Өлең, жыр, ақындар

Акулалар туралы танымдық, әрі қызықты деректер

Акулалар (Selachii), балықтар жасағы немесе басқаша классификацияда балықтар жасақшасы (Selachomorpha, Selachoidea, Selachioidei). Қазірде өмір сүретін 350–375 түрдің барлығы шеміршек сүйекті, басының екі жақ жанында 5-7 желбезек саңылау бар. Жылы теңіз суларында көптеп кездеседі, сонымен қатар қоңыржай аймақты теңіздерде және тіпті Атлант мұхитының арктикалық аймағында мекендейді. Доғал тұмсықты (Carcharhinus leucas) акулалар сияқты түрлері азды-көпті уақытқа өзендер мен тұщы суларға еніп кетеді. Акулалар жағалаудағы саяз суларда да, 3600 м-ге жуық тереңдікте де кездеседі. Қазіргі таңда өмір сүріп жатқан түрлерінің ішінде ең ірісі – кит акуласы (Rhincodon typus), оның ұзындығы 15 м-ге дейін жетеді, ал салмағы 10 тоннадан асады. Ең кішісі – қортық тікенекті акула (Squaliolus laticaudus),жетілген мұндай акуланың ұзындығы бар-жоғы 15 см. Акулалар – Орталық Азияның теңіз шөгінділерінен табылған жекелеген тістеріне қарағанда сонау силур кезеңінде, яғни шамамен 410 млн. жыл бұрын өмір сүрген ежелгі топқа жатады.

Сүйектері мен тістері

Акулалардың сүйектері шеміршекті болғанымен, өзіндік қаттылыққа ие. Жақ пен омыртқа сияқты ең көп салмақ түсетін аймақтар әдетте ізбестенудің – фосфат пен кальций карбонатының өзара байланысы шеміршекте қабаттануының арқасында берік болады.

Көптеген жоғары дамыған акулаларда үстіңгі жақ ми сауытымен жалғаспайды, қозғалмалы сіңірлер мен шеміршектер арқылы бекітілген болады. Акула құрбандарының өлшемі олардың өзінен ірі болуы мүмкін, ал үстіңгі жағын астыға және алдыға жылжыта алу қабілеті құрбанның денесін бөлшектеп жұлуға мүмкіндік береді.

Акуланың тістері, пайдаланудағы тістерінің артында түзу қатар болып түзілетін тістермен, өмір бойы жаңаланып тұрады. Алдыңғы тістері түсіп қалғанда, оның орнын артқы қатардағылар басады.

Осмореттеу

Көптеген теңіз балықтарының ішкі сұйықтықтарында тұз концентрациясы теңізге қарағанда аз. Сәйкесінше, осмотикалық қысымның әсерінен ағзадағы су сыртқа шығуға талпынады. Алайда акулаларда дене сұйықтығы теңіз суына қарағанда біршама қойылтылған, сол себепті дененің құрғау мәселесі оларда болмайды. Бұл зат алмасу (бірінші кезекте несепнәр) тіндерінде азот өнімдерінің жиналуы мен осмотикалық қысымның арқасында іске асады.

Есту қабілеті

Акулалар 20-300 Гц жиілігіндегі дыбыстарға сезімтал келеді. Жоғары жиіліктер ішкі құлақтың сенсорлы жасушаларымен қабылданады, ал төмендер – дене мен бастың бүйір жолақтарындағы жекелеген кішкене шұңқырлар және тұйық каналдар жүйесіндегі қолайлы жасушалар арқылы қабылданады.

Иіс сезу қабілеті

Акулалардың иіс сезу қабілеті күшті болып келеді. Мысалы, қара қауырсынды (Carcharhinus melanopterus) және сұр үнді-тынықмұхитты (C. menisorrah) акулалар групер балығының суда 1:10 млрд. пропорциямен ерітілген сығындысын сезеді.

Көру қабілеті

Акулалардың көзінде көптеген қылтаншалар бар, яғни көмекскі жарықты қабылдайтын жасушалар. Бұған қоса, көптеген түрлерінің көз торының артында айна (tapetum lucidum) орналасқан. Айна жарыққа сезімтал жасушалардан өтіп кеткен жарықты өздеріне қайтарып тұрады, осылайша қабылданатын қуатты арттырады (мысықтарда сияқты).

Электрорецепция

Акулалар электр өрісін суда қабылдайды. Электрорецепцияның бір міндеті – олжаның мекен-жайын анықтау, өйткені балықтар, құстар мен сүтқоректілер өз айналасында электр өрісін түзеді. Осылайша акула құм астында жатқан камбаланы тауып ала алады. Лоренцини ампуласының атымен аталған акулалардың электрорецепторлары бастың үстіңгі бөлігінде топтасып орналасқан.

Көбеюі

Барлық акулаларға іштей ұрықтану тән. Оны қамтамасыз ету үшін, еркек акулалардың құрсақ жүзбеқанатының әрбір ішкі қыры түтік тәріздес қосалқы – птеригоподийге айналған. Көбею кезінде птеригоподийлердің бірі алға қара еңкейіп, ұрғашы акуланың клоакасына енеді.
Кейбір акулалар жұмыртқа басатын болып келеді және ұрықтың дамуы жұмыртқа саруызының арқасында іске асады. Алайда акулалардың көптеген түрлері жұмыртқадан тірі туатындар, яғни жұмыртқаның дамуы мен құртшабақтың одан шығуы жатыр деп аталатын жұмыртқа жолыныңтөменгі ішкі кеңейтілген аймағында жүреді. Сондықтан ұрпақ бірден жүзіп кетеді. Бұған қосымша кейбір акулаларда жұмыртқакеміргіш дернәсілдер мен каннибалдар кездеседі. Біріншілер жұмыртқаны жарып шыққан соң бірнеше уақыт жатырда жатып ұрықталмаған жұмыртқаларды қорек етеді. Каннибалдар – бұл әдетте бірінші және ірі болып шыққан дернәсілдер. Олар ұрықталмаған жұмыртқалармен қоса, өз қандастарын да жеп қояды.

Сонымен қатар тірі туатын акулалар да бар. Олардың құртшабақтары ұрғашының ішінде жарып шығып қана қоймайды. Ұрық алдымен сарыуыз қорымен қоректенеді, кейін жатырдың ерекше құпиясымен («жатыр сүтімен»), ал соңында – түзелетін ұрықжолдас арқылы – дамуға қажеттінің барлығын аналық қанағым арқылы алады.

Акулалардың шабуылы

Әлем бойынша жыл сайын акулалардың адамға шамамен 50-70 шабуылы тіркеледі, 5-10 жағдайда өлімге душар етеді. Олардың шамамен 30 түрі өз бетімен шабуылға бейім болады: олардың ішінде адамға көбіне шабуыл жасайтындары ақ (Carcharodoncarcharias), жолбарысты (Galeocerdo cuvieri) және доғалтұмсықты (Carcharhinus leucas) акулалар.

Жіктелуі

Agnatha (жақсыз: миногтар мен миксиндер) түрін қоспағанда, суда мекендейтін шеміршек сүйекті, омыртқалы акулалар Chondrichthyes (шеміршекті балықтар) класына жатады. Одан әрі әдетте олар Elasmobranchii (пластинжелбезектілер: акулалар мен скаттар) жәнеHolocephali (бүтінбасты: химерлер) деген класс тармақтарына бөлінеді. Elasmobranchiiкласс тармағының түрлі классификациясы бар: солардың біріне сәйкес ол екі жасаққа бөлінеді: Selachii (акулалар) және Batoidea (скаттар). Әрі қарай акулалар жасағында түрлі авторлар 12-ден 20-ға дейін тұқымдастарды қарастырады.

Назар аудар:

Біріккен жақ сүйектілер отрядына жататын ең ірі балық

Киттер

Арыстан-балық

Балық аттары, түрлері

Балық және балық туралы қызықты мәліметтер

Дельфиндер туралы қызықты мәліметтер

Амазонканың қауіпті тіршілік иелері


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Нұлан

Акулалар туралы танымдық, әрі қызықты деректер екен

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар