Өлең, жыр, ақындар

Телебағдарламалар тілі және прагматикасы

Ерсайын Сая
“Тұран” университеті
Ғылыми жетекші: аға оқытушы Әлміш Ж. Т.

Аңдатпа  

Бұл мақалада телехабарламалар тілі және олардың зерттелу мәселелері талқыланды. Біз телехабарлар тақырыптарының прагматикасына және «Qareket», «TOЙbeststar», «Гу-гу-лет» секілді бағдарламалардың өзіндік ерекшеліктеріне тоқталдық. Мақаламызда телехабарлар тіліне таным-түйсігіміз жеткенше жан-жақты талдау жүргіздік. Телехабарламалар тілінің прагматикасына жалпы шолу жасадық.

Аннотация

В этой статье мы обсудили язык телевизионного вещания и его исследования. Мы сосредоточились на прагматике телевизионных передач и особенностях таких программ, как «Qareket», «TOЙbeststar», «Гу-гу-лет». В нашей статье мы провели тщательный анализ, пока не познакомились с языком телевизионного вещания. Так же мы рассмотрели языковую прагматику.

Annotation

In this article, we discussed the language of television broadcasting and its research. We focused on the pragmatics of television programs and the features of programs such as Qareket, TOYbeststar, and Gu-gu-yo. In our article, we conducted a thorough analysis until we became acquainted with the language of television broadcasting. We also examined linguistic pragmatics.

Кілт сөздер:телехабарлар, прагматика, телебағдарламалар, бұқаралық ақпарат құралдары, тақырыптар.

Қазақ тілінде бұқаралық ақпарат құралдары мәтіндері әуелден зерттелініп келе жатыр. Соның ішінде мерзімді басылымдар, радио мен телехабарламалар тілі ғылыми тұрғыдан жан-жақты қарастырылып, әртүрлі ғылым саласының зерттеу нысанына айналды. Қазақ тіл білімінде теледидар тілінің стилі, тіл тазалығы, олардың тақырыптық-мазмұндық ерекшеліктері, ұлт тәрбиелеудегі қоғамдық рөлі жөніндегі мәселелерді  М. С. Серғалиевтің  зерттеу мақаласында көре аламыз. Г. Машинбаева телехабарламалар тілін функционалдық, прагматикалық тұрғыдан қарастырып, арнайы зерттеді.

Теледидар – ХХІ ғасырдағы адамзат өмірін рухани әрі материалдық тұрғыдан қамтамасыз ететін құндылық. Әрбір қоғам мүшесі өзіне қажетті ақпаратты қысқа мерзімде бұқаралық ақпараттық құралдардан алып отырады, екіншіден, елдің тілін, ділін, оның қоғамда жүргізіп отырған саясатын, идеологиясын, таратуда теледидардың маңызы зор.

Бұқаралық ақпарат құралдарының басты мақсаты – халық пен үкіметті байланыстыру, үндеу; тыңдаушыны жаңалықтармен қамтамасыз ету, ақпарат тасымалдау; халыққа өтімді эстетикалық-этикалық тәрбие беру. Осы қызмет түрлері теледидар, радио, газет-журналдарға, тіпті, кейінгі жылдары пайда болған әлеуметтік желілерге де тән. Теледидар газет, радиодан кейін өмірге келсе де, қазіргі кезде ол солардың әрқайсысымен бір қатарда тұрған және БАҚ-та кездесетін ерекшеліктердің бәрін өз бойына жинақтаған синтезделген өнер түрі [4]. Қазіргі ғылым тарихында телехабарламалар тілі философия, психология, стилистика, әлеуметтік лингвистика, когнитивті лингвистика салаларында жан-жақты талданып, әртүрлі аспектіде зерттелініп келеді.

Телехабарлар тілінің зерттелуін қарамас бұрын, «теледидар» сөзінің шығу тарихына тоқталуды жөн көрдік. «Телевизия» сөзі 1900 жылғы 18 тамызда ІV Халықаралық Париж көрмесі аясындағы электротехникалық конгресте жария болды. Оны ойлап тапқан әрі ғылымға енгізген орыс инженері Константин Дмитреевич Перский «Қашықтықтан көру жайында» атты өзінің француз тіліндегі баяндамасын «телевизион» деген сөзбен бастаған. Бірқатар шетелдік тарихшыларды бұл жағдай, яғни «телевизия» сөзінің авторы жалғыз Перский екенін еріксіз мойындатуға мәжбүр етті. Содан бастап жаңа термин күні бүгінге дейін жер бетінің біраз тілдерінде қолданылып келеді[1, 32]

Телехабарламалар туралы алғашқы ғылыми тұжырымдамалар академик М. С. Серғалиевтің «Халық кеңесі», «Егемен Қазақстан», «Ана тілі» сияқты басылымдарда жарияланған «Көгілдір экраннан айтылар сөз немесе осы төңіректегі кейбір ойлар», «Ой мен сөздің жарасымы немесе телехабарлар тіліндегі кейбір кемшіліктер туралы», «Радио және телехабарлар тілі туралы» атты мақалаларынан бастау алады[7]. Кейін «Қазақ терминологиясы және тіл мәдениетінің мәселелері» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция материалдарының жинағында ғалым М. С. Серғалиевтің «Телехабарлар тілінің лексикасы және тіл мәдениеті» тақырыбындағы мақаласы басылып шықты. Ғалым жоғарыдағы ғылыми жұмыстарында телехабарлар тілі мен жалпы тіл мәдениетіне қатысты тұжырымдарын, сөздердің қолданылу заңдылықтары мен ерекшеліктері туралы айта келіп, осы төңіректе өзін толғандырған көптеген ойларын ортаға салды.

Г. А. Машинбаева телехабарлар тіліне тұңғыш көлемді зерттеу жұмысын жазған ғалым. Ол өзінің зерттеу жұмысында «ақпарат», «бұқаралық коммуникация», «медиа», «масс-медиум» терминдеріне кеңінен тоқталып, теледидар бағдарламалар тілін лингвопрагматикалық аспектіде қарастырады. Сонымен қатар, ғалым телебағдарлама тілінің жанрлық-стильдік ерекшеліктерін айта келіп, мынадай тұшымды ой түйеді: «теледидар тілі публицистикалық стильдің бір тармағы болғанымен, оның бойында көркем әдебиет стилі, ғылыми стиль, кеңсе, іс-қағаздар стилі, ауызекі сөйлеу стилі және олардың жанрлық белгілері қоса жүреді»[2, 61-63]. Аталмыш зерттеу жұмыс – телехабарламалар тілінің теориясын бір жүйеге келтірген, зерттеу нысаны айқындалып, ондағы тілдік бірліктер кеңінен талданған, ғылыми мәні зор көлемді еңбек.

«Тележурналистің шешендік өнеріне байланысты толғаныстар мен ойлар» деген мақаласында шешендік өнердің тек теледидар арқылы қанат жаятынын, осы ретте сөзді орнымен дәл әрі үйлесімді қолданудың маңызын айта келіп, Т. Қаймолдинов А. Байтұрсыновтың ұстанымын қолдайды: «Сөз өнері адам санасының үш негізіне тіркеледі: 1) ақылға; 2) қиялға; 3) көңілге. Өйткені тілдің баюы, сөйлеу тәсілінің кеңеюі оқу, көру және сезіну шарттарына саяды. Ал тележурналистикада шала-шарпы асығып, шалағай берекесіз сөз сөйлеп, ділмарсу асылы шешендік өнердің майын ішем дегендер қателеседі».

Телехабар тілінің табиғатын тануда ең бір ескеретін жай – олардың арасындағы стильдік қабаттар. Бұқаралық ақпарат құралдарының тілі халыққа бағытталатындықтан, даусыз ол публицистикалық стильдің бір тармағы ретінде танылады. Осы орайда ғалымдардың пікірі сан түрлі.

В. Г. Костомаров: «Тексты «масс-медиа» парадоксально и прочно объединяют стилевые царства разговорности и книжности, образую особое промежуточное междуцарствие. Его язык синтетичен и более искусно творимый, нежели книжный, так как скрывает свое искуссвенность»[3, 185 б] деп «медиа-мәтін» тілінің ауызекі сөйлеу тілі мен кітаби стильдің аралығында қатар жүретінін сөз етеді. Ю. В. Рождественский телехабарлар мәтінінің басқа түрлерінен айырмашылығы онда стильдің барлық түрлері қатар жүреді деп ой білдірсе, О. А. Лаптева, А. С. Рузуддинованың пікірінше теледидар бағдарламалар тілінің стилі оның сипатына байланысты анықталады.

Телехабарлар тілдік, стильдік ерекшеліктерімен қатар, сыртқы факторларға да тәуелді болады. Жаңалықтардың тілдік бейнесіне әсер ететін экстралингвистикалық факторлардың бірі – уақыттың аз не көп болуы, қазіргі кезде бұл өте маңызды. Сондықтан да жаңалықтар қысқа әрі нұсқа формасындағы сөйлемдермен, тұрақты сөз тіркестерімен, нақыл сөздермен беріледі. Мұндағы мақсат – аз сөзге көп мағына сыйғызу. Мұндай мақсаттың жүзеге асуына визуалды бейнероликтер, суреттер де қосалқы қызмет атқара алады. Осы орайда тележурналист сөзі мен көрсетілетін дүниенің тақырыптық-мазмұндық жағынан сәйкес келуін, процесс барысында сөз бен суреттің қатар жүруін ескеру қажет.

Жаңалықтар тілінде «Хабар арнасының қорытынды жаңалықтары», «Хабарымызды жалғастырамыз», «Тілшіміз әңгімелейді», «Алда спорт жаңалықтары мен ауа райы туралы мәлімет. Аман-сау болыңыздар», т. б. тілдік оралымдар тұрақты қолданылады. Бұл – телехабарлар тілінің табиғатына тән құбылыс.

Жаңалықта берілетін хабарды дайындауда және тілдік бірліктерді таңдауда әсер ететін фактор – аудиторияның ақпаратты жеңіл қабылдауы. Ол үшін диктор немесе тілші ойды күрделенген жай сөйлемдермен, құрмалас сөйлемдермен емес, құрамында жалпы қолданыстағы сөздер қатысқан жай сөйлемдермен беру керек. Бір сөйлем шамамен алғанда 5-6 сөзден тұруға тиіс.

Телехабарлар тілін прагматикалық аспектіде қарастырудың қазіргі таңда маңызы зор. Өйткені теледидардың басты қызметі – халыққа ақпарат беру. Яғни сөйлеуші мен тыңдаушының арасында қандай да бір ақпарат алмасады. Сөйлеуші тарапынан баяндау, хабарлау, жауап алу, сипаттау, т. б. Ал көрермен тарапынан бағалау, пікір білдіру, таңқалу, мұңаю, шаттану, мақтану секілді прагматикалық факторлар тілде көрініс береді. Телехабарлар тілі эмоционалды-экспрессивті стилистикамен, психологиямен, әлеуметтанумен тығыз байланысты. Адамға әсер етуші факторлардың бірі – телехабар тілінен бөлек, бағдарламаның әрлеу-әсерлеу жұмыстары, яғни түс, түр, бейне, үндестік, үйлесімдік. Г. А. Машинбаева «Лингвистика саласында құрамына сөйлеушінің таңдауы мен бағалауы кіретін тіл құбылысы прагматика деп түсіндіріледі. Прагматикалық бағыт адамзаттан жоғары, ой, эмоция, сезімді арнайы таңбалар арқылы жеткізетін тілді сөйлесу құралы ретінде пайдаланатын тұлғамен тығыз байланысты тілдік бірліктердің маңызды компоненттерін, ал функционалдық сипаттау тілдік бірліктердің қасиетін, олардың контексте қолданылуына негізделген сөйлеу актісін білдіреді».

Жалпы прагматика сөзі – грек тілінен аударғанда «іс-әрекет» деген мағынаны білдіреді. Бұл терминді өткен ғасырдың 30-жылдары семиотиканың негізін салушы Ч. Пирс пен Ч. Моррис енгізген болатын. Сөйлеу актілерін оқып-үйренудің және оның жүзеге асу шарттарын қарастырады.

Біз зерттеп жатқан прагматиканың негізгі мәні – тілдік факторларды адам қызметіндегі аспектіде зерттеу. Яғни, қарым-қатынас пен сөйлеу әрекеті – прагматиканың негізгі зерттеу нысаны болып табылады.

Тіл мәдениеті сол тілде сөйлейтін ұлттың ерекшелігімен байланысты. Ал қазіргі қазақ тілінің бүгінгі сипаты телехабарлар тілінен көрінеді. Осыған орай әр тілдің өзіне тән төл заңдылығы, өзіне тән табиғаты болады. Теледидардың ең басты әрі негізгі мақсаты – қоғамда орын алған жаңалықтар туралы ақпарат беру. Тілде пайда болған жаңа қолданыстардың қалыптасып тұрақталуында телехабарламалар тілінің атқаратын қызметі ерекше.

Телебағдарлама тақырыптары – үнемі зерттеушілер назарында болатын мәтін лингвистикасы мен стилистикасы аясындағы бірегей элемент. Өзінің таңбалық белгісіне қарай бағдарлама тақырыптары жалқы есімдерге ұқсас болып келеді. Тақырыпты оқып тұрып көрермен бағдарламаның мақсат-мазмұнын, идеясын, формасын, аудиториясын елестете алады. Демек, тақырып түрлі қасиеттері бар блгілі бір таңба.

Телехабар тілі ‒ публицистикалық стильдің бір тармағы. Публицистикалық стильдің мақсаты – үкімет пен халықты байланыстыру, үндеу тастау, бір іске жұмылдыру, эстетикалық-этикалық тәрбие беру. Десек те, телехабар тілінде ауызекі сөйлеу стилі, ғылыми стиль, көркем әдебиет стилі, ресми стильдің тармақтары кездеседі. Мұндай бірліктер телехабар мәтініне бармай-ақ, олардың тақырыптарынан анық байқалады.

Психологтардың зерттеу қорытындылары бойынша телекөрермендердің 80% телехабарға назар аудармас бұрын оның тақырыбына мән береді екен. Тақырыпқа қарап көрермен бағдарламаны ынтыға көруі немесе көрмеуі мүмкін. Осы орайда мынадай сұрақ туындайды: Тақырып мәтіннен туады ма, әлде мәтін тақырыпты қуады ма?

Телехабар тақырыптары телеарна ұстанымы мен бағдарлама мақсатына сай туындайды. Тақырыпқа сай бағдарлама мәтіні жазылады. Телехабар негізінде тақырыптың ашылмауы телеведение саласында жиі кездесетін құбылыс. Тақырып – телехабардың негізгі әрі маңызды бөлшегі болып табылады. Тақырыпқа терең бармай, бағдарлама мазмұны ашылмайды.

Ұлттық арнадағы ең үлкен бір өзгеріс, көрермен əдеттегідей 20:50-де теледидарын қосса, «Айтуға оңай» жоқ. Оның орнына «Қарекет» деген бағдарлама шығыпты. Жүргізушісі – бұрынғыша Бейсен Құранбек. Уақыты мен жүргізушісі ауыспағанына қарап, ə дегенде «е, атауын өзгерткен болар» деп ойласа керек көп көрермен. Байқаса, хабардың мазмұны өзгерген. Мұң-мұқтажын, шешілмей жүрген мəселесін айтып келген кейіпкерлерге жүргізуші мен бағдарлама ұжымы басқаша көзқараспен тіл қатады. «Ал осы мəселеңізді шешу үшін өзіңіз не істедіңіз? Қайда, кімге бардыңыз?» деп, жауапкершілікті өздеріне артады. Ақырында əлгі кейіпкерлер өз мəселелерін өздері реттейді. Қысқасы, бұрынғыша «айтуға оңай» деп отырмай, əркім өзі қарекет етеді. Пайдалы журналистика деген осы болса керек. Бейсен Құранбек өзінің бір сұхбатында, Шындығын айтсақ, «Айтуға оңайды» ешкім жапқан жоқ. Дұрысы – «Айтуға оңай» аяқталып, келесі кезеңге өтті. Бұл бағдарлама эфирде бес жыл жүрді. Біздің елде осылай жылдан жылға сəтті жалғасқан хабарлар некен-саяқ. Осы бес жыл ішінде «Айтуға оңайда» көтерілмеген тұрмыстық-əлеуметтік тақырып қалмады десек те болады. Кей тақырып тіпті, екі-үш реттен əбден қаузаланды. Мұндай форматтағы бағдарламалар əлемнің өзге елдерінде он-он бес жыл бойы эфирде үзіліссіз жүре береді. Бірақ, оларды таразылап көрер болсақ, көп жағдайда кейінгі жылдардағы тақырыптары майдаланып кеткенін байқаймыз. Осыны ескере келе, «Айтуға оңайды» аяқтауды жөн көрдік. Екіншіден, ұлттық арна биылғы күзден бастап жаңа кезеңге аяқ басты. Өзгеріс сыртқы ребрендингтен бастап, іштегі хабарларға да əсер етті. Біздің ұжым да жаңару үрдісінен қалғысы келмеді. «Айтуға оңайдың» форматы ток-шоу болғанымен, біз көбіне «елге көмегімізді қалай тигізсек», «мына мəселелердің шешімін қалай тапсақ болады» деген сауалдарға жауап іздедік. Содан да болар, хабарымыз елдің жайын айтып қана қоймай, сол мəселелердің шешімін іздейтін хабарға біртіндеп айналып бара жатты. Бұл өздігінен «Қарекетке» ұласты деуге болады. Қазіргі «Қарекеттің» форматы бұрынғы еш хабардың көшірмесі емес. Бұл – синтезделген, жаңарған, журналистикаға жаңаша көзқарас-тағы бағдарлама.

Қазақ «айтуға оңай» демейтін, қазақ «айту оңай» немесе «айтқанға оңай» деп айтады. Ал қазір «айтуға оңай» деген ауызекі тіркес қалыптасып кетті. Бұл атауды кім қойғанын білмеймін, бірақ осы атау таңдалған. Ал «қарекет» деген жақсы сөз қазақта бұрыннан бар. Қазір көпшілік келіспеуі мүмкін, бірақ Абайды оқысақ, ізгі іс-тірлікті «қарекет», теріс болса «əрекет» деген ұғыммен берген. «Əрекеттің» бəрі бірдей жаман ұғымда болмаған да шығар. Ал қазіргі таңда «қарекет» ұғымы жойылды да, тек «əрекет» сөзі қолданыста қалған. Қазақта бұл сөз жоқ болса бір сəрі, бар сөзді қайта қолданысқа енгіздік. Жаңа бағдарламаның атауын ойластырғанда, «Айтып қана қоймайық», «Сөзден – іске!» деген тəрізді түрлі нұсқалар да айтылды. Сол шақта Омар Жəлел деген ғалым ағамыздың «Қарекет» деген философиялық кітабы жарыққа шықты. Кітабында осы «қарекет» ұғымы, мал табу философиясы туралы талдап жазған. Дəл осы атаудың біздің хабарға сай келетінін біліп, ол кісімен кездесіп, рұқсатын алған екен.

«Айтуға оңайда» кейіпкерді бірден студияға шақыратын еді. Ол туралы сюжет жасайтын. Содан кейін онымен əңгімелесіп, мəселесін өзінен сұрайтын. Кейіпкер келетін, мұң-мұқтажын студияда айтып беретін, жылайтын… Сосын олар соған ұқсас жағдайдағы екінші, үшінші кейіпкерді шақыратын еді. Оның да жайын тыңдайтын. Студияға арнайы мамандар шақырып, кейіпкерлердің мəселесін қалай шешуге болатынын сұрайтынбыз. Аяғында хабарды «Айтуға оңай…» деп аяқтайтын. Хабарлардың дені осылай болатын, кейбіреуінің мəселесін шешіп, қолдан келгенше көмектесетін еді. Ал «Қарекетте» кейіпкерді бірден студияға əкелмейді. Олар өзіне қарекет жасататын. Мəселесінің шешу жолдарын нұсқап, «бұл мəселеңізбен мына жерге барыңыз, көріңіз, сөйлесіңіз, өзіңіз қарекет етіңіз» дейміз. Ол кісінің жанында біздің журналистер куəгер ретінде жүреді. Бұл бағдарламада журналистік зерттеудің де, арнайы репортаждың да элементтері бар. Кейіпкер өз мəселесінің шешімі үшін өзі жауапты болады, қысқасы. Бұрын кеңестік кезеңде «үкімет өлтірмейді» дейтін ұран болған. Ал бүгінгінің адамы өз өміріне өзі жауапты екенін түсінбесе, көп нəрседен құр қалады. Кей кісілер «анау істеп бермеді», «мынау мен үшін сөйте қоймады» деп арыз айтады. Шын мəнінде, мемлекет барлық заңдық платформаны қалыптастырып қойған. Əр азаматтың мүмкіндігін анықтап берген. Яки, əр адам өзі қарекет жасау арқылы өзі шеше алады. Біз осының жолдарын көрсетеміз. Бағдарлама сайын негізгі екі кейіпкер болады. Бірі өзі істейді, ізденеді, екіншісі соның атқарған ісін бақылап отырады. Əр хабарымызға келген кейіпкер арқылы «соқырға таяқ ұстатқандай», қай істі қалай шешуге болатынын баяндаймыз. Осы күнге дейін оншақты хабарын түсірдік қой, сонда көпшіліктің ойында «ой, анау жақын арада бітпейді деді ғой», «олар ақша сұрайды екен ғой»… деген сықылды кері ұғымдар қалыптасып қалғанын байқадық. Біз сол қалыптасқан «қамалды» бұзсақ дейміз[6].

Бір бөлшегі төл сөзіміз, екінші жартысы кірме сөз немесе шетелдік терминбөлшек болып келетін атаулар тілімізде көп емес еді. Бұрын радиохабар, телехабар деген сияқты аралас құрамды сөздер аз ұшырасатын болса, бүгінгі уақытты олардың саны күрт өсті. Бұд ерекше назар аударатын құбылыс. Будан атаулар санының бірден артуының лингвистикалық, экстралингвистикалық себептерін анықтап, олардың жасалу жолдарын, мағыналық және құрылымдық ерекшеліктерін көрсету өте маңызды іс [5, 22].

Бұқаралық ақпарат құралдарында, әсіресе телехабар тақырыптарында будан атаулар жиі кездеседі. Тақырыптың алдыңғы бөлшегі төл сөзімізде айтылып, екінші жартысына шет тілдерінің бірліктері (жұрнақ немесе сөз) жұмсалады. Мұндай телехабар тақырыптарын төмендегі атаулар растайды: «Қызықtimes», «ӘзілMan», «Тойзаказ», «Тамашаcity», «ТойBeststar», «Instaлайық», «Информбюро», «Ғалам-TOP», «Ма-ма-шоу», «Бурабай әзіл-фест», «Balatime», «Айна онлайн», «Гу-гулет». Тілде будан атауларының белең алуы біріншіден қоғаммен байланысты. Ғылым мен техника дамыған сайын тілімізге жаңа атаулар мен қолданыстар енеді. Екіншіден, біздің тіліміз сөз тудыруға қабілетті. Төл сөздерімізден бөлек өзге тілдерден енген сөздерге жұрнақ жалғау немесе сөз тіркестіру арқылы мағына жасалып, сөздік қорымызды толықтырады. Телехабарлар тақырыптарындағы будан атаулар телеәлемдегі ерекше бір стиль түрі болып табылады.

«ТойBeststar», «Ғалам-TOP» хабарлары да жоғарыда атап көрсеткен қағидалардың неігзінде туған. Орфоэпия бойынша: түбір сөз «той» + «best star» - [beststʌr] – жарық жұлдыздар, демек тойдың жарық жұлдыздары жөніндегі хабар; түбір сөз «ғалам» + «тор» - [top] – Ғалам-ТОП, яғни ғаламдағы жаңалықтардың топтамасы. Орфографиясы бойынша: түбір сөз «той» + «best star» - [beststʌr] – Тойбастар, қазақтың ұлттық дәстүрі, әртүрлі қуанышты тойларда айтылатын өлең түрі; түбір сөз «ғалам» + «тор» - Ғаламтор – компьютердегі мәліметтер мен құжаттарды, мультимедиа элементі бар гипермәтінді жүйелерді байланыстыратын ғаламдық тор.

«Гу-гу-лет», «Instaлайық» тақырыптары әлеуметтік желіге байланысты туындаған. Бұл сөздер жастар арасында ауызекі сөйлеуде жиі қолданылады. Google (гугл) – ғаламдағы кеңейтілген іздеу жүйесі. Іздеуге байланысты кейінгі кезде тілде «гугулет» деген етістік пайда болды. Бұл мағына танудың бірінші қыры. Тілде әуелден дыбысқа байланысты туған «гу-гу» деген еліктеуіш сөз бар. «Гу-гу-лет» гуілдеу, шулау деген мағынада жұмсалып тұр. Тақырыпты қай жағынан алып қарасақ та, халыққа ел құрағын түретіндей тың ақпарат беру. «Instaлайық» хабарының түпкі прагматикасы «инстаграм» әлеуметтік желісінен шыққан. Инстаграм – фото мен бейнебаян жүктеу арқылы халыққа жарнама тарататын желі. «Инсталайық» сөзі инста парақшасын парақтайық, ақтарайық деген мағынада қолданады.

Қазақ сөз мәдениеті ұзақ ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи процестің жемісі болып табылады. Біздің зерттеу объектісі етіп отырған тақырыбымыз – телехабарлар тілі және олардың прагматикасы.

Қазіргі таңда телехабарлар тілі – ақпаратты жылдам таратудың негізгі ресурсы ғана емес, қоғам тәрбиелеудің құралы, «төртінші билік өкілі». Сондықтанда телехабарлар тілінің прагматикасына жалпы сөз мәдениеті тұрғысынан баға беріп, зерттеу асқан ұқыптылық пен жауапкершілікті қажет етеді.

Біздің жұмыстың алғашқы тарауында біз телехабарлар тілінің табиғатына және оның зерттелуі жайында сөз қозғадық. Бүгінгі біздің ақпарат заманында жылдам ақпарат сервері телехабарлардың маңызы зор.

Біз жасаған жұмыстың өзектілігі – жұмыстың екінші бөлімі. Мұнда біз телехабарлар тақырыптарының прагматикасына және бағдарламалардың өзіндік ерешеліктеріне тоқталдық.

Телехабарлар тілін прагматикалық аспектіде қарастырудың қазіргі таңда маңызы зор. Өйткені теледидардың басты қызметі – халыққа ақпарат беру. Яғни сөйлеуші мен тыңдаушының арасында қандай да бір ақпарат алмасады. Сөйлеуші тарапынан баяндау, хабарлау, жауап алу, сипаттау, т. б. Ал көрермен тарапынан бағалау, пікір білдіру, таңқалу, мұңаю, шаттану, мақтану секілді прагматикалық факторлар тілде көрініс береді. Сондықтан да телехабарлар тілі прагматикалық тұрғыдан зертетуді әлі де қажет етеді. Біз осы мақаламызда телехабарлар тіліне таным-түйсігіміз жеткенше жан-жақты талдау жүргіздік, нәтижесі сөз мәдениетінің одан әрі дамуына оң әсерін тигізеді деген сенімдеміз.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

Пікірлер