Өлең, жыр, ақындар

Құй

Ашсам деген есiктiң тұтқасына әлi қол салған жоқпын. Бәлкiм, олай қарай ендi қайтып бiлек соза алмайтын шығармын... Табалдырықтан аттаған жерде iшкi жақтан ұрылар әлдене ызғар лептi күнiбұртын сезiп, тайсақтап тұрмын.

Шынын айтқанда, мен осы араның өзiне бiреу жетектеп, бiреу айдағандай, зорға келіп тоқтаған едім. Одан ары аттап басу — шайлығып қалған жүрегімнiң дауаламас байламы. Қайтқан меселде алынбас қамал боп жол тосып тұр алдыда. Тауы шағылған ынта да жуырманда туын қайта тіктер емес. Күпті көңiл әлденеден қаймығып, жасқана бередi.

Тұмсығымның ұшында ғана жабулы тұрған ауыр есiк сазбалшықтан құйылғандай сазарып қалыпты. Өмiрі ашылмаған тәріздi. Жапсарлары жабысып, қиюлары жымдасып кеткендей. Тарс бекiтiлiп, қамап алған арғы жа-ғындағы қаға берiс дүниеге қалқан болып қалшиып тұр. Мұның да сыртқы кейпiнен әлдене салқындық бiлiнеді.

Емен есiктiң арғы бетiнен басталатын жабық әлем, қанша суық болса да, маған бейтаныс емес. Көзге түскен тiкендей көкейде тұрар ондағы көмескi өмiр — көңiл пәсейтер көрiксiз сурет.

... Мiне, мен iшке қарай енiп келе жатырмын. Бiр қызығы, бұл жолы құлаққа жетсе жүйкеге тиіп, ығыр етер жылаңқы топсаның жылан ысқырық шиқылы естiлген жоқ. Алдыдан кеулер сызды самал да біржола сап болғандай, көрген жерден тұра ұмтылып, жүзімді сипамады. Маңайым тып-тыныш, жып-жылы, ың-жыңсыз күйде табалдырықтан аттадым.

Iшке қарай кiрерiн кiрсем де, есiктен ене бере, неге екенiн, себепсіз iркiлiп, босаға түбiнде бөгеліп қалдым. Әлденеден жүрегiм қаймығатын секiлдi. Белгiсiз бiр нәрседен жаным жасқанатын сыңайлы. Екi арасын анық ажырата алмадым, жатырқаған қалыппен состия қарап бiраз тұрдым. Жан-жағыма мұқият зер саламын. Бажайлай бағып, төр жаққа қарашық қадаймын. Қарсы бетiм — көз байланар қара кеуек. Қараған жағым — түк көрiнбес түпсiз үңгiр.

Бөлме iшiн қою қараңғылық тұмшалапты. Айнала түгел анық танылмас қара көлеңкеге жұтылған. Зымыстан орта тұмсара түнеріп, тұншығып тұр. Терезеге тартылған текенiң терiсiндей төрт кез кездеме жалғанның жарығын қылышпен қиғандай кесіп, дым тамызбай арғы бетінде қалдырыпты. Содан төрт кереге там iшi тұтас дүниеден бөлiнiп, оқшауланып, соқыр тұманға көмiлiп қалған. Сырттан түсер саңлау жоқ қуыс қалқада демiң сығылып, тыныс тарылғандай. Тұйық тұраққа түн ортасында келiп түнеп, сол бойы қамалып қалған қасат қараңғылық қайта шығар жол таппай, көлдей көлкіп ұйып қалған тәрiздi. Барса келмес әлемнің жер бетiнен байқалған бiр пұшпақ-белгiсiндей жер түбінен зәреңдi алып, сiресiп тұр. Ендi қайта ыдырап, iрiместей. Iргесiн қымтап, iріңдей iркiлдейдi. Соның кесiрiнен қадалған көз алыс түкпiрге оза алмай, иек астында іркіле бередi. Батпандаған бұлыңғыр түсті бұзып өте алмай өндiршегi үзiледi.

Тыстағы дүбiрлі тiршiлiктiң дүрмек ағынынан мүлде қағыс, бөлiнiп қалған бөгесiн кеуектiң аядай iшi тiл-аузын әлдеқашан жұтып қойыпты. Марғаулық басқан мұнарлы маң демi бiткендей тым-тырыс. Үнсiз. Меңiреу. Мың жыл құлақ қойсаң бiр үзiк тықыр естiлмес тыныш ортадан жүрегiң зеңiп, басың айналғандай. Шектен шыққан жым-жырттық көңiлге үрей жүгiртiп, санаңа күдiк жамырататын секілді, ілкiде бастан кешпеген қай-қайдағы жат сезiмдер иектеп, жанымды кеуледi.

Бөтенсiген, жатырқаған бiр көңiл күй құшағында мен әлi босағада тұрмын. Бар назарым қарсы жақта. Баттасқан қара бояудан тiптi де қалыңдап, iшке қарай қабыса түскен қарақошқыл қабырғалар әлдене қаталдық танытып, тиiп кетсе қарып алар суық бауырын одан сайын жақындатса, сiңiстi болған күңгiрт көлеңкеден әуелгiсiнен де аласарып, отырып кеткен ауыр төбе шекеге тиердей шертиiп, қабақ үстiнде ғана салбырап тұр. Қалтарысқа қашып, тасаға тығыл-ған бұрыш-бұрыш қанша телмiрсең де түбiн көрсетпей, тым-тырыс болып бұғып қалыпты.
Ал, түбін жасырған ол қуыстың бержақ беті ақсиған апан аузындай қарауы-тып, әлдене құбыжықтың кешiкпей қарғып шығар секемiн сездiрiп, демiн iшiне тартып тынып жатыр. Мысты басып, сағыңды сындырар самарқау салмақ пен санаңды салдандырар салбөксе сыздан тау қопарар талабың қайтып, тас үгiтер тауаның шағылғандай.

Аз-кемнен кейiн жаңа ортаға бойым үйренiп, көзiм қаныға бастағанмен, бәрi бiр, мен айналамды анық көрiп, ашық тани алмадым. Қараңғының қоюлығы сонша, көмескiленген төр жақ түкпiрге қарашығым еркiн жетпей, талығып тұр. Сонда да қоймай, бұрын-соңды болмаған бір ынтамен ұмсынып, өңiн бермей қойған бейтаныс қалтқының бейғам аясынан өзiмдi емес, қапасқа қамалып, тұйықталып тұрған ақыл-ойымды жарыққа сүйрер әлдебiр саңылау... жіңішке жылт iздедім. Қол ұшын бере ме деген үміт қой баяғы... Бірақ, ештеңе табылмады... түк таппадым. Әлденелердiң өшкiн нобайы зорға ұшырасқанмен, жүзiн көрсетiп, таныстық бiлдiрмедi. Керегеге кере тартылған қалы кiлемнiң әлдеқашан ғайыпқа сiңiп, түрi өшiп, өңi оңған ою-өрнегiнiң солғын ғана жұғын-жұқанасы болар дедім, иір-қиыр бiрдеңенiң үзiле қылаң берген шалаңғыт iзiн шырамыттым өлдім-талдым дегенде. Ал, былайғы қапталдан, әспеттей iлiнген кiсi суретiнiң тұңғиыққа батып, танылмасқа айналған сұлбасы болар, нысанаға қойған қарауылдай қалқиып, басы-мойны тұтасқан жарты кеуденiң сынық сүлдерi зорға қарауытты.
Әрі-берi тұрған соң мен өзiмдi кәдiмгi адам мекендер баспанаға емес, басқа бір жат дүниеге, бөтен бiр әлемге тап болғандай сезiндім. Маңайым салқын тартып, сызданып бара жатты. Айналам дымқыл едi. Қалың қабырғаларын аяз сорған шыңырау түбiне құлап түсiп, қамалып қалғандаймын. Жаңа ортадан жаным ығыр болып, түршiге бастадым. Әлдеқайдан, төрт керегенiң қайбiр бұрышынан сызды леп есiп, сумаңдап тұрғандай сезiлдi. Кешікпей сол ызғар бiлдiрмей келіп менiң тәнiмдi, одан өтiп сүйегiмдi, жүрегiмдi, жанымды мұздата бастады.
Мен назарымды жиып, жаңағы бiр сыздықтап тұрған сызды леп көзiн iздеуге кiрiстiм. Қарауытқан қалқа-тұрақ iшiнен ештеңе көрiнер емес. Ешнәрсе таба алар емеспін. Өлдiм-талдым дегенде, әйтеуір, сонау төр жақ бұрыштан әлдене қарауытқан нәрсені шалықтырғандай болдым көзiме. Аралық қашық едi. Қанша қадалсам да жанарым жетер емес. Қарашығым талыға бердi қарауытып. Шарасыздан қозғалып, iлгерi жылжуға мәжбүр болдым.

Алға қарай зорға басып, iлбiп келем. Барар жерiм соншама алыстай сезiлдi. Сәлден соң мезгеулi маңға да жетiп iлiндiм әупіріммен. Ірге жақтан көлденең созылған қара сұлба анық танылмай қылаңыта бастады. Артынша аңғардым... төсек екен. Кәдiмгi адам жататын ағаш төсек. Үстiнде дөңкиген бiрдеңе бар. Мен оның адам екенiн бірден бiлдiм. Тiрi-өлiсi әзiрге белгiсiз кiсi денесi. Өлiк болуы әбден мүмкiн. Себебi, сыз жайлаған мынандай зындан түбiнде қозғал-май жатқан пенденiң қайдан жаны қалсын. Тырп етпейдi. Сұлағанына ұзақ болғаны байқалады. Тұтас денесiн сор тартып, суық алыпты. Сол жақтан шалығын сездiрмей ызғар еседi. Қарауытқан қуыс кеуек iшiне жын демiндей дыбыссыз тарап, бой қалтыратып тұрған салқын леп сол дымқыл еден жiлiк майын сорып, әбден дiңкелеткен бейбақ жанның мұзға айналған денесiнен жамырап, бүркіліп тұрғандай. Қараған көз қаймығып, жанарың жасиды. Жаның жаурап, жүрегiң жасқанады.

Еркіңе қоймайтын бiр ырықсыз күштiң айдауында мен ықтиярсыз еңкейiп, алдыма қарай үңiле бердiм. Тас дене әлi қыбырсыз. Сәл жылжып барып, бас жағынан төне түстiм. Бiр қолымен жағын таянып, бас жағындағы жастыққа қарай жантайған екен, сол бетi қатып қалыпты. Әзiрше тiрi. Көзi ашық жатыр. Соған қарап тiрi ме дедiм. Бiрақ, саз балшықпен сыланғандай сартап болған жүзiнен тiрлiк белгiсi бiлiнбейдi. Сазарып қалған. Салқын. Суық. Менiң келгенiмдi сезбедi, не сезгiсi келмедi, сол баяғы қимылсыз қалпында қалды. Тек ашық жатқан көздерi ғана бойындағы соңғы тұяқсерперiнiң әлi таусылмағанын сездiрдi — қарашығының түбiнде сөнбей қалған бiр тамшы шоқ бар екен. Оның өзi құдық түбiнен көрiнген жын отындай өшiп-жанып, өлеусiрей көрiнедi. Шыңырау түбiне түсiп кетiп, жарық дүниенi қимай, әлденеден үмiттенiп, өлiмiшi күйде жанып тұрған тарғыл мысықтың шегiр көзi дерсің.

Мен тағы бiр дерексіз күштiң жетегiнде бас жағына барып тiзе бүктiм. Тiрi өлiктiң бойынан тараған сызды леп маған тiптi жақыннан ап-анық бiлiнiп тұрды. Жаным қанша жатырқап тұрса да мен осы бiр құр сүлдерi ғана қалған жанды қаңқаға мәңгi безе алмас болып байланғандаймын. Тек жүрегiм ғана сезiнер бiр көрiнбес иiрiм менi оған қарай иiрiп, үйiре берді. Ендi қайта құтыла алмас масылға мықтап тұтқын болғанымды мен ап-анық сезiп отырмын.

Бет-жүзiн әлi толық көрген жоқпын. Бiрақ, танып отырмын. Ол менiң көне көз танысым едi. Иә, мен оны бұрыннан білетінмін. Ол менiң бала күнгi досым болатын. Ал, әзiр танымаймын. Кiмiм екенiн бiлмеймiн. Мың жыл көрмеген қаймана бiреуім секiлдi.
Көп жылды араға салып қайта кездескен сәтте әнтек тiксiнiп қалғанымды жасыра алмаймын. Өйткенi, бұл оның ауылдан емес, алыстағы абақтыдан босанып келген беті едi. Дегенмен, балалық шақтағы татулықты ұмытпай, жақын тартып iздеп келгенiн ойлап iшiмнiң жылығаны да рас. Алғашқы сәтте жылы жымиғанмен, өзiмен бiрге әлдене суық ызғарды ала келгенiн де көңiлiм сезген. Ендi сол ызғар көбейе-көбейе осы бөлменi толтырыпты. Жүректі қарып алар тастай суық бұл лептің... қашан айығарын кім бiлген! Кейiнгi iстер туралы ойлағанда менi тек сұсты үрей ғана иектейдi.

Мен оны тiрлiк ұшқыны сөнуге жақын өшкiн жанары айқын аңғартып тұрған, мың жыл бойы тамұқ түбiнде жатқандай солғын тартып, арқауы жiңiшкерген мүшкiл халiнен құтқармақ болып:

— Мәукен! — дедiм.

Жауап болған жоқ. Сонда да қоймай, қадалып қарап отырмын. Осы сәттегi оның нұрсыз жанары құрық бойламас құдыққа ұқсар едi. Ең әуелi, сол құз-шыңырау түбiнен өшуге таяған бір әлсiз ұшқын әлдене құдiреттен қуат алғандай жылт-жылт етiп, қайта шоқтанып, тұтана бастады да, сәлден кейiн тiрi жәндiктей жарыққа ұмтылып, берi қарай өрмелеп келе жатты. Көз түбiнен күшейiп келе жатқан жарық-сағым — әлi өшпеген, жаны сiрi өмiр сәулесi едi. Сол сәуле көз алдымда құр сүлдерге жан салғандай болды. Өлi денеге шым-шым жылу кiрiп, толқындай тарап жүре бергенiн мен ап-анық бiлiп отырдым. Сәлден соң ол толық тiрiлiп, жарық дүниеге келдi.

— А? — дедi маған қарап аңтарылып. — Бiрдеңе дедiң бе?

Үнiндегi дiрiлден үрейiң ұшқандай едi. Бiрақ мен оның қайта тiрiлiп, өмiрге оралғанына қуандым. Болмаса, содан ары өшіп қалуы мүмкін ғой. Ол осы отырысында бiлтесi жанып бiткен жетім шамнан айнымас едi. Дәл осы сүреңсiз қалпына қарап отырып менiң оған жаным ашыды. Жүрегiм езiлдi. Бiрақ оны құтқарып аларға құдiрет жоқ едi менде. Соны ойлап, оны да, өзiмдi де аядым. Дәрменсiздiгiме налыдым. Дегенмен, бәрi-бiр, мен оны күйреуiк күйiнен бiр сәт болса да сергiтiп алмақ ниеттен қайтпадым.

— Қалайсың? — дедiм, жұмсақ тiл қатып.

— Жақсымын, — дедi, ол сәл кiдiрiстен кейiн.

— Мен жұмыс бабымен iссапарда болдым...

— Е, бара бер... әзiрше керегiң болған жоқ.

Мен алақанымды апарып оның маңдайына бастым. Сап-салқын екен. Атсыз саусағымның ұшына ала, жұқарған жарғақ терi мен бас сүйектiң арасында қысылып-қымтырылған шеке тамырлары бүлкiлдеп соғып тұрды.

— Бiр жерiң ауырып жүрген жоқ па? — дедiм сосын сұрағымды ары қарай жалғап.

— Жоқ. Әзiрше саумын.

— Тамақты уағында iшiп жүрсiң бе?

— Балалар уағында әкеледi.

— Үй тым қараңғы ғой?

— Бола берсiн. Талайғы жолдас... үйренiп қалыппын. Әрi жарыққа көрсететін жүз бар ма менде?!.

— Сонда да... жалғыз жабығып жата бергенiң қалай?

— Жай... өткен-кеткендi ойлап...

— Ой таусыла ма тіріде?! Құрдым ойға қамалып жата бермей, бiр уақ сыртқа шығып, бой жазып келсеңшi! Құдайға шүкiр, әзiр бұрынғыдай емес, еркiндiкте жүрсiң ғой, — дедiм оның ала көлеңкеде сұп-сұр болып көрiнiп тұрған суық жүзiне тесiле қарап отырып. Бұл менiң айтпақ боп келген анық сөзiм едi.

— Еркiндiк! — дедi ол әлден уақтан кейін ащы кекесiнмен мырс етiп. Бейнесiнде таусылып бiткен шарасыздық бар едi. — Жоқ! — дедi соңынан күрсiнiп. — Жоқ, мен әлi еркiндiкке шыққам жоқ. Жетi атам көрмеген абақтыға сол еркiндiк үшiн барып едiм. Бекер болды... шыға алмадым!

Көз аудармай қарап отырмын. Ол қайта төмендеп, өшiп бара жатты. Жаным түршiгiп жанарына қарадым. Құрық бойламас құдық көзiнiң терең түбiнен жаңа ғана берi өрмелеп келген үмiт-ұшқын iнiне қайта кiрген көртышқандай қайыра еңiстеп, түкпiрге енiп, жоғалып бара жатты. Ол жертескішті керi шығарып алуға мен мүлде шарасыз едiм. Бақырайып тұрып сол беті құрдым түбіне ұзатып салдым. Қарсы алдымнан тағы да сұп-суық ызғар есе бастады. Әлдене сұмдықты онсыз да сезiп отырған жүрегiм ине шаншылғандай шанышқақтап, дәрменсiз күйде демiгiп, отырған жерiмде омалып қала бердiм...

Мен алғаш келiп тоқтаған жерiмнен әлi қозғалған жоқпын. Тұмсығымның ұшында жабулы тұрған ауыр есiктiң тұтқасына қол салмасам да, iштен бiлiнер сызды лептi алдынала сезiп, қайқалақтап тұрмын. Не қылсам да, әлденеден шайлығып қалған жүрегім алға қарай аттап басуға қузау салар емес.

Есiк әлi жабулы тұр.

Алматы. 2004 жыл


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз