Өлең, жыр, ақындар

Сталинге табынушылықты айыптау

50-80 жылдар аралығы — бұл кезең халық арасында "жылымық" және "тоқырау" деп аталып кеткен қос сатыдан тұрады. Дағдарыс — жаппай террордың, реформалар жүргізудегі сәтсіздіктердің, түңілудің, шаршағандықтың салдары. Бұл сонымен қатар шаруашылықты экономика заңдылықтарына кереғар жүргізудің, тізеге салып басқарудың және идеологиялық екі ұштылықтың да нәтижесі болып табылады.

Қарастырылып отырған кезеңнің қарама-қарсылығы бұл уақыттың бір жағынан кеңес халқының қажырлы еңбек еткен жылдары болса, екінші жағынан осынау мерзім ішінде шешуін таппаған көптеген проблемалар тоғысты, пайдаланылмаған мүмкіндіктер, қоғам болмысындағы тоқырау құбылыстары ақыры дағдарысқа киліктірді.

Орын алған жағдаятты және кемістіктердің төркінін тереңірек ұғынуда кеңес тарихының үш белесін бөліп қарастырған жөн. Кейбір тарихшылардың пікірінше бұл тұста саяси дамудың теріс жақтары оң өзгерістен басым түсіп отырған.

Бірініш кезең — 20-шы жылдардың аяғын, әсіресе отызыншы жылдардың өне бойын қамтыды. Тап осы кезең тұсында маркстік-лениндік теорияға, кеңес демократиясының Қазан революциясынан кейінгі дамуына кереғар келнген, кезінде "сталинизм" деген айдар тағылған, гуманизм мен социализмнің идеяларын аяққа таптаған көзқарастар жүйесі қалыптаса бастады. Бұл адамның жеке тұлғадан, жаңа қоғам құрылысының түпкілікті мақсаты, ерікті қазынасы ретінде болмысынан ұлаңғайыр бюрократиялық-төрешілдік машинаның бір винтигіне айналуына қалың бұқараны нанша илеген саясаттың қуыршағы болуға әкеп соқты. Жоғарыдан төмен қарай әдейі бағытталып отырған саясаттың ұшар шыңы 1937-1938 ж.ж. жаппай репрессиялар болды. Оның үстіне, "Тамшы тамса — тоңдыға, тоқпақ тисе — сорлыға" дегендей, Қазақстан бұдан өзге 1921-1922 ж.ж., 1931-1933 ж.ж. алапат аштықты бастан өткеріп, үш миллионға жуық халқынан айырылып, жер бетінен құрып кетуге айналған еді. 400 мың қазақ үдере көшіп, Иран, Ирак, Ауғанстан, Түркия, Моңғолия мен Қытайға қоныс аударуға мәжбүр болды. Қазақ халқының 30 мың арыстай ұлдары атылды, жүз мыңдағандар ГУЛАГ- тар мен концлагерлердің тозағынан өтті.
Сол жылдары күрделі де кереғар даму болмысында әлеуметтік- экономикалық өзгерістер мен жетістіктерде де екі ұштылық бар екені анық; бұл бір жағынан ДнепроГЭС, Түрксиб, Ембі, Доссор, Қарсақпай құрылыстары болса, екінші жағынан осы тұрғыда жіберілген елеулі қателіктер мен кемшіліктерді де мойындаған жөн.

Озық мақсатқа тозық жолмен, тіпті жан түршігерлік әдістермен қол жеткізудегі екі ұштылықтың таңбасы индустрияландыру, ұжымдастыру, мәдени революция құбылыстарында да ізін қалдырды. Мұның кесірі елдегі, оның ішінде Қазақстандағы өзге де түбегейлі өзгерістерге тиді.
Елімізде жүзеге асырылған жаңғырту шараларына бірыңғай баға беруге болмайтындығы (мұны көптеген зертгеушілер елемей жүр) міне, тап    осындай кереғарлықта жатыр. Бір жағынан қателіктер мен кемшіліктердің жетегінде кетіп, болғанның бәрін белден сызып тастау ләзім емес, сондай-ақ бул кезеңдегі халықты қан қақсатқан зұламаттарды ұмытып өңкей марапаттаудың да жөні жоқ

Екінші кезең кеңес халқы Сталиннің жеке басына табынушылықты әшкерлеген партияның XX және XXII съездері берген мүмкіншілікті толық мәнінде пайдалана алмай қалған 60-шы жылдарды қамтыды. Кеңес қауымы "жылымықтан" зәресі ұшқан әкімшілік-партиялық бюрократиядан демократияландырудың бағытып қорғап қалуға қырағылығы да, білімі мен тәжрибесі де жетіспеді. Бірақ әлгі кертартпа күштер қайтадан әлденіп алып, Венгрия мен Польшадағы оқиғаларды сылтау етіп демократиялық өзгерістерді тоқтатып тастады.

СОКП XX съезінің ұстанған бағыты Н.Хрушевтің жеке ісі емес, бұл партияның және бүкіл халық еңбегінің жемісі, сондықтан осы тұрғыдан туындайтын сауалдарға оқиғаны терең зерттеп барып, жан-жақты талдап, нақты жауап берген дұрыс болады. Бұған қоса Н. Хрушев жүргізген саясаттың теріс қақпай тұстары көп болғанын да ұмытуға болмайды. Ол партиялық және мемлекеттік билік басында болған 1954-1964 жылдары халық шаруашылығын "ұзақтан жоспарлау жүзеге асырылды". Осы мерзім ішінде елдің экономикасын дамытудың онға жуық жоспары — оның ішінде үш бесжылдық, бір жетіжылдық, бір он бесжылдық, екі онжылдықты қамтыған жиырма жылдық жоспар жасалды. Бұл жоспарлар ұйымдастырушылық негіз болудың орнына халық шаруашылығы мен әлеуметтік саланың тұралануына әкеп соқты. Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығына басшылық жасау жүйесін "жетілдіру жолындағы" талпыныстар, мәселен, "совнархоздар"дейтіндерді құру көздеген мақсатқа жеткізбеді.  Әрине, сталиндік "қасаң бағыттан" бойды аулаққа салу, сөз жоқ бірқатар нәтиже берді. Аграрлық саясатқа СОКП-нің қыркүйек (1953) Пленумы енгізген оң өзгерістерге елдегі сондай-ақ Қазақстандағы ауыл шаруашылығы еңбеккерлері өндірісті елеулі түрде көтерумен жауап берді.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз