повесть
...Қадалып көкжиекке көп қараған соң ба, домалақ жер шеңберінен шыр айналып зырлап жөнелді. Алтайдың ырсиған көкшағыр мұзарттары көкжиекті қан жоса қып тіліп бара жатқандай еді. Көкжиекті тіліп түсіп бара жатқан күннің қып-қызыл шартабағынан қан сорғалап тұрды. Қара жерді тесіп шыққан Өтеу сонау көкжиектен бермен қарай зырлап келеді екен. Атып тұрып бұл да жын қаққандай безе жөнелді.
Екеуі Шоққайыңның қасынан кездесті. Шоққайың бұлт үстінде қонақтап отыр екен. Астында тіреуі жоқ.
— Ей, неменеге жүгірдің?!
— Сені көріп...
— Үйге қайт! Тәтем ұрсып жатыр, — деді Өтеу.
— Қайтсам қайтам, сенен сұрайды деймісің!..
Екеуі екі жаққа бұрылып алып безе жөнелісті. Былай шыға беріп Мырза тағы да кері бұрылған. Ол да жүгіріп келеді екен.
— Ей, кетесің бе, жоқ па?!
— Кетсем кетем, сенен сұрайды дейсің бе!..
Бірінен-бірі қашқандай екеуі екі жаққа безе жөнелген. Безіп келе жатып та Мырза безіп бара жатқан Өтеуді көз алдынан жоғалтқан жоқ еді, артына бұрылып қараса, алдаған екен, орнынан тапжылмапты...
...Езуінде қурай, екі көзі жұмулы, иегі аспанда, боздатып отыр екен. Басы ән, аяғы мұң мен өксік секілді, күй ме, зар ма, таусылмайтын бір әуен. Сөзінде жас, боздап отырған. Екеуін іздеп зар еңіреген Айкүмістің даусы сыбызғы үнін бөліп кеткені.
— Сен ауылға дейін жүгіресің, — деп құлашымен өлшеп берді, — мен Қоңқайға дейін жүгіремін, — деп өзінің көмбесін өлшеп алды.
Екеуі тағы да екі жаққа безе жөнелген. Безіп келе жатып та Мырза безіп бара жатқан Өтеуді көз алдынан жоғалтпап еді, артына бұрылып қарағанда Қоңқайдың сопайған шоқысынан, бөктеріндегі жыпырлаған көп моланың жарым айдан тәж киіп алған көп шошағынан басқа дым да жоқ екен...
...Боз аспан балқыған қорғасындай сағал-сағал боп еріп, Алтайдың ала шындарының төбесінен төгіліп жатты, дүние жыбыр-жыбыр жылжып бара жатты... Жылап отыр екен. Жыбырлаған да, төбеден төгілген де жанарға толған сағал-сағал ыстық жастың ар жағында қалған боз аспан, жарық дүниенің ала шұбар шымылдығы екен...
...Өтеу Қоңқай бауырындағы Шоңмұрынның екінші ауылына екі күн бұрын көшіп -қонған. Аруақтар ауылына... Сынарынан айырылып теңселіп отырған Веттехник еді. Әйтпесе дүние тыныш, Шоққайың орнында, Өтеудің бұл фәниге келіп-кеткенінен бейхабар. Жоғалтып отырған тек бір уыс топырақ сала алмай қалған Веттехник қана... ...Беу, ақсақ дүние-ай!..
Топқайың-Алматы
1998-1999 жж.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі