Өлең, жыр, ақындар

Сын әділ болсын

Бүгінгі жиналысымыздың арқауы болып отырған Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінін, қаулысы совет әдебиетінің алдын, бағыт-бағдарын тағы да айқындап берді. Совет көркем әдебиеті — ұлы идеяның насихатшысы, совет қоғамы жасап жатқан жаңа әлемнің айнасы. Әдебиетімізге осы тұрғыдан қарап сын айтты, осы тұрғыдан қаpaп міндет жүктеді Орталық Комитет.

Сол ұлы идеяны жырлау, ұшан-теңіз социалистік дүниені барлық өзгешеліктерімен, қасиеттерімен суреттеу, әсіресе тамаша заманды орнатып жатқан совет адамдарының образын жасау — оп-оңай міндет емес, ең қиын, ең ардақты іс. Бұл жолда сүріну де, екпіндеп өрлеу де болады. Мен туралы бірсыпыра пікірлер айтылды. Сірә, мен сүрінсем керек. Бір емес, екі сүрінсем керек. Бірі — жазушы есебінде, екіншісі — журналдың редакторы есебінде.

Әуелі жазушылығым үшін жауап берейін. Дұрыс айтып жатыр. Совет адамының, совет қоғамын басқарушы партия басшыларының. большевиктердің образын жақсылап жасай алмадың, көркем, шадыман өміріміздің бейнесін толық көрсете алмадың, халқымыздың өршіген ынта, жігерін жете айтып бере алмадың, жаса, айт, көрсет деп жатыр. Бұл игі тілекке, бұл кеңеске қарсы айтар бір ауыз сөзім жоқ. Қабылдаймын. Жасадым, жетілдім деуден аулақпын. Шаш ағарып, қол қалтырағанша жазармын, сонда да совет қоғамының өмірін мүлтіксіз жаздым демеспін. Ол менің мешеулігім емес, совет қоғамының өзгешелігі, ұлылығы. Талай адамдар жазар, талай қаламдар тозар. Жазған сайын, тарих ілгері барған сайын совет дәуірі биіктей бермек, биіктей бермек... Сол биіктің шың басында тұрмасам да, бір бөктерінде көрінуге тырысып бағармын. Сынға — тәрбиеші көмекші — болшевиктік сынға менің берер адал жауабым осы.

Енді журнал жайында бір-екі сөз. Журналдың мазмұны, көркемдігі төмен дәрежеде тұрғанын, саяси-мәдени тілектерден журнал кейін келе жатқанын Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті де, одан кейін сынаушы жолдастар да дұрыс айтты, ашып көрсетті. Журналдың бұл халге келуіне бірнеше себептер бар. Бірінші себеп — редакция алқасының салақтығы, жауапкерлігін ұмытқандығы. Редакция алқасы қағаз бетінде қалады да, не істесе редактор өзі жалғыз істеді. Қайсыбір жолдастар, соның ішінде редакция алқасының мүшелері, Мұстафин журналды өз меншігіне алады да, бізді шетке қағып, қағажу қалдырды деп жүр. Бұл әншейін, ұялғаннан, ақталу үшін айтылған сөз. Ұялу дұрыс. Ақталудың керегі не? Мұхтар мен Ғабит сияқты .алқа мүшелері кел, жұмыс істейік деп ентелеп тұрса, Мұстафин оларды кеудеге итеріп не? Итерген күнде редакцияға басып кіруге Мұхтар мен Ғабиттің правосы да, батылы да жетеді. Дұрысында, кінәні оларға мен тағуым керек еді. Олар бұрын тағып қойып, маған түсінік беруге тура келіп тұр.

Екінші себеп — журналдың материалы тапшы. Әттеген-ай, журналымыз болар ма еді, жазғанымызды жарыққа шығара алмай қор болдық деп төрт жыл бойы кіжінген жолдастар, міне жылдан асып барады сол журналға әлі материал берген жоқ. Журналға басылған материалдың бірең-сараңы болмаса, көпшілігі амалсыздан жіберілді. Жақсы материалдарды күтіп,журналды шығармай қоюға ұялдым, осы зиянсыз-ау, аз да болса пайдасы бар-ау деген материалдарды әлденеше түзетіп, жөндеп басып отыруға тура келді. Бұл редактордың, немесе редакция алқасының кінәсі емес, бүкіл қазақ жазушыларының, жазушылар ұйымының кінәсі деп атап айтуымыз керек.

Кейбір сыншылар осындай басты кемшілікті көрудің орнына, Мұстафин өзінің көңілдестерінің материалын басты деп қайдағы жоқты айтады. Сынды қанша сыйласақ та, мұндай сынды сыйлауға болмас. Басқа мінім көп шығар, дәл сондай мінім жоқ. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті журналдың көп кемшіліктерін айтқанда маған: мұндай мін таққан да жоқ. Сыншылар басқа журналдарда болған фактіні ешбір дәлелсіз, талғаусыз әкеліп жапсыра салған. Журналға 40-50 автор қатынасты. Соның бәрі менің: жекжатым, көңілдесім бе екен? Немесе пәлендей жақсы материал әкеліп едім, Мұстафин баспай тастады деп, бір де жазушы айта алар ма екен? Айта алмайды. Мұхтардың, Сәбиттің романдары асығыс басылды дейді. Рас асығыс басылды, жазылып бітпеген романдар еді, бірақ көңілдестіктен, не олардың беделіне сыйынғандықтан басылған жоқ, басқа басарың болмаса қайтесің? Сол сияқты басқа материалдар жөнінде кемшілікке уақытша төзуге тура келді.

Журналдың кемшілігіндегі үшінші себеп — Қазақстан біріккен баспасына байланысты. Тәртіп бойынша журналды осы баспа шығарды, жазушыларға қаламақы төлейді.. Журнал 4-5 айда бір-ақ шықса, шыққаннан кейін жазушылар 2-3 ай бойы қаламақысын ала алмаса, алған күнде үкімет белгіленген мөлшерді сығымдап-сығымдап құр сүлдерін ғана берсе, ондай журналға кім жазады? Басқа газет, журналдарға жазғанын өткізе алмаған адамдар ғана келеді мұндай журналға. Қазақстан біріккен баспасына байланысты толып жатқан ұсақ дау-жанжалдар бар. Соның ең азы біреу-ақ журналды бүлдіре алады. Журнал келешекте бұл баспадан қалай да бөліну керек. Бөлінбейді екен, журналға айрықша көңіл бөлу керек. Ол өзінің жазушылар ұйымының мүшесі екенін, журналдың жақсы-жаманына ортақ екенін әлі онша сезе қойған жоқ.

Төртінші себеп — журналдың қызметкерлеріне жағдай. жасалмады. Сондықтан тәуір кадрлар келмеді. Көбінесе жалғыз істеуге, не бұрын әдебиет ісінде болмаған бала-шағалармен жұмыс істеуге тура келді. Бір жыл салпақтап іздегенде редакцияға баспана таппадым. Әбден болмаған соң бұдан бір жарым ай ғана бұрын жазушылар одағының бір нашар бөлмесіне баса-көктеп кірдік.

Журналға іс білетін қызметкерлер алу жөнінде, қызметкерлерге жағдай жасау жөнінде Одақ басшылары мен баспа директорының дәрменсіздігін айта-айта шаршадым.

Міне журналдың халі, шындығы осылай болған. Осы. халден дәл осы минутқа шейін арылған жоқ.

Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті журналдарды жақсарту жайында қаулы шығарды. Жұртшылық дабылы күшейіп отыр. Журналды бұдан әрі бұл күйде қалдыруға ешбір мүмкін емес. Редакция алқасы, Жазушылар одағы, барша жазушылар болып, маңдайға біткен жалғыз журналды аз уақыттың ішінде халықтың рухани тілек дәрежесіне көтеруге міндеттіміз. Көтере алмайды екенбіз, бет шыдаса, көтере алмадық деп, Орталық Комитетке тура айтуымыз керек.

Кейбір сыншылар туралы бірер сөз. Дұрыс сын түзейді, теріс сын бұзады. Қайсыбір адамдар осындай көпшілік дабылын пайдаланып, өзінің бықсық пікірін өткізуге тырысады.

Ленин әрбір ғылым партиялық дейді. Белинский әдебиет те ғылым дейді. Идеясыз шығарма болмайтындығын одан кейінгі өмір де дәлелдеп берді.

Таяуда С. Төлешевтің «Шығанақ» романына жазған сынын көпшілік оқыған болар. Романның кемшілігі, қатесі көп-ақ шығар, нашар-ақ шығар. Таласпаймын. Роман өте асығыс, арнайы тапсырмамен жазылған. Қайткенде де республикамыздың 25 жылдығына үлгеру керек деген жақсы ниетпен жазылған. Оның үстіне жаңа тақырыпқа жазудың қиындығын еске алсақ, романның қатесі, кемшілігі болуы сөзсіз. Әділ сыншы шығарманы жете зерттеп, мынау арасы пайдалы, мынау арасы зиянды деп авторға, оқушыларға талдап, жентектеп береді. Мұндай сыншы ұстазың тәрізді, ұрса да көресің. Ал, Төлешев қайткен? Ол ылғи романның кемшілігін, қатесін ғана іздеген. Пайдалы жері кездессе көзін жұмып өткен. Сондықтан романның өн бойынан пайдалы бір бет, бір ауыз сөз таппаған. Онымен де қоймай, жала жабуға тырысыпты. Әр беттен, әр тараудан жеке сөздерді теріп алып, құрастырып, автордың атынан сөз шумағын жасапты.Төлешев әдебиетті, еңбекті сыйламай - ақ қойсын, романның 10-15 мың оқушылары бар, ұлы сыншы - тарих бар, осылардан қалай ұялмады екен? Солардың алдында өтірік қоспай-ақ шын кемшілігін айтса да үш бағананы толтыруға жетіп жатыр ғой. Осындай шаш ал десе, алғыш сыншыға редакторы сай келсе керек, беделді газетіміздің бетін аямай беріпті.

Сөз қорытындысында айтарым, «Шығанақ» романы туралы айтылған пікірлердің бірін зерттеусіз қалдырмаймын, қаншалықты дұрыс екенін қазір-ақ мойындаймын. Романды қайта жазамын,түзетемін. «Есеп» пьесасын сыншылар жаман деді, таласпаймын. Енді қайтып бұл қатені қайталамасқа тырысамын.

1946


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз