Өлең, жыр, ақындар

Құз хикаясы

повесть

ҚИЯДАҒЫ ҚАТТЫ ЖЕЛ

— «Үшінші», «Үшінші!» Шығатын болдыңдар ма, жоқ па? Желдің сыңайы қалай өзі?

— Барометр бұрынғыша. Жуыр маңда өзгеріс бола қоймас... «Ұлар» естіп тұрмысың?

— Иә, естіп тұрмын. Жағдайға қарай өздерің шешіңдер онда. Келесі сеанс тура бір сағаттан кейін. Түсіндің бе? Қабылдау!..

— Түсіндім, «Ұлар!» қабылдау...

Борис рацияны шырт еткізіп өшірді де, қасындағы серігіне бұрылды. Бозғылттау келген жүдеу өңді жігіттің қара көздерінде кілкіп тұрған — «Сонымен не істейміз?» деген сұрау нышаны. Жауап бірден беріле қойған жоқ. Қозғалып заттарын ыңғайлай бастаған Борис:

— Жүреміз... — деді енді теріс айналып, күйбеңдей беріп. Ақырын ғана айтыла салған осы жалғыз ауыз сөздің құдіреті Фарих үшін бұлжымас бұйрықпен пара-пар. Өйткені ешкімге өктемдігін жүргізіп көрмеген Борис өз ойын өтініш әрі кетсе нұсқау түрінде ғана жеткізетін. Ресми билікке ие бола тұра сыпайы ғана ишара жасаудан аса қоймайды. Өзі жақсы білетін серігінің бойындағы осындай елеусіздеу ғана ерекшеліктер Фарихтың көңілінде емтихан сабағындай әрқашан жаттаулы.

Сыртта жел көтеріле бастапты. Жып-жылтыр мұздақтың бетінде аздап қиыршық ұшқындайды. Тынымсыз жалаңдай ұйытқыған суық жел жаңға қайбір жайлы болушы еді. Бет қаратпай боздатып тұр.

Екеуі де бастарын көтеріп, жоғары жақты байырқалап болжауға тырысты. Алыстағы тауларды көлегейлеген буалдыр мұнарды айтпағанда, аспан күмбезі тап-таза, күн көзіне қалқа болар шөкімдей бұлт көрінбейді. «Осының өзі көңілге медеу» деп ойлады Борис.

«Альпинистер» лагері деп атайтын екі кісілік жалғыз палатка құзар шыңның дәл көлбей қалған кертешіне әупіреммен ілініп қалғандай. Одан төмен тағы да жалама қия. Маршрут бойынша бірден тіке өрмелей жөнелмей, алдымен оңға қарай сәл қиғаштап шығып алу керек. Сосын мәрмәр қабырғаның қырына іліккеннен кейін барып басты бағытты маңдайға алған оңды.

Алдыда — қашанғы дағды бойынша тағы да қажымас Борис, Берік Кенжетайұлы. Оған “қажымас” деген қайсар есімді беріп жүрген — Алекс, Алекс Шпеттер, экспедицияның ер көңілді дәрігері. Беріктің біртоға мінезіне, шабан да болса шалдықпас қимылына қарап осы атты ұйғарыпты. Кісімен жұғыса кететін ақжарқын жігіт айналасындағы адамдарға ат қоюға әуес екен. Бір рет осы Фарихке көзін тіге қадап, көлденеңдей тоқтаған. Әлдеқандай лақап атты бұған да қолма-қол жапсыра қойғысы келсе керек. “Жарайды, — деген сосын қолын бір сілтеп. — Аман-есен шыңды бағындырып келші. Мінез-құлқыңа қарап бір тамаша есімді тағармын әлі”.

Экпедицияның ең жас мүшесі болып саналғанымен, Фарихтың қайсы бір құрдастарындай лақап атты иеленуге құштарлығы шамалы. Оған дәл қазір керегі — ештеңеге ұшырамай, аман-есен мына шыңның басына шығу. Сосын ештеңеге ұшырамай, аман-есен етекке қайта оралу. Басқа түктің де керегі жоқ.

... Жалаңаш беткей тұтас емес, көлбеу келген мүжілмейтін мәңгі мұздақ. Суық желдің өтіне қарамастан Беріктің қимылы нық та сенімді. Анкерді асықпай қағып, қиямен қайсарлана өрлейді. Ол бекіткен арқанға жармаса ілескен Фарих та қалысар емес. Елгезек, жеңіл денесін еппен қозғап, тырмысып-ақ келеді. Бет-ауызды ызғармен аймалай құмықтырып, ысқырына соққан желге бой үйрету қиын-ақ. Ауық-ауық маска киіп, оттек балонын ашып отырмасаң, тынысың тарылып, тұншыға жаздайсың.

Көлбеу мұздақ бітіп, қабырғаның қырына ілінген сәтте жел тіпті күшейіп кетті. Сонау төменде болмаса, мына маңайдың еш жерінен ұйытқыған қар тозаңы көрінбейді. Ысқырынған ызғарлы жел жалаң мұздақ пен жалаңаш жартастарды ғана жалап-жұқтап, ұшырып әкетер ештеңе таппағандай жанталасады.

Алда жол салып келе жатқан Беріктің жағдайы қандай екенін кім білсін, арқанға қанша жармасса да арттағы альпинисттің шекесі қызып тұрған жоқ. Қолының ұштары қайта-қайта тызылдап, қалың биялай қамсау болудан қалып бара жатқандай. Табаны да бірнеше рет тайғанап кетті. Маңдайда жанталаса жармасатыны — альпинистер үшін әдейі дайындалған берік арқан. Қарсы амал жасап, алдын-ала сақтанайын десең, желдің қай бағыттан соғып тұратынын анықтау қиын. Әйтеуір алды-артыңды орап, үйірілген бір бәле...

Маршрут бойынша жол бұдан әрі күрделене түспек. Суыра соққан дүлей желдің өтінде ауыр рюкзакты арқалап, жалама шыңмен өрмелеу, әй, қиынның қиыны-ау. Оның үстіне суық ауасы сирей түскен мұндай қияма шыңның басында адамның үсіп қалуы оп-оңай. Аяғың сәл жаңылса болғаны, тайып кетіп, тырапай астым дей бер. Бұлтпен деңгейлес құз басында кездесетін не қилы қауіп-қатердің бастылары ғана бұлар...

Жалама мұздақ бетінен амалдап тиянақ тапқан Берік дереу рацияны іске қосып жіберді:

— Алло, “Ұлар!” Мен “Үшінші!” Мен “Үшінші!”... Қабылдау!

Бұл бағана өздері келіскен уақыттан бес минут ерте еді. Сөйтсе, “Ұлар”, яғни, экспедицияның базалық лагері байланысты күтіп, зарығып отыр екен. Радиостанцияны күнібұрын әдейі іске қосып қойғанға ұқсайды.

— Бұдан әрі жылжу мүмкін емес. Мұнда — қатты жел, — деді “үшінші” жағдайды қысқаша баяндап.

— Желдің жылдамдығы қанша?

— Он жеті узел...

— Он жеті? “Үшінші”, сендер қазір қай жерде тұрсыңдар?

— Біз лагерьден үш арқан бойы шықтық... Мәрмәр қабырғаның қырында тұрмыз.

— Солай ма? — деді “Ұлардың” даусы. — Ендеше лагерьге оралыңдар. Сол жерде желдің басылуын күтесіңдер... Сеанс енді бір сағат он бес минуттан кейін.

“Бағанағыдан он бес минут уақытты артық берді, — деп ойлады Берік. — Аркадий Харитонович, қанша айтқанмен, тәжірибелі альпинист қой. Мұндай жағдайда төмен түсудің қиын екенін біліп тұр. Бізді асықпасын дегені болар”.

Лагерьге оралу, шынында да оңайға түскен жоқ. Бір тәуірі жаңа салып кеткен із бар. Фарих сол ізден айырылып қалмауға тырысып, ақырын жылжып келе жатқан.

Адамның өңменінен өтер қатты жел қиядағы екеудің берекесін мүлде қашырды. Алды-артты орап үйіре соққанда, қарсы тәсіл қолданып үлгере алмайсың. Дүлей күш дем алуға мұрша бермей, құмықтырып, бір жұлқып қалғанда, аяғының тайып-ақ кеткені. Әлжуаздау жас жігіт жандәрмен арқанға жармасқан. Дәл сол сәтте арқаннан басқа қармайтын ештеңе жоқ еді. Аяқтары салаңдаған күйі қияда шайқала ілініп тұр. Табанына дәйек болар бұдыр іздеп жанталасқан. Өне бойды суық кеулеп жаураған дене бұл қалпында ұзақ тұра алмайды. Егер дүлей жел жаңағыдай тағы бір жұлқыса... Жоқ-жоқ, одан арғысын ойлаудың өзі қорқынышты. Анау түбі көрінбес шыңырауға қарай лақтырған тастай зымырап кеп бермек.

Көзі алақтаған жігіт тынысы бітіп құмыққанына қарамай, жанұшыра айқайлап жіберді.

* * *

Базалық лагерьдегі экспедиция мүшелері тықыршулы болатын. Ертеңгісін етектен келіп, шұбалып басып алған қалың тұман бұл кезде едәуір ыдыраған. Шың басындағыдай ұйытқи соққан жел болмаса да, бойға діріл жүргізетін салқын леп бар. Таудың теріскей шығыс баурайына қоныс тепкен лагерь бірнеше палаткадан тұрады.

Сонау етектегі ну ағаш жоғарылаған сайын сирексіп, бара-бара жеке дара өскен қарағай, шыршаларға айналып кетеді. Одан әрі ағаш атаулы азайып, жақпар тас, жалама беткей, құлама шағыл кезек алыпты. Дәл түбінен қарағандікі болар, атақты қарлы шыңның етегі болмаса, ұшар басы көзге мүлде көрінбейді. Бұлтты тесіп өтіп, көк аспанның қолтығына сыңалай кірген айбарлы пішінін бұл арада тұрып тану қиын.

Сонда да болса лагерьдегі адамдардың қайта-қайта көз тігетіні — түбінен қылаңытып қана елес беретін қарлы сілем. Сонау күн сәулесі құлпыра жалтылдатқан момақан мұздақты орай дәл қазір дауыл соғып тұр дегенге көңіл сенбестей. Дүлей ауа ағынынан белгі беретін ештеңе байқалар емес. Егер үшінші лагерьдегілер шың басына шабуыл жасай қалса, одан әрі бір-біріне жалғасқан “шынжырлы реакция” басталып кетпекші. Үшінші лагерьге екіншіде отырғандар көтерілмек, ал олардың орнын басуға осы базалық лагерьден тағы екі жігіт тастүйін болып даярланып жатыр.

Сондай жалғасқан қозғалыс арқылы альпинистердің барлығы кезекпен шыңды бағындыруы шарт. Лагерьлерді орнатып болғанша бәрі жап-жақсы келе жатыр еді. Енді, міне, шың басының аумалы-төкпелі ауа райы алдыңғы топтың жолын кес-кестеп, одан әрі жіберер емес.

Сонымен, сырттай бей-жай көрінген базалық лагерьдің көзі де, құлағы да жоғарыда.

Бұл жолы экспедиция жетекшісі Аркадий Харитонович рацияны уағдалы мерзімнен он минуттай ерте жұмысқа қосқан. Ауа райы тынышталып, үшіншідегілер тек бұйрық күтіп отыруы мүмкін ғой. Олардың қолын босқа байлағаннан не пайда? Екеуі де өз беттерінше шешім қабылдай қоймайтын, артық-дауыс, оқыс қимылға бармайтын тым тәртіпті жігіттер.

Рацияның алғашқы сытырынан кейін-ақ:

— Алло, «Ұлар!..» Алло, «Ұлар!..» — деген дауыс саңқ ете түсті. Экпедиция жетекшісі дереу микрофонға жармаса кеткен:

— «Үшінші!», «Үшінші!» “Ұлар” тыңдап тұр. Прием.

— «Ұлар», мұнда бізде, «Үшіншіде» төтенше жағдай болып қалды.

— Иә, баяндай бер, «Үшінші!»

— Аға альпинист Оразбаев аяқ астынан мертігіп қалды.

— Мертігіп? — деді Аркадий Харитонович шүңеттеу біткен шегір көздерімен қасындағыларға жалт қарап. — Иә, не болды оған?.. Қане, тезірек айтсаңшы.

— Мұзға жығылып, бет-аузын жарақаттап алды. Танауынан біраз қан кетті. Мен өзімше жәрдем жасап болып отырмын...

— Қане, маған Оразбаевтың өзін шақыршы. Сөйлесуге шамасы келе ме?.. Қане, тез!..

Қысқа әңгімеден кейін анықталған нәрсе мынау болды. Ойда-жоқта Берік Оразбаевтың мертігіп қалғаны рас екен. Дәл қазір шыңға шабуыл жасау тұрмақ, орнынан қозғала алатын халі жоқ. Мына қалпында оған бәрінен бұрын керегі — дәрігерлік жедел-жәрдем. Ал дәрігер болса... Иә, экспедицияның дәрігері Алекс Шпеттер дәл қазір өзге альпинистермен бірге радиостанцияның түбінде отырған. Оразбаевты байланысқа шақырып алған экпедиция жетекшісі енді микрофонды дәрігерге ұсына қойды. Ол эфир арқылы мертіккен альпинистің өзінен жарақаттың жай-жапсарын анықтауға тырысып жатыр.

Бұл ешкім күтпеген тосын жағдай еді. Өйткені Берік Оразбаев — экспедиция құрамындағы ең мықты альпинистердің бірі. Оның жүректілігін, шеберлігін былай қойғанда, денсаулығы да темірдей деп бағаланатын. Нақ осы сәтте айтылуы заңды “Сонда қалай болғаны?” деген сұрақ бірнеше ауыздан жарыса шықты. Барлығының жапырлай бұрылып, көз қадағаны — дәрігер жігіттің аққұба келген дөңгелектеу жүзі. Ол болса әйел адамға тән әдімеше көгілдір көздерін сығырайта түсіп, бір сәт ойланып қалған сыңайда.

— Айтқан белгілеріне қарағанда, — деді Алекс ешқандай сезім күйі аңғарылмайтын бір қалыпты үнмен, — кеңсірігі бұзылған. Миы да шайқалған болуы керек. Қан да біраз аққанға ұқсайды.

— Солай де... — деді Аркадий Харитонович дәрігерлерге қарай жақындай түсіп. — Оразбаев енді шыңға шығуды жалғастыра ала ма? Соны айтшы маған алдымен.

Дәрігердің жауабы қысқа ғана болды:

— Жоқ, ол мүмкін емес. Ешқандай да мүмкін емес...

— Қап, сайтан алғыр-ай! — деді экспедиция жетекшісі орнына ұшып түргеліп. — Қырсық деген осы. Берік біздің жолбасшымыз еді. Ол неғып мұндай күйге ұшырап қалды екен, а? Қане, жігіттер, не істеу керектігін ойлап алайықшы кішкене.

... Мінезі шапшаң, қызуқанды Аркадий Долодовтың экспедицияға жетекші болып тағайындалуын әркім әрқалай бағалаған. Іскерлігін, шешімталдығын айтып, мақтанғандармен бірге қыжырта сөйлеп, қырсығынан сақтасын деушілер де табылған. Есімі республика альпинистеріне жақсы мәлім бұл жігітпен экспедиция мүшелерінің көпшілігі бірінші рет сапарлас болып отыр.

Базалық лагерьдегі адамдардың барлығы бас қосқан төтенше кеңес ұзаққа созылған жоқ. Артық-кемі бар әртүрлі пікірлерден кейін экпедиция жетекшісінің ұйғарымымен барлығы мынадай пәтуаға келіп еді:

Қандай жағдайда да Оразбаевты жерге алып түсу керек. Әрине, бұл шаруаны оның қасындағы Фарих Киреев жалғыз атқара алмайды. Қайтар жолдың маршруты да күрделі. Демек сырттан көмек келмейінше, қарға адым жер мұң. Шың басына ең тақау орналасқан үшінші лагерьге базадан көтерілгенше көп уақыт өтеді. Кезектерін күтіп екінші лагерьде зарығып жатқан екі альпинист бар емес пе. Ауруға қол ұшын беретіндер, міне, нақ осылар. Киреевпен бірге үшеулеп Оразбаевты төмен түсіру осыларға жүктелсін. Ал дәл қазір екінші лагерьге қарай базадан тағы бір топ аттанбақ. Дәрігер Шпеттермен қоса есептегенде бұл топтың саны төртеуден кем болмағаны жөн. Екінші лагерьге аса ділгір заттарды: дәрі-дәрмек пен қажетті құрал-жабдықтарды тасып жеткізу осылардың мойнында.

Ортақ байлам жоғардағы екі лагерьге жедел хабарланды да, тиісті адамдар іске кірісті.

***

Палатка іші бұрынғыдан да суып кеткен сияқты. Шай қайнату үшін қойылған примустің әлсіз қызуы далаға кеткенмен бірдей. Ұйықтайтын қапшыққа кіріп алып қыбыр етпей жатқан Беріктің халі қандай екенін кім білсін, кіріп-шығып қыбырлап жүрсе де, Фарих әжептәуір жаурап қалды. Мына қатты желдің өтінде тұрған кезде тызылдай тоңған саусақтары қазір домбығып ісіп кетіпті. Шаруасын істей жүріп, ара-арасында домбыққан жерлерін үрлеп те қояды.

Әуелі оң жақ бетін ұстап, бүк түскен кезде маңдайынан шып-шып тер шыққан. Рация арқылы “Ұлармен” сөйлескен сәтте де жағдайы мәз емес болатын. Аурудың бетін қайтару үшін Шпеттердің кеңесі бойынша өздерінше әрекет жасап бағуда. Фарих палаткадан шығып, мұз кесектерін ойып әкелді. Оны примус үстіндегі құтыға салып ерітті. Ыстық шай беріп, жеңіл массаж жасаған болып жүр. Беріктің бетіндегі оттек маскасын шешкен жоқ. Керісінше, қысымын бір жарым литрге дейін ұлғайтқан. Қандай жағдайда да организмге қуат беретін шипалы зат осы оттек қой. Шамалы уақыттан кейін шаншып ауырғаны саябырлағандай болды.

— Менің кінәм... — деді Фарих өз-өзімен күбірлей сөйлеп. — Менің кінәм... Басқа ешкімнің де емес.

Берік Кенжетайұлы жас жігіттің толғанысын қапысыз танып отыр. Іштей қанша шиыршық атса да, жан күйзелісін сыртына айқайлап шығара бермейтін тұйық мінезді жан. Бұл турасында шәкірт альпинисті жазғырудың тіпті жөні жоқ, өзінің де одан ұзап тұрғаны шамалы. Сонда да болса, әлгі сәтсіздігі үшін ағалық көрсетіп, басу айтқан болады. Орашалақ тілмен қанша тебіренсе де, басалқы сөздің нысанаға дөп тимей жатқанын да байқайды.

Манағы оқыс оқиғаны қайтадан көз алдынан өткізді... Арқанға ғана жармасып ауада ілініп қалған Фарих қыстыға айқайлап жіберді. Ысқырынған жел өтіндегі үн қайбір ұзаққа барушы еді. Бірақ Берік Кенжетайұлы серігінің тиянақ таппай, ұшып кеткенін сол сәтінде-ақ байқаған. Байқады да, дереу көмекке ұмтылды. Жайшылықта шабандау қимылдайтын ол лыпылдай қозғалып, Фарихке таяған. Арқанды беліндегі сақтандырғыш ілмекке іле салды да, шыжымдай тартып, серігінің аяғын мұздаққа тигізді. Бұл әлі жарты шаруа еді. Сол екі арада ауыз-басты тұншықтырған жел тағы ұйытқып кеп берсін. Табаны тайып кеткен Берік мұз қияға құлақ-шекесімен соғылды. Соққының қатты болғаны сондай — көзінің оты жарқ ете түсті де, айналаны қап-қара түнек басып кетті. Фарихтың арқанынан сонда айырылған жоқ. Бет-аузын қан жауып, кеңірсегінің удай аши жөнелгеніне қарамастан, пұшайман халге түскен жас жігітті жоғары тартып шығарды. Егер сол сәтінде арқанды жібере салғанда, кім білер еді ар жағы не боларын...

— Бәрі менің кінәм, — деді Фарих сүйірленіп біткен танауын бір тартып қойып. — Маған өмір бойы жәрдем жасап келесіз. Қанша нәрсені үйреттіңіз. Қанша рет қиындықтан құтқардыңыз. Міне, бұл жолы мені тура келген ажалдан алып қалдыңыз.

Жаңағы жерде сіз болмағанда... Иә, не айтары бар, сіз болмасаңыз, менің шаруам біткен еді. Менің кесірімнен жараланып қалғаныңызды көрдіңіз бе? Неткен масыл едім мен!..

— Жә, жетер, — деді Берік ақырын ғана. Ақырын айтса да, даусының түбінде зіл жатқандай көрінді. — Альпинизм дегенің тек тәуекел емес пе. Қайтесің енді, шыдау керек. Жылауық қыздай немене ызыңдай бересің.

Ішін күйдірген ащы запыранды түгел ақтарып тастамай, жас жігіттің ауыз жабар түрі жоқ секілді:

— Жайыма жүрмей, сізге қырсығымның тигенін қарашы. Бет-аузыңыз бұзылып, денсаулығыңызға нұқсан келді, Бәрінен бұрын Хантәңірінің төбесіне енді шыға алмайтын болдыңыз. Сіз үшін бүкіл экспедиция тағы әуреге түседі. Бәрі — менің қырсығым... Басқа ешкімнің де...

— Бұл жолы шықпасам, кейін сәті түсер. Оған несіне күйесің сен? Бұдан кейін тағы бір экспедиция ұйымдаспайды деймісің. Қайта былтырғы үшеудің жағдайына ұшырап қалмай, лагерьге аман-есен жеткенімізді айтсаңшы.

— Былтырғы үшеу деймісіз. Иә, білем, обал-ақ болды... Бірақ олардың жөні басқа еді ғой. Олар қар көшкінінің астында қалды емес пе?

— Ол жағы әлі белгісіз, Фарих. Арнайы шыққан комиссия да бір пәтуаға келе алмады. Комиссия мүшелері әр түрлі пікір айтып жүр. Мүмкін, үшеуінің де арқаны үзіліп кеткен шығар.

— Олар да осы маршрутпен жүріп еді ғой, Берік аға.

— Иә, осымен. Бірақ олардың қай жерде, қалай қаза болғанын да ешкім айта алмайды. Есіл жігіттер-ай! — деді Берік ауыр күрсініп. — Не денелері табылмады.

— Сіз оларды жақсы білуші ме едіңіз?

— Чех альпинистерін онша танымаймын. Олар басқа топта жаттығып жүрді. Ал Вронский, Володя Вронский екеуміз жолдас едік. Өзің де білесің ғой...

— Иә, Берік аға. Лихов үшеуіңіз көбінесе бірге жүретінсіздер...

Әркім өз ойымен болып, жентектелген қардай ауыр сезімнің әсерінен екеуі де бір сәт үндемей қалды. Сәлден кейін Фарих өз кінәсін еске салып, тағы қыңқылдай бастаған.

— Сен менің мінезімді білесің ғой, — деген оған Берік сау көзін сығырайта қарап.

— Білем, — деген сөздің аузынан қалай шығып кеткенін жас жігіт аңғарған да жоқ.

— Білсең, енді босқа сарнай берме!

Иә, Фарихтың Берік ағасын білмеймін деуге аузы бармас еді. Сол сияқты бүкіл экспедиция мүшелері ішінен Фарихты осы ағасындай білетін де ешкім жоқ.

... Ол кезде Берік Оразбаев темір жол бойы милициясында істейті. Вокзал басында жасөспірімдер топ-топқа бөлініп, төбелесіп қалыпты. Аяқ астынан жетіп келген полиция патрулі солардың көпшілігін ұстап алды. Беріктің қуып жеткені — шынашақтай келген татар баласы. “Түртіп қалса құлағалы тұрған шірік. Төбелесте не ақысы бар бұл неменің? ” деді кіжініп.

Бота тірсек, бос белбеу көрінетін түріне сай өзі де жуастау болып шықты. Сөйтсе Тюмень өңірінде туып-өскен татар баласы екен. Әжесі қайтыс болғаннан кейін шешесіне ілесіп Қазақстанға келген. Осында жүріп көше балаларымен достасқан, ықпалына түскен.

— Жағдайыңды түсінем, малай, — деді Берік өзі білетін татаршаны араластыра сөйлеуге тырысып.

— Қалай түсінесің. Әлде сен де татарсың ба?

— Жоқ татар емеспін.

— Қайдам. Аздап біздің тілді білесің. Түрің де келіңкірейді бізге...

Төбелеске байланысты өзге жолдастарымен бірге Фарих те жауапқа тартылды. Былайша ақылсыз бала емес сияқты. Сөйте тұрып қайдағы бір қаңғыбастармен әмпей болып жүргенін көрмеймісің. Өзінің жалғыз шешесі ғана бар екен.

Милициядан таныс тапқанын мақтан көре ме, жасөспірім бала бұған жиі келіп тұрады. Беріктің жанашырлық танытуы да қамшы болған сияқты. Уақыт өте екеуі ағалы-інілі жандардай бір-бірін жақсы көріп кетті. Баланы әсіресе қызықтырған — полисмен ағасының альпинист болып шыққандығы. Сонан Берік Оразбаев оны клубқа тартты. Тау тұрмақ, шоқы көрмей өскен баланың альпинизм әліппесін игеруі қайдан оңайға түссін. Бәрі осы тәлімгер ағасының арқасында. Бота тірсек, бос белбеу болып көрінетін жүдеу бозбалаға әуелі кезде ешкім дұрыс көңіл де бөле қойған жоқ. Өзі аздап икемсіздеу, кейде шеберлігі де кем соғып жатуы мүмкін. “ Ол жағын қойшы, онысын бірте-бірте түзетуге болады, — дейді Берік Фарих туралы әңгіме бола қалғанда серіктеріне. — Ең бастысы — өзі төзімді. Жүйкесі де темірдей. Жауапкершілігі мол жігіт”.

Содан бері екеуі арқан айырмай (“Жұп жазбай” деген секілді, альпинист қауымының аузындағы сөз ғой), қатар жұмыс істеп келеді. Адамның қандай екенін білу үшін онымен бірге барлауға бару керек деп жатпай ма орыстар. Тіршілік тәжірибесінен туған өміршең пікір шығар, бәлкім. Ал Беріктің ойынша, жігіттің қандай екенін байқау үшін онымен бірге жоқ жаудың ортасына барлауға барып әуреге түсудің керегі жоқ. Бір арқанға жармасып, жалғыз мәрте ғана шыңға шығып қайтшы, сол жетіп жатыр. Шындыққа көз жеткізетін бірден бір төте жол — осы шың. Бұл, әрине, өмірін тау-тасты, шың-құзды бағындыруға бағыштаған адамның түйгені. Бірақ жұрттың бәрі өмірге тек альпинист көзімен қарай бере ме?

Байсалды жасқа келіп, жігіт ағасы атанса да, ол жағын Берік бағамдап көрген емес. Көзі анық жеткен нәрсе сол — жас альпинист Фарих Киреевпен тайсалмай шыңға шығуға болады. Болмай отырып шәкіртін экспедиция құрамына енгізген өзі. Әншейінде өктемсіп өз пікірін тықпалауды білмейтін, жұрттың сөзіне ғана бас шұлғып отыруға бейім жұмсақ мінезді жігіттің Фарихқа келгенде айтқанынан қайтпай, тұрып алғаны. Долодовпен арадағы ертеден келе жатқан ескі достығы да осы жерде кәдеге жарап кетті. Әйтпесе, Киреев кейпіндегі “шикі өкпелерді” (бұл да өзгеше ләммен айтылатын альпинистердің өз сөзі) жаңа жетекші экспедицияның маңайына жолатпас еді.

Енді ше? Бұл — клуб мүшелерінің кезекті жаттығуы емес, мақсатты, жоспарлы түрде шыңды бағындыру. Және әркімнің табаны таптай беретін анау-мынау биіктік болса бір сәрі ғой, мұз маңдайын күн сүйіп, қабағынан қар ұшқындаған кәрлі Хантәңірі. Асқақтаған айбатымен-ақ альпинист аталуыны өзіне тартатын атақты шың.

Экспедицияны жасақтау барысында Фарих төңірегінде тағы бір тартыс туды. Дауға тамыздық болған жас жігітің жол бастайтын алғашқы жұпқа кіруі еді... Сөздерінен сезілгені — тағы сол сенімсіздік. Нақ осы жерде Долодовтың өзі де солқылдауға айналған. “Альпинистер арасындағы психологиялық үйлесімділік туралы” қайдағы бір қағиданы бетке ұстап, Оразбаев пен Киреевтің тек бір-бірімен ғана жете түсіуі мүмкін екенін мүдірмей дәлелдеп шыққан сол.

Жастарында, мінездерінде біраз айырмашылық болғанымен, бұл екеуіне ортақ бір нәрсе бар. Экспедицияның басқа мүшелеріне қарағанда, екеуі де ауызекі әңгімеге шорқақ. Борис Кенжетаевич ішінде ит өліп жатса да, білінбейтін мызғымас сабаз мінезді де, Фарих айналадағы құбылыстың бәріне назар аудармаса, тұра алмайтын сезімтал. Бірақ көріп-білгенін біреумен бөлісуге, сыр ашуға жоқ. Және қанша үндемей жүргенімен, аунақшыған алуан сезімі аңдаған адамға байқалып тұрады.

“Екеуі де бір-бірін үндемей ұғысады” дейтін жігіттер. Соны Шпеттер де тапжылтпай таныпты.

Сүйретіле келіп, есіктен енген екеу ентіктерін баса алмай, еңбектей құлаған. Аяқтан да бойынан да әл кетіп, әбден қалжырапты. Бірақ өздері қуанышты. Ештеңеге ұшырамай, аман-есен жеткендеріне . Мөлшерлі уақытта межеге ілінгендеріне.

Фарих жедел қимылдап, жәрдемге келген екі жігітке ыстық шай қамдады.

Мұндай биіктікте адамды тез тыңайтып, күшін қалпына келтіретін бірден-бір дәру — ыстық шай. Осы ғажап сусынның қадірін альпинистей бағалай білетін кім бар десеңші.

Ә дегеннен байқалғаны — мінез айырмашылығы. Лагерьде жіпсіз байланып, қарадай зарығып жатқан екеуге қарағанда, соңғы келгендер сөзшең болып шықты. Сіңірлері созылып, шаршап-шалдығып жетсе де, жарыса жағдай сұрап, жағаласа сауал қойып жатыр.

— Бәрі менің қырсығым... — деді Фарих қыбыжықтай төмен қарап. — Менің аяғым тайып кетпегенде, Берік аға бүйтіп жарақаттанбас еді.

Кедейдің лашығындай жел өтінде, мұз қияда әрең ілініп тұрған палатка іші лезде сергіп сала берген. Жігерлі жігіттердің дабыр-дүбірінен ортада лаулап от жанып кеткендей болды тіпті.

Науқастың жағдайы біршама тәуір екенін білгеннен кейін әңгіме дереу шың жайына қарай ойысты.

Бұл қырсық шіркінді қойсаңшы. Кеше екі жігіттің жолын кес-кестеп, асыл арман сынды анау шың басына қарай аяқ аттатпай қойған дүлей жел дәл қазір жым-жылас. Сонымен бірге қойын-қонышқа сумаңдай кіріп, тұла бойды тітіркенткен суық ызғар да сап тыйылған. Сезілетіні денеге жайлы шыңылтыр аяз ғана.

Алыстан қарағанда шаншылған пирамидаға ұқсайтын шыңның ұшар басы әнекей. Талай альпинисті арманындай аңсатқан асыл биіктік. Аппақ болып дөңестеніп, қол созымдай ғана жерде тұр. Әрине, көз қарыған аппақ мұздай болмаса, бұл арадан шыңның нақ төбесі көрінбейді.

Төрт жігіт те төбеге қарай жарыса телміріп қалыпты.

— Егер Берік бүйтіп мертігіп қалмағанда... — деді жәрдемге келген екеудің бірі Даурских. — Құзар басына қазір-ақ ілінуге болар еді.

— Шынында да ауа райы қандай керемет болып кетті. Мүлде сирек кездесетін мүмкіндік қой мынау! — деп қойды оның серігі Хасенов. Жолдары болмай жалаң мұздақта омалып отырған алғашқы альпинистер тіс жарып ештеңе дей алған жоқ. Тек үндеместен өзара қабақ торысқан. Кішірек көздерін одан әрмен сығырайта түсіп, Беріктің айтқаны жалғыз ауыз ғана сөз:

— Мұндай ауа райын мен де сирек көргем. Мен осында күте тұрайын, бәлкім, барып қайтарсыңдар.

Көп сөйлемейтін бұйығы жігіт сөзін астарлап күлбілтелеп жатпайды. Ойындағысын осылай турасынан айтып салып, қарап отырғаны. Шың басына аңсарлары ауа бастаған екі азаматтың амалсыз жалтақтап тұрғаны өзі ғана екенін қалай сезбесін. Тау десе, ішкен астарын жерге қойып, қар жамылып, мұз төсеніп жүрген бұл екеудің мінездері өзіне жақсы мәлім.

— Рас айтасыз ба? — деп жалт қарады Хасенов. Күн мен желде көп жүргендіктен қарайып, қошқылданып кетіпті. Көз - басының киім астында жүретін жерлеріне қарағанда, өзі бидай өңді сияқты. Үшбұрыштанып біткен көздері қулық ұшқыны шашып тұратын бұл жігітің жеңілтектен ада емес еді. — Мынауың керемет болды ғой, Берік аға. Ауырған жерің қалай? Қазір шынымен басылды ма өзі? Е, ендеше бітті. Біз тез барып келе қоямыз. Ал сен осылай күтіп жата тұрасың... Шайыңды жылытып іше аласың ғой. Е, болды ендеше. Одан артық не керек!..

— Тоқта, Қуаныш, желпілдеме! Алдымен ақылдасайық, — деп өзінше ұстамдылық көрсетіп қалған екіншісі. — Бері қара. Ойланайық. Беріктің жалғыз қалуға шыныменен жағдайы келер ме екен?

Бұндай тәуекелмен келіспейтінін бірден-ақ айтқан. Сонда да болса, қасындағылармен ақылдасып, бұл кезде екінші лагерьге келіп жеткен дәрігерді байланысқа шақырды. Екіншідегі радиостанцияның іске қосылғаны сәлден кейін.

Дәрігердің міндеті, әрине, денсаулығына қатысты барлық жағдайды науқастың өз аузынан естіп-білу. Тергеушідей қадала түсіп, қақтай сұрап жатыр.

Үшінші лагерьмен әңгіме аяқталғаннан кейін:

— Алло, «Ұлар!» Мен «Екінші!». Мен «Екінші!» Қабылдау, — деген даусы шықты оның.

— Иә, «Екінші!» «Ұлар» тыңдап тұр. Қабылдау.

— Аркадий Харитонович, науқасты ешқандай да жалғыз қалдыруға болмайды. Бұл — бір. Екіншіден, осындай халі тәуір кезде оны уақыт өткізбей, төмен түсіру керек. Олардың алты мың метр биіктікте отырғанына бір тәуліктен асып кетті. Ондай жағдайда сау организмнің өзі әлсірей бастайтынын білесіз. Жарақат алған адам үшін алты мың метр биіктік ауыр.

Дәрігер шешімі экспедицияның қай мүшесі үшін болса да заң. Әсіресе оның айтқандарын жетекшінің бұлжытпай орындауы шарт. Сондықтан Шпеттердің әлгі тұжырымы істің барысын айқындап та үлгірген. Ақылдасу үстінде төбе көрсеткен тағы бір мәселе — ауруды екі альпинистің-ақ алып түсуі мүмкін екендігі. Сонда бұлардың ішінен біреуі жұптасуға кірмей, артық қалайын деп тұр. Ендеше... Осы “ендешені” тағы алдыға көлденең тартқан — шапшаң мінезді Қуаныш Хасенов болатын. Оның “ендешесінің” астарынан ешкім күтпеген және бір тәуекелдің шеті қылтиып тұр екен. Ол — артылып қалған альпинист шың басына өзі жалғыз шыға берсе қайтер еді деген ой.

Төртеуі тағы да бір-біріне қарады. Шынтуайтына келгенде ешқайсысы да бұл ұсынысқа қарсы емес екен.

— Ай, жарайсың, ей, Қуан! — деді Даурских жолдасының арқасынан қағып қалып. — Кейде сенің осы басың істеп кететіні бар-ау.

— Кейде емес, үнемі деп айт.

— Соңғы нүктеге таяп тұрып кейін қайтқанымыз обал-ақ. Оның үстіне ауа райын қарашы. Қандай тамаша! Өткен жолы Коммунизм шыңына қалың тұманға қарамай-ақ шықтық емес пе? Ай, осы сонда қиналғанымызды-ай. Есіңде ме, Борис?

— Жоқ. Мен оның алдында шыққанмын. Өткен жылғы штурмға мен қатысқам жоқ қой.

— Жарайды, қойыңдаршы, — деді Хасенов. — Өзге әңгімені қайтесіңдер? Енді не істейміз, соны айтыңдаршы.

“Енді не істейміз?” деген сауалдың ар жағында “Сонда бұл іске баратын кім?” деген кезекті сұрақтың тұрғаны беп-белгілі.

— Тоқта. Тағы да Аркашамен сөйлесейік. Ол өзі қорқақтау адам. Әуелі тіпті рұқсат бере қойса жақсы...

Даурских бекер күдіктенбепті. Экспедиция жетекшісі штурмды жалғыз жасау туралы ұсынысты тыңдағысы да келмеген. Екі құлағын басып ытырынып тұр, жолатар деген не?

Шыңды жалғыз бағындыру тым тәуекелдің ісі екені рас. Бірақ альпинизм тарихында мұндай тәуекелдің мысалы көп қой. Өзгесін айтпағанда сегіз мыңдықтарға (биіктігі 8 мың метрден асатын шыңдарға) жеке көтерілген совет альпинистерін қайда қоямыз. Даурскихтің дәлелді сөздері экспедиция жетекшісін еріксіз ойлантқандай еді. Жағдайды сана тезінен өткізіп, тағы бір безбендеді де, ақыры, рұқсатын берді. Бірақ бұл батыл әрекетті іске асыратын кім?

— Сенің осынша эгоист екеніңді білмеппін, Қуан, — деді Даурских реніш сезімін іркіп қала алмай. — Сен сонда немене? Біздің қымбатты Борис Кенжетаевичтің тағдырын ойламағаның ба? Қанша құштар болсақ та, Хантәңірі біздің жолдасымыздың ешқайсысынан артық емес қой. Фарихпен бірге не сен, не мен қалуымыз керек. Бұлар екеуден екеу қайтіп төмен түссін.

— Ойланып қалып тұр екенсің, онда өзің неге қалмайсың? — деді Қуаныш та жалма-жан. Бірақ Даурскихпен дауласу оңай емес.

— Радик, тыңдашы, — деді бір кезде Қуаныш сабырға келгендей болып. — Осы мәрте жолыңды маған берші, ә!

— Иә, ол ненің ақысы?

— Қанша айтқанмен Хантәңірі Қазақстанның бір бұрышында тұр ғой. Бірақ оған ешқашан ешқандай қазақ шыққан емес.

— Шыға алмай жүрген өздеріңнен көріңдер, неғыл дейсің маған?..

— Өзің ойлашы, Хантәңіріне қазақ шығатын бір реті келген екен. Міне, сен сияқтылар өстіп кедергі жасауға тырысады. Сонда сенің бұныңды не дейміз енді?

— Сонымен тек өзім ғана шығайын дейсің ғой, — деді Даурских сәл кідіріп барып.

— Мен Хантәңіріні бағындырсам, бүкіл қазақ қуанып қалады. «Бізден де бір ұл туған екен» деп. Ал сен өз атыңды шығарасың да қоясың.

— Иә-ә, — деді Даурских сәл ойланған пішінмен. — Сендер, қазақтар осындай ұлтшылсыңдар. Демократия деп тіпті бетімен кеттіңдер. Сендердің орындарың альпинизм емес, анда... — Иегімен таудың етегін нұсқады. Онысы — етекте қой бағыңдар дегені еді.

Екі жігіт те Хасеновтың жолы екенін айтып, бас изесті. Сонымен бұл әңгіменің түйіні көрініп те қалған.

Қас қарайып, түн түнегінің дендей бастаған уақыты. Ай қораланған кез, айнала тегіс қараңғы. Бұлар лагерьден екі бағытқа қарай бір мезгілде ертелеп аттанбақ. Хасенов штурмды одан әрі жалғастырып, жоғарыға бет алса, қалған екеуі жаралы Бористі алып төмен қарай құлдиламақ.

Ұйықтайтын қапшыққа кіріп жатып:

— Шынында да, — деп қалды Даурских, — осы қазақтар сендер альпинизмге мүлде жоқсыңдар. Қазақ жерінде биік жоталар аз емес қой. Өмірі тау көрмегендер де альпинист болып кетіп жатыр ғой. Мысалы, Фарих...

Ар жағын айтқызбастан, Қуаныш дереу басын жұлып алды:

— Біз деген сондай халықпыз ғой, Радик. Жеріміздің байлығын пайдалана білмейміз. Осы тауға қойшылардан басқа кім жақындап көрді дейсің. Ал мына етекте жатқан Райымбек ауданы — түгел қазақтар ауданы. Өзге жұрттар бұған шетелдерден келіп жатыр. Егер осы жолы мен шықсам бар ғой, талай қазақ баласы ...

— Жарайды қойшы “қазақ, қазақ” дей бермей.

... Ақыры бұлар өз ұсыныстарын айтып базадағылардың шешіміне тоқтауға бәтуаласты.

— Бекер рұқсат еттің-ау соған, — деді Сергей Гопенко басын шайқап. Ширақ денелі жұқалау келген бұл сары жігіт те — альпинистер клубының жаттықтырушысы. Қазір өзі Долодовтың орынбасары қызметінде, яғни, экспедиция басышыларының бірі.

— Неге олай деп ойлайсың, Сережа?

— Хантәңірінің басына қайсымыз шыққымыз келмейді. Бәріміз де құштармыз. Өстіп әркім қалағанын істей берсе, тәртіп бола ма?

— Альпинизмнің тек тәртіпке ғана емес, ауа райына да бағынатынын ұмытпайық. Көрмейсің бе, дауылдың саларынан маңдай алды альпинистің өзі орта жолдан қайтып оралғанын. Сол Оразбаевтан тәртіпті ешкім жоқ біздің ортамызда. Бірақ жалғыз жалаң тәртіппен ештеңе істей алмайды екенбіз. Көрдің ғой өзің, — деді Долодов шегір көздерімен орынбасарының жүзіне қиғаштай қадап. Жылдам сөйлейтін жетекшінің даусы сенімді естілді. Әр сөзін нықтап, шегелей айтатын Гопенко өз ойын сабырмен өрбітуге бейім. Оның пікірінше, альпинизм ережесін титтей де болса бұрмалаудың өзі тәртіп бұзуға апарып соқтырмақ. Хасеновтың шыңды жалғыз бағындырам деуі көңілге қонымсыз.

— Сергей, сен күлбілтелемей ашығын айтшы, — деді осы жерде Долодов тігінен кетіп. — Неге көңілге қонымсыз? Әлде Хасеновтың шыңға жұрттан бұрын шығуын қызғанып отырсың ба? Әлде ол Хантәңірін жалғыз бағындырып, бедел алып кетеді деп қорқасың ба? Қане, ондай ойың болса, жасырма.

Жетекшінің алында Гопенко өз ойын тарата айтып, ақталып жатқысы келмеген сияқты.

— Құр босқа қызынбай, бері қарашы, Аркаша. Хасенов жалғыз кетті. Оразбаевпен әуреленіп жатқанымыз мынау, ал сонда аяқ астынан енді Хасенов мертігіп қалса ше? Жалғыз өзі шың басында неге ұшырамайтыны кім біліпті. Ауырмай-ақ қойсын, тіпті аяғы да тайып кетсе ше?.. Бұл өте маңызды мәселе, Аркаша . Былтырғы үшеудің қазасын әлі ұмыта алмай жүргеніміз мынау.

— Иә, иә, кідірме? Ойыңды түгел айт!

— Сонан кейін жігіттер наразы болса ше? Хасеновке де, бізге де. Өзің айтқандай, шынында да осы жолы жолы болса, бедел алып кетуі әбден мүмкін. Жалғыз шыққанының өзі неге тұрады? Алсын беделін, қарсы емеспіз...

— Енді неге қарарсың?.. Әлде маған ба? — деген келесі сауал Долодовтың тіл ұшына үйіріліп келіп қалған.

— Әй, Аркаша, осы сенің шыдамсызың-ай! Бедел алсын. Бірақ ол Хасенов үшін кездейсоқ бедел ғой. Рас, тауға құмар. Сол үшін отбасымен де жараспай жүр. Бір жағынан теріс көрінгенімен, альпинист ретінде дұрыс жағы да бар. Тіпті кісі қызығарлық қасиет онысы. Бәрібір оның орташа ғана альпинист екені өтірік пе? Өзің білесің, команда да мынау деген жігіттер бар...

— Дұрыс, ойыңды түсіндім, — деді Долодов өктем үнмен тұжыра сөйлеп. — Біз бәрі бір Хасеновті кері қайтара алмаймыз. Дұрыс-бұрысын кейін талдай жатармыз. Ал қазір дау-дамайды қойып, шаруа жайына көшейік.

Долодовтың айтқаны рас — біраз жұмыстың шеті әлден-ақ көрініп тұрған. Ең алдымен ауа райы осындай тымық кезде науқасты екінші лагерьге жеделдетіп түсіріп алған жөн. Тапсырма алған жігіттер үшінші мен екінші лагерьлердің арасындағы маршруттың қиын жерлеріне арқаннан шыжым дайындап жатыр. Оларды дереу ең жоғарға үшіншіге қарай аттандырып, Хасеновтың соңынан жіберу керек. Бұл, әрине, арқан құрушылар үшін ауыр. Бірақ, өйтпесе болмайын деп тұр.

Сонымен бірге базадан екінші лагерьге оттек баллондарын, азық-түлік және басқа да керек-жарақтарды жеткізетін тасымал тобын ұйымдастырудың қажеттігі туды. Олар қайтар жолда науқасты алып түсуге жәрдемдеспекші.

Долодовтың радиостанцияға да, өзіне де маза бермей, тыпыршып кеткені сондықтан.

* * *

— Берік аға, жылжи беріңіз, — деген жіңішке жылтыр дауыс, әрине, Фарихтікі. Небәрі екі-үш метрдей төменнен айқайласа да, құлаққа бір түрлі талып естіледі. Дәл осындай мөлдіреген тұнық ауаны көру үшін көз керек-ау. Сонау төмендегі шұбатылған шудадай ұйыса қозғалған тұман, оның ара-арасынан қылаңданып көрініп қалатыны шатқал, қойнаулар қараған көзге сондай айқын. Айқайлаған дауысың етекке дейін сыңар дыбысының сыны бүлінбей, сол қалпы жететін сияқты. Ал сондай жағдайда қасыңдағы адамның даусы талып әрең естілгені қызық.

Бірақ бұл құбылысқа тағдырын тауға теліген жандардың ешқайсысы таңырқай қоймайды. Метеорологтар тілімен айтқанда, ауа тығызығының әлсіздігі қандай дыбысты да қашықтыққа ұзатпай, құрықтап тұрады.

Екі жігіттің де көзі — шабан қимылды Берікте. Сыртынан қарағанда қорбаңаған ебедейсіз қоңыр аюға ұқсайды. Арттағылардың жүрер жолын белгілеп, жылжып келе жатқан Фарихтың аяқ алысы сақ. Мұздақтың қатқыл, тиянақты бұдырына табан тірегеннен кейін ғана арқанын төмен қарай саумалайды. Әрине, құздан құлдилап түсерде тізбектің алдында жүрген жеңілірек. Өйткені қолындағы арқан жоғарыда бекітулі. Жазатайым аяғың тая қалса, сенетінің сол. Жармаса кететін кедір-бұдырдың бәрі көз алдыңда. Қалаған жерге анкер қағып, сақтандырғыш арқанды кез-келген бұдырға іле салуға мүмкіндік бар.

Ал топтың соңынан ала төмен түсетін адамның жағдайы қиындау. Ол үшін сақтандырғыш арқан төменде қалады. Бұл жауапты орынның топ ішіндегі ең тәжірибелі альпинистке тапсырылатыны сондықтан. Нақ осы міндетті атқару қазір Даурскихке тиіпті.

Біркелкі қозғалыспен дәлме-дәл жылжыған өрмелеуші жігіттер біраз жерді ұтып тастады. Астыдағы мұздақтың суығы болмаса, шыңылтыр аязда тұла бойды дірілдететін ызғар бәсең. Сақтана сырғыған Фарихтің екі көзі көбінесе аға альпинисте. Кейде кідіріп қалса, демеп бірге түседі. Кейде ет қызуымен үш-төрт метр алға жылжып, ұзаңқырап та кетеді.

Түсер жолы ауырлау болса да, Даурских серіктеріне әлсін-әлі дыбыс беріп, жігерлендіріп, жөн сілтеп келе жатыр. Қанша айтқанмен топ жетекшісі емес пе, тиісті міндетін адал атқаруға тырысып бағуда.

— Берік аға!.. Борис Кенжетаевич! — Науқас альпинист мұздақ қабырғаға жабысып, қозғалмай қалыпты. Соны байқаған Фарих еріксіз айқайлап жіберген. Берік жауап қатпады. Мүмкін, бірдеме десе, деген де шығар, әйтеуір төмен тұрған кісіге ештеңе естілген жоқ. Өзі болса, төрттағандап сол қабырғаға жабысқан қалпы. Демек, тегін емес.

— Берік аға! — деді де, Фарих қайтадан жоғары қарай ұмтылды. — Сізге не болды?

* * *

Лап ете қалған көкіректегі қуаныш сезімі әлі айығар емес. Арманшыл адамның айға келіп қонғанындай көңілі мәре-сәре. Өткен жолы Берік пен Фарих желдің кесірінен шыға алмай қайтқан мәрмәр қабырғаның қырына тез-ақ жетті. Көлбеу алаңқайға құйрық басып, шамалы уақыт тынығып алуға бейіл қылып тұрды да, қолын бір-ақ сілтеген. Аспан таудың тәккәппар биігін тақ төбесінен табанына салмай, көңілі тынышитын емес. Ол үшін күш-қуаты ортаймай тұрған кезде қимылдап қалғаны жөн.

Алыстан қараған көзге табиғат көрінісі қашанда алдамшы. Мәселен, кез-келген тау жотасы жанар жетпес шалғайдан көгілдір болып көрінеді. Жақындаған сайын әлгі түстің өзгеріп, жер бедері өзінің табиғи реңін табатыны белгілі. Сан құбылып тұратын теңіз суретінде де айқын аңғарыла бермейтін құбылыңқы рең кездеседі.

Хантәңірінің әсері де осындай екен. Сонау Алматы Нарынқол тас жолының бойынан көз салғаныңда бұлт үстіндегі пирамида тәрізді көрінетін атақты шың төбесіне шықсаң, мүлде басқаша. Пирамида бетіндегі бірыңғай тегіс беткей жақынырақ қарасаң, аралары ашылып, ырсиып кеткен ирек-ирек мұздақтар. Міне, ішінара жалаңаш жартастардың жоны қарауытады.

Осы араға жеткенде Қуаныш оттек баллонының біреуін ағытып алды. Қайтар жолда керек болуы мүмкін деген оймен жолшыбай әдейі қалдырып кетпекші.

Шың басына шыққан соң кері қарай қашан төмен түсетіні өзіне де беймәлім. Қалай болған күнде де шаршап-шалдыққан адамға оттектің үлкен қуат беретіні сөзсіз. Кейінгі қиындықты ескеретін альпинистер осындай сақтық жасайды.

Екі өкпесін қағып, ентіге дем алғаны басылар емес. Сиреген ауада сергек жүру қайда. Шыдай алмай, тағы да оттек маскасын киіп алды. Сол-ақ екен, айналасы жарқырап, денесі жеңілдеп қоя берген. Бойға қуат құйылғаны бірден сезілді.

Сонан тасбақа жүрісімен төрттағандай өрмелеп, жалтыраған көк мұздың күдіс белдеуінен асып түсті. Бірден көзге ілінгені — нақ төбесінен төне қалған шошақ шың. Бәлкім, мұз құрсаулаған алып жартас болуы да. Санасына шырпы жаққандай жарқ ете қалған қуанышты ой жалғыз-ақ: “Иә, мынау сол, Хантәңірінің ұшар басы... Мен жеттім... Жұрттың бәрінен бұрын. Бітті, бітті! Мен жеңдім...”

* * *

... Тырмыса көтеріліп келіп қолтығынан қармаған. Мұздаққа жармасып тұрған ағасы демеген қолды сезсе де, селт ете қоймады. Сол жаңағы қимылын өзгерткен жоқ.

— Берік аға! — деді Фарих құлағына тақай айқайлап. — Борис Кенжетаевич! Не болды сізге?..

Сосын епті қолымен лып еткізіп аурудың маскасын шешті. Шығыңқы шықшыт сәл дір еткені болмаса, Берік жартылау жұмылған жалғыз көзінің (екіншісі танулы ғой) кірпігін де қаққан жоқ. Қолын апарып еді, маңдайы тершіп кетіпті. Шпеттердің мана рация арқылы айтқан кеңесі бойынша аурудың лебін қайтаратын дәріні ұсынып, термосынан бірер жұтым шай құйып берді. Осының бәрін аяқ жағың шыңырау мұздақ қабырғаға жабысып тұрып істеу оңай емес. Еппен қимылдауға қанша тырысса да, қарбаласта Фарих әлденені түсіріп алды. Жалт қараса, сол аяғының “мысығы” (қар мен мұздақта тұру үшін бәтеңкенің сыртынан киетін табаны бұдыр арнайы галош) төмен қарай сырғанап барады екен.

Жағдайды естіп білген Даурских те жоғарыдан сырғанай таяп келіп, келесі анкерді мұздаққа қағып жатыр. Осындай кідірісті пайдаланып, ол да сақтандыру арқанын жақсылап бекітіп алмақ.

Өлшеп көріп еді, тыныс алатын баллонның атмосфералық қысымы нөлге жуықтапты. Беріктің ауруы бір жағы тәнге ауадай қажет (тіпті ауадай деудің өзі жетімсіздеу теңеу, өйткені оттек дегеніміз құрамында басқа газ жоқ, ең таза ауаның нақ өзі ғой) оттектің кему салдарынан қайталанған шығар. Фарих баллонды шапшаң ауыстырып, науқастың маскасын кигізді.

Рация Даурскихте еді. Ол екінші лагерьмен байланысып, мұз қабырғаның бетіндегі кідірістің мәнін баяндаған. Өзгесін қоя тұрып, дәрігер Шпеттердің тәптіштей сұрағаны — аурудың жағдайы. Қандай жәрдем жасалғанын біліп алысымен, ол енді алда не істеу керегін қолмен қойғандай етіп ежелеп түсіндіре бастады. Маршруттың күрделі бөлігінде жігіттердің жолды дайындап, шыжым арқан тартып жатқанын тағы да еске салды. Еңселерін көтеріп, сергіп қалсын дегені болуы керек.

Түйіліп келген аурудың беті қайтысымен-ақ жол қайта жалғасты. Ендігі жүріс аздап жеңілдей түскен сыңайлы. Мұздақ беткейдің етегі көлбей көтеріліп, ирек-ирек қар жамылғысына айналып барады. Қар болғанда қыстыгүні рахаттана басатын ақ үлпе емес, қасаттанып, кіреукеленіп кеткен сүр қар. Кей жерде тіпті табанының астындағы мұздақ па, қар ма, айыру қиын.

Әр жер-әр жерден қазақтар «әңгек» деп атайтын мұз жарықтары ұшырасып қалады. Құлдилаушы топ сақтана жылжи отырып, олардың бір-екеуін жиектеп те өтті. Сонан арқандарды қайтадан жиі-жиі бекітіп, әлдебір жартастан төмен қарай түсе берген.

Сол кезде... Оқиғаның көзді ашып-жұмғанша болғаны сондай — ешкім ештеңе аңғарып та үлгерген жоқ.

Кенет айналаны жаңғыртып әлдеқандай ышқынған дыбыс шықты да, жоғарыдан қалың түтек сау ете түсті. Әйтеуір сол екі арада құлаққа жетіп үлгіргені “Сақтан!” деп түскен жалғыз айқай. Одан ары не болып, не қойғанын Берік анық білмейді. Әйтеуір арқанды мықтап ұстаған күйі заулап құлап бара жатқаны есінде... Аранын ашқан түпсіз қараңғылық шым еткізіп қақшып алды да, бір сәтте бәрі жым бола қалды.

***

… Бойына қайдан күш қосылғанын білмейді. Арқасынан рюкзак сырғып түскендей лезде жеңілдеп сала берген. Өзінен өзі дауыстап қайта-қайта айтқаны: “Бітті, бітті!.. Мен шықтым!” деген бір ауыз сөз. Осындай лепірген көңіл оны тайғақ шоқының төбесіне қарай дедектетіп ала жөнелген. “Аспан таулары” атанған атақты Тянь-Шанның ең биік нүктесіне табаны тигенше дегбірі қалар емес. Әлгі бір әзірде аяқ-қолды мұздатып, буын-буынын ала бастаған ызғардың қайда кеткенін білмейді, сәлден кейін пора-порасы шығып терлесін. Асыққандықтан болар, аяғындағы “мысығы” да қайта-қайта шешіліп, мазасын алды.

Төбесі батпырауық ұшып жететін биіктіктей ғана жақын болып көрінген мұз шоқыға өліп-талып шықтық-ау әйтеуір. Сөйтіп келіп қараса... Өзіне өзі сенбеген жігіт маскасын шешіп, көзін қос қолдап уқалап та жіберген. Жоқ, жаңылмапты, мұз шоқының ар жағында бұдан гөрі еңселі тағы бір шоқы айналасына астамси қарап тұр. Мұны мазақ қылғандай күн сүйген маңдайы шай ішіп терлеген адамның шекесіндей жалт-жұлт етеді.

Әлдекім кеудеден итеріп жібергендей Қуаныш сылқ етіп отыра кетті.

***

... Осылайша қанша жатқаны, қанша уақыт өткені беймәлім. Кеудесін әлдене езгілеп қысып, тұншығып бара жатқан секілді. Сонан жандәрмен тұяқ серпіп тыпырлап қалған болуы керек. Әйтеуір көкірегін толтырып ышқына дем алып барып, өзінен-өзі келгендей болды. Онда да шырт ұйқыдан оянғандай көзін оқыс ашып алған. Санада тұрған әлсіз сәуле сыздақтай ұлғайып, кеңейе берген. Өзін біреу жұлқылап, жағынан қағатын сияқты ма-ау! Енді бетіне маска кигізіп жіберіп, аяқ-қолын созғылап жатқан сияқты ма-ау. Сол ақ екен, тұла бойына ғайыптан күш қосылғандай шұғыл есін жинап алды...

Иә, мөлшері тура келіпті. Алакөлеңке жарықта өзін кергілеп-созғылап дем салып жатқан адамның бет жүзін анық ажыратты. Нендей кепке душар болғанын білгісі келіп, әрең дегенде ернін епке келтірген:

— Қайда-қайда?.. — деді ол тұтыға сөйлеп. — Мен қайда ... жатырмын?..

— Ажалың жоқ екен, Борис. Енді кішкене болғанда... — деп Даурских қолын жоғарыға қарай сілтеді. — Біздің қайдан құлағанымызды көрдің бе?

Оның сілтеген жағына қарағасы келіп, басын көтере берген жігіт «Оһ» деп ышқынып қалды да, мойнын ұстай алды. Желкесімен қоса тас төбесі де шым етіп қатты ауырып кетті. Жанына батқаны сондай — көз алды қанкөбелек ойнап, тұманытып ала жөнелген. Даурскихтің аптыға сөйлегені де қайтадан құлағына күңгірлеп, ештеңе естілер емес.

Әйтеуір әрең дегенде ретін тауып жоғары жаққа көз салды. Жағдайды түсіне бастағаны содан кейін: бұлар мұз жарығына құлаған екен. Мұз болғанда болаттай жарқыраған көксүңгі емес, кей жерлері кеуектеніп, қуыс-қуысын қар басқан борпылдақ мұз. Құлаған сәтте екеуінің аман қалғаны да сонан болуы керек. Әйтпесе ұзыннан-ұзақ ырсия көрінген жарықтың аузы бұлар жатқан жерден әжептәуір биік. Басы дыңылдап, көзі қарауытып әкетіп бара жатса да:

— Фарих... Фарих қайда? — деді Берік тілін икемге әрең келтіріп.

Қарлы қабырғаға сүйеніп, жоғарыға телміре қарап тұрған Даурскихтің жауабы екіұдай:

— Білмеймін, Боря, білмеймін. Бәрі көзді ашып-жұмғанша болды ғой. Тіпті есіміз шығып кетті. Ойпыр-ай десеңші!

Басын қос қолдап ұстаған күйі Берік сусылдақ мұз үгіндісіне қисая кетті. Даурских оған масканы қайта кигізіп, әуреге түсіп жатыр. Өзінің сонау биіктіктен ештеңеге соғылмай, аман-есен түскені таңқаларлық.. Қимыл-қозғалысы ширақ, сөз сөйлеуі де сау адамдікі:

— Жаңа бір айқай естідім. Әлгінде құлап түскеннен кейін. Әй, сол Фарихтің даусы.

— Анық естідің бе, Радик?

— Анық... Жаңа да бір рет айқайлағандай болды ғой. Сен байқаған жоқсың ба? -Тістеніп алған Берік тек басын ғана шайқады. — Иә, айқайлағаны анық. Тек алғашқыдан әлсіздеу көрінді. Сонан басқа кім дейсің?

— Иә, ендеше сыртта қалған екен. Тек аман болса игі еді...

— Аман болар. Өйткені ол бәрімізден төмен тұрды ғой. Ең жоғарыдан құлаған мына менің еш жерім ауырмапты. Сен, Боря көп қозғала бермеші. Әзірше қозғалуға болмайды саған.

Қарға жартылай көмілген күйі Берік көзін жұмып, онсыз да қыбырсыз жатыр. Құлағы дыңылдап, қасындағы серігінің бір сөзін естісе, бір сөзін естімейді.

— ... қасат қарды опыра... Қар астында... Сондықтан болар, еш жеріме зақым келмеген сияқты. Парашютті ашқанша төмен қарай зулайсың ғой... тура сол сияқты. Қарға көміліп кетіппін... ... Қарасам, сенің басың... Сонан жанталасып... алдым.

— Рация!.. — деді Берік қарға жартылай көмілген қалпы ыңырси сөйлеп. — Радик, рацияны іске қос!.. Хабарла!

— Оһ! — деп басын ұстай алды сол кезде Даурских. — Не қылған есекпін мен!.. Неғып ойыма келмеген?! Рация бар екен ғой бізде. Қайда ол?

Амал не, екеуінің қуанышы ұзаққа созылған жоқ. Бірде істеп, бірде істемей жүрген онсыз да сенімсіздеу байланыс құралы біржола істен шығыпты. Мұз құрсауға құлап, кіріптарлыққа ұшыраған жандардың төбесінен мына жағдай жай түсіргендей болды. Күйзеліс сезімін ірке алмаған Даурских мұз зынданды жаңғырта айқайлаған. Қашанда қанжығасында жүретін балағат сөздің неше атасы кетіп жатыр... Оны сабырға шақырған — Беріктің әлсіз даусы. Жайшылықта ақырын сөйлейтін момақан жігіт ауруына ауру жамап алғасын, сыбырламай қайтсін...

Салдыр-гүлдір құлағанға шыдамай, рация сынып кеткенде ішіне шай құйылған термостың аман қалғаны таңданарлық. Күйзелісі сәл де болса бәсеңсіп, өзіне өзі келген сәтте Даурских серігіне шай құйып берді. Дәрісін ұмытып барады екен, оны сұрап ішкен Беріктің өзі.

— Сен қозғалма, — деді Радик тағы да. — Мен енді қалай шығудың жолын қарастырайын... Рация жоқ, енді мына зынданнан өзіміз құтылмасақ...

Екі жағы сүйірлене біткен жарықтың бір қабырғасы жалтыраған бұдыр-бұдыр көк мұз болса, бұлар құлаған қабырғаның беті қиыршықтанған сусыма қар. Жаңа екеуі іркес-тіркес домалаған сәтте жарық шетін ернеулей қатқан қасатты опырып өтіпті. Бұндай жерден, әрине, қажетті құрал-жабдығың болса, шығып кету қиын емес.

Радик Даурских жалма-жан сипаланып, енді керек-жарақтарын іздей бастады. Бірден-ақ анықталған нәрсе жаңа өздері жартаста ілініп тұрған арқан үзіліп, сыртта қалып қойыпты. Бұлар құлаған жардан табылғаны — бір құлаштай үзігі ғана. Аяғы жеткенше маңайдағы қарды қопарыстырып, қолға басқа ештеңе ілінбеді.

Сонан дереу рюкзагын ақтаруға кіріскен. Әр түрлі азық-түлік, анкер тәрізді ұсақ жабдықтар болмаса оның ішінде өрмелеу құралдары атымен жоқ болып шықты. Ең қиыны қанша қопарса да, әмбебап балғашотын таба алмай-ақ қойғаны. Құлаудың алдына қолына ұстап тұрғаны есінде. Бірақ жоғарыдан ағылған қар көшкіні жайқап өткен қас-қағым сәтте... Иә, ол кезде балға тұрмақ басының қайда қалғанын сезіп үлгіре алды ма десеңші.

Ең қажетті құрал-саймандарынан айырылғанына көзі жеткен Даурских:

— Ай-ай! — деп бар даусымен ақырып қалды да, добалдай жұдырығын өз тізесін өзі бір-ақ салды.

* * *

Долодовтың жайшылықта құлақты жара шығатын өткір даусы:

— Алло, Үшінші!.. Алло, Үшінші! Жауап бер. Қабылдау! — деп тынымсыз қайталаумен-ақ қарлығуға айналды. Және жай қайталамай, микрофонды жарып жіберердей айқай салады. Ақыры шаршап бара жатқан соң радиостанцияға басқа жігітті отырғызды. Бірақ бәрібір нәтижесіз сол тіршілік. Міне, бір сағаттан асты, үшінші лагерьден төмен қарай түскен үшеуден жауап жоқ.

Сосын «Ұлардың» байланысқа шақырғаны — «Икар», яғни, Шпеттер тобы шартты түрде осылай аталатын. Үшіншінің бұлайша үнсіз қалуын барлығы бір ауыздан рацияның істен шығуынан деп жорыды.

— Болса болар, — деді Долодов та. — Біздің альпинистердің бір дұрыс радиостанцияға жарығанын көргенім жоқ. Тіпті біздің елде жібі түзу радиостанция бар ма өзі? Өзін зілдей ғып шығарады, әрі сенімсіз... Радиостанциялары құрыған ғой сол. Енді, амал жоқ, топтың аман-есен жолдағыларға жолығуын күтеміз. Екінші рация шыжым құрушыларда ғой.

Базадағылар түскі асты радиостанцияның түбінде отырып ішті. Әрбір жиырма минут сайын «Екіншімен», яғни, шыжым құрушылармен байланыс үзілген жоқ. Осылай біркелкі мазмұндағы сеанс қайталана отырып, бірнеше сағат та өтті. Ауру кісіні әкеле жатқан топтың екінші лагерьге жететін уақыты бағана болған. Бірақ байланыста отырған адамның сеанс сайын қайталайтын жауабы «Жоқ. Әлі жоқ» деген жалғыз ауыз сөз.

Үш бірдей адамның ойда-жоқта хабарсыз кетуі көңілге қалайша күдік ұялатпасын. Олардың бірдеңеге ұшырағаны анық. Мына тосын жайт шың басына жалғыз кеткен Хасеновті де бір сәт естен шығарып еді. Қанша құштарланып, ықыласы артып тұрғанымен, оның өз алдына қойған міндетті толық орындап шығарына сенім аз. Бұл жөнінде әсіресе Гопенконың күдігі күшті-ақ.

***

«Көрінген таудың алыстығы жоқ» деген бекер сөз болмаса игі еді осы. Мына қол созымдай ғана жерден көз қызықтырған биіктік әлі жеткізер емес. Әлде жолы қиын ба, әлде бұл сілікпесі шығып, әбден шаршады ма, әйтеуір ілгері басқан аяғы кейін кетіп, жүрісі мандымай қойды. Содан ес кетіп, жан шықты деген кезде... Адамның өз көзіне өзі сенбейтін бір ұрымтал сәттері болады. Бұл бәлкім, ең жанды жеріңе әсер ететін қымбат шындықты қабылдаудың қиындығынан шығар. Иә, сөйтіп, ес кетіп, жан шықты дегенде жаңағы жұмыр дөңестің төбесіне еңбектей көтерілген. Сөйтсе, ары қарай апаратын жол... жоқ. Анығында жол бар, бірақ төрт құбыласының қай жағынан қараса да, енді тек төмен қарай түсуі тиіс екен.

Тағы да өзіне өзі сенбей, көзін уқалай беріпті. Жоқ, көріп тұрғанының бір қатесі жоқ. Көкжиекке қарай бұлдырлай жайылып кеткен таулы өңір төрт жағынан түгел көрініп тұр. Рас, өзіне мәлім теріскей және теріскей батысты алашабыр бұлт үйіріле шұбатылады. Төмендегідей емес, биіктеген сайын жел бәсеңсіп келеді. Әр жер-әр жерден қара-қоңырланып көрініп қалған тау жүлгелерін ажыратуға тырысып әуреленбей, енді күнгей бетке бұрылды. Ара-арасынан кең аңғарлар көрінген таулы алқап түгелдей көз алдында. Аспанға қарай ұмтылып тұрғандай сүйірлене біткен құздар, алып балықтың арқа қанатынан аумайтын ирелеңдеген жон-жоталар. Шашылған күмістей ала шұбарлана ағараңдап жатқандардың шың бастарындағы қар мен мұздақтар екені сөзсіз. Оңтүстік шығыстағы тау аңғарларынан ашық жасыл түсті алқаптар көзге түссе, басты бағытта — ара жіктері ашылмай, қыртыстары бір-бірімен қойындасып-тұтасып кеткен таулар шоғыры.

Бір орында шыр айналып, айналасына жалақтай қараған Қуаныш биялайын жұлып алып, аспанға лақтырып жіберді де, өзінен-өзі кеңкілдеп ал кеп күлсін. Тұрған орнынан секіріп түсіп, есерсоқ баладай:

— Ура-а! — деп айқай салған. Оның қанша жерге жетіп жығылып, кімнің құлағына тигенінде шаруасы жоқ. Өйтпегенде ше? Бүкіл экспедицияның ішінен Хантәңірінің мәңгі мұз бүркеген ұшар басына бірінші болып шығып отыр емес пе? Және абырой-атағына ешкім күмән келтірместей жалғыз өзі шығып отыр. Ендеше бұның жүрегі жарылмай, кімдікі жарылмақ? Кеудесін кернеген шаттық қызуы шыдатпай бара жатқан соң біреуді бас салып құшақтағысы, шөпілдетіп бетінен сүйгісі келген. Амал не, оның бұл керемет қуанышына куә болып бірге бөлісетін тірі жан, тісті бақа көзге көрінсе не дейсіз.

Дәл ортадағы темір қадаға байланған қызыл жалаудың түсі өңіп кетіпті. Оның түбінде әртүрлі спорттық қоғамдар мен ұйымдардың жалаушалары, значоктары, оттектен босаған баллондар жатыр. Арасында шетелдік заттар көрінеді. Бұлардың барлығы — Хантәңіріне әрқилы уақытта шыққан альпинистердің арнаулы белгі-ескерткіштері.

Мұндайда көп ойланып тұратын Қуаныш па? Әлгілердің үстіне апарып өзінің екінші баллонын косқан. Ішінде әлі де шамалы оттек бар еді, оған қараған жоқ. “Менің де шыққанымнан бұл ескерткіш болсын! — деді ол өзінен өзі дауыстай сөйлеп. — Менен кейін шығатындар келіп көрсін. Кейін мені танымайтын шетелдік әріптестеріміз көтерілмей ме? Олар да білсін Қуаныш Хасеновтің кім екенін. Оның үстіне Хантәңірін мен жападан жалғыз бағындырып тұрмын ғой...” Осынау бақытты сәтте Қуаныш өзін дүние жүзінің ең биік шыңдарының бәрін жалғыз игерген жапон альпинисі Наоми Уэмурадан бір де бір кем сезінбегені анық.

“Иә, Уэмураның өзі биіктігі небәрі төрт мың метр ғана Монбланның төбесіне шыққанда қалай шаттанып еді. Ал мен қазір бағындырып отырған Хантәңірінң биіктігі жеті мың метр... Міне, қандай екен Қуаныш Хасенов. Енді менсінбей көрсін кейбіреулер мені.”

Тынысы жиілеген сайын көз алды қарауытып кетеді. Төңіректі түгел суретке асыға түсіріп жатқаны да сондықтан. Автоматты тетігін іске қосып, өзі де қайта-қайта объективтің алдына қарай жүгірген... Шың басындағы температура, атмосфералық қысым, желдің бағыты тәрізді қажетті мәліметтерді, алғашқы әсерлерін тұқшыңдап блокнотына түртіп алуды ұмытқан жоқ.

Енді күйбеңдеп жүріп алмай, шапшаң жиналғаны жөн. Осы кезде барып әлгі сәулелі көңілін әлде бір сұрғылт көлеңкенің бүркегісі келетінін түсінді. Ол не қылған көлеңке? Хантәңірінің басына шығып, жарыла шаттанған, мәртебесі өсіп, жолдастарының алдына мерейі үстем болып, мейманасы тасыған ақжарқын азаматта ондай көлеңкенің не ақысы бар? Таулы жердің құбылмалы ауасындай көңіл күйінің неге бүйтіп бұзыла қалғанын әуеліде Қуаныштың өзі анық түсінген жоқ.

Сөйтсе, жаңа ғана жеңіске жетіп, альпинистік өмірде алғаш рет алып қадам жасаған ержүрек (бұл Қуаныштың өзіне берген бағасы) жігітті иектей бастаған жалғыздық атты әлдеқандай ауыр сезім екен. Уақытының көбі қалың жұрттың қақ ортасында өткенімен, оңаша қалатын кездері де кездеседі. Бірақ дәл қазір қайта тұнжырай қалыпты. Енді аңғарса, көңілсіз күйге тап болуы бақытты сәтінде шат-шадыман күйін бөлісер пенденің жоқтығына байланысты. Жарыла қуанған мезетте жан сырын жайып салар жарқын болмағаны енді ғана жанын жабырқатқандай.Ал альпинист үшін өмірлері бір арқанға байланған қанаттас серігінен артық жақыны бар ма?..

Көңілін көмескі мұң басқан жігіт төрткүл төңірекке, өзі жаңа ғана таптаған шың төбесіне ақырғы рет қарады да, мұз қиямен төмен қарай бет алды.

ІЛІНІП ҚАЛЫПТЫ

Ол құламайтын еді. Қар көшкіні өзін ала-перен құйындай жұлқылап қана өткен. Сол сәтте әлдеқандай ащы айқай естіліп, қолындағы арқан иығына аса беріп, сарт еткізіп бір-ақ жұлқыды. Өзіне жарыса жармасқан адамдарды ұстап, адал қызмет көрсетіп тұрған берік арқау аяқ астынан бүйтіп жаулық жасайды деген ой үш ұйықтаса, түсіне кіріп пе? Иығынан баса төмен қарай жұлқып қалған арқанды лып еткізіп жібере салды. Өйтпегенде тепкіген күштің екпінімен жартастан жұлындай ұшар еді. Қия беткейде әрең жабысып тұрған адамға осы жұлқудың өзі-ақ жеткілікті. Шеті ғана ілініп тұрған табаны тайып кетіп, төмен қарай сырғанай жөнелді.

Жанталасып сусып бара жатқан тас қабырғаға жармасқан. Үсті-басын жыртып, құлау екпінін тежегені болмаса, қайдағы қайран. Миын шағып өткен «Өлдім!..» — деген жалғыз-ақ ой. — Біттім..!» Сөйткенше болған жоқ, әлдене дар ете түсті де, аяқ-қолы жерге тимей, ауаға ілініп қалды. Тасқа ұрғандай басы зырқ етіп, көз алды қанкөбелек ойнап кетті. Қолы-аяғын алдына жиырып, құлауға дайындалған. Сәлден кейін өзіне-өзі келгендей болып, бағдар алуға тырысып байқаса, ауада қалқып тұр екен.

Алдымен көз тастағаны — астыңғы жағы. Қайда, қалай құлауы мүмкін, соны біліп ала қоймақшы. Сонау етекте — өзінен төмен көлбей қашқан аппақ беткей. Тірі жанның ізі түспеген қарлы жердің ойпыл-тойпылы жоғарыдан көзге бір тегіс болып көрінеді. Көшкін ізінен қалған қар тозаңы әлі сейілер емес, ауада үйіріліп жүр. Шүкіршілік еткені — төменгі жағында тас, мұз тәрізді қатқыл ештеңе байқалмайды. Асты қандай екенін кім білсін, ана аппақ қардың өзіне құласа, бәлендей зақымдана қоймауы тиіс. Тегіс емес, беткей. Ал беткейге құлау жеңілірек болатыны белгілі. Ұшар кезде денеңді қалай тастайсың, мәселе соған байланысты. Альпинистердің көңіліне күмән келтіргені — өзі мен құлау нүктесінің арасындағы ара қашықтық. Әжептәуір төмен сияқты.

Шайқалған кезде мойнын артына бұрып қарап еді, жартастың шошайған мүйісіне ілініп қалыпты. Өзі емес, рюкзагы. Арт жағына бұрылып, жаңағы мүйіске жармасса ше? Өйтсе, қолын созам дегенше-ақ ұшып кетпек. Сонда не істегені жөн? Альпклубта үйренген тәсілдерін қолдануға мүмкіндік бар ма? Қысылтаяң сәтте басына сан ой келіп, сан ой кетті.

Қанша ойланғанымен, мынадай мүшкіл халден құтылудың ретін келтіре алар емес. «Жарайды, құлаудың амалдарын білем ғой, — деді ол өзін сабырға шақыруға тырысып. — Құлап бара жатсам, бірдеме қылармын...» Бір таң қалғаны — көз қиығын түсер жерде жолдастары көрінбейді. Олар жаңа өзінен қиғаш, әрі жоғарырақ еді ғой. Дым болмағандай бедірейіп бұрған жартас бетінде енді адамның өзі тұрмақ ізі де жоқ. Сонда аяқ астынан ұшты-күйлі қайда жоғалып кетті?

Көшкіннің ізімен көз аштырмай ұйқы-тұйқы болған қар борасыны бұл кезде басылған. Екеудің құлау мөлшерін жобалағысы келіп, көзін тегіс болып көрінетін мұнтаздай қардың бетіне әрлі-берлі жүгіртті. Сонан жанарын тірегені — сәл қиғаштау жердегі мұз жарығы. Сол жарықтың қия жақ беті ептеп опырылып қалған сияқты. «Ойпыр-ай!, шынымен-ақ, — деген ой келді Фарихтың басына, — екеуінің де соған... Терең болып жүрмесе игі еді!» Жаңа ғана жолдастары жабысып тұрған қабырға мен жарықтың арасына көз мөлшермен тағы өлшеген болды. Сол кезде қардан ирелеңдеп шығып жатқан арқан ұшының көріне кеткені.

«Арқан... Иә, солардың арқаны. Демек... анық болғаны ғой... Күмән жоқ, сөйткен. Қап, әттеген-ай». Осы ой басына келісімен-ақ ойланып жатпастан жарыстарды жаңғырта:

— Е-һе-һе-ей! — деп бар даусымен айқайлап жібергенін өзі де байқамай қалған. Арқасынан ауаға ілініп тұрғандықтан болар, қанша зорланса да, үні қарға адым жерге жете алмай, қылғына шыққан... Кеудесін кере, тағы да айқайлаған болды.

Бірақ құлағына жел уілінен басқа мардымды дыбыс іліне қойған жоқ.

Сол-ақ екен, тұла бойын үрейлі сезім қалтыратып, кернеп ала жөнелді. Ақ қар, көк аспан, алашабыр жартас тегіс лезде қанкүреңденіп барып, зәрлі ызғар шашты. Қанкүрең түске боялған бүкіл кеңістік бұған өшіге, кектене қарайтындай. Аяқ-қолынан әл кетіп, бір сәт жалынға тірідей өртеніп барады.

Қанша уақыт өткенін білмейді, әйтеуір әлден уақытта ес кетіп, жан шықты деген кезде дүние біртіндеп өз орнына келе бастағандай болды. Жан-жағына анықтап қараса, өзі сол қол-аяғы салбырай асылған пұшайман қалпы. Үйіріле ескен суық жел денесін мұздата бастапты. Бәлкім, өне бойдың жалынын басып, ес жиғызған да осы суық жел шығар.

Жаңа бір әзірде көкірегінде тұтанған “ жолдастарым келіп, құтқарып алар” деген үміт ұшқыны жылт ете беріп, қайта сөнді. “Егер ана жарыққа құласа,.. онда... онда тайыз болса, өздері-ақ шығады, ал егер терең болса...”

“Бәлкім, олар мені емес, мен оларды құтқаруым керек шығар. Қандай жағдайда?.. Енді неге шықпайды?.. Не болды?..” Ойда жоқ шұғыл шешімге келгені осыдан кейін. Жағдайды ақыл таразысына салып, салмақтап жатуға тіпті де ықыласы жоқ. Өйтсе, жүрексініп, солқылдай бастайтынын соқыр сезіммен түйсінді.

Астындағы қарлы беткеймен екі араны көзімен тағы өлшеді. Жоқ, қорқынышты ештеңесі жоқ екен. Аяқ-қолын ыңғайлап алды да, бар пәрменімен жұлқынып қалды. Шамасы, рюкзактың ілінген жері берік болса керек, мыңқ етіп мизейтін емес. Сонан кейін ышқынып тағы жұлқына берген сәтте құлағы шалғаны — дар ете түскен жадағай дыбыс. Жыртылған мата дыбысы сияқты. Сонан ішкі құрылысы түгел аузына тығылып, астындағы мұздақ қия өзіне қарай шыр көбелек айнала заулап кеп бергені. Іле әлдене гүрс етіп, күтір ете түскендей болды.

Одан әрі... ештеңе есінде жоқ.

БӨГДЕ ДЫБЫС

Манағыдай емес, күйзеліс сезімі бәсеңдеген Даурских:

— Тоқтай тұр, уақытты есептеп көрейінші, — деді де, білегіндегі сағатына үңілді. Көзі жетпегесін, қолшамын тауып жағуына тура келген. — Біз лагерьден таңғы бес жарымда шықтық. Қазір сағат сегізден өтіп барады. Біз шамасы сол жетілердің кезінде құладық-ау деймін. Жұрт бізді бір-екі сағаттан соң іздей бастайды. Олар біздің байланысқа шықпай, жолығып кеткенімізді қалай түсінуі мүмкін? Әрине, рацияға жабады. Бұзылды деп ойлайды.

Бірақ қандай жағдайда бұзылғанын білмейді. Боря, мен естіп жатырсың ба?.. Қысқасы, олардың бізді іздеуге шығатыны сөзсіз. Қалай ойлайсың, біздің олар қашан табуы мүмкін?

— Білмеймін...

— Ендеше мен есептеп жіберейін. Олар бізді шамасы, екі сағаттан кейін іздей бастайды.

Демек сағат онға қарай. Іздейтіндер шыжым құрып жүргендер болуы тиіс. Біз арқан тартатын жерден онша алыс болмауымыз керек. Базадан оларға бізді іздеу жөнінде бұйрық беріледі. Әрине, қиын учаскеде жүрген жігіттер бұл шаруаға даяр емес... Олар сонда да жолдастарын тастамай, дереу жолға шығады. Так! Қалай ойлайсың, жігіттер бізді қашан табуы мүмкін?

— Білмеймін, — деді Борис ысылдай сөйлеп. Жай жүргеннің өзінде бет-пішінінен оңайшылықпен ештеңе аңғарыла алмайтын жігіт қой, мына қара қараңғыда түріне қарап жан қиналысын, науқасын аңғарам деу — бос әурешілік. Тек дауысының ақырын шығуы ғана секем алдырады.

— Меніңше, іздеуге шыққаннан кейін... Иә, екі-үш сағат өткен соң. Алдымен екі сағат, оған қосамыз және үш сағатты. Сонда олар бізді шамамен бес сағаттан кейін, әрі кеткенде алты сағатта табуы тиіс. Яғни, жергілікті уақыт бойынша он алты сағатта. Сен қалай ойлайсың, Боря?

— Білмеймін...

— Сен нені білесің өзі? — деді ашуы бұрқ ете түскен Радик қараңғыда жолдасының жүзіне үңіле қарап. “Білмеймін, білмеймін” — сонда нені білесің сен? Боря, бері қара. Сенің ұстамды жігіт екенің бәрімізге белгілі. Ал дәл қазір бар ғой ұстамдылықтың түкке де керегі жоқ. Түсінемісің? Сен екеуміз мына қарғыс атқан мұз апаннан құтылуымыз керек. Қазіргі мақсат жалғыз сол ғана.

— Фарих қайда екен? — деді Берік әлден уақыттан кейін. Жан дүниесін қинаған осы сауалға әлі жауап таба алар емес.

— Айттым емес пе,оның жағдайы бізге қарағанда тәуір болар деп. Неге дейсің ғой? Ол сен екеумізден төмен тұрды, яғни, құлай қалған күннің өзінде, ол жарақаттанбайды. Немесе бір жерін аздап қана ауыртуы мүмкін. Екіншіден, сен екеуміз қырсық қылғанда, мынау қарғыс атқан мұз қапшықтың ішіне құлап түстік. Ал ол қарлы беткейге құлайды. Мен осыдан басқа мұз жарығын байқағам жоқ...

— Дұрыс қой. Сонда ол... осы уақытқа дейін... қайда жүруі мүмкін? Ештеңеге ұшырамаса... бізді іздер еді ғой.

Даурскихтің бұл мәселе жөнінде өз болжамы бар болып шықты. Жаңа бір әзірде әлдеқандай айқайды естігені күмәнсіз. Құлаған жолдастарын іздеп, таба алмай жүрген шығар. Немесе көшкін оны төмен қарай алып кетіп, қайтадан жоғары шыға алмай жүр ме?... Бәрібір ол қиял айтқан бұл сөздердің ешқайсысы көңіліне қонар емес. Баланың бірдеңеге ұшырағаны анық. Ендеше қашан келіп бізді құтқарып алар екен деп қол қусырып қарап отырмай, сыртқа шығудың қамын жасау керек.

— Иә, өзіміз үшін емес, ана Фарих үшін. Кім біледі, оның халі біздікінен ауыр шығар, — деді Берік сәл бәсең дауыспен. Әмір етпейді, жалынып-жалбарынбайды. Тек ұсыныс ретінде ғана ойындағысын айтып салып, қарап отырады.

Қанша дегенмен де оның бұл сөзі осы жолы Радиктің көкейіне ешқандай күштеусіз оп-оңай қона қалғандай болды. Құлаған кезде арқан сыртта қалып қойыпты. Әмбебап балғашот та жоғалған. Сонда қазіргі қолда бары — анкерлер, ілмектер және мысықтар ғана. Олардың көмегімен мына мұз зынданнан босану, әй, қиын-ау. Оны екі жігіт те жақсы түсініп отыр. Бірақ, әрекет жасамасқа амал жоқ.

— Сыртқа шыққаның дұрыс, — деді Берік тағы да. — Сен шығып алсаң, Фарихты да, мені де құтқарғаның. Мені қойшы, мен өлмеймін, алдымен Фарихты тауып алайықшы.

Бір тәуірі мына мұз үңгірдің іші суық жел уілдеген құз қиясындай емес, едәуір жылы екен. Сонда да болса Радик жолдасын ұйықтайтын қапшыққа енгізіп, жөндеп жатқызды. Денсаулығын тағы тексерген болып, қолдан келген ем-домын жасаған. Шамалауынша Беріктің миы шайқалған. Бұғанасы мен иық сүйегіне зақым келген. Бұндай жағдайда қозғалмай жата бергеннен басқа амал қайсы?

Өзінің әр жер-әр жерінің ауырсынғанын елемеуге тырысып, Даурских жұмысқа кірісіп кетті. Бір анкерді екіншісіне ұрып, мұзға қадап жатыр. Бекіген темірге қысқа жіпті күрмеп байлап, ақырын көтере бастады. Онан кейін келесі анкерді шыңғырлата ұрып, жұмысын жалғастыра берген.

Кенет оның құлағына әлдеқайдан бір бөгде дыбыс естілгендей болды. Қимылын тоқтатып, демін ішіне тартқан күйі тың-тыңдаған. Иә, сонау алыстан құмығып әлсіз дыбыс естіледі. “Тоқ-тоқ” дейді ақырын ғана. Радик анкерді қайта ұрып еді, әлгі үн жауап бергендей тағы қайталанды.

Қайтадан төмен секіріп түскен жігіт серігін жұлқып-жұлқып жіберді:

— Естисің бе? Тыңдашы!.. — деді ентіге сөйлеп. Құлағы біресе шыңылдап, біресе басылып, жүрегі көтеріле лықсып жатқан Берік тосын үнді анық ажырата алған жоқ. Тек бір сәтте ғана құлағына әлдене талып жеткендей болып еді.

— Бізді іздеушілер! Солар! — деді Радик тыпырлай елегізіп.

Орнынан қайтадан ұшып тұрған ол жоғары қарай жалт қарады да:

— Бізді іздеушілер! — деп саңқ ете түсті. — Солар!..

Іле алақанымен аузын қалқалап алып, көмейін жырта бар пәрменімен айқай салған:

— А-у-у!... Біз мұндамыз!

* * *

— Алло, «Ұлар!» Мен «Екінші!», Мен «Екінші!» Жауап бер.

— «Екінші!..» «Екінші!..» «Ұлар» тыңдап тұр.

— Аркадий Харитонович. Біз сіз айтқан маршрутпен бес мың тоғыз жүз метр биіктікке дейін келдік. Бірақ үшеуді таба алмай тұрмыз.

— Қалайша? Таба алмағандарың қалай, Алекс?

— Олар соңғы рет бес мың жеті жүз жиырмасыншы биіктіктен хабарласты емес пе?

— Иә, соңғы сеансты өздерің де тыңдадыңдар ғой. Міне, менде жазулы — бес мың жеті жүз жиырмасыншы биіктік. Ал сендер неге одан жоғары шығып кеттіңдер?

— Олардың бұл жерде жоқ екеніне көзімізді әбден жеткізейік дедік. Үшеудің кері жоғарыға көтерілуі мүмкін емес қой.

— Әрине, мүмкін емес. Сонда қалай болғаны?.. Тіпті ешқандай белгі жоқ па? Айналаға анықтап қарадыңдар ма? Көріну қашықтығы қандай?

— Аркадий Харитонович, бәрі сол көріну қашықтығына байланысты болып тұр. Мана көтерілген жел ұл аймақта әлі басылған жоқ. Жылдамдығы он үш узел. Айнала жаяу борасын.

— Шыңға бұлт үйіріле бастаған сияқты ғой. Қар жауған жоқ па?

— Әзірше жоқ. Бұлт бізден жоғары өтіп жатыр, ызғарлы екені сезіледі. Соған қарағанда қар жауып кетуі де мүмкін. Енді не істейміз?

— Бәлкім, олар мына желден қорғанып, бір тасада отырған шығар. Немесе Оразбаевтың ауруы күшейгесін, ары қарай қозғала алмай қалды ма? Қалай ойлайсың, Алекс, үшеудің осындай жағдайға ұшырауы мүмкін бе?

— Болжамыңыз орынды, Аркадий Харитонович. Жоғары көтерілу кезінде біздің оларды байқамай қалуымыз әбден ықтимал. Өйткені мана хабарладық қой, шыжым құру өте қиын болды деп. Онан кейін сіздің бұйрығыңыз бойынша дереу үшеуді іздеуге аттандық.Желдің көтерілгені де сол кезде. Енді ойласақ, біз маршруттан сәл ауытқып, ептеп батыс жаққа бұрылған сияқтымыз.

— Қалайша? — деп айқайлап жіберді осы кезде Долодов. — Сен, Алекс, тәжірибелі альпинист емессің бе? Енді неғып былжырап жүрсіңдер? А? Экпедицияның дәрігері, жауап бер.

— Бізге жартастың үстімен тіке көтерілу өте ауыр соғатын болды. Сосын сәл оңға қарай бұрылып, екі жартастың арасымен көтерілдік...

Дәрігердің дәлелді уәжіне жүйкесі ширығып отырған экспедиция бастығы қараған жоқ. Ақкөз ашудың ырқымен тіліне оралған дөрекі сөздерді айтып-айтып тастады. Сонан кейін барып қана қаһары бәсеңдеп, аздап жеңілдегендей болған:

— Мәселе қазір жалғыз-ақ, Алекс. Ол — адам үшін күрес. Бір емес, үш адамның өмірі. Онан басқа сөз жоқ қазір. Өлейік, тірілейік, тез құтқарайық.. Мүмкін, олар біз болжағаннан да қиын жағдайға душар болған шығар. Алекс, сендер енді былай жасаңдар.

— Тыңдап тұрмын. Аркадий Харитонович...

Экспедиция бастығы шыңда жүргендерге тиісті нұсқау бергесін, микрофонды оның орынбасары Гопенко алды. Ол іздестіру жұмыстарына байланысты өз ойларын қадағалап айтып қалмақ ниетте. Экспедиция басшыларының жөн-жобасы, айналып келгенде, мынаған сайды: қайтар жолда, мүмкіндігінше, үшеу төмен түскен маршруттан ауытқымауы шарт; жан - жаққа жеті қарай отырып, асықпай құлдилаған дұрыс; кез-келген тосын белгі құлаған тастың орны, опырылған мұз назардан тыс қалмасын. Әрбір елу-жүз метр сайын айқайлап, тың-тыңдап отыру қаперде болсын; құлдилаудың барысы әрбір жарты сағат сайын базаға хабарланып отырса, жағдай айқындала түспек; сонмен бірге іздеушілер өздерінің қауіпсіздігін бір минутта естерінен шығармауы тиіс. Жедің екпіні он үш узелге жетіп тұрған қазіргі қолайсыз жағдайда төмен түсудің қатерлі екені сөзсіз; сондықтан, тауда жұмыс істеудің ережелері өте қатаң сақталсын; оны бұзған альпинист экпедиция басшылығының алдында жауапқа тартылады.

Іздестірушілер жоғалған жігіттерді таба алмаса, сол жылжыған беттері кідірместен, екінші аялдамаға келіп бір-ақ тыныстағандары жөн.

Байланыс сеансы біткеннен кейін базадағы жігіттер шұғыл мәжіліске отырды. Іздеушілер хабарынан айқындалған басы ашық нәрсе сол - альпинистер Оразбаев, Даурских және Киреев үшеуі бір нәрсеге ұшыраған. Шыңды жалғыз бағындыруға кеткен Хасеновтың жағдайы әлі белгісіз. Күн тәртібіндегі жалғыз - мәселе дереу құтқарушылар отрядын ұйымдастырып, іздеу жұмысын жалғастыру.

— Хасеновты жалғыз жіберудің қажеті жоқ еді, — деді Гопенко басын шайқап. — Көрдің бе аяқ астынан жағдайдың тым күрделеніп кеткенін? Өзі адам жетпей жатқанда оған екі жігіт жіберіп отырмыз. Және тек өздерін ғана емес, радиостанция секілді ауыр жүкті арқалатып қойдық....

— Хасенов туралы бағана айттың ғой. Немене оны қайта-қайта мыжи бересің? — деп Долодов төзіп отыра алмай, киіп-жарып, көз шығара сөйледі. — Хасеновтың жалғыз кеткенін менің бетіме басқың келіп отыр ма? Көлденең сөзді қойып, іске көш, Серега. Не істейміз, соны соны айт алдымен.

Адам тағдыры шешілетін осныдай жауапты сәтте кемшілікті бетке басып, кінәласудың артық екенін жұрттың бәрі түсінді. Соны шапшаң аңғарған Сергей Гопенко:

— Бізге былтырғы чех альпинистерінің трагедиасы сабақ болмаған екен. Сондағы құтқару жұмысын неліктен сәтсіздікке ұшырады? Соның себебін түсініп, сол бір бақытсыздықты қайта қайталамайықшы, — деді ұсыныс себебіне тереңнен тоқталғысы келіп. Отырған жігіттердің біреуі:

— 1984 жылғы Памир оқиғасы ше? Ол да бізге үлкен сабақ, — дегенді үстемелеп қойды.

— Альпинистер өмірі трагедиясыз емес. Қайтеміз оның бәрін тізе беріп. Босқа уақыт өткізбейік. Нақты ұсынысың жоқ екен, сөйлейтін адамға кезек бер! — деді Долодов өктем дауыспен. Шың басындағы мәңгі мұздақтың сынығындай шегір көздері суық ұшқын шашып, өзі бір түрлі ширығып алыпты.

Спорттың қауіп-қатерге толы осы бір жолын таңдап алғаннан кейін амал жоқ. Ауыртпалықтың бәріне көну керек. Жан дүниелерін толқытқан әрбір оқиға осы жігіттердің әрқайсысының жадында. Таудағы трагедия кейде қатал табиғаттың салдарынан, кейде альпинистің жеке дәрменсіздігінен болмай ма? Мәселен, жаңағы айтылған 1984 жылғы Памирдегі қайғылы оқиға. Қар көшкіні салдарынан СССР құрама командасының сегіз бірдей мүшесі бір демде ғайып болып кетті емес пе? Және олар анау-мынау емес, еңлік гүлдей енді-енді бүршік жарған бүлдіршін қыздар еді ғой.

Ал былтырғы чех альпинистерінің бақытсыздығы өз алдына жеке әңгіме. Олар Хантәңірінің нақ осы беткейінде қазаға ұшыраған. Неден болғанын бүгінге дейін ешкім білмейді.Тіпті әлі күнге сүйектері табылған жоқ. Сондықтан бұл жердегі жігіттердің барлығы да құтқару жұмыстарының жайын жақсы түсінетіні күмәнсіз.

Ақылдаса келіп, экспедиция мүшелері ақырында былайша пәтуаласты. Сергей Гопенко бастаған құтқарушылар отряды барлық керек-жарақтарды көтеріп алып, екінші лагерьге қарай жол тартпақ. Жоғалған жігіттер табылған күнде де оларды төмен түсіру оңай емес. Ал табылмаса... онда екінші лагерьге бір аял жасап алып, одан ары тағы көтерілуге тура келеді. Шың басындағы желдің қашан саябырлайтыны белгісіз. Демек қандай жағдайға да даяр тұру керек.

Келесі бір үлкен шаруа — Алматымен байланысып, құтқару жұмыстарына орай тікұшақ және басқа да көмек сұраудың қажеттілігі. Осы шаруамен Долодовтың өзі тікелей айналыспақ.

— Бұл Хантәңірі қанша адамның өмірін жұтты, — деді Гопенко көгілдір көздерін сонау бұлт басқан биікке тігіп тұрып. — Енді қаншаны жұтады екен? Жоқ, біз жолдастарымызды Хантәңірінің құшағына беріп қоя алмаймыз. Біз оны бағындырамыз, бірақ ол бізді жұта алмайды. Алға, жігіттер!

Базалық лагерьде екі-үш адамнан басқа ешкім қалған жоқ.

***

Міне, мана өзі Хантәңірінің тақ төбесі екен деп алданған мұзшоқ. Содан ептеп асып түсе бергені сол еді, ойда-жоқта танауынан қан бұрқ ете қалды. Жаңа бір әзірде қарадай басы айналып, көзі қарауытып кеткенімен, онша елей қоймаған. “Әбден шаршағасын сөйтетін шығар” деп өзін жұбатқандай болып еді. Енді келіп, міне, танауы қанады. Ең құрығанда, бірдемеге тиіп кетсе бір сәрі ғой, әшейін өзінен-өзі. Әдепкіде көздері алақтап, не істерін білмей, сасып қалғаны шын. Мұздақ үстіне бүгіліп отыра кеткені де сондықтан болар.

Ал содан танауынан аққан қан басылар деген не. Мұз қиыршығын сындырып басты, әсері шамалы. “Демек сонда бұл тау ауруы ғой... Иә, иә, сол” деген ой жылт ете түсті миында. Мана оттек баллонын ескерткішке қалдырғаннан бері қайраңға шыққан балықтай екі өкпесін қағып, ентіге берген. Құзар шыңның басындағы құрғақ ауа тіптен сирексіп кетіпті.

Биіктік организмге осылай әсер етіп жатса, оның несі таң. Тек енді өзіне-өзі өте сақ болуы керек.

Мұз қиямен құлдилау өрмелегеннен де ауыр ма деп қалды. Бірер рет тайып кетіп, тізесін, шынтағын оңдыртпай ұрып алған. Кей тұста жалмауыздың аузындай үңірейген жарықтарды жағалап өтуіне тура келеді.

Бір рет тіпті ернеулеп келіп, мұз кетікке құлап кете жаздады. Абырой болғанда сақтандырғыш арқанын мықты бекітіпті, соған жармасып, аман қалды. Осындай арпалыстан кейін сезінгені — аузының қайта-қайта құрғай бергені. Ара-арасында өзінен өзі сөйлеп те қояды. Мұз таудан тырбаңдап түсіп келе жатқан жалғыз альпинистің мына қалпын көрген адам оны жындана бастаған шығар деп сезіктенері кәдік.

Қуаныштың дәл қазіргі мақсаты — ештеңеге ұшырап қалмай, манағы тастап кеткен оттек баллонына аман-есен жету. Оттекпен дем алу — кәдімгі жер бетіндегі қалыпты күйге түсу, сергектікпен, күш-жігермен жұмыс істеу деген сөз.

Мына қырсықты қараңыз. Қанша тырысып келе жатса да, Қуаныштың баллонды таба алмай-ақ қойғаны. Мұздақтың ойығында жатқан сияқты еді, сипаланып ал кеп іздесін. Төмен қарай домалап кетуі мүмкін емес, еңіс жағы берік. Жын ба, шайтан ба, зым-зия жоқ болып кетіпті.

Сөйтіп сипаланып жүріп, тағы ойыққа тап болған. Сол-ақ екен, баллонын қалдырған жер енді осы ара сияқты көрініп кетті. Қанша сығалап қарағанымен, ділгір дүниенің бұл маңайдан да табылмай-ақ қойғаны.

“Мүмкін, жоғарыда қалған шығар” деген ой жылт ете түсті жігіттің басында. Оны өрге қарай қайта итермелеген де — сол ой. Тайғақ беткеймен біраз тырбаңдап көріп еді, әлсіреп қалғаны анық сезілді. Сонан ештеңеге зауқы соқпай, етпеттеп жата кеткен...

“Әлім бітті, — деді ол өзінен-өзі күбірлей сөйлеп. — Әбден шаршадым. Болды енді, ешқайда бармаймын”. Бірақ шамалыдан кейін шың басындағы ақ қар, көк мұзда бүйтіп жата беруге болмайтынын, өйтсе жерге қарай құлдилау мүмкіндігі азая түсетіндігін, сондықтан қымбат уақытын өткізбей, қалай болған күнде де бір әрекет жасау керектігін айқын түсінді.

Байқап қараса, аузы-басы кебірсіп, тамағы құрғап, шөлдеп барады. Ал құтыда ғой бір ұрттам су жоқ. Осындай ыстық шай болса ғой. Бірақ оны қайдан таба қоярсың. Мәселеден бейхабар кісі мұндайда “жиырма градус суықта, мұз үстінде адам шөлдей ме екен? ” деп дауласа кетер еді. Оны түсіндіру үшін биік жердегі ауа райының тірі организмге тигізетін ықпал-әсерін термелеп, бір құлаш лекция оқуға тура келмек. Ол лекцияны Қуаныш кімге оқиды өзіне болмаса. Дәл қазір не істеу керектігі санасында айқын. Сонда да болса, орнынан көтеріле алмай, тағы біраз жатты.

«Жалқаумын, — деді ол өзіне-өзі. — Тіпті қозғалғым келмейді”. Шындығында жігіт әбден әлі құрыған соң денесін көтере алмай жатқан. Әлден уақытта барып жерден басын жұлып алды. Өзінен-өзі күштеп әрең дегенде еңсесін көтерген. Сенделектеп тұрды-тұрды да, жоғалған баллонға қолды бір-ақ сілтеді. Сонша бейнеттенгенде табыла қойса жақсы. Ал сол қалпы ұшты-күйлі жоғалып кетсе ше? Баллон түгіл бас қайғы болып, үшінші лагерьге жете алмай, сүйегі қияда қурап жүрмесін.

Қайтадан басталды. Басқа емес, альпинистің жан етіп жұлып жейтін баяғы арпалысы. Шыңылтыр аязы болмаса, мана шыңның төбесі тып-тымық еді. Мына арада желпіген суық леп бар екен. Сонау төменге көп жүгіртіп қараса, таудың кеуделі тұсынан ары қарай шаңытып боран соғып жатқан сияқты. Батыс жақтағы биік жоталарды жайындай қылғыған аппақ бұлттар шұбатыла жылжып, Хантәңірінің жанына келіп қалыпты. Бұлттардың әр алуан болып көрінетіні төменнен жоғарыға көз салғанда ғана. Ал осындай биіктіктен төмен қарасаң, олардың барлығы да тегіс аппақ. Жотасынан құйылған күн нұры ешқайсысын бөле-жармай тегіс ағартып жібереді екен.

Жазғы уақыттағы биік шыңның тұла бойынан бір сәттің өзінде жылдың барлық маусымын көруге болады. Етегі жаз, онан кейін көктем, күз, төбесі қыс. Ал сол қыстың өзі қазір Қуаныштың аңғаруына екі түрлі. Тып-тымық тұнық қыстан алай-дүлей боранға қарай беттеп бара жатқаны мынау.

Анкерді суыра берген сол қолының саусақтары кенет тыз ете түсті. Қараса, суықтан домбығып, қызара бастаған қолдары жалаңаш. Биялайы жоқ. Оның қай жерде, қашан түсіп қалғаны тіпті миына кірер емес. Іздеп табам деу — бос әурешілік. Амал жоқ, енді жалғыз қолғаппен лаждауға тура келмек.

Қанша айтқанмен, бұрын қабағынан қар жауған біраз шыңдарды бағындырған тәжірибесі бар емес пе. Қиын жерлердің өзінен тәсілдеп, баяу болса да төмен қарай жылжып келеді. Аяғын жаңсақ алып, екі рет мұздақ беткейден мұрттай ұша жаздады. Қайта-қайта тызылдап ашыған саусақтары да жанын қинайды. Ызғарлы жел көтерілгенімен, аузының кеберсігені де бір басылмай-ақ қойды. Төмен қарай тоқтаусыз жетелеп келе жатқан — «Соңғы күшім таусылғанша жылжи берейін» деген жалғыз-ақ ой.

Сонан әлден уақытта аяқ-қолы қарысып, бойын суық құрсап, қимылдаудан қалды. Мұздан шошайып шыққан жартастың бұдырына жармасып, арқанға байлаулы күйі сілейіп тұр.

— Радик болса ғой, — деді сол кезде өзінен өзі жыламсырай сөйлеп, — екеуміз бағана-ақ жетер едік... Шай ішер едік. Менің осынша қиналғанымды... көрген жоқ. Ешкім көрген жоқ.

Сонау етекте жатқан шыңырауға қарап еді, бұрын бойында болып көрмеген тосын сезім оянды. Шың бетінде амалсыз ілініп тұрғаннан гөрі төмен қарай неғып кетпейді екен? Шіркін, жүрек тоқтатып, қарғып кетсе ғой. Әй дер әже, қой дер қожа жоқ, кім қолын қақпақ?

Неге екенін кім білсін, осы бір миға сыймайтын қисынсыз сезімнен біразға дейін айырыла алмады. Өзіне өзі келіп, ес тоқтатқасын, тағы да дауыстап сөйлей берген:

— Әлгі соңымнан келетіндер қайда? Айтылған уақытта шықса, бағана-ақ кездесуіміз керек еді. Жоқ қой, қайда олар? Былтырғы чех бауырлар секілді... мен де жоқ болам ба? Мына қалың боранның астында. Жоқ-жоқ, олай болуы мүмкін емес...

— Не істеймін? — деді сәлден кейін. — Не істеймін? Қозғалсам қайтеді? Бауырыммен жылжып төмен қарай түсе берсем... Өрмелеп түссем... Лагерьге жетсем...Онда жылы. Примусқа шай қоям. — Жоқ, — деді сосын мүлде бәсең дауыспен. — Маған осы жердің өзі-ақ жақсы. Жатуға ыңғайлы... Мен ешқайда бармаймын енді. Жетеді, бармаймын... Жатам осы жерде... жатамын...

***

Әуелі көргені — әлдеқандай алакөлеңке кеңістік. Иін тіркескен көктерек тоғайындай қабырғаның беті тарам-тарам. Кей тұстары қара қошқыл, әр түрлі пішіндегі ойықтар.

Бұның не керемет екенін ұға алар емес, оны ұғуға шамасы да жоқ болатын. Сәл қимылдап қалып еді, жанын шығара белінің қатты ауырып кеткені. Сол кезде әлдеқайдан бір ыңырсыған дыбыс та қоса естілді. Сол-ақ екен, дереу есін жиып ала қойған. Көзін кеңірек ашып, жан-жағын бажайлап, шала қараған. Жанарын шақырып алған — сосын сонау биіктен жылтыраған әлжуаз сәуле. Даланың кәдімгі күндізгі сәулесі.

Сонда барып қана жағдай айқындалайын деген. Бұл мұз жарығына құлаған екен. Өзі кешеден бері көріп келе жатқан мұз жарықтарының бірі. Тоқта, сонда қалайша?

Қане, еске түсірейінші... Мен жұлқынып қалдым да, төмен қарай ұштым. Өкпе-бауырым түгел аузыма тығылып, қолқам суырылып бара жатқандай болды. Сосын ше?.. Иә, сосын бір нәрсенің дүрс ете түскенін естіген сияқтымын. Одан арғысы... — деді жігіт ойын жинақтауға ұмтылып. — Одан арғысы, міне. Осы көргенім ғой.

Тоқта, қалайша сонда? Менің астымда ешқандай жарық жоқ болатын. Кәдімгі қарлы беткей ғана жатты емес пе? Ендеше сонда мынау не? Қайда құладым мен?»

Мұндай күйге қалай ғана ұшырағанын тіпті де түсініп жарыта алар емес. “Сен бұл жағдайға былай душар болдың” дейтін көзбен көріп тұрған тірі пенде және жоқ.

Бүктетіле құлаған екен, сол қалпы қыбырлай алмай, ұзақ жатты. Сәл қозғалайын десе, болғаны — белі зар қақсап, бебеулетіп қоя береді. Айнала құлаққа ұрған танадай тыныштық. Еміс-еміс уілдейтін желдің үні ғана. Сосын алакеуім мұз үңгірдің ішінде жатып, жанының қиналғанына қарамай, арқасындағы рюкзагын ағытты. Екі иығынан сыпырам дегенше, сүметіліп қара терге түскен. Ұзақ жатып демін алды. Шумақталған қосалқы арқанын алып, негізгі шаруаға кіріскені осыдан кейін.

Алдымен кеудесін ағытты. Оның өзі оңай болған жоқ. Манадағы ыңырсыған дыбыстардың иесі өзі екенін енді білді. Қиналғанына қарамай, арқанмен белін шыңдап ораған. Ең азапты қимыл осы екен. Ауырады екен деп тек жатуға болмайды. Мертіккен белге осылай ғана жәрдем жасамақ. Жылға татитын ауыр минуттарды өткізіп барып әйтеуір шаруасын тиянақтағандай болды-ау.

Ала көлеңкеде сипаланып жүріп, ыңғайлырақ деген бір жерді тапты да, шынтақтай аунап, шалқасынан жатты. Басқа ештеңеге, тіпті, термостан бір жұтым шай құйып алуға да дәрменсіз.

Жаңа құлаған сәтте денесінің тағы бір жерлерін ауыртып алған сияқты, бірақ оның бәрі белімен салыстырғанда әшейін айналайын ғана. Жаңа белін орап жатқанда бірер мәрте есінен тана жаздап та қалды.

Сананы сарғайтқан қимылсыз уақыт денесін таптап өтіп бара жатқан зілмауыр танктей тым баяу жылжиды. Ерні кеберсіп, өзінен өзі сандырақтап сөйлеп те қалған секілді. Сонан кенет... Әлгінің тіпті сенімсіз шыққаны сондай, өзі де байқамай, басын көтеріп алды. Иә, жаңылысыпты. Дәл қасынан әлдене дүңк-дүңк ете түсті. Үзіп-үзіп қайта-қайта дүңкілдейді. Біреу әлдеқандай қатты затпен мұз қабырғаны кәдімгідей ұрып жатыр.

Ойда-жоқта шыққан тосын үн мертіккен жігітті әп-сәтте сергітіп жібергендей болды. Шалт қозғалам деп белін де зырқ еткізіп ауыртып алған. «Бұл неғылған дыбыс? Ұрып жатқан кім?» — деп кимелей қалған сұрақтың да жауабын лезде тапты. «Иә, бұлар солар ғой... Борис Кенжетаевич пен Радик. Дәл өздері. Манағы көрген мұз жарығы ше? Шеті опырылған... Соған құлағандары айдан анық еді ғой. Демек мен жатқан жер де оның қатарында...»

«Сонда қалай болғаны? — деді Фарих белінің бебеулеткеніне қарамай, жағдайды ойша анықтауға тырысып. — Мен ілініп тұрғанда астыңғы жағым қарлы беткей еді ғой. Демек мен... Жарықтың беті қармен ғана бүркеліпті. Мен сол жарыққа құлаған екенмін. “Немесе сырғып барып...»

Армандары ортақ, мақсаттары бір, тағдырлары да бір арқанға байланған жандар емес пе? Олардың бұның дәл қасындағы қуыста болып шыққанын қарашы. “Мен сияқты мертігіп қалмаған, сау екен ғой... Тірі екен ғой... Тірі...»

Сонан балғашотты іздеп тауып алды да, қабырғаның етегін екі-үш рет ұрды. Әлсіз қолмен қайбір құлаштай алсын, құр тоқылдатты да қойды. Біразға дейін қайтып балғашотты да көтере алған жоқ. Ар жақтағы үн тыйыла қалып, қайта жанданды. Бұл кезде белгісіз жан арғы қабырғаны өші кеткендей өршелене дүңкілдеткен.

«Естіді, — деді Фарих іштей. — Менің тоқылдатқанымды естіді. — Мен оларды құтқарам деп едім, енді олар мені... Тезірек шықса екен өздері». Мына мүшкіл күйге ұшырағалы алғаш рет, онда да ауырсына жымиды.

«Қап, өкпемнен суық өтетін болды-ау! — деді сосын денсаулығын уайымдап. — Дәл қазір маған қозғалуға болмайды. Әйтпесе ұйықтайтын қапшыққа кіруім-ақ керек еді!.. Амал жоқ, олар мені құтқарып алғанша өстіп жата тұруға тура келеді...»

«Оқасы жоқ, — деп қойды артынан. — Бәрібір ауруханаға жатып шығамын. Бүйірімнен суық өте қоймас. Өкпемнен болмаса...»

* * *

Шың басындағы боран басылар емес. Тіпті оның ортаң белін ала орналасқан базалық лагерьдің тұрған жері лезде салқындап кетті. Сай-саланы аралып, ұмар-жұмар қойындасқан бұлттар суық сыз бүркеді. Жаздың жайма шуақ жайдары қабағынан із де қалмаған. Түнеріп алған төңірек еңсені қарадай басып тұрғандай.

Радиостанцияның қасынан бір елі кетпей отырған Долодовтың онсыз да салқын ажары қазір әлемтапырық. Әлсін-әлсін орнынан тұрып кетіп, басын шайқай берді.

— Бекер істеппін. Ойлана алмай қалыппын.

— Нені, Аркадий Харитонович? — деген қасындағы жәрдемші жігіттің сұрағына жауап қатпады. “Бекер істеппін”, — деді ендігі ойын іштей жалғап. Рұқсат етпеуім керек еді Хасеновке. Жалғыз оның жағдайы қандай екенін кім білсін? Бірдемеге ұшыраса, жауап беретін, әрине мен. Жалғыз өзін шыңға жібергенім үшін. Алғашқы жоспар бойынша лагерьден төртеуі бірдей төмен түсуі керек еді ғой. Төртеуі бірдей құлдилағанда мұндай жағдайға ұшырамас та еді...

Аман болса екен әйтеуір, Гопенконың айтқаны жүз процент рас болып шықты. Оның айтқанын тыңдамай, бекер істеппін, бекер!

«Әй, мен қанша менсінгім келмесе де, Серега сенімді жігіт-ау. Әрине, ол мен сияқты емес, ынжық. Жұртқа сөзін өткізе алмайтын босбелбеу неме. Бірақ логикасы темірдей. Төмен қарап тұрып міңгірлей айтқан сөздерінің бірі тура келеді. Амандық болса игі еді...»

Ойға берілген сайын іштей мүжіліп, босаңсып бара жатқанын сезінген ол қабағын түйіп алды да, шабынған бурадай ақырып жіберді. Мейлі кімге болса да. Әйтеуір қарсы келгеннің бәріне қамықпай қаһарын төге кетуге даяр. Радиостанция арқылы эфирге еркін тарап жатқан даусы да ащы, жарқышақ.

Манағы келісім бойынша дәрігер Шпеттердің тобы бес мың тоғыз жүзінші биіктіктен екінші лагерьге жаңа ғана оралыпты. Мана екпіндері тау жыққандай болып аттанған құтқарушылар отряды да екіншіге енді жетіпті. Біресе қар, біресе жаңбыр жауып, жоғары қарай сынық сүйем жылудың өзі мұң болып қалды емес пе. Шпеттердің хабарына қарағанда екінші лагерьден сәл жоғары қарай бората жауып, ақ түтек болып тұрған тек қана қар. Ауа райының мұндай аласапыран уақытында альпинист ыңғайлы уақытты күтіп, лагерьде жатуы тиіс. Бірақ ол қағиданы қадағалап, қалтарысқа паналайтын жағдай қайда? “Жолдас үшін жан пида” дегізетін сын сағат туып тұрған жоқ па қазір.

Рациядағы сөздерін байқап тұр. Екіншіге құр қол оралған Шпеттердің тобы әбден қалжырапты. Бет ұштары, қолдары тоңып, әлде бір жерлерін ауыртып алғандары болмаса бұл төрттік дін аман.

Аркадий Харитонович манадан бері үшінші лагерьде қорғалап отырған альпинистер жұбына қозғалуға әмір етті. “Бұрқырап боран соғып тұр” дегесін, шың басына шығармай, бөгеп отырған өзі еді. Осындай аласапыранда енді мына екеуі бірдемеге ұшырап қалып жүрмесін деп сақтанған. Бұрын экспедицияның бар шаруасын тек жеке өзі шешуге бейімделіп тұратын бастық манағы үшеу жоғалғаннан бері басқаша мінез таныта бастапты. Әрбір әмірлі сөзін айтар алдында айналадағы адамдармен ақылдасып отыр. Үшіншідегі екеудің жолға шығуын тездеткен де сол ақылдасудың арқасы.

Өйткені манадай жағдайда жалғыз альпинисті тағдыр тәлкегіне тастап, қалайша қол қусырып, қарап отырарсың. Гопенко айтқандай, Хасеновке біржола сенім арта қою қиын. Алқын-жұлқын жүретін мінезі жеңілтектеу, оның үстіне шеберлігі де асып әкетіп бара жатпаған жігітті жалғыз жіберу енді ойлап отырса, шынында да ұшқарылық болыпты.

Долодовтың дабылы бойынша Алматыдан арнайы тікұшақ ұшып келе жатыр. Оның бортында жедел жасақталған альпинистер тағы бар. Бұрын Хантәңіріне шыққан жігіттер. Бірақ оларға қарамастан, манағы жоспар бойынша өз тіршіліктерін жасай бергендері мақұл.

“Үшеу жоғалды” деген хабар шыққалы бері экспедиция мүшелерін қайта-қайта мазалап тұрған бір нәрсе бар. Ол Чехословакиядан келген былтырғы әріптестердің қайғылы тағдыры. Анығында сол жылы қазаға ұшыраған үшеудің бірі алматылық, осы “Алатау” альпклубының мүшесі болатын. Аспан шайдай ашық кезде шың басынан түсіп келе жатқан жігіттер аяқ астынан ізім-қайым жоқ болды да кетті. Олардың не күйге ұшырағанын да, оқиға болған жердің мөлшерін де ешкім анықтап айта алмайды. Аспанды бүгінгідей бұлт құрсап, боран соғып тұрса бір сәрі. Арнаулы комиссияның тексеруіне қарағанда альпинистер шың басынан төмен қарай лап қойған қар көшкінінің астында қалыпты.

Қазіргі оқыс оқиғаға орай әркімнің санасында сол бір төтенше трагедия қайта жаңғырған. Былтыр ғана болған жай емес пе, әлі ешкімнің көңілінен өше қоймаған. Ендеше сол бір қайғының ізі суымай, ауыр әсері сейілмей жатып, тағы бірдемеге ұшырау тым артық емес пе? Жо-жоқ, атамаңыз...

Долодовтың “өзім білемін” кілт өзгерткен де осынау “тағы не болып кетер екен?” деген күдік еді.

Алматыдан асыға шыққан тікұшақ Хантәңірінің баурайына межелі уақытта келіп қонды. Онымен бірге шұғыл түрде ұшқан алты-жеті жігіт — құтқарушы альпинистер. Жедел жасақталып, Долодовтың қарауына жіберілген топ. Бұл кезде Гопенко бастаған құтқарушылар отряды маршрут бойынша іздеу жұмысына кірісіп те кеткен еді. Жаңа келген алтау кідіріп тұрмастан, солардың ізін ала дереу тауға көтерілді.

Таң атқалы бері шырғалап радиостанция маңынан шыға алмай, жіпсіз байланып отырған Аркадий Харитонович те орнынан қозғалды. Оның ендігі басқару пункті — палатка іші емес, ұшақ салоны. Амал не, қия беткейдегі боран әбден құтырып алыпты. Хантәңірінің нағыз ұшар басы болмаса, айнала ақ түтек. Әсіресе екінші мен үшінші лагерьлердің арасынан ештеңе ажыратып болар емес.

Міне, осындай алай-түлей арасынан тікұшақпен ұшып жүріп бағыт-бағдар алам, бір нәрсені ажыратам деу құр далбаса ғана екен. Қанша үңіле қараса да, борттағылар ештеңе көре алмады. Тіпті құтқаруға шыққан отряд мүшелерінің сұлбалары да әр жерден бір қараң етіп қалатын сияқты. Ақ қар, көк мұз үстінде алашабыр қарайғанның қайсысы тас, қайсысы бұта, қайсысы адам екенін анықтаймын деу — құр әурешілік. Боран ұйытқып тұрған шың бетіне тікұшақ тым жақын келе алмайды, пилотта тәртібі бойынша белгілі ара қашықтықты сақтап отыру шарт.

Табиғаттың манадай құйын-перен күйін көзбен көргеннен кейін Долодов құтқарушыларды тегіс тауға шығарғанына іштей қынжылып та қалды. Ысқыра ышқынған желдің өтіне құз-қияда бірдемеге ұшырамай, етекке аман-есен түсу де оңай емес.

“Бірақ басқа амал жоқ, — деді сосын өзіне-өзі. — Амал жоқ, осылай жасауыма тура келеді. Үш жігітті қалайда құтқаруымыз керек”.

Ақ түтекпен арпалысып, ұйытқыған желді қолапайсыз зор ебелектерімен кескілей ұшқан тікұшақ ақыры қонуға бет алды. Нақты нәтиже болмағаннан кейін тау-тасты шулатып құр бекерге ұша берудің қажеті не?

Гүр-гүр етіп зіркілдеген ауа көлігі жерге қалай қонды, тау жақтан боран бәсеңси бастады деген хабар да солай жетті. Сәлден кейін әртүрлі биіктікте жүрген үш топтың рациясы да желдің мүлде басылуға айналғаны туралы асыға хабарлап жатты.

Көп кідірмей тікұшақ айналасын озандатып қайта көтерілген. Жел басылса да, қойнау-қойнауға шөккен бұлттар шың ажарын толық көрсетер емес. Үміт отын жылт еткізіп жаққан да осы жолғы ұшыс болды. Шыжым құрылған күрделі учаскенің жоғары жанындағы қар арасынан болмашы ғана қарайған қуыс көрініпті. Сол маңайда апандай болып аңқиған тағы бірнеше жарықтың нобайы байқалған.

Құтқарушылар отрядының таяу жүрген тобы сол көрсетілген координатқа қарай бет алды.

***

Долодов радиостанцияның түбінде тапжылмаған қалпы. Эфир арқылы құтқарушылар отрядының жүріс-тұрысын зер сала қадағалап, үсті-үстіне нұсқау береді, ара-арасында Алматымен байланыс жасап қояды.

Кенет рациядан:

— Алло, «Ұлар!» Мен «Жаңғырықпын», — деген дауыс естілді. Бұл құтқарушылар отрядындағы бір топтың шартты белгісі еді.

— Иә, «Жаңғырық», «Ұлар» тыңдап тұр, — деді Долодов әлденеге үміттене қалып. Рациостанцияға келіп түскен әрбір сигналға, әрбір дыбысқа өстіп елеңдей құлақ тігу күні бойғы дағдысы.

— Иә, не болды? Тезірек айт! — деп бұл жолы да тағаты таусыла, дегбірсізденіп барады.

— Біз манағы өздеріңіз нұсқаған мұз жарығына келдік. Сол сіздер айтқан ба? Басқа ма? Әйтеуір мұз жарығы.

— А, оны таптыңдар ғой. Иә, ештеңенің ізі бар ма екен?

— Жарық өте терең көрінеді. Соның түбінде бір адам жатыр.

— Адам деймісің? — деді Долодов орнынан ұшып тұрып. Шегір көздері ұясынан шығып бадырайып кетіпті.

— Иә, адам... Біз айғайлап едік, ешқандай жауап бермейді. Сосын жігіттердің бірін түсіруге тура келді.

— Қайда жарыққа ма?

— Иә, жарыққа. Қарап көрсе, жатқан кісінің бет-аузы танылмайды. Құлаған кезде қатты соққы алса керек, бет-аузы жараланып, қаны да қатып қалыпты.

— Иә, немене, тірі ме екен?.. Ау, айтсаңшы тез, кеудесінде жаны бар ма деймін?

— Мәселе, міне, осында болып тұр ғой, — деді рациядағы кісі жарықшақ дауыспен абыржи сөйлеп. — Адам... Иә, адамның денесі баяғы да тоңазып қалған.

— Не дейді?! Сен не деп тұрсың?

— Амал жоқ, солай болып тұр, Аркадий Харитонович. Өзіміз де қатты абыржулымыз. Жаңа ғана шығарып алдық...

— Тоқта, тоқта! «Жаңғырық», сен не деп кеттің өзі? — Орнына қайтадан сылқ етіп отыра қалғана экспедиция бастығының қыртыс-қыртыс маңдайынан тер тамшылары жамырап қоя берді. — Былай дұрыстап, жөндеп айтшы. Денесі тоңып қалған деймісің? Неге шапшаң Шпеттерді шақырмайсыңдар? Олар сендерден жоғары қарай Үшінші лагерьдің қасында жүр ғой. Оттек баллоны қайда?

— Сіз дұрыс түсінбей қалдыңыз-ау деймін, Аркадий Харитонович. Бұл кісінің денесі тоңып қана қоймаған, мүлде суып қалған. Оған енді ешқандай дәрігерлік көмектің қажеті жоқ.

— А-а, солай дейсің бе?.. Сонда қалай болғаны, а?.. Жоқ-жоқ, мүмкін емес, сендер қателесіп тұрсыңдар... Шын айтам, сен байқамай тұрған шығарсың. Анықтап қарашы, а?..

Әншейінде өктем мінезді, иі қатты Долодов мына суық хабарды естігенде төбесінен жай соққандай болды. Төбе шашы тік тұра түршігіп, сілейіп қалған. Қасында ұмсына құлақ түріп отырған жігіттердің де естері шығып кетіпті.

Олар дауылдасып бара басыла бергенде:

— Енді не істейміз, Аркадий Харитонович? А, айтыңызшы, — деді рациядағы дауыс. Өздері де сасқалақтап, абдырап тұрған құтқарушылар барлық үмітті енді осы жақтан ғана күткендей іштен тынысады. Ойы оңға, санасы санға бөлініп, есеңгіреп қалған экспедиция бастығы енді өзін шапшаң қолға алуға тырысып бағуда:

— Не істейміз деймісіңдер?! Кім екенін анықтадыңдар ма? Үшеудің қайсысы екен ол, а? «Жаңғырық», айтшы тез, кім ол? Кімнің сүйегі.

— Айтып отырмын ғой, Аркадий Харитонович, тіпті тану қиын. Бет-аузы қатты жарақанған... Қан қатқан...

— Киімі ше? Киімінен ажырата алмайсыңдар ма?

— Қайсысының қандай киім кигені есімізде жоқ. Тіпті олар ауыстырып та кие беруі мүмкін ғой...

— Рахым ет, «Жаңғырық», тыңдашы. Басқалары аман-есен бе?.. Білдіңдер ме?

— Жоқ, біз осыдан басқа ешкімді көрген жоқпыз.

— Қалайша, сүйек жатқан жарықта ешкім жоқ па?

— Онда ешкім жоқ, әбден қарадық.

— Маңайда ше?.. Ешқандай із көрінбей ме?

— Біздің көргеніміз осы дене ғана... Енді не істейміз, Аркадий Харитонович?.. Тіпті есіміз шығып кетті, не істеуімізді білмей, дағдырып қалдық.

— «Жаңғырық», тыңда ендеше! Әбден тыңдап ал! Қазір сендер сүйекті алып төмен түсе беріңдер. Екінші лагерьде жаңадан көмекке келген жігіттер күтіп алады. Ал сендер сол жерде қаласыңдар!

— Өзге екеуі ше? Оларды тез тауып алуы керек қой. Мүмкін, тірі болар. Қалай деп ойлайсың, Аркадий Харитонович, олар тірі ғой, ә?

— Әрине, тірі. Тірі болуға тиісті. Бәлкім, сол маңайда шығар. Олардың да жарыққа құлауы ғажап емес. Тек тездетіп тауып алу керек.

— Рас айтасыз. Сонда қалай істейміз? Мәйітті жерге түсіреміз бе? Әлде оны қоя тұрып, іздеуді жалғастыра береміз бе?

— Қазір мен топтарға да хабар беремін. Жігіттер алыс емес, сендерге тез келіп қалулары тиіс. Ауа райында өзгеріс жоқ па? Алло, жауап бер “Жаңғырық”.

— Ауа райы тыныш...

— Ендеше екеуің қалып, жігіттер келгенше іздеу жұмысын жүргізе беріңдер. Ал қалған екеуің сүйекті екінші лагерьге жеткізесіңдер. Қазір ол жақтан сендерге қарсы адамдар шығады. Егер шаршасаңдар, олар сендерге көмектеседі. Шаршамасаңдар, андағы тұрған жерлеріңе келіп, бірге іздеуге кіріседі... Алло, “Жаңғырық”, түсіндіңдер ме?.. Қалайда енді қалған екеуін аман сақтау керек. Аман...

* * *

— Ғажап! — деді Радик мұз ергіге құлағын төсеп. — Бұл не дыбыс болды екен? Мана бір-екі рет дүрсілдеді. Мен анық естідім.

— Мен де... естідім, — деп қояды Борис бетіндегі оттек маскасын бір көтеріп.

— Енді жоғалып кетті!.. Жоқ.

Сөйтті де, Радик қолындағы анкермен қабырғаны бар пәрменімен екі-үш мәрте құлаштай ұрған. Шашырай ұшқан мұз сынықтары саудыр етіп құлағаннан кейін қалт етпестен құлағын қайта тікті. Жоқ, ешқандай жауап жоқ. Шыдай алмады ма, манағыдай кеңірдегін жырта келістіріп тағы да айқай салсын. Бәрібір, ұлыған желдің ұзақ уілінен өзге барлық дыбыс мақұрым.

— Құтқарушылар бізді таба алмай кетті, — деді сосын Радик әлдеқандай жат дауыспен. Оның торығу торына шырмалып үлгіргенін Берік көзін ашпай-ақ түсінді.

— Фарих қой, Радик... Мен айттым емес пе. Ол жарыққа құлаған ғой.

— Құласа, енді қайда, Боря? Неге жауап бермейді?

— Ол жарықтан шығып кетті. Бізді іздеп... жүр.

— Әй, Боря, сен бала сияқтысың. Шығып кетті дейсің. Ал, ол, мүмкін, өліп қалған шығар.

Құлаққа түрпідей естілген мына жауап шошытып жіберді ме, Берік үндеместен, тек қолын ғана сілтеді.

— Иә, иә, өліп қалған шығар, біз қайдан білеміз?

— Біз... — деді Берік бірқалыпты үнмен сөзін үзіп-үзіп сөйлеп. — Біз бәрібір оны табуымыз керек... Құтқаруымыз керек. Радик өзіңді... өзіңді қолға алшы. Бар үміт... сенде енді. Шықшы жоғары... Қалайда шықшы!..

Қолындағы әлжуаз құрал-сайманды қолданып манадан бері біраз тырбыңдады емес пе. Жоғары шығудың қамын жасаймын деп қалжырап та қалыпты. Жаңағы сөздің шындығына көзі әбден жетіп тұр. Таудағы іздеу жұмыстарының жағдайы өзіне мәлім. Бір келіп кеткеннен кейін құтқарушылар бұл жерге қайта айналып соға ма, жоқ па? Соққан күннің өзінде жаңағыдай аңдамай өте шықпасына кім кепіл?

Даурских әлгі әрекетіне қайта кірісті. Тістеніп қалған күйі үн-түнсіз қимылдайды. Мұз зынданның ішінде құмыға шыққан анкердің шақылдаған дыбысы ғана. Бес қаруы бойында емес, істеп жатқаны амалсыздың күйі. Құрыққа сырық жалғап дегендей үздікке белдік жалғап, бел шеше кірісіпті. Өзі ақ тер, көк тер болып әбден буланған...

Бірақ іс қарқын алмай-ақ қойды. Алғашқы қарқынмен біраз жерге барып та қалып еді. Сонан әбден әлсіреді ме, қимылы да баяулауға айналды. Талайды көрген әккі альпинист болғаннан кейін ғана осынша ілгерілеп кетті. Әйтпесе мұның дәл қазіргі әрекеті құр қол тауға шапқанмен бірдей ғой. Сонан не керек, дәрмені кеткен аяғы мұз қабырғада дәйектей алмай, оқыста тайып кеткені. Қолындағы анкерді енді-енді сіңіріп қаға берген. Қабырғаны бар денесімен сыпырып, төмен қарай сырғанап кеп берсін. Тура Беріктің қасына гүрс етіп құлап түсті. Басы зеңіп, жалқы сәт қана есінен ауып кеткендей болды. Еңбегі еш, тұзы сор деген осы-ау! Манадан бері табан ақы, маңдай терін айтсаңшы. Бәрі құмға төккен судай құр әшейін зая кетті.

— Бір жерің... ауырып қалған жоқ па? — деген бәсең үн, әрине, Беріктікі. Құлаған жері аса биік болмағанымен, ауырсынып қалғаны шын. Аяқ-қолын күштеп жинап, еңсесін әрең көтерді. Асықпай үсті-басын сипалап қарай бастаған. Жоқ, мертігуден аман секілді.

Ыңырси есін жиған Даурских басын көтеріп, тағы да жоғарыға телмірді. Сұрғылт жарық құйылған апанның аузы оймақтай болып алыстай түскендей. Қол жетпес армандай мүлде жоғарылап кеткен сияқты. Көз алдында дөңгелектеніп тұрып алған — сұрғылт жарық қана.

Мәңгірген күйде омалып отырған жігіт кенет басын қос қолдап ұстай алды.

— Бітті, бәрі бітті!.. — деді сосын өзгеше шыңылтыр үнмен. — Енді бізді ешкім де құтқармайды. Мәңгі қалдық осында. Өлдік қой біз, Боря!.. Өлдік.

Еңкілдей жылады.

* * *

...Ол шың басынан жерге баяғыда түсіп алыпты. Қияға жабысып қиналғаны қиялында ғана екен. Тегіс жерге көкпеңбек көгалды құшақтап жатыр. Жазық жерді сағынғаны сондай — сол етпеттеген күйі құшағын жазғысы келмейді. Жазса болғаны, сол тегістіктен айырылып қалатын сияқты көрінді. Сонымен бірге әбден шаршаған, аяқ-қолын қимылдатуға да әлі жоқ. Әлде еріншектік, әлде әлсіздік, еңсесін көтеріп тыпыр ете алар емес. Көзі де тарс жұмулы. Айнала қоршаған қарағай, шыршаларды, қызыл-жасылды гүлдерді елестетіп, қыбырсыз қалпы осылайша ұзақ жатты.

Сонан кенет қойын-қонышына сумаңдай кіре бастаған суық лепті айқын сезінді. Бойы түршігіп, бар денесі қалтырай жөнелген. Көзін ашып, алдымен маңдай алдына, сосын екі жағына қарады. Сол-ақ екен, өзін-өзі ұстай алмай, селкілдеп қоя берсін. “Жоқ, жоқ, мүмкін емес” деген ой миында шыңылдап тұрып алыпты. Сонда көзін ашқанда ол не көрді дейсіз ғой? «Өзім баяғыда-ақ артта қалдырдым» — деп сенген сол бір үйреншікті көрінісі. Мұзы жалтыраған қия беткейді. Алыстағы таулардың ирелеңдеген жоталарын. Дәл төменгі жағына қарап еді, ұйысқан тұман басып, жоқтыққа жұтылған тіп-тік шыңырауды...

Суық ызғар ес жиғызды.

Сонда барып ол манадан бері ешқандай жасыл жайсаңды емес, шодырайған кесек мұздақты құшып жатқанын түсінді. Азап, шыңнан түсу азабы бітпеген екен.

Осы сәтте Қуаныш мына алып шыңды, өзі жатқан жалама қияны өлердей жек көрді. Дүниедегі жүрек айнытарлық ең жексұрын нәрсе осы қия біткей тәрізді. Еңсесін көтеріп етекке қарап еді, жүрегі көтеріліп, аузына тығылғаны. Мұзды шеңгелдеп тұрып үсті-үстіне лоқсыған. Бұл ішкі дүниесі сыртқа ақтарылып түсердей, тынысы бітіп қатты қиналды.

Әл-дәрмені құрып қана қоймай, әбден жаурағанын айтсаңшы. Сол қолының ұшы тызылдап аши береді. Біраздан бері нәр татпағанын былай қойғанда әл беретін оттегіден де мақұрым. Оттегі балонын іздеп қайрат жұмсағанша, тездетіп төмен түскенді мақұл көрді емес пе? Қазір ойлап қараса, сол шешімі дұрыс болған сияқты. Ендеше әрекет етпей, мына жатқан жатысы не?

Манағыдай емес, ауа райы да кәрлі жыландай ысқырынып өзгере қалыпты. Бар қуатын жинап, құлдилай бермесе болмас.

Альпинистің дағдылы қимылы тағы да қайталана бастады. Бұған көп ой жұмсап, толғанудың қажеті жоқ-ау шамасы. Тек өзіне деген сенімі нық, қимылы нақты болуы керек. Биік шыңның басында сау адамның көз алдына жоқ нәрселер елестей бастайтынын альпинист ретінде жақсы біледі. Суыққа үсінгенде немесе бойдан әбден әл кеткенде бұл құбылыс күшейе түспек. Бәлкім, әлгінде де ол сондай жағдайды басынан кешірген шығар. Қанша қиналса да, сол галлюцинация деген құрғырдан аулақ болса екен. Соған елігіп сәл қателессе, біткені...

Алғашқы қарқын ұзамай-ақ бәсеңсуге айналды. Сол қолының саусақтары тыз-тыз етіп, жанын бір қинаса, екі тізесі, шынтағы тіпті жазылар емес. Манағы жүрген ізден жаңылысып қалмауға тырысып, қалтылдай жылжиды. Оның келе жатқан тұсы мәрмәр қабырғаның қыр арқасы. Жеңілдеу деп саналатын үшінші категориялы маршрут. Алайда дәл қазір Қуаныш оның ешқандай жеңілдігін сезініп келе жатқан жоқ.

Осындай ауыр жүріспен бірге оны «Лагерьдің тұсынан өтіп кеткен жоқ па?.. Белгі қойып кетпегенімді қарашы» деген ой қоса қинап келеді. Ең соңғы үшінші лагерь маршруттың тура бойында емес, екі арқан бойы солға таман. Ал қазір қалың тұманнан таяқ тастам жер де көрінер емес.

Әл-дәрмені мүлде бітті ме, енді төмен қарай адым жылудың өзі мұң бола бастаған. Денесі бір ысып, бір суынып, шөл қысты. Көз алдына әлдеқандай түсініксіз бейнелер елестеп, шыңырауға қарай құлап бара жатқандай болады.

Түбі көрінбес шыңырауға қарап еді, манағы бір секіруге деген құштарлық тағы оянды. Сол құштарлық алды-артына қаратпай «Секір! Секір!» деп дігерлеп әкетіп барады. Қия беткейден қарғып кетсе болғаны, бар азаптан бір-ақ сәтте құтылатын сияқты. Барлық рақат, жақсылық, тыныштық, қуаныш сол секіруде тұрғандай.

Манадан бері өзін-өзі сабырға шақырып, тәк-тәк деп келе жатқан. Секірудің онша жақсы емес екенін санасының түбінде әлдене ишаралайтын секілді. Бірақ бұл жолы шыдамады. Сонау еңіске қарады да, еш ойланбастан, қанатын жайып қарғып кеп кетті...

***

Кім бұрын бүйтіп адам сүйегін тасымалдап көрген? Ондай тәжірибе ешқайсысында да жоқ. Басқа түссе баспақшы дегендей, адам жаны ауырып, кіріптар болғасын бәріне де көнеді екен.

Шыжым арқан құрылып арнайы даярланған қиын маршруттан әйтеуір аман-есен өтті. Әр жерінен мықтып байлаған денені саумалап түсіре отырып, тынымсыз ілгерлеуде. Сүйек жартасқа немесе мұздаққа соғыла қалса болғаны, Ерыгин:

— Ақырын, ақырын, — дейді бейне бір тірі адамды әкеле жатқандай сөйлеп. — Бір жерін ұрып алармыз.

Алғашында онша үндемей жүрген Лихов шамалыдан кейін уәж айта бастады:

— Соғылса, ештеңе етпес. Бәрібір... — «Бәрібір енді тірілмейді» дегісі келіп тұрды да, ойын неғұрлым сыпайлап сездіруге тырысты. — Оған енді бәрібір... Қалай алып жүрсең де...

— Сонда да сақтайықшы...

— Сақтаймыз деп өзіміз құлап кетіп жүрмейміз бе?

Қанша айтқанмен, қалжыраған екі адамға жансыз денені құздан түсіру тіпті оңай емес екен.

— Шаршадым, — деді Лихов бір кезде жартасқа жармасқан күйі. — Кішкене демалайықшы.

— Екіншіге дейін шамалы ғана қалды. Қазір жетеміз.

— Аздап әл жинасақ деп едім...

Ерыгин жолдасының ұсынысына табан тіреп қарсы бола қойған жоқ. Ауыр жүк тұрмақ бүйтіп шаршаған кезде қара бастың өзін алып жүру әжептеуір мұң. Ал қараңғыдағы қия беткейдің қаһарын тәптіштеп түсіндіріп жатудың тіпті қажеті жоқ.

Шамалы тынығып алып бұлар қайта қозғалған. Жалама жартастан өте бергенде арқанға байлаулы мәйіт сырғып кетті де, әлдеқандай бұдырға ілініп қалды. Бұрыла қараған екі жігіт жағдайды жылдам безбендеді. Бұдырға ілінген денені бері көтеріп алу керек. Ол үшін біреуі мәйіттің қасына барып, жоғары қарай демемесе, болмайды. Екіншісі сол кезде саумалап тартып тұруы шарт. Ал бұл шынтуайттап келгенде оңай шаруа емес. Екеуі де қайтадан көтеріліп, ілініп тұрған дененің дәл үстіне келуі тиіс. Біреуі сәл арадан төмен түседі. Беткейдің ыңғайы солай. Бойдағы аз ғана күш-қуатты осыған жұмсау керек.

Жағдайды тез байырқалаған Ерыгин дереу әрекет жасауға кірісті.

— Тоқтай тұршы, — деді сол сәтте Лихов. — Жағдай қиындап кетті-ау тіпті.

— Қиын. Бірақ басқадай амал жоқ.

— Сәл ойласайықшы. Меніңше, амал бар сияқты.

— Амал деймісің? Ал қандай?

— Біз ғой, Коля, дәл қазір қатты шаршап тұрмыз, — деді Лихов жолдасының инабатты мінезін білгендіктен, сәл орағыта сөйлеп. — Тіпті әрең-әрең қозғаламыз.

— Оның рас. Бірақ бұнымен не айтпақсың?

— Айтайын дегенім — өлі денені көтереміз деп жүріп, өзіміз құлап кетпейміз бе?

— Немене, қорқып тұрмысың? Ондайың жоқ еді ғой сенің.

— Мені дұрыс түсін, Коля. Менің ойлап тұрғаным — екеуміздің де қамымыз. Тіпті мына марқұм жолдасымыздың да.

— Иә, сонымен? Нақты ұсынысың?

— Біз мына жігітті... Яғни, жолдастың сүйегін өйтіп қайтадан жоғары көтеріп әуре болмайық.

— Тоқта! Иә, сонда сенің вариантың қалай?

— Біз мәйітті сол қалпы төмен жіберейік.

— Қайтіп?

— Арқанды байлаған күйі жіберіп қаламыз.

— Сен сонда... Тоқтай тұр! Сен оны домалата салайық деп тұрмысың?

— Иә, Коля, — деді Лихов енді біртүрлі батылданған дауыспен. — Солай істейік... Өзімізге жеңіл. Сонау шыңырауға барып бір-ақ түседі. Сосын құлаған жерінен ала саламыз.

— Сен не деп тұрсың, а? — деген кезде Ерыгиннің даусы еркінен тыс шаңқ ете қалды. — Қалай ғана аузың барады?.. Қалай, ә?

— Енді бұл өзімізге жеңіл...

— Бұның не екенін білемісің сен? Бұл деген өлікті қорлау ғой... Қорлау.

— Бір қарағанда солай. Ал шындығында домалатып жібергеннен оның ештеңесі кетпейді. Тірілмейді ол.

— Кеше ғана қасымызда жүрген жолдасымыз. Әлі қайсысы екенін де білмейміз... Ал сен... Сені дәл осындай деп ойлаған емес едім.

— Өлген адам өлді, Коля! Біз енді өз басымыздың амандығын ойлауымыз керек қой. Ол үшін бізді кім жазғырмақ? Ешкім де сөйтіпсіңдер дер ұрса алмайды.

Жолдасының үгітін Коля бұдан әрі тыңдаған жоқ. Ләм-мим деместен жоғары қарай қайта өрмелей берген. Өзінің де әлі құрып тұрғаны беп-белгілі, қимылы тым сылбыр. Бірбеткей тоң мойын адамдай артынан шыққан үнге құлақ салмастан, тура тартып барады.

Жайшылықта жұмсақ мінезді көрінетін жігіттің томырықтығы Лиховты бір сәт қана таңырқатып тастағандай болды. Тек бір сәт қана. Сезім күйіңе есеп беріп, електен өткізіп жататын жағдай қайда қазір? Анығы сол — жолдасты жалғыз тастауға болмайды. Ілби жылжыған Лихов лажсыз оның соңынан ілесті.

* * *

Алғашында қатты таңырқап қалғаны рас. Қашан көрсең де жайраңдап күліп, жарқылдай сөйлеп жүретін ақжарқын азамат. Өктемси сөйлеп, үстемдік танытатын кездері де бар. Мақтанудан мақұрым десе, асылық болар еді. Жақсы білетін жолдастарының алдында Даурских осындай жан. Берік Кенжетайұлы да нақ осылай қабылдайды.

Енді, міне, өз құлағына өзі сенер емес.

Ер азаматтың мына қылығының оқыс көрінгені сонша — Берік бір сәт өзінің қандай күйде жатқанын да ұмытып кетті. Сәл сабырлы, бәсең үнмен қай жерін ауыртып алғанын сұраған. Мертігіп қалды ма, жоқ па, соны білгісі келген. Еңіреп отырған еркектен жібі түзу жауап алудың өзі оңайға түскен жоқ. Мәселенің байыбына жеткені — сәлден кейін ғана. Онда да сабырға сүйеніп, сауалды қайталай берген соң.

Сөйтсе, өзі күдіктенгендей еш жері мертікпеген. Қатты ауырсынса да, зақымданудан аман секілді. Ендеше ержүрек азаматтың ботадай боздап, бордай тозғаны несі?..

— Неғып түсінбей қалдың, Борис? — деді даусы қарлыққан Даурских өзіне өзі келгендей болған сәтте. — Шаруамыз бітті ғой біздің. Бітті. Біз енді жоқпыз. Түсінемісің, жоқпыз... Кім ойлаған бұлай боларын. Неткен сұмдық, неткен қатыгездік!..

— ... не көрдім мен? — деді ол серігінің сабырға шақырған бәсең үнін құлағына да ілместен. — Жиырма тоғызға келгенім жаңа ғана. Әлі түк көргенім жоқ қой өмірден. Түк те. Көрдім дегенім әлі ойыншық қана... Небәрі он жылдай ғана альпинизммен айналысыппын. Сол ма көргенім. Көзімді тырнап ашқаным кеше ғана сияқты еді... Енді, міне! Неткен сұмдық!

Беріктің байыппен айтқан басалқы сөздерін басы салбырай тыңдай отырып, Радик қасірет шерін тағы шертті:

— Апыр-ай, тым ерте бітті-ау бәрі. Артымда — әйелім, жалғыз қызым. Ең құрығында екінші баламды да көре алмадым. Қайран өмір!.. Қалай ғана, ә!.. Тіпті мүмкін емес. Борис баурым. Қатыгез тағдырдың бізді осылай тұншықтыра салғаны ма? Жо-жоқ! Жоқ! Жоқ!.. Өлгім келмейді. — Тізерлеп отыра қалды да, жоғары қарай жалбарына қолын созды. — Құтқаршы! Алып шықшы мені бұл жерден...

Бұл кезде Беріктің науқасы қайтадан меңдеген. Жаны қиналып, шанышқылай сыздаса да, қолымен басының ауырған жерін басып, үн-түнсіз жатыр. Ләм-мим деп дыбыс шығармай, тістеніп алған. Оның қиналып азап шегіп жатқанын кім де болса, бір қарағаннан-ақ ұғар еді. Әншейінде өзіне-өзі берік жігіттің өңі мүлде өзгеріп кеткен шығар.

Бірақ дәл қазір зындан іші қараңғы. Оның үстіне науқастың жүзіне әрі үңіліп жатқан да ешкім жоқ. Өзімен өзі күйзеліп, күңіреніп отырған Даурских бүкіл дүниені тәрік еткен халде.

Ауруы саябырсыған бір әредікте Берік алғашқы жұбатуын қарлығыңқы үнмен тағы қайталаған. “Қой, жылама! Көрсек, бірге көрерміз... Уақыт жетсе, онда амал жоқ. Альпинизмнің өзі осы тәуекел ғой. Сәттілік пен сәтсіздіктен тұрады. Біз сол сәтсіздікке душар болған шығармыз” деген тәрізді бұрын да айтылған белгілі басалқы сөздер бар. Олақ тілмен өзінше келтірген орамы.

Бірақ оның мұнысына құлақ асқалы тұрған Даурских көрінбейді. Ер адамның өмірден налып, назаланғаны қандай жаман. Адамның жаны түршігетін шын күйзеліс еді бұл...

Ақыры шыдамды Берік, шарт сынды. Жалқы сәт жанын қинаған дертін ұмытып, ентіге дем алған. Дәл қазіргі оқыс мінезі де, жарқышақ үні де жат:

— Ой, бейшара, сорлы!.. — деп, келіп серігін нәшіне келтіре боқтап жіберді. Шымбайға батыр шымыр сөздерді қайдан тауып ала қойғанын кім білсін. Әйтеуір дәл осы жолғысының өзгеше леппен өтімді шыққаны анық. Біреу жақтан тартып жібергендей еңіренген еркек есін жиып ала қойды.

Бұрын “қажымас Бористің” аузынан шығып көрмеген сөздер, момын жігіттің бойына жат бөтен мінез. Намысына тигесін, қалайша назар аудармасын. Сол-ақ екен, Даурских біртіндеп өзіне келе бастады. Күйзелісінің мөлшерден асып кеткенін енді ғана сезейін десе керек.

— Кешір, Борис, — деді сосын әлдеқандай жасыған дауыспен. — Шыдамадым... несіне өзімізді өзіміз алдаймыз? Шыны осы ғой. Екеуміз де біткен адамбыз. Уақытымыз санаулы ғана.

Айқайлаймын деп әлсіреп қалды ма. Беріктің ендігі үні сабырға жуық:

— Шыда, Радик... Неге сонша күйрейсің? Үмітті үзбейік. Үмітті үзуге әлі ерте. Бізді табады әлі.

— Қайдан табады? Әне, күн қараңғыланып кетті ғой.

— Сабыр қылшы деймін. Бүгін болмаса... ертең табады. Тек шыдайық.

— Жо-жоқ! — деді Радик қайтадан еңсесін көтеріп алып. — Таба алмайды. Өзімізді өзіміз сонша алдаудың керегі не? Мен шыға алмаймын. Оң иығым қозғалмайды. Бағанағыдай емес, әлсіреп қалдым.

— Фарих қайда екен?.. Қайда жүр ол?.. — деп Берік енді өзінше беталды лаға сөйлейді. — Неге жоқ болып кетті?

— Сәл дем алайын. Сосын қайта ұмтылып көремін. Уақыт өткен сайын қуат кеми береді. Бірақ сонда да байқайын... Соңғы рет байқайын...

— Ол тірі, мен білем, ол тірі... Тірі болуға тиіс...

— Соңғы рет көрермін... Тек кішкене әл жинап алайыншы...

***

Жұртты сең соққандай сенделтіп жіберген — манағы суық хабар. Аркадий Харитоновичтің онсыз да түнеріңкі жүзі кешкі алакөбең жарықта тіпті әлем-тапырық болып көрінеді. Шүңірек шегір көздерінің мағынасы да анық емес, буалдыр. Тынымсыз қозғалып, өзін қоярға жер таба алмай отырғандай. Жарықшақтана шыққан үніндегі абыржу нышаны айқын.

Шыңның басынан аяғына дейін шашырап кеткен құтқарушылар адам сүйегінің табылғаны жөнінде құлақтанып алған. Өзектері өртене, аһ ұрған жігіттердің аузында бір-ақ сөз: «Кім болды екен?..» Тапқан адамдар мәйітті тани алмаған. Екі альпинист қазір оны төменге түсіру қамында. Жаңағы ауыр сұрақ олар базаға жетіп, анықтау жұмысы біткенше ешкімнің жанына тыным таптыра қоймас. «Кім? Кім?.. Өлген кім? Қайсысы?..» — деп, миды шағып әкетіп барады.

— Бірақ дәл қазіргі басты мәселе ол емес, — деді Гопенко рация арқылы базамен байланысып тұрып. — Өлген адамды енді тірілте алмайсың. Амал жоқ, ауыр қайғыға бәріміздің де көнумізге тура келеді. Қайсысы болса да қымбатты досымыз ол. Қабырғамыз қайысып тұр, қайтейік. Қазіргі басты мәселе — қалған екеуді құтқару. Тез арада құтқару...

Мұнан кейін ол іздеу жұмыстарының қалай жүріп жатқаны жөнінде қысқаша ғана баяндап өтті. Енді негізгі күш өлік табылған аймаққа шоғырланбақ. Өйткені бірге келе жатқан үшеу бірінен бірі алыс болмауы тиіс. Мұз жарықтарын тексеру керек. Бұл жұмыстың қиямет екенін тәжірибелі альпинистер жақсы біледі. Оның үстіне түн ішінде. Бірақ әр минут, әр сағат қымбат кезде жаныңнан қорқып, қалай қарап отырасың. Қатерге бас тігіп, батыл қимылдамаса бола ма?

Жігіттердің кейбірі шаршап, қалжыраған. Іштерінде бет-қолдары домбығып, ептеп үсініп қалғандары да бар. Олар құтқару жұмысына қайдан жарасын. Жарағанды қойып, қия беткейде ауырлаған өз денеңе ие болудың өзі бір мұң. Әрі-беріден кейін ондай қалжыраған жігіттердің өздері аяққа оралғы болуы мүмкін. Қарсылықтарына қарамай, Гопенконың бірер адамды лагерьге тынығуға жібергені сондықтан. Дәл қазір жұмысқа белсене кірісіп жатқан — Алматыдан келген алты құтқарушы. Олар шаршағанша қалғандары тынығып, әл жинап алғандары жөн.

— Ауа райы қалай, Серега? Жел басылды ма? Соны айтшы әуелі, — деді Аркадий Долодов шыдамсыздана. — Сендер жақтан жұлдыздар көрініп тұр. Аспан ашық болар.

— Ауа райы жақсы. Жел де, тұман да жоқ. Бірақ кім білсін, қай сәтте бұзыла қаларын. Хантәңірінің құдай атқан мінезін білесің ғой.

Мұнан кейін экспедиция бастығы әуе толқыны арқылы Шпеттермен байланысты. Сездіргісі келмейді, бірақ дәрігердің қалжырап, шаршағаны анық. Өзіне тән ақжарқын мінезбен дауыстай сөйлегісі келіп еді, онысы жөнді шықпады. Үсініп қалғандар әзірше өз күндерін өзі көре жатар, дәрігерлік жәрдем дәл қазір ең алдымен апатқа ұшырағандарға керек. Өлік табылған биіктікке оның алғашқылардың бірі болып жету себебі де сондықтан.

Ең жоғарыда жүргендерден әзірше хабар жоқ. Ең жоғарыдағылар — Хантәңірін жалғыз бағындырған Қуаныш Хасенов пен оның құтқарушысы. Мана қия беткейдегі жартас қалқасынан жалғыз альпинистің табылғаны жөнінде қуанышты хабар жеткен. Құтқарушылар оған үшінші лагерьге таяу жерде жолығыпты. Белінен арқанға асылған күйі құздан төмен салбырап тұр дейді. Әбден әлсіреп, үсініп қалған екен, енді дереу палаткаға жеткізіп алмақ. Сол кезде дауыстары жөнді естілмей, қырылдап-сырылдап мазаны алды. Айтылып жатқан сөздердің мағынасын ажырату қиын. Әжептеуір қалың шудың арасынан ұққаны — “Рация бұзылып тұр” деген жалғыз ауыз сөз.

Ертеңге дейін лагерьден шықпаңдар. Көмекке тағы кісілер барады, — деп айқайлады Долодов бірнеше рет.

Осы сөзді ұқса деңіз. Онда берілген бұйрықтың қалтықсыз орындалатындығына дау жоқ. Ал бастықтың тамақ жыртқан айқайы арналған құлаққа жетпесе ше?.. Тәуекел деп тартып кетіп, бірдемеге ұшырап қалулары әбден мүмкін ғой.

Бұл да бүйірге шаншудай қадалып, көңілді күпті қылып тұр.

Кісі өлімі туралы хабар сол сәтінде-ақ мәлім болған. Енді ол жақтағыларда да тыным жоқ. Ашық тұрған радиостанцияны қайта-қайта мазалаушылар солар. Айтқандары: «Не болды? Табылды ма?» деген белгілі сұрақтар. Тағы да құтқару отряды ұйымдасып жатқан көрінеді. Олар да ертеңгісін тікұшақпен жетіп қалмақ. Ал оған дейін не істеу керектігі, қалай қимылдау қажеттігі жөнінде тиісті нұсқаулар беріліп жатыр.

Бір-бірін сынап-мінеп, кінә артысатын заман ба? Сонда да болса, айналасындағылар Аркадий Харитоновичтің әлі де өзіне-өзі келе алмай тұрғанын, даусындағы абыржу нышанының сейіле қоймағанын аңғарысып еді. Берген нұсқаулары ара-кідік бір-біріне қайшы да келетін сияқты. Екі көзін шың жаққа қадап тұрып: «Қайсысы екен?» — дейді қайта-қайта күбірлеп.Суық хабар тигеннен бері бір секунд та айырылмай, жабысып алған ауыр ой, әлсін-әлсін өз ырқына көндіріп, іс-әрекетін бөліп кете берді. Қатал да өктем экспедиция бастығы әлі де өзіне өзі толық келе алмаған күйде.

* * *

«Ұлар!..» «Ұлар!..» — деді ентіккен дауыс рациядан. — «Ұлар» мен «Икар» Естимісің? Прием.

— Иә, «Икар!» «Ұлар” тыңдап тұр... Айта бер! Серега, бұл сенбісің?

— Иә, менмін, Аркаша. Біз таптық...

— Не дейді?! — Орнынан атып тұрған экспедиция бастығы радиостанцияға төне түсіп,айқайлап жіберді. — Иә, иә, таптыңдар ма? Кімді?

Кенет рация қырылдай жөнелді де, іле-шала Гопенконың қуанышты үні естілді:

— Әлгі екеуді. Осы, міне, жаңа ғана тауып тұрмыз. Терең жарыққа құлап кетіпті.

— Иә, айтсаңшы енді былай жөндеп, тірі ме екен өздері?

— А, немене? — Әлдене кедергі болды ма, әуе толқынындағы үн кенет тағы да ырылдап-сырылдап қалды.

— Тірі ме екен деймін. Соны айтшы маған бәрінен бұрын.

— Тірі, Аркаша, тірі!.. Екеуі де аман. Менің саған айтайын деп тұрғаным сол ғой алдымен.

— А-а, не дейсің? Қойшы?.. Рас па, Серега? Иә, кім екен?

— Не дейсің?.. Дұрыс екен дейсің бе?

— Жо-жоқ, табылғандар кім деймін? Айтсаңшы тезірек аттарын.

— Ә, табылғандар ма? Боря мен Радик. Иә, сол екеуі. Біз, міне, оларды шығарып алдық.

— Боря мен Радик?.. Боря мен Радик?.. — деп бір-екі рет қайталаған Долодов рацияның қасына тізелеп кетті. — Демек, — деді ауыр күрсініп. — Демек...

— Қойыңызшы, — деп жіберді сол кезде қасында тұрғандардың біреуі шыдай алмай. — Фарих болғаны ғой.

Мұнан кейін Долодов қырылдап-сырылдап сөйлеп жатқан рацияға назар аударған жоқ. Шүңірек көздерін әлдеқандай нүктеге қадаған күйі басын изей берді:

— Фарих!.. Бейшара Фарих!.. Сен екенсің ғой.

Палатка ішінде үймелесе отырған екі-үш адамның аузындағы сөз жалғыз-ақ. Бәрі де құз қиясында қыршыннан қиылған жас жігіттің атын атап, күрсіне бас шайқасады. Рация шуылын баса әлдекімнің еңкілдеп жылағаны естілді.

— Әрине, ешқайсысын қимаймыз өлімге. Бәрі де өз бауырымыз. Бірақ, — деді Аркадий Харитонович кенет таңқаларлық ұстамдықпен басу айта сөйлеп, — Фарихтың қазасы жанымызға ерекше батады. Өмірді жаңа ғана бастап еді-ау! Тіпті альпинизмді де. Әлі де үйреніп те үлгермеп еді. Бейшара бала-ай!..

— Өзін Борис Кенжетаевич ерекше жақсы көруші еді, — деді отырғандардың бірі күңгірт үнмен. — Туған інісіндей қадірлейтін. Бейшара естіген сәтте қайтті екен?

— Иә, бәрімізден бұрын бұл қазаның Бориске ауыр тиетіні сөзсіз. Екеуінің бір-біріне деген ықыласы керемет болатын, — деді де, Долодов қайтадан рацияға таяды: — Алло, “Икар!..” Алло, “Икар!..”

“Икар” — құтқарушылар отрядының бастығы Сергей Гопенконың эфирдегі шартты белгісі. Радиостанциясын тоқтатып тастады ма, ол біразға дейін жауап қата қойған жоқ. Сеанстың қайта жалғанғаны шамалы уақыттан соң.

— “Икар!” Тыңда! Мен “Ұлармын” ғой. Түсуге дайынсыңдар ма?

— Дайынбыз, Аркаша. Бізге қазір екінші топтың адамдары да қосылмақ. Олар бізден екі арқандай жерде. Бәріміз шынжырмен іркес-тіркес жүреміз.

— Дұрыс. Менің сұрайын дегенім — апатқа ұшырағандардың жағдайы қалай?

— Радик өзі қозғалып жүре алады. Тек демеп отыру керек. Ал Боряны станокқа саламыз.

— Иә, неге?

— Боряның жағдайы күрделілеу. Өзі жүре алмайды. Тіпті қозғала да алмайды. Шпеттер иығы сынған және миы шайқалған деп отыр. Жіліншігінде де зақым бар сияқты. Оның үстіне негізгі ауруы тағы бар ғой.

— Солай ма? Оған Фарих туралы айттыңдар ма?

— Иә, иә, Аркаша! Біз Фарихтың табылғанын, ауыр жаралы екенін айттық, — деді кенет Гопенко асыға сөйлеп.

— Ауыр жаралы деймісің?..

— Иә, оның жарақат алғанын Борядан жасырғанымыз жоқ. Олар сонда екінші лагерьде ме?

Рация жанында тұрғандар әуелі де аңырап бір-біріне қарасқан. Келесі сәтте барлығы бірдей түсіне қалды. Серега қасындағы Берікке Фарихтың қазасын естіртпеген екен. Естірткісі де келмейді. Қиналып жатқан адамға жақын жанның ажалы ауыр тимек. Сондықтан осылай жұмбақтап сөйлеп тұр.

— Иә, екіншіде. Сендер екіншіге жеткенше ондағы жігіттер бері қарай түсе бермекші. Екіншіден манағы келісім бойынша бір палатка құрылған. Бірақ бәрің бірдей ол палаткаға сыймайсыңдар ғой.

— Дұрыс, түсіндім. “Ұлар”. Сосын біз Алматыдан келген адамдарды жоғарыға жібермекпіз.

— Қайда, Үшіншіге ме?

— Иә, Үшіншіге. Ондағылар қатты шаршаған болуы керек. Хасеновтың жағдайы да бізге белгісіз. Біз радиостанцияны оларға береміз.

— Дұрыс, Серега. Олардан, міне, неше сағат болды, ешқандай хабар жоқ. Сендер екіншіге түскен соң, сондағы радиостанцияны пайдаланасыңдар. Енді маған Шпеттерді берші! Ана екеуінің жағдайын сұрайын.

Сеанс біткесін, экспедиция бастығы тиісті журналға “4 июнь. 22 сағат 37 минутта іздеу жұмысын тоқтатуға бұйрық берілді” деп жазды.

* * *

Бұл түні қатты қалжырағандардың бірі — Лихов пен Ерыгин. Алдында қарлы шыңның маршрут жақ беткейін арылта жүріп өткен олар жорықтың соңына қарай төтенше тапсырма алды. Тірі адамды алып жүрудің жөні бөлек, ал өлген адамды... Оның соншалықты ауыр әсер ететінін екеуі тәуекел деп жолға шыққаннан кейін бір-ақ біліп отыр. Салмақты жүкті қия беткеймен алып түсудің қиындығы өз алдына. Кеше ғана қатар жүрген тағдырлас, арқандас жолдастың сүйегі емес пе. Жанға қайтіп батпасын...

Екінші лагерьге түнеп шығып, одан әрі ертелетіп қозғалармыз деп мөлшерлеген. Аз да болса дамыл тауып, тынығып алғылары келіп еді. Бірақ ол ойлары адыра қалды. Лагерьде бұларды күтіп тұрған мүлде басқа хабар. Мұндағы жігіттердің радиостанциясы да тынымсыз жұмыс істеуде екен. Жоғалып кеткендердің түгел табылуына орай жағдай күрт өзгерген. Шың бетінде арқанға жармасып, жағалай өріп жүргендердің барлығы төмен түспекші. Іздеген адамдары табылғаннан кейін ол жақта босқа кідірудің не жөні бар? Сөздің қысқасы, лагерьді қоналқаға қарай босату керек. Және жоғарыдағы жорықшылар жетпей тұрып аттанып кеткендері қолайлы. Ондағы мақсат — Бориске бауырындай болып кеткен Фарихтың денесін көрсетпеу, өлгенін сездірмеу. Сонымен Лихов пен Ерыгин екеуінің бел шешіп, аяқ суытуға берілген екі-үш сағатты ғана місе тұтуларына тура келген. Бір тәуірі денені бұдан ары қарай алып жүруге лагерьге жетіп үлгірген басқа жігіттер де қатысыпты.

* * *

Екінші лагерьден төмен қарай мұздақтар таусылып, жалаңаш тастарға ұласа бастайды. Кешегі боранның лебімен қуыс-қуысқа қар тығылған. Әйнектей жұқа мұз қаптаған кей жерлер тайғанақ. Аспан ашық, ауа тынық болғанымен, түн ортасы ауа бастаған құлдилау харекеті тіпті де оңайға түскен жоқ. Жалама жартастың жай уақыттағы қаупіне жаңсақ бассаң, қапы қалдырар түн қараңғылығы қосылған. Шың басындағыдай аяз қатты емес, бірақ шыңылтыр ызғар да оңай көрінбейді. Қанша азап шексе де, жігіттердің ешқайсысы манағы Лихов секілді “сүйекті алып жүрудің жеңіл амалын” қарастырған жоқ. Марқұмның денесін тірі адамнан ары әспеттеп демеп, әлекке түсіп келеді.

Бұлар базалық лагерьге жеткенде жаздың қысқа таңы да бозарып атып кетіп еді.

Мұндағылар да түнімен ұйықтамаған секілді. Барлығы да жоғарыдан түскендерге жан-жақтан лап қойды. Ең алдымен салмағын қара жер ғана көтеретін ауыр жүкті қабылдап алысты. Қолдары қалтырай, күні бұрын дайындалып қойған орынға ыңғайлап қойып жатыр. Шегіне жете шаршап, құр сүлделері қалған жігіттерге барлығы үн-түнсіз ықылас білдіруде.

Аркадий Харитонович ештеңеге мойын бұрмастан, дереу мәйіттің бетін ашып жіберді. Қабағын түйе қарап тұрды да, тақап келіп, шұқшия үңілді. Басын жұлып алып, жан-жағына көз салған. Сосын марқұмның бүлінген жүзіне, үсті-басын, денесін ашық жерлерін жіті қимылмен тексере қарап шықты. Сөйтті де қасындағыларға жалт бұрылып:

— Бұл... бұл... ол емес, — деді ақырын ғана.

Тұрғандар түсінбеген пішінмен бір-біріне қарасты да:

— Кім емес дейсіз, Аркадий Харитонович? — деді жарыса дауыстап. Кейбіреулері ентелеп тақай түскен.

— Бұл жатқан Фарих емес... Бұл, бұл...

* * *

Бұл оқиға кеше кешке қарай болып еді.

Іздеушілер әлі қалжырай қоймаған. Бірақ тың деуге де келмейтін. Боранды қияда бір арқанға жармасып, іркес-тіркес өрмелеп келе жатқан. Сонда да болса хабарсыз кеткен жігіттің табыларына сенімді. Кенет жол бастаушы альпинист:

— Ананы қара!.. — деп айқайлап жіберді. Екіншісі ол нұсқаған жаққа жалт бұрылған. Бұлардың оң жағында, етекке қарай жартастан төмен салбырап әлдене асылып тұр. Ұйытқыған желмен бірге тербеліп, дәрменсіз күйде қалт-құлт етеді. Екеуі де үңіле қарап тұрып, бір-ақ түйінге келген: мынау ілініп тұрған — басқа ештеңе емес, адам...

Сонан ес кетіп, жан шықты деп жүріп, әлгінің қасына да таяңқырап қалысты. Белінен байлаулы жалғыз арқан ғана ілініп тұрған пұшайман жанның халі мүшкіл екені сөзсіз. Жел ыңғайымен әрлі-берлі теңселіп, аяқ-қолын да сермеп қояды. Әйтеуір шыбын жаны кеудесінде секілді.

— Қуаныш, — деді екі альпинист те тосыннан. Екі жақтан көтеріп алып, қияға сүйеген. Қуаныш есінен танып қалыпты. Құтқарушылар дереу оттек маскасын кигізіп, атмосфералық қысымды тиісті мөлшерге шейін күшейтті. Екеулеп аяқ-қолын созғылап, жасанды тыныс алдыруға кіріскен. Ажал аузынан қалған жігіт өз-өзіне оңайшылықпен келер емес. Сонан әрең дегенде барып еріні икемге келгендей болды.

... Шыңнан секіріп кетуге қатты аңсары ауған Қуаныш ақыры өзін өзі тежей алмады. Секірсе-ақ болды, барлық азаптан — мына суықтан, әлсіздіктен, аурудан, аштықтан, галлюцинациядан оп-оңай құтыла салатын секілді көрінді. Сөйтіп әрекетіне есеп беріп жатпастан, өз тілегін ақыры орындап тынған екен...

Әрине, сол қалпы қарғып кеткенде мынау терең шатқалдан оның сүйегі де табылмас еді. Бірақ секірген кезде Қуаныш бір нәрсені ескермепті. Ескеретін хал қайдан болсын? Белінде байлауды арқанды анкерден босатуды ұмытып кеткен. Ажалға араша түскен де сол арқан екен. Бірақ Қуаныштың негізгі қателігі ол емес.

Есі кіресілі-шығасылы қалыпта мәрмәр қабырғамен тырбыңдап жылжи берген ол әбден қалжырады. “Соңғы күшім осымен бітті” деумен-ақ бір аттап, екі аттап әрең-әрең қозғалады. Сөйтіп отырып лагерьге қарай бұрылатын жерден жаңылысып қалған. Альпинистер әдетте маршруттың мұндай буынды тұстарында белгі тастап отырады. Хантәңірінің төбесіне шығуға рұқсат алған жігіт қуанып жүріп, бұл маңызды шаруаны естен шығарып алған. Сол ұмытшақтық тақсіретін осылайша түсер кезде тартыпты. Қуаныштың негізгі қателігі де осы еді. Сонан кейінгі жағдай белгілі — өзіне өзі ие бола алмай, қиядан секіріп кеткен.

Құтқарушылар арқаннан арқан жалғап жүріп, Қуанышты лагерьге жеткізген кезде ұйытқыған жел де аяқ астынан саябырлай қалып еді. Бейне бір манадан бері құзға жармасып жанталасқан жан иелерін мазақ қылған сыңайлы. Кеше болмай отырып шыңға қарай бет алған Борис пен Фарихты лагерьге қайта қуып тыққан да осы дүлей жел емес пе. Күш-қуаты бойда тұрған екі азамат палаткаға бас сұққанша берекелері кетіп еді. Сонан шабуылға қайта шығуға тәуекел ете алмай, бөгеліп қалған. Ал ертеден қара кешке дейін құздың ұзын бойына арқан тастап, арпалысып жүрген бүгінгі ағайындардың жағдайы тіпті қиын. Үскірік жел ұшырып жібергісі келгендей екіленіп-екіленіп қояды.

Лагерьге жетісімен қозғалуға мұршалары келмей, сұлап-сұлап жата кетісті. Дегенімен, ділгір уақытты тегін өткізіп алсаң, қапы соқтырары сөзсіз. Ерекше жәрдем қажет ететін адам дәл қазір Қуаныш болып тұр. Сол қолының саусақтары, бетінің ұшы қарайып кеткен. Өздері онсыз да қажыған жігіттер оның үсіген жерлерін ысқылап, дәрі-дәрмек, майларын жағып жатыр. Примусқа шай да қойылып қалды.

Алғашында әрнені айтып, сандырақтай сөйлеп отырған Қуаныш сәлден кейін басын шалқайтып ұйықтап кетті. Ауыр қимылдан кейінгі тәтті ұйқы емес, ыңқыл-сыңқылы аралас әлдеқандай берекесіз ұйқы. Бетіне кигізген оттек маскасы да оны онша тыныштандыра қойған жоқ. Бір қалыпты жайлы тыныс алғанымен, басын бұлғақтата береді.

— Дегенімен, жігіт екен, — деді құтқарушылардың бірі ол саябырсыған сәтте.

— Осындай жауапты маршрутқа жалғыз шыққанын айтпайсың ба? — деп қостап қойды екіншісі.

— Жоқ, онысын айтпаймын. Әншейінде өзінің мінезі жеңілтектеу еді ғой. Ал жеңілтек адамдар шыдамсыз болмай ма? Қуанышты да сондай деп ойлап едім.

— А-а, сенің айтқалы отырғаның басқа нәрсе, жеңілтек жігіт қайтіп төзімді болып кеткен демексің ғой.

— Иә, иә, қателескен жоқсың. Дәл түсіндің менің ойымды. Мынандай үскірік ойыншық емес. Манадан бері шыдап келіп еді. Ауырсынғанын білдіргісі келмепті. Енді көзі ілінгеннен кейін көрдің бе?..

Бұзылып қалған рацияның зары бұларға онша өте қойған жоқ. Төмендегілердің ақыл-кеңесінсіз-ақ өз тірліктерін өздері істей бермек. Бүгін осында түнейтіндері анық. Тек бір бүйірде тынымсыз бүлкілдеп, мазаларын алып тұрған — хабарсыз кеткен үшеудің тағдыры. Шынымен-ақ былтырғы ауыр оқиғаның тағы қайталанғаны ма?

Жоқ, мүмкін емес.

***

Фарих шынында да тірі еді.

Басын көтере беріп шалт қимылдаймын деген кезде есінен танып кетіпті. Сонан санасы сөнген беймәлім халде қанша жатқанын білмейді. Бір кезде саңылауынан әлдеқандай алакөбең нұр себезгілеп, тіршілік нышанын аңғартты. Бірақ ол нұрдың нендей мағына білдіретінін бірден түсіне қойған жоқ. Сындырып жібергендей белін сырқыратқан ауру мүшкіл ахуалды тез-ақ еске салды. «Е-е, иә, иә... Соған ұшырағанмын екен ғой» деді іштей қапалана күрсініп.

Сонан кейін тағы да жанын көзіне көрсеткен азапты минуттар басталған.

Алдымен байқағаны — анау алакөбең сәуле өзі құлаған апанның аузы. Өз бетін солай беріп шалқасынан жатыр екен. Әлдекім бетіне суық демін үрлеп, қар бүркіп тұр. Есін жиғызған да осы болуы керек.

Шамасы анау жоғарыдан үйіріле саулаған қар ұшқындары. Демек сыртта боран соғып тұр деген сөз. Ендеше құтқарушылар бұны жуыр маңда таба қояр ма екен? Әй, қиын нәрсе-ау! Боранды күні құзға өрмелеудің қаншалықты азапты екенін бұған ұқтырудың қажеті жоқ мүлде.

Таба ала ма?

Таба алмаса ше?..

Онда амал біреу-ақ: әрекет жасап бағу. Бұны құтқаратын — өзінің әрекеті ғана. Ал ол әрекетті қалай жасаған жөн?

Санасында “Қимылдай беру керек” деген жалғыз тілек шыңылдап тұрып алған пұшайман жанның одан арғыны ойлауға шамасы жоқ еді. Ұмтылып қозғала бергені — сол жалғыз тілектің күші...

Оттек маскасын киісімен-ақ санасы буалдыр тұманнан арылып, серги бастады. Өз жағдайының мүшкілдігін әбден түсінген. Мына мұз зынданнан өз бетінше шығудың қиындығын, тіпті шыққан күнде де ештеңеге жарамай, біржола мүгедек болып қалуы мүмкін екендігін білді.

Сонымен бірге сананың серігуі жанға батқан дерттің азабын да күшейте түскендей. Соған қарамастан тістеніп алып, әрекет етуге кіріскен. Айналасын сипалап, қыбырлап жатыр. Жарық іші манағыдай емес, күңгірттеніп барады. Шынтақтай жылжыған жігіттің көзі әлдеқандай қарайғанға түсті. Мана қатты ауырсынып жатып байқаған-байқамағаны есінде жоқ. Сонда мұз бен қардың ортасындағы бұл қарайған не? Әлде тас па екен? Неде болса анықтау керек.

Бірқырындап жатып әлгіге қолын созған. Жоқ, тастан гөрі жұмсақтау секілді. Шынтақтай тақалып, алакөлеңкеде анықтай үңілген. Сөйтсе... Сасқанынан өз көзіне өзі сенбей, кірпігін қағып-қағып жіберді. Жоқ, қателесіп тұрған жоқ.

Мына көріп тұрғаны — адамның аяқ киімі. Аяқ киім болғанда, басқа емес, кәдімгі альпинист бәтеңкесі. Бұл мына жерге қайдан келген? Әлде жігіттердің біреуі түсіріп алған ба?

Әуестік жеңген жігіт тосын затты жұлқылап көріп еді, алынатын сыңайы байқалмайды. Сосын бірқырындап тағы жылжыған. Қолын соза берген оның кенет өне бойы дір ете түсті. Сол-ақ екен, төбе құйқасына дейін шымырлап кетті.

Бәтеңке бос емес, аяққа киюлі болып шықты.

Мұз қуысында болар-болмас көрініп, адам денесі жатыр екен...

***

— ... Не дейді, ойбай-ау?

— Қойыңызшы, сонда бұл кім?

... Тұрған топ дүрк қозғалды. Жатқан кісіні бәрі лезде қаумалай қоршап та үлгірген. Төніп келіп, жапырлай үңіліседі. Кейбіреулері ұстап, сипалап қарауда.

— Иә, ол емес, — деді содан кейін біреуі. Іле оны қоштаған дауыстар да естілді:

— Дәл айтасың, Фарихке ұқсамайды, киімі басқа.

— Онда бұндай белгілер жоқ еді ғой.

Қайғылы сезім кернеген ауыр ахуал әлденеге жеңілдеп сала берді. Өздері өлдіге санап қойған жолдастың басқа біреу болып шығуы жұрт еңсесін езген ауыр сезімді лезде сейілтіп жібергендей.

— Демек, оның тірі болғаны, — деді Аркадий Харитонович жаңағыдан гөрі ашық үнмен.

— Дұрыс айтасың, Аркаша. Фарих тірі, ол да бір қуыста жатыр.

— Иә, иә, рас оның. Фарих тірі.

— Енді не істейміз?

— Не істеуші едік? — деді экспедиция бастығы жұрттың дабырлаған үнін бөліп. — Біз Фарихты іздейміз. Жедел жолға шығу керек. «Екіншіге», «Үшіншіге» хабарласып, жағдайдың өзгергенін жеткізіңдер. Ана екі науқасты төмен түсіре беру керек. Басы артық жігіттердің бәрі іздеу жұмысына кіріссін. Іздеу аймағы белгілі. Сол бес мың жеті жүзінші биіктік, енді бір минутта кідіруге болмайды.

Бастықтың даусы жайшылық кездегідей саңқылдай естілді. Лезде еңсесі көтеріліп, айбынына қайтадан мініп үлгірген секілді.

Көңілді үміт оты жылт ете түскенмен, күрсінуге мәжбүр ететін ауыр әсер түгел жеңілдей қойған жоқ. Көңілді күпті қылып тұрған — мына серейіп жатқан белгісіз азаматтың сүйегі. Барлығы да “Апыр-ау, сонда бұл кім болды екен?” деген сауалға жауап та таба алмай, ошарылып тұр.

Кенет:

— Кешір, Володя!.. Кешір мені! — деген әлдеқандай зарлы дауыс жүрек түбін су еткізді. Дағдарулы жұрт бір кісідей жалт қарасқан. Сүйектің қасында еңкейе үңіліп тұрған Лихов екен. Кәдімгі түні бойы осы денені базаға жеткізгенше сүйемелдеп келген Лихов.

— Өй, саған не болған?

— Мұның не?

— Құдай ұрып тағы бір бәлеге ұшырамасақ еді...

Сең соққандай сілейіп қалған жұрттың екі көзі аяқ астынан қоя берген жігітте. Біреуі бірдеме түсініп жарытса, не қыл дейсіз.

— Туыстар-ау, танымадыңдар ма? — деді Лихов ықылық атып, — Бұл Володя ғой. Володя Вронский. Соның өзі.

— Не дейт!

— Шынымен сол ма?

Жұрт тағы да жапырлай үңіліскен. Марқұмды көзі тірісінде білетіндер түгелдей бас шұлғысты. Сол екенінде күмән жоқ. Лихов қапысыз таныған екен.

— Апыр-ай, сонда, — десті жігіттер күңірене сөйлеп, — қалай болғаны?.. Қанша уақыт өтті? Сол қалпы ғой. Тіпті ешқандай бұзылмаған.

Иә, арыстай болып сұлап жатқан бұл адам былтыр хабар-ошарсыз жоғалып кеткен үш альпинистің бірі еді. Сол болар-ау деп кім ойлаған. Үш ұйықтасаң, түске кірмейтін тосын жағдай. Лиховтың Вронскиймен жақсы достар екені клуб мүшелеріне түгел белгілі еді. Қайғылы оқиғаға орай былтыр оның қатты қапаланғаны да жұрттың есінде.

Бет-аузы адам танымастай бұзылған. Басқадай ерекше белгілері жоқ. Ұқсас киінетіндіктен, альпинистерді киім-кешегіне қарап айыру да қиын. Кеше табыла салысымен біреулер өлген кісінің қалталарын қараған. Ондағы мақсаты — маршрут қағазын тауып алып, марқұмның кім екенін анықтау. Өкінішке орай, ондай ештеңе жоқ болып шықты. Бәрі рюкзакпен бірге жоғалып кетсе керек.

— Кешір мені, Володя, — деді Лихов өксіп. — Мен сені танымай қалыппын. Кешеден бері алып жүріп... Қалай байқамағанмын десеңші.

Ерыгин тағы бір-екі жігіт Лиховты жұбата бастады. Құлаққа кірер дәлелді сөздермен басу айтып жатыр. Үшеудің қазаға ұшырағаны қашан. Қан жұтқан азалы күйді жақын жандары сол кезде-ақ бастан кешірген. Емші уақыт қайғылы көңілдерді жазуға айналған. Ендеше мына Лиховтың сонша егілгені несі? Өзі жөпшеңді нәрсеге нали қоймайтын нәті мықты, тіпті дөрекілеу жігіт.

— Не болды саған сонша? — десті оны жұбатушылар. — Аруақтың мазасын ала бермейік. Онан да енді тікұшақпен Алматыға жіберудің қамын жасау керек.

— Есіңде ме, Коля, менің кеше саған айтқан сөзім? — деді Лихов тұнған көзімен Ерыгинге қарап.

— Есімде... Жоқ-жоқ, қай сөзді айтып тұрсың?

— Қалай ұмыттың, Коля? Мен әуре болмай-ақ жартастан домалата салайық дедім емес пе. Қайтіп соған аузым барды десеңші... Қайтіп, ә? Неткен оңбаған едім, мен? Айтшы, Коля?

* * *

Ауыр науқасты алып келе жатқан топ екінші лагерьден күн шыға аттанды. Ауа райы бұзылмай тұрғанда базаға жетіп алу шарт. Әйтпесе жолда тағы қандай кепке ұшырайтынын кім біліпті? Базадан ары науқасты көп кідіртпей, тікұшақпен Алматыға аттандыру керек. Экспедиция дәрігерінің ұйғарымы осы.

Жанаса кеткен бір қағаберісте:

— Ана жігітті неге сұрай береді өзі? — деді ұзын бойлы альпинист қасындағы Гопенкоға бұрылып. Бұл — кеше Алматыдан келген алты құтқарушылардың біреуі. Отряд бастығы оның сөзінің мәнісін әдепкіде түсіне алмай қалды:

— Кімді айтып тұрсың?.. Қай жігіт?

— Борис Кенжетаевич ше? Ана жолдасын аузынан тастар емес. Әлде өлгенін естіп қойды ма екен?

— Жоқ, ол мүмкін емес. Бәріміз де ол жөнінде сөз байластық қой. Әбден жазылғанша сездірмейміз. Әйтпесе қайғы жұтып, мүлде әлсіреп қалуы мүмкін.

— Дегенімен жүрегі сезе ме? Қайта-қайта сұрап, тіпті аузынан тастар емес.

— Оның себебі... — деді Гопенко арқанды саумалай жіберіп тұрып. — оның әңгімесі ұзақ қой... Қысқасы, Боря Фарихты бала кезінен бауырына басқан. Көше балаларына ілесіп жүрген жерінен тауып алып, адам етіпті. Альпинизмге баулыған. Қане, ақырындап түсе бер... Қысқасы, Фарих — оның ет жақын адамы.

Төмен қарай қадам басқан жігіт лып етіп қозғала берді де:

— Солай ма? — деп қалды...

— Солай. Кейін түсіндіріп айтам бәрін. Алдарыңда жартас, байқаңдар...

Сапардың басталғанын хабарлағалы Гопенконың сеансқа шыққаны сол болатын. Ар жағынан әлдеқандай абыржулы дауыс бұларды іздеп, бір сөзді тынымсыз қайталап жатыр екен:

— «Икар» тыңдап тұр. Прием, — деді отряд бастығы жалма-жан.

Арқан байлап жоғары-төмен шашырап кеткен альпинистер «Ұлармен» болған бұл әңгімені түгел ести алған жоқ. Рацияны сарт еткізіп жаба салды да:

— Отряд, тоқта! — деп айқайлап жіберді Гопенко. — Тоқта!..

— Біз кейін қайтатын болыппыз, — деді ол жартас бетіндегі жұрттың бас-аяғы жиналғаннан кейін. Екі-үш адам ғана науқастармен төменде қалған. — Ана кісіні алып жүретін жігіттерден басқамыз.

— Қалайша, Серега?

— Сонда біз кісі өліміне қарамай-ақ шыңға шабуылдай береміз бе?

— Жолдасымыз қазаға ұшырап жатқан кезде қалайша?.. Ол адамгершілікке жатпайды ғой, — деп наразылық білдірген үндерді отряд бастығының өзі тоқтатты:

— Біз тағы да іздеуге шығамыз.

— Кімді, Серега?

— Немене, Хасенов те жоғалып кетіп пе?

— Не дейт? Ойпыр-ай, бірінен кейін бірі... Қалайша сонда? Жоқ, мүмкін емес...

***

Мынау сұмдық көріністен жан дүниесі бір сәт шырқырап кеткендей болды. Кеудесін күйдіріп жіберген ауыр сезім “Аһ” дегенде аузынан жалын боп шықты. Өзін өзі ұмытып үлгірген ол тізерлеп алға ұмтылды. Белі зар қақсатып, бебеулетсе де, есінен танған жоқ. Қардан жартылай көрінген дененің кеудесіне қарай аяқты қуалай жылжыды. Мұз қуысқа қысылған адамның бет жағы ашық екен.

Көз алды бұлдырлап кетті ме, әлде айнала шынымен қараңғыланып бара ма, әйтеуір ашық жатқан кісіні ажырата алмағаны шын. “Бұл кім?.. Қайдан келген?” деген әлжуаз ой ми түбінен шың-шың етеді. Дерт азабын тартып жатса да, шыңның осы бөлігіне қатысты қайғылы оқиғаларға өзінше шегініс жасап өтті. Сол-ақ екен, ойына әлдененің сақ ете түскені.

“Иә, иә, — деді жігіт ыңырси күбірлеп. — Қалай ғана есіме түспеген? Былтыр жоғалып кеткен үшеу... Соның бірі ғой. Дәл өзі. Бейшара-ай... Осылайша қаза болған екен-ау...” Кеудесінде маздай жанған үміт оты аяқ астынан жалп етіп сөніп қалғандай болды. “Мен де өстіп... Шынымен-ақ жарық дүниені енді қайтып... Қойшы!.. Қойшы!.. деді алғаш рет жаны түршіге шошып.

Осы үрейлі ойдың миын қарып алғаны сол-ақ екен, сипалап манағы балғашотты іздей бастады. Сипалап мұз бен қарды қолымен ұзақ шарлады. Ақыры тапты-ау!.. Бар қуатын бойға жинастырып мұз қабырғаны дүңк еткізіп ұрған. Сонан кейін...

Есін жиғанда екі көзі мұз қуысын жарық өмірмен жалғап тұрған сонау саңылауға түсті. Қатты ауырсынса да, жанарын қинап, жаңағы саңылауға ұзақ қарады. Қараған сайын үміт ұшқынына су сепкен үрейлі ой да күшейе түскендей. Бақырайған күйі тіпті кірпігін де қағар емес.

Бұл күтпеген сұмдық еді.

Өз өмірін жарық дүниемен жалғап тұрған ана саңылау тура көз алдында кішірейіп барады. Құтырына соққан дүлей боран қуыстың аузын қармен көмкеріп жатыр. Осы бетімен үрлей берсе, табақтай ғана тесікті тұтас бітеп тастайтыны даусыз. Кісі құлаған қуысты қарлы боран осылайша тып-типыл ғып тегістеп тастамақшы. Сонан кейін... Ар жағын ойлаудың өзі қорқынышты.

Балғашотты тағы да ұрды.

Ешқандай жауап жоқ. Манағы бір тықылдаған дауыс сол қалпы естілмей кетті. Жер жұтып әкеткендей жым-жылас. Ауру меңдеп әлі құрыған дене осыдан кейін мүлде сұлық қалған.

* * *

— Кеше сендер тықылдатып-тықылдатып кетіп қалғасын, біттік деп ойладық, — деді Радик экспедиция басшысына бұрылып. — Зәреміздің ұшқаны-ай. Өмірден күдер үзіп те қойып едік.

Сөйтті де қабағының астымен Берікке көз тастады. Кешегі көрсеткен осалдығына бір жағынан жолдасының алдында ақталған түрі. Бет-аузы таңылған жігіт ләм-мим деп тіл қатқан жоқ. Басын изеп жайымен тыңдап отырған. Долодов кенет еңсесін ептеп көтеріп алды:

— Қай кездегі тықылды айтып отырсың сен?

— Кешегі ше? Қайсы топтың адамы екенін білмеймін. Шамасы сағат күндізгі онның кезі болар. Иә, сағатыма қарағанмын. Он-он бірдің шамасы. Біреу мұз қабырғаны тықылдатып-тықылдатып кетіп қалды ғой. Неге өйткенін біле алмадық.

— Боря, Радиктің айтып отырған мәліметі дұрыс па? — деп Аркадий Харитонович жаралы жігітке қарай еңкейді.

— Ой, Аркаша! Енді адамды өстіп ренжітесің. Немене, маған сенбей отырсың ба? Біреу тақылдатты. Біз жауап бердік. Сосын ол да жауап берді. Сонан кейін әлгі жоқ болып кетті.

— Ол құтқарушылар емес, — деді Берік сол байсалды қалпы. — Ол Фарих болатын. “Жаралы, жәрдемге шақырып жатқан шығар” деп ойладым. Әрине, меніңше, ол Фарих болуға тиісті.

Сарғыш қастарын түйіп алған Аркадий Харитонович мына тосын жайды тағы да тәптіштей сұрады.

— Бұны кеше неге айтпадыңдар? — деді орнынан түргеле беріп.

— Кеше көрдің ғой. Екеуміз де қатты қалжырағанбыз. Бажайлап отыруға шама қайда? Ақыры үшеуміз де табылдық қой. Керек болса, басымыздан өткен жайды кейін түгел айтып бермейміз бе? — деді Радик Даурских жайбарақат ғана.

Долодов сыртқа шығып кетті. Шындықты әзірше бұл екеуіне түгел айтуға болмайды. Естіген хабарын рация арқылы дереу Гопенкоға мәлім етіп келді де:

— Оразбаев пен Даурских құлаған мұз жарығы қайда. Дереу соны табу керек. Сол маңайда басқа жарықтар да болуы мүмкін. Біреу дыбыс беріпті.

Ол — Киреевтен басқа ешкім емес. Сағат күндізгі он-он бірдің кезінде ол жарықтың маңында басқа ешкім болған жоқ. (Осы арада “Икардың” мақұлдаған даусы естілді). Жоқ... Ендеше Серега, мұқият тыңдап ал мені. Барлық күш енді сол араға жұмылдырылсын. Киреев тірі болса, нақ сол жерде. Тек тездетіңдер. Ол үшін әрбір минут қымбат болуы мүмкін. Радиостанция ұдайы ашық тұрады, — деп бір-ақ түйді.

Алғашында Қуаныш пен Берік Кенжетайұлын бір тікұшақпен әкету қолайлы көрінген. Кейін жоспар өзгерді. Түнді ең соңғы үшінші лагерьде өткізген Қуаныштар базаға жеткенше қай уақыт? Ал ауыр науқастың жағдайы ондай сылбырлықты көтерер емес. Алматымен ақылдасты да, Шпеттер таңертең келген әуе көлігіне Берік Оразбаевты мінгізді. Бұл кезде экспедиция басшылығы екінші тікұшақты шақыртқан.

Хантәңірінің баурайы ашық күні тіпті ерекше мөлдіреп тұрады. Атақты шыңның жоғары жағы көзге көрінбесе де, қарағай, шыршаға, бүрген-бұтаға малынған табиғат көркі көз суырады. Өзін зембілге салып көтере жөнелгенде Беріктің шықшытты жалпақ өңі құбылып кеткендей болды. Бірақ табиғатына тән ұстамдылықпен тырс етіп үн шығарған жоқ. Тек төменгі тікұшаққа жақындай берген кезде ғана көзін жыпылықтата бергендей болды.

«Біздің жасырғанымызды біліп қойды ме екен? — деген ой келе қалды Аркадий Долодовқа. — Біздің оған тіпті де өтірік айтқамыз жоқ. Фарих шынында да тірі болуы мүмкін ғой». Бірақ экспедиция бастығының аузынан шыққан сөз басқа:

— Борис Кенжетаевич, науқасыңыз тағы қинады ма?

Жауап әдеттегідей кешігіп естілді:

— Жоқ, Аркаша! Одан емес... бұл менің соңғы шығуым екен... Соңғы рет. Осымен болды. Жөндеп қоштаса алмағанымды қарашы. Сол мені қинаған...

— Кіммен?

— Альпинизммен.

— Оқасы жоқ, әрине — деді Берік жұбату сөздерді естігеннен кейін. — Мен болмасам, Фарих жалғастырар. Тек тезірек сауығып кетсе екен өзі. Ол мінген тікұшақ енді Алматыға барып та қалған шығар. Солай ма, Аркаша?

Берікті тыныштандыру үшін айтылған “Фарих ауыр жаралы екен. Сен таудан түскенше Алматыға аттандырайық” деген хабар әлі сол күшінде. Өлік басқа адамдікі болып шыққаннан кейін үміт оты қайта тұтанып еді. Фарихтың тірі болуы әбден мүмкін ғой. Сондықтан дәл қазір жалған хабардың оғаштығы жоқ шығар.

Долодов ақырын ғана бас изеген. Көңілінде сол сәтте “бәлкім, екеуі шынында да ауруханада кездесер” деген ой тұрды.

***

Кірпігін қимылдатып еді, тас қараңғы түнектен басқа ештеңе көре алмады. “Әлде көзімді аша алмай жатқан шығармын” деп күдіктенген. Жоқ, сипалап байқаса, олай емес. Ендеше мына түнек... Уақыттың түн болғаны ғой. Түн. Әлде манағы қуысты ұйытқыған боран ақыры бітеп тынды ма?

Санасы бір серги қалған сәтте: “Құтқарады, — деген ой сырғып өтті миында. — Құтқаруға тиіс. Тек Берік ағам аман-есен шықты ма екен?.. Манағы дыбыс жоқ. Тегі шыққан болар. Олардың құтылғаны анық. Ендеше...” дей бергенде санасы бұлдырап кетті. Ойы қайта жалғанғанша арада қанша уақыт өткенін білмейді: “... ендеше, мені іздейді. Борис Кенжетаевич қайтсе де табады. Таппай қоймайды...”

Осы ой үзіліп кеткеннен кейін ештеңені сезінуден қалды.

Бүкіл тұла бойын суық кернеп, қалжырап әкетіп бара жатқанында да. Қарнының қатты ашқанын да. Ең ақыр аяғы белінен бастап біраз жерін сырқыратқан әлі бір жексұрын ауруды да.

Қанша жатты, қанша уақыт азап шекті, бұл үшін мүлде беймәлім. Айнала көзге түртсе көргісіз тастай қараңғылық. Бүкіл денесін мұзға жаншып тыпыр еткізбей басып алған осы қорғасындай қара түнек тәрізді.

Алақаны әлдеқандай мұзды жылытып жатыпты. Қолын соза беріп, есін ептеп жиып алды. Манадан бері сипалап жатқаны — адамның бет-аузы екен. Мұз боп қалған мәйіттің бет-аузы. Бір кездегі бақытсыз әріптесінің... Соның қасында бары көңілге медеу секілді.

“Егер таппаса... Мен де қалам... Сөйтем. Хош бол, тіршілік... Достар... Берік аға” деген ойлары үзік-үзік. Сандырақтап сөйледі ме, әлде ойша айтты ма. Ол жағын пайымдайтын хал қайда?

Мұз денені құшақтап қыбырсыз жатқан жігіттің есі кіресілі-шығасылы. Өне бойы қайнап ысып барады. Сол ыстықты басатын дәрмен жоқ.

***

Келесі рейспен Алматыға аттану Фарихтың емес, Қуаныштың кезегі екен. Бүкіл экспедициядан Хантәңіріні бағындырған бірден-бір адамның көңіл күйі сергек еді. Саусақтарының үсінгеніне өзі бәлендей қайғыра қоймайтын сыңайлы. Қайта-қайта айта беретіні — шыңды жалғыз қалай бағындырғаны. Ауыр сапардан алған айрықша әсері. Басынан кешкен бақытты азабы...

Үшеудің табылғанына шүкіршілік еткен ол қалған жолдастарына табыс тілеп, машинаға отырды. Одан әрі автобуспен кетпек.

Шыңды айнала ұшып жүрген тікұшақты байқап қалғанымен де, көңіліне күдік алар емес. Өзіне тән жаңғалақтығы баяғы.

— Мен шыққан биікке ана тікұшақ бәрібір жете алмайды, — деді сосын күліп. Табылған сүйектің басқа адамдікі болып шығуы да, аспанның ашылып, желдің басылуы да үмітті ақтамады. Жыбырлаған тышқанның ізі көрінетін аппақ қардың беті жып-жылмағай. Тіпті себеп болар сезікті ештеңенің белгісі жоқ. Кешегі боран өз дегенін істеп тыныпты. Шыңның осы беткейіндегі жүздеген жарықтарды кешегі боран келістіріп тұрып бүркеп тастаған болатын.

Бұдан кейінгі іздеу жұмысы ұзаққа созылған жоқ. Кешегі екеу табылған қуыс маршруттың қай тұсында, нешінші биіктікте екені журналға түгел жазылулы. Барлық құтқару жабдықтарымен жарақтанған жігіттер іздеу нүктесіне мөлшерлі уақытта көтерілген.

Қиын тигені — қар үріп тастаған жарықтардың аузын табу. Олар біреу емес, бірнешеу болып шықты. Құтқаруышылар тобы талмай, іздеп жүріп, Фарихтың үстінен түскенде күн тағы кешке айналған еді.

Амал не, құтқарушылар үлгіре алмады. Қар басқан шұңқырды тапқан кезде шыңға құштар қыршын жастың денесі суып та кеткен еді. Мәңгі мұз жамылған ұшар шыңның басында он екіде бір гүлі ашылмаған қалпы көз жұмған. Жалғыз емес. Былтыр үшті-күйлі жоғалып кеткен үшеудің бірі — шетелдік әріптесінің тоң денесін құшақтаған күйі тастай болып қатып қалыпты. Бір жыл өтсе де, кешегі Вронскийдің денесі сияқты, чех альпинисінің де еш жері бұзылмай, сол қалпы сақталған. Фарихтың жүдеу өңіндегі азап таңбасы әлі өшпепті. Жас өмірмен қоштасар сәттегі соңғы қиналыстың ізі анық.

Талай өлімді көз алдынан өткізген, дәтінің беріктігімен әріптестеріне белгілі экспедицияның қабағы ауыр басшысы Аркадий Харитонович бозбаланың о дүниелік пішінін көрген сәтте өзін өзі ұстай алмай, еңкілдеп жылап жіберді.

— Менің кінәм, — деді даусындағы дірілді баса алмай өксіп. — Сорлы бала, менің кінәм осының бәрі. Рұқсат етпеуім керек еді саған. Бекер! Бекер-ақ істеппін. Амалым не?

Оны алдымен сабырға шақырған орынбасары Сергей Гопенко болды. Сүйекті түнімен өзі бірге алып түскен соң әбден бойын үйреткен бе, ықшам денелі жұқалаң сары жігіт дәл қазір ұстамды күйде. Құз басында екі күн, екі түн арпалысып, әбден қалжыраса да,сыр бергісі жоқ.

— Қыран қазасы қияда емес пе, Аркаша! — деді ол сөз арасында. — Бәрімізді алда не күтіп тұрғанын кім біледі. Әрине, Фарихтың орны бөлек еді. Қолдан келер шара не енді?..

Берік, Радик, Қуаныш бұл кезде көңіл демдеп, Алматы ауруханасында жатыр еді. Фарих хақындағы жалған хабарға үшеуі де имандай ұйыған. Бірақ ол жалған хабардың қаншалықты қасірет әкеліп, әріптестерін ауыр жағдайға душар еткенінен бұлар әлі бейхабар болатын.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

Пікірлер