Өлең, жыр, ақындар

Толқында туғандар

ПРОЛОГ. ДАУЫЛ АЛА ТУЫППЫН

Күзгі қара-сұр бұлттар күн көзін көк жиекке жеткізбей биіктен тосып, өз қоршауына қонақтатқан еді, ашуын артына сақтаған екен. Келер таң қарлы жаңбыр аралас дауылмен басталды. Араларына терең құздар тастап, биік таудай жоталана көтерілген бітеу толқындар кенет салдыр-гүлдір шалқалай құлап, теңіз бетіне су борасынан шашып жатты. Ашулы толқын әлгі бір суретті әлсін-әлі қайталаумен болды. Теңіз тентегінің тепкісіне кездескен кемелер қолды-аяққа тұрмай төңбекшіп, ауыр жүк тиелген «Теңіз аралы», да теңселе қалды.

Көлемі тым үлкен болғандықтан көбіне, «Теңіз аралы деп аталатын шаландадағы жұмысшылар сол дауылды таңмен араласа көтеріліп, балық өңдеу жұмысына кірісті. Шаланда қабырғасында тіркеулі тұрған қайық-кемелерде бір топ жігіт үлкен сүзгілерін толтыра носилкаға балық құйып жатыр. Екі-екіден қатар тұрған жігіттер балыққа толы носилкаларды көтеріп әкеліп, шаландадағы терең шандарға төгіп жүр. Шан басындағылар түскен балықты тегістеп жібереді де, жандарындағы шелектен ағаш қалақтарын тұзға толтырып алып, шандағы балықтың бетін жаба салады. Носилка көтерген жігіттер балықтарын төккен бойда қайтадан кемеге жүгіреді. Асау толқын кемелерді кейде терең теңіз түбіне тартып, кейде биік шаландадан да жоғары көтере теуіп-теуіп тастайды. Баста таудай боп бітеу көтеріліп барып, артынша салдыр-гүлдір жарылған көк жойқын кеме үстіндегілерді жұлып кетпек болғандай ұмар-жұмар баса түседі де, сылық-сылық күліп кейін серпіледі. Шаланда мен кеме бір-біріне соғылып, шатыр-шұтыр ете қалады.

— Ойбай, қиратты!

— Ойбай, батырды!

— Тоқтатыңдар, жұмысты!

— Босатыңдар, чалканы.

Үрейлі, әмірлі дауыстардан кейін кемелер кері жіберіліп, жігіттер шаландаға оралды. Бірақ, шаландадағы жұмыстар тоқталар емес. Сүзгілі жігіттердің бір тобы енді өзге шандардағы, бұдан бірер жұма бұрын тұздалған балықтарды шығаруға кірісті. Екінші тобы оларды тары шелектердің жанына апарып төгіп жатыр. Бес-алты әйел әлгі балықтарды шелекке қатарлай салып жүр...

Шаланда плотына қатар-қатар орнатылған скамейкаларға екі-екіден отырған әйелдер көңілсіздеу ғана қимылдап, балық жарып жатыр. Аяқтарында ботинка, үстерінде сырмалы қалың кеуделік, бет-ауыздарын орамалмен тұмшалап алыпты, тек көздері ғана жылтырайды. Кең есіктен шапшып кірген су бораны кейде балық жарушылардың үстін жауып өтеді. Мойындарына құйылған салқын судан жиіркеніп баж ете қалған әйелдер, орындарынан түгел көтеріліп, үстерін бірер сілкіп тастайды да, жұмыстарына қайтадан кіріседі.

Шаланданың тұмсық жағындағы скамейкада отырған екі келіншектің бірі әлсін-әлі ішін басып, ауыр күрсінеді. Кейде маңдайын сол қолындағы шолақ багор сабына сүйеп, үнсіз отырып қалады. Кейде кенет төмен еңкейіп, лоқсып-лоқсып алады.

— Барып жатшы өзің, ауырып отырсың ғой, — дейді жолдасын мүсіркеген екінші келіншек.

— Мыналар сені тыныш жатқызар, — ауру келіншек жұмысшыларды аралап келе жатқан төртеуге қарайды, — мен бүгін жұмысқа шықпайын-ақ деп едім, қойды ма дікеңдеп.

Келіншек осыны айтып үлгерді де қайтадан лоқсыды Бұл кезде сонау төртеу осы тұсқа келіп қалған еді. Қарны шәрмеңдеген, цилиндр қалпақтының жанындағы қаба сақалды қара зекіп қоя берді.

— Құдайдан безген албасты, құспа бұл жерге. Бар далаға кет!

Ауру келіншек сол лоқсыған бойы аузын қолымен басып, орнынан көтеріле берді.

— Мария! — балыққа кемерінен төрт елідей асырыла толтырылған тары шелектің үстіндегі еңгезердей қара жігіт, шелек қақпағын оң қолындағы екі пұттық гирьмен бір ұрып, қиындастыра жапты да, гирьді лақтырып тастап, еденге дереу секіріп түсті, — Мария, тоқта, құлап кетерсің, мен сүйеп шығарайын.

— Әй, қара тау, сен қайда барасың? — Қаба сақал, қожасының алдында өз қаталдығын бір көрсетіп қалайын дегендей жігіттің жолын бөгей берді, — қайт орныңа!

Манадан бері балық исінен жиреніп, мұрнын ақ орамалмен жауып келе жатқан цилиндр қалпақты семіз неме аузы толы алтын тістерін түгел көрсете бір қарқ ете қалып еді, сықақшыл күлкісін әйелдердің үрейлі үндері тұншықтырып жіберді де, жирен сақалын оң қолымен ұстап, кілт тоқтады. Бұл кезде шаланда кемеріне барып қалған манағы келіншек аяғы тайып кетіп, шалқалай бастаған-ды. Әлгіде ғана айқай-шумен кері лықсыған көк долы, сәл шегіншектей беріп, алдымен бел ортасын күдістендіре, содан кейін басын жоғары көтерген үлкен бір қара-сұр алыптай дірілдеп аз тұрды да, ысқыра бір қарғып, ауру келіншекті ұмар-жұмар құлатып, тұңғиық теңіз шыңырауының түбіне тарта жөнелді. Мейірімсіз табиғат өзінің осы бір мылқау күшіне масайрағандай, өмір әлемінен жұлып кеткен әлгі бір олжасын тойлағандай, толқын төбесінде құйынды борасын ойнатып, үйіріле билеп, кейде ішегін тарта сықылықтай күліп, кейде аузынан ақ көбігін шаша ақырып, жындана түсті...

— Жантас, қайдасың? Құлады, құтқар!..

— Қаш жолымнан, қайырымсыз!

Алып тұлғалы жігіттің шеке тамырлары білеуленіп, қиықтау қара көзінен от ұшқыны жарқ ете қалған еді, салмақты жұдырықтарын да түйіп алған екен. Алдын бөгеген қаба сақалдыны тұмсықтан бір ұрып, балығы алынып біткен тұздықты шанға құлатты да, тұра жүгірді. Ол үстіндегі киімдерін бір-бірлеп лақтыра барып, ақырында екі етігін екі сілкіп, қалың шалбарын сыпырып тастады да, келіншектің батқан тұсына бір-ақ қарғыды. Асау толқындар алып денелі жігітті енді қайтып көрсетпейін дегендей ұмар-жұмар баса түсті. Бірақ, жасынан теңізде өскен сушыл жігіт аздан кейін-ақ кезекті толқын тауының төбесіне қайтадан көтерілді. Бұл кезде Марияның сырмалы күртесі осы маңнан бір қылт ете қалған еді.

— Сүңгі, сүңгі, — шаланда бортындағылар 8 жігітке бағыт көрсетіп, қолдарын нұсқады, — бері таман!

Жантас су борасыны арасында басын сілкіп біраз тұрды да, теңіз түбіне қайтадан сүңгіді.

— Әй, құтқара алмас?!

— Құтқару қайда, өзі аман шықса да жарар еді, әлгіде бекер жібердік.

— Құр уайымды қойып, көмектің қамын ойлаңдар, тастаңдар мынау қалқығыш шеңберлеріңді — деді алтын шашының самайын қырау шала бастаған, жұқа өңді, егде әйел.

— Бұның не көмегі бар?

— Шеңберге ұзын арқан байлаңдар, тартып алайық.

Алғашқы бірер минутта абыржып қалған жұрт ұзын арқан байлаған оншақты шеңберді қатарынан лақтырып үлгергенде, алтын зердей толқыған сала құлаш сары өрімді келіншекті оң қолтығына қысып, Жантас та кезекті толқынның төбесіне көтерілді.

Енді ол долы желдің өтіне қарсы жүзбек болады. Аз ілгерілеген жігітті асау толқын кеудеден кері тебеді. Қалқымалы шеңбердің маңына жуытар емес. Кейде ұмар-жұмар үстінен басып, шыңырау түбіне тартады. Абыржыған жұрт әбден үміт үзген кезде асау толқын жаңадан шыңына көтереді. Дауылға қарсы жүзіп, ілгерілей алмайтынын сезген Жантас енді бір бүйірлеп, шаланданың ығына қарай ойыстап барады. Жиналған топ сол бағытқа жаңадан ұзын арқанды шеңберлер, үлкен-үлкен тақтайлар тастап жатыр. Шаланданың артына тіркелген кемелердің де чалкалары ұзартылып, кейін ығыстырылуда. Теңіз аралының ығына түсіп, толқын тепкісінен құтылған жігіт біраз тыныс алған тәрізді. Баяу қимылдаса да ілгері жүзеді. Осылай жылжи-жылжи келіп, енді бірер ұмтылғанда қалқымалы шеңбердің екеуіне білегін өткізіп те үлгерді.

— Я, сәт! — жұрт үміт тұтқасын ұстағандай шу ете қалды, — ал, тартыңдар!..

...Шаландадағылардың ол күнгі бар назары мылқау табиғаттың мейірімсіз тырнағынан аман құтылған екі жаста болып еді, жоғарғы қатардағы казармаға апарып орналастырғаннан кейін де жұрт аяғы басылмады. Бірі кіріп, бірі шығып, абыр-сабыр болды да қалды. Түйіліп, тұтас жұмылса толқындай батыратын халық қаһарынан жасқанған цилиндр қалпақты қожайын да ылажсыз «мейірлене» қалды. Тек тұздықты шанға сүңгіп шыққан қаба сақалды қара ғана, жұрт көзіне қайтып көріне алмай, ол күні өз салонында бой тасалаумен болды.

— Дем ала ма? Қол-аяғын созып, тез шайқаңдар, үстін мынау спиртпен сүртіңдерші, аузына бірер тамызып қойсаңдар да зиян емес, құстыру керек. Тезірек пеш жағып жіберіңдер, — деді цилиндр қалпақты дәйек таппай.

— Балаға зақым болмаса жарар еді?

— Баласы бар болсын. Өзі аман қалса жарар еді, — үлкен тері тонға жалаңаш күйінде оранып, иегі иегіне тимей, қалшылдап тұрған Жантас, келіншектің жүзіне үңілді, — қап, әттең, әлгі қараның өзін толқынға бір тұншықтырсам. Сибирьге кетсем де ақырын көрер едім.

— Сенің атың кім, Жантас па? Жігітсің, — жирен тақалды қожайын Жантасты жауырынға қағып, жалған мейірімсіді, — ашуланба, әйелің аман қалады. Өзіңе тартқан баранчук болады. Той етеміз. Мені шақырасың ғой?

— Айтқаныңыз келсін, — Жантас қуаныш пен кекесін аралас күліп жіберді, — несі бар, несиеге берсеңіз той да жасаймын, сізді де шақырам. Бірақ, анау қараны менің қолыма беріңіз. Сіздің тойға әкелетін шашуыңыз сол болсын, мырза.

— Ол тілегіңді де орындаймын.

— Жазалау керек ол жауызды, — жұрт шу ете қалды, — кісі өлтіруге бар, ол сұрқия.

Тақтай сатының үстінде етпетінен жатқан ақсұр келіншек қол-аяғын қозғап, біраз шайқағаннан кейін запыран аралас ащы суды үсті-үстіне ақтара құсты да, ауыр бір күрсініп қойды. Бара-бара ұзын кірпіктерін жиі-жиі қағып, кезерген еріндерін жалап, қабағын қайтадан түйіп алды.

— Бишара, аман қалды-ау әйтеуір!

— Су төгіліп бітті ғой, енді жауырынынан жатқызыңдаршы.

— Толғақ болып жүрмесін?

— Жантас, шүйіншіңді дайындай бер, — манадан бері түнеріп тұрған жұрт енді ептеп әзілге көшейін деді, — сенен екі шүйінші алу керек. Біріншісі, Марияның аман қалғандығы үшін, екіншісі нәресте үшін.

— Алыңдар, — Жантас бұл жолы сенімді үмітпен күлді, — екеуі аман қалса, төрт шүйінші берем.

— Ал, еркектер, енді үйді босатыңдар, кіндік шеше өзім боламын, — алтын шашының самайын қырау шалған егде ана жұртты асықтыра сөйлеп, есікке қарай иек қақты да, Марияның жүзіне үңілді, — барыңдар, тез барыңдар.

— Кеттік, Анна Ивановна, кеттік.

Жұрт босағадан аттап та үлгірмеді, жас нәрестенің шыр ете қалған ащы даусы ағаш казарманы басына көтерді.

— Асау толқында туған мынау неменің дауысы қандай ащы еді, — есіктен еңкейе шығып бара жатқан Жантас масаттана күліп, артына қарады, — алып болып жүрмесін өзі!

Үш-төрт сағат бойы әлсін-әлі талықсып, ұзақ уақыт сұлық жатқан жас ана есін енді ғана жыйып, көзін ашқан еді, Анна Ивановна ақ шүберекке оралған қызылшақа нәрестені ана қойнына сала берді. Марияның қуқыл жүзіне қызыл күрең қан жүгіріп, мейірлене күлді. Жанынан жарып шыққан жас нәрестеге анарын ұсынды. Шулы дүниеге жаңа келген балбөбек іңгәсін қойып, ана анарынан уыз сора бастады.

— Анна Ивановна, — деді далада ұзақ тұруға дәті төзбей, үйге жүгіре кірген Жантас, асыға сөйлеп, — неге үнсіз қалдыңдар, Мария аман ба?

— Аман, аман, міне, көрмейсің бе?!

Бүкіл аналар бақытын дәл осы бір секундта өз бойына жинағандай әбден әдемілене түскен келіншек көкірегіндегі жас нәрестені қолына көтерді де, Жантас екеуіне кезек-кезек қарап наздана күлді.

— Көрдің бе, аузыңнан түскендей.

— Алдымен өзің аман қалсаң болғаны.

— Мә, толқыннан алып шыққан тентегіңді ұстап көрші қолыңа!

— Бір жерін ауыртып алармын.

— Әрине, бұл саған екі пұттық гирь емес, ептеп ұста. Мә, алшы, мен екеуіңе біраз қарап жатайын.

Әкенің қомақты, ауыр нәрсеге ғана үйренген ебдейсіз қолы жас сәбиге жағдайлы болмаса керек, шырылдап жылай бастады. Алайда тұңғыш ұлдың бұл ащы даусы мейірімді анаға жан тербетер әсем әннен де сүйкімді естілетін тәрізді. Ол балғын бөбек пен палуан әкеден көз аудармай, күннен көркем күледі.

— Қол-аяғының тырбаңдауына қарашы. Табанына дейін саған тартыпты...

Бірақ, долы толқынның мейірімсіз құшағынан аман құтылып, дүниеге ұл әкелген ардақты ананың назды, тәтті күлкісі ұзаққа бармады. Оның манағы бір гүл-гүл жайнаған әдемі жүзі кенет қуқыл тартып, қабағын тас түйіп алды. Жаны қиналған жас ана қайтып тілге келместен, мәңгі көзін жұмды.

— Мария, Мария, — Жантас жандай сүйген жас жолдасының салқын тартқан маңдайын ыстық ернімен шөп-шөп сүйіп, еңіреп қоя берді, — қош, жан досым, асау толқыннан алып шықсам да, ажалдан арашалай алмаған екенмін ғой!..

Сол нәресте мен екенмін. Дауыл ала туды деп атымды Дауыл қойыпты.

1 ТАРАУ. ТАБЫРАШЫ БАЛА

Мен ес білгенде әкем «Атрау» деп аталатын шалқар айдын бойындағы батағада істеуші еді. Бір кезде бұл дәл теңіз жиегіндегі үлкен өндіріс болса керек. Қазір семуге бет алған түрі бар тәрізді. Кәрі Каспий жыл сайын жылжи-жылжи барып, «енді осыған разы бол», дегендей өз орнына аумақты айдынын ғана тастап, біржола лықсып кетіпті. Теңіз жиегінен пайда болған жас аралдарға жада батағалар салыныпты. Олар арна аузын қақпадай жауып алып «Атрауға» жалғыз-жарым ғана болмаса, балықшылар көпшілігін өткізбей қояды. Қолтықта қалған көне батаға қазір балықты күндік жер шалғай жатқан Каспийден өз приемкаларымен  ғана тасытады. Айдыны аумақты болғанмен арнасы тайыз «Атрауға» жел теңізден соғып, су тасыған күндері ғана болмаса ауыр жүкті үлкен кемелер еркін кіре де бермейді.

— Көке, бұл батағаны сатқан дей ме? — деп сұрадым, бір күні әкемнен.

— Я, сатыпты ғой балам.

— Кімге сатқан?

— Атанияз Таласов, Кабановский деген ұпайластарына сатыпты ғой.

— Гордеевтің өзі ше, батаға ұстай алмайтын кедей болып қалды ма?

— Әй, балам, — әкем басын шайқап күлді, — кедей етіп аларсың оны.

— Ендеше, ол қазір қайда жүр?

— Қазір ол Забурын, Гурьев жақтарынан жаңа батаға салдырып, мынаны тастап кетті. Теңізден қашық арнасы тайыз. Келтіретін пайдасы аз. Сондықтан тастап кетті, — әкем өкінішті бір уақиғаны есіне түсіргендей ауыр күрсінді, — оның шаландаларының өзі қанша. Сен сол Гордеев мырзаның шаландасында туған болатынсың...

Кейін білдім. Баяғы менің шешем шаландадан тайып құлаған күні алтын тістерін ақсита күлген цилиндр қалпақты жирен сақал сол Гордеев екен ғой. «Атрауға» балық батағасы салынумен бірге бұл аймақ қайнаған өмір орталығына айналыпты. Ел басы құралған жерге шағын да болса мектеп те салыныпты. Азғана аумен қазандық балық аулап, қалғанын жаз кептіріп, қыс қатырып, сонау Гурьев базарына жаяу шанамен сүйретіп апаратын өзен жағалаған кедейдің бар керегі енді өз үйінің іргесінен табылыпты.

Балығыңды берсең батаға дайын. Базарың басында Гордеев лавкасы күндіз-түні бірдей ашық. Жаныңа не керек, тілегеніңше ала бер. Ау тұрғызатын пряж бен арқан ба, көңгей жіп пе, қайық жасайтын тақтай мен шеге ме, қарамай мен жоса ма, қант пен шай ма, ұн мен май ма, былғары мен мата ма — бәрі толы. Қайсысын қалайсың. Ақша іздеп абыржудың да керегі жоқ. Гордеев сатушылары қалың қара книжкаға аты-жөніңді жазып ап керегіңді қолыңа ұстата салады. Бар, масайрай бер!

Бірақ, қара книжканың қабатына бір түсіп кетсең болғаны, қатпарынан қайтып шыға алмай қоясың. Алайда, қарызға берсе пароходты алуға батылдығы жететін ол кездегі аңқау балықшы ала береді. Алған сайын борышқа белшесінен бата береді. Арада бірер жыл өткеннен кейін Гордеевтің «құр-құрынсыз»-ақ қанау қамытын өзі киіп алғанын жұрт бір-ақ сезеді. Бір кездегі мырза сатушылардың енді ниеті тарылып, қолы тартыла бастайды.

— Борышыңыз тым көбейіп кетті. Енді қожайынның өзіне барып тілдесіңіз, — дейді олар.

Борышқа белшеден батып, оны төлеу үшін балық аулайтын құралы тозған кедей балықшы мұңайып Гордеевке барады.

— Апырым-ай, қиын болған екен, бұнша борышты қалай төлейсің, ә? — дейді Гордеев сені мүсіркегенсіп.

— Бір кеңшілік етіңіз, мырза.

— Жарайды, бұл тілегіңді де берейін. Қатын-балаңды жылатып не қылам. Борышыңды өтей жатарсың. Жаңадан құрал алам деп борыш үстіне борыш жамауың қалай болар екен? Одан да мынау дайын батаға мен распор аудың бірінен орын берейін, соған кір. Еңбегің жүріп тұрады, — дейді Гордеев, салмақты саған тастап, мүсіркей сөйлеп.

— Жарайды, осы екеуінің біріне кірейін, — дейді балықшы, — үлкен рахмет.

Сөйтіп, Гордеевтің арзанқол жұмысшылары жыл санап өсе береді. Бұдан бірер жыл бұрын Гордеевке балықшы ретінде қарыздар болғандар, енді жалдама жұмысшы ретінде қарыздар болып шыға келеді.

Гордеев батағасының салынуымен бірге әйел, еркек демей үлкен-кішінің бәріне «ермек» табылып-ақ қалған екен. Қыздар тобынан батаға жұмысына алғаш кірген біздің Жанқия апай болса, балалар жағын бастаушы менің әкем болыпты. Олардың бірін айна мен тарақ, екіншісін кішкене ғана ауыз сырнай жетелеп апарып, Гордеев лавкасындағы қара книжканың қатпарына бір түсіріп жіберген екен, екеуінің тұсындағы жыбырмақ цифрлар өсе-өсе барып, келер жылы балық батағасының плотынан бір-ақ шығарыпты...

Сол Гордеев лавкасындағы қара книжкаға бір күндері менің де атым жазылып қалып еді, көп кешікпей әкемнің жолын құшып, балық батағасының плотынан бір-ақ шықтым. Балық батағасына кіріп барып, ақырын жан-жағыма қарағанда алдымен көзіме түскені өзіме көптен таныс табырашы сары бала болды. Бұл баланы мен осыдан екі жыл бұрын, тұнғыш рет шіркеу жанында көріп едім. Орыс, қазағы аралас кішкене қалашықты тебірендірерлік елеулі уақиғаларға ол кездерде шіркеу қоңырауы бір күңіренбей, ара-тұра болса да мешіт азаншысы бір айқайламай қалмайтын.

Бір күні ала таңнан шіркеу күңгірлеп қоя берді. Үйден жүгіре-жүгіре шықтық. Шіркеу маңы қалың адам екен. Бірінің қолтық астынан, бірінің аяқ арасынан өте отырып, бала біткен алға шығып кеттік. Ентелей басып тағы да ілгерілемек едім, өзімнен екі-үш жас қана үлкен, бұйра шашты сары бала білегімнен шап беріп ұстай алды. Жұлқынып көрдім, жіберер емес. Сары бала жұдырығын түйді, мен тілімді шығардым. Енді болмағанда шекісіп те қалатын едік, шіркеудің есігі ашылды да назарымызды аударып жіберді. Есік ашылған бойда қоңырсыған иіс аңқып кетіп еді, үстіне аламыш зерлі шапан киген, ұзын шашты, ұзын сақалды поп шығып келеді екен. Қолындағы ұзын күміс баулы шырағданды оңды-солды сілтеп қояды. Патшаның құдайдың суреттерін ұстаған өз нөкерлерін ілестіре келіп, поп мінбеге көтерілді. Ол әуелгі сөзін «ұлы мәртебелі патша...»деп бастады да, маған түсініксіз ұзақ әңгімеге кірісіп кетті. Біреулер егіле жылап, біреулер қыза-қыза сөйлеп жатыр.

— Немене, патша өлген бе? — деп сұрадым мен сары баладан.

— Жоқ, соғыс болады, біздің әкелерімізді солдатқа алады, — деді сары бала...

— Әкем солдатқа кетсе, мен кіммен қаламын?

— Атың кім? — деп сұрады сары бала...

— Дауыл, өз атың ше?

— Менің атым Сережа, — сары бала әлденеге таңданғандай менің жүзіме үңіле қарады, — сенің әкең орыс па?

— Жоқ, қазақ.

— Ендеше сенің әкеңді солдатқа алмайды.

— Я, неге алмайды?

Сары бала қайдан білейін дегендей иығын секең еткізді де жауап бермеді...

Ертеңіне мен Сережаны пристань басында кездестірдім. Ала жалау көтерген үш-төрт үлкен пароход пристаньға қатарласа жаққан екен. «Атраудың» ұлты орыс атаулы бүкіл ер азаматы ағылып келіп, мініп жатыр. Сарнаған гармонь, мұңды ән, жылаған жан адамның сай-сүйегін сырқыратады. Сережа да көзін сығып, осы топтың ортасында тұр екен. Мен жанына келдім.

— Сенің әкең қайсы? — деп сұрадым шынтағыммен ақырын ғана қағып.

— Анау, — деді бала қолына газет ұстап тұрған бұйра шашты, батыр тұлғалы аққұба адамды көрсетіп.

Баланың жанында тұрған биік маңдай ақ-сұр әйел маған бірдеме демек боп жалт қарап еді, бірақ, айтып үлгере алмады. Пароходтардың тұрбасындағы жұдырықтай жезден будақ-будақ ақ бу атылып, айқайлап қоя берді, бұл айқайға төбедегі шіркеудің қоңырауы қоса күңіренді де, пристань басы азан-қазан бола қалды.

«Қош, қош!» деген дауыстар да жиі естіліп, жағадағылардың көбінің-ақ ұштары біріккен үш саусақтары маңдайларына барып-ақ қалған еді, пароходтар пристаньнан жылжи бастаған екен. Тумаларымен қоштасқан солдаттар жаға жақ бортқа жиналыпты да, пароходтар да бір бүйірге қисайып жатып қалыпты, аударылып бара жатқан тәрізді.

— Қош, папочка!..

Сережаның тұнық аспан түстес көгілдір көздерінің кемеріндегі жас моншақтары сорғалап қоя берді. Мен де жылап жібердім...

Екі айдан кейін мен Сережаны үшінші рет кездестірдім. Лавкадан жаңа алған гармонымды сыңғырлатып балық батағасына кіргенімде, мыңдаған адамдар қызу жұмыс үстінде екен. Мен өзімнен өзгені елең етпегендей батағаның айдын жағындағы плотынан бір-ақ шықтым бірақ, мені де ешкім елей қойған жоқ. Плотты кемерлей оншақты қайық-кеме тұр. Түн бойы соққан арқа желі таң алдында ғана басылған еді, су өте көп қайтып айдын тартылып қалғандықтан кемелер төмен түсіп кеткен екен. Батаға плоты кемелердің төбесінен қарап, биікте тұр. Екі-үш құлаштай ұзын сапты сүзгімен құралданған жігіттер кеме ішінен сүзіп алып, екі кісі бойы биікте тұрған плотқа балық құйып жатыр. Сүзгілерін жоғары көтерген бойда балықтың қанды тұздығы төбелерінен сау ете қалады. Жігіттер бастарын бірер сілкіп тастайды да, жұмыстарына қайтадан кіріседі. Балыққа толы тачкаларды айдаушылар мені қағып өтеді. Тачкалардың майланбаған темір доңғалақтары да «жолымнан қаш!» дегендей ойбайлап қоя береді. Бұл жерде ешкімнің назарын аудара алмаған соң мен қайтадан батаға ішіне кірдім. Есіктен бері қарай қатар-қатар ұзын скамейкалар қойылған екен. Бір қолына ағаш сапты қармақ, бір қолына жалпақ пышақ ұстаған әйелдер екі-екіден орналасыпты. Еденде үюлі жатқан балықты сол қолдарындағы қармақпен іліп алған күйі скамейка үстінде басып тұрады да, оң қолдағы пышақпен жон ортасынан жарады. Содан кейін балықты еденге, ішек-қарнын шелекке тастайды. Балық жара отырып жырлайды. Жырларында бір зар жатыр.

Одан әрі бірнеше әйел тұздан шыққан балықтарды қатарлап, құрсаулы үлкен шелекке салып жатыр. Екі-үш жігіт балыққа толы шелектерді қырындата домалатып, екі басында қос жұдырықтай домалақ темірі бар бұрандалы станокке апарады. Станокте тұрған жігіт шелек бетіне қалың қақпақты жаба салады да, екі басында қос жұдырықтай домалағы бар ұзын темір сапты айналдыра бастайды. Осы кезде станок бұрандасы бірге айналып манағы қақпақты басады. Бұранда салмағымен балық сығылып, шелек орта түседі. Ортайған шелекке әйелдер жаңадан балық әкеліп салады...

Аңырып аз тұрғаннан кейін, батыс жақ іргеге қарағанымда, балыққа толы тары шелектердің арасында жүрген жалбыр шашты баланы көрдім. Бала маған тілін шығара қойды. Бет-аузы қожалақ-қожалақ күйе болғандықтан баста тосырқап қалған едім. Бақсам баяғы өзіме таныс Сережа екен. Жүгіріп бардым да, дәл құлағының түбінен гармонымды үсті-үстіне сыңғырлатып жібердім. Сережа бояулы қолымен мұрнымнан қыса қойды. Мен жеңіммен сүрте бастадым.

— Жәбірленбе, нағыз қою бояу болмаса сенің бетің анау-мынауға қожалақтанбайды, — деді Сережа достық пішінмен күліп.

— Неге?

— Лактап қойғандай қап-қарасың. Гармоныңды бере тұршы.

Мен көңілін қайтармадым. Сережа ернін жеңімен бірер жанып алды да, гармоньды сыңғырлатып ойнай бастады. Оның аузындағы гармоньның дауысы белгілі бір ырғаққа бағынып, әдемі естіліп еді, тары шелекке балық салып жатқан қыз-келіншектердің бір тобы біздің маңымызға шоғырланып қалды да, бірін-бірі қолтықтап үйіріле билей жөнелді. Бірақ, думан ұзаққа бармады. «Бұл не салтанат!» деген ызғарлы дауыстың естілуі-ақ мұң екен, жұрт дереу тарай бастады.

— Мә, зыт тезірек, әйтпесе айрыласың, — деп гармоньды қолыма берді де, Сережа да жұмысына кірісті.

Бірақ мен зыта қоймадым, тары шелектердің тасасына тығыла қалдым. Екі көзім Сережада. Ол тесік-тесік қаңылтырларды тары шелектердің бетіне төсей салып, майлы қара шүберекпен сүртеді де, қаңылтырын қайтадан көтеріп алады. Көтерген сайын әлденендей қара бедерлер пайда болады.

— Бұл не ою? — деп сұрадым сыбырлап.

— Ою емес, табыра.

— Табыра деген не?

— Жазу.

— Сен жазу білесің бе?

— Білемін.

— Не деп жаздың?

— Көксерке балығы. Гордеевтің Атраудағы батағасы, — деп жаздым.

— Маған үйретесің бе?

— Үйретемін.

Мен қуанғаннан күліп жібердім. Дәл осы бір секундта маған Сережаның өнерінен артық ешбір өнер жоқ тәрізді көрінді. Сол тамаша өнерді тезірек үйреніп алайыншы деген ниетпен көтеріле беріп едім, біреу шап беріп құлағымды бұрай қойды. Жалт қарасам, мыстай қызыл, семіз біреу екен. Гармонымды қолымнан жұлып алды. Мен күшімнің жетер-жетпесімен санаспай, жәбірлеушіге тап бердім.

— Кабановский мырза, беріңіз сырнайын! — деді өзіме таныс жуан дауыс.

Бұл менің әкем екен. Екі жеңін шынтағына дейін сыбанып алған, екі пұттық гирін де қолынан тастамай ала келіпті. Ашу қысып, әбден түтеп тұр.

— Бермеймін, — мыс түстес әлгі жуан неме құлағымды қоя берді де, сырнайды қалтасына салуға ыңғайланды, — жұмысқа неге бөгет жасайды.

— Мырза, мен сізге айтам, — әкем манағыдан да гөрі түтеп, төне түсті, қалың қабағы тым терең қатпарланып, әрі қою, әрі ұзын біткен қасының құйрығы ұшқалы тұрған қыранның қанатындай шекесіне қарай көтеріліп кетіпті, қомақты мұрнының шеңберлі желбезегі жиі-жиі қағылып, қиықтау қара көзінен жан-нөсерінің жалыны да жарқ ете қалыпты.

— Беріңіз гармонын, ол бала жұмысқа бөгет жасаған жоқ, — деп плоттағылар түгелімен ду ете қалды.

Ашулы әкенің ауыр гирінен де, жұмысшылардың заңды наразылығынан да үрейленген семіз жирен сырнайымды есікке қарай лақтырып тастады да, бұрылып жүре берді.

— Бар, кет үйіңе, қарсақ күшігі.

— Мырза, не дедіңіз? Қазақтарды батағаға кіргізбейтін болсаң, қуып жібер мынау қазақтарды, — деп әкем артына бұрылып еді, плоттағы орыс жұмысшылары бұл жолы да әкемді қостады.

— Арам жеп семірген доңыз, фамилиясын да өзіне лайықтап алған екен. Ауыздан шыққан сөзінің де шірігін қарашы. Ұлт намысын жоқтаушы бола қалыпты.

Орыстың бүкіл еркегін қырғынға жібердіңдер. Енді қалған қазақ жігіттері, бұларды жұмыстан қуыңдар да, жабыңдар батағаларыңды, — деді тары шелектегі балықтарды қатарлап тұрған ақшашты әйел. Бұл баяғы маған кіндік шеше болатын Анна Ивановна еді. Өткен жылы ол өзінің бір ұлын соғысқа жөнелткен болатын.

— Әй кемпір, сен біздің қазақтарды құтыртып ділмәрсіме, — плоттың өзен жақ жиегінен жүгіріп келген безеу бетті, таңқы мұрынды дәу қара киліге кетті, — жабыңдар, батағаларыңды! Әмірін қара, ә?..

— Жаппағанда, — шағын ғана денелі, жібектей желбіреген сары шашты әдемі қыз безеу бетті дәу қараны мысқылдап күлді, — Ағанияз мырза, жұмыс істеуші адам болмаса не істейсің ол батағаны, өртейсің бе?

— Қара, қара, тілінің ащысын қарашы, сары шайтанның? — Істеуші болмаса... өртейсің бе?... Сендер істемесеңдер барыңдар, мынау менің қазағым істейді. Мүмкін сен өртейтін шығарсың?

— Мүмкін, бірақ... қазақтың «қамқоршысы!» Ойларсың? «Қазағым!»

— Әрине қазағым, қанымыз да, дініміз де бір...

— Әй Ағанияз, көкіме, қазаққа енші бөліп беретін адам сияқты, — деді Жанқия апай.

Әңгіменің насырға шауып бара жатқанын сезген Кабановский енді үлкен мұрнының үстін бүлкілдете, мүләйімси күліп, қолын көтерді.

— Кешіріңдер, тумалар, — ауыздан абайсызда шыққан сөз екен. Қайтып алдым... Әй, Ағанияз, кетші өзің...

Ағанияз салбырай біткен түйе ерніне сойдақы сары тістерін батыра тістеді де, кері бұрылды. Жанқия апай қолына ілінген бір қаракөзді  ала лақтырып еді, Ағанияздың майы сыртына шыққан шайырлы, қаракүрең желкесіне былш ете қалды. Жұрт ду күліп жіберді. Безеу бетті дәу қара артына айналып, бажырайып бір қарады да, желкесіндегі шырышты да сүртпестен конторға кіріп жоқ болды. Кабановский де солай бұрылды.

— Қара қағынды келгір! — деп қойды Жанқия апай.

— Қарғыс атқанның ұлығаны неге керек! Кетпе, тұра бер, жұмысшы халыққа орыс, қазағы бәрібір, — Анна Ивановна менің маңдайымнан сипады, — қай ұлттан болсақ та, киеріміз бір қамыт.

Мен көзімді жұдырығыммен сүрте тастап, сырнайымды алып Сережаның жанына келдім. Ол маған өз өнерін үйрете бастады.

Жеңіспен аяқталған осы бір уақиғадан кейін мен әр күні Сережаның жанында болатынды шығардым. Көп кешікпей өнерін де үйреніп алдым. Тек жазуын оқи алмайтындығым болмаса өзінен кем шығармаймын. Рас, кейде табыра қаңылтырлардың орнын ауыстырып ала беремін. Ондай кезде тары шелектің қақпағын әбден тазалап, табыраны қайтадан басуға тура келеді.

Міне, бүгін сол Сережаның заңды көмекшісі болып жұмысқа кірдім. Көптен бері үйреніп алған жұмыстың қиыншылығы да сезілген жоқ. Табыра қаңылтырларды төсей тастап, майлы қара шүберекпен сүрте бастадым.

— Ой, өзің қандай шапшаңсың, — дейді Сережа, маған әрі таңдана, әрі сүйсіне қарап.

— Шапшаңдығымнан не пайда, жазып жатқан табырамның әрпін танымаған соң.

— Мен үйретейін, мақұл ма?

— Мақұл, үйретші, — дедім Сережаға қуана қарап.

— Жұмыстан кейін әр күн біздің казармаға кел. Мен әліппеден бастап үйретейін.

— Мақұл, бірақ шешең ұрыспай ма?

— Жоқ, ұрыспайды. Менің шешем мейірімді адам. Жарайды, болмаса осында, жұмыстан кейін үйретейін.

Біз осыған келістік. Бірер айдың ішінде мен біраз әріптерді үйреніп те қалдым. Бірақ, сөздегі әріп төртеуден көбейіп кетсе басын қосып оқи алмаймын. Одан әрі үйретуге Сережаның да ұстаздық шеберлігі жетер емес...

II ТАРАУ. МЕН ЖЕТІМ ЕМЕСПІН

Сережа екеумізге аз уақыт ажырасуға тура келді.

Қыс түсіп, мұз бекіген соң Кабановский мырза итбалық  аулауға қос жөнелткен болатын. Менің әкем де сол қоспен кеткен-ді. Айға жуық болса да әлі ешбір хабар жоқ. Әбден сағынып та болдым. Екі көзім төрт болып, күн сайып аңсап күтемін. Түні бойы түс көрем. Есіктен әкем кіріп келе жатады. Құшағымды жаза ұмтылам. Көзімді ашсам жалғызбын. Төсекте ұзақ төңбекшіп, толғанам да жатамын. Кейде «іздеп кетсем қайтер еді?» деп те ойланам. Оның үстіне бүгін орынсыз штраф салғандығы үшін Ағанияздың терезесін қиратып кеттім. Әзірге білген жоқ. Қашуым керек тезірек.

Осындай күндердің бірінде қожайынымыз ахонь  ауымен ақбалық аулауға екінші қос аттандырмақ болды. «Осыларға ілесіп кетейін, мүмкін, әкемдер жүрген жерге барар. Болмаса, теңізге бір шыққан соң, өзім іздеп табармын» деп ойладым. Бұл туралы ең алғаш ақылдасқаным, Атрауға өткен жылы келген, мені өте іштартып жүретін, Арман ағай болып еді.

— «Тауда туған құлынның екі көзі таста». — Арман ақмақ адамдарша, дөрекі қарқылдамай, зейінді үлкен көздерінің көбіне күлімдеп тұратын қарашықтарын жалт еткізіп, сәл езу тартты да, мені сынаған адамдай, жүресінен отырып, жүзіме үңілді-толқын құшағында туған тентегім, теңізді ақсайсың ғой, ә?

— Я, аға, теңізге шыққым келеді, — мен Арман ағайға әрі өтініш, әрі үмітпен қарадым. «Әкемді іздемек едім» деп айтпақ болдым да, «әй, осы, бүлдіріп алармын» деген оймен тартынып қалдым, — аға, ала кетіңізші.

— Қой, қарағым, әлі тым жассың ғой. Теңіз үсті қатерлі болады. Мұз сынып, ығысқа ұшырауымыз мүмкін. Ойладың ба осыны?

— Ойладым, — «ығыс» деген сөзді түсінген де жоқ едім, сұрап та жатпадым. Айладан да құр болмасам керек. «Көңілін босатайын» деген оймен көзімді бір сығып алдым, — не болса да өзіңізбен бірге көремін ғой. Ала кетіңізші, ағатай.

— Қой-әй, тентек, жылама, — жігіт мені мүсіркеп, құшағына қысты, — несі бар, түбінде киетін қамытың ғой. Қарның да ашып жүрген шығар. Мұнда тамақ та нашарлап кетті. Ахоньдағылардың тамағы да тоқ болады.

Маған салса қазаншы бала етіп ала кетер едім. Анау «Буырыл» көнеді деймісің.

«Буырыл» деп отырғаны осы қостың атаманы . Ол кісінің шын аты Қарабас болса керек. Жас жетіп, сақалшашқа ақ кіре бастағаннан бері жұрт оны «Буырыл» деп атаулы.

— Аға, өзім барып өтінсем қайтеді?

— Барсаң бар, — Арман ағай маған енді біржола үміт ұшығын білдіріп қалды. — Өтін. Жылап, отырып ал. Көнсе көнді, көнбесе өз шанама жасырып әкетемін. Бірақ, қазір «Буырыл» өз лашығынан безіп, жат босағаны аттады. Оны өз қолына кіргізіп алған өгей топтың озбыр келіншегі сені ұната қояр ма екен, ә?.. Мейлі, ұнатпаса, өртенсін. Еңсесі биік ордаға еріксіз кір де, жасқанбай сөйлес...

Арман ағайдың астарлап айтқан сөзін аңғара да алмадым. Бірақ, бар түсінгенім — іркілмей, еркін сөйлесуге тиістімін. «Буырылдың» қақпасы қайдасың деп жүгіре жөнелдім. Атраудың шығысында оқшау тұрған осы бір бөлегіне ең алғаш барғаным да сол күні еді. Енді ойласам бұл төңірек қала мен ауылдың аралас қонып, әзірге ажыраса алмай жатқан тәртіпсіз бір шекарасы тәрізді екен. Үйлерінен қаланың қорасынан ауылдың бейнесін көргендейсің. Қалың малдың алды айдындағы суат басында шоғырланып жүрсе, соны құж-құж қайнап, қорадан жаңа ғана шығып барады. Аңырып аз тұрдым да, қала жақ шеттегі көк шатырлы үйдің қақпасына кірдім. Үлкен ауланың ішінде бірі тезек күреп, бірі шөп тырмалап жүрген адамдар маған көңіл де қойған жоқ. Қораның екінші бір бөлігіндегі биік маяның үстінде екі жігіт тұр. Олар айырларын маяға бойлата қадап, екі-үш бауды бірден лақтырады. Мамық пішен жерге томп етіп түскен сайын жазғы жасыл шөптің жұпар иісі бұрқ ете қалады. Жағының шықшыт сүйегі тым шығыңқылау, мұрны етектілеу келген, еңкіштеу зор қара жігіт жерге түскен пішенді қора ішіне шашып жүр.

— Ағай, «Буырылдың» үйі қайсы? — деп сұрадым мен.

Жігіт құшағындағы шөпті шашып жіберді де, бетіме бажырайып бір қарады.

— Немене, құда түсейін деп пе едің?

— Жоқ, асығыс жұмысым бар еді.

— Құда түссе несі бар, қызының барын білмеген шығар.

Қорадағылар ду күліп жіберді. Мен құлағыма бірінші рет шалынған «құда түсу» дегенді де түсіне алғаным жоқ, жұрттың неге күлгенін де білмедім. Мүмкін, киімімнің жұпынылығына күлген шығар деп едім, олардың өз үстері де ұқсап тұрған жоқ екен.

— Құда түссең үйі осы. Абайла, бала, өгей енең азулы адам, — еңкіш жігіт селдір кірпігін қабақ терісі жауып кеткен кішкене көздерін сығырайта, иегін бір көтеріп тастады, — ана есіктен кір, есіктен есік өтесің. Адасып жүрме.

Жұрт тағы да бір күліп алды. Ашуым қанша келсе де, айналар шамам болған жоқ. Еңкіш жігіт айтқандай, есіктен есік өтіп, ішке кірдім. Бұл үйдің сырты ғана емес, ішінде де қала мен ауыл мүлкі тартыста тұрған тәрізді. Бірақ, кебеже, сандық сияқты ауыл жасауы салтанатты жерден орын алыпты да, қала мүлкінің уәкілі — оншақты орындық пен үлкен столды үйдің бір мүйісіне ысырып тастапты. Еденге киіз бен алаша аралас төселіп, оның үстіне көрпе жайылыпты. Төр жақ қабырғаға аламыш бір нәрсе ұсталған екен. Оның кілем екенін де мен кейін Арман ағайдан сұрап білдім. Осы қабырғаның орта жерінде басы күмістей жалтыраған жұмсақ кровать. Кровать тұсында қосауыз мылтық, күміс сапты қанжар мен дүрбі ілініпті де, төңірегіне аламыш шымылдық ұсталыпты. Бөлменің дәл ортасындағы үлкен аспалы шамның сәулесімен үй ішіндегі жиһаз жалт-жұлт етеді.

Таңданып біраз тұрып қалдым. Жұмсақ кроватьтың үстінде шалқасынан жатқан «Буырыл» менің келгенімді байқаған да жоқ. Қолында домбыра. «Буырыл» сақалын шошаңдатып, саусақтарын сәнмен қозғап, күмбір-күмбір қағады. Күйде де осы үйдің салтанатына лайық бір маңғаздық бар тәрізді. Алаңы жоқ адамның ауанына көшкендей қоңыр ғана сөйлейді.

Кең бөлменің батыс жақ қабырғасындағы есігі ешбір дыбыс берместен ашылып еді, манағы еңкіш қара жігіт үлкен ақ самауырынды әкеліп, сәкінің шетіне қойды да, маған бір қарап, кері шығып кетті. Осыған ілесе кірген әдемі ақ келіншек менің сәлемімді қабылдаудың орнына қабақ көрсетті.

— Ой бала, неғып тұрсың мұнда?

— Жұмысым бар еді.

— Екінді мен ақшам арасында не жұмыс. Кейін келерсің. Асымызды бір дұрыс ішкізетін күндерің бар ма?!

Амандаспай жатып ашуын шақырған ақ келіншектің дарақылығына ерегістім де, мен де қарысып алдым. Баяу күйдің нәзік ырғағына балқыған «Буырылдың» бізбен ісі де болған жоқ. Өзінің жолсыздығын аңғарды ма, әлде өзге ойы болды ма, ашулы келіншек те менімен енді қайтып айқаспай, аумақты дастарқанын жаюға кірісті. Көк-ала шыныаяқтарға толы күміс поднос та ақ самауырынға көрші қонды. Ақ бауырсақ пен майға піскен жұқа нанға, қуырдақ пен майға, қант пен конфетке толған ыдыстар кең дастарқаннан кемерлей орын алды. Барлығы да өмірі менің аузыма тимеген тағамдар. «Осынын бәрін мына екеуі жеп тауысар ма екен?» — деп ойладым.

— Ас дайын, тұрмаймысың? — деді келіншек, керосинка үстіндегі ала құманды алуға ыңғайланып.

— Ой, мынау қай бала? — шашақты домбырасын тағы да бірер қағып, төсектен көтерілген «Буырыл», ұзын мұртын бір шиырып тастады да, шүңірек көзін сәл қысып, менің жүзіме үңілді, — бұл қайсың әй?

— Бірінші рет көріп тұрмын, — келіншек маған шегір көзінің бар нәлетімен тағы да бір рет қарап алды, — ас аңдыған жетімдердің бірі шығар.

Әдемі келіншектің аузынан шыққан әдепсіз сөзге қанша қорлансам да, келген жұмысымды бітірмей кетпейін деген оймен тұра бердім. «Буырылдың» төсектен көтерілуін күтіп тұрғандай, көрші бөлмеден кірген бес-алты адам дастарқанды жиектей жайылған көрпеге келіп отыра бастады. Өзімнен екі-үш жас кіші ақсары қыз маған аса бір аяныш білдіргендей, аз қарап тұрды да, Буырылдың оң тізесіне барып отырды. Кішкене қыздың көз қарасында да бір сүйкімділік жатыр еді, өзі де өп-өңді екен. Қала мен ауылдың бірін-бірі жеңе алмай жүрген тартысын осы қыздың үстіндегі киімінен де аңғаруға болатын тәрізді. Төбесіне жасыл лента байлап, үстіне қала тігіншілерінің қолынан шыққан көк барқыт камзол кигізіпті де, өңіріне тізілтіп күміс теңге қадапты. «Буырыл» маған тағы да бір қарап «ой, сен...» деп қалып еді, сол жағында жүгіне отырған біреу әндетіп қоя берді де, сөз аяқталмай қалды. Мұртын таңқита қырған қара телпекті тым ұзақ күңіренді, тегі дұға оқып отырса керек. Құраны аяқталғаннан кейін де екі қолын жоғары көтеріп, талай уақыт күбірлеп барып, бетін сипады. Содан кейін ұшы сыйдаланып келген текесақалын уыстап, көзін жұмып біраз отырды да, оң қолын майлы шелпекке созды.

— Тие берсін!

— Әмин!

— Ой, сен Жантастың баласысың ба? — «Буырыл» маған онша тәкаппарлық білдірмей, таңдана қарады, — неғып жүрсің мұнда?

— Қайыр сұрап жүрген шығар, бірдеме беріңдерші. Жетімнің тілегі қабыл болады дейтін. Жол үстінде отырсың ғой, — деді «Буырылдан» аумаған қара кемпір. — Бүгін Айнаш келіннің де қайтыс болған күні еді.

— Әй, кел, шай іш, — жол жүргелі отырған діншіл Атаман анасының сөзіне әбден ұйып кетсе керек, маған бұл жолы тіпті мүсіркей қарады, — кел отыр.

— Сенің сол мінезің құрысын, — әдемі келіншек менен жиіркенгендей бір тыжырынып қойды, — үсті-басы таза емес, баттасқан балық қабыршағы. Дастарқан басына кел деген несі-әй? Бар бақытың осы балада тұрса да, ана жақта түстен қалған тамақ бар, соны әкеліп берейін.

Әдемі түріне лайық әдепті мінезі жоқ, дарақы келіншек екінші бөлмеге шығып кеткен еді, мұжылмаған сүйекке толы қаңылтыр табақты маған ұсына берді, ішінде өкпе, бауыр аралас бірер кесек ет те бар көрінеді. Қарным қанша ашып тұрғанмен қалдық тамаққа сұғына құлауды ар көрдім де, басымды шайқадым. Менен бұны күтпеген келіншек өте жәбірленіп қалды.

— Ойбай, мынау жетімнің тәкаппарын қара, күт онда, қазы мен қарта асып берейін.

— Мен жетім емеспін, шешем болмаса да әкем бар.

— Уа, қасқырдың баласы, әкесіне тартқан әрі тәкаппар, әрі қайсар болмаса игі еді, — «Буырыл» мазақтады ма, әлде шынында да менің әлгі бір мінезіме разы болды ма сақылдап күліп алды, — дұрыс айтады. Әкесі бар бұның... Әкесі бар бала жетім бола ма?!

Жасыл ленталы қыз ауыр күрсініп, әкесі мен әжесіне қарап күбір ете қалды, олар ризалық білдіріп, бастарын изесті. Қыз жүгіріп менің жаныма келді.

— Мә, ал!

Алақанында әдемі қағазға ораған бес конфета бар екен. Мен конфетаға қызыға тұрсам да манағы бір тәкаппарлығымды қайталауға тырысып едім.

— Ал, шырағым, ал! — десті кемпір мен «Буырыл».

— Мә, ал! — қыз менің қарсылығымды тыңдап та жатпады, қолындағы конфетын алақаныма салды, — ұялма, ал. Шешең жоқ па?

Мен басымды изедім. Қыз ауыр күрсініп қойды. Көзіне жас та келіп қалған тәрізді. Байқауыма қарағанда ол қыздың өзінде де шеше жоқ болуға тиісті.

— Балам, бері келші өзің, — деп «Буырыл» маған қарап еді, ашулы келіншек бетінен ала түсті.

— Жетер енді, анау мырза қызың жарылқады ғой.

— Жә, жә, тоқтат енді — «Буырыл» ақ келіншекті қабағымен бір қайтарып тастады да, маған бұрылды. — Кел, шай іш.

— Жоқ, ата рахмет, ішпеймін.

— Ал, онда жұмысыңды айт?

— Ата, мені теңізге ала кетіңізші.

— Уа, көк жалдық бөлтірігі. Теңізге барғың келеді екен ғой, ә?

— Я, теңізге барғым келеді.

— Ахоньдағылардың тамағы тоқ болады деп біреу желіктірген ғой сені. Қой, балам, бұл ығыс-относпен  байланысты, қатерлі сапар. Онда тоқ болғаннан да бұнда аш болғаның артық. Қарның ашса біздің үйге қолбала болып кір.

— Я, бәсе, сөйт, — ақ келіншек маған кекесін пішінмен тағы да бір қарап алды, — мен саған кіл қазы-қарта асып беріп тұрамын.

— Жә, жә, жетер енді! — «Буырыл» бұл жолы тым қаттырақ жекіп еді, келіншек одан әрі салғыласуын қойып, жымдай бола қалды, — балам - ау, тіпті ығысты былай қойғанда, онда сенің қолыңнан келетін не жұмыс бар?

— Ата, ала кетіңізші, — бір білегіммен көзімді, екінші білегіммен мұрнымды сүртіп, пысылдай бастадым, — мен бәрін де істей білемін, тамақ та пісіре аламын, табыра да баса аламын...

— Ха-ха, ха-ха, — «Буырыл» қарқылдап күліп алды.

— Ақмақ, табыраның онда түкке де керегі жоқ. Теңіз үсті қорқынышты дегенді түсінесің бе? Қатты жел соғып, мұз сынса, ықтырып әкетеді...

— Бәрібір, ала кетіңізші ата, мен қорықпаймын.

— Ой, мына бала неге жылап тұр? — деп қалып еді, осы кезде үйге кірген біреу, енді қарасам Арман ағам екен.

— Теңізге алып кет дейді ақмақ. — Атаман күліп алды. — Талабын көрдің бе, бұның ә?!

— Несі бар, қазаншы бала болып барсын, бұған да жұмыс табылады. — Арман мені арқаға қақты. — Оты бар бала.

— Қой, желіктірме, ақмақ немені.

Арман ағайдың сөзін сүйеу көріп, мен тағы да өтіне бастадым.

— Ата деймін, ала кетіңізші, атажан.

— Әке, — деді жасыл ленталы қыз, менің үшін әкесіне жалбарынып — әке, жылап тұр ғой, ала кетіңізші.

Манадан бері дауысымды шығарып, қаттырақ жылауға «келемеш етер» деп осы қыздан ұялып тұр едім, енді біржола бақырып жібердім.

— А-т-а, ал-а кеті-ңіз-ші...

— Ой, мынау сорлы тым егіліп кетті ғой. Жарайды, дайындала бер, — деді Атаман, — қазаншы бала болып барарсың. Ертең таң ата жүреміз. Ұйқтап қалма.

— Рахмет ата, рахмет.

Қуанышым қойныма сыймай, үйден шыға жүгірдім.

Демек, ертең теңізге жүремін. Әкемді іздеп табамын. Сережа мен Асқарға қоштасу керек пе, жоқ па? Алдыңғы күні біз асық ойыны үстінде араздасып қалған едік. Содан бері тілдеспейміз. Жоқ, жоқ, бармауым керек. Бұл өтінгендік болады. Олар қазір екеуі бірігіп, мені шеттетіп жүр. Сережа соңғы кезде кіл Асқарды жақтайды. Бірі орысша, екіншісі қазақша көп білеміз деп мақтанады. Мені «қап-қарасың» деп кемітеді. Өздері аппақ па екен, олардың?

Я, бармаймын. Ойнамаймын олармен. Қайтып келген соң ремонт базасындағы Сашамен дос болам. Ол жуас бала. Өз айтқанымнан шықпайды. Ал, Сережа мені оқытпай қойса қайтем? Мейлі, оқытпаса оқытпасын. Оның білгенін үйреніп те алдым. Әліппесін ше? Беріп кетсем бе екен? Жоқ, бермеймін. Теңізге ала кетемін. Бір бетін жыртып алған едім. Көрсетуге болмайды. Әкем келген соң жана әліппе әперуім керек.

Осындай ой үстінде келе жатып казармаға қалайша жетіп қалғанымды да аңғармаппын...

ІІІ ТАРАУ. ҚОШ, МАЗАСЫЗ КАЗАРМА!

Даладан жүгіріп келген бетім, есікті ашып жіберген едім, казарма іші тас қараңғы екен. Әр жерден төсекте жатып тартқан темекінің жылт-жылт еткен қызыл оттары ғана көрінеді. Үй ішіндегі сүйкімсіз иіс өңменімнен атып жіберді: жұмыс киімдеріндегі тұздық пен махорка түтінінің иісіне адам тынысы араласып, ауа әбден қойыртпақтанып алыпты. Ұнамсыз иісті былай қойғанда, осы казарманың ішіндегі ауасы көк түтін болса керек, көзім де ашып бара жатқан тәрізді. Иіс кетсін деп есікті біраз ашық тастап едім, ашқылтым ауаға бойы үйренгендер әр жерден айқайлап қоя берді.

— Уа, жап есікті. Үйдің ішінде онсыз да боран соғып тұр, бойымыз жылынар емес.

Есікті дереу жаптым да, ептеп қана өз койкама жеттім. Менің төсегім терезе алдында болатын. Әйнегі сынып түскен көздері шоқпыт киімдермен бітелген терезесі ғана емес, қабырғасы мен төбесінің өзі қырауланып кететін ескі казарманың іші шынында да азынап тұр екен. Бойым үйренгенге ме, әлде шынында да солай ма, бұл маңның ауасы тазарақ тәрізді. Мүмкін, терезеден соққан желден ығысып иіс- қонысты борсыған ауа есікке қарай ойысқан шығар. Қараңғыда қарманып, барымды буып-түйдім де, сырт киімімді шешпестен төсегіме қисая кеттім. Етігімді ғана койка астына тастап, шұлғауымды аяғыма орап алдым. Бұрын әйнекке аяғымды беретінмін-ді, бүгін басымды бердім. Бұнымда да есеп бар, Ат қораға баратын адамдар осы терезе алдындағы жолмен жүреді. Тыңдап жатып, тықыр естілген бойда жүгіре шығайын, әйтпесе алдап кетер деп ойлаймын.

Ұйқым келмей ұзақ жаттым. Даладан жылы келген едім, енді тона бастадым. Қиюы қашқан қымтаусыз әйнектен ызылдап соққан суық жел жағамнан кіріп, бүкіл денемді аралай жөнелді. Әйнекке түбіттене тұрған қыраудың мұздай ұсақ түйіршіктері кейде бетіме сау ете қалады. «Ища» деймін сілкініп. Бұл сөзді мен ғана емес, талайлар-ақ айтып жатыр. Арасы тоқыма жөкемен бөлінген көрші бөлмеден күрк-күрк жөтелген Жанқия апайдың даусы естіледі.

— Апырым-ау, әлгі баласы бар болғыр қайда жүр? — дейді ол күрсініп.

— Апа, мен жатып қалдым.

— Келіп балығыңды жемеймісің?

— Жоқ, апа, ұйықтағым келіп жатыр. Ертең жермін.

— Мында келші өзің. Шәріпқали екеуіңді екі жағыма алып жатайын. Жылы жатамыз. Кешкі жағылған қамыс отынның аз қызуын мынау ашық-тесік әйнек сорып алды да, үй-іші азынап кетті. Бойым жылынар емес.

— Апа, мен шешініп қалдым.

— Жә, жарайды онда, тек тоңып қалма, қарағым.

— Жоқ, тоңбаймын, апа.

Жанқия апайдың шақырғанына бармауымда да сыр бар. Әкем теңізге жүрерде мені осы кісіге тапсырып кеткен-ді. Содан бері көбіне Шәріпқали екеуміз Жанқия апайды (құшақтап жататынбыз. Ескі-құсқыны қалдырмай жамылып, құшақтасып алған соң жылы шығатынымыз да рас еді. Бүгінгі түн аса бір суық болса да өз төсегімде жалғыз жатуға бел байладым. Өйткені, мен теңізге Жанқия апайдан рұқсатсыз, жасырынып кеткелі жатырмын. Егер бұнымды сезіп қалса, жібермейді ол кісі.

Қол-аяғымды бауырыма жыйып, бүрісіп жатырмын. Біреулердің ағаш койкаларын шиқылдата, ауыр ыңқылдаған, біреулердің тістерін шақырлатқан үрейлі үндері келеді құлаққа. Жанқия апайдың жанындағы бөлмеден шаң-шұң дауыстар естіліп, бір жас бала шыр ете қалған еді, Матвей Степанович тағы да мас болып келген екен. Күндегі дәстүрі бойынша үй-ішін бір дүрліктіріп алды да, тарғылданған жуан дауысымен мұңды бір әнге басты:

— Кәне, Ваня, ішеміз бе,

Қасірет пен қатты суықтан.

Мас адамға теңіз суы

Келмейді дейді жұлықтан...

— Кел, қатын, іш, ішеміз де ұмытамыз қасіретті.

— Рахмет, ас болсын. Іш өзің. Сен бар тапқаныңды араққа сал. Үйде мынау балалар ішуге ас, киюге киім киіп, дірілдеп отырсын.

— Әй, қатын, жаның барда іш, әйтпесе...

Осының артынша бір нәрсе дүңк ете қалды. Тегі Матвей Степанович үлкен жұдырығымен салып жіберген болса керек. Балалар да шырылдап қоя берді.

— Өлтірдің ойбай. Мынау балаларыңды асыраудың орнына бар тапқаныңды араққа жұмсап, бүлік сал да жүр.

— Менің балам ба олар, патшаның солдаты. Солдат грек болса үкімет өзі асырап алсын. Асырағаннан не пайда бұларды? Әне, Ваня соғысқа барды да өлді. Эх, Ваня, Ваня, — мастығы айыға бастады ма, әлде шырылдап қалаған сәбилерін мүсіркеді ме, Матвей Степанович енді жылауға кірісті, — қымбатты ұлым менің, сен енді жоқсың.. Мәңгі жоқсың. Қандай жақсы жігіт болып едің, қымбаттым. Эх, бишара балалар, сендер де есуге тырысыңдар. Өскен бойда оққа ұшып өлесіңдер. Жарайды, қаламаңдаршы. Мен енді тимеймін сендерге. Арақ та ішпеймін. Мен қайбір еріккеннен ішеді дейсіңдер. Қасіреті ішімді жалап барады, эх!

— Эх, ішеміз бе, кәне тумам,

Қасіретті бойдан қуарға,

Бірақ, кедей сорлының

Қайғысын арақ жуар ма?

— Мария, жаным, кешір мені, кешір. Кешір, мен ақымақты...

— Жарайды. Бұдан былай ақылды болатын болсақ, қойдым.

— Ант етем. Көзіңе тиді ме, кешір. Мені алдаудың орнына...

— Оқасы жоқ. Менің көз алдымның көгеріп жүруіне жұрт үйреніп алды ғой. Енді ұйқы берші өзің.

— Ал, жаттым, жаттым, ақылдым, қойдыршы, мына балаларды. Неге жылайды, қорқып кеткен бе?

— Қорқып қана емес, тоңып жатыр. Үйдің азынап тұрғанын көрмеймісің.

— Үй суық па, онда мен қазір от жағайын.

— Түн ішінде саған отын беретін бе еді.

— Мен сұрап жатпаймын. Анау қамыстан сүйреп әкелем де жағам.

Матвей Степанович жапон соғысында қалдырған аяғының орнындағы ағаш қазығымен казарма еденін тасыр-тұсыр теуіп далаға шығып кеткен еді, осының артынша салдыр-сұлдыр дауыс тағы да естіле қалды. Тегі қамыс сүйретіп келе жатса керек.

— Мария, міне, отын да келді. Қазір үй де жылынады.

— Әй, сен үйді өртеп аларсың бар, жатшы, өзім жағайын.

— Жоқ, жоқ, Мария, екеуміз жағайық, — Матвей Степанович әлгі бір уағдасын ұмытып кетсе керек, ендігі әңгімені тағы да арақтан бастады, — Мария, кәне, мынаны ішіп қоямыз ба?

— Әлгі уәдең қайда?

— Бауырым, етігің де тым нашарлау екен, — Арман ағаң үлкендеу киіз байпақ ұсынды, — Мынаны киші. Төсек-жастық та алу керек.

Жанқия апай келіп қала ма деп асыққаннан төсек-орнымды да бууға мұршам болмады, құшақтап алдым да, жүгіріп далаға шықтым. Жел басылып қалған екен. Казарма алдында тізіліп он бес шана тұр. Біріне таудай етіп қамыс, біріне пішен тиеп, әр шанаға екі-екіден кісі мініпті. Тек алдыңғы шананың ғана жүгі аласалау көрінді. Біз Атаман екеуміз осы шанаға міндік. Шөп үстіне көтерілгенде қолыма қатты бір нәрсе тигендей болды, сипалап байқасам мылтық екен. «Кешегі Атаман кроватының тұсында ілулі тұрған қосауыз осы шығар» деп ойладым.

— Уә, түгелсіңдер ме?

— Түгелміз! — деген дауыстар жамырасып барып басылды.

— Ал, кеттік!

Атаман делбені қолға алған бойда-ақ, жемге желіккен ат жортақтай жөнелді де, ауырлықты енді ғана сезгендей, аздан кейін аянға көшті. Шана табанының қатқан қарды сызып, бір сарынмен шиқылдаған ұнамсыз үні құлақты тұндырып барады. Жүріп келеміз, жүріп келеміз. Далаға шыққан бойда-ақ ертеңгі аяз бетімнен шымшып-шымшып алған еді, қазір денем де тоңази бастаған тәрізді. Көзіме ұйқы тығылып, есінеп аламын. Артыма қарасам батағаның оттары да көзден таса болған екен. «Қош, мазасыз казарма!» деп іштен бір күрсініп алдым.

— Немене, тоңдың ба, балам? — деді Атаман.

— Жоқ, — «мынау бір масыл екен деп айтпасын», деген оймен сыр білдірмеуге тырыстым, — жоқ, ата, тоңғаным жоқ.

— Жоқты қой, қатып қаларсың. Жаяу түсіп, біраз жүгіріп алайық. Тыр, тыр, жануар!

Ат тоқтаған бойда Атаман екеуміз де қалың қарға домалап түсе қалдық. Өзгелер де осылай істеген екен. Алдыңғы атты жаңа ғана жүріп өткен жолаушының ізіне салып, өзіміз соңғы шананың артында аяңдап келеміз. Жас жігіттер біріне-бірі қар лақтырып, алысып-алысып алады.

— Кәне, баланың жолын бір сынайық. Аты Дауыл екен, дауылдатып жүрмесе жарады, — деп бойы өзімнен сәл ғана биік, жіңішке дауысты біреу менімен қатарласа беріп еді, енді қарасам Асаубай екен.

— Уа, жолы жаман болса құйрығына қазан байлаймыз, — десіп жас жігіттер мені әзілдей бастады.

— Қойыңдар, әурелемеңдер қосшы баланы, — деді Атаман, — жылатып аларсыңдар. Түндегі бір түсіме қарағанда бұл баланың жолы жақсы бола ма деймін.

— Айтқаныңыз келсін. Егер жолы жақсы болып шықса өзін жолды бала деп атау керек.

— Қазанды осы Асаубайдың өзіне де байлап жүрмелік. Бұ да қысқы балық аулауға бірінші рет шығып келеді.

Жігіттердің күлкі-дуы менен Асаубайға қарап;ойысқан еді, әзіл әңгімені Атаман бөліп жіберді.

— Ал, жігіттер, мініңдер шанаға, қосшы бала бусана бастады, біраз жортып алайық.

— Тыр-тыр, — Атаман делбені тартып, жүрісті баяулата берді, — ал, қосшы, арттағылар жеткенше жаяулап алайық.

Бойы қызған ұшқыр ат біраз жортақтап барып, зорға тоқтады. Мен тікемнен тұрып, алысқа көз жібердім. Әкемді іздеп едім, еш нәрсе көрінбейді. Кең теңіздің үстінде бізден өзге тірі пенде жоқ тәрізді. Шанадан түскен бойда мен әр нәрсені білуге тырысатын жас балаға тән, аңқау сұрақтарды бастадым.

— Ата, ана көгілдір іргеге тақалған соң не істейміз? — Маған көк жиек тіпті бір жақын жерде тұрған бөгет қабырға сияқты көрініп еді, — қазір жетеміз ғой.

— Қабырға емес, балам, көк жиек, — Атаман күліп жіберді, — оған қанша жүрсең де жете алмайсың.

— Ата, бұл жерде қар жаумай ма?

— Неге жаумасын, жауады, балам.

— Жауса қары қайда, бұл жердің?

— Ой-қыры жоқ, теп-тегіс қой. Қар жауған бойда жел айдап кетеді.

— Ата, мынау ат па, бие ме?

— Бұл он атқа бергісіз бедеу, балам. Нағыз теңізге мінетін жылқы. Алдына қара салмайды. Ептісін айтсаңшы, жаяу кісіні шақ көтеретін жұқа мұздан мысықша жорғалап өтеді. Арқан бойы жарықтан жалғыз-ақ қарғиды.

— Бедеуі несі?

— Құлындамаған биені бедеу дейді.

— Ата, — дедім тағы да, бүкіл ұрым-бұтағымызға мал бітпеген, қайықтан өзгеге мініп көрмеген басым ат үстіне тұрған қырауды да аңғармасам керек, — өзінің түсі ақ-ала ма?

— Жоқ, балам, түсі торы.

— Торы болса, неге ақ-ала?

— Ақ-ала емес, балам, үстіне тұрған қырау ғой.

— Қырау неге тұрады?

— Қатты жүріп, терлегендіктен тұрады.

Бірақ, мен Атаманның бұл жауабына қанағаттана алмай түсінігімше қырау деген Таласов казармасына қашқан қымтаусыз терезелеріне ғана тұруға болатын сияқты. Ал, сырты жұп-жұмыр жылқының жонына қыраудың қалай тұратындығы сәби басыма сыймай-ақ келе жатса керек.

— Мә, қосшы, қарап көр.

Мен дүрбіні сол күйі көзіме апарып едім, тек бір буалдырдан өзге ешнәрсе көре алмадым.

— Не көрдің балам?

— Ешнәрсе көрінбейді.

— Онда анау ортадағы кішкене дөңгелекті бұрап, көзіне шақтап ал.

Атаман айтқан дөңгелекті бұрай бастап едім, бүкіл дүние айқындала түсті. Көз ұшында бұлдырап ақша таулар көрінеді. Бұл не ғажап? Өң бе, түс пе, сенбеймін.

— Енді көріне ме? Не көрдің?

— Ата, — мен таңдану сезіміне сүңгідім де Атаманның сұрағына сұрақпен жауап қайтардым, — ата, ата, анау не?

— Мұз таулары ғой, балам.

IV ТАРАУ. АТАМАН ҮКICIHE БАТҚАН КYH

...Күн кешке айналып барады. Ірілі-ұсақ мұз төбешіктерін артқа тастап, айна төсеп тастағандай жап-жалтыр жазыққа үйіріле қалған едік. Жұрт дабыр-дүбір сөйлесіп, шанадан түсе бастады.

— Кәне, жігіттер, — Атаман көзін қолымен көлегейлеп жан-жағына ұзақ қарап алды, — бір шамаға келген шығармыз. Дегенмен байқап қаралық. Екі-үш жерден үкі ойып жіберіңдерші.

— Уа, сүймен әкеліңдер.

— Сүзгіні де ала түс.

— Багор де керек шығар?

— Керек. Прогон да ала кел.

Бұл аталған балықшы құралдарының көпшілігі маған да таныс болатын. Сүймен дегеніміз бір басы жұмыр ағашқа сапталған, екінші басы үшкір, ұзындығы құлашқа жуық, жуан, қырлы темір. Ол мұз не тоң ою үшін қолданылады. Сүзгіміз ағаш сапты темір шеңбер. Шеңберге кендір тоқылған қоржын-тор ұсталады. Бұл балық сүзіп алатын құрал. Багор дегеніміз ұзын сырыққа сапталған бір бұтақты қармақты темір. Қармағы іліп тартуға, бұтағы екі нәрсенің арасын қашықтатуға пайдаланылады. Түсіне алмай қалғаным «прогон» еді, бұнысы бір аса ұзын сырық екен.

— Ал, кәне, бастадық.

Бес-алты жігіт киімдерін лақтырып тастады да, болат сүйменді көкше мұзға қарш-қарш ұрып, үкі оюға кірісті. Сүзгілер сүйменнен ұшып түскен ұзын мұз түйіршіктерін арши бастады. Көп ұзамай үлкен қазан аузындай жердің мұзы қақпақтай төңкерілді де қалды, тым-ақ қалың қатқан екен, аршыннан аса бар шығар. Жұрт анталай қалғанға мен де үңіліп едім, үкі аузында Сережаның көзінен аумаған қаракөк бірнәрсе мөп-мөлдір боп дөңгелене қапты. Жағада қалған досымды есіме түсіріп, жақындай бердім. Енді қарасам су екен. Судан бір ашқылтым иіс келетін сияқты. Атаман қолындағы ұзын сырығын үкіге бойлатып шығарды да, масаттана бір күліп алды.

— Шамам шама-ақ екен. Дәл үстінен түсіппіз, — деді ол, сырықтың ұшына ілесе шыққан қайыршық топырақты аузына апарып, — жолы болады демеп пе едім қосшы баланың. Анау мұз таулары жаңа көсеге тоқтаған болды. Мынау Константин қойнауы. Бұл бір балықтың қысқы қорасы.

Жұрт сүйінішті пішінмен маған қарап еді, мен де мақтанышымды сыртқа шығарғандай кеудемді толтыра бір дем алдым.

— Ал, жігіттер, — деді Атаман, — аттарыңды дереу туарыңдар да, оншақты адам қос тігуге кірісіңдер. Қалғанымыз шай-су піскенше біраз үкі ойып, ау құрып тасталық. Бұйырса, ертең ақбалық жейтін боламыз.

— Қосты мынау кішкене төбешікке тігерміз, — деді Михаил Иванович.

— Әрине, қос тігуді Арман екеуіңе жүктедім.

Он бес шананы кішкене ғана мұз төбешіктерінің аралығына үйіре тастадық та, Михаил Иванович пен Арман ағай бастаған бір топ адам қос тігуге кірістік. Қалғандары сүймендері мен сүзгілерін сүйретіп, Атаманға ілесіп кетті. Әлгіде ғана құлазып жатқан меңіреу кеңістікке жан біткендей, төңірек түгел қашыр-құшыр бола қалды. Көп ұзамай отыз адамдық үлкен қос та дайын болды. Қос қабырғасы итарқаланып қаланған биік нарқамыстан тігіліп, сырты пішенмен жабылды. Еденіне қамыс пен қоға қабат-қабат төселіп, мамық пішен салынды. Пішен үстіне киіз жайылған еді, бейне құс жастықтай жұп-жұмсақ болды да шықты. Өз қолымызбен тігілген бұл қамыс қос маған Атанияз мырзаның едені солқ-солқ етіп, сирағы шіріп, жар жиегіне қарай қисая бастаған тақтай казармасынан әлдеқайда артық көрінді.

— Тамаша болды, — Михаил Иванович қамыс қосқа сүйсінгендей біраз қарап тұрды, — ал, жүріңдер, енді Атаманға баралық.

— Тамаша болды, Михаил Иванович, — жұмысқа жөнді араласпаса да, осы қосты өзі тіккендей екі бүйірін таянып, тәлтиіп тұрған Асаубай, томпиып сыртқа тебе біткен ала көздерін күлімдетіп, мардымси сөйледі, — тамаша болды. Анау жерінде бір саңылау қалып барады екен. Бір уыс шөпті апарып тыға салып едім, қатып кетті. Қазан мен Дауыл ас пісіре берсін. Жұмыстан келген соң ішу керек. Тоңбаймыз. Түу, түк етпейді. Жақсы болады.

— Апыр-ай? — Арман мырс етіп күлді, — бір уыс пішенді тыға сап едің, қатып кетті. Өгіз мүйізіндегі шыбын...

Жұрт ду күліп алды.

— Әй, не дейсің? — Асаубай кіжініп ілгері ұмтылды, — ойларсың...

— Жақсы болады дейсің, ә? — Михаил Иванович басын шайқады да, Асаубайды қолтықтап ілгері ұмтылды. — Жүр кеттік.

Алдыңғы күні Атаман қорасында мені мазақтайтын топал иекті еңкіш жігіттің аты Қазан екен. Тегі ақ келіншек қорасының көптен бергі қолбаласы болса керек. Екеуміз жаңа ғана көріскендей бір-бірімізге бажырая қарастық та, қос басында қалып қойдық. Еңкіш жігіт әлденеге наразы адамдай, Михаил Ивановичтар кеткен бағыттан көз алмай, біраз үнсіз тұрды да, маған бұрылды.

— Әй, бала, сенің атың кім?

— Менің атым Дауыл, ағай.

— Дауылы несі, сөйдеп те ат қояды екен. Неге олай деп қойған, ә?

— Дауыл күні туыппын. Ағай, сіздің атыңызды неге Қазан деп қойған?

— Қазан емес, Қазанғап, — менің сұрағымда әрі таңдану, әрі кекесін бар еді, жігіт осыны аңғарып қалды-ау деймін, бажырайып ашумен қарады, — Қазан деп шығарған Қарабастың тоқалы, шынашағымдай әлгі Асаубай да мазақтап, ә, көрдің бе? Сен де соған еліктеймісің?

— Жоқ, ағатай, мен сіздің атыңызды шынында да Қазан екен деп қалған едім. Қазанғап дейсіз бе?

— Жә, жә, жетер. Әкел, анау сүйменді, — еңкіш жігіт, баяғыдан бергі жұмсалғандарының есесін бір қайырайын дегендей, мені жұмсауға кірісті, — «Қазан» де, қап» те, бәрібір. Менің атымды Атанияз қойшы, байымас едім. Атанияз мырзаның атын Қазанғап қойшы, кедей болмайды.

— Мәңіз, аға, — мен сүйменді сүйретіп әкеліп, Қазанғапқа ұсындым, — үкі оясыз ба?

— Әй, сенің атын Дауыл ғой. Күшің де дауылдай шығар. Өзін үкі оя білесің бе, кәне, қимылыңды көрейін?

— Аға, мен үкі ойып көргенім жоқ.

— Не, оның оқуы бар ма, ал да ұра бер. Атыңа сай күшің болса өзі ойылады.

— Жарайды, аға, ойып көрейін.

Мен өз бойымнан биік сүйменді зорға көтеріп, көкше мұзға соға бастадым. Бірақ, мұз бетіне дақ түсіре алар емен, ұшына таман ұстаған едім, салмақ сабына қарай түсіп, дір-дір етеді.

— Әй, бала, — жігіт шек сілесі қатып күлді, — көрдім, қандай дауыл екеніңді. Бер, бері. Енді мынау Қазан дауылының күшін көр.

— Мәңіз, аға.

Қазанғап сүймен ұстаған қолдарын төбесінен асыра керіп, көкше мұзды қарш-құрш ұра бастады. Екі аяқтың арасын кең тастап, құлашын жаза қимылдайды.

Сүйменді сілтеген сайын кесек-кесек мұздар омырылып ұшады. Маған қазір Қазекеңнен асқан күшті адам жоқ тәрізді көрінді. Көп ұзамай үкі аузынан көгілдір су да бұрқ ете қалды.

— Әй бала, анау мұздарды қазанның біріне сала бер.

— Аға, ол мұзды неғыламыз?

— Ерітіп су істейміз де, шай қайнатамыз.

— Су тұрғанда мұз ерітудің керегі не?

— Теңіз суы ащы болады.

— Неге ащы болады?

— Әй бала, өзің басымды қатыра берме. «Неге ащы болады!» ащы болған соң ащы болады да. Мен қайдан білейін неге ащы болатынын? Қасқырбайдың молда інісі дейсің бе мені?

Қазанғап менің ендігі сұрақтарыма жауап қайтармады. Қолындағы сүйменімен мұзды сәл қашап мосы сирақтарын нық орнатып, жуан сырықты екі мосының ашасына салды да, екі қазанды сол көлденең сырыққа апарып асты. Содан кейін бір қазанды мұзға, екінші қазанды суға толтырып, лаулатып от жақты.

Жігіт енді от ысыруды маған тапсырып, өзі шана жақтан бір нәрсені көтеріп келген еді, бұнысы азық қабы екен. Сырты қырауланып қатқан еттерді үкідегі суға бір малып, су құйылған қазанға тастап жатыр. Имек қабырғаны да,көзім шалып қалды. «Ә, бұйырса конькилі болам екен» деп ойладым. Енді бір қарасам жігіт балтасын көтеріп-ақ алған екен, әлгі қабырғаны шапқалы жатыр.

— Ағатай-ай, шаппаңыздағы, — деп жабыса түстім.

— Немене, — жігіт маған таңдана қарады, — нені айтасың?

— Мынау қабырғаны шаппаңызшы деймін.

— Оны не істейсің?

— Коньки істейін деп едім.

Жігіт басын шайқап күлді де, үлкен қабырғаны үкіге бір малып тұтасымен қазанға салды. Мен тілегіме жеттім-ау дегендей күрсіне бір дем алдым. Әзірге әңгімеміз осымен аяқталып, әрқайсымыз өз жұмысымызға кірістік. Қос басында екеумізге де ермек табылатын тәрізді. Мен екі қазанның астындағы отты кезек ысырып отырмын. Жасынан енбекке үйренген еңкіш жігіт қос маңында күйбеңдеп, кем-кетігін түзеп жүр. Бір қолында сүймен, бір қолында багор, өзімен өзі кеңесіп, күбір-күбір сөйлейді.

Енді бір қарасам төбешіктің мұзын қопарып, багормен сүйреп жүр екен.

— Аға, оны не істейсіз?

— Көрмеймісің, атқа қора соғып жатырмын. Бізге жылы қос керек болғанда, оларға ық керек емес деймісің.

— Аға, анау мұз таулары мен мынау төбелер қалай пайда болады?

— Қатты жел қуған мұз бірінің үстіне бірі көтеріліп, мұз тауын жасайды.

— Аға, итбалықшылар қай жақта?

— Мынау жақта, — жігіт оңтүстік шығысқа қарай иегін бір қағып тастады, — әй, бала, мылжыңдай бермей көзіңе қара, ысыр анау отыңды.

Сөзге айналып, байқамай қалсам керек, қамыстар қазан астынан құлап түсіп, беталды жанып жатыр екен. Дереу ысыруға кірістім. Отты жаға отырып ойға кеттім. Еңкіш жігіттің иек қаққан бағытында әкемдер жатқан болуға тиісті.

— Уа, жарқыным, — әуелгі кезде түсіне алмай қалған жігіт «бұған не болды?» дегендей, үрейлене қарады да, менің киімдерімді уқалай берді, — не болды, бір жеріңді өртеп алдың ба?

— Аға, анау не? — дедім қолымды батысқа созып.

— Айтып тұрғаның не өзіңнің, түсіндірші?!

— Атамандар жақтағы анау отты айтамын.

— Түу, зәремді ұшырдың ғой, — жігіт енді ғана түсінді де, сол қолымен кеудесін басып, ұзақ күліп алды, ақмақ бала, ол от емес, батып бара жатқан күн көзі.

— Солай ма, мен от екен деп едім. Аға, күн көзі мұзды қалай тесіп өтеді?

— Көрдің бе, «құдай бергенге құлай береді» — деген сол. Күн екеш күннің өзі де Атаман үкісіне қонақтағалы барады. Ал, Атаман ше? Қалай айтайын деп едім? Тоқташы... ия, қожамыз... Жоқ, Таласовтың... жо, жо, екеуінің қолына... Әй, қалай еді?... Ия дұрыс, екеуінің де алақанына кезек қонақтаған күн.

Қазанғап бір терең мұңға шомғандай ауыр күрсінді де, батып бара жатқан күнге қарады. Оның үзіп-үзіп айтқан өкінішті пікірін мен түсіне алмадым. Қостас жолдасымның түсініксіз қасіретіне ортақтаса мен де ауыр күрсіндім де, манағы мұз тауларына қарадым.

— Аға, анау мұз тауының төбесіндегі қарауытқан не, қос па?

— Қос емес, қайық.

— Қайық мұз тауының төбесіне қалай шыққан?

— Көрмейсің бе, бір қабырғасын сөгіп әкетіпті ғой. Биыл мұз қатарда қатты дауыл соғып, сен, жүріп, балықшылар үлкен апатқа ұшыраған. Сонда сенде қалып қойған бір бишараның қайығы шығар. Адамдары мен бір қабырғасын түбіне батырып, екінші жартысын мұз көтеріп төбесіне лақтырыпты, — жігіт тағы да күрсініп алды, — жарайды, енді отыңа бар. Ет те пісіп қалған шығар. Қазір тары салып жіберейік.

Мен орныма барып, отты ысырып тастадым да, қызыл жалынды алаңнан көз алмай ұзақ тұрдым. Қысқы күн бірден бірге төмендей-төмендей барып, көкжиекке қызғылт жолақтарын ғана қалдырды да, Атаман үкісіне сүңгіді де кетті. Мана шығыстан басталған буалдыр мұнар енді батысқа қарай жылжыды. Аспаннан жылт-жылт етіп алғашқы жұлдыздар да көріне бастады. Іңір қараңғысы бірден-бірге қоюланып, төңіректі айқын байқатпай қойды...

Біз ас ішіп болғанда ай едәуір көтеріліп қалған екен. Оның қай үкіден шыққанын байқай алмадым. Астан кейін екі шанаға толтыра жүк тиеп, жиырма сегіз жігіт түнгі жұмысқа аттанды да, Қазанғап екеуміз қос басында қалып қойдық. Аяқ-табақты жуа отырып, еңкіш жігіттің манағы бір иек көтерген бағытына қарап едім, көз ұшында жылтылдаған от көрінді. «Сөз жоқ, бұл әкемдердің қосы шығар-ақ», деп ойладым. Енді ебін тауып кетудің амалына кірістім.

— Аға, мен Атамандарға барып келейінші, ә, аға?

— Манағы күн қонақтаған үкіні көрмексің ғой, ә?

— Я, ауды қалай құрады екен, оны да көріп қайтайын, рұқсат етіңізші, аға!

— Коньки тебуге де құмарланып отырған шығарсың. Бара ғой.

Киіз байпақты тастай беріп, етігімді кидім де, имек қабырғаны табаныма басып, заулай жөнелдім. Жылтылдаған отқа тіке тартпақ боп бір тұрдым да, із тастау үшін Атамандарға бет алдым .«Әуелі барып ау құрғандарды көрейін, қайтарда тайып отырармын», деп ойладым. Жол бойы екі-үш рет жығылып, Атаман аланына жеттім. Мен мұзды ұзына бойға тіліп алып, ауды сол тілікке құратын шығар деп едім, жоқ, олай емес екен. Әрқайсысының арасын он құлаштай етіп дөп-дөңгелек үлкен үкі олардың араларынан бірнеше ұсақ үкілер дайындапты. Мен барғанда Михаил Иванович бір басына Жуан арқан байланған ұзын сырықты ең шеткі үкіге байлатып жатыр екен.

— Аға, не істеп жатырсыз? — деп сұрадым мен таңданып.

— Ау, Дауылмысың, сен қайдан келіп қалдың? — Михаил Иванович маған айналып бір қарады да, сұрағымның жауабын түсіндіре бастады. — Көрмейсің бе, ау құрғалы жатырмыз...

— Ауды осылай құра ма?

— Әрине осылай құрады. Қара да тұр, — Михаил Иванович енді екінші үкінің аузында қолына багор ұстап тұрған жігітке бұрылды. — Ал, Одырбай, айда прогонды.

— Қане, жоқ қой прогоның.

— Уа, іздемейсің бе багорыңмен, — Айдынғали ағай таңдайын қағып, басын шайқады.

— Сол тауық көзді бишара айрылып қалар, өзге біреуің барыңдар.

Жігіттердің бірі жүгіре жөнелді.

— Таптым, Михаил Иванович, таптым, — деді багорлы жігіт.

— Тапсаң көршіңе қарай айда.

Көрші үкінің аузында да қолына багор ұстаған тағы бір жігіт тұр екен. Қатар-қатар тізілген адамдар мұз астындағы ұзын сырықты багор қармағына іліп, ысыра отырып, екінші үлкен үкіге жеткізді.

— Михаил Иванович, қане жіберіңіз, — үлкен үкі аузында тұрған жігіт сырыққа байлаулы арқанды багорымен іліп тарта бастады, — дайын ба?

— Ал, тарт, — Михаил Иванович сырыққа байланған арқанның екінші ұшына ау құлағын жалғай салды да қолын көтерді, — абайла. Одырбай, жұлмай байқап тарт.

Екінші үкідегі жігіт арқанды тарта берді. Михаил Иванович пен Айдынғали төменгі арқанына тас, жоғарғы арқанына қоға байланған кең көзді жадыраны үкіге тастауға кірісті.

— Тоқта, — деді Михаил Иванович ау таусыла келгенде, — қазық байлауға мұрша бер.

Мен қазықты қағады екен деп ойлаған едім. Бұл жолы да қателескен екенмін. Аудың төменгі құлағына үлкен тесік тас байлап үкіге тастады да, үстіңгі құлағына байланған қазықты үкі аузына көлденең қоя салды. Содан кейін түбіне тас, ортасына үлкен етіп қоға, ұшына жалау байланған сырықты үкіге тастап жіберді де, орнынан көтерілді. Жалаулы сырық тік шаншылған бойы үкідегі суда дірілдеп жүзді де тұрды.

— Аға, бұл не зат? — деп сұрадым мен.

— Бұл қарақшы, балақай.

— Қарақшы деген не?

— Аудың қай жерде екенін көрсететін маяк.

«Әбден жақсы болды ғой, қосты таппасам, қарақшыны табармын» деп ойладым да, Михаил Ивановичқа ілесіп көрші үкіге бардым. Багорлы жігіттер арқан байлаған манағы ұзын сырықты әлгі ретпен үшінші үкіге қарай жылжытты. Арқанның ұшына екінші ау байланды.

— Ал, тарт! — деді Михаил Иванович.

Үшінші үкідегі жігіттер де арқанды манағы ретпен ептеп тарта бастады. Михаил Иванович пен Айдынғали ауды үкіге төге берді. Енді екі аудың төменгі құлағын ауыр тасқа қосақтап, үстінің құлақтарын манағы сияқты қазыққа байластырып, ол қазықты үкі аузына көлденең тастады. Осы ретпен ауға ау жалғастырылып, құрыла берді. Арқан тартып тұрған жігіттер анда-санда құлаштарын кең жазып, қолдарын бүйірлеріне соғып-соғып алады.

Таңданып барсам да, бұл жұмыс маған пәлендей қызық көрінбеді. Енді қабырға конькиіммен заулатып, Атамандар үкі ойып жатқан алаңға қарай жөнелдім. Жақындап барғанымда-ақ, жұрт шу ете қалды.

— Ой, байқа, алдында үкі бар.

Абыржып қалсам керек, имек қабырға табанымнан тайып кетті де, аяғым аспаннан келіп құладым. Көзімнің оты жарқ ете қалды.

— Уа, ұстаңдар, тезірек, түсті-ау анау үкіге!

Шынында да желкемді үкінің кемеріне соға құлаған екенмін. Жігіттердің бірі аяғымнан ұстап үлгірді. Қарақұсым ойылып кеткен шығар деп желкемді сипаған едім, қолымды мұздай суға малып алдым.

— Бар болғыр, қайдан келіп едің, — деді Арман ағай мені құшағына қысып, — суға кетіп қала жаздадың ғой.

Ажалдан аман қалғандығымды сезген бойда ендігі ойлағаным коньки болған еді. Жан-жағыма қарасам көзге түсе қоймады. Бір жағынан басымның ауырғаны жаныма батса, екіншіден, конькиімнің жоғалғанына өкініп, желкемді сыйпай күрсіндім.

— Немене, басың ауырды ма?

— Аздап ауырады... Бірақ, конькиім...

— Басы жарылып қалған екен деп зәрем ұшып еді, конькиің мынау қабырға емес пе? — деді Атаман, имек қабырғаны маған ұсынып, — мә, байқап теп, қарақұсыңды ойып аларсың...

Ұятым да, қуанышым да аралас сәл жымия күрсініп, конькиімді қойныма қыстыра қойдым. Жұрт ду-ду күлісіп жұмысқа қайтадан кірісті. Еттері әбден қызған жігіттер сақылдаған сары аязға қарамастан, сыртқы сырмалы күртелерін де лақтыра тастап, жұқа камзолдарын шалбарланып алған екен. Бірімен бірі күш сынасқандай тым шұғыл жымыңдасады. Қос-қолдап ұстаған ауыр сүймендерін төбелерінен асыра көтеріп, көкше мұзға кірш-кірш ұрған сайын кесек-кесек ұшқындар жылтылдап, бүкіл алаң шатыр-шұтыр жаңғырыға, күңгірлей жөнеледі. Күректі, сүзгілі жігіттердің сүймен ізінен лақтырған ірілі-ұсақты мұз түйіршіктері ай нұрының астында бейнебір асыл моншақтай шашыла көтеріле барып судырлап темен құйылады. Әлгіде ғана тұтасып жатқан кеңістік бетінде қазан аузындай дөңгеленген қаракөк тұңғиықтар пайда болады. Алқынған алып денелерден түйдек-түйдек бу бұрқылдап, тер мен теңіз суына тән ашқылтымдау қолаңса иістер аңқиды. Қос Атаманы жұрттан оқшау беліне, батысқа қарай аяңдап барады. Бір қолында фонары, екінші қолында сүймен. Ол адымын кең алып, біраз ілгерілейді де қолындағы сүйменін жоғары көтере соғып, көкше мұздың бетіне шұқыр жасайды. Содан кейін тағы да жылжи береді. Үкі ойылатын жерге белгі жасап бара жатса керек. Әркімге бір ақыл үйрете, үкіден үкіге жүгіріп, Асаубай жүр.

— Әй, жігіттер, сендер тездеткеннің жөні осы деп құр асыға бермей, үкілерді ұқсатып ойыңдар, — Асаубай Арман ағайдың қазір ғана ойып кеткен үкісін өзінің шағын денесіне істелгендей кішкене күрегімен шұқылай бастады. — Мұрт қалдырмаңдар, ол ертең аудың жадырасын іліп, жыртатын болады. Міне, көрдің бе, мұртын қағып тастаған едім, қатып кетті.

— Апырай-ә, — Арман ағай саңқылдаған ашық даусымен басын тайқап күлді, — сенің қолың тисе болды, қатады да кетеді-ау. Бірақ бір қосты басқару Атаманның өз қолынан да келетін тәрізді. Босқа әуреленбей үкіңді тазалай берсең қайтер еді, ә?

— Ие, алғыр адам Атаман, — көрші үкіні аршып жүрген Жалықпас қария басын изеді. Бірақ, осы сорлыға түк бітпеуші еді, қолы ашық, тым шашпа жігіт-ау деймін...

— Енді дәулеттенетін шығар, — Арман ағайдың дауысында әлденендей кекесін бар тәрізді. — Қасқырбай төренің бай қарындасына үйленді ғой...

— Ие, байысын шырағым, қызғанамыз ба, — Жалықпас қария ауыр күрсініп алды, — бардың пайдасы тиеді дейді қазақ, жемесе де май жақсы...

— Қате, қате, ақсақал, — Арман ызалы пішінмен сүйменін көкше мұзға кірш еткізіп ұрды да, басын сілкіп тастады, — бай байға, сай сайға құяды. Сайдың татырға, байдың кедейге қайырымы жоқ. Байдан қайырым күтпеңіз. Атаманды мен өткен күзден бері ғана білемін. Алғыр адам екені рас. Қазанғаптың айтуына қарағанда төренің жесір қарындасына үйленуден осы кісінің жеке басы да бақытты бола алмаған сияқты. Тіпті өкініші де жоқ емес тәрізді...

— Ойпырмай, қырып жіберме, — Арман қолындағы үкіні көлденең ұстап күлді. — Дәт тақсыр, дәт, бірақ Асеке-ау, осы сенің қазанға ие болып, бізге жібергенің-ақ мақұл ғой.

— Тапқан қазаншы болар жігітті. Ойларсың...

— Ойлап тұрғаным да рас. Сен осы теңізге не бітірем деп шықтың?

— Атаманның өзі қалап алып шықты.

— Онда, Атаманға айту керек. Сені қайтарып жіберсін.

— Қайтарып жіберсін! Ойларсың, мені теңізге жіберген Таласовтың өзі. Білдің бе?

— Мүмкін сені жұмысқа емес, бақылаушы етіп жіберген шығар?

— Жіберсе ше... Ойларсың, — Асаубай қолын бір сілтеп кері бұрылды, — мен сенімен тілдеспеймін де тіпті.

— Мен де әбден құмартып барамын...

Асаубай менің жаныма келіп тоқтады да, темекі тарта бастады. Мен түйіршік мұздарды қалқып сүзіп, көтере лақтырамын. Жұрттан мақтау күтетін де түрім бар сияқты. «Өй, Асаубайдан осының өзі алымды» деген мадақтаушы дауыстар естілген сайын екілене қимылдаймын. Үкідегі мұз түйіршігін ақырғы рет сүзіп алғанымда қаракөк тұңғиық түбінен дөп-дөңгелек бір нәрсе жарқ ете қалды. «Атаман үкісіне батқан манағы күн болар ма деген оймен үңіліп ұзақ қарадым. Үлкен дөңгелек қана емес, жалт-жұлт еткен ұсақ нүктелер де көрінеді. Сан жеткісіз самсаған жұлдыз тәрізді. Үкідегі су толқынына билегендей дір-дір етіп теңселе түседі. Төбемдегі аспан теңіз түбіне қапан түсіп үлгірген?! Басымды көтеріп алсам, ай мен жұлдыздар өз орнында тұрады. Таңданамын да тағы да үңілемін. Сансыз жұлдыз бұл жолы да сауылдап түсе қалғандай. Неткен ғажап! Әлде осынау тұңғыйық түбінде төсеулі жатқан екінші аспан болар ма? Жоқ, жоқ, анау теңбіл бетті үлкен дөңгелек өз төбемдегі ай, әлгіде жақындап қалған селдір бұлт қазір бір шекесін көмкере ақырын жылжи бастады. Мен кезекті үкіге көштім. Әлден уақытта аспан жұлдызы жаңадан бір жарқ етті де, кенет көзден таса болды. Еңкейіп қарасам үкі аузын қарауытқан бір нәрсе қаптай қойыпты. Алып тастамақ болдым. Күрегіме мақталы киім сияқты бір нәрсе ілінді. Күрегімді үкіге екінші рет малып едім, әлгі нәрсе сырылып бара жатты. Үкі аузына еңкейе қарадым. Тура адам тұлғасы тәрізді. Селк етіп кейін шегіндім де, күрегімді тастап жібердім.

— Асеке, о, Асеке! — тұлабойым дірілдеп, дауысым өз құлағыма да тарғылданып естілді, — кісі, Асеке, кісі...

— Ақмақ бала, — Асаубай темекісін жиі-жиі сорып, — үкіге үңілді, — кәне, түк те жоқ, кісісі несі. Мұз астында кісі жүруші ме еді. Итбалық шығар.

— Уа, ұста, Асаубай ұста, — жұрт дуылдаса күлді, — Iнілі екеуің үкіден итбалық соғып жүрмеңдер.

— Ойларсың...

Асаубай өзге жауап қайтармады. Бұл жолы неғып шақ қалмады екен деп таңданған едім, мана бізден кеткен Атаман кері оралып келеді екен.

— Дауылжан, — Асаубай мырс-мырс күліп, мені өзіне шақырды, — бар, анау киім жатқан жерден күрек алып кел. Екеуміз бірігіп істелік. Атаман келгенде жұмысты қыздыра түселік. Мақтасын бір.

— Жоқ, Асеке, — манағы адам бейнесінен кейін мен де жолай алмай үрейленуде едім, басымды шайқадым да — қорқамын.

— Ой, қой, — Асаубай менің соңғы сөзімді аңғармаса керек, — кел, үйрен.

— Үйренетін несі бар оның. Үйренбей де білемін.

— Ойбой, сіңбірік мұрын, — Асекең маған ажырая бір қарады да, қыза-қыза қимылдай берді, — «үйренетін несі бар?» Ойларсың.

Сүйменшілердің қызу жұмыстарына разы болған Атаман буырыл мұртын ширата, сүйсіне қарап аз тұрды.

— Бәрекелді, жігіттер, алыпсыңдар-ау. Сендердің осы істеріңді Таласов пен Кабановский мырзалар бір көрсе ғой.

— Көргенде дәулетін бөліп берер дейсіз бе, — Арман қай жұмысын тоқтатпастан мырс етіп күлді, — талай көріп те жүрген шығар.

— Бөліп бермегенде де. — Атаман күрсінді, — ең болмаса...

— Жаны ашыр еді демекпісіз. Жалшыға жаны ашыған қожа байлық құра алмайды. Баюдан үміті бар адамдардың бұны ескере жүргені мақұл ғой.

— Шырағым, бұл кекесінің маған да тиіп жатыр, — Атаман тынысын тереңнен алып, басын изеді, — түсінемін. Сол қорада жасымнан сіңген терім, алынбай кеткен үлесім бар еді. Ең болмаса осымен қайырайын деп едім, қателескен шығармын...

— Ғажап емес, қателеспейтін адам бола ма?

— Мүмкін менің қатем өзгелеріне сабақ болар, — Атаман Арман мен Жалықпасқа кезек қарады, — жұмысты біраз еңсеріп қайтсақ деймін. Бұған қалай қарайсыңдар?

— Өзің біл, шырағым, — Жалықпас қонышындағы үлкен мүйіз шақшасын шығарып, жалпақ бармағының тырнағына толтыра қақты да, кең кеңсірігінен өткізе тартып, екі-үш рет түшкіріп алды. Содан кейін насыбай сарғайтқан селдір мұртын үлкен жұдырығымен сүртіп Арманға қарады, — наным бар, наным бар деп жүргенше, бітіріп кеткеннің, өзі артық болар еді.

— Әлде шаршадыңдар ма, — Атаман кезекті үкіні оюға ыңғайлана берді, — шаршасаңдар қайталық. Болмаса ас піскенше істей тұралық. Михаилдар да ауларын құрып болсын.

— Жұмысты тым көп істеген мынау Асаубай болмаса, — Арман ағай күлді, — өзге жігіттер шаршай қоймаған шығар.

— Шаршап, — Асаубай бұрқ ете қалды, — ойларсың. Тапқан шалағайды. Осы иінді бітірмей қайтпаймыз. Шаршасақ ас жеп, арақ ішіп алған соң тынығып кетеміз. Айналайын Атаман дұрыс айтады, істеу керек, істеген жақсы...

— Сорлы-ай, аспен бірге арақ та бола ма деп үміттенесің-ау, — Арман ағай Атаманға көзін қысты, — арақ болмайды. Тамағың іспесін. Жұмыс істегенде бір қарық етіп тастар кісідей.

— «Қарық етіп тастар кісідей?». Ойларсың, — Асаубай екі бүйірін таянып ала қойды, — сен қарық еткен шығарсың. Күні бойы осында Атаманды жамандап тұрдыңдар ғой.

— Әй, әзәзіл, — Арман жекіп тастады, — өсекші әйелдерше сүйреңдеме, білдің бе. Біз сол сөзімізді Атаманның өзіне айтып бердік. Өзге не айттық біз?

— Өзге не айттық, ойларсың!..

— Жетті, Асаубай, жетті, — Атаман әбден ашуланса керек, күрең көзі жарқ ете қалды, — сенің өзге олқылығың да жетеді ғой, өсек айтпа қарағым. Бәрібір, өсекке сенер кісің мен емес.

— Осы оңбағанды не бітіреді деп алып шыққансың?

— Қарағым, Арман — Атаман Арманға да нали сөйледі, — күші жоқ адамның бәрін қырамыз ба. Тілін тауып жұмсай білсең, әркімге де жұмыс табылады. Жұмысқа олқы соқса да, думан үшін керекті жігіт. Бір қоста бір тентек жүре берсін. Осының өзін елеудің керегі не?

— Қойдым, ақсақал, — Арман сөзден жеңілгендей төмен қарады, — тек әлгі өсегіне сене көрмеңіз.

V ТАРАУ. ӘКЕМ ҚАЙДА, АЙТ ЖҰЛДЫЗ?

— Ата, ата, бұл жақтан да үкі ойып па едіңіз? — деп сұрадым.

— Неге? — менің сұрағыма түсіне алмай қалған Атаман таңданып бетіме қарады, — нені айтасың, балам?

— Анау күн мұзды өзі жарып шықты ма?

— Ақмақ, болат сүйменмен ұрғылап жатқанда зорға ойылатын қалың мұзды күн қалай жарып шығушы еді, — деді қазандық басында жүрген Қазанғап ағай, — кеше Атаман үкісіне батқанын өз көзіңмен көрдің ғой.

— Атаман үкісі ана жақта еді ғой?

Әңгімеге енді ғана түсінген Михаил Иванович пен Атаман мырс етіп күліп жіберді.

— Әй, балақай, балақай, бізді неге осынша ерте тұрды деп ойлап едің? Әлгіде ана алаңнан үкі ойып келдік, — Михаил Иванович мені бауырына тартып алды, — әйтпесе күн көзі мұз астынан шыға алмай қалады да, біз Атанияз мырзаның ахонын құра алмай қаламыз. Ұқтың ба?

Ұқтым ба, жоқ па, мен басымды изедім. Сол жағымда күрең, бедеу жегулі тұр екен. Шана ішінде сүзгі бар көрінеді, «үкі ойып келгендері рас» деп ойладым.

— Қараңызшы, Атаман, қандай тамаша сурет, ә?!

— Я, тамаша. Таң қызарып атты, күн жақсы болады, — деді күлімдеп, көтерілген күннің әдемілігінен гөрі, қамысқа пайдалы тыныштық жағын көбірек ойлаған Атаман. Мүмкін,әдемі көріністі одан гөрі тереңірек ұғынуға әр кісінің ой-өрісі де жетпеген шығар, — ал жүрелік, кәне.

— Я, жүрелік, — бұл кезде күн көзі үлкен бір күміс шардай мұз бетінде дөңгелей қалған еді, Михаил Иванович сол аяғын сылти басып, шанаға қарай бара жатты ал, артына тағы да бір айналып қарады, — тамаша, тамаша көрініс. Ал, кеттік. Суларыңды ысыта беріңдер, біз жиырма аудан ең құрығанда бес ақбалық әкелетін шығармыз. Анау жігіттерді дайын балыққа бір-ақ оятатын болайық.

— Ата, қайда барасыз?

— Ау қарауға барамыз, балам.

— Мен де барайын ба, ата?

— Жүр, жүр, — деді Михаил Иванович.

Мен Атаманның рұқсатын күтіп те жатпадым, жүгіріп барып шанаға міндім. Тор бедеу күндегі әдеті бойынша жортаққа басты, екі құлағын қайшылап, шұлғып-шұлғып алады. Бейнебір билеп келе жатқан тәрізді. Жонын жапқан бозғыл қырау да жоқ, түгі жалт-жұлт етіп, мақпалдай құбылады. Түсі торыдан гөрі күреңге жуық болса керек. «Әттең, бір заулатып алар ма еді?» деп ойлаймын. Бірақ, Атаман ат басын жіберер емес, делбені тежеп келеді. Бір қалыппен жортақтай отырып аудың арғы басына барып тоқтадық. Үкідегі судың бетіне бір елідей мұз қатып қалған екен. Атаман үкілердің мұзын ойып, сүзгімен сүзіп, тазарта берді.

— Ал, қосшы бала, мынаны ептеп жіберіп тұр, — деді Михаил Иванович шеткі аудың құлағына ұзын арқан байлады да, бір ұшын маған ұстатып.

Бұдан кейін Михаил Иванович аудың екінші басына барды да, оның құлағын қазықтан шешіп алып, тарта бастады. Мен арқанды ептеп босатып тұрмын, Михаил Иванович ауды мұз үстіне тартып шығарып жатыр. Әлден уақытта аппақ бір нәрсе жарқ ете қалып еді, үкі суы сарқылдап қайнап жатқан тәрізді, бұрқырап аспанға атылды. Михаил Иванович та тарпа бас салды. Мен қолымдағы арқанды тастай беріп, Михаил Ивановичтың жанына бардым. Жүгіріп келсем, ұзындығы метрге жуық бір үлкен балық екен. Аудың көзіне желбезектен ілініпті. Босанып кетпек боп көп туласа керек, қанаттарын да жадыраға орап алыпты. Михаил Иванович балықты ау — мауымен құшақтап үкі аузынан шығарды да, ау көзінен ажыратып алып, анадай жерге лақтырып тастады. Үлкен балық құйрығымен мұз сабалап, ұзақ тулады. Кейде, ұша жөнелмек болғандай басын жоғары көтеріп, кішкене ақ қанаттарын жазып алады. Әбден шаршаса керек, біраз тулағаннан кейін тыныш қана жатты. Тек тамсанған адамдай аузын жиі-жиі қимылдатады. Аузын әрбір қимылдатқан сайын сағағы ашылады да, шашақталып біткен күрең желбезегі көрінеді. Сол күрең желбезектен сызаттап қана аққан қызыл қан көкше мұзға тамады. Үстін жапқан қабыршақтары күн сәулесімен күміс теңгедей жарқырайды.

— Аға, бұл не балық, қандай үлкен? — деп сұрадым, таңданып біраз тұрған соң.

— Ақбалық, балақай.

— Ақбалық болса жоны неге қара?

— Әбден май басқан соң қарауытып кеткен ғой.

— Па-па-па-па! — деді осы кезде үкі басына оралған Атаман да таңданып, — міне балық.

— Қосшы баланың жолы жақсы болды ғой, — деп Михаил Иванович маған қарады, — бар балам, жүгір, енді арқанның ұшын ұста, әйтпесе суға түсіп кетеді де, ауды кері құра алмай қаламыз.

Мен масаттана күлдім де, жүгіріп арқанға бардым. Аздан кейін тағы да бір балық жалт ете қалды. Бірақ, бұл жолы жүгіре қоймадым.

— Ал, енді арқаныңды ептеп кері тарт, — деді Михаил Иванович. Арқанды кері тарта бастадым, судан шыққан мұздай арқан қолымды қарып барады. Бірақ, сыр білдірмей төзіп тұрмын.

— Болды, енді тартпа, — деді Атаман, аудың құлақ шумен тұрған үкінің аузынан шыққан кезде.

Михаил Иванович жүгіріп менің жаныма келді де, ауды арқаннан шешіп алып, қазыққа байлады үкінің аузына көлденең тастады. Содан кейін балық шыққан үкіге келіп, арқан ұшын екінші аудың құлағына жалғады.

— Енді кері тарт, — деді Михаил Иванович.

Мен арқанды кері тарттым. Михаил Иванович менің қасыма қайтып келді де, енді екі аудың құлағын үкі аудағы көлденең қазыққа байлады. Осы тәртіппен ауды қарап шыққанда аршындай-аршындай қырық-елу ақбалық алдық.

...Кешкі жұмыстан шаршап қайтқан жігіттер шайларын шала-пұла ішті де, жаюлы төсекке қисая кетті. Көзде ұйқы жоқ, дөңбекшіп мен жатырмын. Күндіз ұйқтап алғанмын. «Жұрт көзі ілінген бойда зытайын» деп ойлаймын. Ақ келіншек үйінің күйттігіне үйренген Қазанғап ағай жатар емес, біресе ат маңында, біресе қазан басында бір нәрселерді шұқылап, күйбең-күйбең әлі жүр. Әлден уақытта Қазанғап ағай төсекке келіп бір қисайған еді, енді Асаубай мазасыздана бастады. Далаға әлсін-әлі жүгіріп шығады. Майлы балықты тым кеп жеп, түйірдің де екі-үш аяғын төңкере салған болатын, асылы осы ағайдың іші де маза бермей жүрген шығар. Асаубай ішін баса ыңыранып төсегіне құлады да, бірден-ақ қор ете қалды. Біраз тыңдап жаттым да, орнымнан ақырын ғана көтеріліп, қос төбесінде ілулі тұрған дүрбіні іздей бастадым. Бұным ұрлық емес, біріншіден, дүрбіге қызыққандық болса, екіншіден, әкемнің қосын алыстан көрудің амалы еді. Бейне бір безгек болған адамдай бүкіл денем дірілдеп, сипалап жүрмін. Жүрегім кеудемнен атып кеткелі тұрғандай дүрс-дүрс қағады, міне, дүрбінің қорабына да қолым ілінген тәрізді. Я, сәт!..

Мен далаға шыққанда ай еңкейе бастаған екен. Жел тымық. Ай сәулесі мұз бетіне жалпақ ақ жолақ тартып алыпты. Жұлдыз біткен тұнық аспанға ине шаншар ашық тастамай тізіле қалыпты. Тым тығыз болғандықтан, орын таба алмағандай, кейде әне жерден, кейде міне жерден бір жылт етіп ағып түседі. Аңырып аз тұрдым да, еңкіш жігіттің иек қаққан бағытына бұрылдым. Кешегі от бүгін көзіме түсе қоймады. Қалай жүруім керек? Кеше от үстінде өзгеден гөрі ірілеу бір жарық жұлдыз тұрған еді. Енді соны іздедім. Дәл өзі болуға тиісті, жарқырап тұрған бір жұлдызды көрдім де, қуанып кеттім. Демек, тура ай сәулесі астына жүруім керек.

Имек қабырғаны табаныма басып алдым да, заулай жөнелдім. Біраз жүргеннен кейін өкпем де өше бастады, тым қатты жүгірсем керек. Айналып артыма қарап ем біздің қамыс қосымыз көзден таса болыпты. Мені ешкім естімеген сияқты, қуғыншы көріне қоймады. Мұз үстінде біраз дем алдым да, қайта зауладым. Қостан бойымда бетімді қарып алған түнгі аяз, енді жылынып кеткен тәрізді... Терлеп те келем, қорқып кетем. Кейде бір нәрсе шатыр-шұтыр ете қалады. Үрейім ұшып, аз бөгелем де, қайтадан қозғалам. Өзге тірі жоқ, құлазыған кеңістікте шатырлаған не дауыс, қостағылар қуып келе жатқан жоқ па деп ойлаймын. Бұл қатты аяздан шатырлап жарылып жатқан мұз екенін де мен кейінірек қана аңғардым. Жүрісімді аз баяулатып тыңдасам, құлағыма ат тұяғының даусы келгендей болады. «Шын-ақ қуып келе жатқан шығар. Өзім ғана емес, дүрбісін ала кеткеніме ызаланған Амман қолына бір түссем оңдырар ма мені» деймін де, иығыма қарамастан заулаймын. Ат дүбірі дегенім өзі жүрегімнің дүрсілі екенін де аңғарар шамам жоқ. Неге қаштым қосымнан? Қашуын қашып шықсам енді осыныма өзім өкініп келемін. Әкемді қанша сағына тұрсам да, Асаубай тентек бастаған бүгінгі қырсыққа кездеспегенде қашпаған да болар едім. Атаман ертеңгі тамақтан кейін жұмысқа аттанарда қайраты мол ағайды өз жанына ілестірді де, іске шалағай Асаубай екеумізді қос басында қалдырды. Жігіттер қосым ұзаған бойда Асаубай тіміскілеп жүріп, сыртында тал қорабы бар бір үлкен сауытты үйілген пішен арасына шығарып алды. Содан кейін маған жарты кружка су алды, оның үстіне әлгі сауыттан толтыра бір сұйық нәрсе құйды. «Асеке, бұл не?» деп сұрадым таңданып. «Зәмзәм суы», — Асаубай кружкадағыны сіміріп, сіміріп алды да, жұдырығын иіскеді, — ә... әһ!» «Тәтті ме?»

Анда-санда демалып, зытып келем, зытып келем. Әбден шаршасам керек, жүрісім баяулап, аяғым да ауырлай бастады. Мұз алабын өрттей қызыл сәулесімен жауып, ай да көзден таса болды. Шытырман жұлдыздар қанша жымыңдағанмен ай сәулесінің орнын толтыра алмай, түн қараңғысы қоюлана түсті. Біраз тынығып ап, жанадан заулап едім, имек қабырға табанымнан тайып кетті де, шалқалап барып құладым. Мен ғана емес бүкіл жұлдызды аспан аударылып бара жатқандай, көз алдымнан жылт-жылт етіп өте шықты. Тым-ақ оңбай жығылсам керек, мұз да шатыр-шұтыр ете қалды, қарақұсымның қатты соғылғанына төзе алмай, жарылып кеткен тәрізді.

Көз алдым қарауытып, ұзақ жаттым. Әлден уақытта орнымнан көтерілдім, басым да қатты ауырып қалған екен, бүкіл дүние көшіп бара жатқандай, шыр көбелек айналады. Оң жамбасым бастырмай қалыпты. Тұрған бойда іздегенім «конькиім» болған еді, енді байқасам дүрбіден де айырылыппын. Қашан түскенін де білмеймін, қанша сипаласам да, таба алмадым. Қайда ұшып кеткенін кім білсін? Конькиден біржола үміт үздім де, енді өзіме таныс жұлдызды іздедім. Мен құлағанда ағып түскен бе, әлде орнынан көшіп кеткен бе, жұлдызым да көрінбейді. Қалай жүрерімді білмей, аңырып ұзақ тұрдым. Көзіме тағы да бір таныс жұлдыздар шалынды. Бұл Қазанғап ағайдың от басында отырып, ұзақ әңгіме еткен «Жеті қарақшысы». Бұрын ол арт жағымда тұрушы еді, қазір алдыма шығып алыпты. Он, жағымда шоғырланған топ жұлдыздар. Бұлар — «Үркер». Қазанғап ағайдың айтуы бойынша олар сонау жеті қарақшы алып қашқан жалғыз қызын іздеп келеді. Іздеген жоғын таба алмай абыржыған тәрізді. Әлде «түн кезген жалғыз жолаушы, жоғымды көрмедің бе?» дей ме екен. «Қазанғап ағай қателеспесе, сенің қызың анау жеті қарақшыда болуға тиісті. Қуа бер «Үркер», бөгелме. Бірақ, сен алыстан келесің ғой, әрі мұз алаңы үстінде, өте биікте тұрсын. Дүниенің бәрі көз алдыңда. Түн кезген топ жолаушы, әкемнің қосын көрдің бе? Айтшы, жұлдыз шыныңды», деймін. «Үркер» жауап бермейді, көз қарасында да әуелгідей жайнақылық жоқ, бірден бірге әлсіреп, бозғылт тартқан тәрізді. «Үркерден» әбден күдер үзген соң, айналып, артыма қараған едім, қостан шығарда «әкең мында» дегендей маған бағытшы болған сәулелі жұлдыз жарқ ете қалды. Басымның айналуы қалғанын енді ғана аңғардым да, қуанып кеттім, кім қайда, айт жұлдыз?» деп бұдан да. сұрадым.

Бар дауыспен айқай салып келемін. Бірақ менің айқайым жетпейтін болса керек. Шанадағылар бұрылар емес. Дегенмен бірден бірге жақындап келем. Өкпем де өшіп, дауысым да әбден қарлығып болды. Әлден уақытта соңғы шанадан біреу артына қарағандай болып еді, шаналар кілт бұрылып, менің жаныма келді.

— Уа, мынау елсіз, көкше мұзда неғып жүрген баласың? — деді Михаил Ивановичтен аумаған, бірақ, одан гөрі егделеу, буырыл күрең сақалды біреу, таңданған пішінмен жүзіме үңіле қарап.

— Дауыл Жантасовпын.

— Ал, бұнда неғып жүрсің?

— Әкемді іздеп жүрмін, — деп жылап қоя бердім.

— Әкең қайда еді?

— Итбалық соғып жүр.

— Я, я, соны жалғыз іздеп келесің бе, езің қай жерліксің?

— Атраудан. Ата, өзіңіз қайда барасыз?

— Біз де итбалықшымыз. Жағадан отын орып, енді қосымызға барамыз.

— Мені ала кетесіз бе, ата?

— Қайда әкетеміз, сені?

— Әкемнің қосына.

— Сен өзің сол әкеңнің қосынан шықтың ба? Бұл жерге қайдан келдің?

— Я, сол қостан шыққан едім. Ай жарығымен коньки теуіп жүріп, адасып кеттім, — бұл менің өз өмірімде бірінші рет айтқан өтірігім еді, екі бетім дуылдап қоя берді, — ата, ала кетіңізші.

— Ақмақ бала, — өтірігім тым үйлеспей жатса керек күрең буырыл сақалды ұзақ күліп алды, — итбалықшылар жатқан жерге біз шанамен жүріп отырып бір күн жарымда шақ жетеміз. Сен ұшып келген шығарсың, ә?

— Ата, — мен енді дәлелдеп жатпай, жылап қоя бердім, — ата, ала кетіңізші.

— Қой, бұл ақмақ қаңғып жүріп, жаурап елер, ала кетелік, кездестіре алсақ әкесіне тапсырармыз, таппасақ бізбен бірге қайтар. — Мін шанаға, — деді бұйра сақал.

— Рахмет, ата, рахмет.

Мен өз әкемді іздеп тапқандай күліп жібердім. Күрең сақал мені көтеріп, шанасына мінгізді де, қара тонмен орап тастады...

VI ТАРАУ. ҚҰРМЕТТІ ҚОНАҚ, ТАЛАСТЫ ПІКІР...

— Көңілсіз, балақай, көңілсіз. Жеткізер емес, жол ұзақ... А, ну!

Күрең-буырыл сақалды басын шайқап аз бөгелді де, екінші бір әнді бастап кетті.

Степь да степь кругом,

Путь далек лежит.

В той степи глухой

Замерзал ямщик.

Замерзая он...

Адамның жүрегіне жабырқау ғана емес, көзіне жас әкелетін бұл әнге артқы шанадағылар түгел қосылған еді, құлазып жатқан жапан түз күңіреніп қоя берді. Неткен ауыр ән! Жалаңаш мынау даладан паналар бұта таба алмай, боранға ұшқан адамның зары келеді құлаққа. Әнге ақырын үн қосып, мен де іштей күрсінемін. Күрсінемін де, әкемді іздеп шыққан түнгі қатерлі сапарымды еске алып, өзімді-өзім жазғырамын. «Апыр-ау, неткен көзсіздік. Сол түні мынау күрең-буырыл сақалға кездеспесем ғой, елсіз теңіз үстінде адасып жүріп, жаурап өлер едім-ау» деп ойлаймын.

«Күрең-буырыл сақалды» деп отырғаным Иван Федорович. Осыдан төрт күн бұрын мені өз шанасына көтеріп мінгізген кезде-ақ бұл кісіні бір таныс адамға ұқсатқан едім, шынында да қателеспесем керек, әзіргі болжауыма қарағанда Михаил Ивановичтың Астраханьдағы немере ағасы болуға тиісті. Әрине, бұл жорамал ғана, анығын қосқа барған соң білемін. Мүмкін, тіпті басқа бір Иван Федорович шығар. Кім де болса бұл кісінің мейірімділігі мені сонша сүйсіндірді. Барған күні ол мені жанына алып, сол маңдағы итбалықшылар қосын түгел аралап, әкемді іздеді. Бірақ, не пайда, ешқайдан таба алмадық. Ертеңіне өзімен ілестіріп итбалық соғуға алып шықты. Сол күні менің өтінішім бойынша итбалықтың екі күшігін тірілей алып қайтқан едік, қазір біздің шанамызда келеді. Иван Федорович бұлардың бірін маған сыйлады да, екіншісін өз баласына алып барады.

— Мынау шайтандар, — Иван Федорович мазасыз қынсылаған күшіктерге бұрылып қарады да, басын шайқады, — өлгелі жатқан жоқ па өздері?..

— Жоқ өлмейді, — мен күшіктерді өзіме тарта түскен Федорович, қашан жетеміз? Адасып кетпей ме?

— Сөйт, балақай, — Иван Федорович мені сол қолымен құшақтап, жүрегінің тұсына басты, — әлде Атаман қасына бармай-ақ тіке тарта береміз бе, ә?

— Әкемді ше, — қарсылық білдіруді ыңғайсыз санап, ақырын ғана күрсіндім, — әкем сағынады ғой.

— Сағынса әзі іздеп келер, барған соң Астраханьнан жазармыз. Сен өзің оқи жаза білесің бе?

— Аздап оқимын. Жаза білмеймін.

— Менің Гришам саған оқуды да, жазуды да үйреткенің дос боласыңдар. Атрауда достарың бар ма?

— Сережа деген досым бар, ол мені оқытып жүр. Жақсы бала.

— Менің Гришам да жақсы бала.

— Иван Федорович, тумаңызды көріп кетпейсіз бе? Я, я, тумамды көре кетуім керек екен ғой, — Иван Федорович мені жауырынға қағып күлді, — айлалысын қалып қоюдың амалын таптың. Тіпті мен сені келе жатқаным жоқ, керісінше, сен мені аңсаған тумама алып келе жатыр екенсің -ау. Қане езінін, түр-түсі қандай дейсің?

— Айттым ғой. Түрі дәл өзіңіз сияқты. Бірақ, сізден әрі жас, әрі биік. Сақал-шашы күрең бұйра, оң аяғын сәл сылтып басады.

— Бірақ, мұрны менің мұрнымдай тым ұзын да, ұшты да емес, тік біткен, үлкен көгілдір көзді болуға тиісті.

— Дәл айтқаныңыздай.

— Мынау жерінде, — Иван Федорович оң самайын көрсетті, — оқ жырған тыртық бар ма?

— Байқамадым, ол жерін сақал жауып кеткен, сол тұстың сақалы аппақ.

— Фамилиясын білмейсің, ә?

— Біз Михаил Иванович дейміз. Айтпақшы оң білегінде «Варяг» деген жазуы бар.

— Кешеден бері осыны неге айтпағансың. Түсінікті, — Иван Федорович басын изеп күлді, — Михаил Ивановичтар қанша көп болғанмен де, сенің айтып отырғаның сол өз тумам Михаил Иванович Соколов шығар-ақ. Я, мазасыз жанды дауылпаз, өткен күз дауылдата түсіп, бір түнде жоқ болып едің-ау, Атрауға қарай самғаған екенсің ғой... А, ну!..

Иван Федорович әңгімені доғарып, терең ойға шомды. Бауырын кең жаза, жеңіл жортқан ақбоз ат өзге шаналардан көп жер ұзап алды. Адасып кетпелік деген оймен төңіректі түгел шолудамын. Әлден уақытта көз ұшында бір сәуле жылт ете қалды.

— Алақай, Иван Федорович, — мен жолдасымды құшақтай алдым, — алақай, Қазанғап ағайдың оты көрінеді.

— Дұрыс айтасың. Келіп-ақ қалған екенбіз. Мынау, тіпті жақындағы от қой. А, ну!..

Біз желе, жорта отырып қосқа таяндық. Мен кеткен үш күн ішінде көп өзгеріс болып қалған тәрізді. Баяғы жалғыз қос емес, осы төңірекке өзге көршілер пайда болғандай, әр жерден, арасы біраз шалғайлау, жылтылдап жанған оттар көрінеді. «Мұхиттың үлкен айдайы» теңіз аспаның жаңғырта, алыстан жетеді құлаққа.

Мұхитта мал дегенде жалғыз сиыр,

Болады баспағымен егіз биыл,

Мұхитың мал жинауға әуес емес,

Қайда той, қайда жыйын соған үйір...

— Уә-һәу, де!

— Дірілдетпей ме қасқаң!

Ән салып отырған Асаубай ағай болса керек. Шынында ол жақсы әнші болатын. Қазір де даусы сәл болғанмен ешбір жарқыншақтанбай, алғашқы жақтарда аз дірілдеп барды да, бірден бірге күшейіп қияға көтерілді. Біз таянып келгенде аттар жарасып қоя берген еді, ән де кілт тына қалды. Әлсіз жүрген жолаушыдан үрейленді ме, әлде таңырқады ма, қос адамдары далаға жүгіре шығып, үрпиіскен қарасты.

— Уа, бұл қайсың! — Атаман қолымен көзін көлегейлей бізге қарады, — кештетіп жүрген не жансыңдар? Өй, айналып өт...

— Бұқ, менен рұқсатсыз тұрма, — Иван Федорович тонмен қымтап, шанадан түсті де, ілгері адымдап — бұл қостың атаманы кім?

— Мен, — Атаман ілгерілей берді, — Қарабас Толқынбаев.

— Итбалықшылар қосының Атаманы Иван Федорович Соколов, қонаққа келдік. Қабылдайсыз ба?

— Қош келдіңіз, — Қарабас күле сөйлеп, Иван Федоровичке қолын ұсынды, — құрметті қонағымыз болыңыз. Мүмкін жоғымызды...

Атамандар амандасып та үлгермеді, Михаил Иванович жүгіріп келді де, тумасын құшақтай алды.

— Иван Федорович!..

— Михаил!..

Екі тума ұзақ амандасты. Тым жақсы кергендіктен сәлемдесулерінде де бір өзгешелік бар. Бірін-бірі иығына итере тастап, көзден көзін аудармай, күліп тұрады да, аңсаған құшақтарын қайтадан қаусырып, ерніне ернін тигізе, құмарлана сүйеді.

— Тірімін де тумам, Мишутка!

— Тірі болмағанда. Тумам-ау, сені қандай жел айдап келді?

— Көріп тұрсың ғой, теңіз беті тып-тыныш. Желсіз үні айдаған аңсаған жүректің сағыныш лебі болса керек.

— Дауыл айдап келген жоқ па? Тон астында бір нәрсе қимылдайды ғой. Жылай ма өзі, немене?

— Итбалық күшігі ғой. Гришаға алып барамын.

— Шын ба? Кәне көрелік, — Михаил Иванович жүгіріп кеп тонды лақтырып тастады да, мені құшақтай алды. — Ақмақ бала, тірі ме ең? Сағыныш лебін қозғаушы да Дауыл болған екен ғой.

— Дауыл, Дауыл!

— Сүйінші, табылды!

Бірі ұрысса, бірі мүсіркей сөйлеген қос адамдары түгел дуылдасып мені қоршап алды.

— Осы пәлені теңізге алып шыққан кім, ә?

— Әлгі Арман болатын. Ол ғой дүниені шарлап іздеп жүр мұны.

— Бір күні жаласына қаламыз...

— Ертең алып барып, апасына тапсыру керек.

— Жарайды, жетті, жетті, даурықпаңдаршы, аман келгенінің өзі қуаныш емес пе, — Михаил Иванович менің жүзіме үңіліп құлағымды, мұрнымды сыйпай бастады. — Төрт күннен бері әбігерленіп іздеудеміз. Арман әлі қайтқан жоқ. Таба алмай келсе ертең Атрауға шана жібергелі жатыр едік. Өзін үсіген жоқсың ба?

— Жоқ, жоқ, үсіген жоқ, — Иван Федорович мойнындағы дүрбісін алып Қарабасқа ұсынды, — міне дүрбіңіз әне балаңыз. Жоғыңыз түгел ғой. «Анау көрінген от әкемнің қосы шығар, барып келе қояйын», деп шыққан екен, жолда мен кездестім де, шанама мінгізіп әкеттім. Бұдан былай істемейді. Бір жолға кешіріңіз, өтінемін. Мынау жұртқа ұрыстырмаңыз. Біз екі қостың атаманы осыған келіселік. Ал, егер ұрысатын болсаңдар Астраханьға алып кетемін...

— Кешірдім, сіздің үшін бәрін де кешірдім, — Атаман енді мені өз құшағына алып, маңдайымнан сипады да, аржағында зілі жоқ достық күлкімен жымиып, дүрбіні Иван Федоровичке кері ұсынды — Рахмет, атаман, рахмет. Алдымен, жоғымызды тауып әкелгеніңізге рахмет. Сіз болмағанда үсіп өлер еді. Екіншіден, менің дүрбім жоғалған жоқ. Тек қорабын ғана таба алмай қойдық. Мүмкін, мынау болашақ «Атаман» дүрбі деп қорабын әкеткен шығар. Қателік жасаған. Дүрбінің менің жастығымның астында жатқанын аңғармаған ғой. Бірақ, дүрбінің өзін жоғалтса да, өлмей аман оралса, мен одан төлеу сұрамас едім.

— Бәсе, дүрбінің қорабын шөп-саламмен ілестіріп отқа салып жібердім бе деп қысылып жүрсем, — Қазанғап ағай да күліп алды. — Ақмақ бала, сен алып кеткен екенсің ғой.

— Ха-ха, ха-ха...

Жұрт түгел ду ете қалды. Олардың бәрі де менің қорабым әкеткен қателігіме күліп жатыр. Бірақ, қателігіме өкінгенім жоқ, қайта осы қателіктің өзі алдындағы құнамды жеңілдететіндей күрсіне бір.

— Жарайды, — Иван Федорович дүрбісін Атаманнан мойнына ілді, бір ұсынған соң кері алмай-ақ қояйын. Саған сыйладым. Белгі болсын менен бір.

— Рахмет, егер белгі десеңіз қайтаруға қақым жоқ. Қосқа жүріңіз. Қуаныш ала келдіңіз. Біреудің Ж мыз баласын өзі жоқта теңізге алып шығып, өлтіріп қызым ба деп қорыққан едім. Аман алып келдіңіз. Бұл қуаныш. Екінші, Михаил Ивановичтың тумасы екеніңізді былай қойғанда, екі атаман кездесіп қалдық. Бұл тойламай болмас. Қазанғап, уа, Қазанғап, ең үлкенін жетелеп, бері алып кел...

— Қазір, алдымен от жағып жіберейін, шай ішсін қонақтар...

Сол түні жел тымық болатын. Мұз алаңның үстіне қалың қамыс төсеп, қырықтаған адам қазанды қоршай отыра қалдық. Қуанышты қабысу қошаметіне арналған от жалыны лаулап аспанға көтерілді.

— Қарабас Толқынбаич, — Иван Федорович әрі сүйсінген, әрі таңданған пішінмен басын шайқап күлді, — мынауың балық емес, алып екен. Ауды неғып жыртып кетпеген.

— Дұрыс айтасыз, — Атаман мақтанышын сездіргендей, буырыл мұртын шиыра, жымиып алды, — шынында да алып, қысқы маусым балықтың жуаситын да кезі ғой. Оның үстіне уылдырықты болған соң қозғалуға ерінсе керек, жануар. Арқанға тұмсығын іле тастап, қабырғасын ау жадырасына сүйепті де, жата беріпті Қос қармақты сағағына ілгенге дейін қозғалған жоқ. Алып дене ашуын бойына жинағанға дейін қоқаңдап та үлгерген едік, тулап-тулап зорға тоқтады.

— Я, ірі-ірі. Рас, бұдан ірілері де болады, — Иван Федорович те күрең мұртын құлағына таман апарып қойды, — өткен күз Гордеевтің қармақшылар стойкасында жүргенде мен бір қортпа ұстадым. Ұзындығы жеті құлаш екен. Қоқаңдап алғаннан кейін де оңайға түскен жоқ. Бірнеше төлмен көтеріп, кемеге зорға дегенде шығардық.

— Па, па, зор екен, — қос адамдары түгел таңданып Иван Федоровичке қарасты, — қанша тартты салмағы.

— Алып келіп өлшегенімізде салмағы 80 пұт тартты ғой.

— Я, ауласаң қызылбалық аула да, — Атаман сәл Қызыл балықты теңізден қармақпен аулайды. Ол үшін жуан арқаннан желі тартып тастайды да, арқанға бауын жарты метрдей етіп, жиі-жиі қармақ байлайды. Жүзіп келе жатқан балық біріне кездесіп, тулай бастаса -ақ болғаны, көрші қармақтар бүре түседі.

— Жақсы балық екенінде сөз жоқ, — Иван Федорович қызылбалық тағдырына байланысты терең ойға шомғандай, аз бөгеліп, күрсінді. — Бұлар уылдырығы үшін, осыдан Волга ағынына қарсы өрлей отырып, қалу Саратовқа дейін барады. Барып қайтар сапарында кездеседі. Сондықтан да тұқымы жыл сайын келеді. Тек бүгінгісіне ғана мәз болатын балық өндірісінің қожалары, ел ырысы болып есептелетін осы иықты қымбат қазынаның тұқымын көбейтіп, келешегін аулауға көңіл де бөлмейді. Оларға тек қырып ұстаса болады. Орыс оқымыстысы Барскийдің ғылымы да әзірге іске асырылмай келеді.

Иван Федоровичтің мынау сөзі мені сонша таңдандырды. «Балық тұқымын қалай көбейтеді?» деп сұрауға ыңғайланған едім, үлгере алмадым. Ат біткен әлденеден хабар бергендей оқыранып қоя берді.

— Арман келіп қалды, Арман!

— Тығыңдар мынау Дауылды.

— Я, я, бұқ, — Атаман арқасындағы қара тонын үстіме жаба салды, — әбден састырайық.

Қостағылардың достық әзілі аяқталып, у-шу басылған кезде мен басымды көтерген едім, алып бекіренің ішек-қарыны ақтарылып-ақ қалған екен. Айдынғали ағай бір қасапшыдай балтасын жалт-жұлт еткізіп, бекірені ірі-ірі кесектерге шауып жатыр. Қазанғап ағай бастаған төрт жігіт әлгі кеспелерді қазанда қайнап тұрған сыртын пышақпен қырып тазалаумен жүр. Михаил Иванович пен Арман уылдырық елеп, Атаман өлген уылдырықты кенеп дорбаға толтырып ап, тұзды суға бір батырып сығып тұр екен. Мен жүгіріп жандарына бардым.

— Көрдің бе, балам, қазір уылдырық жейміз, — Атаман кенеп дорбадағы уылдырыққа басбармағын бір барып, аузына салды да, тамсана күліп, басын шайқады, — тамаша, мә, татып көрші!

— Тамаша болыпты, — мен қарақаттай мөлдіреген уылдырықтың дәмін таттым да, Атаманға қарадым. — Ата, сіз уылдырық жасауды да білесіз екен ғой, ә?!

— Е, балақай, балақай, — Атаман күрсініп қойды, — сен шешесіз өссең, мен әкесіз өстім. Он жасымнан бастап батағада істеген екенмін. Содан бері не көрмеді дейсің?!

— Ата, сіздің әкеңіз де атаман болған ба?

— Жоқ, қарапайым балықшы болса керек, Мен әкемді көргенім де жоқ. Ол кісі теңіз апатына ұшырап, суға батқан күз мен өмірге келіппін. Солай балақай, теңізшілер тағдыры осылай болады, — Атаман өткен қасіретін еске түсіргендей, ауыр күрсініп маған қарады, — сенің қолың жұмсақ қой, анау жігіттер аршып болған балық кеспелерінің сыртын сипап қарашы. Қызылбалықтың сыртында терісіне жабысып тұрған ұсақ тікендер болады. Егер олар тамаққа кететін болса, ем жоқ. Адам қақалып өледі. Мұқият сипа, қарағым.

— Мақұл, ата, жарайды...

Біз бекіре кеспелерін түгел тексеріп, қазанға салып үлгергенімізде, Атамандар құрметті қонақтарының жанына барған еді, көп ұзамай кенет дастарқан жайылып, шайға отырдық. Жас уылдырық та ортаға қойылып, Қазанғап ағайдың спирт құйылған тал қорапты үлкен шөлмегі де Атаманның жанынан орын алды. Қаңылтыр кружкалардың кемері бір-біріне дын-дың соғылғаннан бастап-ақ Асаубай ағайға бір көңілділік пайда бола қалған еді, есірік сезімі елең етіп үлгерсе керек, қолындағы шай тостағанмен аузын қағып, Гурьевті шырқай бастады.

— Көрінген-әй, сомадай Гурьевім. Көрмедім Гурьевтей-ай жер биігін...

Ән бұл жолы тым асқақ естілді. Шынашақтай жігіттің тап-тар кеудесіне мұншама зор дауыстың қалай сыйып тұрғанына таңданып, мен бар назарыммен тыңдаудамын, тек мен ғана емес, Асекеңе жұрттың бәрі де сүйсініп отырса керек. Әркімдер-ақ оның жүзінен көз алмай қарай қалыпты. Тіпті, бізді былай қойып, тілдері өзге қонақтарымыз да елең ете қалған тәрізді. Бірін бірі шынтақпен түртіп, күбір-күбір сөйлеседі.

— Да, здорово!..

— Уә, әу, де, — бойға кенже, жасқа тең құрбысының сүйсінген Қазанғап ағай орнынан бір қозғалып жайлап жіберді, — қалтыратпай ма, қасқаң, ә?! Қазақшаны қойып, орысша да сайрап береді, әлі!..

— Сайрамағанда, ойларсың, — Гурьевтің алғашқы тұмағын қазір ғана аяқтаған Асаубай орнынан атып тұрды да, дөңгелене жөнелді, — ойларсың. Мен орыстың әнін айтып, билеп те берейін, сендерге...

— Бис-бис, — Иван Федорович жолдастарына қарасам, — гармонь әкеліңдер, гармонь...

Саратов гармоны мұз алабын жаңғырта, тұнық аспанды басына көтеріп алған бойда қонақтарымыздан да бірнеше жігіт биге араласып кетті. Бірақ, әлгіде ғана әжептәуір билеп жүрген Асаубай сол биді аброймен аяқтай алмай сәтсіздікке кездесті. Ол біраз дөңгеленгеннен кейін құлап түсті де, тізесін қолымен басып, менің жаныма қисая кетті.

— Дауылжан, қалай, қатырып жібергенім жоқ па, ә?

— Жақсы билейсіз екен, — мен билеп жүрген қонақтардан көзімді алмай күлдім, — бірақ сіздің биіңіз мыналарға ұқсамайды.

— Өй, бұлар билей білмейді,  — Асаубай кішкентай мұрнын жиырып, қолын бір-ақ сілтеді, — ойларсың.

— Әй, бәсе, солай шығар.

— Айналайын Дауылжан, — Асекең енді менің қарымды сипап, жымың-жымың күліп алды, — өзі ақылды. Маған Атаманнан бір жұтым сұрап әперші? Тағы да бір таңдандырып келейін.

— Көп ішсеңіз билей алмай қаласыз ғой.

— Ойларсың. Сен мені мас дейсің, ә? Мен мас, ә, оярсың...

— Мә, ішіңіз, — Асаубайдың пәлесінен құтылу үшін Қазанғап ағайдың алдындағы кружканы бере салдым, — Қазанғап ішпейді ғой. Мынаны жұта салыңыз.

— Айналайын, Дауылжан, езі ақылды. Ағасын сыйлайды, сыйламай, ойларсың...

Асаубай кружкадағыны аузына ақтара салды да, қайтадан дөңгелене бастады. Бұл кезде би музыкасы аяқталып, жұрт әнге көшкен еді, Асекең оны да тыңдаған жоқ, беталды дөңгелене берді. Мас болып қалды ма, әлде барының өзі осы ма, оның бұл жолғысы ешбір биге ұқсастығы жоқ, беталды бір тапырақ. Есіріктің бота тапырағына ешкім көңіл де аудара қоймады. Орыс халқының бұған дейін мен есітпеген бір асқақ әні теңіз аспанын басына көтеріп алды.

Есть на Волге утес, диким мохом оброс

От вершины до самого края...

Там лишь ветер гуляет,

Да могучий орел свой притон там завел...

...из людей лишь один на утесе том был,

Лишь один до вершины добрался.

И утес того человека не забыл

И с тех пор его именем звался...

... Много дум он в ту ночь передумал,

И под говор волны, средь ночной тишины,

Он великое дело задумал...

Тым ұзақ жырланған тамаша әннен менің түсінгенім Волга бойында бір биік шың бар екен. Стенька Разин деген бір батыр ғана сол шыңның ұшарына шығыпты. Ол осы шыңның басында толқын шуылын тыңдай отырып, ұлы ойға шомыпты. Сол ойын іске асыру үшін Москваға аттаныпты. Бірақ, арманына жете алмай, жау қолынан қаза болыпты. Арманда өлген батырдың, бар сырын әлгі шың сақтап қалыпты. Бұл шың Стенька Разиннің атымен аталыпты. Кедейді жәбірлемеушілер, азаттық ақсағандар сол шыңға көтерілсе, батыр атаманның сырын түгел тыңдай алады...

— Солай, тумам, солай, — Иван Федорович әнді аяқтап болды да, ұзын күрең -буырыл сақалын салалы саусақтарымен тарап, тумасына қарады. — Я, ұлы Россия тамаша адамдарды туған-ау. Сол ұлы Россия жәбір көріп жатқанда «оның ұлылығын қорғама, оның жауына қарсы күреспе» деген пікірге мен ешбір қосыла алмаймын... отансыздар олар...

— Қателесесіз, Иван Федорович, қателесесіз, олар отансыздар емес, — Михаил Иванович жымия күліп басын шайқады, — олар әділетті соғысты әрқашан да жақтайды. Олар Россияның ұлылығын қорғама демейді. Олар Россия патшасының отар іздеген қанқұйлы соғысына қарсылар халықты жәбірлеуші Россияға қарсы. Олар Стенька Разиннің, Пушкиннің Россиясын қорғауға әрқашан дайын...

— Ой, қойшы өзің, — Иван Федорович дәлелі әлсіз адамдай ашу көрсетіп, қолын сілтеп тастады, — мен бір ғана Россияны білемін. Сол Россияның әрқашан жәбір бермеуін, тек соның ғана жеңіп шығуын тілеймін.

— Солай деңіз, — Михаил Иванович мысқыл пішінмен Ойсын изеді, — Россиянин мешеу екенін былай қойғанда біреуден жәбір көргендіктен, өз елін қорғау үшін соғысып жатпаса керек қой. Россия өндірісінің жартыдан артық бөлегін иемденіп отырған Англия мен Франция көмек беру үшін орыс солдатының қанын төгуде.

Байдың байларына базар керек. Австриядан Галицияны, Турциядан Дарданеллді басып алу керек. Қажеті не? Керек болса алдымен өз жерін игеріп алсын. Россияның жері кең. Сені мен бізге жаңа базардың керегі не? Қай мүлкіміз өтпей жатыр...

— Дұрыс айтасың, — ұйқтап жатқан Асаубай мен ой үстінде отырған Атаманнан өзге орыс, қазағы түгел Михаил Ивановичты қостап, жарыса сөйледі, — байларға керек. Бізге қан төгу керек, ә?

— Ау, осы біздің қазақтың кейбір оқымыстылары осы соғыста Түрік жеңсе мұсылман уәлаятына жақсы болады десіп жүр, — манадан бері әңгімеге араласпай отырған Атаман сұраулы пішінмен біресе Иван Федоровичке, әсіресе Михаил Ивановичқа қарады, — осының өзі қалай екен?

— Ие, діндес елміз, солай болуы да мүмкін, — Айдынғали ағай айтуын айтса да, әлденеге ыңғайсызданғандай күреңдене жөтеліп, орнынан сәл қозғала қарап еді, ол осы пікірді қостап басын изеді, — бірақ, кім біледі?

— Уа, қойыңызшы, екеуіңіз де қайдағы жоқты айтасыз, — әңгімеге енді Арман араласып кетті, — Россияда тұрып түріктің тілеуін тілеген деген нағыз адасқандық елміз дейсіз. Исламның дін мен құраны еріккен байлардың ғана ермегі. Бізге өнер-білім керек. Жарқын мұғалімнің айтуына қарағанда Түрік артта қалған ел. Стамбулдан көмек күтушілер кешіп барсын сол мақтаған пікірдің сіздерге қайдан тарағаны белгілі. Қасқырбайдың Стамбулда оқып келген Таңқы мұртты молда інісі шығар-ақ. Атаман, көңіліңізге ауыр алмаңыз. Сол Қасқырбай тұқымынан аулақ жүргеніңіз-ақ мақұл еді. Дәулетіне қызықтыңыз ба, қалай?

— Арман дұрыс айтады, — Михаил Иванович Атаманмен Арманға кезек қарады, — Турция шаруашылықтан да, ғылымнан да артта қалған мешеу ел. Оның тізгіні шетелдік капиталистердің қолында. Мешеу елден көмек күту адасқандық. Ал, Россия — зор келешегі бар ел...

— Мүмкін солай шығар, — Атаман күрсінді, — қателескен шығармын. Арманның екінші пікірі де дұрыс болар. Дәулетіне қызықтық деді-ау. Сол дәулетте алынбаған үлесім бар еді ғой...

— Эх, Михаил, —Иван Федорович тумасына тесіле қарады, — Россияның зор келешегі бар ел екенін мойындай отырып, оның соғысын қолдамау деген сол Турцияға жеңгізу емес пе, ә?

— Жоқ, жоқ, — Михаил Иванович басын шайқап күлді, — қателесесіз...

— Ау, осы әңгімені қойсақ қайтеді, — Атаман қонағына қарады, — ән салыңызшы...

— Я, қоялық, әйтпесе мынау тумаммен аңсап келіп араздасып айырлармыз, — Иван Федорович гармоньды енді өз қолына алып, ойнауға ыңғайланды, — бірақ, мен Россияның тұтастығын тілеймін...

Гармонь жаңадан сыңғырлап, әсем ән түнгі тынық ауаны жаңғырта, асқақтай жөнелді. Мен маздаған от басында, тәтті сазды құмарта тыңдай отырып, «Стенька Разин» туралы жырға да, үлкендердің әлгі бір пікір таластарына да сан рет оралдым. Бірақ, оларға үзілді-кесілді төрелік айтуға ой-өрісім жетер емес. Алайда Михаил Иванович пен Арман ағайды жақтағым келеді...

...Қонақтарымыздың да, оларға ілесе Михаил Иванович пен Арман ағайлардың да Астраханьға жүріп кеткенін таңертең бір-ақ білдім. Қазанғап ағайдың айтуына қарағанда азық әкелуге кеткен болса керек.

— Біз жұмысқа барамыз. Қос саған аманат, — Атаман маған сынаушы пішінмен қарады, — қашып кетуші болма.

— Жоқ, — мен басымды шайқадым, — қашпаймын.

— Сөйт, ақылды бол, — Атаман арқамнан қақты, — Асау да саған аманат...

Қара тонның астынан түс ауа бір-ақ көтерілген Асаубай, бүкіл дүниені тас қабақтай қағыстырып, бір нәрсені іздеп жүр.

— Асеке, не іздейсіз?

— Не іздейсіз? Похмель іздеймін, похмель. Тығып қойған. Ойларсың?..

— Похмелі несі?

Асаубай бетіме бажырайып бір қарады да, қамыс арасын қопара бастады. Қазанғап ағайды орысша, қазақша сыбап жүр. Әлден уақытта итбалық күшігіне кездесіп қалды да, теуіп өтті. Көгілдір күшік бүкіл қос маңын көтере, қыңсылап қоя берді. Асаубай кеспелтек бір қайынды көтеріп алды да, көзінен жас мөлтілдеп, жаутаңдай қараған жас күшікті тұмсықтан салып жіберді. Көгілдір күшік иегін бір-ақ қақты. Алыса кеттік. Екеуміз де құлап түстік. Асаубай мені аударып барады. Дәл осы кезде, қайратты бір қол желкемнен көтеріп алды. Енді қарасам екеуміз де Қазанғап ағайдың қолтығында тұр екенбіз.

— Араша, батыр, араша, — Қазанғап ағай басымызды бірер түйістіріп алды да, сиректеу ақ тістерін көрсете күлді, — араша, батыр, араша!..

VII ТАРАУ. КӨЗ ЖАСЫ, КӨҢІЛ АРМАНЫ...

...Ауды құру ауыр болғанмен, қарау жұмысы пәлендей қиын емес екен. Арқаншы бала ретінде мен де еңбекке жарап қалдым. Қазір күн мен айдың Атаман үкісінсіз-ақ батып, шыға беретіндігін ғана емес, бірсыпыра нәрселерді аңғарып үлгердім. Қолым босап кетсе Михаил Ивановичтан оқу-жазу үйренуге тырысамын. Тамақ тоқ, жұмыс біркелкі оңайлана түскеннен кейін, әрі тынығып, әрі семіріп алған жігіттердің көңілдерінде де бір көтеріңкілік бар. Рас, ала таңнан тұрған адамдар, бір шетінен бір шетіне көз жеткісіз, көп ауды қарап шығып, шаналап әкелген ақбалықты мұз алаңына жайып үлгергенше күн кешке айналады. Алайда, Атрау батағасындағы жұмыспен салыстырғанда бұл әлдеқайда жеңіл. Кешке қарай қосымыз көңілді бір думанға айналады. Қара домбыра қолдан қолға көшіп безілдеумен болады. Тәжрибелі Атаман өз қосының адамдарын әрқайсысының әртүрлі өнері бар, кіл бір көңілді жігіттерден құрастырып алған тәрізді. Осы 30 дың ішіндегі «әу» деп ән салмайтыны да, домбыра тартпайтыны да Айдынғали ағай екеуміз. Бірақ, Айдекең өзінің сол кемшілігін қол өнерімен ақтайды. Ол «жарғанат фонарь» жағылған бойда жігіттердің аяқ киімдерін түгел қарап шығады да жыртылғандарын жамауға кіріседі. Тіпті Атаман қосындағылардың шаштаразы да осы адам. Ал, мен өзімнің әзірге өнерге кедей кемшілігімді тіл алғыштығыммен ақтауға тырысамын. Кешкі думан кезін де бәрінен шоқтығы биік үш адам бар. Ол — Арман, Асаубай және Қазанғап ағайлар. Арман домбыраның, Асаубай әннің, Қазанғап ертегінің маманы. Рас, Асаубай ағайға ән салдыру үшін алдымен біраз жұтқызып, көңілдендіріп алу керек. Содан кейін ол бір созылтып береді дейсің, тек тыңда да отыра бер. Адамға бітпеген тым шәлкес мінездеріне налыған көздеріңді ұмыттырып жібереді.

Араға үш-төрт күн салып Астраханьнан Михаил Ивановичтар да оралған еді, әзірге сырттай ғана таныс достым — Иван Федоровичтың Гришасы маған бірнеше кітаптар беріп жіберген екен. Қолым сәл босап кетсе-ақ мен сол сыйлықтардың бетіне үңілемін. Бірақ, еркін жүргізе алмағандықтан, ежіктеп отыруға жалығамын да, көбіне суреттерін ғана қарастырамын. Енді Қазанғап ағайдың ауыз ертегілеріне біраз тыныс беріліп, кешкі думан программасының әннен кейінгі бөліміне Гриша жіберген кітаптар да ене бастады. Оларды Михаил Иванович орысша оқыса, Арман ағай қазақшаға аударады. Ертеңіне Қазанғап ағай бұлардың әрқайсысынан Атаманша айтсақ «бір аттық» ертегі дайындап, қазан басында маған қайтадан айтып береді.

Михаил Иванович Астраханьнан келгеннен бері біздің қосымыз осы маңдағы балықшылардың ұйымдастырушы орталығына айналып алды. Күнара кешке қарай көрші қостардың орыс, қазағы бізге жиналады. Михаил Ивановичтің алып келген жаңа кітаптарын оқытады, әңгімелер тыңдайды. Әңгіме соғыс тақырыбынан басталады да мен түсіне алмайтын терең саясатқа көшеді. Ара-тұра егестер де туып қалады. Кей түндері Михаил Иванович пен Арман ағай көрші қостарды аралап, ертеңгі жұмысқа бір-ақ оралады. Олардың не істеп жүретіні белгісіз Өз аңғаруымша бір құпия сыр бар тәрізді...

Бүгін кешке, Михаил Ивановичтің Астраханьнан әкелген орыс балалайкасы мен қазақ домбырасы бір үндестік білдіре сөйлеп, тілдері өзге екі ұлттың әндері теңіз аспанын жаңғыртып барып басылған еді. «Жарқанат фонарь» жағылған бойда сөз кезегі Гриша жіберген кітаптарға берілді. Михаил Иванович «Өркешті ат» туралы ертегіні алдына жая салды да, оқып бастады. Асылы жас кезінен жаттап алған нәрсесі болса керек, оқып отырған жоқ-ау, тек анда-санда ғана көз қиығын жіберіп, жатқа соғып отыр.

За горами, за лесами,

За широкими морями,

Не на небе — на земле

Жил старик в одном селе.

У крестьянина три сына,

Старший умный был детина,

Средний сын и так, и сяк,

Младший вовсе был дурак...

— Тамаша, қызық, — ертегіге жан кіргізе айта да, бар назарымен тыңдай да білетін Қазанғап ағай, Михаил Иванович тақпақтап бітірген кезде әбден разы болғандай, орнынан бір қозғалып, басын шайқады, — ғажап, өзі «Кер құла атты Кендебай» сияқты кедей. Бірақ, мен болсам бар ғой кенжесі Иван ақылды болыпты, екі ағасының қолынан түк келмепті деп өзгертер едім. Солай емес пе, Михаил Иванович?

— Дұрыс айтасың, — Михаил Иванович ертегіші жігітті жауырынға қағып күлді, — бірақ, мұнда Иванды «ең кішісі болғандықтан, ақмақ деп ойлаушы еді, шынында ең ақылдысы осы болып шықты» деген мағына жатыр.

— Ә, бәсе, айтамын-ау...

— Михаил Иванович, — Арман ағай Қазанғап пен Михаил Ивановичке кезек қарады, — Қазекеңнің кешегі «Кер құла атты Кендебайында» да, сіздің бүгінгі оқыған «Өркешті атыңызда» да иелерінен аттары ақылды келеді екен. Осы екі батырдың аттарын тақымдарынан аударып алып, жаяу жіберсе, өз қолдарынан түк келмес еді-ау...

— Бұның да дұрыс, — Михаил Иванович ойланып қалды, — бірақ...

— Шырағым-ау, — Михаил Ивановичтың сөзін аяқтатпай әңгімеге Атаман араласып кетті, — «ат ер жігіттің қанаты» дейді қазақ. Атсыз күн бар ма? Жақсы ат сені жауға бермейді. Мысалы, мынау тәрбие, өткен қыс ығысқа ұшырағанымызда екі құлаш жарықтан шанасымен қарғып шықты...

Атаман тамағын сәл кенеп ап, ығыс туралы бір ұзақ әңгіме бастауға енді ғана ыңғайланған еді, қос сыртында бір нәрсе тықыр ете қалды да, ат біткен түгел осқырынып қоя берді. Дабырласа сөйлеп, далаға жүгіріп шықтық.

Жаға жақта қызыл жалыны аспанға көтеріліп, алаулап жанған өрт көрінеді.

— Бұл не, Атрау жанып жатқан жоқ па?

— Атрауы несі, — Атаман басын шайқады — теңіз тамағындағы қамыс жанып жатыр ғой. Биыл ит-құс көл еді, қасқыр қуған біреулер өрт салған шығар... Мұндайда аң біткен теңізге қарай шұбайтын...

Тәжрибелі адамның айтқаны кепті. Ертеңіне мұз бетінде жаюлы жатқан балықтардың бірінің басы, құйрығы кеміріліп қалғанын көрдік. Бұдан кейін балық алаңын түн бойы кезектесіп күзететін болып алдық...

...Ау қарап қосқа оралдық. Жұрт қабағы салыңқы. Әрқайсымыз да бір нәрсеге өзіміз айыпты адамдай, ақырын ғана күрсінеміз. Атаманның жүзінде ауыр налыс ізі бар, шүңірек қой көздерін шана үстіндегі еліктен аудармай, ауыр ойға шомыпты. Біздің бәрімізді де тұнжыратып тұрған сол өлік. Бұл Атаманның бөлесі, Жалықпас қарияның жақын інісі Зарлық деген адам екен. Асылы менің алғашқы күні үкі аузынан көргенім де осы кісі болуға тиісті. Біз әлгіде оны мұз астынан шығарып алдық. Атаман екеуміз ау суырып жатыр едік. «Қосшы бала, — деді Атаман, — бір ауыр нәрсе келеді. Тегі шоқыр болса керек. Бірақ, бұлқынбайды, өлі балық па, қалай?» Мен асыға күтіп тұрмын. Әлден уақытта қарауытқан бір үлкен нәрсені қаусыра құшақтап Атаман үкіден шығара берді. Жүгіріп келсем осы өлік. Атаман өліктің жүзіне үңіліп қарады да, құшағына қыса, өксіп қоя берді. «Бауырым, қайран бауырым...» Мен үлкен кісінің көз жасын да осы жолы алғашқы рет көрдім. Жұрт шоғырлана қалды. Атаман жасын тез тыйып еді, көңілі бос Жалықпас қарияны көпке дейін тоқтата алмадық. Ол қазірде де жылап тұр.

— Қайран Зарлық бишара, Қасқырбай қорасының құрбаны болдым де?! — Атаман өліктен көзін енді ғана аударды да, Жалықпасқа қарады, — қойыңыз, көз жасыңнан пайда не? Қасқырбай тұқымы қамытын азсынып, қанымызды ішеді. Бізді өлімге айдайды. Ал, мен...

— Мен бауырына ене беремін деңіз, — Атаманның көмейінде іркіліп қалған пікірін Арман ағай айтты, — бақытты сол қорадан таппақ болғаныңыз ғой.

— Дұрыс айтасың, інім, дұрыс, — Атаман ауыр күрсінді, — төреде кеткен кегімді, қызына үйленумен қайтармақ болғаным да. Менің сол адымымды анау жалғыз, мынау Қазанғап та ұнатпаған еді-ау.

— Жамал апай екеуміз айтып, — Қазанғап ағай да көзінде жас мөлдіреп күрсінді, — сіз көнбей...

— Қателестім, сол қораның ішіндегі жаман шеген үй, маған мынау еңсесі биік ордадан әлдеқайда жайлы еді...Бақытты едім онда мен.

— Қателескенсіз әрине, — Михаил Иванович Атаманға қарады, ол өкінішті адамның қасіретіне ортақтасу ғана емес, сынап та тұрған тәрізді, — байдың қызына үйленумен кек қайтпайды.

Атаман ешбір жауап қайтармады. Ол екі жағын жұдырығымен сүйеп, жүресінен отырған күйі терең ойға шомыпты. Шүңіректеу күрең көздерін аудармастан алысқа қарапты. Тек анда-санда ғана кең кеудесінің шыңырауынан өксік үнін шығара ауыр күрсініп алады. Өзін-өзі әрі айыптап, әрі ақтап отырғандай.

— Ал, жігіттер, — Атаман осы қалпында ширек сағаттай үнсіз отырғаннан кейін орнынан көтерілді, — мынау өлікті әзірше анау мұз шоқыға орналастыралық. Балық тиеген бірінші шанамен елге жөнелту керек. Жәке, өзіңіз барып жерлесіп қайтыңыз. Өзге не көмегіміз бар?!

— Көмек туралы ойласқан мақұл болар еді, — Арман Михаил Иванович пен Атаманға кезек қарады, — мүмкін, бала-шағаларына азын-шоғын қаражат жыйып берерміз.

— Бірер күндік еңбекақымды беруге менің қарсылығым жоқ, — Михаил Иванович күрсінді, — бірақ, біздің бұл қаражатымызбен қанша мұқтаж қарық болмақ. Жарымағанды жарылқау үшін бізге өзге жол керек...

— Жарымағанды жарылқау?.. — Атаман да ауыр күрсінді де, ішкі сырын өзгеден жасырғандай, ақырын сөйлеп шанаға қарай аяңдады, — Михаил Иванович, сіз қалай ойлайсыз, біз ақбалықшымыз ба?

— Әрине ақбалықшымыз.

— Ақбалықшы болсақ деймін-ау, қожамызға қызылбалық аулап беруге міндеттіміз бе?

— Ол бізді ақбалық аулауға жіберді ғой.

— Ендеше, мен мынау қызылбалықты, — Атаман сөзімді біреу есітіп қалды ма дегендей артына бұрылды да, өздеріне ілесіп келе жатқан маған ұнамсыздау бір қарап алды, — қожаға бермеймін...

— Сонда оны не істейсіз?

— Қостағылардың меншігіне түседі. Зарлықтың жетімдеріне де осыны саттырып көмек беремін. Анау күнгі сендер сатып келген балықтың ақшасын да ортаға саламын.

— Мен де осыны айтқалы келе жатыр едім, — Арман ағай Михаил Ивановичке қарады, — осылай ету керек.

— Құдай не дейді, — Атаман Арман мен Михаил Ивановичке кезек қарады, — құран не дейді бұған?!.

— Ақсақал, сіз осы құдай, құран деген сөзді қойыңызшы.

— Шырағым Арман, — Атаман қалың қабағын түйе Арманға бір қарады да, басын шайқады, — айналайын, ақылды-ақ баласың. Бірақ, осы құдай туралы тым аса сөйлемеші... Михаил Иванович, қызылбалық туралы пікірге сіз не айтасыз?

— Мен бе? Мен...

Михаил Иванович жан-жағына қарап алды да, тек Атаман мен Арман ағайдың ғана құлағына жеткізіп, тым ақырын, күбірлеп сөйледі. Мен есіте алмадым.

VІІІ ТАРАУ. АҚ КҮЙМЕЛІ ҚОНАҚТАР

Зарлық Қасқырбай төренің қолында жетім бала болып өсіпті. Берегірек келе оның інісінің кемесінде қазаншы болып жүріпті. Өткен күз әбігер апатпен мұз шала қатқанда Қасқырбай інілері осы Зарлық сорлыны теңіз ортасында қалған кемелеріне қарауылшы етіп тастап кетіпті. Екі күннен кейін арқадан борандата соққан дауыл теңізде қалғандарды қайтадан әлек етіпті. Қазанғап ағайдың айтуына қарағанда осы дауылда талай жан қырылса керек. Соның бірі мынау Зарлық, қазір біз оны өз қосымыздың шығысындағы мұз шоқының басына орналастырып келдік. Қос адамдарының бәрі де сол шоқыға түгел назар аудара, үнсіз қарай қалыпты. Аспанның алғашқы жұлдыздары да мұз шоқыға мұңая, әлсіздеу ғана нұр себе, ала бұлт арасынан жылт-жылт етіп көріне бастады. Жалықпас пен Айдынғали ағайлар үкідегі суға беті-қолдарын жуып келіп, қатарласа тұрды да, күбір-күбір сөйлесіп, темен иілді. Тек анда-санда «Алла әкбәр, алла әкбәр...» деген дауыстары ғана естіледі. Тегі «құдайларына» құлшылық етіп жатса керек. Күнде олар намаз оқымайтын-ды. Ұмытыла. бастаған намазды еске түсіруші де анау мұз шоқының үстіндегі елік болар-ақ. Асаубай ағай да үкідегі суға қолын бірер малып алды да, екі қарияның жанына тұра қалды.

— Әй, Асаубай, — Арман ағай мысқыл аралас күліп, Асаубайға қарады, — қарағым-ау, саған не люк.

— Шоқынсаң өзің шоқынып кет. Ойларсың, — екі қолын құлағына апарып, еңкейе берген Асаубай шақшия қарады да, қайтадан иіле бастады, — мен құдайдан безе алмаймын...

— Шырағым-ай, қой деп едім осыныңды, —қойын қалталарын кезек-кезек қарап, шайланын ақтарып жатқан Атаман да Арманның мысқылын ұнатпай, көз құйрығымен шолып өтті, — Қазанғап, уа, Қазанғап, Раушанның суретін көрдің бе?

— Өзіңізде болатын, — Жалықпастарға қарай аяңдап бара жатқан Қазанғап, әлденеге абыржыған адамдай кері бұрылды, — білмеймін. Анау күні көріп отыр едіңіз ғой...

— Құдай-ау, соны қайда салдым? — Зарлықтың өлігі Атаманға да өзі айтқандай шеген үйдегі бақытты кезеңін көңіл алалығы жоқ, бұрынғы түсінікті үйішін еске түсіргендей, тұлабойындағы қуыс-мүйісті қоймай, іздене бастады, — қайда жібердім, ә?.. Бақытымды да, Раушанымды да жоғалтқаным ба, ә?!

Раушаны маған конфет сыйлаған жасыл ленталы қыз да, Бақыты оның туған шешесі екен. Әкемді еске түсіріп мен де күрсіндім...

...Кейде адам өзінің бір нәрсеге себепші болғанын сезбей де қалады ғой. Дәл осындай бір жағдай менің де басымда болды. Жексембі күні сәске кезінде Атаман тор биені жектіріп, Михаил Иванович пен Арман ағай үшеуімізді жанына ертіп, түстікке қарай тарта жөнелді. Жемге әбден тойынып, тынығып алған тор бие, найзадай тік құлағын жиі-жиі қайшылай, делбесін сүзе кісінеп, басын шұлғып желеді. Шынында желіп емес, көкше мұздың бетінде билеп келе жатқан тәрізді, аяғын аса бір сәнмен тым-ақ жеңіл басып, әдемі алады. Мен о баста бұл сапарымыздың мәніне түсінген жоқ едім, қостан біраз ұзап шыққан соң ғана аңғара бастадым, тегі Атаман өз дүрбісінің баяғы мен жоғалтқан қорабын іздеп келе жатса керек.

— Балам, уа балам, Атаман компасына бір қарап, маған бұрылды, — сен өзің айтқан бағытшы жұлдызға тіке тарттың ба, әлде орағытып жүрдің бе?

— Жоқ ата, — ұмытыла бастаған ұятымды еске түсіріп, ақырын ғана күрсіндім де, төмен қарадым, — бағытшы жұлдыздың астында жылтылдап көрінген отқа тіке тарттым?

— Тіке тартсаң болғаны. Айтқандай, ақырын жүрдің бе, әлде жүгіріп отырдың ба?

— Коньки теуіп отырдым ғой...

— Михаил Иванович, — Атаман енді Михаил Ивановичке бұрылды, — сонда бұл сағатына неше шақырым алады дейсіз?

— Ең көп болғанда, — Михаил Иванович сәл ойланып жауап берді, — 6-7 шақырым ғана алған шығар...

— Дұрыс, ал, мынау тор бие жеңіл шанамен желгенде сағатына 40 шақырым алады. Қазір шанасы ауыр ғой... Атаман сағатына қарады, — балам-ау, сен конькиіңді жоғалтқан соң қанша жүрдің?

— Одан кейін көп жүргенім жоқ...

— Ендеше, — Атаман тор биенің делбесін тежей түсті, — қарай жүріңдер. Бұл баланың Иван Федоровичке кездескен жеріне таяу қалдық...

Top бие жүрісін баяулата келіп аяңға көшті. Біз шанадан түсіп жаяу жүре бастадық.

— Ал, балам, — Атаман маған қарады, — жас адамның көзі көреген келеді ғой. Мұқият қара.

— Ата, нені айтасыз, — мен тағы да күрсініп алдым, — қорапты айтасыз ба?

— Я, балам, қорапты айтам, - Атаман да күрсініп қойды. — Қораптың ішінде өзінен көрі қадірлірек бір нәрсе кеткен екен ғой.

— Ол не нәрсе еді, ата?

— Қызым мен анасының суреті. Сол сен қашатын күні кешке мезгіл-мезгіл қарап тұрайыншы деген оймен дүрбі қорабыма сала қойған едім...

— Кешіре көріңіз, ата...

Өзге күнәмді кешіре тұрса да, жалғыз баласы мен өз сөзімен айтқанда, «жастайынан бас қосып», «тағдырға қарсы тұра алмай», амалсыз ажыраған жұбайының суретін жоғалтқанымды кешірмесе керек, Атаман жауап бермеді. Біз ұзақ іздедік. Мен Иван Федоровичтың шанасына мінер күні қыйыршық қар жауып, жаяу борасын жүріп тұрған болатын. Қазір әр жерге кішкене ғана күртік тұрып қалған екен. Күртікті етік басымен түрткілеп келеміз. Кінәлы өзім болғандықтан мен жұрттың алдын орағыта жүгіріп, күртік көрінсе-ақ аударыстырып шығамын. Бірақ, таптырар емес. Ұшы-қиырсыз кеңістікті ұзақ шарлағаннан кейін аңырып біраз тұрып қалған едік. Оң жағыма бұрылсам, екі-үш үкінің, сілемі көрінді. Қазір қайта мұз қатып, айналасына күртік қар тұрып қалыпты. «Иван Федоровичтар мені шаналарына мінгізер алдында сол жерден үкі ойып, аттарын суарған болатын. Мынау сол үкілер емес пе екен?» деген оймен жан-жағыма қарадым да, күліп жібердім. Бізден біраз жер қалған солтүстік-шығыста бір кезде жарыла түсіп, қайтадан түйіскен екі мұздың арасы күдірейіңкіреп барып, аласа ғана, бірақ, ұзын итарқа тартып алған екен. Менің ең алғаш құлаған жерім осы итарқа болуға тиісті. Орнымнан дереу тұра сап, конькиімді іздеп сипалағанымда алдымен қолыма тигені осы итарқа болатын. Сол итарқаны мен Иван Федоровичтың шанасына көтерілгенде де көргенмін.

— Ата, табылды, — мен қуанғаннан Атаманды құшақтай алдым, — анау менің құлаған жерім. Жүріңіз, соған баралық.

— Жігітсің, балам, — Атаман күліп жіберді, — өзің жершіл екенсің. Жүр, кеттік.

Бұл жолы cap желмей-ақ, ақырын аяндай отырып, үмітті итарқаға жеттік те, сол итарқаның қос жақ етегінен іздеуге кірістің. Мен мұз бұдырмағына тұрған күртікті етігіммен қопарып, күрсініп қоямын. «Шынымен-ақ таптырмас па екен?» Үмітті үзе бастадым. Әлден уақытта тағы да бір күртікке кездестім. Жалпы аумағы Атаман үйіндегі ақ келіншектің маған Атраудан аттанар күнгі кеште мұжылмаған сүйектер «тартқан» қаңылтыр табағының ғана көлеміндей екен. Дарақы келіншектің табағын басына аудара салмаған өкінішімді еске түсіргендей, дәл сол табаққа ұсаған күртікті теуіп жіберген едім, қызыл-күрең бір нәрсе жылт ете қалды.

— Алақай, ата, — мен аса қуанғандықтан ба, әлде «тағы да айрылып қаламын ба» деп қауіптенгендіктен бе, дүрбі қорабын құшақтай құладым, — таптым, ата, таптым қорапты.

— Рахмет, балам, рахмет, — Атаман мені сыртымнан қапсыра құшақтаған күйі, еңкейіп кеп маңдайымнан сүйді де, күлді, — өзің жоғалттың, өзің таптық. Енді бәрін, кешірдім. Міне, мен де таптым сенің жоғыңды. Мә, балам!

— Ол не, ата!?

Атаманның маған ұсынғаны баяғы қабырға коньки екен, қазір оның пәлендей керегі жоқ, еді. Өйткені Михаил Иванович маған Астраханьнан сәлемдеме деп кәдімгі коньки әкелген болатын. Қазір қол бос уақытта соны теуіп үйреніп жүрмін. Алайда әкемді іздеген түні мініп шыққан сенімді «көлігім» еді ғой, тастамайыншы деген оймен қабырға конькиімді қонышыма қыстырдым да, күліп жібердім. Атаман күрең қорапты қолғабымен ұзақ сүртіп, қақпағын ашты да, қорап ішінен шыққан ақ жібек орамалдың бүктесінін ақырын ғана жазып ап, жымиды.

— Әйтеуір ішіне қар түспей, құрғақ сақталған екен. Міне, көріңдер, менің Раушанымды. Айналайын, жалғызым...

Біз бәріміз де суретке үңіліп қалдық. Ақ кимешекті әдемі келіншек шашы желкілдеген жас нәрестені алдына алып, суретке күле түскен екен. Бұл Раушанның анасы болуға тиісті. Жұқалтым жүзінде аса бір сүйкімділік бар тәрізді еді, ес біле келе ойласам, бұл кіршіксіз ана махаббатының мақтаныш көркі екен ғой. Ана алдындағы нәресте де екі қолын ілгері соза талпынып, мәз-мейрам боп күліп тұр.

— Келші, келші, — Атаман ілгері созған алақанының салалы саусақтарын сәнмен ғана ойнатып, басын изеді, — кел, келе ғой, қарлығашым!

Мен Атаманның жүзіне қарадым. Оның өнінде де өзгеше бір мейірім сезімі бар, шүңірек көздері ғана емес, бетіндегі шешек дағы да мөлт-мөлт құбылып, күрең қарашықтарымен бірге ойнап тұрған тәрізді.

— Я, тамаша, — Михаил Иванович сурет пен Атаманға кезек қарап, басын шайқады, — жақсы бала. Анасына тартқан. Ана жүзінде бөбегіне сүйсінген мейірімді мақтаныш...

Прекрасное дитя, я на тебя смотрю...

О, если бы знало ты, как я тебя люблю!

Как милы мне твои улыбки молодые...

деп отырған тәрізді. Я, ардақты ана, сені құрметтемеуге кімнің хақы бар. Сен дүниеге өмір әкелесің. Құрметтейміз де, қошаметтейміз де дүниеге өмір әкелуші, ардақты ананы!..

Қандай тамаша пікір! Мен көп уақытқа дейін, ана сезімі бейнелеген өлең де, ананы ардақтаған ғажайып көркем сөз де Михаил Ивановичтың өз ойының жемісі шығар-ақ деп ойлаушы едім, берегірек келе бұлардың бірін Лермонтовтың, екіншісін Горькийдің шығармаларынан кездестіргенімде үлкен бір жаңалық тапқандай болдым...

— Дұрыс айтасыз. Ардақтау керек ананы, — Атаман қолындағы суретті қалың ернінің ұшына жақындатып, аузын бір шөп еткізді де, ақ жібекке қайтадан орай бастады. — Ал, жігіттер, тор биені суарып алайық та, қосқа Қайталық. Тезірек үкі ойып жібере қойыңдар.

Михаил Иванович пен Арман ағай екі сүйменді қолға алып үкі оюға кірісті. Көп ұзамай дөңгелек үкі аузынан иісі ашқылтымдау қара-көк теңіз суы бүрк ете қалды. Тор бие ауыздығын ағытқанша мұрша бермей, Атаманды сүйреп барып, үкіге тұмсығын мала берді де, осқырынып кейін жалтарды.

— Тыр-тыр-тыр, жануар! Ау, бұған не болды. Итбалыққа кездесті ме? — Атаман үкіге еңкейіп, қолын суға малды да, ұзындығы жарты аршындай үлкен бір қызыл сазанды мұз бетіне лақтырып тастады, — мынау ғажапты қараңдар. Қалық ұйыққа кездестік, жігіттер.

Біз таңырқап үкіге еңкейдік. Шынында да солай екен. Үлкен-үлкен сазандар бауыр қанаттарын ақырын сермеп, сабырмен ғана қозғалып, ерсілі-қарсылы өтіп жатыр. Кейбіреулері даладағы ауаны жұтып алмақ болғандай, құйрық қанатын төмен түсіріп, басын жоғары көтере, тік тұрған күйі, ауыздарын асығыс қозғап қояды. Бүріле біткен еріндерін жиі-жиі жыбырлатып, желбезектерін кең аша дем алған сайын су бетіне дөп-дөңгелек көбіктер көтеріліп шығады.

— Ойпырмау, мынау бір екі көсенің арасындағы қойнауға қамалып қалған қалың үйық болды ғой, — Атаман ұзын сапты сүзгісін үкіге бойлатып шығарды, — суы терең екен. Бірақ, көп ұзамай замор  болуы да мүмкін-ау, мұның... Дауыл, сен шынында да жолды бала болдың. Бірақ...

Атаман мені қолтығына қысып күлді де, артынша ауыр күрсініп алды. Сүйініші мен күйінішінің тез алма сып кеткеніне таңданып, Атаманның бетіне қарап едім, маңдайына терең қыртыстар пайда болып, осыдан бірер минут бұрын ғана күлімдеп тұрған шүңірек көздерінің күрең қарашықтары да тұнжырай қалған екен, қабағы тастай түйіліп, бетіндегі шешек дақтары да әрі жиілене, әрі тереңдей түскен тәрізді.

— Ал, кеттік, — Атаман тор биенің ауыздығын салды да, шанаға көтеріле берді, — кел, мініңдер, жігіттер.

Қосқа қарай жөнелдік. Тор бие қамшы салғызбай заулап келеді. Татадан ұшқан ұсақ мұз бұршағы күміс моншақтай жарқылдап, көзіңді ешбір аштырмай, қойны — қонышымызға толады. Бейне бір жаяу борасын жүріп тұрғандай. Көзімді қолғабыммен көлегейлеп, тор биеге қараймын да «Кер құла атты Кендебай» мен «Өркешті ат» ертегілеріндегі қанатты тұлпарды еске түсірем. «Әй, солар тор биеден жүйрік дейсіз бе? Бірақ олар от дариясынан да, шалқар теңіздерден де ұшып өткен ғой. Ал, тор бие ше? Атаманның анау күнгі әңгімесіне қарағанда тор бие де жүкті шанасымен есік пен төрдей жарықтан жалғыз-ақ қарғып шығыпты. Шана жекпесе мүмкін бұ да ұша жөнелер...» деп ойлаймын да, «тор бие туралы тағы да бір қызық әңгіме айтпас па екен» деген үмітпен Атаманға қараймын. Амал не, Атаман қабағын қалың жиырып, терең ойға шомыпты...

...Күндегі әдет бойынша жақын маңдағы көрші қостың адамдары да жинала бастады. Кешкі ауаны біраз толқытып барып ән мен күй де басылды. «Жарғанат фонарь» жағылған соң Михаил Иванович Астраханьнан әкелген жаңа кітаптарын оқуға кірісті. Бұл кітапта.: «Айлалы түлкі», «Ауырған арыстан», «Қасқыр мен қозы», «Қасқыр мен тырна» туралы қысқа-қысқа өлеңдер жазылған. Енді ойласам Крыловтың мысалдары екен. Тыңдауға жұрттың бірі «әйеліме жаға таптым» деп қуанған аңқау шалды, екіншісі одан олжа таппақ болып құйрығын құйға қатырған аш қасқырды, үшіншісі жауыз бөрінің момақан қозыға жасаған жәбірін, төртіншісі тырнаға алғыс айтудың орнына қаһар көрсеткен қасқырды өздеріне әңгімелеп, біраз дуылдасып алды.

— Өй, қу түлкі-ай, ә!..

— Қасқырдың өзін қатырып кетті-ау, ә?

— Тырна бишара, мойнының қырқылмағанына қуанып тайып тұрды-ау, ә?..

— Таймағанда не істесін, — Михаил Иванович тамағын бірер кенеп алды да, әңгімеге кірісті, — қарсыласар шамасы бар оның. Қасқырдан керген жәбірін айтып, аң патшасы арыстанға бармақ па? Арыстан оның арызын тыңдар ма? Әлдінің сөзі әрқашан дұрыс...

— Я, «аузы қисық болса да бай баласы сөйлесін» деген мақал бар қазақта, — Арман ағай күрсінді, — дұрыс айтылған емес пе, Михаил Иванович?

— Әрине дұрыс. Арыстан жауыз тұрғанда әділет қайда. Адам өмірі де осылай, кітапта айуанаттар әлемі әңгі ме болғанмен де, адам өмірінің шындығы жатыр бұнда. Мысалы...

Михаил Иванович ұзақ сөйледі. Ол манағы мысалдарды өз әңгімесіне дерек ету үшін оқыған болса керек. Манағы аңдар әлемі енді менің көз алдымнан ғайып болды да, олардың орнына адамдар тізіле қалды. Қасқырдың орнында — Қасқырбай тумалары мен Таласовтар, түлкінің орнында — Кабановский аңқау шалдық орнында — аузын ашып, аңқиып қалған, дәл осы қалпында — Жалықпас ақсақал, қозының орнында — Зарлық бишара, тырнаның орнында — сұңғақ бойлы, ұзын мойынды Атаман тұрған тәрізді. Оның бетіндегі терең шешек дағы да бұл жолы маған қасқырдың тісі жырған жара сиқты көрінді. Арыстанның орнына да біреуді қоймақ болып қанша қарастырсам да лайықты адам таба алмадым...

— Дұрыс айтасыз, — Арман ағай басын изеп күрсінді — зорлық, зорлық...

Михаил Иванович пікірін жиыстырғандай біраз ойланып қалды. Атаман ауыр күрсініп далаға шығып кетті де, ұзақ уақыт кері оралмады. Аздан кейін мен де далаға шықтым. Атаман балық арасында жүр екен. Шанаға тиеу үшін дайындалған ақбалық үймелерінің әрқайсысына бір үңіліп күбір-күбір сөйлейді. Атаман мені байқаған да жоқ. Кезекті үймелердің біріне үңілді:

— Шіркін, қандай байлық. Сүйсінесің... Бірақ, одан не пайда? Өзіңдікі емес, өгей дүние. Бейнеті сенікі де, қызығы өзгенікі. Тіпті бұған көз алартпайыншы. Ал, анау сарқылмас қазнаны айтсаңшы! — Атаман ауыр күрсініп алды да, бүгінгі біз ат суарған жердегі үйық балық жатқан бағытқа қарады. — Өзім тапқан олжаны өзгеге қалай қиямын. Баяғыдан бері тор биені сатсам да, бір распор жасатып қойсам ғой, анау қызыл сазанды құйып алған болар едім. Сонда Атаниязбен де, Қасқырбаймен де батыл сөйлесетін дәрежеге жетер едім-ау. Ал, қазір ше... Өз жеміңді өзгенің жемсауына тос!.. Өзіме де обал жоқ... Айтпақшы Ақсүйріктің күйеуінен қалған ескі распор бар ғой. Соны алдыртайын. Бермес пе екен? Ақсүйріктің ері болсам, оның қорасындағы мүлікке неге иелік ете алмаймын, ә?.. Тіпті сұраудың да керегі жоқ. Қазанғапты жіберем де алдыртам. Тек Қасқырбай білмесін. Мынау жігіттер де қарық болсын, анау Зарлықтық үй ішіне де қарасайын...

Атаман мандайын жұдырығымен соғып, ауыр күрсіне дем алды да, артына бұрылды. Мен жүгіріп жанына бардым.

— Ата, балықты мен күзете тұрайын, сіз қосқа барыңыз.

— Жоқ балам, рахмет, — Атаман басын шайқады. — Сен жігіттерді мұнда шақырып кел. Ертең Атрауға шана жөнелтеміз. Қазір ай жарығымен балық тиеп қоялық, тезірек шықсын.

— Қазір, ата, қазір.

Қостағы думан басылып, жұрт түгел далаға шықты. Он шанаға қамыстан қорған ұсталып, қатырылған ақбалықтар тиеліп жатыр. Жігіттер балықты шанаға лақтырып тастаған сайын, Атаман басын жерден көтеріп алады.

— Лақтырмаңдар, жігіттер! Егер қанат-құйрығы сынып, жарақаттанатын болса балықтың құны кетеді.

— Атаман дұрыс айтады, — балықтарды шанаға реттеп салып жатқан Айдынғали ағай Атаманды қостайды, — Бұларды Таласов пен Кабановскийлерге сатып бермегенмен де, қанат-құйрығы сынбай тұтас болғаны дұрыс. Лақтырмаңдар, жігіттер. Қолға беріңдер.

— Айдынғали Жоламанович, — Михаил Иванович достық әзілмен күліп Айдынғали ағайға қарады, — егер осы балықты сізге берсек не істер едіңіз?

— Орны табылады ғой, қарағым, — Айдынғали күрсіне дем алады. — Алдымен бір кішкене қайық жасап, оншақты сетке алар едім. Содан кейін бала-шаға еркін сиярлық, үй тұрғызар едім.

— Қалғаның ше?

— Қалғаның ба, — Айдынғали ағай қалғаныңа орын таба алмай екі иығын кезек-кезек көтеріп қояды, — етік тігетін құрал сатып алар едім.

— Одан қалғанын ше, — екінші шанадағы Арман басын шайқап күледі, — балаларыңызды оқытпайсыз ба Айдеке?

— Әрине, оқытамын. Жарқындай ғалым болғанша оқыта берер едім, оқыта берер едім, — Айдакен қатарындағы Қазанғапқа қарайды. — Қазанғап, сен не істер едің?

— Мен бе? Мен, — Қазанғап ағай мырс етіп күледі, — алдымен үйленер едім. Өзіме меншікті ошақ жасар едім.

— Қалғанын ше, қалғанын не істер едің?

— Қалғанын ба? — Қазекең «Мынау байлықты жұмсауға көмектеспейсіңдер ме» дегендей әркімге бір қарады. — Қалғанын Асаубайға берер едім.

— Әй, маған берсең тұтас бер, — бұл жолы Асаубай да бірден ашулана қоймай, әзілге көшті, — ойларсың, сенің қалдығыңды...

— Жоқ, жоқ, Асаубай, — Михаил Иванович жымиып Асаубайға қарады, — саған тұтасымен бердік. Сонда не істер едің?

— Не істер едің дейсіз бе, — әлгіде қалдығыңды бересің деп азсынып отырған Асекең де ойланып қалды, — алдымен әбден ғана бір ішер едім...

— Алдымен ішер едім, — Михаил Иванович Асауға реніш білдіреді, — алдымен маскүнемдіктен емделер едім, содан кейін ән салу қабілетімді өсіру үшін оқыр едім деген сөз аузыңа түспейді-ау. Ендеше саған бермейміз. Арман, егер саған берсекші?

— Мен бе, мен, — Арман ағай өзгелердей ойланып та жатпады, — мен бүкіл Атрау балықшыларына распор ay, қайық, сетка сатып әперер едім. Содан кейін бірігіп балық аулатар едім. Сөйтіп, байлардың...

— Жарайды, арғы жағы белгілі, — Михаил Иванович басын шайқады. — Сенің айтып отырғаның іске аспайтын құрғақ арман, утопиялық алдамшы қиял... екен, ә? Міне, патент! Сен адайлығыңа басып айғайлай берме, естимісің? Сен адай болсаң, мен төремін, көзіңді ашып қара!

— Мың жерден патентің болсын, бәрібір. Бар да, өзін тарта бер ауыңды. Мен саған ешбір адамымды бермеймін!

— Сенің ешқандай басыбайлы адамың жоқ, адамдардың бәрі де Атаманның қол астында. Ал, Атаман Бөрібаевтардың күйеуі. Көзіңді ашып қара, ұқтың ба?

— Ұқтым, — Атаман қарашығынан жалын шашып, Ағанияз бен Қайдауылға кезек қарады, — мен сендермен сөйлеспеймін. Ауларыңды тастаңдар да қайтыңдар. Менімен сөйлесуге екі байдың өзі келсін. Таластарын екеуі осы арада, мен ғана емес, мынау жігіттермен де сөйлесе отырып, шешсін. Бұдан әрі мазаны алмай тайып отырғандарын жөн, мырзалар. Ұқтыңдар ма?

Атаман төңірегінде тұрғандарды көз астымен бір шолып етті де, распор ауы тиелген шанаға таман аяңдады. Атаманның не айтпақ болғанын қабағынан таныса керек, қос адамдары түгел ілесіп келді де, екі шанадағы распор ауды дереу аударып алды.

— Ал, рұқсат мырзалар, — Атаман Таласов пен Бөрібаевқа жақындап барды да, оң қолын жағаға қарай сілтеді. — Ертең кешке екі мырзаның өздері осы қоста болатын болсын!..

Екі мырзаның итаршылары шаналарына мінді де, Атрауға қарай тартты. Атаман наразы пішінмен Қазанғапқа бұрылды.

— Қазанғап, мен саған қандай тапсырма берген едім, ә?!

— Ақсүйрік апайдың шоланындағы распорды алып кел дегенсіз, — Қазанғап желкесін қасып төмен қарады, — мен распор тұрған шоланның кілтін сұрап, Ақсүйрік бермей, распор неге керек деп сұрап. Мен айтпай. «Айтпасаң бермеймін», деп. Мен амалсыз айтып. Ол ағасы Қасқырбайға айтып. Түнде Қайдауыл келіп. Осы ауды тиетіп. Жүреміз деп. Таң ата жүріп кетіп...

— Жарайды. Түсінікті. Сені жіберуін жібере тұрсам да, ертеңіне-ақ «Әттеген-ай, бекер істедім-ау, өзім неге бармадым осы» деп ойлаған едім-ау. Сол ойлағаным келген екен ғой... Ағасына жүгірді де, әлгі оңбаған.

— Ие, сөйтіп, ағасына айтып...

— Түсінікті. Кінә сенде емес Қазанғап. Төсегі бірге, ойы жат өз жұбайымның ісі бұл. Атаман енді Айдынғали мен Асаубайға кезек қарады. - Таласовтардан сүйінші сұраған қайсысың?

— Білмеймін, — Айдекең басын шайқады. Мен өзгелерді қойып, өз үйімнің де ешқайсысына айтқаным жоқ. Ағанияз түн ішінде оятып, кетеміз деді. Қазанғаптарға да теңізге шыққан соң бір-ақ кездестік. Ағанияздың үйінен мынау Асаубайдың мас болып шыққанын көріп едім. Осы күлдіріп жүрмесе...

— Бүлдіріп! Ойларсың, — Асаубай күңк ете қалды. — Мен неңді бүлдірдім сенің. Мас болып, ойларсың. Сенін ақшаңды іштім бе, ә?

— Осы жерден ешкімге ешнәрсе айтпаймын деп кеткенің қайда? — Атаман Асаубайға тесіле қарады, — Сен бе айтқан?

— Айтпай, ойларсың, — Асаубай әуелгі кезде ақшаңдап Атаманға да айғайлай бастаған еді, бірақ Асаудың томпақ көзі бұжыр беттің сұсынан сескенгендей, жиі-жиі жыпылықтай бастады, — сұраған соң...

— Құдай біледі, сенен сұраған да адам болған жоқ. Ұйық балықты да өзің іздеп тапқан болып, жарыла бір мақтандың ғой, ә?!

Асаубай енді ешбір тіл қатпай айыпты адамдай төмен қарады. Қос адамдары дуылдаса күліп, зорға басылды.

— Ал жігіттер, — Атаман өзін-өзі жазғырған өкінішті пішінмен ауыр күрсініп, қос адамдарын бір шолып өтті. — Мен бұлай ойлаған жоқ едім. Әйелімнің бұрынғы ерінен қалған распорды Қазанғап алып келсе мынау балықты Атаниязға да, Қасқырбайға да сездіртпей сүзіп алып Астраханьға жөнелтпек едім. Сендер де қарық болар едіңдер. Міне, енді көрдіңдер ме, ол үміт үзілді. Бірақ, әр күнге бес күндік еңбекақы талап етіңдер...

— Я, солай еді деңіз, — Михаил Иванович мысқылдай күлді де, күрең мұртының шалғысын шыйырып, Атаманға қарады, — қожамыз кім болса да біз осы талаптан шегінбейтін-ақ шығармыз. Солай емес пе, жігіттер?

— Әрине, дұрыс айтасыз.

— Тіпті бейнетін былай қойғанда, қатерін айтсаңшы.

— Мезгіл қыстың басы емес, көктем таянып келеді.

— Осыған көнсе көнді, көнбесе біз де көнбелік...

Жұрт біраз шуылдасып алды.

— Жетті, жетті, жігіттер, — Атаман бұдан бірнеше күн бұрын тор биені суарған бағытқа қарады, — енді уақыт өткізбей ау тартуға кіріселік. Ертең Атанияз бен Қасқырбай келгенде осы талаптарыңды өз ауыздарыңмен айтыңдар. Тіпті теңізге шыққан күндеріңнен бастап-ақ әр күнге бес есе еңбекақы талап етсеңдер де менің қарсылығым жоқ... Сіз мені кекемеңіз, Михаил Иванович...

...Ертеңгі тамақтан кейін қос адамдары екі топқа бөлінді. Кіл ірі жігіттер екі распор ауды, сүймен — сүзгілерді шанаға тиеп алып, түстікке тартты да, өзгелері құрулы жатқан ахонь ауын қарау үшін қос басында қалды. Распоршыларға қазаншы бала болып мен де ере кеттім.

Сол күні сәске кезінде баяғы бір мұзды алаң сүйменнің дүңкілімен жаңғырығып сала берді. Атрау батағасының аумағындай жерден қоршала ұсақ үкі ойылып, осы үкілердің шеңберлене келіп түйіскен тұсынан қос орнындай жердің мұзы алынып тасталды. Бір ұшына арқан байланған баяғы прогон сырық мұз астында сарғайып, үкіден үкіге жылжыды. Манағы үлкен ойықтан прогондағы арқанның екінші басына жалғана түскен распор ау да ілесіп көше бастады. Түс ауа екі распор ауы екі жақтан үлкен шеңбер жасап, түгел төгіліп болған еді, қайратты жігіттер аулардың екі басындағы урез  арқандарды жабыла тартуға кірісті.

— Ал, кәне, алдық!

— Тағы да алдық!

Ау шеңбері бірден бірге тарылып, ақырын ғана жылжып келеді. Жылжыған сайын ауырлай түсетін тәрізді. Жігіттер манағыдай емес, шірене тартады.

— Ал, алдық!

— Тағы да алдық!

— Қолмен тартуды қойыңдар жігіттер, лямкаларыңды киіңдер.

Атаман өз мойнындағы лямка арқанының орта жерінен оң қолымен ұстап, орай сілкіп тастаған еді. Лямканың ұшындағы дөңгелек тас лямка сабағын урез арқанға орай салды. Атаман екі бүктеле ілгері ұмтылды.

Жігіттердің бәрі де лямканы мойындарына киіп алды да, Атаманның манағы әдісі бойынша урез арқанға оран тастап, екі бүктеле қалды. Мен осы көріністі кеме сүйреп жатқан бір суретке ұқсатқан едім, кейіннен байқасам бұл орыс суретшісі Репиннің «Бурлактары» екен ғой...

Распор аулардың екі жақ жадырасы үлкен ойықтың мұзына келіп жеткен бойда-ақ, әлгіде ғана тынып жатқан қарасу кенет бұрқ ете қалған еді, сары алтындай зор сазандар тік шапшып, бірімен бірі жарыса көкше мұздың бетіне жарқ-жұрқ қарғып бастады. Бейне бір су астынан ірі-ірі алтын кесектері атылып жатқан тәрізді.

— Грузелка, уа, грузелка әкеліңдер, — Атаман өз мойнындағы лямканы лақтырып тастады да, ұзын сырыққа сапталған темір шеңберді қолына алып үкіге бойлата бастады, — Михаил Иванович, сіз аудың екінші табанын басыңыз.

Михаил Иванович те бір басында дәл ортасы ішке қарай майыстырыла бүгілген шеңбер темірі бар екінші сырықты үкіге бойлатты да, аудың астыңғы арқанын төмен басты.

— Ойпырмау, мынау бір керемет қой! Қырыққа жасым келгенше мен мұндай қалың ұйықты көрген емен, — Атаман миығынан күліп маған қарады, — балам, сен шынында да жолды бала болдың-ау, ә?

— Ата, ә, ата, — мен мақтанышқа толы кеудемді жеңілдете бір дем алдым да, күліп жібердім, — ата, неге басып тұрсыз?

— Аудың табанын басып тұрмыз. Әйтпесе, мынау қалың балық аудың астынан кеулеп шығып кетеді, — Атаман енді жігіттерге бұрылды. — Анау ауды да тарта түсіңдер. Арасынан шығып кетпесін...

Аудың құлағынан-ақ құжынап келген сары сазан бірден бірге қойыла түскен еді, қоржынды жақындатпай-ақ қорыды. Енді екі распордың қанаттары қаусырыла жабылды да, қоршаудағы сазанды құюға кірісті. Қажырлы жігіттер аумақты сүзгілерін толтырып алып, көкше мұздың үстіне сарыдан гөрі қызыл-күреңдеу сазанды аударып жатыр. Сүзгіден түскен ту сазан қабырғасын жақша, құйрығымен мұз сабалап, қарғып-қарғып басылады. Бұлар тынышталған кезде сүзгіден жана түскендері тулауға кіріседі. Мұз алаңының үсті қазір салдыр-сұлдыр үнге айналып, жан біткендей қыбырлай қалыпты. Бейне бір алтын жапырақ самалменен тербеліп, теңселе билеп тұрғандай. Үй орнындай үлкен ойықтың аузы да қазандағы судай сақылдап, бұрқ-бұрқ қайнайды.

— Майталман-ай, — Арман ағай қомақты сүзгісіндегі толы сазанды мұз бетіне аударған сайын басын шайқайды, — мынау бүкіл Атрау кедейлерін қарық етер бір ырыс екен. Әттең, араларында бір распоры болсашы...

— Я, адал ниетті арманшыл достым, — Михаил Иванович басын изеп, Арманға қарайды, — іске аспайтын құрғақ қиял ғой, мұның.

Батысты күрең шапағына бөлеп, қысқы күн де еңкейе бастады. Мұз қойнына жартылай сүнгіп үлгерген үлкен күннің нұрымен тартымдағы сары сазандар аумақты алтын аландай жарқырай түсті. Осы бір зор аланға күмбір-күмбір сылдырлап, ат басындай алтындар ақтарылып жатқан тәрізді. Таласовтар мен Берібаевтардың қалтасына енуге асыққандай жалт-жұлт етіп, ыршып-ыршып түседі. Өкініші мен сүйініші аралас Атаман шүңірек көзін аудармастан алтын алаңға тесіле қарап, әлденеге сазара қалыпты. Мүмкін, ол осынау мол қазынаның өз қалтасына тұтас түспегеніне өкінетін шығар...

...Төңірегіміздегі қостар ауларын суырып, қайтып жатыр. Қазір бізден шалғайлау жалғыз ғана қос қалды. Ертеңдер ол қос та көшпекші. Қос азайған сайын мені бір сағыныш сезімі билеп алды. Сәби қиялым шарқ ұрып, біресе Атрауға, біресе Астраханьға самғайды. Түні бойы түс керумен шығамын. Бірде «Күлші, күлші, Дауылым, бетіндегі шұңқырыңды көрсетші!» деп, өзі де маған күле қараған әкемді көрсем, енді бірде, көз алдымнан Сережа жылт ете қалады. Артынша Сережа дегенім Гриша болып шығады да, екеуміз қол алысып танысамыз. «Григорий Иванович Соколов» дейді Гриша. «Дауыл Жантасов» деймін мен. Гриша мені қолымнан жетелей жүгіреді. «Қайда барамыз»? деп сұраймын. «Жүр тезірек, «Стенька Разин шынына» шығайық... Айда, кеттік!» Екеуміз аспанменен тілдескен шынға өрмелей береміз. Төбеде қыран қалықтап, төменде Волга толқыны жартасты қара тулайды. Зәулім шыңның ұшарына құлақты тоса тыңдаймыз. «По-ко-ням!» Айбарлы бір дауыстан шын жаңғырығып қоя береді. Артынша ат тұяғының дүбірі естіледі. Одан әрі Волга бойын толқыта, асқақтата салған ән келеді құлаққа!

Есть на Волге утес...

Бүгін түсімде Сережаны тағы да көрдім. Теңізге аттанар алдында ренжісіп ажырассам да, бетінде сиректеу ғана күрең секпілі бар, осы бір бұйра шашты сары баланы мен тым-ақ жақсы көріп қалсам керек. Ол тіпті өз әкемнен де жиі кіреді түсіме. Әліппемді аша салып, Михаил Ивановичтан сабақ үйреніп отыр екенмін деймін. «Дауыл!» дейді бір таныс үн. Мен басымды көтеріп аламын. Қос есігінен сығалап Сережа тұрады. «Дауыл, ашуланып жүрмісің, достым. Кел татуласайық...» дейді Сережа. «Әліппенің жыртылған қағазын көріп қалды-ау» деген оймен бетім ду ете қалады. Кітапты дереу жаба сап, Құшағымды жазамын. «Сережа, кешір достым, айып менде...» Сережа жымиып күледі де, құшағын ашады. «Қайдағы жоқты айтасың өзің. Келші бері, сүйіселік...» Екі дос жақындай түсеміз. Бірақ, құшақтасып үлгере алмаймыз. Сережа жайраңдай күліп, қолын созған күйі, артынан біреу сүйреп бара жатқандай, кенет шегіншектей береді. Мен айғайлап жіберемін. «Сережа, Сережа, тоқташы достым!»

Дәл осы жерге келгенде өз дауысымнан оянып кеттім де, жүгіріп далаға шықтым. Түсімді өңім-ақ деп қалсам керек. Ақырып жан-жағыма қарай бастадым. Бұл түні шытырман жұлдыз тым-ақ жиі тізіліп, ай да аспан шатырына биік көтеріліп қалған екен. Төңірек түгел жап-жарық. Алайда, аңсаған достым көрінбейді. Тіпті түнгі күзетші де көзге түсе қоймады. Қос маңы зор аумақты алып жатқан ұшы-қиырсыз бір көп балық. Әбден қатып үлгергендерін тиеуге дайындап, әр жерге үйе бастаған едік. Ай нұрының астында ақбалықтар күміс, сазандар алтын шоқыдай жалт-жұлт ете қалыпты. Бұл балықтың алды Атрауға да тасылып жатыр. Алайда таусылар емес. Оншақты шана тиеген күні ортая түссе, ертеңіне қайтадан толып шығады. Бірақ тым көп болғандықтан ба, әлде өзі тапқан олжасын оңаша игертпеген екі қожасына егескендіктен бе, Атаманда бір ерекше мырзалық бар. Әнеу күні бір шана қызылбалықты Астраханьға жөнелтіп, азық-түлік алдыртқан еді, қазір тағы да шанаға жуық қызылбалық ауланып қалды. Қазанғап ағайдың айтуынша бұл да қос керегіне жұмсалатын болуға тиіс. «Ахонь ауымен ақбалық қана ауланады. Сондықтан да біз қожамызға тек ақбалық қана беруге міндеттіміз. Қалғанында ешкімнің хақы жоқ. Қызылбалық атаулы қос адамдарының ортақ меншігіне түседі», деуші еді бұрын. Бұл Қазанғап ағайдың өз пікірі ме, әлде Атаман үзілді-кесілді осы тоқтамға келді ме, ол арасы маған белгісіз.

Мен аңырып біраз тұрғаннан кейін түстікке бұрылдым. Көз ұшында бір топ от әлсін-әлі қозғалып, мені өзіне шақырғандай жалт-жұлт етеді. Бұл баяғы ұйық алаңынан ау тартып жүрген Атамандар. Күндіз-түні тартса да сарқылмайтын бір байлық. Қазір жұртта маза жоқ. Түнеугі бір думанды күндер келмеске кеткен тәрізді. Қос адамдары таң алдында ғана көз шырымын алып, тамақтарын шала-шарпы ішеді де, дереу жұмысқа аттанады. Қостағы балықты күзетуге Асаубай екеуміз ғана қаламыз. Менің елдегілерді көп ойлап, ақсауыма да осы қос маңының бұрынғыдай емес, ойын-күлкісіздігі себеп болған шығар.

Енді жаға жаққа қарадым да осыдан үш күн бұрын болып өткен бір уақиғаны еске түсірдім, кешке айналған кез еді ол. Жаға жақтан шұбалған бір ұзыннан-ұзақ керуен көрінді. Бәріміз де таңданып қарай қалдық. Керуеннің алдында кішкене - кішкене ақ отаулар көшіп келе жатқан тәрізді. Көп ұзамай керуен алды қоңырауларын күмбірлете келіп тоқтады. Ақ отау дегеніміз ақ киізбен күймелеп салған жеңіл шана екен. Әрқайсысына — біріне кіл ақ, біріне моншақтай қара, не мойылдай торыдан қос-қос арғымақ жегіпті. Аттарының сирағын бірін ақ, бірін жасыл, бірін қызыл матамен орап тастапты. Ат саймандарына тағылған әшекейлер кіл күміс болса керек, еті қызған тұлпарлар бастарын шұлғыған сайын шылдыр-шылдыр сыңғырлап, жалт-жұлт етеді. Алдыңғы шанадан Кабановский мырзаның өзі шықты. Жанында үлде мен бүлде киінген жас келіншек пен он бір-он екі шамасындағы ер бала. Желбіреген ақ мамық жүнді, қызыл тұмсықты кішкене күшікті құшақтай түскен ақ келіншек, оң қолындағы ұзын сапты әйнегін көзіне апарып, біздің әрқайсымызға тесіле қарады. Артқы күймелердің бірінен бой жеткен екі қазақ қызы, екіншісінен өзім шамалас екі қазақ баласы түсті. Бірі түрік ерін, шегір көз, екіншісі, әр жерден қарауытып шіри бастаған іркіс-іркіс сойдақы тісті. Бұлар да әрі тамаша жылы, әрі әдемі киімдер киіпті. Қазақ қыздарының қолдарында да ұзын сапты әйнек. Тегі оқыған қыздар болуға тиісті, орысша да емес, қазақша да емес, маған мүлде түсініксіз, өзгеше бір тілмен сөйлеседі.

— Ноян, мына қара, — сойдақ тісті бала жолдасын жетелеп маған қарай жүгірді, — біздің батағадағы жалшы баланы қара. Әкесі итбалыққа кеткен. Әлі келген жоқ. Батағада жүргенде көтерем еді, біздің ақбалықты жеп-жеп семіріп алыпты.

— Сіңбірік мұрын! — мен жұдырығымды түйіп, қожа баласына қарсы жүрдім, бір жағынан ызам болса, екінші жағынан көптен бері өз замандасымды көрмеген сәби баламды да аңсау да жоқ емес. — Біздің балықты. Балықты құлаған сен емес, мен. Алдымен сіңбірігіңді сүртіп ал...

— Ойбай, Шыңғыс, — шегір көзді жиіркенішті пішінмен қалың ернін дүрдите күлді, — мынау сенің жалшың жұдырық көрсетеді ғой...

— Ах, — екі қара қыз қабаттаса шыңғырып жіберді, — господин Кабановский, этот дикарь...

— Әй, бала, — Кабановский жасыл көзілдірігін жарқ еткізіп, маған қарады да, саусағын шошайтып күлді. — Қонақты олай қарсы алмас болар.

Неге екенін білмеймін, мен де езу тартып күлдім де, шегіне бердім.

— Мерси, — десті екі қыздар, Кабановскийге алғыс айтқаны шығар, — какой он злой.

— Ашулы болғанмен жауыз емес, қорықпаңдар бикештер, — Арман ағай ызалы пішінмен күлді, — тек қорламаңдар. Қорлай келген қонаққа тартпақшы болған алғашқы сыйлығы орынды еді. Жасықтық істеді. «Біздің балықты жеп-жеп...» қожасуын қарашы. Тумай жатып дүниеге түгел иелік етпек!

— Арман мырза, — деді Кабановский, — баланың сөзін ескерудің керегі не? Көргенсіз болады олар.

— Көргенді қожа баласы әдепті болуға тиісті ғой...

Атраудан келген «салтанатты» қонақтар қос маңын аралап жүр. Әр нәрсеге бір таңданып қана емес, жиіркене қарап, мұрындарын тыржитады.

— Ой, какой не приятный, — десті әйелдер біздің қосымыздың есігінен қарады да, — медвежья берлога...

— Да, это настоящий орангутан, — деді ақ келіншек от жағып отырған Қазанғапты көрді де, — а, смотри, какие у них посуды? Чума.

Тегі мақтап емес, боқтап тұрғаны-ақ шығар. Бірақ, Қазанғап ағай түсінбесе керек, ыржиып күлді.

— Это настоящий карлик, — деді келіншек, құлақшынын қолтығына қысып, иіліп тұрған Асаубайға қарап.

— Әй бала, — деді Шыңғыс маған түтін мен қара шайдан қарауытып кеткен ағаш аяқтарды көрсетіп, — анау аяқпен ас ішесіңдер ме?

— Әрине ішеміз, ішпегенде.

— Ища, мен жиренген болар едім.

— Сонда да сенің аузыңнан аузым әлдеқайда таза.

Шыңғыс менің не айтып тұрғанымды аңғарса керек.

Үш бұрыштанған салпы ернін жиырып, сойдақ тістерін жаба қойды да, жұдырығын түйе ұмтылды. Мен жалтарып кеттім. Қожа баласы тұмсығын мұзға соға құлады. Жұрт ду-ду күлісті. Ақ күшікті келіншек әдемі күлкісін көпке дейін тыя алмады. Келіншектің әрі күлкісіне, әрі күшігіне қызықтым да жанына жақындай түстім. Желкілдеген жүнін бір сипауға құмартып қолымды соза беріп едім, ақ күшік аузын ырсита ашып, ыр ете қалды. Тұмсығына шертіп кеп жібердім. Ақ күшік қынсылап қоя берді. Ақ келіншек менің жанына келгенімді сезбей қалса керек, енді ақ күшікті сәбиіндей қорғап, бауырына баса түсті.

— Милый, милый. Батып кетті ме, — әлгіде ғана бізге — адам баласына, біздің ыдыс-аяғымызға, жатағымызға мұрнын тыржита, жиренішпен қарап тұрған ақ келіншек енді ит баласынын тұмсығын шеп-шеп сүйіп алды. Ақ күшік келіншектің қызыл ернін жалай бастады, келіншек күшік тұмсығын тағы бір сүйді де маған қарады, — дикарь.

— Чума, — мен келіншектің өз сөзін өзіне айттым да, жерге түкіріп тастадым, — түпу, жиренуді білмейді...

— Дұрыс айтасың, Дауыл, — Михаил Иванович мені құшағына қысты, — сондықтан да баиды олар...

— Эх, ты, озорник!

Маған таман ұмтыла түскен Кабановский кенет бөгеліп қалды да, басын шайқап күлді. Содан кейін ол серуеншіл серіктерін ертіп, алтын сазан алаңын да аралап шықты. Қазанғап ағайдың айтуына қарағанда екі байдың таласы анау ұйық балыққа ортақтасумен тынған көрінеді. Саяхатын күн бата аяқтаған Кабановский, отыз шанаға балық тиеліп үлгерілгенге дейін, Атаманмен біраз оңаша сөйлесіп жүрді де, сол кеште Атрауға кері оралды.

— Тумалар, — деді «доңыз аттас» кетерде үлкен мұрнының үстін бүлкілдете, өтірік күліп, — бар тілектерің орындалады. Тек мынау қазынаны түгел игеріп алалық. Тез қимылдаңдар. Көктем таяу қалды. Асығу керек. Күні-түні жұмыс істеуге тура келеді. Ұлы Россияны қорғау мақсаты осыны талап етеді. Қазір бізге майданға тез азық жеткіз деп Петербургтың өзінен, әрине ұлы патшаның атынан, күн сайын телеграмма келеді. Жұмысшы ма, қолға ма, қазір жұрттың бәрінде бір тілек.

Бәрі де соғыс үшін, бәрі де ұлы Россия империясының жеңісі үшін...

— Әмин, — Кабановскиймен ілесе келген бір төртбақ сары оң қолының үш саусағын бүрістіре маңдайына апара берді, — әмин деңіз Россияның жеңіп шығуы үшін.

— Айтпақшы, — Кабановский төртбақ сарыға бұрылды, — бұл біздің приемщигіміз: Астрахань жұмысшысы партиясының мүшесі Сергей Иванович Хвастунов мырза. Россияның орталық өндірістерінде «орыс халқының одағы», «жұмысшылар тобы» деген ұйымдар құрылыпты. Мақсаты ұлы патшаның жеңіп шығуына көмектесу. Ол туралы Хвастунов мырзаның өзі түсіндіре жатар. Ал, іске сәт, мырзалар! Тездетіңдер. Мынау қазынаны аман игерсек әрқайсыңа бір айлық еңбекақы сыйлық бергіземін. Үш күннен кейін балық тиеуге елу шана, аңғартуға отыз жігіт жіберемін. Қош болыңдар...

— Мырзалар, орыс бауырлар!..

Хвастунов мінезі де фамилиясына сәйкес, мақтаншақ адам болса керек. Қос алдындағы пішеннің төбесіне көтеріліп алды да, көпіре сөйлей бастады. Кабановскийдің ұзақ керуені әсер Мырзаның сөзін тыңдаған да жоқ. Атрауға қарай қозғала берді. Желөкпе әсер кешкі аспанды жаңғыртып әлі сөйлеп тұр. Тіпті, мас болуы да мүмкін. Екі қолын ербеңдетіп, кезек-кезек сілкіп тастайды. Ұзақ сөзінің бар түйіні: «қорғау керек, ұлы империяны, өлу керек ол үшін. Біз қорғаймыз оны. Теңізде жүрсек те солдатпыз».

— Жақсы жырлайсың әсер сандуғашы, — Михаил Иванович жұртқа көзін қысып, қосқа қарай иек қақты, жұрт бір-бірлеп қосқа еніп кетті. Михаил Иванович жымия күлді де шешенді төмен сүйреп алды, — кешірерсіз, әсер мырза, сіз осы сөзді кімге айтып тұрсыз. Соғыс зеңбірегіне азық болам десең, өзің бара бер. Мен бір рет қорғағанмын. Енді қорғай алмаймын. Бұндағылардың бәрі де қорғамаушылар.

— Отансыз, намыссыз, — әсер бұлбұлы Михаил Ивановичқа шақшия қарады, — сатылған...

— Кімнің сатылғанын тарих көрсетер, — Михаил Иванович күлді, — әзірге шаршамаңыз, мырза...

Уағдаға мырза, орындауға сараң Кабановский кеткелі бүгін үшінші күн, ертеңдер шанасының келіп қалуы да мүмкін. Содан бері жұмыс бұрынғыдан да қыза түсті.

Әрине, бұл әсер мырзаның ықпалы емес, ұйық балықты тез сүзіп ап елге оралудың қамы. Бірақ, балықтың да таусылар түрі жоқ. Ол аяқталмай тұрғанда Атаман Атрауға қайтар емес. Кеше төрт шана қамыс алдыртып қос маңына үйгізді. Ертең «монша» жақтырып, жұртты суға түсірмек.

Балық арасынан бір нәрсе күтір ете қалып еді, мұз қорадағы жылқы біткен осқырып қоя берді. Мен ә дегенде шошып кеттім де, аздан кейін буындарымды билеп, тықыр естілген бағытқа қарай аяңдай бастадым.

— Асеке, уа, Асеке! — деймін ақырын. Асаубай қамысты қалың төсеніп ұйқтап жатыр екен. Жанына жақын бардым да, айқайлап жібердім, - Асаубай, ау Асаубай!..

Иттен гөрі кішірек, құйрығы шұбатылған бір күрең ақ балық арасынан тұра қашты. Мен тұра қудым. Қуып барамын. Сәл қуа түсем де, артыма жалт-жұлт қарайлап, бар дауыспен айқайлаймын.

— Асаубай, уа Асаубай!..

— Ah, ah, — Асекең көзін уқалай ашты да артымнан жүгірді. — Не болды? Ол не зат, ә?

— Я, бәсе, ол не, ит пе?

— Һe, ит? Ойларсың! — Асекең адырая бір қарап алды. Тегі мені байқамады ғой деп ойласа керек. Енді көз көре өтірік айтып, мақтанғалы тұрған түрі бар. — Кәдімгі көкжалдың өзі ғой. Тура өзіме тап берді де, арс ете қалды. Қорқайын ба, ала түстім құлақтан. Табаным тайып кеткені. Әйтпегенде бар ғой...

— Ойпырым-ай, Асеке, — мен мазақтай бастадым, — қандай батырсыз, ә?!

— Еһе, батыр болмағанда, ойларсың. Ондайда қорықпау керек. Қорықпаған жақсы. Түу, түк етпейді... Біздің арғы атамыз айдаһарға шапқан ғой, шырағым.

— Керім батыр екен. Сіз де атаңызға тартқансыз ғой. Мынау мылтықпен неге атпадыңыз?

— Неге атпадыңыз. Ойларсың, күшің жетіп тұрғанда оқ шығарып, көрдің ғой өзің, қалай тұқырттым?..

Асаубай ағай осы айтып отырған өтірігіне өзі де сеніп қалса керек. Беті ешбір шімірікпестен лағып барады. Бірақ, мен жауап бере қоймадым. Ол біраз бөсіп алды да, мен қостай қоймаған соқ әңгіме тақырыбын өзгерте бастады.

— Дауылжан, егер осы балықтың бәрі сенікі болса не істер едің?

— Қызықты кітаптар сатып алып оқи берер едім, оқи берер едім. Сіз ше, Асеке?

— Мен бе, мен, — Асаубай мұз алаңын алып жатқан миі балық шынымен-ақ өз меншігіне көшкендей мырсыңдап күлді, — мен бе, мен ішер едім. Михаил Иванович маған әншісін, мынау балықты араққа жұмсағанша, әлгі бір он салатын ақ төстікті үйренуге жұмса, оқы дейді. Не қыламын оқып. Оқымай-ақ ақ төспін. Одан да бір ат сатып алып, Бозашыдағы тумаларыма барып қайтпаймын ал. Сонда деймін-ау, Дауылжан, ақшаны будыратып анау қалтадан бір, мынау қалтадан бір шығарсам. «Апырау, мынау туманың ақшасы көп екен» деп таңданса, ағайындар. «Ойларсың, көп болмағанда!» деп алдарына буда-будасымен тастай берсем, ә?!

Тартым алаңынан жортақтаған ат-шаналар таяна түсті де, әңгімеміз аяқталмай қалды. Жас сазанға толы бес шана бірінің соңынан бірі тізіліп кеп қостың түстігіне тоқтады.

— Ал, түн күзетшілері, халдерің қалай? — алдыңғы шанадан секіріп түскен Атаман қолындағы фонарын жоғары көтеріп жан-жағына қарап алды. — Екеуін ұйықтап қалып, балықты түлкіге кеміртіп қойған жоқсыңдар ма? Әлгі бір түлкі осы жақтан жортып барады ғой.

— Түлкі көргеніміз жоқ, — Асекең асыға сөйлеп, бөсе бастады, — әлгіде, бір дәу көкжал тура өзіме тап беріп, арс ете қалды, ала түстім құлақтан. Аяғым тайып кеткені...

— Ө, сөзің құрсын оңбаған, — Атаман зекіп тастады, — сені құлағына жармастырып қойған қандай бөрі. Қисынсыз өтірікті айтатын нең?!

— Өтірік деп, ойларсың, — Асаубай күңк етті де, маған қарады, — мынау Дауыл көрді ғой.

— Көргенім жоқ. Мен қостан шыға берсем, Асекең ұйқтап жатыр екен, балық арасынан бір түлкі қаша жөнелді...

Асаубай маған жұдырығын ала жүгіріп еді, аяғы тайып кетті де, көкше мұзға тұмсығын соға құлады.

— Айдынғали, сен де бір оңбайсың. Мынау Асаубайдың тақасына бір өткір мық қағып бермейсің бе, — Атаман құлап жатқан Асаубайды желкеден көтеріп алды, — көрдің бе, тайғақтайды да жүреді. Табаны тайып кетпегенде ғой, манағы «көкжалды» құлақтан басып тоқтатпас еді...

Жұрт ду күліп жіберді.

...Кешеден бері аяз бәсеңдеп, күн жылына бастаған еді. Аспан қабағы да тұнжырап алған екен. Кешегі көп жұлдыздар көзден таса болыпты. Таусылып біткен жіңішке ай ала бұлтқа малтығып, анда-санда ғана бір жылт ете қалады. Ай асығыс жүзе ме, әлде бұлттар жедел көше ме, әйтеуір аспан жүзінде бүгін бір ерекше әбігерлік бар тәрізді. Кешке қарай оңтүстік батыстан жел лебі сезіле бастаған-ды, қазір едәуір екпіндеп алған екен. Үюлі тұрған қамыстың қабығы желге үн қосып, ызыңдай бастады.

— Балам, уа, балам, — манадан бері біресе ала бұлтқа малтығып жүзген айға, біресе тартымнан жылтылдаған отқа қарап үнсіз тұрған Атаман маған бұрылды, — балықты кезекпен күзетелік. Бар, ұйықта!

— Ұйқым келген жоқ, ата. Күндіз ұйқтап алдым ғой.

— Мен кішкене көз іліндіріп алсам, сен қорықпайсың ба?

— Қорыққаны несі, — Атаманның сөзіне біраз жәбірленіп те қалған едім. Бірақ Асаубай сияқты күңк етуге ұялдым. — Ата, сіз ұйқы көрмегелі бір жұма болды ғой. Қосқа кіріп ұйықтаңыз. Мен қорықпаймын.

— Жарайды, онда мен кішкене ғана көз шырымын алайын. Байқа, балам, балықты тағы да түлкі кеміріп кетпесін. Ит-құс сезсең Асаубай ағаңдай құлағына жармаспай-ақ, маған хабар бер. Айғайлама, ұқтың ба, әбден ауыз сала бергенде жемтігін желкесінен шығарайық.

— Ұқтым ата, кеміртпеймін.

— Сөйт балам, кеміртпе, — деді Атаман қосқа кірігі бара жатып.

Атаманның мені қайта-қайта ескертуі де орынды. Асекеңнің тура өзіне тап беріп, арс ете қалған қасқырды құлақтан ала түспегендігін былай қойғанда, ол түнгі күзет бізге абырой әпере қоймаған екен. Екеуміз бірімізге біріміз сеніп ұйқтап қалсақ керек. Таң атқан соң қарасақ, бір шанадай балықты түлкі кеміріп кетіпті. Сондықтан да, бүгін түнгі күзетке Атаманның өзі қалған болатын. Ол әзірге балық алаңын маған тапсырып, көз шырымын алу үшін қосқа кірді. Сақ болу керек. Кешегі ұятымды бүгін ақтауға міндеттімін. Төңіректен көз алмай балық алаңын аралап жүрмін. Ат пысқырса болғаны, елең ете қаламын. Көзімді қолыммен көлегейлеп жан-жағыма қараймын. Ешнәрсе көре алмаймын. Талай мезгіл өтті. Өз шамамша түн ортасы ауа бастаса керек. Бірақ, дәл қай уақыт екенін байқайтын ешбір дерек жоқ. Күндегі уақыт өлшер «құқылымыз» үркер болушы еді. Бүгін аспан жүзінде ешбір құлдық қалмапты. Қылдырықтай жіңішке ай да ала бұлт малтығып барып, енді біржола көзден таса болды. Көш жерді алып жатқан балық алаңын сан рет айтып шыққан едім, тегі тым ұзақ жүрсем керек, шаршай да бастадым. Көңілімде қорқыныш болмаса да әбден көріп те болдым. Алайда, Атаманды оятқым келмейді.

— Ата, ата, қасқыр!

— Aһa, қасқыр дейсің бе?

Атаман қосауызды қолына алды да, тұра жүгірді. Сәлден кейін мылтық дауысы саңқ ете қалған еді, осынын артынша мазасыз қыңсылаған бір аңның ащы үні қос маңын басына көтеріп алды. Дауыс шыққан жаққа жақындап барсам, мұз қораның түбінде тайыншадай бір жыртқыш өз бүйірін өзі тістеп, қыңсылап жатыр екен.

— Солай ма екен, көкжалым. Сен тіпті алан толы бақытын көзге ілмей, біздің атымызды жеуді арман еттің-ау. Ал, Асаубай тентек үрген қарынды көтерер күші болмаса да, сенің құлағыңа жармасуды арман етіп жүр, — деді Атаман, мақтанышты пішінмен миығынан күліп.

Мен әркімнің көкірегіндегі әралуан арманды еске түсіріп, ойланып кеттім. Атаман Таласовтарға жетуді, Қазанғап ағай өзіндік ошақ жасауды, Асаубай сусыны қанғанша ішуді, Арман ағай Атрау кедейлеріне балық аулайтын құрал-сайманды арман етеді. Ал, Михаил Ивановичтың арманы не екен? Ол бір тұйық сыр. Қазір мен Михаил Ивановичтың кеудесінде әзірге ашылмай жатқан құпияны білуді арман етемін. Әттең білер ме еді, сол арманды!

IX ТАРАУ. АРЫСТАН КЕСКІНДІ БҰЛТ

...Түс ауа Темірқазықтан будақтай көтерілген реңсіз бұлттар кейде шауып келе жатқан атты адамға, кейде қарақұсқа ұқсап, минут сайын өзгерумен болған еді. Айналғанда топтала-топтала келіп, атылғалы тұрған айбарлы арыстанға ұқсап, көкжиекке біржола шөгіп алды. Көп кешікпей күн батып, жұлдыздар да жылт етті. Жаңадан туған жіңішке ай, анасына ашуланып, тебіне жылаған долы баладай, шалқасынан түсе құлапты. Өкпешіл айды қоршап алған үлкен шеңбердің өзге жағы түгел тұйықталыпты да, арыстан кескінді реңсіз бұлт жақ іргесі қақпасын аша тастапты. Анау «Арыстанды» қорасына енгізіп алғалы тұрғандай. Жұрттың бәрі біресе ай мен бұлтқа, біресе Атрау бағытына қарайды. Бұлт астынан дүлей, жаға жақтан доңыз аттастың уағдалы елу шанасын күтетін болуға тиісті. Менің де көзім жағада. Бізден едәуір шалғай, жаға жақта тұрған ақырғы қос тым асығыс тиеліп, Атрауға қарай жөнеп барады. Қазір теңіз бетінде бізден өзге тірі жан қалмаған сияқты.

— Жарықтық-ай, — Жалықпас қария насыбай шақшасын қонышына асығыс тыға салды да, қолын жайып күбірлей берді, — ай көрдім, аман көрдім... анау бір бұлттың реңі де суық еді, ай жарықтық та шалқалап алған екен. Бұл ай желдетіп ететін шығар...

— Жәке-ау, — Айдынғали ағай да алақанымен бетін сипап күрсінді, — осы бүгін түнде дауылдатып кетпесе жарар...

— Дауылдатуы мүмкін, — Арман ағай Атаманға қарады, — сіз қалай ойлайсыз?

— Бұлттың түрі жаман-ақ. Ай да құрсаулана қалыпты, — Атаман Атрау жаққа бұрылып күрсінді, — кім білген? Кейде түйіле түсіп, таралып кететін кезі де болушы еді. Анау доңыздың шанасы да келмеді. Мынау балығы түскірді де... әйтпегенде...

— Билік сізде, — Арман басын изеді, бірақ жүзіңде Атаманды қостау емес, қарсылық бар, — өкініп жүрмелік.

— Атаман, кешіріңіз, — Михаил Иванович кекесін білдіре күлді, — сіз теңіз тынысын бәрімізден де артық аңғарасыз. Мен «теңіз арыстаны» дер едім сізді. Алайда бұл күмілжіту сізді қателікке соқтырады. Рас, мынау байлықты қимайтын да шығарсыз. Мүмкін, онда... Бірақ, алдымен адам тағдырын ойлағаныңыз мақұл. Арман дұрыс айтады. Өкініп жүрмеңіз. Өкінішіңіз былай да аз көрінбейді ғой...

— Сонда не істе дейсіндер, жігіттер?

— Сіз мынаны айтыңызшы, теңіз арыстаны, — Михаил Иванович Атаманның сұрағына сұрақпен жауап берді, — дауыл соға ма, жоқ па?

— Соғып кетуі мүмкін, — Атаман қос маңындағы кең алаңды алып жатқан балыққа қарады. — Бірақ...

— Онда шешім біреу-ақ. Бар шанаға балықты сыйғанынша тиеп алайық та, бүгін түнде жүріп кетелік. «Бірақты» бұл жерге араластырмаңыз. Сіз сияқты ірі адамның шешімі жалтақсыз болуы керек қой.

— Қарағым-ау, біздің шанамызға оннан бірі де сыймайды ғой. Қалғанын не қыламыз? Еңбек сіңірдік қой!..

— Соны айтсаңшы, — Жалықпас қария күрсінді, — қып-қызыл алтынды қалай тастап кетеміз. Обалды. Құдай сақтар...

— Жәке, — Арман кекесінмен басын изеді, —сол қызыл алтыннан сізге қанша үлес тиеді. Атаман бірдеме дәме етсе жөн. Өз үлесі бар ма, жоқ па, оны былай қойғанда қайын жұртының үлесі бар. Обал, құдай?! Біздің түбімізге жететін осы...

— Әй, Арман, — Жәкең бұл жолы қатты ашуланса керек, Арман ағайға жекіп тастады да, мүйіз шақшасын суырып ап, асығыс ата бастады, — біздің түбімізге құдайсыздық жетеді... Ә-әт-шу-у... Жәрекімалла...

— Құдайсыз шайтан! Жағын қарыстыру керек бұның. Жіберіңдерші мені, — өмірінде намаз оқып көрмеген Асаубай бұл жолы ислам дінінің сенімді бір қорғаушысы сияқты, қыза сөйлеп, тыпыршып жүр. Оны ұстап тұрған ешкім болмаса да, ілгері-кейін ұмтылып, бір тұтам сирағымен мұз тебініп қояды. Кіп-кішкене жұдырығын да тас түйіп алыпты, — жіберіңдер деймін. Мен үнін өшірейін ол тамұқтан келген ыбылыстың. Қайдағыны шақырып, Жәкен дұрыс айтады. Аулап алған алтын қазынаны тастап кетпейміз. Құдайға сыйыну керек. Сыйынған жақсы. Түу, түк етпейді. Ойларсың... жібер деймін...

— Асаубай, қой шырағым, — жұрттың Асаубайды мазақтаған күлкісін қостап Атаман да жымиды.

Арман абайсыз айтып қалған, қайтесің, соны елеп. Бір ашуыңды бер маған. Өтінемін...

— Қойдым, ақсақал, сіздің үшін қойдым, — Асаубайдың беті бүлк етер емес, жұрт оның бишаралығына күлсе, ол өзінің «батырлығына» мәз болып, жымың-жымың күледі, —сыйлау керек ағаны. Сыйлаған жақсы. Түу, түк етпейді. Жақсы болады. Ойларсың...

— Солай жігіттер, — Атаман күлкісін тыйып, күрсінді, — қалғанын тастап кетелік дейсіңдер, ә?

— Мынау он бесті қосқанда жүз шанаға жуық жүк жеткізіледі екен. Бұл бір емес үш қостың аулайтын балығына тең, — Михаил Иванович төңірегіндегілерге бір қарап алды, — солай емес пе? Қанағат етсін осыған. Уағдалы күнінде келмеген өзінен көрсін. Қанша өкініш болғанмен қалғанын тастап кетуге тура келеді. Адам тағдыры осыны талап етеді!

— Эх, большевик жаңғырығы, — онсыз да қаны бетіне шыққан қып-қызыл Хвастунов, бұл жолы бұрынғыдан бетер қызара, тепсіне сөйлеп, Михаил Ивановичқа төніп барды, — адам тағдыры, адам тағдыры. Империяның басына қатер төніп тұрғанда, адам тағдыры деп мылжыңдайсың. Империя тағдыры адам тағдырынан жоғарырақ. Сол империяны сақтап қалу үшін тумаларымыз майданда қырылып жатыр. Сен сол империяның солдатына керекті азықты далаға тастап кетемін дейсің.... Тастатпаймын мен саған... әрбір орыс империяны қорғау жолында өлуге тиісті... Империя тағдыры үшін тәңірі алдында жауаптымыз...

— Дұрыс айтады, — «әсер сандуғашымен» ере келген Иван Харитонов шал айқайлап жіберді де, оң қолының үш саусағын маңдайына апара берді, — империя үшін елуіміз керек.

— Эх, сандуғаш, сандуғаш, — Михаил Иванович басын изеді, — сайра, сайра, «әсер сандуғашы...»

— Сайраймын. Мен Россия империясының намысын қорғаушы — әсер партиясы атынан бұйырамын, — Харитонов шалдан сүйеу тапқан Хвастунов бұл жолы тіпті екіленіп кетті, — империя солдатына керекті мынау азық тасылып болғанша ешқайда кетпейсіңдер...

— Біз сенен рұқсат сұрайтын кісі-ау, — Михаил Иванович күлді, — әне балығың. Аулап бердік, тасып ал, керек болса.

— Эх, бүлікшіл, большевик жаңғырығы, —«әсер сандуғашы» Михаил Ивановичқа жұдырығын түйді, — сенде орыстық сезім-сана жоқ. Мынау қарсақтардың өзі «балықты тастап кетпейміз» деп тұрғанда...

— Әй, сен доңыз, не шатып тұрсың, — Одырбай жүгіріп барды да, «әсер сандуғашын» тұмсықтан салып жіберді. Хвастунов құлап түсті. Одырбайдың қолы жердің кеңірдегінде, — тарт тіліңді. Неге қорлайсың. Біз қарсақ емеспіз. Адамбыз.

— Өлтір, шовинист итті, — Михаил Иванович аталасының әдепсіз сөзіне әбден қорланса керек, жұдырығын түйе жүгірді, — жігітсің Одырбай. Кеңірдегін суырып ал, шошқанын. Осыны айтып тұрғанының өзі шошқалық...

— Тоқтат, — Атаман қорғасындай ауыр, жуан даусымен айқайлап жіберді, — бұл неткен тәртіпсіздік. Әркімнің бір атаман болуына билік бермеймін.

Атаманнан жасқана қоймағанмен, қос басшысына бағынуды мойындаған Михаил Иванович кейін шегінді. Одырбай да әсер кеңірдегін шенгелінен босатып, орнынан тұрды. Бірақ, «әсер сандуғашы» қайтадан даурықты.

— Жібермеймін мен ешқайсыңды. Кеткендеріңді «отанын сатқан қашқын» деп сотқа беремін. Сізді де ескертемін, Атаман...

— Эй, Хвастунов, өшір үніңді. Атаман сен емес, мен. Орыс, қазақ деп былшылдама, — Атаман «әсер сандуғашын» желкеден сүйреп апарды да, қостың ішіне итеріп тастады, — батыр қараңды. Әйтпесе...

— Манадан осыны істеу керек еді, — Михаил Иванович күрсінді, — оның сөзін елей көрмеңдер достар. Бұл орыс емес, ақ жүрек, адал ниетті орыс халқының арын төгуші. Шын орыс ешбір халықты қорламайды. Дос санайды. Қолдан келген көмегін көрсетеді... Ал, Атаман, шешіміңіз қандай?

— Шешім, — ашуын әлі баса алмаған Атаман өз адамдарын сұстана бір шолып өтті, — алдымен бейбастақтыққа жол бере алмаймын. Әрқайсыңнан да тәртіп талап өтемін. Кеңес айтуға қақыларың бар. Ал, билікке араласпаңдар. Екінші, балықты, қамыс пен шөпті шанаға тиеп қоямыз да, бүгінше аялдаймыз. Себеп жел бұлтының түйіле түсіп, таралып кетуі де мүмкін. Соққан күнде де аса қатты болмаса, біз тұрған жердің мұзы жарыла қояр ма екен? Мынау ұсақ, мұз шоқылар кесеге жабысып жатуға тиісті. Рас, көптен бері су тасу, көтеріліп кетуі де мүмкін. Дегенмен тәуекел. Түнделетіп болса да, Атраудан шана келіп қалар. Ал, енді тағы да мынадай бір ескеретін нәрсе бар бұлттан үрейіміз ұшып аттана шаптық. Бірақ, жел болмай қалды. Сонда ұялмаймыз ба? Бұл ғана емес, мені әлгі иттің сөзі үрейлендіреді. Анау күні осындай бір нәрсені Кабановский де айтқан еді... Пәлеге қалып жүреміз бе?.. Сен қалай ойлайсың, Михаил Иванович.

— Тоқтамыңызды айтасыз ба? — Михаил Иванович иығын көтеріп қойды, — билік айтпа дедіңіз ғой. Сондықтан пікірімді ғана айтайын. Бұл жолғы дәлеліңіз орынды.

— Жоқ, — Атаман басын шайқады, — әлгідей заң бар ма екен өзі?

— Болуы мүмкін. Соғыс заманының заңы деген бар нәрсе ол.

— Астапыралла-ай, — Жалықпас қарияның жүзіне үрей ұялап-ақ алған екен, алақтап әркімге бір қарады, — қой, қарақтарым, ондай пәлесі болса, қайтамын дегенді қойыңдар. Итжеккенге айдатып жіберер. Хақ — тәуекел делік те қалалық. Құдай сақтар.

— Әрине, — Асаубай тағы да бір ақыл үйретіп қалды, —заңға бағыну керек. Түу, түк етпейді. Жақсы болады...

— Тақылдама сен ергежейлі, — Одырбай ағай Асаубайды желкеден сүйреп тастады да, қостан басын көрсеткен «әсер сандуғашына» қарады, — анау доңыз екеуіңді замандарыңмен үкіге лақтырармын. Әй, Хвастун, ескертейін де қояйын, осыдан бір пәлеге кездессек бар ғой, алдымен сені теңізге тұншықтырамын...

— Сөз бітті жігіттер, — Атаман оң қолын жоғары көтерді. — Ал, іске кіріселік...

Жұмыс тез-ақ аяқталды. Қосымызды әзір жықпастан, сол күйінде қалдырдық. Сырт киімімізді де шешінбестен, бірімізге-біріміз сүйене дем алып жатырмыз. Қос сыртында күбір-күбір сөйлесіп, түнгі күзетші Хвастунов пен Асаубай жүр. Атаман мен Михаил Иванович әлсін-әлі далаға шығып келеді. Доңыз аттастың шанасынан да, дүлейден де әзір хабар жоқ. Ұйқы да келер емес. Сәби қиял шарқ ұрып, талай жерді шарлады. Атрауға да, Астраханьға да, әкемнің осыдан жиырма күн бұрын өзім таба алмаған қосына да барып оралды. Қанатты ой қайтар жолында итбалықшылар қосына тоқтады. Қазір менің көз алдымда итбалықшылар қосының Атаманы, мейірімді Иван Федорович. Ол оң қолына ұзындығы бір құлаш қайын шоқпар ұстап, беліне қанжар тағынып, қостан шығып барады. «Иван Федорович, қайда барасыз?» деп сұраймын. «Итбалық соғуға барамыз» дейді ол кісі. «Мені ала кетіңіз-дағы». Иван Федорович күрең-буырыл сақалын сол қолымен сипап күледі. «Ой, өзін бір қызыққыш бала екенсің. Жарайды, жүр. Мұз үстіндегі майданды көрмексің ғой. Мә, мына таяқты қолыңа ал. Олжаң өзіңдікі...» Қайың шоқпармен құралданған топ жүгіріп келеміз. Мұз үстінде қарауытқан бір нәрселер көрінеді. Тіпті көп-ақ. Иттен аумаған бір жәндік, тұмсығын көтеріп бізге қарайды да, жорғалай бастайды. Осыған ілесе бүкіл қарауытқандар түгел қозғалады. «Бұл не, Иван Федорович?» деп сұраймын. «Бұл орысша тюлень, қазақша итбалық» дейді Иван Федорович. «Бол, бол, тезірек жүгіріңдер. Үкіні, үкіні бітеңдер!» дейді де Иван Федорович тұра жүгіреді. Оған ілесе мен де жүгіремін. Алдымызда ит сияқты, бірақ, құлағы тым кішкене бір жәндік бауырын жерден көтермей жорғалап барады. Қара көзін жаутаңдатып қуғыншыға қарайды. Бұл ит емес, итбалық. Ол үкі аузына бізден бұрын жетіп, тұмсығын сұғып үлгірді. Иван Федорович ту сыртынан қайың шоқпармен қойып жіберді. Балықтың қанат құйрығына ұқсас артқы «аяғынан» да тартып көрді. Бірақ, итбалық қонбады. Үкіге сүңгіп жоқ болды. Иван Федорович енді артта келе жатқан итбалыққа ұмтылды. Итбалық тісін ырситып, айбат көрсетті. Қайын соққы тұмсыққа тигенде ғана құлап түсті де, май басқан денесі дірілдеп, дәрменсіз қалды. Иван Федорович итбалықты сүйреп әкелді де, үкінің аузына көлденең тастады. Шын майдан енді басталды. Қайың соққылар әр жерден бір тасыр-тұсыр етеді. Мұз аланынан қыңсылаған мұңды үндер естіледі. Біз итбалықтың күшіктеріне кездесіп қалдық. Иван Федорович шоқпарын көтере берді. Ақ сарыдан гөрі көгілдірлеу кішкене күшік қарақат көзі жаутаңдап, қыңсылап қоя берді. Жаным ашып кетті. «Ата, өлтірмеңізші, маған беріңізші» деп өтіндім. Иван Федорович бетіме қарап күлді де, жас күшікті көтеріп, қолыма берді...

Ой соны ұйқыға ұласқан екен. Азан-қазан, шұрқыраса кісінеген жылқы дауысымен ояндым. Ат біткен тағаларымен көкше мұзды қарш-қарш тарпып, теңізді басына көтеріп алыпты. Жентек-жентек қар қуып, жел де соғып тұр. Үстіміздегі қос та жығылып қалыпты. Өн бе, түс пе, түсіне алар емеспін. Орнымнан көтерілуге де мұрша берген жоқ. Бір адам мені құшақтай жөнелді, көзімді ашып алсам Атаман екен, апарып шанаға салды...

Батысқа қарай тарттық та кеттік. Күндегі тап-тақыр мұздың үстіне қардың қайдан пайда болғанын білмеймін, қойны-қонышымызды толтырып, көз аштырмай сабалайды. Кейде шегін тартып, өксіп жылаған сәбидің, кейде ұлыған аңның, кейде ысқырған жыланның дауысы келеді құлаққа. Атаманда үн жоқ, анда-санда арттағы шаналарға бір қарап қойып, тор биені шоқытып келеді. Жүріп келеміз, жүріп келеміз. Атаман мені үлкен қара тонмен қымтап қояды. Әлден уақытта сол жағымыздан сарыл естілгендей болып еді, тон арасынан ептеп қана сығаласам, әлденендей қара-сұр жоталар көрінеді. Жота емес-ау, бейне бір жан иесі тәрізді, тым жиі жиырылып, қарғып-қарғып түседі. Кейде арс етіп аса биікке шапшиды да, осының артынша ағараңдаған бір нәрсені бұрқ-сарқ еткізіп шаша салады. «Кешегі «арыстан кескінді бұлт» дегенім шын арыстан болып, бізді қуып келе жатқан-ақ шығар. Оның да түсі қара-сұр еді-ау. Анау желкілдегені-жалы, мынау ағараңдағаны-аузынан атқан ақ көбігі болар. Неткен көп арыстан?!» деп те ойлап қаламын. Менің осы ойымды қостағандай тор бие де қамшылар жағына жалт-жұлт қарап, пысқырынып-пысқырынып қояды. Тор бие пысқырынған сайын менің жүрегіме үрей ұялайды.

Күндегідей алауланбай, сұрланып қана тан, атты. Манағы «қара-сұр арыстан» дегенім — таудай жоталанып, асаудай тулаған толқын жоталары екен. Арыстанның жалындай ширатыла, бірін бірі асықтыра қуып, бірін бірі баспалай, құтырына тулайды. Аржағында мұз бар ма, әлде дүниенің бәрі біржола телегей-теңіз болып кеткен бе, көк долының бетінде ойнаған су борасыны ешнәрсе аңғартар емес. Осы толқын жоталарын жиектей шауып келеміз. Сәске түстің кезінде толқындар әлемінің арғы бетіндегі тұтас мұз кеңістігі де көріне бастаған-ды. Бара-бара екі мұздың арасындағы судың кеңдігі Жайық өзеніндей болып-ақ қалды.

— Ата, ау, ата, — арғы беттегі тұтас жатқан мұз алаңын көргеннен кейін менің үрейім сәл сейіліп, сәбилік таңырқауым төбе көрсете бастады. Мүмкін бұған Атаманның тор биені сонша мадақтағандығы себеп шығар, — енді қайда барамыз?

— Мынау жарықтың жіңішке жерін іздеп барамыз. Екі мұздың түйіскен мүйісі болуға тиісті, — деді Атаман.

— Содан атты қарғытып өтеміз бе?

— Я, қарғытамыз, — деді Атаман көңілсіздеу ғана.

Атаманның сөзінен ызғар сезіле тұрса да, мен сәбилік таңырқауымды тоқтата алмадым.

— Алақай-ай, тор бие қандай секірер екен. Арғы бетке барып бір-ақ томп етеді ғой, — дедім.

— Менің қазіргі ойлап келе жатқаным — ығыстан аман шығамыз екен деген қуаныш қана емес, тор биенің секіргенін керсем деген ынтық. Атаман осыны аңғарып-ақ қойса керек, бетіме тесіле бір қарады да, басын шайқады.

— Әй, балалық-ай! Қатер үстінде де қызыққа құмартады.

— Мен ұятымды енді ғана мойындағандай төмен қарадым.

Әлі жүріп келеміз, екі мұздың арасындағы су бірден-бірге жіңішкеріп, ау суыратын арқан бойындай-ақ болып қалды. «Енді неге секіртпейді екен?» деп ойлаймын ішімнен. Бірақ, манағы бір ызғарлы қарастан кейін Атаманға тіл қатуға бата алмаймын. Тор бие енді манағыдай осқырынбай, жиекке таман жақындай түседі. Арғы бетке мезгіл-мезгіл қарап, жедел желеді. Меніңше тор бие қазір-ақ секіруге дайын, Атаман ғана ерік бермей келеді. Атаманның ендігі тартыншақтауына мен ғана емес, тор бие де наразы сияқты...

Енді мұздың біз жақ жиегі үшкілденіп, ішке тартып барады. Үшкілдің дәл ұшы жағадағы мұз кеңістігімен түйісіп жатқан тәрізді. Атаман шана үстіне тік көтеріліп, төңіректі түгел шолып алды да, арттағыларға бөркін бұлғады. Алыстап қалған шаналар бірімен бірі жарыса, шоқытып келеді. Олар құйындата шауып, үшкілдің дәл жиегіне жеткенше мұз арасы құлашқа жуық ашылып үлгерген екен. Ақ көбігін аспанға көтере, екі жиекті долдана тепкен асау толқын араларын бірден бірге қашықтатып барады. «Шіркін, сонау бір кеңдеу жерінен секіртсе ше. Мынау тор бие «кер құла аттай» ұша жөнелер еді-ау!» деп ойлаймын іштей.

Мұз жиегіне жақындағанда Атаман делбесі тежеліп, арттағы шаналар алға шыққан болатын. Енді бірер секундта, бәйгі жүйріктері қарауылға таянып қалған кездегі көтермелеуші дауыстар тәрізді айқай-шулар көбейіп кетіп еді, қатарласа келіп қалған аттар осқырына қарап, арғы бетке зірк-зірк түсіп жатты.

— Болыңдар тезірек, мұз ойып әкеліп, көпір дайындаңдар, — деп айқайлады Атаман.

Арғы бетке өткен жігіттер шаналарын өз беттерімен қоя беріп, сүймендерін сүйрете шоғырланып қалды. Шана сүйреген аттар «аман шықтық па?» деп бір-бірімен тілдескендей жамырай кісінесіп, дағдылы тәртіппен тізіліп алды да, аяқтарын санай басып, сабырмен ғана аяңдасып бара жатты. Атаман құлақшынын үсті-үстіне бұлғап, тез-тездің астына алып тұр. Артыма жалт қарасам, жуан сирақты, жүнді балақ «Піл күрең» борсаңдап, шауып келеді екен. Асаубай мен Қазанғап бұрыннан осы шанада болатын. Бүгін «әсер сандуғашы» да соларға қосылыпты. Атаман тор биені дереу бұрып алды да, «Піл күреңге» қарсы шапты. Артынан айнала беріп, айқай көтеріп еді, «Піл күреңнің» де жүрісі ширап сала берді. Бірақ, жүзік көзінен өтетіп тор бие ә дегенше қатарласып-ақ қалды. Күреңнің аяғы ұзын болғанмен қарқынын дамытар қалдығы жоқтығын сезген Атаман озып кетпей, тор биенің делбесін тежеп, қатарласа шапты да, қолындағы көк шыбықпен «Піл күреңнің» жонына тартып-тартып жіберді. «Мені жүріске қинамай, жүкте сына!» дегендей «Піл күрең» құйрығын бір бұлғап тастады да, жүрісін ешбір жеделдетпестен, баяғы қарқынмен шоқыта берді. Енді бірер минутта тор бие сәл ілгерілеп, Атаман оң жақ бүйірге еңкейіп қалған еді, «Піл күреңнің» мойнына жуан арқанның ұшын күрмеп-ақ алған екен. «Бұнысы несі?» деп ойладым мен...

«Піл күреңді» сүйрелеп, жиекке таяндық. Мұз арасы қазір екі құлашқа жуық ашылып кетіпті. Жел күшейген бе, толқын манағыдан гөрі де биікке көтеріліп, көбігін көш жерге лақтырады. Михаил Иванович пен Арман ағай бастаған арғы беттегі жігіттер үлкен-үлкен мұздарды багормен сүйреп әкеліп суға төсеп жүр. Бірақ асау толқын лақтырып-лақтырып тастайды. Шын қорқынышты енді ғана мойындағандай мен шанадағы жүкті бастырған арқаннан тас қып ұстадым да, көзімді жұма қойдым. Қатер үстіндегі екі аттың аянышты, ащы дауысына арғы беттегі жылқылар шұрқыраса үн қосып, мұз жиегі азан-қазан болды да қалды. Әлден уақытта миым зірк ете түскендей болып еді, «су түбіне кеттік қой, қарманып қалайын» деген оймен көзімді ашып алсам, тор бие шана-манасымен қарғып та үлгірген екен. Жарықтық-ай, аман өткен қуанышын сездіргендей, кәдімгі адам күлкісінше сондай бір әдемі, сондай бір нәзік дауыспен мойнын оңды-солды бұрап, басын шұлғып тастап, күмбір-күмбір кісінеп еді келіп, мен де күліп жібердім, күліп жібердім де шанадан секіріп түстім. Енді қарасам, тор биеден тер саусап, кешегі адам қызығарлық жалтыр түсі қоңыр тартыпты да, желбезегі дамылсыз соғып, бүкіл денесі қалш-қалш ете қалыпты. Әбден аяп кетсем керек, омырауынан құшақтай алдым.

— Әйт, тоқтатпа, жетеле! — деп айқайлады Атаман.

Ашулы үннің әміріне бағындым да, тор биені жетелеп бара жатып артыма қарадым. Мұз жағасындағы жігіттер «Бұл күреңнің» мойнындағы манағы жуан арқанға жармасып, шоғырлана қалыпты. «Менің құдіретімді енді сынап көр!» дегендей «Піл күрең» екі алдының тағасын көкше мұзға қадап алып, сіресіп тұр екен. Ауыр жүкті шана артқа қарай шөмиіп, су ішінде жатыр. Мұз арасы үш құлаштай шалғай кетіпті де, манадан мұз жиегін кеміріп жатқан долы толқын енді бар ашуын шанадан алмақшы болғандай, көбігін көкке көтеріп, құтырына түсіпті. Асылы «Піл күреңді» шана-манасымен сүйреп әкетпек болса керек. Осыны сезгендей «Піл күрең» де ашына шыңғырып, алға тырмысады. Шана үстінде жан ұшырып Қазанғап жүр. Ол қамыс пен шөпті қопарып, әлденені іздеп жатқан тәрізді. Қолына түскеннен айрылмайтын көкжал «шана ғана емес, өздеріңді де қоса әкетем» дегендей, ышқына көтеріліп, шананың үстін ұмар-жұмар жаба салады. Асаубай мен Хвастунов бастырма арқаннан тас қып ұстаған күйі жабыса жатып алыпты. Шана үстіне Арман мен Одырбай көтеріліп барады.

— Иттің күшігі, — Одырбай «әсер сандуғашын» жұлып алды да, суға қарай лақтыруға ыңғайланды. Хвастунов бақырып қоя берді. Одырбай бұрынғыдан бетер кіжіне түсті, — орыс империясы үшін өлетін батырдың түрін қараныз, әлден-ақ есінен айырылып қалыпты. Лақтырайын ба, мынау долы толқынға...

— Қой құрғырды, — Арман ағай «әсер сандуғашын» Одырбайдан жұлып алды да, мұз үстіне лақтырып тастады, — ит те болса адам ғой...

Өз шеңгеліндегі дұшпанынан айрылып, ызаланған Одырбай ағай, Асаубайды желкесінен бір түйіп, мұзға домалатып жіберді.

Содан екеуі де жұмысқа кірісті...

— Таста бері, қаптағы азықты лақтыр. Қазанды қолға бер, — деп айқайлайды әлдекім.

Толқынмен алысқан жігіттер әлденені лақтырып, әлденені қолға беріп үлгірді де, шанадан мұзға секіріп түсті.

— Уа, болыңдар, кесіңдер құлақ бауды! — деп айқайлады. Атаман.

Осының артынша «Піл күрең» қарғып мұзға шыққан еді, долы толқын жүкті шананы құшақтай алып, қуа жөнелді де, көп ұзамай түбіне тартып-ақ әкетті. Енді тек әр жерде қалқып бара жатқан бірер байлам қамыстар ғана көрініп қалды.

Түс ауып барады. Жел бірден-бірге бәсеңдеп, күн де жылына түсті. Шанаға дереу міне сап, тағыда тарта жөнелдік. Тор бие қамшы салғызбай, атқан оқтай зымырап келеді. Өзге аттар құлдырап көз ұшында қалып барады. Мен артқа қараймын. Кешегі арыстан кескінді бұлт енді қабанға құсай қалыпты. Төңірегіндегі ұсақ бұлттарды өзіне тартып, желкесін Кабановскийдің желкесіндей күржите түседі, мен осы бір реңсіз бұлтты Кабановскийдің дәл өзіне ұқсатамын. Ол азу тісін ақсита бізді жарғалы келе жатқандай. Мүмкін, «балығымды тастап кеттің» деп ашуланатын шығар. «Айып бізде емес, мырза, езіңізде. Уағдалы күнде келмедіңіз. Осы балықтың өзін зорға алып шықтық. Бізге сенбесеңіз анау әсеріңізден сұраңыз» деймін ішімнен. Кабановский кескіндес бұлт басын сілкіп-сілкіп тастайды. «Дәлеліңнің керегі жоқ. Сол балықпен бірге батуларың керек еді. Бәрібір менен қашып құтыла алмайсыңдар. Қуып апарып батырамын» деп ақыратын тәрізді. Мен үрейленемін бе, әлде қанағатсыз қабанға нәлет айтамын ба, енді қайтып ол жаққа қарағым келмейді. «Жоқ, мырза, енді бізді батыра алмайсың. Бүгін кешке Атрауда боламыз. Әкем де қайтқан шығар. Аңсаған ата құшағына кіремін!» деймін өзіме-өзім күбірлеп! Апаттан құтылдық деген сенім менің көңіліме қуаныш құяды. Сол апаттан алып шыққан «теңіз арыстанына» алғыс айтып, шаттығымды бөліскім келеді.

— Ата, — деймін күлімдеп, — әйтеуір аман өттік-ау. Ой, тор биенің секіруін-ай. Мана ғой, анау бір құтырынып жатқан жерінен қарғытсақ та, бергі бетке дік ете түсер еді-ау, ә, ата?!

— Асықпа, әлі талайына кездесерсің!

Атаманның дауысында шаттық қошемет емес, налысы бір ызғар бар. Ол менің бетіме бажырайып бір қарады да.манағы қабан кескінді бұлтқа бұрылып, күрсінді. Манадан бері басын дамылсыз шұлғып, көңілдене кісіней, құйындай заулап келе жатқан тор бие де кенет осқырынып қоя берді. Атаман шаина үстіне тік көтеріліп, дүрбісін көзіне апарған күйі, ұзақ қарады. «Ата, Атрау көріне ме?» деп сұрауға енді ғана ыңғайланған едім, Атаман маған қарады да дүрбісін ұсынды:

— Кәне, болашақ. Атаман, қара анау теңізді. Саған тор биенің тағы да бір секірген қызығын көрсететін жерін табамыз ба, жоқ па?..

— Ата, енді қайттік, — алдымызда асау толқындары жоталана көтерілген телегей теңіз жатыр. Мен шошына бастадым, — енді арғы бетке өте алмай қалғанымыз ба?

— Талаптанып көреміз де, — Атаман арттағы шаналарға қарап ауыр күрсінді, — тор бие бірдеме етіп қарғып шығар еді-ау, қалғандары ете алмайды ғой. «Кемедегінің жаны бір», оларды тастап кетуге болмайды. Әлде сені тор биемен секіртіп, судың арғы бетіне өткізіп жіберейін бе, балам, ә?

— Жоқ, кемедегінің жаны бір болатын болса, жалғыз кетпеймін, — мен басымды шайқадым. Жұрттан бөлініп, жалғыз кетуге әрі ұяламын, әрі қорқамын. Алдымда не барын кім білген, — неде болса сіздермен бірге боламын.

— Жігітсің, балам, жігітсің, — Атаман маған мейірімдене қарады да, құшағына қысты.

— Сен жақсы жолдас боласың. Жақсы жолдас жолдасын жолда қалдырмайды. Отыңның барын бұрыннан білуші едім, арың да бар екен ғой. Сен сияқты ұлы бар Жантаста арман бар ма екен?! Шіркін, ұл бала!..

— Ата, — мен мақтаныш пен қорқыныш аралас күрсіндім, — енді қалай шығамыз?

— Қорықпа, ұлым, — Атаман арттағыларға «тезірек жүріңдер!» деген белгі берді де, дүрбісін көзіне апара берді, — жіңішке жерін іздеп қараймыз. Өзге амал таусылса, дауыл тыныстағаннан кейін сал байласақ та ептеп өтерміз. Михаил Иванович пен Арман сияқты сенімді серіктер тұрғанда біз апатқа азық болмаймыз. Ұқтың ба, болашақ теңіз арыстаны?!

— Ұқтым, ата, — мен теңіз ауасын кеудемнің тереңіне толтыра дем алдым. Бұл дем алысымда сенімнің де, шектенудің де лебі бар еді, — ұқтым, ата, ұқтым.

Ұққанымнан не пайда, әзірге сенім дерексіз. Тор биені құйындата шауып, жиекті түгел сүзіп шықтық. Төңірегіміздің бәрі телегей-теңіз. Долдана тулаған толқын тепкісіндегі кішкене ғана мұз аралында қалып қойыппыз. Мен манағы қабан кескіндес жексұрын бұлтқа қарадым. Ол енді кескінін тағы да өзгертіп, қарасұр қасқырға құсап алыпты. Шегір көзі шытынап, іркіс-іркіс, сойдақы қос тістерін ақсита, Қасқырбай жауыз келе жатқан тәрізді. Бұл көкжал да бізден балығын даулай ма екен? Жұрттың бәрі ауыр-ауыр күрсініп, қасқыр кескіндес сүр бұлтқа тұнжыраса көз тіккен.

— Анау бұлтты көрдің бе, мынау жынды дауыл қайтадан соғады?!

Дауыл! Дауыл! Бес әріптен ғана құралатын осы бір атау кешеден бері жұрт аузынан кетпей-ақ қойды. Бұл сөзді олар бір жиіркенішпен, налыспен айтады. Дауыл — менің атым. Бұған дейін өз атым өз құлағыма аса сүйкімді естілуші еді. «Дауыл! Бұл орысша Буря деген сөз. Менің атым неге «Буря» болмаған, дейтін Сережа, маған кездескен сайын. «Дауыл — Буря Қандай тамаша ат! Қайнаған күш, жігер жатыр ғой бұнда», деп мадақтайтынды менің атымды Михаил Иванович пен Арман ағай. Сол дауыл қазір мынау жұрттың қабақтарын түнертіп тұр. Тіпті өз құлағыма да тым дөрекі, тым жабайы, сүйкімсіз естіледі. Саналы жігер емес, мылқау табиғаттың мейірімсіз қара күші жатқандай бұл атауда. Мен өз атыма қорланып, жылап жібергім келеді.

— Я, осы сұр бұлт кешеден бері бізді өкшелеуде, — Арман ағай қарасұр бұлттан көз аудармай басын шайқайды, — кеше арыстанға ұқсас еді, түсте қабанға айналды. Қазір қасқыр бола қалыпты. Атраудағы қожалар балығымызды тастап кеттің деп бізді кезектесе қуып келе жатқандай.

— Мүмкін, — Атаман күрсініп, Хвастуновқа қарайды, — мынау иттің кешегі бір сөзінен үрейленбегенде бейнет көрмеуші едік...

— Өкініп жүрмеңіз. Алдымен адам тағдырын ойла деп едік қой, — дейді Михаил Иванович, — кәне, «әсер сандуғашы», сайра, өліп көр империя үшін...

— Лақтыру керек өзін теңізге, — Одырбай тұра ұмтылады, — иттің күшігі...

«Әсер сандуғашы» көзінде жас мөлтілдеп, басын екі иығының арасына көме түседі.

X ТАРАУ. «ТЕҢІЗ АРЫСТАНЫНЫҢ» СОҢҒЫ СЕКІРУІ

...Он төрт шананы үйіре тастап, үстіне қамыс жапқан, уақытша күрке астында отырмыз. Төңіректің бәрі телегей-теңіз, көк жойқын. Жылқы біткен алдындағы жемдерін татпастан тағаларымен мұз тарпып, мазасыз шұрқырайды. Қос адамдары, енді қайтып бастарын қоспайтындай, жіктеле қалыпты. Бір шетте Жалықпас қария мен Айдынғали, Асаубай ағайлар бастаған топ. Олар осыдан жарты сағат бұрын, жүздерін оңтүстікке беріп, тізерлеп алған болатын. Сол бір отырыстарын өзгертер емес. Долы толқын арс етіп, шағын ғана аралды теуіп өткен сайын, маңдайларын мұзға төсей құлайды. «Астапыралла, астапыралла!» деген күбірлері келеді, құлаққа. Екінші бір қуыста Хвастунов пен Иван Петрович Харитонов, оң қолдарының үш саусақтарын маңдайдан жүрекке, жүректен екі иыққа мазасыз кешіріп, шұлғи түседі. Сүйменінің ұшын мұзға тіреп, сабын иығына қойған күйі, жұрттан оқшау отырған Одырбай ағай, «әсер сандуғашына» одырая қарайды. От басында Атаман, он, жағында Михаил Иванович, сол жағында Арман ағай. Атаманның жүзінде өкініш бар да, үрей жоқ, баяғы бір сабырлы қалпында, екі қолын қаусыра, кеудесіне қойып, үлкен ойға шомыпты. Қазанғап ағай бапсыздау пісірілген балығының буын бұрқыратып, алға әкеліп қойды. Бірақ, оңаша отырғандардың ешқайсысы орнынан қозғала қоймады.

— Уа, бері, асқа келіңдер, — Атаман қусырған қолын кеудесінен түсірді де Жалықпастар тобына бұрылды, — өштеріңді астан алмақсыңдар ма, түгі?

— Шырағым, біз кәрі-құртаңдар болып өзіміз бөлек іше берейік те, — Жалықпас басын мұздан енді ғана көтеріп күрсінді. — Жастар өздерің...

— Бұл не өнер, — Атаман таңырқаған пішінмен тағы да қарады, ең қарты сіз менен бес-ақ жас үлкенсіз...

— Жоқ, ақсақал, — Асаубай жасаураған томпақ көздерін адырайта Арманға қарады, — анау Арман отырған дастарханнан біз тамақ ішпейміз. Ол дінсіз, бізді құдайдың қарғысына ұшыратты. Енді елім алдында онымен бірге отырып тамұққа кіре алмаймыз. Бармау керек онда. Бармаған жақсы, түу, түк етпейді. Ойларсың...

— Әй, Асаубай, — Арман ағай ашу мен кекесін аралас жымиған болады, — құдайдың бары рас, құраны қақ болса, сенің орның бәрі тамұқ. Сен сияқты маскүнемді жұмаққа кім жіберуші еді. Ал, апаттың айыптысын іздесең, ол Атраудағы қожалар. Сен де солардың шашбауын көтеріп, Атаманға қалу туралы кеңес берген болатынсың. Өмірімізге ешбір пайдасы жоқ сол дінде біз екеуміздің не жұмысымыз бар. Одан да бері кел сорлы. Атаман арақ бергелі отыр...

— Я, шырағым, — Жалықпас қария Асаубайға үрейлене қарады, — сөйт, сонда бар. Арағыңды...

— Ой, Одырбай, сен неғып отырсың, — Атаман енді Одырбайға назар аударды, — апатты сен де Арманнан көресің бе?

— Жоқ, — Одырбай басын жұлып алды да, Хвастуновқа саусағын шошайтты, — апаттың айыптысы анау күрең доңыз. Онымен бірге отырып тамақ та ішпеймін, қарағым келмейді жүзіне. Бәрібір лақтырмай қоймаймын...

— Уа, қасқыр. Тым-ақ кекшіл екенсің батыр, — Атаман сәл жымиды да, «әсер сандуғашына» бұрылды, — ал, Хвастунов, сен екеуің неге оңашалана қалғансыңдар. Апатқа кездестірген айыпты кім? Кел, бері!..

— Менің теңіз ауруым ұстап отыр, — Хвастунов апаттың айыптысы туралы тіл қатпай, темен қарады,— жүрегім...

— Теңіз ауруы, — Михаил Иванович көзінен жас шыққанша күліп алды, — кешегі нәжіс атқан нас аузыңнан бүгін мәдениетті сөз сөйлемек боласын. Сенін нас аузына мәдениетті сөз лайық емес. Төге бер қаңсығыңды. Теңіз ауруы дегенше, құсып отырмын десеңші. Адам баласының тастандысы! Империя үшін өлетін батыр. Толқын шуылынан зәрең ұшып кеткен. Зеңбірек күркірін есітсең, оқ тимей-ақ елер едің-ау. Осы итті Одырбайдың уысына беру керек...

— Ә, бәсе, — Одырбай орнынан атып тұрды да, Хвастуновқа қарай ұмтыла берді, — мені де біреу қостасыншы...

— Жә, жә, желікпе, отыр орнына, — Атаман Одырбайға зекіп тастады да, Харитоновка қарады, — сіз неғып отырсыз?

— Біз, — Харитонов шал Хвастуновқа қарады, — құдайдың шын құлдары — христиандармыз. Пұсырмандарға араласпай, оңаша отыруымыз керек...

— Бәрекелді, сөзіңе болайын. Бұған дейін бірге отырып келіп, бүгін өнер тапқан екенсің. Мынау Михаил Ивановичтар отыр ғой бізбен бірге.

— Олар антихристер, — Харитонов маңдайын түрткілеп қойды, — біз...

— Әй, жігіттер, — бұған дейін езу тартып жымиғаны болмаса, дауысын ешбір шығармайтын. Михаил Ивановичтың тілімен айтқанда, «балық күлкілі» Атаман үлкен кісіге лайықсыздау, тым ерсі дауыспен сақылдап күлді. Мүмкін, бұл оның ең ақырғы күлкісі болған-ақ шығар. Көзінен жас бұрқырап, ішін баса, ұзақ күлген Атаман әлден уақытта басын көтерді де қос адамдарын түгел бір шолып, күрсінді. — Көбіңнің әлден-ақ берекелерін, кетіп қалған екен. Мен өз серіктерімді таңдап алуда да қателессем керек. Опыр-ау, осы бір қате деген қырсық менің қыр соңымнан қалмай-ақ қойды-ау. Әкесін өлтірдім бе бұл қатенің, ә? Қой, әрі, әйел адамша егілмеңдер.... Жарайды, Қазанғап, әзірге сол отырған жерлеріне апарып бер тамақтарын. Бірақ, әбден тоя ішіңдер... Жігер керек, жігер, жігіттер!..

Астан кейін де жұрт қабағы жабыңқы еді, қостағылардың еңсесін басқан сол бір зілді жеңілтпек болғандай, күнде көбінесе жұрттың жырын тыңдап, анда-санда қостап қана отыратын салмақты Атаман бүгін сауықты өзі бастап кетті. Бұрын қолдан қолға жиі кешіп, бірде бабында сөйлесе, бірде дауысын кен кеудеден шығармай тек қақпақ бетінен ғана даңғырлайтын қара домбыра да аса бір шешіліп алып, шешен сөйлейді. Күй, шу деген де Дәулеткерейден басталған-ды, Атаман әдемі күй ырғағына бүкіл жан дүниесі балқығандай, салалы саусақтарын сәнмен ойнатып теңселіп қояды. Кейде күйдің нәзік күмбірін жақыннан тыңдамақ болғандай, оң құлағын домбыра қақпағына таман сәл жақындатып, кейде басын сілке бір көтеріп алады. Дәл осы кезде жанадан ғана бурыл шалған ұзын сақалы жел үрлеген жібектей серпіле, күрең көздері шырадай жайнап, қарашығына бір әдемі күлкі пайда болады. Оның тек көзі ғана емес, тіпті бетіндегі шешек дағы да бірге күліп тұрғандай. Алайда осы әдемі күй түюлі қабақтардың түнерген жүректеріне еркін ене алмай, әсемпаздыққа әуес тек Атаман жанына ғана ұялап алған тәрізді. «Е, бұл еріккен төрелердің ермегі ғой» дегендей бұл жолы жұрт қостайды қоймады. Аздан кейін Атаман домбырасы, маған Қазанғап ағай арқылы тарихы таныс, «Нар идіргенге» түсті де, аңырай жөнелді. Бұдан кейін сан рет тыңдай жүрсем де осы күй менің жанымды дәл сол кештегідей елжіретіп көрген емес. Шебер қолдағы шешен домбыра аруанадай боздап еді келіп, әркімдер - ақ орындарынан жиі-жиі қозғалып, терең күрсініп алды. Манағы бөлек отырған топ, енді біртіндеп келіп, біздің жанымызға отырды. Тек Хвастунов пен Харитонов қана әзірге сол тығылған қуыстарында қалып қойды. Жұртпен бірге күрсініп, далаға қарасам жапалақтап қар жауып тұр екен, түнек аспан маған «Нар идірген» күйіне иіп тұрған аруана тәрізді, мынау жапалақ қар аруана емшегінен саулап тұрған сүт тамшысы сияқты көрінді. Атаман домбырасы алғашқы кезде аруанадай сарнай. отырса да. біраздан кейін шелекке тамған сүт дауысын құлаққа .жеткізе, күмістей қоңыраулана барып кілт тоқтады. Бірақ домбыраны маған беріңізші деушілер де табылмады.

Атаман жан-жағына бір қарап алды да домбыраны Арманға ұсынды. Арман ағай ойлы көзін бір нүктеге қадаған күйі, оң қолын шектен алмастан күмбір-күмбір қара отырып, сол қолымен тиекті сәл бұрап алды да, орнынан бір қозғалып қойды. «Енді не тартар екен?» — деп ойлап едім, қайдан басталса да «Зәурешке» бірер кете алмайтын күндегі дағдысы бойынша Арман бұл жолы да «Зәурештің» зарына көшті. Манадан бері үнсіз ғана күрсініп отырғандар енді бірте-бірте әнге араласып кеткендерін өздері де сезбей қалды. Мұз аралындағы қос та егілген әнмен күңірене түсті. Ән бастаушы Асаубайдың даусынан кәдімгі өксік естіледі...

Ашулы қабақтардың жүрегін әбден жібітіп, өзіне лестіріп алған Арман «менің айтайын деп отырғаным бұл емес, жігіттер!» дегендей зарлы «Зәурешті» сағадан апарып ақырғы рет егілтті де, дереу өзге бір күйге көшіп кетті. Шешен домбыра бұл жолы күйректікке салынып, егілмей де, жалақ әсемпаздыққа беріліп, сәнмен ғана сұңқылдап, сызылмай да, ереуілді дабылмен тым көтеріңкі сөйлеген еді, кейіннен сұрастырсам күй атасы Құрманғазының «Көбік шашқаны» екен ғой. Күй тілінде дүниені түгел соққан алай-дүлей дауылдың әбігері бар тәрізді. Кейде бір жыртқыш аңның айқайы естілгендей болса, кейде аш бөрінің ұлығаны, кейде қазір ғана атылғалы тұрған оқ жыланның ысқырғаны, кейде ішегін тарта жылаған жас баланың ащы зары естіледі. Долы дүлей үйірген теңіз толқыны бірінің үстіне бірі тік шапшып, тау шоқтығындай қатпарлана-қатпарлана, әбден биіктей барып, енді бір кез арыстанның жалындай бұйралана, ақ көбік шаша арс етіп, биік шыңның басынан күркірей, құлағандай сарыл келеді құлаққа. Мен Арман ағайдың жүзіне қарап едім, ол кісінің өзі де мылқау табиғаттың осы бір алай-дүлей апатымен алыса, асау толқынның біресе құзына құлап, біресе қайқаң етіп, шыңға көтерілген адамдай құлашын да кең сермеп, қызынып алған екен. Ол кейде бір нүктеге көз тігіп, кейде оңды-солды бұрылып қояды. Дәл осы кезде дөңгелек қарашықтары аударылып барып, бір жалт етеді де, ұзын кірпіктерінің арасынан жаңа шығып келе жатқан күн шапағындай шашақтана нұр толқиды. Тек көзі ғана емес, мылқау табиғат күшіне ереуіл көрсетуші екпінді күйдің ырғағына балқыған ішкі жан дүниесінің толқыны жел қақты боп, қоңырқай тартқан жүзінде ойнайды. Кең маңдайының терісі әлденендей әріптер бейнелеп, жиі жиырылып, жедел жазылған сайын қою қастары қыранның қанатындай желпінеді, екі қастық арасын ала, мұрын мен маңдайдың дәл шекарасына біткен қара меңі де дір-дір ете қалады. Қас пен меңнің осы бір көрінісі асау толқын үстінде қос қанатын кең жаза тастап, қалықтап жүрген дауылпаз тәрізді көрінеді.

Арман ағай «Көбік шашқанды» борандата барып доғарды да, апатты жеңген батырдай, кең кеудесін кере бір тыныстап, маңдай терін құлақшынымен сүртіп тастады.

— Жігітсің, Арман, мынау тартқанын, тамаша бір теңіз симфониясы ғой, — манадан бері Арманның жүзінен көз алмай, күй ырғағымен бірге қозғалып, үнсіз отырған Михаил Иванович жаны разы болғандай, домбырашыны арқаға қақты. Тамаша, бірден-ақ, осыны неге тартпағансың, ә? Дүлей дауыл, тулаған толқын сырын тыңдадым мен бұл күйден. Тек үрейлі нөсер ғана емес, сол телегей теңіз долысына қарсы бір күш жатқандай күйіңде.

— Дұрыс айтасыз, — құдіретті күйдің асқақ күшін, тілі, дәстүрі өзге елдің азаматына да жеткізе білгеніне масаттанғандай Арман ағай түп-түзу біткен жиі ақ тістерін түгел көрсете, көзінде үміт нұры ойнап күліп алды, — бұл Құрманғазы домбырашының теңіз апаты туралы шығарған күйі — «Көбік шашқан». Енді мынаны тыңдаңыз.

— Кәне, ойна, тыңдалық!

Арман домбыра тиегін біраз бұрап алып, орнынан сәл қозғалып қойды да, ереуіл ақыны Махамбеттің толғауын термелей жөнелді.

... Қабырғасын сөксе де Қайыспас қайсар пар керек Біздің бүйткен бұл іске...

— «Ә, қасқа-ай, тауып-ақ айтқан ғой! — деп қойысты жұрт.

— Міне, мұның тіпті тамаша. Қайыспас қайсар күш керек, — Михаил Иванович орнынан бір қозғалып қойды, — я, қайсар күш керек!..

Михаил Иванович өзімен-өзі сырласқандай аз күбірлеп отырды да, әндете бастады.

... Облака бегут над морем,

Крепнет ветер, зыбь черней;

Будет буря! Мы поспорим

И помужествуем с ней...

Баста қоңыр ғана естілген теңізшілер әні енді жел екпінін жеңе аспандап алған еді, қостаушылар да көбейіп кеткен екен. Харитонов қарияның өзі де ән ырғағына ілесіпті. Тек «әсер сандуғашы» ғана біржола үні өшкендей, басын екі иығының арасына жасырған күйі, лоқсып-лоқсып қояды. Ән әсер үнін тұншықтыра шалықтай түседі.

... Смело, братья!

Туча грянет,

Закипит громада вод,

Выше вал сердитый встанет,

Глубже бездна упадет!..

Табиғат дүлейіне қарсы күреске шақырған жігерлі әннің сазына енді қазақ жігіттері де қосылып, жырдың ақырғы шумағы манағыдан гөрі де асқақтап алды.

... Но туда выносят волны

Только сильного душой!..

Смело, братья!

Бурей полный,

Прям и крепок парус мой!

— Тамаша жыр, тамаша! Теңіз бетінде шоғырлана бұлт көшеді, жел күшейіп, толқындар таудай тулайды. Дауыл келеді! Біз нөсермен шын ерлерше алысып, оған өктемдік етеміз. Жеңіп шығамыз... Я, жеңіп шығамыз, — Атаман қазір ғана аяқталған жырдың пікірін қайталай сөйлеп отыр. Сөйлеп отырған жоқ-ау, өткір күрең көздерімен әркімнің жүзі ғана емес, жүрегіме үңіліп өмір айтып отырғандай, дауысыңда бір зілді бұйрық рай жатыр. Біреуге сүйсіне қараса, біреуге жасықтығы үшін жазғыра, налыспен, налыс қана емес, бояуы байырғы қалпынан әлдеқайда күшейіп, күрең шоқтай жарқыраған қарашықтарының жалынымен ата қарайды. Атаман жанары Жалықпастарды тұқырта тастап, Хвастуновтарға төнген еді, күрең көздің жалыны шарпып алғандай екеуі де теріс айналды. — Батыл бол тумам! Дауылды тек жігерлі жан ғана жөнеді. Тамаша, Күрекеңнің «көбік шашқанына» лайық жыр екен. Жәкең сияқты жасықтар емес, нағыз теңіз батырларының жүрегінен шыққан жыр. Міне, толқында туған теңіз батырлары апатты осы жырда айтылғандай жігермен қарсы алулары керек. Ал, сендердің әлден-ақ бойларың босап барады. Рас, біз, ашып айтқанда мен өзім қателік жасап алдым. Михаил Иванович айтқандай өкініштеріме өкініш қосылды. Оның себебі де, айыптысы да бар. Бірақ, қазір оның ізін індетіп, шұқылай беруден ешнәрсе өнбейді. Кемедегінің жаны бір. Бізге қазір ауызбірлік керек. Мен құдайға сенетін адаммын. Арман шырағым, тәңірі төңірегіндегі мазағың мені де налытады. Осы апаттан аман шығып, Атрауға барғанша Жәкең екеуміздің құдайымызды қажай бермеші, қарағым. Сенен ағалық қалауым болсын. Осындай қиын қыстауда тәубеге келгеннің өзі мақұл...

— Айналайын Атаман дұрыс айтады, — арпалыста әрі жаурап, әрі шаршаған адамдардың бойын жылытып, көңілдерін көтеруді көздеген болуға тиісті, Атаман ас үстінде жұртқа аздап арақ берген еді, сол араққа есіре бастаған Асаубай, Атаманның сөзін бөліп жіберді, — өзі ақылды. Әшейінде сенбесең де, осындайда құдайға сыйынған жақсы. Түу, түк етпейді. Жақсы болады. Ойлар...

— Тәйт, не сандырақтап отырсың, оңбаған, — діндәр Атаман Асаубай жындының құдайға құлшылық ету жөніндегі шатас пікіріне әбден ызаланса керек, соңғы сөзінің ақырғы буынын айтқызбай зекіп тастады. — Ақылымның өлшеушісі болмай-ақ қой, жынды неме. Пікірімді бөліп жібергенін қарашы. Не айтпақ едім. Ие, құдай туралы екен-ау. Меніңше, орыстың құдайы, қазақтың құланы деген жеке-жеке құдай жоқ. Құдайды ұлтқа бөлудің өзі күнә. Құдайдың өзі біреу дейді ғой. Олай болса, бәріміздікі бір құдай. Пайғамбарларымыз ғана бәлек. Сондықтан, мен мұсылман, мен христиан деп дараланба. Әрқайсың өзіңді ғибадат ет...

— Міне, міне, дұрыс айтады, — Асаубай тағы да араласып кетті, — тілесең шоқын. Тілесең дұға оқы. Ойларсын!..

— Әй, сен ит, — Атаман Асекеңді күрең көзімен тұқырта тастап, сөзін жалғады, — ол құдай апатқа қарсы күреспе демейді, Жәке...

— Дұрыс айтасың, — Айдынғали ағай күрсініп басын изеді, — сақтансаң сақтармын деген тәңірім.

— Я, — Атаман Жалықпасқа бұрылды, — бұл менің жіберген апатымнан сақтан деген сөз...

— Кешіріңіз Атаман, — Атаманның жұртты дін арқылы ұйытпақ болған ұзақ сөзіне төзе алмай отырған Арман ыза аралас жымиды. — Мен тәңірі батсам, Қасқырбайлардың жіберген апатынан сақтан, оны жеңіп шық. Сенің ендігі күресің біреуді байытуға арналған күрес емес, ешкімнің ортағы жоқ, өз өміріңді сақтап қалуға арналған күрес, дер едім.

— Астапыралла, астапыралла, — Жалықпас қария жағасын ұстай алды, — енді тәңірі болғың келді ме, шырағым?

— Дінсіз шайтан, — Асаубай да шақ ете қалды, — құдай болғың келсе көкке ұш!..

— Тәубе, тәубе, — Айдынғали да көкірегін басты, — неткен сұмдық. Сіз күрес дейсіз. Арман мынау тәңірінің орнына таласын қоймай тұрғанда...

— Қой әрі, түгі, — Атаман Арманды шүңірек күрең көзінің астымен сүзіп өтті де, Айдынғалиға зекіп тастады, — Арманды тәңірілікке тағайындағалы отырғаным жоқ. Кім жіберсе де апатқа қарсы күреселік, ендігі еңбегімізге ешкімнің ортағы жоқ дегені әбден дұрыс пікір.

— Ақсақал, — манадан бері үндемей отырған Одырбай ауыр күрсініп алды да Атаманға қарады, — күрескенде не істейміз. Қалай күресеміз. Теңізге көпір саламыз ба?

— Дұрыс айтасың, — Атаман Одырбайға бұл жолы мейірлене қарады, — көпір саламыз. Біздің мынау мұзымыз келесі дауылдың бір сіліккенінен қалмайды. Сондықтан анау үлкен мұзға көшуіміз керек. Екі арасы елу-алпыс құлаштай ғана. Осыған мұздан көпір саламыз. Араларын қиыстырып арқанмен жалғастырамыз. Мұз алдымен прогон сырықтарды сүзгілерді қойып, оған қамыс төсейміз. Сөйтіп аттарды жеке-жеке өткіземіз де, одан кейін балықтарды жаяу тасып аламыз. Балық бізге әруақыт керек. Ол мұзға шығып алған соң біз ұзақ уақыт қатерсіз боламыз...

— Дұрыс айтасың, — Михаил Иванович көгілдір көздерінен сенім жалынын жарқ еткізіп, Атаманның қолын қысты, — дұрыс шешім, теңіз арыстаны...

— Ха-ха, ха-ха, — Харитонов күліп жіберді, — бос еңбек. Сен одан да құдайға ғибадат ет. Міне, сонда құдай сақтайды.

— Әрине, ойларсың, — Асаубай көз жасын жеңімен сүртіп, кемсең-кемсең жылай бастады, — өздері құдайдың қарғысына ұшыратады. Енді бізді тыныш өлуге де бермей, теңізге айдап түсірмек. Тағы да босқа еңбектендіріп...

— Шырағым, — Жалықпас күрсініп қойды, — босқа бейнеттенеміз ғой...

— Жәке, — Атаманның көзіндегі манағы бір күрең жалын тағы да жарқ ете қалды, — Асаубай ақымаққа бұндай сөзді кешіруге де болар еді. Бүкіл өмірін теңізде өткізген сізге тіпті ұят. Мен ез ісіме сенемін. Бұндай апатты тұңғыш көріп тұрғаным жоқ.

— Ау, жігіттер, осы қожаларымыздан аямаған еңбегімізді өзімізден неге аяймыз, — Арман ағай орнынан көтеріле берді, — кәне, уақыт өткізбелік. Бастаңыз, Атаман...

— Әй, қарағым, — Жалықпас өтінішті пішінмен Арманға қарады, — айналайын, езін, алдымен тәубеге келші. Сұраймын...

— Жә, жә, жетті, Арманды зорлап мұсылман етпек пе едің. Өзің жалбарына бер. Арман анау Асаубай сияқты жалған. мұсылман бола қоятын жігіт емес. Өзінің сенімі, өз беті бар, — Атаман жұртқа ақырғы рет қарады да орнынан тұрды, — айтылар сөз айтылды. Енді мылжыңдауға ешкімге ерік бермеймін. Тұрыңдар түгел, көз қорқақ, қол батыр. Кешке дейін арғы бетке өтіп боламыз. Әй, Хвастунов...

— Я, тұр мырза, империя үшін өлуге дайын патриот өз өмірі үшін де күресе білуге тиісті, — Михаил Иванович «әсер сандуғашына» зілді күлкімен тым сұстана қарады, — империяны осылай қорғамақ па едің? Империя адам қыруға қолданып отырған аэропландарын бізді апаттан құтқаруға жібермейді. Біз өзімізді-өзіміз құтқаруға міндеттіміз... Эх, жігерсіз, жалған, жалдама патриот. Россияның әрбір солдаты сендей болса құрып кеткен болар еді-ау. Бақыттылығымызға қарай солдатымыздың сендейлері единица ғана...

— Ал, кеттік, жігіттер!

— Кәне, бастаңыз, Атаман!

— Я, тәңірі, — мұзға маңдайын ақырғы рет төсеп, Жалықпас қария да орнынан көтерілді, — қолдай гөр...

Жел тына бастады. Толқындар енді жарылмай бітеу ғана тулайды. Дүниенің бәрі қашыр-құшыр бір күшті үн. Қос адамдары қаз-қатар тізіле қалыпты. Болат сүймендерін көтере соғып, кішкене ғана мұз аралдың бір бүйірін сөгіп жатыр. Аралдан бөліне қашқан, көлемі қой қотанындай, үлкен мұз кесектерін багорлы жігіттер бас салып әлдеқайда сүйреп барады. Аумағы Таласовтың баржасындай бір үлкен мұздың үстінде Атаман. Жанында Арман мен Одырбай, Хвастунов пен Харитонов. Олар мінген мұздарын прогон сырықпен итеріп, бізден алыстап барады. Мұз үстінде текшелене байланған қамыс. Атамандар мінген «мұз баржаға» тағылған екі ұзын арқанның бір ұшын қолдарынан ұстап жиекте Айдынғали мен Михаил Иванович тұр. Ашуын әлі баса алмаған бітеу толқындар «мұз баржаның» үстін шая теуіп өткен сайын Хвастунов мырза ойбайлай бақырып, құлай кетеді. Одырбай ағай «әсер сандуғашын» желкеден сүйреп тұрғызады да, айқайлап жібереді:

— Қорға империяңды. Әйтпесе суға лақтырамын.

— Дұрыс айтасың, — Михаил Иванович күле сөйлеп Одырбайды қостайды, — майданнан қашқан қорқақ солдат империя заңы бойынша атылу жазасына бұйырылады. Қорқақтық істесе лақтыр теңізге.

«Мұз баржы» жылжи-жылжи барып арғы беттегі тұтас мұзға жақындады. Асау толқын ақырғы рет теуіп тастады. «Мұз баржы» шатыр-шұтыр сынып, екіге бөлінді. Толқын қуа жөнелген кішкене мұздағы Хвастунов жата қалды. Бұл жолы оның дауысы да шықпады. Арман ағай жүгіріп келіп, «жер сандуғашын» ұзын багормен іліп алды да, сүйреп шығарды. Атамандар арғы бетке шыққан бойда екі жерге терең қадады да, қолдарындағы арқандарының ұшын орай салды. Багорлы жігіттер көлемі қой қотанындай үлкен-үлкен мұз салдарын енді арқан тартылған бағытқа жылжытты. Мұз салдар қиыстыра құрастырылып, арқанға бекітілді. Түс ауа «мұз көпір» құрылысы аяқталып та бітті. Енді «мұз көпірдің» үстіне ұзын сырықтар тасталып, бау-бау қамыстар қалың төселді. Күн ұясына еңкейген кезде Атаман юр биені жетелеп, «мұз көпірге» қарай аяңдады.

— Кәне, сәтті сапар деңдер тумалар, — Атаман, жүгінде мақтаныш нұры ойнап, қос адамдарына қарады, — міне, толқында туған батырлар дүлейді осылай жеңер болар. Ал, қозғалдық.

— Сәтті сапар, бастаңыз Атаман, — Михаил Иванович алымды Атаманға сүйсіне қарап, қолын көтерді, — рахмет, теңіз арыстаны, рахмет.

— Рахмет, теңіз арыстаны!

— Мың жаса, Атаман.

— Бұны теңіз арыстанының «мұз көпірі» деп аталық!

— Хвастунов мырза қайда?

— Ол ақылынан адасыпты. Тілі байланып қалған.

— Ха-ха, ха-ха. Империя батыры.

Мана сәске кезінде тұнжырай қалған түнек қабақтар, енді жаз күніндей жайраңдай қалыпты. Қос адамдары күле сөйлеп, «теңіз арыстанының» «мұз көпіріне» қарай қозғала бастады...

...Үлкен мұз аралына орналасып, қамыс қосымызды қайта тіккенімізге,екі-үш күн болған-ды. «Мынау мұз аралында біздің мұртымызды балта кеспейді. Тек түстіктен жел шықсын деп тілеңдер. Түстік желі біздің аралды жағаның тұтас мұзына апарып жалғастырады», — деп жұбататын-ды Атаман. Бірақ, мылқау табиғат бізге деген ашулы қабағын жазбады. Түстік желі аралымызды еріншектеу ғана бірер күн қуды да, тарс тына қалды. Енді баяғы ашулы жыртқыштар кескінді реңсіз бұлттар көрінген тұстан жаңбырлы дауыл қайтадан басталып, қос адамдарының қабағын жаңадан тұнжыратты. Содан бері күндіз-түн әбігер. Жұрт тамақты кезекпен келіп, асығыс ішеді де, күреске аттанады. Бұл жолғы күрес, Михаил Ивановичтың тілімен айтсақ, «жат жерлік басқыншылардан аз отанымызды қорғау күресі». Ол кісі біз тұрақтаған аралды «өз отанымыз» деп атайды, осы аралға дауыл айдап келген мұздарды «жат жерлік басқыншы» дейді. Михаил Ивановичтың бұнысы да орынды. Өйткені аумағы үлкен біздің аралымыз шабан көшеді де, дауыл қуған ұсақ мұздар жедел қозғалып, бізді қуып жетеді. Қуып жеткен бетінде аралымыздың үстіне қарғып шығады да, кемерін омыра құлайды. Кезекті «басқыншы» тағы да осыны істейді. Аралымыз сағат сайын омырылып, бірден-бірге кішірейе түседі. Қазір қос адамдары «жат жерлік басқыншыларды» теңіз түбіне батырып, өз адамдарымызды қорғап жүр.

Қоста Хвастунов екеумізден өзге тірі жан жоқ. Естен де, тілден де айрылған «жер сандуғашы» ешкімге серік те болар емес, қайта жанына барған адамға үрей туғызарлық, тек бір жатқан тірі өлік. Екі көзі аларып, құр ыңылдайды да, әлсін-әлі шоқынады. Кейде кеудесінен жаралы аңның қыңсылындай қорқынышты бір үн шығарып, көзін ақшаңдата, тебініп, тебініп алады. Асты берсең ішеді. Бермесең сұрамайды. Мен оның жанына жолауға қорқамын.

Ыдыс-аяқты жуып тастадым да Атамандар кеткен жаққа аяңдай бердім. Менің қостан ұзап бара жатқанымды сезіп қалды да, тор бие кісінеп қоя берді. Қиып кете алмай кері бұрылдым. «Жетектей жүрейін» деген оймен шылбырын шешіп едім, тор бие еңкейіп келіп, маған мойнын тосты. «Тастамаймын жануар!» деп мойнынан құшақтадым, тор бие мені көтеріп апарып арқасына салды. Жабудың үстіне орнығып отырдым да жортып кеттім. Байлаулы аттар шұрқырасып қала берді. Бірақ мен артыма айналмадым.

Желе-жортақтап мұз жиегіндегі топқа да жақындадым. Етіктерінің ұзын қоныштарын тақымға тарта тастап, (Трезент шапандарының етегін белбеулеріне қыстыра сап, апатпен алысқан алыптар мені байқаған да жоқ. Бірінің қолында багор, бірінің қолында сүймен, бірінің қолында ұзын сырық жан ұшыра қимылдап жүр. Жаға жақтан жел айдап келген үлкен мұздың тұмсығын қолдағы құралдарымен төмен басады. Ұйымшыл топтық батыл қимылдаушысы да, Атаманды былай қойғанда, Арман ағай мен Михаил Иванович тәрізді. Олар қорқуды да, жан аяуды да білмейді, елден ерек қимылдап жүр. Дүлей қуып әкелген қатерлі мұздық мұртына құлаш жерден қарғып мінеді де, қолындағы жуан сырығының бір басын біз қоныстаған аралдың астына жіберіп, екінші басын кеудесімен басып, жата қалады. Осы кезде көшпелі мұздың басы бірден бірге аласарып, негізгі мұздың астын қуа жақындай береді. Енді қалған жігіттер де жапатармағай секіріп көмекке ұмтылады. Кейде басып тұрған мұздары омырылып кетіп етпеттерінен құлайды. Дәл осы кезді күтіп тұрғандай ашулы толқын арс етіп, үстерін жаба салады. Бірақ, мұз жиегіндегілер белбеулерінен ба тормен іліп кері сүйреп алады. Судан шыққан жігіттер үсті-басы сақыр-сұқыр етіп жаңадан қызу жұмысқа кіріседі. Әлгіде ғана дүниені тапап өткелі келе жатқан ұшы-қиырсыз мұз алаңдары тұмсықтары бір темен түскен соқ біздің аралдың астына еніп жоқ болады.

Жаланған жігіттер толқын қуып келе жатқан кезекті мұзға ұмтылды. Бұл мұздық үстінде бір қабырғасы сөгіліп қалған кеме келеді, алғашқыда қос тіккен алаңымыздың сыртындағы мұз тауының басында қарауытып жатқан осы кеменің қабырғасы шығар.

— Ал, тезірек, сүймен әкеліңдер, мынау кеме қабырғасын алып қалайық, — деді Михаил Иванович.

— Өле алмай жүріп оны не істейміз? Ойларсың...

Томпақ көзі жасқа толған Асаубай күңк ете қалды.

Бірақ жұрт оны тыңдай қойған жоқ, сүймендерін ала ұмтылды. Әлдекім құлап түскендей болды. Тор бие пысқырына кісінеп, жүрісін жеделдете түсті.

— Кетті, ойбай, кетті!

— Уа, ұстаңдар, мұз басты!

Жағаға жақындап барғанымда жұрт түгел айқайлап, әбігер болды да қалды. Мен тор биенің үстінен түрегеліп мұз жиегіне қарадым. «Жат жерлік басқыншы» мен «өз отанымыздың» арасында қолтығынан ілініп Атаман тұр. Бақырып жібердім, менің үрей мен мүсіркеу аралас үнімді қостағандай тор бие де шіңгір-шіңгір кісінеді. Оның дауысында да бір аяныш бар тәрізді. Атаманды о да таныды ма екен жарықтық!

— Тезірек, бәрің де бері келіндер, тіреңдер анау мұзды.

— Басқыншыны қашырыңдар!

Михаил Иванович пен Арман ағай басқыншыны» багорлерімен кері итере бастады. Қалған жігіттер де түгел көмекке ұмтылды. Бірақ, асау толқып айдаған «басқыншы» кері ылықсып барып, қайтадан ұмтылды. Атаман «өз отанымызға» қарай тырмыса берді.

— Уа, итер, жіберме!

— Атаманды тартыңдар, Атаманды.

Арман мен Қазанғап ағайлар Атаманды екі иықтан ұстап «өз отанымызға» тарта бастады, бірақ, шығарып үлгіре алмады. Қайтадан шабуылдаған «жат жерлік» кеудеден бір теуіп өтті.

— Ойбай-ау, өлтірді-ау.

— Жоқ, қатты соқтырғанымыз жоқ. Тіреп қалдық.

— Ал енді сүйреп алыңдар, тарт, Арман, бол.

Арман мен Қазанғап ағайлар тайғақтап барып, қайтадан тартты. «Жат жерлік басқыншы» Атаманның тізе тұсынан тағы да бір теуіп өтті де кейін шегінді. «Теңіз арыстаны» «өз отанымыздың» үстіне шығарылды.

— Жаны бар ма?

— Кеудесі соғады.

— Талып кеткен шығар.

Мен секіріп түстім де, тор биені жетелеп, шоғырланған топтың жанына бардым. Атаман көзін бір ашып, бір жұмып ауыр-ауыр дем алады. Тор бие шұрқырай кісінеп, жұртты омырауымен қаға, иесіне ұмтылды. Атаманның бет-аузын тұмсығымен иіскелеп, мекіреніп қояды. Көзіне де жас алғандай, қарашықтары кілегей тартып, мөлдірей қалыпты. Иесін тұрғызбақ болғандай күрек тісімен киімінен тістеп көтереді. Атаман да «ер қанатының» езіне таныс иісін сезгендей, қолдарын әлсіз ғана қозғап, тор биенің тұмсығынан сипайды.

— Жануар-ай, қайтсін, — Жалықпас қария еңкілдеп жылаған күйі Арманды жақтан тартып жіберді, — айттым ғой, бұл дінсіз біреуіміздің түбімізге жетеді деп. Айналғанда, міне, Атаманды жалмадың... жою керек көзін...

— Ақсақал, — Арман ағай Жалықпастың ,қолын ұстай алды, — менің жазығым қанша?..

— Ойларсың, жазығым қанша? — Асаубай сүйменді ала жүгірді, — жарып өлтірейін бе?

— Әй, жынды, тарт қолыңды, — Одырбай ағай Асаубайды салып жіберді, — дүниенің қара пәлесің бастаған анау Хвастунов екеуін, болатынсың!

— Дінсіз шайтан, — күні бойы Атаманды құшақтап отырған Қазанғап ағай енді «теңіз арыстанын» Михаил Ивановичқа қалдырды да, Арманды сүйрей жөнелді, — сенің қырсығың... өлтірем сені...

— Қазанғап, — Одырбай жүгіріп келді де Қазанғапты құшақтай алды, — қой, тентек болма, жігіт. Арманда қандай күнә бар?

— Дұрыс айтады, — деді Михаил Иванович, — Атаманның кегін Арман емес, анау «жер сандуғашынан», ол сана емес Атраудағы қожаларымыздан ізде...

— Жігіттер, — Атаман сәл көзін ашып, қолын көтерді, — қойыңдар. Мен өзім... Тезірек қосқа...

...«Теңіз арыстаны» ол күні бізді «мұз көпір» арқылы осы үлкен аралға еткізгенде ақырғы рет секірген екен сой. Қазір екі аяқты баса алмай мертікті де қалды. Сонау «жат жерлік басқыншылардың» «шабуылында» жіліктері омырылып, тес сүйектері сынған болса керек. Алайда жаратылысында қайратты, болат адам жұртқа үрей шақырып, ыңқылдамайды да, тек тістене ауыр дем алып, анда-санда бір күрсініп қояды. Жұртқа жігер беруге тырысып, кейде тіпті сәл жымиған да болады. Рас, оған бір жаман жөтел пайда болды. Сол жөтелі ұстаған кезде көзінен жас парлап, тым қиналып қалады. Атаманның мерт болуы қос адамдарының қабырғасын әбден-ақ қайыстырып жіберген еді, келер күнгі арпалыста Айдынғали ағай суға құлап кетіп, азар шығарып алдық. Өкпесіне салқын тисе керек, төсектен бас көтермей ол жатыр. Біріне-бірі жалғасқан бұл екі уақиғаны қалыңқы қазақ жігіттерінің бір тобы «Арманның тіліне ерегіскен құдай бізге лағынат айтты» деп түсінеді. Арманды көрсе теріс айналады. Тамақты да одан бөлектеніп ішеді. Арман ағайда да баяғы жайдарылық жоқ. «Шынында да солай емес пе екен?» деген адамдай жиі-жиі күрсініп, көп ойлайды. Өткен кеш мынадай бір уақиға болып қалды. Жұмыстан жаңа ғана қайтқанбыз. Жалықпас бастаған» үш-төрт адам қос сыртына тізерлеп отырып, маңдайларын мұзға төсей берді. От басында балық аршып жатқан Қазанғап ағай судағы шелекке қолын бір сүңгітіп алды да, солай қарай асығыс аяңдады.

— Ой, Қазеке, намаз оқитын болсаң дәрет алсайшы, қолындағы балық шырышы да кетпепті ғой, — деді Одырбай.

— Құдай бар болса, — Арман ағай күлді, — Қазекең екеумізден дәретсіз-ақ қабылдай береді. Біздің жұмысшы екенімізді білмей ме, ол?

— Әй, Арман, — Қазанғап жалт бұрылды, — не дедің?

— Не дедің?.. Ойларсың, — маңдайын мұзға төсеп жатқан Асаубай, орнынан атып тұрды да, бері бұрылды, — не деуші еді? Құдайды да, құдайға құлшылық еткен бізді де қорлап тұр. Екі орысымызды мерт еткені жетпеген ғой, Неғып төземіз ойбай...

— Әй, сені, — Қазанғап мана балық аршып отырған пышағын жанбасына бір сүртіп, қонышына қыстыра қойған еді, қазір сол пышақты тез суырып алды да, тұра жүгірді, — жарып-ақ тастайын.

— Таста, Қазанғап, — қос алдында жүресінен отырған Иван Петрович Харитонов Қазанғапты қаусыра құшақтады да, қолындағы пышағын жұлып алды-ақмақ, жетпей ме енді? Біраз адастық қой. Ақылға келер уақыт болды. Бұл пышақты биді адастырушыларға жұмсау керек...

Қазанғап ағай басын жерден алмастан қазан басына қайтадан оралды. Иван Петрович пышақты Қазанғапқа лақтырып тастады да, Арманның жанына келіп отырды.

— Қайғырма, достым, — шал Арманды арқаға қақты, — біз оқымаған адам. Біраз қаңғырамыз да, шындыққа қайта ораламыз.

Иван Петровичта шынында да бір қауырт өзгеріс бар. Ол өзінің кешегі пікірлесі Хвастуновты қазір ата жауындай жек көріп кетті. Атаман мерт болатын күні «жер сандуғашын» біраз тепкілеп те алды. Содан бері арпалыстан қолы бос әрбір минутын Михаил Иванович пен Арман ағайдың жанында еткізеді. Олардың кеңесін тыңдайды. Адасып келген кездері үшін кешірім сұрайды.

— Қайғырамын да, күйінемін де Иван Петрович, — Арман орнынан көтерілді де Қазанғаптың жанына барып отырды, - Қазеке, сіз Асаубай емессіз. Пышақ ала жүгіруіңіз ұят емес пе? Менің жазығым қанша?

— Мен қайдан білейін? — Қазанғап күрсінді, — молда дейсің бе мені? Құдайдың қарғысы деп...

— Адасқандық оларың, — Арман ағай Қазекеңе балық жарыса отырып ұзақ сөйледі, — бұл құдайдың емес, қожаның қырсығы...

Бүгін бір саябыр күн еді. Атаманды қос сыртындағы шуаққа жатқызып, бірсыпыра адам алқа-қотан отыра қалдық.

— Шіркін, — Атаман шалқасынан жатқан күйі ашық аспанға қарайды, — бүгін күн қандай жақсы. Көктем алдындағы шуақ қой бұл. Бірақ шуақтың бізге қажеті-ақ жоқ. Онсыз да берекесі кеткен мынау мұз күн қыздырса түйір-түйір болып бытырап жүре береді ғой...

Табиғат заңының тәжрибелік «мектебін» өткен «теңіз арыстаны» шындықты айтып отыр. Кешеден бері аспан қабағы жадырап, күн көзі көріне бастаған еді. Көктемнің алғашқы шуағы бізге қуаныш әкеле қоймапты. Бұған бірнеше күн бұрын шар айнадай жалтырап жатқан кеңістік беті бүгін әлденеге қара-қошқыл тартып, бұдырмақтана қалыпты. Қазір біз тұрған аралдың мұзы біріне-бірі бірікпей, тары сияқты шашылып кетуге бет алған жеке түйіршіктерден тұратын тәрізді.

— Қалайсың шырағым? — Арманға жүзін бермей бір қырын отырған Жалықпас Атаманның мандайын алақанымен басып күрсінді, — қызуың күшті-ақ екен қарағым. Басың ауыра ма?

— Басым да ауырады, кеудем де шаншып дем алғызбайды, — Атаман ұзақ жөтеліп, ентіге дем алды, — олардың бәрі іштеме емес-ау. Әй, Жәке-ай, «молданың өкшесі қисық» деген кісімен төбелесетін мұсылманның тым наданы болғанша, сынықшы болсақшы. Аяғым мен қабырғаларымды салып берсең ғой, қалған ауруды мен өзім-ақ жеңіп алған болар едім.

— Қарағым-ай, құдай енер бермесе қайтейін, — Жалықпас өзінің сынықшы болмағанына қорланды ма, Атаманға аяныш білдірді ме, көзінен жас төге егілді, — сенің денсаулығыңды тілеп жалбарынудамын тәңіріге. Сен үшін құрбанға...

— Құрбанға, — Атаман кекесін аралас езу тартты, — Асаубай жынды екеуіңіздің дүмбілез «уағыздарыңа» еліккен мынау Қазанғап Арманға пышақ ала жүгіріпті...

— Ғапу өтінемін жездеке, — Қазанғап қиық көздерінің қайнар тамшыларын Атаманның жүзіндегі шешек шұқырларына толтыра төгіп, жас балаша өксіді, — сіздің үшін солай ету керек екен деп, жездеке. Ағатайым едіңіз ғой. Әкетайым едіңіз ғой...

— Жылама. Кешірдім, достым, кешірдім — Атаман жөтел аралас ауыр күрсініп, Қазанғапты маңдайынан сипады, — жылама, жүрегі таза жан достым. Сенің маған ғана емес, досқа деген жүрегіңнің кіршіксіз екенін білемін. Бұл қателігің де сол достық сезімнің лебі. Бірақ, сен менің үшін ешкімді жазғырма. Мені ғана жазғыр! Мен қате басқан адаммын. Менің қатемді қайталама. Мен...

— Жездеке, — Қазанғап Атаманның бетіне бетін сүйеп жатып алды, — сіз жақсы кісісіз... Ағатай...

— Тұршы қарағым, — Атаман Қазанғаптың маңдайынан сүйді де, оң қолымен иегінен көтерді, — әрине, мен езімнің түскен жолымды жаман екен деп ойлағаным жоқ. Өзімше дұрыс деп ойладым. Өзімнен қабілеті әлдеқайда төмен адамдардың менен жоғары жүргенін күндедім. Олар үшін не көрмеді бұл қу бас. Сені отқа да, суға да айдады. Сені тәңірі алдында, адам алдында күнәлы болуға да айдады. Есерсоқ жас кезімде мен оның күнә екенін де аңғармадым. Қожаң айтты — болды. Кейін маған сана кіре бастады. Бірақ, дұрыс нысанаға бағыттаушысы жоқ, буалдыр сана мені орға айдады.Әкем осы Қасқырбайлардың кемесінде жүріп, мен тумастан бұрын өлген екен.

— Сіздің әкеңізді де кеме, басып өлтірген бе, — Арман ағай ауыр күрсінді, — толқында туамыз, толқында өлеміз...

— Я, інім, — Атаман көзінің құйрығынан. сызаттап аққан тамшы жас ақырын жылжып барды да, шықшытының үстіндегі шұқырдың бірін толтыра, моншақтап мөлдірей қалды. Моншақ емес-ау, кемерінен асқалы тұрған көл тәрізді. Қазір ойласам бұл ауруға қынжылған жанның емес, өкінішке ауырған жанның көз жасы — өкініш көлі екен ғой. Мүмкін, бар жоғы бір тамшы ғана «өкініш көлінің» салмағы Атаманның жанын тонналаған қорғасыннан да ауыр жаншыған шығар-ақ, — я, інім, біздің тағдырымыз әзірге осылай. Толқында туамыз, толқында өлеміз. Сен осы тағдырдың шенгелінен шыққан келеді. Басынды тауға да, тасқа да ұрасың. Қолыңнан іс келеді. Бойыңда қабілетің бар. Табысыңды талаушының тамағына тосасың. Мынау Қасқырбайға мен қанша балық аулады дейсің? Осы мертілгеннен бері есептеп қарасам, ол күні Арман айтқандай бүкіл Атрау кедейлерін қарық еткен болар еді-aу. Ал, мен соған не алдым. Өзім тапқан еңбектің уызын ішпедім, өзіме жат ортаның уытын іштім. Баста терім төгіліп, үлесім алынбаған төре қорасында кеткен еңбегімді Қасқырбайдынң қарындасын әйелдікке алумен қайтарайын деп ойладым. Кеше есігінде жүріп, бүгін қарындасына үйленсем, аспандағы айды алақаныңа қондырғанмен бірдей, биік дәреже деп аңғардым. Рас, төсек үстінде жатып өтірік айтпайыншы. Мен ғана емес, бетінің аз кем шіркеуі бар қарындастарын маған қосуға олар өздері ұмтылды. Тіпті шынын айтсам амалсыз үйлендім. Осыдан бастап адаса бердім, адаса бердім. Қасқырбайдың қарындасының күйеуі, есігіндегі құлы болып қана қалмай, ездерімен. терезесі тек мырза болуды, қарадым шыққан ақсүйек болуды арман ете бастадым. Бұл арман мені адастырды да тұманға сүңгіте берді. Кейін, тере мен қараның арасы шалғай жатқандығын аңғарғаннан бастап, өкіндім де. Бұл кезде аяғыма шырмау салынды. Ұл балалы болдым. Мен қайбір басқа жарыған кісі. Сол баланы қимадым. Ол күні мынау жердің сөзіне бөгеліп қалғаным да сол сәбилерімнің қамын ойлағандық. Бір пәле жауып, соттап жіберсе сол ұлым мен Раушаным жетімдік көрер, анау кәрі шешем мені жоқтап жас төгер деп тоқталдым. Бірақ достар, төсек үстінде жатып өтірік айтпайыншы дедім ғой әлгіде. Әрине, өлемін деп ойламаймын. Арымның тазалығын аңғартқым келеді сендердің алдарыңда. Сол балықта үлесі болғандықтан бізді апатқа айдады деп ойламаңдар. Менің үлесім анау ұл мен қызымның тыныштығы ғана еді. Жасыратын несі бар, о баста анау қалың балықты Қасқырбайға да, Таласовқа да сездірмесем деген ой болды менде, әрине өздеріңмен келісе отырып үлесерміз деп ойладым. Жаным жай тапсын. Сенесіңдер ме менің осыныма. Қате бастым, кешіріңіз, достар...

— Сенеміз, — Михаил Иванович басын изеді, — өз табынан алыстап, жат ортаға жалтаратын жеке жұмысшылар болады. Бұны жүмысшылардан шыққан төре деп атайды. Ондай адамдарды билеуші тап өзі дайындайды. Қалың бұқараға қарсы амалын сол адамдар арқылы өткен еді. Оларды қолшоқпары етіп пайдаланады.

— Я, қателестім, Михаил Иванович, қателестім, — Атаман жөтелмен ыңқыл аралас ауыр күрсінді, — уһ, жаным-ау, сүйегім ғана емес, жаным ауырады. Қателіктерім үшін өкінемін. Сол өкініш жанымды кеміреді. Достым, Михаил Иванович, қателеспей тұрғанда кездесіп, бағыт сілтеуші де болмадың, — Атаман дәл осы жерде өзін-өзі кекегендей, тым қиналып, зорға жымиды, — әрі де жоқ, бері де жоқ. Күлкім келеді. Сен қалай деп едің? Біз тұрған мұзды «өз отанымыз», дауыл қуып әкелген мұзды «жат жерлік басқыншы» деп пе едің? Отаныңды» өзіміз- толқында туып, толқында өлетіндер; «жат жерлік басқыншыңды» Қасқырбайлар мен Таласовтар деп түсінемін. Сонда мені Қасқырбайлар да, толқында туғандар да, екеуі де жатсынып, жаншып жіберді-ау. Мен екі жағының да тастандысы болдым-ау ә? Қандай өкініш? Жылағың келеді!..

— Олай демеңіз ақсақал, — Арман ағай да Атаманның өкінішіне ортақтасқандай ауыр күрсініп алды, — біз толқында туғандар сізді ешқашан жатсынбаймыз.

— Алаңсыз-ақ қайырылған болар еді, — Атаман басын изеді, — бірақ, кеш қалған-ақ шығармын. Әттең, бір сынықшы кездесіп, көкірегім мен аяғымды салып берсеші... Екі көзім жаудырап, Ертарғындай мертігіп жатқаным мынау. Өмір күресінен шет қалдым. Сендерге тек бір масылмын... кәне достар, ептеп сүйеңдерші. Төңіректі... шолып көрейін...

Төрт адам Атаманды ептеп қана көтере бастады.

— Апырым-ау, ақырынырақ, — Атаман екі қолымен төсін басып күрсінді, — көкірегі түскір, сынып барады. Жоғарырақ, көтере түсіңдер. Қасқырбай тұста қалың бұлт бар екен-ау. Ие, Михаил Иванович, «өз отанымыздың» көлемі кішірейіп-ақ қалыпты ғой!.. Тағы да бір секіріп түсер ме еді, шіркін. Бірақ, менің оған шамам келер емес. Анау күнгі ең соңғы секіргенім-ақ шығар. Я, солай, неткен қорлық! Әттең, бір сынықшы! Михаил мен Арман енді сендер секіріңдер... Я, менсіз! Секіретін жерлерің бар ма? Көтеріңкі деңдерші. Көкірегі құрғыр... әттең! Мынау көзі түскірдің де... Дүрбі беріңдерші... Анау не, Михаил!

— Мұз тауы ғой, Атаман.

— Я, мұз тауы дейсің. Әттең сонда... Апырым-ау, төсі түскір-ау!..

Атаман дауысы бұл жолы ащылау естілген еді, шана тасасында тұрған тор бие тұмсығындағы сұлы дорбасын сілкіп тастап, мекіреніп қоя берді.

— Жануарым, қанатым, — Атаман басын изеп күрсінді, — сенің шоқтығыңнан қайтып ұстар күн бар ма? Қасқырбай төре менің тақымымнан сені де аударып алмақ болды-ау!.. Кәне, достар, мені көтеріп апарып, тор биенің шанасына жатқызыңдар. Күн де ашық жарық қой, тор биені де, төңіректі де көріп жатайын. Анау Хвастунов жындының сандырағы мазамды алып болды. Көзің ілініп бара жатса, бақырып тұра келеді.

— Салқын тиіп жүрмесін, Атаман?

— Қалыңырақ жабарсыңдар. Күн де жылы ғой...

Кеше сеңнен сеңге секірген «теңіз арыстанын» бүгін төрт жігіт еппен ғана көтеріп, тор биенің шанасына .алып бара жатты, Атаманның жанымен тең көретін «ер қанаты» — тор бие құрметті қуанышпен қабылдағандай екі аяғымен мұз тарпып, басын жиі-жиі шұлғып, күмбір-күмбір қоңыраулы дауыспен кісінеді...

XI ТАРАУ. ҮМІТ САЛЫ ҮСТІНДЕ

...Атаманды ауру меңдеген сайын бетіндегі шешек дағының бір-бірі баданадай болып, тереңдеп барады. Сол сияқты күн көзі қыздырған сайын біз қоныстаған мұз бетінің де бұжыры молайып, түйірлері бір-бірінен алыстап, беріктігі де осалдай түседі. Мұз осалдаған соң шанадағы балықтарды да шашып тастадық. Енді Атаманның қатарға қосылуынан үміт қанша азайса, мынау мұздың үстінде ұзақ өмір сүруден де үміт азайып барады. Осындай күндердің бірінде әлденеме гүрс ете қалды. Жылқы біткен шұрқырап қоя берді.

— Уа, ағылөп әкел!

— Арқанды мойынға шал!

— Тарт, жіберме!

Бір өзінен екі-үш ат жасауға болатын жүндібалақ Піл күреңнің салмағын көтере алмай, тұрған жерінін мұзы ойылыпты да кетіпті. Қанша әуреленсек те шығара алмай-ақ қойдық. Сүйреп алса қайтадан ойылады.

— Уа, енді әуреленбеңдер, — Жәкең қынындағы кездігін шығара берді, — Атаманның жолына садақа болсын...

— Шал, Жәке, шал, — Піл күреңнің мойнына күрмелген арқанның ең ұшынан ұстап тұрған Асаубай бір өзі сүйреп алатындай шірене тартып, айқай салды, — уа, тартыңдар, жігіттер. Бауызда, Жәке, бауызда, елер алдында бір қазы жеп қалайық. Жеген жақсы...

— Өй, кереңді жегір, ашқарақ неме, — дәл өзі сияқты шомбал денелі, қимылы шабан болғанмен қайраты мол Піл күреңді өлімге қимаса керек, Қазанғап ағай Асаубайды желкеге бір түйді де жүгіріп Жәкеңнің жанына барды, — Жәке, бауыздамаңызшы, обал ғой. Шығарып алайық.

— Мұз көтере алмай тұр ғой, шырағым. Арам өлтіргенше...

Жалықпас қолындағы кездігін Піл күреңнің тамағына апара берді. Қазанғаптың көңілін қимады да, Асаубайдан езге жігіттер қолдарындағы арқанды жіберіп қойды. Піл күрең шыңғыра ұмтылып, басын оң бүйіріне қарай қақты да, Жалықпасты да, Асаубайды да ойыққа домалатты. Бірақ, таяуда тұрған жігіттер екеуін де тез сүйреп шығарды. Қазекең қанша қимағанмен де Піл күрең пышаққа ілінді...

Піл күрең уақиғасы бүкіл дүние жүзіндегі уайым бұлтын үйіріп әкеліп біздің аралдың үстіне үйе салғандай. Жылқы біткен Піл күреңді жоқтай ма, әлде мұз бетінде қызарып жатқан қан мен жыннан қорқа ма, дамылсыз тықыршып, мазасыз кісінейді. Топтанып тұрса ойылып кете ме деген сақтықпен әрқайсысын әр жерге байлағанбыз. Мүмкін, сонымызға қарсылық білдіре ме екен. Жоқ, бөлек тұруға қарсылық жасағанның ғана емес, төне бастаған қатерді сезіп, біржола дағдарғандық. Тек қорқу сезімдері ғана емес, қорғану сезімдері де бар. Тықырши тұрса да, бұрынғыдай мұз аяқтарын еппен ғана басады. Қатты тарпынса ойылып кететіндіктерін де аңғаратын тәрізді. Желден жүйрік тор бие әлсін-әлі жаутаңдап, Атаманға қарайды да. мекіреніп қояды. «Қалайсың?» деп халін сұрай ма екен; әлде жалыма жабыс, Атаман, көк жойқыннан көсіле жүзіп Атрауға алып жетемін. Сен батқан жерге мен де батамын дей ме екен? Top биенің тұмсығын сипап Атаман да күрсінеді.

Маздап жанған от басында киімдерін кептіріп Жалықпас пен Асаубай отыр. Екеуінің де көзінде жас. Жалықпас ауыр-ауыр күрсініп, күбірлейді. Дауысы да дірілдеп естіледі.

— Ие, жігіттер, жылқы ойыла бастаған соң-ақ үміттің өшкені. Енді көп болса бес-алты күндік қана өмір бар. Зарлықты алып барғанда неге қалып қоймадым екен?..

— Соны айтамын-ау, — Асаубай да кішкене мұрнын жас балаша жеңімен жанып, кемсең-кемсең егеді, — әлгі жиендерім бар деп, көз бола жүр деп.

— Жиенің кім?

— Таласовтардың шешелері біздің адайдың қызы екен ғой.

— Әй, кет әрі, — Қазанғап зекіп тастады, — қайдағы біреуді. Сені оларға нағашы етіп жүрген арақ шығар.

— Тоқта, сен өзің. Атаманның үстінен бақылаушы болып келген екенсің ғой?

— Келсе, ойларсың...

— Ойлатармын мен саған, — Қазанғап Атаманға қарай бұрылды, — Солай де?..

— Жәке, ыстық сорпа ішіп алайықшы, — жылап отырған Асаубай қазан қақпағын ашып жіберіп, майлы сорпаны қолындағы аяғына қалқып құя берді, — жарықтық-ай, жылқы сорпасының иісі-ай. Бұл жарықтықтың еті ауру-сырқауға ем ғой. Бұны тоя жесең бар ғой, Жәке, сіз білесіз бе, мен бір жегенде қос қазыдан екеуін тауысып кетемін. Бір токты дегенің бар ғой, тук емес маған. Көп жеу керек. Жеген жақсы. Түу...

— Өй, былшылдама оңбаған, — Жәкең серігіне зекіп тастады, — көр аузында...

— Уһ, әһ, тәттісін-ай! —Асаубай сорпа суығанша төзе алмай, бетін асығыс үрлеп, ернін тигізе бастады, — уһ, әһ, дәмі кіріп қалыпты.

— Өй, ашқарақ жалмауыз, сен итті ас пен арақ, өлтіреді, — қостан тұз алып келген Қазанғап ағай аяқтың шетінен ұстай алды, — ит-ау, ең болмаса піскен соң ішсеңші, бүлкілдегені қазір, әлі тұзы да татыған жоқ. Доңыз-ау, шикі сорпа ішіп, жұртқа масыл болмақ па едің?

— Қызғансаң, — Асаубай аяқтың түбінен қағып жіберді, ыстық сорпа Қазанғаптың бетін жапты да кетті, — іш өзің кереңе...

— Мынау ашқарақ ит қыра ма? — Анау-мынауға ашулана қоймайтын, шын түтесе өзін өзі ұстай алмайтын томырық жігіт Асаубайды ұмар-жұмар баса түскен еді, етектілеу келген мұрнының желбезегі тым мазасыз желпілдеп, әдетте адамға тік қарай бермейтін, шықшыт сүйегі шодырая біткен жалпақ бетіне ешбір лайығы жоқ, кіп-кішкене, ұяңқы көздері де қанталап кеткен екен, дүрдиген қалың еріндерінің арасынан ірі ақ тістерін қашыр-құшыр өтікізіп, тілімденіп кеткен бақан саусақтарын Асаубайдың кеңірдегіне батыра түсіпті. — Сен мені жуас-жуас дегенге жүндемек пе едің, ә? Лақтырайын ба мынау теңізге?

— Ойбай, өлтірдің.

— Бәрібір, өлім шақырып жұрттың берекесін алып болдың. Бізді апатқа кездестірген де анау Хваста екеуін...

Денесі еңкіштеу біткен шомбал тұлғалы Қазанғап шынашақтай Асаубайды мұз жиегіне қарай аяғынан сүйрей жөнелді, Михаил Иванович пен Арман зорға айырып алмағанда атып жіберетіні де даусыз еді.

Жұрт бірі күліп, бірі күрсініп қайтадан тынышталды. Атаманға көрші шанада Михаил Иванович пен Арман ағай отыр. Жандарында Одырбай мен Иван Петрович, төмендегі қамыс үстінде бірнеше адам, біріне-бірі күбір-күбір сөйлесіп, көңіл сырын ақтарды. Әрқайсысы өз өмірінің ең қызықты кезеңдерін еске түсіріп, қымбатты адамдарының атын ауызға алады.

— Әй, әй, көздеріңді жұмыңдаршы, — дейді селтік танау қара бұжыр жігіт, күрсіне күлімдеп, — көресіңдер ма?

— Мынаның есі дұрыс па, әй?

— Мен, міне, көзімді жұмып едім, Сағынтайымды көріп отырмын. Әй, ана қараңдаршы, — жігіт көзін жұмып, қолын созады, — кетік тісінің арасынан тілін шығарып, қанатын жая жүгіріп келеді. Қазір құшақтайтын шығар. Келе ғой құлыным... шын айтам. Жұмыңдаршы көздеріңді...

— Өй, қойыңызшы, Әшеке, — мұрт белгісі жаңа ғана тебіндей бастаған дөңгелек жүзді ақ сары жігіт жымияды, жұмбай-ақ көріп отырмын мен өз шешемді. Әне, Асқар екеуі от басында. Шешем қазандықтағы отын ысыра тастап, ay тоқып отыр. Асқардың екі көзі оның аузында. Тегі бір қызықты ертегі тыңдап отырса керек. «Алтын балық» па екен? Менің шешем ертегіні қандай тамаша, нақыстап айта біледі. Әне, есік ашылды. Көрші қызы Күнсұлу кірді. Аяз сүйген екі беті нарттана қалыпты. Қара көзі жымың қағады. Тістері де маржандай тізіле қалыпты. Ұзын қара шашын екі жара өріп, омырауына тастай салыпты. Кеудесінде түгі қырыла бастаған күрең мақпал жеңсіз. Үстінде прансоз шыттан тіккен қос етек, Өй, қандай тамаша қыз десеңші. Олар ертеректе Жылыойдан кешіп келген болатын. Шынында да жақсы қыздар Жылыойда ма деймін. Қалай еді, әлгі бір жыр?

Жігіт баяу ғана әндетеді.

... Жылыойдың таң қаларсың қызын көрсең, Атына түскен қайтып міне алмайсың, Әй-әйдің суға барған ізін көрсең...

— Ау, Тілек, сен өзің... Аман оралсақ той істеп жүрмелік, әй?!

Тілек екі беті дуылдап, темен қарайды. Бірақ, қарашығында қуанышты үміт жалыны.

— Ие, той етсе несі бар? — шана үстіндегі Одырбай ағай Атрау жаққа қарайды, — өзіміз осыдан аман оралсақ той етеміз екі бастан.

— Би-би-Сара ма, жақсы қыз. Лазарь батағасындағы ғой, ә?

— Ие, күлгені қандай жақсы. Ал, көзі аспан тәріздес, аудара қарағанда жүрегіңді елжіретеді.

— Ойбой, көзі көк пе? Мен ондай көзді жаратпаймын. Шіркін қарақаттай мөлдіреп тұрсашы! — дейді Әшім.

— Жоқ, Әшеке, — Одырбай күледі, — сіз түсінбейсіз. Ең жақсысы не аспан, не теңіз түстес болып келгені ғой. Ондай көзділер мынау Михаил Иванович сияқты мейірімді болады. Ал, шашын айтсаңшы, тіпті бір жоқ түс. Біртүрлі ақшыл сары жібектей. Билегенде ше, — жігіт күрсінеді, — бірақ, мен білмеймін, оқасы жоқ, үйреніп аламын ғой, әлі. Сендер ғой көз алдымызға келтіреміз дейсіндер. Ал, мен көзімді қанша жұмсам да тұтас тұлғасын көз алдыма келтіре алмай-ақ қоямын...

— Ол өте жақсы кергендіктен, — дейді, жігіттердің бірі әзілдеп.

— Мүмкін, — Одырбай ағай жымияды, — бүгін түсімде кердім. «Нигә, нигә синиң шаян кузләриң...», дәл жаныма келе беріп еді. Анау жер доңыздың айқай салып, оятып жібермесі бар ма...

— Одырбай, біздің батағаға кешіріп аласың ба Бибиді?

— Жоқ, өзім сонда кешемін. Біріншіден, ол біреудің жалғызы. Әке-шешесі қандай жақсы адамдар. Өзіміз сияқты жұмысшы. Ал, менде туған-туысқан жоқ. Әкесін әке, шешесін шеше етемін. Екіншіден, мынау Хвастун құйыршық жүрген жерде жүрмеймін.

Әкемді еске түсіріп, мен де Атрау жаққа бұрылдым. Мен ғана емес, Михаил Иванович пен Арман ағай да зейінді көздерін жаға жаққа аударыпты. Бұлардың да қиял құстары қанаттарын кең жаза Атрауға қарай самғағандай. Өзгелердей елде қалған ешбір тумасы жоқ, бұл Арман ағай кімді ойлайды екен? Әлде біздің батағаға езімен бірге келген сонау бір сүйкімді қыз ба? Екеуінің көз қарасында бір жылы достық сезімі жататын тәрізді еді. Біз теңізге жөнелер түні Атаман қолындағы фонарь сәулесі жарқ еткенде сүйкімді қыздың Арман ағайға жайраңдай күліп тұрғанын көргенмін. Арман ағай сүйікті досының сол бір әсерлі, назды күлкісін есіне түсіргендей, көзін сәл қысыңқырап жымиған күйі алысқа қарайды. Тас төбеде әлденендей бір үлкен құс қалықтап жүр. Қомақты қанаттарын қабырғасына таман жиырып, шүйілген күйі, біраз төмендеп келеді де, қайтадан жалт береді. Біздің сағынышымызды елге жеткізгелі келген мейірімді құс па, әлде жемтік іздеген жыртқыш па, ол арасы белгісіз. Арман ағайдың екі көзі осы құста.

— Әттең! — дейді ол күрсініп, — құс болып неге жаратылмағанмын. Үлкен бір құс болсамшы. Алдымен Атаманды арқама мінгізіп алып, сынықшыға дереу жеткізер едім. Содан кейін қалғандарыңды көшірер едім?!

— Эх, арманшыл достым, — Михаил Иванович басын изеп күледі, — әйтеуір бізді аспан жолымен ұшырып әкетпек болсаң күс болмай-ақ, үлкен бір аэроплан болсайшы. Сонда бәрімізді бірден тиеп әкетесің.

— Михаил Иванович, — Одырбай ағай Михаил Ивановичқа таңданған пішінмен қарады, — аэроплан деген не?

— Ауа кемесі.

— Не істейді онымен?

— Эх, Одырбай, — Михаил Иванович Одырбайға сүйіспендік білдіре, арқасынан қақты, — сен қаның бар жақсы жігітсің. Санаң да бар, әттең, сауатың жоқ. Рас, солақайлығың да жоқ емес. Бірақ, сенде келешек үміттің ұшқыны бар.

— Ойбой, тым мақтап жібердіңіз, — Одырбай әкесінен мақтау алған балаша, масаттана күлді, — әлгі, аэропланыңызды айтыңызшы.

— Аэропланмен бе? — Михаил Иванович ауыр күрсінді, — әзірге адам өлтіреді.

— Адам өлтіргені қалай, адам өлтіреді, ә?

— Я, достым, адам өлтіреді. Танңданатын ешнәрсесі жоқ. Оның ішіне толтыра бомба тиейді. Содан кейін ұшып барады да, солдаттардың төбесінен төгеді. Бомба жарылады да, солдаттарды қырып жібереді.

— Кермандар ма істейтін?

— Германдар орыс солдатының үстіне тастайды. Ал, орыс патшасы герман солдатының үстіне тастайды. Қырылушы солдат болады.

— Әттең, — Арман ағай жұдырығы тас түюлі оң қолын кіжіне сілкіп тастады, — билік менің қолымда болса, ол аэропланды адам өлтірту жұмысынан аударып алып, біз сияқты апатқа ұшырағандарды құтқаруға жіберген болар едім.

— Я, арманшыл достым, бар бақытсыздықтың өзі сол биліктің біздің қолда болмағанында. Сондықтан да байлар біздің еңбегімізді тонайды. Мысалы, міне, біз суық суға қолымызды мала жүріп Атрауға жүз шана балық жібердік, бейнет көрдік. Қазір ығысқа ұшырап, қатер үстінде тұрмыз. Өліп кетуіміз де мүмкін. Ал, біздің аулаған балығымыздың ақшасы Таласовтардың қалтасына түседі. Ол өзі бейнет керді ме, жоқ. Жұмсақ кровать үстінде рахаттанып маужырап жатыр. Біз бейнеттің ауырын тартып табамыз. Олар жатып жейді. Неге? Бізде құрал жоқ, оларда құрал бар. Байларға жаңа базар керек болады екен. Патша үкіметі көрші елге соғыс жариялайды. Соғысатын кім? Екі елдің еңбекшісі. Бір-бірімізді қырамыз. Базар керекті байлардың өзі соғысқа бармайды. Үйінде жатып, екі елдің еңбекшісін пайдаланады. Бұны азсынып, екі елдің патшасы үстімізден бомба тастатады. Өзіміз соғыста өлеміз. Ашыққан қатын-баламыз нан сұрай барса ұлы мәртебелі патшамыз оларға оқ жаудырып, қырғынға ұшыратады. Жұмысшылар қожаларына қарсы бас көтереді, еңбекақымыз аз, жұмыс уақыты көп, дүние қымбат деп арыз айтып патшаға барады. Патша оларды полицей қылышының астына алады. Шаруалар жер иелеріне қарсы бас көтереді, патша солдаты оларға оқ атады... 1905 жылдың уақиғасын есітіп пе едіңдер?..

— Я, есіткенбіз, — Иван Петрович күрсіне басын изеді, — көп адам қырылыпты ғой...

— Я, көп адам өлді, — Михаил Иванович ауыр бір жағдайды еске түсіргендей, үлкен көгілдір көзімен әркімнің жүзіне ұзақ үңіліп, ойланып кетті, — менің қарындасым да, қалыңдығым да сол қырғында оққа ұшқан күндері мен өзім де жапон оғынын жарасынан әлі толық жазылып та болған жоқ едім... Я, солай достар?

— Михаил Иванович, — Одырбай күрсіне тістенді, — ондай жауыз патшаның қажеті қанша? Лақтырып тастамай ма?

— Лақтырып көр. Патшаның солдатын, полициясын қайда қоясың?

— Солдат деген еңбекшілердің балалары дедіңіз ғой. Олар неге лақтырып тастап айда? — дейді Одырбай таңданып.

— Олардың бәрі бірдей өз мақсаттарын түсіне қоя ма, кім жау, кім дос екенін аңғара ма? Міне, біз осында отыз екі адам бармыз. Бірақ пікіріміз ала-құла. Анау Асаубайды Таласовтар араққа сатып алған, Иван Петрович пен Жалықпасты дін уымен улаған. Бірақ, Иван Петрович қазір дұрыс жолға түсе бастады. Атаман мен Хвастунов сияқты жеке өз басының қамын көздеп, адасып жүргендер, өз ортасынан алыстаушылар әлі аз ба екен?

— УҺ, а-ah, — Атаман ауыр күрсініп қинала дем алды, — уһ, жаным-ау...

— Солай, достар, солай, — Михаил Иванович басын изеді, — жарымағандарды жарылқау үшін алдымен мемлекеттік құрылысты өзгерту керек.

— Солай дейсіз, Михаил Иванович!

— Солай, арманшыл достым, солай, — Михаил Иванович сәл жымиған күйі Арманның жүзіне үнсіз ұзақ қарады, — Арман! Қандай тамаша ат. Сенен әкең үлкен үміт еткен шығар. Сенің жақсы адам болып, халыққа қызмет етуіңді арман еткен шығар. Я, тамаша ат, тамаша. Өзің де атыңа лайық арманшыл адамсың. Арман деген адамға ойлар салады, ол ойлар адамды ілгері сүйрейді. Солай, арманшыл достым!

— Я, әкем бишара менен үлкен үміт те күткен шығар, — Арман ауыр күрсінді де, өзі өмірінің ең елеулі кезеңдерін еске түсіргендей, ұзақ ойланып барып, әңгімесін жалғады, — менің әкем осы Атаман кескіндес, қара бұжыр адам еді. Рас, ол Атаманнан гөрі сұңғақ болатын. Шешем бала көтермепті. Ата-ана бала сүюді арман етіпті. Сарғайған әке отыздардан асқанда мен өмірге келіппін. Анам мені қолына алғанда Арманым деп маңдайымнан сүйді. Әкем де мені Арманым деп төсіне көтеріпті. Сөйтіп, мен Арман аталыппын. Шешем ат жақтылау келген ақ сары адам еді. Әлі күнге дейін көз алдымда. Екі қасының арасында моншақтай қара мені болатын, — Арман ағай оң қолының саусағымен маңдайындағы меңін басып күлді, — асылы мынау қара мең маған анамның қосқан үлесі болса керек. Ата-ананың тұнғышы да, кенжесі де мен болдым. Мен жеті жасқа шыққанда шешем бишара холера ауруынан қайтыс болды.Әкем қайтып үйленбеді. Екеуден-екеу қалдық та қойдық. Әкем қайда барса мен сонда, еремін де жүремін. Осылай жүріп онға жеттім. Әкемнің кішкене ғана көне қайығы болатын-ды, екеуміз сол қайықпен балық аулайтынбыз. Жағада балық аз болған соң бір күні төңірекке шығып кеттік. Ол күні аспан алабұлттау еді. Кешке қарай ауды құрып тастағанбыз. Іңірден бастап-ақ шығыстан көтеріңкі жел пайда болған-ды. Бара-бара жел әбден желігіп алды. Әкем біраз жасқа келген, ұйқысы сергек мазасыздау адам еді. Кішкене қайықтың өресінен биік, тым тереңге түнегендіктен бе, ол күні тіпті мазасы кетті. Мезгіл-мезгіл су төгіп, кіріп-шығып жүр. Бір кезде «Ойбай, ойбай, басты, басты!» деген ащы даусы естілді әкемнің. Атып тұрдым, бір нәрсе cap-cap етеді. Люктен басымды көтерсем, қос желкенді бір дәу кеме келіп-ақ қалған екен. Біздің ойбайымызды елеген де жоқ. Онсыз да қаусап тұрған жаман қайықты ортасынан екі бөліп, омырып өте шықты. Қайықты итеремін деп жармасқанымда кеменің тұмсығындағы үлкен якорьге бір қолым тигендей болып еді, ілініппін де кетіппін. Ойбай салып тырмысып жатырмын. «Үндеме, мұқият ұста да, ептеп көтеріле бер» дейді кеме тұмсығының екінші жағынан маған таныс бір дауыс. Сүйтсем, әкем екен. Осының артынша бір жуан кеспелтек ағаш жоғары көтеріліп барып, сарт ете қалды. Кеменің үстінде біреуге біреу зекіп, орысша сөйлеген шаң-шұң дауыстар естілді. Онда орысты жаңадан ғана көрген кезім, зәрем ұшып кетті де, бұға қойдым. Енді аздан кейін бір адам еңкейіп келді де, мені кеме тұмсығынан көтеріп алды. Таудай біреу екен. Бақырып қоя бердім.

— Қорықпа, балақай! — деді әлгі адам. Дауысында маған ашу көрсету емес, мейірімділік бар.

— Әке, әке! — деп кеменің оң жақ тұмсығына қарай еңкейе бердім.

— Керек емес, баранчук, сенікі әке, менікі! — деп әлгі кісі өз құшағына тартып алды мені.

Енді қарасам, дәл тұмсықта серейіп бір қазақ жатыр екен, «әке, әке!» деп бақырып, үстіне құлап кеттім...

— Аһ, не дейсің? — Манадан бері ауыр-ауыр күрсініп, мазасыз жөтеліп жатқан Атаман әлденендей ащы дауыспен айқайлап жіберді. — Өл-тір-ді дей-мі-сің. Қазақ па?

— Я, қазақ екен, ақсақал — деді Арман күрсініп.

— Қа-зақ, ек-ен? — Атаман да күрсінді, — ай-та бер.

— Я, қазақ, — Арман біраз бөгелді де әңгімесін жалғады, — ол не хорош, оны осы ағаш ұрды, сенікі әке су өлтірді ол! — деді мейірімді адам.

Сөйтсем, мана жуан кеспелтек көтерілгенде менің әкемді әлгі қазақ шекеден ұрып, суға құлатқан екен ғой...

— Әттең иттің күшігі-ай, — Одырбай жұдырығын тас түйіп орнынан көтерілді, — байлардың бірі шығар, ә? Таппадың ба?

— Я, өзім де әттен деумен жүрмін, — Арман маңдайын қолымен сүйеп, бөгеліп қалды, — байдың қол шоқпары шығар-ақ.

— Онда неге кедейді өлтіреді? — деді Тілек.

— Кішігірім қайықтарды байлардың кемесі қиратып өтетін уақиғалар кеп кездесетін ол кезде. Ал, сынған қайықтан кемеге жабысқан адамдарды өлтіріп жіберетін-ді. Өйткені, қылмыстарының ізін жасыру керек қой. Егер кемедегі жүмысшы бұдан бас тартса, не болған уақиғаны біреуге айтса олардың өздерін өлтіріп жіберетін-ді. Ол кезде ғана емес, қазірде де солай...

— Я, ондай уақиғалар жиі кездесетін, — Атаман тағы да бір күрсініп, булыға жөтелді.

Әңгіме аяқталмай қалды. Қос жақтан аңның айқайлағанына ұқсас бір жексұрын дауыс есітілді. Жүгіріп барсақ, Айдынғали ағай «жер сандуғашының» кеудесіне қонып алған. Кеңірдегін жаншып жатыр.

— Уа, өлтір иттің баласын, — Иван Петрович «эсер достын» екі-үш рет теуіп жіберді де, аурудан әлсіреген Айдынғалидың қолын итере тастап, Хвастуновты өзінің қайратты қолымен қылғындыра бастады, — бізді өлімге айдаған осы доңыз.

— Уа, мынау Асаубайды да қоса бауыздау керек, — Қазанғап ағай Асаубай жындының кеңірдегіне жармасты, — бұны Таласов біздің үстімізден бақылаушы етіп...

— Тоқтатыңдар жігіттер, — Михаил Иванович Қазанғапқа зекіп тастады да, — Иван Петрович «жер сандуғашының» үстінен сүйреп алды, — бұлардың кім екендері маған көптен-ақ түсінікті. Асаубайды қойшы. Ол екі жаққа да пайда келтіре алмас. Ал, мынау қатерлі доңыз. Біз бұлар үшін жауап береміз. Сондықтан да елге аман оралатын болсақ, бұларды аман апарып, өз қолдарына тапсыруымыз керек. Өлтіргенді былай қойып, өлімнен қорғау керек бұларды. Әйтпесе жаласына қаламыз... Түсінікті ме?

— Түсінікті, — Қазанғап ағай күрсінді, — бірақ, елге барамыз ба?.. Атаман айтқандай толқында туып, толқында өлеміз бе?

— Жоқ, достым, — Михаил Иванович Қазанғапты жауырынға қақты, — біздің толқында туғанымыз рас, бірақ, толқында өлмейміз. Біз өлімге қарсы күресеміз Өлімнің өзін жеңіп шығамыз...

— Аузына май!

— Айтқаның келсін!

— Жүріңдер, далаға шығалық. Айдынғалиды Атаманның шанасына апарып жатқызыңдар.

Жалықпас бастаған үмітсіздер тобы Айдынғалиды Атаман шанасына алып барады. Асаубай да солармен ілесе кетті. Михаил Ивановичтың жанында манағы жігіттер ғана қалды. Қос алдындағы қамыста жүремізден отырмыз.

— Одырбай, — Михаил Иванович Одырбайға қарады, — сен Лазарь батағасына көшемін дедің бе?

— Я, Михаил Иванович.

— Дұрыс, мен қолдаймын. Сен біздің ол батағадағы өз адамымыз боласың, — Михаил Иванович төңіректегі серіктерін сыншыл көзімен шолып өтті, — Иван Петрович, сіз «Ақ бөрік» батағасына, Әшім, сен Сорокин батағасына, Тілек, сен Самоил батағасына көшуге тиістісің...

— Я, онда не істейміз?

— Не істейміз? — Михаил Иванович маған көз қиығын салды да, кері бұрылды, — оны кейін айтармын...

Мен түсіне алмадым. Апат үстінде сыналған серіктерің әр жерге бөліп жатқанына таңдандым да, Михаил Ивановичтың бетіне қарадым. Екі-үш күннен бері аяқ үсті ауырып жүргенді, басын қызыл орамалмен танып алған екен, аузында сүйек сапты трубка, екі қолымен иегін сүйеп, үлкен ойға кетіпті. Теңіз түстес жасыл көзін қара-көк тұңғиықтың оңтүстік батысында тұрған зәулім мұздауына қадапты. Трубкадан көк түтін будақтатып, біраз уақыт үнсіз отырғаннан кейін күрең мұртын бір шиырып алды да, баяу ғана әндете бастады. Баста сөзі айтылмай, тек сазы ғана естілген ән бірден-бірге жігер қанатын жоғары сермеп, шарықтап ұшар қырандай әуелеп алды.

Наверх вы, товарищи!

Все по местам!

Последний парад наступает.

Врагу не сдается наш гордый

«Варяг»,

Пощады никто не желает...

Подобен кромешному аду!

В предсмертных мучениях трепещет тело

Вокруг грохот, и дым, и стенанья,

И судно охвачено морем огня...

— Я, — ұзақ әнді аяқтады да, тарихи бір уақиғаны есіне түсіргендей Михаил Иванович ауыр күрсінді, — бұл өлеңнің не туралы екенін білесіңдер ме?

Әнге кейде сөзбен, кейде сазбен қосылып отырған Арман ағайдан өзгелер басын шайқасты.

— Жоқ, білмейміз.

— Білмесеңдер тыңдаңдар. 1904 жылдың қысы. Мен онда орыс соғыс флотының «Варяг» деп аталатын кемесінде матроспын. Тосыннан соғыс басталды да кетті. Жапонның бірнеше соғыс кемесі «Варяг» кораблі мен «Куреец» қатеріне шабуыл жасады. Дұшпан көп, біз аз. Күш тең емес. Қаптаған жауға қарсы ұмтылдық. Төңірек түтеген жоқ. Жапон снаряды жан-жақтан қардай борады. Ашулы оқ текпісімен көтерілген теңіз суы биік сырықтай аспандап барып, үлкен кеменің үстін жауып өтеді. Зеңбірегімнің тұсына жаудың бір кораблі келіп-ақ қалған екен, нысаналап алдым да, зеңбірек тұтқасын тартып-ақ жібердім. Енді қарасам жапон кемесінің үстін жалын жауып алыпты. Артынша шатыр-шұтыр ете қалды. «Сол керек саған, самурай!» деп күліп жібердім. Жау кемесі төмендей-төмендей барып су түбіне шөкті. Әлден уақытта өз кемеміздің үстінен де абыржыған айқай-шу естіле бастады. Басымды көтеріп алсам, жалын құшағында қалыппыз. Астымыз тұңғиық теңіз. Үстіміз жасыл жалын. Зеңбірекшілерден өзгелер өртті сөндіруге жұмылды. Жапон кемелері бізге таянып келеді. Енді «тұтқын болыңдар!» деген белгі жасап, жалаулар сермейді. «Мә, саған, тұтқын!» деп зеңбірек нысанасына алдым. Өзге зеңбірекшілер де оқ жаудырды. Әлден уақытта жаудың екі кемесінің тағы да су түбіне батып бара жатқанын бір байқап едім, жанымдағы жолдасым мені қаға қулады. Сүйемек болып тұра ұмтылдым. Он аяғым бастырмайды. Ауыр жараланғандығымды сонда ғана аңғардым. Жау енді батыл шабуылдай алмай шегіне берді. Біз өртті сөндіре салып, портқа қарай жылжыдық. Міне, бұл ән сол қаһарман кеменің қаптаған жауды ғана емес, жалын ортасында жүріп, анталаған адалды жеңген батыр матростарына арналған. Ұқтыңдар ма?

— Ұқтық. Шын батырлық, — Арман Жалықпасқа қарады, — сіз болсаңыз әлгі жерде не істер едіңіз? Жігерленудің орнына жасын бересіз. Өлеңнің сөзі неткен күшті еді. «Уа, жолдастар, бәрің де жоғары көтеріліп, орындарыңа тұрындар. Ақырғы айқас басталды. Біздің тәкаппар «Варяг» дұшпанға берілмейді! Тізе бүгіп, сауға да сұрамайды. Зеңбірекшілер, айқасқа дайындалыңдар! Біз анталаған адалға қарсы ұмтыламыз. Төңірек түтеген оқ. Кеме үстін өрт жапты. Біз ашық теңіз бетінде өлсек те, айқаспен өлеміз...» Осылай деген бе, Михаил Иванович? Бізге де осындай жігер керек.

— Дұрыс айтасың, — Михаил Иванович басын изеп, әркімнің жүзіне үңілді, — дұрыс айтады. Өлімді жеңер жігер керек бұндайда.

Наверх вы, товарищи! Все по местам!

Последний парад наступает!

Врагу не сдается наш гордый «Варяг»,

Пощады никто не желает!..

Михаил Ивановичтың тамағын керней, көтеріп салған күшті даусына бұл жолы жұрт ыңылдап болса да, түгел үн қосқан еді, тұңғиық теңіз тербелгендей, ашық аспан да жаңғырығып жүре берді. Осы жігерлі жыр өлімді де жеңетін ұлы күш сияқты естілді құлаққа. Менің көз алдымда жасыл жалын жамылған «Варяг» кораблі, жау кемесін зеңбірек нысанасына алған Михаил Иванович тұрды. Мүмкін, Михаил Иванович онда уылжыған жас жігіт-ақ болған шығар. Бірақ, мен оны дәл осы қалпында көргім келетін тәрізді. Ақыл тоқтатқан егде адамның әлгіні жүзінен көз алмай қараудамын. Он самайындағы ақ шашы да, бетіндегі әжім де дәл сол бір ауыр айқастың ізі болуға тиісті. Мүмкін, тіпті маңдайына байлаған мынау қызыл орамал да сол күнгі жараның қаны бар шығар-ау. Оның трубкасынан будақтатқан көк түтін «Варяг» кемесінің үстін жапқан өрт түтініндей көрінді...

— Михаил Иванович, — ән аяқталғаннан кейін Арман ағай қаһарман «Варяг» кемесінің батыр матросына бұрылды, — Атаманнан енді қайран жоқ. Қазір біз де сол «Варяг» кемесіндегілер тәріздіміз. Астымыз теңіз, үстіміз жаңбыр. Мынау туырлықтай мұз аралын енді «Варяг» кемесі деп аталық. Сіз сол кеменің капитаны болыңыз да, қосты өзіңіз басқарыңыз. Солай ма жұрт.

— Дұрыс айтады.

— Басқарыңыз.

Жұрт түгел бір дуылдап алды. Михаил Иванович аз ойланып отырды да, орнынан көтерілді. Түнеріп отырған жігіттер де тұра бастады.

— Жарайды. Билікті маған берсеңдер тізіліңдер қатарға, — қос адамдары Михаил Ивановичтың екі жағын ала тізіле қалды. Мен Михаил Ивановичтың өзгелерден әрі биік, әрі толық, мықындығы сәл жіңішке болғанмен кеудесі тым кен жатқан, екі иығына екі адам міңгізерлік кесек тұлға екенін енді ғана байқадым. Ол зейінді көгілдір кездерімен жұртты тағы да бір шолып етті де, қысқаша бұйрық жариялады, — біз қазірден бастап өзімізді әскери адам деп санаймыз. Әскери адамда темірдей тәртіп болады. Алауыздық жасағандар жазаланады. Менің көмекшім Арман мен Одырбай. Қалғандарын бізге бағынасыңдар. Шарт осы. Мақұл ма?

— Мақұл, әбден мақұл.

Михаил Ивановичта бүгін бір жаңа жоспар бар тәрізді. Ол үлкен ой үстінде тұр. Біресе компасқа үңіледі, біресе Атаман дүрбісін көзіне апарып, күн сәулесімен жарқырап тұрған мұз тауларына қарайды. Арман ағай екеуі әлденені кеңесіп, ұзақ күбірлесіп алады. Мен ауруларға қайнаған су апара жатып, олардың кейбір сөздерін естіп қалдым.

— Күн бүгін бұлтқа батайын деп тұр ма, қалай? — Арман еңкейе бастаған күнге қарады, — қайтадан желдетіп кетуі мүмкін-ау?

— Әбден мүмкін. Сондықтан өзге бір шара көздеу керек, — деді Михаил Иванович,— бізді анау бугордан да шетірек алып кететін шығар.

— Енді не амал бар?

— Он төрт шанада қырық екі белағаш, жиырма сегіз табан, жиырма сегіз ағылеп бар. Анау сынған кеменің тақтайының өзі бес кісілік, — Михаил Иванович Атаман мертігетін күні алып шыққан кеме сынығына қарады, — қамыс қанша дейсің?

— Қырық бес бау қамыс қалыпты.

— Сүзгі мен күрек қанша?

— Он сүзгі, он ағаш күрек, он темір күрек.

— Демек, ескек жеткілікті. Арқан да жетеді. Прогонды қоспағанда әр шанада бір сырық бар. Анау мұз алаңын барлап келер ме еді?

«Бұның бәрін неге есептеп тур екен?» дедім де өте шықтым. Атаман екі көзін тас жұмып, сандырақ үстінде жатыр екен. «Кузьма, Кузьма... маған не дейсің... Мені айыптағанша, тұмсықтағы мынау баланы, ұрып өлтірген мынау Қайдауылды жазғыр. Кеменің құйрығын ұстап тұрған мен қайдан білейін... Рас, қалғып та кетіппін. Айқай, тарсыл шыққанда бір-ақ білдім...» Ол жұмулы көзінен жас парлап, егіліп алды. Мен Атаманды «жынданып кеткен шығар» деген оймен, әуелі өз бойымды үрей билеп шегіне бастаған едім. Сандырақ екенін білгеннен кейін қайтадан жақындай түстім. Менің қамысқа көтерілген сылдырымды есітті де, Атаман екі қолымен басын қорғап, бақырып қоя берді... «ұлым... өлтірме мені, кешір, кешір мені... Анау Қайдауылды... Жоқ, жоқ, менде кінәлі, қалғып кетіппін... өлтір... Тез өлейін, жан шыңғыра кеңірдегімді... қош, бишара, Раушан. Жетім сорлы жылама. Анау Сәлім жетімдік көрмес-ау. Анасы бар ғой. Раушаным, шешем екеуің егілесіңдер ғой... Бір кезде о да сендей егілген шығар... Сәл босатшы, жалғызымның маңдайынан ақырғы рет сүйейін... Аһ, — Атаман шүңірек көзінің кірпігін зорға қозғап, сәл күлгендей болды, — кешірдім деймісің?» Осыдан кейін ол сандырағын токтатып, ауыр ыңқылға көшті де кезерген еріндерін жалап, күбірлей берді.

— Ата, ата, міне, су, — мен Атаманның өрттей ыстық маңдайын сол алақаныммен басып, сусынды аузына тоса бердім. Ауру адамның аянышты хәлі сәби жүрегімді елжіретіп жіберсе керек, даусым сәл дірілдеп естілген еді, көзіме жас та келіп қалған екен, — ата, шөлдедіңіз бе, сусын ішіңізші.

— Раушаным, — Атаман көзін ашпастан оң алақанымен менің қолымды сыртынан қыса сипады, — енді жыламашы жалғызым, ол кешірдім деді ғой. Енді мен өлмеймін... қолың жарылған ба, қорлық көрдің бе өгейден. Раушаным, айтшы шыныңды?

— Ата, бұл мен, Дауылмын ғой. Сізге сусын әкелдім, ішіңізші.

— Ah, Дауылмысың. Арман қайда, ұлым, шақыршы маған.

— Ата, қазір шақырайын. Сусын ішіңізші, шөлдедіңіз ғой.

— Сусын дейсің бе, әкел ұлым, — Атаман басын сәл көтеріп, сусынды жұта салды да, қайтадан көзін жұмды, — Арман қайда, Арман, ол тамаша жігіт. Сен жақсы көр оны, түсіндің бе, ұлым. Шақыршы маған Арманды.

— Қазір ата, қазір...

Мен жүгіре басып кері оралғанда, мана Арман ағай айтқандай күн көзі бұлт қойнына шөгіп барады екен. Атаманның әлгі аманатын да орындай алмадым. Арман мен Одырбай, Иван Петрович үшеуі бізден көз ұшы шалғай тұрған мұз тауын барлауға кетіпті. Қаракөк теңіз үстінде қалқып бара жатқан салын ғана көріп қалдым. Қазандық түбіндегі екі бау қамысқа екпетімнен жаттым да, буылдыр мұнар қойнынан жылт-жылт еткен отынан көз алмай, ұзақ қарап отыр ем, ұйқтап кетіппін. Мен сол ұйқыдан темірдің темірге соғылып, қашыр-құшыр еткен мазасыз даусынан ояндым. Жер-жерде фонарьлар жылтылдап, сүйменмен құралданған адамдар шаналарды бұзып жатыр екен. Мұз аралының оңтүстігінде де оттар көрінеді. Тасыр-тұсыр жұмысқа жылқылар да елегізіп, кезек-кезек оқыранады. Тұрған бойда жүгіре басып, шана бұзушылардың жанына бардым.

— Бұны неге бұзып жатырсыңдар, аға?

— Корабль жасап жатырмыз, — деді Қазанғап, — көк теңізді көктей өтпекпіз, қосшы бала.

Қазанғаптың сөзіне қанағаттанбай, жағадағылардың жанына барған едім, бұндағылар асты-үстіне айқыш-ұйқыш ағаш, ортасына қамыс салып, сал байлап жатыр екен.

— Қане, мініп көріңдерші, — Михаил Иванович суға түсірілген бірінші салға алдымен өзі мінді, — жоқ, Асаубай, сен тұра тұр. Сендей жігіттердің оның көтереді. Салмақтырақтарың келіндер. Екі, үш. Жоқ, қынар емес. Қане, төртіншің мінші. Уаһа, тіпті, алты адамға мол жатыр ғой деймін. Алты, бәсе. Жарайды, іс бітті. Ендігі қалған салдарды да түсіре беріңдер. Қане енді ауруларды алып келіңдер.

— Анау не от? — деп сұрадым мен.

— Ол Арман, мұз тауы берік қамал деп, бізді шақырып тұр, — деді Әшім ағай.

— Жігіттер, — деді Михаил Иванович, — осыдан өзге амал жоқ. Жер жиегіне жүзіп жете алмаймыз. Мынау мұз аралында бұдан былай қала беруге болмайды, енді көктем басталды. Көп ұзамай мұз іріп кетеді. Сондықтан неде болса тәуекелге бел будық. Өлсек, тірілсек те анау таулардың біріне жетуіміз керек. Бұдан қалсақ кеш болады. Біріншіден, бізді тау етегіндегі мұз алақанын алыстатып жібереді. Екіншіден, жел соғуы сөзсіз. Бір соғатын мезгіл осы таң алды. Бұдан қалса, түс ауа дауылдататын шығар. Салымыз үш сағатқа төзсе болғаны, барып қаламыз. Мұз тауына бір жетсек, май айына дейін қауып жоқ. Аржағын тағы көрерміз. Мүмкін, итбалық соққан кемелерге кездесерміз. Тілегендерің мініңдер. Тілемегендеріңді зорламаймын...

— Мүмкін, Асаубай қалып-ақ қоятын шығар, — Қазанғап мырс етіп күлді де, Асаубайға қарады, — манадан бері «бұл әуре» деп күңкілдеп бітіп еді.

— Я, дұрыс айтасың, — Михаил Иванович Қазанғапқа иегін қағып, күліп қойды, — қалсын онда, түсіріп жібере ғой.

— Қане, Асеке, — Қазанғап Асаубайды желкеден шап беріп көтере бастады, — көмектесейін, түсіңіз.

— Қазеке, — Асаубай еңіреп қоя берді, — Михаил Иванович, қой деңізші мына кісіге, мен қалмаймын.

Жұрт ду күліп жіберді.

— Жарайды, барсын ендеше, түсірмей-ақ қой, Қазанғап. Ал, тартыңдар ілгері, сәтті сапар, жігіттер!

— Айтқаныңыз келсін.

— Михаил Иванович, — Қазанғап шұрқыраған жылқыларға қарады, — аттарды босатып кетсек қайтеді. Обал ғой.

— Обал екені де рас, бірақ босатуға болмайды. Босатсақ қазір қуып жетеді де, салымызды тапап, батырып жібереді.

— Михаил Иванович, — дедім мен жыламсырап, — тор биені де тастап кетеміз бе?

— Тастауға тура келеді, қарағым. Кәне, жөнелдік жігіттер!

Әрқайсысына бес-бестен адам мінген алты сал көк теңізді кеше жөнелдік. Ең алдында біздің сал. Күрекпен, шеңберіне кенеп ұсталған сүзгімен құралданған қажырлы жігіттер есіп келеді. Толқын шылп-шылп етіп салға соғады. Кейде бетіңе шашырайды. Осы кезде жүрегім зу ете қалады. Әр салдан жылт-жылт еткен фонарь сәулесі көрінеді. Артымызда шұрқырап аттар қалып барады. Әлден уақытта тасыр-тұсыр тұяқ дауысы естілгендей болды. Асылы, аттар байлауларын үзіп, шұрқырай шауып жүрсе керек. Осының артынша тор биенің шыңғырған ащы үні естілді де, су салдыр ете қалды. Мүмкін, ол біздің соңымыздан теңізге қарғыған шығар. Мен Михаил Ивановичқа сездірмей жылап жібердім.

— Тезірек, жігіттер, тезірек, — Михаил Иванович шығыстан көшкен түйдек-түйдек бұлтқа бір қарады да, көңілінде ешбір қорқыныш жоқ адамдай күліп алды, — тәуекел деген осы, қырандар. Алдында от тұрса да түсесің де кетесің не батасын, не шығасың. Қарманбай өлу қылмыс. Шіркін, орыс суретшісі Айвазовский көрсеші бізді, қамыс салдың үстінде үміт отын жалт-жұлт еткізіп, түнде жүзген балықшылар туралы тамаша сурет жазар еді-ау! Міне, қараңдаршы, теңіз романтикасы, теңізшілер өмірі деген осы:

Что за жизнь моряка!

Как привольна, легка!

О земле не грустим,

Словно как птица летим –

По волнам, по морям –

Нынче здесь, завтра там!..

Мен шығысқа қарап едім, кесек-кесек реңсіз бұлттардың көбесі сөгіліп, жалаңаштанып алған екен, бұлт астында ақ таңдақ тартқан көкжиек шаңыта қалыпты. Теңізшілердің айтуына қарағанда дауылдата атар таңның белгісі бар тәрізді. Күрсіне бір дем алдым да темен қарадым...

Теңіз беті әзірге ашу көрсетпей, тыныш жатыр. Бірақ, бар сиқырын ішке тартқандай тұнжырай түсіпті. Тек жел гу етсе болғаны, мейірімсіз шынырауына тарта жөнелердей. Терең тұңғиық қойнауында жалтылдаған жұлдыз бізді жұтқалы келе жатқан аждаһаның көзі сияқты көрінеді. Салдағы фонарьдың суға түскен әлсіз сәулесі әлгі бір жыртқыш көзінен үрейленгендей дір-дір етеді. Қалтыраған сәулеге көзім түскен сайын менің жүрегім де маза таппай, буындарым бірге дірілдейді. Әбден жаураған адамдай иегім иегіме тимей қалш-қалш етемін.

Көп ұзамай тан. да бозара бастады. Таңмен бірге жел де ышқынып қоя берді. Манағы бір мүләйімсіп жатқан тыныш тұңғиық, енді біржола аударылып кететіндей, дөңбекшіп-дөңбекшіп алды. Әр жерден ағараңдаған тол қын төбелері шоктығын көрсетіп, қамыс салды теуіп-теуіп тастайды. Тепкен сайын су борасыны үстімізді жаба сап, мазақ етіп сықылықтап күлгендей, сарқырай құйылады. Асау толқын үстімізден алғашқы рет қарғып еткенде фонарьларымыз лып етіп өше қалған еді, енді салдағылардың жүзін де көрсетпейтін қара көлеңке жапты. Кімнің қандай күйде екенін тек дыбыстан ғана аңғарам. Кезекті толқын төбемізден ақыра қарғып өткен бойда біздің салымыз терең құзға құлайды да, қарсы алдымызда тау шоқтығындай қарауытып, бітеу толқын келе жатады. Ол қазір бізді шыныраудан қайтып шығармай, біржола түбіне тартып, тұншықтыратын тәрізді. Мен Михаил Ивановичтың сирағына жармасып, бұға түсем де, артқа қараймын. Артымызда да ақ көбік ата арсылдап, аударылып жатқан мың толқын. Сол толқындар ішінен қарауытқан бір нәрсе қылт етеді де, дереу батып кетеді. Бейне бір аттың басы тәрізді. Артынша осы тұстан шұрқыраған жылқы даусы естілгендей болады. Мен мұны біздің соңымыздан шыңғыра жүзіп келе жатқан тор биеге ұқсатам. «Михаил Иванович, тор бие...» — деймін аяғын қатты құшақтап. Бірақ, Михаил Иванович менің сөзіме жауап бермейді. Оның көзінде Атаман дүрбісі, сол қолымен салға жармасып, тізерлеп алған.

— Есіңдер, қырандар, есіңдер, тез, тезірек!

Жел манағыдан да гөрі күшейіп, көк жойқын енді біржола құтырынып алған тәрізді. Кезекті толқын салымызды лақтырып, лақтырып тастап еді. Асаубай бақырып қоя берді.

— Өшір, доңыз, үніңді, әйтпесе лақтырамын, — деді Қазанғап қатты ақырып.

Асаубай қайтып үнін шығармады. Мен де тұлабойым түршігіп, бұға қойдым. Бұғып жатып артымдағы толқынға көз тастап ем, манағы қарауытқан нәрсе тағы да бір қылт етті. Бұл жолы оны адамға ұқсаттым да, әкемді еске түсірдім. «Әке, әке!» — дедім ақырын.

— Әй, балақай, сен де жылап отырған жоқсың ба? — Михаил Иванович жүзіме үңіліп күлді, — қорықпа, қатерлі жерден өтіп, ықтынға түстік. Толқын да бәсеңдеді. Міне, мұз алаңына да келіп жеттік. Жеделдете көріндер, жігіттер, бір ілініп алсақ қатерден құтылдық.

Мен анық сене алмай алға қараған едім. Шынында да мұз алаңына жиырма-отыз құлаш жер қалған екен.

— Ұстаңдар, — деді Арман ағай, ұшына тас байлаған ұзын арқанды лақтырып, — бол, бол тезірек.

Тұмсықтағы жігіттердің бірі арқанға жабысты.

— Уа, ұста мынау сырықтан, — Михаил Иванович қолындағы ұзын сырықты кейінгі салдағы жігітке ұсынды, — сендер көршілеріңді тіркестіріңдер.

Бірімізге-біріміз сырық ұшын жалғастыра отырып, көп ұзамай, биік тау етегіндегі тұтас мұз алаңына көтеріліп, салдарымызды да судан сүйреп шығардық. Біздің тұяғымыздың тұтас мұзға ілінуін күтіп тұрғандай дауыл да алақұйындатып, соға жөнелді. Асау толқындар енді ақ шудалы дулығаларын аспанға көтеріп, шалқалай жығылды.

— Міне, жігіттер, — Михаил Иванович сирағына соғып жатқан толқынды елең етпестен батыстағы көгілдір бір нәрсеге көз тікті, — енді аз кешіккенде тұңғиық түбіне кетеді екенбіз.

— Рахмет, Михаил Иванович, рахмет, — қос адамдары түгел үн қосты, — бізді ажалдан құтқарушы сіз болдыңыз.

— Сіздерге де рахмет, — Михаил Иванович күрең мұртын шиырып, масаттана күлді, — күш біріктірдік те тәуекел теңізін кештік. Міне, ажалды жеңдік деген осы болады. Күш біріктіріп, тұтас қимылдасақ, біз зұлымдық әлемін де жеңеміз. Рахметті мынау батыр барлаушымыз Арманға айту керек...

— Екеуіңе де рахмет, батырлар.

Мен тор биемен қоштаспақ боп, бүгін таң алдында ғана аттанған өз мекенімізге қарап едім. Су бораны ешнәрсе көрсетпеді. Мүмкін, мынау дүлей батырып-ақ әкеткен шығар. Қош, жел жетпес тор бедеу! Ажалдан арашалап та қала алмадым, жануар. Жылқыға жаным ашып тұрғанда әкем еске түсті де, селк ете қалдым. Қайран әке, қайдасың? Сенімен кездесемін деген оймен теңізге шыққан едім. Таба алмадым. Аман-есен қайттың ба, әлде сен де апатқа ұшырап, су түбіне баттың ба? Әке, әке, қайдасың? Көрісетін күн бар ма? — Мен дауысымды шығармай, өзіммен-өзім іштей үнсіз тілдестім. Бірақ, әрқайсымыздың ішімізде не жатқанын қабағымыздан байқайтын Михаил Иванович сезіп қалса керек.

— Дауылпаз, неге мұңайып тұрсың? — деді ол мені бауырына тартып.

— Әкемді ойлап тұрмын, — мен жүрек налысын сыртқа шығарып, күрсініп алдым, — олар да апатқа...

— Уайымдама, балақай, олар аман-сау елге оралды.

— Шын айтасыз ба, — мен көзімді сүртіп күліп жібердім де, Михаил Иванович құшақтай алдым, — шын айтасыз ба? Аман қайтқан ба, әкем?

— Ақмақ бала, менің өтірік айтқанымды қашан сезіп едің. Әкең аман, елде жүр. Ертең біз де аман ораламыз. Сонда үлкен той болады. Ұқтың ба?

— Ұқтым, ұқтым, алақай...

Мен Михаил Ивановичтың осы бір сөзіне әбден сеніп алған едім, сондықтан да әкемнің амандығына да, өзіміздің апат құшағынан құтылатындығымызға да бұдан былай ешбір шек келтірмедім...

XIІ ТАРАУ. ЕР ЖІГІТТІҢ КӨЗ ЖАСЫ

Біз жүгімізді жаяу сүйрете келіп, мұз тауларының қойнауына қосымызды тігіп үлгергенде күн көзі бұлт қойнына еніп кеткен еді. Михаил Иванович Айдынғалиды сүйемелдеп, Арман ағай Атаманды әкеп жатқызуға ыңғайланды. Атаманның онсыз да шүңірек көзі тым тереңге сүнгіп, жанары да көмескіленіп кеткен екен, ол Арманның мойнынан құшағын жазбай, әрі аянышты, әрі жалынышты пішінмен, жасқана қарады. Бүгін оның, жүзінде ешқандай қуаныштың да, үміттің де белгісі жоқ тәрізді. Ашаң бетіндегі қаракүрең реңінен біржола айрылып, сарғылт-бозаң тартыпты. Кеңсірік желбезектері де бір-біріне жабысып қалғандай құшып түсіпті. Кірпіктерін дәрменсіз ғана қозғаған кезде оның қарашықтарынан күл арасында өшіп бара жатқан шоктың ақырғы жарқылындай, үмітсіз бір сәуленің әлсіз елесі ғана көрінеді. Осы әлсіз сәуленің өзі де бірден бірге баяулап, мұнартып бара жатқандай. Қарақошқылдана кезерген қалың ернін әрең қимылдатып, бір нәрсе айтуға талаптанады. Бірақ, жөтелге булығып, бөгеліп қалады. Атаман ақырғы күшін бойына жыйғандай еріндерін тістене, құшағын қапсыра, басын сәл көтерді де, Арманның жүзіне үңілді. Оның көз жанарындағы манағы бір әлсіз сәуле дәл осы жолы сәл молая түскендей.

— Арман, — Атаман даусы дірілдеп, сөзін бөліп сөйледі, — кешір, ұлым, кешір, мені...

— Не үшін кешірім сұрайсыз?

— Ке-шір-дім де-ші... әлер ал-дым-да... мен со-дан ке- йін...

— Кешірдім, ақсақал, кешірдім. Бірақ, не үшін?

— Се-нің ә-кең-нің... қай-ығын бас-қан мен мін-ген ке-ме...

— Аһ, не деді, не дейді?

Арман ағай Атаманды өзіне қарай жақындатып, төсіне қысып алды. Баста мен Арманның бұл қалпын өмірмен онсыз да қоштасқалы жатқан тірі өлікті мүсіркегені шығар деп ойлаған едім. Енді қарасам біржола жаншып тастамақ болғандай, қусырып барады екен. Дөңгелек көздерінің ағы қып-қызыл жалын дариясына айналыпты да, әдетте күлімдеп қана тұратын қарашықтары да, қызыл жалын дариясының ортасындағы қаракүрең шоқ нүктесіндей жарқ-жұрқ ете қалыпты. Қан кернеген тамырлар шекесіне қаракөк иректер салып, сыртқа теуіп шығыпты. Арман буындары дірілдеп, сәл теңселген күйі, көзін жұмып аз тұрды да, Атаманның жүзіне жаңадан үңіліп, күбірлей бастады.

— Ah, ah! Не дедіңіз? — Арман ағайдың үнінде бұл жолы әрі өкініш, әрі мүсіркеу бар тәрізді, — әттең!..

— Ке-шір-дің бе, ұ-лым.

— Амалсызбын, — Арман өкініш зілін көтере алмағандай басын кеудесіне түсіріп, көзін жұмып алды, — кешірдім...

— Pax-мет, ұ-лым, — Атаман күнәдан енді тазардым деген қуанышын сездіргендей, сәл езу тартты да, артынша баяғы бір аянышты қалпына көшті. - Жал-ғы-зым ме-нің Рау-шан өзі-ңе ама-нат. Сү-йе-гім-ді ел-ге жет-кіз... Ақ-ырғы ті-ле-гім...

— Аһ, - көзін жұмып, теңселіп тұрған Арман аңғармай қалса керек, — аһ, не дейсіз, кім дейсіз? — деді ол, тірі өліктің жүзіне тесіле үңіліп.

— Рау-ша-ным...

Атаман жыламақ болған адамдай иектері кемсеңдеп, осы бір сөзді зорға аяқтады да, қайтып тілге келмеді. Тек кеудесі ғана сәл қимылдайтын тәрізді. Мүмкін, осы қалпының өзінде де Раушанының атын жүрегімен қайталап, жан дүниесімен жылап, өксуде шығар. Оның бүкіл денесі сәл жиырылып барып қайтадан керілгендей болып еді, мойны да оқыс сылқ ете қалды. Енді кеудесіндегі манағы әлсіз қимыл да сезілмейді. Тегі біржола үзіліп кетсе керек. Кеше өз әкесін өлтірген «жауының» өлігін құшағына қысып Арман ағай ауыр күрсінді. Әрине, ол Атаманның өліміне емес, әкесін кім өлтіргендігін кеш білгендігі үшін күрсінген шығар. Мен де көзімді сығып алдым. Мүмкін, мен Атаманға да емес, Арманның әкесіне до емес, біріншіден, өз әкемді еске түсірсем, екіншіден, аға туралы әңгіме болғанда ауыр күрсінген көк ленталы қыздың енді біржола жетім қалғанына жаным ашығандықтан жылап тұрған шығармын. Қалтама қол салып едім, анау күнгі конфеттердің қағазы әлі жүр екен. Алақаныма қыса қойдым...

Атаман өлімінен кейін жұрт түгел тұнжырап, үнсіз отырып қалған еді. Сол орнынан ең алғаш көтерілген де, бірінші сөзді бастаған да Михаил Иванович болды.

— Кәне, не отырыс, — әлгіде ғана бізді апаттың дүлей толқынынан алып өткен үміт салының «капитаны» орнынан көтерілді де, төңірегіндегілерге бұйрық раймен бір қарап алды. — Тұрыңдар, жігіттер, өлік артынан өлу жоқ. Бұл бүрісумен енді аз отырсақ, бәріміз де жаурап, ауырып өлеміз. Тезірек от жағып, тіршілік қамына кіріселік.

Мойындарын иық арасына жасырып, бүрісе қалған жігіттер бірер сілкінді де, орындарынан көтерілді. Мана толқын көшкенде су болған сыртқы сырма шалбарлары мен сырма шолақ күртелері де кешкі аязбен тоңазып, сақыр-сұқыр ете қалған екен.

— Ал, жігіттер, — деді Михаил Иванович, далаға шыққаннан кейін, қос алдында жатқан бес-алты бау қамысты көрсетіп, — алдымен мынау қамысты аяқтарыңмен жаншып шығыңдар, содан кейін қолдарыңмен түтіп, ұлпалаңдар. От жағып жіберелік. Қазанғап, сен анау бір румпельді ұсақтап жаршы. Сырты сырланған екен, мүмкін, ішіне су қоймаған шығар.

Бүрісіп тұрған жігіттер бес бау қамыстың байлауын шешіп тастап, тапай жөнелген еді, қос маңы күтір-күтір бола қалды.

— Тай-рай, рай-рай, — Михаил Иванович биге лайық бір сазды ауызбен ойнап, күледі, — аяқтарыңды тез алып, музыка ырғағына ілесіңдер. Мұны «қамыс таптау биі» деп атайды. Асаубай, Асаубай, жандырақ қимылда, табаныңнан ұшқын көрінетін болсын. Біраздан кейін қамыстың өзі жанып кетеді.

Әлгіде ғана тұнжырап отырған жігіттердің қабақтары жадырап сала берді. Енді бірін бірі кейде итере тастап, кейде өздеріне тартып ап, қамыс үстінде тапырласа билеп жүр. Тіпті әлгі бір мұңайысқандарын да ұмытып кеткендей, бірін бірі әзілдеп, күлісіп те алады. Тек қана Арман ағай мен Қазанғаптың қабағы әлі де жазылмаған тәрізді. «Қамыс таптау биіне» мен де араласып кеткен едім, буындарымдағы манағы бір қалшылдау басылып, бойым жылына бастады.

— Кәне, жылындыңдар ма? — Михаил Иванович «ауыз музыкасын» доғарды да, бір уыс қамысты жерден көтеріп ап, ұлпалай бастады, — эх, жігіттер, жігіттер, таптауын таптадыңдар-ақ, бірақ от шығара алмадыңдар. Ал, енді былай етіп ұлпалаңдар.

— Михаил Иванович, — мен де бір уыс қамысты алақаныма қысып алдым да, қолымды ілгерілі-кейінді тез-тез қозғап, ұлпалай бастадым. Әлгіде былжырап жатқан су қамыс ұлпаланған сайын сәл дегди түсетін тәрізді. — Сонда қамыстан от шыға ма?

— Шығады, — Михаил Иванович мені жауырыныма қағып күлді, — шығады, ұлым, шығады. Қазір от жағамыз.

— Ім, от жағамыз, — жұрттың бәрінен соң көтеріліп, еріншек қимылдаған Асаубай, әлі бойы жылына қоймаса керек, жауырынын қиқаңдатып, иығын көтеріп қойды. — Дүниенің бәрі су. Сіз от жағам деп жұртты әуреге саласыз. От жақса жақсың анау аю денелі Қазанғап. Ол қазаншы. Содан талап ету керек.

— Өле алмай тұрып, мынау доңыздың қотыр тілін, — өксігін әлі баса алмай, түтеп тұрған еңкіш жігіт иықтан тартып жіберіп еді, Асаубай арқасынан аударылып түскен тасбақадай тайраңдады да қалды. — Иттің күшігі, мен сенін қазаншың ба едім, ә? Лақтырып жіберейін бе, теңізге. Менің денемде сенен кеткен үлес жоқ...

— Тоқтат, — Михаил Иванович көгілдір көздерінен жалын шашып, орнынан атып тұрды. — Бұл неғылған бассыздық.

— Кешіріңіз, — Қазанғап Асаубайды уысынан босатты да, кінәлы пішінмен төмен қарады, — қорлығына төзе алмадым.

— Аю, аю, — Михаил Ивановичты сүйеу керді де, Асаубай шалқасынан жатқан күйі жер тебініп айқайлай берді, — аю, аю, қазаншы, қаз...

— Өшір үніңді, — Михаил Иванович Асаубайды желкеден бүре, бірер сілкіп, жоғары көтерді де, жерге қаққан қазықтай дік еткізіп аяққа бастырды. — Эх, Асаубай, Асаубай! Асау адам не күшіне, не әзге бір өнеріне сеніп асауланар еді. Сенде мұның бірі де жоқ, әрі дәрменсіз бишара, әрі қырсықсың. Қазанғап алдымен қазаншы емес, әскер тілімен айтсақ старшина. Екіншіден, аю емес, жаны таза адам. Қорлама аю деп. Ал, сен ше, бір бүлік. Эх, егер маған таңдатса, Атаманға келген елімді тура саған жұмсар едім...

Михаил Иванович қолын бір сілтеді де, жұмысына кірісті. Асаубай бүріскен күйі сол орнында үнсіз тұрып қалды.

— Михаил Иванович, — Қазанғап румпельді жаруға ыңғайланып, қолына алды да, ауыр күрсініп қойды. Оның бұл күрсінуінен Атаманның өліміне азаланудан өзге де бір өкініш лебі сезіледі. Дауысында да «кінәлымын», деген ұяңқылық бар тәрізді. — Михаил Иванович, сіз кешіріңіз, мен айтайын деп едім сізге. Сіз кетіп қалып, мен айта алмадым.

— Не айтпақ едің?

— Сандығымды айтам, су болып қалыпты. Киімім бәрі.

— Су болса несі бар, қазір отқа қыздырсақ кеуіп шығады.

— Михаил Иванович, мен отты айтайын деп едім. Тұз су болмасын деп қаңылтыр сауытқа салғанмын. Су болып қалған екен. Суын төкпедім, тұз жоқ, тұздық...

— Оның ақылдылық болған. Астық дәмін шығаруға тұз не, тұздық не, бәрібір. Тек үнемдеп ұстай гөр.

— Үнемдеймін ғой. Отты айтам-ау. Отты қайтеміз, Михаил Иванович, ә?

— Отты жағамыз да, ас пісіреміз, кептірінеміз.

— Михаил Иванович, сіз кешіріңіз, — өзінің тым ұяңқылығына ма, әлде ен негізгі пікірін айқын айтып, жедел түсіндіре алмағанына ызаланды ма, әлде бүкіл қос алдындағы «ауыр айыбы» үшін өзін өзі жазғырды ма, Қазанғап жыламсырай бастады, — спичка су болып қалыпты...

— Эх, старшина, старшина — Михаил Иванович старшинаны мүсіркеді ме, әлде жазғырды ма, мен түсіне алмадым, сәл езу тартып күлді де, басын шайқады, — бұл қалай, мен сені алымды деп мақтап жүрсем, жарамадың, старшина!..

— Михаил Иванович, мен қайтейін, сандықтың ең ортасына салғанмын. Мықтап орап. Сонда да су...

— Қойныңа салсаң еді.

— Қойнымдағым да. Толқын қойныма кірді ғой, міне, көрдіңіз бе, — Қазанғап қолын қойнына сұғып, көйлегінің ішінде жатқан екі коробка спичканы алып көрсетті. Қайыры езіліп, күкірттері де үгіле бастаған екен. — Енді отты қалай жақтың? Қу тағдыр...

— Жарайды, болар іс болды. Өткенге өкінгеннен не пайда. Екіншілей мұқият боларсың, — Михаил Иванович ешбір реніш білдірмей, үмітті сеніммен күле сөйледі. — Тағдыр деген түк емес, ол қанша қырсықса да, адам адамдығын істейді. Баяғы жабайы көздің өзінде адам екі ағашты біріне бірін үйкеп от шығарған ғой. Ал, біз бүгінгінің адамымыз. Әлгіде апат дүлейін де жеңіп шықтық. Мынау қамыс, мынау ағаш тұрғанда от жаға алмау қорлық болар еді. Солай емес пе, Дауыл, ә?

— Солай ғой. Бірақ, — мен жаман құлақшынымды көзіме таман ысырып, желкемді қасыдым, — спичканы қайдан?..

— Спичканы дейсің бе? Керегі не соның. Қазір мынау қамысты әбден ұлпалап алып, үрлеп жіберсек, лап етіп жанады да кетеді.

— Шын айтасыз ба?

— Нанбайсың, ә? Сәл төзе тұр. Жалын жарқ еткенде бір-ақ көрерсің.

— Михаил Иванович, — манадан бері өзіне өзі келе алмай, сазарыңқы пішінмен үнсіз қимылдап жүрген Арман біздің жанымызға келіп бірінші рет тіл қатты, — бес бау қамысты түтіп болдық. Жігіттердің бойы тағы да салқын тартқан тәрізді. Анау бір шоқы мұзды бұзып әкеліп, есік алдына ықтын қаласақ қайтеді. Әйтпесе, тоңып қалатын түрі бар. Ал, шоқының өзі де тым қауыпты, өз бетімен құлап кетсе апатқа ұшырармыз.

— Әбден мақұл, от қызып болғанша жігіттердің бойын жылы ұстайтын іңір жұмыс тапсайшы, — Михаил Иванович қостың арқа жақ сыртында, асты үңіліп, тұмсығы ілгері ұмтылып, еңкейе бастаған қатпар-қатпар мұзға қарады, — лықсығалы тұрғаны да рас екен. Мана қос тігерде неге байқамағанбыз. Түнде құлап кетсе қостан шығып та үлгіре алмаспыз. Ашық-жарықта тезірек аударып тастаңдар.

Манағы бір «қамыс таптау биі» жігіттердің бойын жылытудың амалы екенін мен енді ғана түсіндім. Біз қос басында қалдық та, Арман бастаған топ сүймен, багорлармен құралданып, мұз шоқыға қарай аяңдады. Топ артында аяғын санап басып Асаубай бара жатты. Бұл кезде Қазанғап ағай да румпельді жарып әкеп, Михаил Ивановичтың алдына тастай берген еді.

— Ура, мынау тамаша болды ғой, — Михаил Иванович белбеуіндегі қанжарын қынынан шығарып ап, ағашты жұқалап жона бастады, — іші құрғақ екен. Қазанғап, керосин сауытын әкел, тезірек.

Қазанғап қалың қаңылтырдан істелген үлкен керосин сауытын көтеріп келеді. Михаил Иванович көлемі қомақтылау, түсі солғын қызылдау бір дорбаны шығарып алды да, жанына қойды. Аузы бүріле шиыршықталып жатқан дорбаның дөп-дөңгелек түбінде әлденендей жазулар бар екен. Қызыға қарадым да, оқып көрейінші деген оймен қолымды соза бердім.

— Өй, өй, байқа, — Михаил Иванович жүзіндегі әзіл күлкісін жасыра, үрейлі дауыспен сөйлеуге тырысты. — Өй, тарт қолыңды, өртенесің!

Мен бүкіл денеммен селк ете қалдым да, қолымды тез кері тартып алдым.

— Я, ойнап айтасыз. Ол от емес, дорба.

— Дорбасы несі, осындай дорба көрдің бе, ә? Қазір аузын мынау қамысқа тоссаң лаулап от жанады да кетеді...

Әлгіде ғана, құлаққа ұрған танадай меңіреуленіп тұрған мұз тауы оқыс жаңғырығып, қашыр-құшыр ете қап еді. Кенет салмақты бір нәрсенің жоғарыдан темен тасыр-тұсыр құлаған гүрсілі естілді. Жалт қарасам Арман ағай бастаған топ манағы шоқыны омырып жатыр екен. Ұзын сапты багормен құралданған жігіттер құлап түскен мұзды қосқа қарай жібермей, бөгей сап, сүйреп келе жатыр. Мен шоқы құлатушылардың қызу қимылына сүйсініп, ұзақ аңырсам керек. Манадан бері бағып отырған от мәселесін де ұмытып кетіппін. Тіпті, Михаил Ивановичтың «кәне, Қазанғап, күй керосинді!» деген сөзін де елең етпеппін. Енді бір қарасам от лаулап жана бастаған екен.

— Алақай, алақай, — деп орнымнан атып тұрдым, — Михаил Иванович, айтыңызшы, қалай жақтыңыз, ә?

— Мана айтпап па едім саған, — Михаил Иванович мені өзіне тартып ап, маңдайымнан сүйді де, күлді, — тағдырды адам жеңеді деп едім ғой. Анау дорбаның аузын қамысқа тоса қойып едім, лаулап жүре берді.

— Жоқ, айтыңызшы, қалай жақтыңыз?

— Міне, мынаумен жақтым, — Михаил Иванович маған кішкене ғана сары жезді көрсетіп, үстінде тұрған дөңгелегін бармағымен басып қойған еді, от жарқ ете қалды, — көрдің бе?

— Көрдім. Бұл не нәрсе?

— Бұл от машинасы, балақай.

— От машина, от машина, — мен сары жезден істелген зажигалкаға қарап, ұзақ отырдым, — бұны өзіңіз жасадыңыз ба?

— Әрине, өзім жасадым.

— Анау дорбаңыз не?

— Су етпейтін резина дорба.

— Оны да өзіңіз жасадыңыз ба?

— Сен қалай ойлайсың?

— Әрине, өзіңіз жасадыңыз. Сіз машина да жасай білесіз, ә?

— Мүмкін...

Менің сәбилік таңырқау сұрақтарым бітер емес еді. Шоқы басындағылардың «от, от!» деп айқайлаған үндері мұз тауын жаңғыртып жіберді де, әңгімені аяқтауға тура келді. «Алақай, от,» — деп дедектей жүгіріп Асаубай келе жатты. От қызғанша жұмысты жайғарып үлгерген жігіттер, енді отты қоршай, отырып, киімдерін кептірісті. Айдынғали ағай мен «жер сандуғашын» да от басына әкеп, киімдерін құрғаттық. От жалынына ұстап, төсеніш қамыстарды да дегдітіп алдық. Біз асқа отырғанда шығыс мұнарта бастаған еді, енді көшпелі сұр бұлттардың арасынан анда-санда бір жылт етіп жұлдыздар да көрінді.

— Қазанғап, старшина, — Михаил Иванович от басындағыларға бір қарап алды, — спирт құйған ыдысыңды әкелші, жігіттер бүгін әбден жаурады ғой, суық тиіп қалмау үшін бір-бір стакан ішетін шығарсыңдар.

— Әрине, бүгін ішпегенде ше, — Асаубай тамсана күліп, орнынан атып тұрды, — мен әкеле қояйын.

— Эх, Асаубай, Асаубай, — Михаил Иванович Асаубайды желкесінен басып тұқырта қойды, — жұмысқа да осылай ынталы болсаң еді, отыра бер. Старшинаның өзі-ақ әкелер.

Жұрт ду күліп жіберді. Қазанғап тоқыма тал қорапты үлкен ыдысты Михаил Ивановичтың жанына әкеліп қойды. Михаил Иванович ортайып қалған ыдысты еңкейіп, орта стакан құйып алды да, қалғанын сумен толтырып, алдымен өзі ішті. Содан кейін өзгелерге ұсынды. Зорлап отырып Айдынғалиға да, Жалықпас пен «жер сандуғашына» да аздап жұтқызды. Тек Қазанғап екеуміз ғана ішуден бас тарттық. Жұрт асқа қол созғанда Қазанғап ағай шарт жүгініп, күбірлей қалған еді. Құран оқып отыр екен. Не оқығанын білмеймін, тым келте қайырып, бетін бір сипады да, көзінде жас мөлтілдеп «тие берсін!» деді. Қазанғаптың көз жасы манағы бір ренішті қайтадан еске салғандай, Асаубайдан өзгелер, ас үстінде бір біріне тіл қатпады. Тек, Асаубай ғана бөсіп-бөсіп алады. Ол апаттан аман алып шыққанына ризалығын білдірген болып, кейде Михаил Ивановичтық жүзіне үңіле жырқылдай күліп, кейде Қазанғапқа жарамсақтанады.

— Сайра, сайра, Асаубай, — Михаил Иванович есіре бастаған Асаубайдың көкаласына тұжыранушыларға тоқтау салғандай, көзін қысады, — сөйле, сөйле, Асаубай. Сезім толқыны құйылып тұрғанда сайрап қал, бала.

— Михаил Иванович, мен айтайын ба, сіз тіпті батырсыз. Жоқ, данышпансыз. Сіз болмағанда, қайда! — Асаубай енді ыржаңдап күліп алды. — Әй, мынау менің құрдасым — Қазанғап бар ғой, тіпті әулие. Апырай, батырын қараңызшы, тіпті қорықпайды. Біз бәріміз үйдей толқыннан үрейленіп, бұға түскенде ше, бұл жалғыз өзі қасқайып есіп келеді. Зәремді бір ұшырды-ау, Михаил Иванович, сіз кердіңіз бе, желкемнен ала түскені, «салдан лақтырып-ақ жіберетін шығар» деп едім, жоқ лақтырмады. Неге лақтырсын. Құрдас болған соң ойнағаны ғой. Қазанғапжан, айналайын, өзі ақылды. Михаил Иванович Қазекеңе неге бермейсіз?

— Ішпеймін деді ғой.

— Жоқ, ішпесе алдында тұрсыншы, құйыңызшы.

— Әй, жәдігөйсімей отыр, — Қазанғап ұнатпаған пішінмен бір қарап қойды, — мен арақ ішпеймін. Сонда менің сыбағамды өзің ішпексің ғой, ә? Михаил Иванович, қақылдатпай, менің сыбағамды осыған беріңізші.

— Жоқ, жоқ, мен ішпеймін, Михаил Иванович, құймаңыз маған, — Асаубай екі қолымен жүзін көлегейлеп, сәл кейін шегінді де, тамсана бір күліп алды. — Түу, мынау астың тым майлы боп жегізбей отырғанын қарашы. Әй, Қазанғапжан, қарағым, сен бір стакан ішіп қой. Түу, түк етпейді, жақсы болады. «Бойдағы суықты сорып алады» деді ғой әлгіде Михаил Иванович. Айналайын Михаил, сіз қамқоршымызсыз. Анау Атаман сіздің бір шынашағыңызға тұрмайды. Ойларсың, қайдағы бір оңбаған... кісі өлтірген...

— Әй, тарт тілінді өліктен, — Қазанғап тұра ұмтылды, — ол сенен мың есе артық... кісі өлтірген жоқ... өлтірген қожайын.

— Я, бәсе, — Асаубай еңкіш жігітке енді жәдігөйлене қарады, — айналайын, Қазекең дұрыс айтады. Айналайын Атаман өзі жақсы еді. Арман, сен ренжіме оған. Ойларсың, бұдан жиырма жыл бұрын. Айналайын Атаман жақсы еді ғой, — Асаубай көзін майлы жұдырығымен сүртіп, жыламсырап алды. — Алғыр еді-ау, шіркін, арманда елдің, асылым. Құдай сенің өліміңді маған берсеші...

— Міне, манадан бергі сандырағыңның ішінде тауып айтқаның осы болды, — Арман көзінен жас шыққанға күліп алды. Бұл оның мұз тауына көтерілгеннен бергі тұңғыш күлкісі еді. — Әбден тауып айттың. Өмір сүруге ерінетін сенің-ақ өлуін керек еді. Арақты да рақаттанып ішер едік.

Арманның күлкісіне жұрт түгел қосылып, от басын біраз дуылдатып алды.

— Айналайын Арманжан, ақылды өзі. Ішу керек. Түу, түк етпейді, жақсы болады... Михаил Ивановичтың денсаулығына...

Асаубай әлі де бөсе бермек еді. Есіріктің мағнасыз мылжыңынан әбден зеріксе керек, Михаил Иванович зекіп тастады.

— Жетті енді. Доғар!

Асаубай жым болды. Бұрышы әдеттегіден тым ащы, жас сорпаны ішіп болғаннан кейін Михаил Иванович сүйек сайты қалыңның тұтатып ап, ойланып кеткен еді, көк түтінді будақтатып біраз үнсіз отырды да, әңгімеге кірісті.

— Ал, жігіттер, Атаманның не істейміз? — Михаил Иванович шешім салмағын өзгеден гөрі соған салғандай, Арманға қарады. — Кәне, сен не айтасың? Теңізшілер дәстүрі бойынша елік теңіз суына жерленеді.

Арман көп ойлар шоғырланған басының салмағын жұмырланып келген сұңғақ мойны көтере алмағандай маңдайын екі жұдырығымен тіреген күйі, тіл қатпастан жырап, ұзақ отырды. Ол кірпігін ешбір қақпастан, өткір қара көздерін, бір жерден лап етіп өшсе, екінші жерден. лаулап жанған, от жалынынан аудармай түнере қапты. Жан дүниесінде де, дәл осы бір от алауындай өкініш жалыны бар тәрізді. Сол өкініш жалыны бірде қарауытып өше бастаса, бірде лап беріп қайтадан көтерілгендей. Қарсы алдында лаулап жанып жатқан от жалынынан түскен сәуле ме, әлде ішкі өз өртінің жалыны ма, жүзі де бірде қуқылданып, бірде қара-көктене барып, енді бірде, кенет күп-күрең боп, секунд сайын құбылады. Ол іштегі өртін дымқыл теңіз ауасымен өшірмек болғандай кең кеудесін керней, ауыр күрсініп барып дем алады. Осы кезде жас төкпей, жан дүниесімен құрғақ жылаған адамның жүрегіндегі өкінішті өксуі естілетіндей. Қазан астындағы от баяулаған кезде мен Арман ағайдың көзіне қарап едім, қарашықтары жалындай ойнап тұр екен. Оның осы бір түрі денесін тастай жиырып, бар ашуын көзіне жыйып ап, енді атылғалы тұрған ызалы арыстан тәрізді керінді. Мен қорқып кеттім де, шегіне қойдым.

— Арман, — Михаил Иванович оң қолын Арманның иығына салып, оны өзіне қарай тартып алды, — сен неге үндемейсің. Әлде кегім кетті дейсің бе, ә?

— Михаил Иванович, — Арман ақылшы досының кеудесіне маңдайын сүйей құлады да, еңіреп қоя берді, — не дейін мен, не дейін, Михаил Иванович. Он бес жыл күтем, он бес жыл бойы ата жауын іздедім. Әкемді соққыға жығып, теңізге батырған, өзімді жастай жетім қалдырып, аралатқан жауыммен кездесуді арман еттім. Сол он бес жыл іздеген жауым, менің дұшпандық емес, таза достық құшағымда күліп өлді. Неғып ертерек сезбедім. Қандай өкініш. Кеш кездескен жауымның өліп бара жатқанда болса да кеңірдегін сығып жібергім келді де өзімді-өзім шақ ұстадым... «Кешірдім...» дедім-ау. Әке қанын кешіруге қандай қақым бар еді?! Неге айттым осыны?! Бұл жетпесе артында қалған жетімінің тағдырын мойныма жүктей көз жұмды-ау. Не істедім, неге ғана кешірдім?..

— Арман, — Михаил Иванович оның басынан сипап аз ойланып қалды, — Арман, қой, қой, достым, жылама. Рас, саған тым ауыр. Бірақ, сен сол ауыр мәселені дұрыс шештің. Біріншіден, қанға қан деп кек іздеу қалыңқы елдің дәстүрі. Жазықтыны жазалау заңның ісі. Рас, қазір бізде әділетті заң жоқ. Ал, түбінде болатындығы даусыз. Екіншіден, өліп бара жатқан адамның кеңірдегіне қол салу, моладағы қурап қалған қу сүйектен кек іздеумен тең болар еді. Үшіншіден, әкеңді өлтірген әкені өлтірсең оның қаны ғана емес, анау жас жетімнің көз жасын да қоса арқалаған болар едің. Сенің әкеңді өлтіруші Атаман болғанмен, өлтіртуші өзге. Сонау бір түні өзін айтқандай Атаман өлтіртушінің қол шоқпары ғана. Рас, Атаман ол баста жұмысшы болғанмен, кейін дәулет иесі болуға бой ұрған адам. Қарадан шыққан ақсүйек болғысы келген қателері үшін анау күні өзін-өзі жазғырып бізге жүрек сырын ашқан еді. Оны теріс бағытқа салушы да, қылмысқа айдаушы да қалың бұқара алдында айыпты аз ғана топ. Кекті өлім шоқпарын ұстаушыдан ғана емес, алдымен сол шоқпарды ұстатушыдан іздеу керек. Қайшылығы көгі бола тұрса да ол тамаша адам еді. Шын мағынасында теңіз арыстаны еді. Ұқтың ба, достым?!!

— Солай дейсіз бе, Михаил Иванович. Досым күліп, дұшпаным табаламай ма?

— Жоқ, жоқ, дұрыс істедің, достым. Сенің бұл шешіміне не ақмақ, не дұшпан ғана күледі. Жау жаулығын істейді. Ақмақтан одан өзгені күтудің өзі адасқаның болар еді. Тұр енді, басынды кетер!

Арман біраз өксігеннен кейін, ауыр күрсініп, басын көтерген еді, манағы бір түтеген кек жалынын сел боп аққан көз жасы біржола шайып әкетті ме, әлде ақылшы құшақтың мейірімді толқын сезімі тоғытып жіберді ме, оның жүзі әдеттегі қалпына келіп, дөңгелек қарашықтарына бұлт арасына« жарып шыққан жұлдыздай, жайдары нұр пайда бола бастаған екен. Рас, көзінің ағы сәл қызарып, кірпік ұштарында жас моншағының сарқындысы ғана мөлдірейді.

— Михаил Иванович, Арман, — Қазанғап та жылап алған болса керек, даусы тым қалтырап естілді, — мен сіздерге өтінемін. «Кемедегінің жаны бір» дейді ғой. Бұл кісі жездем еді. Апам қайтыс болды. Артында жалғыз қыз жиен қалды. Жақсы керетін әкесін. Әкесі де Арманға айтты ғой «тапсырдым» деп. Жүзін көрсін, ә? Теңізге тастамайықшы. Өтінемін, мен. Сұраймын, алып барайықшы. Обалды. Жақсы еді өзі. Кедей еді, жетім еді, әуелде. Осының ағасының кемесіне мінді. Ал, жездем сонда таяушы . Мен апамнан өзге тумам жоқ, жетім. Осылардың қолында өстім. Әлдене бастады. Ат алды. Ол дегені құрсын, оған қасірет пайда болды. Кейде домбыра тартады. Жылайды. Шешесі екеуі бірге жылайды. Неге жылайды? Мен қайдан білейін. Қайыршы келсе көп ақша, киім береді. Құран оқып та жылайды. Мен қайдан білейін. Апаймен тату тұратын. Мені де жақсы көретін. Өмір бойы тартқаны азап, бұл сорлының. Қасқырбайдың есігінде өсіпті өзі. Жаз үнемі распорда, қыс итбалық пен ақбалықта жүреді. Талай ағысқа ұшырады. Ақшаны көп табатын. Апай өлді. Жыландай ысқырған мынау бір пәлеге үйленді. Қасқырбайдың жесір қарындасы. Қазір ол саудагер. Раушан екеуміздің күніміз құрсын. Анау кемпірдің өзін де зекіп бітеді. Жастайынан бір аю. Менің апам қандай жақсы еді. Әдемі еді. Раушан апайға тартқан. Әкесінен өзге кімі бар еді. Алып барайықшы. Кемпір сорлы да баласын көрсін...

— Арман аға, — мен орнымнан атып тұрдым да Арман ағайды құшақтай алдым, — аға, сіздің әкеңізді ұрып өлтірген қазақ Қайдауыл екен. Атаман кеменің құйрығын ұстап отырғанда қалғып кетіпті. Кеменің тұмсығында тұрған жігіт көрмей қалыпты. Атаман сізді шақыртқан еді. Осыны айтпақ болған шығар. Мен үлгіре алмадым. Сіз барлауға кетіпсіз...

— Ақмақ бала, — Арман мені құшақтап, бетімнен сүйді, — манадан бері неге айтпағансың?

— Үлкен кісілердің сөзіне араласпайын деп, — мен күрсіндім, — «бәрібір сол кемеде болғандықтан күнәға мен де ортақпын» деген Атаман...

— Уһ, кеш айтсаң да рахмет інім. Әйтпесе менің жүректен бүгін сөндірген шоғым, ертең қайтадан лапылдар еді. Демек, менің кегім Атаманда емес, Қасқырбай тұқымында. — Арман енді өз пікірін билей аларлық адамның дәрежесіне жеткендей орнынан көтерілді. — Кешіріңдер достар, мен қателік істей жаздаппын. Атаман кінәдан таза. Дұрыс айтасыз, Михаил Иванович, ол шын арыстан еді. Анау жалғыз қызы мен анасы өз қолдарынан жерлесін, өзіміз жетер күн болса, сүйегін алып баралық. Михаил Иванович, солай ма?

— Теңізшілер дәстүрін бұзамыз ба, жарайды, болсын.

— Айналайындар, — Қазанғап жас пен күлкі аралас,. Арман мен Михаил Иванович кезек сүйді, — өмірлерін ұзақ болсын. Кемпір де алғыс айтады...

— Аға, — дедім мен Арманға, — Кузьма деген кім? Атаман сандырақ үстінде осы кісінің атын атап, сол кісіден кешірім сұрады.

— Кузьма, — Арман осы бір атты мақтаныш еткендей жайраңдап күлді, — ол кісі менің екінші әкем. Астраханьда кеме ремонт базасының мастері. Кузьма сол жылы күз Гордеев шаландасының кем-кетігін оңдауға келген екен. Қайтар сапарына кездейсоқ бір кемеге мініпті. Демек, ол Қасқырбайдың кемесі болған ғой. Бірақ, Кузьма Данилович олардың кім екенін білмейді екен. Кеме иесі сол түні Данилович екеумізді теңіз тамағындағы бір аралға түсіріп кетті. Мен онда Атаманға ұқсас адамды кеме ішінен көре алмаған едім. Мүмкін, байқамаған шығармын... Кузьма Данилович та өз әкем сияқты бала кермей, зар жылаған адам екен. Мені бала етіп алды. Хат танытты Ой-пікірімді жана арнаға салды. Бұдан екі жыл бұрын мені он жасымнан баласындай баулыған шешем — Мария Семеновна қайтыс болды. Келер жылы Кузьма Данилович тұтқынға алынды. Түрмеде соңғы жолыққанымда «сен бұл жерден кет, әйтпесе ұсталасың» деді ол кісі. Сөйтіп, менде екі шеше, екі әке болған еді. Шенелерімнің екеуі де қайтыс болды. Әкелерімнің бірі жау қолында өлді. Екіншісі патша түрмесінде. Мен енді кекті кімнен іздейтінімді білемін.

— Кегіңді кімнен іздеу керек екенін түсінсең болғаны, — Михаил Иванович басын изеді, — кек іздесең жас төкпе. Ер жігіттің көзінен тамған соңғы тамшы болсын бұл!

— Дұрыс айтасыз. Жас емес, жалынды күрес керек бізге!

Теңіз дауылы да күрес дегендей гу ете қалды...

XIII ТАРАУ. ТЕҢІЗДЕН ТҮСКЕН СӘУЛЕ...

...Теңіз толқыны ашуын әлі баса алмапты, бітеу көтеріліп, бұлқына тулайды, сарылы да тым таяудан естіледі. Біз сеңнен шығатын күні осы таудың етегімен тұтасып жатқан жалпақ мұз алаңы болатын, соңғы дауыл сол аланды жұлып әкетіпті де, қазір теңіз астынан жарып шыққан жартастай шаншылып мұз тауының өзі ғана қалыпты. Ашулы арыстандай, ақыра шапшып, артынша долдана құлаған көк жойқын енді осы шағын шыңның етегін үңги кеміріп, омыра түседі. Түбі кемірілген мұз шыны кейде жоғарыдан темен сусып, опырыла құлайды да, тасыр-тұсыр домалап барып, толқын құшағына көміледі.

— Тула, тула, құтырын, бәрібір бізді елім құшағына салуға шамаң келмейді, — дейді, шығысты қызыл тудай көмкере, көкжиектен жана ғана көтеріліп келе жатқан күн көзінен назарын аудармай отырған Михаил Иванович, — рас, біз теңіз ортасына қарай ығып келеміз...

— Я, ығып келеміз, — Арман ағай бір күрсініп алды. — Еш қара көрінбейді де. Тау мұжылып барады... Енді неше күн...

— Тау мұжылып біткенше бір қараға кездесеміз, — Михаил Иванович дүрбісін көзіне апарып, түстікке қарады, — солай ма, Дауыл?

— Кездесеміз, — менің жүрегімде үрей бар еді, алайда сүйген адамымның сенімді үмітіне қарсы шықпауға тырыстым, — әрине, кездесеміз.

— Арман, — Михаил Ивановичтың даусынан қуаныш пен қорқыныш бірдей естілді, ол дүрбіні дереу Арманға ұсынды, — қарашы, ғажап үлкен мұз тауы. Онда ұзақ өмір сүруге болар еді. Қозғалмай бір орында тұрған тау ғой деймін, қарашы!

— Я, көрдім, — Арман ұзақ қарады, — тұрған тау.

— Эх, — Михаил Иванович бір күрсінді де, енді дүрбіні өз қолына алып, компас пен дүрбіге кезек қарады. — Біз сол тауға тура ығып келеміз екен, жайшылық күні кездессек тамаша болар еді-ау. Жел енді арқадан соғып кетсеші...

— Әттең, — дейді Арман ағай, төбемізден қиқулап өтіп жатқан жыл құсына көз тігіп, — сен бізге көктем лебі емес, уақытша болса да аяз ала келсеңші!

— Я, арманшыл достым, табиғат заңы біздің тілегенімізше өзгере бермейді ғой...

Михаил Иванович ақырын ғана әндетеді.

Зачем я не птица, не ворон степной,

Пролетевший сейчас надо мной?

Зачем не могу в небесах я парить

И одну лишь свободу любить?..

— Дұрыс айтылған, — Арман күрсінеді, — бірақ, мен ұша алмай қалсам да қарға болмас едім...

— Я, достым, — Михаил Иванович басын изейді, — сен дауылпаз болуға лайықсың... Әттең, анау тұрақты тауға...

— Сал байласақ қайтеді?

— Тым қашық қой, — Михаил Иванович дүрбісін көзіне апара берді, — ура, достар, ура!

— Немене, не көрдіңіз?

— Немене?

— Желкен, жігіттер, желкен, — Арман ағай дүрбісін маған берді де, қолындағы қосауызын жоғары көтерді, — мылтық атып көрейін. Мүмкін есітер...

Мен ұзақ қарадым. Алыста, көздің ұшында ақ қанатын жаза сап, қалықтай жүзген аққудай жалғыз желкен көрінеді. Батыстан ескен ертеңгі желге кен құшағын толтырып алған екен. Кейде кенет жалт ете қалады. «Бізге қарай бұрылған-ақ шығар» деген оймен үміттене күрсінемін. «Михаил Иванович, алақай, бұрылды, сүйінші, сүйінші!» деп айғайлап жібергім келеді де, бөгеле түсем. Бөгелемін де, тағы да қараймын. Енді өкінішпен күрсінемін. Әлгіде бері бұрылған тәрізді болған ақ желкен толқи ойнаған теңіз бетінде ырғала жүзіп, алыстай береді. Әлден уақытта тағы да дір еткендей болады. «Міне, осы жолы шын бұрылды» деп үміттене жымиямын. Жоқ. Сыйқырлы желкен менің үмітімді тағы да адастырады, манағыдан көрі де шалғайлай түседі. Мен әлі де күдер үзбеймін. Қарауыл түбінде екі қолымен көзін көлегейлеп сом тұлғалы бір адам тұрған тәрізді. Бізді іздеп шыққан менің әкем емес пе екен? Әй, солай шығар-ақ! Әйтпесе, өзінен өзге ешбір қара люк теңіз кешкен кім дейсің? Бізді неғып кермеді екен. Теңізге дүрбісіз шыққан болар ма, ә? Мынау дүрбі бізде болғанша, онда болсашы! Төбемнен өтіп бара жатқан құстардың қиқуынан «Анау жүрген сенің әкең!» деген дыбыс тыңдағандай боламын. Әттең, осы қаздардың ең болмаса біреуі қолыма келіп қонсашы. Мынау қара дүрбіні қанатына қыстырып жөнелтер едім әкеме. Амал не, тыңдар емес жыл құсы. Міне, кеме алыстай-алыстай барып, бізбен қоштасты ма, әлде келеке етті ме, желкенін ең соңғы рет сілікті де, біржола толқын тасасына түсіп кетті. Неткен қорлық? Әлгіде ғана көзбен көріп, үмітіме қанат қақтырған жалғыз желкен жалт етті де жоғалды. Енді көз алдымда біріне бірі сығылыса шұбап бара жатқан сансыз қаракөк қойлардың құйрығындай бұлаңдап, көк толқынды теңіз кеңістігі ғана жатыр. Мен ызаға булыққан ішкі налу өксігімді сыртқа шығара ауыр күрсіндім де, дүрбіні Михаил Ивановичқа ұстата бердім.

— Кетті, — мен көзімді сырмалы күпімнің жеңімен сүрттім де, төмен қарадым. — Кетті!..

— Кетті, я, кетті!..

Манадан бері үміттене қарап тұрған адамдар бастарын төмен салған күйі ауыр-ауыр күрсіне, кері оралды. Жүздерінде үлкен реніш бар.

— Кетті, — Михаил Иванович мені өзіне тартып алды. да, батысқа бұрды, — кетті, тастап кетті...

Михаил Ивановичтың бұл сөзін мен бізді тастап кеткен әлгі ақ желкенге айтылған шығар деп ойлаған едім, әңгіме құс керуені туралы екен. Бізден жарты шақырым шалғай, толқын бетінде ұзын мойын бір ақ құс кен қанаттарымен әлсіздеу ғана су сабалап, ұшуға талпынады. Бірақ, толқын бетінен бір құлаштай ғана көтеріледі де, қалықтап барып қайтадан қонады. Әлденендей аянышты сазбен қиқулап, топшысын тағы да бір жазады. Амал не, көтеріле алмайды. Биікте оған үн қосып, ақ керуен ұзап барады. Кенет олар жалт беріп, кері оралды да, төмендей- төмендей келіп, манағы жалғыз ақтың үстінен бір айналып, мазасыз қиқуласты да, қайтадан жоғары көтеріліп, Атрауға қарай тартты. Енді оралмайтын-ақ шығар, ұзап барады. Теңіз бетіндегі ақ құс қанатын тағы да бір рет қағып, сәл көтерілді де, қайтадан қонды. Қонған жоқ-ау, құлап түсті. Енді қайтып ұшуға да талаптанбады, тағдырға бағынғандай ұзын мойнын иіріп, басын қанат астына жасырды. «Қатігез тағдыр, қайтсең де мойын ұсындым біржола. Мазақтағаныңды көрмеймін, күресуге дәрменім жоқ» дейтін тәрізді. Қазір оны келекелең ме, әлде мүсіркей ме, тек теңіз толқыны ғана кейде тұрпайылана теуіп, кейде тербеп-тербеп алады. Ақ құстың осы бір хәлі маған әрі аянышты, әрі дәрменсіз көрінді. .«Көнбе тағдырдың мазағына, күрес! Ауруды жеңіп алған Айдынғали ағайша жігерлене қимылда да, жеңіп шық! Серме, қанатыңды!» дегім келеді. Мен ақ керуенге қарап едім, ұзап кеткен екен. Керуеннің соңында тағы да бір ақ қанат төмендей-төмендей барып, теңіз толқынын төсімен ,сүзе қонды да, топшысын дереу жыйып ала қойды. Ақ керуен мұның да төбесінде қиқулап, үйіріліп біраз жүрді де, манағы бағытына шұбай жөнелді. Бірақ, толқынға өз еркімен қонған соңғы ақ құс оларға мұң шағып, жауап та қайтармады. Қайта «кетсеңдер кете беріңдер, мен анау жолдасымды тастап ешқайда бармаймын» дегендей бетін бері бұрып алды. Енді ол қанатынан әл кетіп амалсыз құлап түскен манағы дәрменсіз серігіне қарай жүзіп келеді. Мүмкін, ол анау ақ керуенге манадан бері «жолдасымызды тастамалық» деген тоқтау салып, шын қайрылмасын білген соң одан әрі ілеспей, өзі қалып қойған шығар. Дәл осы бір секундта маған анау ұзап бара жатқан ақ керуен әлгіде ғана бізді тастап кеткен ақ желкен тәрізді, мынау соңғы қонған ақ қанат қарауыл түбінде екі көзін бізден алмай қараған адам тәрізді көрінді. Мен мұны өз әкеме ұқсатқан едім. Мүмкін, әкем де ақ желкенді кемедегілер тоқтау салып, «анау шыңға оралайық, жігіттер!» деп бара жатқан шығар. Қайрылып бір соғар-ақ.

— Кетті, — мен тағы да бір күрсініп, ұстазыма қарадым. — Кетті, Михаил Иванович. Олар енді оралмай ма?

— Я, кетті, балақай, — Михаил Ивановичтың үнінде бір мүсіркеу лебі бар еді. Кейін аңғардым, ол ақ керуенді айтып тұр екен ғой. — Жоқ, енді қайтып қайрылмайды.

— Бізді тастап...

Бұл жолы көзімде жас жоқ еді, бірақ жан өксігі дауысымды дірілдетіп жіберді де, сезімді аяқтай алмадым.

— Мен жолдастарын тастап кеткен аққулар керуенін сұраған екен десем, — Михаил Иванович еңкейіп келіп мені маңдайымнан иіскеді де, күлді. — Ақ желкенді кемені айтасың ба? Келеді, балақай, келеді. Егер шын келмесе өзіміз-ақ... Білесің бе, мынадай бір өлең бар:

Отвяжися, тоска,

Пылью поразвейся!

Что за грусть, коли жив –

И сквозь слезы смейся!..

— Михаил Иванович, — деді Арман ағай, — байқадыңыз ба, әлгі ақ желкен анау мұз тауынан шықты.

— Байқадым, — Михаил Иванович басын изеді, — демек, түнде сонда тұрақтайтын болғаны ғой.

— Қалай болғанда да соған жетуіміз керек!

— Бәріміз жете алмаспыз, — Михаил Иванович қосқа сүйеулі жатқан баяғы ескі кеме қабырғасына қарады, — экспедиция жіберу керек.

— Мен мынау кеменің қабырғасынан үш адам көтеретін қайық жасап берер едім, — Айдынғали ағай Михаил Ивановичқа бұрылды, — әттең, факел жоқ-ау, ә?

— Факелді арқаннан түтіп аламыз ғой, — деді Иван Петрович, — шеге табылмас. Анау ескі шегелерінің пайдаға аспауы мүмкін, тотығып кеткен.

— Шеге дейсіз бе? — Қазанғап ағай әлденендей мақтаныш білдіргендей жымиды, — неге жеткілікті. Мен отқа жарған ағашымның бар шегесін жыйып жүрмін.

— Рахмет, рахмет, қолы берекелі, ұқыпты старшина, — Михаил Иванович Қазанғапты арқаға қақты, — онда тезірек іске кіріселік. Ал, Одырбай, сөгіңдер анау кеме қабырғасын...

— Кәне, жігіттер, — Одырбай сүйменін сүйретіп, қосқа қарай аяңдады, — ең қайраттыларың еріңдер маған.

— Михаил Иванович, — Қазанғап ағай қостың батысына қарай иегін көтерді, — әлгіде құлап түскен мұз бар ғой, сол жерден бір қайықтың тұмсығы көрінеді. Соны суырып алсақ...

— Әбден мақұл, тезірек ала көріңдер. Ең болмаса отын етерміз. Жігіттердің үсті әбден кірлеп кетті, — Михаил Иванович қос алдында арқасын қиқаңдатып, басын тыр-тыр қасып тұрған Асаубайға қарады, — көрдің бе, сақал-шаштарын алдыртып, киімдерін қайнатып беру керек еді. Сүзек ауруы кірдең болады. Әттең, сабын болсашы?!

— Кішкене ғана сабын бар. Анау күнгі итбалық күшігінің майынан сахар қайнатқам. Күлді де жинап жүрмін, — деді Қазанғап.

— Жарадың, берекелі старшина. Жеткенше сабынмен, жетпегенін күлмен жуамыз. Айдынғали, онда сен жұрттық сақал-шашын алып бер. Берекелі старшина, сен жігіттерді жуындырудың қамына кіріс. Тамақ жағың қалай?

— Тамақ, — Қазанғап ағай күрсінді, — бір астық түз Бір күндік тамақ қалды.

— Тамақ табылар еді-ау, — Михаил Иванович та күрсінді, — төбеміз құс, астымыз балық. Тұзың қиын екен. Цынга ауруы тұзсыз, көксіз тамақ жегендіктен болады. Амал не, тұзыңды да, тамағыңды да төрт күнге жеткіз.

— Мақұл, Михаил Иванович...

...Түнеугі бір сен үстінен жөнелер кездегідей қызу жұмыс бүгін қайтадан басталды да, ұшы-қиырсыз көк теңіз құшағындағы шағын ғана мұз шыңы еңбек дабылымен жаңғырығып сала берді. Қос маңы қазір бір құрылыс алаңына құсайды. Дүңк-дүңк ұрылған сүйменнің, кірш-кірш шабылған балтаның, шегеге соғылып, шың-шың еткен балғаның ызыңдаған қол араның даусы бір-біріне ұласып, құлақ тұндырады.

— Ал, ал, төмен басыңдар, біріге қимылдайық, — дейді Одырбай, қолындағы сүймен ұшын бегей табаны мен тақтайдың арасын қуалай қадап, — басыңдар төмен. Алдық, тағы да алдық.

Тақтай сатыр-сұтыр етіп сынып кетті.

— Әй, байқаңдар, — кеменің ескі бөтен қанатын қанжарымен сызып ап, енді ғана шабуға ыңғайланған Иван Петрович басын жерден көтеріп алды. — Сындырмаңдар тақтайды.

— Өй, бұларың болмайды, тумалар, — екінші бір томарды қол арамен кесіп жатқан Арман жігіттердің жанына келді де, басын шайқады. - Бұларың болмайды, міне, алдымен мынау шегенің қайырулы ұшын былай етіп түзетіңдер. Содан кейін шеге ұшын майыстырмай кері соғыңдар, міне былай, көрдіңдер ме, сонда тақтай мен табан арасы өзі ашылады. Тек содан соң ғана сүйменді дәл шегенің өз тұсынан бойлата сұғыңдар да, төмен басыңдар. Сонда оп-оңай сөгіледі. Әйтпесе, сендер бүкіл тақтайды қиратып бітірерсіңдер. Ал, кәне, енді басыңдаршы. Міне, көрдіңдер ме...

От басында Қазанғап ағай бастаған үш-төрт жігіт жуан арқандардың тінін тарқатып, факел дайындап отыр.

— Бұл анау күнгі қайыңның күлі, дүние еді деп бөлек сақтаған едім, — аузы тас түйілген кенеті дорбаны қазандағы қайнаған суға тастай беріп, Қазанғап ағай жымың-жымың күледі, — көрдіңдер ме, пайдаға асты. Ащы болады. Шіркін, сахар қайнатсашы. Бәрібір, кірді суға қайнатса сабын керегі жоқ деп айтты Михаил Иванович. Қане, әкеліңдер. Су қайнады. Мұзда жатып сол тоңазығаны жетер...

Қос алдында шеге түзетіп Асаубай екеуміз отырмыз. Әдетте, егессіз ешнәрсе істемейтін, жұмыс үстінде жиі күңкілдеп, шабан қозғалатын Асаубайда да бүгін бір көңілділік бар. Балғасы әрі жедел, әрі дәл соғылады. Үлкендігін істеп маған да үйретіп қояды.

— Дауылжан, айналайын, міне, былай соқ. Жоғарырақ көтеріп, қатты сок. Батыл, тез қимылда. Шаршамайсың. Түу, түк етпейді, жақсы болады. Михаил Иванович бір мақтасын екеумізді. Айналайын Михаил Иванович, Арманжанды қарашы! Біздің қамымыз ойлағаны. Суға да шомылдырайын деп жатыр.

— Міне, достар, бірінші бөгет дайын, — Иван Петрович бөгенді оң қолымен жоғары көтеріп күлді. — Сүйсініңдер. Тезден қайық та бітеді, Михаил айтқандай сенімді үміт дариясын кешеміз. Тезірек қимылдаңдар. Дауылдатпай тұрғанда жүзелік, толқын төсінде...

Бір аптаға жуық ауырып, жуырда ғана бас көтерген Айдынғали ағай бүгін қамыс қостың түстігіндегі шуақты шаштаразыға айналдырып алыпты. Ол әуелден де бір өзінен екі Асаубай жасауға ұзыны тапшылық етпейтін, тым ерсі биік, жіп-жіңішке, секпіл бетті, сары адам болатын. Еті қашып, жүдегеннен кейін бойы бұрынғыдан да гөрі сорайып, қапсағайлана түсіпті. Алайда, Айдынғали ағайдың жүрегінде бүгін бір қуаныш бар. Ол кеше аяқтан шалған ауруды біржола жеңіп, енді апатпен күресушілер қатарына қосылғанын мақтаныш еткендей, жирен қастарын жиі-жиі қағып, жыпылықтап тұратын шегір көзінен жүрек қуанышының нұрын төге күледі. Кешегі бір қуқыл тартқан жүзіне бүгін қызыл шырай ене бастапты. Қазір ғана алдына келіп отыра қалған жігіттің сақал, шашын жедел сыпыра тастап, кездігін алақанына жанып, асыға сөйлейді:

— Қане, енді қайсың бар, уа, келіңдер тезірек!

Айдынғали ағайдың шаштаразына жұрт бір-бірлеп барып, қырынып үлгіргендері қайтадан жұмысқа кірісіп жатыр. Асаубай екеумізге де кезек таянып қалды. Енді бір кісіден кейін екеуміздің біріміз баруымыз керек. Шаш алдыру кезегі таянған соң Асекең қақырая бастады:

— Дауылжан, екеуміз алдыртпай-ақ қояйық. Ойларсың. Ол не, ол шаш алдырды деген, осы суықта. Алдырмау керек. Түу, түк етпейді, жақсы болады.

— Асаубай, уа, Асаубай! — Айдынғали екі қолымен белін басып біраз тұрды, — ой, белім-ай, белім-ай. Уа, кел тезірек, Асаубай!

— Жоқ, мен алдыртпаймын. Ойларсың.

— Ойларсынды қой, кел бері. Кірлеп, азып кетесің.

— Жоқ, қойыңыз. Мен алдыртпаймын. Күн ыстық емес. Түу, алдыртпағанда түк етпейді, жақсы болады, ойларсың.

— Ойлатармын мен, — Одарбай ағай Асаубайды сүйрей жөнелді. — Қырсық неме, өнебойы қолың басыннан кетпейді. Аста отырып та қасисың ол басты, жұмыста да қасисың. Сен езің ғана емес, өзгені де құрттатасың...

... Теңіз кеңістігінің беті ойлы-қырлы боп өзгеріп, қара-қошқылдана қалыпты. Қазір біз шыңырау құзды, қарасұр тау қойнына еніп кеткен тәріздіміз. Көз алдымда сансыз таулар көшіп келе жатқандай. Әлгіде ғана аспанға көтерілген қарасұр тау кенет жарылып кеткендей, дәл ұшарынан ағараң етеді де, су борасынына айналып, жоқ болады. Енді манағы бір терең құз жоталана барып, шоқтығын аспанға көтереді. Теңіз беті минут сайын құбылып. тау құзға, құз тауға айналады. Ашулы толқып арс-арс етіп, теуіп өткен сайын біз қонақтаған шағын ғана мұз шыны біржола төңкеріліп бара жатқандай дөңбекшіп -дөңбекшіп алады. Әр жерден бір омырылып түскен мұз кесектер жындана тулаған көкжалдың төбесінде қарғып-қарғып түседі. Долы жел бізді шын, үстінен лақтырып тастамақ болғандай, етегімізді басымызға көтеріп, желпіп- желпіп қояды. Қос адамдарының бәрі етіктерінің ұзын қоныштарын тақымға дейін көтеріп, қоныш бауын иыққа аса тастапты. Брезент шапандарының тымақтарын да тамақ астынан бүре байлап, етектерін белбеуге қыстырыпты. Ауыр-ауыр күрсініп Михаил Ивановичқа қарайды. Қосауызға сүйеніп Михаил Иванович тұр. Сүйек трубкасын құшырлана тістеген күйі, көгілдір көзін сәл қысып, бүгін сәске кезінде Арман ағайлар кеткен бағытқа қарайды.

— Әй, солардың өздері мұз тауына жете алмай қалмаса жарар еді, — Айдынғали ағай күрсінеді, — бекер-ақ жібердіңіз...

— Қайдағы жоқты айтасың, — Михаил Иванович басын шайқайды, — олар тау түбіне барғанша мен қарап тұрдым.

— Кемеге кездесе алмай кейін шығып кетіп, дауылға...

— Бұл мүмкін, — Михаил Иванович күрсініп басын изеді, — бүгін сол кеме де көріне қойғам жоқ.

Төбемізден қиқулап бір топ қаз өтіп бара жатты. Михаил Иванович қосауызын жоғары көтеріп алды.

— Айналайын Михаил, — Жалықпас қария еңкілдеп қоя берді, — аштан өлсек те атпашы. Обалына...

Мылтық дауысы саңқ ете қалды. Үлкен қоқыр қаз таудан лақтырған тас кесектей құлап түсті. Қазекең тұра жүгірді.

— Михаил Иванович, — деді Айдекең, — мынау мұзымыздың талқан болып кетуі мүмкін ғой. Қамыстарды үш баудан байлап қойсақ қайтеді?

— Буып қойғаннан зиян жоқ, — Михаил Иванович маған қарады, — сен Қазанғапты шақыршы.

— Мақұл, Михаил Иванович.

Мен жүгіре жөнелдім.

— Сенде жазық жоқ, — ошақ басында жүресінен отырған Қазекең қоңыр қазды тамақтан шалып жіберді де, баса түсті. Үрлей соққан жел қаздың тамағынан ыршыған қан түйіршіктерін қызыл моншақтай шаша салды. — Сенде жазық жоқ, менде азық жоқ.

Қазанғаптың даусынан естілген әлгі бір мүсіркеу лебі жүрегімді жібітіп-ақ жіберсе керек, мен күрсініп алдым. Қаз бүкіл денесін ақырғы рет бүлк еткізді де, қайтып қозғалмады. Әлгіде ғана жаудырап жатқан қарашықтары енді бозаң тартып, солып барады.

— Аға, сізді шақырып жатыр. Арқан берсін дейді.

— Арқанды қайтеді, — Қазанғап пышағын сүртіп, қынына салды да, орнынан көтерілді. — Сал байламақ қой. Бәрібір тамақ керек. Сен жұла бер жүнін. Қазір Асаубайды жіберейін. Екеулеп жұлыңдар. Тез.

Қазанғап жүгіре жөнелді. Асаубай маған бүкіл үрейді ала келген екен. Көзінде жас, кішкентай мұрнын жиі-жиі тартып, үшкілдене біткен еріндерін кемсеңдетіп алыпты.

— Асеке, бүгін де көзіңіз ауырып жүр ме? Әлде жылап...

— Жыламағанда, ойларсың. Батыр болсаң шыдап көр. Қазір мынау мұз қирап бітеді. Айналайын Үмітжан. Біз енді өлдік. Қош, жақсы керетін едің мені. Барма теңізге. Мысық мұртқа барып айт деп едің-ау. Мысық мұрттың өзі де бар деп. Мен де Үмітке болмай. Барамын теңізге, барған жақсы, түк етпейді деп. Ал, өнді түк етпеді ме, люк па? Мұнда ашылмағанда, ойларсың... Сенің жаның жоқ па? Жылау керек, Дауылжан, екеуміз оңаша жылап алайық. Жылаған жақсы болады, түу, түк етпейді. Әлгі аю көріп қалмасын. Ол теңізге лақтырады. Лақтырсын, бәрібір, ойларсың. Мынау желде салға мінсең де өлім. Қан ішіп отырғанда қаз жейміз дейді. Не керегі бар. Обалы қайда? Балапан басатын қаз ғой. Жесе өздері жете, мен жемеймін. Жемегенде не қылады, түу, түк те етпейді. Менің әкем Қарекес он күн ас ішпеген...

Асаубай қанша cap уайымға салса да ерегісіп, жыламауға тырысып едім. Бірақ, әке туралы әңгіме болғанда бір күрсініп қойдым. Асаубай жылап отыр. Жылап отырып қаздың жүнін жұлып отыр. Көз жасы қоңыр қаздың жүніне моншақтап төгіледі. Мен ауырып отырсам керек, лоқсы -лоқсып аламын. Мен ғана емес, Асаубай да лоқсып қояды. Аузыма толып кеткен ащы суды бір төгіп, қосқа қарап едім, шоғырлана қалған топ адам, бірі кесек-кесек мұздарды багормен сүйреп әкеліп, екіншісі үйіп, үшіншісі қостың қамысын суырып, әбігерлене қалған екен. Асыға басып Қазанғап келеді.

— Дауылжан, айналайын, — Асаубай екі жеңін көзіне кезек-кезек жанып алды, — сүрт жасынды. Анау аю келеді. Ол тура теңізге лақтырады.

Мен жыламасам да көзімді жеңіммен сүрттім де, лоқсып алдым. Бұл жолы аузымнан сап-сары запыран төгіліп еді, мұрнымның іші де удай ашып, көз алдымдағы дүние кешіп бара жатқандай, шырқ үйіріліп қоя берді.

— Ой, сен өзің құсқансың ғой. Басың айналған болса түк емес. Шын ауырып қалма. — Түсін кетіп қалған екен.

Қазанғап мені көтеріп апарды да, Атаманның тонымен жаба салды. Одан әріге болғанын білмеймін. Тұлабойым өртеніп, бас-аяғы жоқ бір сандырақ дүлеймен арпалыстым да жаттым.

— Қызуым сәл баяулап, ұйқтап кеткен екем.

— От, от! Кеме, кеме! — деген қуанышты айғаймен көзімді аштым. Жүрегімнің айнығаны да басылып, басым да жазылып қалған екен. Атаман тонының астынан атып шықтым. Бұлт ыдырап, селдір жұлдыздар да жылт-жылт ете қалыпты. Жұрттық бәрі батысқа көз тігіпті. Көз ұшында жарқыраған қызыл сәуле көрінеді. Михаил Иванович лаулап жанған бір бау қамысты жоғары көтеріп, теңізшілер тілінде «құтқар, құтқар!» деген белгі беріп тұр. Әлден уақытта кемедегілер де от көтеріп, белгі берді.

— Міне, балақай, енді ажалдан құтылдық, — Михаил Иванович мені құшағына қысты. — Өлімді жеңіп шықтық. Қазір кеме келеді. Есен-сау елге ораламыз. Армандар да осында келе жатқан шығар...

— Алақай, алақай, — қостағылар ду-ду күліп, Михаил Иванович сонау бір сеңнен шыққан күндегідей төбелеріне көтере, шайқап-шайқап алды. — Ұзақ болсын өмірің!

Бірер сағаттан кейін желкенін жел кернеген үлкен кеме толқын төсінде ойнақшып, біздің мұз шығамызға келіп тоқтады. Кеме ішінен ен алдымен әкемді іздеген едім, көзіме түсе қоймады! Бірақ, дәл осы бір секундта маған дауыл кешкен кеменің езі алып денелі әкем тәрізді көрінді. Кеме тұмсығындағы тақтайдан мен ұзақ ежіктей отырып: «Россия Великая» деген жазуды оқыдым. Рульде алтын мұртты бір зор адам тұр. Аузында сүйек сапты трубка. Жанында Арман. Мүмкін, Арман ағайды ажалдан құтқарған да осы адам шығар. Қарауыл түбінде Иван Петрович пен Одырбай ағай.

Қандай бақыт! Біз өлім қоршауын бұзып шықтық. Енді елге ораламыз. Аңсаған әкемнің құшағына енемін...

XIV ТАРАУ. АТРАУҒА ОРАЛҒАН АЛҒАШҚЫ КҮН

...Біз Атрауға кері оралғанда көңілді көктем өз правосына толық еніп те болған еді. «Россия Великая» кемесі желкенін желге тептіріп заулап келеді. Кеме тұмсығында алысқа қарап Михаил Иванович тұр. Көгілдір кеңістікті көз ұшында қалдырып, теңіз тамағына да кіре бастадық. Төңірек көкпеңбек. Жайқалып өскен жасыл шеп жазғы желмен теңіз толқынындай төңкеріліп, көк мақпалдай құбылады. Жас жапырақтарын судырлатып, сәнмен ғана теректер тербеледі. Өсімдік толқынын жел аударып өткен сайын әлденендей сүйкімді бір сезіледі. Осы бір таза ауаны кеудеңді толтыра жұта бергін келеді. Көлбеңдеп ұшқан көбелек көгілдір аспанға сәл көтеріліп барып, ақ қанаттарын кең жаза жапыраққа қонады. Дүниені түгел жауып жатқан әлгі бір жасыл кілем бетіне енді қарасақ, әдемі ақ бедерлер пайда болады. Көктемнің тұңғыш гүлінен құмарта шырын бал сорып, ызыңдап ара ұшады. Жазғы күн осы бір тамаша көріністің жасаушысы бір өзім дегендей көгілдір аспан күмбезінен күле қарайды. Күн сәулесі астында күміс теңгедей жарқылдап шабақ ойнайды. Қамадай қара қарлығаш ақ бауырын жалт еткізіп, алдынды орайды. Жаз салтанатын қошаметтегендей, қанатымен су сабалап, көтерілген үйрек-қаз қиқуласа әндетіп, айдынға қайтадан қонады. Әлдеқайдан сызылып, әнші құстар сайрайды. Бүкіл дүние түгел жырлап, аспан астын бір әдемі ән көтеріп тұрғандай. Сен де жырлағың келеді:

Разгулялась погодушка

Не маленькая,

Раскачалась березушка

Кудрявая.

Расцвела в саду калинушка

С малинушкою,

Там слюбилась сиротинушка

С детинушкою.

Тихо молвила соловушка

Заманчивое,

Разожгла она сердечушко

Разговорчивое .

Көктем басталғаннан бері бұл өлеңді Михаил Иванович көп айтатын еді. Қазір мен де үйреніп алдым. Жеке сөздері ғана болмаса жалпы сарыны түсінікті. Арман ағай оны өзінше қазақшаға аударған болатын. Әнге келмегенмен сөзі жатық шыққан тәрізді:

Толқыды ауа тамылжып,

Тербелді жасыл жас қайың.

Гүл атып, бақша миуасы

Мөлдіреп өсті күн сайын.

Бау ішінде жетім қыз,

Жетім ұлмен сырласты,

Бұтақта сайрап сандуғаш

Жүректе нәзік сыр ашты.

Табиғаттың қазіргі тамылжыған құбылысын суреттейтін тамаша өлеңді мен іштей жырлан келемін. Жырдағы жетім баланы дәл өзіме ұқсатамын. Ал, менімен терек түбінде сырласатын екінші жетім кім? Әлде жасыл ленталы қыз ба? Екеумізге ортақ қандай сыр бар? Әлде әкесінің өлерде айтқан аманатын сұрамақ па осы? Әлде өгей шешеден қысым көрген бишара, оңаша жерде жас төгіп, мұң айтар ма екен егіліп?..

«Россия Великая» кемесі Атрауға келіп жаққанда жазғы күн де қанталап барып, ұясына батты. Мана, теңіз тамағынан өзенге кіріп, жайнаған жасыл дүниеге кездескенде мен бір тамаша өмірдің құшағына енгендей, сол. өмірді өзіміз алып келе жатқандай болған едім, қателескен екенмін. Бар рақат батар күнмен ілесіп кеткендей. Атрау маңы баяғы бір қалпында мұнарта қалыпты. Бұзылған балықтың сасық иісі бірден- ақ атып жіберді. Суының түсі де тым келіссіз, борсыған ішек-қарын майынан пайда болған жағымсыз жасыл дөңгелек бедерлер мен қарны кепкен сасық балықтар айдын бетінде қалқып жүр. Жүкке толы қайық-кемелер плот жиегіне шоғырлана қалыпты. Топ-топ жұмысшы ұзын сапты, үлкен сүзгілерін бастарынан асыра көтеріп, балық шығарып жатыр. Үсті-бастарына балық қабыршақтары баттаса қағып, ащы тұздықтың аппақ соры сауыстана тұрыпты. Тек көздері ғана жылтырайды. Әркімдердің орысша, қазақшаны араластыра айқайласқан шаң-шұң дауыстары келеді құлаққа.

— Қарғыс атқан, неге кем есептейсің? Төртеу емес. бес носилка.

— Жоқ, бесеу емес, төрт носилка!

— Жулик, мұрныңды бет етейін бе осы? Қайтадан өлше, менің балығым анау.

— Өлшетпеймін, ұқтың ба?

— Жоқ, өлшейсің, өлшетемін. Жегізбеймін адал еңбегімді. Талатпаймын, білдің бе?!

— Мүмкін, осы батағадағы балықтың барлығы да сенікі шығар?!

— Мен сендей арам жеп ауызданғаным жоқ. Өз балығымның қайырын көрсем де жетеді.

Біз желкенімізді жыға бастағанда шаң-шұң дауыстар аяқталып, плоттағылар «Россия Великая» кемесіне қарай лап қойған-ды, топ алдында Люба апай, ол алтын шашы желкілдеп, жас балаша жүгіріп келеді, жасыл жүзімдей мөлдіреген қарашықтарынан жайдары күліп Арман ағайға қарайды, тек жасыл қарашықтары ғана емес, бет ұшынан гөрі жоғары, сол көзінің алдындағы шұқырында да өзгеше бір жайнақылық бар, жан қуанышын ұялатқандай дөңгелене қалыпты. Сүйкімді қыздың соңында Анна Ивановна, көгілдір көздерінде жас пен күлкі аралас, оң қолының үш саусағын маңдайы мен жүрегіне кезек апарып:

— Мишка, Мишутка, ұлым менің! — деп Михаил Ивановичқа құшағын жазады.

Бет-аузын күрең бұйра сақал жауып кеткен егде адамды Анна Ивановнаның мұншама кішіртіп айтуы маған тым ерсі көрінді, бірақ Михаил Иванович олай ойламаса керек. Жас сәбидей арсалаңдап күлді де, ақ шашты анасының құшағына енді. Осы топтың ішінде, екі жұдырығын жанбасына сүртіп, әкем де келеді екен, жүгіріп бардым да, мойнына асыла кеттім.

— Айналайын, Дауылым, аман ба едің, құлыным...

Әкемнің дауысында бір діріл бар еді, қиықтау қара көздерінің кемеріндегі ыстық жас бетіме тамып-тамып кетті. Селдірлеу сақалының астына мұрнымды тығып, күрсінем де, дем аламын. Тұздық пен тер аралас баяғы бір таныс иіс бұл жолы маған соншалық сүйкімді сезіледі. Аңсаған ата жүрегінің алып кеудеге сыймай, қатты соққан дүрсілі арынды асау бір күйдей естіледі құлаққа. Тыңдай бергім келеді сол күйді. Әкем менің желқақты болған жүзімді қалың ернінің қайнар жалынымен қайта-қайта сүйіп, тамағымнан иіскейді. Мүмкін, өте кішкентай кезімдегі нәрестеге тән ашқылтым иісті іздейтін шығар ол, Мені әкемнің құшағынан екінші біреу іліп әкеткен еді. Бұл Жанқия апай екен:

— Ой, тентек ай, келдің бе? Қорқыттың ғой тіпті. Мынаның өсіп кеткенін қарай гөр, тіл-аузым тасқа. Айтпай кеткенің не, қарағым-ау?!

— Теңіз жанды тентегім, — әкем мені жерден жоғары көтеріп алды, — рұқсатсыз кеткендігін, үшін жоныңнан қалың таспа алып, алақанымның айызын бір қандырармын деп жүр едім. Қап, ұмытып кеткенімді қарашы. Жарайды, бір жолға кешірдім. Кәне, күлші, Дауылым.

Мен ақырын ғана жымиямын. Әкем екі бетіме кезек үңіліп, масаттана күледі. Мүмкін, біз әке мен бала осы қалпымызда әлі де ұзақ тұра берер едік, біреу аяғымнан тартып жіберді. Жалт қарасам Сережа екен. Әкемнің қолынан қарғып түстім де, сағынышты достымды құшағыма қаусырдым.

— Тірі ме едің, бауырым? — мен Сережаны ернінен бір сүйдім де, екі иықтан шап беріп, сілкіп-сілкіп алдым. Содан кейін, өзіме тартып, қайтадан құшақтадым да, құшырлана сүйіп, қолын қыстым, — тірімін де, бауырым!

Бұл менің Михаил Ивановичтан үйренген енерім. Ол кісі ұзақ уақыт көрмей жүріп, теңіз үстінде кездестірген ағасы Иван Федоровичпен осылай амандасқан-ды. Қазір мен тек сәлемдесуде ғана емес, жүріс-тұрысымда да, сөйлеген сөзімде де Михаил Ивановичқа еліктеймін. Бұрынғыдай жұрттың сөзіне даурыға араласпай, алдымен әңгіменің мәнісіне әбден түсіне тыңдап, содан кейін, кезегім келгенде ғана сөйлеймін. Тіпті күлгенде де тым ерсі қарқылдамай, көбіне жымиып қана қоямын. Әңгіменің аса бір қызықты жерінде тағы да Михаил Ивановичқа көзімнен жас шыққанша күлемін. Бұл ғана емес, Михаил Ивановичқа еліктегенім сонша, кейінгі күндері мен де он аяғымды сылтып басатын болып алдым. Меніңше «Варяг» матросының бұл аяқ басуында мүгедектік емес, өзгеше бір маңғаздық жатқан тәрізді. Жұрт менің бұнымды келемеж етсе, мен оны мақтаныш етемін.

— Я, қашқын, — Сережа да мені иығымнан шап беріп, өзіне тартып алды, — аман келдің бе? Қорқыттың ғой. тіпті.

— Аман келгенімді көріп тұрсың ғой, саған базарлық та әкелдім.

Мен омырауыма қолымды салдым да, ақтан гөрі сарғылт-жасылдау теріні Сережаға ұсындым. Бұл баяғы Иван Федорович маған тірілей сыйлап, кейін Асаубай жынды соғып өлтіретін итбалық күшігінің терісі.

— Ау, сені ақбалық аулап жүр десек, итбалық соғуға кетіп пе едің?

— Екеуінде де болып үлгердім...

Мен, соңғы екі ай ішінде басымнан кешкен уақиғаларды дәл осы жерде-ақ баяндай бастауға ыңғайланған едім. жоқтау айтқан әйел дауысын есіттім де, бөгеліп қалдым.

Жалт қарасам Михаил Иванович пен Арман, Айдынғали мен Қазанғап бұған дейін мұз арасында сақтаулы келген Атаманның сүйегін көтеріп келеді екен. Өткен қыста өзім, көретін кәрі ана ақ шашын жайып жіберіп, ұлының кеудесіне мандайын сүйеп алыпты. Қарақат көзі жасқа толған жасыл ленталы қыз біресе әкесінің өлігіне, біресе маған қарайды. «Жолың неткен жаман еді, мүмкін, мен сонда өтінбесем сені теңізге әкетпес еді де, сен теңізге шықпасаң, әкем де аман қайтқан болар еді!»дейтін тәрізді. Қыз әкесінің Арман алдындағы айыбын айтқым келеді де, «қасірет үстінде налытпайыншы» деген оймен көмейімдегі сөзді көкірегіме жұтып аламын. Күнәсіз жас жетімнің қасіретін бөле арқалап, басымды төмен иемін. «Бұл қазаға өзге емес, доңыз аттас — Кабановский айыпты. Соның әміріне бағынбағанда біз апатқа да ұшырамайтын едік. Көрдің бе, ол қазір әкеңнің өлігіне орыс әдетінше басынан бөркін алуға да жарамады. Әкесінің өліміне себепші болған адамның сүйегін көтеріп Арман ағай барады. Міне, орынсыз жерде кек іздемейтін, ақ жүрек азамат деп осы кісіні айту керек, ұқтың ба, қарындас!» деймін іштей.

Я, Кабановский мырзаның жүрегінде мұз жатса керек қабағында да қаңтардың ызғары бар. Маңдай терісін бір елідей ашып, жауар күндей түнере қалыпты. Қара құстың тұмсығындай қармақтана біткен зор мұрны аузын жауып кетіпті: оң езуіне папирос тістеген екен, сол езуінен сойдия шыққан азу тіс Кабановский мырзаға өзі аттас бір аңның да кейбір кескінін беретін тәрізді. Қазір ол осы бір сойдақ аузымен жұртты жарып салатындай, әркімге сұстана қарайды. Бізге келіп амандасқан да жоқ. Тіпті өзгені былай қойғанда, осыдан екі ай бұрын өз қолынан аттандырған Атаманның өлігіне де бас имеді. Теңіз апатының қаһарынан үрейленіп, тілінен айырылған «жер сандуғашы» Хвастунов мырзаның бас изеген сәлемін де қабылдамады. Суға кеткен он бес ат шанасы ғана емес, қос маңында үйіліп қалған ақбалық пен айлар бойы тартсақ сарқылмастық сонау бір алтын сазан алаңын да бізден даулағалы тұрғандай.

— Жетер енді, — деді ол, Атаман сүйегін көтергендер қақпадан шыға бергенде. Кабановскийдің үрлеп қойған күрең шардай бетіне ешбір сәйкестігі жоқ сүйір иегіндегі үшкір қара сақалы шошаң ете қалып еді, кеңсірік шеміршегін тістетіп қойған жасыл көзілдірігі құлап түсті де, тебінгідей құлағына ілінген алтын шынжырға асылды да қалды, — жетер енді, жұмысқа кірісіңдер. Манадан бері бір сағат уақытты босқа өлтірдіңдер. Енді соның орнын толтырмай қайтпаңдар.

— Қараңғы түсіп кеткен жоқ па?

— Қараңғы болса фонарьмен істеңдер. Мынау балықты шірітер жай жоқ...

— Мен бұлардың манадан бергесін штрафқа жаздым, — Ағанияз әмірші қойын дәптеріне үңіледі, — Жантас Бұзаубақов, Жанқия Қойбағарова, Анна Соколова, Люба Сахарова...

— Мә, саған штраф, — әншейінде жайраңдап тұратын сүп-сүйкімді Люба бұл жолы ашу көрсетіп, Ағанияздың жанына төніп барды. — Екі ай бойы сен кешіп, аңсап көріскен тумаларымызбен амандассақ та штраф, түзге шықсақ та штраф. Бұл не өзі. Әй, әйелдер, тастаңдар жұмысты, істемейміз. Мейлі, шірімес түгіл, өртенсін!

— Әй, әй, долы қыз, нені өртейсің?

— Сені, білдің бе?

— Жүр кеттік, — әйел біткен дуылдаса сөйлеп есікке қарай бұрылды, — істесін өзі.

— Әй, тумалар, — Кабановский күле сөйлеп қолын көтерді, — штраф салдыртпаймын. Құдай ақы. Әй, Ағанияз, кетші өзің. Бар, балығыңды ал.

— Алдамайсың ба?

— Құдай ақы дедім ғой, тумалар.

Кабановский үлкен бір «қасірет арқалаған» адамдай күрсініп қойды. Әр жерден фонарь жағылып, жұрт жұмысқа қайтадан кірісті. Әкем де, Сережа да өз орындарына барды. Мен Атрау батағасын әбден сағынып-ақ қалғиды екенмін. Қуыс-мүйісін қоймай аралап жүрмін. Әркімдер- ақ мені жанына шақырып, ығыс хикаясын сұрамақ болады. Бірақ, кенет Кабановский келіп қалады да, әңгімеміз пышақ кескендей тыйылады. Кейбірінің қолы тілім-тілім жарылып, кейбірінің қолы күп боп ісіп кеткен әйелдер қара көлеңке жерде балық жара отырып, кешкі ауаны күңіренте, мұң мен ыза аралас әлденендей әнге басады.

Уа, сыбаға, сыбаға,

Сыбағасы кедейдің!

Қуаныш жоқ, ащы зар,

Сыбаға неткен зіл едің!..

Әкемдер жүрген қуыстан айқайлап ән салған ер адамның жуан дауысы батаға ішін жаңғыртып жіберіп еді, енді байқасам бондарь Матвей Степанович екен. Желкілдеген әрі ұзын, әрі қою қасты қабағын тас түйіп, ара-көк бояумен сал татты батыр суреті салынған жүндес кеудесін аша тастапты. Тек жағын ғана емес, бүкіл бет-аузын түгел жапқан қалың буырыл сақал арасынан үлкен қара көздері жалт-жұлт етеді. Сол қолында, Айдынғали ағайдың етікке шеге қағатын балғасындай, үлкен ағаш трубка, он, қолының батпан жұдырығына биік маңдайын сүйеген күйі әндетіп отыр.

Волга, Волга, көктемде суың тасып,

Жар жиектен кетсе де жоғары асып,

Халқымыздың өлшеусіз қайғысындай

Жерімізді көрмедің түгел басып...

Матвей Степанович анда-санда трубкасын құшырлана бір сорып, күрсініп алады. Ол әрбір күрсінген сайын ашынған жанның іштегі жалыны сыртқа шыққандай, махорка шоғы ұшқындап, ұшы сүйірленбей, тік біткен, етегі сәл қыр мұрнынан қою түтін түйдектері де бұрқ ете қалады. Екі басында екі пұттық гирьдей домалақ темірі бар жом тұтқасын айналдырып тұрған жалпақ бетті, қошқар мұрынды, қалың ерінді зор қара жігіт Матвей Степановичтің әніне қосылмақ болады. Бірақ, оның дауысы дірілдеп барып үйреншікті «Зәурешке» көшеді. Бұл, баяғы біз теңізге аттанатын түн казармаға мас болып келген Исқали ағай...

Плоттың айдын жақ жиегінен тағы да шаң-шұң ете қалған дауысқа тұра жүгірдім. Мен барсам, Таласовтың інісі Ағанияз бен бір балықшы егесіп тұр екен.

— Сандалма, иттің күшігі. Үшінші сортқа берсең-бердің, — Ағаыняз безеуін сыға-сыға қанды іріңді жараға айналған қотыр маңдайын жиыра, онсыз да таңқия біткен кең танауын шүйіре, өктем үнмен сөйлейді, — бермесең тайып тұр. Бөгеме қолымды, менде өзге де жұмыс жетіп жатыр. Бұдан әрі саудаласуға уақытым жоқ.

— Үшінші сорт түгіл, екінші сортқа да бермеймін, — дейді жеңін шынтағына, қалың шалбардың балағын балтырына дейін түріп, жалаң аяқтанып алған зор сары жігіт, — таламақ па едің?

— Екінші сорт түгіл үшінші сортқа да алмаймын.

— Алмасаң, алдырамын. Мен қожайынға барамын.

— Бар, бар, шауып ал мені. Апатқа ұшырап тұрған қожайын саған ұстата берер. Терісінің әбден бір кеңіген кезіне тап болдың.

— Терісі тарылғанда шығынын маған төлетпек пе ол?

— Әне, өзі де келеді, бар, арыз ет менің үстімнен.

Бұл кезде Кабановский де осы тұсқа келіп қалған еді.

— Уа, бұл не егес, — деді ол.

— Мынау итіңіз балығымды үшінші сортқа аламын дейді.

— Бір жанжалшыл неме екен, — деді Ағанияз әмірші, — бар бақыты осы бір бес-алты носилка балықта тұрғандай, аспандағы айға қол созып кердеңдейді.

— Тез байымақ шығар, — доңыз аттас азу тісін ақситып, кекесінмен күлді, — сенің атың кім?

— Менің атым Әбіл — деді сары жігіт, — байымайтыным да белгілі, бірақ таланғым келмейтіні де рас.

— Кәне, көрейік, — Кабановский мес қарнын сол қолымен сүйеп, зорға иіліп барды да, саусағына ілінген бір қара көздің желбезегін үлкен мұрнының тұсына апарып тыжырына қалды, — үшінші сортқа ғана алуға болады.

— Себебін айтыңызшы, мырза?

— Бұзыла бастаған, мә, иіскеп көр.

— Бүгін таң алдында ғана суырған аудық балығы бұзылушы ма еді? Балықтың езіне тән иіс қой, мырза.

— Қабыршағы да кебе бастаған. Бүгін бұзылмаса, ертең бұзылады.

— Тоқтаңыз, ертеңгісіне де мен жауаптымын ба?

— Әй, жігіт, — Кабановский жасыл көзілдірігінің астынан сұстана қарады да, балықты үлкен етігімен ысыра теуіп, теріс айналды. Плот кемерінде үюлі жатқан балық сусып барып айдынға төгіле берді, — үшінші сортқа берсең бер, бермесең босат плотты!

— Мырза! — әбден күйінген балықшы Кабановскийді жағадан шап беріп ұстай алды. — Алмасаң алма, ұзақ түн бойы мынау күсті қолымды суық судан шығармай аулаған адал еңбегімді аяғыңмен теуіп неге төгесің? Қайту күні өзің өтінер едің-ау, бүгін теңіз желімен су тасып, балықшылар көбірек келгенге кекірік атқан екенсің, ә?!

— Тарт қолыңды, қарсақ!

— Мен қарсақ болсам, сен қабансың. Неге төгесің балығымды?

— Уа, қу кедей, тарт қолыңды мырзадан!

Қожасын қорғаған Ағанияз, жанында жатқан күректі ала ұмтылды. Балықшы жігіттен аумаған кішкене сары бала шыр ете қалды.

— Мә саған қу кедей.

Сары жігіттің денесі де еңгезердей еді, өзі айтқандай «күсті қолының» күші де осал болмаса керек. Ағанияз әміршіні қаусыра құшақтап, плоттан лақтырып жіберді. Салқын суға сүнгіп шыққан Ағанияз жанталасып, жараға қарай талмап келе жатыр.

— Уа, батты, ұстаңдар!

Біреулер мазақтап, біреулер көмекке ұмтылды.

— Батсын иттің күшігі...

Біздің Атрауға оралған алғашқы күніміз осылай аяқталған еді.

XV ТАРАУ. АЙЫПТЫҢ КІМ, АПАЖАН?

Балық көбейіп, майшабақ пен бозәнкалар да көріне бастағаннан бері Кабановскийдің әмірі бойынша жұмысты күні-түні бірдей істейтін болғанбыз. Бүгін де сол күндегі әдет бойынша кешкі жұмысқа кірістік. Әр жерден жағылған аспалы фонарьлардың тұсынан өзге төңірек күңгірт тартып, батаға іші буалдыр тұман тәрізді.

— Әйт, байқа, алдыңда шаң бар!

— Тачкаңды бері айда, анау жердің еден тақтайы сынып түскен.

— Абайла, тарт сүзгіңді!

Осындай ескертуші айғайлар жиі-жиі естіліп тұр еді.

— Көзім-ай, ойбай-ай, көзім-ай.

Егделеу әйелдің ащы даусы батаға ішін жаңғыртып жіберді.

Басымды көтеріп алсам ұзын бойлы бір адам көзін қос алақанымен басып шегінішектеп барады екен, сол шегіншектеген. беті артындағы шанға шалқалай құлап, жоқ болды.

— Ұстаңдар, ойбай, ұстаңдар, — үрейлі әйел дауыстары біріне бірі ұласты, — ана шандағы тұздыққа тұншықты-ау!

Жұрт түгел дүрлігіп, дауыс шыққан бағытқа ұмтылды. Мен де тұра жүгірдім. Шанға қарғып бара жатқан Есқали ағайды.бір көріп қалған едім, енді қарасам белуардан тұздық кешіп, Жанқия апайды көтеріп тұр екен.

— Уа, тезірек арқан әкеліңдер.

— Таста жылдам.

— Тоқтаңдар, — Арман ағай әлдеқайдан үлкен баспа сүйреп әкелді де, — баспаның бір басын шанға түсіруге ыңғайлана берді, — жол беріңдер, баспа салайық.

Абыржыған жұрттың айғай-шуы шандағы екеуді шығарып алғаннан кейін де басыла қоймады. Біреулер жалаң уайымға салынып, біреулер Есқалиға ұрынды.

— Мынау мұз аралас тұздықта не жаны қалды дейсің.

— Албырттанған қарақасқа-ау, абайласақ болмай ма, езін тағы да мастықтан аман ба едің?

— «Қасқырдың аузы жесе де қан, жемесе де қан», — Есқали жұртқа әрі ашулы, әрі айыпты пішінмен қарады. — Менің желкемде көзім бар дейсің бе? — Не болды өзі?

— Жомның тұтқасы иіліп маңдайына соғылды.

— Ойпырмай, көзін ағызып жібермесе жарар еді.

— Бір басқа бір көз жетіп жатыр ғой. Басы жарылмап па?

Мен уақиғаның мәніне енді-енді ғана түсіндім. Есқали ағай жом тұтқасын, шелектегі. балық әбден орта түскенге дейін, оннан солға қарай бұрап-бұрап келіп, енді өзі төмен бұғыпты да, тұтқаны кері айналдырып жіберіпті. Қайратты қолдың ырқына бағынған ауыр тұтқа, одан әрі өз салмағымен зырқырай жөнеліпті. Орталанған шелектерді балыққа толтырып жүрген Жанқия апай, дәл осы кезде ілгері ұмтыла беріпті. Қаныке кемпірдің тілімен айтқанда, «сор айдаған бишара» сол ұмтылған бетінде, зырқырап айналып тұрған жом тұтқасына соғылыпты. Қара көлеңкеде байқамай қалса керек. Тегі мүкі тиген болуға тиісті, әйтпесе, пұттық домалақ темір шекесін ойып жіберген болар еді. Бас сүйегі аман тәрізді. Оң жақ беті шекесіне дейін күптей болып ісіп кетіпті. Көзі сау ма, әлде ағып кетті ме, ол жері әзір белгісіз. Апасын құшағына қысып, әкем де түнере қалыпты.

— Жанқия, Жанқия, — дейді Анна Ивановна жаралының жүзіне үңіліп. Жаралы жаннан жауап қайтпады.

— Кәне, не тұрыс бар. Тезірек моншаға алып жүрейік, — Анна Ивановна қаумалаған топқа бір қарап алды, — Алдымен жуындырайық. Ащы тұздыққа тұншығуы да мүмкін. Құстыру керек. Біреуің тезірек дәрігерге жүгіріңдер.

— Моншада ыстық су бар дейсіз бе, — Есқали курант алды. — Бүгін жағылмайтын күн ғой.

— Болмаса жағыңдар тезірек.

— Отын береді деймісің?

— Тіпті сұрап та жатпаңдар, — Матвей Степанович сол аяғындағы қазығымен еденді теуіп жіберді. — Сүйреп апарыңдар да, жаға беріңдер. Жауабын өзім беремін.

— Ал, кәне, көтерелік, келіңдер!

— Тарт қолыңды!

Көмекке ұмтылған Есқалидың қолын қағып тастады да, әкем Жанқия апайды құшақтап орнынан көтерілді. Жұрт түгел дүрлігіп есікке қарай ойысты. Есқали мұңайып орнында тұрып қалды.

— Менде қандай айып бар? — Есқалидың үнінен жазықсыз жазғырылған адамның налысы естіледі. — Жазықты болсам жазалаңдар. Арақ ішетінім рас, бірақ, мен не бүлдірдім ішкенде?

— Я, достым, — Матвей Степанович та күрсініп қойды. — Біз екеумізді маскүнем дейді жұрт. Кейде арақ қана емес, ақылымызды қоса ішіп, өз үйішіміз ғана емес, өзгенің де мазасын алатынымыз рас. Бірақ, біз мас болу үшін ішпейміз, қасіретімізді жуу үшін ішеміз.

— Эх, ішеміз бе, кәне, тумам,

Қасіретті бойдан қуарға.

Бірақ, кедей сорлының

Қайғысын арақ жуар ма?

Я достым, әбден дұрыс айтылған сөз. Бір көлдің арағын тұтас ішсең де қасіретің жуылмайды.

Бірі екі иығына екі кісі мінгізердей әрі иықты, әрі жауырынды келгенмен, ұзыны мен көлденеңі бірдей — төртбақ, екіншісі әрі биік, әрі осы бойына лайықты зор тұлғалы екі дос, әлі де ұзақ мұңдаса бермек еді, олардың әңгімесін Ағанияз әміршінің айғайы бұзып жіберді...

— Уа, бұл не, қайда кеттіңдер?

— Құмартып тұрсаң кел бері, — төртбақ бойлы Матвей Степанович қазық аяғын тақ-тұқ еткізіп ілгері ұмтылды. — Кел бері, түнекте істеткен жұмысыңның жемісін көр!

— Қайта беріңдер, — бастықтың ызғарлы даусынан Іркіліп қалған жұртқа Михаил Иванович иегін көтеріп, есікті меңзеді де, екі бүйірін таянып, орнында тұрып қалды. — Мынау түнекте не жұмыс болушы еді.

— Уа, не болды? Бұл жұртты таратқан кім? Анау көтеріп бара жатқандары кім? — деді Ағанияз әрі таңданған, әрі ызаланған пішінмен.

— Көтеріп бара жатқандары Жанқия.

— Оған не болды?

— Жомның тұтқасы соққан. Басы cay көрінеді, көзі шығып кетсе керек.

— Жомда тұрған сен бе едің? — Ағанияз көзінің нәлетімен Есқалиға қарады. — Неге үндемейсің?

— Біле тұрып неге сұрайсың? Жомда менен басқа кім бар еді?

— Оңбаған, тағы да мас болған шығарсың. Өлтіресің сен ит біреуді.

— Ағанияз мырза, — Михаил Иванович басын шайқады, — орынсыз жазғырмаңыз.

— Әй, мырза, — Михаил Ивановичтың сөзін сүйеу көрген Есқали жуан жұдырығын түйіп төніп-ақ қалды. — Мен сенің дәулетіңді іштім бе?..

— Есқали, — Михаил Иванович ашулы жігітті құшақтап алды, — тарт қолыңды.

— Не тартатыны бар, — енді жүндес жұдырығын құшырлана түйіп, Матвей Степанович ұмтылды, — өз кінәларын өзгеге жаппақшы, доңыздар. Мынау түнекте жұмыс істе дейсің...

Мүгедектің жұдырығынан жасқанған әмірші шегіне беріп еді, балықтың майлы шырышымен баттасқан еденнен аяғы тайып кетті де, манағы шанға шекесін соға құлады.

— Мырза, байқаңыз, — әлдеқайдан жүгіріп Арман ағай келіп қалған екен, шанға сүңгіп бара жатқан Ағаниязды сирағынан сүйреп алды. — Мынау шандағы тұздыққа енді өзіңіз тұншығарсыз.

— Неге ұстадың, — Матвей Степанович енді Арманға зекіп тастады, — құласа еді, иттің күшігі! Біз сияқты ақылыңды ішетін «жалаңаяқ» емессің, неге құлайсың, ә?

— Жә, жә, жетті, — Ағанияз желкесін сипап қойды. — Жараланар кісі жараланды. Ал, жүмысшыларды таратқан кім?

— Тараңдар дегенмен, — Михаил Иванович мырс етіп күлді де Ағанияздың жанына келді. — Басыңызды тым қатты соқтыңыз-ау деймін. Тезірек дәрігерге барыңыз, зақым болып жүрмесін.

— Сіздің жұртты таратқаныңыз не, бас көтеру ме?

— Қалай бағалауға да еркіңіз бар. Біздікі әзірге заңды талап қана.

— Қандай талап ол?

— Көріп тұрсыз ғой, мынадай түнекте жұмыс істеуге мүмкіндік жоқ. Осы екі-үш сағаттың ішінде екі адам жараланды. Мана бір адам тайып жығылып аяғын сындырған еді. Түнде жұмыс істету үшін алдымен жағдай жасау керек.

— Жағдай, жағдай, мүмкін, лектр керек шығар?

— Несі бар, — Михаил Иванович күлді, — электр болса қарсылық жоқ. Кабановский мырзаға айтыңыз, ақшасы жетпесе ақбалықшылар қосындағы отыз кісінің екі айлық еңбекақысын қоссын. Бәрібір «уәдені үш жыл күтедінің» кері болып барады ғой. Ең болмаса электр сәулесін көріп бір рақаттанайық. Кешірерсіз, айтқандайын, сіз тезірек дәрігерге барыңыз.

— Я, я, сөйтіңіз мырза, — Матвей Степанович те мысқылдап қойды. — Әлде сүйеп апарамыз ба?

— Жарайды, кеттік жігіттер.

— Полиция шақыртамын мен.

— Шақырт, — Матвей Степанович қолын бір-ақ сілтеді, — полиция да адам ғой. Тілдесіп көрерміз.

Қара көлеңке батаға ішінде Ағанияз әмірші желкесін сол қолымен басқан күйі жалғыз қалды да, біз далаға шықтық. Атрау үстін реңсіз қара бұлттар жауып алған екен. Жұлдызсыз, айсыз тас түнек. Ақысы аз да, азабы көп ауыр жұмыстан шыққан жұмысшының ашулы түріндей аспан қабағы да тұнжырай қалыпты. Сол түнекке көз тігіп, ойланып келемін, ішімнен, ой артынан ой келеді. Алғашқыда ойланғаным құлағыма түңғыш рет шалынған әлгі бір «электр» деген сөз еді. Ол не нәрсе болғаны? «Электр сәулесі» деді-ау Михаил Иванович. Асылы, бір дүниені жарық ететін нәрсе шығар. Үлкендігі қандай екен өзінің? Күн көзіндей болар-ақ. Әттең, мынау Атрау аспанына іліп қояр ма еді? Мүмкін, Қазанғап ағайдың ертегілерінде кездесе беретін шар айна шығар. Эх, сондай бір айнаны қолыма түсіріп, мынау қараңғы түнді жарқ еткізіп жіберсем!.. Менің ойыма енді «кім айыпты?» деген сұрау келіп түсті. Я, бәсе кім айыпты? Сұрақ бар да, жауап жоқ. Менің құлағымда бұрын Михаил Ивановичтан естіген бір «кім. айыпты?» бар еді. Енді екінші «кім айыпты?» пайда болды. Бұл өз «кім айыптым». Михаил Ивановичтың «кім айыптысы» құлашын кең сермеп Петроградтан барып бір-ақ тоқтайтын еді. Менің өз «кім айыптымның» өрісі тым қысқа болса керек. Ен болмаса Атрауды да түгел араламай балық батағасындағы манағы бір шан мен жомның маңынан кібіртіктеп ешбір шыға алмай-ақ қойды.

— Михаил Соколов! Арман Теңізбаев!

Арт жағымызда біреу ентіге жүгіріп келеді екен. Айналып тұра қалдық.

— Немене, не айтасыз?

— Сіздерді конторға шақырады.

— Екеумізді де шақыра ма?

— Я, екеуіңізді де.

— Ал, жүр онда, барайық.

Сережа екеуміз тура моншаға тартқан едік, бізден өзгелер де жеткілікті екен. Жанқия апайдың хал-жайын сырттағылардан сұрастырып білдік те, Сережаның үйіне қарай бұрылдық. Осы бір кешкі уақиғаға өзіміз айыпты адамдай үнсіз келеміз. Менің арманшыл қиялымды манағы бір жаңа сөздік жетелеп әкетті. Қазір атын да ұмыта бастаған екенмін.

— Лектр, лектр, — деймін күбірлеп.

— Дауыл, не айтып келесін?

— Жай әшейін, — мен жаңадан күбірлеймін. —  Лектр, лектр, лектр...

— Әй, лектрің не сенің?

— Я, бәсе, айтшы, лектр деген не?

— Лектр, — Сережа ойланып қалды, — білмеймін. Бірінші рет естіп тұрмын. Кәні, білсең айта ғой.

— Лектр деген шырағым...

Мен тамағымды ұзақ кенеп алып, енді ғана бөсуге ыңғайланып едім, егеудей түрпіленген шағын алақан көзімді баса қойды.

— Саш, жібер!

Ремонт базасында жұмыс істейтін Сашаны алақанының жарығынан таныдым да, білегінен шап беріп өзіме тартып алдым.

— Тірімін де, тумам!

— Тірі болмағанда ше, өзің тірімісің?

— Әрине тірімін.

— Сережаның көзін басып тұрған Асқар да қолын қоя берді. Енді шұрқырай амандасып, құшақтаса бастадық.

— Түу, үстерің қарамай сасиды.

— Сендер балық сасисыңдар.

— Жә, жетер, Дауылдық тағы бір қызық әңгімесі бар, соны тыңдайықшы, — Сережа маған қарады. — Кәне айтшы, достым!

— Нені айт дейсің?

— Әлгі лекторыңды айтшы!

— Ә, лекторды ма, — лектор туралы манағы бір қиялымның желісін жоғалтып алған екенмін. Ойланып қалдым. Бірақ, Қазанғап ағайдың көп ертегісі бұл жолы да маған көмекші қолын соза берді. — Михаил Ивановичтың күн көзінен от тартатын екі беті томпақтау келген сонау бір дөңгелек шынысы да осы лектордың кішкене ғана бөлшегі болып жүрмесін деген ой келді. — Лектор дегенін шырағым, ол бір сондай үлкен шар айна, өзі күн сияқты дөңгелек болады. Үлкендігі күннен де зор. Егер Атраудың үстіне іліп қойсаң бар ғой, сәулесі осы төңіректі түгел жарқыратып жібереді.

— Сен оны қайдан білесің? — Сережа мырс етіп күлді. — Өзің көрдің бе?

— Мен бе, — қиял Қазанғаптікі болғанмен сөзім өтімді болсын деген оймен тіреуді Михаил Ивановичтан іздедім. — Өзім көргенім жоқ, Михаил Ивановичтан естідім.

— Әттең, соның біреуін алып келер ме еді, — деді ақкөңіл, аңқау Саша, менің сөзіме шын-ақ нанып қалса керек. — Аты не дейсің?

— Аты ма, аты лектор оның!

— Лектор, лектор, — Сережа біраз күбірлеп алды да маған бұрылды. — Сәулелі нәрсе дейсің бе-әй, осы сенің айтып келе жатқаның электр болмасын.

— Жоқ, лектор, — мен алты әріптен тұратын бір сөзден екі қате жіберіп алғанымды ол кезде өзім де аңғарған жоқ едім, түзетушіге көнгім де келмеді. — Жоқ, жоқ, лектор.

— Жоқ, достым, қателесіп келесің, үлкен қалаларда «электр» деген шам болады дейді.

— Оны кім айтты саған?

— Надежда Петровна айтты.

— Маған Михаил Иванович айтты. Надежда Петровнаң кім?

— Орыс мектебінің оқытушысы.

— Сонда ол Михаил Ивановичтан да көп біле ме?

— Әрине көп біледі. Михаил Иванович жүмысшы, ал Надежда Петровна гимназия бітірген оқытушы.

— Гимназия, гимназия, — әрбір жаңа сөздікті үйренуге тырысатын әдетім бойынша «гимназияны да» есімде қалатындай етіп бірнеше рет қайталап алдым. Оның не екенін де білуге құмарланған едім, бірақ, дәп егес үстінде сұрап білмейтіндігімді сездірмейін деген оймен бөгеліп қалдым. — Бәрібір Михаил Ивановичтан артық білмейді ол, шырағым.

— Мә, саған. Біреу жеті жыл бойы оқысын да, жұмысшыдан аз білсін.

— Тіпті ол он жыл оқыса да Михаил Ивановичтан көп білмейтін шығар.

— Жарайды, Михаил Иванович-ақ көп білсінші, — деді Сережа біраз егескеннен кейін.

— Ол кісінің көп білгенінен бізге келер зиян жоқ.

Михаил Ивановичпен теңізде еткізген екі ай ішінде көп нәрсе үйреніп қалған екенмін. Мен мұны кейін аңғара бастадым. Қазір кейбір мәселелер жөнінде өзімнің бұрынғы ұстазым Сережамен таласып қалатынды шығарып алдым. Өз түсінігімше мен Сережадан көп білетін тәріздімін. Оның айтқанына бұрынғыдай соқыр сезіммен жетелене бермей, ойланып та қаламын. Тіпті Сережаның өзін үйретпек боламын. Теңізден алған келген кезде балалар арасында Сережадан гөрі менің беделім басымырақ еді. Бұл менің өзіммен бірге ала келген «теңіздік хикаяма» байланысты екен. Менің бөстіріңкіреп айтқан әңгімемді олар ауыздарының суы құрып тыңдайтын. «Ойпырмай, ойпырмай!» деп қоятын таңданып. Мен романтика қанатын одан әрі қаға түсетінмін. Top биені кейде көрінім жерден қарғытып, кейде аспанмен тілдескен мұз тауының басына бір-ақ қондыратынмын. Теңізге түсе жөнелген ит балықпен бірге сүңгіп, мұз үстіне де сүйреп шығаратынмын.

— Осының төрттен бірі рас болғанда да қайда жатыр? — дейтін Сережа жымиып.

Сережаның кекесініне мен күйіп-пісіп, ашуланып қалатынмын. Өйткені, айтып отырған сәбилік романтикам өзіме де шын көрінетін. «Теңіздік қорым» бір жұмаға бармай сарқылып қалды да, енді Сережаның менен көрі әлі де болса көбірек білетіндігі қайтадан аңғарыла бастады. Алайда мұны мойындағым да, сездіргім де келмейді. «Өзім білемге» салынып, өңеш көрсетемін. Мұндайда менен гөрі әрі естиярлау, әрі салқын қандылау Сережа егесті насырға шаптырмай ыңғайға көшеді. Бірақ, айналғанда албырт менің айтқаным емес, салмақты Сережаның дегені болып шығады. Сережа қазір де сол салмақтылығын істеді.

— Жарайды, Михаил Иванович көп біледі...

Енді «кім көп біледіні?» осымен аяқтадық та, «кім айыптыға?» көштік.

— Әрине, Кабановский айыпты, — деді Сережа.

— Жоқ, тек Кабановский ғана емес, Есқали да айыпты, — дедім мен. — Ол маскүнем. Жанқия апайдың көзін шығарған жомның тұтқасы. Ал, жомды бұрап тұрған Есқали. Кабановский жолаған да жоқ ол жерге.

— Сонда Есқали қастықпенен істеді деп ойлайсың ба?

— Қастықпен істемесе, мастықпен істеді.

— Түсінбейсің, достым!

Сережа қателеседі. Мен өзгені былай қойғанда, дәл бүгінгі уақиғаға Кабановскийдің қара түнегі айыпты екенін де түсініп келемін. Бірақ, тым жиі мас болып, өз семьясына ғана емес, көршілеріне де маза бермейтін Есқалиды да ақтағым келмейді. Сондықтан да оны қоса айыптаймын. Біз сен үстінде жүргенде Михаил Иванович осы бір «кім айыптыны?» сан рет қайталап, ұзақ әңгіме айтқан-ды. Сол ұзақ әңгімеден «байлар айыпты!» деген екі-ақ сөз қалған екен есімде. Сережаның пікірі дәл осы жерде Михаил Ивановичтың ойымен қабысып жатқандықтан амалсыз мойындауға тура келді.

— Дұрыс айтасың достым, түптеп келгенде Кабановский айыпты.

— Ғажап, — Сережа күліп алды. — Сен де бір нәрсемен мойындайды екенсің, ә?

— Жоқ, «байлар айыпты» деп Михаил Ивановичтың өзі айтқан.

— Ә, бәсе, мойындап келе жатқаның да сондықтан екен ғой. Әйтпесе, оп-оңай нағып келісе қойды деп едім-ау. Теңізден келгеннен бері «өзім білем» деп таласатын бір өнер шығарып алдын, ғой. Бұрын ол мінез жоқ еді сенде.

— Солай ма? — Мен өзімнің қызбалау мінездерімді еске түсіріп, ұялып қалдым. Егесу деген Михаил Ивановичта да болатын. Мүмкін, мен «өзім білем», деп егескенде де сол кісіге еліктейтін шығармын. Бірақ, Михаил Иванович әрқашан өзі айқын білетін мәселе төңірегінде егесіп, өз пікірінің дұрыс екендігін дәлелдейтін де, іс жүзінде көрсете де білетін. Ал мен білмейтінімді де білемін деп егеседі екенмін ғой, — жарайды, сенің айтқаның дұрыс дедім ғой. Ал, енді білесің бе, не істейміз?

— Нені айтасың?

— Кабановскийден өш алу керек.

— Қалай аламыз?

— Батағасына өрт салу керек!

— Не үшін өрт саласың?

— Біздің екі ай бойы сең кешкен қатерлі күндерімізге еңбекақы төлемей, ішкен жегенімізді ұстап қалғандығы үшін. Жанқия апайдың көзін шығарғаны үшін...

Өзге «үшіндер» аузыма түспеді де әзірге осы екі «үшінмен» ғана тоқтадым.

— Одан түк пайда жоқ. Батағаны өртеп жібергенде не күн көресің? — деді Сережа. Кейіннен ойласам өз ойының жемісі емес, Михаил Иванович пікірінің жаңғырығы екен.

— Балық аулаймыз.

— Құралды қайдан аласын?

Құралсыз балық ауланбайтыны есіме енді ғана түсті де, мен дағдарып қалдым. Бірақ, бұл жолы да өз пікірімнен қайтқым келмеді.

— Бәрібір өртеу керек.

— Жоқ, ол болмайды достым!

— Сен өртемесең, мен өзім өртеймін!

Біз бұл жолы келісімге келе алмай, тіпті, қоштаспай ажырастық. Келесі көшелердің бірінде Сережа мен Асқар оңға бұрылды да, Саша екеуміз солға бұрылдық...

«Кім айыптының?» дауылымен алысып жатырмын. Сұраққа көмескілеу жауап тапқанмен, не істеу керек екенін айқын білмей дөңбекшудемін. Көрші бөлмеден Жанқия апайдың ыңқылдаған, әкемнің ауыр күрсінген дауыстары естілді. «Апажан, кешір, кешір!» дейді, әлдекім жыламсырап. Бұл Есқали болуға тиісті. Мен де ауыр күрсінемін, күрсінемін де, «айыптың кім, апажан? Кегіңді кімнен іздейін?» деймін күбірлеп. Менің осы сұрағыма жауап бергендей: «Қой, Есқали, сенде ешбір айып жоқ. Өзің айтқандай желкенде көзің бар ма? Тас түнекте жұмыс істеткен анау доңыз аттасты жазғыру керек!» дейді Анна Ивановна. Менің ірге жағымда екпетінен түсіп Шәріпқали жатыр. Жылап- жылап ұйықтаса керек. Өксігін әлі баса алмай, мезгіл-мезгіл, солқылдап қояды. Анда-санда қолын созады. Кейде әлденеден шошынып селк ете қалады. Шошынған сайын шынтағымен бүйіріме түртіп, «бар, бар, өрте!» дегендей болады. Анау кездегідей айқайға баспай, ақырын ғана әндеткен Матвей Степанович даусы естіледі.

Эх, ішеміз бе, кәне, тумам,

Қасіретті бойдан қуарға.

Бірақ, кедей сорлының

Қайғысын арақ жуар ма?

Бұның ұлы орыс халқының революционер-демократ ақыны Огаревтің өлеңі екенін кейін Надежда Петровнадан білген едім. Қандай тамаша пікір? Кедейдің қасіретін арақ жуа алмайтындығын Матвей Степанович те шын мойындай бастаған тәрізді. Соңғы күндері арақ ішуін де азайта бастады. Тұсымдағы терезені біреу ақырын ғана тықылдатады. Бұл Саша. Былай да ыңғайға көнгіш ымырашыл бала, теңізден келгеннен бері маған біржола бағынып алған еді. Мана екеуміз жұрт аяғы басыла батағаға өрт салмақ болып, анттасып айрылғанбыз-ды. Ол бір шөлмек керосин де ала келуге тиісті. Мен әкемнің жастық астындағы спичкасын қалтама салдым да, казармадан жүгіріп шықтым.

— Ал кеттік!..

...Екеуміз төрт бау қамысты батағаның шығыс жақ қабырғасына сүйей салып, спичканы енді ғана шаға беріп едік, біреу білегімнен шап беріп ұстай алды. Құлағым шуылдап, жүрегім зу ете қалды. Жалт қарасам Михаил Иванович екен. Жанында Сережа. Сашаны құшақтап Арман ағай тұр. Оның жанында Асқар.

— Ақмақ, не істеп жатырсың?

Мен жауап берудің орнына Сережаны жағадан ала түстім.

— Сен ғой айтқан, сеңсең бас!

— Т-с! Дауыстама, — Михаил Иванович екеумізді құшағына қысты да, басымызды соғыстырып алды, — бар, мына қамыстарды орнына апарып тастаңдар!

Біз төртеуміз қамысты орнына апарып, кері оралдық. Жол бойы Сережа мені құшақтамақ болып еді, қолын қағып жібердім.

— Ақмақ бала, сен батағаны не үшін өртемек болдың?

— Сіз байлар жаман деп өзіңіз айтқансыз, — мен мұрнымды жиі-жиі тартып, көзімді жұдырығыммен сүрте бастадым. — Ол біздің еңбекақымызды неге бермейді. Жанқия апайдың көзін шығартты. Өш алайын деп едім.

— Ақмақ, ниетің дұрыс. Бірақ, батаға өртеумен кек бітпейді. Батаға байға ғана емес, біздің өзімізге де керек. Ол өз мүлкіміз. Ұқтың ба?

— Ұқтым, — дедім ақырын. Бірақ, байдың мүлкі қалайша біздікі болатындығы басыма сыймай-ақ жатыр.

— Ұқсақ жарайды. Ал, енді татуласыңдар.

— Жә, кел, ашуланба достым, татуласайық.

Сережа қолын созды, мен тағы да қағып тастадым.

— Дауыл! — Михаил Ивановичтың даусынан бұл жолы бір ызғар естілді, селк ете қалдым. — Сенен күтпеген едім, бұны!..

— Сынықтан өзге жұғады дейді қазақ, — Арман ағай да ызалы дауыспен күлді, — Асаубай ағасынан үйренген ғой.

Мен өзімді кейінгі кезде Михаил Ивановичқа еліктеймін, сол кісіден үйренемін деп ойлаушы едім. Шынында да дәл осы жердегі мінезімнің Асаубайға ұқсағанына өзім де налып қалдым.

— Кешіріңіз, Михаил Иванович.

— Кешірімді менен ғана емес, алдымен Сережадан сұра да, кінәңді мойындап, қолын ал!

— Кешір, Сережа, айыптымын, — дедім мен, басымды жерден көтермей, қолымды созып.

— Жарайды, кешірдім, кел татуласайық!

Араздасып табысқан достымның қолың таза жүрегіммен күле, қатты қыстым да, басымды жерден көтердім. Тегі бұдан бұлай жанжалдаспайтын да шығармыз. Бұлт та тарала бастаған екен. Әкемді іздегенде маған бағытшы болған баяғы бір жарық жұлдыз егесіп табысқан екі досты мазақтады ма, әлде қошеметтеді ме, бұл жолы да бір жалт ете қалды.

— Жарайды, жетті енді, — Михаил Иванович екеумізді құшағына қысты. — Бұдан былай бұл сияқты ұнамсыз істі қайталаушы болмаңдар. Ұқтыңдар ма?

— Ұқтық. Михаил Иванович, сіздерді неге шақырған екен?

— Бізді ме? — Михаил Иванович ойланып қалды, — жұмысшыларға барып хабарлаңдар. Ертең жексембі күні жұмыс жоқ. Жаз салтанатын сайрандауға «Құсты аралға» баратын болдық. Қайық дайындалды. Барамыз дегендері күн шықпай «Балықшы ауылына» жиналсын. Азық-түліктерін ала жүрсін. Кешке бір-ақ қайтамыз. Тіпті, қонып қалуымыз да мүмкін. Қалған әңгімені сол жерде естисіңдер. Сендер пәтерде тұратындарға хабарлаңдар. Казарманы өзіміз аралап шығамыз.

— Мақұл, Михаил Иванович.

Теңіз тамағындағы «Құсты аралға» шығу көптен бергі арманымыз болатын-ды. Қуанышымыз қойынымызға симай жүгіре жөнелдік. Қалың балықты өңдеп үлгере алмай жатқан қауырт маусым кезінде жексенбі күні дем алуға Кабановскийдің қалай көнгеніне таңбыз. Бірақ, сұрап жатуға мұрша жоқ. Артымызда аяндай басып, Михаил Иванович пен Арман ағай келеді.

— Оты бар бала, — дейді Михаил Иванович. — Адам болайын деп-ақ тұр.

— Бірақ, тым албырт, — дейді Арман ағай.

Әңгіме мен туралы болуға тиіс.

XVI ТАРАУ. «ҚҰСТЫ АРАЛДАҒЫ» САЙРАН

... Маужырап атқан май айының шапағы алқызыл тудай шайқала қалған екен. Қызыл шапақ астынан күн төбесі көріне бастады. Мөлдір айдын бетінде құбылып күрең сәуле ойнайды. Жиырмалаған қайыққа тола мінген адамдар теңіз тамағына қарай есіп келеміз. Бүкіл Атрау түгел көшіп келе жатқандай өзен беті толған қайық. Ескектен ұшқан су тамшылары бейнебір жасыл моншақтай жалт-жұлт етеді. Кейде бір жасыл — ала жолақтар да пайда болады. Артымызда мұнартып балық батағасы қалып барады. Иесіз қалған ескі жұрт сияқты. Топ қайықтың алдында Михаил Иванович, артында Арман ағай. Баяғы теңізден қайтарда өзім көрген тамаша суретке жаңадан кездестік. Төңірек түгел жап-жасыл. Бір дүние. Қызықты өмір бізді өзінің салтанатты құшағына алған тәрізді. Сызылған гармонь, толқыған ән. Орысша әнді Михаил Иванович бастаса, қазақ әнін Арман бастап келеді. Тілі өзге болғанмен тілегі бір екі ұлт еңбекшілерінің кезектесе айтылған әндерінде жарқыншақталып, дара жайылу жоқ, бірін-бірі толықтырып келе жатқандай. Еңбек адамдарының ойын-күлкісінен де әнінен де бір тұтастық лебі сезіледі.

Из-за острова на стрежень

На простор речной волны

Выбегают расписные,

Стеньки Разина челны...

Бұл өткен қыс мұз үстінде менің құлағыма тұңғыш рет шалынған батыр атаман туралы ән. Күрең бұйра шашын ертеңгі желге желпіте, көгілдір көзінде үміт күлкісі ойнап, әндетіп бара жатқан Михаил Ивановичты мен сол атаманға ұсатамын. Михаил Иванович бастаған бұл әнді артқы топ түгел көтермеледі. Тымық ауа жаңғырыға толқып, өзен беті де өлең ырғағына билегендей тербеле түсті. Міне, теңіз тамағына да таяндық. Қысты күні мен көрген мұз кеңістігі енді көгілдір теңіз кеңістігіне айналып, ақырын ғана толқып жатыр. Көз ұшында шағаладай шаңқай ақ желкендер көрінеді. Әлгі бір әзірде сәл ғана қалған ән қанаты қайтадан аспандады. Бұл жырды манағыдай кезектеспей, орыс-қазақ бірден қосыла жырлаған еді. Лермонтов пен Абай жүрегінің осы өлеңге бірге соғып тұрғандығын да мен көп аңғардым.

Жалғыз желкен жалтылдап

Тұманды теңіз ерінде

Жат жерде жүр не іздеп,

Несі бар туған елінде.

Ойнақтап, толқын жел гулеп,

Майысар діңгек сықырлап.

Ол жүрген жоқ бақ іздеп,

Қашпайды бақтан бой ұрлап.

Астында дария көк майдан,

Үстінде сәуле, алтын күн.

Мазасыз жаны бір ойран

Іздейді дауыл күндіз-түн!

«Әттең, ертерек үйренсемші.

Қысты күні сең үстінде, көк дүлеймен алысып жүрген кезде айтатын өлең екен ғой!» деймін ішімнен. Ол күні маған бұл елең табиғаттың маужырап тұрған құбылысына үйлеспей тұрғандай көрінген болатын. Кейін, есейе келе ойласам данышпан ақынның бұл жырында табиғат дауылы емес, адам жанының Дауылы жатыр екен ғой.

Дәл сәскенің кезінде, «Құсты аралдың» оңтүстігіндегі күншуаққа келіп тоқтадық. Шынында «Құсты арал» деп атын да тауып-ақ қойған екен. Топ-тобымен сампылдап ұшқан үйрек-қаз су бетіне бір жарқ етіп, артынша кері сүңгіген шабаққа шаңқылдап шүйілген шағала. Аралдың ортасы қалың өскен жасыл құрақ, қалың тал, жиегінде әдейі қолдан төсеп салғандай қалық салынды. Салынды әрі, кендігі 60-70 метрдей көгілдір айдын жатыр. Айдынның арғы жиегінде қалың қамысты арал пайда болыпты. Ол осы бір «Құсты аралды» теңіз дауылынан сақтау үшін әдейі соғып қойған қорған тәрізді. Басын қорғап тағы да жасыл құрақты ұзын арал тұр, одан бері жалаңаш ақ қайран көрінеді. Ақ қайраң үстін түгел жауып аппақ құстар отыр. Құсы жоқ жердің өзіне де ақ мамық төсеп тастағандай. Бұл құс жүндері. Ұзын тұмсықты қарақодыр құстар көгілдір айдынның бір көрінімдей аумағын шеберлей қоршап, әлгі ақ қайранға қарай қиқулап жүзіп келеді. Жүзіп келе жатқан жоқ-ау, шумақты қанаттарымен су сабалап, ұшып келеді. Кейбіреулері мойындарын суға терең сұғып жіберіп, зор бақыт алып шығады да, қылқ еткізіп жұта салады.

Одан әрі аршын мойындарын құрықтай иіріп, жұп-жұбымен аққулар жүр. Кейбіреулері мойындарын арқасына қайыра салыпты. Теңіз толқыны оларды ақырын ғана тербеп қояды. Кейбіреулері мойындарын созып барып, айдынның ақ тұңғиығын түбінен үзіп алады. Бейне бір гүл теріп жүрген тәрізді. Көгілдір кеңістікте шоршып сары сазандар ойнайды.

— Көрдіңдер ме, қандай тамаша сурет! — Михаил Иванович мынау ғажап көріністі кескіндегелі тұрған суретші тәрізді екі қолын көкірегіне қойып, үлкен ойға шомыпты. Жүзінде адам жүрегін жібітерлік бір жылы күлкі. Әлден уақытта ол қолын батысқа созып, әңгімеге кірісті. - Анау қанатымен су сабалап қиқулап келе жатқандар бағыландар. Олар балық үркітіп келеді. Қазір мынау ақ қайраңға айдап әкеледі де, жейді. Мынау аппақ топ шағала. Анау бір қауға тамақ дәуді көрдің бе, ол бірқазан. Мынау су бетінде аппақ болып үлбіреп жатқандар айдын гүлі. Құрғаққа өсетін гүлден әлдеқайда әдемі. Тек иісі жоқ. Мұның тамыры терең су астында.

— Қазақ тұңғиық дейді бұл гүлді, — деді Арман ағай.

— Я, я, тұңғиық дейді, — Михаил Иванович әңгімесін жаңадан жалғады. — Сол тұңғиық гүлді теріп жүргендер аққу құс. Құрықтай мойнын иіріп. қиқулағаны қандай сүйкімді.

...Тишине и солнцу радо

По оавнине вод,

Лебедей ручное стадо

Медленно плывет.

Вот один взмахнул лениво

Крыльями, — и вдруг

Влага брызнула игриво

Жемчугом вокруг...

— Тамаша, тамаша. Ал, енді бері қараңдар.

Михаил Иванович қол созған бағытқа қарап едік, бүкіл салынды үстін түгел алып күс ұялары жатыр екен. Беттерін жасыл шөппен жаба салыпты. Шөп арасынан ақ жұмыртқалар көрінеді. Бүкіл Атрау түгел терсе таусылар емес. Әлден уақытта құс біткен түгел ән қосқандай шу ете қалды. Басымды көтеріп алдым, үлкен бір қарақұс аспаннан төмен шүйіліп келеді. Ұяларын қорғаған кіп-кішкене шағалалар, қалың киіздей қабаттала ұшып, жыртқыштың жолын тосып алыпты. Қайраты қанша көп бола тұрса да, қалын шағалалардың жанқиярлық қимылынан жасқанған жыртқыш төбеде біраз қалықтап жүрді де, тайып отырды. Құс әлемінде қайтадан тыныштық орнады...

— Эх, Отан, Отан! — деді Михаил Иванович — Отан, неткен бай, неткен тамаша едің?! Сені қорғауға бармыз. Өлімнен жасқанбай ұясын қорғаған әлгі шағалалардай, саған төнген найзаға көкірегімізді тосамыз. Солай бола тұрса да мейіріміңе ортақтаса алмай келеміз әзірге. Мынау көрінісің мен байлығыңның құрушысы мен қорғаушысы біз де, қожаланушы өзгелер. Эх, Отан, Отан. Ұлы Отан, бізге деген құшағың кең ашылар күн қашан!..

Әркімдер-ақ ауыр-ауыр күрсініп алды. Сережа екеуміз де күрсіндік.

— Я, өндіруші де біз, сол өзіміз ендірген байлыққа егей баладай қолымызды жеткізе алмайтын да біз, — деді Матвей Степанович, — біз біріміз аяғымызды сындырамыз, біріміз көзімізді шығарамыз...

— Көз шығарушы өзіміз болып айыпталғалы тұрғанымызды естідіңдер ме? Түнде Кабановский мырза Арман мен мені, Есқали мен сізді жұмыстан шығарыпты. Сондықтан мен осы жұрттың атынан жұмыс істемейміз деп серттесіп кеттім де, сендерді осында алып келдім. Мүмкін, қате істеп алған шығармын. Теріс болса, кешіріңіздер.

Михаил Иванович сөзін аяқтап, төңірекке қарап еді:

— Дұрыс істегенсіз, Иванович, әбден дұрыс! — Жұрт шу ете қалды. — Бәсе, қайнаған жұмыс үстінде неғып демалыс берді деп едік-ау, тартып алған екенбіз ғой.

— Дұрыс істегенсіз, істемеу керек жұмысын. Балығы шіруге қалғанда өзі-ақ құрыққа келеді.

— Дұрыс болса, кәне, әңгімелесейік, — Михаил Иванович енді бізге қарады. — Балалар, сендер барып бір тобын жұмыртқа теріңдер, екінші тобын балық аулаңдар. Бүгінгі тамақ сендердің мойындарыңда. Бастықтарың Асаубай. Естідіңдер ме, барыңдар.

— Жүріңдер, — басшылық қолына тиген Асаубай әрқайсымызды бір сүйрейді. — Жүріңдер, бәріңе өзім үйретем...

Қанша қиқаңдасақ та кетуге тура келді. Біз ұзай бастағанда Михаил Ивановичтың «Бірінші май!» деген сөзін құлағымыз бір шалып еді, аржағын есіте алмадық. Жұмыртқа жинап жүріп енді бір қарасам топ ортасына қызыл ту тігіліп қалған екен. Михаил Иванович әлі сөйлеп тұр. Екі қолын кезек-кезек сермейді.

— Сережа, — дедім достымды шынтағыммен түртіп, — көрдің бе? Жүр баралық. Не айтып тұр екен.

— Бізден құпия әңгіме шығар, бала деп сенбеген ғой, барсақ ұрсып жүрер.

— Бала дейді, ә, — теңізге шығып келгеннен бері мен өзімді ересекпін деп ойлаушы едім. Жәбірленіп қалдым, — бізді бала дейді, ә? Бала болсақ асық ойнап жүрмес пе едік. Өздерімен бірдей жұмыс атқарып жүрсек те бала болғанымыз, ә? Ал, Асаубайды ше?

— Демек, Асаубайдан да құпия. Сондықтан да оны балық аулауға, алысқа жіберді.

Сөз кезегі Арман ағайға беріліпті. Ол әңгімесін тым қызу бастаса керек. Даусы саңқ-саңқ етеді. Алайда алысырақ жүрген бізге қазақ сөйлемдерінің кейбір сөздері талып қана жетеді. «... Ауыз біріктірсек болғаны. Бірге қорғанып, әлгі ұсақ шағалалар да жыртқыш қара құсты қуып шықты ғой... Көп қорқытады, терең батырады...» дейді ол.

Алып барған ыдысымыз толды да, қайтуға тура келді. Біз кері оралғанда Михаил Иванович бір нәрсені оқып тұр екен.

— Бірінші шарт, — Михаил Иванович қолындағы қағазына үңілді, — штраф мүлде жойылсын. Екінші шарт — жұмыс уақыты сегіз сағат болып белгіленсін де, артық сағатына үстемелі еңбекақы төленсін, үшінші — жұмысшыларға су өтпейтін аяқкиім, тұздық жібермейтін резинка қолғап берілсін. Төртінші — еңбек адамдарының жұмыс үстінде өмірін қауіпсіздендіру шарасы қолданылсын. Бесінші — жұмыс үстінде жарақаттанған Жанқия Қойбағарованы емдету шығынын батаға қожасы өз үстіне алсын. Алтыншы — жұмыстан заңсыз шығарылғандар қайтадан өз орындарына алынсын... кәне, тағы да қандай қосымша бар?

— Менде бар, — деді Матвей Степанович. — Ақбалықшылардың еңбекақысы күні ертең төленсін.

— Қарсылық жоқ па?

— Жоқ, жоқ.

— Менде бар, — әйелдер тобынан Люба қолын көтеріп алды, — батағаның өз жанынан жеке медициналық пункт ашылсын.

— Қарсылық жоқ па?

— Жоқ, жоқ.

— Осы шарттар орындалмай тұрғанда жұмысқа шықпаймыз ғой?

— Шықпаймыз. Не балығын шірітсін, не орындасын. Екінің бірі.

— Онда осыған мынау ту астында ант етелік!

— Ант етеміз осыған!

— Ал, енді қызық думандарыңды бастаңдар.

...Бес-алты жерден қазан асылып, от та маздай жөнелді. Гармонь қайтадан ойналып, ән шарықтап аспанға көтерілді. Бұл жолғы жыр еңбек туралы. Бастаушы Михаил Иванович:

Славься свобода и честный труд

Пусть нас за правду в темницу запрут.

Пусть нас пытают и жгут нас огнем –

Песню свободы и в пытке споем..

Еңбек даңқы туралы ән аяқталды да, енді патшаны мазақтаған сықақ жыр басталды:

Царь наш — немец прусский

Носит мундир узкий.

Ай да царь, ай да царь,

Православный государь

Царствует он где же?

Целый день в манеже.

Ай да царь, ай да царь

Православный государь!..

Судьи все — жандармы,

Школы все — казармы.

Ай да царь, ай да царь

Православный государь!..

Ән аяқталып, ендігі кезек өзге сауыққа берілді. Арал орталығында билеп жүрген жастар тобына Арман ағай да барып қосылды. Қолтығында баяғы езімен бірге Астраханьнан ере келген Люба апай. Арман ағай оны қазақшалап «Сүйкімді» деп қойыпты. Шынында да сүйкімді.

Қанша қиқаңдасақ та кетуге тура келді. Біз ұзай бастағанда Михаил Ивановичтық «Бірінші май!» деген сөзін құлағымыз бір шалып еді, аржағын есіте алмадық. Жұмыртқа жинап жүріп енді бір қарасам топ ортасына қызыл ту тігіліп қалған екен. Михаил Иванович әлі сөйлеп тұр. Екі қолын кезек-кезек сермейді.

— Сережа, — дедім достымды шынтағыммен түртіп, — көрдің бе? Жүр баралық. Не айтып тұр екен.

— Бізден құпия әңгіме шығар, бала деп сенбеген ғой, барсақ ұрсып жүрер.

— Бала дейді, ә, — теңізге шығып келгеннен бері мен өзімді ересекпін деп ойлаушы едім. Жәбірленіп қалдым, — бізді бала дейді, ә? Бала болсақ асық ойнап жүрмес пе едік. Өздерімен бірдей жұмыс атқарып жүрсек те бала болғанымыз, ә? Ал, Асаубайды ше?

— Демек, Асаубайдан да құпия. Сондықтан да оны балық аулауға, алысқа жіберді.

Сөз кезегі Арман ағайға беріліпті. Ол әңгімесін тым қызу бастаса керек. Даусы саңқ-саңқ етеді. Алайда алысырақ жүрген бізге қазақ сөйлемдерінің кейбір сөздері талып қана жетеді. «... Ауыз біріктірсек болғаны. Бірге қорғанып, әлгі ұсақ шағалалар да жыртқыш қара құсты қуып шықты ғой... Көп қорқытады, терең батырады...» дейді ол.

Алып барған ыдысымыз толды да, қайтуға тура келді. Біз кері оралғанда Михаил Иванович бір нәрсені оқып тұр екен.

— Бірінші шарт, — Михаил Иванович қолындағы қағазына үңілді, —  штраф мүлде жойылсын. Екінші шарт — жұмыс уақыты сегіз сағат болып белгіленсін де, артық сағатына үстемелі еңбекақы төленсін, үшінші — жұмысшыларға су өтпейтін аяқкиім, тұздық жібермейтін резинка қолғап берілсін. Төртінші — еңбек адамдарының жұмыс үстінде өмірін қауіпсіздендіру шарасы қолданылсын. Бесінші — жұмыс үстінде жарақаттанған Жанқия Қойбағарованы емдету шығынын батаға қожасы өз үстіне алсын. Алтыншы — жұмыстан заңсыз шығарылғандар қайтадан өз орындарына алынсын... кәне, тағы да қандай қосымша бар?

— Менде бар, — деді Матвей Степанович. — Ақбалықшылардың еңбекақысы күні ертең төленсін.

— Қарсылық жоқ па?

— Жоқ, жоқ.

— Менде бар, — әйелдер тобынан Люба қолын көтеріп алды, — батағаның өз жанынан жеке медициналық пункт ашылсын.

— Қарсылық жоқ па?

— Жоқ, жоқ.

— Осы шарттар орындалмай тұрғанда жұмысқа шықпаймыз ғой?

— Шықпаймыз. Не балығын шірітсін, не орындасын. Екінің бірі.

— Онда осыған мынау ту астында ант етелік!

— Ант етеміз осыған!

— Ал, енді қызық думандарыңды бастаңдар.

...Бес-алты жерден қазан асылып, от та маздай жөнелді. Гармонь қайтадан ойналып, ән шарықтап аспанға көтерілді. Бұл жолғы жыр еңбек туралы. Бастаушы Михаил Иванович:

Славься свобода и честный труд

Пусть нас за правду в темницу запрут.

Пусть нас пытают и жгут нас огнем –

Песню свободы и в пытке споем...

Еңбек даңқы туралы ән аяқталды да, енді патшаны мазақтаған сықақ жыр басталды:

Царь наш — немец прусский

Носит мундир узкий.

Ай да царь, ай да царь,

Православный государь!

Царствует он где же?

Целый день в манеже.

Ай да царь, ай да царь

Православный государь!..

Судьи все — жандармы,

Школы все — казармы.

Ай да царь, ай да царь

Православный государь!..

Ән аяқталып, ендігі кезек өзге сауыққа берілді. Арал орталығында билеп жүрген жастар тобына Арман ағай да барып қосылды. Қолтығында баяғы өзімен бірге Астраханьнан ере келген Люба апай. Арман ағай оны қазақшалап «Сүйкімді» деп қойыпты. Шынында да сүйкімді, мұрны сүйірленген тым үшкір де емес, таңқиған шолақ та емес, желбезегі де делдимей тік бітіпті. Оймақтай бүрілген ерніне қарасан, аузын жаңа ғана жара бастаған дала гүлін көргендей боласың. Дөңгелек ақ бетінің ұшында далаптай қызыл қан ойнап, Арман ағайға күле қарайды. Қыз күлген сайын дөңгелек қарашығы жүзімдей мөлдіреп, сол жақ бетінің көз алдына таман бір шұқыр пайда болады. Музыка ырғағына үйіріле жөнелгенде бұйраланған алтын шашы жарқ-жұрқ етеді. Сүйкімді қызды бауырына тартып Арман ағай да күледі. Күлген кезде жарқ ете қалған аппақ тістері қара торы жігіттің сыртқы бояуына ерсілеу тәрізді көрінеді. Қазақ жігіттері биге үйір болмағандықтан о баста мен «Арман ағай да қанша бір ұқсатып билей қояр екен?» деп шектенген едім. Енді оның аяқ алысына сүйсінудемін. Түрі де келісіп қалған адам екен. Қазанғап сияқты еңкіш те, Асаубай сияқты талтақ та емес. Жауырыны жап-жазық иықты келіпті де, тұлғасы сырықтай тік бітіпті. «Әттең, екі шықшытындағы анау томпақты сәл жонса, мынау дөңгелек, отты көз бен қыр мұрынға жарасып-ақ қалар еді-ау» деп ойлайсың. Қысқарта қиылған қара шашының әр талы жалынды жігіттің өз бойындағы қайратының хабаршысындай тік тұра қалыпты. Біріне бірі лайық жігіт пен қыз жер баспай, ұшып жүрген тәрізді...

Салынды үстінде күресіп, бір топ қазақ жігіттері жүр екен. Жүгіріп жандарына барлық. Біз жақындағанда бірі тым ерсі биік те, қылдырықтай жіп-жіңішке, екіншісі әрі биік, әрі кесек тұлғалы екі адам тіктесіп алған еді. Есқали мен Айдынғали ағайлар екен. Қызықтап тұрған қызба жұрт айқайласып алды.

— Уа, шал, Айдеке, шал аяқтан. Бұның бар күші аяғында ғой, бір іліп өтсе-ақ лақтырады.

— Таудай Есқалимен күресіп жүрген бұл кісінің жүрегі де жүндес шығар. Сығып тастамай ма Есекең.

— Уа көтер, көтер Есқали.

Айдынғали ағай тіктесіп қалған бойда-ақ іштен орамақ боп шап берген еді, үлгере де алмады, кесек дене кесектігін де істеді-ау деймін, Есқали «ап!» деп тік көтеріп әкетті де, үйіріп-үйіріп барып, лақтырып жіберді. Екі айлық арпалысты бірге өткізген батыр теңізшінің бұл сәтсіздігіне мен намыстанып қалдым.

— Майталман, шалып үлгере алмады. Әйтпегенде Есқалиды құлап түскен таудай ұшыратын еді ғой.

— Әй, білмеймін. Анау кесек тұлғаны қозғаудың өзіне талай күш керек шығар.

— Жоқ, жоқ, шын айтамын. Шалдыртқанда бар ғой... Ана жылы Есқалидың әкесіндей бір дәуді жанбасқа мінгізіп, жалғыз-ақ тартқан. Айдеке, ерегіскенде тағы да бір ұстасып көресіз бе, ә?!

— Әй, жігіттер, — Айдынғали жығушының күштілігін мойындағандай қолын қысты, — қойыңдар. Мен бұл жолы жығамын деп күрескенім жоқ. Әлімнің кірген-кірмегендігін бір байқайын деп едім. Олқы жатыр екен.

— Бәсе, айттым ғой, — Асаубай тентек Айдынғалидың үстін қағып, жымың-жымың күлді, — біздің Айдынғали ағай күші толған сол қайтадан күреседі. Ал, бұл жолы жығылды. Онда не қылады. Түу, түк етпейді, ойларсың...

— Әй, Асеке, өзің күресесің бе, мынау Дауылмен.

— Қой деймін, Асекеңді алып ұрады мынау Дауыл.

Әзілшіл жігіттердің бірі мені, екіншісі Асаубайды сүйреп, ортаға шығарды. Мен баста абыржып та қалған едім. Асекеннің күреспейтіндігін білдім де тұрып алдым. Асаубай жұлқынып ашулана бастады.

— Сендер не, мазақ еткілерің келеді. Ойларсың, — Асаубай өзін құшақтап жүрген жігітке жұдырығын түйді, — жібер, әйтпесе...

— Айттым ғой, Асекең күреспейді.

— Күреспеймін, онда не ғылады. Түу, түк те етпейді. Ойларсың.

— Кел, екеуміз күреселік, — қызып кетсе керек, Сережа менің белімді ұстай алды, — тек аяқтан шалма.

— Жарайды, шалмайын.

Екі дос ешкімнің қайрауынсыз-ақ ұстаса кеткен едік. Қызықшыл жұрт ду ете қалды.

— Міне, енді балалар күресі басталды.

— Уа, келіңдер, жеткіншектер, дайындала беріңдер.

— Көтер, көтер, Сережа. Өзіңнен жасы кіші баланы бірден-ақ алып ұрмайсың ба?

Баста күшіміз қатар ма деп қалып едім, көтермешілердің сөзіне намыстанды ма, әлде күш алды ма, Сережа мені енді дендеп барады. Мен қаша қимылдаймын. Ол белімді қысып, өзіне тартады. Әлден уақытта «ап» деп көтере бастады.

— Уа, Дауыл, болма, болма — көтермешілер енді мені қостап, ду ете қалды. — Шал, шал аяқтан.

— Уа, тарт жанбасқа.

Көтермешілердің осы бір дуылы себеп болды ма, мен манағы уағыдамды ұмытып кеттім, Сережа екінші рет көтермек болғанда, оң аяқпен шалып ап, жанбасқа тартып жіберіп едім, шалқалап барып құлады. Жұрт мені мадақтап ду ете қалды. Сережа орнынан атып тұрды да, жағыма тартып жіберді.

— Уағыдасыз. Алдайсық.

— Кешіре гөр, достым, ұмытып кетіппін.

— Ұятсыз. Жығылып бара жатқан соң намыстандым де. Уағыданы бұзғандығыңа намыстанбайсың, ә?

Сережа өзге сөзге келмеді. Қолын бір сілтеді де, жүгіре жөнелді. Мен мұңайып отырып қалдым, өзге балалардың күресіне де көз салмадым. Көңілімде Сережаның әлгі бір ауыр сөздері — «ұятсыз... уағыдасыз» деген ызың құлақтан кетер түрі жоқ. «Не істедім. Уағыдамды не ғып ұмыттым?» деймін іштей егіліп. Асаубай айтқандай мұндайда жылаған жақсы болар ма еді. Жыламақ болып кемсеңдеймін. Бірақ, көзіме жас келмейді.

— Уа, кәне, Есқалимен кім күреседі, — деп екі-үш жігіт жарыса айқайлап жіберді.

Басымды көтеріп алсам Есқали күрес алаңында тұр екен. Менің жыным енді Есқалиға түсті. Жанқия апайдың көзі шыққандығы үшін Есқали айыпты емес дегенді кеше бір мойындаған едім. Ал, қазір «осы айыпты» деп соғады жүрегім. Мықты біреу алып-ақ ұрса еді деп тілеймін. Бірақ, ешкім шықпайды. Қап, менің әкем ғой алып соғар еді мынаны. Амал не, бұнда жоқ. Анна Ивановна екеуі Жанқия апайдың жанында қалды. Енді Қазанғапты еске түсірдім. Ол Есқалиды қолына да ұстамас еді. Қазанғап ағай қиялымды Атыраудың шығысына жетеледі де, жасыл ленталы қыз қарашығы жаудырап көз алдыма тұра қалды. «Панасыз қалған жетімнің хал-жайын неге білмейсің?!» деген өкпе айтып, мұңаятын тәрізді, мен бұл жолы өзімді тағы да жазғырдым. Я, бәсе, бұным не, неге барып білмеймін. Атаманға берген уағыдам қайда, ә? Асылы, Сережаның айтқаны дұрыс. Мен шын уағыдасызбын...» Басымды жерден алмастан ауыр-ауыр күрсініп, орнымнан зорға тұрдым да, қызыл тулы алаңға қарай аяңдадым. Ту түбінде Михаил Иванович кітап оқып отыр екен. Төңірегін қоршаған бір топ жан бар назармен тыңдапты. Сережа маған көз қырын да салмады. Михаил Ивановичтың оқуында шапшаңдық болмағанмен жұртты өзіне тартарлық бір күш жатқан тәрізді.

Мүмкін, бұл оқушының өз күші ғана емес, оқып отырған кітабындағы қасиет шығар-ақ. Бірақ мен сол кітаптың өзін де Михаил Ивановичтың өнері шығар-ақ деп қалған едім ол күні. Михаил Ивановичтық әр жерде мүдіре түсіп, ұзақ оқыған қисасынан менің есімде ұстап қалғаным «Тұрды ол...» деген жалғыз-ақ сөйлем болды. Ал, ол тұрған кім? Қайда тұрды? Бұны да аңғарып жеткен жоқ едім.

— Эх, Петр, Петр! — деп Матвей Степанович бір күрсініп қойды, — міне, сен орыстың шын ұлысың. Ұлы Петр десе, шынында да ұлы Петрсін. Қалай деген әлгі жерінде, «Европаға терезе ашты» деген бе? Кәне, енді «Полтавасын» оқышы.

Михаил Иванович кітаптың бірнеше бетін аударып тастап, екінші бір ұзақ өлеңді оқып кетті. «Русь... Швед... Петр... Карл...» деген сөздер жиі-жиі кездесе береді. Әйтеуір Петр деген біреуді мадақтап... Карл деген біреуді мазақтап жатыр. Менің ой-өрісім жетер де емес, ойлап отырғаным да ол емес, Матвей Степановичтың әлгі бір сұрағының төңірегінде. «Европаға терезе ашты дейсің бе?» демей, «ашты деген бе?», «Полтаваңды оқышы» демей «Полтавасын оқышы» деп, өзге біреудің өнері сияқты сұрағаны несі деп ойлаймын. Өйткені, мен ол кезде дүние жүзіндегі өнерді Михаил Ивановичтан өзгеден қызғанамын. Ең көп білетін тек Михаил Иванович деп қана түсінемін...

— Эх, Петр, Петр! — Матвей Степанович аз ойланып отырды да жырлап кетті:

Было дело под Полтавой

Дело славное, друзья!

Мы дрались там со шведом

Под знаменем Петра...

Міне, бізге сол Петр сияқты патша керек.

— Эх, Матвей Степанович, — Михаил Иванович наразылық білдіре басын шайқады, — жақсы, адал адамсың. Бірақ, қателесесің. Бізге керегі патша емес, патшалық құрылыстың құлдығынан азат болу.

— Петрдей патша болсашы, — Матвей Степанович өз төсіндегі салт атты батыр суретіне қарап аз тұрды, — Россияның даңқы аспанға көтеріледі...

— Россия даңқы, — Михаил Иванович күлді, — Петрұлы адам. Бірақ жарымағандарды жарылқаған жоқ.

— А, не дейсің, — Матвей Степанович қабағын түйе қарады да, қолын бір сілтеп, орнынан көтерілді, — қорлама оның рухын...

— Михаил Иванович, — Михаил Иванович та оқып отырған кітабын жиыстырып орнынан тұрды. Мен мұңымды да шаға, айыбымды да мойындап, ұстазымды құшақтай алдым, — кешіріңіз, Михаил Иванович, мені уағыданы бұздым, ұятсыздық істедім...

— Эй, не болды, — Михаил Иванович абыржып қалды, — қандай уағыданы, қалайша бұздың?

— Аяқтан шалмаймын деп едім. Жұрт айқайлағанда ұмытып кеттім. Аяқтан шалып... ол мені жақтан тартып жіберді.

— Түсінбеймін. Сережа, сен білесің бе?

Сережа бір жағынан мені мүсіркей, екінші жақта өз намысын да ұмыт қалдырмай, мән-жайды толық түсіндірді.

— Aha, солай де, — Михаил Иванович басын шайқады, — уағыда деген ант. Антты бұзу қылмыс. Ал, Сережа, сенікі де теріс, жағынан неге тартасың. Күшің жетсе күресіп жық. Орынсыз намыстанба.

— Кешіріңіз, Михаил Иванович, — дестік, екеуміз де.

— Екіншілей антты бұзбайсыздар ғой.

— Жоқ, бұзбаймын.

— Мен де орынсыз намыстанбаймын.

— Жарайды, онда татуласыңдар!..

Мен Сережаны құшақтап сүйе бердім. Төбемізде судырлап, қызыл жібек ту тұрды. Енді ойласам мен сол күні күрес туы астында ант еткен екем ғой...

...Ұзаққа созылған ән мен би, сауық-сайраннан кейін, — біз тамаққа отырғанда күн де кешке айналған еді. Атрау жақтан үздік-үздік дүңк-дүңк еткен мотор дауысы естіле қалды.

— Арман, анау туды қойныңа тығып алшы, — Михаил Иванович орнынан көтерілді де, көзін қолымен келегейлеп, жаға жаққа қарады. — Е, тумалар, «Николай второйдың» демікпесі тым жиі ұстап кеткен екен, Кабановский мырзаның өзі келе жатқан шығар. Қанша шалқайғанмен жарты күнгі үзілістің өзі арқасына аяздай батқан екен. Кел, кел, мырза, дастарқан үстінде де бір тілдесіп көрелік!..

— Мынау ыстықта балығы шіріп бара жатқан соң құрдай жорғалар ол, — деді Арман, кешкі самалмен ақырын ғана жайқалған қызыл туды беліне буынып жатып.

— Ал, тумалар, манағы уағыданы берік ұстайтын болайық, — Михаил Иванович бұл жолы Арманға тағы да бір қарап алды, — әсіресе қазақ жолдастар, сендер алдауға айналып түсе қалатын аңқаулыққа салынбаңдар. Орыс жұмысшыларының көпшілігі соғысқа кетті. Қазір батағада шешуші күш сендерсіңдер. «Алтау ала болса ауыздағы кетеді» деген қазақ мақалын еске алыңдар. Орыс, қазақ жұмысшылары ауыз біріктіріп қимылдайтын болсақ, әрқашан мақсатқа жетеміз.

— Дұрыс айтасыз, Михаил Иванович, — әркімдер-ақ орындарынан бір қозғалып алды. — Сіздер бастаған жұмысты біз әрқашан қолдаймыз. Манағы талапты Кабановский мырзаға жеткізуші де өзіңіз болыңыз.

— Жарайды онда. Кабановскийге ешқайсың көңіл бөлмеңдер, ол келгенде ойын-сауықты қыздыра түсіңдер. «Николай второйдың» артында тағы да бір баркас келеді. Су қараушысы болуға тиісті. Мүмкін, табиғаттың мынау ғажап көрінісін бізден қызғанып-ақ келе жатқан шығар ол. Келсін, келсін!

— Дұрыс айтады Михаил Иванович, — Асаубай аса бір салмақты адамдай малдас құрып, нықтала отырды, — тұрмау керек. Сәлем де бермеу керек, мес қарынға, ойларсың, — бізді шауып алар деймісің, Тілдеспелік, оған. Сонда неғылады? Түу, түк те етпейді. Жақсы болады. Ол келгенде ішіп отыру керек. Өз арағымыз, ойларсың. Ішкен жақсы. Түу, түк етпейді. Жақсы болады. Батыл сөйлесеміз. Жасқансаңдар маған беріңдер. Ойларсың...

Ойын-күлкімен дуылдай отырып тамаққа кірістік. Өз майына қуырылған жас балықтар мен жұмыртқалар арасында ішімдікке толған стакандар да көрініп қалды. «Николай второй» көксау адамдай булыға жөтеліп, бензин сасыған қою қара түтінді құйрығынан будақтата келіп, біздің қайықтардың жанына тоқтады.

— Ойбой, императордың кекірігі азған болса керек, — Арман күліп алды, — лебі қандай сасық еді.

Буаз мегежіндей қарны шермеңдеп, Кабановский бізге қарай аяндады. Кешегі бір қаһарын жоғалтып алғандай, қабағында ашу жоқ, жанындағыларға күле сөйлейді. Тіпті бізді «қайырымды» қанат астына алып, біреуден қорғап келе жатқан тәрізді.

— Мырза, бір жолға кешіріңіз. Ауыр жұмыстан тым шаршап кеттіңдер ғой, «Құсты аралға» барып бір күн тынығыңдар деген мен едім. Ал штрафыңыз болса мен өзім төлеймін ғой, — дейді жанындағыға.

— Жарайды, тек сіздің үшін ғана, — дейді жанындағысы.

— Жәдігөйсуін қарашы, қара беттің, ілестіре келген полицейскиін де бізден жасырмақ болып су қараушысы формасында киіндіріпті: көрдіңдер ме, жанындағысын. — Михаил Иванович алдындағы стаканды қолына алды да. Матвей Степановичқа иегін қақты, — кәне тумам, «Мейірлі енбекті» ойна!

Матвей Степанович буырыл шашын желкесіне қарай бір сілкіп тастады да, гармонды сызылта жөнелді. Он аяғындағы қазығын лақтырып тастаған екен, шолақ тізесі анда-санда бір селтең ете қалады. Гармонь сазына жан-жүрегі балқығандай, құлашы кең жазылып, көзінде бір от ойнайды. Біраздан кейін «ал, кәне!» дегендей шашын тағы да желкесіне сілкіп тастаған еді, Михаил Иванович стакан ұстаған қолын басына асыра көтерді де, күшті бір әнге басты. Өзгелер де стакандарын қолдарына алып, әнге араласты:

Из страны, страны далекой

С Волги-матушки широкой,

Ради славного труда,

Ради вольности веселой

Собрались мы сюда...

— Сәлем, тумалар!

Кабановскийдің сәлемін ешкім елемеді де, орындарынан да қозғала қоймады. Енді орыс, қазағы сөзіне болмағанмен, сазына түгел қосылып, ән құлашы бірден-бірге созыла берді.

Пьем надеждою чудесной

Из стаканов полновесных:

Первый тост за наш народ

За святой девиз «вперед!..»

Ән аяқталды да, стакандардың кемері бір-біріне соғылып шық ете қалды. Матвей Степанович ішімдігін жұта салды да, гармонды Есқалиға ұсынды:

— Мә, енді сен «Зәурешіңді» ойнарсың, кейін кәне, тамақтанайық алдымен.

Жұрт түгел асқа жұмылды.

— Сәлем, сізге тумалар, — доңыз аттас үлкен тұмсығының желбезегін желпілдете, жанын жасыра күлді де, оң қолын Михаил Ивановичтың иығына салды. — Ау, өзің тіпті артиссің ғой. Москваның Үлкен театрына апарып жырлатар ма еді. Ac тәтті болсын!

— Кешірерсіз, сіз қашан келіп қалған едіңіз, — Михаил Иванович мысқыл аралас бір күліп қойды, — ысқа піскен ауқатты сізге ұсынудың өзі де ұят. Жиренбесеңіз асқа отырыңыз.

— Неге жиренемін. Далада пісірілген тамақ мейлінше дәмді болады, — доңыз аттас Матвей Степановичтың оң тізесіне көрші қонды. — Демек, Матвей Степанович, еңбек данқы үшін ішеміз деңіз. Кәне, құйып жібер.

— Сіз еңбек адамы емессіз ғой, — Матвей Степанович доңыз аттасқа тесіле бір қарады, — айланың адамысыз. Ақылыңызды ішіп қойып, дәулетіңізден айрылып жүрерсіз.

— Ойбой, бауырым, кекемей-ақ қойсаңшы. Кәне құй!

— Жұмысшы халық мырза келеді, — Матвей Степанович шөлмек түбіндегіні сарқа құйды, — қап, тым аз қалған екен ғой, барын ішіңіз. Ертең жұмыстан шығып, есеп аларда бір шөлмегін тұтас ішкіземін.

— Жұмыстан неге шығасыз? — Доңыз аттас ешнәрсеге түсінбегендей иығын көтеріп қойды,— қызған маусым үстінде жұмыстан шыққаныңыз қалай?

— Оны сіз әуелде ойламап па едіңіз?

— Мен ешнәрсеге түсінбеймін, — Кабановский алдындағы стаканға қарады, — бұдан басқа жоқ па? Мынау үшін ауыз былғауға тұрмайды.

— Бізде байлық жоқ. Барына разы боласыз.

— Әй, бала, — доңыз аттас бүкіл денесімен моторына бұрылды, — анау коньяктарды алып келші. — Я, Михаил Иванович, бүгінгі жексенбіні «Құсты аралда» өткізіп, сайраңдап жүрміз деңіз. Тамаша еткенсіз.

— «Мысыққа күнде той бола бермес», ұтыры келіп тұрғанда бір бой жазып қалалық деді мынау жұрт.

— Өте мақұл. Ертеңі жұмысқа жаңа күшпен кірісетін болдық. Кәне, ішіңіз, — Кабановский мотордан келген он шөлмектің бірінен күреңнен гөрі сарғылттау бір нәрсені стаканға толтырды да, Михаил Ивановичқа ұсынды, — алып қойыңыз. Әлгі бір өлеңдегі сияқты еңбектің даңқты болуы үшін.

— Рахмет, — Михаил Иванович басын шайқады — мен коньяк ішпеуші едім, мырза. Еңбегінен аброй таба алмаған соң мынау жұрт, жұмыстан да біржола бездік деп отырған тәрізді. Шықпаймыз дейді жұмысқа.

— Себеп, түсіндіріңізші, Михаил Иванович!

— Оны айыптау акты мен бұйрыққа қол қойған сіз білетін шығарсыз, мырза. Жалтақтаудың не керегі бар. Шындыққа көшейік те!

Түк түсінсем бұйырмасын. Қандай акт, қандай бұйрық?!

— Мырза, мінезіңіз түлкіге, денеңіз одан зорға ұқсайды. Жанқияның жаралануын бізге жапқан актке де, осы отырған төртеумізді жұмыстан шығару туралы бұйрыққа да қол қойған екенсіз. Кеше Атанияз мырзаның әмірші інісі оқып берді ғой.

— Әй, бүлдірді-ау сол бір жігіттер. Ал, енді мен шынымды айтайын. Кеше олар маған айтпай осыны істепті. Мен болып өздері қол қойыпты. Бүгін таңертең бір-ақ білдім. Сондықтан да өз аузымнан түсіндірейін деп осында келдім. Ешкім жұмыстан шығарылмайды, ешкім айыпталмайды да, акты да, бұйрығы да мынау, өз көздерінше жыртайын, — доңыз аттас қалтасынан екі барақ қағазды шығарып жыртты да, Михаил Ивановичқа ұсынды, — ал, енді қандай талаптарың бар?

— Біздің талабымыз бен шартымыз мынау, — Михаил Иванович манағы шарттарды бір-бірлеп айтып шықты, — осылар түгел орындалмай тұрғанда жұмыс істемейміз дейді мынау жұрт.

— Солай деңіз, — доңыз аттас аз ойланып «алты, — өзгесі туралы талас жоқ. Ақшаңызды ертең таңертең төлетемін. Штрафқа мен тыйым салғалы қашан. Ал. анау Таласов інілері мен жоқта өндіретін шығар. Жанқияны емдетуді де алайыншы. Сегіз сағаттан артыққа қосымша ақы төлеу мәселесі ашу үстінде қойылып отырған талап емес пе, тумалар? Дәрігерлік пункіті, ә?

— Біздің шартымыздың ең негізділерінің өзі осылар. Бұлар орындалмай тұрғанда жұмыс туралы әнгіме етудің де керегі жоқ, — деді Люба апай орнынан атып тұрды да, былғары етік пен резин қолғап берілмей тұрғанда жұмысқа шықпаймыз. Мынау жаралы қолды ащы тұздыққа қалай маламыз, — көрікті қыздың сүйріктей саусақтары буындарынан тілімделіп кеткен екен, жарасынан қан көрініп тұрды, — біз аң емеспіз сендерге. Айуанға да аяныш етесіңдер. Хозяйкаңыз анау бір ақ күшікті күн сайын шомылдырып, құшақтап жүреді. Ал, біз моншаға да айына бір рет түсеміз.

Уылжыған әдемі қыздан мен бұндай өткір сөзді күтпеген едім. Бүкіл әйел біткен күс қолдарын жоғары көтеріп алды.

— Дұрыс айтады. Қалай істейміз мынау қолмен?

— Айналайын қызым-ай,- Кабановский басын шайқап күлді, — түріңе қарасам сүйкімді-ақсың. Сөзін тым асау жатады. Кейде тіпті алды-артыңды аңдымай жауапсыз сөйлейсің. Өткен айда батағаны өртеймін деген сөз де шығыпты аузыңнан. Таласовтың тентек інілері осы туралы үстіңнен акт жасап полицияға берген екен. Өтініп жүріп азар тоқтаттым. Мен қашанғы жаман атты бола беремін. Тіпті маған сездірмей істеуі де мүмкін...

— Батағаны, — Люба әрі үрейленіп, әрі ызаланып кетсе керек, жүзі кенет сұрлана, еріндері дірілдеп, орнынан атып тұрды, — жалаларың болса жаба беріңдер. «Шірімес түгіл өртенсін балығы» дегенім рас. Жұрт есітті ғой. — Демек, маған кісен дайындауда екенсіңдер ғой!

— Ойбой, айналайын-ай, мен саған жаным ашып, анау тентектерден сақтан десем. Жарайды, менің көзім тірісінде олардың бұзықтығына жол бермен. Ал, енді шартқа келейікші, — Кабановский күрсініп алды, — амал не, көнуге тура келеді. Бір күнде орындауды талап етесіңдер. Кәне, келіңдер, тумалар, уағыданың берік болуы үшін, мынаны алып қоялық, туғандар.

— Рахмет, — жұрт түгел басын шайқады, — ішпей берген уағыдаңызға сене алмайтын болсаңыз өзіңіз-ақ ішіңіз.

— Жарайды, кел Асаубай, — Кабановский толы стаканды Асаубайға ұсынды, — осы жұрттың бәрі үшін екеуміз ішіп қоялық.

— Әкеліңіз, — Асаубай стаканды қолына алып, жыртыңдап күлді, — келіңіз мырза, ішеміз. Ішпегенде ше, ойларсың! Ішу керек, түк етпейді. Жақсы болады. Айналайын, біздің қожайынымыз қандай жақсы. Біздің қамымызды ойлайды. Акт жасатпадым дейсіз бе? Айналайын. Өзі мейірімді. Тілегімізді беріп, адал ниетімен шарабын ұсынып отырса, тағы не керек. Ойларсың, ішу керек бұндайда ішкен жақсы. Түу, түк етпейді.

— Кереңді іш, — Асаубай араты аузына апара бергенде Айдынғали ағай өз денесіне ғана лайық ұзын қолын созды да стаканды қағып тастады, — кереңді іш, Асаубай.

Кабановский өз стаканындағыны қағып жіберді де, Айдынғалиға көзінің астымен бір қарап, орнынан көтерілді.

— Жарайды. Келістік қой. Енді қайталық, — ол қалтасынан бір қағаз шығарып Михаил Ивановичқа ұсынды,— айтқандай, сізді әскерге шақырған қағаз бар екен-ау, ала келген едім. Мәңіз.

— Рахмет, мырза,— Михаил Иванович шақыру қағазды қолына алып, оқыды да, теңіз құшағына еніп бара жатқан жазғы күнге ұзақ қарап алды, — демек, тағы да Отан қорғауға барамыз. Қорғаушың да біз... қорларың да біз, Ұлы Россия!

Люблю отчизну я, но странною любовью...

...Но я люблю — за что не знаю сам? –

Ее степей холодное молчанье,

Ее лесов безбрежных колыханье,

Разливы рек ее подобные морям...

Я, қорғаймыз сені, қорғаймыз!.. Сенің үшін зеңбірекке азық боламыз!..

Сауығымыз осымен аяқталып, біз қайтуға дайындалдық...

XVII ТАРАУ. «БІЗ ҚҰЛ ЕМЕСПІЗ!»

«Құсты арал» саяқаты менің сол күнге дейінгі өмірімде жаз салтанатын бірінші рет тойлаған ең елеулі бір белесім еді. Жоқ, тіпті өзімнің балалық өмірімде алғашқы көрген қызығымның өзі осы болатын. Доңыз аттастың артист, театр деген сөздерін де түсінген жоқ едім. Ес біле келе ойласам, ол күні біз «Құсты аралды» сахнасы кең үлкен бір театрға айналдырып жіберген екенбіз ғой. Әттен, не пайда, «Құсты арал» театрының сауығы сол жексенбімен ғана аяқталды да, жаз қызығын қайтып көре алмадық. Михаил Иванович ертеңіне-ақ әскерге аттанды. Жайдары жаз да сол кісімен ілесе кеткендей, көк майсасы солғындай-солғындай барып, шөп басын ақ қырау жауып алған-ды, салқын күз болып қалғанын бір-ақ білдік. Көп ұзамай «қылышын сүйреп» қыс та жетті.

«Құсты аралдағы» жексенбі бізге тек сауық көрсетіп қана қоймай, бір ұйымшылдық күш те берген тәрізді. Сол күшті бағыттаушыларды жұмысшылар «Бестік» деп атады. Олар Арман ағай, Матвей Степанович, Анна Ивановна, Есқали ағай, Жанқия апайлардан құралған еді. Мүмкін, саны бесеу болғандықтан да «Бестік» деп аталған шығар. Бұл «Бестікке» біз сүйсінсек, қожамыз күйінеді. Күйіне тұрса да олардың пікірімен көбіне-ақ лажсыз санасады. Өйткені, олардың пікірі жұмысшылар жұртшылығының пікір-талабы. Мен сол «Бестіктің» не екенін де аңғара алмаймын. Мүмкін, жұмысшылар одағының комитеті шығар. Әйтеуір бір бастық. Бастық болумен бірге Матвей Степанович пен Есқали ағай да бұрынғыдай «ақылдарын ішуді» азайтып келеді. Рас, ара-тұра бірі «кәне, тумам, ішемізбені!», екіншісі «Зәурешті» жырлаудан әлі де құр емес. Дегенмен, бұрынғыға қарағанда екеуіне де бір байсалдылық пайда бола бастаған сияқты. Ал, Асаубайдың беті сол бір теріс бағытынан оралар емес. Ол кейінгі кездері Таласов тумаларымен ішетінді шығарды. Кейде Кабановский мырзаның үйінен шығып келе жатқанын да көріп қалатын болдық.

Тұлғасы қабанға, мінезі түлкіге ұқсаған қожамыз Жанқия апайды емдетуге арақ ішіп ант берсе де, дәрігерге жөнелтуді бүгін-ертеңмен жүріп, ұзартып алған еді. Кешеуілдеп барған соң ем де қонбаса керек. Сол көзден біржола айрылғанын елге оралғанда бір-ақ білдік. Көз орнына қара шүберек байлап тастапты. Көз алдындағы шықшыт сүйегі де омырылып кеткен екен, шорлана барып бітіпті де, сол төңіректің терісі де қосқабаттана қалыпты. Жанқия апайдың бетіне қарасаң жүрегіңе бір үрей пайда болады. Тіпті күліп тұрғанның өзінде Оның жүзінен бұрынғыдай жылылық таба алмайсың. Бұрынғы екі көздің жұмысын қазір бір өзі атқаратын жалқы жанарында өзгеше бір өткірлік бар. Кірпігін ешбір қақпастан тесіле қарайды да, өңменіңнен атып жібере жаздайды.

Михаил Иванович Атрау батағасына өткен жылдың күзінде ғана келген болатын. Ақбалыққа аттанғанға дейін мен ол кісіні жөнді танымайтынмын да. Ал, сен үстіндегі екі айдан бері тым-ақ бауыр басып қалсам керек. Ол майданға жөнелерде өз әкем кетіп бара жатқандай егіле жылағанмын. Қазір қатты сағынып-ақ жүрмін. Арман ағай ол кісінің орнын толтыра алмай жатқан тәрізді. Жазғы ыстық пен күзгі қалың балық кезінде бірге амалсыз еңкейіп, кейбір «кеншіліктер» беретін қожамыз, қыс түсіп, балық шірімейтін болғаннан бері қайтадан шалқая бастайтынды шығарды. Мен мұны да Михаил Ивановичтың жоқтығынан көремін. «Әттең, ол кісі болса ғой, мынау доңыз аттасты «Құсты аралдағыдай» аяғына жығар еді-ау», — деп ойлаймын іштей. Рас, Арман ағай бастаған «Бестік» те аянып жүрмеген сияқты. Бірақ айлалы қожа алдап кетеді. Амалсыз жүгіну керек болса бар кінәны батаға маңында жүрген Атанияз мырзаның тентек інілеріне жаба салады да, өзі ақталып шыға келеді. Бір жұмадан бері Арман ағай да итбалықшылар қосымен теңізге жүріп кеткен еді. Ендігі ақылшымыз Матвей Степанович пен Любовь Сахарова. Мінезге ыссы жас адам көбіне албырттық істегі алады. Өткен жазда ол Ағанияз әміршімен тағы да бір шайқасып қалды. Төрт скамейкада балық жарып отырған сегіз әйел түзге шығу үшін орындарынан бірден көтеріліп кеткен-ді. Дәл осы кезде плотқа келіп кірген Ағанияз қойын дәптерін шығарып алды да, жазуға ыңғайланды. Бірақ, далаға шығып кеткендердің аты-жөнін түгел білмесе керек. Аңырып аз тұрды да, көрші скамейкадағылардан сұрап еді, меңіреу адамдай ешкім жауап қатпады. Ағанияз ақырып алды.

— Тілдерің жоқ па, неге үндемейсіңдер? Кім деймін, мынау кетіп қалғандар, ә?

Жұрт бұл жолы да тіл қатпады. Ағанияз иесіз скамейкалардағы пышақтар мен қол багорларды жыя бастады.

— Бәрібір, сендер жасырғанмен, жұмыс істеуден дәмелері болса штраф дәптеріне өздері келіп жазылар.

— Әй, мырза, аулақ жүр, — Люба орнынан атып тұрды да, Ағанияздың жанына жетіп баряп, — таста багорды. Жұртты дәретке де шығармайсың ба?

— Аулақ жүр, — таудай Ағанияз бойға шағын сүйкімді қызды итеріп жіберді, — кіммен тайталаспақсың?

Қыз құлап түсті де, қайтадан жүгіріп кеп Ағанияздың қолтығындағы дәптерді жұлып алды.

— Өртермін.

— Әй, долы қыз, нені өртейсің? Бер дәптерді.

— Бермеймін.

Люба дәптерді дал-дұл етіп жыртты да, Ағанияздың бетіне лақтырды.

— Таста багорды.

Енді плоттағы бүкіл әйелдер пышақтарын бастарына көтере багорға жанып, түгел лап қойды. Ағанияз пышақ, багорды тастап плоттан қашып шықты.

...Декабрь айындағы қақаған суық күндердің бірі еді. Сережаның шешесі көрші селодағы тумаларына кеткен болатын. Екі-үш күн бөгеліп қалды. Мен бүгін әкемнің рұқсаты бойынша Сережаның жанына қонғалы барам.

Біз жұмыстан оралғанда үй іші тас-түнек еді. Сережа лампа жағып, жарық еткен болды. Бірақ сығырайған үштік шамның сәулесі өз төңірегінен өзге жерді күңгірт көрсетеді. Казарманың жалпы жатағынан өзгені көп көрмеген басым, үй ішіндегі әр нәрсені таңырқай қараймын. Төрдегі үлкен ағаш койканың үстінде бірінен бірі кіші үш бала киімдерін шешпестен бүрісіп, ұйықтап жатыр. Қабырғада тозығы жетіп, сарғая бастаған фотосуреттер. Жекелеу тұрған біреуінің төңірегі қара матамен қоршалыпты. Соңғы кездерде ұрыс майданында анау өліпті, мынау өліпті деген хасіретті хабарлар жиі естіліп, «Атрау» әйелдерінің жылау-сықтауы да көбейіп кеткен-ді, мынау қара шүберекпен көмкерілген сурет те сол жау қолынан қазаланған тұңғыш құрбандардың бірі — Сережаның нағашысы Иван Сергеевич. Сережаның шешесі осы адамның өліміне көз жасын төгуге кеткен болатын. Терезе жақ бұрышта атасыз туған сәбиін құшақтап Мария отыр. Әйнектен ызыңдап соққан жел Марияның алдындағы шырағданның әлсіз отын шалқытып қояды.

— Түу, қоңырсып кетті-ау, мынау жарықтық, бұны біз жақпайтын едік, көрші кемпір жағып кеткен ғой, — деді Сережа шырағданды өшіруге ыңғайланып.

Содан кейін Сережа інілерінің киімдерін шешіп, қымтап жапты да, менің жаныма келді.

— Ал, қонағым, шай қайнатайын ба, әлде балық пен нан жеп жата кетеміз бе?

— Шайдың керегі не?

— Жарайды онда, балық пен нан жейік.

Жұмыстан қарнымыз ашып шыққанбыз, кепкен қаракөз бен қолға желімдей жабысатын қара нанды қапыл-құпыл асап отырмыз. Алдымда өзіме таныс орыс әліппесі жатыр. Біраз тойынып алған соң аудара бастап едім, мағынасын толық ұғынбасам да талай шолып өткен беттері ашылған екен: «Тары, бары, мы не рабы» деп жазылыпты ол бетте.

— Түсінесің бе? — деп сұрады Сережа.

— Анық түсінбеймін.

Атраудағылардың орысы қазақша, қазағы орысша жақсы білетін. Менің «ұстазым» сол өзі білетін екі тілді араластыра әр сөздің мағынасын ұқтырмақ болды. Бірақ «мы не рабы!» деген сөйлемді түсіндіру «ұстазға» оңай соқпады-ау деймін. Ол өте ұзақ сөйлегеннен кейін ғана мен бұл сөйлемде «Біз құл емеспіз!» деген терең мағына жатқандығын аңғардым.

— Құл мен жұмысшының айырмасы қандай, екеуі де байдың жұмысын істейді ғой?

— Сен кешір, достым, оны түсіндіре алмаймын. Ертең Надежда Петровнадан сұрайық, — деді Сережа өзіне де түсініксіз сұраққа жалған жауап қайтармай, — ал, жатайық...

Бұл баяғы «Михаил Ивановичтан да көп біледі» деп мадақтайтын оқытушысы болуға тиісті. «Қап, Михаил Ивановичтың өзінен неге сұрамағанмын?» деп өкінемін. «Өзін түк білмейсің екен ғой» деп Сережаға да бір байланыспақ болып едім. Михаил Иванович ұрысатын баяғы бір егес есіме түсті де, үндемедім. Содан бері йен Сережамен егесуді де сиреткен болатынмын. Енді оған біржола бағына бастасам керек.

Үлкен сандық үстіне құшақтаса құлағаннан кейінде, біресе майданды шарлап, біресе елге оралып, ұзақ әңгімелескен едік. Ояна кетсек үй-іші жап-жарық болып қалыпты. Тамақ ішуге де шамамыз келген жоқ. Көзімізді тырнап аштық та, тура киіндік. Сережа көрші кемпірге кіріп шықты. Көп ұйықтап қалғандықтан тумаларын тамақтандыра алмай бара жатқандығын айтып, оларға ыстық шай беру туралы өтініш жасады. Содан кейін үйден шыға жүгірдік.

Далада қар борандата жауып тұр екен. Екі өкпемізді қолымызға алып жүгіріп келеміз. Менің аузымда түндегі бір өз көңіліме әбден ұнаған «Мы не рабы!». Осыны әндете айтып жүгіріп келе жатыр едім, өзімдей бір баланы абайсызда қағып өттім.

— Мә, саған, «Мы не рабы!», — деп тұмсығымнан қонып-ақ жіберді әлгі бала.

Мұрнымнан қан саулап, отыра кеттім. Шаң-шұң дауыс шыққанға жалт қарасам, Сережа біреуді езгілеп жатыр екен. Екі-үш баланың жұдырығы Сережаға төніп қалыпты. Бара араласа кеттім. Өзімнен сәл ұсақтау балалардың бірін олай, бірін былай лақтырып жүрмін. Мектеп жақтан тағы да бір топ ірі балалар төніп қалды. Енді шамамыз келер емес.

— Жүр, тезірек қашалық, — дедім, Сережаны қолынан сүйреп.

Сөйткенше болған жоқ, алғашқыда мені тұмсықтан соғып, әлгіде ғана Сережаның астынан босанған бала, кейінгілерге арқа тұтса керек, қайтадан тап берді. Мен бұның өткен қыс біз ығысқа ұшырар алдында күймелі шанамен саяхатқа барып, өзімізді мазақтайтын үш баланың бірі — Кабановскийдің Юригі екенін енді ғана байқадым. Сол апатта көрген қорлығымыз да, Атаманның өлімі де есіме түсіп, ызаға әбден булықтым. Жұдырығымды түйіп алдым да, екі көздің арасын ала, кеңсіріктен қойып кеп жібердім. Шалқалап құлаған қожа баласын тұмсықтан және бір тептім. Осы кезде өз сыртымнан да жұдырық жауып кетті, қорғана соғысып жүрмін.

— Қарашықтарым, қойыңдар. Бәрің бірдей екі балаға жабылып, ұяттарың қайда?! — деген жас әйелдің әрі өтінішті, әрі мейірімді дауысы естілген еді, мені төпелеп жүрген жұдырықтары да енді қайтып көтерілмеді.

Жалт қарасам кіршіксіз ақша қардан жаралғандай, өзі де, үстіне малындыра жамылған түбіт шәлісі де аппақ ажарлы ақ келіншек тұр екен.

— Сережа, саған не болған? — деді ақ келіншек наразылық аралас, таңырқаған пішінмен.

— Надежда Петровна, кешіріңіз. Мен емес. Бүлікті бастаған анау Кабановскийдің баласы. Көрдіңіз бе, мынау жолдасымның мұрнын бұзғанын.

— Оқасы жоқ, — дедім мен, әлсіздігімді білдіріп, арыз айтпайыншы деген оймен, — оның да мұрнын бет етіп салдым. Біз құлы емеспіз оның...

— Бар, қайтыңдар, — деді ақ келіншек мектеп балаларына.

Оқушылар тілге келместен мектептеріне қарай жүгірді. Тұмсығын қос алақанымен жұмып, сылтый басқан күйі Кабановскийдің баласы да зытып берді.

— Сережа, сен оқып алмай қаласың-аy, қарағым, — деді ақ келіншек балалар біраз ұзағаннан кейін.

— Надежда Петровна, қалай оқимын? Менің інілерімді кім асырайды? — деді Сережа мұңайып.

— Рас, саған інілеріңді асырау керек. Бірақ сен жұмыстан кейін менің үйіме келіп, ең болмағанда күнге бір сағат оқысаң қайтер еді. Ақы сұрамаймын.

— Мақұл, Надежда Петровна. Менің мынау жолдасым да келсін бе?

— Бұл кім еді?

— Дауыл Жантасов.

— Я, я, естуім бар, келсін. Өзі онды бала екен.

— Анай, шын оқытасыз ба?

— Әрине, оқытамын, кел ертең.

— Рахмет, апа, рахмет!..

Мен ақ келіншектің қолын алдым. Шын қуанғаннан көзіме жас келіп, даусым өз құлағыма да дірілдеп естілді. Келіншек әрі мейірімді, әрі сүйкімді көрінді көзіме. Михаил Ивановичтан да көп білетіндігіне шек келтірген өткен жылғы егесімді есіме түсіріп, ұялып та тұрмын.

— Келесіңдер ғой? Күтемін.

— Келеміз.

Уағыданы осыған байладық та қуанышымыз қойынымызға сыймай, батағаға қарай жүгірдік.

— Қарақтарым-ау, неғып кешіктіңдер, ұйықтап қалдыңдар-ау, ә? Көршіңдегі Мария Петровнаға ерте оят деп айтып қойсаң еді? — деді біз кіріп барғанда Анна Ивановна.

— Ұйықтаңқырап та қалыппыз. Бірақ, үлгіретін едік, жолда Кабановскийдің баласы Юрик ұрынып, азар құтылғанымыз, — деді Сережа менің өңірімдегі қанды көрсетіп, — Дауылдың үстін қараңызшы.

— Доңыздың баласы да доңыз болады...

— Есемді жібергенім жоқ. Оның да мұрнын бет еттім — дедім мен.

— Жарайды, әуелі ұрынған ол өзі ғой, онда оқасы жоқ. Ал, жұмыстарыңа кірісіңдер. Әзірге Ағанияз сезген жоқ. Табельшіні түсіндірерміз. Әне, жабдықтарыңды алдырып қойдым, — деді Анна Ивановна.

Табыраларымызды тары шелектің қақпағына төсей тастап, бояуға кірістік. Күндегіден де қыза қимылдаудамыз. Бір жағынан жеңісімізге сүйсінгендіктен қыза қыймылдасақ, екіншіден доңыз аттас пен Ағанияз әміршінің бірі келгенде табыралаған шелегіміз аз болып, сезіктеніп жүрмесін деген оймен жеделдете істейміз.

Табыраланған шелектеріміз көбейіп, бір қатерден өтіп кеткендей болып едік, түс ауа конторға кіріп бара жатқан Юраны көрдік те қайтадан үрейлендік, Көзінің алды көкпеңбек болып, ісіп кетіпті.

— Пәле басталатын болды, достым, — деді Сережа.

— Жарайды, үрейленбей істей беріңдер. Біз бәріміз сендерді қолдаймыз, осы көпке топырақ шашар ма екен, — деп Жанқия апай Анна Ивановнаға қарады.

— Түк істей алмайды. Бүкіл ер азаматын соғысқа аттандырып, түтеп жүрген мынау жесірлер түтіп жейді оны, — деді Анна Ивановна.

Көп ұзамай бір орыс, бір қазақ баласын ілестіріп Ағанияз әмірші келіп кірді.

— Кәне батырлар, конторға барып есеп алуларыңа болады. Қолдарыңдағыны мына екеуіне тапсырыңдар. Сендер жұмыстан шығарылдыңдар, — деп жариялады ол.

— Әй, мырза, себебі не? — Анна Ивановна қолын алжапқышына сүрте тастап, әміршіге қарсы жүрді, — айт, мынау жұрт білсін түгел.

— Себебі: жұмыс кезінде соғысып жүргенін көрдіңдер ме, Мендаль Иосифовичтың баласы Юриктың көзін шығарып жібере жаздапты.

— Мырза, — деді дәл осы кезде даладан жүгіріп Кірген баяғы ақ келіншек, — төбелеске бұл екі бала айыпты емес, шынына көшсек Юраның өзін жазғыру керек. Жанжалды бастаушы да Юра, мынау баланын мұрнын бұзған да, бұл екеуін жұмыстан кешіктірген де сол Кабановскийдің өз баласы. Әділет керек қой. Мен өз көзіммен көрдім. Нанбасаңдар — сұраңдар мыналардан.

— Надежда Петровна дұрыс айтады. Айыпты Юраның өзі, — деп шулап қоя берді, ақ келіншекпен ілесе келген оқушылар.

— Әй, мырза, — плоттағылардың бәрі ауыз біріктіргендей, жұмыстарын түгел доғара қойған еді. Жанқия апай екі бүйірін таянып алды да, жалғыз көзінің жалынымен ата, әміршіге төніп-ақ қалды, — бар, аты терісіңнің өзін шақыр. Келсін бері, өмірін өз аузымен естіртсін. Көрдің бе, мынау жұртшылық осыны талап етеді.

— Ол кісі келмейді бұнда, — деп Ағанияз шегіне берді.

— Келмесе барып айт, мынау жұртшылық бәрін түгелімен жұмыстан шығаруды талап етеді, — әңгімеге енді Люба кірісіп кетті. Істемейміз.

Дәл осы кез плотқа келіп кірген екі полицейский Кабановский отырған конторға қарай жалтарған еді, Анна Ивановна алдарын орай берді.

— Әй балалар, аз бөгеле тұрыңдар, айтатын сөзіміз бар. Сендер мемлекет адамдарысыңдар ғой. Сол орыс мемлекетін қорғау үшін еріміз бен балаларымызды соғысқа аттандырғанымыз күні кеше емес пе еді. Бүгін сол солдаттардың артта қалған жесір әйелі мен жетім баласына жәбір көрсетіп жатыр мынау қожаларымыз, қыра ма бізді. Жазықсыздарды жазғыруға жол берулерін әділеттік пе? Анау қожамыздың жолсыздығына тыйым салыңдар. Әйтпесе жұмысты түгел тастаймыз дейді мынау шулаған жесірлер.

— Жесірлер ғана емес, мынау мүгедек мен де, алдағы шақырылуда соғысқа баратын келешек солдаттар да, мынау қазақ жігіттері де осыны талап етеміз, — деп Матвей Степанович қолындағы үлкен балғасын лақтырып жіберіп еді, терең шаннан балық құйып жатқан орыс, қазағы аралас ер жұмысшылардың бәрі де сүзгілерін сілкіп тастады. — Әне, көрдіңдер ме, мынау жұртты.

— Біз білмейміз...

Полицейлер иықтарын секең еткізді де, өте берді.

— Білмесе, жүріңдер, кеттік, — деді Люба. Әйел біткен дүрлігі есікке қарай ойысты, — не тұрыс бар?

— Сәл бөгеліңдер, — Жанқия апай жұртқа бір қарап алды, — анау аты теріске тілдеспей кеткеннің өзі жасқанғандыққа тең. Күтіңдер, әлгі әмірін өз аузынан есітелік.

Жанқия апайдың манағы бір көз қарасынан үрейленген Ағанияз шегіншектей-шегіншектей барып конторға кіріп кетті де, көп ұзамай Кабановский өзі де шықты.

— Кәне, мырза, — Жанқия апай Кабановскийге жалтаруға жол бермей, жалғыз көзімен ата қарады, — әміріңді мынау жұртқа өз аузыңнан есіттір. Екеу болғанмен менің мынау жалғыз көзімнің жарты жалыны жоқ, өлімтік көзіңді ұрлап, қаша берме. Қорқасың ба, менің жалқымнан, қорқарсың, қорқарсың. Менің көзімде шындық пен әділеттің жалыны жатыр. Сондықтан да өткір бұл жалқы. Анау жесірлердің мыңдаған егіз көздері де саған іштегі ыза найзасын түйрегелі тұр. Көрдің бе? Жасқансаң аяғыңның басына қара да, сөйлей бер. Менің көзімді ағызсаң жаласын жұртқа жауып, жұмыстан қуасың. Өз тентегін жұмысшы баласынын, мұрнын бұзса, жәбірлеушіні қорғап, жәбірленушіні жазалайсың, себебі не, айтып берші осыны?..

Шынында да Кабановский көзін қашырып-ақ көріп еді, Жанқия апайдың жалқысынан құтылғанмен өзге жесірлердің көздерінен жалтара алмады. «Шаншылғалы тұрған найзадай» көп көздердің қоршауында қалып қойған Кабановскийді үрей биледі, іште бықсып жатқан жалынын да сездірмеуге тырысып, зор тұмсығының желбезегімен өтірік күліп алды.

— Уа, тумалар, — алдымен түсінісіп алайықшы. Ешкім жұмыстан шығарылмайды. Мен ондай бұйрыққа қол қойғаным жоқ. Мынау бір ұрыншақ ит жылап мазамды алған соң жұбату үшін айта салған едім, — Кабановский жұртқа көз етіп, ерке баласын екі-үш рет шапалақтап та алды, — құдай ұрған. Сол ойын сөзді ала шауып, мынау көпке менің өмірім етіп жеткізіп жүргенің қайсың әй?

— Мен едім, сіздің әзіліңізді түсінбей қалыппын, кешіріңіз, — деді Ағанияз, сәтсіздікке ұшыраған қожасын қорғау үшін, бар кінәны өп-өтірік өз үстіне алып.

— Есалаң ақымақ! Кешірімді мынау жұрттан сұра.

— Қулығың түсінікті, күрең доңыз. Амалың құрыған соң мүләйімсірсің, — деді Анна Ивановна.

— Ал, енді түсінікті болды ғой. Жұмысқа кіріселік.

«Аһа, солай ма екен, біз сенін құлың емеспіз!» дедім мен ішімнен, жеңіліс тапқан замандас жауымды мазақтап.

XVIII ТАРАУ. AHA СУРЕТІ АЛДЫНДА

...1916 жылдың жазы. Жексенбі күн. Бұл жолы мешіт пен шіркеу әбден тумаласып кеткендей бір-біріне үн қоса, бірі жанды, екіншісі жансыз қоңырауы арқылы, ұзақ күңіренген еді, «қазақ жігіттерін майданның қара жұмысына алу туралы» ақ патшаның жарлығын жариялап жатыр екен. Ентіге жиналған жұрт еңсесі төмен түскендей, түнере тыңдасты да, тұнжырап тарасты. Арада талай апта өтті. Ауылнайлардың көптеп бері қолға алынбай жатқан үлкем қара книжкаларының қалың шаңы осы жолы бір сүртілді де, «күректі солдаттардың» тізімі қайтадан жасалды. О баста «құрал беруге сенбеген, әділетсіз патшаның өгей қорғаушысы болып қара жұмысына бармаймыз» десіп, дүрліккен асау ел амалсыз «жуасып» қалыпты. Тізімге ілінгендер ала қоржындарын азыққа толтыра, буынып-түйініп жүргелі жатыр. Соның бірі менің әкем. Бұған әкемнің өзі себепші болды.

Атрау айдынындағы батағаның ендігі бас қожайыны Таласов Атанияз мырза қаба сақалды, таңқақ мұрнының кеңсірігі омырылып кеткен, быржық бетін безеу басқан зор қара кісі екен. Ол Забурын қолтығындағы жаңа батағасын мекендеген жас тоқалында талай қыстар өткізіп, Атраудағы өз батағасына осы жылдың жазында бір-ақ келіп еді. Әкем екеуі бірін-бірі көзбен атып, біраз уақыт үндеспей тұрды.

— Я, келдіңіз бе мырза? Неге төсілесің тағы да кімді жалмамақ едің? — деді әкем.

— Сен әлі де менің батағамда істеуші ме едің, — Атанияз ішкі кегін сездіретін мысқылмен күлді, — өзің әлі ашулысың ғой, ә?

— Ашулымын да, сенің батағаңда істеген де едім, енді істемеймін, — әкем қолындағы гирді лақтырып тастады да, шығып жүре берді, — қош, мырза!

— Біз әлі кездесетін шығармыз?

— Мүмкін, тіпті белдесетін де шығармыз...

— Алдыма келер күн туып, өкініп жүрерсің...

— Сенің алдына барып жалбарынбай-ақ қойдым, Күрекке тезек көп, мырза.

— Бар, бар, — Атанияз күмістеген жуан таяғын жоғары көтеріп, күлді, — ертең аяғыма жығыласың...

Қожайын мен жұмысшы ол күні осылай ажырасқан-ды. Ертеңіне июнь жарлығы жарияланды да, әкем екінші жұмысқа орналасып үлгірмей, «өгей солдаттар» тізіміне ілінді. Ертең осы казармадан жүрмек болып, койка сатысының астымдағы ағаш сандыққа көнетоз киімдерін салып жатыр. Екеумізге қараған бар мүлкіміз де осы бір кішкене ғана ағаш сандық болатын. Отырған адамның төбесі тиер-тиместей етіліп жасалған екі қабат сатының үстіндегісінде мен, астыңғысында әкем жататын.

Енді аздан кейін әкемнің орны аңырайып қалғалы тұр. Қалайша, мүмкін бе бұл? Мен бір айдан бері осы ойдың ауыр салмағын арқалаудамын. Содан бері басыма қонбай-ақ қойды. Рас, алғашқы кездерде бұл ойға сонша терең үңілгенім де жоқ. «Өзгелерді алса да, менің әкемді қалдырар» деп үміттендім. Менің бұл үмітімнің өрісі қазақ медресесінің жаңашыл оқытушысы Жарқын ағайдан тараған еді. Ол кісі оқыған адам болғанмен қара бұқарамен араласып жүретін. Біздің казармаға да сан рет келіп, кемпір-шалдарға қызықты қиссаларды, Махамбет, Абай өлеңдерін оқып беретін. Орыс газетіндегі соғыс хабарларын қазақшаға аударып, түсіндіретін. Бізден шалғай жатқан Жетісу, Торғай аймағындағы жағдайларды да біз осы кісінің аузынан еститінбіз. Жұртты оқуға, тазалыққа үгіттейтін. «Ақшаның керегі жоқ, тегін оқытамын. Тек оқыңдар. Тіпті өз үйіме келіп оқыңдар. Балаларың ғана емес, өздерінде кешке оқыңдар», — деп өтінетін. Біз теңізден қайтқаннан бері бұл кісінің кейде Михаил Ивановичпен, кейде Надежда Петровнамен әңгімелесіп тұратынын да жиі көретінбіз.

Жарқынның қай жерлік, қандай адамның баласы екені маған белгісіз. Біреу Маңғыстаудан десе, екінші біреу Арқадан дейді. Біреу бай баласы екен десе, енді біреу «кедей болғанда да нағыз қара сирақтың баласы екен, бай мырзасы сенің сасық казармаңды аралайтын ба еді» деп егеседі. Жұрттың айтуы рас болса, тіпті осы медресені ашудың өзіне Жарқынның көп еңбегі сіңген тәрізді. Ал, медреседе құран оқытпай, оқу, жазу үйреткені өзіме аян. Ара-тұра оқып жүріп, мен өзім де осы кісіден қара таныдым. Әкем де, әкем ғана емес, осындағы қазақ жұмысшыларының біразы-ақ қарындаш ұшын жалай отырып жазатын шимайды Жарқыннан үйренді.

Бір күні мен жұмыстан қайтсам, әкем маңдайын екі алақанымен басып, койка үстінде түнере қалған екен. Жанына келгенімді де сезген жоқ. Көзін тас қып жұмып алыпты. Ауыр-ауыр күрсініп қояды. Не қатты ауырып, не ауыр жәбірленіп отырған адамның түрі бар. Шошып кеттім.

— Әке, әке, — мен құшақтай алдым. — Басыңыз ауыра ма?

— Жоқ, қарағым, — әкем мені кеудесіне қысты да, мендегі мендік иісті өз көкірегіне толтырып алмақ болғандай, төбемнен ұзақ иіскеп, тынысын ішіне тартты. — Кететін болдым, құлыным.

— Әке, қайда кетесіз? Ешқайда кетпеңіз. Мен сағынамын, әке.

— Жаным, жаным, — әкем енді маңдайымнан иіскеді. Дауысы да қалтырап естілген еді, жан екеуі екен ғой.- Сені көзімнен бір елі таса етер ме едім. Амалым қанша, құлыным! Кетесің дейді. Маған ерік бере ме, олар.

— Әке, кім, қайда барасың дейді?

— Окоп қазуға, майданға барасың дейді.

— Онда сізбен ере кетемін, әке.

— Сені жібере ме, құлыным-ау?!

— Неге, кім жібермейді?

— Біріншіден — ол жер қатерлі, оқ асты. Жіберсе де ертпес едім сені. Екіншіден — жібермейді де сені.

— Мен қорықпаймын әке, ол теңіздегі ығыстан қорқынышты болмас.

— Сол теңізге шыққанын да ақымақтық болған сенің.

— Әке, бәрібір қалмаймын сізден, — мен ақырын өксіп әкемді құшақтадым. — Не мені ала кетесіз, не бармайсыз.

Дәл осы кезде казарма есігі сықыр ете қалды.

— Уа, кеш жарық. — Әй, теңіз батыры, сен немене, жылап тұрмысың? — деді біреу.

Басымды көтеріп алсам Жарқын ағай екен.

— Жоғары шық, қош келдің, — әкем орнынан көтерілді, — Мені окоп қазуға жібермеймін деп әлек салып жатқаны мынау батырдың!

— Ол баланікі заңды, — Жарқын күрсініп алды. Күрсінуінде дәрменсіз өксу емес, «әттең» деген жігер бар тәрізді. — Бір үйдегі бір азаматты алмауға тиісті. Бірақ әділет қайда, әділет! Оны орыс жолдастар айтқандай жарық күнде шаммен іздеп табарсыз ба, бұл заманда!

— Жарқын аға, — мен енді Жарқынды құшақтадым. — Сіз айтыңызшы. Менің әкемді алмасын. Бір үйде жалғыз ғой. Мен кіммен қаламын. Өзге балалардай шешем де жоқ. — Мен осыдан үш жыл бұрын қайтыс болған шешемді дәл осы секундта тағы да еске түсірдім. — Қайран апатайым-ай, сен де тастап кеттің, әкем де тастап кетеді. Мен кіммен қаламын? Жарқын аға, сіз айтсаңызшы, әкемді жібермесін менің. Шын жіберетін болса мені ала кетуге рұқсат етсін.

— Міне, тауып айттың, — Жарқын мені арқаға қақты да, екі қолымен ішін басып, ұзақ күлді, тым қасты күлгендіктен көзінен жас та шығып кетіпті. — Жігітсің, теңіз батыры! Дәл осылай деп арыз жазалық. Ертең өзін ауылнайға апарып бер. Ауылнай ғана емес-ау, бір көшірмесін губернаторға жіберелік. Бұл жауыздарды солай етіп бір мазақталық.

— Мүмкін босатар, — десті жиналып қалған топ.

— Жоқ, жоқ. Босау үшін өзіңді өзің сатып алатын байлығың болу керек. Ауылнай кеңсесінің маңы қазір базар. Ол базарда адам мал сатып алмайды, мал беріп өзін-өзі сатып алады. Қора толы малы, қойны толы ақшасы жоқ Жантас ағай екеуміз секілділер бір үйде жалғыз бала тұрса да, бай мырзаларының орнына окоп қазуға кетеді. Әттең, ең болмаса қолымызға қару беріп, заңды солдат етіп алсашы. Неткен қорлық! Патша үкіметі бізді «бұратана халықтар» деп есептейді. Қолымызға құрал беруге сенбейді.

— Сенбейді, ә? — Мен бұдан екі жыл бұрын Сережаға берген сұрағымның жауабын бүгін Жарқын ағайдың аузынан естіп отырмын. Бірақ себебіне түсіне алмадым, — неге сенбейді, аға?

— Ол орыс емес ұлттарға сенбейді.

— Патшаның өзі орыс па? — мен құсты аралдағы сайранда патшаны мазақтаған тақпақты да еске түсірдім, — прус деген не?

— Прус деп неміс ұлтын айтады, — мұғалім ойланып қалды, — бірақ біздің патшамыз өзін таза қанды орыс нәсіліненмін деп есептейді. Орыс емес ұлттарды кем тұтады...

— Михаил Иванович та, Надежда Петровна да орыс па, аға?

— Я, орыс, інім, орыс...

— Онда олар неге бізге сенеді, ал, патша неге сенбейді?

— Михаил Ивановичтар жұмысшы, озат ойлы адамдар. Олар өз ұлтын да сүйеді, өзгелерді де бауырына тартады. Ал, патша өкіметі біз ғана емес, орыстың жұмысшыларына да, озат ойлы оқымыстыларына да сенбейді. Бұлар біріне-бірі жау. Ұқтың ба?

— Ұқтым, — дедім мен. Шынында түсініксіз мәселелерім бұрынғыдан да көбейе түсті.

— Ие, солай інім. Ал, мен түнде арызыңды жазып қояйын, ертең апарып бер. Әкесі окоп қазуға кеткен панасыз баланың арызы архивтерінде сақталсын. Кейін өздерін мазақтайтын документ бояды. Ұқтың ба?

— Ұқтым, аға, — мен күрсініп алдым. Дегенмен, бір үйдің бас көтерген жалғыз азаматы ғой, әкемді босатар деген үміттен әлі қол үзбеймін, — Аямай ма мені, қорғансызбын ғой...

Жарқын ағай бұдан кейін де ұзақ әңгімелесті.

Ертеңіне күн жексенбі еді. Біз әкем екеуміз менің атымнан жазылған арыздың бірін губернаторға жөнелтіп, екіншісін ауылнайға алып бардық. Ауылнай кеңсесінің маңы шынында да базар тәрізді екен. Топ-топ адам, шоғырланған ат. Осы маңнан Атанияз мырза мен Қасқырбайды да керіп қалдым, бастарында ақ қалпақ, үстерінде кең ақ камзол. Күмістелген жуан таяқтарына сүйеніп, ауыр денелерін зорға қозғайды. Ол екеуін екі адам оқшаулау шығарып ұзақ күбірлесті де, ақ шүберекке оралған, қомақтылау бір нәрсені өз қойындарынан алып, аналардың қалталарына тықты. Атанияз бен Қасқырбай теңселе басып, үйге кірді де, біраз бөгеліп, кері шықты. Сыртта қалған екеуі сенімсіздеу адымдап қарсы жүрді. Төртеуі тоғысты да, қол ұстасып күлісті.

— Рахмет, рахмет!

— Қолдан келгенін сізден неге аяйық.

Манағы екеуі Атанияздардың қалталарына тағы да бір-бірден ақ орандыны тығып жіберді.

— Орамал тон емес, жол. Рахмет. Жақсылығыңыз ұмытылмас.

— Құрғақ қасық ауыз жыртады. Құдай жарылғасын.

Қойны жеңілдегендер аттарына міне шапты. Атанияз бен Қасқырбай енді кезектегілерді қабылдап, манағы жүріс-тұрыстарын қайталай берді. Бұлар бейне бір үлкен базардың алыпсатарлары тәрізді.

«Жантас, бекерге барасың. Әуре болмағанын-ақ дұрыс еді. Мынау баланың көңілін қимай тұрған шығарсың. Барсаң бар. Бірақ, жалбарынушы болма. Мынау неме жас төгіп, жау алдында жасықтық етіп жүрмесін! Жарайды, кіре алсаң кіріп қайт. Әй, кіргізбес...» деген еді Жанқия апай біз жүрерде. Шынында да Жанқия апайдың сол айтқаны болды. Біз ауылнайдың кеңсесіне кіре алмай-ақ қойдық. Ол үйдегі жұмысты тек анау мырзалар арқылы ғана орындауға болатындығын аңғарғаннан кейін, әкем Қасқырбайға жақындады.

— Ассалаумалейком, Қасеке!

— Не айтайын деп едің, — Қасқырбай сәлемдесіп жатпай-ақ, бірден әңгімеге көшті. Оның түрінде «анау жұрт күтіп тұр, бөгеме» деген асығыстық бар. — Сөйле, кәне!..

— Қасеке, мен мынау панасыз жетімді кімге қалдырамын? Көмектессеңізші. Жақсылығыңызды ұмытпан. Қалдыртыңыз, жалғызбын ғой.

— Қалғың келсе, — Қасқырбай ақша санаған адамдай саусақтарын жыбырлатты, — майла, құрғақ қасық ауыз жыртады.

Мен қойнымдағы арызымды ұсына беріп едім, Қасқырбай қолымды қағып тастады да, жүріп кетті. Қасқырбайдан күдер үзген соқ мен Атанияз мырзаға жүгірдім.

— Дауыл! Қайт кері! — Әкем етегімнен ұстамақ, болып ұмтыла берді. — Естимісің!

— Аға, менің мынау арызымды ауылнайға бере салыңызшы,- әкем етегімнен ұстағанша, мен арызымды Таласовқа тапсырып та үлгірдім.- Әкемді қалдырмаса мені қоса жіберсін.

Қалың майдан тынысы да тарыла бастаса керек, Атанияз мырза ырс-ырс етіп ентіге зорға ғана дем алып, арызымды оқып шықты да, бүкіл денесін іркілдете, қарқылдап, ұзақ күлді.

— Ә, қатыр, кездесерміз-ақ деп едім. Айтқаным ақыры болды ма?! — Атанияз қолындағы арызды жұмарлап уысына қысқан күйі, қасы ілгері шығып, дәл ортасы ішіне батыңқы біткен ойық маңдайының терісін жыйыра, қалың қабағын тас түйіп, ала көздерін бажырайта қарады. Май басқандықтан өз пішінін жоғалта бастаған, шарадай бетіндегі қанды безеулер әрі жиілене, әрі бұдыр-бұдыр болып ірілене түскен екен: зор тұмсығы, денедегі бар қанды дәл осы бір сәтте түгелімен өзіне тартып алғандай, қара күреңдене қалыпты. Кеңсірік шеміршегі бұрынғыдан да гөрі опырыла түскен тәрізді. Қалтасына сыймағандай аузына тізіп тастаған алтындарын көрсетпек бола ма, қалың еріндерін кейде түре ашып, кейде жыйыра тістенеді. Ернін қозғаған сайын, жаңадан ғана буырыл тартқан қаба сақалы секең-секең ете қалады. Мұртын да тікірейтіп алыпты.

— Дұрыс айтасың, — әкем кешегі қожасына бүгін сонау бір кездесуден гөрі де өжет қарап, таяна түсті. Екі қолын артына ұстаған екен, жеткен бойда-ақ бірден салып жіберетін адамдай, бір-бірі жарты пұттық гирдей, балуан жұдырықтарын түйіп алыпты. — Мен кездесу ғана емес, белдесуге дайынмын.

Әкем өз күшіне өзі сенгендей, өз ісіне өзі өкінішсіз жауап беруге бекінген адамдай, асықпай кең адымдап барады. Адымдаған сайын аралары жақындай түседі. Енді аздан кейін, бірі онсыз да зор денесін майға бастырған; екіншісі іркілдеген май болмағанмен, тұлғасы түгел зор біткен; екі алып ұстаса кететін-ақ шығар деп едім, бірақ, Атанияз мырза жасқанды ма, әлде айқасуды өзіне лайық көрмеді ме, менің арызымды күлшелеп, әкемнің бетіне лақтырды да жалт берді.

— Айналғанда алдыма өзің келдің бе, қара тау! Міне, саған белдесу!

— Жоқ, мырза! Мен сенің алдыңа жалбарынғалы келгенім жоқ. Ауылнайдан әділет іздеп келіп едім. Қателескен екенмін. Қашпа, тоқта. Біздің белдесетін жеріміз осы-ақ шығар...

Әкем Атрау батағасының қожасын желкесінен бүре түспек боп, тап беріп еді, жұрт ұстай алды. Атанияз мырза жақсы киінген қалың топтың ішіне кіріп жоқ болды.

— Жыртып кетті-ау, — мен арызымның бөлшектерін тере жүріп, әбден ызаланғандықтан жылап жібердім. — Жыртып кетті-ау!

— Өшір үніңді! — Бұған дейін маған «әй» демейтін әкем зекіп тастады. Қорқып кетсем керек, жым бола қалдым. — Өтінбе, дұшпанға! Жау алдында көрсетпе маған жасыңды, жасық неме! Кек ізде одан!..

Ашудың аяғы насырға шауып, әкемді жаптырып қояма деп үрейленген едім. Сол сыйымызбен үйге оралдық. Содан бері күндіз-түні ойланудамын бұл жайды. Қанша ойласам да ақылым ешбір жетпейді. Әкесіз қалай қалмақпын? Әкем де, анам да тек бір өзі. Бір айға кеткеннің өзінде төзе алмай теңізге іздеп шықтым. Әкемді табам деп, түн ішінде бір өзім теңіздің көкше мұзына шалқалап талай құладым. Шалғайдан бір жарқ еткен отқа да талай қарадым. «Әкем қайда, айтшы?»деп жұлдыздан да сұрадым. Сең үстіндегі сергелдеңде де естен кетпеді әкем. Қамыс салға мініп, дүлей кешкенде де, ол көз алдымда тұрды. Міне, сол әкені оқ астындағы, әрі қатерлі, әрі ұзақ сапарға қалай жібермекпін! Кіммен қалмақпын. Өзім неге ере кетпеймін сол әкеммен. Мені жалғыз әкемнен қайыруға кімнің қақы бар? Неткен қорлық! Ішімді бір өрт жалап, жүрегімді бір жыртқыш тырнап жатқандай жылағым келеді. Бірақ жылай алмаймын, жасымды көрсетуге әкемнің сонау бір зекуінен қорқамын. Тіпті, әлі де болса да қалып қояр деп үміт етемін. Шын кететініне әлі де сенбеймін. Қазақ төресінен әділетсіздік көрсем де, орыс төресінен әділеттік күтемін. Әнеукүнгі арызым бойынша «Дауылдың әкесі қалдырылсын» деген губернатордың жарлығы жетіп келер деп ойлаймын. Даладан естілген әрбір тықырды мен осындай әділетті әмір алып келе жатқан адамның аяқ басқам адымы шығар-ақ деп қаламын. Енді Михаил Иванович есіме түседі. Әттең, ол кісі болса, әкемнің қалуына көмектесер еді деймін. Арман ағайдың да теңізге шығып кеткеніне өкінемін. Ендігі бар сенгенім Жарқын еді, оның өзі де кетіп барады. Апыр-ау, шынымен-ақ кететін болғаны ма? Әлде мені алдай ма? Әкем неге қарамайды бетіме, көңілін босатпайын дей ме?..

— Дауылжан, — әкем басын көтерместен бір күрсініп алды. — Саған Жанқия апайдың «бөлмесіне» ертең бүрсігүні көшуге тура келер. Түндегі жаңбырдан пештері құлап жатыр ғой. Тентек болма, тілін алып жүр, апанның. Ана жылғыдай қаңғып кетпе бір жаққа...

— Тілін аламын ғой, әке...

Мен күрсіндім. Бұл күрсінуімде бір жағынан шынымен-ақ кететін болғаны ма? — деген шектену бар да, екіншіден, Сережа екеуміздің кеңесімізді әкеме қалай жеткізудің амалын таба алмай абыржу бар. «Әкем мені шынымен-ақ тастап кететін болса, екеуміз бірге жатармыз» дегенмін, мен оған.

— Әзірге менің орныма жата тұрасың ғой, — әкем маған бейтаныс бір әйел суретін сандықтан шығарып алды да, ілуге ыңғайланды. — Бас жағыңа ілейін. Көшерде ұмытып кетпе! Жыртпай, кірлетпей, күтіп сақта, балам!

— Әке, бұл кім?

— Сенің шешен, Мария Владимировна осы кісі болатын, қарағым.

Мен таңданып қарай қалдым. Көз алдымда Надежда Петровнадан аумайтын, мейірімді орыс келіншегі отыр. Әрі ұзын, әрі толық, бұрымы көкірегін жауып кетіпті. Тізген маржан тәрізді түп-түзу ұсақ тістерін түгел көрсете, күліп түскен екен. Күлкісі де Надеждадан бір аусайшы! Жұқалтым түріне қарағанда аққұба адам болуға тиісті.. Менің бұдан үш жыл бұрын қайтыс болған шешем мұрны шолақтау келген кішкене ғана қара кісі еді. Кейде менің: «мен мамама тартқанмын ба, менің мұрным да мамамның мұрнындай кішкентай ма?» деген сұрауыма әкем жауап қайтармай, ауыр күрсінетін де қоятын. «Сен әкеңе тартқансың, құлыным! Мұрның да үлкен» деп шешем бетімнен сүйетін-ді. Енді ғана түсіндім. Ол кісі әкемнің өз шешем қайтыс болғаннан кейін қосылған жолдасы екен. «Өгей ана екенін сезбей-ақ қойсын» деген оймен әкем маған айтпаған болса керек...

Мен өмірге келген күні айрылып, кеш танысқан анамның суретіне қарай отырып, өз пішінімді еске түсірдім. Өткен қыс өмірімде бірінші рет мен өзімді үлкен айна алдында көрген едім. Бұл Надежда Петровнаның үйіне ең алғаш барған күніміз болатын. Біз рұқсат сұрап, есіктен кіріп барғанымызда үлкен бөлменің қарсыдағы қабырғасынан бірі бұйра шашты, ақсары, екіншісі майлап қойғандай жылтыр қара бала көрінді. Сережадан аумаған сары бала бас киімін қолтығына қысты да, маған бейтаныс, жылтыр қара бала өз басына кең, жаман құлақшынын көзіне түсіре, мыйлықтай киіпті. «Асылы мен сияқты әкесінің ескі құлақшынын киген біреу шығар», деп ойладым.

— Қош келдіңдер, қарақтарым, шешініп, бері шығыңдар, — деді Надежда Петровна орнынан көтеріліп.

Біз сырмалы күртемізді іле салдық та, төрге оза бердік. Манағы екеуі де сырт киімдерін шешіп тастаған екен, бізге қарсы жүріп келеді. Бірақ қара баланың жаман құлақшыны бастан түспепті.

— Дауыл, бөркіңді іл, — деп Надежда Петровна маған қарап еді, Сережа басыма жабыса түсті. Сережадан аумаған бұйра шаш та жанындағы қара баланың бас киіміне оң қолын апара берді. Оның бөркінің де оң құлағы жұлынғалы тұр екен, көзінің алды көгеріп кетіпті. «Тегі бір сойқанда болып шыққан шығарсың» деп күліп жіберіп едім, мені мазақтағандай қарсымдағы қара да жымиды. Екі бетіне кішкене ғана шұқыр пайда бола қалыпты. Саусағыммен сипап көрсем, менің бетімде де дәл сондай шұқыр бар екен. Мен бейтаныс қара баланың айнада тұрған өз суретім екенін енді ғана аңғардым да, ұялғаннан бетім дуылдап қоя берді...

Маған бұған дейін күнгірт болып келген кейбір сырлардың түйіні бүгін шешілгелі тұрған тәрізді. Әкем қолы бос күндері мені күлдіріп қойып, құмарта қарайтын, Күлкімді сәл тыйсам болғаны, күлші, Дауылжаным, бетіңдегі шұқырыңды көрсетші!» деп өтінетін. Мен сәби күлкімді жаңадан қайталайтынмын. «Қандай сүйкімдісің, құлыным. Сыртқы бояуың мен ірілігің ғана маған тартқан. Бет пішінің құйып қойғандай, дәл өзі. Екі бетінің ортасы шұқырайып, күлгені бір аусашы! Әттең, сәл ақшылдау болар ма едің. Бірақ ер адамның бозғылданбай, қара болғаны артық. Қайратты, төзімді келеді», дейтін әкем, өзімен өзі сырласып. Әкем мені күлдіріп қойып, құмарта қарағанда жастай айрылған жан жолдасын есіне түсіреді екен ғой. Бірақ мен өзімді алғашқы рет айна алдында көргенде әкеме ұқсатқан едім. Енді байқасам, ата мен ананың екеуінің де үлесі бар тәрізді. Төбемнен бастап, дәл көз алдыма дейінгі аумақтың бәрі әкемнен аумаған екен. Екі шекем торсиып, маңдайым әрі жалпақ, әрі биік бітіпті де, қою қасымның қанаты жоғары көтеріліп кетіпті. Шешеме тартқан дөңгелек көздерімнің бояуына әкем өз үлесін тағы да қосыпты. Енді өте сөлекет болмағанмен, қалыңдау келген ернімнен өзгеде әкемнің үлесі жоқ тәрізді. Әкемнің бетіндегі сияқты шошайып тұрған шықшыт сүйек менде көрінбейді. Мұрнымның шеміршегі де аласарып барып көтерілмей, маңдайыммен бірдей болып тік бітіпті.

Әкем қорқынышты түстер көре ме, көбінесе түн бойы сөйлеп шығатын. Кейде егіле жылап, кейде «әттең, қарасақал, тоқтай тұр! Түбінде қолыма бір түсерсің!» деп жұдырығын түйе тұра келетін. Қожайынмен кездесіп қалған күнгі түнеугі қарасында да қайнаған бір кекті ашу бар тәрізді еді. Ұзақ уақыт айтылмай келген сол бір сырларды әкем маған дәл бүгін, әрі ұзақ, әрі қатерлі сапарға аттанарда ғана ашты. Бұдан он екі жыл бұрын, мен өмірге келетін дауылды күні шешемнің өліміне себепші болған қара сақал Атрау батағасының қазіргі қожасы осы Атанияз мырза екен ғой. Мені шешеден жастай айырған сол Атанияз бүгін мені әкемнен — жалғыз әкемнен айырғалы отыр. Кеше әділет іздеп барғанымда арызымды әкемнің бетіне лақтырып, қорлады. Дұрыс айтты әкем. Маған жасымды төгіп жыламай, кек іздеу керек. Кекті мен тек Атанияз ғана емес, кеше арызымды алып тұрып, — «құрғақ қасық ауыз жыртадыны» сөзбен, «параңды әкелді» саусағымен хабарлаған Қасқырбайдан да, осы екі мырзаның, өткен қыс, мені мұз үстінде қорлаған, мысқылшыл бөлтіріктерінен де іздеуім керек. Атаманның қаны да осылардың мойнында, Атаманға Арманның әкесін өлтірткен де сол жауыз. «Кекті өлім шоқпарын ұстаушылар емес, сол шоқпарды қолына беріп, кісі өлтіруге жұмсаушылардан іздеу керек. Шоқпар ұстатушының өзі де, сол шоқпар тәрізді мылқау күш» деген болатын Михаил Иванович.

Ана суретінен көз алмай, әке мен бала ұзақ отырдық. Біріміздің анамыз, біріміздің жан жолдасымыз, бала қызығын көре алмай, арманда өлген жас құрбанның қасиетті бейнесі алдында азаттық күресіне бел байлап, ант етіп отырған тәріздіміз. Суретке сәл қырындау түскен жас ана оң бетіндегі шұқырдың орны көлеңкеленіп, маған сүйсіне қарап күледі. Күлкісі қандай әдемі! Мүмкін, ол күндері мені қолына алып, масаттана қарағанда да дәл осы бір тәтті күлкімен күлген шығар-ау!..

Коридорда тықыр естілгенге «губернатордың әмірін алып келе жатқан біреу шығар-ақ деп елең ете қалған едім, есіктен Анна Ивановна мен Жанқия апай, Надежда Петровна мен Сережа кіріп келеді екен. Олардың жүздерінен өзім күткен қуанышты хабардың белгісін көре алмадым.

— Ал, Жантас, жүргелі жатырмысың? Қайтеміз шырағым. Бұл соғыс орыс, қазақ еңбекшілеріне бірдей келген бақытсыздық қой. Аман барып, cay қайт. Дауыл енді жетімдік көрмес, өзі де жігіт болып қалды. Қорғаншы бола жүрерміз. Мынау біраз ғана сухарь мен қантты жолыңа азық ет. Мынау хатты менің Михайлым мен Владимирыма салып жібер. Сендер суыт жүріп, жақын барасыңдар ғой, тіпті кездесіп те қаларсың — деді, біраз үндеспей отырғаннан кейін әңгімені Анна Ивановна бастап.

— Қарағым Жантас, — Жанқия апай жалқы көзінің жасын сығып алды. — Мынау тері қолғапты сандығыңа салшы. Ол жақ суық болады дейді ғой. Дауыл жайлы қам жеме, мен енді ешқайда жібермеймін. Бүгін-ақ көшіріп алар ем, анау пеші түскір...

— Мынаны да қоса салыңыз, — Надежда Петровна шағын ғана қызыл түйіншекті ұсынды. — Ұстара мен айна, сабын мен әтір сатып алған едім. Бір кітапты қоса түйдім. Өзіңіз шала танығанмен, біреуге оқытып тыңдарсыз. Мынау кітапты Жарқынға беріңізші, мен кездестіре алмай-ақ қойдым.

— Рақмет, — әкем нәрселерін сандығына салып болды да, орнынан көтерілді. Күн бойы күйбеңдеп, жүзін менен неге тасалай берді десем, жылап алған екен ғой. — Мынау менің тентегім біріңе емес, бәріне аманат. Басқа не айтайын. Сендер күлмеңдер маған. Көзімдегі жас емес ыза. Армандамын. Анау қара доңыздан кек қайтармай барамын. Мені қойшы, көппен көрген ұлы той. Мынау тентек тым жас қалды-ау.

— Сіз келгенше Дауылды ғалым етіп шығарам, — Надежда Петровна мені құшағына қысып, күрсінді. — Атанияздан қалай еш алудың шешімін өзіңіз майданнан ала қайтыңыз. Халқым деген ер азаматтың орыс, қазағын түгел майданнан табатын болдыңыз ғой.

— Я, дұрыс айтасыз. Дауылымды ғалым етем дейсіз бе? Сөйтіңізші. Ғалым болған соң Жантас бондарьды ұмытып кетпе, хат жазып тұр, әй, тентек! — Көз алдында қазіргі тентек Дауыл емес, ғалым Дауыл тұрғандай әкем маған құмарта күліп қарады да, екі бүктелген конвертті ұсынды. — Дауылжан, мынау нағашыларыңның адресі еді, жоғалтпа. Мүмкін ғалым болып шыққан соң іздеп баруға тура келер. Ғалым болдым деп шалқайып кетпе, балам. Надежда Петровна мен Жарқын ағаң сияқты қара бұқараның қамын ойла.

— Әке, әке, — жасықтық емес жан ашуының жасына қанша булықсам да, сол бір зекуден былай жасымды жанымнан төгіп жапа шегуде едім. Әлгіде әкемнің өз кірпігінен көрінген ірі моншақтардан кейін төзіп тұра алмадым да әкемнің тізесін құшақтап еңіреп қоя бердім. — Әке, сіз шын кетесіз бе? Мен ше, мен? Мен қалмаймын, пароходқа бірге мінемін. Ала кетіңізші, әкежан! Әкемді алсаңдар бірге барамын деп арыз бергемін губернаторға. Бірге барамын. Өлсем бірге өлемін.

Менің екеуімді баста Сережа ғана қостаған еді. Бара-бара әкемнің өзінен өзгелер түгел қосылып, казарма ішін біраз күңірентіп алды.

— Әйт, не сөйлеп тұрсың! — Әкем тағы да зекіп тастады. — Қайдағы өлімді шақырып. Өлмеймін мен. Сен бала ақмақ болма. Мен қаламын дегенмен қалдырмайды да, сен барамын дегенмен ілестірмейді. Бәрібір екеумізге ажырасуға тура келеді. Жыласаң осында еңіреп-еңіреп ал да, далаға шыққан соң қайталаушы болма! Пароход басында кешегі Атанияз мырза да жүрген шығар. Дұшпанымның көзінше жас төгіп, жасыма. Сен өзіңнің жігіт екеніңді білесің бе? Қазірдің өзінде-ақ менің кеудемнен келіпсің. Ұқтың ба, жылама енді жігітім!

— Ұқтым, әке, ұқтым.

Мен көзімді жұдырығыммен сүрттім де, енді өксігімді басуға тырыстым. Әкемнің қала алмайтыны да, менің ілесіп бара алмайтыным да рас. Ажырасуға тура келеді. Ауыр! Бірақ жау алдында жас төгу ұят. «Ер жігіт жыламайды» деген болатын Михаил Иванович. Әкем қазір маған «жігітім» деді. Демек, бала емеспін! Баланың да, шалдың да жігіт болуға ұмтылатын ынтығынан мен де аулақ болмасам керек. Әкемнің әлгі бір сөзі мені он үштен жиырмаға бір-ақ көтеріп тастағандай. «Жыламауым керек, жігітпін, жігіт!» деп күбірлей бердім...

XIX ТАРАУ. ЖАН АШУЫНЫҢ ДАУЫЛЫ

...Адам қабағының ашуын қайталағандай, көптен бері түнеріп келген Атрау аспаны түн бойы көзден жас төгіп, келер танын теңізден соққан дауылмен бастаған еді. Айдын беті аумағына сыймағандай, дәл ортасы күмбездене барып, жар жиегінен биіктеп алған екен. Жары аласалау жазықты көл-көсір ете тоғытып, көз жеткісіз телегей-теңізге айналыпты. Енді осы аймақты біржола жауып өтердей, жоталана көтерілген көк-ала толқындар бірін-бірі асықтыра қуып, бірінің үстінен бірі бұрқырай, борандата қарғып, уысына ілінгенді жұла қопарып, тоқтаусыз жөңкіп барады. Құдіретті көк жойқын бірін-бірі көтермелегендей, күркірей шулап, ақ көбігін аспанға лақтыра, ақыра теуіп өткен сайын, жар кемерін де опырып түседі. Таласовтың монша жағуға бермейтін қамыстары да, қара май құйған бөшкелері де толқын тепкісінде төңбекшіп барады. Толқын аспанға еліктей ме, әлде аспан толқынды қайталай ма, бүгін бір-бірінде ұқсастық бар тәрізді. Күн бетін көлегейлеген қарасұр бұлттар да, кейде аттана шапқан батырды, кейде қос қанатын кең жазып, ұшқалы тұрған қыранды, кейде сапырылыса қайнап, сарқырап жатқан толқын кескінін бейнелеп, дәйексіз өзгеріп, жедел кешеді. Атрау беті күмбезденіп, жоғары көтерілсе, аспанның, қарасұр бұлты өз салмағын көтере алмағандай, бірден-бірге төмендеп, шөге түседі. Аспан мен айдын толқынының арасы тым жақындап қалыпты. Енді аздан кейін біржола тоғысып кетердей. Теңіз дауылы осы екі толқынды тез тоғыстырмақ болғандай, Таласовтың тозығы жеткен ескі батағасы мен құлауға бет алып, қисая бастаған казармаларының қамыс шатырларын жұла, балық қабыршақтары аралас, құм үйіре, ажылдап, екілене соғады. Жел екпіндеген сайын толқын жотасы тік шаншылып, дәл төбесінде ақ шұнақ боран ойнайды. Толқынды боран үстінде кейде қанатымен су сабалап, кейде қайқаң етіп, қалың бұлтқа сүңгіп, мазасыз ұшқан бір құс жүр. Мүмкін, Михаил Ивановичтың тақпақтап айта беретін «Дауылпаз жырындағы» дауыл жанды құс осы шығар. Қандай жүректі құс! Әттең, менің атымды Дауылпаз неге қоймаған деп ойлаймын ішімнен.

Ол күні жан аяғын баса алмас осындай бір дүлей еді. Алайда «окоп қазуға баратын жігіттерді бірер сағаттың ішінде аттандырып үлгіріңдер» деген асығыс әмір болыпты. Жинақтау пунктінде орын жетпегендіктен менің әкемді, қолынан қағаз алып, бірер күн өз казармамызда түнеткен-ді. Енді тура пристаньға келеміз. Маңдайдан соққан теңіз желі «барма, барма!» дегендей, құлақты қаға айқайлап, кеудемізден кері итереді. Жел айқайын мен осылай түсінемін де, баяу адымдаймын. «Менің арызыма губернатордан жақсы жауап келіп қалар ма еді, әкем де бөгеле түссе екен», деп ойлаймын. Бірақ ол бөгелер емес. Ағаш сандығын иығына салған күйі, ешкімге тіл қатпастан, еңкейе басып, кең адымдайды. Жел өтінен дабылды бір сыр тыңдап, ой үстінде келе жатқандай. Мен баста аңғармасам керек. Шынында да желдің дүрілі ғана емес, ашулы асқақ күйдің дүбірі естіледі екен ғой. Кеше осы күйді «жалғыз ұлы окоп қазуға алынған бір ананың шығарғаны екен» деп Жарқын ағай тартып берген еді. Күй шығарған ананың аты есімде қалмапты. Мүмкін, тіпті Дина анамыздың «Наборы» шығар сол бір күй. Кім шығарған болса да жан ашуының дауылы бар-ды бұл күйде. Күй кейде ел басындағы мұң-зарды баяндап, егіле сөйлесе, кейде елді налытушыларға қарғыс айтып, енді бірде «еңселерің түспесін, тұтаса топталып, түгел қимылдасаң жауыздық әлемін түпке тартып тұншықтырар күшті тасқынсың!» деп, ереуілге шақыратын тәрізді...

Пристань маңы қалың жан екен. Арттарына тіркелген баржылары бар үш пароход қатарласа қалыпты. Күй манағыдан да гөрі күмбірлеп, анығырақ естіледі. Мен орындаушыны кермек боп мойнымды созамын, бірақ, байқай алмаймын. Тегі бұл күйді тек домбырашы ғана емес, қабағы тастай түйілген сонау қалың топ әрқайсысы өз жүрегімен ойнап тұрған болуға тиісті. Мүмкін, мен де, менің әкем де ашынған жанның арманын баяндаған асқақ күйді жүрек пернесінде ойнап келе жатқан шығармыз. Қалың топтың жүзінен де жан дауылының тасқыны байқалады. Тым жұпыны киінген жігіттер жамаулы алаша қоржындарын иықтарына салып, пароходқа мініп жатыр. Әлден-ақ үрейлері ұшып, былаулана қалған ұяңқы, жасық көздер де, «әттең!» деген жан ашуының жарқылындай жалынды көздер де, еңкеюге таянған егде де, менен бірер жас қана үлкен ересектер де, күркілдеп жөтелген бүкір де, шойнаңдаған ақсақ та бар бұл топтың ішінде. Осындағы әрбір көз, әрбір қимыл ана күйінің әрбір ырғағын қайталап тұрғандай. Жұпыны киінген, жыртық күпілі осы топты, Жарқын ағайдың тілімен айтқанда «ақ патшаның құрал беруге сенбейтін өгей солдаттарын» арқанмен қоршап, полицейлер жиі-жиі тұрып алған екен, мұрттары да тым тікірейе қапты. Арқан сыртында дауылды күнгі теңіз толқынындай, кейде лап беріп ілгері ұмтылса, кейде, кенет кейін серпіліп күйінген ата-ана мен ағайын-тумалар тұр. Қоршаудың тек сырты ғана емес, іші де тулаған толқын тәрізді. Күй ырғағы қимылға дәл келіп қала ма, әйтеуір қимыл мен күй ырғағында бір тұтастық бар тәрізді. Күй бір кез сыңси сөйлеп, баяу естілген еді, толқындар да араларын шалғай салып, алыстай берді. «Әкежан-ау, әкежан, панасыз қалдым, артыңда...», «Жалғызым-ау, жалғызым, енді қашан көремін?» деп зар жылаған налыстар да естіліп қалды. Бірақ күй тілі кенет өзгеріп кетті. Енді егіле бермей, еңсесін биік көтере дүбірлей бастады. Әлгіде ғана бірі ішке, бірі сыртқа қарай лықсып, аралары біраз қашықтай түскен адам толқыны кенет, арқан қоршауды да, сол арқанды ұстап тұрған мұртты керегені де баса жаншып, біржола қосылып кетердей, қайтадан лап қойды. «Я, сәт, қосылса екен екі толқын, құлатса екен, мынау мұрттылар керегесін!» деп тілеген едім. Бірақ амал не, толқындар тек сәл тоғысып барды да, қайтадан кейін серпілді. Күй де, жан дауылының екпінімен толқыған адам толқыны да манағы бір ырғақ пен қимылды жиі-жиі қайталап, бірде лықсыса, бірде лап қойып, ұмтылумен болды. Алыстан қарағанда бұл көрініс тек қана толқын емес, өз жолында кездескен тауды аударып әкетер адам жанының тасқыны тәрізді...

Біз пристаньның дәл түбіне келіп қалған едік. Алдымыздағы терең сай суға толып кеткен екен. Енді оңға бұрылып, айналып өтуге тура келді. Сонау адам толқынының ішіне енуге «батырып жіберер» деп жүрексінгендей, жолымыздағы биікте орыс, қазағы аралас аз ғана біреулер үрпиісе қалыпты. Тамақ астынан танып тастаған фуражкаларын едірейте киіп, иықтарына погон қадаған жалтыр түймелілер де бар көрінеді. Жалпақтығы қарыстай, көк мақпал белбеуін күміспен қаптатып, мойнына алтын дөңгелек асынған қарынды бір қазақ тұр. Мүмкін, әкемді қалдыру туралы арыз айта барған күні мені табалдырығынан аттатпаған ауылнай осы шығар. Түнеугі адам базарының алыпсатарлары - Атанияз бен Қасқырбайды да осы маңнан байқап қалдым. Жүздерінде абыржу бар тәрізді бұлардың. Жағадағы жанды толқындар мұртты керегелерді теуіп өткен сайын, күбір-күбір сөйлесіп, үрпиісе қалады. Жалтыр түймелілер осы маңды торып жүрген атты полицейлерге әлденендей жарлықтар береді. Шаба жөнелген аттылар қамшыларын үйіріп, қалың топқа араласады. Шаң-шұң дауыстар естіледі.

Ирелеңдеген жалғыз аяқ жол үрейлілердің дәл түбімен жүреді екен. Жақындап барғанда әкем ағаш сандығын оң иығына ауыстыра салып, екпіндей жүгірген еді. Шодырайып кеткен күрең желкелерін бізге тосып, жолдың жиегінде тұрған Атанияз бен Қасқырбайды сандығының бұрышымен қағып-ақ өтті. Жар жиегінен көз алмай, абайсыз тұрған мырзалар құлап түсті. Олар ғана емес, әкемнің өзі де омақаса жығылды. Иығындағысы да ұшып кетті. Бірақ, қалың тақтайдан істелген сандық сына қоймаған екен. Әкем тез көтерілді де, сандығына қол соза берді. Біреулер желкелерінен қан саулаған Атанияз бен Қасқырбайды сүйемелдеп, енді біреулер әкеме тап берді. Осыны сезгендей әкем ағаш сандықты тым жедел, басынан асыра көтеріп, жалт бұрылды да, Қасқырбайлар қорғаншысына қарсы ұмтылды. Төбелерінен тастап жіберетін түрі бар. Әкем ілгерілеп барады. Көзіне қан құйылып, әбден түтеп алса керек, шекетамырлары көгеріп кеткен екен, бүкіл денесі қалш-қалш етеді. Әлгіде ғана бұны түтіп тастамақ болып, тұра ұмтылған мырзалар жүздері қуқыл тартып шегіне бастады. Бірақ әкем тоқтар емес, тағы да бірер адымдап, сандығын енді ғана лақтыруға ыңғайланған еді, кенет, мазасыз сызғырық дауысы естілді де, қылыштары жарқылдаған атты полицейлер үрейленген топтың алдына қабырға боп тұра қалды. Аттылардың бірі қылышын көтерген бойы ілгері ұмтыла берді, біз де шыр-шыр айқайлап әкемнің алдына қорған боп тізіле қойдық. Інісінің төсін жауырынымен жауып Жанқия апай тұр. Екі қолымен әкемнің төбесін қорғап, алақандарын жазып алған екен. Қылпылдаған қылыш жүзін жалаң алақанымен ұстай алудан таяр емес. Дауысы тарғылданып, айқайлап сөйлейді.

— Көзімізді ағызғандарың жетпей, енді басымызды шаппақ па едіңдер. Кәне, кел, ұмтылып көр... уа, келіңдер бері. Өлтірсе бірге өлтірсін, бәрімізді.

Жанқия апай жағадағыларға қолын бұлғады. Бұны түсінді ме, жоқ па, пристань маңындағы қалын топтан қырық-елулеген адам бізге қарай жүгірді. Дәл осы кезде атты полицейлер «қабырғасының» сыртынан: «Тоқтат, тоқтат!» деген өктем дауыс естілгендей болып еді, иығына шоқ қадаған, манағы жалтыр түймелілердің бірі ілгері шығып келеді екен. Ол қылыш үйірген солдатқа оң қолын бір сермеп, буырыл мұртын шыйырып алды да, күле сөйледі. Әуелгі кезде даусын жел қағып есіттірмеп еді, мұртты мырза енді айқайға көшті.

— Сенің атың Жантас қой. Тым ашулы екенсің. Екеуміз енді түтемей, тілге келіселікші. Анау мырзалардың желкесінен қанын ағызыпсың. Қасқырбай мырза тіпті ауыр жаралы. Байқасаң еді, мұның не?

— Мен ғана емес, Таласовты да танитын шығарсыз?

— Таныймын, әрине таныймын.

— Танысаңыз болғаны. Тұрмасын менің жолымда.

— Ә, сен байқамай қағып кеткен екенсің ғой? Бай қауын керек еді...

— Байқамағаным да рас, мүкі тигізіп алдым. Байқап ұрсам мыйын ағызар едім. Енді кездессек белдесеміз деген сертіміз де болатын. Әрине, сандығымның Қасқырбайға тигені қателік болған...

— Ескі кекпен шектескен серт дейсің ғой?

— Мүмкін. Бұл жайдан сіз де хабардар екенсіз, ә?

— Мен кеш естідім. Бірақ, сол бір күнгі соққыдан Атанияз мырза бір жыл бойы емделіп, зорға адам болыпты. Кеңсірігіне салған таңбаның ізі ойылып, әлі тұр.

Енді ескі кекті ұмытқан жөн, жігіт. Ал, енді осы тұрысың не? Ағаш сандықпен кімді жоймақсың? Өмір күтіп мынау тұрған атты полицияны көрдің бе?

— Көріп тұрмыз, мырза, — Жанқия апай енді екі бүйірін таянып, ілгері ұмтыла берді, — әмір күтіп, дайын тұрғаны рас. Сонда сіздің шаптыртатыныңыз кім? Ақ патшаның қылышты солдаты «күректі солдатын» шаппақ па? Таласовтар біздің көзімізді ағызса да, адамымызды өлтірсе де түк емес, ал Таласовтардың сандық қағып желкесі жырылса ел басына қылыш үйіресіз. Беріңіз әміріңізді. Мына біздің бәрімізді түгел шапсын. Күш сенің қолыңда, мырза!.. Бірақ, сен қылыш көтерер болсаң, анау топ сырық көтермей қалмайды, оны да ескер!құ.

— Сіз қателесесіз, — жалтыр түймелі сәл шегініп барып, бұл жолы да ішкі ызасын жасыра, өтірік күле сөйледі, — ондай әмір бермеймін. Ұлы патшаны қорғағалы бара жатқан адамдарға жәбір еткім келмейді. Айтыңыз анау жігітке, тентектік етіп, бүлік салмасын...

— Үкіметке қарсы бүлік шығарған ешкім жоқ, мырза!..

Мен салт аттылар қатарына көз тастап едім, бәрінің де қолдары қылыш сабында тұр екен. Буырыл мұртты жалтыр түймелі «ә» десе болғаны, аспанға бір-ақ көтеріп, үйіре шабар түрі бар. Мына бізге тап берген аттыны да енді ғана аңғардым. Бұл Асаубай тентектің «арақты соның өзімен бірге іштім» деп мақтан етіп жүретін досы — «Мысықмұрт» екен ғой. «Мысықмұрт» әлгі Қасқырбайдың тумасы. Шын аты Мыңдыбай екен. Отызға келгенше сақал-мұрты болмағандықтан жұрт оны келемеж етіп «Кемпірбай» атапты. Осы мазақтан құтылмақ болған Мыңдыбай мұрт қойған екен. Одан да аброй таба алмапты. Бар-жоғы қырық-отыздан аспайтын жирен қылшық бүкіл елді бір шыбықпен айдайтын қатаң полицейдің өз тәртібіне де көнбей, іргесін ғана емес, ұшын да бір-біріне жуытпай, мысықтың мұртындай тікірейе қалыпты. Жұрт енді «Мыңдыбайды» да, «Кемпірбайды» да біржола ұмытып, «Мысықмұрт» атайтын болыпты. Сол «Мысықмұрттың» жалпы бет бейнесінде адамға ұқсастық шамалы ма деп қалдым. Өмір есігін ашпай тұрып-ақ аса бір ауыр соққы жегендей ішке қарай тым опырыла біткен аузының үстіндегі саңырайған екі үңгірді бітей салса, мұрын мен бетінің шекарасын ажыратып алу да қыйынға соғар еді. Жаратылысынан жәбір көрген сол мұрын бейнесінің кемтігін толтыру үшін көмекке ұмтылғандай, сүйірлене біткен ұзын иегі жоғары қарай қайқая қапты. Дәйексіз шегір көздері қазір-ақ шатынап, сынып кеткелі тұрған шыны тәрізді. Маңдай сүйегі де салмақты бір нәрсеге соғылғандай, қабақ деңгейінен әлдеқайда кейін шегініп кетіпті.

Әкем тіл қатпады. Атты полицейлер қатарын ағы қанталап кеткен, қыйық көзімен бір сүзіп өтті де, тек «әттең!» дегендей ауыр күрсініп, кері айналды. Бір жағынан ақыл айтқансып, екінші жақтан күш көрсетіп тұрған буырыл мұрт әкемнің жағадағы топты ереуілге шақырмай, — тыныш кеткеніне қуанып та қалса керек.

— Сөйтіп жігіт, ақылына кел. Ұлы патшаның ұлылық мәртебесін көтеріп қайтқан қуаныштар үстінде кездеселік, — деді соңымыздан қол бұлғап.

— Кездесерміз. Бірақ...

Әкем артына да бұрылмады, пікірін де аяқтамады, сандығын иығына салды да пристаньға қарай аяңдады. «Бірақ»... деген алғашқы сөзін ғана айтып, өзгесін көмейінде сақтап қалған сөйлемінде бір зіл жатқан болуғa тиісті. Біз енді арқан сыртындағы топқа араласа бастадық. Ду-ду сөйлеп, дәйексіз қозғалған адам толқыны бізді кейде ілгері қуса, кейде шырқ үйіріп, қайтадан сыртқа ысырып тастайды. Біреулер егіле жылап, енді біреулер екілене сөйлеп, даурыға қалыпты. Кімнің не айтып жатқанын да аңғарып болар емес. Әкем енді сандығын жерге қойды да, маңдайындағы терін білегімен сүртіп, бізге бұрылды.

— Ал енді қоштасалық. Мынау көптің арасында қысылып қаларсыңдар.

— Қош, аман барып, — Жанқия апай жыламады, тумасын қапсыра құшақтап, күрсінді. — Аман барып, cay қайт, қарағым. Көріскенше күн жақсы болсын.

— Апа, — әкем манағы ашуын әлі баса алмаған екен. Көзінде жас та, даусында діріл де жоқ, тек сазара қалыпты, ызалана сөйлейді, — қош болыңыз, апа. Елде қалып барасыз, әлгі итке сонша қатты айтпауыңыз керек еді ғой.

— Шауып алсын тілесе, — Жанқия апай жалтыр түймелілер тобына бір қарап алды да, інісінің екі қолын кезек сүйіп, жүзіне үңілді. — Ал, қош айналайын. Хат жазып тұр, мынау тентек оқыйды ғой.

— Ал, тентектер, — әкем енді Сережа екеумізді екі қолтығына қысып, жоғары көтерді де, жүзімізге кезек үңілді, — кәне екі дос, біріңе бірің көмектесіп, тату жүріңдер. Сережа, сен естиярсың ғой, ақыл үйрете жүр, мынау тентекке.

— Аға, біз, — Сережа екеуміз әкемді мойнынан құшақтап, баста қабаттаса сөйлеген едік, кейіннен сөз кезегін ол алды, — аға, біз тату тұрамыз. Сіз рұқсат етсеңіз мен Дауылдық жанына көшіп, екеуміз бірге тұрайық деп едік.

— Я, бұл қалай, — әкем Сережаға таңдана қарады, — шешең жібере ме сені?

— Жібереді. Соғыста өлген ағайдың семьясын көшіріп алған едік, үй тарылып кетті де, шешемнің өзі рұқсат етті. Аға, сіз де рұқсат етіңізші.

— Менің қарсылығым жоқ, — әкем бізді маңдайымыздан сүйді де, жерге түсірді. — Бірақ ендігі билік Жанқия апайда. Ал, қош болыңдар, келешек ғалымдар!

— Қош, әке, қош!

— Қош, аға, қош!

Әкем бізден кейін Анна Ивановна мен Надежда Петровнаның қолын қысты да, ағаш сандығын иығына салып, ілгерілей берді. Жанды толқын ішінде төбесі ғана қылтылдап, бірден бірге ұзап барады. Енді айналып артына да қарар емес. Бірақ мен әкемнің кететіндігіне әлі де болса сенбеймін. Бірде қалың топ арасында төбесі қылтылдап бара жатқан әкеме қарасам, бірде қала жаққа көз тігемін. Қала жақтан губернатордың хабарын күтемін. Осылай жалтақтап тұрғанда әкемнен көз жазып қалған едім, қалың топты ұзақ шарлағаннан кейін ғана зорға таптым. Тым ілгерілеп кеткен екен. Енді арқан қорғанды ұстап тұрған мұрттылар «қабырғасы» сәл ашылды да, әкемді қорған ішіне енгізе сап, қайтадан қаусырылды. Біз де ұмтыла бердік. Жанды толқын ілгері қуып арқанға таман апарып тастады. Әкем арқан ішіне кірсе де тоқтар емес, біржола пароходқа мініп тынайын деген адамдай ұзап берді. Ол ұзаған сайын менің губернатордан күткен үмітім де әлсіреп бара жатқандай. Енді «неде болса әкеңмен бірге кет!» деп соғады жүрегім. «Ретін тапсам арқан астынан өте шығайын. Содан соң пароходтың бір жеріне барып тығылармын. Әкем түсер кезде бір-ақ білсін» деген оймен еңкейе беріп едім, шағындау бір қол білегімнен шап беріп ұстай алды. Жалт қарасам баяғы жасыл ленталы қыз екен. Жанында кәрі әжесі. «Жыламаймын» деп әкеме уағыда бере тұрсам да, дәл осы кезде көзіме жас келіп қалғанды, ұялғаннан бетім бір ду етті. Сол еңкейген күйім, қызға сездірмей, көз жасымды сүртіп тастадым да, басымды көтердім.

— Раушан, — дауысымды дауыл қағып әкетпесін деген оймен айғайлап, асыға сөйледім. — Сен неғып жүрсін бұл жерде?

— Нағашымды...

Жасыл ленталы қыз маған зарын жеткізіп мұңын шаққандай шағын денесімен түгел солқылдап, қарақаттай мөлдіреген қарашығындағы жасты селдете төгіп, төмен қарады. Мен өз қасіретімді дәл осы бір секундта естен шығарып жібердім де, жетім қыздың мандайын сүйеп, жұбатуға тырыстым.

— Жыламашы, Раушан... Мен де әкемді ұзатып, — сөзімді жел айдап әкетті ме, әлде қалың топтың шуылы жеңіп кетті ме, қыз ести алмай қалса керек, қайталап сұрады. — Әкемді деймін, әкемді... Қой, жылама, Раушан...

«Қой» деп көңіл білдірсе екен түсетін әдет бойынша, Раушан екі ұшы ғана нарттана қалған дөңгелек ақ жүзіне лайық жып-жыйнақы қыр мұрнын жиі-жиі тартып ұзақ егілді. Мұңды қыздың қайнар жасы тырс-тырс тамып, алақанымның ұясын толтырып барады. «Тамшысы жерге ақпасын, бастырмайын аяққа» дегендей мен алақанымды шұңқырлай түсемін. Бірақ қызбен бірге егілмеймін. Ол жылаған сайын шыйрай, шыныға түсемін. «Сен қыз емессің, жігітсін» деген Михаил Ивановичтың ақылын есіме түсіремін. Жанқия апайдың сөзін қайталап: «жау алдында жас төкпе!» дегім келеді де, бөгеліп қаламын. «Жетімі жетім, ол рас. Бірақ та мұның жауы кім? Өгей бола тұрса да бай шешенің қолында емес пе? Онда мұның жауы жұпыны киінгендер болғаны. Ендеше, ауқатты шаруаның қызы біздің алдымызда жасын төгіп, жасықтығын көрсетсін. Тіпті өз алақанымдағы жасын да ақтара салып, таптап неге кетпеймін? Жоқ, болмайды. Бұл жасынан жетім болып ескен адам үшін, Михаил Ивановичтың сөзімен айтқанда екі карындағы күшінен өзге ешбір меншігі жоқ. Қазанғап ағай үшін төгілген жас. «Теге алмаймын, текпеймін» деймін өзіммен өзім кеңесіп. Раушан шешесінің жүзіне қарап едім, оның да екі көзі былаудай екен. «Нағашым кетіп барады» деп Раушан егіледі. «Ал, бұл кісіге жол болсын?» деп ойладым ішімнен.

— Әже, уа әже! — Жел жағында тұрған кемпірге сөзім дұрыс жетсін деп айғайлап сөйледім. — Сіз неге жылайсыз?

— Қарағым-ай, — кемпір көз жасын кимешегінің ұшымен сүртті де, күрсініп алды. — Қазанғап Раушанның нағашысы болғанда, менің жатым ба? Туған өзге ана болғанмен, күткен ана өзіммін. Шешесі өліп қалды да, бес жасынан бастап өз бауырымда өсті. Раушан екеумізде осы Қазанғаптан өзге кім бар еді? Бұған жыламағанда кімге жылаймын, қарағым...

— Әже, анау Қасқырбай құдаңызға айтсаңызшы, Қазанғап ағайды алып қалсын. Барыңызшы, әже!

— Бармады дейсің бе, қарағым. Қасқырбай енді бізді неғылсын. Тіпті амандаспай да қойды.

— Әже, мал беріп неге сатып алмайсың?

— Біз сорлыда мал бар ма, қарағым. Мал иесі Қасқырбайдың қарындасы ғой. Кешегі менің жалғызым мынау Қасқырбай жауызға бақытсыздыққа бола...

Кемпір сөзін аяқтап үлгірмей кимешектің ұшын тістеп алған еді, жылап жіберген екен. Ана мен Раушан енді тек Қазанғап ағай үшін ғана емес, бірі баласын, бірі әкесін еске түсіріп ұзақ егіліп алды. Қасқырбай тұқымынан көрген зәбірін айтып, әлдекімге мұң шаққандай. «Сен ана кегін Таласовтан іздесең, Арман әкесі үшін Атаманды жазғырса, біз Арманның әкесінің де, Атаманның да кегін Қасқырбайдан іздейміз. Күш біріктіріп бірге аттаналық», дегендей. Өз аңғаруымша жәбірлі жасқа толған бұл кездерде мұң ғана емес, талап та бар тәрізді. Мен сол талаптың салмағын сезгендей ауыр күрсініп алдым. «Бұлардың жауы мынау жұпыны киінгендер емес, осы топқа кіруге бата алмай, оңашаланып тұрған анау Таласовтар екен ғой» деген өз қорытындымды шығардым да, әкемнің ол күнгі маған айтқан ақыл-талабын енді өз ақылымның жемісіндей бұларға жеткізіп, жұбата бастадым:

— Әже, Раушан, жыламаңызшы! Жау алдында жас төгіп, жасықтық білдірмеңізші...

— Дұрыс айтасың, ұлым, — кемпір жасын құрғатты да, Раушанға бұрылды, — я, енді жылама қызым. Көзіміз қызарып барса, әлгі көкжал тағы да мазақтар. Жыламайық...

— Жарайды, қойдым, әже...

Қыз ауыр күрсінді де басын көтерді. Көз кемеріндегі жас сарқылғанмен жан өксігін баса алмаған екен. Әдемілік үшін әдейі қолдан тізіп қойғандай, тіп-тік біткен тым жиі, ұзын кірпіктерінің ұшында мөлтілдеген ұсақ моншақтар ғана қалып қойыпты. Алақанымдағы жасты төгіп тастауға қыймай, қыйналып тұр едім, түнін жаңбырмен өткізіп, тақын дауылмен бастаған Атрау ауасы тым салқын болғандықтан күртемді киіп шыққандығым есіме түсті де, қуанып кеттім. Мұңды қыздың көз жасын баяғыда өзі сыйлаған конфет қағаздарына араластыра салдым да, әкемді іздедім. Көз жазып-ақ қалған екенмін, кеп адамның арасынан оңайлықпен таптырар емес.

— Сөйт, шырағым, жылама, — кемпір енді маған бұрылып, сүйсіну мен мүсіркеу аралас, маңдайымнан сыйпады. — Сенің де әкең кетіп барады ғой, балам, қайтесің. Тағдырдың салғанына көну керек. Өзің ақыл тоқтатып, адам болып қалыпсың. Түпу-түпу, тіл-аузым тасқа дейінші, шешен екенсің, балам...

Жалпы жастарға тән мадақ сүю жағы менде өзгеден көрі де басымырақ болатын-ды. Мен көбіне өзімді өзім аңдып, үлкендерге ұқсауға, солардан үйреніп алған қанатты сөздермен сөйлеуге тырысатынмын-ды. Менің сөзімде де, пікірімде де өзімдікінен гөрі өзгенің меншігі молырақ жатады. Мұным кейде өзімдік оймен қабысып, жарасымды бола тұрса да, кейде сәби денеме шақтығы жоқ әкемнің киімін кигенім тәрізді, тым ерсі, лайықсыз болып шығады. Раушанның әжесімен сырласу үстінде мен өз сөзімдегі ерсілікті айқынырақ аңғарып қалдым-ау деймін. Кемпірдің әлгі бір мақтауы менің мадаққұмар сезімімді тым-ақ аспандатып жіберсе керек, «енді шешендігімді одан да гөрі асырып, әбден таңдандырайыншы», деген оймен теңіздік қорыма үңілген едім, Михаил Ивановичтың «тағдырды адам жеңуге тиісті» деген сөзі қанатын қомдап, ең оңайда тұр екен. Қуанып кеттім де кемпірге бұрылдым:

— Әже, тағдыр деген сөз емес, тағдырға мойын ұсынбай, қайта оған қарсы күресу керек. Адам тағдырды жеңуге тиісті.

— Астапыралда, — әлгіде ғана мені мақтап, орынды сөздеріме сүйсініп тұрған кемпір, енді шошынып кеткендей, жағасың ұстай алды.- Күпір боласың, шырағым. Олай демеші. Мынауың бала-шағаның аузына түсе бермейтін сөз екен. Тегі үлкендердің бірінен құлағына шалынған-ау!..

— Раушан, — шын ұялғандықтан екі бетім ду ете қалған еді, осыны сездірмей, әңгіме тақырыбын өзгертпек болдым да, Раушанға бұрылдым, — Қазанғап ағаймен қоштасып қалайын, қай жерде тұр, көрсетіп жіберші.

— Әне, әне нағашым, — қыз пристань жаққа қол созды. — Жарқын ағайдың жанында тұр ғой.

Мен Раушанның нұсқаған бағытына қарап едім, Жарқын мен Қазанғап, біз Атрауға алғаш оралған күні Атанияз әміршіні суғалақтырып жіберетін баяғы сары жігіт үшеуі пристаньның тұмсығында тұр екен. Жарқынның қолында домбыра, сол қолының саусағын перне үстінде жеңіл ойнатып, оң қолдың саусағын сермей соғады. Домбыра сазын жел қағып, бізге талып қана естіледі. Бұл маған таныс сарын — анаукүнгі домбырашы анамыз шығарған күй болуға тиісті.

— Жүр. Қазанғап ағайға амандасалық, — мен манадан бері ешбір әңгімеге араласпай, үнсіз тұрған Сережаға бұрылдым. — Жүр, қоштасалық.

— Жібермейді ғой бізді.

— Қазір мынау арқанның ішіне бір жерінен сүнгіп кетеміз. Содан кейін көпшілік арасында байқамайды.

— Ал, онда баста.

— Жүр, кеттік.

Мен қалың топтың бірінің аяқ арасынан екіншісінің қолтық астынан өтіп, ілгерілей бердім. Соңымда Сережа. Енді бір қарасам Раушан да ілесіп келеді екен. Арқан ішіне өтпек болып әр жерлен басымызды сұғамыз. Бірақ оңайға түсер емес. Қорған арқанды қолдарына ұстап, жиі-жиі тұрып алған мұрттылар итеріп тастайды. Біз жылжый-жылжый пристаньға таяндық. Бұл араның арқан қорғаны жіңішкере түскен екен, шоқпыт күпілі егей солдаттар бір-бірлеп қана пристаньға көтеріліп барады. Дәл кірер ауыздағы екі босағасында тұрған мылтықты полицейскийлер жұпыны киімділерді қолдарындағы таяқтарымен жауырындарына бір-бір шұқып еткізіп жатыр. Ең болмаса аттарын да атамайды, бейнебір қой сатып алушы тәрізді, адамның басын ғана санайтын болса керек.

Біз осы арада бөгеліп қалдық. Мұңлы зар мен айғай-шу манағыдан гөрі де күшейе түсті. Арқанның солтүстік сыртында біріне-бірі тетелес, бет-ауыздарын сары жара басқан төрт-бес бала еңіреп келеді.

— Әкежан-ау, әкежан! Жасымыз онға толмастан тастап кеттің артыңа. Ең болмаса шеше жоқ. Кімнен пана табамыз! Кетер болсаң ала кет, — дейді балалар зар еңіреп.

Еңіреп қана қоймайды, мұртты полицейлердің итергеніне қарамастан, өжеттік көрсетіп, ілгері ұмтылады. Қалың топтың қолтық арасынан өте шығып, әр жерден бір жылт ете қалады. Арқандағы топ ішінде бара жатқан буырыл сақалды қария шырылдап жылаған сәбилерге жалт-жұлт қарайды. Кірпігінде жас. Сол қабағының үстінде жұдырықтай ұрасы бар екен, көзін жауып кетіпті.

— Қарақтарым-ай, — шал зар еңіреген балаларына қол соза беріп еді, полицейлер кері итеріп тастады. Ұралы адам енді қайтып ұмтылмай, зорлықшыларға қарғыс айтты. — Обалдарың анау Қасқырбайларға болсын. Мынау иттерді көрдің бе, ең болмаса маңдайларыңнан бір сүюге де рұқсат етпейді...

— Ма-ма, ма-ма!..

Арқандағы топтың ішінде үрейлі бір сары бала «мамадан» өзге сөз айтпай еңіреп барады. Тегі осы баланың анасы болса керек, ақ шашын көкірегіне жайып жіберген сары кемпір арқан сыртынан қол созады.

— Қарағым-ау, қарағым. Алдыңда неге өлмедім. Он беске жасың толмастан, бұғалық салды-ау, мойныңа. Алпысбайдың атандай алты баласы үйде қалғанда, «ақ патшаның» құрығына менің жалғыз жетімім ілінді-ау! Әділет қайда, әділет? Жіберіңдерші, ең болмаса бір сүйіп қалайын.

Кемпір арқан сыртындағы топты бұза-мұза баласынын деңгейіне жақындап, ішке қарай ұмтыла берді. Бұл жерде Мамырбай полицей тұр екен.

— Қарағым, қазақ екенсің. Жіберші, айналайын, анау баламды бір сүйіп қалайыншы!

— Әй, кемпір, — Мамырбай ақ шашты ананы иықтан шап берді де, кері итеріп тастады. — Әрі жүр. Осы жұрттың ішіндегі қадірлісі жалғыз сенің балаң ба екен, ә? Міне, жүрміз ғой бәріміз де, ақ патшаның қызметінде.

— Уа, қанішер, жібер деймін.

Әлгіде өңірден қақырап түскен жаман шапанын Мамырбайдың басына жаба тастап, кемпір қайтадан ұмтылды. Бірақ, мұртты «қабырға» жібере қоймады. «Мамалап» еңіреген үрейлі ересек енді аздан кейін пристань: дағы қалың топтың арасына кірді де, көзден таса болды Жалғызын көзден жоғалтқан ақ шашты ана зар еңіреп алақтай берді. Мен аяп кеттім кемпірді. Анасына қоштаса алмай кеткен үрейлі сары бала манағы бір ұмытыла бастаған ойымды есіме қайта түсірді. Жалт етіп қала жаққа қарап едім, губернатордың шапқыншысын да көре алмадым. «Енді неде болса есебін тауып, әкеммен бірге кетейін, әлгі сары баладан бойым аласа емес. Оны жіберген мұрттылар мені тоқтата қоймас. Аты-жөнін де сұрамайды екен ғой. Тіпті мынау ананы зарлатпай, сол сары баланың орнына өзім барып, оны кері қайырайын. Несі бар, ол анасының жанында қалады, мен әкеммен бірге кетемін. Кемпір мені мақтап, алғыс айта жүреді. Мұныма әкем қарсы болғанмен Жарқын ағай ризалық білдірер. Әкемді де, бастықты да үгіттеп, осыған көндірер» деп ойладым да, кемпірдің жанына бардым:

— Әже, сіздің балаңыздың аты кім?

— Аһ, — бетін терең ажым басқан ақсары кемпір шошып кеткендей, жалт етіп, маған қарады. Көп жылаған болса керек. Көзінің ағы қызарып, дауысы да қар лығып қалыпты. — Оны не қыласың қарағым? Сен де бара жатырсың ба? Бір-біріне сүйеу бола жүріңдер.

— Әже, мен сіздің балаңыздың орнына барып, оны босатайын деп едім. Аты кім?

— Аты дейсің бе? Аты Қозыбақ, — кемпір нұры сене бастаған қыйықтау қой көзінен алғашқыда әлсіздеу бір үміт сәулесін жалт еткізді де, артынша сәбилік аңқаулығымды мазақ еткендей, басын шайқап күлді. — Ниетін адал, азамат болғалы тұр екенсің, ұлым. Бірақ мұныңнан ешнәрсе өнбес. Құр серейген бойын болмаса, өзің менің Қозыбағымнан да жас екенсің. Қой, әуреленбе, құлыным.

— Жоқ, әже, мен босатамын, сіздің балаңызды. Қош болыңыз. Сережа, қош!..

— Қош, жолың болсын, Дауыл батыр!

Сережаның дауысында да күлкі бар, ересектігін білдіріп, әрі өрескіл, әрі аңқау мінезімді мазақтап тұр. Байланыса кеткелі бір ойладым да, уақыт өткізбеуге тырыстым. Манадан бері өтер жерді іздеп келіп, менің «барлаушы» көзім Мамырбай полицейдің аяғына тоқтаған еді. Ұзын бойлы адамның онсыз да талтақ аяғы бұл жолы атан түйе етерліктей, тым алшайып кеткен екен. Мазақтаушы досыма ақырғы рет «қош!» дедім де, екі сыйрақтың арасынан жып ете түстім. Сережа қолын созып үлгіргенше мен арқан ішіне еніп те үлгердім. Қалың топтың кезекті толқыны бір қаққанда мені пристаньға апарып-ақ тастады. Кірер ауызда тұрған мұртты полицей қолындағы таяғымен «бес жүз елу» деп арқама бір шұқыды да, әрі қарай өткізіп жіберді. Ең болмаса жүзіме де қараған жоқ. Тегі манағы сары бала сыяқты біреу деп ойласа керек.

Пристаньға шыққан бойда менің іздегенім Қозыбақ пен әкем болған-ды, екеуін де көре алмадым. Қозыбаққа «Сенің орнына мен барамын, кері қайт!» демек болсам, әкемнің көзінен тасаланбақ боламын. «Қозыбақтың орнына мені жіберіңіз» деген рұқсат сұрау үшін ең үлкен бастықты іздеймін. Бірақ таба алмаймын. Пристаньдағыларды пароходқа қарай айдап бара жатқан мұртты полицейлердің қайсысына тілдессем де, сөзімді тыңдамастан мені пароходқа таман итереді:

— Бар, бар, тезірек. Тезірек мініңдер.

Енді «Қозыбақты босата алмай қаламын ба?» деген қауып туа бастады. «Осы бойыммен жүре беруім жөн бе екен?» деп ойлаймын. Жағада қалып қойған Сережа мен Раушанды да тастап кетуге қыймайтын тәріздімін. Мен енді пароходқа емес, кері, жағаға қарай ұмтыламын. Мұртты полицейлерден бойымды тасалап, еңкейген күйім, жұрттың ара-арасымен Жарқын ағайларға қарай жылжып келемін. Мен терлеп-тепшіп, өкпем өшіп, Жарқындарға таянғанда мұртты «керегелер» пристань кемеріне келіп қалған екен. «Ақ патшаның» өгей солдаттары пристаньға түгел мініп үлгіріпті де, манағы арқан сыртындағылар енді мұртты «керегелерге» лап қойыпты. Арқан ұстағандарды итере тастап, бәрі түгел мінуге тырысады.

— Уа, жібер, ақырғы рет қоштасып қалайық...

— Рұқсат жоқ. Тараңдар.

— Жібер деймін, баламды бір сүйемін де, қайтамын.

— Мұртты аға, ақама жіберіңізші!

— Құлағы керең болған ғой, халықтың зарын тыңдар ма?!

— Жалынба ол шошқаға.

— Бізге де бір кезек тиер.

— Жібер деймін.

— Жібермеймін, тараңдар...

Мен Жарқын ағайлардың жанына жақын барғанда пристань маңы осындай у-шу болатын. Енді пристаньның жел жағынан жастау адамдардың айқайы естілген дей болды. Жалт қарасам Сережа мен Раушан екен Мен тұрған бағытты нұсқап: «Нағашы, Жарқын ағай. Дауыл, Дауыл!» деп айғайлайды. Жарқын ағай өткір қара көзін аудара маған бұрылды. Мынау қалың бұқарының жан ашуын бір өзі арқалағандай түнере қалыпты. Қарашықтары нөсер бұлтын бөксеріп өткен найзағайдай жалт-жұлт етеді. Кең маңдайының терісі жыйырылған сайын музыка нотасына ұқсас өрнектер пайда болып, қою қара қастарының арасы қосылып барып, қайтадан жазылады. «Әттең!» деген адамдай, еріндерін де тістеніп алыпты.

— Дауыл! — Жарқын домбырасын тоқтатты да, менің жүзіме таңдана қарады. — Інім-ау, сен неғып жүрсін мұнда?

— Аға, анау бір жыртық шапанды кемпірді көрдіңіз бе? — Мен Қозыбақтың анасын көрсеттім. — Сол кісінің жалғыз баласы да алыныпты. Бойы менен аласа.

— Я, көрдім, қарағым, — Жарқын жағаға бұрылды да күрсінді. — Бай мырзаларының орнына бара жатқан ондайлар аз ба! Анау адам базарының саудагерлері сатқан ғой біреуге!

— Жарқын аға, — мен Жарқынға әрі өтінішті, әрі сенімді пішінмен қарадым. — Сол баланың орнына мен барайын, оны босатсыншы, ә, аға?

— Адал жанды ақмақ бала!

Жарқын әрі мадақтаған, әрі келеке еткен адамдай көзінен жас шыққанша күлді де, мені құшағына қысып. маңдайымнан сүйді. Көкпеңбек етіп қырып тастаған айыр иегіндегі сақал түбірлері бетіме қадалып барады. Бірақ мен бетімді ала қашпай, қайта жабыса түстім. Жарқын ағайдың бойындағы тамаша бір сүйкімді иіс мені өзіне тартып барады. Әкемде жоқ бұл бір иіс немене ден ойлаған едім, әтірдің иісі екенін де кейін аңғардым.

— Аға, сүйтейікші. Сіз айтыңызшы, басшылықтарға.

— Ақмақ болма, інішегім! Азғындар тобынан әділет іздеме! Сен барамын дегенмен ол баланы босатпайды. Тіпті босатқанның өзінде бір кемпірдің қуанышы мыңдар жүрегіндегі қасіретті тарата алмайды. Қайт тезірек, ұқтың ба?

— Аға, — мен әлі аңғарып жетпесем керек, басымды шайқадым. — Аға деймін!

— Ақмақ болма дегенді түсіндің бе? — Сұңқар тұмсығындай сәл ұшы ғана иіліп біткен қыр мұрынның үстіндегі ұсақ секпілдері бірге күліп қазір ғана жайраңдап тұрған, ат жақтылау ақсұр жігіт, үлкен қарашығын аудара бір қарады да, ақырып тастады. — Кемпірдің баласы түгіл сенің өзіңді кері шығару қыйынға соқпасын. Міне, өзі де келді... Жәке, көрдіңіз бе, мынау тентек біреудің баласының орнына барамын дейді.

— Ақмақ, ес жоқ өзінде, — әкем қыйық көзінің асты мен басымнан бақайыма дейін бір сүзіп өтті. — Бізді тойға барады деп ойлайтын шығар, бұл?

— Ойбай-ау, — Жарқын ағай иегімнен көтеріп, жүзіме үңілді. — Сен тентек осы романтикалық қызық іздеуден де құр болмассың, ә?

Романтика! Романтика! Бұл сөзді мен ед алғаш Михаил Ивановичтан естігенмін. Ол кісі сең қуған аса толқындарға қарап тұрып «теңіз романтикасы осылай болады!» деуші еді. Онда мен «Романтиканы» бір дүлей қорқыныш деген мағынада ғана аңғаратынмын. Ал, Жарқын ағайдың «романтикалық қызығы» менің алғашқы түсінігіме қабыспай, қарсы келіп жатыр. Сұрамақ болып едім, үлгіре алмадым. Әкем мен Қазанғап ағай қолымнан сүйрей жөнелді. Екі алып мені сол сүйреген бойы пристань жиегіне келгенде жағада қалған ата-аналар ішке ұмтылып, арқан ұстаған мұртты керегелерді кеудесінен итеріп, айқасуда екен.

— Уа, ж-ол бер, әкем бір билікші адамдай ақыра сөйледі. — Босат, мынау баланы.

— А, бұл кім? — Желкесі шодырайып тұрған біреу үстем дауыстан абыржыған адамдай жалт бұрылып еді, Мамырбай екен. Бізді көрді де қайтадан қатуланып алды. — Кет әрі. Бар, мін. Қазір жөнелесіңдер.

— Көрсетейін мен жөнелгенді. — Әкем мен Қазанғап Мамырбайды да, оның көршісін де желкеден тартып құлатты да, мені арқан астымен сүйрей жөнелді. — Оңбағандар, он үш жасар баланы да жөнелтпек пе едіңдер?

«Екі алып осы бетімен үйге қайтатын шығар-ақ деп үміттеніп те қалғанмын, қателесіппін. Мені түсіріп жіберді де, кері оралды.

— Әке, әке! — мен көзімнен жас парлап, пристаньға ұмтыла бердім, — Қазанғап аға!..

— Құдай ұрған, — Жанқия апай желкемнен бір түйіп, мені өз құшағына тартып алды, — сүрт жасынды. көрсетпе!..

XX ТАРАУ. ҚАСҚЫРБАЙ ӨЛІМІНІҢ ҮСТІНДЕ

Жалақ ерін сары бала есіктен ентіге кірді. Қолындағы үлкен сазанын столға қойды да, төсін баса күрсінді. Көлдің көк балдырына боялған дөңгелек жүзінде бір қобалжу бар. Тым кішкене, қыйықтау қой көздері де ала келген ақпарын айтып жеткізуге асыққандай, мазасыз ойнақшып, кірпіктері жиі-жиі жыпылық қағады. Мен бұның қуаныш пен үрейдің қайсысы екенін аңғара алмай абыржудамын. Дұрысында біз бұның екеуін де күтуде едік. Бұл әкем туралы. Олардың кеткеніне бүгін екі айдай уақыт болды. Содан бері әркім әртүрлі хабар айтады. Біреулер: «ұсталыпты Жантас» дейді. Енді біреулер: «Жарқын мұғалім Жантасты жасырып майданға алып кетіпті» дейді.

— Әділ, аман ба, қарағым, — Жанқия апай да жалақ ерін балаға таңдана қарады, — неғып ертелетіп жүрсің. Сазанын не?

— Ә-ә-жем беріп жіберді, — әдетте тұттыға сөйлейтін Әділ бұл жолы әрбір әріпті жекелеп, тым әбігерлене қалды, — сү-й-ін-ші.

— Я, айналайын, қалағаныңды ал... немене?

— Мә, сүйіншің, — мен қармағымды ұсына бердім, — тек айт тезірек.

— Да-а-уыл-дың па...

— Асықпа,- Жанқия апай тізесін бүге жүресінен отырды да, баланы өзіне қаратып, маңдайынан сыйпады, — абыржымай дұрыстап айтшы өзін.

— Па-а-па-а-сы а-ман екен...

— Алақай, шын ба?

— Оны кім айтты, қарағым?

— А-ай-да-ар-хан-нан на-а-ға-шым ке-елді.

— Я, не дейді? Асықпа, жай, саспай сөйле.

Әділ не аса ашуланса, не қуанса тым көп тұттығатын. Бұл жолы да сол қалыпта еді. Бүкіл әңгімені аяқтап болғанша тұттыға беруге әрі жалығып, әрі шаршаған болуға тиісті. Қырық жамаулы түйе жүн күпісінін қалтасынан бір конверт алып маған ұсынды да, аса ауыр жұмыс атқарған адамдай, маңдай терін білегімен сүртіп күлді.

— Мә, ә. О-о-қы...

Мен хатты оқый бастадым. Жарқын ағайдан келген екен. Әдетте арапша оймыштап жазатын мұғалім, бұл жолы әр әрпін дара-дара, әрі ірі, әрі анық жазыпты. Асылы біздің жеңіл оқуымызды көздеген болар-ақ. «Жанқия апай, қорықпауыңызға болады. Екеуін де тасалай жүріп, поезға бір аман мінгізіп әкеттім. Енді іздей қоймас. Қармаққа іліндіріп алсам хабар берермін. Аман барсақ ендігі хатты майданнан күтіңіз» депті ол.

— Алда, қарағым-ай, — Жанқия апай қасіреттенгендіктен емес, қуанғандықтан күрсініп алды, — кеп жаса, Жарқын...

Мен кеудемді керней дем алдым да, әкемдер кетер күнгі уақыйғаның жалғасын еске түсірдім. Ол былай болған еді:

...Әкем мені пристаньнан жерге түсірген бойда, біздің желке тұсымыздан: «Уа, жол аш, жол аш!» деген дауыстар жиіленіп кетті. Мен де, мені құшақтап тұрған Жанқия апай да жалт қарастық. Әкеме әрі күш көрсетіп, әрі ақыл айтқан манағы жалтыр түймелі ентіге басып пристаньға келіп қалған екен. Жанында күміс таяқ ұстаған, котелок қалпақты біреу. Жұрттың айтуына қарағанда бұл Атанияз мырзаның ғұлама інісі Даранияз болса керек. Пристаньға тола мініп, енді пароходтағылар ұмтылған қоштасушы топ ентіккен екеуге жол бере қоймады.

— Жантас Бұзаубақовты кері қайтарыңдар, — деп айқайлады пароходқа міне алмай әбден ызаланған жалтыр түймелі, — Жантас Бұзаубақовты...

— Алақай, — мен қасіреті де, қуанышы да жедел ауысатын сәбилік аңғарттықпен жайраңдап, Жанқия апайға бұрылдым, — әкемді босатыңдар деген әмір келген екен...

— Ұстайын деп жүрмесін, — Жанқия апай мені құшағынан босатты да, жұртты омыраулай ұмтылып, айқайлап жіберді. — Жарқын, інім саған аманат... Сережа, шақыр казармадағыларды...

— Уа, онда, — ақ шашы көкірегін жапқан ақ сары кемпір жалтыр түймелінің алдын бөгей берді, — менің анау жас жетімімді де босат.

— Біздің әкемізді де, — ұралы шалдың екі жетімі де үміттене қарады, — кім асырайды бізді?..

— Ешкім босатылмайды, — жалтыр түймелі ілгері ұмтылды, — ұқтыңдар ма?!.

— Онда Жантасты неге босатасың?

— Ол Қасқырбай мырзаны ұрып кеткен еді. Қазір әлсін-әлі талуда... қылмысты адам...

— Сол керек еді, Қасқырбай итке...

— Тұтқындамақ екенсіңдер ғой, бермеңдер онда...

Пристань басы манағыдан гөрі де жаңғырыға түсті.

Айқай мен жылау жамырап, даурыққан бір дауыстар.. Кімнің не айтып жатқанын адам түсінер емес. Пароход үсті де бір әбігер. Пристаньдағылар сойылмен, жердегілер кірпішпен құралданып алыпты. Казарма жақтан ентіге жүгіріп орыс жұмысшылары да келеді. Даранияз мырзаның қалай өтіп кеткенін білмеймін, бергі пароходтың биігіне көтеріліп алған екен. Ол бір нәрсе айтқалы тұрғандай қолындағы қалпағын оңды-солды сілтейді. Жұрт тына қалды.

— Уа, жұртым, — деді Даранияз мырза котелок қалпағын жоғары көтеріп. — Жыламаңдар, мақтаныш етіңдер мұны. Біз ақ патшаның әмірі бойынша ел қорғауға. барамыз... Тентек болмаңдар. Беріңдер, анау қылмысты адамды...

— Манадан бері соны айтсаңшы.

— Бермеңдер, лақтырыңдар өзін...

— Уа, жұртым! — деді Даранияз, жұрт айқайы басылған кезде жаңадан сөйлеуге ыңғайланып.

— Жалған айтасыз, мырза! — Төменнен жүгіріп шыққан Жарқын ағай домбырасын жоғары көтерген күйі Дараниязға төніп барды. — Жұртына жаның ашыса жалтақтамай шыныңды айт! Бұл алдымен отан қорғау соғысы емес, отар іздеу соғысы. Сендер сыяқты мырзаларға жана базар табу үшін, еңбекші елді қырғынға айдаған, әділетсіз соғыс. «Жұртым, жұртым!» Қызыл тілде сүйек жоқ. Жұртым дейсің ұялмай. Сенде қандай жұрт бар еді. Сендік жұрт жоқ бұл жерде. Сенің «жұртың» қызара бөртіп, қымызын ішіп, үйлерінде жатқан мырзалар. Кеше сендер ауылнай кеңсесінің маңындағы адам базарында. сол мырзалардың ақшасына саттыңдар бұларды. Анау бір еңіреп тұрған сары баланы, мынау бір көзін ұра жауып кеткен, күркілдеген шалды, анау мүгедектерді қай мырзаның айырбасына саттыңдар?! Сен одан да осыны айт!..

— Я, бәсе, соны айтшы! Босқа көкімей...

— Уа, босат, анау жасы толмаған ересек балаларды.

— Бай мырзалары өз орнына өзі барсын.

Пристаньдағы жұрт айқайлай сөйлеп, мұртты кедергілерге қайтадан лап қойды. Аспанға атылған мылтық даусы да екі-үш рет естіліп қалды. Бірақ анталаған жұрт кейін серпіле қоймай, сойылдарын көтеріп алды. Жағадан тастар жауа бастады. Даранияз мырзаны екі-үш адам сүйрей жөнелді.

— Жөнел, жөнел, — жалтыр түймелі төре капитан мостигіндегі қара киімдіге қолын сермеді, — тезірек, жөнел!

Тұрба түбіндегі жұдырықтай сары жезден түйдек-түйдек бу ата айғайлап, асығыс жылжыған пароходтар Атрау айдынын бір айналып өтті де, кері оларды. Әкем мінген пароход қатарымызға таяу қалды. Асау толқын жолын бөгемек болғандай төстен теуіп-теуіп тастайды. Тумаларына қоштаспақ болған «өгей солдаттар» пристань жақ қабырғаға лап қояды. Пароход бір бүйірлеп, қыйсая бастайды. Капитан үлкен қаңылтыр түтігін жоғары көтеріп айғайлайды. Жұрт дүрлігіп, кейін серпіледі. Ауытқып қайтадан түзелген пароход үстінде манағы әбігер әлі басылмапты. Қазанғап ағай мен бір жігіт ұзын қара камзолды біреуді сүйреп келеді екен, бірер шайқап алды да, айдынға лақтырып кеп жіберді. Пристаньдағылар ду ете қалды.

— Лақтырды, иттің баласын!

— Кімді лақтырды?

— Дараниязды лақтырды.

— Тұншықсын, иттің күшігі!

— Уа, мың жаса, Әбіл, мың жаса!..

— Жігітсің, Қазанғап аға! — дедім мен айқайлап.

Даранияз асау толқынға көмілді де, жоқ болды. Батса екен деп едім, бірақ тілек болмады. Пароходтарды ұзатып бара жатқан шағын моторлардың бірі Даранияз мырза екінші рет қылт еткенде судан көтеріп алды. «Әттең!» дедім күрсініп. Менің өкінішімді қостағандай пристаньдағылар түгел күрсініп алды.

— Қап, ажалсыз итті көрдің бе!?

— Кедей сорлының бірі болса тас кесектей батар еді-ау!

— Құдайдың өзі де бұлардың жағында...

Пароходтар үсті-үстіне айқайлап, пристань маңынан ұзай берді. Бала біткен жар жағалап жүгіріп барады екен, Сережа екеуміз де ата жөнелдік.

— Ақа, ақа, біздің батағада істейтін жалшы баланы қарашы, өзі жылап барады, -деген дауысқа жалт қарап едім, өткен қыс мұз үстінде жұдырық көтерісіп қалатын замандастарымның бірі — Атанияз мырзаның еркесі Шыңғыс екен. Атты қазақтарша киініп алыпты. Үстінде жасыл төстікті ұзын ақ жібек камзол, мойнында жасыл башлық, иығында ойыншық мылтық сол жағында қылыш, төсінде кішкене дүрбі. Маған қазір бүкіл халық бақытсыздығының айыптысы өзге емес, тек осы бала сыяқты көрінді. Тұмсықтан қойып жібермек болып қанша кіжінсем де, әкесінің жанында тұрған соң ұрына алмадым. Жау алдында жас төгіп, жасықтық жасағандығым үшін өзімді өзім жазғырдым да, жүгіре бердім...

Пароходтар бірден-бірге алыстап кетті де, біз аңырап қала бердік. Раушанды іздемек болып артыма қарасам. Атанияз мырзалар жанымыздан өтіп бара жатыр екен.

— Ақа, ақа, — деді Шыңғыс гагар терісінен қырыла бастаған қара құлақшын киген сары баланы көрсетіп, — біздің кірді жуатын Зауза кемпірдің баласын қарашы. Шешесі анаукүні менің ескі құлақшынымды сұрап әкеткен еді, басына киіп алыпты.

Гагар құлақшындыны мен бірден-ақ таный кеттім. Бұл Саяғы біз теңізден оралған күні ағасын қорғап шыр ете қалатын сары бола екен. Әлгіде Даранияз мырзаны айдынға лақтырған Әбіл осы баланын ағасы болуға тиісті. Намыстанған сары бала бажырайып бір қарады да, тілін шығара қойды. Шыңғыс жүгіріп келді де, иығындағы ағаш мылтықпен тұмсықтан салып жіберді. Сары бала мұрнын басып, бақырып қоя берді. Арттағылар тұра ұмтылғанша болған жоқ, Шыңғыс қаша жөнелді. Мен жерде жатқан жарты кірпішті ала лақтырдым да, шоғырланған топтың ортасына еніп кеттім. Шан-шұң дауыстар естіліп, жұрт екі баланын төңірегіне үйіріліп-ақ қалды. Сол көптің қолтық арасынан сығалап қарағанымда Шыңғыстың желкесін басып жатқанын көрдім.

— Қап, қара құсын ойып жіберді-ау, бұл қай оңбаған еді, — деді Атанияз мырза жан-жағына қарап. — Көргендерін бар ма, неге айтпайсыңдар?

— Мырза, оңбағанды іздесеңіз ол өз балаңыз. Жалғыз ағасын қазір ғана аттандырып, жылап келе жатқан жетімге неге ұрынады?! — десіп жұрт ду ете қалды.

— Ұ-ұр-ын-ған ө-өзі. Ұ-ұр-ған ме-ен!- деді жақтаушы көпшілікке арқа сүйеген сары бала, кінәны өз үстіне ала сөйлеп.

— Өй, иттің күшігі! Ағызайын ба көзіңді!..

— Тарт, баладан қолыңды...

Атанияз мырза сары балаға тап берген еді, Жанқия оны кеудесімен тіреп тұрып алды.

— Жас нәрестенің кіршіксіз денесіне жолатпа қанды қолыңды. Көз ағызуға құмар болсаң, — Жанқия апай көзін танған қара шүберекті жұлып тастады, — менің мынау қалған көзімді тағы да ағыз. Ерте ме, кеш пе түбінде жауап бересің бұл көз үшін. Менің көзім ғана емес, мынау Дауылдың шешесі үшін де жауап берерсің. Бұл бала дүниеге келетін күн есіңде ме?..

— Жоқ, жоқ, бәйбіше, — Атанияз шегіншектей берді. — мен сізбен емес. Бұзақы балаға...

— Онда өз бұзақыңды неге көрмейсің, мырза! — деп жұрт тұс-тұстан айқайлап жіберді.

Көпшілікке топырақ шаша алмаған Атанияз баласының желкесіндегі қанды ақ орамалмен сүртті де, жерден көтеріп алып, өз үйіне қарай бұрылды. Жұрт тарай бастады. Біз сары баланың жанына келдік.

— Жарайсың жігіт екенсің өзін. Бай баласына өшіңді жібермедің, тұр енді, — деді Жанқия апай сары баланы орнынан көтеріп, — сенің атын кім?

— Ә-ә-діл. Ө-ө-шім-ді а-алып бер-ге-ен қа-ай-сы-ың? Сары бала тұттығуын енді сирете сөйлеп, бізге қарады, — се-ен-дер ме?

— Жоқ біз емеспіз, — дедім мен. Өзім жалғыз қалғанға жұрттың бәрі де солай шығар деп ойласам керек. — Сен кіммен қалдың?

— Ше-шем бар, а-пам бар.

— Олар қайда?

— Ә-әне, ке-ле жа-тыр...

Шешесі мен апасы кейінірек қалып қойған екен, ойбайлап жүгіріп келеді.

— Сенің достарың бар ма? Кел дос болайық, — дедік Сережа екеуміз.

— Дос-тан қа-шар мен емес, — Әділ қолын созды, — Әк-ел, бе-ес-ті!..

Ол күнгі адам жанының ашуы осылай дауылдатып барып, заман сырынын бүркеме жамылғыларын біраз жалаңаштап тастаған-ды. Сол дауылдың асау толқынында біз өзімізге сенімді бір серік тапқанбыз. Ол — қазір менің алдымда жымыңдап күліп тұрған осы ақ жарқын Әділ. Көмейінде әлі де айтылмай қалған бір сыр бар тәрізді.

— Қа-ас-қырбай ө-өліпті, — деді аптығы басылған Әділ әдеттегі қалпына баса, аз тұтығып, — я, өл-іпті..

— Я, сен оны қайдан білдің? — Жанқия апай таңырқай сұрады, — жаназасына шақырды ма?

— Ша-ақыр-ды. На-ағашым ба-арайын деп жа-тыр.

— Бармасын!- Жанқия апай енді қатуланып алды, — бар, нағашыңа айт. Бармасын!

— А-ап-а,- Әділ бұл жолы тағы да қыйқылдап қалды, — құ-ұ-дай-дан қо-ор-ық-са-а-ңыз-шы.

— Әй, қой әрі, — Жанқия апай жекіп тастады, — сіңбірігін сүрте алмай жүріп, құдайшылын көрдің бе, бұның!.. Балығына рахмет, қарағым. Бар, Зауза апайға айт. Тумасын жібермесін!

Әділ мұңайып үйден шықты. Жанқия апай екеуміз асыға аяңдап, батағаға келіп кірдік. Ертеңгі жұмысқа жыйналған адамдар күбір-күбір сөйлеседі:

— Атанияз мырзаның өзі келеді дейді.

— Не айтады екен?

— Келген соң тыңдармыз.

Батағаға жаңадан келген қыр жігіттері кенет орындарынан дүрліге көтеріліп, екі бүктеле қалған еді, өз тобырларын соңына ертіп Атанияз мырза келеді екен. Асаубай мен Жалықпас ағайлар да беріктерін қолтықтарына қысып, бастарын төмен ие қойды. Мырзамыздың жүзінде әрі қынжылу, әрі жаратылысына жат мейрімділік бар тәрізді.

— Уа, ағайын, тумалар, — деді қалың топтың ортасына келіп тоқтаған Атанияз, — Атраудың орыс-қазағы зор қазаға кездесіп отыр. Мұсылман қауымының адал перзенті — Қасқырбай мырза бір бұзықтың қолынан шәйт болды. Естеріңде ме, анау кезде Жантас қарақшы ұрып кеткен еді...

— Қате айтасыз, мырза, — күні бойы Арман ағаймен күбірлесіп тұрған Жанқия апай жұлқынып ілгері ұмтылды, — ол бұзық та, қарақшы да емес. Нағыз қарақшының бірі сол Қасқырбайдың өзі. Қасқырбайды өлтірген Жантас емес, халық қарғысы. Кешегі набор кезінде ел-жұрттан жеген парасы кере болып, көмейіне көлденең тұрған ғой...

— Астапыралда, — Жалықпас қария жағасын ұстай алды, — олай деме қарағым. Мұсылман адамды ол дүниеге олай жөнелтпес болар.

— Жалықпас аға, — Жанқия апай енді Жалықпасқа бұрылды, — Зарлық ініңіздің зар жылаған жетімдері әкесін мәңгі ұмытпас. Оларға Қасқырбай жақсы адам еді деп айтқыза алар ма екенсіз?

— Қарындасым, — Жалықпас күрсініп төмен қарады, — біреудің қазасы оттан, біреудің қазасы судан...

— Онда Қасқырбайдың ажалы Жантастан емес, ағаш сандықтың бұрышынан болғаны... Ақылсыз сандық адасқан...

— Бәйбіше, — әңгімеге Кабановский араласты, — анау бала мен екеуіңізге жанымызды салып ара түскен едік. Түрмеден де шығардық, жұмысқа да қайтып алдық. Жақсылықты бір білмейсіз бе?

Кабановскийдің айтып тұрғанында кейбір шындықтар бар. Әкемдер жөнеліп кеткен сағаттан бастап, Жанқия апай екеумізді күні бүгінге дейін қудалаумен келеді. Жанқия апайды төрт-бес күн жауып та қойды. Бізбен қоса бірнеше адамдарды жұмыстан да қуды. Осындай күндердің бірінде Атанияз бен Кабановский мырзалардың қақпасына «Жұмыстан шығарылғандарды үш күн ішінде қайтып алмасаңдар өлтірілесіңдер!» деген үрейлі сөздер де жазылып қалды. Ертеңіне Астраханьнан оралған Арман ағайдың бастауымен Атраудың жергілікті жұмысшылары қатарынан екі күн қызметке шықпай қойды. Атанияз мырза өз алдында құрдай жорғалайтын қыр жігіттерінің күшіне сеніп біраз шалқайып та көрген еді, атқа мінген елдің боздақтары ұқсатып жұмыс істей алмады да, қожаларымыз жергілікті жұмысшылар талабын орындауға амалсыз мәжбүр болды. Кабановский мырза қазір осыны «өзі істеген жақсылық» деп көрсетпек болады.

— Рахмет мырза, бізге істемеген «жақсылықтарың» бар ма? Дауылдың шешесін өлтірдіңдер. Менің көзімді ағыздыңдар. Бұны ешкім жасыра алмас...

— Ойбай, мынау апайдың тілін сумаңдатып, ысқыруын-ай, — қыр жігіттерінің подрядшісі Тормурзин мырза Жанқия апайды да, Арман ағайды да ешбір маза таппай ойнақшып тұратын сотқары қара көзінің отымен ата қарады, — Әй, Арман, қойғыз ана апаңа, әйтпесе...

Тормурзин еті тірі, тыраш жігіт. Бірақ оның ата-тегінде дәулетті ешкім болмапты. Өз әкесі де сүр кедей еді дейді қыр жігіттері. Олардың әңгімесіне қарағанда әкеден жастай жетім қалған Сәндігерей татар саудагерінің үйінде қолбала болып есіпті. Сол саудагердің балаларын баға жүріп татарша-орысша қара таныпты. Кейіннен сол татардың магазинінде сатушы болып істепті. Ауырлықты арқаламай-ақ жеңіл мал табудың мектебінен өтіпті. Алайда онда осы бір кербез киінгенінен өзге дәулет те шамалы. «Қолы да ашық, қалтасы да тесік» дейді Алдаберген қария. Сәндігерей деген атына лайық бойы да сындары, бет пішіні де көрікті, — қыр мұрынды, қара мұртты, Қаныке шешейдің тілімен айтқанда «жұмыртқадай ақ жігіт». Музыкалық аспаптарды да ойнай біледі. Әжептәуір билейді де, сөйлеген сөзіне де, жүрген жүрісіне де бір маңғаздық беруге тырысады. Сәндігерей мырза иіліп жұмыс істемейді. Күндіз қыр жігіттерінің жұмыстарын ғана бақылап, жас қыздармен қалжыңдасып жүреді де, түнімен карта ойнайды. «Сәндігерей бес Жүз мәнет ұтыпты. Жігіт екен» деген хабарды ертеңіне плоттағылар біріне-бірі жеткізіп таңданумен болады. Өзі туралы мадақты күле тыңдап, ақ қалпағын оң қолына ұстап, күміс таяғын имегінен қарына ілген күйі, аяғын сәнмен басып Сәндігерей өтіп бара жатады. Ақшаны көп тапқандықтан ба, қолы да тым ашық. Мінезге жеңіл бикештерге Сәндігерейдің ұтысынан сарқыт та тиіп қалады. Сол сарқыт алушылардың бірі Гүлсара тоташ осыдан он күн бұрын түн ішінде плоттан айдынға қарғып, батып өліпті. Содан бері Арман ағай Сәндігерейді «махаббат тажалы» деп кекейді. Мен түсіне алмаймын. Гүлсараны жерлеуге Сәндігерей бармаған еді. Сондықтан айта ма екен. Сәндігерей мен Арман арасында бір бақастық бар. Жексенбі күні бір кеште батаға жастары казарма алдындағы алаңға жыйнала қалған еді, көп ұзамай би басталды.

— «Тамаша», — дәл осы кезде соңынан әтір иісі бұрқырап алаңға келген Сәндігерей, билеп жүрген Люба апай мен Арманға қарап кекесінмен күлді, — па, па, «сүйкімді» бикеш, мынау жігітің ғажап билейді екен. Бұндай билеу тек аюдың ғана қолынан келеді...

Бұл жолы Арман ағайдың қолапайсыздау қозғалып жүргені рас еді, Тегі жаңа би болуға тиісті.

— Кешірерсіз, Сәндігерей мырза, — Арман ағай биін тоқтатпастан, ызалы пішінмен Сәндігерейге мойнын бұра қарады, — біз білмейтініміз көп-ақ. Пайдалы нәрсені үйренуге қорланбаймыз да...

— Ах, — дәл осы кезде Люба апай аяғын сілкілеп тұра қалды, — байқасаң қайтеді. Шынында да...

— Аю қашан да аю... Ха-ха-ха-ха! — Сәндігерей өз төңірегіндегілерге көзін қысып күлді, — кел, менімен билеңіз, бикеш.

Сәтсіздікке ұшыраған Арман сүйіктісін қолтығынан сүйеді де «би аланынан» шығып кетті. Мен бұл жолы Арман ағайға наразы болып қалдым. Шайқасу керек еді. Сол кештен бері Сәндігерей «сүйкімді» қызға қырындай береді. Бұл Арман ағайды ызаландыра түседі. Сөйтіп, ұстаған бағыты да, жаратылысы да басқа екі жігіттің арасы тым шиеленісіп барады. Қыр жігітінің «серкесі» осындай адам болатын.

— Әйтпесе! — Жанқия апай подрядчикке қарады, — бастауын бастасаң да аяқтауға батылын бармаған сөзіңді бітірмейсің бе, Сәнді мырза?

Сәндігерей жанындағы жігітті түртіп қойды.

— Әйтпесе, — танауы саңырайған, тентек Құрбан батпан жұдырығын көтере ілгері ұмтылды, — жыланның тіліндей суырып аламын тіліңді. Білдің бе, қатын. Сөз бер мынау мырзаға...

— Солай ма, — Жанқия апай мырс етіп күлді, — менің тілімді суыру көзімді ағызған мынау мырзалардың да қолынан келмеген...

— Жәке, — Айдынғали ағай өтінішті пішінмен қарады, — байланыса беріп неғыласыз...

— Апа, тоқтаңыз, — Жанқия апай тағы да бірдеме айтуға ыңғайланған еді, Арман ағай да тоқтау салды, — тыңдалық, не айтар екен? Кәне, сөйлеңіз, мырза!

— Уа, ағайын тумалар, — Атанияз біраз жөтеліп алып, алғашқы сөзін жасқаншақтау бастады, — тіпті Жантастың жәшігі абайсыз-ақ тисін-ау. Әйтеуір содан түзеле алмай, мынау фәни дүниеден уафат болды. Атрау бетіне ұстаған азаматынан айрылды. Құрметтеп қоюымыз керек. Ертең бәріміздің де баратын жеріміз сол. Дүние малы дүниеде қалады. Арқалап кетпейміз...

— Осыны ескеріп, — Матвей Степанович кекей күлді, — дәулетіңізді бөліп бермек пе едіңіз?

— Осыны ескеріп, — Атанияз бондарьға тесіле қарады да сөзін жалғай берді, — бүгінгі жұма күннің жұмысың сол марқұмның жолына бағышталық. Тек мұсылмандарын ғана емес, орыстарын да барыңдар...

— Уа, мырза, — Жалықпас шошына қарады, — мұсылманды жерлеуге діні басқа орыстар қатысқаны қалай?..

— Осыны Әзиз әфәнді де, Жанғабұл хажы да бір рәуәятқа сыйғызып отыр. Жақсы адамды ұзатып салғанға сауаптан өзге ешнәрсе жоқ деседі.

— Мен түсінбеймін, — Мақар қарт Арманға қарады, — бұл осыдан не ұтпақ?

— Ұтатыны көп-ақ, — Арман аз ойланып қалды, — алдымен Қасқырбай жауызды елдің ең сүйікті азаматы еді, сондықтан да бүкіл ел аса қадірлеп, жерлеуіне орыс-қазағы түгел қатысты демек. Өліміне себепші болған адамның, ол адамды жақтаушылардың, демек, зорлыққа, қорлыққа қарсы күресушілердің «күнәсін» ауырлатпақ. Қасқырбай моласының басында күресушілерге қарғыс айтпақ. Бүкіл жұртты иіріп апарып, Әзиз әфәнді мен Жаңғабұл хажының «қожаларыңа қарсы күресуші болмаңдар, құдайтағала сендерді құл болу үшін жаратқан. Қожаға ешбір талап қоюшы болмаңдар. Әйтпесе тамұққа өртенесіңдер...» деген ұзақ уағаздарын тыңдатып, Жалықпас ағай сыяқтылардың жүрегіне құранның уын құймақ...

— Дұрыс айтасың, достым, — Матвей Степанович басын изеді, — дәл осыны ойлап шығарған мынау доңыз аттас шығар.

— Әрине, бұл Атанияз мырзаның басына сыяр айла емес. Алыстан болжайтын әдісті адамның жобасы. Біз бармауымыз керек.

— Арман, — Матвей Степанович пен Арманның сөзіне үлкен құлағын тосып тұрған Кабановский оларға тесіле қарады да, төңіректегілерге жұмсақ рай білдіре сөйледі, — өлікке құрмет көрсету әрқайсымыздың борышымыз. Кәне, жүріңдер, тумалар.

— Мырза, — Арман ағай мысқыл мен ыза аралас күлді, — біз жұмысшы деген діндәр адамдар емеспіз. Үстіміз болса балық шырышына былғанған. Мұсылман қауымының «адал» перзенті Қасқырбай мырзаның өлігі бізден сауап таба алмас. Жұмаққа еркін кіруіне бөгет болармыз. Сондықтан бізден ешкім бара алмас.

— Әй, Арман, — «әсер сандуғашы» Хвастунов мырза жұлқынып ілгері ұмтылды, — мұсылманды жерлеуге мұсылмандар бармаса, мынау менің орыстарым барады. Кәне...

— Эх, сандуғаш, сандуғаш, — Матвей Степанович мырс етіп басын изеді, — тілің анық шығып қалған екен. «Менің орыстарым?», қарай гөp. Бұнда орыс-қазақ жоқ жұмысшы деген бір ғана халық бар!

— Ойбой, азамат емес екенсің Арман, — Сәндігерей қарқылдап күлді, — бәсе, нәсіліңнен асып қайда барайық деп едің. Әй, орыстарыңды былай қойғанда, арыстай азаматыңды жерлеуге теңіз қазақтары, сенен ешкім шықпаса, мынау менің қыр жігіттерім түгел барады. Барасыңдар ғой, азаматтар.

— Уа, барамыз, — қыр жігіттері шуласып алды, — ұлы адамның жаназасына қатысу үлкен бақыт емес пе?

— Жолдарың болсын, сендер-ақ бақытты болыңдар...

— Уа, қой түгі, мұндар, — насыбайын асыға атып, қабатынан екі-үш рет қатты түшкірген Жалықпас қария Есқали ағайдың сөзін аяқтатпай зекіп тастады, — құдайдан безгендер, бұ не түгі, шетінен, сендер бармасаңдар мына мен барамын. Кәне, қайсың бар тағы...

— Жәке, мына мен бар, — Асаубай көкірегін қақты, — бармай, ойларсың. Бару керек, бәріміз. Барған жақсы. Түу, түк етпейді, жақсы болады.

— Бар, бар, Асаубай, — Арман ағай күрсініп басын изеді. — жаназаға қатысушыларға ас қана емес, арақ та беретін болса керек.

— Ойларсың бармай, құдайсыз. Сен осы құдайсыздығыңнан өткен қыс бізді апатқа кездестіргенсің...

— Апатқа кездестірген Кабановский мырза болатын...

— Кәне тумалар, — Кабановский Арманның сөзін есітпегендікке салынды, — ашуланыспай ақылға келіңдер. Бәріміз де тұтас баралық. Тіпті бүгінгі күндеріне ақы да төлелік. Жексенбі күні дем аларсыз. Таласов мырза ұлы адамды жерлер күні осындайда бір кеңшілік етелікші.

— Жарайды, ол айтқаның да болсын, — Атанияз басын изеп ілгері ұмтылды, — кәне енді, әйел-еркегін қалмай бәрің түгел жүріңдер...

— Рахмет, мырза, біз жұмыс істей берейік, — Арман кесімді пішінмен төңіректі түгел шолып өтті, — тірісінде елді еңіреткен адамның өліміне жас төгу орынсыз болар. Солай емес пе, жігіттер?!

— Дұрыс айтады Арман!

— Жауымыздың бізге көрсеткен жәбірін кешір деп құдайға жалбарына алмаймыз...

Атраудың Жалықпас қария мен Асаубайдан өзге, жергілікті жүмысшылары біріне-бірі үн қоса айқайлап жіберді.

— Мейлілерің. — ашулы мырза көзін аларта, май басқан ауыр денесін зорға бұрып, артына қарады, — Мендал Оспиш, онда батағаңды жап. Алаш азаматынан айрылып жатқан бүгінгідей қаралы күнде жұмыс істелмейді. Кәне, баратындарың еріңдер менің соңымнан.

— Жылағандар жыласын. Біз жас төкпейміз бұндай өлімге, — деді Жанқия апай айқайлап.

Атрау батағасына құлып салынды. Азғана қыр жігіттерін ертіп, қожаларымыз Қасқырбай ауылына тартты да, біз казарма маңында қалып қойдық. Олардың соңында «әсер сандуғашы», Жалықпас қария мен Асаубай тентек барады. Олар шынымен ешкім ермес пе екен деген адамдай әлсін-әлі арттарына қарайды.

Ол күні әкем ағаш сандығының бұрышымен Атаниязды ұрмақ болған шығар-ақ, бірақ адасып барып Қасқырбайдың шекесін омырыпты. Қасекеңнің ажалы сол соққыдан басталыпты да, мыйында қалған сүйекті алдырту операциясымен аяқталыпты. Озбыр төренің өлігі Атрауға кісі жата жеткізіліпті. Түн ортасында Любаға еріп кеткен Жанқия апай таң алдында ғана оралған еді, тегі Атанияз мырзалардың манағы Арман ағай айтқан айласын алдын ала сезіп, түн бойы соған қарсы шараларға дайындалған болса керек, бұны мен енді ғана аңғарып отырмын.

— Солай достар, түсіндіңдер ме қулықтарын...

Арман ағай Макар қартқа айтқан манағы әңгімесін енді тереңдете, кең сөйлеп, жете түсіндірді. Қасқырбай сыяқты байларға дәулеттің қайдан жыйылғанын, оны жерлесуге қатыспаудың жұмысшылар үшін жеңіс екендігін әңгімеледі. Арман ағайдың осы айтып отырғандары менің бір кезде құлағыма шалынған пікірлер сыяқты еді, енді ойласам өткен қыс мұз үстінде Михаил Ивановичтың аузынан есіткен әңгімелерім екен. Мен өткен сабағын пысықтаған оқушыдай, ұмытқандарымды еске түсіре бастадым.

— Біздің осы Жалықпаста жігер жоқ, — Айдынғали ағай тістене сөйледі, — өткен қыс мұз үстінде Зарлық үшін қанша егіліп еді. Енді соны өлтірген адамның өліміне тағы да жасын төкпек...

— Я, Асаубай арақтың, Жәкен діннің құлы, — Арман күрсінді, — кәне, сөзден іске көшелік. Көрші батағаның жұмысшыларын түнде аралап шыққанбыз, олардан ешкім келмейді. Енді көрші ауылдардың адамдарына түсіндірелік. Ешбір жұмысшы, ешбір кедей қатыспайтын болсын. Батағалардан, ауылдардан Атрауға келетін жол торабын тосалық, жол бойында келе жатқан адамдарды кері қайтаралық. Жанқия апай, сіз Матвей Степановичпен Балықшы аулына...

Арман ағай өз серіктеріне тапсырмалар беріп үлгірді де, Сережа екеумізге қарады:

— Ал, жас достар, сендер зират басына барыңдар. Қасқырбайды жерлесуге кімдер қатысты, не айтылды, бәрін біліп қайтыңдар. Өздерің ешнәрсе айтушы болмаңдар Ұқтыңдар ма?

— Ұқтың, аға...

— Ұқсаңдар барыңдар.

Бұл бізге жүктелген ең алғашқы тапсырма болатын. Екі дос бір-бірімізге қарай масаттана күлдік те жүгіре басып «төрелер зиратына» жеттік. Жан-жағы қалың қамысты көл жиегіндегі дөң үстінде бес-алты адам қабір қазып жатыр. Біз олардың көзіне шалынбастан бір күмбездің ішіне ендік. Жол бойын бақылап жатырмыз. Әр ауылдан шұбап шыққан топ біраз жүріп келеді де, кенет бытырай бастайды. Көпшілігі кері оралады, да әр топтан бес-алты адам ғана ілгері адымдайды. Түс ауа Қасқырбай өлігі де көріне бастады. Тегі ұзатуға көп кісі қатыстырмақ болып, кешеулеп қалған болуға тиісті. Көп адам жыйналмапты. Екінші жолмен оралып барып осы топтың артына ілестік. «Мұсылман қауымының перзентін» санаулы ғана кіл ығай мен сығайлар ұзатып келеді. Жұпыны киінгендер аз-ақ. Бізді елеген ешкім болған жоқ, тастап кеткен қағазымызды ұстаған біреу жанындағысына күбір-күбір сөйлейді...

Күн кешке айналды. Қасқырбай мырза өзіндей қара лақатқа тығылып, көзден таса болды. Әркімдер уыстап топырақ тастап, күбір-күбір етеді. Қылпылдаған күректер қолдан қолға көшеді. Біз зират басындағы топты аралап жүрміз. Әркімге бір алақан жаямыз. Қасқырбайдай жауыз төренің зұлымдыққа толы кеудесін жаныша қара жер де шоқтығын көтеріп алды.

— Уа, қалайық, — Жаңғабұл хажы селдір ақ сақалын оң қолымен сыйпап, жұртқа қарады, — Қасқырбай мырза жақсы адам ба еді?

— Әлбетте, жақсы...

Әзиз әфәнді «жақсы адам едісін» айтып үлгермеді, қалың қамыс арасынан бір қою дауыс кешкі ауаны жаңғырта, саңқ ете қалды. Пароход капитанының үлкен түтігімен сөйлеп тұрған тәрізді, адам үнінен өзге бір даңғыр бар:

— Жоқ, қате айтасың, әфәнді, — жұрт селк ете қалды, біз де үрейлене қарастық, — нағыз жауыз адам еді. Оның мойнында Арманның әкесі Теңізбайдық, Раушанның әке-шешесі: Қарабас пен Айнаштың, Жалықпастың інісі — Чарлықтың қаны бар. Қолы қанды, жыйғаны арам еді оның, ол обадан өлген мұсылмандар қабірінің үстіне үй салған болатын.

— Астапыралда, астапыралда, — хажы қолымен төсін басып күбірлей берді, — сене көрмеңіз малғұнның сөзіне, — Қасқырбай адал адам еді...

— Жоқ, мен малғұн емеспін, ұжмақ көкегімін, — қамыс арасынан манағы дауыс қайтадан басталды, — сенбеңіз, хажы, моллаға. Олар алдайды. Қасқырбайдың жауыздығын, өткен күзде нашарларды зар жылатып қорасын малға толтырғанын жасырмақ болады. Күнәлі адамды ақтаймын деп өздерін күнәға батпаңдар. Қашыңдар қазір бұл жерден, әйтпесе тәңірінің кәріне ұшырайсыңдар. Ақырғы рет ескертем. Ал, мен ұштым қазір, хабар берем тәңіріге...

Дәл осы кезде қамыс арасынан пыр етіп ұшқан бір көкек тура аспанға көтерілді. «Әсер сандуғашының» үш саусағы маңдайына барып-ақ қалды. Жұрттың көзі аспанда. Күзгі қара сұр бұлт түйіліп, жел де ышқына түсті. Нөсердің алғашқы ірі тамшылары тысыр-тысыр үзіліп бірден-бірге қоюлана бастады.

— Ойпырым-ай, бұл не сұмдық? Бұл кезде көкек болмаушы еді, — деді моланың қабатынан бір дауыс.

— Көкек киелі құс дейтін, өзінің түрі де бөлек екен, — деді екінші дауыс.

— Тура аспанға ұшты-ау өзі. Қасқырбай мырзаның хайыры бізге бұйырмаған шығар. Тәңірінің кәріне ұшырамай тұрғанда кетелікші тезірек. Мынау келе жатқан нөсер де тегін емес, — деді үшінші дауыс.

Жалықпас қария мен Асаубай біресе манағы дауыс шыққан бағытқа, біресе төбедегі көкекке жалтақ-жалтақ қарап, қаша жөнелді. Қыр жігіттеріне де қобалжу кіріп, жұрт тарала бастады. Хажы мен әфәндінің уағызын тыңдар жөнді адам қалмады. Топ артынан сылтый басып, біз де кері оралдық. Қамыс арасынан сөйлеген ешқандай «жұмақ көкегі» емес, Арман ағай екенін де біліп келеміз. Рас, мезгілсіз ұшқан көкекке шынында да таңданудамыз. Бұл сырды Арман ағайдан кейін сұрап білдік. Көкек емес, Люба апайдың қолымен әшекейленген өзге бір құс екен...

XXI ТАРАУ. ТҮНГІ ӨРТТЕН ТҮСКЕН ШОҚ...

...Уа, өрт, өрт кеп қалды, өрт!..

Аязды қыстық алғашқы түні. Түнгі күзеттен әрі тоңып, әрі шаршап қайтқанбыз, қатты ұйықтап кеткен екенбіз. Шошып ояндың. Казарма ішін «өрт, өрт!» деген бір үрейлі үн билеп алыпты. Тек, адам айғайы ғана емес, ірілі-ұсақты қоңырауларын түгел қағып, шіркеу де күңірене қалыпты. Қымтаусыз казарманың қыраулы әйнектері дір-дір етіп, мазасыз ызыңдайды. Шығыстағы терезеден қызғылт сәуле түседі. Тасыр-тұсыр бір дүбір. Атрау қалашығы тұтас жанып бара жатқандай, жан біткен түгел әбігер. Сережа бүгін менің жаныма қонған болатын, шала-пұла киіндік те, жүгіре шықтық далаға. Алаулап жанған қызыл өрт түн қараңғысын жеңіп алған екен. Батаға жақта, сылаңдап қашқан түлкідей, күрең жасыл жалын ойнайды. Ақша қардың бетінде мұнартып қызғылт толқын көшеді. Аяз сорып, қураған нар қамыстардың сытыр-сытыр жанған бір сарынды даусы естіледі. Жүгіріп келеміз. Алдымызда бір ұзарып, бір қысқарып, секунд сайын құбылған адам көлеңкелері, шатыр төбесінде қолдарына багор ұстаған адамдар көрінеді.

— Ау, су әкеліңдер, су!

— Суды бөркімізбен тасыймыз ба? Шелек жоқ.

— Уа, өрт салушыны іздеңдер.

— Оны қайдан табамыз?..

— Ешқайда қашып үлгірген жоқ. Тығылып жатыр бір жерде, — дейді Айдынғали ағай, — бұл маңды іңірден бері торып жүрміз. Еш адам келген де, кеткен де жоқ. Сірә, күндізден бір жерде тығылып қалған біреу шығар.

— Уа, қамыс арасын іздеңдер.

Қамысқа қарай лап берген топқа Сережа екеуміз де ілесе жүгірдік. Біз таянып барғанда лабаздың шығыс жағындағы үймеден ірілі-ұсақты екі көлеңке ербең ете қалды. Кішкенесі қашып, үлкені қуып барады.

— Уа, ұстаңдар, ұста! Өрт салған анау сұмырай, — деп айғайлайды артқысы.

Қашқын тым қуаяқ, жеңілтек неме екен, жеткізер емес. Бірден бірге ұзап барады. Біз де алдын орай жүгірдік. Соңымызда тағы да бір топ қуғыншы келеді. Абыржыған қашқын енді жалт беріп онға бұрылды. Бірақ аяғы тайын кетті де, екпетінен құлады. Бұл кезде қуғыншы тым таяу қалған еді, орнынан енді ғана көтеріліп, жөнеле берген қашқынды жуан шоқпармен құлақ шекеден салып-ақ өтті. Шағын денелі дәрменсіз неме екі-үш рет сүрініп, омақаса құлады. Кенет әлдеқайдан мылтық даусы саңқ етіп, жаңғырыға жөнелді. Төңкерулі жатқан қайық түбінен бір көлеңке ербең етті де, жоқ болды.

— Бұқ, — Сережа мені қолымнан тарта құлады, — бұқ, оққа ұшасың...

Күртік қарға бұға түстім. Әбден-ақ қорқып кетсем керек, алқынған жүрек кеуде қағып, буындарымда дірілдеп барады.

— Қара, қара, — Сережа мені шынтағымен түртіп қойды.— Құлап барады...

Басымды сәл көтеріп қарап едім, манағы шоқпарлы теңселе қалған екен, шайқалып біраз тұрды да, шалқалап барып құлады. Қуғыншы топ түгел жүгіріп құлаған екеудің жанына бардық. Жарық етіп қарасақ қыр мен теңіз тентегі: Құрбан менен Асаубай. Құрбан ақша қарды қызыл қанмен бояп, талып кетіпті. Тек кеудесі сырылдап, ессіз-түссіз Асаубай жатыр. Жалтыр түймелілер де келіп үлгеріпті. Олар қанға боялған екеуді шанаға салып, жедел ала жөнелді. Арман ағай да, батаға бақташысы Макар қарт та осы шанаға мінді. Біз аңырып біраз тұрлық та, өртпен айқасып жүрген топқа жүгірдік.

— Сережа, — деймін мен, — қалай ойлайсың, өрт салған Асаубай болғаны ма?

— Түсінбеймін, өрт салып қашқан Асаубай-ақ болсыншы, ал қуғыншыны атып өлтірген кім?

— Мен де түсінбеймін. Мылтық қайдан атылды?

— Анау үюлі қамыстардың тасасынан.

Мен енді ғана байқадым. Өрт шүу дегенде балық ыстау лабазының жел жағына таяуда ғана үйілген қамыстан басталған болса керек, қазір қабырғалары қыйсайып, құлағалы тұрған лабаздың өзіне кешіпті. Шығыс желі мен құтырына шалқып, құйындай үйірілген шабдар жалын шатыр үстінде ойнақтап, кейде қалың қарға кездесіп, тілін төмен соғады. Алаңдағы қар беті көріктен жаңа ғана шыққан темірдей қып-қызыл бола қалыпты. Төбеде, жалын ішінде бау-бау қамыстарды оңды-солды лақтырып, багорлы адамдар жүр. Төменде, біреулер ағаш күрекпен, біреулер тақтай кесінділерімен, енді біреулер жалаң қолымен өртке қар шашып әбігерленуде. Бірақ, жұмыс істеушілерден гөрі құр даурығын, берекесіз жүгіріп жүргендер көп. Құрал жетпегендіктен жұрт жиі-жиі ауысады. Бір кез төбеде Есқалиды көрсең, енді бірде Есқали төмен түсіп, Айдынғали ағайдың жоғары көтерілгенін байқайсың. Анна Ивановна мен Жанқия апай да бір күрекпен кезектесіп жүр.

— Уа, түс енді, шаршағансың, багорды маған бер, — дейді Матвей Степанович.

— Ойбай, достым, жолай көрме. Анау қайық сыйрағың өртті өзіне тартып алар да, өшіре алмай пәлеге қалармыз, — деп әзілдейді Есқали.

— Қайың сыйрақ мынау складтың ертін өзіне тартып алса жақсы болар еді-ау, — Матвей Степанович достық әзілге ешбір жәбірленбестен, жайраңдап күледі, — сарайды өртетпей ашар едік те, ішінде балық жоқтығын анау жалтыр түймелілерге көрсеткен болар едік. Сыйрағым да бір жаңарып қалар еді. Россияда орман көп-ақ қой сыйрақтың қайың табылар...

Қала жақтан құйғытып пар ат жеккен бір жеңіл шана келе жатыр еді, Кабановский екен. Лабаздың жел жағына таяу келіп тоқтады да, шанаға тік көтерілді. Үстінде күрең жағалы қара ішік, басында қара мақпал төбелі дөңгелек күрең бөрік. Жалын солай көрсете ме әлде мен солай ойлаймын ба, қожамыздың түрінде әрі қуанышты сүйсіну, әрі айыпты адамның «сезіп қалды ма екен?» деген абыржуы бар тәрізді. Үрлеп қойған шардай жирен беті кейде бұрынғыдан да гөрі нарттанын, жасыл әйнекті көзі жалт-жұлт етсе, кейде көз әйнегі көмескіленіп, өңі қу шүберектей бозара қалады.

— Тезірек, жігіттер, тезірек өшіре көріңдер, — Кабановский шоқша сақалын секеңдетіп, өрт сөндірушілерге айғайлап қойды, — Бүкіл ысталған балық кететін болды-ау! Амал не, енді өзге лабаздарға көшпей тұрғанда өшіре көріңдер. Оңбаған иттің қайсысы екен бұл өртті салған! Бізге өшіккенмен өздерін аясашы. Осыншама жұртты жұмыссыз қалдырғанда не түседі екен ол итке, ә?!.

— Мырза, — Анна Ивановна мысқылдай сөйлеп Кабановскийдің жанына барды. — Сіз құр аһлай бермей; өртті өшіретін құрал беріңіз, жұртқа. Әлде осы өртті өшіруге ынталы да емессіз бе, тіпті?

— Аһ, не дейсіз? — Кабановский жұрттың құр қол тұрғандығын енді ғана байқаған адамдай таңырқанады. — Құрал жоқ па жұрттың қолында?

— Көрмей тұрсыз ба? — дейді Матвей Степанович. — Бес-алты ағаш күрек пен оншақты багордан өзге құрал жоқ. Анау жұрт қарды қолымен лақтырып жүр. Өшірмеу керек болса қайталық үйге...

— Ағанияз, — доңыз аттас енді әміршіге бұрылды, — Насостарын қайда сендердің?

— Насос қатып қалыпты, істемейді. Шелек складта. Складшыға кісі жіберіп едім, таба алмай келді. Қанғыбас ит қыдырып кетіпті бір жаққа.

— Іздету керек, тезірек!..

— Лазарь батағасына ат шаптырып жібердім.

— Ойпырмау, — Кабановский басын шайқап, күрсінген болады, — неткен бейқамдық! Ал енді жігіттер, складшы келгенше қолда бармен тезірек қыймылдай көріңдер! Қап, ит-ай! Қай оңбаған екен, өрт салған. Ағанияз, әлгі қашқан мен қуған кім дейсің сен?

Қашқан Асаубай, — қожасына еліктеп киінген Ағанияз көзін өрттен алмастан айғайлай сөйлеп жауап қайтарды, — қуған қыр жігіті. Кім еді соның аты? Анау бір үйіме қайтар деп келе беретін дәукес жігіт бар еді ғой...

— Құрбан ба, кім, сенің айтып тұрғанын?

— Ие, не, Құрбан, — дейді Тормурзин подрядчик.

— Екеуі де бір маскүнем иттер еді, — Кабановский бұл жолы өкінішін сездіргендей күрсініп қойды. — Өртеген сол Құрбан болуы мүмкін. Үйіме жібермеді деп істегені ғой. Сол ит барып келсін десем тіл алмайсың, сірә.

— Айта көрмеңіз, — Сәндігерей екі қолымен бетін көлегейлей сілтеп безек қағады, — біздің қыр жігіттерінен ондай бүліктік шықпайды. Бұл Арман бастаған ой жігіттерінің ісі. Өртеушіні қуған Құрбанның оққа ұшуы да тегін емес. Асаубайды айтып қоймасын деп әдейі өлтірткен ғой...

— Жоқ, Асаубай емес, — Ағанияз басын шайқады. — Оның қолынан ештеңе келмейді. Осында «өрт саламын» деп жүрушілер бар емес пе еді, соларды полицияға...

«Батағаны өртеймін» деп әуреленетін еткен жылғым есіме түсті де, мен селк ете қалдым. Шошынып Сережаға қарадым.

— Сережа, не дейді мыналар?

— Не деуші еді, — Сережа тістене сөйледі. — Өрт саламын деушілерді полицияға беріп, жаптырамын дейді.

— Асқар екеумізді ме?

— А, жоқ, — Сережа «әңгіме төркіні сендерден гөрі ірірек жатыр» дегендей наразылық білдіріп, мені шынтағымен қағып тастады, — сендер емес, оны білмейді де бұлар, — Люба ағайды айтады.

— Люба апайды дейсің бе?

— Тоқта, тыңдайық!

Мен күрсініп алдым да, қожайындардың сөзіне құлақ тостым.

— Солай болуы да мүмкін-ау, — Кабановский енді кіжіне сөйледі. — Сол шайтанмен сен де бір егестің де алдың, әйтеуір. Ақыл тоқтатпаған жас адамның өшігіп істеуі де ғажап емес. Бірақ саған ерегескенмен менде несі бар? Сен жұмыстан шығарсаң мен қайтадан алып отырдым. Қолым ауырып жүр деген соң осы ыстау лабазына ауыстырдым.

— Айтайын да қояйын. Өртеген сол қыз. Өзгелердің бәрі өрт сөндірісуге келгенде, тек жалғыз сол қыз ғана жоқ. Қашып кетпей тұрғанда ұстату керек, — дейді Сәндігерей жымыңдап, — онда, бұл өртті ұйымдастырушы Арманның өзі. Соның теңізден қайтып келуі де тегін емес...

— Мұныңызға жол бере алмаймыз, мырза? — шана жақтан ызалы әйел дауысы естілген еді, Жанқия апай екен. Ол сыпырғышын иығына салған күйі Ағанияз бен Сәндігерейге төніп-ақ барды. — Өртті өзін салып, жаласың жалшыға жаппақ па едіңдер?..

Даурыққан айғайлар көбейіп кетті де, біз Жанқия апайдың сөзін есіте алмай қалдық. Атты полициялар аңтарылып тұрған құралсыз жұртты иіріп, лабазға айдап келеді. Мамырбай мен Баланияз ат үстінде қамшы үйіріп, айғайлай сөйлейді.

— Уа, неге тұрсыңдар? Тойға келіп пе едіңдер, өшіріңдер тезірек.

— Немен өшір дейсіңдер бізге, құр таяққа өрт сенетін бе еді? Сендердің қылыштарың бар ғой, үйіріп көріңдерші, өрттің жүрегі ұшып, өше қалар ма екен, ә?

— Өздерің өртедіңдер, енді өздерін өшіріңдер. Өшірткіземін сендерге!

— Тоқта, сен өзің өртті біз салды деп тұрсың ба, әй? Ендеше біз өзіміз салған өртті өзіміз өшірмейміз. Жүріңдер, таралық.

— Тарағандарың тұтқынға алынасыңдар, — дейді Мамырбай кейін серпілгендерді ат омырауымен қақтырып.  — Тарап көріңдер.

— Әй, сендер мықты болсаңдар, — Матвей Степанович мазақтап күледі, — бізді емес, өртті тұтқындаңдар.

— Тоқтатыңдар мазақты, — Баланияз қылышын суырып, шоғырланған топқа ұмтылады, — әйтпесе шеттеріңнен өртке лақтырармын.

— Әй, Баланияз мырза! — Жанқия апай кекей сөйлеп. Баланиязға тап берді. — Не үшін лақтырасың, ә?

— Өрт салғандарың үшін, білдің бе?

— Өртті өшіруге кім кедергі жасаса, өртті салушы да сол болғаны. — Жанқия апай Баланиязға бірден бірге жақындай түсті. — Өртке ең алдымен Ағанияз екеуіңді, содан соң...

— Сен қатынды, — Баланияз қылышын көтере берді. — Шауып-ақ...

— Шауып көр, қане... — Жанқия апай иығындағы сыпырғышты көтеріп-ақ алды. — Мынау көптің қайсы бірінің басын шауып үлгересің?

— Асаубай мен Құрбан аз болды ма саған?! Келіңдер, жігіттер бері, тышталаңдаған немені аттан аударып алып, лақтырыңдар өртке!..

Жұрт қолдарындағы сойылдарын жоғары көтеріп, Баланиязды қоршап ала қойды.

— Тоқтат, тоқтат!

Бұйрықты дауыстар қосқабаттана естіліп, ат тұяғының дүбірі де молайып кеткен еді. Казарма жақтан «Мысықмұрт» пен екі полицей шауып келеді екен. Олар сол ағызған күйі, Кабановскийдің жанынан келіп бір-ақ тоқтады.

— Өрт салған адам анықталды, — деді «Мысықмұрт» қолын маңдайына апарып. — Сахарова екен. Асаубайдың қалтасынан Сахарованың хаты табылды. «Батағаға өрт салсаң сенің сүйгенін боламын» депті қыз хатында. Өзін кездестіре алмадық. Қашып кеткен болса керек. Сандығынан Асаубайдың хаты шықты. Ол ризалық беріпті.

— Міне, айттым ғой, — Сәндігерей тағы да жымыңдап алды, — Асаубайдың пәлесін қара, Арманға мүйіз қада мақ екен ғой. Сүйіктісінің арын төгіп, өрт салдырмақ екен ғой Арман...

— Жала, жала, — Жанқия апай ішкі жан ашуы кеудесін жарып шыққандай ызалы ащы дауыспен айқайлап жіберді де, «Мысықмұрттар» тұрған топқа қарай жүгірді. —  Қане, көрсет хатын. Мынау жұрт өз көздерімен оқысын. Әй, Сәндігерей әзәзіл, сен Арманды бұл өсегіңмен мұқата алмайсың. Ол сен сыяқты алаяқ емес, ардың адамы... Кәне, оқыңдар хатын!..

Өрт сөндіруден қолы бос құралсыз адамдар Жанқия апайға қарай ойысты. Ашулы жандардың толқыны тұншықтырып жіберер деп үрейленгендей Кабановский асыға сөйлеп шанасына отырды да, жүруге ыңғайланып еді, бірақ үлгіре алмады. Ентіге жүгіріп Арман ағай келіп қалған екен, делбеден ала түсті.

— Тоқтаңыз мырза! Сіз өрт салушыны казармадан іздесеңіз біз өзге жерден іздер едік. Өзі құлағалы тұрған жаман лабазды өртеуден жұмысшыға келер пайда жоқ. — Өрттен түскен ұшқын сіздің қалтаңызды қаражатқа толтырады. Ал, бізді тамақтан қағады. Сондықтан да өртті болдырмауға сізден гөрі біз ынталы. Өртеуші кім болса да өшіруші біз боламыз. Алдымен өртті өшіру керек емес пе?!.

— Тумам-ау, — Кабановский өтірік мүләйімсіп қалды, — меніңше де алдымен өртті өшіру керек. Айыптыны анықтау үкімет адамдарының міндеті ғой. Мен мына кісінің Сахарова туралы айтқанына әзірге сеніп те тұрғаным жоқ...

— Уа, оқысын әлгі хаттарды, — жұрт тағы да бір ду ете қалды, — неге оқымайды...

— Хаттар іске тігілді, — «Мысықмұрт» жалтаңдап Кабановскийге қарады, — мен қолыма алып жүремін бе оларды...

— Арман, — Кабановский бұл жолы тіпті жалбарына сөйледі, — түсіндірші мынау жұртқа, алдымен өртті өшіріп алайықшы. Қалғанын кейін тексерерміз. Дүние мүлік кететін болды-ау. Ең болмаса қалғандарын сақталықшы өрттен...

— Мырза, — Арман ашу мен мысқыл аралас мырс етіп күлді, — не сіз өзіңіз де алданғансыз, бірақ та мен бұған сенбеймін, не бізді алдау үшін қынжылған боласыз. Асылы ақырғысы дұрыс шығар. Бұл лабаздың өртсіз-ақ өзі құлағалы тұрғаны да, оның ішінде ешқандай балық жоқ екендігі де бізге мәлім. Ал, енді ық жақта оңаша тұрған ескі лабаздан ұшқан шоқ желдің өтіне қарсы ұшып сіздің батағаңызға түспейді де. Рас, желдің ығындағы анау казармаларға ұшуы мүмкін. Бірақ біз оған жібермейміз...

— Тумам-ау, мынау Ағанияз мені тағы да алдап жүрмесе, — доңыз аттас түк түсінбегенсіп, таңданған пішінмен Ағаниязға қарады, — бар балық осында деп тұр ғой.

— Кеше түнде осындағы бар балық тасылып алынған еді ғой. Сонда ескі лабазға өрт салу үшін әдейі істелінген шығар. Сол түнгі жұмысты мынау Сәндігерей екеуіңіз басқарғансыз. Бұған не дейсіз, Таласов мырза?

— Жала, — Ағанияз қызарақтап, ашу көрсеткен болды. — Жала, кім екен балық тиескен? Не көкисің?

— Мырза, ақырмаңыз, — Арман ағай өзіне-өзі сенгендей байсалдылықпен сөйлейді, — рас, сіз балық тиесуге бізді шақырған да жоқсыз. Көзге түспеу үшін шамсыз да істедіңіз. Бірақ, өз балығыңызды өзіңіз ұрлаған құпияңызды да бізден жасыра алған жоқсыз. Түсінікті ме?

— Әй, мүйізді сері, мен туралы көкіп тұрғаның не, — Сәндігерей күміс таяғын жалт еткізіп жоғары көтерді, — мүйізіңді қағайын ба, ә? Сүйкімдіңе қызыққан Асаубайды аранға жығып...

— «Көкек өз атын өзі шақырады» — Арман ызалана тістенді, — сен ісінбей тоқтай тұр, махаббат тажалы. Мен әзірге мынау мырзалармен сөйлесіп тұрмын. Екеуміз кейінірек кездесерміз... Гүлсара қарындастың да арын жоқтар күн туар...

— Әй, Ағанияз, — доңыз аттас көзіндегі шын құбылысты көгілдір көзілдірігінің астына жасыра Ағаниязға ұзақ қарады да, басын шайқады, — не дейді? Сен оңбаған мені тағы масқаралап жүрсің бе?..

— Сандалыпты, — Ағанияз жұдырығын түйе ұмтылды, — не шатып тұрсың, ә?..

— Мырза, — Арман ағай Ағанияздың білегінен шап берді, — нәжісті қолыңызға ие болып, бейбастақ сөзіңізді қайтып алғаныңыз мақұл. Бүкіл сырың алақанымда. Өртті өз қолыңмен салып, жаласын бізге жапқалы жүргеніңді де көптен-ақ сезіп едім...

— Мен түсінбеймін, — Кабановский екі иығын кезек кекеңдетіп қойды, — алдымен өртті өшірейікші, қалғанын кейін сөйлесейік.

— Мен де түсінбеймін, — Арман кекесінмен күлді, — «өртті өшіруге тіпті ынталы емес сыяқтысыз. «Бүкіл балығым өртенді» деп зар жылаған боласыз. Өзіңіз кетіп барасыз. Бұныңызды қалай түсінуге болады, мырза?

— Мені асығыс шақыртып жатқан жоқ па, — Кабановский көмек сұрағандай жаутаңдап, «Мысықмұртқа» қарады, — шынында да кейінірек барсам қайтер еді, ә?

— Жоқ, жүріңіз тезірек, — «Мысықмұрт» доңыз аттасты түсіне қалса керек атын бүйірге тебініп асықтыра бастады, — бөгелмеңіз!

— Міне, көрдіңіз бе, осы бір полиция дегеннен-ақ.... дүние астан-кестен болып жатса да, әлсін-әлі маза бермейді. Түсінбеймін тумалар...

— Мырза, — Арман ыза аралас ауыр күрсініп, басын шайқады, — өрт өндіру үшін құрал бермеуіңізге таңмын.. Соны түсіндіріп кетіңізші!

— Әй, Ағанияз, — Кабановский енді Ағаниязға бұрылды, — сенің әлгі складшыны іздеп кеткен кісі келмеді ме?

— Таба алмай қайтыпты.

— Кабановский мырза, — Арман енді делбені қоя берді де, доңыз аттастың қарнынан ұстай алды, — әуре етпеңіз жұртты. Не өрт сөндірілмесін, тарандар деген әмір беріңіз де, не ерт өшіруге керекті құралдар тұрған складты бұзуға рұқсат етіңіз. Екінің бірі. Онсыз ешқайда бармайсыз.

— Тумам-ау, сен қызықсың ғой өзің, — Кабановский таңданған пішін білдіріп Арманға қарады, — өрт өшірілмесін дегенің не? Бұзыңдар да, алыңдар жабдықты. Тек, тез өшіре...

— Болды, маған керегі әзірге осы-ақ. Барыңыз, мырза, жолыңыз болсын.

— Ал, кеттік, — Кабановский делбешісін желкеге түртіп қойды, — тезірек. Арман, мен саған сенемін.

— Сізді алдамайтындығымызға да, өзіміздің алданбайтындығымызға да сеніңіз.

Кабановскийдің пар ат жеккен жеңіл шанасы орнынан қозғала бастады. Ағанияз да жүгіре басып, шанаға міне берді.

— Тоқтаңыз, Ағанияз мырза, сіз ешқайда бармайсыз.

Арман осы сөзді айтып ұмтыла берген еді, бірақ үлгіре алмады. Матвей Степанович Ағаниязды желкеден бүре ұстады да, шанадан сүйреп түсірді.

— Өздігінен қалар ма бұл қарабет. Алып қалайық, бірге болсын бізбенен.

— Дұрыс айтасыз, Матвей Степанович, — Арман ағай бондарьдың күшіне сүйсінгендей түп-түзу ақ тістерін түгел көрсете күлді, — өртті бірге өшіріссін де, өрттен қалған балығын да өз қолынан қабылдап алсын...

— Я, сөйт мырза, әйтпесе кейін бізге тағы да жала жабарсың, — Матвей Степанович бурыл мұртын бір бұрап, төңірегіндегілерге көзін қысты да Ағаниязға бұрылды, — кешіріңіз, мырза, әдепсіздік істеп тым қаттырақ сілкіп жібердім бе, қалай, желкеңіз ауырып кеткен жоқ па? Үстіңіздің қарын қағыңызшы!..

Ағанияз жауап берместен үстінің қарын қаға бастады. Жыйналған жұрт бірі күліп, бірі ысқырып, дуылдап зорға басылды. Кабановский алды-артына қарамастан: шаба жөнелді. Шананың екі жақ қабырғасында «Мысықмұрт» пен Баланияз, артында үш-төрт атты полиция шоқытып бара жатты. Қалың көпшіліктің қоршауында қалған Ағанияз қожалығын білдірмек болып біраз айқайлап та байқап еді, тұс-тұстан көтерілген салмақты. жұдырықтар мен сойылдарды көрді де, амалсыз жуасыды. Енді ол қарсы ұмтылар күші жоқ, құйрығын қысып, зауал соққысынан тек қана басын қорғаған қамаудағы қасқырдай тұқырып, онсыз да бір тұтам мойнын ішке тартып, қазандай басын екі иықтың қойнауына құлатып жіберіпті. Тек көз астымен ғана ұрланып атты полицияларды іздейді. Жаутаңдай қарап, олардан жәрдем күтетін тәрізді. Бірақ, полицей мырзалар да манағы бір аруағын жоғалтып алыпты. Мамырбай бастаған екі-үш-ақ атты қалған екен. Қазір олар басқарушы күш емес, бақылаушы көз ретінде ғана, қалың топтан бір бөлек, үнсіз оңашалана қалыпты. «Өйт» десең ата жөнелуге дайын тұрған қоян тәрізді.

— Ә, қарабеттер, — Жанқия апай бүгінгі өрттен де өктем жалқы көзінің жалынын жалт өткізіп, біресе Ағаниязға, біресе Сәндігерейге тесіле қарады, — лақтырар ма еді, өздерін, мынау өртке!

— Дұрыс айтасыз, — Есқали мен Айдынғали ағайлар жарыса сөйлеп, бірі Ағаниязды, екіншісі Сәндігерейді жағадан сүйрей жөнелді, — лақтыру керек, доңызды.

Мен полицейлер ең болмаса дәл осы арада өтірік айла көрсетсе де қылыштарын бір жарқ еткізіп, айқайлап тастар-ақ деп ойлаған едім, жоқ. Шындықтың мысы басса керек. Ауыздарына су толтырып қойғандай мылқаулана берді, тіпті қолдарын қылыш сабына апаруға да жарамады.

— Тоқтат, бұл не бассыздық, — Арман ағай солдат арасындағы тәртіпсіздікке күйінген қатыгез командирлерше аса бір қою, ашық дауыспен айқайлап жіберді. — Сіздер бұнымен мынау топ алдындағы өз айыптарыңызды екі есе ауырлатып, жалақорлардың қорегін көбейте түсесіңдер.

— Арманжан-ау, — Есекен мен Айдекең бұл жолы да жарыса сөйледі, — сен шын лақтырады деп ойладың ба? Біз бұлардың зәресін ұшырайық деп, ойнаған едік.

— Ойнап едік, — Арман ауыр күрсініп, басын шайқады, — жастарың үлкен, істерің шала, тумалар. Біріңіздің сақыйнаныз ұстамай, екіншіңіз «Зәурешті» зарлатпағанда мынау өрт болмас та еді. Бізге жала да жабылмас еді. Қазір біздің шынымыз да өтірік, бұлардың өтірігі де шын болғалы тұр. Манағы мылтық атқандарды да таппадыңдар ма?

— Жоқ, Есекеңдер айыпты адамдай төмен қарады, — таппадық.

— Айлалы түлкі ізін таптырмас, — Арман жұдырығын түйіп алған оң қолын бір сілкіп тастады. — Ал енді жедел іске кіріселік. Айдынғали ағай, сіз бір топ адаммен барып шелек, күрек, носилка жеткізіңіз. Мынау мырзаны, полицейлердің бірін ерте барыңыз. Есеке, сіз бір топ қарулы жігіттер алыңыз да, анау шатыры жанып, іргесі өртене бастаған лабаз қабырғасын құлатыңыз. Анна Ивановна мен Жанқия апайлар, сіздер қыз-келіншекке қар тасытыңыз. Носилка келгенге дейін алжапқыштарыңызды, киімдеріңізді пайдалануға тура келер. Қалғандарын түгел маған еріңдер. Тез. Әрқайсың өз орындарыңа!..

Қазір бұл маңдағы бар билік Михаил Ивановичтың сүйікті шәкірті Арман ағайдың өз қолына көшті. Манағыдай даурыққан айғай-шу мен берекесіз абыржулар басылып, ұйымшыл бір тәртіп орнады да, әр топ өздерінін арнаулы тапсырмаларын жедел орындауға жұмылды. Анна Ивановна мен Жанқия апай бастаған әйелдер бірі алжапқыштарын, бірі етектерін қарға толтыра, сарай алдына әкеліп төгіп жүр. Ағаш күректерімен қаруланған жігіттер тасылған қарды жалын жапқан шатырға лақтырып жатыр. Есқали ағайдың «Оуп, оуп, алдық!» деген жуан даусы естіледі. «Тағы да алдық!» деседі қостаушы жігіттер. Шатыры түгел жанып, өрттің ең ақырғы жалмаушы күші бүлік сала бастаған қабырғалар әлгі бір ұйымшыл «алдықтан» үрейленгендей, екі жақтан қусырылып келіп, тасыр-тұсыр құлап түседі. Қазір ғана бір жерден тілін жалақтатып, жын-ойнақ салып жүрген шабдар жалын, енді тұншығып бара жатқандай, баста жеңілдеу көкшіл жалынға, артынша қою қара түтінге айналып, бықсый бастайды... Төбеде, өрттің алдында, Арман ағайдың өзі бастаған багорлы топ. Ажылдап соққан желмен, кейде құйын суырған теңіз суындай бейне бір қызылды-жасылды биік бағананы бейнелей, үйіріле шапшып, тіп-тік аспанға көтеріле, кейде ұйтқый серпіліп төмен түскен жалын толқыны оларды тоғытып бара жатқандай. Алайда бұл адамдар жасқанар емес жалыннан. Тіпті жалынның шат толқынын кеуделерімен қағып, қарсы ұмтылатын тәрізді. Төбелерінен кейде шоғырлана, кейде шашырай қарғыған қызыл шоқтан жасқанбастан шатырдың бау-бау қамыстарын іле лақтырып, таяныш бөренелерді күтір-күтір құлатып, өрт алдын жалаңаштап барады. Лабаздың қамысы да, ағашы да жоқ сылаулы жылтыр төбесіне кездескен жалын жыландай ирелендеп келеді де, кейін серпіледі. Бірақ, өрттен шашыраған ұшқын шатырдың жаңа бір жеріне қарғып түседі де, жалын тілі жарқ ете қалады. Арман ағайлар енді өрттің жаңа ұясын бұзуға ұмтылады. Өрт апаты мен алып адамдар айқасы қайтадан басталады. Алды жалаңаштанып қалған өрт тағы да бөгеле түседі.

Сережа екеуміз кейде Жанқия апайларға қар тасысып, кейде төбеден түскен қамыстарды лабаздан алысқа сүйреп, жан ұшырып жүрміз. Жүгіре жүріп Арман ағайдан көз алмаймын. Оның жүзінен қазір Михаил Ивановичты көргендей боламын. Алымды матростың қой қотанындай сен үстінде дүлей теңіз апатына қарсы күрес ұйымдастырған кездерін көз алдыма келтіремін де, Арманға тағы да қараймын. Шынында да төбедегі топтың ішінде Арман емес, Михаил Иванович жүрген тәрізді. Жалынмен құбылғандықтан ба, әлде мен солай ойлаймын ба, Арман ағайдың жаңадан қойған шалғысыз қара мұрты-күрең, қара көзі көгілдір тәрізді көрінеді. Кеше түнде ғана теңізден ауырып қайтқан Арман ағай ақ орамалмен маңдайын таңып алған екен, кәзір ол орамал Михаил Ивановичтың сең үстіндегі сергелдең кездерінде басын таңып алған орамалындай күреңдене қалыпты...

Көп ұзамай шелектер мен носилкалар да, багорлар мен күректер де, лейкалар мен үлкен тары шелектер де жеткізілді. Бұл кезде төбесі мен қабырғасы сыламалы ұзын қамыс лабаз төбесінің тең жартысын өрт шарпып үлгірген еді. Енді жар жиегі мен лабаз іргесіне дейін араларына қол жетерлік қана ашық тастап біріне-бірі беттесе екі сапқа тұрып алған адамдар тізбегі қаңылтыр шелектерді көз ілеспестік шапшаңдықпен қолдан қолға көшіре бастады. Бейне бір жайды конвейер тәрізді, қазір ғана алдындағы үкіге сүңгіп шыққан шелектердің енді бір қарағанында лабаз іргесіне барып қалғанын көресің. Қызу қыймылдаған жігіттер қаңылтыр шелектердегі суды лабаз іргесіне қатар-қатар қойылған бөшкелерге ақтара салады да, шелектерді екінші қатардағы адамдарға тапсырады. Босаған шелектер қолдан-қолға көше отырып, үкіге тағы да бір сүңгіп шығады да, қайтадан лабазға қарай жылжыйды. Бөшкелер мөлтілдеп толады да шығады. Лейкалы жігіттер бөшкелердегі суды лаулап жанған өртке шашады. Жалын мен су тоғысып, төбеде толқып шұғыла ойнайды. Мың бояулы шұғыла ақша қардың бетінде тақталы жолақ алашадай төселіп, минут сайын құбылады. Менің балалық сезімімді осы бір құбылыс мейлінше қызықтырады. Тіпті өрт апатымен алысып жүргенімізді де естен шығарып жіберемін. Бөшкеге бір еңкейіп, ішіндегі суын ақтарып шыққан бос шелекті көршіме беріп жатып шұғыладан көз алмаймын. Кейде тіпті аңырып та қаламын. «Бол, бол, бөгеме!» дейді Сережа ондай кезде қолымдағы шелекті жұла тартып. Мен ұялып қаламын. Аздан кейін кайта қараймын. «Ойнай берсе еді, осы шұғыла. Қап, Раушан қайда жүр екен, құр қалды-ау мынау қызықтан» деп ойлаймын. Бірақ өрт алауы бірден бірге әлсіреп, шұғыла құбылысы да солғындай түседі. Әлгіде ғана үйіріле шапшып, аспанға көтерілген шабдар жалын енді бәсеңдей-бәсеңдей барып, біржола жоғалды да, бұ аралас көкшіл түтінге айналып, бықсый бастайды. Әлгі бір әсем құбылыстың жоғалып кеткеніне мен қынжылсам да, көршілерімнің жүзінен қуаныш күлкісін көремін. Қызықтау үшін емес, апатқа қарсы күресу үшін жыйналғандығымыз, сол апатты жеңіп шыққандығымыз есіме түседі де күрсінемін. Күрсінемін де күлемін. Күрсінуімде де, күлкімде де бір жағынан өзімнің сәбилігімді жазғыру болса, екіншіден күрес батырларының жеңісіне шаттану бар.

— Міне, мырзалар, көрдіңдер ме? Біз еңбек адамы, өртеуші күш емеспіз, өндіруші күшпіз. Сендердің салған өрттеріңді де жеңіп шықтық.- Арман ағай лабаз шатырындағы өрттің ақырғы ұясына екі шелек суды құя салып, қарауытқан шоғын табанымен таптай салды да, Таласов пен Сәндігерейге кезек қарады. — Өрттеріңді өшірдік, балықтарыңды да сақтап қалдық, енді не айтасыңдар бізге?

— Не десін, әбден-ақ риза болып тұрған тәрізді, — Есқали мырс етіп күлді. — Той етемін дейді. Бәрімізді түгел шақырар. Баратын шығармыз, ә?

— Әрине барамыз. Бүгін бір ішетін-ақ шығармыз, — Матвей Степанович Есқалиды қағытады. — Арақ та ішеміз, ән де саламыз. Есқали, сен қандай ән саласың, бүгін?

— Әрине «Зәурешті», — Айдынғали құрбысын әзілдеп күледі. — Есқали қай әнді бастаса да «Зәурештен» бір-ақ шығады.

— Эх, Асаубай, Асаубай, — Матвей Степанович бұрыл мұртын бір орап, басын шайқайды. — Түбіне арақ жетті ғой сенің. Оңбауға бет алғаныңды «Құсты аралда»-ақ сезген едім.

— Маскүнем сорлы, — Есқали ағай Асаубайды жазғыра ма, мүсіркей ме, ауыр-ауыр күрсінеді. — «Мысықмұрттың» өзімен іштім, Ағанияздың үйінде қонақта болдым» деп мақтанушы еді. Сонда мынау мырзалар кересін ішкізіп жүр екен ғой, оған...

Біз өртті өшіруге кіріскенде тан қараңғысы еді, қазір бозарып ата бастады. Мана өрт ұшқынын топ-тобымен лақтырып, құтырына соққан таң желі бірден-бірге баяулап барып тым-тырыс бола қалды. Таңнан хабар берді ме, әлде біздің жеңісімізді қошаметтеді ме, о баста біріндеп қана, еріншектеу шақырған әтештер енді біріне-бірі үн қоса Атрау аспанын жаңғырықтырып жіберді. Көкжиек жеңіс туындай алқызыл шапаққа бөленді. Бұдан аз бұрын жалын сәулесі ойнаған ақшақарлы алаңның үстінде қазір таң шапағының қызыл толқыны нарттана калды. Көгілдір аспан күмбезінің шығыс жағынан нұр кірпігін шашырата күн көзі де сығалай бастады. Лабаз төбесінде бүгінгі күресіміздің ұйымдастырушысы Арман ағай тұр. Ол маңдай терін білегімен сүртіп, қысқы күшінің көзіне сүйсіне қарап күледі. Арманды мен бұл жолы да Михаил Ивановичқа ұқсаттым. Бірде тек күрестің ғана адамы шығар деп ойлап қалсаң, енді бірде не ақынға, не суретшіге ұқсап, табиғаттың сәнді құбылысына сүйсіне қарап тұратын осындай сезімталдық әдет Михаил Ивановичта болатын. Арман ағай өз ұстазының ұйымдастырушылық қабілетін ғана емес, сезімталдық қасиетін де үйренуге тырысатын тәрізді. Демек, Михаил Ивановичқа тек мен ғана емес, Арман ағай да еліктейді екен ғой. Дәл осы жолы Михаил Ивановичқа ма, Арманға ма,әлде тіпті екеуіне де еліктедім бе, мен де іргеден әлі түгел көтеріліп үлгірмеген үлкен күмбез күннен көз алмай қарай бердім. «Бүгінгі күн тек дөңгелек шар емес, кәдімгідей бет бейнесі, әп-әдемі дөңгелек жүзі, мөп-мөлдір көзі, ып-ықшам мұрны, қабығынан жаңа ғана жарып шыққан гүлдей еріні бар ма, қалай?» деп таңданып қалған едім, күн шарының дәл ортасына тұра келгендіктен солай көріне қалған Раушанның беті екендігін енді ғана байқадым да, күліп жібердім. Раушан асыға басып жүгіріп келеді, күн шары көтеріліп барады. Әлгіде күн күмбезінің ішінде тек беті ғана көрінген қыз енді күн шарының ішінде келе жатқан тәрізденеді. Күн көзі жоғарылай-жоғарылай барып Раушанның төбесіне ұсталған үлкен бір ақ шатырдай дөңгелене қалды. Үлкен шатыр астында зымырап келе жатқан кішкене қыздан көз аудармай мен тұрмын. «Неге жүгіреді екен? Әлде жұмысқа асыға ма, жұмысқа келе жатса әжесі қайда?» деп ойлаймын. Мен әлі де қарай бермек едім, төбеден секіріп түскен жігіттер ойымды бөліп жіберді.

— Таласов мырза, — деді Арман ағай шатырдан қарғып түскен бойы, — кәне, өрттен қалған балығыңызды қабылдап алыңыз. Сәндігерей, сен де...

— Рахмет, — Ағанияз міңгірлеп теріс айналды, — қайдағы балық?

— Жоқ, рахметті кейін айтарсыз, — Арман мен Матвей Степанович есікті сүйменмен бұзып ашты да, кекесін мен ыза аралас күліп жіберді. — Кәне, жүріңіз тезірек. Түу, қандай көп балық еді! Сәндігерей мырза, сіз өткен түн таң атқанша не тасытқансыз, ә?

— Әй, Арман, — Сәндігерей таяғын тағы да көтеріп алды, — сен осы маған неге байланыса бересің. Басыңның мылжа-мылжасын шығарармын, абайла, аю, білдің бе?

— Өшір үніңді, — Арман подрядчиктің таяғын жұлып алды да, қолын кеңірдегіне апара берді, — әйтпесе, кеңірдегіңді суырып алармын... Бірақ, сен итті...

Арман сөзін аяқтамай қолын бір сілтеді де, кері айналды.

— Ойбай-ау, түк жоқ қой. О, қарабет!

Есқали ағай Ағаниязды жағадан ала түскен еді, Арман мен Матвей Степанович қабаттаса сөйлеп, зекіп тастады.

— Тоқтат!

— Тиме, доңызға!

Жұрт бірі кекеп, бірі сөгіп, дуылдасып, зорға басылды.

— Түкке түсінбей тұрып неге даурығасыңдар? — Ағанияз әміршінің көзі адырайып, безеу басқан қарақошқыл жүзі қуарып кеткен екен, даусынан үрей мен ыза аралас естіледі. — Бар балық анау өртенген бөлімдерде үюлі жатқан болатын. Ешнәрсе қалмаған шығар...

— Қынжылмаңыз, мырза, — Арман енді лабаздың өртенген бөлімдеріне қарай аяндады. — Оларда бары рас болса ешбір бүлінген жоқ. Біз қабырғаны екі жақтан бірдей құлатып, өртті тұншықтырып тастадық қой. Аз-кем өртенгені болса оны Асаубайдан өндірерсіз. Сіз осы лабазды өртеуге қанша төлемек болған едіңіз?

— Ол ит, — Матвей Степанович оң қолының түюлі тұрған жүндес жұдырығын бір сілкіп тастады, — ол өрттің ақшасын күн бұрын алып-ақ қойған шығар. Өткен күзден бері осылармен тым ауыз жаласып, мастықтан айықпай, жұмыс істеуді де қойып алған еді-ау.

— Бәсе, — Есқали күрсініп, басын шайқады. — Асаубайдың аузынан арылмайтын неткен батпан құйрық деп едім-ау! Қақпанға түсіріп алған екен ғой...

— Әй жігіттер, — Ағанияз жұртты сөз емес, ыммен кекеп басын изеді. — Асаубайдың кімнің қақпанына түскенін анықтайтын жер бар ғой. Осыған шаршамасақ қайтеді?

— Жарайды, өткенді сабақ ете жүрерміз, — Арман лабаздың шала өртеніп құлап жатқан қабырғасын көрсетті, — ашыңдар мынаны. Уақыт өткізбейік.

Бірі багор, бірі күрекпен құралданған қалың топ құлап жатқан лабаз қабырғасын қопара бастады. Сережа екеуміз қопарылған қамыстарды сүйреп жүрміз. Әлден уақытта біреудің шыр ете қалған аянышты даусы естілді. Жалт қарасам, Раушан.

— Аға, аға!..

Мана күн шатыры астында көргенімде Раушан бізге бір қуаныш алып келе жатқан шығар деп ойлаған едім. Қателескен екенмін. Қуаныш емес, қасірет ала келген тәрізді. «Ағадан» өзге сөз айтпай, Арман ағайды құшақтап ағыл-тегіл жылап тұр.

— Ау, не болды, не болды?

— Аға, құтқарыңызшы, аға!

— Кімді, кімнен құтқар дейді?

— Әжемді ұстап әкетті!

— Не дейді, кім ұстап әкетті?

— «Мысықмұрт» пен Баланияз...

— Өрт жаласын енді кемпірге аудармақ болғаны ма?

— Лабазымды өртедің дейді. Шаналарына Люба апайды да мінгізіпті...

— Аһ, не дейді мынау бишара?

Әлгіде ғана апатты жеңіп шыққандығын мақтаныш еткендей жүзінде күрең нұр ойнап, зейінді көздерінің жайдары қарашықтары күлімдеп қана тұрған Арман сонау бір Атаман өлігі үстіндегі өкінішті ауыр кездеріндегі қалпын қайталап, кенет өзгеріп сала берді. Қалыңдау еріндерін тістеніп, қабағын да тас түйіп алған екен, маңдай мен мұрнының шекарасындағы қара меңге келіп тұтасқан қою қастары кейде дір етіп жоғары серпілсе, кейде кең жазыла қыран қанаттана қалыпты. Үлкен қара көздері ішкі жан ашуының бар жалынын өзіне тартып алғандай жарқ-жұрқ етеді. Жұрттың бәрі кенеттен естілген ауыр хабардың шешімін Арман ағайдың жүзінен іздегендей, содан әмір күткендей ауыр-ауыр күрсініп, үнсіз қарай қалған еді, ертеңгі аяз бен қатқан қарды сыза қозғалған шана табанының шыйқылы назарымызды аударып жіберді. Жалт қарасам, Ағанияз әмірші шанасына міне сап зытып барады екен.

— Тоқта, мырза, қашпа!

Арман ағай тымық ауаны жаңғырықтыра айғайлап жіберді. Күшті айғайдың жаңғырығы жарға соғылды да; Атрау айдынының көкше мұзы да өктем үннің әр әрпін жеке-жеке қабылдап алған телеграф аппаратындай тік-тік, күтір-күтір қағылып, күмбірлей жөнелді. Біздің аңырып қалған жағдайымызды пайдаланып шанаға мініп үлгерген Ағанияз алды-артына қарар емес. «Шүу-шулеп» делбесін үсті-үстіне қағып, изендей түседі. Бірақ әлі ұзап кеткен жоқ.

— Қашарсың, қарабет, қашарсың!

Есқали ағай бір аршындай кеспелтек қайыңды оң қолына ала жүгірді, бұл жолы оны ешкім тоқтатып та үлгірмеді. Шананың алдын орай біраз жүгіріп барды да, қайың соққыны лақтырып кеп жіберді. Арасы тым шалғай болса да, қайратты адамның лақтырған қайың соққысы Ағанияздың сол жақ шекесін ала сарт ете қалды. Ағанияз бұғып барып, қайтадан бас көтерді. Бұл жолы да бұрылуға батырлығы жетпеді. Шана бірден бірге алыстай түсті.

Шана соңында шоғытып, атты полицейлер барады. Олар да алды-артына қарар емес.

— Аға, аға, құтқарыңызшы, әжемді...

— Эх, сұмдар, — Матвей Степанович жүндес жұдырығын тас түйіп жоғары көтерді, — құлағалы тұрған лабазға өртті қолыңмен салдыртып, шоғын бізге тастап, қашып барасың, айлалы қу түлкі! Бәрібір, біз ол шоғыңды да өшіреміз!..

— Я, қашты олар. Шындықтан қорқып қашты. Біз жеңдік те, жеңілдік те. Түнгі өрттен түскен шоқ төрт адамды ала кетті, өртті өздері салды да, жаласын бізге жапты. Әділет қайда, әділет. Не істеу керек?..

Арман ағай оң қолымен маңдайын сүйеп, сол қолымен Раушанды құшақтаған күйі ауыр күрсінді де, батысқа қарады. Әділетті де, не істеудің жауабын да батыстан іздейтін тәрізді. Мүмкін, ол қазір не Астраханьдағы Кузьмамен, не майдандағы Михаил Ивановичпен «Не істеу керек?» туралы қыял арқылы кеңесіп тұрған шығар...

XXII ТАРАУ. ӨРТТЕН СОҢҒЫ КӨП ОЙЛАР

...Ол күні қоңырау да қағылған жоқ еді, ешкім жұмысқа да шыққан жоқ. Батаға басы құлаққа ұрған танадай, бір меңіреу тыныштық. Түн бойы өртпен алысқандар көз шырымын алуға казармаға қайтты да, Арман ағай бастаған бесеу полиция кеңсесіне кетті.

— Жылама, қарағым, біз қазір әжеңді алып келеміз, — деді Арман ағай Раушанды маңдайынан сүйіп.

— Раушанды біздің үйге алып барыңдар. Шәріпқали төртеуін шүйілім шағып қойыңдар, шайды мен келген соң ішерміз, — деді Жанқия апай.

Біз үйге қайтып келеміз. Үй дегеніміз Жанқия апайдың «бөлмесі». Бөлме емес-ау, ішкі үш қабырғасын тоқымалы жөке қаппен бөліп тастаған кішкене ғана бір қуыс. Төрт кісінің төсегі зорға ғана сыяды. Әкем кеткен күннің ертеңінде-ақ Жанқия апай Сережа екеумізді осы өз «бөлмесіне» көшіріп алған болатын. Шынында еріксіз көштік. Жанқия апай жалқы көзін бір жалт еткізіп еді, дәлел айтуға да шамамыз келмеді, бар шоқпытымызды көтеріп алдық та, томпаңдай бердік. Алғашқы бір айда Сережа да осында болған-ды, кейіннен «бөлме» тым тығыздық етті де, өз үйіне көшті. Бірақ, көбінесе менің жанымда қонады. Бұған Жанқия апай да, Сережаның шешесі де реніш білдірмейді. Әрине, алдымен екеуінен де рұқсат аламыз.

Сережа екеуміз Раушанды екі қолтығынан сүйеп келеміз. Раушан жылап келеді. «Қой» дегенмен қояр емес. Дөңгелек қарашығындағы жас ұзын кірпіктерінің ұшына іліп қойған моншақтай мөлтілдеп біраз тұрады да, үзіліп түседі. Үзіліп түскен тамшы жас аязбен нарттанған ақша беттің ұшында аз бөгеледі де, төмен қарай сорғалай жөнеледі. Жетімнің жасын жерге түсірмей сүртіп аламын. «Енді сарқылған-ақ шығар» деп ойлаймын. Жоқ, таусылар емес. Кірпік ұштарына ілініп мөлт-мөлт дірілдеген жас моншақтарын тағы да көремін. Әлгіде ғана дөңгеленіп тұрған моншақтар енді бірден бірге ұзарып барады да өз салмағын ауырсынғандай сабағынан үзіліп түседі. Мен тағы да сүртіп аламын. Жас моншақтары жаңадан пайда болады. «Кіп-кішкене жанның бойына осынша жас неғып сыйған. Бүкіл денесі жастан құрылған ба? Орыс ертегісіндегі «Ақша қар» тәрізді еріп бара жатпасын», деп ойлаймын да жүзіне үңілемін. Жоқ өзгермеген тәрізді. Бүршігін жаңа жарған балауса гүлдей күрең еріндері де, әдемі қыр мұрны да өз орнында тұр. Рас, бет ұшы бұрынғыдан да гөрі нарттанып, жасқа буланған қарашықтарында сәл буалдырлану бар тәрізді, оң бетінің ұшынан сәл төменірек мөп-мөлдір бір қара моншақ пайда бола қалыпты, кірпіктен сорғалаған жас қара моншақтың ұшында сәл іркіліп барып, үзіліп түседі де, моншақ өз орнында қала береді.

— Қой, Раушан, жыламашы...

— Жыламай қалай төземін, — Раушан егіле өксиді, — жалғыз әжемді де көпсінді маған. Енді менің панам кім?...

Я, неғып жыламасын. Әжесі барында да бақытты екен ғой. Қазір міне, панасыз қалды. Анау жыландай ысқырған «Ақ келіншектің» бұған жаны ашыр ма? Раушан жылап келеді, мен енді қой деп айтуға да батылым бармай, ой дариясына жүзе жөнелдім. Құлаш өрген бұл «дариям» да Раушан төңірегінде. Әкемдер жөнеліп кеткеннен кейін араға бір апта салып, жексенбі күні Раушанның үйіне барған едім. Қақпаға мандайын сүйеп, Раушан солқылдап тұр екен. Шашы ұйпа-тұйпа. Төбесінде баяғы жасыл лентасы да жоқ.

— Раушан, неге жылайсың? Нағашыңды сағындың ба?

Мен жанына жақындап бардым. Қыз баста абыржып, жасын сүрте бастады да, мен екенімді білгеннен кейін мұңын шаққандай еңіреп қоя берді. Оң көзінің алды көгеріп кетіпті, тегі бір аяусыз соққыға ұшыраса керек.

— Көріп тұрсың ғой, — Раушан бүкіл денесімен солқылдап өксіп-өксіп алды. — Несін сұрайсың?!.

— Жыламашы Раушан, — жаным ашып кетті де маңдайын сүйеп, жасын сүрте бастадым. — Жыламашы Раушан...

— Жыламай, қалай жыламайын. Басымнан таяқ кетпейді.

— Көзіңнің алдына не болды? Ақ келіншек пе?

— Сол сұр жылан тұрғанда, кім дейсің...

— Әжең неге қорғамайды?

— Қорғатар, әжеме! Оның көргені менен де жаман: Суымен кіріп, күлімен шығып жүрсек те, жақпаймыз. Шашымыздан жұлып сабайды. Сабап қана қоймайды, «кетші, кет!» деп қуады.

— Неге кетіп қалмайсыңдар?

— Кетіп қайда барамыз. Не күн көреміз?

— Батағаға жұмыс...

Сөйлемімді аяқтап та үлгірмедім, үйден шаң-шұң сөйлеп баяғы дарақы «ақ келіншек» шыға келді. Мен бұл атты ол кезде аңғармай қойсам керек, шынында да сұр жылан тәрізді екен. Шегір көзі шатынап, аузынан бар құсығын шашып келеді. Бұған дейін құлағыма шалынбаған бір тосын сөздер. Әйтеуір балағат болуға тиісті. Үйден ала құйындата шыққан ақсұр келіншек мені кеудеге бір түйіп, Раушанды сүйрей жөнелді. Тек сүйреп қана бара жатқан жоқ, теуіп барады. Сол сүйреген бойы есік алдына апарды да, итеріп кеп жіберді. Раушан қабырғаға соғылып, құлап түсті. «Сұр жылан» мұнымен де қоймады. Енді жауырынға тебе бастады. Раушанда ешбір үн жоқ. Қарсылық та етпейді, жыламайды да. Талып кеткен бе, әлде «жау алдында жас төгіп, жалбарынбаймын» дей ме?

— Шырағым-ай, ең болмаса теппесеңші! Кеп-кешегі еріңнің жалғызы емес пе еді!

Үйден жүгіре шыққан кемпір немересін қорғамақ болып ұмтыла беріп еді, сұр келіншек кемпірдің өзін де түйіп жіберді.

— Ерің! Ер ме еді ол маған. Есікте жүрген құлымды. Мынау бұзылған, — дарақы сұр келіншек тағы да мен есітпеген балағат сөздерді, сөз емес-ау құсықтарды ақтарып-ақтарып алды, — тапа-тал түсте...

Бұған дейін тым ұшқалақтау, ұрыншақ мінезіме ерік бермей өзімді өзім зорға ұстап тұр едім. Енді төзе алмадым. Жұдырығымды тас түйіп, ақ сұр келіншекке тап бердім. Бірақ, Раушанның әжесі қапсыра құшақтап ұстай алды. Кемпірдің құшағында жұлқынып жүрмін.

— Не дейсің, неге қорлайсың?

— Алып кет деймін, мынау...

— Қарағым қойшы, — кемпір мені дарақының алдынан ығыстыра берді, — қайтшы өзің...

Ақ сұр келіншек жасқанды ма, жалықты ма, сөзін де, қыймылын да енді қайталамай, үйге кіріп кеткен еді. Раушан мен әжесінің киімдерін лақтырып тастады да, есікті тарс жауып алды.

— Енді қайтып ашушы болмаңдар, бұл есікті!..

— Қарағым-ай, — кемпір кеудесімен өксіп, күрсінді, — қайдан келіп едің осында. Енді кетші балам. Әлгі «Мысықмұрттың» келетін уақыты болды, бір бәлеге қаларсың...

Кемпір мені құшағынан босатып, немересін сүйеп тұрғыза бастады. Менде көмекке ұмтылдым. Раушан шынында да талықсып кеткен екен. Екеулеп көтеріп келеміз. Кәрі ананың көзінен сорғалап аққан жас бетіндегі шешек дағына ұялап, мөлдірей қапты.

— Шырағым, анау бір шоланға апарайық, шолан деймін-ау бір кездегі өзімізге лайық бақытты босағамыз еді. Менің анау жалғызым осы шеген үйде дүниеге келіп, осы үйде ер жеткен. Осы үйде үйленіп, осы үйде балалы болған. Осы үйді менсінбей тастап кеткен едік, киесі қаққан ғой. Кейінгі жылдары бұзау қораға айналдырды. Қазанғап сол бұзаулармен араласып, осында тұра беретін, — кемпір көз жасын кимешегінің ұшымен сүртіп, тағы да бір күрсініп алды. — Әлгі «Мысықмұрттың» көзіне мынау түрімізбен көрінбейік: Қорлар ол сұм тағы да.

Раушанды көтеріп апарып, қора төріндегі шеген шоланға кіргіздік. Сырты шоланға ұқсағанмен ішінде пеші, кішкене ғана жалғыз көзді терезесі бар екен. Еденде ескі алаша төсеулі жатыр. Мүмкін, Қазанғап ағайдың төсек орны шығар. Ақ сұр келіншектен жәбір көрген күні Раушандардың осында түнеп жүруі де мүмкін. Қызды алаша үстіне орналастырған бойда, манағы сұр келіншек лақтырған киімдерді әкелу үшін далаға шыққан едім, қала жақтан шабуылдап «Мысықмұрт» та келеді екен. Бірақ мені байқаған жоқ. Шоланға жүгіріп кірдім де есікті іштен бекітіп алдым.

— Немене, келіп қалды ма? — Кемпір үрейлі көзбен маған қарады. — Көрген жоқ па?

— Көрген жоқ. Әлі алыста. Әже, сіз «Мысықмұрттан» неге қорқасыз? Құдаңыз емес пе?

— Қорықпаймын, — кемпір ауыр күрсінді де, жағасын ұстап, басын шайқады.-Қорланамын, балам, қорланамын. Мынау біздің келіні түскір сол итке ерге шығамын деп жүр ме, қалай?..

— Әже-ау, олар тумалас емес пе?

— Тума болғанда да Қасқырбай мен «Мысықмұрт» немере. Бірақ шырағым, бұлар бір азған тұқым. Ағасының ұлы інісінің қызына үйлене береді. Жалғызымның қырқы толмай тұрып-ақ осылардың арасында бір сұмдықтың барын сезген едім, — кемпір тағы да бір рет кеудесімен өксіп алды. — Төзе алмадым, қарағым. Бір күні «шырағым келін, ең болмаса еріннің жылы толсын да» деп ақыл айтпақ болып едім, тулай жөнелді. Бастан-ақ бір бірімізді ұнатпайтын едік, арамыз ашылды да кетті. Сонан бері көргеніміз күндік. Не дегенмен ер адам ғой, Қазанғап барында сәл именетін еді. Қазанғап наборға кетіп Қасқырбайдың басы жарылғаннан бергі күнімізді итке берсін...

Кемпір әлі де ұзақ сөйлемек еді, манадан бері тек кеудесі ғана қыймылдап, үнсіз жатқан Раушан есін енді ғана жыйса керек, солқылдай өксіп дем алды. Аздан кейін көзін сәл ашып, тобарсыған еріндерін жалап, тамсана бастады.

— Шөлдедің бе, — кемпір оң қолын созып пеш артынан суға толы шыны алды, — су ішесің бе, қарағым?

Раушан басын изеді. Бұл кезде әндете келіп аттан түскен «Мысықмұрт», шылбырын қазыққа іле салды да, үйге кіріп жоқ болды.

— Ұлым, — кемпір үрейлі пішінмен маған бұрылды, — сен енді «Мысықмұрт» шықпай тұрғанда казармаңа қайт.. Көріп қойса пәлеге қаласың. Тіпті, ана көкайылдың айтуы да мүмкін.

— Әже, — деді Раушан, — біз де кетейікші.

— Қарағым-ау, қайда барамыз?

— Батағаға. Мен балық тізе білемін. Люба апай үйреткен-ді.

— Мен де балық ыстауды ұмыта қоймаған шығармын. Бірақ, бізді алар ма екен Таласов. Ол Қасқырбайдың құдасы ғой.

— Әже, — мен кемпір мен Раушанға кезек қарадым да, бар билік өз қолымда тұрғандай сеніммен сөйледім. — Сережаның шешесі балық ыстау лабазында істейді, мен сол кісіге айтып, сізді жұмысқа алдыртайын.

— Ол кісінің қолынан келе ме? — Кемпір ойланып барып сөзін жалғады, — сен Арман мен Жанқия апаңа сәлем айт. Бізге бір күнкөріс тауып берсін.

— Жарайды әже, мен қазір...

Раушан мен кемпірге «қош» деуге де ұмытып кетіппін. Шоланнан ата жөнелдім. «Мысықмұрт» әлі сұр келіншектің жанында болса керек. Аты баяғы орында байлаулы тұр. Жүгіріп келемін. Теңіз апатынан Атрауға оралар күнгі жыр түседі есіме:

Бау ішінде жетім қыз,

Жетім ұлмен сырласты...

Жол бойы ойым өгей аналар төңірегінде болды. Өгей ме, жоқ па, өзіме ешқандай өгейлік етпеген, өзім білетін анамды еске түсірдім. Қандай тамаша адам еді, маған ешбір қабақ шытып, қатты сөз айтып, налып көрген емес-ті. Тіпті менің кейбір теріс мінезімді сынағанда да дауысын көтермей, ар жағында зәрі жоқ, жай ақыл сөздермен түсіндіретін. Кейде мен емес, өзге бір балалардың оғаш әрекеттерін әңгімелеп, менімен кеңескендей: «Дауылжан, сен қалай ойлайсың осы баланын істегені дұрыс па?» деп сұрайтын. «Жоқ, ол жаман бала» дейтінмін мен. «Әрине, жаман бала. Сен ол баланың істегенін істеме, қарағым» деп күлетін анам. Мен ондай мінезді қайталамайтынмын. Кейде даладан бет-аузымды ластап келсем, анам әйнектің сыртына қара мата ұстап, бетіме тосатын да, «Дауылжан, мынау бір баланың түрін қарашы!» дейтін. Мен әйнектің ар жағында мұрнынан сіңбірігі салбырап тұрған баланы көретінмін. Ол өзім бе, жоқ па, онша үңіле бермей, мұрнымды жеңіммен бір жанып тастайтынмын. «Жоқ, олай етпе, жу мұрныңды. Содан кейін анау кенеп орамалға сүрт» дейтін анам. Бұдан былай мен үйге кірерде алдымен бет-аузымды жуып, сүртініп кіретінмін. Анам кейде өз киімімнің өзге жерін қымтап, тек жеңін тана көрсететін. «Дауылжан, анау көрші баласынын жеңін қарашы, "қандай жиіркеніш. Бар сіңбірігін жеңіне сүртеді екен, қатып қалыпты, «ища!» деп кішкентай мұрнын құрыстыра қоятын. Мен де «ища!» дейтінмін. «Жеңің таза болсын, мынау орамалды жанқалтаңа салайын. Жоғалтпай, мұрныңды осыған сүртіп жүрші» дейтін анам, қалтама бір жапырақ шүберек салып. Бұдан кейін мен мұрнымды орамалға сүртіп жүруді әдет ететінмін. Анам маған сездірмей отырып, өзімді өзім бақылап, таза жүруге, өз киімімді өзім киюге әдеттендіретін. Менде бір киер-ақ киім болатын. Әрине, жамаусыз да емес. Бірақ анам сол киімімді жатарда жуып, түймелерін қадап, кептіріп қоятын. Таңертең мен жаңа киім кигендей болатынмын.

Менің анам осындай адам болатын. Сол кісі өгей ана дегенге мен сенбеймін де. Рас, емшегін емгенім есімде жоқ. Бір анарын тұмсығыммен, екінші анарын алақаныммен басып, бір қолымды мойнына орап алып, ана бауырында маужырап бір ұйықтайтынмын. Сол анам еске түсті де, казармаға соқпастан, зират басына қарай жүгіре бердім. Жүгіріп келе жатып Атрау жағасындағы екі түп жас шыбықты тартып қалып едім, тамырымен суырылып шықты. Тастамадым, ала кеттім. Орыс халқының өлікті аса құрметтейтін бір тамаша әдеті бар ғой, олар мүмкін болса-ақ демалыс күні тумаларының басына барады. Тіпті азықтарын ала барып, сол жерде тамақтанады. Сол әдет Атрау қазақтарына да біртіндеп сіңе бастаса керек. Жанқия апай да, Арман ағай да зират басында жүр екен. Жандарында Шәріпқали. Қуанып кеттім. Олар менің келгенімді де байқаған жоқ. Ескілеу бір зираттың басында тұр. Арман ағай мен Шәріпқали бөріктерін қолдарына алыпты.

— Мама, бұл кім? — деп сұрайды Шәріпқали.

— Сенің әкең, қарағым, — дейді Жанқия апай күрсініп.

— Әкем не ғып жатыр бұл жерде?

— Жүрегі ауырып, емделіп жатыр, қарағым.

— Жазылған соң үйге келе ме?

— Келеді, қарағым, — Жанқия апай күрсініп, кимешегінің ұшын тістейді. — Әбден жазылып шыққан соң үйге келеді.

— Маған Ағанияз баласының ойыншығындай ойыншық әкеле ме?

— Әкеледі, күнім!

— Мама, а»ау кім? — деп сұрайды Шәріпқали, екінші бір бейітті көрсетіп.

— Ол Айсұлу келін ғой, қарағым.

— Айсұлу апай да емделіп жатыр ма?

— Я, қарағым, ол жүрегін емдетіп жатыр.

— Емделіп келген соң Дауылдар бөлек шыға ма?

— Бөлек шығады. Бірге тұра берер едік, үй тар ғой.

Айсұлу деп тұрғаны менің шешем. Ол пәлендей әдемі адам емес еді. Бірақ, әңгіме тек көрікте емес қой. Мінез-құлқы, әдеті, жүрегі әдемі еді менің шешемнің. Онда шын аналық жүрек бар еді. Әдемі ақсұр келіншектің манағы бір жауыздығынан кейін, менің көрікті адамдарға тіпті көңілім қалып қойған тәрізді. «Асылыңды бетке жылтыратпай іште сақтағанның өзі-ақ оңды» дейтін Жанқия апай сол әбден орынды айтылған сөз-ақ шығар... Мен бөркімді алдым да, ардақты анамның бейітіне жақындай бердім.

— Өй тентек, қайда кетіп қалған едің? — деді Жанқия апай.

— Зиратқа бірге барайық деп айту үшін Раушанға кірген едім, — менде ондай ойдың болғаны да рас-ты. — Бірақ...

— Немене, — Арман ағай менің даусымдағы налуды аңғарып қалды-ау деймін, сұрақты пішінмен қарады, — ренжіп жүр ме екен?

Мен бар әңгімені түгел баяндап бердім. Арман да,. Жанқия апай да күрсініп алды.

— Бишара жетім! — Арман ағай басын изеп, Атаманның бейітіне бұрылды. — Көптен барған жоқ едім. Жанқия апай, кешке бір кіріп шықсақ қайтеді?

— Кіріп шығуға болады ғой, — Жанқия апай ойланып қалды. — Ол қос жетімді анау қасқырдың қарындасына талатпай, жұмысқа орналастыру керек. Қазанғап жүрерде тапсырып кеткен еді.

— Қайда орналастырамыз?

— Жамал апайды балық ыстау лабазына, Раушанды балық тізуге.

— Қасқырбайдың қуған адамын Ағанияз алмай жүрмесе...

— Неге алмайды? — Жанқия апайдың сөзінде сұрау ғана емес, өз күшіне өзі толық сенгендік бар тәрізді. — Ертең Анна Ивановна екеуміз доңыз аттастың өзіне барамыз. Алғызамыз!

— Ағаниязбен сөйлеспей, соның өзіне барғаныңыз мақұл. Ол сізден жасқанады.

— Жасқанар, — Жанқия апай сол көзінің орнындағы қара шүберекті алақанымен басып күрсінді. — Менің жалқы көзім әзірге үрей болып тұр ғой оларға...

Әңгіме осымен аяқталды. Біз Атаман зиратына барып шықтық та, енді қайтуға ыңғайландық. Мен топырақты терең қаздым да, қолымдағы жас шыбықтың бірін ардақты анамның екіншісін Атаманның зиратына отырғызып кеттім. Ертеңіне Анна Ивановна мен Жанқия апай доңыз аттасқа барған еді, қожайынымыз Жанқия апайдың жалқы көзінен шын жасқанды ма, әлде «жеңіл-желпі тілектерін орындап, жақсы атты болайын» деп ойлады ма, Раушанды да, әжесін де жұмысқа алды. Олар сұр келіншектің қорлығынан осылай азатталған еді...

Казармаға да келіп жеттік. Раушан табалдырықтан аттағанда жасын тыя бастаған еді, бірақ көрші бөлмеде еңіреген Асаубай балаларының зарын есітті де, күрсініп алды. Көршілерінің қасіретін бөле көтергендей пеш түбінде мұңайып отырған Шәріпқали, енді Раушанға да аяныш білдіре жаутаңдап қарады да, менің құлағыма сыбырлады.

— Ақа, неге жылайды?

— Әжесін тұтқынға алған.

— «Мысықмұрт» па?

— Я, «Мысықмұрт».

— Сабыр мен Шегірдің әкелерін өлтірген де сол «Мысықмұрт» па?

Мен Асаубай ағайдың өлмегенін біле тұрсам да, басымды изедім. Раушан мен Шәріпқали ауыр-ауыр күрсініп, біріне бірі қарады. Асаубай балаларының зарына аяныш білдірушілер де, ашу көрсетушілер де бар болса керек.

— Жыламаңдар, бөбектер! Асаубай ертең жазылып шығады.

— Обалдарың әкелеріңе.

— Ондай әкенің барынан жоғы артық.

— Өшір үніңді, оңбағанның баласы!

— Зекіме жас сәбиге. Бұларда қанша жазық бар!

— Шешелері қайда кеткен өздерінің?

— Асаубайға кеткен ғой. Жыламаңдаршы. Мә, шүйілім жейсіңдер ме?

— Ақа, ә, ақа, — Шәріпқали өтінішті пішінмен маған қарады. — Осында алып келейін бе?

— Әкеле ғой. Бірақ сен киіндіре алмайсың ғой.

— Жүр, екеуміз алып келейік, — Раушан ауыр күрсінді де Шәріпқалиға бұрылды. — Мен киіндіре аламын.

Шәріпқали мен Раушан бірі Асаубайдан аумаған жалқаяқ сары, екіншісі шешелеріне тартқан тәңкек мұрын қара баланы алып «бөлмеге» кіргенде, біз шүйілім шағуға кіріскен едік. Көршілер де шүйілім жарып жатса керек. Казарма ішін ағаш тоқпақтың пышаққа соғылып, біріне бірі жалғасқан, бір сарынды дүңкілі билеп алды. Есіктен өкси кірген қос зарлы енді бізге мұң шаққандай өкіріп қоя берді. Асаубайдың өзін жаратпағандықтан ба, мен пәлендей елжірей де қойған жоқ едім, Сережа балаларға құшағын жаза берді.

— Қой-ай, жылама, өзі қандай жақсы бала. Біз қазір мынау шүйілімді шағып болған соң, шөңкеге мініп барамыз да, әкелеріңді алып келеміз. Бері қарашы, мынау суреттерді көрдің бе?..

Сережа қара баланы құшақтап алды да, қабырғадағы суреттерге апарды. Мен өзімнің қатыгездігіме ұялып қалдым да, Раушанның қолындағы жалқаяқ сары баланы амалсыз құшағыма қыстым. Шегірі де осы еді. Атын да әбден тауып қойыпты. Ұясынан атып кеткелі тұрған, топ-томпақ шегір көзіне жас алмай, долданып, құрғақ жылайды. Мінезі де қыңырайған дәл Асаубай. Қабырғадағы суреттерді көрсетсем, ерегісіп теріс айналады. Шегір көзді сары баланы лақтырып жібермек болып бір ыңғайланамын да, өзіме өзім тоқтау салам. Сережаның қолындағы қара баланың аты Сабыр болатын. Мінезінде де сабырлық бар екен. Біраз жылап алды да басылды. Енді анда-санда ғана бір өксіп, кішкене қара жездерін аудармастан суретке қарайды. Кейде кетік тістерінің арасынан тілін көрсетіп, жас пен күлкі аралас суретке қол созады. Мұрны шолақ болғанмен Сабырдың жүзінде бір сүйкімділік бар тәрізді. Сары бала әлі жылап тұр. Шегір көзі де енді «Мысықмұрттың» көзіне ұсап, шатнап кетіпті. Әбден жалыққан соң мен сары баланы Раушанға беріп едім, бұған да жұбанбады. Ағаш сәкіге домаланып, тебінді де жатты. Шыңғырып-шыңғырып қояды. Раушан да шаршаса керек, Шегірге қайтып жоламай, қабырғадағы суреттерге үңілді. Кейбіріне таңданып ұзақ қараса, кейбіріне көз тоқтатпай өте шығады.

Сурет демекші біз Сережа екеуміз қолымызға түскен бояулы қағаздарды да, суреттерді де әкеліп жапсыра беретінбіз... Қазір тоқымалы жөке қаппен бөлінген қабырға түгелге таяу жабылып, аламыштана қалыпты. Бұлардың арасында орыс қолбасшылары да, ақ қанатты періштелер де, шайдың, конфеттің қағаздары да, туған күні айрылған анамның суреті де, әкемнің, Михаил Ивановичтың, Жарқын ағайдың, Сережа әкесінің майданнан жіберілген фотолары да, найзаласып жатқан әскерлер де, Сережа екеуміздің өз түсінігіміз бойынша салған қайық, кемелер мен пароходтардың суреттері де бар. Осылардың бәрі құрала келіп, Жанқия апайдың «бөлмесіне» тым аламыштау болса да, өз әлінше сән беріп тұрған тәрізді. Біздің «бөлмеміз» — көлемі тар, ауасы салқын болғанмен, іші тап-таза, жайнап тұрады. Казармадағы өзге қазақ үйлеріндегідей есіктен төрге дейін шашылып жатқан қоқысты бұл үйде көре алмайсың. Рас, бұл үйде асыл жиһаз да, тіпті кровать та жоқ, сәкіде жатамыз. Алайда, көнетоз төсек-орнымыз да, киім-кешегіміз де аяқ астына басылмай, төсегіміз үй қабырғасына шегеленген биік ағаш сатыға жыюлы, киімдеріміз ілулі тұрады. Сәкінің алдынан төрт қазық қағып, үстіне екі тақтай төсеп, ас ішетін стол да, отыратын ұзын скамейка да жасап алдық. Қабырғаға орыс үйлеріндегі сыяқты ыдыс-аяқ қоятын үлдіріктер де орнаттық. Бірнеше бөлмеге ортақ үлкен пештің аузы біздің бөлмеде еді. Сол пештің бір бүйіріне әр жері тесіліп қалған қаңылтыр тұрбасын өткізіп, жез самауыр тұр. Тегі үлкен аталарымызбен жастас болса керек. Сыртындағы патша бастарының көбі көшіп те үлгіріпті. Рас, пешке қарай ету үшін бізге стол мен скамейкаларымызды уақытша жыйнай тұруға тура келеді.

«Бөлмеміздің» ішкі түрі осындай еді. Онда байлық болмағанымен тәртіп бар. Жарқын ағайдан есіткені ме, Анна Ивановнадан көргені ме, әлде өзінің жаратылысындағы қасиеті ме, Жанқия апайда адам сүйсінерлік бір тазалық бар. Ол бізді де тазалыққа, тәртіпке үйретеді. Есік алдындағы ескі қоға шиге аяғымызды әбден тазалап сүртпей тұрғанда үйге кіргізбейді, қолымызды жумай келсек тамақ бермейді. Етігімізбен сәкіге шығармайды. Сәкіге шығу керек болса алдымен етігімізді шеше тастап, қоғадан тоқылған боршынымызды киеміз. Киіміміздің түймесін өзімізге қадатады. Рас, жыртылған жерлері болса өзі бүтіндейді, тіпті етігімізді де жамап береді. Менің анам мен Жанқия апайдың бала тәрбиелеуінде бір ұқсастық бар. Екеуі де сенің қолыңнан келетін жұмысыңды өздері істемей, өзіне істетеді. Екеуінің тек әдісі ғана бөлек. Жанқия апай сені елжіреп сүймейді де, өтінбейді де, бірақ баж-бұж етіп ұрыспайды да, өзін өте салқын, салмақты ұстап, талап етеді. Тапсырғанын орындатады да. Сырт қарағанда сенімен ісі жоқ, тек өз жұмысымен отырған адам тәрізді. Ал, бірақ, сенің әрбір оқыс қозғалысың ол кісінің жалқысына шалынбай өтпейді де, ретсіз айтқан сөзің құлағына ілінбей де қалмайды. Қателеріңді елеусіз қалдырмай, сол сағатында түзетіп отырады. Мен анасыз өскен кейінгі үш жылдың ішінде салақтық пен тәртіпсіздікке біраз бой үйретіп те алған екенмін, Жанқия апайдың тәрбиесіне келгеннен бері қайтадан қалыпқа түсе бастадым. Төрт бұрышты бір әйнектің астына қара мата ұстап, айна да жасап, қабырғаға іліп қойдым. Реті келсе-ақ сол «айнаға» қарағым келеді де тұрады. «Жігіт болып қалмадым ба екен?» деген оймен өз бетімнен жігіттіктің белгісін іздеймін. Шашымды да қайырып қоямын. Бірақ етектері селтиіп, көтеріле береді. Сулай тараған кезімде біраз тәртіпке келеді де, артынша қайтадан шыйыршықталады. «Бойым серейіп барады, қазірдің өзінде Асаубайдан әлдеқайда биікпін, мұрт өссе ғой жігіт болар едім де шығар едім, неге тезірек өспейді екен» деп айнаға үңіле түсемін. Бірақ шүберек төселген әйнек «айна» жүзімді көмескі көрсетеді. Мұрт белгісін де байқай алмаймын. Кейде Жанқия апайдан жасырып, әлі өркен теппеген мұртымның орнын қырып та қоямын. Ұстара тисе мұрт тез шығады дегенді құлағым шалған болса керек...

Ешкім көңіл бөлмеген соң, біраз жылап, тебініп-тебініп алды да Шегір де қабырғадағы суретке үңілді. Енді біздің «бөлмедегі» суреттер көрмесінін «экскурсоводтық» міндеті Шәріпқалидың қолына көшті. Сережа екеуміз шүйілім шағуға кірістік. Мұз қата бастағаннан бері нан жағы тапшыланып, шүйілім біздің балықтан соңғы негізгі тамағымыздың біріне айналған. Жұрт бұрын үйілімді көп жыйнамаушы еді, быйыл күз Арман ағайдың кеңесі бойынша демалыс күндері шүйілім теруді әдет етіп алғанбыз. Кейіннен білдік, бұған да Михаил Ивановичтан келген хат себеп болған екен ғой. «Соғыс созылып барады, азық мәселесінің ауырлап кетуі мүмкін» деп жазыпты Михаил Иванович, жараланып қайтқан бір солдаттан Арман ағайға жіберген хатында. Бұдан өзге не айтқаны бізге қараңғы. Ол хатты Анна Ивановна мен Жанқия апай үшеуі құпыялап оқыды. Солдат майданға кері аттанарда Арман ағай да, Сережа екеуміз де Михаил Ивановичқа хат жазып, бір дорба шүйілім дәнін беріп жібергеніміз. Михаил Иванович бізге рахмет айтып, жауап жазыпты. Матрос формасында түскен анау сурет сол хатпен келген еді. Михаил Иванович ұзын мұртының шалғысын оң қолымен ұстап, жымыя қалыпты. Мүмкін не бір үлкен жеңіс қуанышы үстінде, не Балтық теңізінің тамаша бір көрінісіне сүйсіне қарап тұрған кезінде түскен шығар. Кеше Арман ағай Михаил Ивановичтан тағы да хат алыпты. Мұны Баку лазаретінен аяғын кестіріп шыққан бір солдат алып келді. Өте биік, ақсары кісі екен, казармаларды да, батағаны да түгел аралап шықты. Бірақ ешкіммен ешнәрсе туралы сөйлескен де жоқ. Анна Ивановнаның үйінде үш күн қонды да, Доссорға жүріп кетті. Өзі сол Доссордың мұнайшысы болса керек. Мен мынадай бір нәрсеге таңданамын. Михаил Ивановичтық бізге жазған хаты почта арқылы келеді де, Арман ағайға деген хатын үнемі жаралы солдаттар әкеліп тапсырады. Осыған қарағанда тым құпыя болуға тиісті. Михаил Ивановичтың хатын әкелген мүгедек келген кезде Арман ағайлардың да құпыясы көбейіп кетеді...

— Мынау Михаил Иванович, — Шәріпқали қолындағы шыбығымен Михаил Ивановичты көрсетіп, масаттана сөйледі, — білесін бе шырағым, ол кісі...

— Білмеймін, — Раушан күрсінеді де, Михаил Ивановичка сүйсіне қарайды. Бірақ қара көзі дәйек таппай фотографиялық суреттердің бірінен біріне көшеді, іздегені бар шығар. Мүмкін, әкесін іздейтін болар, — әкемдермен бірге ығыста болған кісі ғой. Ол кісі қазір қай жерде соғысып жүр?

— Ол кісі, шырағым, Батық теңізінде. Жаудың талай кемесін суға батырды, — Шәріпқали бейнебір өзі осының ішінде болған адамдай, анасынан аумаған үлкен көздерін жалт еткізіп, қалың еріндерін шүйіре, ұртын томпайта сөйлейді, — ол кісі шырағым...

— Батық теңізі қай жерде?

— Қай жақта дейсің бе? — Шәріпқали аты быйыл бірінші рет құлағына шалынған теңіздің қай жақта екенін өзі де білмесе керек, не айтарын білмей бөгеліп қалды бірақ, абыржымады. Жалт етіп Сережаға бұрылды. — Сережа, Батық теңізі қай жақта деп едің?

— Батық емес, Балтық, — Сережа күлді де, үйдің солтүстік батыс бұрышын көрсетті. — Ертең картадан тауып бересің ғой, мына жақта.

— Я, ертең картадан көрсетіп берем ғой, — Шәріпқали да батысқа қолын созды, — мына жақта.

— Өзің тіпті пысықсың ғой, — Раушан тақылдап тұрған жас балаға таңдана қарады. — Сен нешедесің?

— Сегізге шығамын, — бала бөгелмеді, кезекті суреттерді көрсете берді, — Мынау нағашым, мынау Жарқын ағай. Олар жүрген жерде, шырағым, білесің бе, өзі ұшатын бір кеме аспаннан оқ тастайды екен. Нағашымды топырақ басып қалып, шырағым, әзер шығарыпты.

— Я, менің нағашым да жазды, — Раушан тағы да бір күрсініп алды, — нағашым да сурет жіберіпті. Қашан келер екен, ә?

— Соғыс біткен соң, — әңгімеге Сережа араласты. — Соғыс ұзаққа созылар деп жазыпты, Михаил Иванович.

— Мынау, — Шәріпқали таяғын ақ қанатты періштеге апарды да, менсінбеген адамдай, келтелеу мұрнын тыжырайтып, өте шықты. — Өй, әшейін, періште ғой.

— Кімнің періштесі?

— Поптың періштесі, — Шәріпқали періштеге онша мән бермей, қолындағы шыбығын орыс қолбасшыларының біріне апарды. — Мынау шырағым, тіпті батыр, Кутузов. Ол бар ғой шырағым, Бәржды алған...

— Бәрж емес, Париж де, — Сережа тағы да түзетіп қойды. — Париж Францияның қаласы. Біздің Кутузов Францияның Наполеонын Москвадан Парижға дейін қуып барған.

— Я, біздің Кутузов, — Шәріпқали Сережаның сөзін қайталады, — Наполеонды Парижға дейін қуған, шырағым...

— Әй, өзің қандай көп білесің?! — Раушан өзінен үш жас кіші Шәріпқалидың зеректігіне әрі таңдана, әрі сүйсіне қарады. — Сен оқый білесің бе?

— Орысша әріптерді үйреніп жүрмін. Мамамның, Дауылдың, Сережаның аттарын жаза білемін, шырағым...

Шәріпқалидың шынында зейінді екені де рас. Бір айтқаныңды қағып алады да, ұмытпайды да. Әлгі айтқандарының бірі Надежда Петровнадан, бірі Сережа екеумізден естігендері. Өткен күзден бері мен сабаққа дайындалсам, Шәріпқали да кітапқа үңіліп, «дауыстап оқышы» деп жалынатын-ды... Кейде әріптердің суретін көшіріп жаза бастайтын. Сөйтіп жүріп бірсыпыра әріптерді үйренін алды. Осынын, нәтижесінде Шәріпқалидың жалпы дүние тануы өз жасындағы өзге балалардан әлдеқайда жоғары жатыр.

— Раушан, — Шәріпқали Раушанға бұрылды, — сен оқый, жаза білесің бе?

— Қазақша оқый білемін, — Раушан бұдан екі жыл бұрын біз теңізге жүрерде маған өзі сыйлаған конфет қағаздарынан көз аудармай, ойланып қалған екен. Мүмкін, танып та тұрған шығар. Шәріпқалидың жүзіне қарамастан күрсіне жауап берді. — Нағашым кеткелі оқығаным жоқ.

— Орысша білмейсің бе?

— Жоқ, білмеймін.

— Онда мен үйретейін.

— Үйретші, мен саған қазақша үйретейін. Жарай ма?

— Жарайды, — Шәріпқали конфет қағазына үңілді. — Білесің бе, бұл сенің Дауыл ақама берген конфеттеріңнің қағаздары...

— Есімде, — Раушан тағы да бір күрсініп, маған бұрылды, көзінде жас та, мақтанышты бір күлкі де бар тәрізді. Жасы — әкесін еске түсіру болса, күлкісі — өзі берген конфет қағаздарын екі жыл бойы жыртпай сақтап қазір «суреттер кермесінен» орын бергеніме ризалық білдіргені шығар... — Қанша ұзақ сақтағансың, Дауыл...

Жігіт болып қалдым деп «айнаға» әр күн үңіліп, мұрт күтіп жүрген басым алты конфеттің қағазын екі жыл сақтап, қазір қабырғаға жапсырып қойған балалық мінезіме сонша ұялсам керек, екі бетім дуылдап қоя берді. Раушанға тіл қатпастан, көз қыйығын ғана тастаған едім, Шәріпқалиды құшақтап, бері қарап тұр екен. Көз кемеріндегі жасы мен жүзіндегі күлкісі бірін бірі жеңе алмай қосарлана қалыпты. Оң бетінің ұшындағы баяғы бір қара моншақ та мөлт-мөлт етеді. Раушанның да өсіп кеткенін мен енді ғана байқадым. Сыртындағы сырмалы қалың күртесін де, басындағы құлақшынын да шешіп тастаған болатын, баяғы малынған жеңсіз қызыл камзолы қазір тым тапшыланып, желетке сыяқтанып қалыпты. Мен алғаш көргенде төбесінде жүретін жасыл лента енді жауырынын жаба бастаған қою қара шашының желкеге таяу жеріне қанатын жазған көк көгершіндей қонақтай қойыпты.

— Раушан ана, — Шәріпқали қонағының оң бетіне қолын апара берді, — мынау жеріңізге қарамай жабысқан ба?

— Жоқ, — көз кемеріндегі жас біржола тартылып, дөңгелек жүзін енді тек шаттық қана меңгеріп алған Раушан, тізіп қойған ақ маржандай кіршіксіз ұсақ тістерін көрсете күлді, — қарамай емес, мең ғой.

— Мең бе, Люба апайдың да меңі болатын. Ол кісі маған өлең үйреткен.

— Қандай өлең, айтшы.

— Айтайын. Қалай еді, я, я...

Шәріпқали аз ойланып алды да, жырлай бастады:

Спи, младенец мой прекрасный,

Баюшки-баю

Тихо смотрит месяц ясный

В колыбель твою,

Стану сказывать я сказки,

Песенку спою,

Ты ж дремли, закрывши глазки

Баюшки-баю...

Шәріпқали мүдірмей жырлап тұр. Дауысы өлеңнің өзге жерінде көтеріңкі естілсе, «әлди-әлди»-ге келгенде баяулай түседі. Бала жұбатқан адамдай басын да изеп қояды. Раушанның екі көзі Шәріпқалидың жүзінде, зейінді балаға сүйсіне қарап, жайдары күледі. Ата-ана төңірегіндегі ауыр қасіретін мынау баланын, зеректігіне сүйсінген сезімтал жанының шаттығы билеп кеткен тәрізді. Кейде жырға ақырын ғана үн қосып, оймақтай күрең еріндерін күбірлетіп қояды. Кішкене Сабыр да өлеңінің аузына қарай қалыпты. Тек Шегір ғана әр суретті бір шұқып, өз бетімен жүр. Шәріпқали «бесік жырын» орындап болды да, Раушанға қарады.

— Өзің кіп-кішкене болып қандай көп білесің — Раушан жыршы баланы сүйіп-сүйіп алды, — бұдан басқа да өлең білесің бе?

— Білемін, оны да Люба апай үйреткен. Бұл қысқа ғана:

Счастлив ребенок! И в люльке просторно ему; но дай время

Сделаться мужем, и тесен покажется мир.

Бұл өлеңдерді мен Михаил Ивановичтан да, Надежда Петровнадан да сан рет есіткенмін. Мүмкін, Люба да солардан үйренген шығар. Лермонтовтың өлеңі екенін де кейінірек білдім. Қандай тамаша пікір жатыр! Бұдан бірнеше жыл бұрын бесіктің өзі кең көрінген Люба апай, қазір Атрау аймағына сыймағандай, тұтқынға алынды Өзгені былай қойғанда, құрсауы тар көне дүние Сережа екеумізге де таршылық ете бастаған тәрізді. Мен «Бесіктегі нәресте» жырына байланысты Люба апайдың Ағанияз әміршімен шайқасқан кейінгі бір уақыйғаны еске түсірдім:

Ол күні айлығымызды алуға конторға жыйнала қалған едік. Есепшінің жанында Ағанияз отыр екен. Штраф книжкасын алдына жайып қойыпты. Ағанияз біздің аты-жөнімізді атаған сайын есепшінің саусағы сымға тізген дөңгелектерді сарт еткізіп кері соғып тастайды. Фамилиямыздың тұсындағы цифрлар да түзетіліп, қайтадан жазылады. Мен ақша алғанда бір-ақ білдім, еңбекақымыздың тең жартысына таяуы штрафқа ұсталыпты. Балық жарушы әйелдер ақшаларын алып болғаннан кейін даурыға сөйлеп, наразылық білдіре бастады.

— Неге аз төлейсің?

— Оны Таласов мырзадан сұраңыз. Штрафқа ұстатты.

— Штраф ұстатпаймын деп Кабановскийдің өзі уағыда берген болатын.

— Онда Мендаль Иосифовичтің өзінен сұраңдар.

— Ол қайда, жүріңдер, баралық!

— Астраханьға кетті.

Дәл сол кезде Люба апай кіріп келген еді. Стол сыртында отырған Ағаниязға тап берді.

— Жібер бері жалмауыз!

— Немене, — Ағанияз штраф книжкасын артына тыға қойды, — өртейтін шығарсың?!

— Өртеймін, несі бар өртемей! Еңбекақымызды дұрыс төлемесең...

Контордың арғы есігі сықыр етіп ашылды да, «Мысықмұрт» пен Баланияз кіре берді.

— Міне, үкімет адамдарының өзі де келді, — Ағанияз әмірші «Мысықмұртқа» бұрылды. — Есіттіңіз бе, мырзалар, мынау қыз батағаға өрт саламын дейді. Куә болыңдар.

— Батағаң емес, сенің анау штраф книжкаңды өртеймін.

— Жалтарма, жалтарма. Бәрібір мынау жұрт естіді ғой.

— Естідік, — жұрт түгел ду ете қалды, — батаға туралы ешқандай сөз болған жоқ. Сенің штраф книжкаң туралы.

— Жулик, — әміршінің бетіне бір түкірді де, Люба кері бұрылды. — Еңбекақымызды түгел төлегенге дейін жұмысқа шықпаймыз.

— Шықпасаң шықпа. Қыр жігіттерін алып келемін...

— Ағаеке-ай, — есік алдындағы столда өз жігіттерінің есебін шығарып отырған Сәндігерей орнынан көтерілді де, Ағаниязға көзін қысып, Люба апайға бұрылды, — осындай сүйкімді бикешті жәбірлеуіңіз ұят қой. Налыма сұлу, ұстап қалғанын мен-ақ төлейін, түнгі ұтысымды саған берейінші, мә, ал мынау отыз сомды әзірге... кейін...

— Жулик, тарт әрі, арам қолыңды...

Люба апай «махаббат тажалының» жағына бір тартып жіберді де, контордан шығып кетті.

Ертеңіне доңыз аттас Астраханьнан оралды да, жұмысшы мен қожа екі жағы бірдей «еңкейе» отырып, уақытша келісімге келді. Ол басында штрафқа ұсталынған ақшаларды түгелімен қайтарып бермек болған-ды. Бірақ іс жүзінде біреулерге толық, біреулерге жартылай төленді. Тым жуастарының қолына ештеңе тимей де қалды. Кабановский мұны өте шеберлікпен, әркімге әр кезде, бір-бірлеп төлеп, сездірмей соқты.

Ағанияз әміршінің «қыр жігіті» деп кеуде көрсетуінде де өзіне пайдалы бір үлкен мән жатыр. Менің ойым енді осы төңіректі шарлай бастады. «Құсты аралдан» қайтқаннан кейін біз жұмыс сағатын қысқарту, кешкі жұмысқа қосымша ақы төлеу сыяқты кейбір «кеңшіліктерді» қожамыздан еріксіз тартып алған едік. Келер күз сол «кеңшіліктерді» бізден біртіндеп кері жұла бастады. Мен о баста бұл «шегінушілік» Михаил Ивановичтың болмағандығынан, Арман ағайдың ұқсата алмағандығынан шығар деп ойлайтынмын-ды. Дұрысында бұған қыр жігіттері себеп болса керек. 1916 жылы набордан қашқан қазақ жігіттерінің бір тобы болыс пен старшиндар ғана емес, қожаларымызға да қосымша пара төлеп, батағаға келіп кірген еді. Олар Таласовтарға сарқылмайтын қор ала келсе, бізге уақытша сор ала келген тәрізді. Тұрақты жұмысшылар қожаның зорлығына қарсылық білдірсе, «жұмыстан шығарып тастаса әскерге әкетеді» деп үрейленген ауқатты қыр жігіттері қожаның алдында құрдан жорғалайды. Тіпті ақысы, «ақысы ғана емес-ау қолдарындағы бар пұлы пара берудің жаңа әдісі арқылы Кабановский мен Таласовтардың қалталарына түседі. Пара беруге тиісті жігіттер алдымен ретін тауып Сәндігерейге ұтылады. Сәндігерей оларды жыйып әкеліп қожаларға ұтқызады» деседі жұрт. Қыр жігіттері келгеннен бері Атраудың жергілікті жұмысшыларына жат «мұсылман», «кәпір» деген сөздер де құлаққа шалына бастады. Тек бұл ғана емес, қыр жігіттері «адай», «алаша», «есентемір», «шеркеш» деп руға бөлінетін бірдеңелерді де ала келді. Кейде рулар арасында шаң-шұң дауыстар естіліп қалса, кейде қыр жігіттерінің белгілі бір тобы орыс жұмысшыларына байланысуға дәлел іздейді. Мұндай кездерде қалыңқы қазақ жігіттерін намысқа шақырушы Ағанияз бен Сәндігерей болса, Кабановский мен Хвастунов мырзалар орыс жұмысшыларын жақтағансый қалады. Ағанияздың айдауына қыр жігіттері едәуір қызып қалғанмен, саналы орыс адамдары, доңыз аттастың шайтандық шырмауына жетеленбей, қайта өзін масқаралап, мазақ етеді. Алайда осы бір сәл жарқыншақтықтан пайдаланып, ауқатты қыр жігіттеріне арқа сүйеген қожаларымыз бұрынғыдай иіле бермей, бірден бірге шалқая түседі... Өз жігіттерінің жұмысын жеке руларға жіктей құрып үлгірген Сәндігерей подрядчик теңіз жігіттерін біріне бірін айдап салып, олардың да жігін айыруға тырысады. «Эсер сандуғашы» - Хвастунов приемші» «қазақтар еріншек, жалқау, сондықтан оларды жеке артельге бөліп, еңбек ақыны орыстардан кем төлеу керек» деп сандалады. Осының үшін ол Матвей Степановичтан сыбағасын да алып үлгерді. Бондарьдың жүндес жұдырығы тиген көз алдынан көктаңба әлі көшіп үлгерген жоқ...

Біз шүйілімді де шағып, үй ішін де жыйыстырып, самауырды да қайнатып үлгірдік. Арман ағайлар әлі жоқ, «Суреттер көрмесіне» біраз айналып, қасіретін сәл ұмытқан Раушан да әлсін-әлі уһлеп, Сабыр мен Шегір де ыңылдай бастады. Қонақтарымызды қасіретке қайтадан шомдырмаудың қамын ойладық.

— Жүр, мына балаларды шөңкемен қыдырталық, — Сережа маған қарады, — өртенген лабазды көрсетелік. Содан кейін айдын бойымен жарысып қайтармыз.

— Болады, қайтарда самауырлық көмір ала келейік, — мен қайнап тұрған самауырды тындырдым да, балаларға қарадым, — қыдырасыңдар ма?

— Қыдыямыз, — деді, бес жасар Шегір бұл жолы оп-оңай ыңғайға келіп.

— Қыдыямыз, — деді Сабыр ыңылдауын қойды да, тілін шығара еркелеп.

Раушан мен үш баланы екі шөңкеге мінгізіп, сүйрей жөнелдік. Казармадан шыққан бойда Сережа әңгімеге кірісті. Әңгімесі бүгінгі өрт тарихының маңында.

— Бұл өрттің шығатынын біз алдыңғы күні білген едік, — деп бастады Сережа әңгімесін.

Сережаның айтып келе жатқаны рас. Сенбі күні жұмыстан кейін біз — Сережа, Әділ, Асқар, Саша бесеуміз шөңкемізді сүйретіп, ау құруға аттандық. Қайтарда теңіз тамағынан отындық тал кесіп әкелуге тиістімін Отынымызды да, балығымызды да қадірлі оқытушымыз Надежда Петровнаның туған күніне сыйлыққа тартпақпыз. Арман ағай теңізге кетерде бізге осындай кеңес берген болатын. Ол кісі әлі қайтқан жоқ. Біз Асқар мен Әділдің үйінен табылған бес-алты табан ауды құрып, шанамызға тал тиеп, батағаға таянғанда түн ортасы ауып кеткен еді. Балық ыстайтын лабаз жақтан, түнгі аязбен қатқан қарды сықырлатып тілген шана табанының дауысы естіледі. Күбірлеген адам үні келеді, құлаққа: «Бейуақта жүрген не жан, батағаға ұры түсіп жүр ме, Макар қарт неғып сезбеген?» деп ойладық. Тал тиеген шөңкемізді жар астына тастай бердік те, өзіміз барлауға шықтық. Түнгі күзетте Макар қарт емес, Құрбан тұр екен. Бізді байқаған жоқ. Батағаның батысындағы ескі лабаздан көз аудармай қарай қапты. Лабаз маңында қарауытқан адамдар мен шаналар көрінеді. Лабаздан бір нәрсені шығарып, шаналарға тиеп жатыр. Тиелген шаналардың алды балық ыстайтын жаңа лабазға қарай жылжып келеді.

— Мынау бір құпыя болуға тиісті, — Сережа мені шынтағымен түртіп қойды. — Көрдің бе, шам жақпай жасырына қалыпты.

— Ұры шығар, — деді Асқар.

— Ұры болса мынау Құрбан неге айғай салмайды, көріп тұр ғой? Тіпті қыр жігіттерінің өздері ұрлап жүрмесін, — дедім мен.

— Қыр жігіттері балық ұрлап неғылсын, — Сережа мені тағы да түртіп қойды. — Көрдің бе бір лабаздан екінші лабазға көшіріп жүр.

Біз қамыс түбінде бұғып жатырмыз. Борасынсыз жауған жапалақ қар үстімізді бүркеп-ақ салды. Мойнымызды ішке тығып, күртікке сүнги түсеміз. Әлден уақытта Құрбан күбір ете қалды. Жалт қарасам қайдан шыққанын білмеймін, Асаубай тұр жанында.

— Тоңып кеттім, — Құрбан екі лабазға кезек қарайды, — тез бітіре ме?

— Бітіп қалды, — Асаубай қойнынан бір нәрсені шығарып алды да алақанына соға бастады, — тоңсаң ішелік! Мұндайда ішкен жақсы түу, түк етпейді, жақсы болады. Батыл қыймылдайсың.

— Бері әкел,— Құрбан Асаубайдың қолындағысын жұлып алды да, өз алақанына екі-үш рет соғып серігіне ұсынды, — түк күшің жоқ. Міне, былай соғар болар. Мә, алдымен өзің іш!

Екі тентек арақтарын шөлмек аузынан ішіп болғанда тағы да біреулер келді де, күбір ете қалды. Ағанияз бен Сәндігерей екен. Дауысын ести алмадық. Төртеуі күбірлесті де тарасты. «Ауыздарына берік, сенімді жігіттер ме?» деді Ағанияз біздің жанымыздан өте беріп. «Мен олардан құран соғып ант алдым. Өліп кетсе де антын аттамайтын нағыз діншіл адайлар» деді Сәндігерей. Аздан кейін екі лабаздың маңындағылар да тарай бастады. Теңселе қозғалып, маң-маң басқан жүрістеріне, шұбалған ұзын киімдеріне қарадым да, «қыр жігіттерісіңдер-ау» деген қортынды шығардым. Тағы да бір сағаттай уақыт өтті. Біз өлі жатырмыз. Тоңып та болдық. Енді «кетелік» деген оймен орнымыздан қозғала беріп едік, ескі лабазға қарай бара жатқан шағын денелі біреуді көріп қалдық. Асаубай болуға тиісті. Адымын әрбір алған сайын жан-жағына жалтақ-жұлтақ қарайды. Жар астына түстік те жүгіре бердік. Біз сол тұсқа таянғанда Асаубай лабаз түбіндегі қамыс тасасына барып, еңкейе берген еді. Әлсіздеу бір сәуле жылт-жылт етті де, қайтадан өшті. Жарға қарғып шықтық та, жанына бардық.

— Асаубай аға, не істеп жатырсыз?

— Ah, ah, — Асаубай сасып қалса керек, осыдан өзге тіл қатпай, жалтақ-жұлтақ қарай берді, — аһ, аһ?

— Темекі тартайын деп пе едіңіз?

— Айналайын, Дауылжан, ақылдысын қарашы, — Асаубай мұрнын тыржыйтып күлді, — ағасының ойын біле қояды. Темекі тартайын деп, арақты көп ішіп, шаға алмай...

— Арақты неге көп ішесіз? — Арақты көп ішкені де рас екен. Бірақ дәл осы жерде құлығы да жоқ емес, — әкеліңіз мен шағайын.

— Мә, шақшы, — Асаубай маған серенкені ұстата берді, — неге ішпеймін. Ертең жексенбі. Ішкен жақсы бүгін. Мә, сендер де ішіңдер. Ішкен жақсы түу, түк етпейді, жақсы болады, ойларсың...

— Рақмет, біз ішпейміз, — мен Асаубайдың қалтасынан шығарған бутылкасын кері салдым. — Жүріңіз бері, алысырақ барып тұтатыңыз, әйтпесе өрт кетіп жүрер.

— Өрт кетсе біздің дүниеміз емес, — Асаубай мырс етіп күлді, — өртенгені жақсы, түу, түк етпейді. Жақсы болады. Ойларсың, байлардың дүниесін...

— Жүріңіз үйге қайталық, — лабаздан шеттеу шыққан соң мен серенкені шағып, Асаубайға ұсындым. — Неғып жүрсіз түн ішінде?

— Жүрмей, ойларсың, — Асау көк түтінді мұрнынан бұрқ еткізді де, маған ақырып тастады, — ойларсың. Ойбай, сіңбірік мұрын. Көлеңке жағы кеппей тұрып, маған ақыл үйретеді. Ішу керек те, қыдыру керек, мұндай күндерде. Қыдырған жақсы. Түу, түк етпейді. Жақсы болады. Ал, сендер жассыңдар. Ұйықтау керек. Ұйықтаған жақсы, көп ұйықтау керек сендерге. Ойларсың, қаршадайынан түн күзетіп. Қайтыңдар қазір.

— Асаубай ағай, сізді алып кетеміз. Жүріңіз.

— Жоқ, мен қайтпаймын. Ойларсың...

— Ойламаймын да, — мен шынтақтай Асаубайды қапсыра құшақтап, көтере бердім. — Бармасаңыз арқалап әкетемін.

— Дауылжан, айналайын, өзі күшті-әй, әкесіне тартқан, — Асау жұлқынып көрген еді, оңай босай алмаған соң өтіне бастады, — Дауылдан, дәретке қысылып кеттім, жіберші. Содан соң қайталық. Ұйықталық. Ұйықтаған жақсы, түу, түк етпейді, ойларсың...

Мен аңқаулық еттім. Асаубай дәрет етемін деп біраз ұзап кеткен-ді, қаша жөнелді де, көзден таса болды. Қайтып таба алмадық. Әбігерленіп жүргенде таң да атып қалған екен, аңырып біраз тұрдық та, казармаға қайттық. Көрген-білгенімізді айта келдік. Әркім әртүрлі жорып, біраз дауласып алды. Ол күні Асаубай казармаға оралмады да. Біз ұзақ тынығып кешке тағы да барлауға шықпақ болып келіскенбіз. Түскі тамақтан кейін қыйсайып жатып ұйықтап кетіппін, казарма іші қаракөлеңкеленген кезде бір-ақ ояндым. Жанқия апай мен Шәріпқали үйде жоқ көрінді. Апыл-ғұпыл киініп, жүгіре шықтым далаға. Достарым да түгел жыйналған екен.

— Арман ағай ауырып келіпті, — Сережа қынжылғандығын білдіріп, күрсініп алды, — ол кісіні Анна Ивановнаның үйіне алып кетті. Жүріңдер, алдымен амандасып шығалық.

— Жүр баралық!

Бес дос жарыса жүгіріп, ентіге басып үйге кірдік. Арман ағай басын тас таңып, төсекте жатыр екен. Ең жақын достары жанына жыйнала қалыпты. Жігіт төсектен басын көтеріп, күле қарады да, бізге қолын созды.

— Рахмет, жас батырлар. Сендер Атрау жұмысшыларын жаладан сақтап қалдыңдар. Бұл сұмдардың бір пәле істегелі жүргенін көптен сезген едім. Құлағалы тұрған лабазға балық ыстауы да, Макар қартты күндізгі күзетке ауыстыруы да, ол жерге қамыс апаруы да бір жауыздықтың дайындығы ғой деп едім-ау. Жаман лабаздың өртенгеніне несі кетіпті олардың. Өртті өз қолдарымен салып, үкіметтен ақша алады да, ескі батағасын қайтадан салады. Жаласын бізге жабады. Ал, енді көп бөгелмеңдер. Алдымен анау Асаубай өтті тауып алыңдар. Лабаз маңына қайратты, сенімді адамдардан күзет қойындар. Біраз уақыт мынау жас батырлар мен Матвей Степанович күзетсін. Одан кейін Есқали, Айдынғали ағайлар барар...

Жұрт тарай бастады. Матвей Степанович бастаған алты адам түн ортасына дейін күзеткенбіз. Айдынғалидан сақыйнасы ұстап келмей қалыпты. Зәурешті зарлатып Есқали ағай да жетті. Біз казармаға қайттық. Есекең аздап қызу сыяқты еді. Ұйықтап қалыпты. Қылмысты қолдар лабазға өртті осы кезде салса керек.

Өрт тарихы осылай еді. Өртенген лабаз басында әлі ешкім жоқ екен. Шоғы да өшіп қалыпты. Анадай жерде қызарып, қар бетінде қан жатыр. Ол араққа алданған құрбандардың қаны. Қанның аржағында қар бүркенген қайықтар тұр. Дорбамызға самауырлық көмір толтырып алдық та, қайтуға ыңғайландың.

— Дауыл, — Сережа манағы қайықтарға бұрылды, — мылтық осы тұстан атылған еді, бара кетелік.

— Жүр, баралық.

Қайық маңын атты, жаяу адамдар шарлап тастаған екен. Сол көп іздің ішінде табанының бұдыры кетпеген жаңа калошты біреу қайықтың дәл түбіне келіп, екі шынтағын люкке тірей қойыпты.

— Міне, мынау атқан екен, — Сережа ізге үңіле берді, — көрдің бе? Өлшеп алайықшы.

— Өлшеп, — Раушан да ізге үңіліп, саусағымен шұқылай бастаған еді, бір нәрсені жерден көтеріп алды, — мына, қара...

— Кәне, кәне, не таптың?

— Патион екен ғой, — Шегір мойнын созып қарады да, қалтасынан сары жез патрон шығарды. — Ондай патион менде де бар. Баланияз ит атқанда түсіп қалған, тауып алдым.

— Онда атқан Баланияз болғаны, — Сережа олжаны өз қалтасына салды, — ал, кетелік тезірек.

— Дауыл ақа, — деді Шәріпқали бір жаңа калошты қар арасынан суырып, — калошты қара. Өзі оң аяқтікі.

— Кәне, — мен калоштын өкшесіндегі «Т.С.» әрпіне үңілдім де, Сережаға ұсындым, — мынау Сәндігерейдің калошы.

— Оны қайдан білесің?

— Білемін... Танып тұрмын.

Танып тұрғаным да рас. Сембі күні кенже Люба апай бізбен Лазарь батағасына дейін ере шыққан-ды. Біраз жүргеннен кейін артымыздан Сәндігерей подрядші қуып жетті. «Жол болсын «Сүйіктім», — деді Сәндігерей жеңіл шанасынан секіріп түсті де, — қайда барасыз? Мініңіз шанаға. Біраз сайрандап қайталық».

— «Рақмет мырза, — Люба апай Сәндігерейге мойын бұрмады, — жұмысшы халқы жаяу жүргенді артық көреді. Жұмысшы қыз сізге сүйікті болмай-ақ қойсын. Осы қалжыңыңызды доғарғаныңыз мақұл ғой».

«Сүйкімдім, — подрядшінің дауысында кекесіннен гөрі, жалыныш бар тәрізді, екі көзі Любаның жүзінде, — мені шеттете көрмеңізші. Жек көрсең де құлыңмын. Тыңдадым жүрегіңмен, ақырғы рет алдыңнан өтіп, қолыңды сұрай келдім...»

«Ұятсыз, — Люба, тістене сөйлеп, Сәндігерейге қарады, — сен ғой Гүлсараның қолын сұрарда да осыны айтқан шығарсың, ә! Эх, махаббат тажалды...»

«Арманды қайталайсың ғой бикеш, — Сәндігерей Любаның қолын ұстай берді, — таңдағаның Арман ба? Қор қызындай түріңмен аюды сүйесің...

«Арманның тырнағына тұрмайсың, тарт қолыңды...»

Люба жігітті кеудесінен итеріп кеп жіберді, дәл осы кезде артына жата қалған едім. Сәнді тайғанап барды да, құлап түсті. Аяғындағы калошы ұшып кетті. Осы екі әріпті мен сонда көргенмін...

— Жүр онда, Арман ағайға апаралық, — деді Сережа.

— Жүр кеттік...

Атрау беті жалаңашталып қалған екен, көкше мұзбен зырлай жөнелдік. Шәріпқали мен Шегір менің шөңкемде, Раушан мен Сабыр Сережаның шөңкесінде. Сережа екеуміз екі шөңкенің артында, ағаш сапты багорымызды аяғымыздың арасынан шығармастан сәл көтеріп, көкше мұзға кірш-кірш соғамыз. Багор әрбір соғылған сайын жеңіл шана зымырай түседі. Балалар әбден мәз. Сережа менен бұрынырақ қозғалған еді, біраз ұзап та кетті. Раушан маған қол көтеріп күледі. Артта қалғаныма намыстанып келемін. «Раушанның көзінше артта қалғаным ұят қой, озуым керек» деп ойлаймын. Соңғы кезде маған «Раушанның алдында бүкіл әрекетіме жауаптымын» деген бір түсінік пайда бола бастады. Неге олай екені әзірге маған қараңғы. Қазір не істесем де тек Раушан үшін істейтін тәріздімін. «Раушан үшін істесең жақсы істе, өзіңді озық көрсет, жоғары тұр, өзгеден!» деп соғады жүрегім. Осы бір түсініксіз сезім менің шаршағанымды да, талыққанымды да тыңдар емес. Сол сезімге бағынамын да, багорымды жоғарырақ. көтеріп, бар күшіммен жедел соғамын. Маңдайдан аққан ащы терімді сүртуге де шамам жоқ. Жан ұшыра қыймылдап, Сережаға деңгейлесіп алдым да, оза бастадым. Менің жүрегімді енді на мыс емес, мақтаныш биледі. Осы мақтанышымды жеткізу үшін Раушанның жүзіне жалт етіп бір қарағаным ғана есімде, одан әрі не болғанын білмеймін. Көзімді бір ашқанымда жүзіме үңіліп отырған Арман ағай мен Жанқия апайды көрдім...

...Кейін түсіндім. Сережаның жанынан оза беріп, Раушанға қараймын деп артыма бұрылғанымда шөңкеден құлап түссем керек, он жілігім омырылыпты. Бұл ғана емес, қара суға түсіп, терлеп келе жатқан күйім Сережа шанаға мінгізіп казармаға жеткенге дейін өкпеме де суық тиіп қалыпты. Сол ауырғаннан ауырып, бір ай дегенде қайтадан қатарға қосылдым. Газетсіз елдің әр күндік әрекетін көзіңмен оқымасақ тосырқап қаласың ғой. Мен де көп нәрседен кейін қалып қойған екенмін. Түнгі өрттен түскен жала шоғының немен тынғанын да Сережадан тыңдап қанықтым. Құрбан тентек сол түнгі өрттің құрбаны болыпты. Асаубай Гурьевке жөнелтіліпті. Макар қарт пен Жамал апай жаладан ақталыпты. Ағанияз он бес күндей жоғалып кетіп, тек жақында ғана батағаға келе бастапты. Кабановский бұл жолы да қулығын асырыпты. Өзі салдырған өрт жөніндегі бүкіл пәлені екі тентекке жаба сөйлеп, тіпті Ағанияздың да мінездерін сынай, Люба апайды босату туралы «өтініш» білдіргенсіген екен, полицей мекемесі ол «тілегін» қабылдамапты.

Сережа мен Раушан әр күн жұмыстан босаған бойда жүгіріп маған кіретін-ді. Бір күні Сережа жалғыз келді Жүзінде налыс бар тәрізді.

— Сережа, не болды?

— Бүгін түнде түрмедегі Люба апай да, — Сережа сөйлемін аяқтамай, күрсініп төмен қарады, — Раушан мен анасы да жоқ болып шықты...

— Аһ, не дейсің, Раушан да, Люба апай да?..

Сережаны төсегіме тарта, құшақтап алдым да жылап жібердім. Неге жыладым, кімге жыладым, оны езім де білмеймін. Раушанның аты аузыма бұрын түскен еді, асылы соған жылап отырған-ақ шығармын. «Қайда кетті, кім ұрлады? Табуым керек!» деймін ішімнен. Бір кезде «сен Раушанның алдында міндеттісің», деп соққан жүрек енді «Раушан үшін біреудің алдында жауаптысың!..» деп соғатын тәрізді. Неге, кімнің алдында жауаптымын, оны аңғара алмаймын. Атаманның ба, әлде Қазанғап ағайдың алдында ма?..

...Mен он аяғымды сәл сылтый басып, жүре де бастадым. Енді жүрісімде сәбилік еліктеу емес, Михаил Ивановичқа шын ұқсастық бар. Түнеугі өрттен бізге жала болып түскен шоқ, Таласов пен Кабановскийдің қалтасына ырыс болып құйылып та үлгірген екен. «Өрт апатынан» көрген ауыр «жәбір» үшін үкімет көп қаржы беріпті. Сол қаржыға алынған ағаштардың алды тасылып та жатыр. Ертең құрылыс жұмысы басталмақ. Мен де іске кірісемін...

XXIII ТАРАУ. MAMA, MAMA, HAH БЕР, HAH!...

...Боранды дауыл. Іңір шақ. Шынысыз үштік шамдар жағылған бойда-ақ жас балалардың жұмыстан жаңа ғана оралған аналарына: «Мама, мама, нан бер, нан!..» деп қыңқылдаған мазасыз үндері казарманы басына көтеріп алды. Күз түсіп өзенге шәуіш жүре бастағаннан бері бұл үнге біздің құлағымыз үйреніп те болған-ды. Ішті кептіріп жібере тұрса да біраз уақытқа дейін шүйілімді қосымша қор етіп келіп едік. Қазір ол қорымыз да таусылды. «Қарағым-ау, нанды қайдан табайын! Мынау мұзы түскірдің әрі қатпай, әрі қоймай жатқанын көрмеймісің. Ертең мұз қатып, шана жүрген соң астық әкеледі. Сонда нанға бір тойғызармын», деп үміттендіретін-ді аналар ол кезде өз балаларын. Ал, енді мұз қатқалы да екі ай болды. Көрші қалаларға шаналы керуендер сан рет барып та қайтты. Астық та жеткізілді. Бірақ, балалардың баяғы бір нан сұраған қыңқылы тынар емес. Бұған әртүрлі себеп бар. Біріншіден, нан бағасы бұрынғыдан бірнеше есе қымбаттап кетті және оны баяғы бір кездегідей қатпарлы қара книжкаға аты-жөніңді жаза сап, қолыңа ұстата бермей, ақшасын қолма-қол талап етеді. Оның үстіне нан кезегі тым ұзарып кетті. Ал, жұмысшының қолында дайын ақша да жоқ, бірнеше кеше бойына созылып кеткен ұзын тізбектен кезек күтуге қолы да бос емес. Тіпті кезекке тұрып алатын нанның өзі де бола бермейді. Әр айдық бас-аяғында алыстағы қалалардан шаналы керуендермен тасылып жеткізілген шамалы ұн сарқылып қалады да, апта бойы нан болмайды. Бірақ, сол магазинде жоқ үн мен пекарниде жоқ нан магазиндағыдан да қымбат бағамен жайма базарларда сатылып жатады. Оларды сұрағанын беріп, көрші ауылдан келген ауқаттылар алып кетеді де, ақшасы аздар көзін сатып қала береді. Арман ағай бастаған «бестіктің» бүкіл жұмысшылар атынан қойған талабы бойынша батаға жұмысшыларына деген нанды асханаға алдыртып, тізіммен бергізуге қожамызды бір көндіріп едік. Бірақ бұдан да береке таба алмадық. Енді бізді асхана бастығы талайтын болды. Асхана складына кірген наннан жұмысшыларға тістемі ғана тиеді де, қалғаны қараңғы түнде «қара базарға» жөнелтіледі. Сөйтіп, балық батағасындағылардың тамағы тек балық қана болып алды. Ол балықтың да бұзылып барып тұздалған нашарлары ғана дайындалынады.

— Мама, қарным ашты, — деді тонына оранып отырған Шәріпқали, — мама, нан!..

Қарағым-ау,- Жанқия апай ауыр күрсініп алды, — нан болса аяймын ба мен сенен.

— Ма-ма-ма, нан деймін!..

Шәріпқали енді жаутаңдап маған қарады. Нан болған күні бір үзім алып қайтатынмын-ды. Шәріпқалидың жаутаңдауында да бірдеме ала келмеді ме екен деген үміт бар еді. Бірақ, бүгін өз аузымызға да нан тиген жоқ. Ащы балық жеп, суық суды жиі-жиі ішкен баланың беті де ісіп, даусы да қарлығып қалған екен. Қылғына жөтеледі.

— Ма-ма-ма, ма-ма-ма!..

— Қарағым-ай, не дейсің маған. Мынау қыр жігіттеріне кіріп шығайыншы, кеше елдерінен кісі келген еді Мүмкін, құмаршықтары бар шығар.

Көрші казармаға кеткен Жанқия апай, көп кешікпей кері оралды. Кейінгі кезде қыр жігіттерінің арасында да өзінің ықпалын жүргізе бастаған Жанқия апайдың құр қайтпайтынына сенген едім, қателеспеппін. Жарты таба нан мен ағаш тостағанға салған ұнтақ бір нәрсе әкелген екен. Нанның төрттен бірін ғана сындырып алды да, қалғандарын көрші бөлмелерде нан сұрап қыңқылдаған Асаубайдың, Матвей Степанович пен Есқалидың балаларына апарып берді. Бұл күні сары самауырды мазаламай, үлкен шойын құманды қайнап тұрған суға толтырып ала келгенбіз. Көшпелі столымызды құрастыра салдық та, шай ішуге кірістік. Жанқия апайдың нан деп әкелгені біріне-бірі бірікпей, түйір-түйір болып піскен бір нәрсе.

— Мама, бұл не нәрсе? — Шәріпқали алдыңдағы нанды аузына салуға ыңғайланды, — ә, мама?

— Нан ғой, ұлым.

— Апа, бұл ұннан пісірілген бе?

— Жоқ қарағым, қырдың қызыл шағылына шығатын қаңбақ сыяқты бір шөп болады. Оны құмаршық деп атайды. Мынау соның дәнінен істелген нан. Ұнға қолы жетпеген қыр кедейлері құмаршық дәнін диірменге тартады да, нан етіп жейді. Ал енді мынаны жеп көріңдер. Бұл әлгі құмаршық дәнінің қуырылып, одан кейін келіге түйіліп, ұнталған түрі. Шашалып жүрмеңдер.

Ұнталған құмаршықты ұртымызға толтырып алып, талмай бастадық. Талқанды талмай отырып, сең үстіндегі сонау бір кездерді еске түсірдім. Атаман «Нар идірген» күйін ойнар алдында: «Ботасы өлген тұмса нар күні-түні зарланып, иімей қойған екен. Сонда пәлен деген домбырашы осы күйді ойнап аруананы иіткен екен»деп, ұзақ әңгіме еткен-ді. Ертеңіне Қазанғап ағай маған «Нар идірген» күйі туралы тағы да бір қызық ертегі айтқан болатын. Қазанғап ағайдың әңгімесіне қарағанда құмаршық Атаман тартқан сол күйге иіген аруананың сүті тамған жерге шыққан болса керек. Осы әңгіменің әсері ме, әлде шынында да солай ма, маған талмап отырған талқаным сүт татыйтын тәрізденді. Сұрамақ болып, аузымды аша беріп едім, Жанқия апай сол алақанымен аузын жауып, оң қолы онды-солды сілтеп, былдырлап қойды. «Үндеме» дейтін шығар-ақ. Ұнтақ қолқама кетсе керек, шашалып та қалдым.

— Құмаршық жеп отырып сөйлеуге болмайды. Қолқаңа кетіп, шашалып өлесің, — деді Жанқия апай, ұртындағы талқанын әбден талмап болды да.

— Апа, құмаршық нардың сүтіне шыққан дей ме?

— Шырағым-ай, әшейін бір қыял да. Құмаршық деген қыр кедейіне әрі ырыс, әрі сор. Бұдан нан да пісіреді, көже де істеп ішеді. Сөйтіп жүріп қырылып та қалады.

— Неге, апа, қырылғаны қалай?

— Құмаршықта тышқан көп болады. Тышқаннан ауру жұғады. Сондықтан да ел обаға ұшырайды.

Менің тұла бойым шымыр ете қалды. Аузымдағы құмаршықты түкіріп тастамақ болып бір ыңғайланған едім, Жанқия апайдан жасқандым да, жұта салдым. Мана шашалғанда ауырған ба, әлде салқын тиген бе, тамағым шаныша ма қалай, жөтеле де бастадым.

— Құмаршық жүрген жер оба деңіз, апа?

— Я, құмаршық бірде олжа, бірде оба.

— Мама, алдыңғы жылы теңіздегілер де көп өлді. ғой, — деді Шәріпқали, өткен жылғы обаны еске түсіріп. — Сонда олар да құмаршық жеген бе еді?

— Жоқ, балам, ол ащы балықтан болған-ды. Талай үйдің түндігі ашылмай қалды ғой, — Жанқия апай ауыр күрсініп алды. — Нан жоқ, жұрттың жегені ащы балық обаның әкесі быйыл жазда болмаса жарар еді...

— Ал, енді жатыңдар, — тамақтан кейін Жанқия апай сәкі астынан етікші жабдығы салынған қобдыйын алып стол үстіне қойды да, бізге жаюлы тұрған төсекті көрсетті. — Азынаған суық үйде тоңып қаласыңдар, жатыңдар. Мен мынау сорлылардың жұлықтарын бүтіндеп берейін.

— Ол кімдікі, апа?

— Асаубай балаларының аяқ киімдері ғой. Жалаң аяқ қалыпты, бишаралар. Анау шешесі түскіріне көрсетіп беріп, енді өзің тігіп ал десем, «ойбай, шеше-ау, әйелдің етік тіккені жаман болады, әйелі етік тіккен үйге дәулет бітпейді екен» деп ат-тонын ала қашады. Жасы отыздан асты. Бұған дейін қолына біз ұстамапты. Сондағы біткен дәулеті қайда екен, бұл сорлының?!

— Мама, мен Асаубайдың Шегірімен ойнамаймын, — Шәріпқали қабырғадағы жыртылған қағазға қарады. — Ол әкесіне тартқан, жаман. Дауыл ақамның салып берген анау кемесін жыртып кетті. Басына бір ұрдым да үйден шығарып жібердім. Сен де жамама, оның етігін...

— Ұлым, оның жарамайды, — Жанқия апай қабағын түйе, жалқы көзінің астымен қарап, басын шайқады. Былай да мұңды баланы жәбірлемес болар. Үйрет оны. Әкесі батағаны өртесе маскүнемдікпен істеді, адасты. Жас баланың жазығы қанша? Сен үйрет оны, ұқтың ба?

— Ұқтым, — Шәріпқали амалсыз басын изеді. — Үйренбейді ғой ол.

Мен жыртылып қалған суретке қарадым. Әрине онда суретшінің көзімен қарағанда ешқандай құнды көркемдік те, қымбатты бояу да жоқ еді. Алайда ол менің өз басым үшін тарихи зор мәні бар, өмірлік ескерткіш — бізді қатерлі теңіз апатынан алып шыққан «Россия Великая» кемесінің суреті. Бұл суреттің салушысы мен болғанмен редакциясына Михаил Ивановичтың, бояуына Сережаның қатысы бар. Сол кездегі сәбилік шамама қарағанда аса нашар орындалмаса да керек. «Жігітсің, түбінде суретші боласың, жыртпа бұны, сақтап қой!» деген болатын Михаил Иванович. Осы бір тарихи деректің жыртылғаны Шәріпқалиды ғана емес, мені де қынжылтып отыр.

— Апа, біраз отыра тұрайыншы, — мен Жанқия апай мен суретке кезек қарадым. — Жаттайтын сабағым бар еді. Шәріпқалидың анау суретін де желімдеп берейін.

— Әрине, сабағың болса оқы, — Жанқия апай столды жыйнастырды. — Кел, ептеп сыйысармыз.

— Алақай, онда мен де, — Шәріпқали баяғы менен қалған ескі әліппені жая сап, оқый бастады. — Тары... Бары... мы... не рабы...

Шәріпқали бұрын сабақты менен, не Люба апайдан алатын-ды. Кейінгі кезде мені менсініңкіремей, ара-тұра Надежда Петровнаға барып қайтатынды шығарып алды. Мен ауырған бір айдын ішінде ілгерілеп те кетіпті. Қазір төрт әріптен құралатын сөздерді қосып оқыйтын дәрежеге де жетіп қалды. «Россия Великая» кемесінің жыртылған жерін астына қағаз салып, сабынмен жапсырдым да, орнына ілдім. Шәріпқали мәз болып қалды.

— Ақа, тағы да сурет салып бересің бе? Маған үйретші. Сен жақсы саласың ғой суретті. Үйретесің бе, ә, ақа?

— Сурет те салып беремін, — дұрысында да менде тым жақсы суретшілік қабілет бар тәрізді, қазір ол кездегіден әлдеқайда оңды орындаймын,— үйретемін де.

— Алақай, мама, — Шәріпқали мәз-мәйрам күліп, апай екеуімізге кезек қарады. — Мен де Дауыл ақамдай суретші боламын.

— Бола ғой, қарағым...

Жанқия апай жұмысын токтатпастан, бізге көз қыйығын тастап қояды. Кітабымды жая сап, «сурет көрмесін» шолып шыққан едім, Раушан сыйлаған конфет қағаздарының да біреуі жыртылып қалғанын байқадым. Бұдан бір ай бұрын «конфет қағазын қабырғаға жапсырғаным балалық болған екен» деп ұялсам, енді оның тұтас тұрмай жыртылып қалғанына қынжылдым. Жыртылған конфет қағазы ізсіз-түзсіз жоғалған Раушанды еске түсірді. Бір күрсініп алдымда кітабымды оқуға кірістім. Надежда Петровнаның тапсырмасы бойынша келесі сабаққа Пушкиннің «Қысқы кешін» жаттап баруға тиісті едік, жай ғана дауыстап оқып отырмын.

Буря мглою небо кроет

Вихри снежные крутя,

То, как зверь она завоет,

То, заплачет как дитя...

Өлең шумағын түгел оқып шығамын да, көзімді жұмып, қайталаймын. Тілімде өлең болғанмен, көңілімде Раушан. Кітапқа үңілсем болғаны әріптердің арасынан сығалап Раушан тұрады. Дөңгелек қарашықтары да, бетіндегі меңі де мөлдіреп, маржандай ақ тістерін көрсете, өрттен кейін осы үйге келгендегі күлкісімен күледі. «Сыйға берген конфетімнің қағазын әлі сақтап жүр екенсің ғой» деп тұрған тәрізді. «Я, сақтадым, сақтаймын да. Ал, мен ше, мен не сыйлаймын, не сыйлай аламын. Әлде суретін салып сыйласам ба екен?» деп ойлаймын да, қарындашымды қолыма алып, сызуға дайындаламын. Бірақ Раушанның тек қарашығы мен менінен өзге бейнесін ойымда сақтай алмасам керек, түсіре алмаймын. «Жарайды, суретін салайыншы, сонда қайда жіберем?» деп ойлаймын да, іздестірмек боламын.

— Апа, Раушандар қайда жоғалып кетті?

— Сағынып жүрсің бе, қарағым? Сережа үшеуің айрылмас дос болып кеткен едіңдер, — Жанқия апай күрсінеді. — Мен де сағынып жүрмін. Жақсы бала еді!

— Сіз білмейсіз бе қайда кеткенін?

— Мынау Қасқырбай тұқымынан күн көре алмайтын болған соң қырдағы бір тумаларының қолына кетті. Қасқырдың шолжың бөлтірігі бір күні жұмыстан қайтарда шашынан сүйреп, сабап жүрген жерінен айырып алдық.

— Ақ келіншек пе?

— Жоқ, сол оңбағанды «ақ келіншек» демей, Мысықмұрттың тоқалы деші.

— Ноян ба, — ақ келіншектің «Мысықмұртқа» тигенін де мен осы түнде бірінші рет естідім. — Ол ақыры «Мысықмұртқа» тиді ме?

— Я, Ноянды айтамын.

— Апа, Раушандар енді келмей ме?

— Қазанғап келген соң бір-ақ қайтады...

Мен ішімнен ғана күрсініп, кітабыма үңілдім де, оқый бастадым.

То по кровле обветшалой

Вдруг соломой зашумит,

То, как путник запоздалый,

К нам в окошко застучит...

Оқыған шумағымды жаттап отырмын. Менің әр сөзімді қайталап, Шәріпқали да күбірлейді. «Данышпан ақын өзге емес, біздің осы казармамыздың дәл бүгінгі кешін жазған ба?» деп ойлап қалам. Долы боран кейде аңдай ұлып, кейде баладай өксіп, қамыс шатырды қуалай соғып аж-аж етеді. «Мама, мама, нан бер, нан!» Көрші бөлмелерден балалар шулап жылайды. Дауыл үйірген борасын кейде құтырына ұйытқып, әйнекті соғып өтеді. Мана әріп арасынан күле сығалаған Раушан енді қойны-қоншы қарға толып, терезе алдында жылап тұрған тәрізденеді. Бөлме іші де бір күңгірт. Сығырайған үштік шамның сәулесіне тым таяу, Асаубай балаларының аяқкиіміне жалқы көзімен үңіліп, ауыр күрсіне, үнсіз отырған Жанқия апайды Пушкин елеңіндегі кемпірге ұқсатамын. Өлеңді жаттап болдым да кітабымды жыйнай бастадым.

— Дауыл аға, — Шәріпқали маған масаттана қарады, — мен үйреніп алдым, айтайын ба?

— Айта ғой.

Буря мглою небо кроет...

— Жігітсің інім, жігітсің, — Шәріпқали өлеңнің алғашқы төрт жолын түгел үйреніп үлгірген екен, бірінші сөздерін ғана есіне түсіріп едім, кезекті төрт жолын да айтып шықты, — сен тіпті менен озып кетіп жүрме!..

— Жоқ ақа, — Шәріпқали мен құшақтап мойныма асылды. — Озбаймын, сендей боламын.

— Озбасаң да қуып жет, — мен жиенімді мойнымнан құшақтап тұрған күйі біраз дөңгелетіп алдым. — Екеуміз бірге оқыйтын болайық.

— Айналайындар, — бұл Жанқия апайдың аузынан сирек естілетін сөз еді. Екеумізге де әбден сүйсініп тұрса керек, жұмыстан басын көтеріп күлді, — айналайын, қос тентек. Сөйт, сен Дауыл ақаннан үйреніп жүр, тентегім...

— Үйренемін, мама, үйренемін...

Шәріпқалидың менен үйреніп жүргені де рас. Бір кездегі менің Сережаға еліктегенім сыяқты ол қазір маған еліктейді. Өзімнің ұстаздыққа жарап қалғанымды мақтаныш та етемін. Бірақ, кейбір ұшқалақ мінездерімді үйреніп алғанына өкінемін де.

— Ал тентектер, — Жанқия апай жұмысына қайта үңілді, — жатыңдар енді тезірек, әлгі өлеңің жақсы екен. Қалай еді? «Бура моглойу ниба краит...» мұны айтқан кім, Дауылжан?

— Апа, мұны Пушкин деген ақын жазған.

Жанқия апай мана мен сабақ оқығанда күбірлеуде еді, сонда іштей жаттап отырса керек, енді ақынның атын да жаттап алмақ болғандай: «Бөшкін, Бөшкін» деп қайталай берді. Шәріпқали екеуміз тез шешіндік те, ескі көрпенің астына сүнгідік, аяқтарымыз да мұздап қалған екен, екі тума құшақтаса түстік. Шәріпқали тез ұйықтап кетті. Бірақ менің көзіме ұйқы жолар емес, жас қыялым шарқ ұрып біресе әкем мен Жарқын, Қазанғап ағайларды іздейді, біресе жалт беріп Михаил Иванович емделіп жатқан Баку лазаретіне қарай самғайды, кейде кері оралып Раушан жүрген қызылқұмды шарлайды. Енді Люба апайға қарай бұрылды. Оны Лазарь батағасына дейін ұзатқан соңғы кешті еске түсірдім. Үстінде сырмалы шолақ күрте, басына қалың қара шәлі жамылып алған екен. Аспан түстес көгілдір көзі күлімдеп, аяз сүйген жұқалтым ақта жүзінің дәл ұшы нарттана қалыпты. Ол күні Люба тым көңілді еді, кейде жол бойында кездескен мұз кесектерді шолақ қонышты етігінің тұмсығымен қағып, бізбен ойнап-ойнап алады. Кейде ашық, айқын даусымен кешкі ауаны жаңғырта ән салады.

Чернобровый, черноглазый,

Молодец удалый,

Вложил мысли в мое сердце,

Зажег ретивое!

Нельзя солнцу быть холодным,

Светлому погаснуть,

Нельзя сердцу жить на свете, −

И не жить любовью

Люба апай өлеңнің соңғы екі жолын қайталап, бізге қарайды. «Жақсы емес пе, ә? Қандай тамаша айтылған! Сүймеген өмірде қанша ләззәт бар? Өмір тәтті, өмірді сүю керек. Сол өмірдің өзін сүйкімді ету үшін күресу керек. Ұқтыңдар ма?» «Ұқтық» дейміз біз.

Тәтті өмірді шын жүрегімен сүйетін, сол өмірдің сүйкімді болуын тілейтін, өзі де өмір сыяқты сүйкімді қыз ол күні Лазарь батағасының алдында біздермен көңілді түрде қоштасып, «қош, тумалар, мен бүрсігүні қайтамын...» деп қолымызды қысқан еді. Ақырғы рет керіскеніміз екен ғой. Бұдан кейін кездесе алмадық. Атрау әкімдері оны «қашты» деп жариялапты. Тегі жұрттан жасырып.

Бір түнде Астрахань түрмесіне жөнелткен болуға тиісті. Содан бері Арман ағайдың қабағы бір ашылып көрген жоқ... Кейде ол Любаның суретінен көз аудармай ақырын ғана әндетеді.

На заре туманной юности

Всей душой любил я милую:

Был у ней в глазах небесный свет;

На лице горел любви огонь...

Далада дауыл жынданып, аш бөрідей ұлыйды. Жел үйірген бұрқасын терезені манағыдан да гөрі қаттырақ соғып өтеді. Қыраулы әйнек дірілдеп, мазасыз ызыңдайды. «Мама, мама, нан бер, нан...» деп жылаған бала зары көрші бөлмелердің бірінен тынса, екіншісінен қайта көтеріледі. Ой дариясының жиегіне жете алмай төсекте тек дөңбекшіп, көрпе астында мен жатырмын. Әйнекті қаққан бораннан үрейленгендей, лып-лып қалтыраған әлсіз сәуле түбінде Жанқия апай отыр. Ұршық иіріп үнсіз отырған жоқ. Асаубай баласының етігін жамап, бүкіл бала зарына құлағын тоса күрсініп, сөйлеп отыр.

— Сорлы балалар, — Жанқия апай қолындағы жіптің ұшын тісімен тарап, басын шайқайды, — обалдарын кімге, сендердің? Үш жыл. Я, үш жыл. Үш жылдан бері төгілген қан мен жастан талай теңіз толған болар еді, әкелерін қан кешіп, майданда жүр, сендер бір үзім нан таба алмай, салқын казармада сарнайсыңдар. Біреулер ер азаматынан айрылып, нан таба алмай зарықса, екінші біреулер қолын қанға малып, байлық іздейді. Біреуді біреу талаған бұл неғылған замана? Жауапты кім осыған? Арман да бөгеліп қалды. Тезірек келсе жарар еді!..

Жанқия апай ауыр күрсініп, аз бөгелді де, сөзін қайтадан бастады. Мен де күрсіндім. Мен Жанқия апайды бұрын жақсы білмейтін болсам керек. Тек кейінгі жылдары ғана таный бастадым. Жанқия апайдың бойында өз әкемде жоқ өзгеше бір қабілет бар екендігін байқадым. Бір ата, бір анадан бір-біріне ешқандай ұқсастығы жоқ, екі түрлі адамның жаратылатындығына таңмын. Менің әкем сөзге саран, мінезі де томырықтау, тұйық адам болушы еді. Ал, Жанқия апай дегенің ағып тұрған бір шешен. Ой-өрісі де әкемнен әлдеқайда биік жатыр. Көңілі мұңды кемтарға қамқоршы бола жүреді. Сөйлеп кетсе жүрегіңді елжіретеді. Тыңдай бергін келеді құмартып, тек көзіне қарама. Дауысы кейде баяулап, кейде жігер қанатын қаға, жоғары көтеріледі. Сенің сезіміңді өзімен бірге ілестіріп, не күлдірмей, не жылатпай қоймайды.

Жанқия апайдың осы қасиеті әсіресе соңғы жылы күн санап дамый түсетін тәрізді. Мүмкін, бұл өзі бірге басқарысып жүрген «бестік» мектебінің жемісі шығар. Былтырдан бері «бестік» жұмысына Надежда Петровна да араласа бастаған еді. Содан бері «бестік» мүшелері тек өздері ғана кеңесіп қоймай, батағада көптен істеп келе жатқан жұмысшыларды да қатыстыратынды шығарып алған-ды. Әуелгі кезде әртүрлі кітаптар оқып, майдан жайын әңгімелейтін бұл мәжіліс, бара-бара сауат ашатын жұмысшылар «мектебіне» айналып алды. Неге екенін білмеймін, үнемі іңір қараңғысында бір-бірлеп жыйналады да, топтанбай, бір-бірлеп тарасады. Мәжілістеріне бізді кейде қатыстырса, кейде қатыстырмай қояды. Әуелгі кезде Анна Ивановнаның үйіне жыйналатын-ды, кейін қала шетіндегі елеусіз үйлерге кезек-кезек көшетін болды. Жанқия апай казармаға келген соң да қарындашының ұшын жалап, әлденендей қарға тұяқтар салып, ұзақ отыратын-ды. Қазір бірнеше әріптердің басын құрастыруды да үйреніп алған екен. Осыдан он бес күн бұрын бір табақ қағаздың бетін бедерлеуге кірісті. Бұл жексенбі күні блатын. Ертемен бастаған еңбегін түс ауа аяқтады да:

— Дауылжан, мынаны оқып көрші. Тек күлме, қарағым. Бірдеме түсінесің бе, осыдан? — деді.

— Кәне, апа, әкеліңіз!

Мен оқый бастадым. Бір табақ қағазға он шақты сөзді зорға сыйғызыпты. Тегі інісіне арналған хат болса керек. «Жантас кргим», деп бастапты. Бұл «Жантас қарағым» деген сөзі болуға тиісті. Одан әрі арасында кейде үш, кейде екі әрпі жоқ, не болмаса «в» орнына «б», «д» орнына «т» әріптері қойылып, ешбір септеуге де, жіктеуге де бағындырылмай алғашқы атау формасында жазылған орыс, қазақ сөздері көрші қона беріпті. Ең ақырында «Апа Жанқия» деп үлкен етіп қол қойыпты. Хаттың қатесі көп болғанмен жалпы мағнасын аңғаруға болатын тәрізді. Әкемнің өз хаты да осыдан сауатты болмайтын-ды. Мен бір табақ қағазды түгел алып жатса да он шақты сөзден ғана тұратын хатты тым-ақ ұзақ оқып едім, желкемнен үңіліп тұрған Жанқия апай күліп жіберді:

— Әбден шебер жазсам керек, аяғына шыға алмай-ақ қойдың ғой. Ештеме түсіндің бе, өзің?

— Бәріне түсіндім, апа, — жана ғана үйреніп жүрген адамның көңілін суытпайыншы деген оймен, — қатесі де аз, — дей салдым.

— Қатесі болса кешірер. Өз хатыңа қоса сал, апасының қарға тұяғын оқып бір күлсін, — деді Жанқия апай, өзі де күліп,— Арманнан беріп жіберейік.

Арман ол күні жол жүргелі жатыр еді. Ресми тапсырмасы Таласовтың балық тиелген шаналы керуенін Астраханьға дейін ұзатып, одан бері қарай тақтай алып қайту болғанымен, негізгісі ол емес. «Атрау түрмесінен жоғалған сүйкімді досы — Любаның тағдырын Астраханьнан анықтау екен» дейді Сережа. Солай болуы да мүмкін, бірақ, бұл бізден құпыя. Қайтарда жүмысшыларға азық ала келетіні аян. Әркімдер-ақ бар қаражатын Арман ағайдың қолына тапсырып, қап қосқан болатын. Жанқия апайдың «тезірек келсе екен» деуінде де «астық әкелер» деген үміт болуға тиіс. Әйтпесе, Атрау лавкасына түскен астыққа біздің қолымыз жетуден қалып барады. Арман ағайдың бұл сапарына бір жағынан халық ынталы болса, екінші жағынан қожаларымыз да сонша құмартқан еді. Олар реті келсе-ақ Арман ағайды батаға басында ұзақ ұстамауға тырысады. Не итбалыққа, не ақбалыққа қуады. Тегі «ол жүрген жер бүлік» деп қорқатын болуға тиісті. Тіпті «Михаил Ивановичтың әскерге кетуіне де осылар себепші болмады ма екен?» деп те ойлап қаламын.

— Не дейсіңдер, сорлылар? — Жанқия апай тағы да бір ауыр күрсініп алды, — обалын кімге сорлылар, айыптың кім? Айыптың! Соғысы да бітер емес мұның созылып барады. Осыншама қан төксе де тек жеңіліс, тек шегіну. Жараланып Михаил Иванович жатыр. Жантастан да көптен хат жоқ. Жау қоршауында қалып жүрмесе жарар еді.

Жанқия апайдың бұл айтып отырғанында да шындық бар. Соңғы кездерде балдаққа сүйенген жаралы солдаттар көбейіп кеткен-ді, олардың әрқайсысы әртүрлі көңілсіз хабар әкелді. Біреулері Балтық жиегіндегі сәтсіздікті айтса, екіншісі патша әскерінің Польшаны тастап кеткендігін әңгімеледі. Жеңімпаз орыс құралынын бұл «сәтсіздігіне» намыстанғандардың бірі жаралы солдатты жазғырса, екінші біреулері мәселеге тереңірек үңіліп, патша үкіметін айыптайды. Алдынғы күні Анна Ивановна мен Жанқия апай осы жөнінде ұзақ сырласқан болатын, ал, қазір Жанқия апай сол сырды оңаша қайталап, өзімен өзі сөйлесіп отыр...

Матвей Степановичтың оң аяғындағы қайың қазығымен еденді тасыр-тұсыр теуіп бара жатқан үйреншікті дүбірі естілгендей болған еді, осының артынша әлдекім біздің әйнекті екі-үш рет қағып жіберді. Жанқия апай орнынан жедел көтерілді де, есік ашты. Үйге Арман ағай мен Матвей Степанович кірді, үсті-басы аппақ қар.

— Әрбір шанаға бір қаптан салып, отыз қап астық әкелген едім, кірешілер «шанамызды босат» деп асықтырып жатыр, не істейміз? — деді Арман, амандасып болғаннан кейін.

— Қарағым-ау, қарағым, аманатымызды орындаған екенсің ғой, қарағым! Бала біткен нан сұрап, зықыны әбден алған еді. Талшық етер бір нәрсе жеткіздім де, бауырым, — Жанқия апай Арман ағайды екі қолынан кезек-кезек сүйді, — рахмет інішегім. Үн әкелдім де.

— Әкелдім, апа. Бірақ соны қайда қоямыз. Әлде, жұртты қазір хабарлап, бөліп аламыз ба?

— Қой достым, мынау боранды түнде кімді табасың. Асхананың складына қоялық. Ертең жұмыстан кейін бөліп алармыз. Онда өзі жүк келді ме? — деді Матвей Степанович.

— Біраз қалмақ шайы, екі қожайынның жеке өз жүктері бар еді, қазір түсіріп жатыр.

— Жүріңдер онда, сол складқа жыйнайық, — Матвей Степанович есікке қарай бұрылды — ертең ашық-жарықта бөлісерміз.

Олар осылай келісті де, далаға шыға берді. Жынды дүлей аж-аж етіп, есікті қайырып алды да, ақ борасынды сәкі үстіне шаша тастады. Мен де апыл-ғұпыл киініп, далаға шықтым. Казарманың ығына әйел-еркек аралас жыйнала қалған бір топ жан дабырласа сөйлеп, складқа қарай аяңдасты. Жанқия апайдың әмірі бойынша мен кері оралдым. Мен үйге кіргенде Шәріпқали жаңа ғана оянып, үрейленіп отыр екен. «Ертең нан болады, Арман ағай үн әкеліпті» деп қуанттым да, көрпеге ендім.

Ауыр қасіретті арқамыздан лақтырып тастағандай, алансыз ұйықтаған екенбіз. Көзімді ашып алсам үйге жарық түсіп қалыпты. Үштік шамның түбінде бір нәрсеге үңіліп, Жанқия апай тұр. Асылы, түнде тұрып кеткеннен қазір ғана оралған болуға тиісті, жұқа қызыл қағазды жалқы көзінің жанарына тосып, күбірлей қалыпты «П-р-л-е...», маған да таныс емес әлденендей ұзын сөздің әріптерін біріктіре алмай, қайта-қайта ежіктейді. Мен де біраз бөгеліп барып, зорға айырдым.

— Апа, «пролетарий!» деп жазылыпты ғой. Бұл не нәрсе? Бері әкеліңізші, оқып берейін.

Жанқия апай маған ұнамсыздау бір қарады да, қызыл қағазды қойнына тыға қойды.

— Өй, әшейін, шай ораулы келген бір қағаз ғой, оның несін оқыйсың.

— Апа, бұл тәсілін шайынан жақсы бола ма? — Жанқия апай бұрын тәсілін шайын еттен артық көріп, қолы жетсе, терлеп-тепшіп, әбден құмарта ішетін-ді. «Шай ораулы келген қағаз» дегенге «пролетарийді» жаңадан шығарылған шай шығар деп ойласам керек, — сіз енді осы шайды ішесіз бе?

— Я, бұны да бір ішіп көрейік, — Жанқия апай күлді, — аты қалай дейсің, Дауылжан?

— Пролетарий, апа.

— Пролетар! — деп Жанқия апай да іштен екі-үш рет күбірлеп алды...

— Апа, ay, апа, — мен Любаның хабарын Арман ағайдың өз аузынан сұрамақ болған едім, енді Арман ағайдың өзімен тілдесіп келген Жанқия апайдан сұрадым. — Арман ағай не айтады? Люба апайдан хабар білмеп пе?

— Неге білмесін, біліпті. Ешқайда қашпапты. Мына жауыздар бір түнде Астрахань түрмесіне айдатып жіберген екен ғой.

Казарма ішінде тықыр көбейіп, жұрт түгел төсектен көтерілді. Үлкендермен араласа тұрған балалардың нан сұраған кешегі қыңқылы казарма ішін жанадан күңірентті.

— Мама, мама, нан бер, нан...

— Арман ағаң ұн әкеліпті. Кешке дейін төзіңдер. Жұмыстан кейін нан пісіріп беремін, — деседі аналар, сәбилерін жұбатып.

«Мама, мама, нан бер, нан!» деген зарға, енді «алақай, мама, нан жейміз, нан» деген қуаныштар да араласа бастады.

— Мама, мама, нан бер, нан!..

— Мама, кешке маған нан пісіріп бересің бе, ә?

— Беремін, қарағым.

— Алақай, кешке нан жейміз!..

XXIV ТАРАУ. «ЭХ, ДУБИНУШКА, УХНЕМ!..»

...Жартысы ғана өртенген жаман лабаз туралы акт тым шебер тұрғызылып, «өнерпаз» редактордың тек сылып тастауға ғана емес, қосуға қабілеті бар, тәжрибелі «хирургтік» қолынан армансыз өңделіп етсе керек. Осы актты Астраханьға ма, тіпті одан да әрі ме, әйтеуір бір «қайырымды» есікке енгізе білген Кабановский мырза Атрауға кері ораларда «қауыпсыздандыру қазынасынан» «өнерпаз» редактордың қаламы оп-оңай өртей салған батағасының ғана емес, сол батағамен бірге «өртенген» балығының да құнын ала қайтыпты деседі. Өрттен үлкен «жәбір көрген» Кабановский мен Таласов мырзалардың «қасіреттеріне» ортақтасып, көңіл білдіруші, жаны ашыр газеттер де табылыпты. Бірақ, «өнерпаз» редактор «өртеткенмен» де, қабырдан қайта тірілген «Иса пайғамбар» сыяқты, «өртенгеннен» кейін де өз орнында қалып қойған, «қасиетті» көне батаға енді өзінің күні өтіп қураған денесіне, бүгінгі түсінігіммен айтсам, жас клеткалар қосып, жаңадан салынып жатыр. Қазір батағаның сыртында қызу құрылыс жұмыстары құлашын кеңінен сермеп, көлемін күн санап ұлғайтып барады. Ал, батағаның ішінде баяғы бір «өртеніп» кеткен жерінен өңделіп болып, бір-ақ шыққан балықтар Астраханьға жөнелтілуге асығыс дайындалып жатыр. Батаға маңы құж-құж жан. Күндіз-түні жұмыс.

...Бүгінгі жұмыс та екі аптадан бері құлағымызға таныс «эх, дубинушка, ухнем!» әнімен басталған-ды. Шоқпардың сырыққа соғылып, дүңк-дүңк еткен дауысы Атрау аспанын басына көтеріп алды. Тымырсық қыстың ертеңгі тынық ауасы жаңғырық дауысын жарға соғып, ауыр соққымен бірге дүңкілдейді. Былтырдан бері батаға алды тайыздап, жүкті күймелер плотқа жете алмайтын болып қалған еді. Қазір жүздеген адам плоттан айдың ортасына қарай жуан-жуан сырықтар қағып жатыр. Кейін бұл сырықтардың үстіне жаңа плот тұрғызылады, тайызға келе алмайтын ірі кемелердің ішіндегі балықтар осы плотқа қабылданады деседі. Қазық қағушылар бірнеше сырықтан жалғастырылып жасалған зәулім биік мосыға шынжырлы үлкен тәл орнатыпты да, сол тәлге ұзын темір арқан өткізіп, оның екінші ұшын жуандығы адам беліндей, ұзындығы аршындай жұп-жұмыр темірге бекітіпті. Мұз бетінде араларын жиі-жиі ойған дайын үкілер көрінеді.

Айдынғали ағай бастаған жұмысшылар тобы жуан-жуан ұзын сырықтардың бір басын сүйірлей шауып жатыр. Одан әрі мұз үстінде биік мосыға асылған үлкен қазандар тұр, көлемі біздің бөлмеміздей бар. Лаулап жанған қамыс оты қара қазанның түбін қызғылт-жасыл жалын тілімен жалап-жалап өтеді. Қазанда сарқылдап қайнаған қарамай иісі өңменіңді атады. Аяқтарына киіз байпақты үлкен етік, үстеріне шұбатылған қалың күпі, бастарына бүкіл иықтарын жабатын үлкен түлкі тымақ киген қыр жігіттері әрбір сырыққа он шақтысы түгел жабыла, біріне-бірі соқтығыса, зорға көтеріп барады. Киімдері тым ауыр болғанға ма, қыймылдарында бір сылбырлық бар, ырғала басып, еріншек қозғалады. От басына жеткен кезде иықтарындағы сырықтың сүйір ұшын қазандағы қарамайға батыра береді. Сырық тайып кетеді де, үлкен қазанның кемерін баса құлайды. Лапылдаған жалын тілі сумаң етіп қазан ішіне қарғыйды. Қазандағы қара май өртеніп, жұрт ду ете қалады.

— Қолапайсыз бишаралар, — деді қазан астына от жағып тұрған Жалықпас қария, — байқасаңдаршы.

— Тіліңді тарт, әй шеркеш, — дейді қыр жігітінің бірі. — Адай атаманының баласы сендей өзен жағалап көрген жоқ, білдін бе! Балықтан өзге ешнәрсе көрмегеніңді мақтан етесің бе?

— Қойыңдар, жігіттер, — әңгімеге Арман барып араласты, — осы руға бөліну дегенді қайдан тапқансыңдар. Адай руы өзен жағалап көрмесе, Есқали ағай екеумізді: қайда қоясыңдар. Біз көзімізді толқын тепкісінде аштық. Алдымызда жалғыз қарамыз да болған жоқ. Өзен жағалап күн көрдік. Ру деген ұлы сөзді бұдан былай есіттірмеңдер маған...

— Ділмәрсіме, Арман, ділмәрсіме, — Сәндігерей подрядші Арманға ала көзімен қарады, — сен шоқынды екен деп, жұрт ру мен діннен безе алмайды. Адай болып туғанбыз, адай болып өлеміз. Қорламасын анау шеркешін ата аруағын. Аузын ашырмаңдар шеркештің сойып алыңдар...

— Ата тұқымы асқа жарымаған шеркеш ит, — шалғысын орап тастаған биік қара жігіт, қонышындағы дойырын суыра, Жалықпасқа тап берді, — кімді қорлайсың, тіл тигізбе!

— Әй, жігіт, дойырыңа не бола алмасаң бері бер,— Арман ағай Ниязбектің қолындағы қамшысын жұлып алды да, айқайлап дауыс көтермей, Сәндігерей екеуіне кезек қарап, зілді кекесінмен күлді, — сен Жәкенді жалшы болғандығы үшін жазғырасың ба, шеркеш болғандығы үшін жазғырасың ба? Шеркештің жалшысы саған жәбір етпеген шығар. Жәбір көрсең шеркештің байынан көрген шығарсың. Бар онда, дойырыңды шеркештің анау озбыр байы Таласовтарға үйір. Ру уымен уланған ұятсыз бишара, сен де кешегі Құрбан сыяқты Таласовтардың қулығына құрбандық болғалы жүрген біреусің ғой. Ерме мынау әзәзілдің тіліне...

Арман қолындағы дойырды Ниязбектің алдына лақтырып тастады. Жігіт қамшысын қайтып алмастан күрсініп төмен қарады. Шаң-шұң егестер зорға басылып, өрт өшірілді де, жұмыс қайтадан басталды. Қарамайланған сырықтар ойылған үкілерге жеткізілді. Бірнеше жігіт сырықтардың сүйір ұшын үкілерге түсірді де, тік ұстап тұра қалды. Осы кезде Арман ағай бастаған топ мосыдағы сым арқанды шірене тартып, төмен босатты. «Ал, алдық... Тағы да алдық!» Арқан басындағы жуан темір тоқпақ жоғары көтерілді. Тоқпақ әбден көтеріліп, мосының төбесіне тиген кезде арқан жаңадан босатылды. Жоғары көтерілген тоқпақ үкідегі қазықтың төбесіне барып сарт ете қалды. Осының артынша арқан қайтадан тартылып, тоқпақ жоғарылай барып, қазықты тағы да түйіп өтті. Темір тоқпақ әрбір соғылған сайын қазық бірден-бірге төмендеп, жерге қағыла берді. Екінші-үшінші жерде де осындай жұмыстар жүріп жатыр. Темір тоқпақтың гүрсіліне лайық бір ән келеді құлаққа:

Эх, дубинушка, ухнем!

Эх, зеленая сама пойдет!

Подернем, подернем, да ухнем!

Плот үстінде де топ-топ адамдар. Бір тобы біздің табыралап шығарған шелектерімізді домалатып келе жатыр да, екінші бір тобы балыққа толы сол ауыр шелектерді манағы сыяқты тәлменен жоғары көтеріп алып, плот жиегіндегі көкше мұзға түсіріп, үшінші топ оларды шаналарға тиеп жатыр. Бұл шаналар тиеліп жатқан жүкті Астраханьға апарады. Біздің жазы-қысы дамыл көрмей өңдеген балығымыз енді бірнеше күннен кейін Таласов пен Кабановскийдің қалтасында тағы да алтын болып шылдырлайды. Михаил Ивановичтың тілімен айтқанда мынау жан ұшырып жүрген жігіттердің маңдайларынан шыққан ащы тері анау мес қарындардың қалтасына алтын болып құйылады!» Олардың балалары бал жейді. Біз қара нанға қолымызды жеткізе алмай зарлаймыз...

Бүгін күн жұма еді, медреселерінде оқу болмағандықтан, өзге ермек таба алмаған Шыңғыс пен Ноян ыржың-ыржық күлісіп, плотка келіп кірді. Біріне бірі еліктегендей бастарына дөңгелек қара елтірі берік, үстеріне қара елтірі жағалы, қара мауытпен тыстаған күзен ішік, аяқтарына аппақ киіз байпақ киіпті. Екеуінің қолында екі үлкен тілім ақ қалаш. Көптен бері тоя жерлік нан көрмеген құмаршыл көзім әрқайсысының қолындағы қалашты бір-бір қадақ бар-ақ шығарсың деп қалды. Менің өз шешем де, Жанқия апай да қолға нан ұстап далаға шығуға рұқсат етпейтін-ді. Қолыңа нан ұстап шығып бара жатсаң кері шақырып алатын да: «отыр, наныңды жеп бол, содан кейін шығуыңа болады» дейтұғын. Осы бір тәртіпке әдеттенгендіктен бе, далада жүріп тамақ жеген адамға мен мейлінше ренжитінмін. Тіпті ұртына салып жіберуге де дайын тұратынмын. Көшеде бара жатып аузын қыйсаңдатып, екі ұртын томпайта, бұртаң-бұртаң талмаған қандай ыңғайсыз. Тіпті кейбіреулер жеп отырғанының тамақ екенін де, өзінің адам екенін де ескермей, тамақтың тамақтық қасиетін де, адамның адамдық қасиетін де қадірлемей, сұйық асты түйеше сораптап, тамақ жесе дүниені басына көтере, ауыздарын салп-салп еткізіп әбігерленетіні бар-ау. Мұндайлардың тамақ ішкенінен мен мейлінше жиренемін. Осындай настық Асаубай бишарада болатын. Ол жұтайын да өлейін дегендей бір қолын аузына апарғанда, екінші қолын табаққа сүңгітіп, еріндерін қыйсаңдата бірер рет сылп еткізетін де, тісімен жаншып талмамай-ақ, жұта салатын. Әлгі «сыпайылығы» аз болғандай, аузына түгел бойлап, сілекейге былғанып шыққан қолдарын табақ үстіне кезек-кезек сілкіп қоятын. Асығыс жұтқандықтан кейде сілекейін шашып, қақалып та қалатын. Абыройсыз бишараның түбіне осы ашқарақтық жеткен-ақ шығар.

Бай балаларының қолдарына нан алып жүргендерін ғана жазғырып тұрсам, тамақ жеулері де Асаубайдан айнымаған екен. Қолдарындағы қалаштарын қапыл-құпыл асап, еріндерін салп-салп еткізіп, Асаубай үйіндегі Үміт жеңгейдің жанына жақындады. Тары шелекке балық реттеп жүрген Үмітті біріне бірі иектерімен көрсетіп күледі. Ақмақтықпен соққыға жығылған адамның артында қалған қатын-баласын мазақтай ма екен, кім білген! Үміт жеңгей оларды байқап та тұрған жоқ. «Түбінде киетін қамыттарын ғой, үйрене беріңдер» деген шығар, Сабыр мен Шегірді ерте келген екен. Аш балалар ақ қалашқа көздерін сатып, тамсана қалыпты. Сабыр нанға қызыққанмен, жасқаншақтық білдіріп, тек көзімен ғана құмартса, әкесіне тартқан қомағай Шегір алақанын жаяды:

— Ақа, наныңнан берші, ә...

— Күшім, күшім, — Ноян қолындағы нанның шетінен кішкене ғана жұлып алып, екі-үш рет түкіріп, таңдайын қақты да, балық шырышымен былғанған еденге лақтырып тастады, — на, на!..

Шегір тұра жүгіріп еді, аяғы тайып құлап түсті де, нанға қолын соза берді. Ноян үстіңгі қос ернін түре, тәттіні көп жегендіктен бе, әр жерден қарауытып шіри бастаған іркіс-тіркіс тістерін көрсете күліп мазақтады. Мазақшыл серігін қостаған Шыңғыс та ақылы тайыз арзан күлкісімен қарқ ете қалды. Мен төзіп тұра алмадым. «Таста, Шегір, алма!» деп ақырдым да, ата жөнелдім.

— Дауыл, токта, — Сережа сыртымнан қапсыра құшақтап алды, — керегі жоқ, ұрынба, еріккен иттерге. Әй, кетіңдер бұл жерден, әйтпесе...

— Кетпегенде не істейсін-әй, — Шыңғыс қалың еріндерін қайшылай тістеніп, онсыз да бадырақ көзін аларта, жұдырығымен кеудесін соғып ілгері ұмтылды, — білесің бе, батаға кімдікі? Сен менің жалшымсың!

— Көрсетейін саған жалшыны. Неге қорлайсың?!

Мен тағы да ұмтылған едім, бұған дейін күшім одан әлдеқайда басым бола тұрса да, дәл осы жолы Сережаның құшағынан босай алмадым. Тегі аурудан кейін әлім кіріп үлгермеген шығар. Шаң-шұң дауысқа әйелдер де жыйналып қалды. Үміт жеңгей Шегірді желкеге бір түйіп қолындағы нанын жұлып алды да Шыңғыстың бетіне лақтырды.

— Әй, жауыздың күшігі. Кеше арамдыққа айдап әкесін құрттыңдар. Бүгін оның балаларын қорламақ па едіңдер. Бадырайған көзіңді шұқыйын ба багормен. Шолжаңдамай кет бұл жерден!..

Үміт жеңгей оң қолындағы шолақ багорын көтере ұмтылды, еріккен екеу ығысып жүре берді. Намысты жеңгей енді өз баласын желкелей бастады.

— Кереңді жегір, әкеңнің мазақ болғаны жетпеп пе еді! Неге аласың, біреудің «күшім, күшім» деп жерге тастағанын.

— Қой, тиме, Үміт. — Васса Романовна Шегірді жерден көтеріп алды. — Қарны ашқан соң қайтсын. Ана иттерді айтсаңшы! Сояр ма еді, өздерін!..

— Дауыл, уа Дауыл! Жүр бері, маған көмектес. Табыраңды ала кел.

Плоттың айдын жақ жиегінен Матвей Степановичтің дауысы естілді. Ол мана тасыған кезде сынған тары шелектердің қақпақтарын қайтадан жауып жүрген-ді. Енді мені сол шелектерді табыралауға шақыратын шығар. Ашу қысқан денемнің қалшылы әлі басылмаған екен, ыза кернеген жүрегім де тулауын қоймапты. Кеудемді қолыммен басын, аз бөгеліп қалдым. Матвей Степанович тағы да айғайлады.

— Дауыл, уа Дауыл!

Табыра қаңылтырларым мен бояуымды ала жүгірдім Әлгі екеудің қорлығы ойымнан еш кетер емес. «Әттен, иттің балаларын анау біз тұрған суық казармаға апарып тұзды балықтан өзге түк бермей, қамар ма еді бір он күн. «Сендер аш отырғанда біз ақ нан жеп жүрміз» деп мақтаныш етесіңдер. Біз жамандығымыздан нан таба алмай жүр ме екенбіз. Бай баласы болғанда, артық жерің қайсы? Менен артық түріңде, білімің де, ақылың да, әдебің де, сыпайылығың да жоқ. Бар артықшылығың үстіңдегі киімің мен тоя жеген тамағын ғана. Тіпті, сол тамақтың өзін де шын адамша сыпайы жей білмейсің. Аузыңды сылп-сылп еткізіп айуанша қылқып жұтасың. Қандай жеркеніш! Менің мынау жамаулы шолақ күртем мен тізесіне жарғақ ұстаған қалың шалбарымды, Жанқия апай басын жұлықтап берген көне етігімді, әкемнен ауысқан ескі құлақшынымды кигізсе, түріңнен адам жиренер еді. Батаға жұмысына салса қолыңнан ешнәрсе келмес еді-ау!» деймін ішімнен.

— Кел балам, — Матвей Степанович қақпағы жаңадан жабылған шелектерді көрсетті, — мыналарды табырала.

Қара бояу таусылып қалғандықтан бізге бұл күні күрең жоса берген болатын. Табыра қаңылтырларды шелек бетіне төсей сап, күрең бояуды жағып жатырмын. Қаңылтырды көтеріп алсам астынан «Таласов пен Кабановский мырзалардың Атраудағы балық батағасы. Қаракөз балығы» деген жазулар шығады. Бұдан бірнеше жыл бұрын, жұмысқа алғашқы келген кезде маған дүниеде осыдан артық өнер жоқ тәрізді көрінуші еді. Шелек бетіндегі жазулар тек екі мырзаның атағын ғана емес, «мұны жазған Сережа мен Дауыл» деп айта жүретін-ақ шығар деп ойлайтынмын-ды ол кезде. Ал, бүгін істеп жатқан жұмысымнан ондай мақтаныш таба алмаймын. Қазір тары шелекке жағып тұрғаным бояу емес, сонау өткен өрт күні өлген Құрбанның ақша қардың бетіне тамған қызыл қаны тәрізді. Табыралап жүрген тары шелектің ішіндегі балықтар да сол күні «өртеніп», бізге сор, Таласовтарға ырыс әкелген, кейін «өртенген» орнынан өңделіп, біздің маңдай терімізді сол Таласовтардың қалталарына алтын етіп құйғалы, Астраханьға жөнелгелі жатқан балық.

Матвей Степанович екінші бір бұзылған шелектің қақпағын жапқалы жатыр. Бетіндегі бір көк серкенің оң жақ шекесін жом басып, көзін ағызып жіберіпті. Таласовтың осы жомы Жанқия апайдың да бір көзін ағызып жіберген. Оң жағымда үюлі үлкен-үлкен жөке қаптар тұр. Бұл қаптарда ыстаулы, кепкен балық бар. Бұлар да жаласып Люба апайға жаба сап, «өртенген» жерінен өңделіп шыққан балықтар. Бұл балықтың тікені Люба мен Раушанның қолына талай рет қадалған шығар. Раушан бишара осы балықтарды тізе отырып талай рет жылаған шығар. Жасы бар шығар мұнда жетімнің. Қайдасың қазір, Раушан?..

Мен кезекті шелекті табыралап бітірдім де, басымды көтердім. Матвей Степанович көрінбейді. Манағы екі тентек плоттан тары шелек түсіріп жатқандарға қарап, таңырқап тұр екен. Жалғыз қалғандығымды көрді де, маған қарай аяңдады. Тегі бір ұрынып байқамақ шығар. Тайынайын деп тұрған мен де жоқ. Рас, олар екеу, мен жалғыз. Бұрынғы күшім болса екеуіне де төзіп көрер ем. Әлгіде Сережаның құшағынан шыға алмағаныма қарағанда күшімнің жетпеуі де мүмкін. Неде болса тәуекел. Жеңіліп бара жатсам осынша жанның бірі көмекке сөзсіз қол созар...

Еріккен екеу манағы Асаубай балаларын мазақтаған әдепсіздіктерін маған да істеп келеді. Біресе қалталарынан тұтас печение шығарып, қолдарын маған созады. Біресе печениенің жартысын жеп, жартысына түкіріп-түкіріп алып, лақтырады да, біріне бірі қарап жынды адамша күледі. Біресе «һу!» деп тістене, көздерін ақшаңдатып, сүзгелі келе жатқан текедей бастарын сілкіп, жұдырықтарын түйеді. Соққыға соққы дайындап, жолдарын тосып мен тұрмын. Қазір Шыңғыстан гөрі де Ноянға жыным ұстайды. Ол жұдырығын түйе тістеніп, шірік тістерін ақсыйта, бүкіл Қасқырбай тұқымдарына тән шегір көзін шоқшыйта кіжініп келеді, маған емес-ау, Раушанға ұрынғалы келе жатқан тәрізді. Қазір Раушанның қою қара шашынан шап бүретіндей мынау қояншық. Мен Ноянның соққысынан өзімді емес, Раушанды қорғайтын тәріздімін. Әттең, шынында да солай болуға тиісті еді. Амал не, олай болмады. Менің ауырып жатқан кезімде жәбірледі бұл жауыз Раушанды. Қасқырбай бөлтірігіне қайтып кездеспеу үшін Раушан Атрауды тастап кетті. Тіпті төсекте жатқан менімен қоштасуға да мұршасы болмады...

Екі жынды «енді не де болса алғашқы қарқында-ақ сұлатып салайық» дегендей жүгіріп келді де, жұдырықтарын қатар сермеді. Соққыны бойға жуытпай, тез бұғып, жалт еттім де, желке тұстарынан шықтым. Бұным жасқанғандық емес, алдымен өзімнің де, олардың да шапшаңдылықтарын байқау, мүмкіндігі болса екеуінің ортасына түспей-ақ, Ноянның өзін оңашарақ шығарып апарып, ұқсата ұрайын, деген ой еді. Аяғымды сылтый басқанмен, баяғы шапшаңдығымды жоғалтпаған екенмін. Ұрынып жүрген екеудің шапшаңшылы да, ызақоры да Ноян сыяқты. «Сәті түсті, қазір алдаймын» дедім қуанып. Арбасып жүрміз. Ноянды дәніктіру үшін бірер рет жауырынымды да сәл тосып алдым. «Мені оп-оңай құлата қоярлық күш иесі емессің-ау». деп қалдым ішімнен. Енді аздан кейін Ноян екеуміз оңашаланып та алған едік, бір реті келгенде «Раушанды жылатқандығын үшін!» дедім де, құлақ шекеден қойып келіп жібердім. Тым-ақ ұқсатып ұрсам керек, тәлтіректеп құлағалы бара жатқан ызақор неме, плоттың есігінен бері шыға берген Матвей Степановичқа соғылды.

— Жоғал әрі, бұл маңнан, — Матвей Степанович балтасын ала ұмтылды, — бөгет етпе жұмысқа, шабармын сыйрақтарыңды.

Бондарьдың балтасынан жасқанды ма, әлде менің жұдырығым да жүндерін жығып жіберді ме, еріккен екі «батыр» бірі оң құлағын басып, екіншісі артына алаң-бұлаң қарап, жүгіре жөнелген еді, манағы Шегір жығылған лас еденге бірін-бірі қаға, құлап түсті.

— Сол керек еді, доңыздар!

Плоттағы әйелдер ду күліп жіберді. Екі «батыр» үстерін сүртуге де шамасы келмеді. Көзден таса болды.

Табыралайтын шелектер таусылып қалды да, мен төңірекке көз салдым. Алдымен шығысқа қарадым, айдын беті қалыңдығы аршындай, көлемі үлкен столдай етіліп ойылып тасталған шаршы мұз кесектеріне толып кетіпті Одан әрі сүйменмен құралданғандары мұз ойын, багор йен жабдықталғандары ірі-ірі кесек мұздарды сүйреп шығарып жатқан қалың топ. Айдынның дәл жиегінен выходтың төбесіне қарай, жаға жағын түйетайлы, выход жағын биік етіп, ұзын көпір істелініпті. Мойындарына қамыт киген жігіттер манағы үлкен-үлкен кесек мұздарды сол көпірдің үстінен жаяу сүйреп, выход төбесіне шығарып барады. Көпірдің ең жоғарғы басына апарған кезде, сырғанатып, ішке түсіріп жібереді. Мұздарын выходқа түсіргеннен кейін арқандарын сүйретіп, айдынға кері оралады да, кезекті кесекті тағы да сүйрей жөнеледі. Ауыр болса керек, шірене тартады. Кейде табандары тайып, құлап та түседі. Қазық қағушылар бастаған «эх, ухнемді» бұлар да қостайды. Әлден уақытта осы тұстан айқай шу дауыстар естіліп қалған еді, енді қарасам, мұз тартушылардың бірі мойнындағы арқанның ұшынан айрылып қалған екен, Жоғарыдан төмен қарай сырғанаған мұз арттағыларды ұмар-жұмар жыға, айдындағы кесектерге соғылып гүрс ете қалды. Аздан кейін біреулер сылтый басып, біреулер екі бүктеле, тізесін ұстап орындарынан көтерілді. Төрт адам бірін-бірі сүйемелдеп плотқа қарай жылжыды.

— Эх, арда, арда, — плот жиегінен қарап тұрған «эсер сандуғашы» әбден мәз болып күлді, — арда болып туған, арда болып қалады бұл қарсақтар. Қараңызшы Матвей Степанович, түк жұмыс келмейді бұлардың қолдарынан. Даурығып босқа жүреді.

— Сен өзің Кабановскийдің үйіндегі тотыша сайрайтын болып алыпсың ғой, — Матвей Степанович ызалы пішінмен тесіле қарады да, қолындағы балғасын қайын қазығына бірер рет соғып қойды, — әттең, қауырсын неге бітпеген саған...

— Мендаль Иосифович, — «эсер сандуғашы» Матвей Степановичтың сөзін есітпегендікке салынды да, Кабановскийге бұрылды, — мен бүгіннен бастап қарсақтарға еңбекақыны бөлек жазамын. Орыстармен бірдей төлеуге болмайды оларға. Кем төлеу керек.

— «Сандуғашым-ау», сен кім едің өзің, — Матвей Степанович мырс етіп күлді, — сөзінде бір ірілік жатыр ғой?

— Мен әміршінің көмекшісімін, — Хвастунов жаңа лауазын мақтаныш еткендей екі бүйірін таяна, такаббар қарады, — түсінікті ме?

— Түсінікті, қауырсын да шығып қалған екен ғой? Мен бондарьмын. Әлгі сөзіңді екіншілей есітсем, шекеңе мынау балғамен тық еткіземін де, қауырсыныңды жұламын...

— Не дейсіз?

— Бар кет, — Кабановский жұртқа көз етіп, Хвастуновқа зекіп тастады, — бар жұмысына. Қайдағыны шығарады...

— Мырза, ол сізді қайталайды...

— Мен осынын аузына сөз салды дейсіз бе?

Кабановский де, «эсер сандуғашы» да күбірлесе сөйлеп плотқа енді. Мұз көмушілердің айқай-шуы басылғаннан кейін жұрт жұмысын қайтадан бастады. Гүрс-гүрс ұрылған тоқпақ дауысы жар жиегін жаңадан жаңғыртты. Гүрсіл ырғағына лайық ән естілді бір тұстан.

Эх, дубинушка, ухнем!

Эх, зеленая, сама пойдет!

Подернем, подернем, да ухнем!

— Я, сулатамыз да, — алдындағы жұмысын аяқтап, орнынан көтерілген Матвей Степанович трубкасын оң аяғындағы қазығына қағып-қағып алды да, шелек түсірушілер мен қазық қағушыларға кезек-кезек қарады. — Бізді де талай сұлатқан, бұл шоқпар!..

Мен кезекті шелектерді табыралауға кіріскенде Матвей Степанович трубкасын темекіге толтырып алып, қол қобдыйына отыруға ыңғайланған еді, сол орнында әлі отыр. Терең ойға шомғандай зейінді үлкен көздерін сәл қысып бір нүктеге қадапты, әрі ұзын, әрі қою қастарын да қақпастан қарайды. Трубкасын ұзақ сорып, дем алған сайын ішкі ойдың шумағындай бұйраланған көк түтіндерді бір бұрқ еткізіп қояды. Не ойлап отыр бұл кісі? Ол кейде майданда өлген ұлын еске түсіріп, үнсіз ұзақ отыратын да, Саратов гармонын кең жаза жырлай жөнелетін.

Он спит последним сном давно

Он спит последним сном,

Над ним бугор насыпан был,

Зеленый дерн кругом...

Матвей Степановичтың дауысында бір зар жататын ол кезде, көз кемерінен жас моншағы да көрініп қалатын. Тек гармоньшыға ғана емес, бүкіл елге ортақ бұл бір зарлы әнге жұрт түгел қосылып, қамыс казарманы мұңға толтыратын. Матвей Степанович төңірегіндегілердің көздерін ғана емес, жүректерін де жылатып барып, гармонь тілін дір еткізіп тоқтататын да, үлкендер қасіретінен өз үлестерін үстеріне жүктеп, көздері жаутаңдап отырған екі жас баласына қолын созатын, оларды екі тізесіне отырғызып, төбелерінен ұзақ иіскейтін. Балалар әкелерінің біресе жүзіне, біресе атты батыр суреті салынған кең кеудесіне қарайтын. Матвей Степановичтың көкірегінде айдаһармен айқасып жүрген «қарагөк батырды» мен оның өзіне ұқсататынмын. «Мұңаймаңдар бөбектер, бар, далаға ойнаңдар» дейтін гармоньшы әке, балаларын маңдайдан кезек сүйіп. Балалар күрсіне күліп далаға шығып кететін. Атты батыр айқасып жүрген анау бір көк айдаһар көкірегіне тілін сұғып алғандай Матвей Степанович ауыр-ауыр күрсінетін де, стол астындағы бутылкаға қол созатын. Бұл жолы Матвей Степановичтың жыры «кәне, тумам, ішеміз бе?!» деп басталатын. Рас, ішіп алғаннан кейін «теңіз суы тобығынан келмейтін» кездері де болатын. Бірақ, гармонынының қасіретін арақ жуа алмайтын. Сол бір «кәне, тумам, ішеміз бе?!» жиілене-жиілене барып, Матвей Степановичты маскүнемдікке салындырып жіберген еді. Жаны таза, жақсы адам замандас інісі Михаил Ивановичтың достық кеңесінен кейін бұл аурудан айығып алды. Ол біздің қасіретімізді де, қуанышымызды да жыр тілімен жеткізіп, бірде егіле жылатса, бірде жаныңды жырға бөлеп күлдіретін. Енді ойласам, Матвей Степанович біздің белгілі артисі де, арнаулы сахнасы да жоқ, «халықтық театрымыздың әрі режиссеры, әрі дирижеры екен ғой. Мен осы кісіден орыстың көптеген халық жырын үйрендім. Есқали ағай әзілдеп, Матвей Степановичтың үйін «ән бөлмесі» деп атайды. Олай екені де рас, Васса Романовна апай да әнді жақсы айтады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны аларсың» деген халық мақалының дұрыс та жерлері бар-ау деймін, гармоншының тәрбиесінде өскен сегіз жасар Гриша гармонь ойнауға, беске быйыл ғана шыққан Людмила ән салуға жарап қалыпты. Біздің Шәріпқалидың ән жөніндегі ұстазы осы екеуі. Матвей Степанович ішкілікке түскен кездерде Васса Романовнаның көз алдынан: көк таңба кетпесе, балалардың қарашықтарынан жас арылмайтын еді. Қазір олардың жүздерінде Надежда Петровнаның тілімен айтқанда, әнібір асыл жиһазсыз-ақ, үй ішіне жарасымды көрік беретін семья махаббатының қуанышы бар.

Буырыл мұртты гармонист трубкасынан өз шашына ұсаған көк бұйра түтін көшіріп, жырлап отыр. Бізді, тек Арман ағайдың ғана «сүйкімдісі» емес, жалпы казарма халқының ортадағы қызыл гүліндей Люба апайдан айырған өрттен кейін, Матвей Степанович бәрімізге ортақ қасіретімізді гармонь тіліне көшіріп:

Сижу за решеткой в темнице сырой

Вскормленный в неволе орел молодой...

деп жырлаған болатын. Ол қазірде де дауысын еркін көтермей қоңыр ғана жырлап отыр. Бірақ, бұл жырында бүгінгі жұмыс ырғағына сәйкес, қуаныш пен қасірет аралас өзгеше бір сарын бар. Матвей Степанович ұзын сапты трубкасын бір сорып, жоғары көтерді де айдаһармен айқасып жүрген атты батыр еркін сыйып тұрған кең кеудесін кернеген әрі күшті, әрі айқын дауысымен әлгі қоңыр әнді енді аспандатып алды.

Много песен слыхал я в родной стране

В них про радость, про горе мне пели

Но из песен одна в память врезалась мне –

Это песня рабочей артели...

Дирижер шыбығының көтерілуін күтіп тұрған оркестр адамдарындай, біздің сахнасыз театрдың әшекейлі киімсіз «артистері» де Матвей Степановичтың қолындағы трубка көтерілген бойда-ақ күшті әнді көтермелей жөнелді. Плот ішінен өзгелеріне өзек сала өзгеше сыңғырлаған бір әдемі әйел дауысы естілген еді, Васса Романовна екен. Кейде әннің жалпы сарынына қосылып, кейде ауа жайыла, адасып барын «Зәурештің» зарына түскен Есқали ағайдың да жуаң дауысы естіліп қалды. Ән кейде қуаныш құсына қанат қақтырған мақтанышты бейнелесе, кейде мұңайып, зар естіртеді. Есқали ағайдың адасып жүрген «Зәуреші» дәл осы жерге қабыса қалады да, әндегі мұңды күшейтіп жібереді. Дегенмен әнде кездейсоқ зардан гөрі, еңбектің өндірушілік қасиетін дәріптеген шаттық сарыны басым жатыр. Қос қанатын кең жаза шарықтап алған салмақты ән, енді топшысын жыйырып, аспаннан төмен құйылған қырандай, тұтастанып алады да, екпіні күшті, қозғалысы жедел қысқа ырғаққа көшіп, сырық қағушылар тоқпағының дүңкіліне ұласады. Мүмкін, темір тоқпақтың өзі еңбек әнінің қайырмасын қайталайтын шығар, әйтеуір екеуінің тілі бір.

Эх, дубинушка, ухнем!

Эх, зеленая сама пойдет!

Подернем, подернем, да ухнем!

Ән арнадан шықпастан баяғы күшті сарынмен қайтадан жоғарылады. Жырды бастап берді де, темекісін тартып боп, Матвей Степанович орнынан көтерілді. Енді күлін түсірмек болып, трубкасын қайың аяғына тақ-тақ еткізіп қаға бастап еді, әннің қайырмасы осыған дәл келіп қалды да, «ухнем!» деп барып жаңадан шарықтады.

— Түсіндің бе, балам, — Матвей Степанович шелек түбін түзете жүріп әңгімеге кірісті, — бұл біз сыяқты жұмысшылар артелінің әні. Ес білгеннен бері құлақтан кеткен емес, бұл бір ән. Біздің еңбекші балаларымыз осы әнмен дүние есігін ашады да, осы әнмен дүние есігін жабады. Бұл әнді біздің елде көп айтады. Шаттық та, қасірет те естіледі бұл әннен. Шаттығы сол — біз еңбек адамдары қыйратушы емес, құрушы күшпіз. Қасіреті сол — біз өзіміз қолымызбен құрған, ащы теріміз сіңген игілікті қазынадан пайдалана алмаймыз. Көзіміз шықса да, мертігіп өлсек те мүсіркер ешкім жоқ бізді. Эх, күштірек тұтас қыймылдаса...

Матвей Степанович аяқтамаған сөйлеміндегі ашуды балғасына көшіргендей тістеніп алып, шелек түбін тын қатты соқты. Аспан астын тұтас билеп алған ән тынбастан, бірде қыяға шарықтап, бірде «ухнем!»-ға көшіп, жалғаса берді. Жұрттың бәрі осы әннің сөзіне болмағанмен сазына үн қосып, тұтас қыймылдайды. Ән ырғағынан ауа жайылып, сүйегі әлдеқашан қурап қалған бабалардың аруағын шақырып, Ағанияз бен Сәндігерей жүр.

— Уа, Баланияз бабам, қолдай гөр, — плоттан төмен мұз үстінде тұрған Сәндігерей араларына «бөтен атадан» ешкімді енгізбей, тумалар артелі бола құралып, плоттан балық түсіріп жүрген қыр жігіттерінің бір тобын қыздыра сөйлейді. — Уа, менің аталастарым, адай руының намысына сөз келтірмеңдер. Көрдіңдер ме, шеркештер мен алашалар озып кеткен сендерден, рас, анау Есентемірлер мен Таздардан әзір озықпыз. Бірақ олардан озғанды мақтаныш етуге бола ма? Біз бәрінен озып жүруге тиістіміз.

— Шын озған ба?

— Әрине шын. Намыс қайда, жігіттер. Біз «танысаң адайыңмын, танымасаң құдайыңмын» деп, өзгеден кеудесін биік ұстайтын атаның ұлы емеспіз бе! Көрсетелік сол артықшылығымызды.

— Қойыңдар, нағашылар, қойыңдар, — Сәндігерейдің оң қолтығындағы Ағанияз шеркеш жігіттерін қыздыра сөйлейді, — Байұлының белбаласы — менің шеркешімді жеңу қайда, сендерге... Біздің шеркештер бар ғой, Адай нағашыларымның екі күн істейтін жұмысын бір түсте істеп кетеді.

— Қой, жиенім, қой, — Сәндігерей Ағаниязға қарап күледі, — «Жиен ел болмайды, желке ас болмайды», дегендей жиендігіңді істейсің-ау. Шынында сен өзің де Адай жандысың. Біздің апамыз жездейді Адайға әбден бағындырып алған болса керек. Шеркешінен ат таба алмай өз балаларына кіл Адай атын қойыпты. Адай қаны араласпаса, шеркештен сендердей баллар туар ма еді.

— Ойбой, тым іріге кеттің, — Ағанияз Азғыр жігіттеріне жымыңдап көзін қысады, — қызыл тілде сүйек жоқ. Тіл жағыңа сүйенгенше іспен көрсет...

— Көрсетсем несі бар, — қыза қыймылдаймыз да озып шығамыз, — Сәндігерей Бозашы жігіттеріне иегін қаға жел беріп, мұз үстіндегі тары шелекті домалата бастады, — мен өзім де көмектесейін. Кәне, қыймылдаңдар, аталастарым. Шеркештерді бір жерге қараталық...

— Әй, нағашылар, — Ағанияз плоттан түсірілген шелектерді Азғыр жігіттеріне қарай жедел дөңгелетіп күле сөйлейді, — Күш сынасаң кел. Мен шеркештеріме өзім болысамын.

— Эх, өлімтіктер, — Хвастунов кекесінмен күле басын изейді, — бүкіл орыс халқы ұлы Россияны қорғау үшін қан төгуде. Сендер бір шелекті бесеуің зорға қозғап, еріншек қыймылдайсыңдар...

— Уа, қыймылда, шеркешім!

— Уа, Адайым, намысыңды жіберме...

Таласов пен Сәндігерейдің ру намысы атты уына есірген қызба қыр жігіттері айқайлай сөйлеп, біраз даурығып басылды да; тым абыржый, асығыс қыймылдап жұмысқа кірісті. «Дубинушка» манағыдан да гөрі шарықтай түсті.

Я слыхал эту песнь: ее пела артель,

Поднимая бревно на стропила.

Вдруг бревно сорвалось, и умолкла артель, —

Двух здоровых парней придавило...

«Дубинушканың» дәл осы бір шумағы аяқталған кезде күшті бір нәрсе гүрс ете қалып еді, артындағы «ухнем» де айтылмай, еңбек әні кілт үзілді де, тынды. Енді Есқали ағайдың «Зәуреші» ғана жалғыз сыңсып, батаға басын мұңға тоғытты. Даурығыса айқайлаған дауыстар, «ой бауырымдаған» өкінішті өксулер естілді құлаққа.

— Уа, не болды?

— Жаншыды.

— Кімді, кім жаншыды?

— Ағанияз бен Әлімзаданы.

— Ау, кім жаншыды деймін, жарқыным?

— Кім жаншыды дейсің. Асығып жүргенде арқан шала байланса керек, шелек түсіп кетті де, екеуін де жаншып өтті.

— Ағанияз өлсе өрем қапсың, — Жанқия апай күрсініп алды, — анау бишараға обал болды. Шешесі де осында еді...

— Ағанияздың өзімен бірге анау «ру намысы» аттас у құйылған бутылкасы да бірге қыйраса онды болар еді, — Матвей Степанович трубкасын қайың қазық аяғына қағып, басын шайқады, — эх, өртер ме еді сол уды. Асаубайдың түбіне жеткен де сол у ғой.

— Дұрыс айтасыз, — Жанқия апай Асаубайдың Сабырын жерден көтеріп алды да, күрсінді, — міне сол у мынау сорлының әкесін мерт етті. Адам болып шыға ма, жоқ па? Осы бір «ру», «ұлт» деген пәлені шығарған кім екен, Матвей Степанович?

— Кел, бері кел, ру уынан жәбір көрген бақытсыз, — Матвей Степанович Асаубайдың Шегірін мейірімді кең кеудесіне көтерді, — «Мәселе ұлтта емес, тұтастықта. Біздің ұлтымыз өзге болғанмен, тілегіміз тұтас болуы керек» деген еді-ау Михаил Иванович кетерде...

Мен енді ғана түсіндім, Асаубай тентек «әкем Қарекес сонау Бозашыдан бері кішкене қайықпен өтіпті» деп мақтанатын. Сонда ол өзінің Адай екенін айтады екен ғой. Әрі араққұмар, әрі мақтаншақ сорлының Адай екенін білген мынау Таласов жауыздар — «нағашы» деп бауырына тартып, абыйырсыздыққа айдапты. Ол ғана емес Құрбанды да арам мақсаттарының құрбаны етті. Тіпті сол бір ру деген у менің өзіме де «әй, Дауыл, сен қай атадансың?» деп қоятын сыяқты кейде. Соның әсері болса керек, бір күні Жанқия апайдан «Апай, осы біз қай руға жатамыз?» деп сұраған едім. «Әкең қазақ, шешең орыс, саған рудың не керегі бар?» — деді Жанқия апай жаратпаған пішінмен. «Әкем мен сіздің руыңызшы?» «Біздің руымыз жұмысшы». Бұдан кейін мен ру туралы әңгіме етпедім.

Арман ағай бастаған топ Ағанияз бен Әлімзаданы көтеріп плотқа шыға берді. Өлі-тірісі әзір белгісіз. Атрау жақтан баста талып қана жеткен «Зәуреш» зары, енді бірден бірге сай сүйекті сырқырата, айқын естіле бастады, зарлай келе жатқан Әлімзаданың анасы болуға тиісті. Жұрт жұмысқа қайтып кіріспей, үнсіз тұрып қалды.

— Эх, пролетарий, пролетарий, — Матвей Степанович трубкасын жиі-жиі сорып, күрсінді, — бірікпей саған болмайды. Я, штрейкбрехерлар, мүмкін, енді сендер де түсіне бастарсыңдар.

«Пролетарийдің» шай емес екендігін мен енді ғана аңғардым. Бірақ, қандай мағынадағы сөз екендігін түсіне алмадым. Ал, штрейкбрехерді қазір ғана естіп тұрмын. Кеше кешке дейін осы атаулар Атрау батағасындағы адамдардың сөздік қорында болмайтын. «Асылы, өткен түні Арман ағаймен Астраханьнан Атрауға ере келген шығар-ақ» деп ойладым.

Ол күні «эх, дубинушка, ухнем!» осылай аяқталған еді. Күн кешке айналып, жұрт қоңыраусыз-ақ тарай бастады...

XXV ТАРАУ. МҮГЕДЕК МАТРОСПЕН КЕЗДЕСУ

Келесі күнгі «ухнем!» іңір қараңғысында бір-ақ тынды. Қоңырау қағылған бойда, тамақты казармаларында ішетін қыр жігіттерінен өзгелеріміз, асханаға қарай ентіге жүгірдік. Күндегідей емес көңілденіп келеміз. Жұмысты жедел істетуге ынталанған қожаларымыз біздің жеңіл-желпі талабымызды орындауға ниет білдірген-ді. Бүгін асханада жас балық пісірілмекші. Арман ағайдың күштеуімен асханаға нан алыныпты, оны да аспен бірге беруге тиісті. «Кісі басына бір қадақтан келіп қалар» деседі. Астраханьнан келген азғана ұнды бөліп алуға да кешеден бері реті болмай қойған-ды. Біресе асхана бастығының қолы тимеді. Біресе кілті әйелінің қалтасында кетіп, аша алмай қойды. Енді бірде «осы ұнды бөліп алғанда не істейсіңдер, оданда осындағы дайын пешке пісіртіп, тамақ кезінде нандай өлшетіп алып тұрмайсыңдар ма?» деген ұсынысты да айтып қойды асхана бастығы. Көпшілігі казармада тұратын болғандықтан, нан пісіретін орындары жоқ жұмысшылар бұл «кеңеске» де бір елең ете қалған-ды. Ақылдаса-ақылдаса келіп, айналғанда ұндай бөліп алатын болды. Асхана бастығы да бүгін кілтін ұмытпауға уағыда беріпті. Біздің көңілдене сөйлесіп, асыға басып келе жатқанымызда осындай бір қуаныш үміті бар.

Бірақ жағдай біздің күткенімізден өзгешерек болып шықты. Асхана есігі ашылған бойда-ақ борсыған тұзды балық сорпасының ұнамсыз исі өңменнен атып-ақ жіберді. Ауыр жұмыстан әбден шаршап, ашыққан адамдар қабақтарын түйе, тыжырынып отыра кетті. Аяғын айқыш-ұйқыш крестеп салған ескі ұзын столдар, түюлі қабақтардың ашуын қостағандай, шыйқылдап қоя берді.

— Бәсе, неғылған батпан құйрық деп едім-ау. Баяғы бір таз қалпы екен ғой?!

— Осынын наны болмай жүрмесін.

— Оны да күтуге болады, бұл иттен.

— Жоқ нан береді ғой. Бірақ қадақтан кем болса әлек салыңдар.

Кухня жақ қабырғадағы ағаш қақпақ ашылған кезде әркімдер орнынан қозғалып, тамақ алуға бара бастады.

— Қараң қалғырдың бүгінгі тамағы да сасық балық екен ғой, — деді Қаныке кемпір қара қожалақ аяққа құйылған асты алып жатып, мұрнын тыжырып, — ай, қарғыс атқан, бар наның осы ма? Бүгін бір қадақ береді дегені қайда? Мынауың ауызға бір салуға да келмейді ғой.

— Мүмкін екі қадақ аларсың?

— Екі қадақ болса да көп емес, бір аптадан бері көріп тұрғанымыз осы.

— Онда күт. Молайтып аларсың?

— Жоқ күтпейміз. Бер нанымызды. Бізге өзіміз ғана емес, балаларымызға да нан апару керек.

Жұрт орнынан түгел көтеріліп шу ете қалған еді, дәл осы кезде асхананың есігі ойбайлап ашылды да, біреулер дабырлай сөйлесіп, ішке кіріп келе жатты. Бірақ даладан құйылған салқын бу үйге енушілердің бет пішінін бірден аңғарта қоймады.

— Мынау өзі асхана ма, монша ма, исі қандай жаман еді? — деді қарлыға естілген, кекесінді бір дауыс.

— Асхана, шырағым. Мынау бізге дайындаған тамақтың исі. Азық мәселесі ауырлап, кезек тым ұзарып кеткен соң нанды осы асхана арқылы алатын болған едік. Бірақ «ұрыны қарақшы ұрлаған» мынау заманда бұдан да береке шығара алмадық. Батаға қожасы Таласов пен Кабановскийдің талағаны аз деп, бізді енді асхана қожасы Кабановский қоса талайтын болды. Аптасына бір көрген нанымыз да аузымызға тимейді. Жарма да, жас балық та болмайды бұнда. Бар қорегіміз осы бір сасық балық. Өзің айтқандай өндіруші де біз, өгей де біз, — деді есіктен ілесе кірген Жанқия апай.

— Сасық тамақты тек матростарға ғана ұсынады екен десем, елдегілердің өзіне де осыны береді екен ғой, — деді манағы қарлыққан дауыс.

— Михаил Иванович! Алақай!

Мен Жанкия апаймен сөйлесіп тұрған адамның Михаил Иванович екенін енді ғана таныдым да, орнымнан атып тұрдым. Бара құшақтамақ едім, бірақ үлгіре алмадым. Анна Ивановна жуан дауыс алғаш естілген бойда-ақ бір жалт етіп қалған еді, бұл жолы құшағын жаза ұмтылды:

— Михаил, Мишутка, сенбісің, ұлым!

Бет-аузын шашымен тұтаса, қызыл-күрең, бұйра сақал жауып кеткен мүгедек матрос қолтығындағы қос балдағымен еденді тақ-тұқ еткізіп, Анна Ивановнаға қарсы жүрді.

— Мам!..

— Ұлым!..

Ана мен бала осыдан өзге тілге келместен, бірін-бірі аңсаған құшаққа қысты. Бұған дейін ешқашан әйелге тән әлсіздік көрсетпеген қайратты ананың үлкен көгілдір көздерінен мөлдіреген ыстық жас тамшылары ыршып-ыршып кетті.

— Мишушам менің!

Анна Ивановнаның осы жалғыз ауыз сөзінен аналық жүректің алуан махаббатын аңғаруға болатын еді, күрең бұйра сақалды мүгедек матрос та жас нәрестедей еркеледі.

— Мам!..

— Лазаретке түскеннен кейін хат жазбағанға қорқып едім, аман ба едің, қымбаттым?!.

Аңсаған ананың бар назары өз ұлының жүзінде. Біресе шыйыршықтанған сақалды бетін алақанымен қағып қояды, біресе кемеріне «Балтық флоты» деп жазылған дөңгелек картузына масаттана қарайды. Картуздан шығып тұрған алтын бұйра кекілін мейірлене иіскейді. Кеудесіндегі крестерді оң қолының саусақтарымен үбектей ұстап күледі. Ана көзі енді ұлының аяғына тоқтады да, манадан бері қуаныш күлкісіне балқып тұрған жайдары жүзі қуаң тарта берді. Қарашықтарына да аяныш пен ашу ұялап алды:

— Беріп келдім де, — ана ауыр күрсінді, — мынау темір крестер...

— Я, ана, — Михаил Иванович кеудесіндегі үш крестің бірін ұстап күлді. Жапон соғысында мынау екі крест аяғымды сәл ақсатып қана қойған еді. Сол аяқты осы бір соңғы креске ауыстыруға тура келді...

— Тәңірім, сенейін бе, жоқ па, мынау кәрі көзге, ә? — деді екі қабырғасы тілік, шошақ сұр бөрік киген, осы бөріктің түсіне еліктегендей сақал-шашы да көкшіл тартқан сұр шинельдіні құшақтап тұрған қарауылшы қария Макар Степанович Харитонов, — кәні, отырыңдаршы, сен оң қолымды бердім де, ә?!

Асханадағылар екі солдатты қаумалап отыра кетті, әркімдер-ақ тіл қатпастан, бас изесіп амандасып жатыр. Ендігі әңгімені осы екі мүгедектің өз ауыздарынан тыңдағысы келетін тәрізді, сұрақты көздермен қарай қалыпты. Біреулер аяқсыз мүгедектерді мүсіркей күрсінсе, енді біреулер өз тумаларымыз да осылай қайтар ма екен деп күрсінеді.

— Я, ұлым, қолыңды қай жерге қалдырдың? — деп сұрады, үндеспей біраз отырғаннан кейін, Макар қария өз ұлына бұрылып.

— Польшаны басып алған немістер менің қолымды да алып қалды ғой.

Ал, матрос, сен ше? — Макар қария ауыр күрсініп, Михаил Ивановичқа бұрылды, — кәне, сен қай теңізге тастадың?

— Қайда дейсіз бе? — Михаил Иванович төңірегіндегі адамдарды зерттегендей түгел шолып өтті де, патша суретіне қарап бір күліп, даусын баяулата, ақырын сөйледі, -немістер Балтық жиегіне тап бергенде біздің оғымыз таусылып қалған болатын. Осының ішінде оқ бар шығар деп Петроградтан жаңа ғана жеткізілген жәшіктерді ақтарып едік, кіл патша мен құдай суреті екен. Лақтыра бердік, лақтыра бердік. Бірақ, оған тоқталар неміс жоқ. Жау кораблі қамай бастады. Қабырғамызға жанаса берген бір корабльді теуіп кеп жібердім, иконнан да, патша суретінен де менің сыйрағым күшті ме деймін, жау кемесі аударыла жөнелді. Сыйрағым да сүңгіп барады екен, ұстап үлгіре алмадым. «Екінші бір барғанда алармын» деп тастап кеттім, қария...

— Михаил Иванович, манағы лақтырғандарыңыз да суға кетті ме? — Арман ағай сүйікті ұстазының құлағына сыбырлады, — тұншыққан шығар, ә?

— Патша суретін сұрайсың ба? — Михаил Иванович сақтық еткен адамдай, жан-жағына тағы да бір қарап, жөтеліп алды да Арман ағайға көзін қысты, — қысылған соң қайтесің. Тұншығады да...

— Эх, батырлар, — Макар қарт оң қолын бір сілтеді де орнынан ұшып түрегелді, — сендерді де еркек деп, қолдарына құрал беріп!..

Ашулы қарияны осы бір секундта бір адамға ұқсатсам да, дәл кімге ұқсатқанымды есіме еш түсіре алмай-ақ қойған едім. Кейіннен ойласам Лермонтовтың «Бородиносындағы» Кутузов солдатына ұқсатқан екенмін. «Бородиноны» мен ең алғаш Надежда Петровнаның аузынан есіткен болатынмын. Қазір біздің алдымызда сол өлеңнің бас кейіпкері:

...Да, были люди в наше время,

Не то, что нынешнее племя:

Богатыри — не вы...»

деп, Кутузов бастаған орыс батырларының сәтті сапарын кейінгі немерелеріне баяндап тұрған тәрізді.

— Кешіріңіз, қария, — Михаил Иванович анасына ұқсаған үлкен көгілдір көздерін жалт еткізіп, Макар қартқа қарады, — бұл сәтсіздікке орыс солдаты емес, орыс патшасы кінәлы. Халық қолдамаған, отандық мақсатқа арналмаған отаршылдық соғыс әрқашан осындай сәтсіздікке ұшырайды...

— Отаршыл ма, жоқ па, онда менің ісім жоқ. Соғыс болған соң бәрібір. Бірақ, мәселе құралда, — бурыл сақалды кәрі солдат, матростық сөзін аяқтатпай, ашулана сөйледі, — әке, сіз «сендерді де еркек деп, қолдарыңа құрал беріп» деп намыстанасыз. Біз қолымызды құралға жеткізе алмай қор болдық қой. Үш адамның ортасында бір винтовка. Құралсыз солдат жауға қалай төтеп береді. Есітпедіңіз бе, әлгі сөзді. Император Николай бізге құрал орнына құдай суретін жіберді ғой...

— Екінші Цу-си-ма десеңші, — Матвей Степанович ауыр жұдырығын түйіп алып, столды қойып жіберді, — эх, дәрменсіз государь. Император тағы да. Эх Петр, Петр. Міне, патша болса сендей болсын да, ұлы Петр! Қарғыс атсын мынау дәрменсізді!..

— Дәл осы жолы, — Михаил Иванович, салқын будан дымқылданып, көгере бастаған патша суретіне қарап сықылықтап күлді, — Николешка ағай да тым бозарып кеткен екен, кешікпей қарғыс ататын-ақ шығар. Бүкіл Петербург, Москва халқы түгел бас көтеруде. Мен аяғымды Баку лазаретінде кестірдім ғой. Кешегі тоғызыншы январь күні ондағы мұнайшылар да үлкен ереуіл жасады.

— Шырағым, — күні бойы кезек күтіп отырған Қаныке Михаил Ивановичтың жанына жақындай түсті, — бұл соғысың біте ме, шырағым?

— Ана, — Михаил Иванович басын изеп күлді, — бұл соғысты не әбден жеңбей, не әбден жеңілмей бітірмейміз дейді ғой.

— Оны айтатын кім, шырағым.

— Оны айтатын,— матрос қолындағы балдағымен патша суретін көрсетті, — мынау ұлы патшамыз...

— Қарағым-ау, жұрттың бәрін аяқ-қолсыз қалдырғанда оған не түседі?

— Аяқсыз қайтса да азаматтар аман оралса жарар еді-ау, — деп Жанқия апай да күрсініп қойды.

— Михаил Иванович, — дедім мен әкем туралы хабар білу үшін сөзді осыдан бастайыншы деген оймен, — сіз бұрынғы сылтып басатын аяғыңызды енді біржола тастап кеткен екенсіз?

— Оқасы жоқ, балақай, сіздерге керекті бақытты өмірді осы жалғыз аяқпен-ақ құрамыз.

«Бақытты өмір құрамыз» Бұл сөзді мен ең алғаш Надежда Петровнаның аузынан естігенде, кітапты көп оқыйтын келіншектің құрғақ қыялы шығар деп ойлаған едім, енді Михаил Ивановичтың аузынан естігенде сол бақытты өмірді осы матрос өзімен бірге ала келген жоқ па екен деп қалдым.

— Михаил Иванович, — мен енді әкемді сұрауға ыңғайландым, — Михаил...

— Ой, тура тұрыңдаршы, мұндары, сұрайтын сөзім бар еді, — деді Қаныке шешей маған енді қайтып жоқ бермей, — шырағым, әлгі ереуіл дегенді түсіндірші.

— Шеше, — матрос оңай түсіндіретін жеңіл сөз іздегендей сәл ойланып қалды. — Мен қазақ тіл ұмытқан. Жұрт жұмыс тастап көшеге шығады. Қызыл ту көтереді. Соғыс бітсін! Жігіттер үйге қайтсын! Нан бер бізге! Сасық балықтан іш ауырды. Бетіміз істі, дейді.

— Я, қайтсін бишаралар, олар да біз сыяқты борсыған балықтан ісіп-кеуіп кеткен шығар, нан көрмегенімізге талай күн болды. Бар тамағымыз мынау сасық тыран, — Қаныке кемпір алдындағы ауқатты тыжырына бір иіскеді де, кері ысырып қойды, — әй, малғұндар, әкет мынауыңды. Итке төк!..

— Нан бер, нан!

— Уа, жырмаламай тұтас бер! — деген дауыстар асхананы жаңадан жаңғыртып жіберді.

Кухня есігінен қып-қызыл нарттай асхана қожасы қарай беріп еді, жұрт енді орындарынан түгел көтеріліп, солай қарай ұмтылды.

— Уа, тумалар, түсінісейікші, бұларың не? — деді асхана бастығы, — менен не талап етесіңдер?!

— Сенен нан талап етеміз, — деді Матвей Степанович, жұдырығымен столды қойып жіберіп.

— Тумалар-ау, бар нанды бөліп қойдық қой, алсаңдаршы келіп.

— Өтірік айтасың, доңыз, — Макар қария қолындағы таяғымен еденді екі-үш рет түйіп жіберді, — ұятсыз шайтан. Келген нанды он есе құнын алып базарға жөнелтесің. Бүгінгі нан ең кемі екі қадақтан келуге тиісті еді. Сен бізге пышақ сыртындай ғана бір тілім бересің. Қалғанын анаукүнгідей тағы да базарға жөнелтпек шығарсың.

— Мен сізді түсінбеймін, қария, — асхана қожасы иығын секең еткізді, — мынауыңыз жала ғой.

— Жаланы көрсетермін саған!..

— Әй, Семен Иосифович, мен қорқайын дедім сенен, — Арман ағай асхана қожасына тесіле қарап, басын шайқады, — кімді алдамақ едің? Қанша нан алуға келіскеніміз де, қанша нанға қол қойылғаны да маған мәлім. Тірілей тонама жұртты, Таласов ертең мынау бір тілім үшін екі қадақ нанның ақшасын ұстайды бұлардан, білесің бе сен?

— Тума-ау осының өзі екі қадақ. Ұны жаман, өзі шала піскен. Ауыр келеді.

— Өлшеп көрші мынаны. Осының қадақты былай қойып, жарты қадақ тартса, біз бәрін саған сыйлайық. Ас болсын!

— Өлшеуіш жоқ бұл жерде.

— Жарайды өлшегің де келмейді екен. Сен өлшемесең, біз өлшерміз. Сен осы екі күннен бері кілтіңді таба алмай-ақ қойып едің. Сарайыңдағы ұнды да сорып жатпа? Ашшы, барып алайық!

— Дікеңдеме жігіт, — асхана бастығы қызараңдап ашулана түсті де, кібіртіктей берді, — қанша қап салсаң, сонша тұр. Енді бір жарты сағаттан кейін алуыңа болады. Мұнда бір есеп бар еді, бітіріп тастайын. Алыңдаршы өзін. Жақсылық етемін деп жүріп, жалаға қалармын. Бірақ, сарайымды шандатпай, казармаларына апарып...

— Сен тағы да қыйқаңдай бастадың, — Арман асхана қожасына бұл жолы бір күдікпен қарады, — жарты сағатыңды қой, жүр қазір. Әй, жігіттер, анау бір тілім нанды да ала шығыңдар, өлшеп көрелік.

Жұрт түгел дүрліге көтерілді.

— Жанқия, — Анна Ивановна Жанқия апайға бұрылды, — мынау қапты саған қалдырайын, үлесімді осыған салып өз үйіңе апарып қоярсың. Мен үйге қайтайын.

— Жарайды, бірақ, — Жанқия апай таңдана қарады. — Михаилға не тамақ бересіз?

— Бүгіндік тамақ өзімде бар, — деді Михаил Иванович.

Біз Михаил Ивановичқа ілесіп, Анна Ивановнаның үйіне қарай аяңдадық. Асхана складының сырт жағындағы есігі ашық тұрғандай көрініп еді, кенет сықыр етігі жабылды да, қаракөлеңкеде бір нәрсе жылжып бара жатқан тәрізденді. Еңкейіп қарасам ат-шана екен. Ойда ешнәрсе жоқ, жүре бердім. Осының артынша склад маңынан айқай-шу көтерілді. Тыңдай қалдық.

— Ойбай-ау, мынау қаптағы ұнның тең жартысы жоқ. Әуелден осылай ма еді?

— Мынау да жарты қап!

— Ay, өздері тас болып қатып қалыпты ғой, шаналарың ойылып, суға тиген бе?

— Қайдағы су, түнде өз қолымызбен осында жыйнадық. Қаптардың бәрі толық болатын. Суға тигені де жоқ еді ғой, — дейді Матвей Степанович.

— Уа, оңбаған қаптесер. Бұған да түсіп үлгірген екенсің ғой. Кілтіңді таба алмай қыйқаңдауында бір сыр бар еді-ау. Айт шыныңды. Қайда жібердің?

— Отыз қабың бар ма? Бар! Мен сенен өлшеп алғаным жоқ. Не шатасып тұрсың?

— Мен саған көрсетермін шатасқанды!..

— Михаил Иванович, — деді манадан бері жан-жағына жалт-жұлт қарап келе жатқан бурыл сақалды солдат матросты шынтағымен қағып, — егер менің барлау: шылық көзім қателеспесе, анау жұмысшылардың астығын ұрлап бара жатқан дәл осы шаналы. Ұры иттей қараңғы көшеге жалтаруын көрдің бе? Әлгіде анау складтың сыртындағы есіктен бір нәрсе тиеп шықты.

— Мүмкін. Бұл асхана қожасының ұпайласы шығар. Ал, қараңдар!..

Михаил Ивановичтың ендігі сөзін тыңдап та жатпадық, Сережа екеуміз шананың алдын орай, жүгіре жөнелдік. Екінші көшеде бізге Әділ, Асқар, Саша үшеуі кездесті. Олар әр күн кешкі жұмыстан кейін бізді осы маңда күтетін-ді. Бес бала жүгіре сөйлесіп түсіністік те, айдынның көкше мұзына түсер ауыздан шананы тосып алдық. Шана таяна бергенде мен ойбай салып қаша жөнелдім. Қалған балалар артымнан қар лақтырып, қуып берді.

— Аға, аға, құтқарыңызшы, — деп шанаға жақындай бердім.

— Кел отыр, — деді шанадағы тұмақты адам артына жалт қарады да.

Мен брезентпен жабылған шанаға бара құлаған едім. Жамылғы астында ұн да, нан да бар екенін әбден байқадым да, қуғыншыларға Жұдырығымды түйдім. Бұл «шын солай болып шықты, тез жетіңдер» деген барлау ақпары еді. «Қуғыншылар» маған өшіккенсіп бастырмалата жүгірді. Тұмақты қанша қамшыласа да қарагер ат қара жерге кездесіп қалған ауыр шананы бірден жұлып әкете алмай аяңдай берді. Төрт бала таянып та қалды, тұмақты енді делбені маған ұстатып, өзі шанаға жабысқан балаларға ұмтылды. Үйірілген шыбыққа қарамастан төрт бала оң жақ қабырғаға үймелей құлады, шана қыйсайып кетті де, тұмақты құлап түсті. Енді байқасам Қасқырбайдың алыпсатар інісі Азғырбай екен.

— Шүу-ай, шүу!

Мен қарагердің сауырына қамшы үйіріп — шүу-шүулей бердім. Қайратты жылқы ауыр шананы қара топырақтан жұла тартып, зорға шығарды да, көкше мұздан жортақтай жөнелді.

— Тоқта, әй балам, тоқта...

Артыма жалт қарасам, балаларды қайырып тастап, Азғырбай да борсаңдап, жүгіріп келеді екен.

— Азеке, қош болыңыз. Қамыс базардан бір-ақ кездесерміз! —дедім де, Атрау айдынының көкше мұзымен тарта отырып, асхана алдынан бір-ақ тоқтадым.

— Уа, бұ қайсың, тағы да ұрлауға келдің бе? — деді қаракөлеңкеде тоқылдағын тоқ-тоқ соғып тұрған Макар қарт, — бұл жолы құтыла алмассың!

— Ата, ұрлауға келгенім жоқ, ұрлатқан азығыңды алып келдім.

— Әй, сен Дауылмысың?

— Я, ата, Дауылмын.

Склад маңындағы топ енді дабырласа сөйлесіп, шанаға қарай ойысты...

XXVI ТАРАУ. «ӨЛДІ АҚЫН, АР ТҰТҚЫНЫ»

...Михаил Иванович бізге Бакудегі мұнайшылар қозғалысынан бір ұшқын ала келген еді. Сол ұшқын жергілікті өмірдің ашынған лебімен үрлене-үрлене жалынға айналып бара жатқан тәрізді. Өткен айдың екінші жарымынан бастап Атрау маңындағы балық батағалары мен ремонт базасындағы жұмысшылар жиі-жиі бас қосатын болып алған-ды. Рас, о баста ел аузында: «жұмыс сағаты азайтылсын, азық молайтылсын!» деген екі-ақ әңгіме болатын. Қазір бұл дамый-дамый барып: «соғыс тоқтатылсын, патша үкіметі құлатылсын!» деген саяси ұранға айналып кетті. Осындай ұранды талаптар жазылған листовкалар әр көшеден көрініп қала беретін болды. Енді екі жақ егесе-егесе келіп шешуші күреске біржола тіктесіп алған түрі бар. Келешек айқасты қолдаушылар саны да күн санап өсіп келеді. Тек егде жұмысшылар ғане емес, о баста: «ананы апара ғой, мынаны көшіре ғой...» деген елеусіз тапсырмаларды ғана орындап жүрген ересектер тобының бірқатары-ақ дайындалып қалған секілді. Қазір біз Астраханьнан Арман ағаймен ілесе келген «пролетарий» мен «штрейкбрехердің» шай емес, терең мағыналы сөз екендігін де түсініп алдық. Кейінгі кезде бір-бірімізге «Сәлем, саған пролетар!» деп амандасатынды шығардық. Пролетариат деген атауды мақтаныш етеміз. Онда бір жеңуші күш жатқанын да сеземіз. Михаил Иванович келгеннен бері сөздік қорымыз тағы да молая түсті. «Революция, социал-демократ, большевик, меньшевик, кооператор...» деген атауларға да құлағымыз үйреніп болды. Бірақ бірінің мағынасын аңғарсақ, екіншісінің мағынасын аңғара алмай қаламыз, не орынсыз қолдана береміз. Біраз уақытқа дейін мен Сережаны «кооператор» деп, Сережа мені «большевик» деп атап келген-ді. Онда біз большевиктің «көпшілік» деген мағынасын дұрыс аңғармай, үлкендік мағынасында қолданады екенбіз. Ал, «кооператордың» қандай мағынадағы атау екендігін мүлде түсінбейтінмін. Әйтеуір Михаил Ивановичтың өз аузынан есіткен соң дүниедегі ең бір қымбатты сөздік шығар деп ойлайтынмын.

Михаил Иванович жұма күні келген болатын. Сол түні бізді Атрау маңындағы батағаларға, ремонт базасына жүгіртіп алды. Көрші батағалардағы Одырбайға да, Иван Петровичке де, Әшімге де, Тілекке де хабар бердік те кері оралдық. Сембінің кешіне барған едік, алты батаға мен ремонт базаларының уәкілдері Михаил Ивановичтың үйіне түгел жыйнала қалды. Өткен күнгі үн туралы жанжалды бүгін зорға аяқтап, Арман ағай кеш келді.

— Я, кооператор достым, келдің бе, — Михаил Иванович Арманның қолын қысып күлді, — астығыңды дұрыс бөліп бердің бе?

— Жақсы, жолдас большевик. Астықты да, нанды да анау оңбағаннан өндіріп алып, жұртқа бөліп бердім, — деді Арман.

Шай үстінде Михаил Иванович елдегі жұмысшылардың хал-жайын сұрап алды да, содан кейін майданда өз басынан өткен уақыйғаларды әңгімеледі. Қыза-қыза барып соғыстың кімге пайда, кімге зыян екендігін, ел басындағы ауыр халдерді бір шолып өтті.

— Солай, солай, — Жанқия апай басын шайқап, ауыр бір күрсінді де, Михаил Ивановичқа қарады, — не істеу керек?

Тек Жанқия апай ғана емес, стол басында отырғандардың бәрінің де сұрақты көздері Михаил Ивановичтың жүзіне үңіле қалған екен. Жұрт енді баяғы бір «кім айыптының?» жауабын біржола шешіп, қазір «не істеу керек? деген сұрақты қолға алғандай, сол сұрақтың жауабын Михаил Ивановичтың жүзінен іздейтіндей.

— Я, не істеу керек? Бұл сұраққа Ленин большевиктік «Искрада» осыдан он алты жыл бұрын мынадай кеңес берген еді, — Михаил Иванович сөйлемін аяқтамай орнынан көтерілді де, бізге бұрылды, — Дауыл, Сережа екеуің далаға шығып, көше бойында болыңдар. Мені сұрағандарға «үйде жоқ» деңдер, жарай ма?

— Мақұл, Михаил Иванович.

Көптен бері көкіректе бір зіл болып келе жатқан «кім айыптыны?» ысыра тастап, енді соның орнына өзі тұрып алған «не істеу керектің?» жауабын Михаил Ивановичтың өз аузынан тыңдауға құмартқан едік. Бірақ сүйікті адамымыздың тілін қайтара алмадық та, далаға шықтық. Ол түні аспан қабағы ашық болатын. Көгілдір көк күмбезіне жұлдыз біткен тым-ақ жиі тізіле қалыпты. Құлағыма шалынған әлгі бір «Искра» деген атауды жиі-жиі қайталап, аспанға қарап едім, баяғы, «бағытшы жұлдыз» бұл жолы да жарқ ете қалды.

— Искра, искра? Искра деген не еді осы?

— Искра деген искра, от ұшқыны, — деді Сережа.

— Түу, есіме түсіре алмай келе жатсам от ұшқыны екен ғой, — мен күліп жібердім, — ал, мұнайшы деген не?

— Мұнай дегенің жерден шығарылатын май, керосин де сол мұнайдан алынады дейді.

— Жоқ, мен мұнайшыны сұраймын, мұнай мен керосинді өзім де білемін, — дұрысында мен мұнайды да, керосиннің сол мұнайдан алынатынын да білмейтінмін, бірақ баяғы «өзім білемдігім» дәл осы жерде тағы да төбе көрсете бастаған тәрізді, — мұнайшы деген не ол?

— Балықшы деген не?

— Балықшы деген балық аулаушы.

— Мұнайшы деген мұнай шығарушы.

— Мұнайшы да пролетариат па?

— Пролетариат болғанда қандай. Баку мұнайшылары патша үкіметіне қарсы бас көтерді деп Михаил Иванович айта келді ғой.

— Баку қай жақта?

— Мына тұста! — деді Сережа қолын «бағытшы жұлдызға» қарай созып.

Мен «бағытшы» жұлдызға жаңадан назар аудардым. Бұл жолы оның жарығы манағыдан да гөрі айқын көрінді. «Баку мұнайшыларының бізге бағыт сілтеп тұрған сәулесі емес пе екен, бұл жұлдыз?» деп те ойладым. Енді «не істеу керекке?» кеңес берген манағы бір ақылшы адамның атын еске түсірмек болған едім, ұмытып қалған екенмін.

— Лe, лени, лена, — деп күбірлей бердім.

— Не айтып келесің?

— Лена деген не? — деп сұрадым.

— Лена деген өзен болуға тиісті.

— Сонда «Не істеу керек?» деген сұраққа өзен кеңес берген бе?

— Әй, пролетар, пролетар, — Сережа күліп алды, — Лена емес, Ленин деді ғой. Ленин деген адам аты болуға тиісті.

— Лена деген сыяқты еді, — мен ұялып қалдым, — ал, жарайды, сеніңше-ақ болсын. Сонда Ленин деген кім?

— Айта алмаймын. Әйтеуір жұмысшыларды жақтайтын, мейрімді адам шығар.

— Дұрыс айтасың. Дәл солай шығар. Сережа, сен қалай ойлайсың, Михаил Ивановичты оқытқан сол кісінің өзі болып жүрмесін?

— Мүмкін, солай болуы...

Бүгінгі тамағымыз да тұзды балық болған-ды. Тілім аузыма сыймай шөлдеп барамын. Су ішейін дедім де үйге кірдім. Бұл әнгіменің аса бір қызған кезі болса керек. Есікті ашып жібергенімде Михаил Ивановичтың: «Ленин бізді құралды көтеріліске шақырады...» деген қою дауысын құлағым шалып қалды. Отырған жұрт әлденеге ыңғайсызданғандай түгел маған қарасты. Михаил Иванович та әңгімесін кілт доғарды. Суды дереу іштім де, далаға жүгіре шықтым.

— Не айтып жатыр екен. Есіттің бе? — деді Сережа.

— Есіттім. Білесің бе, — мен Сережаға, одан көп білетін адамдай мардымсый қарадым, — Ленин бізді құралды көтеріліске шақырады.

— Құралды көтеріліске, — Сережа күлді, — тура Лениннің өзімен тілдескен адамдай сөйлейсің ғой, достым. «Құралды көтеріліс» деген не ол?

— Құралды көтеріліс пе, — мен ойланып та, ұялып та қалдым, — соғыс шығар.

— Кіммен соғыс дейді екен Ленин?

— Я, бәсе, кіммен соғысамыз?

Екеуміз бір-бірімізге қарастық.

— Жүр, сұралық!..

...Соғыс созылған сайын азық-түлік мәселесі бұрынғыдан да гөрі қыйындап, ел тұрмысы күн санап ауырлады. Майдандағы қатты қырғын халық қабағын әбден түйілдіре түсті. Енді қаралы хабарлар қазақ балықшыларының босағасын да қаға бастады. Осыдан үш жұма ғана бұрын Әділдің ағасы тұтқындалыпты, Асқардың Әкесі жау бомбасынан қазаланды деген қасіретті хабар естігенбіз, арада бірнеше күн өтпей-ақ өз әкемді патша үкіметінің түрмеге жапқандығы туралы хат алдым. Мүмкін, Қасқырбай намысын жоқтаушылар іздеп тапқан шығар ақыры.

Бес мұңды ол түні Әділдің үйінде қонуға барған едік. Терезесін төбеден шығарған шеген там біздің хасіретімізді де ауырлатып, жәбіршіл топқа қарсы өшпенділігімізді де молайта түсті. Қыйыны қашқан ескі есікті зорға ашып, біз ішке кіргенде шынысыз үштік шам лып етті де, өше қалды. Жер исі аңқыған шеген үйдің іші тастүнек болды да кетті.

— Бар бол, түгі, бар болғыр, маған енді осы сәулені де көпсіндіңдер ме, мұндар?! — деді пеш түбінде ышқына жөтеліп жатқан Зауза шешей. - Ажар-ау, қарағым, жарық өтсеңші, қақыратын қаңылтырымды көріп жатайын.

— Қазір, әже, қазір.

Ажар қазандықтағы күлде көмулі жатқан тезекті үрлей бастады.

— Әлгі бір бар болғыр бала қайда жүр, — кемпір аса бір қыйнала жөтеліп, тым демігіп қалды, — қараңғыда үкіге түсіп кетпесін, сол?!

— Ә-әже, ке-елдім ғой мен.

— Шырағым-ай, осы бір түнделетіп жүруді қайдан шығарып алдың? Әзірге бас көтергеніміз өзің емес пе?

— Ә-же, оқу ке-еш а-аяқта-лып, бө-геліп қа-алдым.

— Жаныңда біреу бар ма, қарағым?

— До-остарым ғой, әже, сіз-ге кө-өңіл айтам деп келді.

— Өзің сыяқты мұңдастарың шығар. Рахмет, қарақтарым. Қарағым-ай, — кемпір күрсінді, — сен тұттығуды қойып келе жатыр едің. Бүгін тағы не болған? Асықпай сөйле.

— Әже, есіттіңіз бе? — Әділ сабырмен сөйлей бастап еді, енді сөздің алғашқы буындары болмаса өзгелеріне мүдіре қоймады. — Дауылдың әкесін тұтқынға алыпты. Соған ре-ен-жіп...

— Кім тұтқынға алыпты?

— Кім дейсіз, патша үкіметі де.

— Қан аңсаған қарғыс атқанның өз басына келсін. Орыс-қазақтың қарғысын арқалаған нәлетке түбінде бір зауал болар...

Кемпір тым ышқына жөтеліп, сөйлемін аяқтай алмай қойды. Қарауытып өшуге айналған әлсіз шоқты қанша үрлесе де, оңай жандыра алмай, түтінге шашалып Ажар да жөтеле бастады.

— Айтқандай, менде спичка бар екен ғой, — Сережа сіріңкені жарқ еткізіп шағып жіберді, — шамыңызды әкеліңіз бері.

Шынысыз үштік қайтадан жағылып, әлсіздеу ғана сәуле пайда болды. Төрт қабырғадан өзге түгі жоқ, өте жұпыны үйдің ішін бір шолып өттім де, мен енді Ажардың жүзіне қарадым. Жаудыраған дөңгелек қара көзді, қыр мұрынды, аққұба, әдемі адам екен. Желкесінен Қызыл шүберекпен байлаған қара шашы жауырынын жауып кетіпті. Кеудесінде сырты жыртылып, мақтасы шыққан ескі күрте, көйлегінің етегі де өрім-өрім. Жалаң аяғына қонышы кесілген ескі етіктің басын іліп алыпты. «Әттең, осы түріңе лайықты киім кигізер ме еді» деп ойладым мен іштен. Тілек ағайдың өткен ығыс үстінде айтатыны да осы Ажар болатын.

— Ал, қош келдіңдер, қонақтар, сендерді тұздалған қаракөзбен сыйлаймын. Нан жоқ. Ала таңнан барып едік. Босқа тоңып тарастық. Қайтып келе жатсам, Атанияз мырзаның полицей інісі мен Сәндігерей кездесе кеткені, «әй, сұлу, нан керек болса бізбен жүрсейші...» деп екеуі мазақ етеді. Сәндігерейдің бетіне бір түкіріп, қозғала беріп едім, Баланияз білегіме жабыса кетті, өңменінен итеріп жібердім, шынтақтай неме шырқ үйіріліп, ұшып түскені. Тұра ұмтылды. Орыстың кіл жесірі мені қоршап алды да, екеуін де орға омақастырып жіберді.

Жүрегіне сыр сақтап қалмайтын ашық жанды, ақкөңіл қыз бұл сөздерді мақтаныш ретінде айтып отырған шығар-ақ деп едім, жоқ, көзіне жас ала мұң шаққаны екен ғой, енді аздан кейін қолындағы тоқып тұрған сеткасын лақтырып жіберді де, егіле жылап, анасының жанына құлай кетті.

— Қо-ой, а-апа, жы-ылама, — Әділ тағы да жиі тұттығып, әбден қыйнала сөйледі, — қо-ор-ла-ау-шы-ыға жа-ас-пе-ен жа-ауап беру-дің ө-өзі қо-ор-лық дейді, Михаил Ива-ныч. О-ол Ба-ала-ни-яз-ға-ама!..

Әділ оң қолының жұдырығын тас түйіп жоғары көтерді. Қазір көз алдында тұрса Баланиязды жұдырықпен салып жіберуге дайын. Бүгін Ажарды мазақтаған Баланияз полицей, осыдан үш жыл бұрын Әділдің өзін мазақтап, дәл құлағының түбінен мылтық атып қорқытыпты. Үрейленген бала ұзақ уақыт тілсіз жүріп, ақырында тұттықпа болып қалыпты. «Ашуланбауға, ренжімеуге тырыс, бара-бара жазылып кетесің» дейді Надежда Петровна, Әділге. Шынында да Әділ ай сайын тұттығудан арылып келеді.

— Елдің ер-азаматынан айрылып, егілгенін не қылсын, тамақ тоқ, көйлек көк, мазақ керек оларға.

Зауза шешей қызының маңдайынан иіскеп, ауыр күрсініп алды да, басын сәл көтеріп, әлденені тыңдай қалды. Ана жүзінде бұл жолы ауру адамның қыйналуы емес, жан ашуының дүлей дауылы жатқандай. Қабағын түйіп алған екен, биік маңдайының терең әжімдері желді күнгі толқындай жиі-жиі іркістеліп, көз қарашығында «әттең!» деген жарқыл ойнайды. Селдіреп, сирей бастаған буырыл шашы көкірегін жауып кетіпті. Жұдырығын тас түйіп, еріндерін тістеніп алған кәрі ана, бізден бірнәрсе талап ететін тәрізді.

— Әне, естисіңдер ме? Біз зар еңіреп жатқанда, олар Атрау айдынында жорға үйретіп, салтанат түзеп жүр.

Біз түгел тыңдай қалдық. Көкше мұзға қашыр-құшыр ұрған ат тағасының дүбірі естіледі. Жүгіре-жүгіре далаға шықтық. Ол түні ай жарық болатын. Атрау айдынында жорға жеккен екі жеңіл шана зымырап ағып барады. Алдыңғысы бозғыл, артқысы қоңыр көрінеді. Бұл Атанияз мырза мен Қасқырбайдың жорғалары. Келесі жәрмеңкеде жорға бәйгісі болады-мыс деп естігенбіз. Тегі соған дайындап жүруге тиісті.

— Анау боздағы әлгі біздің Ажарды келекелейтін доңыз екен, — деді Әділ, тұттықпауға тырыса, сабырмен сөйлеп, — қап, кері айналып қайтқанша алдарынан үкі ойып үлгіре алмаймыз-ау, әттең?!

— Үкіні не істемек едің?!

— Су астына жіберсем деп едім, бір.

— Оның Баланияз екенін қайдан білдің?

— Боз жорғаны өнебойы сол үйрететін-ді. Қара жорға Қасқырбайдікі. Оны Сәндігерей үйретеді.

— Су астына жіберіп үлгіре алмаспыз. Бірақ жорғасының жілігін омыруға болады, — деді Сережа.

— Не ғып?

— Сонау қолтықта жатқан якорьлерді жолына тізіп тастаймыз.

— Тауып айттың.

— Ал, іске кіріселік!

Жорғалар түбекке қарай ұзап кетті. Енді айдын маңында ешкім көрінбейді. Сережа айтқан қолтықта қайық кемелер тұратын-ды. Сондықтан да батыс жағына ай сәулесі мол түспей, қаракөлеңкелеу болып келеді. Шығыс жағы мұз алып, ойып тастаған қарасу; Сол екі ортада жіңішке ғана жол бар. Осы қара көлеңкелеу жіңішке жолға оншақты якорьді үйіп тастадық та, зытып бердік.

Алыстап кеткен жорғалар Атрау айдынының алыс түбегінен кері оралған беті оқтай зымырап келеді. Екеуі бірінен-бірі қалмастан, қатарласа заулап манағы жіңішке иінге де таянды. Біз есік алдын қалқалаған қамыс арасынан сығалап, тынысымызды ішке тарта, келер минуттарды күтудеміз. Әлден уақытта сатыр-сұтыр боп қалды. Шыңғырған жылқы, ойбайлаған адам дауысы естілді.

— Кешіріңіз, Баланияз мырза, біз мазақтаушыларға осылай жауап береміз, — деді Сережа.

— Өзіне де сол керек еді, — Әділ жұдырығын түйіп қойды, — иттің күшігі!

— Ал, енді әрқайсымыз өз жатағымызға тарайық, — Сережа маған қарады, — полицей келіп бұл маңдағы адамды дүрліктіруі мүмкін. Бәрімізді бір жерден тапса шатақ болар.

— Біздің казармаға баруымыз қалай болар екен, — мен Сережаға қарадым, — көзге түсіп қалуымыз мүмкін ғой, ә?..

— Онда жүріңдер, — деді Саша, — қаланың шеті ғой, оңаша үй, бізге барып қоналық.

— Ау, сендер неғып жүрсіңдер, — деген дауыстан селк ете қалған едік, Ажар екен.

— Ажар апа!! — Әділ масаттана күлді, — кегіңді бір қайтардық.

— Қалай қайтардыңдар?

— Сіз Баланиязды орға құлатсаңыз, біз мұзға құлаттық. өзі болмаса да жорғасы өлген шығар. Ал, біз кеттік, анығын ертең естірсіңдер...

Ентіге басып Сашаның үйіне кіргенімізде түн ортасы ауып кеткен болатын, шам да жақпай, дабырламастан еденге құлай кеттік. Бірақ ұйқы келер емес.

— Кекті бір қайтардық, — деді Асқар, әлден уақытта сыбырлап.

— Бұнымен кек қайтпайды, батырлар, — Сережа Михаил Ивановичтың пікірін қайталады, — кекті патшаның өзінен алу керек.

— Дұрыс айтасың, достым, — менің бүгін іңір қараңғысында жеке өзім істеген бір жұмысым ішіме сыймай бара жатқан тәрізді, - Дауыл екен соны істеген де шығар!..

— Ол не нәрсе?

— Ешкімге айтпайсыңдар ма?

— Ант етеміз.

— Жоқ, айтпаймын. Ертең асханада бірақ көрерсіңдер.

— Уа, қой, айт-әй.

— Сен өзің бізді кімге санайсың?

— Мен бүгін патшаның суретіне крест тартып кеттім.

— Шын айтасың ба?

— Әрине шын, ертең көрерсіңдер.

— Жарадың, жігітсің достым.

— Немен тарттың кресті?

— Кемірмен тарттым.

— Ешкім көрген жоқ па?

— Жоқ, көрген жоқ.

Уақыйға былай болған еді: кешкі жұмыстан тараған бойда Сережа шешесіне жүгіріп кетті де, мен Жанқия апай екеуміздің тамағымызды құйдырып, казармаға апару үшін котелок тазалап қалдым. Далаға шыға келсем Атанияз мырзаның үйіндегі қызметші әйел екі шелекті толтыра көмір алып бара жатыр екен. Үлкен-үлкен үш-төрт кесегі түсіп қалды. Самауырдың шайын қой етінен артық көретін Жанқия апайға апарып берейінші деп ойладым да, көмірге қолымды соза бердім. Басымды жерден енді көтеріп алсам, қарсы алдымда бет-аузын ақ түбітпен тұмшалаған біреу тұр. Ел қазағы тәрізді, сыртына қалың күпі киіп алыпты. Көмір үшін ұрады екен деп шегіне бердім. «Тоқта, інішек!» деп иығымнан ұстай алды. «Сен Жантастың баласымысың?» Мен әрі үрейлене, әрі таңдана қарап, басымды изедім. «Мә, әкеңнен хат. Біз екеумізді тұтқынға бірге алып еді. Кейін айырып жіберді. Мен қашып шықтым. Мынау хатты Надежда Петровнаға бере сал. Ал, қош, кездесерміз..!» Мен хатты қалтама салып үлгіргенше бейтаныс адам көзден таса болыпты.

Аңырып ұзақ тұрдым. Біраз уақыттан кейін фонарь түбіне барып, хатты оқымақ болып едім. Әкемнің қарындаш ұшын жалай отырып жазған қарға тұяқтарын таный алмадым. Ауыр күрсініп асханаға кірдім. Жұрт тарап кеткен. Кухня жақтың қақпағы жабылып қалыпты. Мұнымды шағар адам таба алмай жалт-жұлт қарап едім, жасыл киімді жауыз патша мені мүсіркеудің орнына ызғарлана қарады. «Әкең ғана емес, өзіңді де түрмеге тығармын...» дейтін тәрізді. «Сенің өзіңді ғана емес, балаңды да, үрім бұтағыңды да құртар едім, әттең, қолымда құрал болсашы!» деп ойладым іштей. Бұл құралды көтерілістің не екендігін Михаил Ивановичтан түсініп алған кезіміз болатын. Бірақ қолда құрал жоқ. Әзірге қолда барым манағы көмір болды да патшаның бетіне айқыш-ұйқыш крест тартып, ептеп қана далаға шықтым. Жол бойы Атанияз мырзаның қақпасына да: «Жойылсын патша!», «Жойылсын Таласовтар мен Кабановскийлер!» деп жазып кеттім. Казарма алдында достарыма кездесіп, өзара кеңескен едік, әкем туралы хабарды әзірге Жанқия апайға сездірмеуді мақұл көрдік. Бесеуміз біраз мұңдасып алғаннан кейін, мана сенбінің іңір қараңғысында Әділдің үйіне қарай жүріп кеттік.

— Біз осы жұмысқа табыраны неге пайдаланбаймыз? — деді Саша, — осыны Михаил Ивановичқа бір ескерту керек екен.

— Онда Сережа екеумізден кереді де, бірден тұтқынға алады ғой, — дедім мен.

— Жоқ — Сережа ойланып қалды, — Евангелия әріпіне ұқсатып ойсаңшы.

— Тауып кеттің достым, — Саша басын жерден көтеріп алды, — бірақ, немен, қалай оямыз?..

— Жексенбі таңы әзірге тыныштықпен атқан тәрізді. Атраудың батысында болып өткен түнгі уақыйғадан шығысы әлі хабарсыз болса керек. Енді жүрегіміз де орнына түсе бастады. Кешегі бір бейтаныс адамның хатын Надежда Петровнаға тапсыру үшін орталыққа қарай жүріп келеміз.

Қаладан гөрі деревняға ұқсастау салынған Атраудың айдын жиегін жағалап, мұншама үлкен аумақты алып жатқандығын мен бірінші рет байқаған тәріздімін. Кейіннен аңғарсам, шағын қалашықтың сыртқы көрінісінде де «өзге бірден-ақ сезілерлік дөрекі әділетсіздік бар екен. Айнадай жарқыраған әдемі айдын жиегіндегі бар жотаны көк шатырлы үлкен үйлер басып алыпты да, қабырғасы қамыстан қаланған, шағын сылама үйлерді ойпатқа қарай ысырып тастапты. Одан әрі жерден қазып салған шеген үйлер. Жар жиегінен басталған оқтай түзу кең көшелер дәл осы бір шетке таман барған соң әуелгі бағытын біржолата жоғалтып, бұлтақтап кетеді.

Айдынның шығысындағы дөңде жасыл төбелі үлкен мешіт көрінеді. Мешіттің дәл түбінде қабырғасы шикі тастан қаланған аласа үй тұр. Бұл қазақ медресесі. Жасыл шатырлы ағаш мешіт айшықты мұнарасын аспанға көтеріп, биіктен қараса, дәрменсіз медресе бишара «сенсіз маған күн қараң» деп мешіт алдында тізерлеп, қолтығына кіріп бара жатқан тәрізді.

Өткен күз осы аласа үйдің ішіне де бір өзгеріс әкеліп енгізді. Бұны әлділер әділет деп қуанса, әлсіздер қыянат деп қынжылады. Ол мынадай еді. Медресенің жаңашыл жас оқытушысы Жарқын әскерге кеткеннен кейін, оның орнына тағайындалған Әзиз әфәнді медресені біржола мешітке бағындырып, құран сүресінен өзге ешнәрсені үйретпей қойды. Әкелері мен ағаларын майданға жөнелткен кедей балалары өздері ұғынбайтын құран жаттауға уақыт өткізгеннен гөрі үй-ішіне қарасқанын артық көрді де, оқуды біржола тастап кетті. Сонымен медреседе әлді адамдардың ғана балалары қалып қойды...

Екінші дөнде биік ақ шіркеу көрінеді. Ақ шіркеуден іргесін аулағырақ салып үлкен қызыл үй тұр. Бұл орыс мектебі. Медресе мешіттің бауырына енуге тырысса, мектеп шіркеуден алыстауға тырысатын тәрізді. Біз осы мектептің оқытушысы Надежда Петровнадан кешке қарай сабақ аламыз. Тек біз ғана емес, қазақ медресесінен кеткен манағы балалардың бірі ремонт базасында, бірі балық батағасында күндіз жұмыс істеп, кешке осы мектепте оқып жүр.

Сонымен Надежда Петровнаның ақысыз оқытатын балаларының саны өсе-өсе барып он беске жеткен еді. Кейін, бес-бестен үш группаға бөліп, жұмасына екі күннен оқытатын болды. Надежда Петровна тек оқу-жазуды ғана үйретіп қоймай, қоғам тану ғылымынан да бірқатар түсініктер беретін-ді. Ал, Михаил Иванович келгелі оқу тіпті көңілді болып кетті. Ол жұмасына бір рет біздің сабағымызда болып, әртүрлі әңгімелер өткізеді. Әуелгі кезде майданда өз басынан кешкен уақыйғаларды ғана айтушы еді. Таныса келе, тереңнен толғап, шешіле сөйлейтін болып алды. Қазір патша үкіметінің жалпы еңбекшілерге, әсіресе патша әкімдері тарапынан «бұратана» деп аталатын халықтардың еңбекшілеріне көрсетіп отырған жәбірін, мынау қанқұйлы соғыстың кімге пайда, кімге зыян екендігін түсіндіреді. Лениннің кім екенін де, кімдерге қарсы құралды көтеріліске шақыратынын да біз осы жолы сұрап білдік. Михаил Иванович келгеннен бері Надежда Петровна бізге орыс сөзін шіркеу-славян әрпінің формасымен жазуды да үйрете бастаған-ды. Кейінгі сабақтарда Пушкин өлеңдері де жиі оқылып, оның өмірі туралы да көбірек әңгіме болып кетіп еді, енді ойласам осылардың бәрі белгілі бір мақсаттың әзірлігі екен ғой.

— Ертең Александр Сергеевичтің өлгеніне сексен жыл толады. Бүгін ақынның өмірі туралы жат жазу, — деп жариялады оқытушымыз бір күні.

— Надежда Петровна, — деді Сережа, — шіркеу-славян әрпінің формасымен жазамыз ба?

— Еріктерің. Бірақ, жаза алмайсыңдар ғой.

— Жаза аламыз, — дедік Сережа, мен, Саша үшеуміз.

Шынында да біз үшеуміз әріпті әдемі жазатынбыз-ды.

Қалған екеуі ешнәрсе айтқан жоқ. Сонымен ұлы орыс ақыны Александр Сергеевич Пушкиннің қай жылы туып, қай жылы, қалайша өлгендігі, оның өз халқын жанындай сүйгендігі, қандай шығармалар бергендігі туралы қысқаша мәліметтерді үлкен ақ қағазға жазып шықтық.

— Сен өте әдемі шығарған екенсің — деді Саша Сережаның жазуына сүйсіне қарап.

— Рас әдемі. Сен үшеуіңнің жазуыңды көрмеге қоюға болады. Өздерің тіпті суретшісіңдер ғой, — деді оқытушы. — Әділ мен Асқар сендерге әлі-ақ қуып жетеді.

Осы кезде үйге Михаил Иванович келіп кірді.

— Ау, немене, сендер шіркеу әрпімен жазыпсыңдар ғой, — деді ол таңданып. — Ә, Александр Сергеевич туралы екен ғой. «Өлді ақын, ар тұтқыны!...» Я, солай тумалар, халқымыздың сүйіктісі Пушкинді өлтірткен сол патша үкіметі қазір бізді қырғызып жатыр. Сондықтан Петербург, Москва, Баку жұмысшылары: «Қанқұйлы соғыс тоқталсын! Патша үкіметі құлатылсын!» — деген талап қойып отыр.

— Дұрыс талап!.. Ленин де осылай дей ме?

— Я, осылай дейді Ленин!.. Үкіметті басқару ісі халықтың өз қолына берілсін дейді Ленин...

— Ленин айтқан...

Лениннің Михаил Иванович арқылы бізге айтып жіберген сөздерінің «патша үкіметі құлатылсынынан» өзгесін онша аңғарып та үлгірген жоқ едік. Әзірге осының өзіне қанағат етіп, қуанышымызды білдіре бір-бірімізге қарасып алдық.

— Лениннің өзі солай деген, ә?!.

— Надежда Петровна, ақын өмірі туралы бұл жазғанымызды енді не істейміз? — деді Сережа сабақ соңында.

— Не істемек едің?

— Апарып көшеге қақсақ деп едім. Жұрт оқысын.

— Бұны көшеге қағу үшін үкіметтен рұқсат алу керек болады.

— Надежда Петровна, кешіріңіз. Сіз менің пікірімді ұғынбай қалдыңыз.

— Я, не демек едің?

— Осының басына «өлді ақын, ар тұтқыны» деген Лермонтов өлеңін, аяғына «Соғыс тоқтатылсын! Патша үкіметі құлатылсын!» деген Ленин сөздерін жазайық та, көшеге апарып қағайық демек едім.

— Оған рұқсат сұрап барсаң өзіңді тұтқынға алады.

— Керегі жоқ рұқсатының. Сол сөйлемдерді жазу керек те, көшеге апарып қағу керек, — деп біз түгел шу ете қалдық.

— Уаһа, батыр екен өздері, — Михаил Иванович бізге қарап бір күліп алды да, оқытушыға бұрылды, — Надежда Петровна, оқушыларыңыздың бір тілегін беріңіз. Шіркеу әрпімен жазылған сөзді бұлар жазды деп ойламас. Тек көзге түспеуге тырысу керек...

Сонымен біз алғашқы жолдары Пушкин өмірінен басталып, ақыры «Патша құлатылсын! Соғыс аяқталсын!» деген сөзбен аяқталған саяси ұранды сол түні шіркеу мен мешіттің, балық батағасы мен ремонт базасының қабырғаларына апарып жапсырдық. Міне, біздің саналы күреске атсалысқан алғашқы адымымыз осылай басталған еді.

Мен өткен уақыйғаны шолып үлгіргенімде медресе жанына келіп қалған едік. Сұңғақтау бір адам екі алдынан шойнаңдай ақсаған мөлдір қара жылқыны жетелеп, мектеп жанынан өте берді. Ұстаған бағыты Қасқырбай ауылы. Жылқы жетелеген адам бізді көрді де дереу кері бұрылды. Шуақтап тұрған қара телпекті шәкірттер әлгі адамның маңына шоғырлана түсті. Ат жетектеген сұңғақ бойлы бізге қарай иек қақты. Осының артынша қара телпектілердің бір тобы алдымызды орайлап ала қойды. Ең алда Атанияздың Шыңғысы мен Қасқырбайдың Нояны. Қолдарына қара былғарыдан тігілген үлкен қолғап киіп алыпты.

— Сояйық, мынау діннен безгендерді. Бұлар медресенi тастап, орыс қатынынан оқып жүр. Мешіт орнына шіркеуге кіреді. Анау Дауылды өзіме беріңдер. Қара жорғаның жілігі үшін мен оның көзін ағызамын, — дейді Ноян жұдырығын жоғары көтеріп.

— Анау Зауза қатынның баласын өзіме бер. Біздің жорғаны өлтірген де осылар. Түнде бұның өзін таба алмай, апасын апарып түрмеге қамады, — дейді Шыңғыс ентіге сөйлеп.

«Апасын түрмеге қамады»деген сөз құлағыма шалынған кезде санымды бір-ақ соқтым. Көк жорғанын өлімі үшін Ажарды тұтқынға алған екен ғой. Бекерге күйді-ау бишара! Анау қасқыр бөлтірігі қара жорғаның жілігі үшін менің көзімді ағызбақ болады. Оңбаған-ау ең болмаса әкесін еске түсірсе де орынды болар еді. Жоқ, ұмытқан әкесін. Михаил Иванович айтқандай олар адамнан дүниені артық көреді. Дүние табу үшін ешнәрседен жиренбейді. Оларды өз тумалары жастайынан осыған баулыйды.

Ұрыншақтар тобына тағы да төрт-бес бала қосылып, алдымызды орап барады. Айқасты тастап қашудан біз де аулақпыз. Күшіміз жете ме, жоқ па, оны ойлап та жатпадық. Айызды қандыра ұрып, Ажар апай мен Раушан үшін кек алуға дайындалдық. Ноян жүгіріп жеткен бойда жұдырығын бір сілтеп өтті. Бұғып үлгірдім, «мүкілеу тиеді ғой, батпас» деп ойлаған едім. Жоқ баяғы Ноян емес, бұл жолы жұдырығы темірдей болып алған екен. Көзімнің оты жарқ ете қалды. Ұқсата ұрса өлтіретін шығар, енді неде болса өзінен бұрын қыймылдауым керек. Ноян екінші рет төніп қалды. Басымды төмен тұқырта, екі қолыммен басымды қорғана ішке кіріп алдым да, дәп иек астынан төбеммен қағып келіп жібердім. Қасқырбай баласы қалпақтай ұшып түсті. Мен де үстіне барып құладым. Кеудесіне қонып ап, төпеп жатырмын. «Раушанның көз жасы үшін, әкемнің түрмеге қамалғаны үшін» деймін әрбір ұрған сайын. Көз алдымда күлімдеп Раушан тұрған тәрізді. «Ұр, ұр, Дауыл, ұра түс!» деген дауысы келгендей құлаққа. Ноян мені аудармақ болып тулайды. Астымда жатып соқпақ болады. Жұдырығын қағып жіберем. Бір кезде қолын ұстай алған едім, тері қолғабының ішінде домалақ темір жүргендігін байқадым. Екі қолғабын сыпырып алып, кеудеге бір тептім де, орнымнан тұрдым. Оң жағымда бір баланың ойбайлаған дауысы естілді. Жалт қарасам Асқар. Мана ол Әділге ұмтылған Шыңғыспен алдын кес-кестеп жүр еді. Енді шекесін баса құлапты. Саусағының арасынан қан көрінеді. Қазір Шыңғыспен алысып жүрген Әділ екен. Оң қолын білектен ұстап алыпты, Екеуі де сол қолдарымен ғана қыймылдайды. «Бұның да оң қолында бір пәле болса керек деген оймен жүгіріп бардым да қолғабын жұлып алдым. Қолғап ішіндегі жарты қадақтық гирь тонға торс ете қалды.

— Енді өзіме жібер, — деді Әділ әбден булыға сөйлеп, — кәне, сұмырай, иманыңды айта бер.

— Күшің жете ме, Әділ?

— Қолындағы гирі кеткен соң бойындағы күші де кетті бұл иттің.

— Жарайды, жеңіліп қалма, достым!

Мен енді өзге жолдастарыма көмекке ұмтылдым. Екі-үш шәкіртті олар да сұлатып салыпты. Бес-алты баланың ортасына кіріп-ақ кеттім. Оңды-солды сілтеген жұдырық астында жүрмін. «Қолдарында гирьлері бар шығар» деген оймен әуелгі кезде сол қолыммен басымды қорғай соғысқан едім. Бірақ бұлардікі тек жұдырық тәрізді. Енді еркін қыймылдап, құлаштай соға бастадым. Бұл тұстағы балалардың сүйегі де ұсақтау екен. Әкеме тартқан өз жұдырығым да тым салмақты-ау деп ойладым. Ұқсата ұрсам ұшырмай қоймаймын.

— И-ит-ті-ің ку-ү-ші-гі!

Дыбысты дауыстардың көпшілігін екі реттен қайталап, кіжіне сөйлеген Әділ Шыңғысты өңешінен қылғындыра, сығып барады екен.

— Әй, байқа, өлтіріп аларсың, — деп айқайладым, жеңіліс тапқан қара телпектілер енді қайтып беттей алмай бөгеліп қалған бір кідірісте, — жібер кеңірдегін, көзі аларып, өліп барады ғой.

— Ө-өлсе ө-өре-ем қа-ап-сы-ын,- әбден ашуға булыққан Әділ қожа баласын сол қылқындырған күйі өңештеп апарды да, терең жыраға итеріп жіберді, — по-ли-ице-ей а-аға-аң-ның ме-ені қо-ор-қы-ыт-қа-аны ү-үші-ін, А-ажа-ар ү-ү-ші-ін!..

— Ойбай, аттан, аттан, анау Арманның шоқынғандары мұсылман шәкірттерін қырып жатыр. Барыңдар, мұсылман шәкірттерінің арын қорғаңдар!..

Әлденендей ер адамның ызалы дауысы тынық ауаны жаңғыртып жіберді. Мен дауыс естілген бағытқа бұрылдым. Манағы қара жылқының шоқтығына сүйенген күйі айқайлап, Сәндігерей подрядші тұр екен. Ол медресе алдында үйіріліп тұрған шәкірттерге жел бере айқайлай сөйлейді. Сәндігерейдің айқайына еліккен қара телпектілер ентіге жүгіріп. келеді.

— Қаш, Дауыл, қаш! Жарғалы барады!

Жарыса естілген үрейлі дауыстарға жалт қарасам, ұзын қара пышақты жалақтатып Ноян жынды маған төніп қалған екен. Жалтарып шақ үлгірдім. Желкеме сілтеген пышақ, тайғанап барып, сол қолымның жұдырығын сойып өтті. Ноян екінші рет сілтеп үлгіре алмады, Сережа арт жағынан жүгіріп келді де, білегіне жармасты. Мен пышағын қолдан жұлып алдым. Әбден ызаланып кетсем керек, кеңірдегін бүре түстім. Сол күйі шегіндіріп апардым да, кеңсіріктен ұқсата бір ұрып, манағы терең сайға теуіп түсірдім.

Бұл кезде қара тебетейлі шәкірттер тобы бізді қоршап алған-ды.

— Енді өлімсіз тарамайтын шығармыз, ки, Серёжа, анау гирьлі қолғапты, — дедім жолдасыма, қожа баласының қолғабын көрсетіп, — өз құралдарын өздеріне қарсы жұмсайық!

— Енді қантөгіс болады, — Сережа басын шайқай кібіртіктей берді, — кету керек бұл жерден.

— Сен кетем дегенмен жібере ме?! Көрдің бе, қаптап алған...

Кіжініп келген қара тебетейлілер әлденеге үрейленгендей кенет жалт берді. Таңырқана қарасам балық батағасының бір топ жұмысшылары келіп қалған екен.

— Тараңдар, бұл не қырғын?! — деді Матвей Степанович.

— Біз емес, мынау қара телпекті діншілдер, — дедім мен, — әне көрдіңіз бе, Асқардың басын жарып кетті. Маған пышақ салып өтті, қолдарында гирь мен пышақ.

Асыға сөйлеп Асқардың жанына бардық, ол шекесінен қара қан ыршып, үнсіз-тілсіз жатыр.

— Уа, иттің күшіктері-ай, шекесін ойып жібермесе жарар еді, тезірек дәрігерге апарайық! — деді Матвей Степанович, — бұлар бүгін күн жексенбі болғанға жұдырық төбелеске дайындалған ғой. Гирьлерін көрдің бе? Әй, Сәндігерей, осы балаларды қырғынға айдап жүрген сен шығарсың. Білесің бе, бұның үшін ертең жауап бересің.

— Мен ертең жауап берсем, сендер бүгін жауап бересіңдер, — Сәндігерей жұдырығын түйе айқайлады, — мұсылман шәкірттерін анау шоқынғандарыңның соққысына жыққызып жүрген Арман екеуің.

Бұл күнгі ұрыс осындай қанды жанжалмен аяқталды. Артының немен тынары әзір белгісіз...

XXVII ТАРАУ. AHA ҚАНЫНА БОЯЛҒАН ЖАУЛЫҚ

Кешегі бір кешіміз қанмен аяқталған еді, бүгінгі таңымыз жаспен басталды.

Кеудемізде кек қайнап, ентіге жүгіріп келеміз. Мүсіркей ме, күле ме, ол арасын білмейміз, кездескендердің бәрі бетімізге бір қарап, күбір ете қалады. Мүмкін, ескі күпінің бір өңірі тұтас оралған қолыма таңданатын шығар. Бұл Асқардың анасы Айша апайдың «дәрігерлік» өнері еді.

Өткен күнгі айқастан кейін Асқарды көтеріп үйіне апарғанбыз. Естілігінен гөрі есіріктігі көп, маскүнем фельдшерді жер-көктен іздеп таба алмадық та, біздің ол күнгі «дәрігеріміз Айша апай болды. «Қарақтарым, қазақта әзірге екі-ақ ем бар. Сыртқы жараға күйдіріп құрым киіз басады да, ішкі ауруға сарымай ішеді» деді ол кісі. Матвей Степанович біраз қарсылық жасап көрсе де, ана өз дегенін істеді. Ескі киіз байпақтың бір қонышын күйдіріп Асқардың басына жапты да, екінші қонышын менің қолыма орады.

Бұрыннан да кедей үй соғыс лаңынан біржолата жүдеп қалған екен. Бізге дайын төсек те жоқ еді, ұйқтауға да тура келмеді. Біріміз Михаил Ивановичтың тапсырмасын орындауға кетсек, біріміз талықсып жатқан достымыздың қуқыл жүзіне үңілумен таң атырдық. Діншіл шәкірттер қолынан жараланған жас досымызбен қоштасып, қазір ғана сол үйден шықтық. Біз кетпейтін де едік. Баласының жүзінен көз алмай отырған Айша апай, кірпігіндегі жасын кимешегінің ұшымен сүртті де, күрсіне бір дем алып, бізге қарады.

— Ал, енді барыңдар қарақтарым, жұмыстан соң келесіңдер ғой.

Үнсіз ғана бас изеп, орнымыздан қозғала бердік. Шоқпыт көрпеге оранып отырған екі қара бала «шынымен кетесіңдер ме?» дегендей, жаутаңдап бізге қарады. Осы бір кезде есік ашылғандай болған еді, үйге бүкір фельдшерді ілестіріп Анна Ивановна мен Жанқия апай кіріп келеді екен. Бұл екеуі ұзақ түн осында болып, таң алдында ғана кеткен болатын. Маскүнем фельдшерді көшеде құлап жатқан жерінен кездестіріп, кері оралған болуға тиісті. «Талықсып жатқан жас жанға бір көмек көрсететін-ақ шығар» деген үмітпен бөгеле түстік.

— Өліп қалған, енді апарып көмуден басқа көмек жоқ, — мастығы әлі арылып жетпеген бүкіш қолды бір-ақ сілтеді, — я, солай...

Манадан бері әркімге бір жаутаң-жаутаң қарап отырған қара балалар жалаңаш күйі бақырып тұра келді.

— Аузыңа жылан жұмыртқаласын, — Жанқия апай жалқы көзінің жалынын шаша айқайлап жіберді, — дем алып жатқан адамды. Құдай ұрған маскүнем...

— Сендер енді жұмысқа барыңдар, — Сережа екеуміз досымыздың жанына жақындаған едік, Анна Ивановна бөгей берді, — тезірек Арманға айтыңдаршы, бүгін жүретін кірешілер болса Астраханьға жөнелтелік, мынау мастан көмек болмас.

Біз жүгіре жөнелдік. Сол жүгірген бетіміз, әлі жүгіріп келеміз. Қарлы боран үйіре, ұйтқый соққан дауылға қарсы жүгіргендіктен өкпеміз өшіп, зорға жеткен едік. Арман ағайды кездестіре алмадық. Жұмыс үшін сонша асығуымыздың қажеті де жоқ екен. Көк жорғадан бір айырылып, қара тентегінің қары сынғанына күйінген Атанияз мырза, бұл жолы қаһарына мініпті де, алты адамды жұмыстан қуу туралы бұйрық жазыпты. Сережа екеуміз бүлікші болсақ, Есқали ағай мен Матвей Степанович сол бүлікшілерді бастаушы ретінде қуылыпты. Анна Ивановна мен Жанқия апай бүгінгі жұмыстан кешіккендігі үшін шығарылыпты.

— Әділет емес, бұнысы. Біз төбелесті бастағанымыз жоқ, тараттық, — деді Есқали мен Матвей Степанович.

— Сендер қызықсыңдар, — деді Макар қарт, — соғыста ерлік көрсетіп келген мүгедек солдатты тұтқынға алса, кімнен әділет күтпек едіңдер, ә?!

Сережа екеуміз селк ете қалдық та, бір бірімізге қарадық. Біз Михаил Иванович шығар деп ойлаған едік. Сөйтсек, тұтқынға алынған Макардың өз баласы, баяғы бұрыл сақалды солдат екен. Оны нан сататын лавкаға ол күнгі біздің жапсырған қағазымызды жыйналған жұртқа оқып бергендігі үшін, «үкіметке қарсы үгіт жүргізді» деп тұтқындапты.

— Матвей Степанович, — мен аптыға сөйлеп, бондарьдың жанына жақындай бердім, — Асқар талықсып жатыр, тезірек Астраханьға жөнелтсін дейді Жанқия апай.

— Талып жатыр? — Матвей Степанович менің сөзіме сенбегендей шошына қарады, — естисіңдер ме, кеше мынау Таласовтың баласы гирьмен соғып басын жаралаған-ды. Қазір талып жатыр дейді. Қатарға қосылуы қыйын-ақ шығар.

— Кімнің басын жарған?

— Асқар деген баланың басын жарған болатын. Қатер үстінде жатса керек.

— Біріміздің қанымызды тағы да ішті десейші!

— Бұл қорлыққа қалай төзуге болады?!

— Өртке кетсін, істемейміз жұмысын.

— Әй, Сәндігерей әмірші, бар, айт анау қожаны қызметтен заңсыз шығарылған адамдарды қайта алғанға дейін біз тоқтатамыз жұмысты, — Матвей Степанович енді қыр жігіттеріне бұрылды. — Сендер де қазір тараңдар! Әйтпесе...

Ашынған бондарьдың дауысы тым өктем естіліп еді қыр жігіттері де абыржып қалды да, біресе Матвей Степановичка, біресе Сәндігерейге жалтақтап қарай берді.

— Неменеге жалтақтайсыңдар сорлылар, — есіктен жүгіріп кірген Арман ағай Сәндігерейге тесіле қарады да, қыр жігіттеріне бұрылды, — сендердің бәрің бірдей шіріген бай емессіңдер ғой. Әйтпесе үйлерінде-ақ жатар едіңдер. Мынау иттің өзінде де асып кеткен дәулет жоқ көрінеді. Бірақ бұл бір алаяқ. Ақ саусақ болуға қол созады. Екі адамның өлігін аттап, бақытқа жетті. Ағанияздың орнына әмірші болды. «Люба мен Асаубайдың хаттары» деген шатпақ та осы иттің қолымен жазылыпты. Кеше Таласов пен Қасқырбай бөлтіріктерін айдап салып Асқардың басын жарғызды. Ермеңдер бұл жауызға.

— Уа, дұрыс айтады осы жігіт.

— Бәрекелді, оған ерсең қарық боларсың. Ертең сені жұмыстан шығарады да, соғысқа қуады.

Қыр жігіттері өзара жанжалдасып, даурыға бастады.

— Әй, ақсақ шал, — әңгімеге енді Хвастунов араласып кетті, — сен желіктірме жұртты. Соғыс талабына сай жақсы жұмыс істеудің орнына, бұл не айтып тұрғанын. Бір қарсақ баласының арын жоқтайсың. Россияның мүддесі одан гөрі жоғарырақ.

— Өшір үніңді, Мендаль тотысы, — Матвей Степанович балғасын көтере ұмтылды. «Эсер сандуғашы» ығыса берді. Бондарь кері бұрылды, — ал кеттік.

Бірінен соң бірі қолдарындағы құралдарын лақтырып тастаған топ тұтас дүрліге есікке қарай ұмтылды. Дәл осы кезде әлде қайдан мылтық даусы саңқ ете қалды. Плоттағылар түгел серпіліп далаға шықты. Атанияз мырзаның үйі жағынан ойбайлай жүгіріп Әділ келе жатты. Қолында жарты кірпіш тас.

— Ой-ба-ай-ау, ой-ба-ай, ө-өл-ті-ір-ді-ау и-ит-ті-ін кү-үш-ігі...

— Уа, не болды, айтсаңшы?

— А-а-ты-ып ке-ет-ті.

— Уа, кімді атып кетті?

— Ә-әж-емді...

— Кім атты?

— Ah, аһ!

Әділдің көзінде жас емес, лапылдаған жалын бар. Ол үрейлі жандай жасымай, ызаға булығып қалш-қалш етеді. Бізді танымайтын тәрізді, қоршаған топтың ішінен әлдекімді іздегендей әркімге бір тесіле қарайды. Алдындағы адамдарды омыраулап, ілгері ұмтылады. Дәл осы бір қалпы жынданған адам секілді.

— Тәңірім-ау, мынау сорлы баланың есі ауысып кеткен бе? — деді Қаныке кемпір Әділді құшағына қысып, — қарашығым-ау, не болды? Асықпай, дұрыстап түсіндірші өзің.

Әділ есін енді ғана жыйғандай, Қаныкенің білегіне маңдайын сүйеп, еңіреп қоя берді.

— Ба-а-ла-а-ни-яз.

— Не дейді сұмдық. Қайда, әжең қайда?

Әділ оң қолын Атанияз қақпасына қарай созды.

Түтеген жұрт түгел дүрлігіп, солай қарай ойысқан едік, қақпа алдында ана өлігіне кездестік. Ақша қарды Қызыл қанмен бояп, жансыз жатыр. Шашылып кеткен сала құлаш бұрымы қар түйіршіктерімен бүркеліп, ақшылдана қалыпты. Ана жүзінде жаны қыйналғаннан, төңірегіне жалбарынған дәрменсіздік емес, ашынған кекті ызаның ізі бар. Төменгі ернін тістеніп, жұдырықтарын түйіп алған екен. Қайшы ұстаған оң қолын ілгері соза құлапты. Зауза шешей Таласовтың үйіне іс тігуге келгенде ине-жіп салған кішкене дорбасын әрқашан ала жүретін. Сол кішкене дорба да бұрышы қанға малынып, асулы жатыр мойнында.

Матвей Степанович ананың оң білегін біраз ұстап, үнсіз тұрғаннан кейін, бас киімін қолына алды да, тізерлеп төмен еңкейе берді. Жыйналған жұрт жазықсыз ана өлігіне түгел бас иді.

— Қош, ардақты ана!

Біраз уақыт үнсіз еңкейіп қалған топтың ішінен ашынған бір дауыс естілген еді, Жанқия апай да келіп үлгірген екен. Ол сазарған топты оттан да өткір жалғыз көзімен бір шолып өтті де, сөйлеп кетті:

— Ал не тұрыс. Өлік артынан өлу жоқ. Бұл жазықсыз өлімнің айыпкерін жазалаушы бар ма? Жазықтыны зауалдар болар еді? Қанға боялып Зауза, қатер үстінде Асқар жатыр. Неткен жауыздық! Осыған жол беріп қоямыз ба?

— Жазықсыз өлген ананың кегін алу керек!

— Өлтіру керек анау доңызды!

— Қайда өзі жауыздың?

— Үйінде шығар, сүйреп әкеліп, бауыздау керек осы жерге.

— Жұрт түгел шу ете қалды. Екі-үш жігіт үйге кірмек болып, есікті итеріп қарап еді, іштен бекітіп тастаса керек, қозғала қоймады.

— Кілттеп қойыпты.

— Бұзыңдар адырасын!

— Сүймен әкеліңдер.

— Өрт салыңдар үйіне!

Арты немен тынарын аңғармаған ашулы жандар бірі сүйменге жүгіріп, бірі қалталарынан спичка шығарын, бүлікке біржола бел байлаған еді.

— Тоқтаңдар, достар! — деді, дәл осы кезде қалың топтың ортасына келіп кірген Михаил Иванович қанға боялған қызыл жаулықты жоғары көтеріп, — құр бүлдіргеннен ешнәрсе өнбейді. Біз кек іздейтін болсақ, азаттық аңсасақ, күреске шыңдап кірісуіміз керек. Ана қаны сіңген мынау жаулық сол күресіміздің туы болсын. Біз ана өліп алдында осыған ант етелік!..

— Дұрыс айтасыз, алдымен үкімет адамдарын шақыру керек. Заңды акты жасасын, — деді Арман ағай.

— Үкімет адамдары ғана емес, — Михаил Иванович бар салмағын балдағына сала бір қарғып түсті де, қанды жаулықты ұстаған оң қолын төңірекке түгел серпей сөйледі, — көрші батағаларға да, ауылдарға да хабар етіңдер. Жыйылсын түгел, көрсін мынау өлікті. Қарғыс айтсын қанды қолды жауызға.

— Жазаға тартсын анау жауызды.

Ашынған жұрт ұзақ дуылдасып басылды. Михаил Иванович әркімге әртүрлі тапсырмалар беріп, бірін көрші батағаларға, бірін көрші ауылдарға жөнелтіп жатыр. Мен Надежда Петровнаға жүгірдім.

Бұл күні құрметті оқытушымды ауыр қасірет үстінде кездестірдім. Надежда Петровна үстіне малынған қара көйлек киіп, иығына қара шәлі жамылып алыпты. Қолында гитара, екі көзін бір нүктеге қадап, мұңдана ән салып отыр екен, дауысы да зарлы шығады. Оқытушының көз тіккен бағытына қарап едім, оң қабырғада ілулі тұрған егде офицер суретінің жиегіне қара лента ұсталып қалғанын байқадым. «Я, бүкіл халық үстіне төнген қасірет бұл үйдің де төріне шығып үлгірген екен ғой!» деп ойладым.

— Надежда Петровна, — менің дауысым тым тарғылданып естілсе керек, оқытушым селк етіп, шошына қарады. — Надежда Петровна, Әділдің шешесін атып өлтіріпті.

— Не дейді, кім?

Оқытушы бұл жолы өз қасіретін мүлде ұмытып кеткендей орнынан атып тұрды.

Мен өксігімді баса алмай біраз егіліп алдым. Екі-үш күннен бері көре алмаған құрметті оқытушыма Әділдің мұны ғана емес, өз мұңымды да шақпақшы едім. Бірақ, көзімдегі жас көкейдегі сөзді айтқызбай, шайып әкетіп бара жатқан тәрізді. Әр сөзді айтқан сайын өксіп-өксіп аламын.

— Қой, жыламашы, бауырым, — Надежда Петровна көзімдегі жасты қолындағы орамалымен сүртіп, төбемнен сыйпады, — біз күрес адамдарымыз. Күрес адамдары жасықтарша жыламайды. Бар жігерін күрес жолына жұмсайды. Қане, не болды? Түсіндіріп айтшы, өзің. Қолыңа не болды?

Оқытушының сөзі бойыма жігер берсе керек. Мен көз жасымды тез құрғаттым да, кешеден бергі уақыйғаны түгел баяндадым.

Я, құртатын шығар бұл сұмдар. Бір-ақ күннің ішінде бір адамды соққыға жығып, бір адамды оққа ұшырған. Екі тұтқын, — Надежда Петровна маған әзірге белгісіз бір қасіретті қабарды естіртетін адамдай ауыр күрсініп алды, — «кешегі бүлікті бастаушылар сенің оқушыларың» деп менен түні бойы жауап алған еді. Бұдан былай оқытуға тыйым салды. Енді мектеп босағасын аттай алмайтын болдыңдар.

— Надежда Петровна, сіздің әкеңіз де өлген бе? — Мен оқытушымды жұбатарлық өзге сөз таба алмадым да, — менің әкемді тұтқынға алыпты, — дедім.

— Я, солай, — Надежда Петровна ауыр күрсінді, — әкем жау қолынан өлді, менің ағам Аркадий мен Жарқынды солдат арасында листовка таратқандығы үшін тұтқынға алыпты. Сенің әкең туралы да есіттім.

— Кешіріңіз, сізге хат бар екен-ау, ұмытып кете жаздаппын.

Мен кешегі бейтаныс адамның хатын ұсындым. Надежда Петровна кішкене ғана қағазды бір шолып өтті де, кенет күліп жіберді.

— Ғажап, сен мұны қайдан кездестірдің?

— Кімді дейсіз?

— Жарқынды айтамын.

— Көргенім жоқ.

— Көрмесең мынау хатты берген сол Жарқын екен. Түрмеден қашып шығыпты. Сережа екеуіңнен өзге ешкім білмесін. Ұқтың ба?

— Ұқтым, Надежда Петровна.

— Жүр онда, өлік басына баралық.

— Көк жорғаны өлтірген біз едік деп шынымызды айтсақ, босатар ма Ажарды? — дедім жол бойы.

— Олай етудің керегі жоқ, — Надежда Петровна басын шайқады, — онда сендерді де тұтқынға алады. Бірақ Ажарды босатпайды.

Біз жүгіре басып қақпа алдына жеттік. Бүкіш фельдшерді ілестіріп қала әкімдері де келіп қалған екен. Жұрт қалың шоғырланып, аттылы-жаяулы қызыл жағалылар да молая түсіпті. Таңқия біткен танауын қанды жұдырығымен қайта-қайта сүртіп бүгінгі өлімнің айыпкері Баланияз полицей тұр. Ашулы жұрт әбден түтіп алса керек, үсті-басы дал-дұл, көз алды көгеріп қалыпты. Атанияз мырзаның өз өңірінде де қан көрінеді. Қожамыздың зор тұмсығы да салмақты жұмырықтардың талайын иіскеген болуға тиісті.

— Ал, мырза, өз полицейлеріңіздің қолынан өлген анамыздың сүйегін жерлеуге рұқсат шығар?

Михаил Иванович күрең тұмсықты, буырыл мұртты приставка қарады. Мүгедек матростың көгілдір көзі қазір-ақ тұтанғалы тұрған қатерлі өрттің алғашқы бір жасыл жалындай жарқ ете қалып еді, пристав та шегір көзінің нәлетімен атып жіберетіндей бап ызғарымен тесірейіп, ұзақ үнсіз тұрды да, әлден уақытта айыр сақалын бір шошаң еткізіп тастады. Бұл көзқарастардан енді ұзаққа бармай, шындап бір ұстасатындықтары аңғарылды.

— Ал Адик, ардақты ананың кекті қаны сіңген мынау қызыл жаулықты өз қолына ұста! Бұл Атраудағы еңбекшілердің күрес туы болады.

— Матрос мырза, — пристав буырыл мұртының шалғысын оң қолымен шыйрата, шегір көзін ақшыйтып, Михаил Ивановичқа қарады. — Сіз қандай күресті айтасыз. Кіммен күреспексіз, ә?

— Қандай күрес дейсіз бе? — Михаил Иванович балдағына сүйене жеңіл секіріп приставка төніп барды, — қожалардың қорлығына, жергілікті үкімет адамдарының бассыздығына қарсы күрес. Бұдан екі-үш ай бұрын мынау Таласов мырза істен шыққан ескі лабазына өрт салғызып, жаласын жұмысшыларға жапты. Сіз осы әділетсіздікті көре отырып әділ үкім шығармадыңыз... Осыдан екі жұма ғана бұрын бүкіл дүние еңбекшілері аналар күнін өткізген еді, еңбекші аналардың сол күнгі дауыстары құлақтан көшіп үлгірмей тұрып, Атраудағы үкімет адамдары орыс үкіметін қорғау ісінде жүрген солдаттың қарындасын мазағымызға көнбедің деп тұтқынға алды. Жазықсыз қамалған қызын босатуды талап еткендігі үшін анасына оқ атты. Сол полицейдің інісі әкесі майданда өлген жетімнің басын жарды. Сол полицейдің ағасы мынау Таласов мырза алты адамды жазықсыз жұмыстан қуды. Россияны қорғауда қолынан айрылып келген мүгедек солдатты тұтқынға алдырттыңыз. Әділет пе осыныңыз? Біз көне алмаймыз бұл қорлыққа. Өз тағдырымызды ойыншыққа айналдыруға жол бере алмаймыз. Ардақты ана өлігі алдында осыған ант етеміз!..

— Ант етеміз осыған!

— Көне алмаймыз қорлыққа!

Жыйылған жұрттың дауысы жарқыншақтанбай бір ауыздан шыққандай тұтас естілген еді, жар жиегі де осыған үн қоса жаңғырығып қоя берді.

— Естисіз бе мырза, — Михаил Иванович оң қолын балдақтан босатып алды да, шоғырлана қалған ашулы топты көрсетті, — жергілікті үкімет адамдарының қорлығына көне алмаймыз дейді мынау жұрт!

— Матрос мырза, — приставтың кезіндегі әлгі бір қаһар оты өшіп, жүзіне жасықтық көлеңкесі түсе бастаған тәрізді, — сіз қара халыққа қате бағыт бермеңіз, ұғындырыңыз. Не сұрайсыңдар, не керек сендерге?

— Мырза, сұрамайды, талап етеді бұл халық! Әділеттік талап етеді. — Михаил Иванович төңіректегілерді бір шолып өтті,— нан талап етеді. Еңбекақының дұрыс төленуін талап етеді... солай емес пе?

— Дұрыс айтады, — жұрт айқайлап жіберді, — біз әділеттік талап етеміз. Әділетсіздігіңе жол бермейміз. Бассыздық істеме дейміз!

— Уа, ашпыз біз.

— Тұзды балықтан өзге іштеңе көрмейміз.

— Уа, нан бер, нан. Жылатпа балаларымызды!

— Мырзалар, — пристав қолын көтерді. Дауысында ыза мен жалыныш бар, — бассыздық істеуші үкімет орны емес, жеке адамдар. Олар әділ заң алдында жауап береді... Бірақ...

— Пристав мырза, — Михаил Иванович қолын сілтеді, — «Бірақ» араласқан соң-ақ болмағаны. Бұл бізге көптен-ақ таныс жыр. Сіз қазірден бастап жалтарыс іздейсіз. Заңыңыздың сөз жүзіндегі «әділеттілігі» де, іс жүзіндегі бұлтарысы да көп-ақ қой. Мынау жұрт сылдырлаған сөз емес, іс жүзіндегі әділетті көргісі келеді. Талатпа, еңбекақымызды дұрыс төлет. Адамдарымызды қорлатпа дейді... Әйтпесе...

— Мырзалар, орыс тумалар!

Михаил Ивановичтың сөзін аяқтатпай Хвастунов айқайлай жөнелді. Жұрт оның мылжыңына құлақ қоймай ысқыра бастаған еді, Михаил Иванович көпшілікке тоқтау салып, қолын жоғары көтерді:

— Бөгемеңдер, сайрасын «эсер сандуғашы!».

— Орыс бауырлар, — Хвастунов сөзін қайтадан бастады, — мен эсер партиясы атынан сендерді сабырлылыққа шақырамын. Ермеңдер мынау мүгедек матросқа. Ол сендерді азғырып тұр. Ол Россияны сүймейді.

— Хвастунов мырза, ол Россияны сүймесе аяғын араққа сатқан ба?

— Сүйсе солай істер ме еді, — Хвастунов приставқа бір қарап алды, — қайдағы бір қарсақтың жынды кемпірі үшін осынша әбігерленудің керегі не? Көрмейсіңдер ме қолындағы қайшысын. Ол ұлы мәртебелі патшаның полицейін өлтірмек болған.

— Ойпырмай десеңші, — жұрт ду күліп жіберді, — қандай қатерлі адам еді, ә? Мылтықты полицейге қайшы көтерген, ә?

— Орыс бауырлар, тыңдаңдаршы менің сөзімді. Россияға қатер төніп тұрған кезде қожамын, жұмысшымын деп жарылудың керегі жоқ. Әрбір намысы бар орыс жұмысты жақсы істеу керек.

— Әй, мырза, қазақтар ше? — Жанқия апай айқайлап жіберді, — оларға сенбейсің бе?

— Пұсырмандарға, — Хвастунов Жанқия апайға жауап бере алмай абыржып қалды, — түрікті жақтамайтындар... нан аз деп айқайлаудың қажеті не? Барына қанағат ету керек. Нан бізді жаудан қорғаушы ұлы мәртебелі патшаның солдаттарына жөнелтіліп жатыр. Төзу керек аштыққа...

— Өшір үніңді «қожа тотысы», — Матвей Степанович бұдан әрі төзбеді. Хвастуновты желкеден бүре ұстады да, итеріп тастады, — сандалыпсың. Сенің осы «орыс, қарсақ, аштыққа төзу керек» деген былшылың бізді әбден жирентіп болды. «Бізді жаудан қорғаушы ұлы мәртебелі патша!» Ол кім өзі? Ойларсың, Петрдің дәрежесіне кетермек...

— Патша бізді қорғамай-ақ қойсын. Бізде қорғаныш керек ететін байлық жоқ...

— Орыстар жұмысты жақсы істеуі керек деп сандаласың. Онда қайтарсын ерлерімізді соғыстан!

— Уа, нан бер бізге, нан!..

— Ұятсыздар, — «эсер сандуғашы» тағы да жұлқынып, ілгері ұмтылды, — сендерде орыстық, отандық ар жоқ. Анау сатылған екі ақсақтың тіліне ересіңдер...

— Қысқарт иттің күшігі, — Михаил Иванович сол қолтығындағы балдағын көтеріп алды, — оярмын төбеңді. Орыстың, отанның намыскері бола қалыпты. Россия үшін, отан үшін біз қан төктік, аяғымыздан айрылдық. Сен ит не бітірдің? Әлі күнге дейін дәрінің исі де мұрныңа барған жоқ.

— Өлтір шошқаны!

— Тұншықтыр!

Ашынған жұрт бірі айқайлап, бірі ысқырып батаға маңын басына көтерді. Біреулер Хвастуновты жағадан ала түсті.

— Мырзалар, — пристав екі құлағын басып біраз тұрды да, қолын жоғары көтерді, — шуламай тәртіппен айтыңдар, не керек сендерге?

— Уа, нан бер, нан!..

— Ажарды босат түрмеден!..

— Мүгедек солдатты босатып бер!

— Баланияз жазаға тартылсын!..

— Асқарды емдетсін!

— Жұмыстан қуылғандар қайтадан алынсын!

— Онсыз жұмыс істемейміз...

— Мырзалар, — пристав басын изеп күлді, — тыңдасаңдаршы бір. Біз осы айтқандарыңыздың бәрін де зерттейміз...

— Алдайды. Бұзу керек түрмесін. Босату керек анау екі тұтқынды...

— Естисіз бе мырза! — Михаил Иванович приставқа таман тағыда бір қарғып түсті, — Жаппаңыз құлағыңызды. Тыңдаңыз дұрыстап. Бұл қалың топтың талабы, орындауға міндеттісіз!

— Қалың топтың талабы, — пристав Михаил Ивановичқа адырая бір қарап алды, — білемін кімнің талабы екенін! Бірақ осы жұрттың аузына сөз салып, кеудесін үрлей бергеніңізді мен қолдамаған болар едім. Ескертемін, матрос мырза. Орынды талап болғанмен орынсыз сөздер айтылып жатыр. Қандай мақсатпен айтылғанын да зерттеуге міндеттіміз...

Приставты қоршап тұрған қалың жұрт шеңберін бірден-бірге тарылтып, жұдырықтарын да жоғары көтере, дүрліге қозғалып, тағы да айқайласып алды.

— Жалтарма, мырза!..

— Жалтару ғана емес, қорқытпақ болады ол бізді...

— Қорқытқанда не істейді бізге, көп болса түрмесіне қамар...

— Ерлеріміз бен балаларымыздың майданда қырылып жатқаны жетпеген ғой...

— Мырзалар, — халық қаһарынан үрейленген пристав әлдекімнен жәрдем күткендей, жан-жағына жаутаңдап қарады да қолын көтерді, — талаптарын орынды. Бірақ, бұны кеше бойында шешуге болмайды ғой. Уәкілдеріңді жіберіңдер, кең отырып шешелік.

— Жарайды, жолдастар, — Михаил Иванович қалың топты тағы да бір шолып өтті, — уәкілді кейін жіберерсіңдер. Алдымен өлікті жерлелік, кәне, көтеріңдер ана сүйегін...

Үш-үштен қатар тұрған алты жігіт ана өлігін жерден ақырын ғана қозғап, төбелеріне көтерді. Азалы топ кең көшенің бойымен орталыққа қарай жылжыды. Топ алдында анасының қаны сіңген қызыл жаулықты жоғары көтеріп Әділ барады. Оң жағында Михаил Иванович, сол жағында Матвей Степанович. Қанды қызыл жаулық батыстан соққан желмен желкілдей ойнап, тас төбеде жайқалады. Кейде лапылдаған жалындай шалқып, кейде Қызыл қырандай шүйіледі. Қанды жаулық астынан ызалы бір ән естіліп еді, қалың топ көтермелей жөнелді.

...А, деспот пирует в роскошном дворце,

Тревогу вином заливая,

Но грозные буквы давно на стене

Уж чертит рука роковая!..

...Ол түні Атрау жұмысшыларының көпшілігі-ақ ұйқы көрмесе керек. Ана өлігі қойылған шеген үйдің маңынан адам ешбір арылмай, бірі кетсе, бірі келіп, сендей тоғысты да жатты. Жаңадан келген топ Жанқия апай мен Матвей Степановичқа қарайды. Олардың аузынан жақсылық хабар тыңдамақ болады.

— Қойыңдар соны, — Матвей Степанович ызалана сөйлеп, жұдырығы тас түйілген оң қолын сілкіп тастайды, — пристав мырза зерттеп жатыр. Әзірге ешнәрсе айта алмайды.

— Нені зерттейді?

— Зерттейтін нәрсе аз ба екен, — Матвей Степанович әлдекімді кекегендей, мырс етіп күледі, — өткенді ғана емес, келешекті де кеңінен зерттер түрі бар. Бүгін кімнің не сөйлегенін де, қандай ниетпен айтқанын да зерттейтін болса керек. Атраудың мынау түрмесі тарлық ете бастады. Осыны кеңейту керек еді дегенді де айтады...

— Михаил Макаровичты босатпады ма?

— Макарыч түгіл Ажарды да босатпады. Менің өзіме де «сізге осы «қонақ үй» жайлы болмас па еді?» дегендей ниет білдіре ме қалай?..

— Шешесін жерлеуге де жібермеді Ажарды, — өліктің жанында отырған Қаныке кемпір ызалана күрсінді, — ит терісін басына қаптап неге кетпедіңдер, жауыздардың...

— Әй, апа-ай, — Жанқия кекесінді пішінмен басын изеп күлді, — сыңар аяқ, сыңар көз — біз екеуміз неден тайсалды дейсіз. Сөзден келер пәле болса айтып көрдік қой.

— Әлі өзгені қойып, ертең осы кісіні жерлеуге де кедергі жасап жүрмесін солар. Осы манды полицейлер торып жүрген тәрізді. Рас, көзге түспей бұрыш-бұрыштан ғана сығалайды...

— Жол бойына да тұрып алыпты олар, — деді көрші батағадан келген Тілек ағай,— бізге алыстан оралып өтуге тура келді. Қазақтар станицасында да бір дүрлігу бар тәрізді.

— Түсінікті, — Матвей Степанович бізге қарады, — балалар, Михаил Ивановичқа хабар беріңдер. Тек көзге түсе көрмеңдер.

Біз таса-тасамен жүгіре отырып Асқардың үйіне жеткенде есік алдынан бір шана ақырын ғана жылжый берген еді, Асқарды Астрахань дәрігеріне алып бара жатқан Арман ағайлар екен.

— Ал, сәтті сапар, — деді Михаил Иванович, — аурудың тағдырын Иван Федоровичке тапсыр да, өзің негізгі жұмысыңа кіріс. Қорғасындарыңды астық арасына сал. Сақ бол... Анау офицер жолдасқа тілдеспей оралма, ол сені құр қол қайтара қоймас... қолыңа бірдеме түсе қалса, «Құсты аралға»... ұқтың ба?!.

— Ұқтым, — Арман күрсінді, — қолға бірдеме түсе қалса жеткізудің амалын табар едік-ау.

— Мирон Сергеевичтің тауып беретіндігі даусыз, — Михаил Иванович жанындағы адамға қарады, — рас, татар тумалар әріп табар ма екен. Бірақ қолға алған іске әрқашан сеніммен кірісу керек. Солай емес пе?

— Әрине, — бет-аузын сақал жапқан бейтаныс адам басын изеді, — дұрыс айтасыз. Темуршин абзыйдың тауып беретіндігіне мен сенемін.

— Жарайды, ал қош. Қаланың ортасына жоламай айналып өтіңдер. Жол бойы бөгеп жүрмесін.

— Жолап көрсін, — делбе ұстап отырған Одырбай жуан қайың соққысын жоғары көтеріп алды, — келсін ажал аңсағандары...

Армандар көзден таса болған соң біз үйге кірдік. Надежда Петровна да осында екен. Сығырайған үштік шамның түбінде әлденендей ақ матаға қызыл-күрең бояумен ірі-ірі әріптер жазып отыр.

— Я, Дауыл, аман ба? — манағы бейтаныс адам маған қолын созып, мейіріммен қарады, — ол күні мені танымай қалған екенсің ғой. Рас, танысуға шамамыз да болған жоқ. Сол төңіректі тіміскілей, «Мысықмұрт» неме келіп қалған екен. Хатты қолына ұстата салдым да, тайып тұрдым...

— Жарқын аға, — мен Атрау медресесінің сүйікті мұғалімін енді ғана таныдым да, құшақтай бердім, — менің Әкем түрмеде қалды ма?

— Ме-ені-ім а-а-ғай-ым ше? — Әділ де екі көзі жаутаңдап Жарқын ағайға қарады, — ке-еле-еме?

— Келеді, қарақтарым, келеді, — Жарқын ағай екеумізді құшағына қысып маңдайымыздан сүйді, — патша үкіметіне қарсы бас көтерген орыс солдаттары бізді Қасқырбай жаласы жапқан түрмеден шығарып алған-ды. Содан кейін көзге түспей, — қашуға тура келді. Вагонның үстіне алдымен оларды мінгізіп, кейіннен өзім де көтерілген едім. Екінші станцияда мені түсіріп алып қалды...

— Келер ме екен, — Әділ екеуміз бір-бірімізге қарап, күрсіндік, — әлде...

— Мұңаймаңдар, жас достар, — Михаил Иванович бояғышын қолына алып, еденде жатқан матаға еңкейе берді, — келеді... кәне, жолдастар, іске кіріселік.

— Михаил Иванович, — мен тағы да бір күрсіндім, — бізді Матвей Степанович жіберді...

— Түсінікті, — ала келген ақпарымызды бар назарымен тыңдады да, Михаил Иванович басын изеді, — демек, жерлеу жұмысына бөгет жасамақ. Бұған қарсы шара қолдану керек. Сендер төртеуің қазір көрші батағалар мен ауылдарға хабар беріңдер. Жолды айналып етіп, таң қараңғысында келіп жетсін. Жарық түскен соң жібермес. Мен қазақтар станицасына барайын. Жарқын, сендер жаза беріңдер... Анау балалар ұйықтап жатыр ма? Сезіп қалмасын... мүмкін, шайқасып та қалармыз. Қарулы жігіттерді даярлау керек шығар... Барыңдар, жас қырандар!..

— Жарайды, Михаил Иванович, ал, кеттік.

Жүріске жедел төрт қолғанат екі-екіден бөлініп, жүгіре жөнелдік...

Түні бойы жүгірген еңбегіміз ешке кетпепті. Атрау маңындағы өндірістер мен ауылдардың адамдары жерге жарық түспей-ақ жыйналып қалған екен. Өзгені былай қойғанда қазақ станицасының кедей жесірлері де түгелге таяу келіпті. Жау қолынан жазықсыз қаза тапқан ананы жерлеу жұмысы үлкен бір саяси демонстрацияға айналды. Ана өлігін ұзатқан қалың топ алатаңнан көтерілді де, Атрау көшелерін мұң мен ыза аралас ащы үнге толтыра қала орталығына қарай жылжып барды. «Полиция қызметкерлерінің бейбастақтығына тыйым салынсын!», «Жұмыстан жазықсыз шығарылғандар қайтадан алынсын...», «Жұмыс адамдарына нан берілсін!», «Тұтқындар азат етілсін!» деген талаптар ірі әріптермен орысша-қазақша жазылған плакаттар алыстан көз тартып, жұрт назарын аударады. Кейде «Соғыс тоқтатылсын!», «Патша құлатылсын!» деген саяси ұрандар да төбеде біраз қалықтап барып, кенет төмен түсіп кетеді де, артынша қайтадан көтеріледі. Мешіт азаншысы да, шіркеу қоңыраушысы да ашулы топқа үрейлене қарайды. Көк шатырлы үйлерден жүгіре шыққан қызыққұмарлар налысты қабақтардың ызғары беттерін қарып жібергендей, кенет теріс айналады да, қақпаларын дереу жаба қояды. Мана қала шетінен бастап-ақ әр жерден бір төбелерін көрсетіп келе жатқан атты полицейлер енді бірден-бірге шоғырланып, жолды бөгемек болады.

— Қайда барасыңдар, тәртіпсіздер, қайтыңдар, — дейді жирен мұртты қазақ қамшысын көтерген күйі, қара көк тұлпармен жолымызды кес-кестеп, — мола бұл жақ та емес!

— Тәртіпсіздер біз емес, сендер!

— Кісі өлтіруші азғындар!

— Бөгеме жолды. Біз исправник пен приставқа барамыз.

— Топтанып жүруге де, приставқа баруға да рұқсат жоқ. Қайтыңдар...

— Жоқ, қайтпаймыз. Пристав пен исправник, қалалық управа керек бізге, оларға тілдеспей тарамаймыз. Арызымыз бар айтатын.

— Ол не арыз?

— Арыз емес, талап!

— Оқы, әне, сана-сауатың бар ма өзіңнің әлде жұртты қойша айдап, түрмеге тығудан езгені білмейсің бе?

— Саналы болса әділетсіздіктің қолшоқпары болар ма еді?!

— «Жұмыс адамдарына нан берілсін!» — жирен мұртты қазақ плакаттардың әрқайсысына бір көз тастап, ызалана күледі, — уаһа, «Тұтқындарды босат!» Тағы да қандай талаптарың бар, ә?

Мен «Соғыс тоқтатылсын!», «Патша құлатылсын!» деген манағы бір саяси ұрандар да көтеріле қалатын шығар-ақ деп ойлаймын. Бірақ та ол ұрандар көзге түсе қоймайды.

— Осы аз болып тұрма саған, — дейді Жанқия апай айқайлап, — әзірге осыларды орындасын!

— Бөгеме жолымызды, — қазақтар станицасынан келген егделеу қара-торы әйел үлкен көздерінен от шаша, екі бүйірін таянып ілгері ұмтылады, — қарамағымда еңбекке жарамайтын жеті бала, ауру кемпір, шалым бар. Асырауға шамам келер емес. Екі ұлым соғыста өлді. Ең болмаса ерімді елге қайтар, анау жетімдерін асырасын деп айтқалы келемін. Қыра ма?! Олар да патшаның келешек солдаты...

— Дарья Сергеевна дұрыс айтады, — қазақ әйелдері түгел айқайлап жіберді, — жібер, бәріміз де осыны айтамыз... нан берсін жетімдерімізге...

— Бұл пристав мырзаның қолынан келмейді, қайтыңдар жақсылықпен. Әйтпесе...

— Әйтпесе... қырмақ па едің? Бір солдаттың шешесін өлтіргендерін жетпеді ме?!.

— Қайтасыңдар, — жирен мұртты Дарья Сергеевнаны қара-көктің омырауымен қаға, ілгері ұмтылды да, қамшы ұстаған оң қолын бір көтеріп тастады, — қуыңдар, таратыңдар!..

Мұрттыдан әмір алған атты полицейлер мен қазақтар қамшыларын үйіре ұмтылды. Жыйналған топқа абыржу кіре бастады.

—Қыймылдаңдар жігіттер, — Михаил Иванович жанындағы жігіттерге иегін көтерді, — шайқаспай тынбайтын-ақ шығармыз...

Жыйырмалаған жігіттер аттылардың алдын тосып, жігерілей берді. Қолдарында ұзын арқанға байланған тесік тас. Полицейлер төніп келген кезде манағы жігіттер арқанға байланған жұдырықтай тастарды сермей лақтырып, арқанның екінші ұшын ұстаған оң қолдарын төбеге таман апарып, үйіре айналдыра бастады. Үлкен шеңбер жасап алған жұмыр тастар полицейлердің алдын бөгей, зу-зу етіп, әлденендей үрейлі үнмен дамылсыз зырқырап айналды да тұрды. Арқан ұшындағы тасқа соғылған аттар енді қайтып беттемей, бір орнында қарғый берді. Жирен мұрттының қолы қылышқа да барып қалды.

— Тараңдар, әйтпесе шабаның!..

— Өтірік айтасың, мырза, — Михаил Иванович күлді, — қылыш жетер жерге жуытар емес қой мынау жігіттер. Мүмкін, оқ жұмсап көрерсің!..

— Шабыңдар, — жирен мұртты қылышын жалт өткізіп жоғары көтерді, — жақсылықпен тарамасаңдар, құрал қолданамын.

Қылыштарын жарқылдата ұмтылған аттылар тағы да төне түсті. Бұл жолы жұрт шын-ақ үрейленіп, біріне бірі тығылды.

— Астапыралда, астапыралда, — деді Жалықпас қарт, төбесін екі қолымен қорғап, — таралықшы шырақтарым. Қырар мыналар...

— Қорықпаңдар, жолдастар, — Михаил Иванович үрейлі топқа жігер бере сөйлеп, ілгері ұмтылды, — тобымызды жазбасақ түк істей алмайды. Әй, жирен мұрт, кел бері, алдымен мені шап. Жесірлерде жұмысың болмасын... Бірі ері, бірі баласынан айрылған қасіретті, қайғылы жұртқа үйірме қылышыңды!..

— Бүлікті бастаушы сен. Басыңды...

Жирен мұртты қара-көкті екпіндете келіп қылышын үйіре берді, Михаил Иванович та оң қолындағы балдағын көтере сермеді. Мұрттының қолындағы қылышы жерге түсіп кетті. Әлгіде ғана үрейленіп тұрған топ ду күліп жіберді. Михаил Иванович қара-көктің шаужайына қолын созған еді, үлгіре алмады, сол екпінімен омақаса құлады.

— Ұр, ұр, иттің күшігін! — деген дауыстар естіліп қалды оң қанаттан.

Жалт қарасам, Матвей Степанович полицейдің бірін аттан аударып-ақ алған екен. Мен кейіннен білдім. Бондарьдың үйірген тесік тасы полидейдің қолына тиіпті де, қылышы түсіп кетіпті. Қаруын алу үшін еңкейе берген полицей ашулы шалдың шеңгеліне ілігіпті. Дәрменсіз полицейді жұрт қоршап алып, төпеп жүр.

— Ұр, өлтір, иттің күшігін...

— Тараңдар, босатыңдар анау полицейді, — ызаланған жирен мұрт оң қолын біраз сілкіп тұрды да, кабурға апара берді, — әйтпесе атамын!

— Манадан бері соны айтсаншы, — Матвей Степанович көкірегін аша ілгері ұмтылды,— ат, мына мені ат, орыс-жапон соғысының мүгедегін ат! Ататын болсаң мынау ұлы Петрдың суреті салынған көкірегіме ат. Дәрменсіз Николай ұлы Петрге оқ атқан болсын. Білдің бе? Бірақ анау тұтқындарды босатпай тұрғанда мен өз тұтқынымды босатпаймын...

— Атамын. Неге қорлайсың ұлы мәртебелі патшаны. — Жирен мұрт пистолетін суырып алды, — атыңдар, таратыңдар!

Полицейлердің бес-алтауы пистолеттерін жоғары көтеріп алған екен. Ашулы топтың төбесінен атылған оң көшені жаңғырықтыра саңқ ете қалды. Жалықпас қария аллалап барып, үй тасасына тығылды. Біреулер жылай қашып, біреулер тастарын үйірген күйі, айқайлай сөйлеп, полицейлерге тап берді. Қала орталығынан қоңырауы күмбірлеп, күймелі шана келе жатты. Жирен мұрт қаракөкті тебіне, күймелі шанаға қарсы шапты. Күймелі біздің жанымызға келіп тоқтады.

— Бұл не, бұл не, тумалар? — күймеден секіріп түскен пристав үрейін де, ызасын да сездірмеуге тырысып, жайбарақаттана күлді, — оқ атқан кім? — Неткен бассыздық, тумалар?!.

— Оқ атқан өз адамыңыз, мырза, — Михаил Иванович қолындағы олжа қылышымен жирен мұрттыны көрсетті, — мынау солдат анасының өлімі аз болды. Қалған аналарды да қырамын дейді анау жирен мұрт!

— Сен иттің істеп жүргенің не? — пристав жирен мұрттыға бұрылды, — тапсыр қаруыңды. Тұтқындаңдар — бұл бұзақыны...

— Ол қылышын бізге тапсырған болатын, енді пистолетін ғана тапсырады ғой, — Михаил Иванович ауыр күрсінді де, қылыш жүзінен көз алмай ойланып кетті, — жазықсыз жандардың қаншасының басын шапты екен бұл қылыш?..

— Матрос мырза, — пристав бұл жолы да ыза білдірмеуге тырысып, сабырмен ғана сөйлеген болды, — оныңыз қате түсінік... Ал, осы жанжал неден шықты?

— Мынау жұрт сізге барып, кешегі шартымыздың орындалуын талап етпек болды. Полицейлер мен қазақтар жолымызды бөгеп, төбемізден қылыш үйіреді, солдаттар анасына оқ атты, — Михаил Иванович балдағына сүйене бір қарғып түсті, — солай ма, тумалар?

— Әрине, солай!

Жұрт түгел үн қосып, айқайлап жіберді.

— Ау, мынау да бүлікшілердің бірі ме, — пристав Матвей Степановичтың уысында тұрған полицейді енді ғана көрсе керек, мырс етіп күлген болды да, жирен мұрттың құралын алып жатқан полицейлерге бұрылды, — мынау шошқаны да тұтқындаңдар!..

— Жоқ мырза, — Матвей Степанович басын шайқады, — бұл менің қолымдағы тұтқын. Сіз түрмеңіздегі тұтқындарды босатқанға дейін, мен де өз қолымдағы тұтқынды босата алмайтын шығармын.

— Бір қалада екі түрме бола ма?

— Несі бар, сіз жәбірленушілерді, біз жәбірлеушілерді жабамыз. Кәне, мырза, біздің талабымызды зерттеп болдыңыз ба? Алдымен соны айтыңызшы!

— Талаптарыңыздың, — пристав күрсінді, — өзгесінің бәрін орындауға жарлық берілді. Өз тұтқыныңызды біздің түрмеге тапсырып, анау екі тұтқынды босатып алуыңызға болады. Ал, нан туралы губернаға жүріп барамыз. Оң сапарымды тілеңіз. Мынау исправник ауру еді, оны да емханаға апармақпын. Бөгей көрмеңіз. Енді жанжалдаспайтын болайық. Ертеңнен бастап жұмысқа кірісіңдер, тумалар!..

Пристав асыға басып шанасына мінді. Үш ат жеккен күймелі жеңіл шана қоңырауы күмбірлеп, орнынан қозғала бастады.

— Тоқта, мырза!

— Наннан өзге де тілегіміз бар!

— Күйеулеріміз қашан қайтады?

— Баламызды қайтар соғыстан!

Жесірлердің айқайын есіте тұрса да, пристав артына қайырылмады. Делбеде отырған мұртты үш қараны жеделдете айдады. Күймелі шана зыр етіп жанымыздан өте шықты да, Атрау айдынының бойымен құйындата жөнелді.

— Алдап барады қу түлкі, — Михаил Иванович пристав күймесінің соңынан ұзақ қарап тұрды да, басын шайқап күрсінді, — топтанып келген соң қорқып та барады. Бізге көз етіп полицейді де «тұтқындаған» болды. Бірақ, ертең оны босатып жібереді... Сөзге топас исправникті ауыртып, өзі сөйледі. «Тобыңды бір жазып көр, содан кейін бір-бірлеп сүйрей беремін түрмеге» дейді ғой. Ал, қозғалалық!..

Қала сыртындағы кең алаңда оңаша тұрған түрмеге де таяна түстік. Жирен мұртты «тұтқындап» әкеткен полицейлер приставтың әмірін де, қалың топтың қаһарын да жеткізіп үлгірсе керек. Біздің бұл маңда бөгелмеуімізді көздеген түрме начальнигі екі тұтқынды босатып жіберіпті. Ажар апай мен Михаил Макарович алдымыздан жүгіріп келеді. Макар қарт өз ұлына сағынышты құшағын ашса, Әділ апасына мұңын шаға егіледі. Ажардың дауысында зар бар еді, көзі де жасқа толы екен. Жүгіріп жеткен бойда ана өлігін құшақтай құлады:

— Қайран шешем, шешежан. Ақ сүтіңді кеше гөр. Үш жетімді адам етем деп азаптың ауырын арқалаған едің. Менің үшін оққа ұштың. Кегіңді алар күн бар ма?

— Жылама, Ажар, жылама, — Михаил Иванович мұңды қыздың маңдайын сүйеп, жасын сүртті, жас төгу дәрменсіздік болады. Мынау тұрғандар да бірі әкесі, бірі баласы, бірі ерінен айрылған мұңдылар.

— Дұрыс айтады, — Дарья Сергеевна ауыр күрсінді, — екі ұлым майданда өлді. Қартайған шалым қан кешіп жүр. Аман қайта ма, жоқ па?

— Бұл соғыс бітпесе кім аман қалады дейсіз, — Марфа кемпір ызалы пішінмен қолын сілкіп тастады, — төрт ұлдан түгел айрылдым. Жалғыз қалған Володям лазареттен шығып, майданға жүріп кетіпті. Бишара, аяғынан-ақ жаралансашы. Бір сыйрағын жоғалтса да аман қайтар еді..

— Солай, тумалар, солай, — Михаил Иванович зейінді көздерімен кең-алаңды шолып өтті де, ойға шомды. Түрме алаңында бізден өзге ешбір адам жоқ. Ашынған жұртты бұдан әрі өшіктіре бермейік деген шығар, манағы полицейлер де қайтып көзге түспеді. Тек Матвей Степановичтың шеңгелінен қазір құтылған дәрменсіз полицей ғана түрмеге қарай жүгіріп барады. Михаил Иванович түрмеге жүгірген полицейді мазақ еткендей, мырс етіп бір күлді де, артынша ауыр күрсініп әңгімеге кірісті. — Естимісің Ажар, хасірет жалғыз сенде емес, бүкіл халық басында. Осы халық хасіретінің айыптысы кім?..

Михаил Ивановичтың сұрағына жауап бергендей: «Соғыс тоқтатылсын!», «Патща құлатылсын!» деген ұрандар халық төбесіне қалықтап көтеріле қалды. Жұрттың көзі плакаттарға төнді.

— Николай екінші! — деп айқайлады Матвей Степанович, мүмкін ол «патша» десем Петрге тіл тиеді деп анықтай түспек шығар, — соның бастаған соғысы...

— Дұрыс айтады, — Михаил Иванович басын изеді, — еңбекшілер басындағы дағдылы ауыр жағдайды былай қойғанда, қазір бізді жан төзбес бақытсыздыққа ұшыратып отырған осы соғыс. Таласовтар сыяқты байларға жаңа базар табу үшін жүргізіліп жатқан отаршылық соғысы. Бұл соғыстың аяқталар түрі жоқ. Бізге бұл бақытсыздықтан құтылу үшін егіліп көзден жас текпей, енбекші халықтың жауына қарсы күресу керек. Халықты қанқұйлы соғысқа айдап, қырғызып жатқан жауыздар тобырына қарсы құралды күрес жүргізу керек. Қазір Петроград пен Москва халқы жауыздық әлеміне қарсы мейірімсіз күреске шықты. Халық көтерілісін солдаттар да қолдауда. «Байлар үшін қан төкпейміз, қырылғымыз келмейді!» дейді олар. Біз Атрау еңбекшілері де өз пікірімізді ашық айтуымыз керек. Өз бостандығымыз үшін қолға құрал алу керек. Жаудан кек аламын деушілер, азаттық тілеушілер күресшілер қатарына тізілсін. Топ жазбай түгел қыймылдайық!..

— Дұрыс айтады, — Матвей Степанович айқайлап жіберді, — Ажар, сен де қатарға тізіл!..

Ана көкірегіне көз жасын сарқа төккен Ажар, ауыр күрсінді де, орнынан көтерілді. Әлгіде ғана елжіреп тұрған мұңды қыз енді суарылған құрыштай бекініп алған тәрізді. Бойын бір жігер билеп, жанарынан кек жалыны лапылдайды.

— Бастаңыз, Михаил Иванович!..

Кекті керуен Атрау аспанын қаһарлы үнмен тебірентіп, қозғала бастады. Ашынған халықты кекті күреске шақырған ызалы ән тынық ауаны толқыта, қырандай самғап, шалғайға тартты:

...Настанет пора — и проснется народ,

Великий, могучий, свободный...

XXVIII ТАРАУ. ШЕШУШІ КҮРЕС АЛДЫНДА

...Түс пе, сандырақ па, белгісіз. Өз денеме өзімнің билігім жоқ тәрізді. Қол-аяғым қозғалтпайды, кірпіктерім бір-біріне жабысып қалғандай, көзімді де аша алмаймын,. Тұлабойым күйіп барады. Таңдайым да кеуіп қалыпты.

— Серёжа, су, бір жұтым...

Ешкім тіл қатпайды. Қайда жатырмын? Қарымның ауырғандығына да қарамастан, ептеп қана жан-жағымды түгел сыйпап қарманамын. Алақаныма салқын еден сезіледі. Бұл не, тас еденді үй қайда бар еді? Әділ мен Асқардың үйінің бірінде жатырмын ба? Жоқ, ол екі үйдің еденінде қоға төсеулі болатын... Төбеден бір әлсіз сәуле түсетін тәрізді. Сол сәулені байқау үшін кірпігімді саусақпен тырнап ашуға тырысам. Бірақ, болар емес. Көзімнің түп тамыры суырып қоя береді. Жаңадан жұма түсем. Көзімді жұмсам болғаны, талай шытырман уақыйғалардың суреті тізіле қалады:

Қара домбыраны құлаштай сермеген Әділді де бір көріп қалғам-ды. Енді ол Құрманғазы болып кетті. Алғашқы көрінгенде Құрманғазының өзі де бала сыяқты еді, қазір ақ сақалы төсін жауып, әлем ашуын өз үстіне жыйнағандай қалың қабағы түйіле қалыпты. Тартып отырғаны да бір таныс күй. Тоқташы, немене еді? Я, я. «Қайран шешем!» екен ғой. Шешен домбыра шерлі баланың зарын ғана сөйлемей, сол зардан арылудың амалын-әңгімелеп тұрғандай. Бұл сурет кілт үзіліп, енді темір торлы терезеден қолын созып тұрған Ажар көрінеді. «Ана!» дейді Ажар. «Ау, қарағым?!» дейді төменде, терезе сыртында тұрған Зауза шешей, күркілдей жөтеліп. «Құтқаршы, ана!..» «Құтқарам, қарағым. Сені түрмеде ұстауға қақы жоқ. Қазір Атанияз мырзаның өзіне барам. Босат деймін қызымды. Егер мазақтайтын болса —... бірақ, мазақтамас... не бопты шіркінге. Сол үйдің отымен кіріп, күлімен шығамын. Алашасын да, басқұрын да тоқыйтын мен... киімін тігіп, кірін жуу да менің мойнымда болды. Тіпті өзгені былай қойғанда осы Баланияз күшікті өз баламнан артық күткен жоқпын ба. Тұңғышым Әбіл шырылдап жылап жатқанда мен Баланиязды арқалап жүрдім. Сол қадірімді білмей ме,. Рас, Әбілім өсіп алған соң осылармен өштесе бастады. Ол тым кекшіл... Әділдің тұттықпалығы үшін де налыйды оларға... Бас жарылса бөрік ішінде. Кек іздеудің керегі не еді... Әрі ауылдас, әрі аталаспыз. Бишара бала Ағанияз бен Дараниязды суға лақтырған екен-ау. Әлде Баланияз осыны кек тұта ма екен? Орынды. Әбілді қойып, кеше мен де оны жазғырыппын-ау. Тәубе, тәубе... Қайтып алдым. Кешірім сұрайын. Әбілді де, Ажарды да шығаруға көмектес дейін... Өз баламдай балам ғой, түсінер...»

Зауза ана Атанияз мырзаның есігін қағып тұр. Үйден Баланияз полицей шығып келеді.

«Аманбысың шырағым, арқалап өсірген балам едің. «Мал ашуы жан ашуы». Алайда, кемеге соғылып өлген жорғанның жаласын қарындасыңа аударма, қарағым. Әбілдің де, қарындасыңның да оғаш мінезін кешіре гөр, айналайын... Босануларына көмектес деп аналық базына жасай келдім, құлыным...»

«Жорғаның жолына якорь үйген кім? — Баланияз адырая қарайды, — осыны айтшы, қу мыстан!»

«Шырағым, — ана әлі де ашуға берілмей, сабырмен сөйлейді, — олай деп айтпа, құлыным. Өз тұңғышымды жылатып, сені үш жасыңа дейін арқалап өсіргенмін... оқуға алғаш барғаныңда да арқалап апарғанмын. Есіңде ме... сен оқып адам болдың. Оқыған адамның әдептілігін істе... Зәкіріңді білмеймін. Қарындасың ешқайда шыққан жоқ... Жазғырсаң, менің анау тентегімді»...

«Жәдігөйсіме мыстан, — ашулы полицей ананың өз кенжесін жазғырғалы тұрғанын да аңғармады, — сен мені арқаласаң менің үшін емес, күнің үшін арқаладың. Біздің сорпа-суды ішіп анау үш күшігіңді асырадың. Ұры қаншықтай қайқаңдама, мыстан»...

«Балам, — кемпір күрсінеді, — арқалап өсірген анаға олай демес... болар»...

«Ха-ха, ха-ха! — Баланияз мазақтап күледі, — әй, қу кемпір, сен өзің маған ақыл айта келіпсің ғой. Осы ақылыңмен неғып байымай жүрсің, ә?!»

«Қарағым, — Зауза шешейдің жүзіне реніш ене бастады, —бар уақытымызды осы босағада өткізсек қалай байық. Арқалап өсірген мырзамнан көрген қайырым дейін, ана қарындасыңды босатып бер, айналайын...»

«Қарындасыңды? Әй, кемпір, сен одан да қызыңды біраз уақыт менің төсегіме көшір... Сонда қызыңды түрмеден шығарам, алдыңа мал да салып берем. Ха-ха, ха-ха! Қандай салтанат!..»

«Не дедің әй, мырза? — ананы ашу биледі, — есітпей қалғаным».

«Қызынды маған көңіл ашуға бер деймін. Енді есіттің бе?»

«Естідім. Әдепсіз шайтан, арқалап өсіргендігім үшін маған көрсетпегін осы ма еді?! Талай қорлыққа төзіп келген едім. Өзгені былай қойғанда, мынау кенжемді келеке нысанасына айналдырып, тілден айырғанда да, «бас жарылса бөрік ішінде» деп көңілге кек алмап ем. Енді төзер шамам жоқ. Саған талай рет көйлек пішкен мынау ақ қайшымен тіліңді қырқайын ба, — ашынған ана оң жағындағы дорбасынан ақ қайшысын суырып алды да, полицейге тап берді, — қара бет»...

Баланияз полицейдін оң қолы кабурға барып-ақ қалған еді, кенет мылтық дауысы естілді де, ана көкірегін оң қолымен баса құлады...

Енді бастапқы сурет жаңадан қайталап, манағы сақалды Құрманғазының орнына Әділ пайда болды. Бұл жолы ол домбырасын күмбірлете соғып, қалың топтың алдында барады. Екі жағында екі мүгедек. Қызыл қанға боялған ана жаулығы қызыл қырандай самғап, төбесінде ойнайды. Түрме терезесінен сығалап тұрған Ажар ақыраған домбыра күйіне үн қосып, «Қайран шешем!» деп зарлайды. Темір торды екі қолдап сілкіп-сілкіп қояды. Осының артынша Ажар түрмеден жүгіріп шығады да, ана өлігіне бас иеді.

«Қош, ана, кегіңді жауға жібермен!..»

...Түс пен сандырақ аралас менің бұл көріп жатқандарым осыдан екі апта бұрын өткен өмір уақыйғалары екен ғой. Кезекті суреттердің бірі жаңадан жалт етіп, біз төрт бала киіміміздің ішінен денемізге оралған оюлы картонымызды енді ғана шығара берген едік. Сурет аяқталмай қалды. Біреу бүйіріме теуіп жіберді. Мен әлі де түс пен сандырақ шығар деп ойлаған едім. Мейірімсіз қатаң қол иығымнан сілкіп тастады.

— Қәне, тұр, большевик бала!

Оянып кеттім де, көзімді ашуға тырыстым. Шынында да кірпіктерім жабысып қалған болса керек. Қабақ терілерім де желімдеп тастаған тәрізді ешбір жыйырылмайды. Сүйек біткен сырқырап, қол аяғым да икемге келмейді. Бар денемді жалын шарпып, таңдайым да кеуіге қалыпты. Көзімді зорға ашып қарасам, әр жерге бір талдан біткен жирен мұртын тікірейтіп, «Мысықмұрт» тұр екен. Тұтқында жатқанымды Мыңдыбайдың «Мысықмұрты» көзіме түскенде ғана аңғарған едім, шын атын есіме түсіре алмадым ба, әлде осы сандырақ үстінде де шанша сөйлемек болдым ба, аузыма түскен алғашқы сөз «Мысықмұрт» ағай, бір жұтым су беріңізші» болды.

— Мә саған су, — «Мысықмұрт» үлкен етігімен жанбасыма бір теуіп, желкемнен сүйрей жөнелді. — Құдайсыз неме, тілінің қотырын қарашы. Манағы көксеркені тұтас жұтам деп қаталап қалдың ба, мен саған су емес, кереңді ішкізермін!..

«Мысықмұрт» мені дырылдатып сүйреген бойы, екінші бір есікке кіргізді де, ұзын скамейкаға итеріп тастады. Қабырғаға соғылып, қарақұсымды сындыратын-ақ шығармын деп ойлаған едім, бірақ, құлап түспей, біреудің құшағына еніп бара жатқандай болдым.

— Мырза, тұтқынды бұлай жәбірлемейді. Тіпті, алдымен жас баланы тұтқынға алуларыңның өзі жолсыздық.

Мені мүсіркей сөйлеген дауыс құлағыма таныс тәрізді еді, көзімді ашып алсам Михаил Ивановичтың құшағында тұр екенмін. Қарсымыздағы стол сыртында күрең тұмсықты, бурыл сақал біреу отыр. Ол баяғы пристав. Бұл жолы оның жүзінде үрей емес, өктемдік бар. Бізге сонша такаббар қараған пристав ұзын мұртын құлағына таман апарып, бірер шүйірді де, орнынан тұрып кетті. Енді өз кабинетінде ілулі тұрған патша суретіне еліктегендей, сол қолын жауырынына қойып, ерсілі-қарсылы қыдыра бастады. Кейде Михаил Ивановичқа көзінің қыйығын ғана тастап өтеді. Патша суретінен көз алмай біраз тұрғаннан кейін етігіндегі шпорын шылдыр еткізіп, кері айналды да, бізге қарай аяңдады.

— Су, — дедім мен, кезерген ернімді жалап, — су, бір жұтым су...

Пристав жауап қайырған жоқ. Жанымызға таяу келді де, күміс портсигарын қолына алды.

— Рақым етіңіз, матрос мырза, — бурыл сақал күміс портсигарын сырт еткізіп ашты да, Михаил Ивановичка ұсынды, — папирос алыңыз.

— Рахмет, ротмистр мырза, мен трубка тартатын едім, мүмкін болса мынау балаға бір стакан су беріңіз.

Біз осы бурыл мұртты бұрын пристав деп жүруші едік. Ал, Михаил Иванович ротмистр деп атады. Бұл оның жұмыс лауазымы ма, әлде әскери дәрежесі ме, ол жерін аңғара алмадым.

— Мә, іш, батыр! — пристав маған толы стакан су ұсынды, — тұзды көксерке шөлдетпей қояр ма? Бетінің ісігі де сол ащы балықтан шығар?

— Тұзды көксерке ме, әлде полицейлердің темір шыбығы ма, бетінің ісіп кеткені де рас.

Пристав пен мүгедек матрос түнеугі бір өлік үстіндегі ызғарлы қарастарын қайталап, бір-біріне бедірейісе қалды.

— Кәне, мырза, іске кіріселік, — пристав енді қыдыруды тоқтатып, орнына барып отырды, — мәселенің түсінікті болуы үшін әңгімені түнеугі кемпір өлген күннен басталықшы. Сол күні анау бір ақсақ бондарь ұлы мәртебелі патшамызға...

— Есімде, — приставтың пікірін аяқтатпай, Михаил Иванович ұзақ күліп алды, — есімде, Петрдей ұлы емессің деп наразылық білдірген болатын. Ол кісі Россияны Петр сыяқты патша басқарса еді дегенді арман етеді... Бірақ, төртінші күні-ақ ол бондарь сіздің қарамағыңызға ілінген еді-ау. Оңаша сөйлескен шығарсыз?..

— Матрос мырза, — пристав күйінген пішінмен столды соғып жіберді, — қайда отырғаныңызды ескергеніңіз мақұл!

— Кешірерсіз, — Михаил Иванович бұл жолы бір мырс етті де, кекесінмен басын изеді, — оң қолынан айрылып келген анау солдат та Россия үшін аса қатерлі адам ба екен?

— Матрос мырза, — пристав орнынан атып тұрды, — мен сізді екінші рет ескертем. Ақ адамды біз тұтқындамаймыз, түсінікті ме?

— Рас, сіздің тұтқынға алған мүгедектеріңіздің ішінде ақ терілісі жоқ. Ол екеуі қара, мен күрең. Айтыңызшы, айыбымыз сол ма?..

— Қалжыңдамаңыз, — пристав столдан біраз ұзап барды да, жалт бұрылды. — Сіз жауап берудің орнына менен жауап алмақшымысыз? Россияны қорғауда аяқ-қолынан айрылып келген батырларды, Георгий кресінің кавалерлерін тұтқындадың деп жазғырмақ шығарсыз? —пристав мүгедек матросты кекей күрсінді. — Ұят, бірақ амал не?! Ұлы мәртебелі патша сіздерді ұлы дәрежелі креспен наградтайды. Ал, сіздер?!.

— Ал, біздер аяғымызды креске ауыстырамыз.

— Кекесінді қойып, сұраққа жауап беріңіз.

— Сұраңыз.

— Есіңізде ме, сол түні көптеген көшелерге үкіметке қарсы сөздер жазылып шыққан болатын...

— Есімде, шіркеу қабырғасынан оқыдым-ау деймін. Тіпті, осы отырған үйіміздің қабырғасына да жазылып қалған болса керек қой. Сіз де оқыған шығарсыз деп ойлаймын?

— Матрос мырза, — пристав шкаф артынан бір нәрсені шығарып алған еді, оюлы картон екен, — мүмкін, сіз мынау бір оюлы картонды да көрген шығарсыз?

— Бұныңызды біле алмадым, мырза.

— Жоқ, қараңызшы, — бурыл мұрт картонды Михаил Ивановичтың алдына әкелді, — мынау баланын лақтырған көксеркесін іздеп жүргенде, мұз астынан табылды. Жабысып қалған екен. Әбденірек қараңыз. Мүмкін танырсыз?

— Шіркеу — славян әрпімен ойылыпты ғой, — Михаил

Иванович картондағы жазуды оқи бастады, — «Патша құлатылсын!» Өте қорқынышты талап. Бұл оюшыны шіркеу маңынан іздегеніңіз мақұл болмас па еді, мырза?

— Бағыт сілтегеніңізге рахмет, — пристав кекесін пішінмен мұрнынан күлді, — бірақ, матрос мырза, сіз жақсы барлаушы емес екенсіз. Квадратын шатастырып алыпсыз.

— Мүмкін, аяғымды тастап кеткенім де сол олақ матрос болғанымнан шығар. Не айтпақ едіңіз?

— Осы оюдың мынау бір қиықтары Зауза кемпірді жерлеген түні қолға түскен баланын, үйінен табылды...

Мен селк ете түстім де, енді осыны сездірмейін деген оймен көзімді жұмып қалғыған болдым. Бірақ, айлалы қу аңғарып қалса керек, қарқылдап күліп жіберді.

— Ха-ха-ха-ха!.. Көресіз бе, матрос мырза, шәкірттеріңіз сізден сабақ үйреніп үлгірмеген. Аса жауапты тапсырмаларға мынау сияқты сіңбірік мұрындарды бекер жұмсайсыз. Әлі тым жас екендігін ескермегенсіз...

— Кешіріңіз, не айтпақ едіңіз, пристав мырза?

— Жай, сізге жаным ашығаны ғой. Мынау балалардың бейқамдық жасап алғанын айтамын-ау. Сол бала да сіздің шәкіртіңіз шығар деймін.

Михаил Иванович мені шынтағымен бір түртіп, «қандай?» деп қалып еді, пристав оның пікірін аяқтатпай, тағы да мұрнынан күлді.

— Я, өкініш, матрос інім, — өкініш, тәжрибесіз шәкірттеріңіз сізді менің уысыма түсірді...

Пристав енді екі алақанын сарт еткізіп столға тіреді де, орнынан женіл көтеріліп, қыдырып кетті. Сол қолын баяғы сияқты жаурынына қойып алған. Патша суретінің алдынан өтерде мойнын солай бұрып, аяқтарын қаздан-қаздан басады. «Уа, ұлы патшам, жас балалардың бейқамдығын пайдаланып, сенін бір үлкен жауынды қолға түсірдім. Не бұйырасыз?» деп кеңесіп бара жатқан тәрізді...

Мен өткен уақиғаларды еске түсіріп, ойланып кеттім. Шынында да бейқамдық жасап алған екенбіз. Сол бейқамдықтың нәтижесінде Сашаның аяғы сынып, ауруханада жатыр. Михаил Иванович екеуміз приставтың алдында отырмыз. Арман ағай бастаған «бестік»те екі адамынан айырылды. Рас, оған қазір Жарқын ағай келіп қосылды. Өткен түннен бері мен олардан хабарсызбын. Мен енді кейінгі күннің уақиғаларын біртіндеп еске түсірдім.

...Әділдің анасын жерлер күні бізге күрсіне уағда беріп күймесіне міне жөнелген мынау мырза губернадан астық емес, екі рота әскер ала келіпті. Бұрын қаламызда пристав, исправник деген екі дәу болатын да, «бұл екеуінің ең дөкейі пристав» дейтін-ді жұрт. Қазір «гарнизон начальнигі» деген тағы да бір дәу пайда болыпты. Осы үш дәудің ен дөкейі қайсы екені әзірге маған белгісіз. Дегенмен, Сережа екеуміз кеңесе-кеңесе келіп «бар билік соңғысының қолында шығар-ақ» деген қорытындыға тоқтадық. Бұнымызда да негіз бар. «Гарнизон начальнигі» деген атаудың пайда болуымен бірге қалада жаңа тәртіп орнапты. «Енді топтанып жүруге де рұқсат етілмейді. Түнгі сағат оннан кейін кешеге шыққандар тұтқынға алынады», деседі жұрт. Қалаға әскер кіруімен бірге қожаларымыздың иығы қайтадан көтеріліп алыпты. Өткен уақиғаларға байланысты жұмыстан шығарылғандарды кеше қайтып алмақ болған еді, бүгін маңына жолатпай қойды. Әзірге Астраханьда жүрген Арман ағайды да Сәндігерей әміршінің ұсынысы бойынша жұмыстан босатыпты. Бұндай қатаң шаралар Атрау қаласының бір околодкасы болып саналатын Таласов батағасында ғана емес, ремонт базасына да, көрші батағаларға да орнап алыпты. Батағалар ғана емес, қазақ станицасына да барып еніпті. Ол күні жұмысты тастап, Зауза шешейді жерлеуге қатысқан көрші өндірістердегі жұмысшылардың «ең қатерлілері» тұтқындалып, «күдіктілері» жұмыстан қуылыпты. Дарья Сергеевна да түрмеге қамалыпты. Бірақ, әзірге бұл қатан шаралардан үрейленушілер шамалы. Қайта өшпенділік өршелене түскен сияқты. Атрау маңындағы батағалардың негізгі жұмысшылары түгел ауыз біріктіріп алса керек. Екі күннен бері жұмысқа шыққан жоқ.

Сәске көзі, казарма алдында отыр едік. Қала жақтан ентіге басып Кабановский келе жатты. Жанында Сәндігерей мен Хвастунов...

— Доңыз аттас жорғалай бастаған екен, — деп күлді, менің қолғабымды торлап отырған Жанқия апай, — бір жаңалық әкеле жатқан шығар.

— Амансыздар ма, тумалар, — Кабановский шынында да бір жаңалық айтатын тәрізді, Жанқия апайдың жанындағы Шәріпқалиды басынан сипап мүсіркей сөйледі, — немене, қарның ашып қалған жоқ па? Мә, конфета жейсің бе?

— Жоқ, мырза, рахмет, — конфетке қолын соза берген Шәріпқалиға Жанқия апай көзінің астымен қарап қойды, — үнемі қолы жете бермейтін тәттіге аузын үйретіп неғылсын.

— Жоқ, — анасынан қаймыққан Шәріпқали басын шайқады да, жүгіре жөнелді, — рахмет, жемеймін...

— Бәйбіше-ай, — Кабановский қалтасынан бір қағаз шығарып, күрсінді, — осы бір орынсыз қарысу түбімізге жетеді ғой...

— Ойпырым-ай десеңізші, — Сәндігерей де күрсіне басын изеді, — сөз жоқ, қырғынға ұшыраймыз бұнымен.

— Тағы да бір пәле бар ма екен, — күні бойы шұқшия төмен қараған күйі насыбай үгіп отырған Жалықпас қария үрейлене басын көтерді, — не болыпты, қарағым?

— Не болсын, — Кабановский қолындағы қағазын Матвей Степановичқа ұсынды, — міне, оқыңыз. Мынау Петроградтан келген телеграмма, майданға тез балық жібер деп қысып жатыр. Ал, мынау гарнизон начальнигінің бұйрығы. «Ертеңнен бастап жұмысқа шықпағандар отанға сатқын деп есептелінеді» деп ескертіпті. Қарсыласудың қажеті не, қантөгіс болады ғой, тумалар...

— Біздің қанымыз аз төгіліп жатыр ма екен, — Матвей Степанович доңыз аттастың қолын қағып тастады, — тағы да не айтыпты начальнигің?

— Маған беріңізші, — Хвастунов бондарьға шегір көзімен тесірейе бір қарады да, Кабановскийге бұрылды, — бері әкеліңізші. Мен оқып берейін. Есітсін өз құлақтарынан.

— Мә, алдымен телеграмманы оқы.

— Ал, әбден зейіндеріңді сала тыңдаңдар, ұлы мәртебелі патшадан келген хан...

Тегі өздері ойдан шығарған телеграмма болар-ақ, әйтпесе байтақ Россияны билеп тұрған ұлы мәртебелі патшаның Каспий қолтығындағы балық батағасының қожасы Таласов пен Кабановский мырзаларға телеграмма беруі мүмкін емес. Не де болса «эсер сандуғашы» тағы да бір жөтеліп алды да, маңғаздана сайрай бастады.

— Мы Николай II, император Всероссийский, царь польский, князь финляндский...

— Ой, ой, ой, — Матвей Степанович кекесінді пішінмен мырс етіп күлді де, қолын сілтеп тастады, — мынау дәрменсіздің лауазымы қандай ұзын еді. Таусылар емес қой. Ал, біз қарапайым пролетариат, талабымыз орындалмай тұрып, істемейміз жұмысын. Аржағын оқымай-ақ қой.

— Міне, саған орыс патриоты. — Хвастунов таңдайын қағып бөгеліп қалды, — міне, орыс-жапон соғысынын батыры, Георгий крестерінің кавалері, ә?!

— Жап аузыңды, — Матвей Степанович тас түйіп алған жұдырығымен қазық сирағын қойып жіберді, — аяғымды берсін де, крестерін қайтып алсын!

— Ах, солай ма?

— Арам тер болма, мырза, — Айдынғали ағай жамап отырған етігін тастай беріп, орнынан атып тұрды, — көп болса түрмесіне жабар. Бірақ, анау алты адам қайтадан алынбай тұрып, ешкім жұмысқа шықпайды.

— Айдынғали, сен кеш қалғансың, — Кабановский зіл сіз ғана күлген болды, — Таласов мырзаның қыңырлығымен істелген іс қой. Ол кісі кеткен бойда мен бәрін де жұмысқа алу туралы әмір бергенмін. Көп болса ұрысар да қояр. Бала-шағасын қырамыз ба олардың. Сен бұны хабарламап па едің, Сәндігерей, ә?

— Нені? — баста абыржи қараған Сәндігерей қожасының жып ете қалған сол көзінен пікірін сезді де, асыға сөйледі, — жұмысқа қайтадан алу туралы ма? Осында, Дауыл ма, Сережа ма, бірінен айтып жібергенмін...

— Қате, — мен күлдім, — сізді үш күннен бері бүгін бірінші рет көріп отырмын...

— Қарағым-ай, — Кабановский қынжылғансып басын шайқады, — сондайды өзің айтсаң қайтеді. Ал, енді, тумалар, мен қолымнан келгеннің бәрін істедім. Азық іздеп ертең Астраханьға да жүргелі жатырмын... Ақылға келейік...

— Ау, жігіттер, — Жалықпас қария күрсінді, — біз осылай отырғанда кімді мұқатамыз? Көп тілейміз деп аздан айрыламыз. Қатын-баламыз ашығып қалады. Тіпті өзгені қойғанда анау қылыштылар қырып тастайды ғой...

— Өшір үніңді! Істесең өзің істей бер. Біз тек бұндағылар ғана емес, анау көрші батағадан тұтқындалғандар да босатылмай тұрғанда, ондағы жұмыстан шығарылғандар түгелімен қайтып алынбай тұрғанда плот есігін аттамаймыз, — Матвей Степанович трубкасынан қазір ғана сорып алған көк түтінді ауыз-мұрнынан бірдей бұрқ еткізіп, Жалықпасқа зекіп тастады да, Кабановскийге тесіле қарады, — гарнизон начальнигіне айта бар, мырза.

— Эх, отансыз, намыссыз...

— Көрсетермін мен саған отансызды, — бондарь шын күйінсе керек, орнынан секіріп тұрды да, Хвастуновқа тап берді, — өңешін жұлынбай тұрғанда кет, бұл маңнан!

— Жарайды, кеттік, — Кабановский ауыр күрсінді де, Хвастуновты жетелеп, бұрыла берді, — тым ашулы екенсіңдер... Біздікі ақыл ғана. Ойлаңдар, тумалар...

Жұрт бір біріне тіл қатпай, ұзақ отырып қалған еді. Михаил Ивановичтың көңілді қоңыр дауысы сол бір меңіреу тыныштықты бұзып жіберді.

— Я, жолдастар, — Михаил Иванович байырғы әдеті бойынша күле сөйледі, — түнере қалыпсыңдар ғой, неме¬не?

— Әлгіде Кабановский мырза келіп, гарнизон начальнигінің бұйрығын оқып кетті, — Матвей Степанович трубкасын қайың сирағына қағып, күлін түсірді де, қайтадан темекіге толтыра бастады, — ертең жұмысқа шықпағандарды қырамын депті...

— Қырады, сөз жоқ, — үкпе насыбайды кеңсірігіне ышқына тартқан Жалықпас қария өз сөзінен өзі де селкілдей түшкіріп алды, — қырады, шығу керек.. Ә-әт-шу... жұмысқа...

— Солай деңіз, білемін ол бұйрықты. Петроградтан телеграмма келе қалған екен, ә? — Михаил Иванович қалтасынан бір қағазды шығарды да, өзіне ілесе келген Иван Петрович пен Тілекке қарады, —отырыңдар.

— Ал, мынадай телеграмманы оқыған жоқ па?

— Қандай, кәне, оқышы...

— Мемлекеттік думаның председателі атынан Астрахань губернаторына келген болса керек, осынын көшірмесін біздің жолдастар Арманға берген екен, Арман бір мүгедек солдат арқылы осында жеткізіпті, — Михаил Иванович тамағын кенеп алды, — тыңдаңдар: «Жағдай аса ауыр. Астанада әбігершілік. Үкіметтен билік кетіп барады... көше бойы атыс. Әскерлер бірін-бірі атқылауда...»

— Солай де, — Матвей Степанович трубкасын тұтатып алды да, басын изеді, — тым қатайып кетіп еді-ау?

— Қатаймай қайтсін? — Михаил Иванович қағазды қалтасына салды да күлді, — бірақ, бұл хабар Атрауға әлі жетпеген шығар. Ал, жұмысқа шығамыз ба?

— Күшті болса шығарып көрсін, — бондарь басын шайқады, — шартымызды орындаса...

— Мынау көрші батағаның өкілдері өз талаптарын ақырғы рет айтқалы келіпті, — Михаил Иванович бондарь мен Жанқия апайға қарады, — сіздер де бірге барыңыз. Шарттың түгел орындалуын талап етіңіз. Одан бір адым шегінбеңіз.

— Жүріңдер, — бондарь орнынан көтерілді, — ақырғы рет алдынан өтелік...

— Сәтті сапар, жолдастар, жеңіспен қайтыңдар!

Михаил Иванович уәкілдердің артынан ұзақ қарап тұрды да, Айдынғали мен Есқали ағайларға күбір ете қалды. Сол күбірлескен күйі казарма маңын біраз қыдырып жүргеннен кейін үшеуі үш бағытқа тарасты...

Қала әкімдеріне кеткен уәкілдер ұзақ уақыт оралмады. Олар кешіккен сайын біз үрейлене түссек, Жалықпас қария үміт етеді.

— Жолы болған жолаушы кешеуілдеп оралар болар, қарақтарым, — дейді ол кісі, бармағындағы насыбайын ышқына тартып, жиі-жиі түшкіре, — ә... ә... әт... шу... у... Жәрекімалла!..

Бірақ, Жалықпас қарияның ескі жорамалға сенген үміті бұл жолы да алдапты. Уәкілдердің тұтқындалғаны туралы түс кезінде хабар алдық. Бұл хабарды есіткен бойда Шәріпқалиды жетелеп Михаил Ивановичтың үйіне қарай жүгіре бердім. Шәріпқали біресе казармаға, біресе пристав кеңсесі жаққа жалтақтай қарап, жылан келеді.

— Жылама, Шәріпқали жолдас, — деймін мен оған, — біз күрес адамдарымыз. Күрес адамдары көзден жас төкпейді!

Шәріпқали түсіне ме, жоқ па, онда ісім жоқ. Мен Михаил Иванович пен Жарқын ағайдың ауыздарынан естіген осы бір «жолдасқа» әрі қызыға, әрі аса зор мән бере, тым жиі қолданамын. Кейде Жанқия апайға да «Жанқия апа жолдас» деп қоямын. «Жолдас!» қандай тамаша сөз. Бұл қазақтың да, орыстың да тілдік қорында бұрыннан бар сөз деседі. Алайда, қазір онда тамаша бір терең мағына бар. Жолдасым деген адам мен сенің сапарыңның, ұстаған бағытыңның алдына қойған мақсатыңның бірі қабысатындығын аңғартады. «Жолдас!» Тамаша сөз, тамаша! Мен өз атыма «жолдасты» жалғамаған достарыма ренжіп те қаламын...

Михаил Иванович үйінде жоқ екен. Шәріпқалиды Анна Ивановнаға тапсырдым да, Сережаға жүгірдім.

— Олар зират жаққа кетті, — деді Сережа күрсініп, — жүр, іздеп табалық!

— Жүр, тезірек!

Ескі зират ішінде қыдырып жүрген Есқали ағайды кездестірдік те, уәкілдер туралы хабарды айттық. Ол кісі бізді Михаил Ивановичтар отырған терең жыраға алып келді. Елу-алпыс адам алқа-қотан отыра қалыпты. Орталарында бөлшектеп тастаған бір винтовка. Михаил Ивановичтың қолында затвор. Ол сөйлеп, өзгелері ұйып тыңдауда...

— Солай, жолдастар, — біздің хабарымызды тыңдап болды да, Михаил Иванович төңірегіндегілерге сынай қарап, орнынан көтерілді, - демек, құралсыз іс бітпейді! Шын шайқасуға да, қорғануға да тура келеді. Сын сағаты таянды. Біз енді шешуші күреске кірісеміз. Макарыч, сен үйрете бер. Мен қала жаққа барайын. Бүгін-ертең Арман да келіп қалар. Жас қырандар, сендер Сашаның үйіне жиналыңдар. Бүгін оның үйі оңаша... Тапсырма бар сендерге...

Ол күні Сашаның шешесі көрші селоға кетіп, үйі оңаша қалған екен. Біз төрт дос түгел жиналып болған кезде Михаил Ивановичтар да келіп үлгерді.

— Кәне, жолдастар, енді іске кірісіңдер, -— деді Михаил Иванович, киімінің ішінен денесіне оралған екі картонды шығарып.

Осындай төрт картонды Жарқын ағаймен Надежда Петровна да ала келген екен.

— Міне, мынау сызықтың бойымен былай кесесіңдер. — Михаил Иванович картонды еденге төседі де, жазулардың соңғы жолындағы сызықтарды қолындағы үшкір пышағымен кірш-кірш еткізіп кесе бастады, — ал, енді оқып көріңдерші, — деді ол, қырқылған қиықтарды алып тастады да.

— «Долой» — деп оқыды Саша картондағы алғашқы оюды, — тамаша ғой. Енді мынаны ойсақ «царя» болып шығады.

— Кәне, енді өзің ойып қарашы.

— Мен осыны көптен-ақ арман етуші едім, — деді Саша екінші сөзді оюға кірісіп, — міне, «ц» әрпіңіз. Мі- не, «а..,.»

— Жігітсің, жақсы оясың, — Михаил Иванович жас оқушысын жауырынға қағып қойды, — қане, Адик, оқып көрші, не боп шықты.

— «До-лой ца-ря!» — деді Әділ алғашқы екі сөзді буынға бөле оқып.

— Дұрыс айтасың, Адик, сол патша құрымай тұрғанда бізге өмір жоқ, — Михаил

Иванович Әділді басынан сипады, — ал, енді Дауыл екеуің анау қазақшасын ойыңдар. Жарқын, маған жұмысшылар арасына бару керек. Надежда Петровна екеуін біраз бақылай тұрыңыз. Топтана жүрмей, бір-бірлеп тарасалық. Сақ болыңдар. Қиықтарын өртеп жіберіңдер. Біз кейін бір кіріп шығармыз.

Михаил Иванович үйден шықты да, біз қызу істі жалғай бердік. Менің алғашқы ойғаным «Жауыз» деген сөз еді, оң жағымдағы Әділге қарасам, ол «патша» деген сөзді ойын үлгірген екен. Мен енді «құлатылсын» деген сөзді ойып шықтым. Осы кезде жерден басын көтерген Әділ, екі картондағы сөздерді құрастырып: «Жауыз патша құлатылсын!» деген тұтас бір сөйлемді оқыды да, масаттана күліп жіберді.

— Ке-еші-іріңіз та-ақсыр. Ана қа-аны осыны та-алап ет-еді!

Надежда Петровна Әділді мейірлене сүйді де, үйден шықты. Біздің дұрыс оя білетіндігімізге әбден көзі жеткен соң, іңір түсе Жарқын ағай да қоштасты.

Өз жұмысымызға өзіміз сүйсінген ересектер есікті бекітуді де ұмытып кеткен екенбіз. Сашаның кіші інісі Коляның үйге кіріп кеткенін де байқамай қалыппыз.

— Саша, бұл не? — деп сұрады Коля таңдана қарап.

— Ой, сен қашан кіріп едің? — Саша абыржып қалды, — бар, бар ұйықта.

— Бұл не нәрсе? — Коля екінші рет сұрады, — айтшы.

— Бұл ою.

— Оюды қайтесіңдер?

— Базарға апарып сатамыз. Бар, ұйықташы..

— Жатамын ғой, біраз көре тұрайыншы. Маған да үйретіңдерші.

— Әлі ертерек. Кейін үйретеміз, — деді Саша есікті іштен бекітіп келді де, — бар ұйқта, саған айтамын!

Саша тым сұстана қарап еді, өзгелерден де сүйеу көре алмаған Коля, әрқайсымызға бір жаутаңдап, төрге қарай озды.

— Саша, — деді бала төсегіне барып жатқаннан кейін басын бір көтеріп, — оюды сатқан соң маған коньки алып бересің бе?

— Әперем, ұйықташы өзін.

— Нан да әкелесін, ә?

— Әрине, әкелем.

Коля ескі көрпенің астына кірді де, енді қайтып үндемеді. Сережа бәрімізден бұрын кіріскен-ді, бұрын аяқтады.

— Кәне, көмектесейін бе? — деді ол, өз алдындағы ойындыларды отқа салып келді де.

— Міне. мен де бітірдім, — Саша да қиықтарды жиыстыра бастады, — ой, менің алғашқы бес әрпім жоқ қой. Сен апарып тастаған жоқпысың?

— Мүмкін, — Сережа картондарды көтеріп қарастырды, — асылы менің апарып тастаған қиындыларыма араласып кетуі мүмкін...

Михаил Иванович пен Жарқын ағай келіп есік қаққанда, бәріміз де істі аяқтап, қиындыларды отқа салып үлгірген едік. Жоғалған бес әріпке пәлендей мән бермедік те, бұл туралы әңгіме де етпедік.

— Рахмет, жігітсіңдер, қырандар. Ал, енді іске кірісіңдер, — деді матрос, жұмыстарымызды түгел тексеріп шыққаннан кейін, — учаскелеріңді мана белгіледік қой. Барыңдар, қырандар, тек сақ болыңдар. Егер бірін, қолға түсіп қалсаңдар, өзгелерін оны қорғаймын деп, қоса түсуші болмаңдар. Сендер бір-біріңді білмейсіңдер. Тапсырманы орындағаннан кейін картонды үкіге ағызып жіберіңдер. Ұқтыңдар ма?

— Ұқтық.

— Сәтті сапар!

Оюлы картонды киіміміздің Ішінен денемізге орадық та, бір-бірімізбен қоштасып, далаға шықтық. Ал түн бізге көмектескендей, мейлінше қараңғы еді. Екі-екіден бөлініп кеттік. Менің жанымда Саша. Халық аяғы басылған кез. Кешеде ешкім жоқ. Жана келген гарнизон түнгі күзет туралы әзірге ойламаған болса керек. Саша күзетте тұрады да, мен үйдің қабырғасына картонды жапсыра салып, бояуға кірісем. Күндіз ел көп жиналатын талай үйлердің-ақ қабырғаларын бояп шықтық. Бастапқы кезде жүрегіміз лүпілдеп, біраз үрейленгеннен болып едік, енді бірден-бірге етіміз үйреніп, батырланып алдық. Кейде спичка шағып, үңіле қараймын. Сәуле өшкенше «Патша құлатылсын!» деген сөзді оқып та үлгірем. Біз енді жар астымен бұқпалап балық батағасына таяндық. Михаил Ивановичтың берген тапсырмасында бұл болмайтын. «Есіне келмеген шығар, бұған да жаза кетелік» деп ойладық. Плоттың қабырғасына картонымды жаңа ғана апара беріп едім, біреу білегімнен шап берді. Шошып кеттім де, жұлқына бастадым.

— Тсс-с-с, дыбыстама! — деді бір таныс дауыс.

Жалт қарасам Макар қарт екен. Саша да байқамай қалыпты.

— Ата, — дедім мен дауысым дірілдеп, — ата!

— Ақмақ, қорықпа. Не істеп жүргеніңді де білемін. Бірақ, жазатын жерін бұл емес. Бұл жерге керектісі сендерсіз-ақ... сен одан да анау бүкіл қала халқы түгел жиналатын нан лавкасына жаз.

— Жоқ ата, — мен сақтыққа салынып, не істеп жүргенімізді жасырмақ болдым, — біз ешнәрсе істеп жүргеніміз жоқ.

— Ақымақтанба, бала, — Макар мақтанышын да сездіре күлді. — Сенін бұл істеп жүргеніңді мен осыдан он екі жыл бұрын атқарғанмын. Сол Макарға сен қазір сенімсіздік білдіресің, ә?!

— Кешіріңіз ата, — мен ұялып қалдым, — әншейін, сізді...

— Солай, балақай, бар, лавкаға жаз!

— Онда полицей бар ғой.

— Полицей дегенің Мамырбай ма? Ол әлгіде мас болып ұйқтап жатқан, ертең таңертең бір-ақ тұрады. Тіпті жауырынына жазып кетсең де оянбайды. Біз баяғыда осылай ететінбіз...

— Шын айтасыз ба, ата?

— Ақмақ. Менің өтірік айтқанымды естіп пе екен, сұра жұрттан.

— Кешіріңіз.

Біз жүгіре жөнелдік. Кейінгі кезде азық мәселесі қиындай түскен соң, ашыққан жұрт тонап ала ма деген сақтықпен бұл лавканы полицей күзететін-ді. Сондықтан да аса сақтануға тырыстық. Дегенмен, жүріп келеміз. Манардың айтқаны шын екен. Лавканың сырт жағынан сығалап қана қараған едік, осы «Мысықмұрттың» ағайыны Мамырбай полицейдің қорылдап ұйқтап жатқанын көрдік. Үлкен қара тонның жағасымен басын жаба тастапты. Нан лавкасының қабырғасындағы «молярлығыңызды» бітіргеннен кейін, ұйқышыл полицейдің өз жаурынына да: «Жойылсын патша!» деген сөйлемді басып кеттік.

— Жүр, енді приставтың өз кеңсесін де сырлай кетейік, — деді Саша, — ертең ренжіп жүрер.

— Жүр, — дедім мен де табысқа тасынып, — тек сақ бол!

— Қорықпа, тірі жан жоқ, — деді Саша, үйді бір айналып өтті де.

Мен іске кірістім. Картонымның біреуін бітіріп, екіншісін енді ғана оңтайлай беріп едім, таяудан аяқ тықыры естілгендей болды. Елең ете қалдым.

— Саша, біреу келе ме? — дедім сыбырлап.

— Ойбай, келіп қалды.

Картонды шиыршықтай ұстап, тұра жүгірдім. Артымнан тарсылдаған аяқ даусы естіледі. Саша ма, әлде қуғыншы ма, білмеймін.

— Әй тоқта. Бұл қайсың? Атамын, әйтпесе...

Таныс дауыс еді, бізді қуып келе жатқан осы «Мысықмұрт» екен. Екі-үш рет мылтық та атылып қалды. Біз көшеден көшеге жалтарып зытып келеміз. Әлден уақытта қуғыншы алыстағандай болған-ды, «енді екі бөлінейік те, үйге қайтайық», деп аузымды жинағанша болмады, «Мысықмұрт» бір бүйірден қараң ете қалды. Айлалы қу алдымызды орап барады екен. Екеуміз де биік жардан елікше қарғыдық. Күртікке бір баттым да дереу орнымнан көтеріле бердім. Жолдасымның ауыр ыңылдаған даусын есіттім. «Мысықмұрт» та таяу қалыпты. Ендігі көмек екеумізді де жау қолына беру ғой деп ойладым да, қаша жөнелдім. Мен картондарды үкіге ағызып болып, қалың қайық тасасына тығылғанда «Мысықмұрттың» Сашаға жекірген жексұрын даусын ғана есіттім...

Ол түні қала сыртындағы Қаныке кемпірдің үйіне қонғанмын. Үйге жарық түскен соң қарасам үсті-басым бояу екен. Сырт киімдерімді өзгертіп кидім де, көшеге шықтым. Түнгі жұмысымыздың нәтижесін көруге бір асықсам, Сашаның халін білуге екі асығам. Ешнәрсе сезбегендей аяндап келем. Әр үйдің қабырғасына үңіліп қалған адамдар көрінеді. Нан лавкасының алды қалың жан екен. Орталарына барып мен де кірдім. Біреулер дауыстап, біреулер ішінен оқып жатыр: «Жойылсын патша!»

— Оқуға рұқсат жоқ, тараңдар, — Мамырбай полицей қабырғаға үңілгендерді омыраулай бастады, — мынаны жазған әзәзілді тапқанша лавка ашылмайды.

— Мамырбай аға, — дедім мен жауырынындағы жазуды оқып, — сіз өзіңіз де патша үкіметіне қарсысыз ба?

Мамырбай маған бажырайып бір қарады. Жұрт ду күліп жіберді.

— Ой, мырза, әзәзілдің әкесі өзіңсің ғой. Патша үкіметіне қарсы үгіт жүргізуіңіз қалай?

Жиналған жұрт Мамырбайды келекелеп, бір әрі, бір бері итеріп, шыркөбелек айналдырып алды.

— Уа, бұл не бассыздық, тоқтатыңдар!

Өзін келеке еткен жұрт күлкісінің мәнін әлі де аңғарып жетпеген Мамырбай, жер тепкілеп, қаһар көрсете бастап еді, көпшілік бұдан да үрейлене қоймады.

— Мамекеңнің бұрын жүзі ғана суық болушы еді, ендігі ашуын артына жинаған екен.

— Патшаны құлатам деген не сұмдық?

— Әй, өзі қандай батыр еді?

— Николайдың орнына өзі патша болып жүрмесін?

— Ие, несі бар. Болса қолынан келмес дейсің бе?

— Жетер енді, қоясыңдар ма? — Мамырбайдың қолы қабырға барып қалды, — тәртіпке шақырам!

— Әй, хат танитын біреуін өзіне оқып беріңдерші, — деп жұрт жаңадан шулады.

— Мамырбай аға, — дедім мен, арқасындағы сөйлемнің әр әрпін саусағыммен шұқып, — сіздің жауырыныңызға: «Жойылсын патша!» деген сөйлем жазылыпты.

Ашулы полицей қысық көзін аларта қарап, маған ұмтылып еді, бірақ ол майға бөккен үйректей мамырлап, аяғын бір басқанша, мен екінші көшеге жетіп үлгірдім де, көзден таса болдым...

Сол жүгірген қалпым, Сашаның үйіне таянғанымда, есіктен екі-үш адамның кіріп бара жатқанын көрдім. Қарапайым адамдарша киінген. Үшеудің бірін «Мысықмұртқа» ұқсаттым да, босағада тұрып қалдым. Қиыны қашқан есіктен іштегілердің әңгімесі естіледі.

— Мынау бала неткен оңды еді-әй! Атың кім? — деп сұрады «Мысықмұрт».

— Николай, — деді Сашаның інісі.

— Ие, Коля десеңші, сен өзің оқи-жаза білесің бе, Коля?

— Жоқ, енді екі жылдан кейін оқимын.

— Оқи білмесең мынау әріптерің не?

— Ағай, — аңқау бала, қаннен қаперсіз күледі, — ағай, бұл әріп емес, ою.

— Қойшы-әй, ою ма? Ақылдысын қара өзінің. Бұл оюды кім істеді?

— Менің ағам Саша істеді, ол үлкен оюды базарға сатуға кетті. Ақшасына маған коньки сатып әкеледі.

— Тамаша екен, ә?

— Я, біздің Саша тамаша ояды. Кеше оны Михаил Иванович та мақтады. Тамаша оясың екен деді.

— Михаил Ивановичің кім?

— Әлгі мүгедек матрос ше. Сіз оны білмейсіз бе?

Мен санымды бір-ақ ұрдым. Аңқау нәресте бүкіл сырды ашып берді. Қазір біздерді де айтатын шығар. Бұған біз айыпты. Бейқамдық жасадық.

— Сен мынау оюыңды сатасың ба? — дейді «Мысықмұрт».

— Сатам. Не бересіз?

— Конфета берем. Кел ауыстырайық. Саған Саша тағы да жасап береді ғой. Мә, қалтаңды аш, анау қалтаңды әкел.

— Бес оюға осынша көп конфета келеді екен ғой, — конфетке қызыққан сәби мәз болып күледі, — мә, алыңыз. Ою керек болса ертең тағы да келіңіз. Ендігісін нанға сатамын.

— Келеміз, Коля, келеміз...

— Енді не істеу керек? Кешегі біз жоғалтқан қиыңды қазір «Мысықмұрттың» қолында тұр. Тартып алуға күшім жетпейді. «Мысықмұрт» жолдастарымен біраз күбірлесіп алды да, үйден шығуға ыңғайланды.

— Қош. Коля. Үлкен рахмет!

— Қош, ағай, атыңыз кім сіздің?

— Атымды ертең айтамын. Ертең нан да әкелемін...

Мен тығыла қалдым. Охранка адамдары бұл жолы үй ішін тінтпестен қайтып кетті. Коляға әлгі істеген қатесін түсіндірудің пайдалы, пайдасыз екендігіне ақылым жетпеді. Болған уақиғаны Михаил Ивановичқа баяндамақ болдым. Бірақ, охранка адамдарының көзіне түспеу үшін орағытып барған едім, енді «Мысықмұрттарды» осында көрдім. Сол күні кешке Михаил Иванович тұтқынға алынды....

Үш күнге созылған табан тірестен кейін жұмыс қайтадан басталды. «Күдіктілердің» бірқатары жұмысқа қайтып алынды да, қалғандары «қатерлілер» қатарына қосылып үкімет түрмесіне қамалды. Түрмедегілерді босату туралы талапқа қала әкімдері: «зерттеліп болмай ешнәрсе алмаймыз,» деген баяғы бір үйреншікті жауабын қайтарып, жүре тыңдады. Азық жеткізу мәселесі бүгіннен ертеңге көшумен келеді. Осы қарсаңда Арман ағай да Астраханьнан оралған еді, ол Асқардың беті бері қарай бастағандығы туралы қуанышты хабармен қоса үлкен бір жаналық ала келген тәрізді. Жұмысқа қайтып ал деп Кабановскийге де бармады. Көзге де түсе бермейді. Күндіз қайда жүретіні белгісіз, іңір қараңғысында казармаға жетіп келеді.

— Арман ағай, қазір сіз не істейсіз? — деп сұраймыз біз.

— Балық аулаймын, — Арман ағай бізге қарап күледі де, қалтасынан ысталған екі балық шығарады, — міне, менің аулаған балығым. Мынау кішкене нан. Сережа екеуін осыны Михаил Ивановичқа апарып беріңдер, Бірін тапсырғанда, екіншің терезе алдында тұрыңдар. Егер бірдеме тастай қалса дереу Надежда Петровнаға тапсырыңдар. Ол маған жеткізеді.

Сережа екеуміз Арман ағайдың аманатын жұмыстан кейін Михаил Ивановичке алып барамыз. Ол кісі балықтың бірін алып қалады да, екіншісін кері лақтырады. Біз терезеден түскен балықты қағып аламыз да, Надежда Петровнаға жеткіземіз. Екінші келгенде Арман ағай бізге жұқа қағаздар ұсынады.

— Бүгінгі аулағаным мынау, көшелерге апарып жапсырыңдар.

Бұл жай қағаздар емес, патша үкіметіне қарсы өткір ұран жазылған листовкалар. Сөздері бұрынғыдай қолмен жазылмай тасқа басылыпты.. Қайдан шығып жатқаны да белгісіз. Жалпы сарыны бір болғанмен мазмұны күн сайын өзгеріп отырады. Көлемі шағын болғанмен көп мәселені қозғаған жұқа қағаздың таратуы да оңайланып кетті. Кейбірін кісі көп жүретін жолға шаша тастаймыз, кейбірін шикі нанмен төрт бұрыштан ұстатып, үй қабырғасына жапсыра саламыз. Бірден-бірге өрісіміз де ұзарып барады. Соңғы күндері Атрау маңындағы балықшы поселкаларын да түнделете аралап шығатын болдық.

Мен кейіннен аңғардым, осы бір құпия қызу жұмыстың тізгіні түрмеде жатқан Михаил Ивановичтың өз қолында екен ғой.

— Сережа, — дедім мен бір күні, — сен білесің бе?

— Нені айтасың?

— Осы балығымызда бір сыр бар.

— Жоқты айтасың. Не болушы еді?

Екеуміз егесе отырып, балықтың аузын ашып қарап едік, әріректе бір қағаз көрінгендей болды. Бірақ, алып оқуға бүлдіріп тастармыз деп қорықтық. Демек, әкелген балығымыздың ішінде де қағаз болуға тиісті. Арман ағайдан бұл сырды қанша сұрамақ болсақ та тәуекел ете алмадық. Кеше Арман ағай екі көксерке беріп жіберген еді. Сережа тапсыруға кетті де, мен әйнек алдында тұрып қалдым. Екі көзім темір торлы терезеде. Әлден уақытта алдыма келіп бір нәрсе топ ете қалды. Өзіміз әкелген көксеркенің бірі екен. Еңкейіп енді ғана ала бергенімде:

— Таста, не алып жатырсың?! — деген дауыс естілді.

Жалт қарасам «Мысықмұрт». Көксеркені қойныма тығып алдым да, тұра қаштым. «Мысықмұрт» тұра қуды. «Уа, ұстаңдар, ұстаңдар!» — деп айқайлайды. Екі-үш рет мылтық та атылып қалды. Бірақ, тимесе керек. Әзірге ауырған жерім сезілмейді. Заулап келем. «Мысықмұртқа» жеткізер емен. Құтылдым-ау деп. едім, алдымнан Шыңғыс пен Ноянның кездесе кеткені. Жолымды кесе жүгіріп келеді. Қу аяқ балалар құтқарар емес. Енді қайту. керек? Көксеркені қолға түсірсем бүкіл сырдың ашылғаны. Өзім өлсем де көксеркені құтқаруым керек. Қуғыншылар екеуі екі жағымнан қол жетер жерге таянып-ақ қалды. Артымда «Мысықмұрт», алдымда биік жар. Жалтарар ешбір жерім жоқ. «Ә, тәуекел!» дедім де, көкше мұзға бір-ақ қарғыдым. Екі бала қолын екі жақтан созған күйі қала берді. Басымды мұзға соқтым ба, әлде бір жерім сынды ма, ол арасын білмеймін. Көзім қарауытып барып, есімді жинадым. Тұра жүгіруге шамам келер емес. Жан-жағыма қарасам қуғыншылар тағы да таяу келіп қалған екен. Енді не істеу керек? Жан ұшырып үкіге қарай еңбектедім... «Мысықмұрт» аяғымнан бас салғанда мен қолымдағы көксеркені мұз астына тығып та үлгірген едім. Ашулы полицейдің мұрты бұл жолы тал-тал болып, тым-ақ тікірейіп кеткен екен. Сол аяғымнан ұстаған күйі мұздай суға малып-малып алды да, тепкілей бастады. «Көксеркең қайда? Қай терезеден тастады?» деген сұрақтарын есіттім де талықсып кеттім. Арғы жағы есімде жоқ...

Міне, мен «Мысықмұрттың» қолына осындай жағдайда түскен едім...

...Үлкен бөлменің ұзындығын өлшемек болғандай, анадан бері бір шетінен екінші шетіне дейін тоқтаусыз адымдап жүрген пристав, патша суретінің алдында үнсіз біраз тұрды да, енді шпорың шылдыр еткізіп, бізге бұрылды.

— Кәне, матрос мырза, сөйлеңіз. Мәселенің дұрыс шешілуі үшін шыны қызды айтқаныңыз жөн.

— Ротмистр мырза, — Михаил Иванович приставқа тым өктем қарады да, күлді, — сізге шындық керек пе?

— Әрине, — пристав үміттенген адамдай басын изеп, таяна түсті, — шындықты айтыңыз.

— Ендеше осы ұранның өзі шындық! Сізге бұдан өзге қандай шындық керек? Мәселе кімнің жазуында емес, кім де болса шындықты жазуында! Менен бұдан өзге ешнәрсе сұрамаңыз!

— Қарғыс атқан, — ызаланған пристав жүгіріп келді де, Михаил Иванович жаққа тартып жіберді, — сатылған!

— Ротмистр мырза, — Михаил Иванович орнынан атып тұрды, — кімнің сатылғанын тарих көрсетер. Мен саяси тұтқынмын. Есіңізде болсын, тұтқынға қол жұмсамас болар!

Пристав жауап қайтармады. Қонырауын күмбір-күмбір қақты да, есіктен кірген полицейге қарап, қолын сілтеп тастады.

— Екеуін де қалалық түрмеге...

Түн тас түнек. Борандата қар жауып тұр. Батыс желі қарды үйіре, уілдей соғады. Біз мінген темір күйме көшені басына көтере, жедел заулап барады. Қай жерде келе жатқанымыз да белгісіз. Қарайтын әйнек жоқ. Есік тас берік.

— Бізді қайда апарады, Михаил Иванович жолдас?

— Қалалық түрмеге, Дауыл жолдас, — Михаил Иванович күледі, тегі менің «жолдасым» осы жолы ерсілеу болса керек, — сені бұған дейін жандарм кеңсесінің подвалында ұстаған екен. Енді нағыз түрмеге қамайды. Әбден шынығып шығасын.

— Секіре қашсақ қайтеді?

— Есік кілтті. Күйме алдында екі полицей отыр. Қашып көр.

— Бізді атпай ма?

— Атып үлгіргенше заман да өзгерер. Жоқ, біз сол заманды өзгертетін шешуші күреске өзіміз қатысуға тиістіміз. Көгі ұзамай әлгі приставтың өзі біздің алдымызда жауап береді...

Кенет мылтық даусы саңқ ете қалды. Мен Михаил Ивановичты құшақтай алдым.

— Бізді атты ма?

— Жоқ, оларды атқан шығар...

Біреулер томп етіп қулағандай, біреулер қарғып мінгендей болды. Күйме көп бөгелмей қайтадан заулай жөнелді. Тегі күймеге жеккен ат бар пәрменімен шауып бара жатыр-ау деймін. Жер де шоқалақтау ма қалай, бізді біресе қабырғаға, біресе төбеге соғып, лақтырып-лақтырып тастайды. Ұзақ жүрдік. Енді айдынға түссек керек, күйме де манағыдай мазасыз қарғымай тыныштала бастады. AT тағасының көкше мұзға қашыр-құшыр ұрылған дүбірі естіледі. Жүріп келеміз, жүріп келеміз. Әлден уақытта күйме кілт тоқтады да есік ашылды. Қайратты бір адам мені көтеріп алған еді, құшағына қысып аймалай берді.

— Айналайын, Дауылым!

— Әке, әке!

Мен осыдан өзге сөз айтпай, аңсаған ата мейіріміне шомдым да, қуаныш, мұңым аралас жылап жібердім.

— Көрдіңіз бе, Жантас ағай, Дауылыңыз қазір революция солдаты, — деді әлдекім.

Мен басымды көтердім. Қалың қамыс арасына тоқтаған екенбіз. Михаил Иванович пен Арман ағайлар аңсаған құшақтарын әлі жазбапты. Жарқын ағай мен Надежда Петровна біздің қуанышымызға ортақтасып, жан дүниесімен жайраңдай күледі. Қарындасы Ажар мен інісі Әділді құшағына қысып Әбіл ағай тұр. Иықтарында найзалы винтовка, жел тербеткен қамыс сыбдырына құлақтарын тоса қыдырып, Одырбай мен Есқали ағайлар жүр.

— Дауыл, — Михаил Иванович сүйікті серігін құшағынан босатып маған қарады, — құралданып алған жігіттерді көрдің бе, жас жолдас?! Мен мана: «біз шешуші күрес алдындамыз, ол күреске екеуміз де қатынасамыз» демеп пе едім? Міне, түрмеден де құтылдық. Атрау еңбекшілерінің азаттық күресін ұйымдастырушы большевиктердің де қатарына қосылдық. Рахмет, жолдастар, рахмет!

— Рахмет, — деймін мен де, кеудемді таза ауаға толтыра дем алып, — рахмет, жолдастар!.. Рахмет, әке!..

— Жолдас! Саған да рахмет, Дауылым, жас жолдасым. Өсіп, өзгеріп кетіпсің. Адаспай жолыңды тауыпсың. Дауылымды тәрбиелеуші жолдастар, рахмет, сендерге! — Әкем мені жоғары көтеріп, масаттана күледі. Бетімнен баяғы шұқырды көрмек бола ма, әлде жігіттіктің белгісін іздей ме, бар назарымен қарай қалыпты. — Революциялық дәуірдің асау толқынында туған Дауылым. Сен қазір түрмеден ғана азат етілдің. Бірақ, азаттыққа қолымыз әлі жеткен жоқ. Енді азаттық таңының шапағын көк жиекке өз қолдарымен көтеретін лениндік революцияшыл армияның жас солдаты боласың! Революция толқыны сені өмір шынына көтере береді. Бірақ, алда талай дүлей бар. Біз алдымен патша үкіметін құлатамыз. Содан кейін шешуші күрес бастаймыз. Бұл аса қорқынышты, қатерлі дүлей. Жасқаншақтап ықтамай, дүлейдің өтіне жүз! Революция толқынының ырғағына ілесе біл! Әйтпесе, сені тарих салындысындай шетке лақтырып тастайды ол толқын. Ұқтың ба, ұлым, батыл бол! Сен лениншіл жас жеткіншексің!..

Менің бар назарым әкемде. Мен баста әкемнің шешен болып кеткендігіне таңданған едім. Енді түріне де таңданудамын. Пікірінде ғана емес, сырт пішінінде де бір жаңалық бар тәрізді. Үстіндегі киімі де бұрынғыдай алқам-салқам емес, жып-жинақы, ып-ықшам. Жүзінде де баяғы түнеру мен ұяңқылық емес, сенімді жайдарылық бар. Қыран қанатындай жоғары көтеріліп кеткен қою қастарының астындағы қиықтау қара көзінің аумағы да үлкейіп, қарашығының жалыны да молая түскендей. Шалғылы қара мұрт дүрдиген қалың ернінің ерсілігін де сездірмей жүзіне жау жасқанарлық айбар беріпті. Киімнің ықшам тігілгендігінен бе, алып тұлғалы әкемнің кең кеудесі ілгері теуіп, иықтары да бұрынғыдай салбырамай, мойыннан топшыға дейін тік тартып, аршындай болып кеңейе түсіпті. Қазір маған өз әкем тек бойға ғана емес, ойға да өзгелерден әлдеқайда биікке көтеріліп алған тәрізденеді. Тіпті Михаил Ивановичтың өзінен де көп біле ме деп қалдым. Мүмкін, менің әкем Лениннің өзінен оқып қайтқан шығар.

— Ұқтым, әке, ұқтым!

— Ұғып ал да, жаңылма, лениншіл лжас жеткіншек!

Лениншіл жас жеткіншек!

Қандай қымбатты, қандай ардақты атақ! Мен де, менің серіктерім: Сережа да, Саша да, Асқар да, Әділ де, Ажар да лениншіл жас жеткіншек. Раушан ше? Әрине, Раушан да солай болуға тиісті. Мен бұған дейін өзімді теңіздің дауылды толқынында туғандықтан Дауыл аталғанмын деп ойлаушы едім. Сөйтсем, менің туған кезім революциялық дауылдың да толқынына ұласқан екен ғой. Әрине, жалғыз мен ғана емес, менің серіктерім де сол дауылдың толқынында өмірге келіпті. Олардың атын да Дауыл неге қоймаған?! Қызық болар еді-ау. Сол дауылдың толқыны, әлгіде әкем айтқандай, бізді өмір шыңына көтере бермек. Біз дүлейдің ығына емес, етіне жүзіп, революция толқынының ырғағына ілесуіміз керек.. Әрине, солай істейміз де. Тарих салындысы болмаймыз!

Көк жиектен нарттанып тан шапағы көрінеді. Бұл табиғат таңы. Сол табиғат таңының шапағы астындағы түрмесінде көңілді гармоншы Матвей Степанович пен Жанқия апай жатыр. Әлдеқайда тентіреп Раушан жүр. Оларды еркін дүниеге шығару үшін азаттық таңы керек. Лениндік армияның революцияшыл солдаттары — біздің әкелеріміз, мынау Михаил Ивановичтар азаттық таңының шапағын өздерінің қуатты қолдарымен көк жиекке көтереді. Біз, лениншіл жас жеткіншектер, олардың осы тарихи ісіне көмекші боламыз!

Қандай мақтаныш, қандай бақыт!

(Бірінші кітаптың соңы)


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

Пікірлер