(повесть)
I
Кейбір достарым «Саржанның өлімін жаз, ескерткішің сол болсын» деген сөзді қанша айтса да, өзім қанша толғансам да қаламым бір тебіренбейтін.
Өлерінен бір сағат бұрын көргенім болмаса, Саржанның кім екенін білмейтінмін. Сонда да оның қазасы маған тым ауыр тиді. Егер оны еске түсірсем — ет жүрегім елжіреп, жаза бастасам көздің жасы сиямен бірге таматын. Сондықтан оның жайын жаза алмаспын деп күдер үзген едім, кенеттен кездескен мына оқиға осыны жазуыма себепші болып отыр.
Әңгімені басынан бастау үшін, Саржанмен кездескен күнді есіме түсіріп көрейін.
Бұл 1942 жылы апрель айының орта кезі болатын.
Даңқы әлемге тараған өзіміздің сегізінші дивизиядан келе жаттым.
Холм қаласында қоршауда жатқан әскеріне азық, қару құрал тасып, ерсілі-қарсылы аспанда ағылып жүрген жау самолеттері пулеметтен тынымсыз оқ жаудырып, жүрісімізді өндірмей қойды. Біраздан соң күн қызып, қар суымен жол ойылып кетті де, машинамыз жүруден қалды. Бұл өлкенің бойы күн жаумай су болып, шілденің күнінде де батпағы құрғамайтын сазды жер болады екен. Қазіргі қар еріп, миын шығарған кезінде машинаны жүргізетін емес.
Менің баратын жеріме әлі де алпыс километрдей бар. Майдан жайындағы материал салынған сумкамнан басқа жүгім жоқ. Дегенмен, мынандай шегенделіп аяқты кері тартатын батпақта жаяу жүрген адамның өз денесі ауыр жүк екені белгілі. Амал жоқ, жүк ауыр, жол алыс деп, айдалада қалуға болмады, ақ қайыңнан таяқ жасап алдым да, жаяу жүріп кеттім.
Біз бұрын екеу едік енді үшеу болдық. Оның бірі — бір-екі айдан бері мені бастап алып жүрген аға лейтенант Григорий Пешков дейтін өте ер көңілді, ақжарқын, жайдары жігіт. Тек жау қолында қалған әйелі мен екі баласы есіне түскен кезде ғана қамыққан күйге түсіп, халықтың ескі бір мұңды әнін созып айтады да отырады.
Ал, жолдасымның екіншісі — көзі бір түскен адамның да көңілін аударарлық қызыл шырайлы көркі бар Гүлжаһан дейтін қыз. Ол Армия штабына бара жатып бүгін ғана кездескен болатын.
Үшеуміз етекті белге қыстырып алып, жүріп кеттік. Осыдан жиырма күн бұрын әрі бара жатқанымда немістердің алысқа ататын зеңбіректерінің снаряды осы жолдың бойына да түсіп жатушы еді; қазір алыстан естілген үні болмаса, жарылып жатқан снаряд көрінбейді. Дегенмен, әңгімеміз сол жайында болды. Соғыс басталғаннан бері ерліктің алуан түрін өз көзімен көрген Гришаның қызықты әңгімелері ұзақ жолды қысқартып жіберді. Ол бір өлмелі орыс кемпірі өртеп жіберген немістің жеті офицерінің жайын айтқан кезде мен әлденені айтқым келіп, соңымда келе жатқан Гүлжаһанға бұрылып қарап едім, ол өз ойымен өзі әуре боп келеді екен.
— Қалай, қарындас, әңгіме ұнай ма? — деп едім, ол жымиып езу тартты да:
— Ғапу етіңіз, мен кешегі бір ажалсыз адамды ойлап келе жатып, әңгімелеріңізді ести алмай қалдым, — деді.
Тың әңгімеге құлақтың елең ете қалатыны қандай, екеуміз бірден:
— Иә, ол неткен адам? — дестік.
— Өзім көргенім жоқ, көргендердің айтысына қарағанда, ар жақтағы партизандар немістерден бір самолет тартып алып, ауыр жаралы бір командирді бері жөнелткен екен. Сол самолет майдан шебінен өте бере оққа ұшыпты. Ұшқыш та, жаралы командир де өліп, оларды әкеле жатқан адам ғана тірі қалыпты. Сол адамның тірі қалғанына таным бар.
— Парашютпен түскен болар?
— Жоқ, екі мың метр биіктіктен парашютсіз түсіпті. Сонда да тірі қалған. Ғажап емес пе?
— Рас, ғажап екен, — дегеннен басқа ештеңе дей алмай, шым-шытырық ойға түстім.
Біресе жаудан тартып алған самолетпен елге қарай ұшып келе жатқандай қуанамын, біресе аспаннан құлап келе жатқандай үрейленемін. Кейде жайдары ашық күні бар, кейде бұрқ-бұрқ еткен бораны бар түнерген түнек ойда келе жатып күннің кешкіргенін де сезбейқалыппын
Алдымызда: кешіксең кесе-көлденең түсіп, өткел бермеймін деп Ловать өзені жатыр. Бүгін ерте шыққандағы ойымыз — тасып кетпей сол өзеннен өтіп алу еді. Қанша ұмтылғанымызбен жете алмадық. Өзенге он километр қалғанымызда күн батып кетті. Әрі өзіміз қалжырадық, әрі түн ішінде жолдан шығып кетіп, минаға соқтығармыз деп қорықтық та, орманға түнемекші болдық.
Тоқтаған жеріміз қалың орманның ортасындағы дөңгелек алаң. Алаңды қақ жарып терең өзек жатыр. Сол өзектің екі жағында бұрын екі үлкен деревня бар екен, қазір біреуінің орнында екі үйдің мұржасы ғана тұр. Екіншісінде ол да жоқ. Онан басқа көзге түсетін нәрсе жаудың қараған танкісі мен зеңбіректерінің қалдықтары ғана.
Біз сол деревняның шығыс жақ шеткісін басып орманның ішіне кіре бере орналастық. Әп-сәтте от та жағылып, қарағайдың бүршігінен қалыңдығы жарты «мамық төсек» те әзір болды. Кружкада шай қайнап, ақ консерві мен қызыл колбаса араласып, газет үстінде туралып та қалды. Енді құтыдағы спиртке де кезек келді. Екі жолдасым бір үйдің иесі де, мен солардың қонағы секілдімін.
Мен Гүлжаһанмен әлі жөнді әңгімелескенім жоқ-ты... Жолшыбай тек аты-жөнің кім? Қай елдің қызысың? Қайда оқыдың? Қайдан, қашан келдің? Қазір не істейсің? Қайда барасың? — деген сияқты сұраулар ғана берген болатынмын.
Енді аңғардым, оның омырауында «Еңбек Қызыл Ту» ордені мен «Батырлығы үшін» медалы бар екен. Бұларына қарап, мен бұл қыздың елде де, майданда да құрметті қыз екенін аңғардым.
Ол менің өз өмірі жайынан сұраған сұрауларыма тез жауап бере қоймай, жыланша сумаңдап көкке көтерілген қызыл жалынға қарап аз отырды да:
— Мен сіздің осы жайды сұрайтыныңызды мана сезіп едім. Бірақ менің сізге айтарым басқа бір үлкен сыр. Сыр дегенде сіз мені намысы жәбір көрген қыз екен деп ойламаңыз, ол мүлдем баскқа, оны ертең айтармын, бүгін мына сұрауыңызға жауап берейін, — деді.
Дәл осы сәтте сылаң жүрісті бір адам жетіп келді де, біздің әңгімемізді бөліп жіберді.
— Қайырлы түн болсын, жолдастар! — деді ол даусын саңқ еткізіп.
Бір таныс кісіміз келгендей тобымыздың көбейгеніне іштей қуанып, келген адамды жылы шыраймен қарсы алдық. Ол бізбен амандасып болмастан иығындағы сумкасын жерге тастай бере:
— Немене, отындарың түнімен жағуға жете ме? — деді.
— Жетеді, дәмге келіңіз.
— Рақмет, — деп ол отқа жақындай бере бізге, біз оған қарай қалдық. Екі көзі қыран бүркіттің көзіндей, кере қарыс жазық маңдайына жараса біткен қалың қара қасы бар, жасы жиырма бес шамасындағы ұзын бойлы қара сүр жігіт екен.
— Сірә, сіз елден жаңадан келгенсіз-ау, — деді де, ол маған қарай жүрді.
Мен жөнімді айттым.
Ол келіп қол алысты.
— Аға лейтенант Саржан Мұратов.
Гүлжаһан шенінің кішілігін көрсетіп, ұшып тұра келіп еді, ол миығынан күлді де:
— Қара мына қарындастың тәртіптісін. Ұйықтап жатқанда да қолыңды шекеңе қойып ұйықтаймысың? Отыр! — деді де, кенет өзгеріп: — Мен қазақ қызы болар деп, қазақша соғып жатырмын. Қателескен жоқпын ба? — деді.
Гүлжаһан «қателескен жоқсыз» дегеннен басқа ештеңе айтқан жоқ оның өзгеше адам екенін сезгендей көзінің қиығымен бір қарады да, қайта отырды.
Біз жөн сұрап тез шүйіркелесіп кеттік. Неге екені белгісіз, ол бізді көргеніне өте қуанышты. Бірақ менің сұрауыма жауап беруден көрі, әзі маған сұрау қоюға бой ұра берді. Сұрауларының түріне қарап, мен оның көптен бері елден хабарсыз екенін сездім де:
— Сіз қашаннан бері майданда едіңіз? — дедім.
— Осы соғыс қашан басталса, сонан бері. Қалай, он ай бойы оттың ішінде аман жүру ұнай ма?
— Аман жүру кімге ұнамасын. Мына қарындас: айтқызсақ ағайдың ұнайтын әңгімелері де көп болар деп отыр, бұған не дейсіз?
— Е, неге болмасын. Бұл секілді жас қыздар қызыққандай болмаса да, кәрі қыздар қызығатын сырларым бар. Мен аяқты біраз дегдітіп алайын, сонан соң бұл бойжеткеннің де сырын айтқызармыз, — деп, ол кеудесін кере бір күрсінді де, шешіне бастады; — Е, замандастар! Әлі жаспыз, біз қартайғанша қайда деп өмірді босқа өткізбеңдер!
Гүлжаһан «мынау не деп отыр» дегендей маған қарал еді. мен басымды шайқадым да, Саржанның әр қимылынан көз айырмадым. Ол су болған заттарын оттың ық жағына жайды да, қолын сабындап тұрып қармен жуа бастады. Бізде әлі үн жоқ. Бір рет Гүлжаһан «өлместің жолы қандай екен сонда» деп күңк етіп еді, оны естімеді ме, жауап қатқан жоқ, тек дастарқан басына келіп отырғаннан кейін барып:
— Қарындас, сен жаңа маған бірдеңе айттың-ау, осы? — деді.
— Иә, ағай! Мен сізден өлмеудің жолы қандай екенін білейін деп едім.
— Әй қыздар-ай, өз сырларыңды жасырып, өзгенің сырын білуге құмарсыңдар-ау. Мен сенің өзінде де барды ғана айттым ғой.
— Өзіңде де барды?!
— Иә. Мен кісі танысам сен өлмейтін қызсың. Қане, бәріміздің де мәңгі жасауымыз үшін, өлгеннен соң да тірілермен бірге өмір сүруіміз үшін, — деп, ол алдында тұрған арақты қағып салды.
Оның соңғы сөздері жүрегіме аялай қалған соң бетіне қарап едім, ол өз ойымен іштей алысып, қайтадан түнере қалған екен. Менің бір түсінбей отырғаным, Саржанның осы жалт-жұлт мінезі. Ол қазірме-қазір түнереді де, қазірме-қазір жайдарыланады. Кейде ұзақ үнсіз отырып қалады. Жана ғана түнеріп отыр еді. «Ағайдың өзі де өлмейтін жолды енді ғана ойлап отыр-ау деймін, байқайсыз ба?» — деген Гүлжаһанға жайдары жүзбен күлімсірей қарап:
Бейхабар жүргенсіп,
Бек қатты сынайсың, —
деген бе еді, Абай атамыз, қалай еді? — деді.
Бұл сөз Гүлжаһанның намысына тиді. Шынында, ол Саржан ойлағандай жігіт сырын білсе де, білмегенситін қыздың ролін ойнап отырған жоқ, көп түнерудің ішінде қалын бір сырлар жатқанын сезгендік бар. Ол Саржанның әлгі сөзіне қынжылғандық түр көрсетіп, маған қарады.
— Ағай, мені ақтай көріңіз мына жаладан.
— Егер де Саржан ағаң сол сөзді қарындасының сынауы емес екенін біле тұра айтса, ақтай алар ма екенмін, — дедім де, Саржанға қарадым, — мұны бекер ден алмассыз?
— Сіздер мені жалғыздайын дедіңіздер-ау, — деді ол күлімсіреп, — басқа тағар айыптарыңыз жоқ болса ағат айтылған сөзіме айып етпе, қарындас.
Гүлжаһан жауабымды көзімнен ұқ дегендей бір жалт еткізді де, төмен қарады.
— Апыр-ай, мен Москваға қашан жетер екенмін? — деп, Саржан кенет басқа бір ойға толқып кетіп еді, оған жауапты жолды көп білетін Гриша берді:
— Оны темір жолға қашан жетуіңіз біледі. Мысалы, ертең кешке дейін Пено станциясына жетіп поезға міне алсаңыз, ар жағы бір жарым-ақ сутка.
— Әлі де төрт-бес күн зарығасың десеңші?
Сол сәтте елі есіне түсіп кетті ме, Гүлжаһан жалт қарап:
— Ағай, сіз үйіңізге қайтып бара жатырсыз ба? — деді.
— Жоқ, қалқам, үйіме хабарым барса да өзім барғандай қуанар едім. Сендер ғой елден ай сайын хат алып тұрсыңдар, ә?
— Сіз ше?
— Соның сәті енді түспесе, бүгінге дейін болмай келді-ау, қалқам? Бәрінен де қарт ата-анам бар еді, солар не болды екен? Сіз ғой, біздің ел жаққа барған жоқсыз, ә? Барғаныңызбен менің әкемдей қара шал толып жатыр, білмейсіз де ғой.
Мен оның еліне барарын барсам да, оның әкесін білмейтінімді жасырғаным жоқ. Ол терең оймен отқа телмірей қарап:
— Ех, соғыс, соғыс! Аңсаумен ас ішкізіп, қайғымен дем алдырдың-ау. Қалған өмірім қасіретпен өтсе де, қабағымды бір шытпас ем, хабарым елге бір жетіп, ата-анам мен Шәрбатым қуанышпен бір күлсе; — деді де, папиросын лақтырып тастап, ойға кетті. Оның сырын білуге асыққаным сондай, Гүлжаһанның жаңағы әңгімесін айтқызуды да ұмытып кеттім.
Гриша оның алдына орта кружка арақ қойды да, өңіне қарап қадалып қалды.
— Енді білдім жайыңды, алып жібер, қонағым, — деді ол.
— Нені білдің?
— Алып бол, соңынан айтайын, Саржан су аз қосылған спиртті шалқалай бере қағып салды да, дем орнына қайғы жұтқандай ауыр күрсініп;
— Солай туысқандар! Жасыратыны жоқ, адам баласы бақытқа тоймайды екен. Мен бір кезде бүкіл Совет елінің екі жүз миллион адамының біреуіне кездессем арманым болмас еді деп едім. Біреуіне емес — мыңына, мыңына емес — миллионына кездестім, бір-ақ тілек дегеніңіз үдей түсті. Адасқан жалғыз қаздай тобыма қосылуды арман еттім. Ол тілегіме жетіп ем, елге жетуді арман еттім. Енді елге жетіп ем, үйім арман болып келеді. Бұл арман дегенін таусылатын күні бар ма, жоқ па? Әй, қашан көрге жеткенімізше таусылмас, сірә! — деді де, ол жантая кетті.
Біз оның қиналғанын сезіп, ештеңе дей алмай, үнсіз отырып қалдық. Ол жантайып жатып аспанға тіксіне қарады да:
— Эх, аспан, аспан! Сен мұнда тайғақ болмасаң, мен ендігі Москвада отыратын едім-ау, — деді күрсіне сөйлеп.
Біз үшеуміз бірімізге-біріміз қарастық, бірақ оның бізде жұмысы жоқ, екі көзі аспанға қараған күйі әлі жатыр. Біздің біреуіміз қозғау салмасақ үндер емес. Мен оның жаңағы сөздеріне ой жіберіп, алысқа қарап отырмын. Гүлжаһан бетіме қарап, ойда екенімді тани кетті ме, қалай:
Кешегі самолеттен құлаған осы кісі емес пе екен? — деп күбір етті де, Саржанға қарап: — Ағай, қонақ кәдесін істен әңгіме айтыңыз, — деді.
Өмірге келген бәріміз де қонақпыз ғой, қарындас. Қонақ кәдесі бірімізге ғана емес, бәрімізге де борыш болсын, жалғыз ақ сендер жанған самолет жайын сөз қылмасаңдар болғаны. Жасыратыны жоқ, жүрегім әлі орнықпаған секілді, оған ғафу өтінемін.
Гүлжаһанның манағы айтқан ажалсыз адамы осы екені бізге енді белгілі болды. Бірақ ол жайын сұрар болсақ, тағы да қиналатын түрі бар. Соны сездім де, өз еркіне жібергім келіп:
— Кімге кім әңгіме айтса да өз басынан өткенді айтатын болсын. Біз барлық өмірімізде кергенімізді айтып берейік, ал біздің қонағымыз тек соңғы өткен он айлық өмірін айтып беретін болсын, — дедім.
Ол сал езу тартып, басын шайқады.
— Бұл он айда көргенімді айту үшін тағы он ай керек болар. Дегенмен, көрсеткен құрметтеріңіз үшін бір күнгі жайды айтып беруге болады. Менен сұрайтындарыңыз соғыстың жайы ғой, әйтеуір.
— Әрине.
Ол сәл ойланып, батыс жаққа бір қарап алды да, сөйлей жөнелді.
— Соғыс басталған кезде мен Шығыс Пруссиямен шекарада едім. Сол шекарада бір кішкене өзен бар. Оны мен сіздерге картадан көрсетейін, — деп ол сумкасынан текшеленіп бүктелген көк жасыл картаны алып, алдымызға жайды. Картаға қосақталып бір қалың дәптер жүр. Дәптердің бірінші бетінде: «Егоровтың айласы», «Аралда жалғыз қалғандаймын», «Шәрбатымдай көрінді», «Елді ойлап естен тандым», «Наташа, жүрегімді ала кет», «Сүйейін де атайын», «Табынған тәңірім ар болды», «Көрге қалай көмілдім, көңіліме сонда не келді», «Достық тәңірісі күшті екен, тағы да тірі қалыппын», «Ойраны шыққан жау», «Берлинге жетті даңқымыз», «Көңілде жалғыз арман бар» деген сездер тізіліпті.
Көзім соларға түскен соң, Саржанның жанағы бастаған әңгімесін кейінге қалдырғым келіп:
— Алдымен «Достық тәңірісі күшті екен, тағы да тірі қалыппыңды» айтыңыз, — деп едім, ол қынжылғандай түр көрсетіп, дәптерді қайтадан сумкасына салды да:
— Жоқ, оны айта алмаймын, — деді сұрланып.
Гүлжаһанның «Наташа дегеніңіз кім?» дегеніне де жауап қатпай, қарсы алдында тұрған ну қарағайға қадалып қатып қалды. Григорийдің:
— «Сүйейін де атайын» дегеніңіздің мәнісі не? Адам баласы бірін-бірі сүйе тұра ата ма? — деген сөзіне шамданған түр көрсетіп:
— Мен сүйе тұра аттым. Мүмкін адам емес шығармын, — деді де, айбат күйіне түсіп атылғалы оқталған арыстандай кесек қозғалып, өңі бір сұрланды, бір нұрланды. Кейін білдім, біз үшеуміздің басып отырғанымыз негізгі бір күйдің пердесі екен. Біраздан соң толғанып барып үн қатты.
— Дәл осындай биік қарағай еді, — деді де, тағы тоқтап қалды. Біз оның бұл сөзінен ештеңе түсінгеніміз жоқ. Көзінің алдында өткен күннің бір қайғылы суреті тұрғанын ғана сездік. Ол біздің тілегімізге көңіл бөлместен, алысқа қадалып әлі отыр. Алыстан неміс самолетінің гүрілі естіліп еді, оны да елеген жоқ. Мұндайда Гришаның бетіне қарау маған әдет болып кеткен: сол әдетіммен бе, жоқ, әлде отты тез сөндір дегім келді ме, самолет гүрілін ести сала Гришаға қарап едім, ол құлағын алысқа тігіп, самолеттің қай тұста келе жатқанын бағдарлап отыр екен, Аздан соң аспанға бір қарады да, өзінің қауіпсіз жерге орналасқанына насаттанғандай бір жымын, етіп, таяу жатқан бір қу бұтақты тізесімен төрт бөліп, оттың үстіне тастай салды.
Енді байқасам: орналасқан жеріміздің ағашы әрі қалың, әрі биік екен. Самсаған сансыз жұлдыздар да жөнді көрінбей тұр. Соған қарағанда, самолеттерден бізге қауіп жоқ сияқты.
Самолеттер бірте-бірте алыстап барады. Дәл соны күтіп тұрғандай жаңағы төрт бөлінген қу бұтақ оттың жалынын күшейтіп, бізді кейін шегіндіре түсті. Маңайымызда тырс еткен дыбыс жоқ. Тек, оттың жалыны күшейген сайын көлеңкеміз ұзара түсіп, ақ қардың үстімен ағаштардың арасына қарай жосылып жатыр.
— Аға! — деді Гүлжаһан шыдамы таусылғанда сабырсызданған түрде, даусы дірілдеп, — тым болмаса сол қарағайдың тарихын естуді бізге қисаңыз қайтеді?
Саржан қасарысып үндемеп еді, Гүлжаһан мырс етіп:
— Тым қатал екенсіз, бірақ бұл қаталдық сізге онша жарасып тұрған жоқ, — деді.
Саржан жалт қарады да, қыздың асқақ ойына көзі енді ғана түскендей, түлкі көрген бүркітше сүқтана қалды. Дәл осы кезде оның өні де қыранның қиядағы түлкіні көріп құлпырған түріне ұқсап кетіп еді.
— Мына қыз жүрегімді суырып барады, бірдеңе айтпасам болмас, — деді ол күлімсіреп, — үшеуіңіздің сұрап отырғандарыңыз бір қыздың ғана жайы. Бірақ жауабы үш түрлі, басталып қойған әңгімеге тез оралу үшін онан өзімнің қалай айрылғанымды ғана айтып берейін, соған риза болыңыздар! Ал, қарындас, тыңдай біл, тыңдай біл де ол қызды жүрегіңе сақтай біл!
Біз тағы да тына қалдық. Оның манадан бері қараған басына қадалған көзі енді Гүлжаһанның қара кезіне төңкерілді.
— Ол Александр Харламович дейтін дәрігердің жас өспірім қызы еді. Аты Наташа еді. Сол дәрігердің жаралы мені үйіне сақтаймын деп көрмеген азабы жоқ. Ол мен үшін дар ағашқа да асыла жаздады... Ол мен үшін талай тепкіні де көрді. Оған байланысты алуан түрлі сырлар көп, оның бәрін қазір айта алмаспын.
Жарадан жаңа айығып келе жатыр едім, бір сайқал әйелдің кесірінен, немістер менің қайда екенімді біліп қойды. Бұл үйді немістер қанша тінтсе де мені таба алмай қойған-ды, енді құтылар жер қалған жоқ. Өйткені ол әйел менің нақ қай жерде жасырынып жатқанымды білетін.
Ол сайқалдың бізге істеген бар жақсылығы шынын айтты: «Мен мас болып отырып айтып қойыппын. Оны естіген офицер әлі ұйықтап жатыр, сол оянбастан бұрып қонағыңды жөнелт!» — деп, Наташаға айтып кетіпті. Наташаның әкесі үйде жоқ еді, ауру шешесін жалғыз тастап, таңға жақын партизандарға қашып шықтық. Іле қуа немістер де шықты. Сүйенішім де, серігім де жалғыз Наташа. Ол мені сүйемелдеп келеді, мен немістермен атысуға әзір келемін. Немістер ізшіл итін жетектеп соңымыздан қуып келеді. Мендегі қару екі гранат пен бір наган, наганымда алты оқ бар. Өмірімізге тұтқа сол ғана.
Қалың орманға енді іліге бергенімізде немістер көк қасқырдай бір итін бізге қоя берді де, екінші итін ұстап қалды. Мен енді қашып та, жасырынып та құтыла алмайтынымды біліп, ағаштың қалың ішіне кіре бере, иттің жолын тостым. Немістердің иті де өздеріндей өлермен болады екен, атқан оғым тимей кетіп еді, ол жата қалып жер бауырлап жылжыды. Мен; ағашты қалқалап үнсіз тұра қалдым. Қалың шөптен қарасын көрмесем де сезіп тұрмын, ит құлағын жымитып алып, тура бассалғалы келеді. Енді бет бұруға да болмай қалды. Көзім тайса — кеткенім, ит бір секірсе желкемнен ала түсетін жерде жатыр. Енді қайттім? Атайын десем, оқ жолында бұталар тұр, атпайын десем, қуғыншылар жақындап келеді. Кете берейін десем, ит қылп еткізер емес. Дүниеде итпен арбасқан қорлық екен, ыза болып не істерімді білмей тұрып қалдым. Сол сәтте менің сырт жағымда тұрған Наташа итке көрінбей барып қатарымда он қадамдай жердегі биік қарағайға шыға бере дыбыс білдіріп еді, ит соған тұра ұмтылды, сол кезде мен оны атып салдым. Оқ басына тиген болу керек, қаңқ етіп аспанға бір секірді де, қайта құлап түсті. Бірақ, қауіптен әлі құтылған жоқпыз, немістердің текеше бақылдаған даусы жақын жерде және әр тұстан шықты. Олар бізді қоршап алуға айналған екен, бір-екеуі бізді көріп қалды да, атып-атып жіберді. Қамалымыз да, қалқанымыз да қалың қарағай, соның қабатымен қаша атысып, шегіне бердік.
— Наташа, енді біз құтылмаймыз, бұлар көп, біз аз. Оқ болса таусылып келеді. Мен бұларды бөгей берейін, тым болмаса сен құтыл, сенің тірі қалуыңа мүмкіндік бар, тез кет! — деп едім, ол басын шайқап: «Жоқ аға», — деді де көзден ғайып болды.
Мен немістің әзірше екеуін жайраттым. Енді екі бүйірімнен қысқалы келе жатқандары бар. Ол екі топ неміске қалған оғым да екеу-ақ. Дұрысында оларға арналған оғым біреу ғана, екіншісін өзіме жұмсамақпын. Әр ағаштан бір ұстап, әр ағашқа бір паналап ілгері жылжып келе жатыр едім, оң жақ бүйірімнен немістің төртеуі бірдей шыға келді.
Екі гранатам соған кетті. Енді қалған жалғыз оқты сол жағымда келе жатқан немістерге кезеп, жуан қарағайдың түбіне отыра қалып едім, олар нысанама іліне қоймады. Жіңішке қарағайдың далдасында тұрған жуан біреуіне оғымды жіберіп едім, тимей кетті. Енді оларды қойып, өзіммен өзім алыстым. Өмірімнің соңғы минутына дейін жауды қалай, қай жерінен атуды ойласам, енді өзімді қалай, қай жерімнен атуды ойлай бастадым. Бір минут кешіксем қолға түсем. Тез өлу үшін не басымнан, не жүрегімнен атуым керек, бірақ бұл екеуін оққа қимадым. Басқа жерімнен атсам, тез өлмеймін де, қолға түсіп нор болам.
Енді қайттім? Арпалысқан осындай ауыр ойда тұрып қалып едім, қасыма біреу жетіп келді де, автоматты сатырлатып қоя берді, Наганымды өз кеудеме тірей атып тура келсем, автоматпен бірге дірілдеп қақ қасымда Наташа тұр.
Аға, мен де қасыңдамын. Ата беріңіз, атыңыз, әне, мен де біреуін жайраттым, — дейді күліп тұрғанымды көрсін дегендей көзіне түскен келтелеу алтын шашын кейін серпе басын сілкіп.
Meн көмекке бір полк әскер келгендей қуанып, не істерімді де, не дерімді де білмей, қолымды созып едім. Наташа неміс автоматын ұстата берді. Ол жаңағы жерде өлген немістің автоматы екен. Бірақ оғы аз болып шыты. Анда-санда жақындап келген жауды бір атып қойып, ілгері жылжи жөнелдік. Сонаша ызыңдаған оқтар айналамыздағы қарағайларға кірш-кірш қадалып жатыр. Бізді қорғап, бізді есіркеп тұрған бүкіл әлемде тек сол қарағайлар ғана сияқты.
Иттің жетегіне ерген немістер соңымыздан қалар емес. Жаңағыдай қоя берсе, екінші итін жайратып тастап адастырып жасырынар ек, біраз жатып тынығар едік те құтылар едік деймін ішімнен. Бірақ ол тілегім қабыл болар емес. Немістер бізді алдағы бір мүйіске қарай ығыстырып келеді. Ойлары алаңға айдап шықпақ. Менің дәрменім алаңға жетпей-ақ бітті. Ағашқа соқтығып, ұшыққан аяғым жүргізбей, бір биік қарағайды құшақтай барып жығылдым да:
Оқ та бітті, Наташа, мен де. біттім, Жау қазір алыста келеді, сен қашып құтыл, — деп едім, ол тағы да болмады. Судан өтерде керек болар деп үйден ала шыққан арқанымыз бар еді. Соны жаңағы биік қарағайдың басына байлап мені соған шығарып әкетпек болды да, арқанды алып ағаштың басына шықты.
Бұл соңғы үміт еді, бұл да үзілді. Біз білмеппіз, жау жақын келіп қалған екен. Наташа арқанды енді байлай бергенде, алдыңғы бір-екеуі оны атып жіберді. Мен кеудемді оққа төсей ағашқа сүйене тұра келіп ем, оттай ыстық бір нәрсе мойныма келіп орала кетті. Мұндай кезде ойдың адасқыштығы қандай, мойныма келіп оралған Наташаның білегі болар деген үмітпен ұстай алып қарасам, Наташаның өзі жоқ оралған білек дегенім сорғалаған қан екен. Бұл кез — жүрегімнің тебіренбейтін кезі еді. Мынаны көрген соң еріксіз елжіреп кетті. Ағашқа сүйеніп жоғары қарасам Наташа аса бір аянышты үнмен:
— Аға, аға! — деуге шамасы келіп, төбемде «ағалап» тұр. Оның қазақ сөзінен білетіні жалғыз осы «аға» деген сөз еді. Мен үйлеріне жасырынып жатқан кезімде қарт әке-шешесімен үшеуі кезек-кезек менің қасыма келіп, қызықты әңгімелер айтып, көңілімді көтеріп отыратын. Сондай көңілді кештің бірінде ол маған: «Сізді мен не деп атаймын» — дегенде, «аға» деп айт деп, үйретіп едім. Сонан бері ол мені қазақша аға дейтін. Ол, елер алдында да «ағалап» жатыр; соны ести тұра қалай елжіремессің, қалай егілмессің.
Ол жерге, менің қасыма түсіп өлгісі келіп аласұрды, мен оның қасына жетемін деп аласұрамын. Бірақ жаралы аяғым ағаш басына шығармады да, менің сорыма біткендей арбиған аша бұтақтар оны жерге жібермеді. Тек жоғарыдан жауған қан бетіме тамшылап тұр.
Оның тулаған жаны — зәулім қарағайды теңселтіп тұр, бұғап қарағанда ол әзір өлетін емес. Немістер қазір келеді де, шала жапсар күйінде оны да, мені ұстап алып, айуан көрмеген азаптар көрсетеді. Соны сездім де, ойланып тұруды орынсыз көріп, өзіме арнап қалдырған жалғыз оққа қарадым. Немістердің азабын қайсымыз көріп, ажал рақатын қайсымыз алсақ екен? Мен бе, Наташа ма? Октан сұрап тұрғаным сол!
Біресе азапқа оны тастап, ажал рақатын өзім көргім келеді. Не істерімді білмей, сәл кідіріп қалып ем, Наташаның:
— Аға, аяр болсаң тезірек ат, әне келе жатыр, тезірек! — деген ащы даусы тағы шықты,
Сондай асыл жанды ажалға қалай қиярсың, қимағанмен амал жоқ, ажалға қимай неміске қисам, адам деп мені кім айтар? Жоқ, бар азабын немістің жалғыз өзім көрсем де көнейін деген ой келді. Ендігі арманым маңдайынан бір сүйіп, қош айтысу еді, ол тілекке де жетер болмадым.
— Наташа! — дедім айқайлап, сол кезде бұтаның арасынан көзіне көзім түсіп еді, айтамын деген сөзімді айта алмай жаудың жақындап қалғанын сезіп, наганымды кезей бердім. Ол: «Қош, аға, қош!» — деді де көзін жұма берді, мен атып жібердім. Атқан оғымның даусына ілесе жан-жағымнан немістердің бақаша бақылдаған күлкісі де естілді. Мен енді оларды елейтін емеспін, екі көзім ағаштың басындағы Наташада. Оның ыстық қаны сорғалап келіп маңдайыма тамшылап тұр. Маңдайдан аққан қан жүрегіме кек болып орнайын дегендей кеудеме қарай жосылады. Оны да елейтін емеспін. Екі көзім әлі Наташада.
Немістер келіп темір найзамен мені түрткілей бастады. Менде әлі үн жоқ. Оларға қарайтын емеспін. Екі көзім әлі Наташада. Бірақ көп тұрғызбады, мойныма арқан салып сүйрей жөнелді. Міне, мен сондай қымбат досымнан осылай айрылдым, — деді де, ол жасқа булығып қалды. Мен өзімді зорға тежеп Гүлжаһанға қарап едім, оның көзі жасқа мүлдем көміліп кеткен екен. .
Саржан көзіне іркілген жасты бір мөлт еткізіп, қайтадан қайраттанып алды да:
— Бірақ Наташаның кегін жауға жібергем жоқ соныма ғана ризамын, — деді. — Мынау дәл соғыс басталған Күннен бері сақталып жүрген Шығыс Пруссияның картасы. Тірі болсам, сол шекараның шебін тағы бір үзермін деген үмітпен әлі сақтап келемін, әлі де сақтай бермекпін. Осы өзеннің бергі қабағында — біз, ар жағында — немістер тұрған, — деді де, ол ойланып қалды.
Біз біресе алдымызда жайылып жатқан картаға, біресе оттай жайнаған Саржанның көзіне қарап, үнсіз отырмыз.
— Жасыратыны жоқ, бұл апатты түсімізде де көреміз деген жоқ шығармыз. Маужыраған тәтті ұйқыда жатыр едік, снарядтың гүрсілімен шошып оянып, танкінің даусын естіп түрегелдік. Жүгіріп далаға шықсақ, рақат таңның сәулесін қара түнек басып кетіпті.
Жасыратыны жоқ, қандай күшті болса да біздің жерімізге басып кіре алатын жау бар ма деп мен еш уақытта ойлаған емеспін, Кімде-кім бізге соқтықса, бүркітпен ойнаған ажалды қарғаның кебін киеді деген сенім көкіректе күшті еді. Қашан сол күн барлық жолдасымнан айырылып өзім жаралы жалғыз қалғанға дейін жүрегімдегі сол сенімнің оты бір әлсіреген емес-ті.
Өз Отанымды осындай аса биік шың көретін сенім кеудеңде қаулап тұрғанда қорқу, шегіну деген лас ой басыңа қайдан келе қойсын.
Жаудың күші қанша екенін де есептегеніміз жоқ жерімізге түскен снаряд намысымызға тепкідей тиді де, бұйрық күтпестен біз де оқты төгіп жібердік. Сол-ақ екен, оқтың емі — оқ деген ой ғой, айтып тіл жеткізе алмастай қырғын соғыс басталып, жердің беті көктің жүзі қызыл жалын, қара түнек болды да кетті.
Қара ажалдарын бетке ұстап шегіртке түсті немістер қара құрттай қаптап, "автоматтан оқты жаудырып келеді. Өліктерін таптап та келеді. Бірақ, қырылғанына қарап беті қайтар емес. Ұрған сайын өршеленетін құтырған қасқырдай, өлігі көбейген сайып өршеленіп келеді.
Біздің қарсы алдымызда бір тас көпір болатын (мына қызыл найза тұрған жерде). Ауыр танкілер сол көпірден өте бере оқты да төгіп жіберді. Өздері де бізге тап берді. Сонан кейін-ақ жанымыз қысылып, ажал алқымға кеп қалды. Бір емес, бірнеше жерден жау біздің алдыңғы шебімізге келіп жетті. Жауынгерлерге берген бұйрығым өте қысқа! «Бір адым да шегінбеңдер!» — деген бірақ сөз.
Әр жауынгердің өз жүрегі де соны айтып соққан секілді, қимылдары тым кесек, шегінген түгіл, тайсалған біреуі жоқ. Жүректің шайлықпаған кезі, өлім дегенін не екенін еске алмастан, келсең кел деп ұрып жатыр. Дегенмен, уақыты етіп, соғыс қызған сайын жаудың тұмсығы бұзылса да, шүйдесі күжірейе түсті. Алдыңғылары қан қуса жер құшып сирегенмен, apтқы жағы қоюланып, үлкен тасқын кейін келеді. Қатты бір толқыса басып кететін түрі бар, түйдек-түйдегімен түйіліп келеді.
Дәл сағат жеті жарымда, біздің кейінгі мол күш келіп жетіп еді, дүниенің не болып кеткенін білмедім. Екі тау бірімен-бірі соқтығысқандай аспап жаңғырығып, жер шайқалып кетті. Жасыратыны жоқ, сол күні сондай күш көрсеткен біздің әскердің қалай шегінгеніне көзім әлі жетпейді.
Болат тонын сыпырып алсаң, немістер де бір, қоян да бір екен. Танкілері талқандалғаннан кейін көп қарсыласа алған жоқ, зыта жөнелді, біз ұран сала қуып бердік, Қан жоса болған немістер қашып келеді, біз ерттей қаулап қуып келеміз. «Отан үшін» деген айбынды үніміз улы жыланның ордасы болған Шығыс Пруссияны дірілдетіп жіберді. Пруссия — Пруссия болып жауыздықтың жалмауыз құртын еккелі қазақ даусын түңғыш естіген сол күні болар.
Жұрт анау қызық мынау қызық дейді, егескен жауды өкшелете қуғаннан қызық жоқ екен. Ол онымен тұра тұрсын, жауды сол қуғаннан қуа отырып, он екі кило¬метр жердегі бір қаласына дейін қудық. Бірақ жау жерінде түр деген бұйрық жоқ, көп тұруға болмады, өз орнымызға қайта келдік.
Батальонның командирі Егоров дейтін капитан еді, ол кісі өзіне қарайтын командирлерді жинап алды да, қолымызға Шығыс Пруссияның осы картасын берді.
— Анық емес мәліметтерге қарағанда, жау біздің шекараның бірсыпыра жерінен мана таңертең-ақ өтіп кеткен сияқты. Соғысыңдар деген бұйрық бізге әзір келген жоқ, бірақ бүгінгі құрбан болғандарымыздың қаны үшін немістердің қанын төкпей біздің ел тыныш жата алмас. Кешікпей бұйрық та келіп қалар. Оған дейін мына картамен танысып, шабуылға әзір тұрыңдар! — деді.
Жасыратыны жоқ, немістердің манағы қаласына бүгін кешке дейін қайтып бармаймын деген ой менде жоқ еді. Келе әзірлене бастадық. Ерігіп жатқан біздерге бұл әзірлік онша көңілсіз болған жоқ. Тіпті, тойға баратындай қуанышты жүрміз. Көңілде бұрынғы ерігу болса, бүгінгі жауды қуған желігу тағы бар, қуанбай қайтеміз.
Бірақ күткеніміз болмады! Арада бір сағат өтпестен-ақ Егоровтан:
— Жағдай ауыр, жау бізге қазір шабуыл жасайды. Алдындағы көпірге ие бол, жаудың бірде-бір танкісі өтпесін, бір адым да шегінбеңдер! — деген бұйрық алдым. Бұл бұйрықта менің қорғайтын жерім белгіленген екен. Жер көлемі онша үлкен емес, бірақ бұл төңіректегі ен жауапты жер осы, жауапты жердің қаупі де үлкен ғой! Мен бөлімшелерді көпірге жақынырақ апарып орналастырдым.
Егоровтың айтқаны рас екен. Бұйрықты жауынгерлерге түсіндіріп, әзірлікті аяқтап болғаным да сол еді, мана таңертең бірде-бірі көрінбеген жау самолеті енді қара бұлттай қаптап, бомбаны бұршақтай жаудырып жіберді. Соңынан білдік, жау таңертең алғаш шабуыл бастағанда барлық самолетін біздің қалаларымызды қапылыста бассалып молаға айналдыруға жіберген екен.
Елді бізге әкеліп төкті. Көзді ашып-жұмғанша болған жоқ, қара түтіннен түк көрінбей, гүрсілдеген үннен түк естілмей жер тағы да шайқалып кетті.
Көпірдің екі жағындағы қолайлы жерге бекінген екінші, үшінші взводтың командиріне: бір адым да шегінбеңдер, өлсек осы жерде өлеміз дедім де, жарылған снарядтардың арасынан жүгіріп отырып, бірінші взвод жатқан жерге келдім. Олардың орналасқан жері көпірдің нақ шыға беріс аузы болатын. Ең қауіпті жер осы. Егер осы көпірді бермесек, жау танкісі өтетін жер жоқ, айналамыз терең сазды батпақ.
Біздің көпірді өліспей бермейтінімізді сезген болуы керек, немістер бұл маңға снарядты тым қалын төгіп тұр. Зеңбіректердің оғынан көкке көтеріле беріп, қайта түскен тас-топырақтың арасынан алдыңғы жаққа қарасам, жаудың үйдей бір танкісі көпірдің үстіне шығып қапты. Тағдырды бір-ақ минут уақыт шешетін болды. Өйткені оған ілесе үлкенді-кішілі танкілер қаптап келеді. Бұлар тегіс өтсе бізді таптап, жүре береді, ол бір. Екіншіден: жаудың бомбасы м:ен ауыр снаряды біздің танкілер мен танк ататын зеңбіректерді әлсіретіп тастады, осыны сезіп дандайсыған жаудың жаңағы үлкен танкісі көпірдің үстіне шыға бере жалын шашып, от бүркіп бізге қарай ұмтылды. Дәл сол сәтте көпірдің он жақ бұрышынан взвод командирі Таранның жайдай жарқ-жұрқ етіп екі рет сермеген қолын көріп қалдым. Көзді ашып-жұмғанша болған жоқ жалын бүрк етіп, түтіні аспан құшты да, жаңағы үлкен танк көпірдің бергі шетіне жете бере көлденеңдеп барып тұрып қалды. «Уһ!» дедім, тарылған дүнием қайта кеңігендей болып.
Өлім мен өмір мұндай арпалысқан ауыр шағында қорқыныш пен қуаныштың итжығыс түсетіні қандай, тағы да ол ағып өткен жұлдыздай өте тез. Жана ғана Қорқыныштың құлы болып тұрған жүрегімді енді қуаныш кернеді. Өйткені жаудың өз танкісі өзіне қақпан болып, көпірден енді ете алмасын білген кейінгі танкілер бұрылып алды да, ағаш ішіне кіріп жоқ болды.
— Көрдіңдер ме, бір өзі отыз танкінің бетін қайтарған командирдің ерлігін! Төк, төге түс! — деп жаудың жаяу әскеріне оқ жаудырып жатқан он жағымдағы пулеметчикке қарасам, ол құлап барады екен. Жүрегім мұздай қалып, қуаныш оты қайта сөнді. Мактан да жоғалды. Таудай күйікті жұдырықтай ғана жүрегіммен сүйретіп, өлген жауынгердің қасына барсам, оқ маңдайынан тиген екен, жүзіндегі сеніп бара жатқан өмір сәулесіне бірден артық қарай алмадым. Оның сіресіп қатып қалған қолынан пулеметті босатып алдым да, оқты жаудырып жібердім. Бар айтқаным: — Сен үшін, бауырым, — дедім оқты жаудырып жатып. Айтқан иманым да, өлігіне көрсеткен құрметім де сол ғана болды.
Бұл менің елікті тұңғыш көруім еді! Бұл менің бірінші рет күйінуім еді.
Ол соны айтты да, сәл бөгеліп қалды. Біз үшеумізде үн жоқ екі көзіміз оның ауызында. Біз оған жалмауыздардың ұясы Шығыс Пруссияға Совет солдаттарының үнін естірткені үшін мақтаныш сезіммен қараймыз. Мақтаныш сезіммен аяқты да еркін кесіліп жатырмыз. Иін тиістіре жантайып жатқан Гүлжаһанның шашы желмен желпініп келіп, кейде менің маңдайымнан сипаған бақыт құсының қанаты секілді сезіледі.
Жат ойдан аулақ бол, оқушым! Мен бұл жерде қызға қызығып отырғаным жоқ. Менің алдымда Саржан жайып тастаған неміс жерінің жанағы картасы жатыр. Картаның бетінен батысқа қарай шаншылған найзаның жебесін көріп отырмын. Ол жиырма екінші июль күні неміс жеріне қарай еткен Саржандардың ізі — қызыл қарындашпен салынған белгі ғана. Бірақ сол қызыл қарындашпен салынған найзаның белгісі менің есіме еткен бабалардың мұнан екі жүз Жыл бұрын Берлинге қадаған найзасын түсіріп тұр.
Мені билеген шаттық сол.
— Жалыққан жоқсыздар ма? — деді Саржан аздан соң ауыр ойдан серпіліп.
— Жоқ біз келесі күнгі майдан жырын естуге де әзірміз.
Ол жымиып күлді де: . — Мен тан атқанша сол бір күннің жырын жырлап берсем, жарар еді. Иә, сонымен есіл ер еліне сәлем де айта алмай кете барды. Мен жауға оқ жаудырып жатып, ауық-ауық оған көз қырын тастаймын. Ол елімге күле қараған күйі батар күнге бетін беріп, шалқасынан жатыр. Бір рет анықтап қарап едім, маңдайынан аққан қан жүрегіме кек қаһарын құйып жібергендей болды да, бар даусыммен айғай салдым. Не дегенімді білмеймін, әйтеуір, оқ үдей түсті.
Жолдастарымды бірте-бірте жұлып, әкетіп жатқан ажал оғы мені де іздеп айналамда тіміскілеп жүр. Уақыт еткен сайын өлім жақындай түсті. Есім барда өмірмен қоштасқым келіп, батып бара жатқан күнге қарап едім, күннің түсі қанмен боялғандай қып-қызыл екен, қайта қарауға дәтім шыдамады. Сатыр-гүрсілдің дүмпуімен не болғанын білгенім жоқ, есім ауып кетті.
Аздан соң есімді жиып, көзімді ашсам дүниені бір меңіреу тыныштық басыпты. Снарядтың қопарған топырағы бөксемді тегіс басып қалған екен, өзімнің сонан қалай тірі қалғаныма таңырқана орнымнан түрегеліп қарасам, көз жеткісіз жердің бәрі өртеніп кеткендей қап-қара. Қопарылмаған, өртенбеген, топырақ баспаған алақандай жер жоқ. Нелер кәрі емендер де түбімен қопарылып, нелер боздақтар да қан топырақпен араласып жатыр. Біздің үстімізден өте алмаған жау басқа жерден тесік тауып өткенін соңынан білдім.
Айналаға құлақ тігіп ем, соғыстың салмағы желке жағымызға қарай ауып бара жатқаны, оң жағымызды ала артта тұрған қалың ағаштың ішінде кескілескен қатты соғыс жүріп жатқаны сезілді. Бір кісіні тез штабқа жібердім. Байланысымыз мана үзілген-ді, ешқандай хабарым жоқ. Батальон қайда, полк қайда, басқаларының күйі нешік, көрші бөлімдер не күйде? Оның бәрі маған қараңғы.
Есімді жинағаннан кейін жауынгерлерімнің жайын білгім келіп жүре бастап едім, қадам басқан сайын қайғыға кездестім де, тәлтіректеп жөнді жүре алмадым. Жасыратыны жоқ, взвод командирлерінен тірісі тек Таран ғана екен. Сол екеуміз өлген жолдастарымыздың әрқайсысының басына бір барып, не істерімізді білмей сенделіп тұр едік, штабқа жіберген кісім жетіп келді. Сұмдықтың сүреңін оның көзінен көре кеттім де: «Тез айт!» дедім. Оның қорыққандығы сондай, не айтып, не қойғанын білген жоқ. Онан менің бір ұққаным: немістер біздің дивизияның он жағынан да, сол жағынан да өтіп, ту сыртымызға шығып кетіпті. Сол жағымызда ағаш ішінде соғысып жатқан біздің батальонның қалдықтары көрінеді. Егоров маған: — Бізге қарай тез шегініңдер! Қоршауда қаласыңдар! — депті.
Оның айтқаны рас екен, бірақ шегінуге үлгіре алмай қалдық. Біз дайындалып, шегініп болғанша, жау желке жағымыздан келіп оқты жаудырып жіберді. Алдымыз өзен, өзеннен әрі немістің өз елі, артымызда шегінер жер жоқ, жолымызды жау кесіп алыпты. Енді не істеу керек? Не — берілу, не — елу, екінің бірі.
Отан алдында бір ант етсек, ажал аузында тұрып екінші рет ант еттік. Немістер оқ жаудыруын кенет тоқтата қойды да, бізге жақындай түсті. Жаңағыдай емес, әдістерін өзгертіпті. Ағаштарды бетке ұстап, бірте-бірте жақындап келеді. Ондағы ойлары бізді қолға тірідей түсіру екен.
— Ей, русь, беріліңдер! — деп айқай салды.
Мұнан үлкен қорлық болмас, мұндай масқараны естимін деп бұрын кім ойлаған. Ә дегенде мен жақындатып алып жастығымды ала өлмекші едім, мына жексұрын сөз жаныма батып кетті де, шыдай алмай оқты төккізіп жібердім. Бірақ онымнан ештеңе шықпады, ағашқа далдаланып тұрған немістердің екеуінен басқасына оғымыз дарыған жоқ.
— Енді оқ шығармаңдар, бір-екеуің өлген жауынгерлердің оғы мен гранатын тез жиыңдар! Бұйрықсыз атпаңдар! — деген сияқты қысқа сөздер айттым да, жау жаққа көз тіктім. Олардың әлденені айтып күліскендерін естіп ыза қайнап кетті. Амал жоқ, ақылды ызаға жеңгізіп, арзан еліммен елуге болмайды. Екі пулеметті шоқтай үйілген аз ғана тобымның екі шетіне қойып, ажалды қарсы алуға әзірлендім. Біздің өліспей беріспейтінімізді сезді ме қалай, немістер оқты боратып жіберді де, тұра ұмтылды. Не оттап келе жатқанын ұққаным жоқ, бірдеде десіп шулап келеді. Автоматтан оқты төгіп те келеді. Өлімнің өзінен де үрейі жаман екен, жанымда жатқан жауынгерлерге көз салсам, түстері жан шошырлық болып кетіпті. Тіпті, кейбіреулерін тани алмадым. Мүмкін сол кезде өзімнің өңім де бұзылып кеткен болар. Мұндайда жүрек тоқтатып, сөйлеу де қиын екен. Егер де тез от ашқызбасам, қорқыныш билеген денеге қуат кірмей қалатын, соны сезіп, бар даусыммен айғай салдым:
— Жолдастар, қоян болып тірі жүргеннен, арыстан болып өлген артық. Қолға түсіп қорлық көргенше, еркімізбен өлімге көнейік. Төк оқты, жүрек оғын төгіңдер. Отан үшін, төгіндер! — деуге ғана шамам келді, ызамен жағым да қарысып қалды. Тек қолымнан от төгіліп, жүрегімнің тулап жатқанын сездім.
Жоқ, жаңағыдай емес, от шашылған соң жауынгерлерім жайнап кетті. Жас өмірді қиып елу де, қолға түсіп қорлыққа көну де қиын екен. Денесінен сулап аққан қанды елеген біреуі жоқ, өлеріне көзі жетсе де өкінетін де түрі жоқ. Тек анда-санда бір күрсінеді де, оқты төге түседі. Сонан бері талай соғысты көрдім, дәл сол он жауынгердің өлер алдында көрсеткен қимылындай қимылды мен әлі көрген емеспін. Ақыл-есін араққа билеткен жаудың бұл сапарында да жолы болмай, қырылғаны қырылып, қырылмағаны жартасқа соқтыққан толқындай кейін серпілді. Бірақ біздің үстімізге енді мина жауып кетті. Окоптың іші қанға толып, әр тұстан ауыр ыңқыл шыға бастады. Соны естігенде денем түршігіп, есімнен адаса бастап едім, біреудің іркілген қанды шалпылдата жылжып қасыма келгенін сезіп, селк ете түстім. Келген Таран екен.
— Жолдас лейтенант, менен хал кетті, — деді ол.
— Халің бітсе, көпірге қарай жылжи бер. Өз минасының астында қалғысы келмеген жау қазір алыста тұр. Жардық астымен жағалап барып, өзіміздің кісілерге мүмкін қосылармыз, сен ойға түскенше біз жауды бөгей тұрайық. Егер біз жете алмай қалсақ, колға тірі түспе, суға батып өлсең де өл! — дедім.
Маңдайымнан аққан қан көзімді жауып кетті ме, онан басқа ешкімді көре алмадым. Кішкенеден соң арт жағымнан Таранның:
— Жолдас командир, сіз жалғыз қалдыңыз, тез жүріңіз! — деген әлсіз үні шықты.
— Жүре бер, қазір барамын! — дедім де, көзіме іркілген қанды сүртіп тастап, екінші пулеметке ұмтылдым. Минаның жаңқасы аяғымды жаралап кеткен екен, оған қарауға да шамам келмеді, сүйрете басып пулеметке жеттім. Ондағы пулеметчик те ауыр жаралы екен, ол Таран екеуміздің жаңағы сөзімізді естіген болу керек, жанталасқандай аласұрып:
— Жолдас командир, жолдас командир, мені тірі тастап кете көрмеңіз, — деп құшақтай алды.
— Жоқ, Саша, сені тастамаймын, — дедім. Жүрегім мұздап, даусым дірілдеп кетті.
Дегенмен, бұрынғыдай емес, өлімге бойым үйренген секілді, жыланша ысылдаған оқтың үніне құлағым да үйреніп алды. Бірақ өмірден үмітім аз, тек қайтсем жастығымды ала өлем? — Ендігі ойым сол ғана.
Иесіз қалған екі пулеметті қатар қойып алып, екеуімен кезек-кезек ата бастадым. Оғым жауға тиіп жатыр ма, жоқ па, білмеймін. Ақырында оқ та бітті, көз де байланып, түн қараңғылығы түсе бастады. Жасыратыны жоқ, сол сәтте есім орнында болмау керек, аласұрып жүріп, өлгендерден оқ қарай бастадым. Бар тапқаным жалғыз гранат. Мұны жауға лақтырсам өзім тірі қаламын, тірі қалсам колға түсем, онда кім болдым? Немістер енді менің жалғыз қалғанымды сезіп, ажалға қарсы келе қойған жоқ, ойлары тек қолға тірі түсіру.
Осы тірідей қолға түсу есіме түссе-ақ болғаны, өзімді өзім билей алмай кетем, Өзімді өзім билей алмағаным емес пе, Таранға берген уәдемді, тіпті, оның өзін де ұмытып кетіппін. Гранатты ұстап тұрып Сашаға қарап едім, ол менің енді неге бекінгенімді сезді де:
— Жолдас командир, гранатты жауға жұмсаңыз, біз өлеміз десек суға батып өле аламыз, — деді.
Мен оны құшақтап тұрып гранатты аяғымның астына ұрмақшы едім де, өлмекші едім, оның бұл сөзі көкейіме қона кетті. Ілгері ұмтыла түсіп, гранатты лақтырып жібердім де, Сашаны көтере жөнелдім. Жан ұшырдым ба, жоқ әлде ет қызуымен аяқтың жарасын ұмытып кеттім бе, білмеймін, құстай ұшып келіп биік жардан бір-ақ секірдім.
Су енді болғанмен терең емес екен, батып кетіп, қайта шықтық. Үстімізге немістер де келіп қалды, олардың бізге жаудырған оғы судың бетін шалпылдатып, шыжылдата жөнелді. Мына саусақты сол судың ішінде бергенмін.Қаңғырған оқтың бірі осыған, екінші біреуі Сашаның кеудесінен кеп қадалып еді, оның бір рет «ах» деуге ғана шамасы келді де, үзіліп кетті. Асыл тәнің немістің табанында тапталғанша балықтарға жем болсын дедім де, басын қайта көтергенім жоқ. Тәлтіректеп тұрып қалдым. Немістер оқ атуын токтатты. Бірақ бүкіл дүниенің бар бақытын әкеп басыма үйсе де, жағаға шығатын түрім жоқ, судан басқа серігім тағы жоқ. Нені тілесем де содан ғана тілеп, судың саяз болғанына қынжылын, терең жерін қарап тұрмын. Олай кезіп, былай кезіп терең суды таба алмадым да. бізді іздеген жан болса өлігімізді бір жерден тапсын деген оймен су астында жатқан Сашаның қолынан ұстап, үстіне құлап түстім.
Ол соны айтқанда Гүлжаһан дір ете түсті.
— Ағатай-ай! — деді ол дәл сол сәтте, суға өзі батып бара жатқандай тітіркеніп.
Оның елжіреген жас жүрегінен жалын атып шыққан ізгі сез, түндей түнеріп, қайғылы күйді шертіп отырған Саржанның ойын бөле алған жоқ. Саржан кең даланың таза ауасын тегіс жұтқысы келгендей кеудесін кере бір дем алды да, әңгімесін соза берді:
— Өмір шіркіннің қымбат екенін сонда білдім. Өзімді қанша қинап зорласам да су астында жата алмадым, Сашаның қолынан ұстап қайта түрегелдім. Қара жерді қайыстырғандай қара түнек басып тұр. Тек шығыс жақта өртенген қалалар мен деревнялардың сәулесі ғана қара бұлтты қызыл қанға малып, қаһар шашып тұрған секілденеді. Көп уақыт өткен жоқ, сол ертті сөндіргісі келгендей қара жаңбыр құйып берді. «Айналада жау бар ма, аңдап қал! Құлайтын терең су бар ма, байқап қал!» дегендей анда-санда нажағай жарқылдайды! Бірақ Мұның бәрі мені сықақтап тұрғандай көрінді де, суға тағы батып кеттім. Тағы жата алмадым, қайта тұрдым. Суға сүңгіп шыққан сайын суарылған болат секілді шымырлана түскен секілдімін. Бір топ неміс қарқ-қарқ күліп жағада тұр. Қиналып өлсін дей ме, иттер, ерегістірсем атар, атса тез өлер едім деген оймен немістің өзім білетін барлық жаман сөзімен айғайлап тұрып сыбаймын кеп, иттер сонда да ерегісіп атпай қойды.
Қарсы алдымда манағы тас көпір тұр. Нажағай бір жарқ еткенде көзім соған түсіп ед, Таран есіме түсті.
— Таран, бері кел! Құшақтасып бір жатайық! — дедім. Даусым дірілдеп шықса да қатты шықты, бірақ үн қатқан ешкім жоқ. Қанша уақыт өткенін білмеймін, жан таласып әлі жүрмін. Қыбыр еткен жан, тырс еткен дыбыс жоқ, жағадағы немістер де жоғалды. Тек алыстан соғыс сарыны ғапа естіледі. Енді қайттім? Саяз суға бата алмадым, терең суды таба алмадым, қазір таң атады, таң атқаннан кейін дүние жап-жарық болып, өмір мұнан да қымбат, мұнан да қызықты болып көрінеді. Оған алдансам қолға түсуім сөзсіз.
Осындай алуан түрлі ойлармен алыса-алыса ақыры көпірдің үстіне шығып, сонан секіруге бел будым. Сашаның өлігін әлі тастағаным жоқ. Оны көпірдің астына таман әкеліп қойдым да, бөксесін таспен бастырдым. Ондағы ойым өзім жоғарыдан секіргенде оның қасына құламақпын. Секіргенде аяғым қирап, болмаса есім ауып тұра алмайтын болсам болды, отырған кісінің басынан асарлық су бар.
Дыбысымды сездірмей жылжып жағаға шықтым, тың тыңдап едім, жаңбырдың тысырынан басқа ешқандай дыбыс білінбейді.
Манағы Таран қиратқан танкінің жанымен сүйретіліп отырып, көпірдің үстіне шықтым. Жан-жағыма ұрлана қарап, тың тыңдап келемін, ешбір дыбыс жоқ. Біреу тап берсе суға атып кетейін деп бір қолыммен жер тіреп, бір қолыммен көпірдің ернеуінен ұстап, Сашаның тұсына келдім.
Дәл сол кезде есіме қалай, қайдан түскенін білмеймін, қандай жағдайда, қалай, не үшін өлгенімізді бір-екі сөзбен жазып қалдырғым келді де, суға малшынған сумкамнан былғары тысты дәптерімді алдым.
Жаңбырлы қараңғы меңіреу түнді жаралы жаныма талшық етіп, басымды тасқа сүйеп біраз жаттым. Сол сәтте жер шары маған Шәрбатымның көзінің үлкендігіндей-ақ болып көрінді де:
— Бізді тастап қайда барасың? — деп, бәрі бірдей құшақ жанып тұра қалды..,
Бір кезде көзім Кремльдің қызыл жұлдызына түсті. Бұл елес қой, елес болса да дәл қазір қарсы алдымда тұрғандай көрінді де, көңілімді көтеріп жіберді. Сол шарықтаған қиялмен басымды көтере беріп едім, біреу ту сыртымнан келіп ұстай алды. Аһ дегенімді ғана білемін, онан басқа түк сезгенім жоқ, құлап түстім,
— Сонан соң?
— Сонан соң пе болсын, тірі қалдым, — деп Саржан енді жадырай бастады: — бір мезгілде есімді жиып, көзімді ашсам, күн төбеге келіп қалыпты. Өлі екенімді, тірі екенімді білмей ақырын көзімді ашып жан-жағыма қарасам, қалың орманның ішінде жатырмын. Қасымда өзімнің бірнеше жауынгерлерім мен басы таңулы Егоров отыр. Ол, жау желкесіне шығып кеткен соң қалған адамдарымен ағаш ішіне жасырынып қалған екен де, көз байланғаннан кейін бізді құтқаруға барып, біздің өлген жауынгерлерді тонап жүрген немістерге кездесіпті. Көпір үстінде маған кездескендер жолға мина құрып жүрген өзіміздің кісілер екен. Олар ұстай алғанда, мен көпірден секіріп кетіппін. Бірақ немістердің сорына тағы да тірі қалыппын. Егер сіздердің ұйқыларыңыз келмесе, манағы мені сықақтап еліктерді тонап жүрген немістерді, Егоровтың мен бата алмаған суға қалай батырғанын, олардың киімін киіп алып, немістерге не көрсеткенін қайтып келіп айтайын. Қалай, жалыққан жоқсыздар ма?
— Жоқ, сіз айтудан жалықпасаңыз, біз ертеңге дейін жалығар емеспіз.
— Ендеше, мен жана келе жатып, мына жердегі бір қу қарағайға қатты қызыққан едім, отын таусылып барады, алдымен соны әкеліп алайын, — деп, етігін киді де, ұйқысынан оянған жолбарыстай сілкіне түрегелді,
Гришаның:
— Әңгімеңізді айта беріңіз, отынды мен-ақ әкелемін, — дегенін тыңдаған жоқ. «Отан жыры» әнін айтып бара жатты.
Біз манадан бері үн шығармай қысылған кеудемізді кере дем алып, енді-енді бір-бірімізге қарап үн қата бастадық.
Бірақ Саржанға берген біріміздің бағамыз бірімізге ұнамады. Гриша мен Гүлжаһан өздері білетін барлық жақсы сөздермен Саржанның батырлығы мен өжеттігін айтып жеткізе алмаса, мен бағалы сөзді таба алмай, арзан сөзді айтқым келмей тез келуін тілеп аласұрдым. Екі көзім Саржан кеткен жақта, бірақ оның сындырған ағашының сытырын естігенім болмаса, өзін көре алмадым.
Бір кезде:
— Тоқта! Кімсің? — деген Саржанның, оған ілесе, алысырақ жерден біреудің:
— Сен Саржанбысың, ей? — деген даусы шықты.
Сөйткенше болған жоқ. Саржан жүрген жақтың жері аумағымен көтеріп, аспаны құлап жерге түскендей гүрс етті де, қалың орман шайқалып барып тына қалды.
— Ах, — деді жолдастарымның екеуі бірден.
Не сұмдықтың болғанын білмесем де, тұла бойым түршігіп, қаным суып сала берді. Жолдастарыма қарасам өңдері сұп-сұр болып кетіпті. Жүректің дүрсілінен басқа дыбыстың бәрін тоқтатып тың тыңдап едік, тырс еткен дыбыс білінбеді. Гришаның айғайынан да ештеңе шықпады.
— Апыр-ай, мина әріден жарылған сияқты еді, қалай, аман қалмады ма екен? — деді де тұра жүгірді.
Мина деген соң-ақ бір сұмдықтың болғанын сездім де: «Саржан!» — деп, мен де айғайлай түрегелдім. Бірақ Саржанның үні шықпады. Тек ормандар әлі күңіреніп тұрғандай, құлағым шыңылдап, басым даң-дүң болып кетті. Тағы айғайладым, тағы ешбір дыбыс болмады. Денем дірілдеп, тез киіне де алмадым. Гүлжаһанның сабырлық айтқанын да тыңдағаным жоқ, шала жанған ұзын қу қарағайды ортабеліне дейін спирт құйып жақтым да, тудай жалынды төбеме көтеріп, Гришаның ізіне түсіп «жөнелдім. Жетіп келсем, ол бір ағашқа сүйеніп сілейіп тұр. Алдында шалқасынан түсіп ел ұланы Саржан жатыр.
Қасына келе бергенде, қолымдағы шырақ жерге ұшып түсті. Шырақ емес, еңсемді көтере алмай өзім құлап түстім. Бірақ Гришаның елді дегеніне сенгім келмеді. Тірі болар, талып жатқан болар, тым болмаса тілге келіп қош айтысар деген үмітпен, тізерлеп келіп жүрегіне қол салып едім, алып жүректің соғуы мүлдем тоқтапты. Денем түршігіп кетті де, мұздаған қолын ұстаған күйі отырып қалдым.
— Арман, арманда кеттің-ау, жан аға! — деген Гүлжаһанның зарлы үні бұл күйікті онан сайын күшейтіп жіберді де, ыстық жастың көзден қалай сырғып кеткенін де сезгенім жоқ. Ауыр ойда отырып, қасыма келген адамдарды да сезбеппін. Тек біреудің:
— Кешке таман бір аға лейтенант қазақ өтті ме? — деген даусы шыққан кезде ғана селк ете түстім, Жалт қарасам қасымызда фонарь ұстаған екі адам тұр.
— Қандай қазақ, ар жақтан өткен партизан қазақ емес пе? — деген Гришаның даусы да шықты.
— Иә, дәл өзі.
Гриша оларды ертіп, бізге жақындады.
— Ол мұнда өліп жатыр.
— Не дейсің? Қалайша? — деген біреуінің даусы қара түнді де жарып, қалын орманды жаңғырықтырып селк еткізді. Оның даусына шошыды ма, жоқ, әлде майор екенін көріп қалды ма, Саржанның білегін қайта-қайта ұстап отырған Гүлжаһан ұшып түрегелді. Майордың менде, менің онда жұмысым болған жоқ.
Саржан үшін күйінетін бұл жерде біз ғана болармыз деп едім, жоқ, олай болмады. Гриша бұл қанды уақиғаның қалай болғанын бастан-аяқ баяндап, анадай жерде қара топыраққа араласып ақ қардың бетінде жатқан жанағы белгісіз адамның денесін нұсқап еді, майор үн қатпастан бас киімін алды да, Саржанның алып денесін еңкейе бере еңіреп қоя берді. Оған Гүлжаһанның мұңлы үні қосылып, ыстық жасы Саржанның тоңазыған бетіне тама бастады.
Майор ауыр қимыл жасап, бас киімін киді де:
— Машинаға дейін көтерісіңдер! — деді.
Meн енді ғана аңғардым, жолдың үстінде бұл мініп келген өзіміз «жер қайық» деп атайтын виллис тұр екен.
— Жолдас майор, сізге айтар арызым бар, — дедім, мен оған жақындап. Ол менің даусымда өксудің дірілі барын байқап қалды да, бетіме тесіле қарап:
— Сіз кім боласыз? — деді.
Мен жөнімді айттым.
— Иә, арызыңызды айтыңыз?
— Мүмкін болса мені осы елікпен бірге ала кетіңіз. — Бұл кісі сіздің неңіз еді?
— Туысым еді, он айдан бері хабарсыз кетіп жаңа ғапа кездескен еді.
Соңғы сөзімнің майорға эсер еткенін оның өзгере қалған үнінен сездім. Ол салмақпен келіп қол алысты да:
— Олай болса, мені қайғыңызға бірінші ортақ жан деп біліңіз. Өз атымнан және соғыстың бірінші күнінен бастап он ай бойы Саржанмен бірге қан кешіскен партизандар атынан көңіл айтамын сізге. Сіз арқылы еліңізге айтамын. Сәлем айтыңыз Саржандай ұл туған ата-анаға. Кім айтты деп сұраса, Саржанның жан күйер жолдасы Егоров дейтін партизан айтты деңіз.
— Бір кезде Саржанның командирі болған Егоров сіз бе?
— Иә, менмін.
Ол Саржанның жүрегіне екінші рет басын қойып тың тыңдады да, қайта түрегелді. Тезірек көтеріңіздерші, деді ойына кенеттен бірдеңе түскендей сабырсызданып.
Саржанды машинаға алып келсек, онда тағы екі адам бар екен. Олар біз жақындай бергенде машинадан секіріп-секіріп түсті де, құрметті қарауылға қойғандай тұрып қалды.
Егоров машинаның алдында тұрған дембелше бойлы біреуіне қарап:
— Жолдас генерал! Іздеп келген кісімді өлідей таптым. Бірақ өмірінен ешбір үміт болмаса да өлімге қимай тұрмын. Машинаға салуға рұқсат етіңіз, — деді.
— Рұқсатты сұрамай-ақ беріп тұрған жоқпын ба? — деді генерал, — сыйыссаңдар болғаны.
— Сыйысамыз, сіз рұқсат етсеңіз, машинаның үстін қайырып тастаймыз да, елікті алдымызға алып отырамыз.
Мұнан менің ұққаным Саржан менің ойымдағыдан да биік екен. Оның кім екенін жау тылындағы партизандар да, майдандағы армия да біледі екен. Оны мынау дембелше бойлы генерал да білетін болып шықты. Бірақ бұл генерал кім!? Саржанды ол қайдан біледі? Егоров партизан болса, бұл жақта қайдан жүр? Ол Саржанды не үшін мұнша сабылып іздеді екен? Әлде Саржандарды алып ұшқан самолеттің құлағанын естіп, ар жақтан етіп келген беті ме екен оның?
Осы секілді қажетсіз ойда тұрып, олардың жайын толық білмей қалғаныма осы уақытқа дейін өкінемін.
Сол арада генералдың:
— Неден болды? — деген даусы шыққанда ғана шошып оянғандай селт еттім.
Машина дүрілдей жөнелді, оның әрбір дөңгелегі генералдың жаңағы сұрауына жауап беру үшін мені кезеп:
— Сенен болды, сенен болды! — дегендей болып бара жатты.
Осы екі сөз менің құлағымнан көпке дейін кеткен жоқ.
Біз от басына қайта келдік. Гриша сөне бастаған отты қайта жағуға кірісті. Менің онда жұмысым болған жоқ, келе құладым.
Құлап жатып, оттың жылтылдаған жалынына қаран едім, ол маған:
«Саржанның қазасы сенен болды, сен әңгіме айтқызбасаң ол өлмейтін еді» дегендей қаһар шашып, жайнай түсті.
Оған қарауға жүзім шыдамағандай теріс аунап түсіп ем, қарсы алдымда аспанмен тілдесіп, дәл жаңағы Саржанның сымбатындай сымбатты сұлу қарағайлар тұр. Олар да: «Сенен болды» деп, маған төніп тұрған секілденді.
Енді отқа да, далаға да қарамай шалқамнан жатып ем, самсаған сансыз жұлдыздар «сенен болды» деп өксігендей көзін сығымдайды. Енді қайттім? Қапияда кеткен ғазиз жанның қазасы маған қапа болып жабысқаны ма? Жәрдем күткендей Гүлжаһан қарындасқа қарап едім, оның ұзын кірпігінен жылтыраған жасты көрдім. Ол да маған «сенен болды» деп тұрғандай жалт-жұлт етеді. Енді амал жоқ, ұйқым келмесе де еріксіз көз жұмдым. Көңілдегі жараға оның да емі болмады, қызылды-жасылды әлденелер елестеп, жаныма тыныштық бермеді.
Гриша мен Гүлжаһан қинала күрсініп, ажал жайын тағы да сөйлей бастады. Мен олардың сөзін естімеуге тырыстым, басымды бүркей түсіп ем, дәл бір мені қинай түскісі келгендей Гүлжаһанның:
— Егер де біз әңгіме айтқызбасақ ұйықтап қалып, ол өлмес пе еді, әлде қайтер еді, — деген сөзі құлағыма келіп, тағы тыныш жата алмадым.
Ол күнгі түнді мен құлағымнан осы екі сөзді кетіре алмай дөңбекшумен өткіздім. Талып барып таңға жақын ұйықтаған жолдастарым менің түрегеліп от жаққанымды білген жоқ. Қайта оның қызуымен бойлары жылынған сайын Гриша қорылдай түсті. Менің ермегім де, серігім де күнделік дәптерім. Соған түндегі қанды уақиғаны болған күйінде жазып отырмын, «Ол да арманда, мен де арманда» деген сөзбен оны да аяқтадым.
Тан атып, кеш туған ай сәулесі әлсірей бастады, Қатқақпен жүріп кетсек, түндегілерді көпір аузындағы деревнядан кездестірер едік деген ойда келіп ем, жолдастарымның бірде-бірі ояна қоймады.
Елсіз далада жалғыз отырғанда жоқтан өзгеге елегізіп, адамның жаны жай таппайды екен. Ойда жоқ нәрселерден елегізіп отыр едім, кенеттен аспан дүркіреп, жер солқылдап, дала жаңғырығып ала жөнелді, оның дүмпуінен қатты ұйқыда жатқан жолдастарым да шошып оянды.
— Aha, қоршаудағы немістердің бүгін қуырдақ болатын күні екен, мынау үлкен шабуылдың белгісі, — деді Гриша көзін уқалай түрегеліп.
— Бұл не?
— Бұл немістерге ажал жіберіп жатқан біздің құдайлар ғой.
Оның «құдайлар» дегені не екенін түсіндім. Бірақ артиллерияның мұндай күшті үнін бұрынды-соңды естіген емеспін. Таңертеңгі тұнық ауада атылғандікі ме, жоқ әлде көптігінен бе, аса зор үнмен гүрс-гүрс етіп аспанды шайқап, сел қаптап келе жатқандай орман даланы күркірете жөнелді де, екпіні орман біткенді күңірентіп жіберді.
— Өздері де недәуір бар екен, кемі он батарея бар-ay, — деді Гриша қайта-қайта гүрсілдеп төбемізден жау ажалын зулатып тұрған артиллерияның даусына құлағын тігіп.
— Бұларды біз кеше қалай көрмедік. Жақын жерде тұр ғой өздері?
— Біздің артиллеристердің осындай бір мінезі бар. Өздері жанға көрінбейді, өздері де көрмейді. Көрмесе де төбеден дәл ұрады. Немістер бұл маңға бомбасын жұмсауы мүмкін, тезірек кетейік.
Бұл ұсынысты мен қуана қарсы алдым. Кішкене ұйқы ашар істедік те, жүріп кеттік.
Көпір аузындағы деревня өзеннің арғы қабағында екені есіме түсті. Бергі қабағында екі-үш үй болатын. Түндегілер қайсысында екен. Мүмкін, өзен тасып өткізбеген болар, бергі жақтағы үйлердің бірінен кездестірерміз деген үмітпен қатты жүріп тез-ақ келдік.
Келсек өзен тасып жатыр. Бурадай бұрқылдап: «Келші бері, бір-ақ тарпып Саржанның барған жеріне жіберейін» дегендей бұрқ-сарқ түсі тын суық... Түйдек-түйдегімен бірін-бірі қуып, бірімен-бірі жарысып, бірімен-бірі соқтығысқан сендердің екпінімен аспанға шапшыған лай су — түндегі адам баласын асықша атып, құйындай көтерілген минаның тозаңын тағы елестетті.
Жағада ел сыймай отыр. Маған олардың бәрі Саржанның жаназасына жиналып отырғандай керінді де:
— Олар енді ешқайда кеткен жоқ, — дедім. Үшеуміз тұра қалып төңірекке көз жіберін едік, төменгі үйдің ығында түндегі машинаға ұқсас бір машина тұр екен. Жүгіре басып соған келдік. Солардікі ме, жоқ па белгісіз, ішінде адам жоқ. Гүлжаһан машинаны айналдыра қарап:
— Солардікі, мен түнде әдейі белгілеп қалғанмын, мына жерінде оқ тиген, мынадай белгісі бар, — деп еді, оған Гриша көне қоймады.
— Оқ тиген машина жалғыз осы деймісің, меніңше, олардікі емес, мынау ескі, ол жаңа болатын. Тіпті бұл үшін бас қатырудың керегі жоқ, қазір біліп шығайын, — деп үйге беттей беріп еді, қарсы алдынан қызара бөртіп шофер шыға келді.
Оны көргенде біз Саржан тірілгендей қуанып кеттік. Бірақ, ол көбірек қағып алған екен, біздің сұрауымызға ылғи шалыс жауап берді де тұрды, ақырында:
— Мен ештеңе де білмеймін... Мен әдейі командирімнен рұқсат алып, немістердің қолынан өлген әйелімнің туған күні үшін ішіп жүрмін, мен соны ғана білемін, сіздер оған түсінулеріңіз керек, мен ештеңе де білмеймін. Білсем де білмеймін... Түнде ме, таңертең бе, жоқ әлде жаңа ғана ма, әйтеуір білмеймін, қашан әкеткенін, әйтеуір ар жаққа әкеткенін білемін, өлі кеткенін, тірі кеткенін тағы білмеймін. Тек, өзім арақ ішпестен бұрын дәрігер әкелгенім есімде. Әйдә марш! — деді де, ол теңселе басып жөніне кетті.
Онан ешбір қайыр болмаған соң үйге кіріп едік, ешкім жоқ екен. Кімнен сұрарымызды білмей, өзен жарасына келдік. Әлгіден гөрі селдіреп бірін-бірі қуған сеңдер жолындағыны жалмап жұта жосылып жатыр.
Осы дүлей табиғатпен алысып, арғы жақтан екі қайық келеді. Әрқайсында төрт-төрттен кісі отыр. Оның екеуі ескекшіде, екеуі қолына сырық алып, қайықты сеңнен қорғаушы. Бұл екі қайық менің есіме түндегі екі сөзді тағы түсірді де, теріс айналып кеттім.
Не болса да арғы жаққа өтіп Саржанның жайын білмесем, жаным жай табатын емес. Соны ойлап, су бетіне қайта көз жіберіп едім, жаңағы екі қайық ажал құшағынан әлі шыға алмай келеді екен. Қайықшылардың қалт-қалт етіп үрейленген түрлерін көріп, тағы түршігіп кеттім. Әсіресе, алды-арттарынан бірдей сең қаптаған кезде олардың жапырақтай қалтыраған халдері тым аянышты. Көз тайса көміп кеткелі тұрған андыздаған ажалды аңдып, жан-жағына балапанша жалтақтаған қайықшылардың жалт-жұлт еткен көздері алыстағы сені, сенің жүрегіңді кеп қармағандай сезіледі. Аяйсың, аяй тұра: «Көзсіз батырлық, жанға қорлық екенін неге ойламайды екен» деп қынжыласың ішіңнен.
Бірақ, олардың қайығындағы жәшік-жәшік снарядтарды көргеннен кейін ол ойдан безіп шықтым. Өйткені олардың не үшін көре тұра ажалға қарсы барғанын енді түсіндім. Жақындай келіп, көз тастап едім, жаңа ғана қорқыныш шырағы жағылған көздерінен енді шаттық нұры жарқырап тұр. Су бетінде кездескен қорқыныш - жүректерін шайлықтыра алмапты, снарядтарды жағаға шығарып тастай сала, қайтадан сеңдермен алысып ар жаққа қарай сыза жөнелді. Енді маған олардың айбынынан ажал да бұғып тұрғандай сезілді де, су бетінде ешбір қауіп қалмағандай көрініп тез етуге асықтым. Гриша барып біреумен сөйлесіп келді де:
— Қазір бізге ең мықты қайықшысы бар жеке қайық беретін болды, біраз шыдайық, — деді.
Мен су бетінде кетіп бара жатқандардың сең жақындап қалған кезде үрейленгендерін көріп әлі берік ойдан қайта лоблып кеттім.
— Тым қорқынышты екен, көрдің бе, тілсіз ажалдың сұрланып алып жалмаң қағуын, — дедім, Гриша менің қорқып тұрғанымды сезіп күлімсіреді де:
— Қайықтан қорықсаңыз аналар құсап өтейік, — деді әзілдеп.
Ол нұсқаған жаққа қарасам, судың бетінде он шақты адам қалқып жүр. Қолдарында бір-бір ағашы бар, әрқайсысы әр жерде тікесінен тік тұрған күйі ағып барады.
— Бұл не ғажап?!
Бақсам, оның ғажап түгі де жоқ екен. Біздің қасымызда отырғандардың бір-екеуі әр жерінен жарылып жағада жатқан мұздардың кішіректеуін сырғытып суға түсірді де, екеуі екі мұзбен қалқи жөнелді. Маған ғажап көрінген кереметтің бар тетігі сол ғана екен. Енді бұларды көргеннен кейін қайықтан қорқамын деу ұят секілді көрінді де, үндемеуге тырыстым.
Бізге деген қайық әзір болды. «Өтпе, өлесің» деп қорқыныш, «ет, Саржанды көресің, тіпті тірі көресің» деп үміт тұр. Екеуімен алыса-алыса қайыққа жақындадым. Ақырында үміт жеңді де, Гүлжаһан мен Гришаның аралығына келіп орналастым.
Қайыққа отырған кезімде су беті сеңнен тазарыңқырап қалғандай еді, өзеннің орта тұсына жете берген кезімізде қайтадан қаптап кетті. Алыстан қарағанда соның бәрі «Сар.жанның өлімі сенен болды, сол үшін біз сені құтқармаймыз» деп осы топтың ішінен тек мені ғана жұлын әкетіп жалмайтындай көріне берген соң көзімді жұмып алып едім, жағада тұрғандар шу ете түсті. Көзімді қайта ашып алсам қасымдағылардың бәрінің де өңі бұзылып қабақтары өзеннің өр жағынан түйіле қалыпты. Бақсам, екпіні тауды да жыққандай бір үлкен мұз сырғып келеді екен, жаным түршігіп кетті. Қасымдағыларда үміт қалмаған секілді. Қайықты сеңнен қорғап келе жатқан сырықшылар да мына төніп келе жатқан ажалмен алысуға шамалары келмейтінін сезгендей сырықты тастай сала ескекке жармасты. Жан ұшырды ма білмеймін, әйтеуір, төртеуі қайықты қаңбақтай ұшырып келеді. Біріне-бірі дем беріп: «Ее, ее!» — деп, айғайлап келеді. Мен су бетіне қайтып қарай алмай тек сеңнің бірімен-бірі соқтығысқан гүрілін ғана естіп келемін.
— Бір кезде қасымдағылар ту ете қалды:
— Ей, ана келе жатқандар пе пәле?
— Адам сияқты ғой өздері.
— Ананы қараңдар, қолдарын көтеріп келеді.
— Қолдарын көтерсе неміс дей бер.
— Қоршаудан осылай құтылған екен ғой.
— Ой, рас, неміс екен, деп біреу «уралап» жіберді.
Бұл кезде біз жаңағы сең ажалынан құтылып жағаға жақындаған едік. Әр сеңнің үстінде екі-үш немістер жатыр. Қайсыбірі өлген, қайсыбірі жаралы, енді біреулері тірідей ағып барады, Тірілері мұзға салмақ түсірмес үшін қасындағыларын суға құлатқан болу керек: жалғыз жалғыздан кетіп барады. Қайсыбіреулері жалынған дауыспен «Жолдас, жолдас» деп баж-баж етеді. Қайсыбірі біздің неміс тілім білмейтінімізді сезгендей жалынып жалбарынғанын мылқауша қолымен ымдап аласұрады. Біз күлеміз, олар жылайды. Өшпенділіктің не екенін тұңғыш рет осы жерде анық сезгендеймін. Сірә, Ловать өзені бүгін шығыс жақ жағасынан шегінген немістерді құтқармаған болу керек, мұз тұтқыны таусылар емес.
Жаралылары біздің елге істеген жауыздығы жанын қинағандай қолдарын ербеңдете жанталасып бірінен соң бірі ағып барады.
Аздан соң өзеннің беті сеңнен де, немістерден де тазарып айнадай жарқырап жатқанын көріп қуанып кеттім.
Сең үстіндегі бұл немістердің кесірі бізге де тимей қалған жоқ. Егер біз оларға бөгелмесек Саржанның хабарын білгендей екенбіз. Таңға жақын қызыл су жүріп жатқан кезде Саржанды өткізген адамдар мен түндегі қараған дәрігер біздің алдымызда ғана кетіп қалыпты. Бір үміт сонша жерден түн ішінде дәрігер алдырылуы болды.
Күні бойы кезіп, осыдан басқа ешқандай дерек ала алмаған күйі, келесі күні жолға түстік. Өлімге басты байлаған еңбек далаға кетті.
Саржанның жайын ойлап жүріп, Гүлжаһанның бұрнағы күні айтамын деген үлкен сыры бар әңгімесін айттыруды да ұмытып кетіппін. Тіпті, оның бүгін бізден бөлініп кететінін де ойламаппын. Каменка деревнясынан шыға бере, екі айрылатын жолға келгенде Гүлжаһан тұра қалып:
— Ал, аға, енді қош айтысайық, — деді.
— Қалайша?!
— Қалайшаңыз қалай? Сіздің бетіңіз шығыс, менің бетім оңтүстік пен батыстың аралығы, айрылысар жеріміз осы емес пе?
Мен не дерімді білмей тұрып қалдым.
Не айтқаным есімде жоқ, екі жолдың торабында біраз отырып артық-кемді әр түрлі сөздер айтыстық та, қинала тұрып айрылыстық. Ең соңғы сөзім:
— Саржанды ұмытпай, сұрастыра жүр! — деу болды.
Айрылысқан жеріміз ұсақ адырдың теріскей жақ беті болатын. Біздің жолымыз сол адырды бөктерлеп барып, орманы қалың жазық далаға қарай әкетеді. Гүлжаһанның жолы адырдан әрі асып, оңтүстікке қарай кетеді. Ол ұзақ жүрген жоқ, жолындағы бір төбенің басына шығып, бізге қол бұлғады да тұрды. Біз де құлақшынымызды бұлғай кетіп барамыз. Ә дегенде мұның онша көп әсері болмағандай еді, біз ұзап кетпесек те Гүлжаһанның тебе басында жалғыз отырып қалуы ілгері басқан аяқты кейін тартып, кілт тұра қалдым.
«Неге оны алдағы деревняға дейін ертіп бармадық, Неге оны жалғыз тастап кеттік? Неге мен оның басындағы өзіме керек асыл қазынаны алып кетпедім?» деген өкінішті ой сап ете түсті.
Ол қолын әлі бұлғап тұр. Сол сәтте, Гришаның есіне өзінің үй іші түскен болу керек, ауыр күрсініп:
— Менің әйелім мен балаларым қай жерде жылап жүр екен, ә? — деді де, отыра кетті.
Гриша сезген жоқ, ойда жоқ жерден құлағыма алыстан талып зарлы үн келді, зар емес — ән, «Сырымбет» әні келді. Әнмен бірге сорғалап барып тасқа тамған ыстық жастың дыбысы келгендей тұла бойымды ауыр сезім билеп кетті... Елді сағынғандық па, жоқ әлде қарындастың жан күйі өзіне тартып бара ма, әннің қайырмасына қосылып «Қарындасым, енді есен бол» деген сөздің аузымнан қалай шыққанын да сезгенім жоқ.
Жүрегім тербеліп тұрғанын дірілдеген даусымнан сездім де, бойымды тез жиып алып:
— Гриша, азар болса бір күн кешігерміз, азар болса шаршап далада қалармыз, қайта барып оны алдағы бір деревняға дейін шығарып салайық, — дедім.
Ол екі сөзге Келген жоқ, менің бұл ойымды басқаға жорыды ма, кім білсін, жұмбақ жымиыспен езу тартты да көне кетті. Біз қайта кейін жүрдік. Бірақ Гүлжаһан өзіне қарай жүргенімізді көрді де кете бастады. Қолымды бұлғап, көз айырмай қадалып келемін, ол токтар емес, төбеден аса бере қолын соңғы рет бір бұлғаң еткізді де, жоқ болды.
Мұнысы: жапан түзде жалғыз тастап кеткенсің, енді келмей-ақ қой деген өкпенің белгісі ме, кім білсін. Біз қуып жетеміз, екпесі болса тарқатамыз деген сеніммен ұмтыла түсіп келе жатыр едік, дәл жанағы Гүлжаһан тұрған төбенің түбіне жеткенімізде бір машинаның гүрілі шықты. Гүлжаһанның жолы сол төбенің ар жағында болатын. Машина сол жолмен келеді, біз оның өзін көрмесек те дыбысынан байқап келеміз. Ол біздің тұсымыздан өте бере сәл кідірді де, қайта жүріп кетті.
— Қыз кетті, — деді Гриша артық жүріс жүргеніне қынжылғандай түр көрсетіп.
Мен үндеген жоқпын. Мүмкін, кетпеген болар деген үмітпен тебенің басына шықтым, Жаңағы машина алыста кетіп барады, онан бергі жерде қыбыр еткен жан жоқ. Гүлжаһан көрсе көңілі жадырар еді деген оймен құлақшынымды бұлғап тұрмын. Дәл сол сәтте кенеттен немістің жеті-сегіз самолеті оларға кездесе кетті де, бірден оқты жаудырып жіберді. Мұндай да ертерек сақтанбаған шоферлар машинаның үстіндегі кісінің өлгеніне де қарамай, қашан бір қауіпсіз жерге кеткенше айдап жүре беруші еді. Үстіндегі Гүлжаһанның өлгеніне де қарамай, шофер сол әдетіне басты ма, қайтті, машина бөгелген жоқ, ағып кете барды.
Көз алдымда қансырап жатқан Гүлжаһан елестеп, ауыр ойда тұр едім, аузыма жаңағы сол айтқан «Сырымбет» өңі түсті.
Күн қызып, қар еріп жатыр. Сайдағы қар судың сылдыр қағып аққан дыбысынан басқа тук дыбыс жоқ. Өкпесін оқ тескен қалың орман да күн шұғыласына бөленіп еңсесін көтере бастады. Соны көріп менің де еңсем көтеріле түскен секілденеді. Кейде, қалың ойдың бір қабатынан бұрқ етіп, қайғының шаңы да көрінеді.
«Гүлжаһан не болды екен?» — дейсің ішіңнен. Ойлай берсең ой көп. Машиналы кісіні жаяу қууға тағы болмайды, келген ізімізге қайта түстік. Бес-он шақырым жүргеннен кейін үлкен сазға кездесеміз, сондықтан біраз күнге дейін бұл машинаның жүруі мүмкін емес. Әліміз бар кезде темір жолға жетіп қалуымыз керек.
Осы соғыстың кезінде ғана шығысқа қарай тартылған жаңа жол алдымызда сайрап жатыр. Сол жолмен біз келеміз.
Артым — майдан, алдым — ел, екеуіне кезек көз саламын.
Қиял құсы біресе қанаты буылғандай төмен құлдилап, жер соғады, біресе қайқаң етіп қасқая көтерілген қыран құстай жоғары шарықтайды. Кейде көзіңнен тасалауға қимайтын Гүлжаһан сияқты аяулы қарындастар мен батыр бауыр, бағлан ағалардың артта қалып бара жатқанына налисың. Кейде солардың көкке көтерілген даңқына шаттанасың. Шаттықтың қиялы шарықтай түсіп, байтақ жатқан кең далаңды кезесің де, қанатыңды алысқа сермейсің.
«Жер бетінде қымбат не болса — менің жерім соған бай. Жер астында қымбат не болса — менің жерім соған бай. Елім — сол байлықтың иесі. Бар байлық — бір жанымның садағасы, бір жаным — арымның садағасы» дейтін ежелгі салтымен жүрегін майданның тірегі етіп, барын намыс жолына құрбан етіп отырған еліме қарап мақтанамын.
Елім еңбектегі, ерлерім майдандағы даңқ туының басына шықса, бұл күнге дейін бізге алыстан атой беріп, ажал бұлтының арасынан ғана көзге алыстан түсетін, елімге тәкаппарлана қарайтын тағы бір биік болушы еді, бұл соғыстың тұсында сол биікке де шығыппыз. Соны көріп шаттанамын.
Сол ажал бұлтын серпіп тастап, асқар биіктен ұшқан қыранның бірі кешегі Саржан еді-ау! Ол оқ пен оттың ішінде қан кешіп, қасірет шегіп жүрсе де, келешегінен үміт үзген жоқ еді. Үміт үзбеу ғана емес, Отаны үшін еткен еңбегімен ұрпақтар жүрегіне сақталып, мәңгі өшпейтін оттың бірі — Саржан еді. Амал не! Сондай асыл арман оған жеткізбей кетті. «Жоқ, жоқ. Әзәзіл ой азғыра көрме, Саржан өлген жоқ. Саржан тірі. Оның аты тарих бетіне алтынмен мәңгі өшпейтін болып жазылады. Ендеше өлді деп оны кім аптар?» дейсің ішіңнен.
Осындай әр тарапқа шарқ ұрған алуан түрлі ойда келе жатып: өмірдің сол биік көгіне барлық ұлтты бастап шыққан сенің ұлтың, сондай елден туған сенде нендей арман бар? — дегім келді ме қайтті, Гришаның бетіне қарап едім, ол ауық-ауық басын шайқап түнере түсіп келеді екен.
— Гриша, үйіңді әлі ойлап келесің бе? — дедім.
— Жоқ, кешегі партизанды ойлап келемін. Біз тым болмаса оның үйінің адресін де алмаппыз ғой.
Оның бұл сөзі менің манадан бергі шарықтаған ойымды буып тастады.
«Сенен болды» деген сөз жүрегіме тағы тиді де, түнерген өкінішті ойда кете бардым.
II
Сонан бері талай күндер, талай айлар ақырын жылжып өтіп жатты. Жеріміз жаудан тазарған сайын кеудеміз кеңи түсіп, қанат пен қалам бұрынғысынан да қаттырақ сермеле бастаған 44 жылдың күзі еді. Бұл кез — жеңіс үнін жиі-жиі естіп, күн сайын шаттыққа бөленіп тұрған кезіміз болатын.
Сондай көп күндердің бірінде елден ерекше бір қуанышқа кездесіп осыны жазуға кірістім.
Майданнан екі хат келді. Мұның бірі баяғы Гүлжаһан қарындастан, екіншісі артиллерия командирі Базар дейтін жолдасымнан келген екен. Алдымен Базардың хатын аштым.
«Ех, шіркін! Бүкіл дария теңіз сиям болса, жер мен аспан қағазым болса, өзім суретші болсам, қайтер едім? Барлық адамның жүрегінің суретін жер шарындай етіп салар едім де, оның бетіне «жеңіс!» деген сезді бүкіл дүние жүзінің алтынымен жазар едім, — деп бастапты ол хатын. — Мүмкін, ол менің қолымнан келмес. Бірақ жаудан босатылған әрбір қаланы көрген сайын осы сөздің бүкіл адам баласының жүрегінде тұрғанын көремін. Көңіл күйі осындай. Енді көз алдағыны айтайын.
Қарашы, досым! Менің қасымда қазір сонау Сталинград маңындағы бір қазақтың үлкен боз інгені тұр. Қырық екінші жылдың күзінде бомба түсіп өлген ботасын іздей ме жануар, кейде көзінен моншақ-моншақ жас ағызып тұрып боздап қоя береді. «Ол қайдан жүр», — деп, сен оған таңданарсың-ау, әлі, иә, таңдан! Бірақ мен таңдансын деп емес, танысын деп жазып отырмын. Өйткені сен соңғы жазған хатыңда: «Жаудың жеріне жеткен күнгі алған әсеріңді жаз» — деген екенсің, міне, кешеден бері жаудың іргесін түре бастадық. Мұндай ерлікті ешбір елдің тарихында еш уақытта оқымаған боларсың. Бірақ мен ол жайды кейін Берлиннің қасындағы дачаларда демалып жатқан кезде жазармын. Әзірше сен мына түйеге көз жібер, осы түйе маған бір үлкен ой салып тұр. Ол сонау Сталинградтан бастап, мынау Шығыс Пруссияның қақпасына дейін біздің ауыр артиллерияның снарядын тартып келеді. Ол сол Сталинград түбінде өлген ботасының кегін тартып келеді.
Күйшілерге сәлем айт! «Боз інген» атты бір күй шығарсын. Мен болған жайды айтып берейін:
Алай-дүлей ақ боран. Сол боранның ішінде ақ ботасын соңына ерткен, екі өркеші баладай боз інген кетіп барады. Адасқанын білгендей ауық-ауық тың тыңдайды, тыңдайды да боздайды. Ол бір кезде аждаһаша ысқырып келе жатқан бомбаның даусын ести сала, шығысқа қарай желмаяша желе жөнеледі. Қармен бірдей бораған көп бомбаның арасында ботасы боздап қала барды. Ботасының қалғанын боз інген білген жоқ. Шудаларын желкілдете желген бойы Волганың жағасына жете беріп, тұра қалды да, арт жағына жалт қарады. Бомба әлі жауып тұр, боран әлі соғып тұр. Ол ботасының қалып қойғанын енді сезді де, бұрылып алып батысқа қарай қайта салды.
Қарсы алдынан соққан боран да, борандай бораған бомба да оның бетін енді қайтара алған жоқ. Бомбамен бірге боздап келеді, боздап келеді. Боздаған бойы ботасына жете бере етпетінен түсті, өлген ботасын аймалайды да боздайды, боздайды да аймалайды. Менің бір құлағым жау жақта болса, екінші құлағым соның боздаған мұңлы даусында. Ол күн батқанша,түн болғанша боздады. Күн батқаннан кейін мен оны зеңбірегім тұрған ағаштың ішіне алып келдім де, ұйықтасам соның бауырында ұйықтайтын болдым. Өйткені түйенің жүні жылы ғой.
Міне, боз інгеннің жайы осы. Ол ботасына бұрылғаннан бастап, бетін шығысқа қарай әлі бұрған жоқ. Батысқа қарай әлі тартып келеді, әлі боздап келеді, осыған ойлана бір қарарсың.
Ал немістердің қалай боздағанын айтайын.
Өзің білесің, мен жауды өзін көрмей-ақ көзіне дәлдеп ұра беретін артиллериспін ғой. Бірақ жазуға келгенде көрмегенімді жаза алмайтын жыным бар, сондықтан көргенімді ғапа жазайын, оған ғафу ет!
Қазір ар-ұятын адамның бір тамшы қанына баяғыда сатқан жалмауыздардың ұясы — Шығыс Пруссияның шекерасында тұрмыз. Алдымызда он екі километр жерде — сол жалмауыздардың ата-бабасынан бері мекен етіп келген бір ордасына ажал оғын төккелі әзір тұрмыз.
Жалмауыздың сол ордасына жаңа келген командиріміз қатты өшіккен сияқты. Кешеден бері жеті қабат тас қамалын талқандап, босағасын қиратсақ та, сол қалаға бір кірмей, оның көңілі көншір емес. Ондағы немістердің қарасын бүгінгі батар күнмен бірге батырамын депті. Сірә, сол айтқаны келеді-ау деймін, өйткені талай соғысты мен түгіл, шені менен он есе үлкендер де көрмеген болар. Кішкене сабыр ет, кейінгі жақтан бір-екі салт атты адам шауып келеді. Солар өтіп кетсін», — деп, ол көп ноқат қойыпты да, әңгімесін былай жалғастырыпты:
«Апырмай, мен саған кешеден бері соғыстың қандай болғанын тілім жеткенше айтып беремін-ақ деп едім, жанағы екі адамның ол ойымды бөліп жібергенін көрдің бе? Оны енді жаза алатын да емеспін. Өйткені сол екі адамның біреуі маған қатты эсер етті. Алған әсерімді де жеткізіп айта алатын емеспін, тек осы хаттың үстінде не көрдім, не естідім, соны ғана айтып берейін.
Біздің арт жағымызда, жүз метрдей жерде бір өзен жатыр. Жаңағы екеуі сол өзеннің шығыс жақ жағасына келіп тұра қалды. Астында қамыс құлақ, қаз мойын, қатқам қара көк ат бар біреу жан-жағына қарап, қасындағы жолдасына бірдеңелер айтып тұр. Онысын мен ести алмай, айдалаға ат ойнақтатып тұрған бұл неткен адам деп, қарадым да тұрдым. Нақ біздің арт жағымызда бір тас көпір болатын. Әлгі қара көк атты адам сол көпірдің үстіне келіп, қарғып түсті де, атын қасындағысына бере салып, сырт Киімін шеше бастады. Қарап тұрып қайран қалдым да, қастарына бардым. Барсам, әлгі шешінген адам көпірдің астындағы" суды етікшең кешіп жүр. Омырауындағы төрт орден иығына үлкен екі жұлдыз таққан бір нән. Ол суға еңкейіп жүріп мені көрген жоқ, көрмесе де мен жұлдызды көргеннен кейін честь берігі амандасып едім, естімеді ме білмеймін, ол басын да көтерген жоқ. Атшысына жақындап жөн сұрап ем, ол түнеріп басын шайқады. Көпірдің үстінен еңкейіп судағыға қарап едім, ол жағаға шығып келе жатыр екен. Түсі тым айбынды, кездерінен жалын жарқ-жарқ етігі тұр.
— Аузынан сөзі түсіп тұрған сен кімсің? — деді де, ол менің жауабымды айтқызбастан атшысына қарап: — табылмады, достым, тек немістердің қолына түсірмей су ағызып кеткен, — деді,
Соны айтты да, атына мінбестен, біздің батарея тұрған жерге қарай жүрді.
— Ал, сөйле, сен кімсің? — деді маған қараң. Мен айтуға тиісті ғана жөнімді айттым. Сонан соң-ақ оның өңі жыли бастағанын көрдім.
— Әке-шешең бар ма?
— Бар, жолдас подполковник.
— Оларға хатты жиі жазып тұрамысың?
— Жиі жазамын.
— Шүйке басың бар ма еді?
— Жоқ еді.
— Неге?
— Соғысқа кетіп қалдым ғой.
— Нешедесің?
— Жиырма бестемін.
— Соғысқа келгеніңе қанша болды?
— Екі жылдан асы.п барады.
— Оған дейін қайда болдың?
— Колхозда болдым.
— Әрі оқыған оқу жоқ, әрі алған әйел, немене, біреу саған шідер салған ба?
Мен қанша қысылсам да бұл сөзге мырс етіп, күлмей тұра алмадым, бірақ ол күлмеді.
— Оның түк те күлкісі жоқ, — деді түсін суытып, — өзің ойлашы, жасыратыны жоқ, егер сен жиырма жасыңда үйленген болсаң, соғысқа кеткенше бір солдат тумас па еді? Туар еді. Артыңда қалған бала жоғы ажал сағаты жеткен кезде аса бір ауыр қайғы түсіретінін сездің бе, сірә?
Мен үндей алмай қалдым. Ол бетіме қарады да:
— Шыныңды айтшы, неше жасыңда қыздарға жалына бастадың? — деді.
Мен ұяла тұрып шынымды айттым.
— Міне, көрдің бе, жаман сәурік құсап талай жылды босқа өткізіпсің. Сенде жоқ бала менде де жоқ. Бірақ менде бұрын бар еді. Шешесі майданда, өзі үйде өліпті. Әке-шешеңнің адресін жазып бер.
— Оны қайтесіз?
— Хат жазамын. Базардың кешеден бергі ерлігі үшін бір ақылды қыздың айдарына белгі тағып қойыңдар деймін, — деді ол күлімсіреп. Біздің жада командиріміз осы кісі екенін енді сездім де, қуанып кеттім. Қуанғанда қыз үшін емес, «кешеден бергі ерлігі үшін» деген сөзіне қуандым. Әрі оған өте риза болдым. Өйткені оның бұл сөзінен жауынгердің жан сезімін түсіне білетін адам екенін байқадым. Бірақ осы арада мен бір ағаттық істедім, не түлен түрткенін білмеймін:
— Подполковник жолдас! Соғыс бітіп елге барған соң жақсы қыздардың біреуін таңдап жүріп алармын. Әзірше немістің бір қызын ала тұрсам қайтеді? — дегенім.
Әрине, менің мұным әзіл ғой. Әзіл болса да оның отты көзі өңменімнен өтіп кетті де, сасқанымнан аузымды жұма қойдым. Жада ғана қуанып тұрған кісі шошытып жіберді. Түсінің суықтығы сонша, теріс айнал да жөнел, қазір атамын дегелі тұрғандай көрініп, жүрегім дірілдеп кетті. Ол маған тесіле қарап әлі тұр, мен бір пұшайман болдым да қалдым. Кенеттен; «сенің ойың сол ма?» — деген дауыс саңқ етті, мұның әзіл екенін айтуға шамам келген жоқ, ол:
— Осыдан немістің қыздарына соқтығып көр, қылтаңды қылышпен қырқайын, — деді де, ағаш түбінде күйсеп жатқан боз інгенге бұрылып, — мына түйе сендердікі ме? — деді.
Мен жаңа су түбіне батып бара жатқан адамның халінде едім, енді толқын лақтырып жағаға шығарғандай қуанып кеттім. Алдымда келе жатқан подполковникке қарап: «Қуантамын десең де, жылатамын десең де қолыңнан оп-оңай келетін адамсың-ау», — дедім ішімнен.
Біз қасына келе бергенімізде оған мұңын шаққысы келгендей боз інген тағы боздап қоя берді. Мен оның тарихын қысқаша айтып беріп ем, подполковник ауыр ойға түскендей түнеріп біраз тұрды да, қалтасынан орамалын алып түйенің көзіндегі жасын сүртті. Мұнысына мен қайран болдым.
— Саған бұйрық сол біздер немістің мына қаласын қайтсек те бүгіп аламыз. Сонда сен осыған мін де қаланы қақ жарып от! Көрсін, кешегі заманда немістердің көзіне дәл осы түйе секілді көрінетін қазақтардың бүгін қандай екенін көрсін, әсіресе, қазақтардың немістерге не үшін өшіккенін.
«Не үшін?» деген сұраудың жауабын айтқызғым келіп еді, «кешегі заманда немістердің көзіне дәл осы түйе секілді көрінетін» деген сөзінен сондай қараңғы өмірден қазақ халқын құтқарған тек Совет өкіметі, сондықтан сол қара түнек өмірді басына қайта орнатқысы келгені үшін қатты өшігетіні өзіме де белгілі көрінді де, үндегенім жоқ.
Мен сол бұйрықты бұлжытпай орындайтынымды айттым. Ол артиллеристерге жақындап келді де:
— Құттықтаймын, жолдастар! Жеңістерің жеңіске ұлассын! — деді. Біз бір дауыспен тиісті жауабымызды бердік.
Мұнан кейін менің мерейім есіп, еркін сөйлесе баста дым:
— Жолдас подполковник, сізге бір-екі сұрау беруіме болар ма екен? — дедім.
Бұл кезде ол немістің жерінін ескі картасына қарап, қу томардың үстінде отыр еді.
Ол қарындашпен картаны қатты бір сызды да:
— Сұра, тек қысқа болсын, — деді.
Мен онан көпірдің астындағы Судан не іздегенін сұрап едім, ол маған үн қатпастан картаның бетіндегі қызыл найзаның белгісін созып барып алдымыздағы өзіміз шабуыл жасағалы тұрған неміс қаласына тіреді де:
— Оны мына қаланы алғаннан кейін бәріңді жиып тұрып стройдың алдында айтамын. Ана тұрған тас көпірдің де, мына қызыл найзаның да үлкен сыры бар. Бұл осы біздің оң жағымыздағы көрші дивизияның командир! генерал Егоровтың соғыс басталған күннің ертеңінде салған белгісі еді. Бұл осы жерге қайта келеміз деген бәріміздің сол күнгі антымыздың белгісі еді. Бұл терең сырлы бітпейтін ұзақ әңгіме, кейін естисің, — деді де, ол кенет ойына әлдене түскендей тез тұрып, атына қарай жүрді. Мен оның ештеңе айтпайтынын сездім де, аттандырып жатып аты-жөнін сұрап ем, аттың үстінде тұрып көңілді кескінмен:
— Жасыратыны жоқ, мұның маған ұнайды. Аты-жөнімді сұрамастан бұрын іздеп етікшең су кешкенімді сұрағаныңа ризамын. Атым — Саржан, әкем аты — Мұрат, қош бол! — деді де, алдыңғы шепке қарай жорта жөнелді».
Хат мұнымен біткен жоқ, оқушым, хаттың осы арасына келгенде, мен сонау бір түнгі орманның ішінде жанған оттың басында қайғылы үнмен қара түнді сілкіндіре қандай дауыстап түрегелсем, енді шаттық үнмен өзімді өзім сілкіндіре дәл сондағыдай дауыстап түрегелдім. Осы кезде есік жақтан әлдекімнің күлкілі даусы шықты. Жалт қарасам, нақ қасымда гүлдей жайнап, күндей шалқып Гүлжаһан тұр. Мұны көргенде даусым да шықпай қалды! Өзім де қозғала алмай қалдым. Тек күлімсіреген көзін көзіммен сүйіп, қолымды соза бердім. Ол қолын берместен бұрын қолындағы үлкен папканы ұсынды да:
— Алдымен аманатты тапсырайын, — деді. Мен папканы алып стол үстіне қоярын қойсам да, не екенін түсінбей:
— Бұл не зат? — дедім.
Ол күлімсірей түсіп:
— Амандасуды ұмытпаңыз, — деді.
Мен ойымның папкаға бөлініп кеткеніне сәл қызарып, қолымды қайта создым.
— Ғафу ет, қарындас, тамашаға табынып ақылымды сезімге билетіп алдым. Егер амандасуды ұмытқан болсам, оған сен де кінәлісің. Сағынған ағаңды сабырсыздық етер дедің бе, салқын қанды көңілмен ұсынған қағаз емес, қағаздан ақ көңілімен ұсынған отты қолың еді ғой күткенім.
Ол енді құшырлана ұстай алды.
— Кешіріңіз! Кешіріңіз, бұлай етпеске болмады. Өйткені мен осының ішіндегі қағаздарды сіздің басыңызға шашу етіп есіктен кіре шашамын деп, Саржан ағайға уәде еткен едім. Қайта мен оны істей алмадым. Кінәлы болсам тезірек ақталайын. Папканы ашуға рұқсат етіңіз, — деп, жаңағы өзі берген папканы ашып жіберіп еді, сонау түнгі от басында көрген сұр дәптер мен жасыл карта көзіме шоқтай басыла кетті. Дәптер қазір біреу емес он, карта біреу емес екеу болыпты, Бұларды көрген соң шыдай алмадым. Саржанның өзін көргендей босап отыра кеттім.
Алғыс айтамын, бауырым, тілегімді орындапсың, рахмет, — деп едім, ол қалтасынан бір хатты алып ұсынды да:
— Бірақ қуантумен бірге, ренжітуім де мүмкін, — деді.
Неткен суық сөз! Қайғының түні әлі кеткен жоқ па еді?
Хатты алып бетін ашқанымша бір секунд те уақыт еткен жоқ, сол бір секундтің ішінде басыма талай ойлар келіп, талай ойлар кетіп жатты.
Бірақ хаттың аяғындағы «Көрісер күн енді алыс емес, көріскенше сау болыңыз. Саржан» деген сөздер оның бәрін де жүрегімнен лезде жұлып тастады.
Гүлжаһанның: «ренжітуім мүмкін» — дегенін Саржанның хатындағы мына сөзі екен: «Сіздің бауырмалдығыңыз үшін ұрпағыма мұра етіп қалдырамын деп, қандай қиын қанды жорықтарда тастамай жүрген мына папканы қарындастан жібердім. Бұл жай папка емес, менің алтын сандығым. Жай алтын сандық, емес, мың түн, мың күн қан кешіп, халқы үшін жанын қиған достарым мен өз жүрегімнің сыры салынған сандық. Тек, өзім барғанша жұртқа жая көрмеңіз. Толықтыратын жерлері көп» — депті.
Гүлжаһанның ойындағысы соңғы сөз екенін ұқтым да, өз қиялымды өзім жұбаттым.
— Жүрек сырын жұртқа жаюға асықпаспын, сол жүректің жүрекке кеп соғылуын асыға күткенмін, — дедім де, Гүлжаһанға қарап:
— Ал сөйлеші, қай жерден келдің? — дедім.
— Германия жерінен келдім. Осында келген делегатпын.
— Саржан қайда?
Ол сәл ойланып қалды.
— Оны айту үшін көп күн керек болар. Бір сөзбен айтсам, баяғыда өзі жалғыз қалып жан таласқан шекарадағы тас көпірден өтіп барады. Ол күнде жалғыз болса, қазір соңынан ерткен бірнеше мың сайыпқырандары бар, жауды қуып барады. Жеңімпаз біздің Қызыл Ту Берлиннің көгіне көтерілгенше белін, сірә, шешпес деймін. Ерлігіне қосқан бір олжасы Құрманғазыдай күйші екен. «Боз інген» атты күй шығарды. «Болашақ өмірді зар дегенді білмейтін етіп жасаймыз. Ол кезде біздер бүгінгі зарды еске түсіру үшін, «Боз інген» күйін тартамыз», — дейді тартып отырып.
— Жайна, зарсыз, мұңсыз да нұрлы болашақ! Бүгін Саржанды қандай асыға күтсем, сені де сондай асыға күтемін, — деді жүрегім.
1945
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі