Мен ақын емеспін. Бірақ мөлдір сезімнің ағыны бар адамдардың бәрін ақын жандыға жатқызамын деп Сырбай айтпақшы, кей кезде келіп қалған ойларды елең жолдарымен қағазға түсіретін әдетім де бар. Сондай бір толқу сәтінде, дәлірек айтсам, қиналу сәтінде мына бір шумақтар көмейге келіп еді.
Арғымағыңды жамандап,
Тұлпарды қайдан табарсың,
Тұйғыныңды жамандап,
Сұңқарды қайдан табарсың.
Ой зергерін жамандап,
Көсемді қайдан табарсың.
Сөз зергерін жамандап,
Шешенді қайдан табарсың.
Қызғаныштың қыл құрты,
Түбіме жетсін демесең,
Өзіңе-өзің егесіп,
Өзеурейсің неге сен?
Табалау, таптау, қаралау,
Қалдырар мықтап ұятқа.
Парасат, ақыл, адал ар,
Жеткізер түбі мұратқа!
Жазушылардың бірін-бірі іреп - сойып, ақыры айтысы аяқталмаған екі жиыннан кейін, осы бір «пендешілік» ішіме сыймай, жазылған жолдар еді. Және ол сонау бір елуінші жылдардың бас кезіне қарай алып кетті.
Еске алудың өзі ауыр кез еді ол. — Енді ғана университетті бітірер шағымызда Мұхтардай алыпқа айып тағылып, таусылмайтын бір талқыға түскеніне куә болдық. Қисайтсам десе қиын емес екен ғой. Қазақ совет әдебиетін өз қолымен жасап, оны қалыптастыру, өсіру жолындағы қиындықты өз иығымен көтеріп келе жатқан, жас ұрпақты әдебиет атты сиқырлы күштің мөлдірімен сусындатқан, білімімен де, парасатымен де бәріміздің таңдайымызды қақтырған Мұқан бір емес, бірнеше жиында өзін - өзі ақтап сөйлеуге, «Кенесарыны дәріптеуші», «Ұлтшылдық пиғылдағы» деген жалалардың ешбір негізсіз екенін дәлелдеуге мәжбүр болды. Сонда ол кісіні осындай күйге түсірген, күпті еткен кім дейсіз? Кеше ғана аузынан шыққан әрбір сөзді қағып алып қағида етіп жүрген әдебиет пен ғылым төңірегіндегі өз әріптестері.
Ол шіркіндер жосықсыз бір науқанның шылауына ілесіп, азаматтық ар-ұятты жиып қойып, айтақтаумен ақты қара, қараны ақ деді. Өресіздердің өрекпелдігіне басып, әлдебір көңілінде жүрген қыжылдарын дабырайтып айтқан болды. Дәлелі жоқ, дәмі жоқ сөздерді құр айқай-шудың атына мінгізіп, адалдардан адамдықты, білімділерден надандықты іздеді. Дүниеде осындай жетесіздердің құрбаны болғаннан жаман не бар дейсіз. Таудан домалаған қар түйірінің етекке жеткенше ебедейсіз үлкейіп, күш алатыны секілді жала дегенің де жалғаса, жабыса келе тартпа ұйықтай сілеңді қатырып, сілікпенді шығарады екен. Әуезов қана емес, небір жайсаң, жақсылар сондай күйге душар болды. Сәкендей, Ілиястай, Бейімбеттей арыстардың түбіне жеккен осы пәле енді Мұхтарды да жұтқаны ма деп тұрғанда және оған аз-ақ қалғанда, бағымызға әділеттік атой салып, бой көрсетіп партия сол кездегі асығыс әрекет, асыра сілтеуді айыптап, қайран Мұхаңмен қайтадан жылап көрістік. Сол бір қалай да қаралауды мақсат тұтқан жиындарда Мұхтар Әуезовтің сөзі біздің жас жанымызға тереңінен толқитын мұхиттай әсер ететін де, жамандаушылардың сөзі әрең-әрең ағып жатқан жылымшы лай судай жиренішті болып көрінетін. Солардың бірінде Мұхаңның өрекпіп болмаған «сыншының» біріне орнында отырып, қасқая қарап, айтқан мына бір сөзі күні бүгінге дейін миымызға қашап жазғандай қалып қойыпты.
Қоқаңдайсың — шаппайсың,
Қопаңдайсың — ұшпайсың,
Қойсаңшы осы сен.
Сол қоқаңдағыштардан аз зиян шегіп жүрміз бе? Айыптауды ғана мақсат тұтқан айтыстардан қорқатыным да сол. Мұхаңдай адамдар небәрі алпыс үш жас қана жасаса, оның өмірін қысқартқан сол «жаптым жала, жақтым күйе» деген қарау принцип қой. Қазір қан жылап «қайран, қайран» деген сөзді жиі айтамыз. Күні кеше болып өткен 90 жылдық тойында сіңірген ғажап еңбектерін атаумен бірге, Мұхаң дегенде етегіміз жасқа толды. Өткен шақпен жоқтап, өткен шақпен ақылымыз орнына келгендей, сол кезде қайда қалдық? Ең қиын сұрақ бұл, әрі мына бір қағиданы үсті-үстіне еске салады: Айтыстың түбі — тартыс, тартыстың түбі —табалау. Табалауға жеткен соң-ақ тағылым алар ештеңе қалмайды.
Бұл жайды еске алып отырғаным тегін емес, тар пейілді, тайыз ойлылар кезінде баспасөзді мықтап пайдаланды. Етек - етек материалдар шығып, тек қана ақиқатты жазу, ақиқатқа арды жолдас ету жөніндегі ең асыл принципіміз бұзылды. Ол кезде баспасөз басында тұрғандар, әділеттікті белден басып, шындыққа қиянат жасағандар қазір кіруге тесік таппайтын болар-ау.
Қаламгердің бүгінгі келер ұрпағын осындай солақайлықтан сақтасын. Қазір елімізді жаңа белеске көтерер қайта құру процесі жүріп жатыр ғой. Тазару, жаңару процесі дейміз мұны. Демократия мен жариялық бұл кезеңнің ең пәрменді де тиімді құралы. Олардың әр кезде-ақ тонын өзгертіп, шындықтың жоғын жоқтаушылар болып шыға келетіні бар. Қалам қайраткерлері осылардың қармағына түсіп қалмаса... Ең берік, ең әділетті, ең батыл позиция соларда болса. Өйткені партия ісін алдымен қуаттайтындар солар, өмірдің ец батыл барлаушылары солар. Жаңа кезеңдегі, жақсы кезеңдегі жаны таза күрескерлердің ортасында жүріп, күрескерлік шынығу мектебінен өтетіндер де солар. КПСС XXVII съезінен бері ерекше сипатқа ие болған шындық тілі баспасөзді жандандырып жіберді. Оның халыққа жақындығы бұл күнде тіптен ерекше. Ақиқатты ту етіп, ақылшысы коммунистік ар болған қалам қайраткерлерінен үлкен үміт күтеміз. Өткенімізде де, бүгінімізде де олар аз емес. Небір қайсарлықтың, қаһармандықтың, ақылдылықтың өнегесін көргенбіз де. Болашақ журналистерге бергіміз келетін эстафета осы ғана болса екен. Бұл мамандықтың қиындығының өзі қызық. Сол қызыққа тоймаудан асқан сұлулық жоқ. Өйткені ақиқатқа ар серік болған жерде бәрі де сұлу ғой, шіркін!?
Осы орайда орта мектепті бітіріп журналистика факультетіне түскеннен кейінгі ауылдағы бір кездесу есімнен ешбір кетпейді. Әкем ерте қайтыс болғанымен әкемнің көзін көргендер бар еді. Қуанысып, қаумаласып ортаға алды.
— Оқуыңды тауысқан соң кім боласың, - деді бір ақсақал.
— Журналист боламын.
— Ол қандай мамандық? Қарағым - ай, прокурордың оқуына неге түспедің? Отырған жұрт ду күлді.
— Болмаса райком неге болмадың?
Ел арасындағы ең беделді жұмыс деп ұққан ақсақалдар болашақ мамандығыма көңілі толмағандай қайта сұрады.
— Не істейсің сонда?
Түсініктірек тілмен қалай айтуым керек?
— Газет, журнал, кітап шығарамыз.
— Ие, ие, — деді сонда Матай деген ақсақал. — Жазамын, ақиқатты жазамын десеңші. Ол ардың ісі ғой.
Көпті көрген қарттың аузынан шыққан осы бір сөзді қолыма қалам ұстаған сайын есіме аламын.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі