(повесть)
Мәдениет үйіне жаңа басқарушы келіпті... Осы бір тосын жаңалық ақар-шақар «Жасөркен» колхозының о шеті мен бұ шетіне найзағайдай зымырап тез тарап кетті. «Мәдени қызметкерге жарымай-ай қойып ек, тыңғылықты, іскер жігіт болса игі еді», — десіп, ауылдың бас көтерер ер-азаматтары күмәні мен қуанышын қоса білдірген-ді. Білетін адамдардың айтуына қарағанда, жас маман анау-мынау шалағай жігіт емес көрінеді. Алматыдан оқып келіпті. Әнші, артист екен. Киноны да өзі жүргізеді дейді. Машинаны да өзі айдайды дейді. Қысқасы, қолынан да, тілінен де келетін басаспап жігіт болса керек. «Шеттен келген мамандардың қарнын тойғызып, қалтасын қалыңдатып алып тайып тұратыны да болады», — деп сырттан тон пішкендер де болған. Осы секілді өр қилы қаңқу жаңа келген жас маман Сәлім Сайрановтың да құлағына шалынған.
КҮНДЕЛІК ДӘПТЕРДЕГІ ЖАҢА ЖАЗУЛАР
22 май, 1963 ж.
Сәлем саған, жаңа қонысым! Мен саған өз жүрегімнің әмірімен келдім. Өгейсімей құшағыңа ал, мені, «Жасөркен»! Атың қандай әдемі еді. Жаз гүліндей жайнаған жастық шақтың бейнесіндей екен. Сенің өркеніңе мен де үлес қосармын.
25 май
Осы ауылға келген бетімдегі гу-гу сөз менің жігерімді мұқата алған жоқ. Бір жақсы жері, қайда жүрсем де, қандай қызмет атқарсам да өз ісіме, азаматтық борышымды абыроймен өтеуге деген сенімімді онан сайын күшейте түсті.
Мен қысы жайлы, жазы жарқын, күзі алтын, бау-бақшалы Жетісу өлкесінен келдім. Арқаның адамға онша мейірімі түсе бермейтін, қатал да сарабдал табиғатын біліп келдім.
Коммунизмді орнату қажеттігін кез келген жерде қақсап айта бергеннен, оның бір тетігін мықтап ұстап, шама-шарқың жеткенше құрылысқа белсене араласқаның абзал.
Сормово жұмысшыларының қаһарман ту ұстаушысы, Максим Горькийдің әйгілі «Ана» романындағы Павел Власовтың прототипі Петр Заломов бәленбай мың шақырым Сібірге сүргінге айдалған ғой. Ол кісі сонда жан досы Григорий Козинге бірде былай деген екен: «Егер маған жүз жыл ұйықтап, бүкіл жер жүзінде тегіс коммунизм орнағанда бір-ақ оянуға мүмкіндік берілсе, мен ондай рақаттан бас тартқан болар едім. Неге десеңіз, біздерге, қарт подпольщиктерге коммунизм орнату жолында күресу, аспаннан түсе қалған коммунизмнен анағұрлым қымбат».
Ғажап пікір! Мен өзімнің бүкіл өмірімді, білімімді коммунизм құрылысына бағыштаймын.
Жиырмасыншы ғасырдың жастары шетінен романтик деседі. Өте дұрыс. Романтика аспанда ма, жерде ме? Ондай бұлдыр романтиканың түкке де керегі жоқ. Нағыз романтика жан қинап, маңдайыңның терін төгіп, кейін өзің де, өзгелер де рақатын көретін, шырынын тататын жойқын еңбекте.
Адамды адам еткен, ақыл-ойдың осындай биік шыңына шығарған еңбек. Еңбектен жеріген, ас ішіп, аяқ босатумен әуестенген адам қуыс кеуде, тірі аруақ.
Мен заманымыздың мінсіз қаһарманы болайын деген мақсат қоймаймын. Коммунизмнің қатардағы қарапайым құрылысшысы болсам, маған одан артық мансаптың керегі жоқ.
27 май
Бірнеше күн тынықтым ғой. Жетер енді. Іске кірісейін. Мені алда қыруар жұмыс күтіп тұр. Мәдениет үйін қабылдаймын. Көңілім алаңдай береді. Жаңа қызметім сәтті болып, жолға қойылса...
Мәдениет үйінің жұмысы пәлендей мақтарлық болмаса да, онша нашар да емес екен. «Қанағаттанарлық» деген бағаны місе тұтуға болмайды. Әуел баста «жақсы», бара-бара «үздік жақсы» деген бағаға жету мақсат.
ТОСЫН ЖАҢАЛЫҚ, ШҰҒЫЛ ШЕШІМ
Аспан шайдай ашық. Күн сәскелікке тырмысқан. Сәлім қақпа алдында айналаға жіті көз жіберіп тұр еді. Бұл — Сәлім уақытша орналасқан колхоз председателі Белгібай Құрмантаевтың үйі.
Сәлім бүгін абайлап қараса, оңтүстікке созылған төрт көшедегі самаладай үйлердің айналасында бір тал ағаш жоқ екен. Орман-тоғайлы, бау-бақшалы Жетісу өлкесінде өскен жігітке бұл көрініс бір түрлі ерсі көрінді. Сәлімнің ұғымында ормансыз, бау-бақшасыз жер тұл. Бұл өңірге ағаш өспейтін шығар. Олай болғанда неге басқа жерден әкеп екпейді екен?
«Жасөркен» колхозының орталық мекені осы. Ұрымтал жерде шағын-шағын төрт бөлімшесі бар екенін Сәлім білетін. Жеміс бағы, ағашы жоқ демесең, ауыл көркі көзге онша қораш та емес. Тәртіппен салынған ескілі, жаңалы әр алуан үйлер. Күншығыс жақтағы шеткі көшемен жапсарлас шағаладай біркелкі ақ үйлер өз алдына бір бөлек қалашық. Ел мұны «Социалистік қалашық» деп атайды екен. Бар болғаны жиырмаға тарта бір өңкей ақ үйлер шынында да жаңа заманның көркіндей, ауылдың жаңа өркеніндей.
Белгібай үйімен тұспа-тұс оңтүстік тараптағы ашық кең алаңдағы көк төбелі үй-мектеп, оның арғы жақ қатарындағы қызыл шатырлы — Мәдениет үйі. Сәлім оны әлі барып көрген жоқ-ты. Келмей жатып иемденуді жөн көрмеген.
Қыстақтың күнбатыс жақ іргесінде Нұра өзені сынаптай толықсып ағып жатыр. Белгібай ағай келген күні-ақ бұл өзенді Сәлімге жер-көкке сыйғызбай мақтаған. «Балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған, алқабы алтын, жағасы жайлау киелі су» Осы елдің кәрі-жасы Нұраны осылай дәріптейді.
Нұра жайлы неше түрлі өлең бар. Асқақ аңыз бар. Екі кісі бас қосса, соны айта бастайды.
Ел қайда, Есіл қайда, Нұра қайда?
Нұрадан ағып жатқан жыра қайда?
Күз болып ел жайлаудан айырылғанда,
Еңіреп қатын-бала жыламай ма...
Сәлім бұл өлеңді Белгібай ағайдың аузынан естіген сәтте-ақ жаттап алған. Баяғы заманның дерегіндей көріп, оңашада ыңылдап айтып тұр.
Жаңа мекеніне Сәлімнің көзі үйрене бастап еді. «Жасөркен» ауылы сүйкімді сымбатымен баурап әкетіп барады. Қанша айтқанмен, Жетісу жөні бір басқа. Дүние жүзіндегі әсемдік қасиет атаулының бір-бір бөлшегін осы жерге әкеп орнатып қойғандай табиғаттың аямай бере салған ересен сыйы ғой, шіркін!
Толқымалы ой үстінде Сәлімнің жан сарайында екі түрлі сезім таласқа түсті. Жаңа мекенге жатырқай қарайды біреуі. Енді бірі осы елге, керілген құбақан далаға келер күндердің өр биігінен қарайды. Жігіт көңіліне дем береді. Сәлім осы секілді қарама-қарсы қос сезімнің таласынан арылып, өзін-өзі еркін билеп алғанда, кенеттен бір соны ой атой салып шыға келді. «Бұл ел менің екінші отаным болады. Бәлкім, мен өзімнің бақ-талайымды осы жерден табармын». Сәлімнің ойын қақпадан сып етіп шыға келген Белгібай бөліп жіберді.
— Қане, жүр, Сәлім! Сені ауылмен таныстырайын. — Көңілді пішінмен күлімсіреп айтты. Нар түйедей серейген бойын тік ұстайды. Сәлім оның қасында ботасы секілді. Белгібай бүгін баяғы соғыстан қалған әскери киімін мұздай киіп шығыпты. Иығында погоны жоқ демесең аумаған офицер. Томаға көзі күлімдеп, шықшыты шығыңқы, ат жақты, қара торы жүзі нұр жайнайды.
Сәлім үнсіз бас изеп, Белгібайдың сол жағына қатарласа ілгері қадам басты. Екеуі орталық үлкен көшені бойлап жүріп келеді. Белгібай Сәлімнің аяқ-қолы балғадай кесек тұлғасына сүйсіне қарайды. Оның сұсы мен инабаты араласа тоғысқан қағілез қара сұр дөңгелек беті жан дүниесінің айнасындай. Тайқылау келген маңдайынан тура түскен қырлы мұрыны, томпақ аузың қоршаған қос қыртыс түрік ерні қайрат иесі ер тұлғасын танытқандай.
— Ленин айтқан, астық үшін күрес социализм үшін күрес деген... Бұл дүниеде наннан үлкен нәрсе жоқ. Осы араға сәл аялдасақ керек. — Басындағы қызыл жиек фуражкасын баса киіп, жоталы тарлан мұртын сұқ саусағының қырымен сүйкеп өтті. Сәлімге әлдеқандай ақылгөй ұстаз қияпатымен маңғаздана қарап қойды. — Астық үшін күресте тапқан табысымыз осы ауланың ішінде.
Мұны Белгібайдың неге айтып тұрғанын Сәлім өзінше жорыды: «Астықтан мұңсызбыз, ит басына іркіт төгіліп жатыр» деп, мақтанып тұрғандағысы шығар.
— Қоймаларыңыздың төбесі жадағай екен, іргесі аласа екен, астыққа су өтпей ме? — Сәлім астық сақтайтын орындарының бірден көзге түскен елеулі мінін айтып салды.
Сәлімнің кемшілікті тап басқан төтен сыны Белгібай көңіліне шық ете қалды. Мұрты жыбырлап, көзінің қарашығын ойнақтатып, қырын қарай берді. (Өткен күздегі нөсер жаңбырда бір қойманың төбесінен су өтіп, екі тоннадай астық бүлінген). Мына Сәлім мұны қайдан естіп қойды екен?
Белгібай тез лып етіп, тез басылды. Түсін жылытып, жөнге көшті.
— Бұйырса, осы жазда ескі қоймаларды бұзып, қыштан екі үлкен сарай салуды жоспарлап отырмыз, — деді.
— Тіпті жақсы болады екен.
— Шындап талаптанса бітпейтін іс жоқ. — Белгібай кері адымдап ілгері жүріп кетті. — Мәдениет үйін көрсетейін.
— Мақұл көрейік. — Сәлім оның сол жағына жанаса берді.
Белгібай Мәдениет үйін елден ерек ауызға алғанда, Сәлім көңіліне күдік кірді. Ең әуелі, ауылмен таныстырып алмай тұрып, Мәдениет үйіне тосын ойысқаны қалай мұның? Мәдениет үйінің сырты дардай екен. Іші қандай?
Мәдениет үйіне жақындай бергенде, Белгібай кінәлі пішінмен мойын бұрып:
— Ішін көргенде шошып кетерсің, — деді.
Сәлім сазара қалды. Көрмей жатып түңілдірмесе де болатын еді ғой. Әлден-ақ көңіліне қаяу түсіріп қойғанын қарашы. Әнеугіден бері неге айтпаған? Қиындығынан қорқып кетіп қалар деп қауіптенді ме екен?
Сыртқы түріне қарағанда мына Мәдениет үйі бір колхоздың тақиясына тар келмесе керек. Кішігірім селоларда, совхоздарда Сәлім көріп жүрген шағын кинотеатрға ұқсайды. Сырты биылдыққа сыланбаса керек, қабырғалары қожалақ-қожалақ.
Жеті қатарлы тас сатымен жоғары көтеріле бергенде, Белгібай галифелі жасыл шалбарының қалтасынан бір кілтті алды да, қолына оңтайлап ұстап, Мәдениет үйінің есігін ашты.
Кіре беріс фойенің оң жақ босағасындағы қалқиған қара жәшікке қарай бұрыла беріп, Белгібай ызасы келгендей оң қолын сілкіп қалды.
— Киноаппараттың сиқы мынау! — Жәшіктің бір елі тозаңын алақанымен сыпыра сипағанда, оның бетінде қолдың сала-сала табы қалды. — Иесі кездеспей қор болған есіл дүние...
Киноаппараттың қаңылтыр сауыты майысып, қоңыр бояуы ойдым-ойдым түсіп қапты. Белгібай сауыттың қақпағын ашып бетін тыржитты.
— Екі айдан бері бүлініп жатыр. Ел кинодан ашығып қалды мүтте...
Сәлімнің қара сұр жүзінен сұсты ызғар білінді.
— Сонда қалай? Колхозшылар екі айдан бері кино көрген жоқ па?.. — деді.
— Мұндағыларды қойшы, — деді Белгібай, — ауданнан, көрші совхоздардан ара-тұра келіп кино көрсетіп тұрады. Итарқасы қиянда жатқан малшыларды айтсайшы...
Мұның өзі Сәлімге тосын жаңалық. Алыста малшылар барын, олар қысы-жазы малды жайылымда бағатынын ол білмейтін. Сонда да бұл орайда Белгібай алдында сыр алдырғысы келмеді.
— Киноаппараттың бұрынғы иесі қайда? — деп сұрады.
Белгібай әлденеден жеркенгендей мұрнын шүйіріп, қолын сілтеді.
— Бастапқы ашылған кезінде Мәдениет үйінің жеке басқарушысы, оған қоса киномеханик бар-тын. Кейін екі қызметті қосып атқаратын маман адам тауып алайық деп ұйғарғанбыз...
— Ондай маман табыла бермейді ғой, — деп, Сәлім ерсі екенін біле тұра Белгібайдың сөзін бөлді.
— Табылғанын қайтейін. — Белгібай өкініштің шетін қылтитты. — Берекесіз болды, бүлдірді шаруаны...
— Ә, солай ма?..
— Осыдан бірдеңе шығар деген үмітпен облыста алты ай оқытып, осындағы Кенетай деген шофер жігітті қойып ек, оны да құдай атты. Жүн жеп, жабағы құсып, қаңғып кетті. Жарты жылға жеткізбей киноаппаратты істен шығарды, Мәдениет үйінің жұмысын төрт аяғынан бірдей ақсатты.
— Ол қазір қайда?
— Сүтке тиген күшіктей сүмірейіп жүр осында...
Екеуі Мәдениет үйінің залын, бөлшек-бөлшек бөлмелерін аралап көріп шықты. Мүліктерін, орындықтарын тозаң басып, өрмекші торлапты. Залының іші ел көшкендей ұйқы-тұйқы.
Басшылар қайда жүрген? Не көрген? Осынша бүлінгенше олар қалай төзіп отыра берді екен? Кенетай кетсе басқасы бар емес пе. Мәдениет үйінің екі айдан бері құлыптаулы тұрғанына жол болсын! Ең құрығанда, уақытша болса да бір жігітті тағайындап, жұмысты ептеп жүргізе беруге болатын еді ғой. Бұл сорақы кемшілікке мұғалімдер, комсомол ұйымы қалай төзеді? Тегінде, солардың бәрі де Мәдениет үйін көзден таса, көңілден шола қалдырған ғой...
Белгібай Сәлімнің осы бір сындарлы ойын тап басқандай, Мәдениет үйінің орасан кемшіліктерін өз мойнына ала сөйледі.
— Сірә, балық басынан шірімей ме... Шаруа соңында салпақтап жүріп осыны ескермеппіз, Ештен де кеш жақсы. Облыстық мәдениет басқармасынан сені сұрап алдық, міне. Жөндеп аласың ғой... Басқара білген кісіге бастан асып жатқан қиын іс жоқ мұнда...
Сәлім бір тұрлаулы ойдың шет-жағасын шығарды.
— Саспаңыз, жөндеп алармыз, — деді.
Сөйтсе, Белгібайдың көзінде сынай қараған салқын рең бар екен. «Сөзің жақсы, ісің қалай болар екен?» — деп тұрғандай.
— Бұл әдірә қалған киноаппаратты жөндеймін деп әуре болмай-ақ қой, — деді Белгібай манағы майысып жатқан қара жәшікке қайта айналсоқтап. — Жаңасын сатып әперейік...
— Жыл сайын бір киноаппарат сатып алатын колхоздың далада жатқан қаржысы бар дейсіз бе, осының өзін жөндейік...
— Әй, білмеймін-ау, — деді Белгібай қарадай түңіліп. — Осыдан не шығар екен. Оған бола жаныңды қинамай-ақ қой, бала.
Сәлім өз ойымен әуре боп тұр еді. Ескі киноаппараттан безіп, жаңасын сұрап алуды білмейді дей ме екен. Әзір асқа сұғына кеткеннен оңай не бар. Оны еңбекпен тапқанға не жетсін.
Сәлім енді өз байлауын жеткізді.
— Қиюы кеткен аппарат болмаса, сіздердің көмектеріңізбен түзетіп алармын.
— Көмегімізді аямаспыз, — деді Белгібай көңілі көншігендей бетін сипап, — сен болып, біз болып, жатпай-тұрмай Мәдениет үйінің жұмысын жолға қойып алайық.
— Аянбаспын, — деді Сәлім құлшына.
Белгібай өз баласына ақыл айтқалы тұрған салиқалы әкедей зілсіз тіксінді.
— Сөзің мен ісіңнің арасында алшақтық бола көрмесін, әйтеуір.
— Мен қазір не дейін, оны өмір көрсетер, — деп күлді Сәлім.
Белгібай тықырши бастады. Кеңсеге барғысы келіп тұр. Сәлімді ертіп апарайын десе, оның қисынын таппады.
— Сен киноаппаратыңды айналдырып көре тұр, — деді ол, — қазір кеңсеге барып, қолының ебі бар бір жігіт жіберейін. Екеулеп тексеріңдер.
Сәлімде бір тәуекелшіл әдет болушы еді. Осы сапар ойланбай, дәнеңе етпей, осы мінезін бастады.
— Маған Мәдениет үйінің менен бұрынғы басқарушысын тауып берсеңіз қайтеді, — деді.
— Одан саған не үміт, не қайыр?
— Танысайын, Кенетайды жібертіңізші, аға!
Белгібай көңілі олқы түсті. Сәлімге сынай қарап тұрды. «Мұны ақылды жігіт деп жүрсем, кем өлшеп, келте пішетін жаңғалақ болмаған еді. Қайдағы бір берекесіз ант атқанға неге осынша құмар боп тұр екен? Сойдауыттай жігіт сенің айтқаныңа көніп, айдауыңа жүре қояр, шіркін!»
Біреудің бадырайып тұрған мінін де, жақсы қасиетін де көзіне айтатын, өз кемшілігін де жасырмайтын турашыл Белгібай осы сапар жаңа келген жігіттің сағын сындырмайын деп, сұлу-сыпайы қалпында қалды.
— Жарайды, тауып жібертейін, — деді де, сырғи жөнелді.
Сәлім Белгібайды есік алдына шығарып салып, ол ұзай бергенде, Мәдениет үйіне қайта кірді. Киноаппаратты мұқият ақтарып көре бастады. Келген бетінде көз тоқтатып қарамаған екен. Киноаппараттың сау тамтығы қалмапты. Қаусаған қаңқасы жатыр. Сонда да екі сөйлеуге болмайды. Қанша қиын болса да бір сапар жөндеп алу керек мұны.
Сәлім қабырғаға сүйеніп тұрып ойға батты.
Ең алдымен, киноаппаратты жөндеп, Мәдениет үйінің басқа шаруаларын содан кейін қолға алса... «Аузын ашып қарап отырған елге рухани азық бере бастайтын. Түбінде, бір жарылқаймын деген сылдыр уәдеге халық місе тұтпайды. Көркемөнерпаздар үйірмесі Мәдениет үйінің іші-тысын ретке келтіріп алғанда қолға алынатын шаруа».
Мәдениет құнарлы топыраққа егіп өсіретін дақыл емес. Бабы келіссе, тән азығын көптеп өсіруге болады. Ал жан азығының жөні бір басқа. Жыл тәулік бойына дамыл көрмей бір тал арам шөп түсірмей баптамасаң өнбейді ол. Мәдениет үйінің сұрқай кейпін көргеннен кейін Сәлім өзін осылай жұбатты.
Жер жаннаты Жетісу қайда? Алма бағы құлпырған, бұлағы күмістей сылдыраған, күншығыс беткейін ақ басты Жоңғар Алатауы қоршаған туған жері қайда? Қаршадайынан желге, күнге тигізбей әлпештеп өсірген жалғыз апасы Алтынбала мен Мақсұтхан жездесі есіне түсті. Өзінің өткен өміріне ой жүгіртті. Елу тоғызыншы жылы Мұқыры жеті жылдық мектебін бітіріп, Талдықорған ауыл шаруашылық техникумына оқуға түсті. Алпыс үшінші жылы осы техникумның механикалық бөлімін үздік бітіріп, бір жыл Мұқыры жөндеу-техника шеберханасында қызмет етеді. Облыстық комсомол комитетінің жолдамасымен Алматы кинотехникумының жанындағы бір жылдық киномеханиктер курсын биыл бітіріп шықты.
Мектепте оқып жүрген кезінен бастап, күні осы уақытқа шейін көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып, домбыра шертіп, ән шырқады, спектакльдерде роль ойнады. Өнерпаздардың республикалық байқауында бәйге алды.
Енді, міне, бөтен елге қызметке келді. Сынға түсетін жері Осы. Ел сенімін ақтаса игі.
Ұзын бойлы, ақ сұр жігіт жетіп келді де, Сәлімге иек қағып, амандық ишаратын істеді. Сәлден кейін келтесінен:
— Оһо, шамаң келсе, Мәдениет үйін дүрілдет, — деп, кең танауының астынан мырс етті.
Сәлімнің намысына шоқ түсті. Бірақ бейтаныс жігітпен түс шайысу жөн емес. Елге жексұрын болмай ма. Қанша қиын болса да, жігітке түсін жылытып, сыпайы тіл қатты.
— Әуелі танысайықшы. Жаңылмасам Кенетай боларсың... Сәлем саған жақсы жігіт!.. Сәлем!.. — Қолын созды.
— Қателескен жоқсың... Иә, Кенетаймын... Е, Лермонтов жырға қосқан Сәлім екенсің ғой...
Кенетайдың аузынан ұлы ақынның есімін естігенде, Сәлімнің іші жылып, ыңғайына бейімделе берді.
— Арабтай өжет болсын деп, әкем марқұм атымды Сәлім қойыпты.
Кенетай әлдеқандай жасанды көңілді шыраймен тақпақтай сөйледі:
— Күбірлеп оқып аят аллаға арнап,
Немесе бағы заман сарнап әнін,
Қай кезде жапырағыңды өрді талдап,
Сәлімнің сорлы бейбақ ұрпақтары.
— Білесің бе сен? — деді ол. — Лермонтовтың «Палестина бұтағы» деген өлеңінің шумағы...
Сәлім бас изеді.
Кенетай күрт өзгерді. Ғайыптағы біреуге ызасы келгендей кектене сөйлеп кетті.
— Ех! Бір кезде жапырағы жайқалған жасыл пальма сияқты едім! Енді, міне, жансыз икона алдындағы сол бір қу бұтақ құрлы құным жоқ... — Кенет сұлық түсіп, сұрлана қалып, Сәлімге мұңды көзінің астымен қарады. Одан жауап күтті. Сәлім бірақ осы мезетте өз ойының әуезесіне еріп, қиялдап кетіп еді. Кенетай әдебиеттен де хабардар, өмір құбылыстарын дәл аңғаратын сезімтал жігіт екен. Тегінде, мұның еңбектен қол үзіп, елден оқшау кетуінде бір терең сыр бар шығар. Задында себепсіз салдар болмайды. Енді мұның жан сарайына кем-кемнен жол тартайын. «Есебін тапсам, оны осындай қолайсыз жағдайға душар еткен түпкі себебін біліп алайын. Өткен, кеткен өмірін дәл қазір қозғап нем бар. Алыстан орағытып келіп шыжымдап сыр тартайын. Қауқарым жетсе, кейін еңбекке, пайдалы іске бейімдеп алармын». «Көздеген мақсатыңа шұғыл кірісіп кетпесең ұтыласың, нар тәуекелге байла беліңді», — дейді жан түкпірінен бір дауыс...
Сәлімнен қандай да болса жуыр маңда бір жауап бола қоймаған соң, оның тоң-торыс сыңайын асқақ мінезге санаған Кенетай наразы пішінмен:
— Шақырды деген соң келіп қалдым, ал не айтасың? — деді.
Сәлім сөзді неден бастасам екен деп, танауын шұқып, кеңсірігін қаси берді. Ол Кенетайдың өзіне бопсалап қалтқы тастады.
— Неге шақырғанымды ішің сезіп тұрған шығар.
— Біреудің ойындағысын білетін әулие дейсің бе мені...
Сәлім тоқ етерін айтты.
— Мәдениет үйінің жұмысын жолға қоюға ниет етіп ем... — деді.
Кенетайдың сұрқай жүзінен бір салқын сүрең білінді. Бозғылт жанарына өрескел мысқылды күлкі ойнап шыға келді.
— Оны маған неғыл дейсің?.. Жолға қоймақ тұрмақ, тауға шығарсаң да...
Дәл қазір үстіне тау құлап кетсе де қыңқ етпеуге тас бекінген Сәлім бұған да көнді. Ішке тарта сөйледі.
— Оңашада ақылдасайықшы.
Кенетай шамалы иман таразы қалыпқа түсіп:
— Не айтайын деп ең? — деді.
— Мәдениет үйінің басқа шаруасын кезінде көре жатармыз, — деді Сәлім. — Киноаппаратты екеулеп жөндесек қайтеді? Бұған сен қалай қарайсың?
— Алдағанға көне қоятын миғуланы тапқан екенсің...
— Мен сені миғұла деп тұрған жоқпын, бауырым, — деді Сәлім сендіре. — Бірігіп жұмыс істелік...
Кенетай бүкіл денесімен тебірене басын шайқады.
— Оның болмайды, жігіт... Ел мені бүлдіргіш дейді... Саған қырсығым жұғар...
Сәлім көздеген мақсатына төтелеп барып, Кенетайдың пиғылын барламақ.
— Ондай қыңыр сөзді айтпа маған, Кенетай... Бірігіп қызмет істейік. Киноаппаратты тез жөндеп алайық та, елге кино көрсетейік...
Кенетай Сәлімнің манадан бері шын ниетімен айткан сөздерінің бәрін есердің еспе былшылына балап, қитығып тұр еді. Тыржыңдап қырын қарап кетіп, сәлден кейін Сәлімге бетін түзеп тұрып:
— Айттым ғой, маған жолама, кесірім тиеді, — деді.
— Жақсы ат, жаман атына ортақ болайық...
— Екеуін де өзің ал...
Ойлан, Кенетай! Козьма Прутков айтқандай, мәселенің түпкі тамырына үңілейік...
— Сен оқыған Козьма Прутковты мен де білемін, — деді Кенетай шамырқанып. — Менің тамырым жеті қабат жердің астында... Оған үңілем деп жүргенде көзіңнен айырыларсың...
— Кенетай, сен ақылды жігітсің, — деді Сәлім салмақтана. — Шәлкес мінез жастық шақта әркімде болады...
Кенетай Сәлімнің жаңағы сөзін шопақ құрлы да көрген жоқ.
Өй-дөйт деген... Ұстаз болуға жарап қалған жігіт екенсің. — Алақанымен маңдайын көлегейлеп, күнге қарады. — Күйдіріп барады ғой.
«Мынаның өзі бір бөспе жігіт екен. Өнбейтін бірдеңені былшылдап тұрғанын қарашы. Осының менде несі бар?»
Сәлім оның жалпақ жауырынына қолын артып:
— Ойлан, Кенетай, қабырғаңмен кеңес, — деді.
Кенетай сілейіп үнсіз тұрып қалды. Қоян терісіндей көгілжім сопақ бетіне әлдебір қызғылт сілем қалқып шыға келді де, қас қаққанша сап болды. Сәлімге қолын созды.
— Жарайды, ойланайын. Сау бол!..
Сәлім оның қолын қатты қысып, қош айтысты. Кенетай артына жалт-жалт қарап кетіп барады. Сәлім оның артынан ұзақ қарап тұрды. «Қайырылып келесің бе? Осы бетіңмен біржола кетесің бе?»
АЛҒАШҚЫ АДЫМ
Әнеугі кездескеннен кейін Кенетай зым-зия жоғалды. Не ойы бар екен? Кім біледі, Сәлімнің Мәдениет үйінің жұмысын бірігіп жолға қояйық, киноаппаратты жөндейік деген ұсынысынан ат-тонын ала қашқан шығар... Сәлім әрі ойлап, бері ойлап: «Кенетай дос, сені ертең таңертең колхоз шеберханасында күтемін», — деп, кеше бір баладан қағаз жазып жіберді.
Сәлім жұмыс киімін киіп, күн көкжиекке көтеріле бергенде шеберханаға келсе, Кенетай алдынан күтіп тұр екен. Бүгін амандығы да түзу. Көңілі онша көтеріңкі болмағанымен, қабағы ашық екен.
— Құзырыңа келіп қалдым, Сәлім! Не бұйырасың? — деп селқос тіл қатты.
Сәлім оны сыралғы серігіндей көріп:
— Іске кірісейік, досым! — деп еді, анау сөзді келтесінен қайырды.
— Несі бар, кірісейік...
Сәлім киноаппаратты жөндеуге шұғыл кірісіп кетпек. Ел арасынан көмектесейік деп тілек білдірген бірен-саран жігіттер де табылып еді, Сәлім олардың ешқайсысына да рай берген жоқ. Ақыры, қайырлы болсын, әйтеуір, көңілі Кенетайға құлады. Мұны Белгібай ағайға жанамалап айтып еді, ол кісі теріс көрген жоқ. «Адам баласы ғой, бауырыңа тартсаң ырқыңнан шығып кете қоймас», — деп жебеп жіберді. Белгібай мұны партия ұйымының хатшысы Асылханға айтқан екен, Сәлімнің игі талабын ол да қостапты. «Кенетайды уысымыздан шығарып алдық, есептен оңай өшіріп тастадық. Мұнымыз мүлде ағаттық болған екен, тосын келген жігіт қой, қанат астына алам десе, Сәлімге қарсы болмайық», — депті.
— Саған сенемін, достым, — деді Сәлім.
Кенетай кеңкілдеп күлді.
— Мен саған тегін қосымша бола тұрайын, кейін мүмкін қымбаттасам оны көрерсің...
Сәлім бұрнағы күні киноаппаратты мұқият тексеріп, машинамен колхоздың шеберханасына жеткізіп қойған. Белгібай ағайдың «ГАЗ-69» машинасымен аудан орталығына әдейі барып, киноаппараттың жаңа бөлшектерін түгендеп әкелген.
Сәлім алақанына түкіріп, құлшына:
— Шеберханаға кірейік... — деп еді, Кенетай оның ыңғайына көшіп, ілесе берді. Екеуі әуелі киноаппаратты айнала көріп шықты.
Мұндай киноаппаратты бұрын кім жөндеп көрген? Осыны ойлағанда, Сәлім жүрегі қобалжи береді. Әкелген бөлшектерін бір бөлек жайып тастап, аппаратты аудара тексере берді.
— Айтпақшы, ұмытып бара жатыр екем, — деді Сәлім басын көтеріп. — Белгібай ағай сылақшылар бригадасын жасақтап берді... Мәдениет үйінің іші-сыртын жөндеуге олар бүгін кіріседі...
Кенетай мұны біледі екен.
— Жаңа модельді әдемі отырғыштар, магнитофон сатып алатын болыпсыңдар ғой, — деді ол. — Тағы қандай жаңалықтарың бар?
— Кітапхананы кеңейтеміз деген ойымыз бар.
Оның соңғы сөзіне Кенетай мән бере қойған жоқ. Киноаппаратқа шұқшиып кетті. «Осының бәрін мен бүлдірді деп ойлайтын шығар. Менен бұрынғы екі киномеханиктің құртып кеткені естерінде де жоқ. Әрине, мен де кінәлымын. Кезінде жөндеп алмай, қара басымның қамымен кеттім...»
Сәлім киноаппараттың әр жерін түртіп көрсетіп, кәдімгі музей бастаушысындай тақылдап сөйледі:
— Тағы да бір рет еске түсіріп алайық. Бұл стационарлық кино қондырғысы жоқ жерде пайдаланылуға лайық жылжымалы шағын аппарат... Лентасының ендігі отыз бес миллиметрлік кинофильмдерге арналған.
— Оны мен де білемін, — деді Кенетай, — қираған жерлерін айт.
— Корпусы мен қақпағында мін жоқ... Жалтыр барабаны, фотоэлементі, электр двигателі, айналы жылу фильтері, объективі бүлінген. Қысқасын айтқанда, бүкіл ішкі құралдарын жаңадан орнатамыз...
— Жетпейтін бөлшектері түгенделді ме? — деп сұрады Кенетай.
— Тегіс тауып әкелдім.
— Енді не тұрыс бар?!
КЕНЕТАЙДЫҢ СЫРЫ
Сәлімнің күнделік дәптерінде мынадай жазулар пайда болды.
10 июнь
Жылжымалы киноаппаратты бұрнағы күні жөндеп бітіріп, іске қостық. Кенетай менің сенімімді ақтады. Жігіт екен!
Белгібай ағайдың үйіне масыл болып тұра берем бе? Кеше Кенетай тұрған Сарман шалдың үйіне көштім.
Кенетайдың жалпы жағдайына ел арқылы қанықпын. Бірақ өзі осы күнге шейін маған ашылып сыр айтпайды. Қолқалап сұрамаймын да.
Кенетайды киномеханик қызметіне тағайындайық деген ұсынысыма Белгібай ағай көнбей жүр. «Бізге өзің де жетесің, штатты көбейте беріп қайтеміз», — дейді. Менің ойымша, мәселе штатта емес, тағы да шаруаны бүлдіреді деп Кенетайға сенбейді-ау деймін.
Тұрақты қызметке тағайындаңдар деп қолқалап тұрған Кенетай да жоқ. «Әзірше саған көмекші болып істей тұрайын, қысқа қарай басқа жерге кетемін», — дейді. Маған салса оны ешқайда жібергім келмейді. Менің айлық еңбекақым екеуміздің күн көрісімізге жете тұрар. Қайткен күнде оны киномеханик қызметіне қойғызуым керек.
11 июнь
Мәдениет үйін жөндеу жұмысы күшті қарқынмен жүріп жатыр. Іші-сырты ақталып бітті. Ертең залын тәртіпке келтіре бастаймыз.
Кеше кешкісін мектептің спорт залында халыққа «Колхоз председателі» фильмін көрсеттік. Көрермендер өте риза болып тарады. Қыздар маған гүл шоғын сыйлады.
Киноаппаратты Кенетай жүргізді. Ол фильмнің басынан аяғына шейін маған да, өзгеге де үн қатқан жоқ. Құдды мылқау адам секілді.
Киноның артынан Белгібай ағай менің қасыма келіп, қолымды қысты.
— Қызметің жемісті болсын, Сәлім! — деді.
Көңілім шалқып, жаныма қанат бітті. Келешек жақсы күндер елес береді. Алға ұмтыламын.
— Фильм сізге ұнады ма? — деп сұрадым Белгібай ағайдан.
— Ұнағанда қандай, — деді ол күлімдеп. — Бірақ ақ құйқа көтерем сиырларды өкіртіп, бақыртып, табыттың соңынан шұбыртып қойғаны несі екен? Тіпті миыма қонбайды.
— Одан басқа қандай сыныңыз бар?
— Колхоз председателі өте жақсы шыққан екен... — деді ол, — бірақ қанша ақылды, өжет болғанымен, ол адам ғой. Кейде тым күйрек кетеді екен. Өзін жер тәңірісімін деп біледі-ау деймін.
Белгібай ағайдың осы пікірінің жаны бар. Колхоз председателінің бейнесі кесек шыққанымен, оның ұшқары мінезі, оқыс қимыл-әрекеттері бар.
Арада екі күн өтті. Бүгін Сәлім мен Кенетай ауданға барып қайтқан. Екі жүк машинасына тиеп, Мәдениет үйіне жаңа орындықтар, жеңіл магнитофон әкелген. Керекті кітаптарға аудандық тұтынушылар одағына заявка берген. Көркемөнерпаздар үйірмесін қайта ұйымдастырып, оның жұмысын жолға қоюға аудандық мәдениет бөлімі арқылы облыстық халық творчествосы үйінен нұсқаушы маман шақыртқан.
Сәлім мен Кенетай кешкісін үйде оңаша қалды. Екеуі сапырулы сары қымызды қанғанша ішіп, ет жеп, құр атқа мінгендей тыңайып қалып еді. Сарман сендердің бас қосқан мәжілістеріңе араласпай-ақ қояйын деп, кемпірін қасына ертіп, осындағы бір туысының үйіне кеткен.
Астан кейін Сәлім төргі бөлменің есігін жауып алып, көңілді мәжілісті бастады. Ең әуелі, осы елге келгеннен бері әр кезде күнделік дәптеріне жазған пікірлерін оқып берді. Әлім-берім даусымен ескілі, жаңалы әндерді айтып досының көңілін көтерді.
Сәлім Кенетайды шыжымдап тартып, бүгінгі көздеген нысанасына бейімдеп алды. Кенетайдың алғашқы махаббаты неге сәтсіз болғанын Сәлім осындағы талай жаннан естіген. Бірақ бұл әңгіме ел аузында бір сарынмен шыға бермейді екен. Әркім әр түрге құбылтып айтады. Біреулер қызды айыптайды, қыздың шешесін кінәлайды. Енді біреулер бар кінәны Кенетайға аударады. Сайып келгенде, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар. Бұлтартпайтын шындығы бар. Қалай дегенмен айыптың ауыр салмағы Кенетай мойнында болса керек.
Сәлімнің түйген ойы: Факт дегеніміз болған істің сыртқы қауашағы. Оның қат-қабат астарында нағыз шындық жасырынып жатады. Аудара қарап, ақтара тексермесең құр факт сені адастырады, шатыстырады. Жалаң фактінің сырын ашып, шындығын жарқыратсаң ешқашан ағат кетпейсің.
Сәлім Кенетай басындағы қайғылы халдың түпкі себебін ашуға көптен ынтық еді. Соның сәті бүгін түскен сияқты.
— Шатақ қыздың шешесінен басталды, — дегенде, Кенетайдың қабағына қара бұлт үйіріле қалды. Таңдайын шырт-шырт қағып, естен кетпейтін өкінішін аңғартты.
— Қалайша?
Күшік күйеу бол дейді...
— Ақылдасайын, — дедім.
Кемпір кірбіңдеп ұнатпай қалды.
— Жарқыным-ау, кіммен ақылдасасың? — деді.
— Ауылдың үлкендерімен.
— Мейлі, ақылдаса бер... — деді кемпір ызбарланып. — Бірақ бар ғой, айтқаныма көнбесең, ат құйрығын кесісеміз...
— Зәмзенің бұл тілегіне бір есептен іштей тәнті болсам да, жә бәсеге бірден табан тірей алмай, тайсақтай бердім. Кемпірдің осы далбасасы ескі салт-сананың сарқыншағы ғой деген бір қыңыр ой қылаң берді. Бірақ бір колхоздың озаты атанып, бүкіл облысқа атағы жайылған қадірлі шопанды ескішіл деуге қимаймын. Жүрегім аттай тулап, бойым шымырлап кетті. Бір жағынан осы кемпірдің өзі мені кемсітіп отыр-ау деген де ой келді. Қаным қайнап, ызаланып отырмын. Мен үлкендермен ақылдасайын дегенде, әуелі Күләнның аужайын біліп алайын деп едім. Кемпірдің әмірін екі еткізбейтін өктем сыңайын көргенде, сендей өктем қариялар менде де бар. Солармен ақылдассам, оның не айыпшамы бар деп іштей қыңыр кеттім. Оның бер жағында Зәмзе маған неге осынша шүйіледі?
Мен келгенде Күлән үйде жоқ еді... Отарларға почта таратуға кеткен екен. Ол кешке жақын мен қайтар кезде оралды.
Аттанарда, бір қаға берісте есебін тауып, Күләнмен тілдестім. Шешесінің маған қойған қатыгез талабына қалай қарайды екен? Сыр тартып, аужайын барладым. Бұлар күні бұрын ақылдасып қойса керек, қызы шешесінің айтқан жерінен тапжылмай шықты. «Бір жерде болайық», — дейді. «Екі жерде екі үй болсақ несі бар, қайта өрісі кеңімей ме?» — деп едім, қыз қатал кетті. «Қартайған шағында әжемді ренжіте алмаймын», — дейді. Ендігі бар салмақ маған ауды. «Біздің үйге күшік күйеу боп кірмесең, менен саған аспандағы бұлт жуық», — деп тұр қыздың қытымыр қабағы. Мен дегенде шығарда жаны басқа еді. Енді, міне, бұ да кемпірдің шылауына еріп кетіпті.
Сәлім қозғалақтап, сөз қыстырды.
— Сөзіңнің шырайы жаңа кіріп келе жатыр, айта бер...
Кенетай шешіле сайрады.
— Ауылға келген бойда Сарман атаммен ақылдастым. Ол — менің әкемнің немерелес ағасы. Шатақтың көкесі содан басталды. Шал менің үйленем деген талабымды құптай отырып, Зәмзенің үйіне күшік күйеу боп кіруіме мүлде қарсы болды. «Өспеген тұқымның тұяғы едің, әкеңнің шаңырағын жоғалтпа», — дейді. «Қайындағы күйеуден қарғылаған тазы артық, — деп, күшік күйеуді адамның есебінен шығарып тастады. — Құс екеш құс та тірнектеп жүн-жұрқа, шөп-шалам жинап, балапандарына ұя салады. Сен құс құрлы жоқсың ба? Зәмзенің қолына күшік күйеу боп кірсең, ертең ел сені, Шортанбайдың шаңырағын құртып жіберді деп, ағаш аттың басына мінгізбей ме?» — дейді. Сарман атамның жаңағы айтқандарын құптап тұрғандай болады. «Балам, алда-жалда бір қыздың соңынан еріп кетіп, менің шаңырағымды құртсаң, жер астында жатсам да саған ризалығым жоқ», — деп налып тұрғандай болады.
Осыдан кейін ойға қалдым. Зәмзе мен Сарманның қарама-қарсы пікірлерін салыстырып қарасам, шал пәтуасы миыма қона береді.
Үш жылдан бері кім көрінгеннің босағасында жүрмін. Бөдененің үйі жоқ, қайда барса бытпылдықпен күнім өтуде. Бір жағынан қыз мені шын сүйсе суырылып шығар деп ойлаймын. Әрі ойлап, бері ойлап келгенде, жойылып кеткен әке шаңырағын қалпына келтірейін деген байламға тоқтадым.
Сәлім осы тұста шыдамай кетті.
— Осы шаңырақ дегенде менің де жарыған жерім жоқ, — деп тебірене сөз бастады. — Ойлап отырсам, осы мәселеде екеуміздің тағдырымыз бір екен... Әке-шешеден мен де жастай жетім қалдым. Апамның қолында өстім. Бірақ әке шаңырағын тірілтейін деген ой күні осы уақытқа шейін басыма кіріп те шыққан емес. Мүмкін, соны елемей жүргенім шалағайлығымнан шығар. Менің ойымша, екі жағың да ескіліктің соқпағына түсіп кетіп, мықтап адасқан екенсіңдер...
— Сыныңды кейін айтарсың, — деді Кенетай қабақ шытып. — Тыңдай бер... Сонымен не болды дейсің ғой. «Мен саған күшік күйеу бола алмаймын», — деп Зәмзеге барып ашық айттым. Шешесінің алдында көзбе-көз сөйлесіп, бетімді біржола ашып алайын деп барып едім, Күлән қызметімен ауданға кеткен екен.
— Кемпір не айтты?
— Олай болса, қызымды саған бере алмаймын деді, — Онымен қоймай, күстаналап, базарымды түсірді. «Басыңда билігің жоқ оңбаған, ынжықсың» деді.
Сол мезетте Зәмзе маған ертегілерде көп айтыла беретін мыстан кемпірдей көрінді.
— Бәрібір қызыңды арқандап ұстап отыра алмайсың. Түбінде, елге масқара боласың, байқа, — дедім.
— Ойбай-ай, мына көргенсіз не дейді, әй, деп, от басқан мысықтай шар ете қалды.
Кейде адам өмірі естен қалмайтын, өле өлгенше сүйегіне қара таңба боп басылатын сорақы жағдайға оп-оңай ұшырап қалады екен. «Ашу шіркін айдалаға ала қашқанда азғантай ақылымнан айырылып қаламын», — дейтін еді, Қарымсақ деген тентек ағамыз. Мен де соның кебін кидім. Кемпірге зығырданым қайнап кетті. Қайдан шықса одан шықсын дедім де, қатты кеттім. «Сені жұрт қадірлі адам дейді, озат шопан дейді, Совет өкіметінің арқасында қалқайып жүрген қуыршақ екенсің» дегенім бар емес пе. Ол да аянып қалған жоқ. Жер-жебіріме жетіп сөкті-ай келіп. Мен де тіл тигіздім. Ақыр аяғында үйінен қуып шықты.
Ызаға булығып жүріп Күләнға хат жазып тастап кеттім. Кемпірмен екі арамызда болған бүгінгі қым-қуат шатақты қысқа-қысқа айттым да, мәселені тура төтесінен қойдым.«Алдап жүрсең, оныңды айт. Мені сүйетінің шын болса, шешеңнен бөлініп шық. Сенің шешеңе күшік күйеу бола алмаймын. Үзілді-кесілді жауабыңды айтып тез хат жаз», — дедім.
Кенетай осыны айтып, сәл кідіріп қалғанда Сәлім оны жебеп жіберді.
— Иә, сонымен қыз не деп жауап берді? — деп сұрады.
— Үш күннен кейін Күләннан хат келді. — Жасыл конвертті бешпентінің қойын қалтасынан суырып алып, Сәлімге ұсынды. — Куәсіз сөз өтірік болады. Оқы мынаны...
Сәлім хатты конверттен алып, ішінен оқып шықты.
«Кенетай, саған алыстағы жайлаудан сәлем! Айта қоярлық жаңалық жоқ. Баяғы почтаның күнделікті күйбең шаруасын атқарып жүріп жатырмын. Өз тілегің бойынша, хатыңа хат арқылы жауап берейін.
Мен сені жаны таза, арлы жігіт деп ойлаушы едім. Сен мұндай ожар болғанда енді кімнен жақсылық күтуге болады. Тапа-тал түсте жетіп келіп, бас жоқ, көз жоқ әжеме тіл тигізгенің жаныма қатты батты. Бұл айыбыңды өмірі кешірмеймін. Ананы сыйламаған, ана алдында бас имеген жігіт жақсы жар бола алмайды. Қайтып көрем деген есігін кісі қатты серіппес болар еді. Біздің үйдің босағасын енді қайта аттамауға әдейі осылай істеген шығарсың.
Мен саған әлдеқашан жанамалап айтып едім. Кәрі шешемді шошайтып жалғыз тастап кете алмаймын. Менің саған деген сүйіспеншілігімде күмәнің болмасын. Сол судай таза махаббатқа өзің қара күйе жақтың. Амалым бар ма, қайтейін.
Осы жанжалдан кейін бір деп білегіңнен, екі деп етегіңнен ұстаймын деуге хақым жоқ менің.
Күлән».
Сәлім хатты конвертке салып Кенетайға берді. Осы қысталаң уақиға өз басынан өткендей қатты қиналып, өкініп отыр. Мұндайда қай-қайдағы ойлардың қабындап кететінін қайтерсің.
Аласапыран ой тасқынынан Сәлімнің сонда іріктеп алғаны мынау. Әлденеше жыл бойына еңбектеніп тапқан дүние-мүлікті өртеу үшін иненің жасуындай шырпы күкірті жетіп жатыр. Ал, енді сол өртенген дүниені қайтадан қалпына келтіріп алу үшін тағы да талай жыл еңбектену керек. Жапырағы жайқалып өсіп тұрған зәулім бәйтеректі құлату оңай-ақ. Соны өсіріп көрші, қане. Кенетай ашуға ырық беріп, тұнып тұрған махаббатын өртеп жіберіпті, бақытының зәулім бәйтерегін құлатыпты. Етектен тартқан ескіліктің әуеніне еріп, басына қырсық тілеп алыпты. Бұған Күлән да кінәлы. Алды-артын абайламай, тым шұғыл кеткен екен. Бәлкім, ол Кенетайды қайта айналып келер, шешемнің аяғына жығылып, кешірім сұрар деп ойлаған шығар. Бұған да Кенетайдың ақылы жетпепті. Адасқанның алды жөн деп лаққан бетімен лаға беріпті. Жалған намыстың, қисынсыз өзімшілдіктің кесірі бұл.
Осыны Кенетайға айтсам көңіліне келер деп бой тартты.
Мұндай жағдайда көлденең пікір айтып, табан астында қосаметкей бола қалу, біреуін мақтап, біреуін даттау жөн емес. Замзенің аяғына жығылып кешірім сұра, Күләнмен табыс деп оңай ақыл айту да асығыстық болады. Қиюы кеткен қиын іске дәнекер болу оңай ма.
Кенетайдың тебірене сыр шертіп, ұзақ сонар әңгіме қозғағанына қарағанда, Күләннен әлі күдер үзбеген сияқты. Бұл орайдағы бір пара сырын әзірге ішіне бүгіп қалғандай да сыңайы бар.
Ендеше, бұл қиын істің шиыршық атқан түйінін әзірге осы күйінде қалдыра тұрған жөн болар.
Бір жақсы жері Кенетай да Сәлімнен ақыл сұраған жоқ. Бастан кешірген шындық жайды дос алдында еске түсіріп, шер тарқатқан жанның кейпінде тынып қалды.
— Екі жағыңнан да қателік өткен екен, — деп, Сәлім сөзді осымен қысқартып тастады.
Сәлім бір тың рауаят айтқалы сайланып отыр еді. Көптен бері оқпандап жүрген көкейтесті мақсаты бар. Соны білдіргісі келеді.
— Осы сенің әкең Шортанбай қария қайтыс болғаннан бері үш жыл өтті ғой, — деп сөз бастады. — Шешең Баян да сол жылы дүние салған екен. Осылай емес пе? Бір үйлі жаннан сен жалғыз қалдың, ә?..
— Иә... солай... — Кенетай бір тың әңгіменің ұшығын көргендей елеңдеп қалды.
— Әкең марқұм ақтық демі таусылғанша колхоздан қол үзбей кетіпті, — деді Сәлім, — тек шешең денсаулығының жағдайымен кейінгі екі-үш жылда еңбекке араласа алмапты... Елге қадірлі кісілер еді деседі...
— Біздің үйдің тарихын түк қалдырмай біліп алыпсың ғой, — деп, Кенетай көзінің қиығымен қарап күңк етті.
— Асықпа, ұйқың қанар, жайланып отыршы өзің! — Сәлім «тырп етпе» дегендей, Кенетайды иығынан басып қойды. — Қариялардың қабырына әлі күнге шейін белгі орнатылмапты ғой.
Кенетай қызарып төмен қарады, Сәлім кінәлап отыр ма? Әлде өзімсінген дос көңілдің назы ма? Кенетай оны әдепкіде аңғара алмай, толқынып кетті.
Қинала жауап берді.
— Олардың басына белгі қоюды кім ойлаған...
Сәлім осы қысылтаяң шаруаны дәл қазір еңсеріп атқарып тастайтындай-ақ, екі білегін сыбана түрегелді.
— Біз ойлайық, біз орнатайық.
«Мына Сәлім не дейді? Шыны ма? Әлде мені сынағалы әдейі бопсалап отыр ма?» — деген дүрбелең ой келді Кенетайға. Сәлім шарта жүгініп отыра қалды.
— Шын айтам... Қариялардың басына белгі орнатайық.
— Әуелі қызметіңді реттеп алсайшы, — деді Кенетай солғын кейіппен.
— Қара да тұр. Мәдениет үйінің жұмысын да жолға қоямыз, қариялардың қабырына белгі де орнатамыз... Бәріне де үлгереміз...
Сәлімнің күні бұрын долбарлап сызған күмбез жобасы бар еді. Соны Кенетайға көрсетті. Қара бояу қарындашпен әдемілеп сызыпты. Күмбезді кәдімгі қазақтың киіз үйіне ұқсатып, төбесін бүріп келтіріпті. Күмбез есігінің маңдайшасына өлгендердің аты-жөні, туған және қайтыс болған айы, күні, жылы ойып жазылуға тиіс екен. Кенетай құптағаны, не болмаса мысқылдағаны белгісіз екі ұшты пішінмен жымың етіп:
— Жолшы ханның Ұлытаудағы зиратынан да асып түскен екен, — деді.
— Жошы ханның зиратын мен көрген жоқпын, — деді Сәлім. — Әйтеуір, жақсы болсын деген мақсат қой менікі...
Кенетай күмбез жобасын шыр айналдырып көріп отырып ойға кетті. Тіпті қиял да болса осы уақытқа шейін бөгде біреудің тұтқиылдан қолға алғаны Кенетайға ауыр тиді. Ойлап отырса, осы күнге шейін колхоз председателінің алдына барып, әкесі мен шешесінің басына жұпыны болса да бір белгі қойдыру жағдайын сөйлеспеген екен. Тіпті колхоз қаржыдан қараспаған күнде осындағы ағайындардан жылу жинаса да үш жылдан бері бір лажын табуға болатын еді ғой. Өтер ағаттық өтті. Өкінгеннен не пайда? Ендігі жерде не де болса Сәлімнің ыңғайына көшіп, ойға алған ісінің тынымын істегеннен басқа не қалды...
— Жобаң жақсы екен, — деді Кенетай қабағын ашып. — Қаржыны қайдан табамыз?
— Оған саспа, достым, — деді Сәлім күні бұрын әзірлеп қойған қаржысы бардай-ақ. — Өз күшімізбен орнатамыз.
— Екеуміздің қолымыздан келер ме екен?..
Бұл айтқандарым әшейн гүлі еді, миуасы енді келе жатыр дегендей, қуақылана күлімсіреді Сәлім.
— Қызығын әлі сен естіген жоқсың, — деді.
Оның ендігі айтқалы отырған қызығы қабырға орнатылатын белгінің тағы да бір елеулі жағдайы ма, не болмаса, Күләнға байланысты айтатын тыңғылықты пікірі бар ма?
— Ол немене тағы да? — деп сұрады.
— Жаңағы шаруа жөнінде кеше Белгібай ағаймен сөйлестім. Бастама сендердікі болсын, қандай көмек керек болса, бәрін де береміз деді.
— Бұ да дұрыс екен, бұл бастық аяқ астынан неге көңілденді?
— Мен оған екеуміздің атымыздан айттым. Бастаушы Кенетай, мен қостаушымын дедім... Партия ұйымының хатшысы Асылханмен ақылдасайын деген...
Сәлім осыны айтып аузын жия бергенде, мойнына қызыл галстук таққан, кіршіксіз ақ көйлек киген, қара көз, қара торы бала рұқсат сұрап кіріп келді. Оны Сәлім қарсы алды.
Кенетай баланы көргенде шеткері шығып, бір бүйірде үнсіз қарап тұрды. Келген баланы танымайтындай-ақ тымырая қалды. «Сәлімді қонаққа шақыруға әкесі жіберген шығар», — деп ойлап тұр.
— Ал сөйле, бала! — деді Сәлім.
Бала тақылдай бастады.
— Атым — Бақытжан, Байтас жылқышының баласымын, фамилиям — Сәлменов.
— Жай келдің бе?
— Сізде шаруам бар еді, Сәлім аға!
Бұл не деген өткір бала десейші. Көзі оттай жайнап, көмекейі бүлкілдейді. Қаққан қазықтай сіресіп тұр. Сәлім оған салған жерден жылы ұшырады.
— Келген шаруаңды айт, Бақытжан!
Бақытжан бір тығыз тапсырманы орындап келіп, командиріне рапорт бергелі тұрған солдатша сіресіп тұра қалды. Оң қолын маңдай тұсына қиғаштай ұстап, сайрап кетті.
— Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектептің бесінші, алтыншы кластарындағы пионерлер атынан сізге өтініш айтқалы келіп тұрмын.
— Түсір қолыңды, еркін тұр, — деді Сәлім командирдің жосығын істеп. — Өтінішіңді айт.
— Шортанбай атам мен Баян әжемнің басына белгі қояды екенсіздер. Сіздерге көмектесейік деп ұйғарып едік. Мен сізге иионерлердің хатын әкелдім, — деді де, Бақытжан шалбарының қалтасынан оқушы дәптерінің бір парағын алып Сәлімге берді.
— Тұра тұр, Бақытжан. Не жазып едіңдер, оқиын. Бері кел. Кенетай.
— «Ардақты Кенетай, Сәлім ағайлар! Осы хатты сіздерге арнап жаздық. Шортанбай ата мен Баян әженің қабырына белгі орнатамыз деп талаптанған екенсіздер. Осы мақсаттарыңызды жүзеге асыруда сіздерге қолма-қол көмектесуді өзіміздің пионерлік борышымыз деп білеміз. Осы игілікті іске бізді де қатынастыруларыңызды өтінеміз.
Осы ескерткіш белгінің керегіне арнап ата-аналарымыздан қаржы жинадық. Осы қаржыны бізден қабылдап алсаңыздар екен.
Қолымыздан келген жұмыстың бәрін аянбай істеуге пионерлік уәдемізді береміз.
Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектептің VI класындағы Павлик Морозов атындағы пионерлер отрядының председателі — Бақытжан Сәлменов.
V кластағы Мәншүк Мәметова атындағы пионерлер отрядының председателі — Амантай Молдабаев».
— Жігіт екенсіңдер! — деді Сәлім. — Ұсыныстарыңды құттықтаймыз...
— Сіздерден әмір күтеміз, аға, — деді Бақытжан.
— Дайын тұрыңдар!
— Әрқашан да дайынбыз, — деді де, Бақытжан артына жалт бұрылып кете берді.
Кенетай сары ауыз балапандай аузын ашып, көзін жұмып:
— Бұл бір қызық іс болды ғой... — дей берді.
— Аман болсақ, талай қызықты көрерміз әлі...
Кенетай бар арманы орындалғандай өзгеше қуанышты шыраймен көзі жаудырап, досының жүзіне телміре қарап тұрды.
— Ал Кенетай! — деді Сәлім. — Ертеңнен бастап даярлыққа кірісейік.
— Кірісейік.
ӨТЕЛГЕН ҚАРЫЗ
19 июнь
Уақыт, шіркін, неткен ұшқыр еді. Тағы да бір апта зулап өте шықты. Бос өткен жоқ. Аз да болса артына белгі тастап кетті.
Мәдениет үйінің жұмысы бірте-бірте жанданып келеді. Өткен аптада «Чапаев», «Ұлы азамат» фильмдерін көрсеттік. Азамат соғысының асқан батыры В.И.Чапаевтың бейнесін халықтың көкейіне қондырып, көкірегіне орнаттық. Партияның ардагері Сергей Миронович Кировтың таңғажайып өмірімен таныстырдық.
Кеше көркем өнерпаздар үйірмесіне қатынасатын жастарды тізімге жазып алдым. Әзірге не бары он адам жазылды.
Белгібай ағай Мәдениет үйіне пианино сатып әперем деп уәде берді. Әйтеуір, қосымыз жүре түзеліп келеді. Мен осыған қуанамын.
Бүгін «Колхозшылар үні» қабырға газетінің кезекті санын шығардық. Түрлі бояумен көркемделіп жақсы шықты. Газетте Кенетайдың әке-шешесіне ескерткіш белгі орнату жөніндегі пионерлердің хатын жарияладық.
Мұғалімдер жазғы демалыста ғой. Комсомол-жастар біздің бастаған ісімізге үн қосып, көмектесе бастады.
Бүгін Алтынбала апам мен Мақсұтхан жездеме хат жаздым. Амандық білдіріп, жұмыс жағдайын қысқаша баяндадым.
Бастаған ісін орта жолға тастап кетсе, ол — жігіттің ақылсыз бейшарасы. Қолыңнан келмейтін іс болса әуел баста ұмтылма. Ақылыңа, күшіңе сеніп қолға алған екенсің, өліп кетсең де тындыр.
Біреуге уәде бердің бе? Қас кетсе де, қаптал кетсе де орында.
«Ердің екі сөйлегені өлгені, емен ағаштың иілгені сынғаны». Оның үстіне мен Ленин комсомолының мүшесімін. Комсомол сертінен айнымайды.
«Жасөркен» колхозында атқаратын қызметімде осы айтылған қағидаларды әрқашан жадыма сақтаймын.
Шортанбай атай мен Баян шешейдің қабырына қойылатын ескерткіш белгінің құрылысын кеше бастадық. Оған керекті қышты, цементті, темір-тұмыр жабдықтарын аудандық құрылыс басқармасынан сатып алдық.
* * *
Әуе райы қандай жақсы! Құрылысшылар зират басына ерте жиналды. Сәлім мен Кенетай елден бұрын келіп, бүгінгі атқарылатын жұмыс бағдарын ойласып алған. Құрылысшы дегенде пәлендей көп адам жоқ мұнда. Колхоз бөліп берген шебер үйші Бекболат, кезектесіп күн ара жұмыс істейтін жиырма шақты пионерлер ғана...
Сайланып тұрған құрылысшыларға Сәлім маңғаз келбетпен көз жүгіртіп, сыпайы пішінмен әмір берді.
— Қане, жолдастар! Жұмысқа кірісейік.
Қапсағай денелі, бадырақ көз, құж қара Бекболат екі жеңін шынтағына шейін түріп алып, күмбездің цементтен құйған ірге тасына секіріп шықты. Жер өлшейтін кісіше ұмтыла адымдап тұра қалып, бар пәрменімен қолын сілтеді де:
— Ал, балалар, кірпіш әкеліңдер, лай жеткізіңдер! — деді.
Сәлім мен Кенетай да араларын алшақ сала іргетастың екі жеріне тұра қалып, үрдіс кірісіп кетті. Бес пионер екі жердегі дәу темір кеспектегі суға цемент езіп, шелекпен тасып жатыр. Қалған бесеуі бір жақ шетте үюлі тұрған қышты дембе-дем тасып әкеп беріп жатыр. Ескі топырағын қопсытып, цементпен текшелеп жапқан, арасына қыл өтпейтін қос қабырды қоршаған киіз үй пішінді күмбездің іргесі өсіп барады. Сырттан қарағанда бұлардың істеп жатқандары баланың ойыншығы сияқты. Ал ой жүгіртіп пайымдаған кісіге шындықтың дәл өзі. Керек десеңіз, айналасын аласа тас қорғанмен қоршаған мына жадағай зиратта бұдан бұрын болып көрмеген жаңалық. Осынау тастақты қоңыр төбенің басына осы зират орнағалы табаны күректей алпыс жыл өткен екен. Содан бері бұл елдің қыруар жанын жер алды, талай шаштар ағарды. Талай көздер суалды, талай сүйек қуарды. Ел өмірінде сан қилы өзгерістер болды. Басқасын былай қойғанда, осы зират орнаған жылы дүниеге келген мына Бекболат енді, міне, сақал-шашы ағарып, егде тартты.
Үлкен болсын, кіші болсын, зират басына келгенде өліктерді ойлайды. Жер қойнынан мәңгі бақи жай тапқан марқұмдардың тірліктегі кескін-келбетін, мінез-құлқын, тұрмыс-қаракетін еске түсіреді. Соларды ойлап күрсінеді, іштен тынып, налиды.
Иә, сонымен, енді көп ұзамай, Шортанбай мен Баянның басында қазақ атамның киіз үйі орнайды. Сонда артында қалған ел-жұрты, үрім-бұтақ, зәу-заттары оларды тағы да есіркеп еске алады. Мына күндей жарқыраған әсем күмбезді орнатқан ізгі жандарға шын пейілдерімен алғыс айтады.
Күмбез іргесі өсіп келеді. Бекболат жерге секіріп түсіп, жанаса тұра қалды. Тізесіне жақындап қалған екен. Күмбез іргесіне елікше секіріп шығып, іске кірісіп кетті. «Осы қарқыннан таймасақ көп болса бес күннің жұмысы», — деп елдің бәріне естірте тіл қатты. Балалар әкеп берген қышты қақшып алып, қалақшасымен лай жағады да, қаланған қышқа қиыстыра қояды. Сәлім мен Кенетай да одан қалысатын емес. Жас қайраттың ересен қимылына басып, еңсеріп әкетіп барады.
Бекболат сұйық цементті темір шелекпен еселеп әкеп берген Бақытжанға сүйсіне қарады.
— Әй, бәрекелді, жігіт екенсіңдер!, Шаршаған жоқсыңдар ма?
Бақытжан танауын қос-қосынан тартып, жымың етті.
— Жоқ, ата, біз шаршамаймыз, — деді.
— Біздің жігіттер шаршамайды, — деп көлденеңнен оны Кенетай қостады.
— Түу, әлден шаршаса, бара-бара не болады, — деп Сәлім қалжыңдап жатыр.
Үлкен кісілермен жарыса жұмыс істеу балаларға оңай емес, әрине. Тез шаршайды. Сусын ішіп, аз ғана тыныстап алса болғаны, киіктің құралайындай құлдыраңдап шыға келеді. Күн де тас төбеден шақырайып, шекеден өтіп барады. Қанша сақтанғанмен, балалардың қолына цемент тиіп, қыш қажап, зықысын шығарады. Жауқазындай жайнаған жас ұландар сонда да мыңқ етпейді. Қабақтарын да шытпайды.
Күмбез іргесі биіктеп барады. Ағаш шарбақпен қоршалған, әредік аласа тас белгі орнатқан, көпшілігі жермен-жексен әр алуан қабырлардың ортасында елден ерек күмбез өсіп барады.
Сәлімнің елеулі уақиғаларды кинокамераға түсіріп жүретін әдеті бар еді. Ол осы күмбез жұмысы басталғалы ара-тұра киноға түсіріп алған. Бүгін енді күмбез іргесі недәуір қалқиып қалғанда, жұмыстың бір қызу кезінде осындағы адамдардың бәрін қамтып киноға түсірді.
— Осыдан шағын киножурнал жасаймын, — деді Сәлім қолындағы кинокамераны жерге қойып жатып. — Біздің қолымызбен жасалған ескерткішті бүкіл аудан, облыс көрсін...
— Рас айтасыз ба? — деді Алмаш.
— Рас айтам. Мен сендерді ірі планмен түсіріп алдым.
Балалар бір-біріне жымыңдай қарасты. Көздерін қысып, бармақтарын шошайтып, үнсіз мақтанып қалды.
Бекболат бүйрегі бүлк ете қалып, Сәлімге назар аударды.
— Сонда киноның ішінде мен де кеттім бе?
— Сіз осы киноның бас кейіпкері боласыз, аға, — дегенде. Сәлімнің сөзін Кенетай іліп әкетті.
— Сенің арқаңда айды аспанға бір шығаратын болдық қой...
Күн тас төбеден ауып барады. Тымырсық ыстықтан шөп басы қимылдамайды. Таң атқалы ара-тұра айран-шалаптан басқа нәр татпаған балалар түс кезінде босаңсып қалды. Үлкендердің де жағдайы онша емес. Осыны байқаған Сәлім құрылысшыларға әмір берді.
— Тоқтаңдар! Бүгін жұмысты осымен аяқтаймыз. Ертеңгі кезекке келетін пионерлер таңертең сегізде осы жерде болсын...
Балалар жұмыстарын тоқтатып, нәрселерін жинап қойып, Сәлім мен Кенетайдың айналасына шоқтай жинала қалды. Тәртіп бойынша солардың соңынан еріп кетпек. Бекболат құнжыңдап келіп топқа араласа берді де:
— Мен өлгенде басыма осындай белгі орнатасыңдар ма? — деп әлдебір жалынышты қияпатпен балаларға көз тастады.
Ешқайсысы жұмған аузын ашқан жоқ. Бекболатты өлімге қимағандай, бір-біріне үнсіз қарасты. «Орнатамыз, сөзсіз орнатамыз» — деп тұр күнәсіз, риясыз жаудыр көздері...
Арада алты күн өтті. Сәлімнің машықты күнделік дәптерінде мына бір жазулар пайда болды сонда.
25 июль
Мұқыры жеті жылдық мектебінде оқып жүргенімде Сайлаубек деген сабақтас досым бар еді. Керемет пысық, ақ көңіл еді, өзі. Оқуға зерек, іске шебер еді. «Талап болса адамда, бітпейтін іс жоқ, әмәндә», — деп ылғи өлеңдетіп жүретін. Рас-ау, ниет болса, талап болса, бітпейтін іс жоқ екен.
Кенетайдың қарияларының басына күмбез орнаттық. Мақсатқа жеттік. Ескерткіш ойдағыдай боп шықты. Бүкіл ел Кенетай екеумізге дән риза. Еңбек Бекболат ағай мен пионерлердікі ғой. Оларға да ел риза.
Ескерткіш орнатқандағы елеулі кезеңдерді түк қалдырмай киноға түсіріп алдым. Осыдан бір шағын киножурнал жасайын деген ойым бар.
Аудандық газеттен тілші келіп, біздің игі ісімізді жазып әкетті.
Кенетай жаман жігіт емес. Өмірдің өрі биік, жолы шалғай...
Осыны бір ақынның өлеңінен көрген сияқтымын. Ия, өмір күрделі ұғым. Тегінде, адамның биік жардан жазатайым құлауы оңай-ақ. Ал жардың қабағына қайта өрмелеп шығу қандай қиямет десеңізші. Кенетай жаза басып, биік жардан құлады. Бірақ ол терең суға батып кеткен жоқ. Тал қармап, жиекте тұрып қалды. Мен сол биік жардың қиясына баспалдақ орнаттым. Кенетайдың жүрегі шайлығып қалған екен. Баспалдақпен қорқа-қорқа өрмелеп келеді. Демек, ол баспалдақпен бірте-бірте қабаққа қайта шыққанша әлі де едәуір уақыт өтер...
Кенетай кейінгі кезде еңбекке қайта оралды. Бірақ бойына сіңген бойкүйез мінезден әлі арыла қойған жоқ. Махаббат мәселесіне үмітсіз қарайтыны бар. Достық, жолдастық дегендердің ілуде біреуіне болмаса сенбейді. Осы қатерлі дерттен оны құлан-таза сауықтыратын кереметтей бір шипалы ем бар. Ол — Кенетайды алғашқы махаббатымен табыстыру. Өте қиын міндет. Психологтарша айтқанда, адамның жан жүйесіне байланысты міндет. Адамның жан дүниесі қалыпқа құйып соғып шығаратын машина емес. Жүрек, эмоциялық сезім ешкімнің ырқына көнбейді.
Түйіндеп айтқанда. Кенетайдың дертіне үш түрлі емді аралас қолдану керек. Оның ең біріншісі — жұртшылық ықпалы; екіншісі — қоғамға пайдалы еңбек; үшіншісі — екі жастың арасындағы кіршіксіз махаббат. Осылардың алғашқы екеуі Кенетай бойына шым-шымдап дари бастады. Ал үшіншісінің қаймағы әлі бұзылған жоқ. Бұл жігіттің әуел баста адамгершілік арнасынан тайып, бұраң жолға түсуіне себеп болған да осы алғашқы махаббат шырғалаңы. Шама келсе жатпай-тұрмай осы қиын істің түйінін шешу керек.
ЖАЙЛАУҒА САПАР
Сары майдай толықсыған август айының жайма-шуақ бір күнінде Сәлім ұзақ сапарға аттанды. Шеберхананың жабық машинасына киноаппаратты тиеп алып, таң сәріден жолға шықты.
Оңтүстік-батысқа қарай қара жолмен қасқая тартып келеді. Бет алысы — орталық елді мекеннен екі жүз километр қашықтағы Сарыбел мал жайылымы. Араларын алшақ салып, бытырай қонған қойшы ауылдарды армансыз аралап, кино көрсетпек. Ар жақ шеті сонау Жезді ауданымен шектесіп жатқан құба жонда осы төңіректегі үш колхоздың елу мың қойы бағылады екен.
Сәлім жолға жалғыз шықты. Бірге барайық деп Кенетайды қузай қойған жоқ. Күләнмен екі арасындағы дау-жанжалдан кейін оның жайлаудағы елге көрінуге беті де жоқ. Белгібай ағайдың қасыңа бір сенімді серік қосып берейін, дегеніне Сәлім көнбеген. Шаруаның қауырт шағында балшықтан адам жасай алмай жатқанда біреуді істеп жүрген жұмысынан айырып қайтем деп жалғыз кеткен. Жол бағдары белгілі.
Машина ағынға қарсы жүзген кемедей дала төсінде сыдыртып келеді...
Қиядағы бел-белестер көкжиекпен астасып, көгілдір мұнарға бөленіп, көңілге көрікті ой салады. Теке сақал боз қаудан, кер миық кер бетеге күн сәулесімен төңкеріле құлпырады. Мысық мұрт ақ селеулер күмістей жалтылдайды. Күн қызған сайын ермен, жусан иісі өзгеше аңқиды. Даланың бейқам бозша торғайлары аспан мен жердің арасында жіпсіз ілінгендей шаншыла қалқып, безек қаға шырылдайды.
Күншығыс көкжиектегі сиқыр сағым лездің арасында қарсы алдына жақындап келіп қалады да, қас қаққанша бәз-баяғы орнына қайта қонады. Сәт сайын сан құбылып, көз алдайды...
Ауылдан жүз шақырымдай ұзап шығып, Шіркейлі жотасына жете бергенде машина моторы сөніп қалып, төбеге ұрғандай тұрып алды. Сәлім қанша ақтарса да ақауын таба алмай сарсаң болды, әбден. Жолдан сәл оқшау тұрып, алды-артына көз жіберді. Елсіз мидай дала. Айналада қыбыр еткен жан жоқ. Алғашқы сапарының әлден мұндай сәтсіздікке ұшырағанына пұшайман боп, кеңілі жүдеп тұр. Ұлан-байтақ құба дала оған шетсіз-шексіз теңіздей көрінді. Өзін сол теңіздің алақандай аралында қалған шарасыз жандай сезінді.
Әлден уақытта алдыңғы жақтан ноқаттай боп бір қара көрінді. Я, сәт! Арбалы ма? Машина ма? Сәлім байыз таппай қол сағатына әлсін-әлсін қарай берді.
Әлгі қара лездің арасында ұрымтал жерге жақындап келіп те қалды. Күймелі мотоцикл сол жақ қабырғасына жанаса келіп кілт тоқтады. Сәлім осы кезде машинаның алдыңғы жағынан айналып келіп, кабинаның есігіне сүйеніп тұрған.
Үстінде бітеу қара комбинезон, басына қызыл-күрең былғары кепеш, аяғына сыптығыр қонышты шегірен етік киген біреу қаздаңдай басып, Сәлімнің қасына келді.
— Жол болсын, жігіт! — дегенде әйел жынысы екенін Сәлім даусынан танып, сыпайы амандасты.
— Сәләматсыз. ба, қарындас!
Анау «қателескен жоқсың» дегендей, көзінің қарашығын төңкере жымың етті. Ақ құба, бидай өңді қыз сипатын танытқысы келгендей, басындағы күн сәулесі ойнаған кепешін шешіп алып, қолына жұмарлап ұстап тұрды. Құралай көзінде от бар. Жазық маңдайлы, ат жақты жарқын жүзінен биязы мінезі көрініс беріп, жігіт назарын тартып барады. Маңдайдан тура түскен қырлы мұрны, жұқа қара қасы сүйкімді-ақ. Бестемшелеп өрген көмірдей қара шашын желкесіне шумақтап түйіп қойыпты. Ортадан аз-ақ қалқыңқы сұңғақ бойына шақтап жаратқандай жұмыр денесі комбинезонын тырсылдата шірейді.
Сәлім иіліп келіп, қызға қолын ұсынды.
— Танысып қояйық. «Жасөркен» колхозының мәдениет қызметкері, Сәлім!
— Күлән!.. Мал жайылымындағы почта қызметкері. — Қыз жымың етіп, қолын шапшаң босатып алды.
Кенетайға берген сертінен айнып, оны қайғыға ұшыратқан, ел-жұрттан оқшау кетуіне себепкер болған Күлән — осы. Аты да, қызметі де дәл келіп тұр.
Күлән Сәлім жайына сырттан қанық болса да, жедеғабыл сыр білдіре қойған жоқ. «Елге келе сала ересен іс атқарамын деп талпынып жүрген пысық жігіт сен екенсің ғой», — деп тұр ішінен.
Шалқақ төс, кең кеуделі, орта бойлы толықша қара сұр жігіт тұр, қыз алдында. Қарап тұрса, түр-тұлғасы бір жігіттен кем емес екен. Қылтың-сылтың, ерсі мінезі жоқ салмақты жігітке ұқсайды.
Қызбен танысу ретінде екі-үш ауыз сөз қағысқаннан кейін Сәлім машинамның контактылары от бермей әуре-сарсаң боп тұрмын деп шынын айтты.
Күлән сыралғы ескі машинаны көзімен айнала бір шолды да, жігітті сынағалы қағытып өтті.
— Көлігіңіз сенімді болмағасын алыс жолға бекер шыққан екенсіз...
Қыз әзілі Сәлімге тікенектей қадалды. Осы бір сәтте тәмам ел жан-жағынан қаумалап әжуалап тұрғандай болды. Қыз әзіліне жөн жауап қайырды.
— Ұзақ жолда мұндай сәтсіздік бола береді ғой. — Қыз міз бақпай тағы да сөз тигізді.
— Сәтсіздік салақтықтан да болады-ау деймін...
Сәлімде үн жоқ. «осы қыздың әзілі тасып тұр дейсің бе. Кенетай екеумізді бір санап, сынағалы сөз тигізіп тұрғандағысы шығар».
Күлән мығым пішінмен қамқорси сөйледі.
— Машинаңызды тіркеп әкетер ем, оған мына құртақандай мотоциклімнің шамасы келмейді ғой...
— Бір нәрсе етіп жүргізермін, — деді Сәлім солғын.
Қанша жақауратқанмен, Сәлім әзіл-қалжыңға бейімделе қоймаған соң, өзі қалжырап тұрған жігітті қажай беріп қайтем деп, Күлән енді иман таразы аужайға көшті.
— Бәрі ойын, бәрі қалжың... Мен тез ауылға барып, дені дұрыс машина жіберейін. Осы арада күте тұрыңыз... — деді.
— Машина жіберем деп әуре болмай-ақ қойыңыз... Былай болса қайтеді? — Сәлім өтінішін аңғартып сәл кідіріп қалды. — Сіз аз ғана аялдай тұрыңыз. Тосын кісінің көзі қырағы болады ғой. Екеулеп тексерейік.
Күлән осыны күтіп тұрғандай-ақ лып етіп бас изеді.
— Ендеше, көрейік.
Машинаның тілін Күлән да бір кісіден кем білмейді. Өз бетімен үйреніп алған азды-көпті машығы бар. Оның бер жағында мотоциклдің ол білмейтін тетігі бар ма. Ол да автомашинаның ағайыны емес пе. Қыз машинаның капотын ашып, ең әуелі от алмай қалған тетігіне соқпай, басқа бөлшектерін бір-бірлеп ақтарып шықты. Содан кейін барып контактыларын түрткілеп көріп, қасында тұрған Сәлімге қуана тіл қатты.
— Сүйінші бересіз, таптым..
— Қай жерінен?..
— Он тиындық күміс ақша беріңіз, — деді қыз қутыңдап, — содан кейінгісін маған қоя беріңіз.
Сәлім жалма-жан қалтасынан былғары әмиянын суырып алып, қызға он тиындық күміс ақшаны ұсына беріп еді, ол құлдыраңдап қақшып алды. Жанып кеткен контактыларын жаңағы күміс ақшамен қырып тазартты да, дереу моторға от берді. Тұтанған контактылардан от алған мотор тірлік күйіне басып, гүжілдеп қоя берді.
Сәлім ұялғанынан жерге кіріп кете жаздады. Қара сұр жүзінде қан ойнап, төмен қарай берді. Сасқанынан бар айтқаны:
— Кейде адам қайдағы жоқ бірдеңеден шатасып қалады...
Күлән қалжыңға басты.
— «Волга» машинасымен қой қайырған шопанды да көріп едік. Астындағы машинасының он тиындық ақауын кешке шейін іздеп әуре болған жігітті кім көрген...
Ащы да болса қыз қалжыңына Сәлім шамдана қойған жоқ.
— Машинаның сырын енді-енді біле бастадым, — деп, ол саусақтарын айқастыра сытырлатты. — Құрттай тұра тұрыңыз. Жүргізіп көрейін.
Сәлім моторға дереу от беріп, машинаны он метрдей жерге жүргізіп апарып, кілт тоқтатты да, түсіп Күләннің қасына қайтып келді. Жұмарланған ақ жібек орамалын шалбарының қалтасынан шұбата суырып алып, маңдайының терін сүртті. Шөлдеп тілі аузына сыймай тұр еді. Айналаға тамсана қарады.
— Осы маңда су да жоқ екен, — деді.
— Суды қайтесіз?
— Шөлдеп тұрмын.
— Алыс жолға шыққанда кісі сусын ала шықпас болар ма?..
Сәлім сөз есесін табанда қайырды.
— Сіздің жердің мұндай сараң екенін кім білген.
Күлән жалт бұрылып барып, мотоциклдің күймесінен бір домалақ қара торсық пен сары ала тостаған әкеліп, Сәлімге қымыз құйып берді.
— Сізге бұйырған дәм екен, шөліңізді қандырып алыңыз...
— Өркенің өссін...
Сәлім екі тостаған қымыз ішті де қыздың қолын қысып тұрып:
— Бақытты бол, қарындас... Осы арадан ауылың қанша жер? — деді.
— Жүз шақырымнан аспайды... Жолдың оң жағынан екі ауыл көрінер... Адаспай табасыз.
— Бүгін сіздің ауылға барып қонайын, — деді Сәлім көңіл хошының толқынды әсерімен. — Шопандарға кино көрсетейін. Мүмкін, кино басталғанша сен де келіп қаларсың.
— Оны уақыт көрсетер.
Күлән сырғақтай бастады.
— Жолың болсын, Күлән! Тезірек оралғайсың...
Екеуі қол ұстасып, қош айтысты.
Күлән мотоциклге жете беріп, бір нәрсесі ұмыт қалғандай артына жалт бұрылды.
— Бүгін қандай кино көрсетесіз?
— «Адал махаббат сынағы» деген фильмді көрсетемін. (Шынында оның жайлауға әкеле жатқан фильмдерінің ішінде мұндай фильм атымен жоқ.)
Күлән ернін қысып, ойланып қалды. «Адал махаббат сынағы!». Бұл оның, сірә да, көрмеген киносы. Ойлап қараса, бір кезде мазмұнын бір газеттен оқыған екен.
— Таңдап алған картинаңыз өте қызық екен, — деді қыз сол фильмді бұрын көргендей-ақ. — Немене, біздің шопандардың махаббаты тұрақсыз деп естіп пе едіңіз?...
Сәлім енді әзілдің қандайынан болса да тайынатын емес. Ителгідей жұтынып, қызға жақындап барып, еркін жауап қатты.
— Сіздің ауылда бірен-саран тұрақсыз махаббат иелері бар дегенді естіп едім. Соларға өнеге көрсетейін деп, осы картинаны әдейі алып шықтым, — деді.
Сәлімнің жаңағы сөзі қыз жүрегін шымшып алды. Қабағына кірбең жүгіріп, сәл ұялыс тапқан сыңайы бар. Өзіне арнап айтылғанын шоласыз ұғып тұр. «Мейлі, айта берсін. Онда тұрған не бар, тәйірі. Жол үстіндегі бөгде жігітпен сөз таластырып тұрам ба, осында. Уақыт болса өтіп барады. Орталыққа тез жетіп, почтаны алып бүгін оралуым керек...»
Бір есептен Сәлім қыздың кеткенін қалап та тұрған жоқ. Бәлкім, әлі де болса шамалы кідіре тұрса, бір сөздің орайынан Кенетай турасында аздап хабар беріп, сыр тартса қайтер еді.
— Сізге қайырлы сапар тілеймін! — Күлән мотоциклдің ершігіне аттай мініп алып, дереу моторын дүр еткізді. Оң қолын басынан асыра шошаңдатып, үнсіз қоштасты да, орғыта жөнелді.
Сәлім қолын көтеріп, қоштасу ишаратын істеді де, қыздың қарасыны үзілгенше артынан қарап тұрды.
Сәлім жайлауға қарай зулатып келеді. Жолшыбай машинасын жөндеп беріп, жылы-тәтті көңілін аулаған сүйкімді қыз бейнесі көз алдынан кетпей қойды. Бір жағынан сол қызбен қабаттасып Кенетай көлбеңдейді. Алдағы ауылдарға барғанда атқаратын қызметі де әлсін-әлсін ойына орала береді.
Сәлім машинаның жүріс тұтқасын ерсілі-қарсылы ырғап қойып, бір ауық Кенетай жайын толғана ойлап кетті. Әлгі қыз сабан отындай тез тұтанып, тез сөнетін мардымсыз махаббат иесі емес. Кескіні де, жаны да бірдей сұлу ақ жарқын қыз. «Отырған қыз орнын табады» деген бар. Күләнға күйеу табылар. Өмірде кездескен шатқалаңнан шығуға жол таба алмай адасып, алаңдап жүрген Кенетайды айтсайшы. Адам жаза басады, адасады, оның не айыбы бар? Қайтып үйірін тапса ғой, шіркін! Осы шаруаны бір жайлы етіп, Кенетай досымның тұғырына қонғанын көргенше тыным жоқ менде. Екі жүрек жалғасса, екі тілек қабысса...» Сенімі еселеп өсе берді.
Тотының тоқсан тарауындай сан қилы қиялға беріліп келе жатып, қойлы ауылға қалай жақындап қалғанын сезген де жоқ.
Күн екінділікке еңкейген. Сәлім борпылдақ жолдың екі жағында қаптай жайылған қарақұйрық көп қойға килікті. Жете бере машинаның дабыл тетігін безілдете басып қалып еді, жер қайысқан қалың қой жолдың екі жағына жыртылып айырылып, жапырыла үркіп кетті. Сәлім машинаны тоқтатып қойып, жерге түсті де, жолдан недәуір аулақта бытырай жайылған ақтылы, қаралы мың сан қойға қызықтай қарап тұрды. Көпшілігі биязы жүнді, сояу құйрық ақ қойлар. Керсен құйрық, арқар бас қазақы қойлар әр жерден некен-саяқ қылаң береді.
Сол екі арада қаптаған қалың қойдың күнбатыс жақ шетінен салт атты біреу текіректетіп кеп, машинаға ентелей тоқтады. Астындағы күдіре жалды жатаған күрең қасқа ауыздығын қарш-қарш шайнайды. Басына ақ орамал байлаған, үстіне оңған қара мақпал жеңсіз қамзол киген кесек денелі, бадана көз, қара торы қартаң әйел ат үстіне орнатып қойған әсем тас мүсін секілді. Ұзын таралғылы, арбиған темір үзеңгіге аяғын шіреп, Сәлімге сыпайы сөз қатты.
— Амансың ба, шырағым!..
Сәлім өңешін соза қолын ұсынып, ізетпен амандасты.
— Сәлеметсіз бе, шеше!..
— Сапар оң болсын, балам! Барыс қай жер?
— «Жасөркеннің» киношысы едім, шеше. Сіздің ауылдарға келе жатырмын.
Әйел қобыраған бір шоқ тарлап шашын орамалының шетіне қыстырып, көк ала сиса көйлегінің етегін қымтап қойды. Әжімді дөңгелек жүзі жайнап, іш тарта сөйледі.
— Ауылға бір жас маман келді деп еді, сен екенсің ғой. Мыңның түсін танығанша, бірдің атын біл» деген, жөніңді айт, шырағым?..
— Сол жас маманыңыз мен боламын, шеше... Атым — Сәлім, фамилиямды сұрасаңыз, Сайранов...
Әйел дік етіп жерге түсті де атының қыл тізгінін ердің қасына қаңтара салып, көңілді пішінмен Сәлімге жақындай берді.
— Мен де аты-жөнімді айтып қояйын. Естуің бар шығар. Әзімбай келіні Зәмзе деген қойшы шешең мен боламын.
Сәлім Зәмзеге көзінің қиығымен қарап, сәл үнсіз тұрып қалды. Міне, қызық! Ел мақтаған Зәмзе шопан осы екен. Манағы Күләннің шешесі — осы кісі. Сырттан қанша мақтағанмен жұрттың сөзіне қарап, адамның нағыз табиғи қалпын тани алмайсың. Түсін көргенің де есеп емес. Адамның қадір-қасиеті, мінез-құлқы шүйіркелесіп сөйлескенде ашылады.
— Атағыңызды естіп едім... Елдің аузынан түспейтін шопан апай сіз екенсіз ғой, — деді.
Зәмзе көмекейі бүлкілдеп, көсіле сайрады.
— Бәрекелде, балам!.. Алматылық жігіт деп естіп ем... Руыңды сұрамаймын. Бопты. Иман жүзді бала көрінесің. Жүрген жолыңа гүл бітсін. Дәм айдап біздің ауылға келіп қапсың. Құрметтеп қарсы аламыз.
— Мына далаларыңыз қандай кең болса, сіздердің пейілдеріңіз де сондай кең екенін білемін. — Сәлім әртіннен сөз қозғап, дарқан ананың жан-жүрегіне жол тартты. Ақылға, қайратқа жаралған салиқалы қияпатына, саф алтындай жарқыраған сөзіне өзгеше сүйсініп тұр. Осындай кісіні надан, ескішіл деп жүрген Кенетайда да ес жоқ екен. «Бұлардың арасындағы шимай-шатақтың маған белгісіз бөтен бір себептері де бар. Осы сапар оны біліп алуым да ғажап емес».
Зәмзе солтүстік жаққа жіті көз жіберіп, ғайыптағы әлденеге аңсай, алаңдай қарап тұрды. Енді бір сәт Сәлімге назар аударып:
— Жолшыбай үш аяқты матасеклге кездестің бе, шырағым? — деп сұрады.
— Бір күймелі мотоцикл мана қасымнан зу етіп өте шығып еді. — Сәлім мұны қыз турасында сөз қозғамай-ақ қояйын деген оймен әдейі айтты.
Зәмзе де қызы бар екенін білдіріп, мақтанғалы сұрап тұрған жоқ. Мына жігітті көргенде табан астынан Күләні есіне түсіп, ұзақ жолдан қауіп ойлап, алаң болған ана жүрегінің әуезесімен айта салған.
Зәмзе көңілі орнына түскендей жеңіл күрсінді.
— Ол менің Күләнім ғой... Почта әкелуге орталыққа кетіп еді, — деді.
Әйтеуір, не керек, Сәлім Күләнді жолшыбай көргенін де, Сырттан білетінін де шешесіне сездіргісі келмеді. Сөзден сөз шығып кетіп, бір жерінен ши шығарып алармын деп, көрмегенге, білмегенге салынды.
Зәмзе кеткісі келген сыңай көрсетіп, Сәлімге қипақтай қарай берді.
— Ал, балам! Енді не тұрыс бар. Біздің қазақта бір жақсы әдет бар ғой. Алыстан келген сыйлы қонақ, ең әуелі, ауыл ақсақалының үйіне түседі... Осы жайлаудағы төрт ауылдың жасы үлкені мен едім. Көзі ашық жас азаматсың ғой. Баяғы біздің ата-бабаларымыздың «елу жылда ел жаңа» дейтіні дұрыс екен. Сен еркек, сен әйел деп айырмайды осы күні. «Қатын билеген ел қараң қалады» дейтін мақалдың да қарасы өшті бұл күнде. Еңбегің кемел болса, бағың аспанға ұшатын заман ғой. Ел мені шопан апа дейді. Біздің үйге түс, қарағым... Қолымнан дәм тат. Мен қойымды қаптатып, жайырақ барармын. Бергі шеткі ауылдың төріндегі боз үйге тіре машинаңның басын.
— Рақмет, шеше, сіздің үйге түсейін...
Зәмзе аяғын үзеңгіге сұғып, жалпақ ердің үйрек тұмсық сүйір қасына қолын апара бергенде, Сәлім қолтығынан демеп жіберді.
Зәмзе тізгінін қымтып ұстап, ат үстінде қазықтай шаншыла қалды.
— Саған алданып тұрғанда қойларым ұзаңқырап кеткен екен... Көршілерге айт: Зәмзе шопанды көрдім де, біздің үйге түс деп айтты де. Мен барғанша шай қайнатып берер. — Атын тебініп қалып, тобылғы сапты бұзау тіс қамшысымен сипай қамшылап, шоқыта жөнелді.
Сәлім шопан апаны көзімен ұзатып салды да, машинаға отырып, ілгері жүріп кетті. Үш шақырымдай жерге барғанда қара жолдан оң жаққа қарай қиыстай бұрылып, сүрлеумен төскейдегі ауылдарға беттеді. Осы кезде көк мұнар шалған батыс көкжиекте жалын шардай алаулап күн батып бара жатты.
Ауылға жақындай бергенде тайыншадай бір көк шулан төбет машинаның алдынан шаңқылдап шыға келді. Алды-артын орағытып, құтырына шапқылап жүр. Тағы да бір ақ ит әлгі төбетпен қосарланып, қарадай әлекке түсіп, қабырғаласа арсылдап келеді.
Сәлім алыстан әдейі арнап келгендей, бергі шеттегі төрт үйлі ауылдың төріндегі қомақты боз үйге барып бір-ақ тоқтады. Қабырғасында «Жылжымалы кино» деген жазуы бар жабық машинаны көре сала ауыл адамдары лездің арасында осы араға жинала қалып, апақ-сапақта Сәлімді қоршап алды. Жас балалар «алақай, алақай, кино келді!» десіп, сандарын шапалақтап мәз боп шауып жүр.
Әйтеуір, не керек, жайлаудағы қойлы ауыл табан астында мәре-сәре боп, киноны асыға күтумен болып еді...
КҮНДЕЛІК ДӘПТЕРДЕГІ ЖАҢА ЖАЗУЛАР
5 август
Бүгін Зәмзе апайдың өткен өмірімен таныстым. «Біздің Зәмзе апай Ұлы Отан соғысының батыры» деген сөзді осы елдегі талай жаннан естігенім бар.
Мен оның ұзақ жылдар бойына күн жалап, жел қаққан, айқыш-ұйқыш әжім шимайлаған қоңырқай жүзінен ұзақ өмірінің бел-белестерін көремін. Еңбекте болаттай шыныққан батыр ана туралы дастан оқығандай боламын.
Зәмзе апай үйде жүргенде елден ерекше киінбейді. Киетіні өзіндей қазақ әйелдерінің дағдылы киімі. Қара мақпал қамзол, қыжым кебіс-мәсі. Кең етек көйлек. Келте құйрық, ақ кимешек. Ауылдан ұзап шығып, қой баққанда көбінесе еркекше киінеді екен. Ыстықта маңдайына сарапшын тұтады екен. Сарапшын дегені жылқының қылынан торлап тоқыған маңдай қалқан. Кәдімгі күнқағарға ұқсайды. Жаңалыққа жаттығы жоқ ескі заман жұрнағы. Мұны апай маған әдейі киіп көрсетті.
Қамзолының омырауында 1 дәрежелі Отан соғысы ордені жарқырайды. Нағыз батырларға берілген жауынгерлік награда. «Алпыстың алтауына келсем де қой шаруасында үздіксіз еңбектеніп келемін», — деді апай бір сөздің ретінен.
— Өсірген қойымның санын айтпай-ақ қойсам да болар, — дейді апай, — әйтеуір, «Жасөркеннің» осы күнгі жиырма мың қойына қосқан үлесім аз емес.
«Өзін-өзі мақтаған өлімнің аз-ақ алды» деген халық қағидасын, тегінде, Зәмзә өз өмірінің ережесіне айналдырған ғой деймін. Өз жайына келгенде бәсеңдеп, сарабдал сөйлейді.
Қарт шопан өзінің жан дегенде жалғыз қызы Күләнді мақтанышпен ауызға алды. Күлән елу тоғызыншы жылы орта мектепті күміс медальмен бітіріпті. Содан бері осы Сарыбел мал жайылымындағы почта бөлімшесін басқарады екен. Үлгілі қызметі үшін Республика байланыс министрлігінің мақтау грамотасын алыпты.
«Қызда қырық түрлі өнер болмаса, құр шырайдан не пайда?» — дейді Зәмзе апай. Күләннің бір басына өнері аз емес екен: ісмер тігінші, домбырашы, әнші. Оның үстіне байланыс қызметінің шебері.
Зәмзе апайды елі «шопандар университеті» деп айтады. Мақтағанның жөні осы екен деп, құр әншейін айтыла салған көпірме сөз емес.
Үлкен демей, кіші демей елдестеріне көрсеткен үлгісі мен өнегесі қаншама.
«Таудай талабың болғанша, бармақтай бағың болсын» деген мақал бар біздің қазақта. Бұл мақалды мен мансұқ етемін. Талабыңа бақытың сай келіп тұрған заманда еңбегің еш, жігерің құм болмайды». Бұл Зәмзе апайдың еңбектегі жаңа қағидасы.
Апай өзінің ұзақ өмір жолын рақаттана баяндап отыр. Мен оның бір сөзінде қақас жібермей, зейін қойып тыңдап отырмын.
Зәмзе апай бұл жерге отызыншы жылдардың бас кезінде Ұлытау өңірінен келіпті. Жасында сүйіп қосылған жұбайы Қанатбай Отан соғысында қаза тауыпты. Озат шопан еді, абзал азамат еді деседі. Неге екенін білмеймін, менің Кенетай досым Қанатбайды «соғыста хабарсыз кетті» деп еді. Ал Зәмзе апай оны «соғыста қаза тапты» дейді. Анығы қайсы, танығы қайсы? Тегінде, осы кісінің айтқаны шындық шығар деген ой келеді.
Зәмзе апайдың атқа мініп, қой баққанына отыз жылдан асыпты. Еңбек жолы кілең даңғыл болмаған. Өмір жасын өксітіп, қатты қиналған кезеңдері де көп. Кейбір жылдары шөп шықпай қалып, су тапшы болып, бүкіл елмен бірге қабағат қиындық көргенін күрсіне еске алды. Қырық екінші жылы ақпан-қаңтардың сақылдаған сары аязында жан-жақтан анталап, қораға шапқан топты қасқырмен жекпе-жек алысқанын жыр ғып айтқанда сүйсінбеске әддің жоқ.
«Жеке бастың бақыты мен рақатын күйттеп, өзімшілдікке салынған жан емеспін. Еңбекке араласқалы, ең алдымен, ойлағаным елдің қамы, көпшіліктің мүддесі».
Отан соғысы жылдарындағы әлемет қиындықтарды айтқанда Зәмзе апайдың көкірегі қарс айырылады.
— Соғыс кезінде елдегі қауырт шаруаның бар ауыртпалығы шалдарға, әйелдер мен балаларға түскен жоқ па... Онда менің елуге жақындап қалған шағым. Бір өзім үш шопанның міндетін атқардым. Оның үстіне жар қайғысын, жан күйігін тарту оңай ма? Бір тәулік бойына аттан түспей, боранға ығып кеткен қойларды іздеген кезім де болған.
Зәмзе апайдың дидарына ілтипатпен қараймын. Жетпіске жақындап қалса да қайраты қайтпапты, отыз екі тісінің қаласы бұзылмапты. Бетін әжім шимайласа да, кәріліктің ойсыратқан бір белгісі болсайшы. Кесек денесі, ер тұлғасы сом болаттан құйып қойғандай.
Қарапайым қазақ әйеліне осынша жойқын қайрат қайдан келді десейші.
— Сіздің осынша жасқа келгенше жастық қалпыңыздан таймауыңызда не сыр бар? — деп сұрадым.
Зәмзе апай оң жақ бетінің ұшындағы қара меруерттей меңін сұқ қолымен сүйкеп қойып, терең ойға шомып кетті.
— Бес түрлі себеп бар онда, шырағым, — деді де, тоқталып қалды.
— Айта беріңіз.
— Халқыма қадірлі болдым. — Бадана көзі жайнап, іркіле берді. — Жұбайыма сүйікті болдым.
Көмекейі бүлкілдеп, маған әлдебір сындарлы пішінмен қарайды. Мен оның терең мәнмен қадалған жанарынан телегей-теңіз сыр ұқтым: махаббатсыз өмірде мән де болмайды, сән де болмайды, сүйіспеншілікпен өткізген әр күнің бір жыл ғұмырмен тең, бұл дүниенің қызығы адал жар сүю, жұбайыңның адал сүйіктісі болу деп тұрғандай.
Апай жайымен сөзін жалғастырды: — Бала жасымнан бері кең-байтақ далада өмір сүріп келемін... — Қалтарыста жатқан сөз маржанын теріп алғысы келгендей толқына тоқтады. — Ес білгелі еңбектен қол үзген жоқпын. Қартаймаудың ең бір мықты себебі, тегінде, осы болса керек... Әлгі айтылған бес түрлі шарттың ең соңғысы пәлендей маңызды емес, — деп, жымия күлді. — Айтпай-ақ қойсам да болар еді соны. Құр мақтан боп кетер...
— Айтыңыз, — деп қолқа салдым.
— Айтайын. Осы жасымның ішінде үнемі домбыра шертіп, ән шырқаумен келемін. «Ас адамның арқауы» дейді ғой. Менің білуімше, ән мен күй, өлең-жыр адам жанының арқауы. Әттең не керек, араға қайғы араласып жасытып кетті. Сыртқы елге қанша білдірмеймін десең де ішіңдегі алаулаған жалынды сөндіре алмайды екенсің. Мен оны бұрын білмейтұғынмын. Домбыра шертіп, ән салсаң қайғың ортаяды екен. Бір ауық шерің тарқайды екен.
Мен оған лебізіңізді тыңдағым келеді деп емеурін білдірдім.
— Домбыра шертіп, ән салып бер, өнеріңді көрсет дейсің ғой, баяғы, — деді апай өзгеше бір жарқын қияпатпен маған көзін қадап отырып. — Білесің бе, білмейсің бе, жеке тоқпақ дейтін әнші құс болады. Күндіз де сайрайды, түнде де сайрайды. Әйтеуір, өле-өлгенше ауыз жаппайды. Осы құсқа ұқсап қартайғанша қақсай бермейінші деп, кейінгі кезде қойып жүр едім, балам. Бойымдағы азды-көпті өнерімді Күләніме бағыштап бергенмін. Дауыстың да бабы жоқ, осы күні. Құрсауы түскен күбідей даңғырлап кетеді. — Осыны айтты да апай керегенің қанатында ілулі тұрған қоңыр домбыраға көзінің қырымен қарап қойды.
— Мен сізді сынамаймын ғой, бар даусыңызбен айтып беріңіз, — деп өтіндім.
— Жарайды, балам, мәселіңді қайтармайын, шопан апаңның бір-екі ауыз лебізін тыңда, — деді де, домбыраны қолына ала салып, құлақ күйіп келтіріп алды да, шертіп-шертіп жіберді. Құлашын жай тастап, кең алды. «Сары жайлау» күйі кетті күмбірлеп. Оған ілесе Динаның «Әсем қоңыры» шалқыды. Домбыраның қос шегі таудан құлап көгал қуған бұлақтай сылдырайды. Күй сазы толас тауып, тына қалғанда Зәмзе апай күрсіне дем алды. Жас дәурені есіне түсіп, арманның айдын-шалқарына сүңгіді ме, кім білсін, қол-аяғын жинап, томсара қалды.
— Дауысымды естігің келеді ғой, балам! Болсын... «Әуелі бұл шіркінді бастау қиын, екінші бастаған соң тастау қиын» — білсең айтшы, осы кімнің сөзі еді? — Есебін тауып осы арада мені сынап отыр. Дес бергенде есіме түсе. кеткені.
— Атақты Естай әншінің сөзі ғой, — дедім.
— Естай ағаң айтпақшы, бастаған соң несіне "Тастайын, шопан апаңның даусын тыңда. — Он саусағын домбыраның қос шегі мен тоғыз пернесіне жүйткіте ойнатып, аруақтанып отырды да:
«Ертістің арғы жағы, бергі жағы,
Жайқалған жағасында жапырағы...» —
деп саңқылдай жөнелді.
Өндіршегі бүлкілдеп, екі беті қызара бөртіп, айдын көлде таранған аққудай сұңқылдайды. Аузымды ашып, көзімді жұмып, елтіп тыңдай бердім.
Бес-алты ән түйдегімен айтылды. «Осы да жетер енді» дегендегі, Зәмзе апай домбырасын орнына апарып іліп қойды. Әлемдегі бар жақсылықты үстіне үйіп-төгіп, тілім жеткен алғысты айта бердім. Манадан бергі тартқан күйлері мен айтқан әндерін магнитофонға жазып алғанымды Зәмзе апай сезген жоқ. Бұйырса, ауылға барған соң Мәдениет үйінде алғашқы концертімізді береміз ғой. Концерт алдында Зәмзе апайдың даусын сайратайын.
Мен бұдан бұрын өнерге, өлеңге пәлендей мән бере қоймайтынмын. Шынымды айтайын, зауық басар, көңіл көтерер шарапатшы деп қарайтынмын. Енді ойлап қарасам, өнер мен өлеңнің, ән мен күйдің адам баласына атқаратын қызметі одан әлдеқайда биік, әлдеқайда терең екен. Олар тіпті адамның жанын, жүрегін қартайтпайтын керемет шипалы дәрі екен.
Иә, шопан ананың құйқылжыған әсем күйлері мен асқақ әндері құлағымнан кетпейді.
ЖАЙЛАУДАҒЫ САЙРАН
Сәлім кешеден бері қойлы ауылдармен бітегене танысып алған. Зәмзе бүгін қой кезегіне өзінің жас көмекшісі Әбенді жіберіп, ауылда тыныстап қалған. Күлән болса, орталықтан мана, түске тарта оралған. Күләннің келген сәтінде бір қаға берісте Сәлім ебін тауып тілдесіп қалды.
— Кеше сені жолда көргенімді әжеңе айтқан жоқпын, есіңде болсын, — деп ескертті.
— Айтпағаныңыз ақыл болған екен, әйтпегенде...
— Сөзіңнің аяғын жұтып қойдың ғой...
Күлән әзіл-қалжыңға бұрып әкететін жеңіл сарыннан тез айнып, кенет басына келе қалған бір бұлдыр жауаппен тынды.
— ...Әйтпегенде маған ұрсатын еді, — деді.
«Неге ұрсады?» — деп сұраса, әңгіме ұлғайып кетеді. Сол себептен Сәлім бөтен сөзге бармай, жалт беріп, шаруасына кетті.
Кеше жолда кездескенін әжесінен Сәлімнің не себептен жасырғанын сұңғыла қыз өзінше жорамалдаған. «Кенетай жайынан әңгіме қозғап, қызымның басын айналдырған екен ғой» деген бөтен ойға жорымасын деп, көрмегенге салынған шығар. Не болмаса, «Жолшыбай қызыңды көрдім, машинамды жөндесті» деуге арланды ма екен? Осы секілді екі алуан ойды салыстырып, салмақтап келгенде, мейлі, онда тұрған не бар, Сәлімді жолда көргенімді әжеме мен де білдірмей-ақ қояйын деп түйген.
Күлән тамағын іше салып, қойлы ауылдарға мотоциклмен почта таратуға кеткен. Сәлім бүгін кешке көрсететін фильмнің ленталарын әзірлеп, киноаппаратты тексеріп, түс ауғанша өз шаруасымен болып еді.
Осы маңайдағы төрт ауылдың адамдары тайлы-таяғы қалмай бүгін кешке Зәмзе үйінің алдына жиналып кино көреді. Киноның алдынан ауыл мәдениеті жайында қысқаша сөз сөйлесе қайтер еді? Сәлім осыны ойлап, машинаға сүйеніп тұрғанда, үйден Зәмзе жайраңдай шығып қасына келді.
— Сәлім шырағым, бір мезгіл мызғып алсайшы, мен шай қайнатайын, ас әзірлейін, оған шейін Күлән да келіп қалар, — деп мейірім білдірді.
— Рақмет, апай, жатып тыныстап алғаным теріс болмас, — деп, Сәлім шадыман көңілінің ризалығын білдірді.
— Сөйт, балам, кешке шейін шаршайсың ғой, — деді де, Зәмзе үйінің оң жақ бүйіріндегі жер ошаққа қарай кете берді.
Сәлім үйге кіріп, жүкаяқтан бір ақ мамық жастықты алып, жердегі жұмсақ бөстек көрпеге тастай берді. Қисайып жатып тез ұйықтап кетті. Тәтті ұйқыға кенеліп әлдеқандай бір қызық түс көріп жатқанда, Зәмзе оны бүйірге түртіп оятып алды.
— Тұр балам, шай іш.
Сәлім көзін уқалап, есінеп түрегелді. Үстіне шұбар сулық дастарқан жапқан қазақы дөңгелек столға шай жасап, сары бауырсақ төгіп, тәрелкемен май қойған екен. Бауырсақпен араластырып шақпақ қант тастапты. Сәлім тысқа шығып, қолын жуып келді де, Зәмзе екеуі шайға отырды.
Зәмзе шай үстінде бөтен-бастақ сөзге соқпай көбінесе осындағы мал жайын, шопандардың мұңсыз тұрмысын айтумен шектеліп еді.
Зәмзе шай дастарқанын жинап болған соң, төрдегі жүкаяқ пен оң жақтағы ақ болыскей кереуеттің арасындағы керегенің қанатында ілулі тұрған «Спидола» радиоқабылдағышын Сәлімге әкеп берді де:
— Мынаны сөйлетіп ермек қыла тұр, — деп, тысқа шығып кетті.
Сәлім үй иесі рұқсат берген соң радиоқабылдағышты емін-еркін билеп, әуе толқындарын шарлап, Алматыны тауып алды. Қазақтың халық әндерінен концерт беріп жатыр екен. Екі-үш әннен кейін концерт аяқталып, енді екі минуттан кейін «Ерлердің даңқы өшпейді» деген хабар беріледі деді диктор.
«Әйтеуір, нашар хабар болмаса керек. Осының өзін магнитофонға жазып алып, кейін шопандарға тыңдатайыншы. Бір қызық болсын». Сәлім ауылдан ала келген жеңіл магнитофонын радиоқабылдағышқа жанастыра құрып қойды. Сол екі арада Алматы хабары басталып кетті. «Ерлердің даңқы өшпейді» деген арнаулы хабарымызды бастаймыз!»
ТАҒЫ ДА ТОСЫН ЖАҢАЛЫҚ
Сәлімнің жайлауға келгеніне бүгін алтыншы күн. Зәмзе аулында бір күн аялдап, бірер кино көрсетіп, арғы ауылдарға асып кеткен. Содан бүгін түс әлетінде оралды.
Күн батты. Қас қарая бастады. Сәлім киноаппаратын ерте бастан құрып, экранды Зәмзе үйінің алдыңғы туырлығына іліп қойған.
Аяқ жетер жердегі төрт ауылдың адамдары сапырылысып келіп жатыр. Ел шақыруға кеткен шабарман балалар «кино басталады, тез жүріңдер!» десіп, қолды-аяққа тұрмай зыр жүгіріп жүр. Қыз-келіншектер барларын киіп, тойдағыдай жасанып келіпті. Жастардың қызыл-жасыл киімдері іңір шығына малынған көктем гүліндей түрлі түспен құлпырады.
Мұндағы кино мектептегідей, не болмаса, Мәдениет үйінің даңғайыр залындағыдай қайдан болсын. Малшы ауылдың көш-қонына лайық жеңіл дүние. Әйткенмен, осының да бары жақсы. Жаңа қоныстың қылшығы сынбаған көкорай шалғынына отыра қалып, көздері жаудырап, киноның басталуын асыға күтеді бәрі. Жастар жағы екеу-екеуден, үш-үштен ұдықтасып, көпшілігі аяқтарынан тік тұрып қарайды. «Он алты жасқа жетпеген балалардың көруіне болмайды» дегенге де мұнда ешкім қарап жатқан жоқ. Сәлім мұны ерте ойлап, үлкенге де, балаға да көруге айып-шамы жоқ фильмдерді әдейі іріктеп әкелген-ді.
Ел киноның басталуын күтіп отырғанда фары жарқыраған бір машина күншығыс беткейден қылт етіп шыға келіп, сол жақ шеттегі қараша үйдің алдына тоқтай қалды. Енді киноға жиналған адамдар соған елеңдей қарасты. Апақ-сапақта газиктің кабинасынан түсе қалған біреу Зәмзе үйінің алдындағы қалың көпшілікке жақындай беріп, даусын көтере үн қатты.
— Жалпыңызға бір сәлем!..
Сәлім киноаппараттың жанынан сытылып шығып, келген адамды қарсы алды.
— Кенетаймысың? Қайдан жүрсің?
— Жүр, машинаның қасына барып сөйлесейік.
Машина қасындағы шофер жігітке Кенетай сыбырлап бірдеңе айтып еді, ол фарын жағып берді де, жиын топқа араласып кетті.
Сәлім тағат таппай сұрақты жаудыра бастады.
— Мына машинаң кімдікі? Өзің неге келдің?
Кенетай қипақтап, тұтқарлана берді. Түсі салқын, қабағы салыңқы.
— Не боп қалды? — деді Сәлім көзі алақтап.
— Алтынбала апаң... — дей беріп, сөзін үзіп тастады.
Сол-ақ екен, Сәлімнің ішіне от түсіп, жүрегі суылдап қоя берді. Көмекейіне тас тұрып қалғандай ықылық ата:
— Өліпті десейші, — деді.
— Иә, міне, телеграммасы, — деп, Кенетай фардың жарығымен бір жапырақ қағазды ұсынды.
Сәлім ол қағазды фарға жақындата ұстап тұрып, қолы қалтырап оқи бастады.
— Түсінікті, — деді Сәлім көз жасына булығып. — Мақсұтхан жездем жазыпты. Тез жет, дейді.
— Сабыр ет, Сәлім... — деді Кенетай оның мойнынан құшақтап. — Өзің аман бол... Мені Белгібай ағай жіберді. Осы машинамен тез жетсін деді. Түнделетіп Целиноградқа жетесің де, ертең таңертең сол жерден тура Алматыға ұшасың. Тоқталма, жүріп кет.
— Сен осында қаласың ғой?
— Сәлімнің орнына қала тұр деп, Белгібай ағай тапсырып жіберді маған.
— Жарайды, амандық болса бес-алты күнде оралармын. Мен келгенде орталықта бол. Менің магнитофоным да сенде қалсын. Әне жерде киноаппараттың қасында тұр. Ішіндегі лентасында бір қызық хабар бар. Әнеугүні осында Алматы радиосынан жазып алып едім. Қазір кино алдынан соны тыңдат. Ауылдан өзім жазып әкелдім дегейсің.
— Ол не хабар?
Сәлім басқа біреулер естіп қалмасын дегендей, лентадағы «қызық-хабар» жайын Кенетайға сыбырлап ұғындырып берді.
— Ұқтың ба?
— Түсінікті.
— Ендеше, солай ет...
— Құп болады.
Сәлім мен Кенетай топқа араласты. Кенетай алға шыға келді де, солғын пішінмен сөйлей бастады:
— Мына Сәлімнің елінде жалғыз апасы бар еді, сол кісі қайтыс болды деген хабар алдық. Қазір жүріп кетпесе, ертеңгі самолетке кешігіп қалады.
Отырған жұрт дүр қозғалып, толқына тынып қалды.
Кенетай Сәлімге назар аударды.
— Жолыңнан қалма... Алаң болма.
Зәмзе көп ішінен келіп, Сәлімге көңіл айтты.
— Қайғыңа ортақпыз, қарағым. Өзіңнің ғұмырың ұзақ болсын.
Сәлім тез-тез киініп алды да, шофер жігіттің қасына отырып, дереу жөнеп кетті. Бұлар ауылдан ұзай бергенде Кенетай іске кірісті.
— Тынышталыңыздар! Экраннан қашықтау отырыңыздар. Жақсы көре алмайсыздар.
Үлкен-кіші жаппай қозғалып, кейін серпіле жайғасты да, құлаққа ұрған танадай жым болды.
— Жолдастар! Бүгін «Қыз бен жігіт» атты көркем суретті фильмді көресіздер. Ауыл өмірінен алынған қызық кино. Ән-күйі, өлең жыры, көңілді күлкісі мол кино... Кино жүріп жатқанда оқшау жүріс, дабыра сөйлеу болмасын.
Отырған жұрт дүрілдете қол соғып жіберді.
— Баста! — деген дауыстар шықты әр жерден.
— Аз ғана сабыр етіңіздер! — деді Кенетай көтеріңкі дауыспен. — Кешікпей бастаймыз... Кино алдында сіздерге арнап бір-екі ауыз сөз айтайын деп едім. Оны қойсам деп тұрмын. Оның есесіне мына магнитофонды тыңдаңыздар. — Қарасы қол чемодандай қоңыр магнитофонды басынан асыра көтеріп ұстап тұрды. Қара көк аспанда жымыңдаған жұлдыздарға маңғаз келбетпен бір қарап алды да әзірлеп қойған тоқал орындыққа магнитофонды орнатып, іле-шала сөйлете бастады.
— Ұлы Отан соғысы жеңіспен аяқталғаннан бері он тоғыз жыл өтті. Соғыстан кейін дүниеге келген бір пара жас ұрпақ өсіп келеді. Совет халқының бақыты мен бостандығы үшін құрбан болған ерлердің есімі ешқашан да ұмытылмайды, даңқы өшпейді. Ұрпақтан ұрпаққа мирас боп қала береді.
Бүгін біз Герман Демократиялық Республикасы ұйымдастырған «Қазақ ұлы Қанатбай» деген хабарымызды береміз.
Қанатбай аты аталғанда жұрт дүр сілкініп біріне-бірі үнсіз қарасты. Алдыңғы лекте Күләнмен иін тіресіп отырған Зәмзе есі кетіп, сасқалақтай:
— Кенетай-ау, мынауың не дейді?! Қанатбайы кім мұның? — деді.
— ...Тыңдаңыздар, Қанатбайдың ел-жұрты! Тыңдаңыздар, бар болсаңыздар, оның зайыбы мен балалары!
Қатардағы жауынгер Қанатбай Әзімбаев 1944 жылдың күзінде Бірінші Балтық майданында қапылыста жау қолына түседі. Маутхаузен лагерінде жүздеген совет адамдарымен бірге фашист жендеттерінің жан түршігерлік азабын шегеді.
Ел тағы да дүрлігіп, дабырлап кетті. Кенетай магнитофонды тоқтатып қойды.
— Тынышталыңыздар! Аяғына шейін тыңдап алыңыздар! — деді Кенетай екі қолын бірдей көтеріп. — Бұл хабарды мен мана ауылда радиодан жазып алдым...
Магнитофон жайлап сөйлеп кетті.
«...Қанатбай турасындағы деректі біз бұл күнде Росток қаласында тұратын неміс патриоты Рудольф Вагнер қарттан алдық. Қанатбайдың азап лагеріндегі ерлігін қысқаша баяндап береміз.
Вагнер жолдас ол кезде Маутхаузен лагерінде қарапайым хатшы болып істеп жүріп, неміс патриоттарымен бірге астыртын жұмыс жүргізген. Тұтқындағы совет адамдарының бүкіл есеп-қисабы осы кісінің қолынан өтіпті. Лагерьдегі неше түрлі сұмдық уақиғаларды өз көзімен көріпті.
Қанатбай Әзімбаевты Вагнер түстеп таниды екен. Кеңсенің пешіне үнемі от жағып, еденін жуғанда жиі көреді екен. «Қиындыққа қайыспайтын қайсар жігіт еді», — дейді. Аш-жалаңаш жүрсе де, сыр білдірмесе керек. Лагерьдегі қаныпезер баскесерлер бір күні жоқтан сылтау тауып Қанатбайды соққыға жығып, тісін сындырғанын, басын жарғанын да біледі Вагнер.
1945 жылғы 15 январь күні офицерлер лагерь басқарушысының орынбасары полковник Ганс Мюллердің туған күнін тойлайды. Түні бойы арақ ішіп, би билеп, естерінен танғанша сайрандайды. Таңға жақындағанда он шақты офицер жатақ үйде тырайып-тырайып ұйықтап қалады. Сол күні таң алдында осы жатақ үйге от жағу кезегіне тұтқын Қанатбай Әзімбаев келеді. Ол келгенде есік күзеткен солдат та мас болып қылжиып жатса керек.
Офицерлер жатақ үйінің жалыны аспанға бір-ақ шығады. Күзетшілер жан-жақтан андағайлап жетіп келіп, дабыл қағады. Қанатбайды табанда ұстап алады. Өлімші ғып сабайды. Азаптап өлтірмек болады. Сонда Қанатбай жендеттердің қолынан бұлқынып шығып, лапылдаған өрт ішіне қойып кетіпті. Мұның бәрін сырттан бақылап көріп тұрған Вагнер Қанатбайдың жендеттермен алысып жүргендегі ашынған жан даусын білдірмей қалта магнитофонына жазып алыпты. Енді Қанатбайдың даусын тыңдаңыздар! «Иттің балалары! Сұмырайлар! Сендерден кегімді алып, өлемін». Міне, Қанатбайдың өлер алдындағы ақтық сөзі.
Қазақ ұлы Қанатбай Әзімбаев ер өлімімен осылай қаза тауыпты.
Вагнер жолдастың Қанатбай Әзімбаев жайынан білетін дерегі осы ғана. Ердің ісі халықтың есінде қалсын, артындағы елі, егер бар болса, зайыбы, балалары білсін деген ізгі ниетпен осы шағын хабарды ұйымдастырып, қазақ радиосына жолдауды өзімізге міндет санадық...»
Тұтқиылдан қайғылы уақиғаға душар болған жұрт жарға соққан толқындай ыңырана күрсініп, өкси тынып қалды. Соғыста хабарсыз жоғалып кеткен Қанатбай тіріліп келіп, алақандай магнитофонның ішіне жасырынып тұрғандай, қаптаған жаудыр көздер соған қадала қарай қалыпты. Жүрегінің ескі жарасы ашылып, кеудесінде дамылдап жатқан қайғы-шері кенет оянған Зәмзе екі бүйірін таянып, аңырап қоя берді: «Қайран боздағым-ай, қосағым-ай, өрт ішінде ойран болған екенсің ғой!» Шал, кемпірлер Зәмзені айнала қаумалап алды. «Хабарсыз жоғалып кеткеніне де көнгенсің, қой жылама», — десіп жұбатып жатыр.
Зәмзе жүрегі елжіреп, тұла бойына оттай ыстық қан тарап, іштен тынып, түнеріп отырып қалды. Осы сәтте оның шерлі көкірегіндегі хабарсыз кеткен беймәлім жұбай бейнесі жоғалып, оның орнына бір өзі бір топ фашисті өртеп, жауынан кек алған, өзі салған өрт ішінде құрбан болған батыр жұбайдың жарқын бейнесі орнады.
Сылқымбек шопан көп ішінен суырылып шыға келіп, алға тұра қалды. Иығына шейін кесілген сол қолының орнын бүркеп тұрған бос жеңін сау қолымен бешпентінің жан қалтасына қымқырып қойып, өршелене сөйлеп кетті.
— Аз сабыр етейік, жамағат! Өздеріңіз білесіздер, мен де соғыста бір қолды беріп келген солдатпын. Ақылың бар еді ғой, Зәмзе жеңеше, сен де сабаңа түс. Қанатбай ағамыз соғыста тегін өлмеген екен. Жастығын ала жығылыпты. Жау қолында өз болып жаншылып өлгеннен, ер болып еңіреп өлген абзал. Ел сенімін ақтаған екен сабазым! Тірі кетіп еді деп, келмес жаннан құр үміткер болғаннан, анық хабарын естіп, көңілдің суығаны да жақсы. Радиодан сөзін жазып алып, бізге естіртіп отырған мына Кенетайға мың да бір рақмет жаусын. Ал, халайық, тірі кісі тіршілігін істей береді... Қане, мына жігіттің киносын көрейік.
Жұрт су сепкендей басыла қалды. «Қыз бен жігіт» фильмі басталып кетті.
Кино жүріп жатыр. Қазақ халқының соғыстан кейінгі бейбіт те берекелі тұрмысының сан қилы сырын шертіп, балғын жастардың кіршіксіз махаббатын баяндайды. Асқақтаған ән мен күй, әсем өлең-жыр көрген елдің көкірегіне әлдебір киелі арман құсындай қонақтап жатыр. Әлгі әзірде Қанатбай жайын баяндап, осындағы әр адамның жүрегіне мұң салған қайғылы хабар мына ойын-күлкісі мол көңілді киномен араласып, тоғысып кеткен секілді.
Күлән Зәмзенің сол жағында мұңайып отыр еді. Көзі кинода, көңілі от ішінде ойран болған әкеде. Жүрегі аттай тулап, тұла бойы күйіп, жанып әкетіп барады. Көзінің алдын қара тұман бүркеп алды. Есеңгіреп отырған әжесін оң қолымен құшақтап отырып, терең ойға шомып кетті...
Әлсін-әлсін тебірене терең күрсініп, мұңға батып отырған әжесіне әлдеқандай аянышты пішінмен қарағанда, Күләннің көзінен жасы ағыл-тегіл сорғалап жүре берді. От ішінде өліп бара жатқан әкесінің «Иттің балалары! Сұмырайлар! Сендерден кегімді алып өлемін!» деп ашынған ызалы даусы келді құлағына. Иә, Күлән өмірі жүзін көрмеген әкесінің даусын естіді...
Кенетай кеше таңертең осы арадан алпыс шықырым қашықтағы малшы ауылдарға кино көрсетуге кеткен. Бүгін Зәмзенің қой кезегінен қолы бос. Таң атқалы жауын ыбылжып жауып тұр. Жер беті жаппай ақ меруерт төгіп қойғандай жылт-жылт етеді. Қайғылының шерін қозғайтын, мұңсызға жайма-қоңыр ән айтқызатын, қай-қайдағы сырларын тербейтін бұйығы жаңбыр.
Зәмзе мұндай тынық күнде өрістегі қойларына да қам жемейді. Күн райы бұлтты болғансын түбі қалай болар екен деген сақтықпен екі бірдей жас көмекшісін жіберген.
Маңайдағы ауылдарға почтасын таратып, олардың басқа жерлерге жолдайтын хат-хабарларын, сәлем-сауқаттарын жинап алып, Күлән да әлгі бір әзірде оралған. Шешесі мен екеуі оңаша отырып Қанатбай марқұмды еске түсірді.
Он тоғыз жыл «хабарсыз жоғалып кеткен» Қанатбай кешеден бері «марқұм Қанатбай» атанды ғой. Иә, Зәмзе мен Күлән алты қанат ақ боз үйдің терінде отырып, бүгін бір емін-еркін мұңдасты да сырласты. Мұң сарыны, сыр арқауы — Қанатбай.
— Білесің ғой, мен жеті баланың анасымын ғой, — деп күңірене сөз бастады Зәмзе. — Алтауын жер алды. Сен болсаң, өлім сарқытындай жалғыз өстің. Алты баланың қайғысы да маған аз болған жоқ еді. Бәрінен де көкеңнің қайғысын айтсайшы! Кебенек киіп кетті ғой, бір жер болмаса бір жерде тірі жүрген шығар деп дәтке қуат ететін едім. Үмітім үзілді енді. Он тоғыз жыл бойына тірі кеткен жар қайғысын тартсам, енді өртеніп өлген жар қайғысын тартамын. Оңай емес, әрине. Сонда да шыдау керек! Жанымның күйігін басатын сен барсың, қадірлеп аспанға көтеріп отырған елім бар. Бұған да шүкірлік. Әкең соғысқа кеткенде сен екі айлық шарана едің, Енді, міне, жиырмаға шығып тұрсың.
Күлән томсарып үн қатты.
— Көкем хатты үзбей жазып тұрды дейсің, иә?
— Ай сайын үш бұрышты хаттың алтау-жетеуі келіп тұрды.
— Мені сұрай ма сонда?
— Сөйлей ме, мені айта ма деп сұрайды. Былдырап сөйлейді, «көкем соғысқа кеткен, келеді» дейді деп жаздым бірде. «Мен кеткенде кескіні анық емес еді ғой, кімге тартыпты?» деп сұрайды. «Өзіңнен аумайды, аузыңнан түскендей» деп жаздым. Біздің ауылға Ақмоладан келген тілші жігітке сені суретке түсіртіп алдым да, келесі бір хатқа қосып жібердім...
— Соныменен, қырық төртінші жылдың күзінде көкемнің хаты үзілді дедің ғой, солай емес пе? — Күлән терең күрсінді.
— Солай, қырық төртінші жылдың ноябрінен хаты тоқталды... Ең соңғы хаты тіпті қызық. Күләнімді сақта, суық тиіп ауырып қалып жүрмесін, артымдағы тұяғым ғой, көзім ғой, аман болсын депті. Өлетінін білген ғой деймін. Осы соңғы хатын бір түрлі елжіреп жазыпты. Суретін жіберіпті. Әкелші көкеңнің сол суретін, сыртындағы жазуын оқышы.
Күлән ескерткіш альбомдағы көкесінің солдат формасымен шинель, жұлдызды құлақшын киіп түскен кішкентай суретін әкеліп сыртындағы жазуын даусын шығара оқыды: «Сүйікті жарым Зәмзеге, құлыным Күләнға өмірлік ескерткіш». Екеуі суретті алма-кезек көріп, мұңға батты.
— Иә, бұ да өлетінін білген адамның ақырғы сөзі, — деді Зәмзе тебіреніп.
Күлән әкесі жаңа өлген жетім баладай кемсендеп:
— Көкемнің осы суретін үлкейттіріп алайықшы, — деді.
— Сөйт, жаным. Өмірлік ескерткіш болсын.
Зәмзе әңгіме сарынын шұғыл өзгертті.
— Екеуміз бір оңаша сөйлесейікші.
— Сөйлесіп отырған жоқпыз ба?
— Айтатын бір сөзім бар. Сені желге, күнге тигізбей мәпелеп өсірдім, оқыттым. Әкесіз өссең де ешкімнен кем емессің. Мен болсам қартайып келемін, алдымдағы қойды басқа біреуге тапсыратын уақыт та қашық емес. Сонда екеуден-екеу шошайып отырамыз ба? Көп отырып қалдың. Сенің күйеуге шығатын дер шағың. Үністетте сырттан оқып жүрсің. Оны аман болсаң тауысарсың. Көрші ауылдағы мал дәрігері Игісін Маралбаевтың кейінгі кезде біздің үйге неге келгіштеп жүргенін сезесің бе, сірә? Үй ішінен үй тігейік, Тоқтасын ініме қызыңды бер деп жабысып жүр.
— Мен Тоқтасынды сенен жақсы білемін, әже, — деді Күлән сұстанып. — Арағын ішіп, өтірігін айтып жүре берсін, оны қайтесің.
— Ойланайық деп жіберіп едім, — деді де Зәмзе сөзді осымен доғарып тастады. Түбінде Тоқтасын қолына келіп кіретін болса, теріс көрмейтінін білдіріп, Игісінді емексітіп жібергенін айтпай іркіліп қалды. Бұрнағы күні Кенетай әкелген оқыс хабардан кейін Зәмзе екі ұдай ой тартысына душар болған-ды. Ендігі жерде бар салмақты қыздың өзіне артып, соның ырқына көне берейін деген байлауы бар. Жаңағы әңгімені Күләннің Тоқтасынға деген көңілін байқағалы айтқан.
Аз ғана үнсіздіктен кейін Күлән әжесіне тік қарап отырып:
— Әйтеуір, қалай дегенмен ойланайық та, — деді.
— Мына жаңбыр ұзаққа кетті ғой, — деді Зәмзе орнынан көтеріле беріп. — Бибіжамал ауырып жатыр деп еді, құрбым ғой, көңілін сұрап келейін...
Ол жеңіл киініп, көрші ауылға кетті. Күлән Сәлімнің күнделік дәптерін тауып алған. Бұл дәптерді Сәлім аттанарда сасып жүріп ұмыт қалдырды ма, әлде Күлән оқысын деп әдейі тастап кетті ме?
Енді Күлән осы күнделік дәптерді бастан-аяқ оқып шықты да, ең соңғы жазуларына ұзақ қадалды.
7 август
Көрші ауылдарды аралап, танысып шықтым. Ел тұрмысы өте жақсы екен. «Ит басына іркіт төгіліп жатыр» дегендей, көл-көсір молшылық.
Кешкісін Қартабай шопанның үйінде қонақ болдым. Ақсақал өткен-кеткен өмір тарихын қозғап, бүгінгі тұрмысын баяндап берді. Бұл кісі де Зәмзе апайдың өкшесін басқан кексе шопан. Еңбек Қызыл Ту орденінің иесі.
Шай дастарқанын жинап ала бергенде, тапал бойлы, шой қара жігіт сәлем беріп кіріп келді. «Зоотехниктің орынбасары — Тоқтасын Маралбаевпын», — деп таныстырды. «Ауыл жерінде осындай қызмет лауазымын естісем құлағым керең болсын» деймін ішімнен. Отызға таяп қалған жігіт екен. Май басқан тарғақ бетінен әжім біліне бастапты. Жасына жетпей қартайған ешкі қарын, сарық бөксенің өзі екен. Салпы ерні тігісі кеткен жамаудай ыржиып, аузына жуыспайды.
Мен Тоқтасынды сыртынан білетінмін. Шындығында, ол осы жайлаудағы мал санитары. Мұның Күләннан дәмесі барын да орталықта жүргенде әркімдерден естігенім бар. Сыпайылап жөнімді айтып едім, салған жерден мені иықтай бастады. «Мәдениеттің әулиесі», «киноның құдайы» дей ме-ау, әйтеуір, не керек, қалжыңдаған болып түйреп отыр.
— Жөн сөйле, жігітім, — деп едім, жайнақ аузын тымырайта қысып, томпақ ұрты ірің жинаған шиқандай талаурай қалды. Ісіңкі қалың қабағынан ызғар білінді. Айнала төңірегін көгеріңкі сызат қоршаған сона көзінен қорқынышты ашу оты ұшқын шашады.
— Қонақ жігіт арақ ішпесе, мен де бүгін аузымды тыяйын, — деп, тамаққа өкпелеген тентек балаша бұртыңдап қырын қарай берді.
— Иә, арақ мәселесіне келгенде мен саған серік бола алмаймын, — деп едім, анау өтірік күлімсіреген болып, қалжыңға ауысты.
— Өзіміз Жездіде жүргенде арақты шелегімен ішуші едік. Сарыбелге келгелі айғыр стақанға қарап қалдық, — деді.
— Әй, Тоқтасын, сөзді көбейтпе, — деді Қартабай шамалы зілденіп. — Немене, осы арақ десе әкелеріңнің асындай сұғына кетесіңдер, түге. Ішіп алып шегірткенің айғырындай дікеңдейсіңдер келіп. Денсаулыққа ішейік дейсіңдер де, ертеңіне қирап ауырасыңдар. Достыққа ішейік дейсіңдер де, қыран жапқандай боп төбелесесіңдер. Осыларың жаман.
Тоқтасын ішіндегі бар пәле-сұмдығын екі ұртына жиғандай сазарып отырып қалды. Бізбен дәм-тұзы жараспайтынын білді ғой деймін, тіл қатпастан тұра жөнелді. Оған тоқта деген үй иесі жоқ.
Міне, Күләннан дәмелі жігіттің сиқы. Күлән тұрмақ, біздің Кенетайдың тырнағынан садаға кетсін.
9 август
Зәмзе апайдың аулына қайта оралдым. Бүгін өзіме демалыс бердім. Шамалы тынығып алайын деген ойым бар. Ертең осындағы ауылдарға кино көрсетемін. Бүрсігүні Шұбаркөл жайлауындағы ауылдарға аттанамын. Ол осы арадан жетпіс километр дейді.
Зәмзе апай қой бағымында, Күлән екеуміз оңаша қалдық. Оның өңі бүгін күндегіден сынық екен. Көңілі енжар сияқты. Жалындаған сезімі суынғандай бәсең сөйлейді. Жүріс-тұрысы да бұрынғыдай ширақ емес. Маған бірдеңе айтқалы оймақ аузын оңтайлайды да, тілі күрмелгендей бөгеле береді. Отты көзінің жанары да бүгін жасық.
Бір арнаға тоғысқан тоғыз өзендей неше түрлі ой кернеп барады мені. Неге екенін өзім де білмеймін, тамыр-тамырларым құрысып, денем қалтырайды. Бойымдағы бар жылуым кеудеме жиналғандай жүрегім күйеді.
— Күлән, саған не болды? Неге осынша жүдедің? — деп өзімсіне тіл қатып едім, қыз қабағындағы бұлт онан сайын қалыңдап кетті. Жауап қатпай тартыншақтай берді. Байқаймын, солғын жүзінде әлденеден торыққан жанның сыңайы бар.
— Неменеге жетісемін, шекем шылқылдап тұр ма, — деп көзінің астымен мұңая қарады маған.
Күләннің бұл білдіріп отырғаны қандай жай? Жана түсіп сөніп қалған сәтсіз махаббатына меңзей ме? Әлдебір басқа себебі бар ма? Қапелімде мұның парқын айыра алмадым.
Тебіренген ойдың жетегіне ере бердім. Мұңға батып, қапаланып отырған қызға білгішсініп сын айту жаңа тұрпатты жас жігітке жат қылық. Сөз қағысуға оңтайлы жағдайды бағып отырмын. Қыз үнсіз. Әлпетіне қарағанда менен сөз күтетін сияқты.
Тілге тиек болсын деген оймен:
— Шіркін, сіздің жайлау қандай көркем! Жердің шұрайы екен, — деп едім, Күлән бәсең дауыспен күңк етті.
— Жайлаудың жақсылығын қайтейін, — деді де, арғы жағын өзің тап дегендей, сөздің аяғын шорт үзіп тастады.
— Біздің жастар жақсылықтан бұлай түңілмес болар, — дедім. Үнім қатаңдау шықса керек, Күлән сұстана қалды.
— Ақылы азғантай адам түңілгіш болады ғой, — деді.
— Сен өзіңді ақылсыз қыздардың қатарына қосасың ба? — дедім.
«Қалай ойласаң да ықтияр өзіңде» дегендей, әрі-сәрі пішінмен:
— Ақылды болсам, тең құрбыларымнан шеттеп жалғыз қалмас едім ғой, деді.
— Сені шетке қағып жүрген біреу бар ма, соны айтшы? — дедім.
— Менің жағдайымды білесің ғой, сонда да сынағалы айтып отырсың ғой, — деп дыбысын шығара күрсінді қыз. «Өзің білетін жайды толықтырып айтып беріп, мұнымды шағар едім, зейін қойып тыңдайсың ба?» дегендей болады жақын тартып жаудыраған көздері.
— Дүниеде уәделі сөзде тұрмағаннан жаман жоқ, — дедім.
— Ашып айтшы, — деді Күлән, — кім екен ол, уәдесін бұзған?
— Екеуіңе де осыны айтар едім...
— Маған қосақтаған екінші адамың кім?
— Сормаңдай Кенетай бар емес пе?
Қыз зорлана мырс етті.
— Ол неге сормаңдай болады? Мүмкін, бақытты болар, қайдан білесің, — деді.
Енді орайы келіп қалған соң тіке шабуылға шықтым.
— Менің білуімше, Кенетай сенсіз бақытты бола алмайды, — дедім. «Осы айтып отырғаның шының ба әлде менің пиғылымды білейін деп әдейі сынағаның ба?» — деген ой елесін оқыдым жүзінен.
Мен де ойсыз емеспін: «Мені өз жүрегінің маған деген қалауын сездіретін болар деп манадан бері күтіп отырған шығарсың. Жоқ, шырағым, менің ойлайтыным Кенетайдың қамы. Екеуіңнің араңдағы шала-жансар махаббат тез сөніп қалған екен, енді жаңа Махаббаттың отын тұтатайық деуге арым бармайды».
Күлән оң қолының атсыз бармағандағы алтын сақинаны лықсыта суырып алып, алақанында тербетіп отырды да, қайта кигізді. Мұнысы несі? Айныған махаббатымды қайта қалпына келтіруге тәнтімін дегені ме? Болмаса, егер менде көңілің болса, екеуміздің махаббатымыз осы саф алтындай әсем де таза болсын деген ишараты ма?
Қарасам, осы мезетте қыз қабағынан бұлт тарап, жүзіне өң кірген екен. Оның аяқ астынан не себептен күрт өзгере қалғанын сезген жоқпын.
— Осы бақыт деген не? Соның мәнісін түсіндіріп бересің бе? — деп, Күлән маған төтесінен сауал қойды. Мұнысы ілгешек сауал ма? «Кенетай сенсіз бақытты бола алмайды» дегеніме орай айтқан тұспалы ма? Салмақтап келгенде соңғысына жорыдым да:
— Менің білуімше, бақыт күрделі ұғым, ол от басымен, адамның жеке-дара тұрмысымен шектелмейді, — дедім. Бақыттың әлеуметтік және семьялық мәнін тоғыстыра айтып бердім. Менің білгенімді Күлән да біледі. Қай оймен сұраса да мейлі. Білгенімше түсіндірген болдым.
— Ендеше, Кенетай досыңа айта бар, шын бақытты болам десе; ең әуелі сол бақыттың мәнісіне түсініп алсын...
— Кенетай бақыттың не екенін білмейтін миғұла жігіт емес, — дедім — пенде ғой, жаза басып сүрінген шығар, асығыс сөйлеймін деп жаңылған шығар...
— Онда менің не шаруам бар, бақыт туралы сауалыма берген жауабыңнан шығып кетті...
Күлән бір кітапты ақтарып, үнсіз қалды. «Қанша қашқақтасаң да, Кенетайдан көңілің онша бөтен емес-ау, — деген ой келді маған. — Менің оған деген шын ниетімді мүлтіксіз біліп алмаққа әдейі айтасың ғой».
Күлән кітап оқыған болып отыр. Тары да бір қайшы ой мазамды ала бастады: «Сен өзің дәлдірсің бе, немене? Жылы тәтті сөзіңмен қыздың жүрегін баурап алудың орнына, айналып, үйіріліп айтатының Кенетай. Сонда қалай, осылардың арасына жеңгетай болмақсың ба?»
— Ойлан, Күлән, ойлан! — дедім сөзді қысқартқым келіп. — Айттым, ғой, Кенетай сенсіз бақытты бола алмайды.
Қыз бірден жауап бермей, ойланып қалғанда, есіктен Зәмзе апай кіріп келді...
Күлән төр алдында күнделік дәптерді кеудесіне қысып отырып ойға кетті. «Сәлім шынында да керемет ақылды жігіт екен. Оның ақылын тыңдаған адам азбайды».
Ғайыптағы Сәлімге толқи тіл қатты. «Иә, ойланайын. Мүмкін, мен де Кенетайсыз бақытты бола алмайтын шығармын».
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі