…Айтып, айтпай не керек,
Үмбетбай деген бұл кісі,
Қазақ деген халықтың
Құдай берген ырысы.
Оспанхан Әубәкіров
Сатира – адалдықтың, адамдықтың қаруы. Онда қоғам болмысындағы және адам бойындағы ең келеңсіз көріністер мен қылықтар сынап мінеледі. Сатира қазақ сөз өнерінде бастауын фольклорлық, ауыз әдебиетінен басталып, қазақ әдебиеті дамуы үдерісінде сөз өнері шығармаларындағы сыншыл-шыншыл сатиралық жанрлардың жеке қаламгер шығармашылығы арқылы халыққа танымал бола бастады.
Қазақ сатира өнерінің ауқымды дамып, кең сипат ала бастауы 20 ғасырларда болатын. Сол кезеңде қазақ сатира өнерінің дамып, өркендеуіне үлес қосқан талай сатирик-жазушыларды біліп, оқып, танысып келеміз. Қазіргі сөз - қазақ сатирасының негізін салушылардың бірі, қазақ сатирасының саңлағы, жазушы Үмбетбай Уайдин туралы болмақ.
«Үмбетбай Уайдин - сатираның майын қанып ішкен адам. Қазақ сатирасының негізін салушылардың бірі. Ол тілі уытты көптеген шығармағарды дүниеге әкелді. Қазақ сатирасының алтын қоры деуге де болады»,[1,280] деп Сейіт Кенжеахметов баға берген .
Уайдиннің сатиралық сипаттағы шығармаларын, публицистік еңбектерін қалың жұртшылық оқып, көріп жүр. Жазған еңбектері баспасөз беттеріне жарияланып, жеке жинақ болып бірнеше мәрте жарық көрді. Бірақ, осы уақытқа дейін сатирик, қаламгердің шығармалары ғылыми негізде талданып, жүйеленген жоқ. Y. Уайдиннің әр жанрдағы сатирасы, публицистикалық, эстетикалық мақалалары кез-келген болашақ журналист үшін, сатира саласында жүргендер үшін пайдасы мол үлгі болары анық. Оның әр уақытта жазған дүниелері қазақ публицистикасына бөлек сипат, сатирасына соны соқпақ салғандай болды.
Үмбетбай Уәйдаұлының қысқаша өмірбаянына тоқталсақ, ол 1935 жылы 10 қарашада Ақтөбе облысының Ырғыз ауданына қарасты Темірастау ауылында туған. Қазақ мемлекеттік университеті филология факультетінің журналистика бөлімін бітірген. Қазақ радиосы, «Ара-Шмель» журналы, Қазақфильм киностудиясы, «Өнер» баспасы, Қазақстан кітапқұмарлар қоғамы мен Жазушылар одағында әр түрлі қызметтер атқарған. Көп жылдан бері Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дың журналистика факультетінде және Абай атындағы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын дарынды балалар мектеп-интернатында ұстаздық еткен.
Ақтөбе облысының Шалқар, Ырғыз аудандарының құрметті азаматы. Жекелеген кітаптары орыс, украин, қырғыз, қарақалпақ, тува тілдеріне аударылған. «Қара көзілдірік», «Ендігісін айтпаймын», «Ішің білсін», «Контейнермен келген кемпір», «Тілсіз қоңырау», «Быды-быды», «Нанайын ба, нанбайын ба?», «Пәлен-пәштуан», "Әумин!», "Атың кім, әй?», "Алло, бұл кім?» сынды өлеңдер және әзіл- сықақтар жинақтары жарық көрген.
Қазақ сатирасын толықтырушы Ү. Уайдин өзінің күлкі әлеміне қалай келгендігі жөнінде былай дейді: «Жетінші класқа дейін ананы-мынаны мылжыңдап ұйқастырғаным болмаса, өлең деген құдірет қаперіме де кірген емес. Ырғызда оқитынмын. Ол кезде мектепте қабырға газеті шығатын. Балалар сол қабырға газетіне үймелеп жатыр екен. Мен де бардым. Қолтығына қысып алған дәптері шашылып, бір бала қашып бара жатыр екен. “Үмбетбай Уайдин, сабақтан екі аласың. Екілікті жоймасаң, Орныңда биыл қаласың” деп жазыпты. Оны кластасым, татар баласы Тухватуллин жазыпты. Екеуміз ренжісіп, тіпті төбелесіп те қалдық. Ашуымыз біразға дейін тарқамады. Ақыры әрі ойланып, бері ойланып Тухватуллинге арнап менде мазақ өлең шығардым. Бір қызығы, сол өлең “Ұлы күш” деген атаумен аудандық “Колхозшы” газетіне жарияланды. “Қазақстан пионеріне” салған суреттерін жіберіп, мен алған хатты кейін Тухватулин де алды. Содан екеуміз “Қазақстан пионері” газетінің редакциясын жарысып өлең жазып жүрдік. Сөйтіп жүргенде екеуміз дос боп кеттік. Бала кезімнен кітаптарды көп оқитынмын. Бір жағынан кітапқұмарлығым, екінші жағынан Тухватуллиннің намысыма тигендігі қатты әсер еткен болу керек, аяқ астынан “талантым” оянды.»[2]
Үмбетбай Уайдиннің публицистикасы мен сатирасы әлі де болса жүйелі зерттеуді қажет ететіні даусыз. Уайдин қазақ ұлтының әдебі мен тербиесіне публицистикасымен олжа салған, әрі қоғамымызда кездескен келеңсіздіктерді сатирасымен жеңген қалам иесі екенін білеміз. Оның пайымды публицистикасының бастауы сәуелі мектеп қабырғасында, университет студенті кезінде жазған өлең-жырлардан басталған. Публицистің бойындағы сатириктік қасиеттің публицистикасында да ерекше орын алған, Y.Уайдин публицистикасына екпін берген «Ара-Шмель» журналы екені мәлім.
Өмірдің түзу айнасы іспетті сатира жанры Y. Уайдин публицистикасымен селбесіп, астасып жатқандай. Қаламгердің университет бітіріп барған редакциялары мен кейбір шығармашылық ортадағы «келеңсіз» жағдайларды да бастан кешірген. Оның публицистика майданына келуіне аз да болса септігін тигізген рухани ағалары Сәбит Мұқанов, Тілеужан Шойғарин, Тауман Төреханов, Нысан Мусиндердің ініге деген қамқорлығы барынша сөз етіледі. Мектептің қабырға газеті, баспахана, аудандық газет бұлардың барлығы Уайдиннің публицистік биігіне алып барған жолдары боп есептеледі. Аталған басылымдар қаламгердің шығармашылық арнасының ашылуына орасан зор әсер етті.
Үмбетбай Уайдаұлының өндірте жазған тақырыптарының бірі - фельетон жанры болды. «Ара - Шмель» журналына қызметке тұрғаннан кейінгі еңбектерінің біразы қаламгердің публицистикасын одан әріге апарып тастады.
Өмірдің ақиқатымен астасқан Уайдин фельетондары публицистиканың да жүгін арқалады. Өйткені, оның түрлі жерлерге барып, журналистік таныммен түйсініп жазған дүниелері талайлардың керікеткен істеріне тосқауыл қоя білді, елді адастырмады. Осыған қарап тұрып, Уайдин публицистикасы бастауларының өзі елінің игілігі, ұлт қадіріне жетуге деген ұмтылыстан туғандығын байқаймыз. Қалам иесінің рухани қуат алып, шығармашылық жағынан толысуына ықпал еткен атақты күлкінің корифейлері Жүсіп Алтайбаев, Садықбек Адамбеков, Николай Казанцев, Оспанхан Әубәкіров, Есенжол Домбаев, Юрий Тарасов, Оспанәлі Иманәлиев, Көпен Әмірбековтердей үлкенді-кішілі сықақшылармен танысуы оның публицистикаға дендеп енуіне зор мүмкіндік берді. Ол «Ара - «Шмельдің» жұмсауымен Қарағанды, Қаратау, Жезқазған, Екібастұз кен қоймаларын аралап, қым-қиғаш тағдырларға араласып, көптеген адамдарға жеңіс алып берді. Редакция қоржынына келіп түскен хаттар арқылы бірнеше адамдардың тағдырына араша түсті. Публицистикасында сатиралық сипат басымдау болған кезінде ол әрбір еңбегін адамдардың оң пайдасына шешілгендігін қалады. Оның барлық жазғандарында адамгершілік мәселе бірінші орында тұрды. Кейін публицист еңбектері әдеп, инабат, адамгершілік жайын қозғады. Y. Уайдиннің әдеп, тәрбие жайлы жазбаларында айтылған өмірлік қағидалары - бүгінгі күн үшін ерекше бағалы.
Талантты публицист Үмбетбай Уайдиннің этикалық жазбаларынан өзге әдеп, тәрбие жайлы қалам тербеп жүрген адамдарға ұқсамайтын өзгешелікті аңғардық. Себебі, адам тәрбиесі, оның кісілік қасиеті туралы жазу деген - өте ыждаһаттылықты қажет ететін дүние. Қаламгер ауыларалық, тар өрістегі қида-қида, қиқым тақырыптарды емес, ұлттық болмысымызға, қазақи мінезімізге, елдік ортамызға ортақ толғақты мәселелерді көтеріп тілге тиек ету арқылы оқырманы мен отандастарын ойлы әңгімеге шақырады. Оған дәлел Хай иннің «Инабат» иірімдері, «Әдеп әлемі» атты этикалық жазбалары. Жазушының қаламынан туған «Инабат иірімдері» талғампаз біршама октрмандардың жүрегінен орын алып, адамгершілік қорын байыта түсті. «Инабат иірімдерінде» арғы-бергі адами, тіршіліктің тұрмыстық қарым-қатынастарындағы өзіміз елей бермейтін түйткілдерге де арнайы пән беріп, оған өз көзқарасын жүгіртіп одан сыр тартты, көптен үндемей жүрген «ұяттарымызды» оятты, көбіміздің күнделікті әдетімізге айналып кеткен міндерімізді мұңдады, жақсылық атаулыны марапаттап соның көмескі қозасын үрлеп көзін ашты, өмірге құштарлық дегеннің неден құралатынын, неден сәуле тартып шуақ жаятынын, неден мәуе тартып қалыптасатынын бағамдады. Зердесінде титтей саңылауы барға, көзі қарақты оқырманға уағыз айтып акылгөйсуден бойын аулақ ұстаған жазушының жазғандарын өз қайнарынан улыққан, түнімен дөңбекшіп түрткілеп оятқан мазасыз ойларынын толғағы жетіп тілге оралған тақырыптары десек те болады. Көп сатирикте және осы мінезімен Үмбетбай Уайдаұлы тағы да оқшаулана түседі.
Сатира Үмбетбай шығармашылығының маңызды бір саласы ретінде орын алды. Оның әдебиет пен журналистика сынды үлкен салаларға құлаш ұруы әлбетте сатирамен тығыз байланысты. Қаламгер, сатирик әр жылдары түрлі канрларға қалам тартқаны белгілі. Мәселен, сатиралық повесть, сықақ әңгіме, өлең, драмалық сатира сатириктің өрлеп, кең көкжиек ашқан жанрлар. Біз оның сатирасын жанрына қарай талдай отырып, руханиятымызға зор үлес қосқанын аңдадық. Шығармашылық талқы бойынша Уайдиннің фельетонист сатириктік қырын жеке алып қарадық. Өйткені, оның фельетондары зерттеуге тұрарлық, сатириктің есімін шығарып, танытқан негізінен фельетондары болды.
Сатирик әр кезеңдерде бірнеше кітапқа жүк боларлық шығармалар жазды. Әрбір сатиралық туындысынын жамандыққа жақсылық жасағысы келіп тұратын жазушы еңбектері оқырман тарапынан жоғары баға алды.
Үмбетбайдың уытты фельетондары жалынды жастарды ізгілікке жетеледі. Олардың саналарына қандай жағдай болса да тек айналадағы адамдарға адал еңбек ет деген ұран тастады. Ақын, сатирик Төлеужан
Ысмайыловтың: «Ауысар жүз редактор, мың редактор, қалмақ бірақ сатира өз орнында» дегеніндей, Y. Уайдиннің салмақты әрі юморлы, сарказмды сатиралық жазбалары уақыт өтсе де өміршеңдігінен ажырамақ емес.
Ғалымның пайым мен парасатқа толы публицистік жолына, оның тәрбие мен әдеп жайлы жазуда өзіндік қолтаңбасы бар публицист болған. Үмбетбай Уайдин талай жыл ұстаздық еңбек еткен. Ұстаздың журналистерге берген педагогтік қыры жайлы сұхбаттары мен шәкірттерінің ол жайындағы пікір, лебіздерінен Уайдинді тереңірек тани түсуге болады. Сатириктік, публицистік һәм ұстаздық Үмбетбай ғұмырының ажырамас бір бөлшегіне айналған. Оның сатирадағы сипаты, публицистикадағы әдеп-тәрбие тәлімі, ұстаздық білімі мен біліктілігі міне, осында деп топшылаймыз. Ол осы үш бірдей өмір мамандығында талмай, қажырлы еңбектенді. Сонысымен де қазақ руханиятына кең көкжиек ашып, өзінен кейінгі жас буындар үшін өлшеусіз қызмет етіп келе жатыр.
Жалпы, Үмбетбай Уайдин шығармашылығы арқылы қазақ сатирасының кешегісі мен бүгінгісіне көз жүгіртіп, оның публицистикасы арқылы оқырманға тәлім берерлік тәрбие көзі жатқандығын топшылауға болады. Y. Уайдин ұстаздығының бір ерекшелігі білім мен тәрбиені ұштастыра отырып дәріс беру болғандығындығы. Осы үш қасиетке бағынған Ү. Уайдаұлының еткен еңбек, олардан көрген зейнеті - қазақ руханияты үшін бағалы байлық.
Сатирасымен руханиятымызға үлес қосқан, публицистикасымен қалың қазақты тәрбиелеген, ұстаздық мәртебесімен соңынан саналы ұрпақ ерткен Үмбетбай Уайдиннің өткен ғасырдың соңғы ширегінде жаңа ғасырдың басқы жиырма жылына тақау уақытта халқы үшін атқарған еңбектері мен парызы жетерлік. Бірақ публицистің жазған еңбектері бұған дейін жүйелі түрде зерттелмеген. Сондықтан мұны болашақта басқа да ізденуші ғалымдар зерттеуі тиіс деп білемін. Екіншіден, сатириктің шығармалары қазір кітапханалардан ғана табылады, оның өзінде бірді-екілі данадан. Ал, қаламгердің публицистік жазбалары (әдеп, инабат, бала тәрбиесі жайлы) да оқырманның іздеуіне қиын тиеді. Аталмыш тәрбиелік мәні зор жазбалар негізінде мектеп бағдарламасында қосымша сабақ өткізіліп тұрса артықтық етпейтіндей . Сонымен қатар, Үмбетбай Уайдин мұраларын сақтайтын жеке авторлық сайт болса нұр үстіне нұр болатындай. Неге десеңіз бүгінгі қоғам ауанына қарасақ, кітап оқудың азайып, интернет сайттарына жұртшылық назары ауып кеткенін байқаймыз. Сонымен қоса сатириктің қаламынан туған сатиралық повестер мен драмалық туындыларының желісімен комедиялық фильмдер түсіру – келешектің еншісіндегі іс. Бұл - қаламгер шығармашылығын халыққа кеңінен таратуда қолға алынатын кезек күткен мәселе.
Y. Уайдин жетпіс жылдан астам асыл уақытын елінің руханияты үшін тиімді пайдаланды Публицист, сатирик, ұстаздың мұраларын бүгінгі күн биігінен салмақтап, зерттеп, насихаттау - кейінгі ұрпақ үшін басты парыздың бірі деп білемін.
Библиографиялық тізім:
1. Амандосов Т. Журналист және өмір. – Алматы: Қазақстан, 1967.-280.
2. Әдебиет порталы. https://adebiportal.kz/kz/authors/view/2083-1.
3. Уайдин Ү. Өмірге құштарлық. Алматы: Жалын, 1985.
Жаңабергенова Г.Ғ.
Филология мамандығының 2-курс магистранты
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі