I
— Жанбайды... мұны қайтем?.. Әжем ұрсады-ау... Үй суып кетті... Өміртай тоңып қалды -ау. Өзім де тоңдым... Әжем қашан келеді?.. — деді де Әсия жылады.
Отты үргенде түтін толып, күл түсіп, ашып отырған көздерін екі жұдырығымен уқалап онан жаман ашытты.
Қарақаттай қап-қара көздері қазір қып-қызыл болып ісіп кетті, қып-қызыл дөңгелек беттері айғызданған кір болды.
Әсия жылаған соң жанында шешесінің ескі күпісіне оранып, жылына алмай көгеріп отырған Өміртай жылады.
— Апа, тоңдым... Қайным ашты... Әжеме баям... — деп қоймай-қоймай жылады.
Үйдің іші ит байласа тұрғысыз суық. Қазан пештің аузындай ғана кішкене әйнектен көмескіленіп күннің сәулесі түскен болады, терезенің алдын қар алып қалған, тек сәуле түскендей жері ғана ашық. Екі бала пештің алдында отыр.
Әсия мең-зең. Өміртай қосыла жылаған соң, тіпті басы айналып кетті.
Сонда да Өміртайдың қасында Әсия — апа, кәдімгі естияр адам.
Кір-кір жұдырығымен көздерінің жасын сүртіп, бұрынғыдан жаман айғыздап түрегелді.
Бөпесінің қолдарын уқалап, біраз демімен жылытып, көзін, мұрнын сүртіп, күпіге жақсылап орады.
— Әжең келеді қазір, бауырсақ әкеледі... Жылама, қалқам!.. — деп, жүкаяқтың астында тұрған шеті мүжік қара аяқтың ішіндегі тары көжені әкеліп Өміртайға ішкізді.
Көжені көрген соң-ақ Өміртай жылауын қойды. Әсияның әжесі түнде байдікінен сорпаның майын әкелген, соны қайнатып істеген көженің қалғанын Әсияға «бөпең жылағанда берерсің» деп жүк астына қойып кеткен.
Өміртай көже ішкен соң уайымды да, әжені де ұмытты; апасының бергеніне шыдамай аяққа өзі қолды салды, бет-аузы, үсті-басы, бәрі тары болып, тек күлімдеген екі көзі ғана жылтырайды.
Оны алдандырып қойып, Әсия тағы от жағуға кірісті.
Қалтылдаған кішкене көкірегінің бар демін ішіне тартып үргілеп отырып, біраздан соң отты жандырды.
Отқа жылынып, Өміртайдан қалған көжені ішіп, Әсия да көңілденді. Әкесінің күпісіне орап Өміртайды жатқызып, қасында өзі арқасын қағып, әлдилеп жатып ұйықтатты.
Дала сықырлаған аяз. Терезеден анда-санда жүрген кісінің, малдың сықыры естіліп, терезенің өзі де қалың қыраудан сытыр-сытыр етеді.
Өміртай ұйықтап жатыр.
Әсия көсеумен шұқылап, отты қағыстырып отырып, әжесін ойлайды. Өміртайдың жылағанын сылтау қылып анда-санда байдікіндегі әжесіне барғандары есіне түседі.
Қанша үлкенсіп апа болып, Өміртайды ойнатып алдандыруға жарағанмен езі де әжесінің жанында болғысы келеді, әжесінің жанында отырғанда төңірегіндегі дүние жылы да, жарық та көрінеді.
Өміртайдың жылағаны да онша білінбейді... Өзі де бала екенін сонда ғана біледі.
Жаңабайдың ас үйінде әжесі бәйбішемен бірге бауырсақ пісіріп жатады, ет асып жатады; кіріп барғанда тәтті тамақтың иісі кісінің мұрнын жарады...
Бірақ бәйбіше барда Әсия, ас үйге кіруге қорқады, әжесі де ұрсады. Көбіне бәйбіше Әсияға дым бермейді, кейде ғана: «Мә, бөпеңді алып қайт, әжеңнің қолы тимейді... барыңдар!» деп, бес-алты бауырсақ береді де, ашуланған сияқты жаман көзімен қарайды.
Сонсоң Әсияның көңілі суып, «енді бармаспын-ау!» деп қайтады. Кейбір кезде бәйбіше жоқта барып қалса, әжесі қалтасына бауырсақ, малта салып береді.
Онда Әсия өзі де кідірмей үйіне жүгіріп кетеді. Байдың үйіне барғандарын ойлап отырғанда от та жанып болды, Әсия мыжырайған жаман етігін киіп, далаға шығып пештің төбесін жауып келді. Пештің қуысынан ұршығын алып, Өміртайдың жанына бір тізелеп отырып, үлкен қыздарша ұршық иіруге кірісті.
Бөпесіне байпақ тоқып берем деп, әжесінен жүн сұрап алып, иіріп жүр. Ылақша секіріп ойыннан босамайтын жұдырықтай Әсия, сүйтіп күні бойы жалғыз, кішкене бөпесін бағып, отын жағып, үйін сыпырып, тары түйіп, шамасынан артық үй шаруасының бәрін бір езі істеп, балалықтың қызығын көре алмай өсе береді, әлгіндей суық үйде жалғыз отырып, әжесін іздеп байдікіне барғандағылары есіне түскенде, нәп-нәзік балбыраған көңіліне табиғат әділсіздік, теңсіздіктің ызасын өз-өзінен еріксіз орнатып бекіте береді.
Далада сықырлаған аяз, үй ішінде тышқанның тықырынан басқа дыбыс жоқ.
Әсия қазір тоғызда, әкесі Майлыбай қырықтың ішіндегі кісі. Көптен бері Байғабыл байдың қойын бағады. Былтырдан тамақ асырау қиын болып бара жатқан соң, үй ішімен байдың бір үйіне кіріп алып, қатыны байдың үй шаруасын басқарады, өзі далада малда жүреді, Әсия әкесін тіпті аз көреді. Балалар ұйықтап жатқанда кетеді, түнде тағы бұлар жатып қалғанда келеді. Тек кейде, әжесі: «Ұйықтамай от жағып отыра тұр, мен кешікпей келемін!» деген соң, от жағып күтіп отырғанда ғана көріп қалады.
Сақал-мұртына мұз қатып, күпісінің жағасы, тымағы қырауытып, сықырлап келеді. Келгенде үндемейді, кейіп жүрген сияқты. Қайдан келдің, не істеп келдің деп сұрауға да Әсия бата алмайды, қорқады.
Әжесі ғой! Ол тіпті босамайды. Күні бойы байдың үйінде. Балалар ұйықтап жатқанда кетеді, байдың суын әкеліп, отын жағып, шәйін даярлап беріп, үйге бір келіп кетеді. Су әкеліп, от жағып балаларға кешеден тұрған байдың үйінен келген азғана сарқытты беріп, болмаса көжесін беріп, Әсияға ол-пұл үйдің шаруасын тапсырып, бөпеңді жылатпа, қарағым, дейді де кетеді...
Сол кеткеннен бесін кезінде бір соқса, болмаса ел орынға отырғанда бір келіп көже -мөжесін істеп беріп, тағы кетеді; сонан байлардың түнгі тамағын беріп, жатқызып қайтады.
Әсия көбіне әжесіне қарамай Өміртай екеуі ұйықтап қалады. Кейде әжесі ертерек босанып келіп, өздерінің соғымға сойған тайыншасының етінен ет асып, нан істеп салып береді.
Онда Әсия Өміртайды да ұйықтатпайды. Әкесі де жазылып, балаларын еркелетіп, ойнағанына қарап әжесімен сөйлесіп отырады.
Онда көбіне сөйлесетіні Әсияның Әміржан деген ағасының жайы.
Әміржан он үш жаста. Екі жүз шақырым жерде қалада оқып жатыр. Екі жыл болды — Әміржан күздігүні елден баратын екі-үш баламен қосылып кетеді, сонан жазғытұры майдың ішінде келеді.
Әуелі қалашылармен қашып кетіп еді. Енді әкесі тоқтатпайды, басқа балалардан қалдырмай жібереді.
Оқыса оқысын, ең болмағанда тамағы тоқ болар, бірдеме біліп шықса оқыған балалардың көбі-ақ адам болып кетіп жатыр ғой дейді. Әміржаннан қыстың басында бір хат келді. Өзі жазыпты.
«Әкемізге сәлем, әжемізге сәлем, Әсия қарындасымызға сәлем, Өміртай інімізге сәлем» деп жазыпты.
Байдың молдасы оқып берді. «Оқуымыз жақсы, тамағымыз жақсы, ақ нан жейміз, қантпен шәй ішеміз, күнде ет жейміз» депті.
Әсияның әкесі — әжесі мен екеуі, әлгіндей көңілденіп отырғанда соны сөз қылады.
— Тағы хат жазамын, — деген екен. Ол хаты қашан келер екен, тек тірі болсын, адам болар қарағым, өзі ұмтылып еді ғой!.. — дейді әкесі.
«Әсия қарындасымызға сәлем» деген сөзі Әсияның ойынан кетпейді. Қатарға кіріп қалғандай болып, ішінен мақтанады, көңілінде Әміржан да бір үлкен дәрежелі кісі болып көрінеді.
Бірақ мұндай ет асып, үй іші болып мәжіліс құратын күндер Майлыбайдың үйінде тым сирек болады.
Бір тайыншаның еті қаншаға жетсін?
Және Әсияның әжесі пәлен қайнаға, түген қайнағаға сыбаға сақтағысы келеді, сонсоң ет асқан күндер санаулы болып, көпке дейін Әсияның көңілінен кетпей жүреді.
Әсияның осы күні ойлайтыны Әміржан ағасының хаты қашан келер екен, өзі қашан келер екен деген сол оймен Әсия ұйқыға кетеді.
2
Қыс өтіп, жылы, жәйлі жаз келді. Күн күлімдеп, дүние жасарып, жан-жануар, қызғалдақ шөптер ұйықтап оянғандай, жазылып, керіліп, ың-жың болып, жаратылыстың кең шатыры тігілді, кедей де, бай да жаратылыстың құшағына кірді.
Бірақ тоғыз жасар Әсияның қызметі қысты күнгіден артпаса, кеміген жоқ.
Әжесінің жұмысы көбейген сайын Әсияның да міндеті арта бермек. Мал балалап, қыстаудан шыққан соң-ақ әйелдің жұмысы басынан асады. Әсияның әжесі де ұзақ күнге байдың үйінен босамайтын болды.
Әсия таңертең үлкен қыздармен суға барады. Иін ағашқа ілген екі шелек судың ауырлығынан имиіп, үйіне жеткенше неше рет дем алып, бәрінің соңында қалып, жете алмай келе жатқаны...
Жамырап бара жатқан бұзауды енесінен айырамын деп, әлі жетпей, шашы жалбырап, қып-қызыл болып, жыламсырап барынша шіреніп жатқаны...
От жағып, сүтін пісіре алмай, күйе-күйе болып, көздерін түтін шалып, әбігер шегіп жүргені.
Қыстыгүнгідей емес, ауыл болып аралас-қоралас отырған соң, Әсиялар күні бойы бәйбішенің көз алдында. Бәйбіше титтей бос жүргізгісі келмейді.
— Әсия, баланы тербете тұршы! Әсия, құманға су құйып әкелші! — Әсия қозы ұстасшы!
— Әсия, ананы істеші, Әсия, мынаны істеші, — деген бәйбішенің бұйрықтары жаздың ұзақ күнінде құлақтан кетпейді...
3
Бір күні қаладан Әміржан келді. Әміржан былтырғыдан да біртүрлі болып, әдеміленіп, кісі болып кетіпті, өзі өсіпті.
Үстінде қара шолақ көйлек, қара шалбар, бетінде жылтырағы бар қайыс белбеу, әдемі етігі бар, басына солдаттың қалпағын киген... Қара көйлектің ішінен ақ көйлектің жеңі көрінеді, ішінде тағы бір көйлегі болса керек.
Өзі ауылдың, үйдің жайын сұрап, әкесімен үлкен кісіше сөйлеседі.
Әуелі Әсия Әміржанның қасына баруға ұялып, сөз сұраса үндемей төмен қарап, жүгіріп кетіп қалып жүрді.
Бірақ ішінен қуанып, мақтанып жүрді. Үйінің ішінде ең болмаса бір адам жақсы киініп, түрі байдың балаларынан артық болмаса, кем болмай жүргеніне мақтанады.
Әсия біраздан соң Әміржанға үйреніп бұрынғыдай ойнап, сөйлесетін болды.
Әміржан Әсияға мектептегі балалардың жайын айтады. Оқудың жайын айтады, бір кітаптан неше түрлі хайуандардың сүгретін көрсетіп, олардың қайда жүріп, қайда тұратынын, қалай өсіп, өнетінін, адамға қандай пайда, қандай зияны бар екенін оқып отырып түсіндірді. Қай жерде қандай халықтар бар екенін сүгреттен көрсетіп айтып берді, қазанның түбіндей қап-қара адам болады екен, оның да сүгретін көрсетті.
Өзі қап-қара, ерні қалың, тісі аппақ болып ақсиып тұр.
— Осындай да адам болады екен, — деп Әсия көргенде күліп жіберді.
Әміржан сүгрет көрсеткенде Өміртай да қарап бір нәрсені түсінген кейіпті болып отырады. Әміржан мектептегі қыздардың жайын да айтады.
Көп қыздар бәрі бір бөлмеде жатады, қастарында үйретіп жүретін бір апасы болады, сабақтан бос кезде кесте тігіп үйретеді, үлкендері өз киімдерін өздері тігеді.
— Неше түрлі ойындар ойнатады, өлең үйретеді, — деп Әміржан өзі ән салып, өлең айтады. Әсия қосылып жүріп «Гүлнарай» мен «Оян қарғысты» үйреніп алды.
Әжесі қолы бір босап кеткен кезде, балалардың сондай тамаша сөздер айтып отырған үстіне келіп, Әміржанға қарап отырып, «тоба құдай!» — дейді күбірлеп.
Әміржанның бойындағы мектептің салған аз ғана сәулесі Майлыбайдың қара үйінің ішіне де бір жарық сәуле түсірген сияқты. Әкесі, Майлыбайдан бастап адамдарының бәрінің де бет ажарында разылықтың белгісі бар...
Бірақ Әміржан өз үй-ішінің тұрмысына разы емес. Қалада мұғалімдер, басқа қызметтегі азаматтар кейде мектепке келіп сөз сөйлегенде Ленин атамыздың өсиетінше, еңбекші кедей байға құл болмай, еңбегінің игілігін өзі көруі керек. Жасы жетіге толған балаларды ұл, қыз демей, тегіс оқыту керек; еркек, әйел, үлкендерді оқыту керек деуші еді.
Елдің әлі өзгерген ештеңесі көрінбейді: әке-шешесінің күнбе-күнгі көріп жүрген бейнеті Әміржан ес білгеннен бері келе жатқан бейнет. Онымен тұрмай кішкене Әсияның қолы босап, бала болып ойнауға шамасы келмейді.
Әміржан мектептегі қыздар мен Әсияның тұрмысын салыстырады.
Әміржан Әсияның осы жап-жас басынан бір үйдің бар бейнеті басында болып, күйе-күйе түрімен ойы да, бойы да өспей әжесі сияқты көзі ашылмайтын күңдікке бейімделіп, күн ілгері мойынсұнып келе жатқанын сезді.
— Әсияны мектепке алып кетпей болмайды екен, — деді өзінен-өзі Әміржан.
Әсияны көндіру Әміржанға қиын болған жоқ. Ол өзі де Әміржан айтқан соң қызығып жүретін. Әміржан бір күні:
— Әсия, менің қалаға оқуға баратын күнім таянып қалды... Сен менімен бірге барасың ба? — дегенде көздері жарқ ете түсті...
Ойын екенін, шын екенін біле алмай біраз отырды.
— Рас апарасың ба? — деді.
— Рас, қалқам! Өзіммен бірге жүресің. Өзіңдей кішкене қыздармен бірге жатасың, бірге оқисың. Бірге ойнайсың... Барам десең өзім осы жолы алып кетем.
«Әжем мен Өміртай қайтіп қалады?» деген ой зымырап өте шықты... Лүпілдеген кішкене жүрегінің соғысы баяулағандай болып, жүрегі бұрып, қимай кішкене тұрады да, барам дейді.
Әкесіне Әсияның аш, жалаңаш, өнебойы бейнетте жүріп бекер қор болатынын айтып, мектеп тәрбиесінің жақсылығына өзін мысал қылып көрсетіп, және өздеріне тамақ асыраудың қиындығын айтып: «Әсияны мен алып кетейін, сіз әжемді ренжітпей көндіріңіз», — деді.
Майлыбай қатынына айтқанда:
— Қолғанатым еді, серігім еді, екеуі бірдей кеткен соң қайтіп жүреміз, — деп жыласа да, оның айтқанынан шыға алмады.
Және Әміржанның сөздеріне сенбесіне ылажы болмады.
— «Барса барсыншы, бағы ашылар ма екен?» деді ойында.
Сүйтіп Әсия Әміржан ағасымен бірге, және сол болыстағы оқып жүрген балалармен бәрі оқуға жүрді де кетті.
Осы күні Әсия мектепте. Бес ай болып қалды келгеніне. Араның ұясындай шуылдаған еңбекші қауымның бір мүшесі. Бір қарағанда Әсияны танымай қаласың. Үстінде қоңыр жаңа көйлек, белін қынай буған, аяғында әдемі етік, шашын шолақ қылып қырқып, бір қырын жығып тараған...
Екі беті алмадай қып-қызыл дөп-дөңгелек, қарақаттай көзі жарқырап, төңірегіндегінің бәрі титтей жәбірлемейтін дос екеніне еш күмәні жоқ, өзіндей балалар «хор» болып қосылып өлең айтқанда «біз еңбекшілер таптары...» деп мойнын созып, дауысы күміс қоңыраудай сылдырап о да қосылып тұрады. Дауысы тым таза, әдемі, өзі батыл болған соң, өлең үйрететін мұғалім Әсияны Ақтолқын деген бір кішкене қызбен бірге әнді бөлек салғызып үйретіп жүр. Әсия Әміржанның ауылда айтқан қызықтарының бәрін көріп келеді.
Жаңада бір үлкен қыз пионер болдың деп, Әсияның мойнына қызыл шүберек байлап берген. Сонан бері Әсия пионердің тобынан қалмайды, неше түрлі ойындар үйреніп, «Будь готов!» деген басшыларының сөзіне басқа балалардың арасында о да «Всегда готов!» деп, қолын көтеріп, қарақат көзі жайнап, коммунизм бақытын орнатысуға даярлығын білдіріп уәде беріп тұрғанын көреміз.
Тірі болса Әсия Майлыбай қызы кедей бейнетқорлар ортасында коммунизм бақытын орнатуға ағаларына көмекші боларына көңіліміз толық сенеді.
Декабрь, 1924 ж.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі