Көңілі дархан даладай кең, өзгені жатсынбай бауырына басып, қонағын құшақ жая қарсы алып, құрақ ұшатын қазақ халқының философиялық танымы сонау ерте кезден, нақтылай айтқанда көне түркі дүниесінен, оның көрнекті өкілдері, бүкіл түркі дүниесіне ортақ тұлғалар болып есептелетін Қорқыт, Әл-Фараби, Ж.Баласағұн, М.Қашқари, Қ.Иассауидан бастау алады.
Өз алдына жеке ел болып хандық құрған тұста елдің елдігі мен ердің ерлігін, билік еткен хандар мен уәзірлердің, ел басқарған би-болыстардың әділдігі мен әділетсіздігін ашық айтып, халықтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған жыраулар шығармашылығының түбіне үңілер болсақ, әр бірінің тереңінен философиялық ойлардың көрініс беретінін анық аңғара аламыз. Оған Сыпыра жырау, Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Марғасқа, Ақтамберді, Бұқар жыраулардың жалынды жырлары толықтай дәлел бола алады. Жыраулар шығармашылығын былай қойып, желмаясына мініп желдірітіп, жер кезген, еліне жайлы, шырайлы, құтты қоныс болсын деп жерұйық іздеген Асан қайғының әрекеті, одан ертеректе өлместі іздеп өлімнен қашқан қыл қобыздың құлағында ойнаған Қорқыттың әрекеті тұнып тұрған философия екені даусыз.
Ата-бабамыздың заманынан бүгінгі күнге дейін қазақ халқымен ғасырлар бойы бірге жасасып келе жатқан салт-дәстүрлер, әдет-ғұрыптар, сонымен қатар, күнделікті тұрмыс-тіршілікте қолданатын ырым-тыйымдардың барлығының дерлік астарында философияның бір мәні мен маңызы жатқаны айтпаса де белгілі. Осыған байланысты бірнеше мысал келтірер болсақ, кейбірі ырым-тыйымдар төрт-түлік малға қатысты. Оның мәнісі малдың киесі барын сездіруге, соны біліп, құрметтеуге шақырып тұрғандай әсер қалдырады. Төрт түліктің өзге де қасиеттеріне, кейбір әрекеттеріне қарай отырып ауа райын, табиғат болмысын, өзгеде нәрселерді болжай алған халқымыздың рухани қазынасында осынай тақырыпқа арналған ырым-тыйымдар молынан ұшырасады.Солардың бірқатарына тоқталсақ, «Сойылған малдың қанын төрт түлік (әсіресе сиырдың) көзінше төгуге болмайды – сүтінен айырылады», «Малдың алдынан бос ыдыспен шықса – сүті азаяды» деп есептеген. Сондай-ақ, асқа қатысты, «Ас ішіп болған соң «тойдым демейді», «қанағат» деген жөн», «Балаға ми жегізбейді – былжыр, ынжық болады» деп санаған. Осы сияқты ырым-тыйымдар, аталмыш салт-дәстүрлер мен әдеп-ғұрыптар да халқымыздың қоржынынада жетерлік.
Қазақ халқының философиялық танымы зор мәнге ие ертегі-аңыздарынан да, тәрбиелік мәнге бай мақал-мәтелдері мен жұмбақтарынан да көрініс береді. Өзге халықтардан өзіне тән бітім-болмысымен ерекшеленетін ұлтымыздың қазірге дейін жүріп өткен жолы бүгінгі және келешек ұрпақ үшін тағылымы мол тәрбие мен тұнып тұрған философия. Оған өз үлесін қосқан данышпан тұлғаларымыздың бізге қалдырған мол мұрасы баға жетпес қазына.
Данат Жанатаев
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, доцент
Ақерке Адеханова
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистранты
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі