Өлең, жыр, ақындар

Тақырып туралы

Партия қаулыларында, жиылыстарда жаңа тақырыпқа — советтік социалистік тақырыпқа жазу керек дегенді көп есітеміз.

— Себебі не?

— Себебі көбінесе саяси жағынан дәлелденіп жүр. Дұрысында бұл жалаң саяси тілек қана емес, сонымен қабат көркемөнерлік, эстетикалық тілек.

Адам қанша ақылды болса да, айнаға қарамаса өзінің бейнесін дәл таппас еді. Біреудің бетіне, біреудің денесіне қарап менің бейнем сондай-ау деп шамалар еді де, дәл кескінін елестете алмас еді. Өйткені, елес көріністің ғана суреті. Дәл өзін көрмеген адам, көруге әмән ынтық. Сондай-ақ, социализмді қолма-қол жасап, қызығына құныққан қызу жұрт жанған еңбегінің, жандырған езінің тұлғасын көргісі, сұлу көркіне мақтанғысы келеді. Олай болса, әдебиет, соның ішінде драматургия өмір айнасы. Айнаға қарау — халықтың психологиялық салты, эстетикалық тілегі.

Социалистік, советтік тақырыпқа жазудың бұдан да артық екінші керегі бар. Дүние дүние болғалы көрмеген жаңа әлемжасау түгілі, кейде бір пар аяқ киім де екі қилы шығады. Ұланбайтақ өнер дүниесінің де бірде қиюы жымдаспайды, бірде сыры, не сыны келмей тұрады. Жасаушы адам кейде бұйығып, кейде алаңдап, ынта мен өнерін қолындағы іске түгел жұмсай алмайтын кездері болады. Әдебиет — драматургия бұндайда айна болумен қабат, жан жарығы, адамның қолға ұстар алдын көрсетер шамшырағы болып кетеді.

Советтік-социалистік тақырыпқа жазудың үшінші керегі — бұл айтылған екеуінен де басымырақ дер едім. Социализм әзір жердің алтыдан бір бөлігі — Совет Отанында. Қалған бес бөлегінде капитализм әлі тірі. Ол тек қана тірі емес, қыранға қарсы «қырық пышақпен қыржыңдап тұрған түлкі» тәрізді. Айласы да, айбары да мол. Алыспай асқа түспейді. Екі жүйеге бөлінген қоғамдық осы екі күштің салт-сана майданында қайсысы жеңсе, сонысы істе де жеңгені. Олай болса, көркем әдебиеттің, драматургияның салмағы арта түспек. Ол «мақтамайды», «боқтамайды», таластарың осы болса «көр міне» деп шындықтың суретін көз алдыңа әкеледі. Біздің драматургтарымыз, осы шындықты — Отанымыздың, республикамыздың социалистік тұлғасын суреттеп көз алдына әкелсе, өзінің тарихи ардақты міндетін совет Отанның ғана емес, бүкіл адамзат алдында ақтап шыққан болар еді.Жолдастар, мен. «бүкіл адамзат» деген сөзді қайталап айтам. Біздің жазушы-драматургтар совет идеясының түк жүректі батыры. Ал, совет идеясының қонар қиясы бүкіл адамзат көксеген мұңсыз өмір, біздің тілімізше айтқанда коммунизм.

Жасыратыны жоқ, кейде қазақ жазушыларының қайсыбірінің басына мешеу пікірлер келеді. «Біздің шығармамызды қай ағылшын, қай француз оқып жатыр, орыстың өзіне жете алмай жүрміз...» дегісі келеді. Дұрыс емес. Ұлт тіліндегі жақсы шығарма орыс тілінде шығуға, орыс тілі арқылы жер жүзіне тарауға мүмкіндіктер толып жатыр. Әміренің әндері, «Қыз Жібек» операсы, Бауыржанның образы, тағы басқалар шет елге тарамады ма? Ылайым тек жақсы шығарма болсын.

Советтік, социалистік тақырыпқа жазудың қажеттігі осы айтылғандармен дәлелденсе керек. Ал, сонда жазылды ма, жазылса қалай жазылды? — деген сұрақтар туады.

Жазылғандардың бірсыпырасы жоғарыда аталды. Аталмағандары да көп. Бірақ, бәріне тән бір кемшілік бар. Советтік социалистік тақырып дегенді тым тар мағынада алып жүр: өндіріс, колхоз, совхоз деп үш-ақ салаға бөледі. Дұрысында бұл үш саланың әрқайсысында толып жатқан тармақтар, әр тармақта өзіндік өзгешеліктер бар. Өндіріс тақырыбындағы пьесалар бізге бір ғана тұрбаның мойнын көрсетіп келді. Ол қай өндіріс, қай тұрба? Мысалы: бір көмір өндірісінің өзінде ашық шахта, жабық шахта, көлбеу шахта, тік шахта, машиналанған шахта, машиналанбаған шахта, электр станциясы, механикалық завод, подъемный, газофиксация тағы әлденеше көмекші өндірістердің жеке - жеке тұрбалары бар емес пе? Әрқайсысының өзіндік көрінісі, көлемі, адамы бар емес пе? Пьеса авторлары оны «мен білмеймін, өзің тап» деп тұрған сияқты. Бір саладағы тақырыптың өзін әр жағынан алып, алуан түрде көрсетпей, бір ізбен, бір әдіспен, бір дәрежеде кеткендіктен жаңа тақырыптағы пьесалардың көбі стандартқа айналып барады. Егeр, аты, адамдарының аты басқа болмаса, кейде бірінен бірін айырып алу қиын.

Соғыс тақырыбына жазылған пьесалар туралы да осы шамада пікір айтуға болады. Алуан түрлі бай өмірден, алуан-алуан тақырып таппай, бір қараға соға беру — «соқыр көргеннен жазбайды» дегенді еске түсіреді. Күміс, қорғасын, мыс, көмір, темір, сирек кездесетін металдар, астық, мал, мұнай, бақша, жеміс бәрі бар. Әрқайсысының өзінше сипаты, тіршілігі, соған сәйкес адамдарының құлқы ойы, әрекеті, тіпті, тіл өзгешеліктері де бар. Осындайда ұлан-байтақ өзіміз туып-өскен маңғаз өлкемізді тану жөнінде көркем әдебиетте, көркемөнерде қалдырғанымыз тіске сыздық та бола алмайды. Бұл борышты әрдайым есте сақтауымыз керек.

Тақырып жайындағы екінші кемшіліктің атын — бір жақтылық, қорқақтық дер едім. Қалтыраған жүрекпен ешуақытта қамал бұзған емес. Қайсыбір жолдастар өмірдің ылғи жарқын жағын көреді. Жайсыз жағын көрсе қорқады, көз жұмады. Сыртқы дұшпандар' көрмесін, білмесін, қасиетті социализмнің денесіне мін ғып тағар деген адал ой, қарлығаштай достық білдіреді. Бұндай дәрменсіз достыққа күлесің де, күйінесің де. Күлетінің: социализм бола ма, болмай ма, жақсы ма, жаман ба деген таластардың біздің елде дымы әлдеқашан өшкен. Социализм жасалған. Миллиондар орнатқан социализм қалай өсектесе де тырп етпейді. Жалғыз ұл атқа шапса, үйде отырған қамқор ана тақымын қысады. Мына жолдастың қамқорлығы сол сияқты. Бірақ, ана қамқорлығы зиянсыз, бұныкі зиянды.

«Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» дейді қазақ. Социализм жаңа дүние. Жаңа біткен үйдің де кемшілігі болмай тұрмайды. Кемшілік әрқилы: архитектураға байланысты ма, жоқ орындаушыларға байланысты ма? Бұл арасын айыра білу керек. Социализм архитектурасын — Маркс, Энгельс, Ленин сияқты данышпандар жасап, миллиондаған халықтың тәжірибесімен бекіген. Бұдан кемшілік табам деушілер тек өз кемшілігін ғана білдіреді. Егер, орындаушылардың кемшілігі болса, мысалы: көп колхоздың ішінде бір колхоз не бір өндірістің ішінде бір цех басқарушысы Бейсембайдың кесірінен жұмысты бүлдіріп отырса, оның құлағынан сүйреп жарық дүниеге алып шығу керек. Ол үшін социалистік система кінәлі емес, Бейсембай кінәлі. Бейсембайлардың кінәсін советке, социализмге арта беруге болады.

Тақырып жайындағы үшінші кемшілік салтқа айналып барады. Жазушы жолдастардың көпшілігі болғанды, оның ішінде көпке мәлімді жазып жүр. Дұрыс-ақ, жаза берсін. Ал, болашақты, азға мәлімді жазуға бола ма.

Бұған келгенде желкесін қасиды. Болашақтың, не азға мәлімнің элементі әлдеқайда шығармадан көріне кетсе, «өй, мынауыңды жұрт білмейді» деп, үрпие қалады. Бұл мүлде теріс ұғым. Социалистік реализм болғанды ғана емес, болғанға болашақты қосып арманды да көрсетеді. Бұның аты — социалистік романтика.

Сөйтіп, болашақты жазуды жазушылардың алдына түйінді мәселе етіп қойсам азға мәлімді елемеуді зиянды деп қатаң түрде қояр ем. Абайлаңыздаршы, ғылыми жаңалықтардың бәрі жерден көпке мәлім бола бермейді. Келешек көптің игілігі болғалы тұрған сол жаңалықтың әдемі кескіні шығарманың көркі емес пе? Оны суреттеп көптің алдына тарту, оған тез жетуге көпті шақыру қандай ардақты міндет! Бұны елемеу қып -қызыл зиян. Немесе, зұлымдық істеушілерді қараңыздаршы, халық ішінде олар мыңның не миллионның бірі ғана. Аз екен деп осымен күреспеуге бола ма? Аз да болса ол миллионның жанына батады.Ендеше, гәп тақырып оқиғасының аздығында, көптігінде, болған, болмағандығында емес, қоғамдық маңызында, келешегінде жатыр. Тақырып жайындағы төртінші кемшілік — жаңа мен ескіні айыра алмаушылық. Жаңа тақырыпқа көбірек жаз дейміз, оның қажеттігін мен жоғарыда айтып өттім. Бірақ шығарма жаңа тақырыпқа жазғанмен жаңа, ескі тақырыпқа жазғанмен ескі бола бермейді.Сондай - ақ бір кездегі прогрестік көрініс, уақыт өзгере реттесе боп қалатыны да болады. Бұны айыру үшін өз уақытысының биік тұрғысынан қарап, алыстағы алды-артын болжайтын қырағы көз керек.

Тай тартысының түрлі кезеңдерінде халқымыздың күресін көрсететін советтік тақырыпқа талай шығармалар жазылды. Ол шығармаларды сүйіп оқыдық. Әлі де оқимыз.Ол күрестерімізге табыстарымызға мақтанамыз, сүйсінеміз. Сөйте тұра егер бүгінгі шығармалар сол күнгі дәрежеде жазылса, прогресс емес, регресс дейміз. Шығарма — пьеса неғұрлым мазмұнды,идеясы жоғары келсе, солғұрлым өмірі ұзақ. Неғұрлым мазмұны әлсіз, идеясы төмен келсе, солғұрлым өмірі қысқа. Нашар тақырыпқа жазылған пьесалардың талайы өзінен өзі сахнадан шығып қалады. Соның себебі — алдымен мазмұнда, идеяда. Біз кейде «мына пьесаның іші жақсы, сырты жөндеу екен» дей саламыз. Менің осыған күмәнім бар. Дұрысында, іші нағыз жақсы болмасқа еркі жоқ.

Мазмұн мен түр ет пен терідей жабысып жатыр. Бірінен бірін айырып қарауға болмайды.

Ескі тақырыпқа жазылған пьесаларға да осы тұрғыдан қарау керек. «Жаманның жаңасынан, жақсының көнесі артық» деп қазекең тауып айтқан. Ескіге жаңа көзбен қарап, жоғары идеяда, күшті мазмұнда жазылған. «Еңлік — Кебек», «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» сахнадан әлі түспей келеді. Гәп, ұзақ жасайтын идеяда, сусын қандыратын мазмұнда екенін осының өзі-ақ дәлелдеп тұр.

Мен жаңа тақырып жайындағы кемшіліктерге көбірек тоқтадым. Ескі тақырып жайындағы кемшіліктер одан да басым. Heгe екенім білмеймін, біздің Мұқаң мен Ғабит кездесер жер таппағандай, бір қыздың маңынан кездесе береді: «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш — Баян сұлу», «Ақан сері — Ақтоқты», «Еңлік — Кебек», «Айман — Шолпан»,. тіпті, «Абай» да осы қыздың маңынан көрінеді.

Адам тіршілігіне алдымен ұйқы, тамақ, жылы киім, жайлы баспана керек екенін Энгельс дәлелдеп кеткен. Ұйқы көзге тығылып, ішті аштық бұрап, жыртық көйлектен дене жылтылдап, арқаны аяз қысып тұрса, қыздың жігітке, жігіттің қызға қарарлық дәрмені бар ма? Өткен қауымдардың, оның ішінде жалшы - кедейдің драмасы да, трагедиясы да осы емес пе еді. Өткен өмірдің осы бір көлеңке жағында қалам тимеген талай-талай тың оқиғалар жатыр. Бір мезгіл соны неге жазбаймыз?

Сахнадан түспей жатқан пьесаларымыздың бәрі дерлік эпос материалдарынан алынған. Эпосқа, жаңа тақырыпқа жазған авторларымыз, тіпті, сол екі тақырыпқа бірдей жазған бір автордың өзі екі түрлі жағдайға, — бірі өте ауыр бірі өте жеңіл жағдайға кездесіп отырады.

Жаңа тақырыптың оқиғасын, образдарын автор түгелімен өзі жасайды. Тың айырған не соныдан жол салған тәрізді. Оны қабылдаушы көпшілік шетінен сыншы. Өйткені, көзімен көріп, қолымен жасаған өмірі. Автордың аяғын қия басқызбайды, бұлар оның басындағы өзгеше қиын жағдай.

Эпостың оқиғасын, образдарын өткен қауым ертеде өзі жасап кеткен. Автор тек ескірген жерін өзгертіп, жанынан қосып жаңартып, сахнаға лайықтайды. Соның өзінде келіспей тұрған жері болса, қараушы кеп қанына сіңген сарынмен өзі түзеп, оймен толықтырып отырады. Бұл авторға үлкен көмек, оңай абырой. Бірақ осымен қабат өте қиын жағы да бар. Көрмеген, өткен өмір түгілі, күнде көріп, қолмен жасап жүрген өмірдің тұлғасын беру қиын боп отырғанда, өткен дәуірдің тілін, мінезін, салтын, толып жатқан өзгешелігін табу, әр жазушының шамасынан келе бермейді. Жұрт жаңа тақырып аз жазылды деп қомсынса, мен осы ескі тақырып, мұңы кеп сұр өмір алыстап барады, бүгінгі жарқын елдің көзіне түспей қала ма деп қорқам. Егер, көзіне түсіре алсақ, социалистік өмірдің қадірін бүгінгі жас қауым бұдан да артық бағалар еді деп қуанам.

Тақырып жайындағы бесінші кемшілік — жанрға байланысты. Бізде бүгінгі өмірден жазылған трагедия жоқ.Комедия жоқтың қасы. Қайсыбір жолдастардың ойынша, трагедия, комедия жазуға болмайтын сияқты. Біздің бейбітшілік тұрмыста қайғылы-қанды, келемежді оқиға бар ма, жаман адам бар ма, жетпейтін арман бар ма дегісі келеді. Бұл өте аса қарап, аяқ астын көрмеушілік.

Таяуда екі артист білімдерін салыстырып отырып, бірі:

— Мен Шотаны оқыдым — десе екіншісі:

— Өзіміз Шотанды әлдеқашан оқығанбыз, енді Руставелиді оқып жатырмын, — депті. Осының өзінде үлкен комедия жатқан жоқ па? Әлі күнге құдайға жалбарынатындар, жын-шайтанға нанатындар, осы күнгі шолақ саудагерлердің қалі, ерлі-зайыптың маңындағы, жеке тұрмыстағы ескілік қалдықтары комедияға таптырмайтын арқау емес пе? Күлерлік нәрсе көп. Күлдіруші жоқ. Күлумен де қыңыр адамды түзеуге болатынын бағаламаймыз. Шығарманың түпкі мақсаты адам жанын тәрбиелеу десек, күліп те, қорқытып та,жақсылыққа қызықтырып та, жамандықтан түңілдіріп те тәрбиелеуге болады. Тәрбие құралдарын тегіс пайдаланып, адам жанын ескі кірден арылта білейік. Трагедия да бізге мода үшін емес, тәрбие үшін қажет.Адамды ылғи мақсатына жеткізе беру шындыққа жатпайды. Ұлы мақсаттың, ұлы арманның жолында өле білуге де үйрету керек. Француздардың классикалық трагедиясы аристократтар үшін болса, біздікі халық үшін, ұлы арман үшін, болады. Сондықтан трагедия деген атынан қорықпау керек. Аспан әлемін бағындыруда, солтүстіктегі мұзды мұхитты бағындыруда ой жетпегенде ісі жеткен ерлер аз ба бізде? Сол жолда мерт болғандар жоқ па бізде? Кешегі соғыста Отанның қорғап шейіт кеткен ерлердің әлемді таңғалдырған ісі қайда? Трагедия оқиғасын тіпті өзіміздің Арал балықшыларынан да, Бетпақдаланы зерттеушілерден де табуға болады. Халықты ұлы арманның жолында жанын қиған, ұлы ерлердің образын жасау міндет қана емес мақтан. Үлкен тәрбие.

Мен жаңа тақырыпқа жазу жайында, өскелең еліміздің алда тұрған тілегі турасында көбірек айттым. Жаңа тақырыпқа жазылған бірнеше пьесалардың атын атап, жалпы қандай дәрежеде тұрғанын да көрсете кеттім. Енді солардың, бірнешеуіне айрықша тоқтап, жасалған адам образдарын оқиғаны меңгеру қабілеттерін байқап өтейік.

«Түнгі сарын» туралы. Бұл Мұхтардың он алтыншы жылғы халық-азаттық көтерілісі жайында жазылған пьесасы. Бұл пьеса туралы бұдан бұрын да әрқилы пікірлер айтылып жүрді. Бас геройы Жантас образы шықпады дегенге сыншылардың көбі-ақ қол қойған сияқты еді. Менің осыған шәгім бар.

Халық көтерілісін бастаған геройдың, образын сөз қылмастан бұрын, сол көтерілістің сырын ашып алу керек. Сонда ғана геройға дұрыс баға беруге болады. Егер он алтыншы жылғы көтерілісті революциялық сана бастаған көтеріліс еді десек, Жантастың олқы герой екені рас. Жоқ, стихиялық көтеріліс еді десек, Жантас олқы емес — шыққан образ. Мен осының соңғысын қуаттаймын. Себебі: он алтыншы жылдың көтерілісі — стихиялық көтеріліс. Патша өкіметінен, өзінің бай-жуандарынан зорлық-зомбылық, қанау-талаудың талайын көріп, шыңына жеткен халық, қара жұмысқа шақырған патша жарлығын желкеге төнген көк семсермен бірдей көрді. Сондықтан, әу дескендей, бір ауыздан команда берілгендей қазақ даласындағы көтерілістер бірден лап етті. Бірақ дүлей күш қанша айбарлы, қанша құдіретті болса да, дегеніне жете алған жоқ. Патша өкіметі қан ағызып, ақыры жарлығын орындап тынды. «Түнгі сарын» бір жағынан — халықтың сондағы қаһарлы сұрын көрсетсе, екінші жағынан — алдын ала жөн сілтер саналы басшылығы болмағанын да көрсетті. Бұл тарихи шындық. Олай болса Жантас сол шындықтың айғағы. Егер геройдың аты Жантас болмай, Аманкелді болса, шықпаған образ дер едім. Өйткені, Аманкелді тарихи адам. Сонымен қабат белгілі дәрежеде революциялық санамен құралданған адам. Бірақ қазақ даласындағы көтерілістің бәрін ол басқарған жоқ, бір аумақта ғана басшылық етті. Сондықтан Жантас пен Аманкелдіні шатыстыруға болмайды. Бірі — революциялық санасы бар, екіншісі — стихиядан туған геройлар. Осы екі герой екі саламен келіп, Лениннің революциялық сана жөніндегі қағидасын тағы да дәлелдеп береді.

Шығарманы сынағанда тағы бір еске алатын нәрсе — оның жазылған, жарыққа шыққан уақыты. Жазушы қандай әділ қандай салқын қанды болам десе де, әлеуметтік тартыстың бір жағына бүйірі бұрмай, қаны қызбай тұрмайды. Бүйірі бұрған жақты әсірелей жазады. Егер «Түнгі сарын» он алтыншы жыл көтерілісінің үстінде не соның алды-артында, халық өз мүддесіне жете алмай тұрған шақта жазылып, жарыққа шықса, халықты рухтандырудан гөрі «байқаңдар», деген қауіпті баса көрсеткен шығарма болар еді. Өйткені, халық қырғынға, талауға ұшырап күйзеліп қалды. Герой ештеңе бітіре алмады. Бұл шындық болғанмен, шығарманың алдағы үмітті көрсетер үгіттік, саясаттық қасиеті кем дер едік. Қашанда болса, қызу күрес үстінде бұл қасиетті сыншылар автордан талмай талап етіп отырады. Бірақ біз сынға алған «Түнгі сарын» он алтыншы жылдың дауылы әлдеқашан басылып, халық өзінің ежелгі мүддесіне жетіп, масайрап тұрған кезде — 1930-40 жылдардың аралығында жазылды. Автор өткен оқиғаға салқын қанмен, ғылымдық, тарихтық жағынан қарап жазды. Бұл шығарманың қазір бізге керегі де осы жағы. Әсіресе стихияны революциялық сана бастау керек деген қорытынды Ленин қағидасының творчестводағы түрі екенін тани білуіміз керек.

Сонымен, Жантас туралы сөздің, түйіні: ол бетінен қайтпайтын, халықтық қаһарлы лебімен суарылған ер. Бірақ алдын болжар санасы болмай, темір аранға ұрынып мерт болды. Мерт болса да кейінгілерге қайтпа бетіңнен, сана шырағын ұста қолыңа деп кетті.

Шығарманы сынағанда, біз алдымен оның ішіндегі адамдарды сынаймыз. «Түнгі сарын» ертеректе, революциялық тақырыпқа жазып жаттықпаған кезде жазылған пьеса болса да, адам түрлерін көрсетуде осы күнгі пьесалардың көбінен, соның ішінде Мұхтардың өз пьесаларынан да байырақ. Мұндағы адамдар біріне-бірі ұқсамайды, әрқайсысының өзінше мінезі, тілі, әрекеті, он өрісі, арманы бар.

Майқан болыс — саспайтын, терісі кең, көлгір арамдық қалтасы көп, ұлықпен, оқығандармен, қала, дала байларымен қат-қабат байланысты өте бір қиын адам. Жүзтайлақ сұлу да еріне сай әйел. Бірақ Майқаннан гөрі өткір сөйлеп, шапшаңырақ қимылдайды. Жағымсыз адамдардың ішінде Жүзтайлақ ең қауіпті, үлкен сиқырлы адам. Ол өзінің көркін, сұмдығын еркекпен жанасу мақсатына ғана емес, таптық үлкен мұратына жету үшін пайдаланады. Кедей Жантас, мұғалім Сапа, оқыған Жүніс, орыс ояз, — бәріне де кет демейді. Тек олар таптың керегіне жараса бопты. Сұрқия сұлудың әрекетін таптық жоғары дәрежеге жеткізіп, халық көтерілісіне қарсы қою — автордың бұл адам бейнесін жасаудағы ерекше табысы.

Пьесадағы алдыңғы адамдардың бірі — мұғалім Сапа. Ол Жантасқа да, халыққа да жөн сілтеуші, ақ жүрек ағартушының образы. Мәдениетте, прогрестік идеяда езгіден анағұрлым ілгері тұрса да, көтерілісті басқаратын революциялық сана Сапада болған жоқ. Автор осы тұрғыда демократ мұғалімнің образын жақсы жасаған. Патша әскері көтерілісті басып, Жантасты өлтіріп, ауыр хал басқан шақта да Сапаның үні өшпейді. «Ажал сағатың соғар. Түбіңе жетер осы сарын. Тұсау кестің, қанат қақты, қанат қақты қайран елім» деп даусын көтере түседі. Пьесаның осылай аяқталуы, Сапаның осы үнмен тірі қалуы — бүгін жеңілгенмен ертең жеңеміз, азаттық таңы атып келеді, деген үлкен сезім рух қалдырады.

Пьесадағы басты геройлардың бастас серіктері өте ұнамды алынған. Жантастың серігі — Қайсар, алғыр қарт — Танеке, ұрт мінез — Бөрібасар, Бойбермес сияқты уытты жалшылар, болыстың серіктері — Кәрім қасқыр, Қыдыш, інісі Нұрқан, құдасы — адвокат Кәрім, болысқа, Жүзтайлақтың ажарына сатылған оқымысты Жүніс. Осылардың арасындағы кішкене адамдардың суреті өзгеше шеберлікпен жасалыпты. Әумесер Жұмақан ештеме бітірмейді. «Жездем шорт, қарындасым шорт» деп жүріп-ақ өзін-өзі естен қалғысыздай етіп танытады. Жұмақанның «шорты» еріксіз күлдірумен қабат, халықтық үлкен мәні бар сөз. Қазақша жөнді сөйлей алмайтын бишара Жұмақан орысшаға еліктеп, жалғыз «шортты» аузынан тастамауы — орыс тілі, орыс мәдениеті, орыс ықпалы қазақ халқына қаншалық әсер еткенін аңғартады. Прозаға Сәбит, драмаға Мұхтар Жұмақан сияқтыларды тауып, енгізгендіктен, еліктеушілер көбейіп, осы күнгі әдебиетімізде талай Жұмақандар жүр.

Пьесада қандай ұлттың адамын болса да қазақша сөйлетуге жол бар. Мұхтар Саруарды әдейі өз тілінде сөйлетеді. Саруар Жүзтайлақты Жүз тиуа деуімен ғана емес, барлық сөзімен, мінезімен кісіні еріксіз күлдіріп отырады. Күлгенде келемеждеп күлмейсің, жүрегі баланың жүрегіндей таза, тілі баланың тіліндей тәтті болған соң күлесің. Егер Саруар осы қалпында қазақша сөйлеп кетсе, дәл осындай сүйкімді болмас еді.

Пьесадағы кішкентай адамның бірі — Мөржан. Осы кішкентай адамда үлкен жүрек, бүгінгі жастарға тәлім-тәрбие боларлық терең сыр жатыр. Мөржан Майқан болыстың қоңсы-қолаңдарының бірі, кейде қызы, Жантастың қалыңдығы. Болыстың інісі Нұрқан мырза, бүлдіршіндей осы кедей қызына қызығып, Жантастың көзіне шөп салмақ. Ол ойы бола қоймаған соң сиқырлы Жүзтайлақ сұлу арбайды Мөржанды. Үстірт қарағанға Нұрқан сияқты сылқым жігіттің қыздан, әсіресе «башайынан келмейтін» Мөржаннан көңілі қайтуы мүмкін емес сияқты. Оның үстіне Жүзтайлақ арбаса алмай қоя ма?Бірақ бұл ойды Мөржан бұзып шығады. Көрбала кедей қызының жүрегі сырты сұлу мырзалардың, сәулімдердің жүрегінен әлдеқайда таза. Тазалығын мақтауға қайраты жеткілікті. Сүйсе анық сүйіп, берік ұстайтын таза махаббаттың тамаша үлгісін көрсетеді Мөржан. Сүйіп қосылған кедей Жантастан ешбір сиқыр, ешбір күш айыра алмайды. Ақыры Жантас ұсталып, ақ жанды кір шалар шақ жеткен кезде жартастан құлап, өліп кетеді. Түсіне білсе, көре білсе, біздің бүгінгі жастарға Мөржан образы махаббат өнегесін көрсетіп тұрған тәрізді.

Пьесада бас геройлардың қатарына қосылмағанмен Ділданың басынан үлкен оқиға көрінеді. Бір жағынан ана мейірбандығы, екінші жағынан ескі салт, надандық, күн көрістің қара күші қанаған жалшы кемпір уақыт жан азабын тартады. Ескі нанымның, надандықтың күші қандай екенін автор Ділда арқылы жақсы көрсеткен. Ақыры ана мейірбандығы жеңіп шығады. Басында жалғыз ұлы Жантасқа ермей қалған. Ділдә жеме -жемге келгенде «қыдыр дарыған » болыс шаңырағын тастап, кете барады.

Жалпы алғанда «Түнгі сарын» пьесасының ұзын ырғағы осы. Мұхтар пьесаларының көбінде тіл, пікір жағы басым келетін де сюжет тұтастығы бола бермейді. Мына пьесада ол әдеттен біраз өзгешелік байқалады. Әрідегі «Еңлік - Кебек» пьесасы мен берідегі «Абай» пьесасынан «Түнгі сарын» пьесасының тіл дәрежесі бір саты төмен жатыр. Ал, сюжет тұтастығы «Абайдан »бір саты жоғары тұр.Қай жағынан алсақ та революциялық тақырыпқа жазылған қазақ пьесалары әлі күнге шейін «Түнгі сарыннан» аса алған жоқ. Бұл бүгінгі күннің биік сөресінде тұрған пьеса. Сонымен қоса олды–солды , кем-кетігі де бар. Шығарманың жақсы жағынан ғана көрсететін кейбір сыншылар өсер әдебиетімізге үлкен зиян келтіретінін сезбейміз. Бір түп ағашта қыңыр біткен бірнеше бұтақ болса, қыңырын қырқып бағбан миуалы бәйтерек өсіреді. Жақсы сыншы да шығарманың ішіндегі жақсы қасиетті әдебиет қазынасына қоса, жаманын қырқып отырады. Мен сыншы болмасам да, осы тұрғыдан қарап «Түнгі сарын» пьесасына біраз мін тағамын.

Пьесаның бас геройларының, Атап айтқанда Жантас пен Майқанның жан дүниесі жөнді көрінбеген. Жазушы адам жанының инженері болса, оны елемеуге болмайды. Жантас ешбір талқыда болмаған, оқымаған кедей жігіт.

Оның шешесі — Ділда, сүйген жары — Мөржан, қайнағасы — Жұмақан, — бірі — жалшы, бірі — қоңсы, бәрі де Майқан болыстың қолетіндегі адамдар. Жантастың соқа басы көтерілген халық жағында, өзгесі Майқан жақта қалып барады. Бір семьяны, онда да тату-тәтті семьяны осылай екі жарудан бұрын, автор Жантасты біраз ойланту керек еді де, содан кейін екі жару керек еді. Ойлантпаған, революционерді тым тез жасаған.

Ал, Майқанның жүрегі тас тәрізді. Көз жасын, адам қанын судай ұрттаса да, су ішкен құрлы көрмейді. Рас, ол солай болуы керек. Бірақ сол халге жеткізу үшін автор әуелі оның жан күйін келтіріп алуы керек. Болыстар қандай зұлым болса да, мені ел сыйлады, ел қамын ойладым деп жүреді. Майқан болыс ел азаматын көгендеп патшаға бермек болғанда, одан кейін қалаға шауып барып, әскер шақырғанда, ел басына түсетін ауыртпалықты жақсы біледі. Ішінен өзінше қиналған да, аяған да болар. Бірақ неге ара тұра алмады? Міне, гәп осында жатыр. Егер ол ара тұрса, болыстығынан, малынан, бағынан айырылады. Олардан айырылып, халықпен бірге кетуге батылы жетпейді. Майқанның жан дүниесіндегі осы қайшылық біраз ойнау керек еді де, таптық тілегі жеңуі керек еді. Содан кейін мейлі отқа табынып, қан ішсін.

Әдебиетте, драматургияда көрсететініміз адам дедік. Адамның іші-сыртын бірдей қамтымай толық көрсете алмаймыз. Менімше, Мұхтар мұны білмей қалған жоқ. Адвокат Кәрімнің іші-сыртын бірдей көрсеткен. Кәрім не елге, не өкіметке сөзін өткізе алмайды не бірді-бірін аямасқа беки алмайды. Оның ішінде адамдық пен қорқаулық алысып жатқан тәрізді. Ақыры қорқаулық жеңетіні көрініп тұр. Ал, Майқанға келгенде автор дайын штампаны баса салады. Бұған дейін әдебиетте, сында болып келген схемалардың ыңғайымен кеткен. Схеманы жеңбейінше зады көркем әдебиет көркеймейді.

Жантастың бойында елеулі бір кемшілік бар. Қалың оқиғаның ішінде жүріп, басқарып жүріп, айызың қанарлықтай бір кесек қимыл көрсетпейді. Ең құрығанда Майқанды өз қолынан өлтіру керек еді. Оны оп-оңай Бөрібасар атып тастайды. Дұрысында Майқан өлімін халық қаһары айқын көрінетіндей етіп, салтанатты түрде беру керек еді.

Автордың ұқыпты қарамағандығынан, пьесада одағай тұрған ұсақ кемшіліктер де бар. Жүзтайлақ бірнеше адамдардың көзінше өзінің сұйық жүрісін айтып тұрады. Соның ішінде дәмелі жігіттер де тұр. Жүзтайлақ түгілі басқа әйелдер де ондай құқайын айта тұрар ма екен?

Жүзтайлақ енді бір жерде, өзімен жауласушы топқа сендердің ішіңде «тыңшым» бар дейді. Бұл да оның аузынан шықпайтын сөз.

Сана мұғалім қазақша тіпті жақсы біледі, тілі жатық, әрі мағыналы. Сөйте тұра кейде «шунки» деп татаршалап қояды екен. Бұнысы жараспай – ақ тұр. Өйткені «шунки» Жұмақанның «шорты» сияқты еліктеу емес, орынсыз қыстырылған сөз.

Автор осы айтылған кемшіліктерді еске ала отырып, «Түнгі сарынды» тағы да бір қарап шықса, пьеса қазіргісінен де жоғары көтеріле түсер еді.

«Амангелді» пьесасы туралы «Түнгі сарын» он алтыншы жыл жайында жазылса, «Амангелді » оны қайталамай он сегізінші жыл жайында жазылған. Пьесаның өн бойында ақтар үкіметіне сүйенген «Алаш» партиясы мен Совет өкіметіне сүйенген Амангелді тобының тартысы, айқасы көрінеді. Осыны көрсету үшін автор едәуір ізденген, әлеуметтік өмірдің бірсыпыра сырын сезінген. Сезгенін көп алдына тартқанда өзіне тән творчестволық тәсіл, шеберліктері байқалады. Пьесаның негізіне таптық тартысты, революциялық күресті сала отырып қазақ рушыларының іштей шіріп бара жатқанын, өзара алалығын, бықсық арамдықтарын әшкерелейді. Шабуыл жасаушы жаңа күш – Амангелді тобын – ынтымақ тәртібі берік, талайы жоғары, алғыр етіп суреттейді. Бас герой Амангелдіні алдын анық көрген, айнымас сенімді, темір тәртіпті, дегеніне жетпей қоймайтын, ойлы батыр етіп алады. Менімше автор алға қойған міндетін дұрыс ұсынып, дұрыс жоспарлаған. Бұл шығарманың дұрыс шығуына бірінші шарт. Рас, дұрыс ұғына, дұрыс жоспарлай жүріп те, істей келе автордың оған жете алмай қалатын кездері болады. «Амангелді» пьесасында дәл осы айтылған жағдай бар. Амангелді образын автордың жоспарлауы дұрыс. Бірақ романтика биігіне жеткізе алмаған. Жеткізе алмаса да бірсыпыра көтерген. Шынында Амангелді өте қиын образ. Ол совет батырының - жаңа қоғам, жаңа дүние жасаушы іші дария, күші алып жаңа батырдың образы. Біз қанша жазсақ та, әй енді жеткен шығар десек те, совет батырының образы ынтықтырып, жоғарлай береді, биіктей береді. Сондықтан бұл жолдағы әрбір жақсы талап, шағын табыстың өзін көре білуіміз, жоғары мақсатқа жеткізетін саты есебінде пайдалана білуіміз керек. Мен осы көзбен қарап «Амангелді» пьесасын драматургиямызға қосылған жаңа табыстарымыздың бірі деп есептеймін.

Пьесаның құрылысында драматургтарымыздың көбіне әлі күнге шейін бой бермей келе жатқан Шекспирлік қиындықты недәуір баурағандық бар. Ол пьесаның негізгі арнасынан шықпай отырып, сол арнаға құятын сай-сала сияқты — жеке адамдар арасындағы тартыс; пьесаның мазмұнын толықтыратын жете интригалар.

Атап айтқанда Әбдіғапардың негізгі жауы Аманкелді — Совет өкіметі бола тұра, Ақыжанға байланысты, Шоңға байланысты күрестің екі тарам жолы жатыр. Мұның бірі — жақсы қызға қызығудан басталса, екіншісі — билер арасындағы ескі таластан шығады. Осы екі тарам жол жанамалап отырып, ақыры революциялық күрес жолына барып қосылады.

Адам образын жасауда автор түрлі тәсіл қолданған: Әбдіғапардың бір ұрты май, бір ұрты қан — іш мерез. Аманкелдіні ылғи ішінен шалып жыққалы жүреді. Шоң бір рудың табанды биі. Әбдіғапардай болмаса да, болдым деген сенімі күшті. Бәрін алдап, біріне сездірмейтін, өзінен әзге досы жоқ Кете ең қиын образ, жақсы шыққан образ. Кетені әдебиеттегі қайталау, жаңалық емес деушілер болуы мүмкін. Менімше қандай жаңалық болса да ізіне шөп салсақ, бір ескілікке апарып соғады. Қандай ұқсассыз дегеніңнен анықтап қарасаң бір ұқсастық табылып отырады. Әрине бұл әдебиет ұрыларына құрық бергендік емес. Әр жазушы жаңадан жасауға міндетті. Кетеде сол жаңалық — қазаққа тән, авторға тән өзгешелік бар. Осы өзгешелік болған соң басқа ұлтта, басқа шығармада барлығына, азды-көпті ұқсастығына қарамастан жаңалық деймін.

Кетеге қарама-қарсы қойылған жағымды образ Жауке. Бұл жақсы жасалған образ. Жауке пьесаның өн бойында ақ болат семсердей жарқылдап көрініп отырады. Ол үстем идеяның талайы жоғары, қамал бұзғыш, жолы болғыш ері, Аманкелдінің оң қолы. Автор жақсы Аманкелдіге осындай жақсы серік бере білсе де, бір жерде қатты сүрінген тәрізді. Аманкелді Жаукені өлім жазасына бұйырады. Жаукенің сондағы бар қылмысы бір пулеметтен айырылып, бір жауы қашып кетіпті. Жаукенің бұл шығынды он-жүз орап алатын табысы, одан да артық келешегі, ақ жүрегі бар. Мұны неге есептемейді Аманкелді? Автордың бұндағы ойы — бір жағынан Аманкелдінің образын көтеру, темір тәртібін көрсету. Екінші жағынан Жаукені де қырып сал ете бермей, бір мүдірту. Ойы дұрыс, сол ойды орындауы теріс менімше Бұлжымайтын ешнәрсе жоқ. Жағдайға қарай Аманкелдінің тәртібі де, тактикасы да өзгеруге тиісті. Әйтпесе ол совет батыры бола алмайды. Жаукені ату - өзінің оң қолын кескенмен бірдей еді. Қолды дәрігер тәнге қатер төнгенде, не қалдықтан шыққанда кеседі. Жауке бұл халге жеткен жоқ. Ол әлі де тот шалмаған ақ семсер, талай жаудың басын кескелі тұр.Автор осыны есіне алып өлімге бұйырса да Аманкелдіден жолдастары арқылы Жаукені қиып алып қалады. Автордың ойынша интрига осымен кеткен сияқты, ал менімше жаңадан басталған сияқты. Өйткені, Жауке жанынан гөрі арын ардақтайтын адам. Оның ары қатты жараланды. Жаным қалады екен деп қуанып, Аманкелді батыр екен деп бас шұлғи бермейді Жауке. Ол өзінің таймайтын ерлігін нақақ жазаны қайтаруға жұмсамай тұра алмайды. Бірақ автор бұл арасын бүркеп кетіпті. Бүркегені дұрыс. Аманкелді мен Жауке өле – өлгенше жұбын жазбау керек. Ал сонда кездескен қайшылықтан қалай шығу керек? Менімше, Жаукенің қатесін басқа бір сарбаз істесе,Аманкелді Жаукеге берген ауыр жазаны соған берсе, автордың ойлағаны болып жатыр.

Пьесадағы басты геройлардың ішінде Мержақов қорқақтау боп көрінеді. Әбдіғапар, Кете, Сәлім,Шоң – бәрінен де Мержақып төмен жатыр. Ол «Алаш» партиясының керекті басшыларының бірі, байлардың жаршысы болумен қатар, сол байлардың алдын бастар серкесі. Шахмет Құсайынов Әбдіғапар мен Сәлімді қанша көтерсе де Ғабит Мүсірепов жазған «Аманкелдіге» айналсоқтамасқа амалы қалмаған. Егер Мержақыпты алдыңғы деңгейге қойғанда Шахметтің Амангелдісі мүлде басқаша шешілген болар еді.

Пьесаның ішіндегі екінші, үшінші қатардағы адамдар – Кәрібоз, Қанай, Ержан, Жанар, Досай, Ақыжан, Еріштер туралы айтарым – бұлардың атқаратын қызметі орынды және жаман атқармаған. Бірақ Ерішті қоспағанда басқасының сипат өзгешеліктері айқын көрінбейді. Адамды алуан – алуан түрде көрсету – шығарманың ең үлкен қасиеті. Адамдар не нұрлым біріне бірі ұқсамаса соғұрлым пьеса түрлене, қызықтыра түседі. Шахмет бірсыпыра адамдарын әлі де өңдей түсу керек.

Шығармада бардығы тіл арқылы беріледі, тілмен жасалады. Бұл жұртқа мәлім қағида. Шахметте тіл мәдениеті әлі де жетпей жатыр. Сөз бастылық, диалогтегі шұбалаңдық соның салдарынан сара сюжеті көмескілендіріп, алушылық, адамдардың, әрқайсысын өз әуенімен сөйлетпей, бір әуенге салып жіберушілік сияқты тілге байланысты кемшіліктер жиі кездеседі. Менің байқауымша, бұл автордың күші жетпегендіктен емес, тіл мәдениеті дегенді басқаша ұғынғандығынан ғой деймін. Пьесаның әрбір адамы өз тілімен сөйлеу керек. Бәріне қойылатын бір шарт — аз сөйлесін, көп сөйлесін, топас сөйлесін, шешен сөйлесін — пікірден сөз аспау керек, сөзден пікір арта берсін. Аз пікірге көп сөз жұмсаған жазушы — олақтығын ғана көрсетпейді, мылжыңдығын да көрсетеді.

«Жолдастар» пьесасы туралы. «Түнгі сарын» он алтыншы жыл, «Аманкелді» он сегізінші жыл оқиғаларынан алынса, Әлжаппар Әбішевтің «Жолдастары» еліміздегі өркендеудің бесжылдық жоспарларынан алынған пьеса. Бұл тіпті жаңа, тіпті қиын тақырып. Қиынға жармасудың өзі — жазушының жақсы қасиеті. «Жолдастар» пьесасында социализмді қолма-қол жасап жатқан жаңа адамдар бар. Әйелден, еркектен шыққан инженер, дәрігер, стахановшылар, партия ұйымының басшылары көрінеді. Ал сонда қалай көрінеді? Міне, гәп осында.

Әлжаппар «Отан үшін», «Қырағылық», «Жолдастар», «Достық пен махаббат» атты төрт пьеса жазды. Мен осылардың біреуін ғана жаңалық деймін. Кемшіліктерін көре тұра, драматургиямыздың биік өріне батыл өрмелеу деймін. Қалған үшеуі жаңалық емес, қайталау, жеткен жерінен әрі өте алмай, бір орында шиырлау. Байқаңыздаршы, «Жолдастар» пьесасындағы Раушан мен «Достық пен махаббат» пьесасындағы Сәуленің немесе Тасболат пен Сайранның, Харламов пен Абзалдың, Айбол мен Мырқалдың айырмалары қанша? Аттары өзгеріп әр уақытта көрінгені болмаса, бәрі біркелкі адамдар. Шындықта бір қалыпта қатып қалған адам жоқ. Бір адамның өзі де өмір бойы өзгеріп отырады. Мысалы, отызыншы жылдары жұмысшы прогул жасамай нормасын орындап отырса, соның өзін мақтан ететін. Бүгінгі жұмысшы — бірнеше норманы орындауды, еңбек өнімін арттырарлық жаңа тәсіл, жаңа техниканы меңгеруді мақсат етеді. Осы мақсаттардың маңында жұмысшы, қызметшінің әрекеті, ойы, қарым-қатынасы, жалпы адамшылық сипаты өзгермей тұрмайды. Әлжаппар осы өзгерісті анық көре алмай жүр. Көру үшін ең бірінші шарт — жазушы әрбір жаңа шығармасында проблемалық мәселе қою керек. Бұрын не айттым, кімді көрсеттім, енді не айтам, кімді көрсетем, қалай көрсетем? — деген сұрақты шешіп алмайынша шиырдан шыға алмайды.

Әлжаппардың «Жолдастар» пьесасын алсақ бірсыпыра табыстары бар. Алдымен жаңа адамдарды көреміз. Олардың өзара қарым – қатынасы, өмірге жаңа көзқарасы, жаңа сезімдер байқалады. Араздасып жүріп, дәрігер Жақияның Айболды өлімнен құтқаруында араздасып жүріп, Раушан мен Айбол, Жақия мен Лизалар жаман ойға бармай, бір – адамшылық абройын сақтап қалуында тәрбиелік үлкен мән жатыр. Адамды түзейтін, өсіретін ең күшті мектеп социалистік еңбек екенін автор Тасболат, Жанат, Қарасайлар арқылы көрсетеді. Социалистік еңбекке жұмыла кіріскен халқымыздың көтеріңкі рухы пьесаның өн бойында сезіліп отырады.

Осындай қасиеттері бола тұрса да, пьесаны тұтасымен безбенге салып жіберсеңіз, салмағы жеп – жеңіл әлімберін пьеса болып шығады. Себебі автор – көрсетем деген өмірін терең байлай алмаған.

«Жолдастар» пьесасының құрылысында да елеулі кемшіліктер бар. Соның бірі – сюжет шашырандылығы, жеке интрига даулардың өлшеуін білмеушілік, негізгі желіге байланыстыра алмаушылық. Осының салдарынан баста бір тақырыптағы пьеса, кейін төрт тақырыпқа бөлініп, тұтастық заңын бұзып тұр. Мысалы, Әулиетас түбіндегі моллаға байланысты оқиға бір тақырыптың басталуы. Жақия, Лиза, Раушан, Айбол араларындағы оқиға завод жасауға ешқандай байланысы жоқ, өз алдына бір тақырып. Завод жасау әңгімесі негізгі тақырып. Ақпанның партиядан шығуы тағы бір тақырып. Бұл арада бір ескерте кететін нәрсе тақырып, сюжет тұтастығы бұзылуынан, пьесаның көркемдік қасиеті бұзыла бермейді. Тақырып, сюжет жарықшақтығы атақты Островскийден де, тіл, пікір, мінез, сезім арқылы күшті монологтар арқылы бір қотанды ғана емес, бүкіл аймақты недәуір қамтып жатыр. Ал, Әбжаппар сюжет - компазиция қуған жазушы. Сондықтан да «Жолдастар» пьесасының құрылысындағы кемшілік – елеулі кемшілік.

«Қынаптан қылыш» пьесасы туралы. Бұл Отан соғысы тақырыбына Мұхтар мен Ғабиттің жазған пьесасы. Бұл пьесаға мен екі түрлі баға беремін: әдебиеттік жағынан күшті пьеса, оқи бастасаң жақсы поэзия сияқты тарта жөнеледі. Өнері жағынан кемшілігі көп пьеса. Бір шығармаға екі түрлі баға беру – құлаққа жаттау естілсе де, ондай шығармалар болады. Оқуға жақсы шығарманың бәрі сахнада жақсы көріне бермейді. Сондай – ақ сахнада жақсы көрінгеннің бәрі оқығанда тарта бермейді. Егер оқу мен көрудің арасында айырма бар десек, бұған талас болмау керек. ІІІығармада осы екі қасиеттің қайсысы болса да біздің керегімізге жарап жатыр.

«Қынаптан қылыш» пьесасының әуелі жақсы жағына келейік. Бұл пьесаның ең бірінші қасиеті — мерейі үстем халқымыздың ауыр күндерде сағы сынбай, алғыр күшпен алға басып бара жатқанын, жеңімпаз армиямыздың қаһармандық рухын көрсетеді. Саша, Әзімхан, Бойко, Шұбақ, Өтегендер қан кешіп жүріп, халықтың үстем мерейін, жеңімпаз рухын сақтаған ерлер.

Пьесаның екінші қасиеті — ұлттар достығында жатыр. Саша мен Әзімханның, Шұбақ пен Бойко, Өтегеннің арасындағы әзілдерден жан қыбын қандырарлық достық сезімін алып отырасың.

Пьесаның үшінші қасиеті — қазақ әдебиетінде бұған дейін кездеспеген, орыс әдебиетінде сирек кездесетін — жолдастықтың тамаша бір өнегесі бар. Саша да, Әзімхан да Әсияға құмар. Кейде шекісіп қалады. Сөйтіп жүріп бір-бірінің адамшылығын, жолдастығын қандай бағалайды. Құмар қызына өзін ұсынудан бұрын, бірін-бірі ұсынады, іші құрғыр өзіне тартып тұрса да, оған ерік бермейді.

Батальон адамдарын наградаға ұсынуға келгенде де «еңбек сенікі» деп, бірін-бірі ұсынады, әрқайсысы тізімнен өзін өшіртіп тастайды. Әзімхан мен Сашаның арасындағы осындай қарым-қатынасты мен жолдастық қарым-қатынастың ең жақсы өнегесі деп түсінем.

Пьесаның төртінші қасиеті — бұрынғы пьесаларда жоқ жаңа образ бар. Қарқаралы, Баянда, Көкшетау, Атбасарда, Ойылда, осы Алматы төңірегінде қазақтың тілін, салтын қазақтан кем білмейтін, қазақ болып кеткен орыстар толып жатыр. Қазақ тілін, қазақ тарихын зерттеуші орыс ғалымдары да бар. Әдебиетте осылардың образы әлі шықпаған еді. Мұхтар мен Ғабит Сашаны тіпті ұнамды етіп келтірген. Саша — қазақты толық түсінген, шын сүйген, ұлы орыс халқының құшағы кең бір ұлы.

Пьесаның бесінші қасиеті — тілі. Біздің бірсыпыра жазушыларымыз әлі күнге шейін адамды сөйлестіре білмейді. Сөзден сөз, пікірден пікір туғызып, әңгіме өршіте білмейді. Кейде сөйлесіп отырған екі адам бірі бас десе, бірі құлақ деп тұратыны да жоқ емес. Әрине, Мұхтар мен Ғабитке бұл өлшеу бола алмайды. «Қынаптан қылыш» пьесасының тілі жақсы дегенде мен алдымен халық тілінен құралған сөз тұлғаларын айтам. Пьесаның сөз құрылысында үш әуен бар. Саша, Әзімхан, Зотовтар бір әуенде, Шұбақ, Өтеген, Бойколар бір әуенде, Ерғара жеке бір әуенде сөйлеп жүреді. Өзгелері осы үш әуеннен шыға алмайды. Пьесада адам түрлері, адам саз әуендері көп емес, бірақ соның өзін шебер берген, белгіленген тәртіпті басынан аяғына дейін сақтап отырған.

Саша мен Әзімханды, Байко, Шұбақ, Өтегендерді, Ерғараларды аттарын атамай-ақ сөздерінен танып тұрасың. Бұл әркімді өз тілімен сөйлету болса, сол сөздің ішінде автордың жасаған сөз өнегелері «мен мұндалап» тұрады. Жалпы алғанда пьеса жақсы поэма сияқты оқылады.

Осындай қасиеттері бола тұрса да, «Қынаптан қылыш» пьесасы да көңілден шыға алмағаны мәлім. Пьесаның сахнада жақсы, жаман шығуы көбінесе театрға байланысты. Ол өз алдына. Ал, пьесаның өз бойындағы кемшілік менімше, авторлар әскери тәртіпті, соғыс өміріндегі ішіндегі қарым қатынасты білмегендіктен туған кемшіліктер. Соғыс тақырыбына жазылған пьеса болған соң ол өзгешеліктер арылуға тиісті еді.

Екінші кемшілік – шығарманың тұтастығына байланысты. Мысалы, бірінші сурет пьесаның тұтастығын бұзып тұр. Авторлардың ойы – осындай шаттық өмірді соны келіп бұзды демек қой. Ол ойды жеке суретсіз – ақ оқығанша барлығын да көрсетуге болар еді.

Пьесаның басқа ұсақ – түйектеріне тоқталмағанда менің айтарым осы екі – ақ кемшілік.Өйткені, бар пьесадан әсіресе басқаша жоспарда құрылған осы пьесадан Отан соғысының үлкен бейнесін көрсет деуге болмайды. Ол бейнені бір пьеса түгілі, бір роман да көрсете алмайды. Әр жағынан келіп, әр түрде, әр көлемде көрсете берсек көптеп жасап шығамыз. «Қынаптан қылыш» негізінде бір басынан айналасын,оның өзінде көбінесе сезім, пейіл арқылы көрсетеді.Осыны еске алсақ, пьеса өз деңгейінен көркемдік жағынан да, идеялық жағынан да біздің керегімізге жарап жатыр.

Төрт кезеңде төрт тақырыпқа жазылған төрт пьесаны шолып өттік. Егер талдай бастасақ әрқайсысы бір – бір баяндама болар еді. Бірақ осы шолудың өзінен де пьесалардың не күйде екенін аңғаруға болады. Егер жалпы алғанда пьесаларымыз қай дәрежеде тұр – деген сұрақ берілсе, алдағы міндеттен төмен тұр дер едім. Қалайша төмен? – деушілерге Александр Горькийдің мына сөзімен жауап беремін: біздің көркемөнеріміз тұрмыстағы бардан жоғары көтеріліп, адамды да одан жоғары көтеруге міндетті. Бірақ адамды тұрмыстағы бардан қол жаздырмау керек. Бұл — романтизмді үгіттеу емес пе деушілерге, егер әлеуметтік героизмді, егер біздегі болып жатқан өмірдің жаңа жағдайларын туғызып отырған мәдени - революциялық энтузиазмді романтизм деп айтатын болсақ, иә, деп жауап береміз. Бірақ, әрине, бұл романтизмді Шиллер мен Гетенің, символистердің романтизмімен шатастырмау керек» дейді Максим Горький.

Амал не, бізде жаңа тақырыпқа жазылған пьесалардағы адамдардың көпшілігі тұрмыстағы адамдардан жоғары кетпек түгіл, төмен қалып жүр. Бір ғана мысал келтірейін.

Әлжаппар жаңа тақырыпқа бірнеше пьеса жазды. Қаламы төселіп, тәжірибесі молайған кезде жазған ең кейінгі пьесасы «Достық пен махаббат» аталады. Жаңа тақырыптағы пьесалардың осы күнгі дәрежесімен қарағанда бұны тәуір пьеса деп қабылдадық. Осы тәуір пьесадағы геройдың бірі — Мирон өзін өзі былай сипаттайды:

— Иә, өте көп оқыдым. Бір университеттің өзінде 24 жыл оқыдым. Сонда да хатты шала танимын. Бірақ, бір академиктен кем білем деп ойламаймын, — дейді. Мирон тым бөсіңкіреп кеткен. Әлжаппар бұл арада жағымды геройын жағымсыз етіп алғанын сезбей қалған. Онымен де қоймай, 24 жыл Совет Одағында тұрып, сауатын жөнді аша алмаған Миронға ең қиын техниканы, бірнеше машинаның қызметін бір өзі атқаратын кемір комбайнын жасатады. Кім нанады осыған? Шығарманың нанымды болуы — бірінші шарт. Алтынмен аптап, күміспен күптесең де нанымсыз шығарма ұзақ өмір сүре алмайды. Тіпті, фантастикалық шығармалардың өзі логикаға, ақыл-ойға сыйып тұрады. Автор тілесін, тілемесін, Мирон совет конструкторларының образы болып есептеледі. Математика, химия, физиканы білмейінше, қандай талант болсын қиын машинаның конструкторы болуға мүмкін емес. Шындықта, біздің конструкторлар үлкен талантты сонымен қабат техникалық ғылымдарды толық меңгерген адамдар. Оқымаған адамдардан да дана шығады. Бірақ, даналықтың шегі бар. Стаханов көмір рекордын, Шығанақ тары рекордын жасап берді. Біреуі аз оқыған, біреуі оқымаған. Бұлар тәжірибеге сүйеніп, жұмыс әдісін, табиғат сырын тапты. Соның өзінде, оларға техника жәрдемдесті. Ал, ғылымсыз комбайн жасаудың қиындығы сонша, бір миллиметрдің 25-тен біріндей бұзылса, механизм жүрмей тұрып қалады.

Тіпті, көз жұмалық, сауатсыз Миронның кереметіне нана тұрарлық, соның ішінде надандықты дәріптеудің керегі қанша? Әсіресе, жағымды геройдың бойына жараспай тұр.

Геройдың аясы осылай тарылғандықтан, конструктор ғалымның образы шықпай, жабайы ғана қарттың бейнесі көрінеді. Оған сүйенген инженер Сәуле қанша алысқа бармақ.

Сәуленің телефон арқылы мотор іздегенінен, Мирон екеуінің бірдеңе сүйреп, енгізгенінен басқа комбайн жасау әрекеті көрінбей қалған. Мен мұнымен комбайынды сахнаға шығарып жасаңдар демекші емеспін,сырттағы істі, іштегі сырды білдіретін тілдің, көркемөнердің көп көмегін жоқтап тұрмын. Пьесаның идеясына ырза боп, мазмұнын қомсынып тұрмын.

Идея көркем мазмұн екеніне бір мысал келтірейін. Таяуда Мұхтардың «Қобыландысын» көрдіңіздер. Мен бір – ақ рет көрдім. Сондықтан, пьесаны тұтас алып, ат үсті пікір айтуға жүрексінем де, тек Қарлыға туралы айтамын. Бір пьесада көңілдегідей бір образ шықса, соның өзі көпке үлгі болып аталады. Автор Қарлығаны бірнеше халде көрсеткен.

Бірінші хал: батпандаған шоқпарды аспанға асықпай атып, аласұрған хан қыз, ер қыз, ерке қыз көрінеді.

Екінші хал: қан майданда кездеседі. Алдында сұлай жатқан жауы – Қобыландыны көрген кезде, тұлғасына сүйсініп, өлтірмей алып кетеді. Осы арада жүрегіне махаббатың бір ұшқыны түскен тәрізді.

Үшінші хал: темір қақпалы зындан алдында ар – намыс пен махаббат тартысы.

Төртінші хал: махаббат жеңіп, бас имейтін тәкаппар қыз Қобыландыға пенде боп қалады.

Бесінші хал: Қыз көмегімен Қобыланды босанып, қыз алдында ал менен тілегеніңді деп тұрған шақ. Арманым осы еді, жеттім бе деп шап етпейді қыз, тек, мені жорыққа жолдас ет дейді. Қандай тамаша шыдамдылық!

Алтыншы хал: Алшағырдың қорғаны ішінде, Құртқа алдында көрінеді Қарлыға. «Бұдан артық ер сүйер, қай азамат баласын.» деп Құртқаның көркіне, адамшылығына сүйсінеді.Қандай тамаша әділдік.

Жетінші хал: осы әділдік, адамшылық жолында ерлікпен өліп кетеді.

Сонша жеті саққа жүгірткенде, автор адам бойындағы түрлі сезімдерді қозғайды жанды неше алуан күйге салады. Бұндағы идея – ақылды, әділдікті үстем көрсетеді.

Әсіресе, бәрін өзіне бағындырған басым еркіндік тамаша көрінеді. Бұл үш қасиет ғасырлар бойы, тот баспас болаттай адам алдында жарқырап тұра бермек. Егер осы жоғары идеяны жабайы күйде, мазмұнсыз бере салса, елеусіз қала салар еді.

Екінші мысалға жаман адамның бір образын алайық: «Қозы Көрпеш, Баянның» ішіндегі дәл Қарабайдай адам өмірде жоқ. Эпостың өзінде де пьесадағы Қарабай емес, Ғабит оны сонша көтерген, көркемөнердің күшімен сонша сипаттаған, жоқ деген Қарабайдың барлық сұмпайы тұлғасымен бақырып қарсы алдыңнан түре келеді. Енді қалай нанбайсың! Нана бересің, күлесің де, күңіренесің де, көз алмай қарай бересің.

Луначарскийдің «Достоевский суретші, ойшы» деген еңбегінде бір қызық теңеу бар екен: «Салған суреті генералсыз мундир секілді суретшілер бар. Генералды мундирімен салатын суретшілер бар. Және мундирсіз генералға ұқсаған шығармалар да бар», дейді.

Біздің кейбір пьесаларымызды оқып отырып айтқан ба дерсің. Мәселен, Шахметтің «Алдар Көсе» пьесасында генерал жоқ, өңкей мундирлер. Ал, «Мәншүкте» сержантты генерал деп көрсетеді Шахмет.

Төрт драматургтың пьесаларына тоқталып, мысалды солардан келтірдік. Кейін оларға тағы да бір оралмақпыз. Өйткені, жақсы, жаман болсын, сахнада солардың пьесалары жүр. Сәбитте де, менде де, тағы әрқайсымызда кездейсоқ жазылған азын-аулақ еңбектер бар. Олар біріншіден сахнада жоқ, екіншіден біз әлі профессионал драматург емеспіз. Сондықтан, бәріне бірдей бөгеле берудің қажеті жоқ. Және пьесаларды түгел талдау міндет емес. Әйтсе де, кейінгі жылдарда пьеса жазуға шұғылданған Әбділда Тәжібаевты елеусіз қалдыра алмаймыз. Оның Шахметпен бірігіп жазған «Мәншүк» пьесасы жайында жаңа айтып өттім. «Біз де қазақпызы» жарыққа шықпаған, маған кездеспеген еңбек. Рошальмен бірігіп жазған «Жомарттың кілемі» басқа пландағы пьеса. Бұның тілінде, құрылысында, жасаған образдарында жеке кемшіліктер болар. Жалпы өз сарынында алғанда бірсыпыра табыстары бар. Іздеудің, өсудің айқын белгілері жатыр. Бірақ, осының бәрін зая кетірерліктей тағатын бір мініміз де бар бұл пьесаға. Біздің пікірімізше Әбділда социалистік романтиканы Горький айтқан Шиллер мен Гетенің немесе символистік романтикасы шатыстырып отыр. Әбділданы қоя тұрып, осы арада айта кетегін бір жағдай бар.

Әдебиет классиктерін үйрену дегенге біз әбден мойындап біткенбіз. Үйінде Шекспир, Шиллер, Мольердің томдары жоқ жазушы кем де кем-ақ шығар. Бұл өте жақсы қасиет. Бірақ, үйренумен қабат жирене де білу керек. Әйтпесе, жақсы қасиет жаманға айналады. Шекспир, Шиллер,Мольердің қандай данышпан болса да, өз дәуірінің ғана бұлбұлы. Одан бері адамзат талай кезеңдерден асты. Әр дәуірдің халықтың өзіне лайық тұлғасы, тілі әуені, стилі, күйері, сүйері де бар. Бұларды талғаусыз жұта берсең, жұмыршағыңа қоя байланады. Бізде қайсыбір жігіттердің Шекспир,Шиллер, Мольерлерге шұлғуы сонша, кейде олардың табанын жалауға да әзір. Бұл барып тұрған бишаралық... Нағыз совет жазушысы өткен дәуірдің әдебиет классиктерімен үйренумен қабат, олардың ұлы сыншысы екенін де ұмытпау керек. Өйткені олар шықпаған тарих кезеңіне совет жазушылары шығып тұр. Олар құралданбаған марксизммен совет жазушылары құралданып, өткенді де келешекті де көріп тұр. Жарамдысын ал ескінің, жарамсызын таста өзің жаса жаңадан демекпін. Енді Әбділданың өзіне келейік.

Ленин де, Горький де қиялдың шарықтай беруін, адам ойы тұрмыстың алдын шола беруін мадақтады. Бұл заңды ревалюциялық теориядан шыққан пікір. Революциялық теория ешқашан тұрмыстан көз жазбайды. Қиял қанша шарықтаса да, адамға «тұрмыстан қол жаздырмау керек» деп кетті Горький.

«Жомарттың кілемі» пьесасында адам бар ма? Бар болса қай дәуірде, қай жерде өмір сүрген? Бұны ешкім білмейді. Мұғалақ бір дүние. Әйтеуір зұлымдық пен ізгіліктің жауласуы бар. Сонда зұлым кім? Ізгі кім? Бұны да автор өзің тап деп кете барады. Осы пьесаны, жер шарының қай жеріне қойса да ешкімді ренжітпеген, қуантпаған болар еді.

Бұл оның қасиеті емес, қасиетсіздігі. Таптық қоғамда қандай данышпан болсын тап тілегінен тысқары еш уақытта еш бір шығарма берген емес. Бізде тап жойылса да, мемлекет бар сациолистік қоғам бар. Бұл екеуінің мақсатына соқпайтын шығарма жоқ. Болуға тиісті де емес. Сондықтан, осы мақсатқа тірей, бетіңді айқын көрсете жаз деймін.

Әрине бұған қарап, «Жомарттың кілемі» зиянды деп қалмаңыздар. Өмірге реалдық кезбен қарап үйренген біздің үлкендер нәр ала алмаса да балалардың, жастардың ой дүниесін кеңейтуге бірқатар пайда береді. Мен тек, Әбділда өзінің қабілетін өнімсізге жұмсады, келешекте өнімдіге жұмсаса екен деген көңілмен айтам.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз