Өлең, жыр, ақындар

Мұстафа Шоқай – алаштың алып тұлғасы

Мұстафа Шоқай 1890 жылы 25 желтоқсанда Сырдария губерниясы, Ақмешіт уезі, Наршоқы деген жерде дүниеге келген. Көрнекті қоғам қайраткері, Түркістан Автономиясының жетекшісі. Қазақ ойшылы, оқымысты, мемлекет және қоғам қайраткері. Ақмешіт (қазіргі Қызылорда) қаласында дүниеге келді. Ол — белгілі Торғай датқаның немересі, Ер Шоқай — бектің ұлы. Нағашылары Хиуадағы қазақ хандары тұқымынан.

Мұстафа бастауыш білімді ауылда ата-анасынан алады. Осыдан соң Ташкенттегі орыс гимназиясын және Петербург университетінің заң факультетін үздік бітіріп шығады.

1912 жылы түрік-балқан соғысы бұрқ ете қалғанда, ол Түркияны қолдау қоғамына белсене араласты. Мұстафа Шоқай Мемлекеттік Думаның Мұсылман фракциясы Саяси бюросында Түркістан халықтарының бірден-бір өкілі болды. Думаның 1916 жылғы көтеріліске қатысушыларды жазалаушы казактардың айуандық әрекеттерін тексеру үшін комиссия құру туралы шешім қабылдауы барысында М. Шоқай шешуші рөл атқарды. Мұстафа, сондай-ақ, Құрылтай жиналысындағы «Түркістан халықтарының құқығын қорғау» жөніндегі өкілдер комиссиясын басқарды.

Өкімет басына Уақытша үкімет келген соң, оның басшысы А. Ф. Керенский М. Шоқайға министрдің портфелін ұсынады, бірақ Мұстафа бұл ұсыныстан  бас    тартады.

1917 жылғы Ақпан төңкерісі М. Шоқай тобының Түркістанда біртұтас Түркістан федерациясы құрамындағы ұлттық автономиялар құруға дайындалуына ықпал етті. Бірақ Уақытша үкімет Түркістан халықтарының өзін-өзі билеуіне қарсы шықты.

1917 жылдың наурызында М. Шоқай Ташкенттегі Мұсылмандар конгресінде құрылған Мұсылман орталығын басқарды. Мұсылман орталығы да автономия құруға әзірлене бастады.

1917 жылдың Қазан төңкерісін түркістандықтар қуана қарсы алды. Бірақ бұл қуаныш ұзаққа созылған жоқ, Кеңес өкіметі де Түркістан автономиясына үзілді-кесілді қарсы болатын.

1917 жылдың 22 қарашасында Қоқанда барлық саяси партиялар мен қозғалыстардың Бүкілтүркістандық конгресі өтіп,  онда  Қоқан автономиясының құрылғандығы жария етілді. Оның президенті болып Мұстафа Шоқай сайланды. Осы жылдың желтоқсанында М. Шоқай «Алашорда» үкіметінің  құрамына  кіреді.

1918 жылдың қаңтарында қарулы жұмысшы отрядтары мен қызылгвардияшылар Қоқанды шабуылмен басып алған соң, М. Шоқай Грузияға кетті. Онда ол Кавказ халықтарының демократиялық қозғалысына белсене ат салысады.

1920 жылы қызыл әскер Грузияға кіргенде, М. Шоқай Түркияға қоныс аударды, одан әрі Берлин асып, кейін Францияда тұрақтады. Эмиграцияда жүріп М. Шоқай кеңестік езгідегі Түркістан халықтарының өмірін көрсетуге арналған журналдар мен газеттер шығаруды ұйымдастырып, олардың жұмысына белсене араласады. Стамбұл мен Парижде, Берлин мен Лондонда, Варшавада ол Орта Азия туралы мақалаларын, теориялық зерттеулерін, тарихи және саяси шолуларын жариялады. Ол ұйымдастырған «Жаңа Түркістан» және «Жас Түркістан» журналдары тиісінше Стамбұл мен Берлинде басылып тұрды. Ұлы Отан соғысы басталысымен М. Шоқай тұтқындалып, Париж түбіндегі Компьен концлагеріне жіберіледі. Осында екі апта ұсталған ол кейіннен босатылады. М. Шоқай үйінде ұзақ бола алмайды. Оны әуелі Германияға, кейіннен Польшаға және Украинаға әкеліп, тұтқынға түскен түркістандықтармен жүздестіріледі. Лагерьлердің бірінде қазақтың ардагер ұлы 1941 жылдың 27 желтоқсанында дүниеден өтті.

Гуманист-ойшыл, демократ, энциклопедиялық білім иесі Мұстафа Шоқай ағартушы, Орта Азия мен Қазақстан халықтары тарихы мен мәдениетінің жоқтаушысы болды, ағылшын, француз, неміс, түрік және араб тілдерін өте жетік меңгерді. Бүкіл ғұмырын ол Орта Азия мен Қазақстан халықтарының ар-абыройын қорғауға, шындық үшін күреске арнады. Оның жан-жүрегі өле-өлгенше туған халқымен   бірге болды.
Ауыл молдасынан хат танығаннан кейін 1902 жылы Ташкенттегі ерлер  гимназиясына оқуға қабылданады.1912 жылы Санкт-Петербург Императорлық университетінің заң факультетін бітірген. Ағылшын, француз, түрік, өзбек, орыс тілдерін білген. Студенттік жылдары империя астанасындағы демократиялық қозғалыстарға қатысады.

Мұстафа алғаш сауатын ашқан Әліш медресесі Шиеліде Сұлутөбенің Наршоқы құ­мында Шоқай қыстауында болған. Қазір құлаған, орны жатыр, кірпіштері әлі табылады. Екі бөлмелі медресенің бір бөлмесінде балалар оқыған, екінші бөлме мешіт болыпты. Әліш – Шоқайдың ортаншы інісі, яғни Мұстафаның ағасы. Әліш Ташкенттен алдырған Ерім төре деген мұғалімнің мұсылманшылық та, орысша да сауаты болған.

«Мұстафа Шоқай қоры» Наршоқыға бүкіл Түркістан тәуелсіздігі жолындағы күрескер көсемінің туған жері екендігін білдіретін белгі орнатты. Үкімет тарапынан Абайдың Жиде­бай­дағы, Шоқанның Сырымбеттегі үйлері қалпына келтірілгені сияқты, «Мәдени мұра» бағдарла­масы аясында Наршоқыдағы қыстау мен медресе қалпына келтіріліп, тарих ескерткіші ретінде сақталса, мектеп оқушы­­ларын, студент жастарды, облыс орталығына, ауданға келген қонақ­тарды таныстыруға алып баратын тарихи орынға айналдырса жөн болмас па?!

Үйден алғаш алысқа ұзап шығып Перов­скідегі орыс-қырғыз (қазақ) мектебіне оқуға түскенде Мұстафа жеті жаста болыпты. Нар­шо­­­­қыдан Перовскіге оқуға аттану бала Мұста­фаның дана Мұстафаға айналар қадамының бастамасы еді. 1910 жылы Ташкент ерлер гимназиясын, 1914 жылы Санкт-Петербург уни­вер­ситетінің заң факультетін алтын медальмен бітіріп шығуы оның осы жастайынан мақсат­керлігінің     дәлелі.
Зерттеушілер М.Шоқайдың Ташкентте жүр­ген кезінде түркі халықтарының мәдениетіне, салт-дәстүріне зейін қойып, туысқандықпен етене қабылдауына екі адам айрықша әсер еткен, бірі – татар генерал Сақыпкерей Еникеев, екіншісі – әйгілі этнограф башқұрт Әбубәкір Диваев деген пікір айтады. Түркістан кеңестік автономиясының үкіметіне басшылық жасаған Тұрар Рысқұловтың та түрікшілдік идеяны ұста­нуына Ә.Диваевтың ықпалы болған көрінеді. Түрікшілдік көзқарас Мұстафа мен Тұрардың тағдырына айналады. Исі түркі халықтарының қамын жеп, кең ауқымда ойлаған көрнекті қайраткерлер сол жолда опат болды.

Мұстафа Петербургте оқыған 1910 – 1917 жылдар Ресейде революциялық ахуал ширы­ғып, түрлі саяси ағымдар гулеп тұрған кезең еді. Алғыр жас осындай өзгерістердің қайнаған ортасында жүріп, пісіп жетілді. 1914 жылдан бастап Мұсылман фракциясының қызметіне тартылып, 1916 жылдан оның хатшысы мін­детін атқарды. Ресей Мемлекеттік Думасында Мұсыл­ман фракциясының қазанында қайнап шыңдалған Мұстафаның қайраткерлігін 1916 жылғы оқиға аша түсті. Патша өкіметінің азиялық бұратана халықтар ер азаматтарын әскерге алу туралы жарлық шығаруы қазақ даласымен қатар, Түркістан өлкесінде де наразылық толқу тудырған еді. Патша жендет­тері наразылық білдірген көтерілісті аяусыз жаншып басты. Мұсылман фракциясы Мем­­­лекеттік Думада мәселе қойып, Түркіс­­тандағы жағдайды тексеру үшін комиссия құруға қол жеткізеді. 1916 жылы тамызда депутаттар А.Керенский мен К.Тевкелев бастаған комиссия Түркістанның Самарқан, Ферғана және Сырдария облыстарында болып, тексеру жүргізеді, бұл жұмысқа Мұсылман фракциясының хатшысы М.Шоқай тілмаш ретінде қатысады. Комиссия мүшелері жермен жексен қиратылған ауылдарды, халыққа жасалған қырғынды көріп, тұла бойлары түршігеді. 1914-1916 жылдары Түркіс­­тан аймағы халқының 17 пайызы қырылған екен, атап айтқанда 1 млн. 230 мың адам өлген немесе жоғалған. Осы ретте айта кететін бір жәйт, Түркістан құрамындағы Жетісуда 1916 жылы көтерілген албандардың қырғынға ұшыраған қасіретін ашып жазған Мұхтар Әуезовтің «Қилы заман» романы еді. «Халықтар жандармы» деген айдар тағып, патша өкіметін құлатқанымен, ұлттар теңдігін дәріпте­генімен, отаршылдық саясатты сұрқиялықпен жалғас­тырған кеңес өкіметі екіжүзділік көрсеткені белгілі.

Саяси жұмыстарға белсене араласудың арқасында 1917 жылға қарай М. Шоқай танымал саясаткерге айналып үлгереді. Қазақ еліне, Түркістанға қатысты түрлі жиындарға, құрыл­тайларға қатысып, оларға басшылық жасайды. Уақытша үкіметтің басшысы А.Керенский министр қызметін ұсынғанда, одан бас тартады. Түркістан жөніндегі ұлттық комитеттің төр­ағасы болып сайланады. Автономия құру жос­парын ойластыра бастайды. М. Шоқай күллі түркі халықтарының басын біріктірген тұтас Түркістан автономиясын құруды ұсынды. Сол кезде өзбектің Махмуд Қожа Бехбуди деген ағартушы қайраткері «Ұлық Түркістан» газе­тінде қазақ қандастарға арнап: «Бауырларым, қандастарым, біздің тіліміз де, дініміз де, тарихымыз да бір. Қазір Тәңір жарылқап, бізге үлкен мүмкіншілік беріп отыр. Осы мүмкіншілікті пайдаланып, ел болуымыз керек. Бұдан кейін мұндай мүмкіндік бола ма, жоқ па? Бүгін кеш қалсақ, Түркістан да, Алаш та өз тәуелсіздігінен айырылып қалуы мүмкін. Кейін өкінгенмен пайдасы жоқ, сондықтан қазір бірігейік» деген ашық хат жариялаған. «М.Шоқай өзінің туған елі қазақ халқының тәуелсіздігін Түркістанда көне замандардан бері қатар тұрып келе жатқан туыстас өзбек, қырғыз, түркімен және басқа халықтардың тәуелсіздігінен бөліп алып қара­ған емес. М. Шоқай үшін Түркістан халықта­рының тұтастығы мен Түркістан халықтарының еркіндігі – бірінсіз бір жоқ егіз ұғымдар болған», дейді тарихшы М. Қойгелді.

Ол Түркістандағы бауырлас халықтар бір болғанда ғана ірі боларын, ірі болғанда ғана тірі қаларын ойлаған еді. Мұсекең Түркістан деп шырылдағанда қандай халықтарды, қандай өлкелерді айтқан дейтін болсақ, ол кісі жалпы Түркістанды Батыс Түркістан, Шығыс Түркіс­тан және Оңтүстік Түркістан деп үшке бөлген. Шығыс Түркістан – қазір Қытайға қарайтын Шыңжаң, Оңтүстік Түркістан – қазір Ауған­станға қарасты аумақ, Батыс Түркістан немесе Ұлы Түркістан – Орта Азия мен Қазақстан. М.Шоқайдың арпалысып жүргені осы – Ұлы Түркістанды құру. 1936 жылы Берлин қаласын­да Еуропада жүрген Түркістан жастарының алдында сөйлеген сөзінде ол былай дейді: «Бүгін Қазақстан, Қырғызстан, Қарақалпақстан, Түркі­­­менстан һәм Тәжікстан деп, жат үкімет күшін алты жұмхұриетке бөліп тұрған Түркістан – бөлінбес, айнымас бір өлке. Халқының қаны бір, тілі бір, діні бір. … Бәріміздің құбыламыз – өзіміздің ата жұртымыз, өлкеміз Түркістан болмақ! Түркістан үшін өлу, Түркістан үшін жан беру – бәрімізге бір мақсат… Түрік халқы – батыр халық. Түрік халқы – арыстан ер халық. «Кімнен таяқ жегендей біздің түріктің баласы, алдырып жүрген дұшпанға ауызының аласы». Бұл нақыл сөзді ұмытпауымыз керек


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

Пікірлер