлісіндей көгеріп жатқан ойқылтты нұсқады.— Бас қосамыз, би билейміз, ән айтамыз, мықтап бір серпілеміз...— Өзі Тарғынға көзінің қиығымен қарағыштап қояды. Бригадир селт етпеді. Қыз сәл кідірді де, ақыры солғын үнмен:— Командир сөйтіп сәлем айтты... сіздерге,— деп, сөзінің соңын сүйрете салды.
— Тағы, тағы не, құлағыма жағып барады?— Прораб алақанын құлағына тосты, бұл жәрекелештену өзіне ұнасып та тұрған жоқ, бірақ асты-үстіне келген топалаң дүниеде мұны кім байқасын.
— Тағы?.. Айтпақшы, командир Болғанбай ағаны, сізді студенттер атынан қонаққа шақырып отыр.— Бәрінің жүзіне кезекпен көз салды. Жігіттерде анау айтқандай өзгеріс шамалы.— Неге қуанбай тұрсыздар? Біз демаламыз... біздің мерекеміз!
Тарғын төмен қарап, тасты теуіп қалды. Ары бұрылды.
— Қуануға әлі ерте. Балапанды күзде санайды.
Аспан астын сызып, бүркіт шаңқылдады.
XVIII
Жүк машинасынан бригада мүшелері ырғып түсіп жатыр. Бірі үсті-басын қағып, екіншісі күрек, сүймен, шелектерді арқалап, вагондарға беттеп барады. Рүстем бір аяғын қораптың қырына артқан, екінші аяғы іште, жерге түсер-түспесін білмегендей екі ойлы: қос ортасында, ақ тақыр алаңда "Жигули" өрттей қызарады.
Тас төбедегі аспанның желіні қорғасындай қара бұлттарға сыздап, әне-міне, тамайын дейді: нөсер жақын! Жусанның боз кекілін жел тарап, бағана басындағы қызыл жалау өз бетін өзі сарт-сұрт шапалақтайды. "Жигули" қасында Әке, Шеше, Іні қамсыздандыру мекемесінің жарнама қағазындағы машиналы семьяның әп-әдемі, әйтсе де жалған суретінен аумай қатып сеніп тұр. Екі нүкте арасында — бала мен олардың арасында қалай да бір аңдысу, шарпысу бар. Рүстем аспай-саспай жерге түсті, алдымен қалпағын, сонан соң балағын сартылдатып қақты, белбеуін жүре түзеп "Жигулиге" қарай аяндады. Әдейі жіберді ме, әлде өз білгені ме, алдынан Мақсат арсалақтап жүгіріп шықты: екі қолындағы екі алманы жылтыңдатып, алыстан көрсетіп келе жатыр.
— Ертегі айт! Айтпасаң бермеймін, бермеймін алманы! — деп ыржалақтайды. Бұл дүниенің бейнет, мехнатынан еш хабарсыз бейкүнә бала...
Рүстем шыдамады, інісін екі қолтығынан тік көтеріп алды да, аспанға қақпақылдап лақтыра бастады. Мақсат шыңғыра сақ-сақ күледі.
— Ойбай, аға, қытығым келді, қытығым! Түсір!
Рүстем неге қоя берсін, сақ-сақ күліп, шыр айналып жүр.
— Ертегі айт дейсің. Ертегі сенсің, Маймуша. Әкел алманы! Әйтпесе бар ғой, бұлттың ар жағына лақтырып жіберемін. Рақмет, Маймуша! Келгеніңе!
— Аспанның ар жағына? Онда не істеймін?
— Самұрық құс іліп әкетеді.
— Лақтырма, онда, аға. Мә, алма!
Лезімде ағасының аузы алмаға кептелді де қалды: тіптен құрқылдап сөйлей алатын емес. Жігіттер анадай жерде топталып тұрып, екеуіне қызыға қарап қалған: әрқайсысы алыстағы өз іні-қарындастарын ойлап тұр.
Екі арада шешесі жай басып келіп, Рүстемнің қолынан інісін түсіріп алды. Өзі қабағы келіспей тұр, өңінде қызығу да, қызғану да бар секілді.
— Осыны дараңдата бермеші, ұлым. Бала емес пе, есіртсең басқа шығып алады. Алма керек болса жүзін әкелдік, әне. Жүр, дос-жарандарыңа үлестіріп бер, биылғы жылдың алғашқы алмасы!
Маймақты жетелеген күйі соңына бұрылып қарамастан "Жигулиге" беттеді. Бір өксік сыртқа да шықпай, ішке де түспей, тамағына кептеліп тұрып алғандай екі иығы түсіңкі, баяу басып барады. Жаздағы, алғаш келгендегі астамсудан ештеңе қалмапты. "Жигулидің" қызығы басылған ба, жоқ әлде жас өркен жапырақтарын — балаларын түптің түбінде уақыт жалмауыздың қара суық желі жұлып алып, алыс-алысқа ұшырып әкететінін алғаш ұқты ма, кім білсін! Рүстем ой үстінде. Шешесін іштей түсінетін тәрізді: тұла бойы тұңғышы күн санам қара үзіп, қашықтап барады... Қалай болса да бұл алға дедектеп, дөңгелеп бара жатқан Өмір еді. Тек соны Шеше мойындағысы келмейді — мәселе қайда!
Жігіттер де аңтарылып қалғандай.
Дес бергенде бұл өліара тыныштықты Әке бұзды. Әлденеге кінәлы адамдай жасқаншақ жымиып, Рүстемге аяңдай жақындап, жолай студенттердің қолын кезегімен алып келеді.
— Ал, жігіттер, мереке құтты болсын!
Тарғын да деп қалды:
— Өзіміз де Рүстем арқылы қонаққа шақырсақ деп ек.
— Рақмет, бауырым!
Шеше "Жигулидің" жүк қорабын айқара ашып тастады. Алмалар көздің жауын алып, қызыл жалындай жайнап, маздай жанып жатыр.
— Алыңдар, балалар! Әдейі әкелдік өздеріңе. Ала жаздай жауын тамбай, ерте пісті.
Ұлы орнынан қозғалған жоқ. Дабырлаған жігіттер дүрк жөнеді.
— О, алма!
— Алма піс, ауызға түс!
— Рақмет, апай!
Күнге күйген құрыш білектер қорапқа созылды. Шақылдап күлген Мақсат та сол қан базардың қалың ортасында. Шеше студенттерге, қорапқа, Рүстем мен Әкеге қарап тұрды да, кілт бұрылып, жүгіре басып Жанардың вагонына кіріп кетті.
Әке жабырқау... Машина кілтін саусағына орап, айналдыра ойнатып дел-сал тұр. Бірдеңе дегісі келеді, әйтсе де мұндайда тура сөз табыла ма.
— Хал нешік, ұлым.
Рүстемнің көзі кілтке түсті де, аяқ астынан қырсықты.
— Хал тас көтеріп, ас жеген. Енді, міне, алма жеймін.— Қолындағы алманы қаршылдатып, асай бастады.
Әке кілтін қалтасына тығып қойды. Жел сыдыртып соғып тұр. Маңдайына түскен шашы бір желп еткенде, астынан қызғылтым тыртық жылт етті. Рүстемнің жартылай жеген алмасы қолында, тыртықтан көз алмай қатып тұр. Әке тар жол, тайғақ кешуден арып-ашып келгендей, машина бамперіне сылқ етіп отыра кетті.
- Шаш қойысың өзгеріпті, көке. Бұрын шалқасынан қайырушы едің.— Рүстем еріксіз алға бір қадам аттады, үні кенеттен оянған мейір мен аянышқа толы.
Әке аяғының басына қарап отыр.
— Солай, ұлым. Кішігірім авария жасадық. О да бітпей жүрген бір іс еді.— Құрғақ күлді. "Жигулиді" нұсқады. Кабинаның бұрынғы қанық қызыл есігі ашық қызылға ауысыпты.— Мұның руліне ие болу үшін талант керек екен. Мен ауруханаға, бұл шеберханаға он күн жатып, жөнделіп шықтық. Саған хабарлаған жоқпыз. Хабарлағанда не? Өзің тілеп алған аурудың емі табыла ма?
Рүстем де әке қасына отыра кетті.
— Неге сатып жібермейсіңдер? Кімге керек?
Әке оған таңдана, үрке қарады.
— Саған керек түбі. Күні ертең өзің ие боласың, Рүстем сабырлы, салқын қанды.
— Маған көп нәрсе керек. Көп нәрсе жетпейді. Тек "Жигули" емес. Алыстатып барады арамызды.
Әке ұлына алғаш көріп отырғандай таңдана көз салды. Бір жаздың ішінде ойы да, бойы да өсіп кетіпті. Қайда, қай бағытқа өсіп барады? Ол бұл сұраққа ойша болсын, жауап бергісі келмеді, өйткені оның арғы жағында қорқынышты әлдене түр. Серпілу үшін ұлының иығынан құшақтап, өзіне тартты.
— Ең алдымен біз бір-бірімізге керекпіз. Анау інің, шешең, мен, сен... Осыны ұқ.
Нөсер дүркірете жауып кетті. Көзге көрінбес біреу ақ пердені беу дүниенің бетіне жаба салды да, ары бір, бері екі толқытып, әлсін-әлі ысырып тұр.
— Жау, жаңбыр! Жау, жаңбыр! Аппақ етім, кеп, кеп, тотияйын, сеп, сеп!— Мақсат санын шапақтап, студенттердің ең алдында, асханаға кіріп барады. Әке төмен қарап, сөйлеп отыр. Ірі-ірі тамшылар жауырынын торс-торс қағады...
— Көп өзгеріпсің... Өскен сайын ағаш бұтағы діңінен алыстай бермек. Өскеннің жөні осы екен деп діңіңе қарсы иіріліп бітпе, ұлым.
— Көкесі-ау! Рүстемжан!
Шеше төбесін тамшы тесіп, барабандатып жатқан "Жигулидің" дәл алдында тұр еді. Бұларға жетімсірей әрі жалыныш пен қарап қапты. Су-су шашы жылбысқыланып бетіне жабысқан, манағы сән-салтанат құрдым жоқ, жаңбыр ма, жас па, бетімен тамшылар сырғып домалайды: тілемсек қайыршыдай алға созған екі қолында шиедей екі қызыл алма...
XIX
Түнгі аспанның аядай асты... Жұлдыздар жұдырықтай ірі-ірі. Өзеннің жайпауыт жағасын ала алау жалпылдап жанады. Күлі көп, шоғы аз, өлеусіреп бітудің алдында. Алауды айналдыра ақ брезент, сан түрлі көрпешелер жайылып тасталған. Оның ортасын жол-жол дастарқан ойыпты: босаған ыдыс-аяқ, шашылған қасық, шанышқы, кесе, ас қалдығы бытысып жатыр - той тарқап біткен. Студенттердің тоқ дауыстары өзен жағасынан, алыстан, жақыннан жетеді.
— Қармағымды қап, балық!
— Өй, ақымақ! Түнде балық қаба ма?
— Мүмкін, су перісі Сүлеймен ілігіп қалар.
— Волейбол ойнап, тоқ бассақ қайтеді?
— Қараңғыда доп суға түсіп кетсе қайтесің?
Гитара мыңқылдап, әлденендей сыр шертеді, қосыла айтылған ән естіліп қалғандай.
Қараңғылық қойнынан командир:
— Жігіттер, ауа жайылмаңдар. Бір сағаттан соң жатамыз!— деп әмір етеді. Бірақ оны кім тыңдап жүр дейсің. Брезент үстінде Әке, Шеше, Рабат Берікіч, Тарғын, Жанар, Рүстем үйірімен отыр. Болғанбай қарт жантайып жатып, домбыра тыңқылдатады. Мақсат бір шетте күпәйкі жастанып, жүнін ошақтың сәулесіне сүйдіріп, мұрны пысылдай ұйқы соғып жатыр. Асыр салған ойыннан әбден шаршаған. Шешесі баланың жүзіне қонған масаны жасқайды.
— Түу, масаның қалыңын-ай! Кісі жейді ғой тура.
— Өзен бойы ғой,— дейді Әке қоламтаға тесіліп, қалғандары да тізелерін құшақтап, отқа қарап отыр: әрқайсы өз ойымен әуре. Салақтатып ау көтерген командир қараңдап көрінді, ау ішінде балық ағараңдап бұлқынады.
Прораб:
— Сауға, сауға!— деп, өре түрегелді.
Командир ауды ортаға сүйретіп тастады.
— Ертең былқылдатып сорпа пісіреміз. Кешке таман құрып, желбезегінен ілініп-ілініп тұр жаңа қарасам.— Тарғынның қасына балық пен балдыр сасып отыра кетті.— Сөйлеңіздер!
— Сөз сенікі, бастық,— деді прораб.— Би биленді, күй тартылды. Енді ас қайырып жібер. Жасың кіші болғанмен, жолың үлкен.
— Сөз қысқа,— деді командир.— Жайлы жатып, жақсы тұрыңыздар. Ертең демаламыз. Күн бұлтсыз болсын. Қалғаны өз қолымызда.
— Өйдөйт деген. Сөз — осы...
Ел тарқай бастады. Шеше Мақсатты көтеріп, ағараңдаған шатырға беттеді. Рабат Берікіч от басында пышағын жалаңдатып, балық тазалап отыр.
— Ұйқым келер емес,— деп күледі. Жанар мен Тарғын ыдыс-аяқ жиып жүр.
— Шөп арасында қасық, шанышқы қалып қоймасын,— деді қыз. Үні сондай жұмсақ, ерке, нақ бір өз үйінде аяқ-табақ жинап жүрген жас келіншектей батыл да құнтты. Тарғын, керісінше, түйеден түскендей қоңқ етті.
— Қайтер дейсің. Ертең күн жарықта тауып аласың.
— Аяққа басылып қалады ғой.
— Өзен жақын, жуып аламыз.
Рүстем сөніп бара жатқан отқа көз тігіп отыр еді, әкесі иығына қолын салды.
— Жатпайсың ба, ұлым?
— Бір түрлі жүрегім аузыма тығылып, лоблып отыр.
— Жүрек лоблитын жастасың.
— Бүгін бір оқыс, төтен оқиға болатын сияқты.
— Болып кетпеді ме? Ән-күй...— Әке ықылассыз күлді.
— Ондай оқиға сол ән, би, күйдің соңынан болмай ма. Көктемде, мәселен, осы ән, би, күй, төбелестен кейін милициядан бір-ақ шықтық.
— Бәрі де сәтімен аяқталады, қорықпа!— деді әкесі әлдене шынымен төніп тұрғандай-ақ.— Кеттім шатырға! Көп кешікпе!
— Жайлы жатып, жақсы тұрыңыз!
Студенттер от басына бірлеп, екілеп қайта бастады. Брезентке қойындасып, домалай-домалай кетісті.
— Ұйқы, ұйқы, ұйқышым! Ұйқы қысып барады.
— Жаңбырдан соңғы таза ауа ғой сені алып ұрған.
— Әй, бригадир! Әй, дәрігер! Не ғып күйбеңдеп кеттіңдер ат басы алтын жоғалтқандай? Жатпайсыңдар ма?— Әшір кімді аясын, біздей тілін сұғып алды.
— Біз қол жуып келейік... өзеннен. Солай ма, Тарғын?— Жігітке жалына қараған қыз үні тым әлсіз. Тарғын төмен қарап, басын жалқау изеді.
— Су перісінен сақ болыңдар, әйтеуір.— Әшір қық-қық күлді. Екеуі қараңғылыққа сіңіп кете барды. Қыз алда, Тарғын соңда. Жанарда үн жоқ, өзіне де белгісіз бір күш, әл бермейтін тағдырдың жазуына мойын ұсынғандай аяғын санап басып барады.
Прораб балықты ошақтың ар жағындағы жалпақ тасқа жайып келді де, жабысқақ шырышты өңірінен біртіндеп саусағымен шерткілеп тұрып:
— Тарғын қайда жүр?— деді.
Бозбала өзен жақты сілтеді.
— Резеңке қайығыңды ала келіп пе ең?
— Жағада байлаулы тұр. Керек пе?
— Ертең керек... Тарғын бөгеліп қалмаса жарар. Әңгіме бар еді.
Ойына бірдеңе түскендей Рүстем басын көтеріп алды.
— Мен шақырып келейін.
— Сөйт, айналайын. Мен машина қасында боламын.— Таяқ тастам жерде жеңіл машинасы қаңтарулы тұр еді. Прораб соған беттеді.— Тарғын екеуміз кабина ішінде ұйықтаймыз, іздемеңдер.
Бозбала өзен арбап тартқандай алдына мән-мағынасыз қарап, солай қарай сенделектей басып беттеді. Аспанда ай көрінбейді. Бақалар құрылдамайды — тамыз айы! Тек жота иығынан ту сыртындағы ГЭС құрылысының жарығы ағараңдайды. Қостың оты алыстай түсіп, жұлдыздар жамырай жақындап келеді. Рүстем бір сәтке сол жұлдыздардың біреуіне айналғысы келді. Рақат қой жұлдыз болған! Ешкім тиіспейді, ешкім жек көрмейді, сен де ешкімді жақсы көрмейсің, сүймейсің, тек аспан төрінде жалтылдап, мың құбылып тұрасың. Жанар да, Тарғын да онда атымен жоқ. Оның есесіне бүкіл әлем саған көз тігіп: "Әне, анау тұрған Рүстем атты жұлдыз, оған ешкімнің қолы жетпейді, ешкімге бағынбайтын жеке дара жұлдыз, ол өзі баяғы заманда жер-көкке сыймай, ақыры сәулеге айналып кеткен бозбаланың рухы, ол бұдан былай жер бетіңдегі адамдарға: "Қастарыңда сырты бүтін, іші түтін балалар миллиондап, жүз мыңдап ебіл-дебіл жылап жүр, олардың жан дүниесі жұлдыздардың сәулесі сияқты тым нәзік, тым ерке, сол бір хрусталь нәрсеге абай болыңдар, дақ түсірмеңдер" деп мәңгілік үндеп тұрады. Оның ішіңде әкесіне, мамасына, Жанарға, Тарғынға... Олар оған құлақ аспай, Рүстем секілді тағы бір балаға: "Біздің айтқанымызға көніп, айдағанымызға жүр" десе ше? Онда аспан төрінен Рүстем жұлдыз осындай көзге түрткісіз қараңғыда құдиып, жерге ағып түседі...
Өзен қара асфальттай қатып жатыр. Желп еткен жел, селт еткен қамыс жоқ. Дүние қара көрпені — түнді иегіне дейін тартып алып, өліп кеткендей. Бозбала еңкейіп су іліп алын, бетін шайды, жағасының ішіне құйды. Жағаға байлаулы тұрған резеңке қайық қармақ қалтқысындай қараяды.
— ... Неткен суық!— Тарғынның құмығыңқы үні. Рүстем не өлі, не тірі емес, жағада селтиіп тұр.
— Ал, маған ыстық! Түн сондай қапырық, Тарғын!
Рүстем оқ тиген жаралы жауынгердей сандалақтап алға басты. Үйдей тас үстінде қыз бен жігіт ары қарап отыр. Тарғын әлсін-әлі таяқ тастам жердегі өзенге шолпылдатып ұсақ тас лақтырады. Рүстем шөке түсіп отыра кетті.
— Тарғын-ау, Тәкесі-ау, мен бір жігітті жақсы көремін. Соза әндеткен қыз үні мақпалдай жұмсақ. "Тәкесі" әлденеден қорыққандай жасық, басыңқы.
— Кім ол?
Жанар бөгеліңкіреп барып тіл қатты.
— Ол ма? Ол дәп қасымда.
Уақыт шіркін жібек құртының жібіндей тарқатылып, бітіп берсейші.
— Сен әлі жассың.
— Ал, сен шалсың.— Жанар екілене сөйледі.— Жиырмадан жаңа ассаң да қаусаған шалсың. Міне, бүйтіп жөтелетін!— Қыз әлемдегі ең жексұрын жөтеліспен әлгі жерде құрқылдады дейсің.— Шалсың. Ата, аташка, әжемді қайда жібердің? О дүниеге ме?
Тарғынның үні өлшеусіз шаршап шығады.
— Мені тосып отырған қыз бар. Мұрнының ұшына құртақандай құс қонақтаған қыз...
— Қандай-қандай құс?— Есепсіз қызғаныштан қыз қарлығып қалды.
— Оны көрсең, мұрнының ұшына қонақтап ап, сайрап отырған құртақандай құс елестейді.
— Ал, сен айттым ғой, шалсың, шалсың!
Жанар іле қолын шапаттап, әндете жөнеледі. Ара-арасында құрқылдап жөтеліп қояды.
— Сүйегі сақұр-сұқыр,
Таяғы тасыр-тұсыр!
— Қой деймін, Жанар!
— Сөзі дар-дүр,
Кеудесі сар-сүр!
Өзен бетіне тас жаңбырша жауды.
— Шал! Шал! Аташка!
— Ақыры қоймадың ғой, қоймадың. Айттым ғой, егессең бірдеңені бүлдіремін деп.— Тарғын атып тұрды. Тас үстінен Жанарды бұйым құрлы көрмей жұлып алды.— Аташка ма? Аташка былай істейді.— Қыз ерніне еңкейе берді.
Бозбала көзін жұма қояды. Уақыт мәңгілікке созылды... Кейін ашып алса, тас үстінде ешкім жоқ.
— Сен енді аташка емессің, Тарғын-н!— Қыз үні талып жетеді. Рүстем мас адамдай қолымен жер тіреп, қалтырап-дірілдеп орнынан түрегелді. Басын алақанымен қыса ұстап, теңселіп тұр. Анадан бір, мынадан бір басып, өзенге беттеді. Өзенді тобығынан кешіп барды да, белуарынан асқасын, айдынға киімшең күйі төсімен құлап, құлаштап жүзе жөнелді. Көзге түрткісіз тас қараңғылық.
— Кім бұл?— Тарғын...
— Балық, балық қой секірген.— Қыз үні.
— Қайтайық, жігіттер іздеп қалар.
Екеуі іркес-тіркес ілбіп аяңдап, қосқа беттеп барады.
XX
...Рүстем суға бір батып, бір шығып, жанталаса жүзіп келеді. Су ұйқысыраған адамдай қор-қор, сар-сұр, гүр-гүр етеді. Тас төбеде аспан теңселіп аунайды, жұлдыздар құйылып құлайды...
Минут өтті, сағат өтті, ол арасы белгісіз, Рүстем өлдім-талдым дегенде шашын жайып жіберіп, су шайып тұрған талдың бұтағынан қармап ұстады. Өзеннің арғы қабағы екен. Қойны-қонышынан су сарылдап төгіліп, жағаға шықты. Салқын құмды құшақтап, құлай кетті. Талмаусырап ұзақ жатты. Мынау халы не — ұйқы ма, түс пе, өң бе? Әлде соның арасындағы қалғып мүлгу ме, оны өзі де ұқпайды.
Қарауытқан жотаның арғы бетінен төбе-құйқаны шымырлатып, қасқыр ұлыды. Басын көтеріп, тың тыңдады. Тізерлеп отырды. Қасқырлар үсті-үстіне үстемелеп ұлыды. Бозбала өpe түрегеле беріп еді, өзен жақтан су шалпылы естілді, жатаған резеңке қайық көрінді. Қайық үстінде екі адам қалқайып отыр. Лыпылдаған қайық әне-міне дегенше жағаға тұмсық тіреді.
— Осы тұсқа аялдасақ... Ешкім жоқ, ел-құзсыз жаға.— Paбат Берікічтің үні.
— Мейліңіз...— Тарғын көмескі сөйледі.
Рүстем орнына отыра кетті: "Түн ортасында бұлар айдалада не бітіріп жүр?"
— Тал бұтағына байла, тал бұтағына...— Прораб жағаға қарғып түсті, ең қызығы, сүйреген сөмкесі бар.
Рүстем аң-таң. Балық таң алдында жақсы қабады деп естіп еді, әлде бұлар арғы жағадағы у-шудан қашып, қармақ, ауын көтеріп, бері келді ме? Таң көп ұзамай сыз береді, соны күтуі ықтимал.
Екеуі астыға төсеніш жайып, мықтап жайғасты.
— Қасқырлар неғып шулап кетті?— Тарғын ұйқылы-ояу манаурап сөйледі. Мына дуэт, трио, квартет ұлуға таңдану емес, әйтеуір, әлденені айту керек болған соң дей салды.
— Бүгін — мереке... Жұмыс тоқтаған, құлаққа ұрған танадай тыныштық. Сонсын ескі қоныстарын сағынып келген ғой. Мынау жартас, доң, қыраттың қойын-қолтығы ұра, ін — қасқыр, түлкі, қарсақтың мекені. Ойбай, мына тас құйрығымды қарып барады.
— Сіз ғой жеті түнде қоярда қоймай алып келген... Ол неткен төтен әңгіме, ұқсам бұйырмасын.
Рүстем жантайып жата кетті. Шынында да, түн ұйқыны төрт бөлген бұл не әңгіме?
Тарғын иегіне тізесі тиіп, екі бүктетіліп, екі иығын екі қолымен айқара құшақтап алған.
— Мана суға шалп етіп құлаған не, миым жетер емес.
Рабат Берікіч сөмкенің аузын ашып жатыр.
— Бұл өзенде кісіге жетеғабыл жайындар кездесе береді.
— Ұйқы қысып барады. Таң да жақын. Тыңқ етіп тығын ашылды. Прораб қолында әзірде сөмкеден суырып алған бір бөтелке. Екінші қолында — жинамалы пластмасса стакан.
— Мұныңыз не?
— Кәне, қағып жібер. Бойың жылынсын. Ұйқың да ашылады.— Прораб өтірік қыт-қыт күлді.
— Бізде құрғақ заң, ішуге болмайды. Рабат Берікіч өндіршектеп қояр емес.
— Бүгін — мереке, өлгенде көрген мереке. Құрғақ заң екенін мен де білемін. Сондықтан да көз көрмес, құлақ естімес жерге ертіп әкелдім. Мә, ал! Тышқанға да той бар. Қағып жібер. Ауру емессің, алқаш емессің соғұрлым.
Бригадир ашырқанып алды. Прораб шұжық па, әлденені тықпалап ұсынып жатыр. Өзі де қағып салды. Қимылы ылдым-жылдым, шұғыл, зады, қатты асығып отыр.
Тарғын қолымен жер тіреп, аспанға қарады. Жаңағы жүз грамм буынына түсе бастаған ба, бұл жолы үні сергек, айқын.
— Әлгі әңгімеңіз қайда? Айтам деген...
— Сәл, сәл тоқта...— Рабат Берікіч алақанымен аузынан арақ иісін аластады.— Міне, бітті! Әңгімеге көшсек көшелік.— Бригадирге бүкіл денесімен бұрылып алды.— Саған ақша керек пе осы?
— Ақша кімге керек емес.— Тарғын әлі де бейқам, мамыражай отыр.
Рабат Берікіч коньяктан тағы бір мәрте алып қойды. "Сен құр отырма" дегендей, Тарғынға құнжыңдап ұсынды. Жігіт бұл жолы жолатпады.
— Жетеді!.. Жылындым...
— Өзің біл. Ал, тыңда онда. Ақшаны саған мен беремін. Көп ақша.
Тарғын көңілсіз күлді — дым сеніп отырған жоқ.
— Қарызға ма? Керегі жоқ. Бәрібір өтей алмаймын.
— Түу, сен де бас десе, құлақ деп... Ақша — тас алаңда. Пішен.
— Көмбе ме?— Бригадир сайқымазаққа салып отыр.
— Көмбе, көмбе болғанда қандай! Кешегі ырғын тасты бульдозер итеріп тастайды. Әне, соны құрылысшы студенттер пневбалғамен жарып, қолымен тасыды деп жабамыз. Көмбенің көкесі, ә?
Екеуі де үнсіз. Әлден уақытқа Тарғын ішін тарта:
— Бұл — қылмыс...— деді лебін жұтып. Рабат Берікіч серпіндей түсті.
Ұсталмаған ұры емес. Нарядқа кім қол қояды? Сен және мен. Әне, алып ГЭС салынып жатыр. Миллиондаған сомға. Жүздеген миллионға. Сол ақшадан біз мыңдап алсақ, онда кімнің әкесінің құны бар? Сол ақшаға дүрілдетіп тұрып тойыңды жасайсың әлі-ақ. Тек мені шақыруды ұмытпа.
— Бұл — қылмыс, қылмыс! Ешкімнің ала жібін аттап көрген емеспін. Бір деңіз. Менің тойым ешқашан да арам тиын-тебенге жасалмайды. Екі. Үшіншіден, бүл әңгімені сіз айтқан, мен естіген жоқпын. Қайтайық.— Орнынан тұра берді.
Прораб етегінен басып қалды.
— Адыраңдама, балақан, алдыңда ағаң бара жатыр. Алдымен дұрыстап сөз тыңда. Жалған нарядты жабуға екеуміздің де қақымыз бар. Моральдық қақы...
Тарғын есепсіз таңданышты.
— Моральдық қақы?
— Сен өзің қалай өстің, білесің бе?
— Балалар үйінде. Қайтеді?
— Кімсің сонда?
— Шатамын... Әкемнің кім екенін білмеймін. Шешей қайтыс болған.
— Әп, бәсе! Мен ше, мен қалай өстім?
— Оны өзіңіз білесіз.
— Кім көрінгенге телмеңдеп, көрінген есіктен сығалап өстім. Әкем соғыстан ала келген ескі жарадан іріп-шіріп өлді. Шеше бізді асырап сақтаймын деп шахтаға түсті. Ақыры, сол жеті қат жер астынан шықпай қалды.
— Қайт дейсіз, бүкіл халық көрді бейнет, мехнатты.
Прораб оталып кеткен автомобильдей гу-гу етеді.
— Бүкіл халық емес. Әңгіме сонда. Әне, анау сарауыз Рүстем бала қай ортада, қалай өсті, соны байқадың ба?
Рүстемнің тісі сақылдап, қалтырап қоя берді. Мойнына кесек мұзды әлдекім салып жібергендей бір ызғар қолды-аяққа тұрғызбай әкетіп барады. Тамыз айындағы бұл не қалтырау, бұл неткен ыстық жаздың салқыны — түсінсе бұйырмасын.
— Ішкені алдында, ішпегені артында. Еріккеннен хард па, қырт па, есірік музыка тыңдайды. Көрдің бе, біздің ән-күйлеріміз оның ішіне жақпайды... Тәртіп бұзады, әке-шешесін де кердеңдеп менсінбейді. Құрылыс отрядына біз үшін келгендей танауын көтереді әуелі.
— Бұл — басқа ұрпақ... Уызға жарыған ұрпақ. Әр ұрпақтың өз қызық-шыжығы, өз несібесі бар.
Прораб сөз тыңдауды қойған.
— Күні ертең сол Рүстемің шекесінен шертіп, қалаған институтына оқуға түседі. Дұрысы, түсіреді. Институттан соң қалаған үлпілмәлік маңмаңгерін құшады. Үш бөлмелі кооперативті пәтері, машинасы тағы дайын. Майшелпек өмір!
Тарғын еңіретіп тұрып есінеді. Әйтсе де әдейі істеп отыр: екі құлағы прорабта.
— Сені не тосып тұр? Еңбек, еңбек, еңбек! Бейнет, бейнет және бейнет! Онда да жаңылмасаң, ерінбесең. Ал, жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ. Күндердің күнінде шыңыраудан бір-ақ табыласың.
— Енді қайт дейсіз?— Тарғын дүңк ете түсті — ызалы.
— Жалған нарядқа қол қой деймін. Жалған наряд сенің, менің бұл өмірге кеткен есемізді қайтарады. Әзір асқа тік қасық Рүстемнен есеміз сөйтіп қайтады. Ол жаман ба? Ол үшін екеуміз одақ құруымыз керек. Жетімдер одағы. Жетім еместерге қарсы құрылған одақ.
Тарғын танауынан мырс етіп күлді.
— Есе, есе! Сіздің есеңіз ешкімге кетпеген секілді. Әне, бала-шағаңыз, міне, жеңіл машинаңыз.
— Мен осыған дейін ешкімге есемді жіберген жоқпын. Есе мен есеп арифметикасын сенен гөрі ертерек ұқтым. Кәне, көп сөз — жоқ сөз. Қоясың ба қолды?
Тарғын ағаш бұтағымен құм сызғылайды. Ол шым-шытырық тағдыр жолын құм үстіне салып отыр.
— Бәрі анық, бәрі өз орнында секілді еді. Жетелеп апарып, жылбысқа тұманның ішіне кіргізіп жібердіңіз...
— Ал, сен шатаспай да адаспай сол тұманды қақ жарып, кең дүниеге шық!— Рабат Берікіч коньякқа қол созды. Стакан қырына бөтелке тық-тық тиеді, тәрізі, қызып қалған.— Дүниеге маубаспен емес, саубаспен қара. Әке-шешелі сары мастарға теңеліп қалатын ұрымтал тұс бұл. Мұндай ұрымтал түс екі дүниеде қайта айналып келмейді. Әне, ана жота астында жетімдік бізге тұмсығын шошайтып ұлып тұр, сол көк бөріні біз қара тұмсықтан осылайша қайқайтып ұрамыз. Кәне, сол үшін!
Тарғын қолындағы бұтақты әудем жерге лақтырып жіберді.
— Қылмыс жолы осындай қысқа ма еді? Әлем асты-үстіне келе ме деп ем. Бәрі қаз-қалпында. Әне, жұлдыздар, міне, өзен, түн...
— Әп, бәсе!
Қасқыр тағы соза сыңсып ұлыды. Рүстем селк етті. Мінәжат еткен молдадай жер тізелеп отыр. Басын сілкіді. Түрегелді. Шығыс жақ бозарып түр. Тас төбеде жұлдыздар, көк аспан — қара суға біртін-біртін батып барады. Өзеннің қаймақ бетіне пышақ жүзі ақ тұман кілкіп тұрыпты. Рүстем ұйқтап жүрген адамдай бір басып, екі басып жағаға беттеді. Рабат Берікіч орнынан серіппедей атылып ұшып тұрды.
— Бұл кім, әй?
— Мен...— деді ерні әрең қыбырлап.
— Менің кім? Жаумысың, доспысың?
— Доспын...— Рүстем бір езулеп күлген болды. Бетін жас жуған.— Доспын, Рүстеммін.
— Рүстем?— Прорабтың есі кіресілі-шығасылы:— Кім ол?— Қайдан жүрсің?
— Кім, кім? Рүстем ол!— Тарғын да тоңқаңдап тұрып жатыр.
Бозбала әлгі екеуінің алдында теңселіп тұр. Күлгені, әлде жылағаны белгісіз, кеңк-кеңк етеді.
— Сіздерді іздеп жүрмін. Түні бойы, ғұмыр бойы... Сіздерге сеніп едім. Енді кімге сенемін? Қош болыңыздар!
Қайыққа отырып, ескекті қолына алды. Суды қарпып-қарпып есіп еді, талға байланған жіңішке шынжыр дір-дір етіп керіле қалды. Қайқайып тұрып, ескекпен шынжырды ортан белден салып жіберді. Шынжыр бырт үзіліп кетті.
Айдын бетімен жылжып, жағадан ұзай берген Рүстем айқай салды.
— Рабат Берікіч! Тарғын! Менің әкем де жетім, шешем де жетім. Мен де ата, әже мейірімін көрмеген шала жетіммін. Ал, естігілерің келсе!
— Не дейді, құдай-ау?! Мынау манадан бергінің бәрін естіп қойыпты-ау! Қап, жазған басым!
Рабат Берікіч алға бар ынтасымен ұмтылды. Тарғын оның иығына қолын салды.
— Адыраңдамаңыз, ағасы. Артымызда іні келеді өкшені басып.
Прораб оған жаңа көргендей бақырайып қарады да, қолын бір сілтеп, құм үстіне шоқиып отыра кетті.
Қалтылдаған құртымдай қайық өзен бетіндегі ақ тұманға — ақ шәйі жібек шымылдыққа жайлап кіріп барады.
Тарғын жайлап басып өзен жағасына барды. Әр жері тесіліп, сылқ-сылқ күліп үйірілген өзенге қарап тұрды да, киім-миімімен суға қойып кетті. Қайық соңынан құлаштай жүзіп барады. Екі қолымен жер тірей шалқалаған Рабат Берікіч шығыстағы Шолпан жұлдызына меңірейіп қарап отыр.
...Рүстем қалақтай ескекті қайықтың қос бүйіріне кезек салып, суды сойып келеді. Көкжиектен шапақ шашырап, әуеден алтын сәуле себезгілей жауып тұр. Тұман да сүзгіден өткендей сейіліп барады. Балық секірді, шағала шаңқылдады. Тұман үстімен жұлдыз маңдай құлын шұрқырай кісінеп, жалы желбірей шауып барады. Өткен жылы жайлауда көрген жұлдыз маңдай құлын! Тұңғыш рет кісінеп, Рүстемнің әміріне шапқылай кіріп келеді! Күміс қоңырауы сылдыр-сылдыр етеді. Ар-ұят, намыстың, әлде Рүстемнің ата-апасыз өскен балалық шағының, бүгін аяқталған балалық шағының соңғы күміс қоңырауы ма, кім білсін.
Ал жағада... құрылысшы студенттер, Әшір, Жанар, Тарғын, командир! Бақандай үш адамды бір түнде жоғалтып алған ел мазасыз. Әке Мақсатты қолынан мықтап ұстап алыпты. Шеше де осында. Бәрі де айдын бетінен көз айырмайды.
Тұман арасынан жатаған қайық — Рүстемді балалықтың көлкіген қара суынан жігіттіктің беймаза жағасына алып келе жатқан көлік — резеңке қайық қалтылдап, бері шыға берді.
Рүстем бір тізерлеп алып, суды көскен үстіне көсе түседі.
1988 жыл.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі