Даланы жел үрлеп тұр. Жантақ қаулай өскен жазықтың төбешіктеу жеріндегі жыңғылды таса етіп көршіміз екеуміз қой қарайлап отырмыз. Желдің бағытына қарсы ықтай жайылатын уақ малды көзден бір сәт таса етуге болмайды. Кенет "Пәленшекеңнің қойы егіз тапқан-ау деймін шамасы, анау сайда жүрген Түгеншенің сиырлары ма, аз уақыт бұрын жаман лағы да жоқ еді, анау тайлар мына үйдіңкі емес па, а?" деп бір әңгіменің шетін шығарды. Ә.... қойларын бағушы еді, қазір жайылымға емін-еркін жіберетін болыпты ғой дегенім сол-ақ екен, "е, оның мұртын балта шабар деймісің, табын-табын сиыры тұрғанда" деп қойып қалды. Осылайша ауылдың жарты үйінің ойша қорасына кіріп, малының басын түгендеп шықты. Тіпті бізден жырақтау жерге қоныстанған ауылдастарымыздың да қанша сүтқоректісі барынан хабардар. Көршімнің малды алыстан жазбай танитындығы мен кімнің ені қандай екені есінде сақталытындығына тәнтімін. Әйткенмен, әңгімесінің астарынан көреалмаушылық пен іштарлықтың лебі сезіледі. Көрші-қолаң бас қосып, әңгіме дүкен жүріп жатқан сәттерде "мынаның арқасы кеңіп, аузы майланып қалыпты" деп елдің құлағын көтеріп отырады.
Иә, қазақтың қашаннан бергі жазылмай келе жатқан дерттері - өсек, өтірік, мақтаншақтық, еріншектік, жиған малын далаға шашу. Абай атамыз атаған бес асыл істен гөрі бес дұшпанды жанына серік еткендер көп бұл уақытта. Түлкі заманда тазы болып шалуға тырысатындар мен мысықтілеулердің мысы үстем болып тұр. Жоғарыда мен тек көзбен көргенімді ғана баян еттім. Мұндай жандардың ауыл-аймақта бары рас, тіпті қарасы қалың. Өзгенің төрт түлігіне көзін сүзіп, өзінікінен шашау шығармайтын шықбермес Шығайбайлардың қаншауын айтайын сіздерге?! Тарихымызда бәйгеден оза шапқан тұлпарды меніңкі деп иемденуден қымсынбайтын адамдарда болған ғой. Хандық билік пен шұрайлы жерге таласқан руларымыз бен Ресей патша өкіметі бекітетін болыстықты биіктік көріп, қарапайым жұрттың құтын қашырған билеріміздің атымен қоса, ісі де қалды тарихта.
Хош... Тарихқа тереңдей берсек таңдай қағарымыз айдан-анық. Ұлттық құндылық пен дәстүрге мығым ауыл қазағының да ақылы жалған атақ пен көреалмаушылықтан әрі аса алмай отыр. Қала қазағының халі тіптен жаға ұстатарлық. Бірі ұлының тойына биіктігі бір жарым метр торт жасатса, бірі қызының мектеп бітіргеніне темір тұлпарды тізгіндетіп, өзара жарысып әлек. Әрине, біреудің мінін көргеннің, жамандығын тергеннің әбестігін білеміз. Дегенмен, мұны көріп, бойына осы қасиеттерді сіңіріп өскен ұрпақ қандай болмақ? Қу дүниенің қыр соңына түскен жас буын өскен соң құлқыны құдық, жемсауы астауы болмай ма? Осы қасиеттерден біржола арылудың жолы бар ма? Бастысы ауылы аралас жатқан аз ғана қазақтың арасы бес дұшпанның әсерінен алшақтап кетпесе екен...
Ерқанат Балтабай ХҚТУ Журналистика
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі