Қоғамның басты қозғаушы күші- жастар. Ал бүгінгі таңда біздің сол «қозғаушы күш» деп сенім артып отырған, ел қорғаны болар жігіттерімізді көбіне базарларда, арба сүйреп жүрген кейіпте кездестіріп жатамыз. Сонда, кешегі айбынды көктүріктер ұрпағы жалдамалы жұмысшының жағдайына жеткені ме? Әлде елдегі жұмыссыздық мәселесі оларға басқа шара қалдырмады ма? «Қайда істесе де мейлі, азын аулақ ақшаның өзі жерде жатқан жоқ», деп те айтып жатады, бір жағы бұл ойды да құптайсың, алайда, атам заманнан қазақтар намысшыл келген ұлт, ал қазір сол намысын нанға айырбастағаны ма?
Бірінші тоқтала кеткім келіп отырған мәселе, елдегі жұмыссыздық, немесе «тамырын жайғандар» (түсінген адамға) мәселесі. Жалпы, жұмыссыздық әрбір қоғамда болып тұратын құбылыс. Жемқорлық секілді, жұмыссыздықты да түбімен жою мүмкін емес. Оқуын қызылға бітіріп те өз мамандығымен жұмыс істемей, басқа бірдемені ойлап, соңында дымсыз қалып, осындай қара жұмыс жасайтындар және бар. Енді, атап өткен тамырын жайғандар мәселесі. Меніңше, бұл тұрғыда бәрі түсінікті, басқаны емес өз адамын жұмысқа алатындар, немесе сол аталмыш танысының арқасында жұмысқа тұратындар. Ал танысы жоқтар қолдарына бір қағаз дипломын ұстап, тұрған орнында тұрып қалады. Алайда ақшаның құны адамнан қымбат заманда бір орында ұзақ тұра алмайсың, я күн көрісіңе бір нәпақа табу зорында қаласың, я кедейшілікте өмір сүресің.
Екінші мәселе, шарасыздық. Көбіне отбасылық жағдайына байланысты болып жатады. Мәселен, мен осы тақырып аясында бір мақала оқыған болатынмын. Мақалада базарда арбамен жүрген балаға неге бұл істі істеп жүргені жөнінде сұрақ қойылады. Жас жігіт те, біріншіден, ауылда жұмыс жоқтығын, екіншіден анасының жалғызбасты екендігін айтады. Жастайынан сондай қара жұмыс жасап, анасына салмақ салмау мақсатында, тіпті артынан ерген іні-қарындастарын Алматыға оқуға түсіруге ниетті екенін жасырмады. Алайда жұмысының шаршатқаны соншалық, кіреберісте тұрған күзетшіге қарап, арбакеш емес, болмай бара жатқанда күзетші болғысы келетінін ашық айтыпты.
Дейтұрғанмен, шарасыздыққа тек отбасылық, әлеуметтік, топтық, таптық факторлар ғана емес, сонымен қоса өзінің өткенде істеген қимыл әрекеті де жатады. Енді- енді қоғам қатарына еніп келе жатқан балалар әдетте дұрыс емес нәрселерге әуестеніп, сол жолдан шыға алмай қалып жатады. Мысал ретінде, тәуелділік (алкоголизм, шылым шегу) және азарттық құмарту (ойындарға ақша тігу, карта т.с.с). Нәтижесінде, оқу жоқ, жұмыс жоқ, өздеріне деген сыйластық тағы жоқ. Содан кейін де не адамға, не Аллаға пайдасы жоқ адамдар қатарында жүріп, ақыр соңында осылай базар аралап, біреудің бұйрығын орындап жүреді.
Үшінші мәселе, Қазақстанда тұрып, қазақтың ердей жігіттері базарларда жүр, есесіне көшенің әрбір шетінде «самса» сатқан өзбектен, «кебаб» сатқан түріктен көбін көрмейсің. Айта кеткенім мысал әрине, бірақ былай ойланып қарасақ, кафелердің немесе тез тамақтану орындарының (забегаловки) негізін салушылардың басым көпшілігі өзге ұлт өкілдері. Басқа ұлтқа қарсылығым жоқ, бірақ, өз елінде жүргендердің мүмкіндігі өзгелерден кем болғанын көру жаныма батады. Осы тұста, «басқаға келгенде - баладай тату, қазаққа келгенде - қабағы қату» деген сөздер еріксіз еске түседі, шынында, басқа шалынса қамығып, қазақ шалынса қуанатын заман секілді.
«Қазақ та адам баласы ғой, көбі ақылсыздығынан азбайды, ақылдың сөзін ұғып аларлық жүректе жігер, қайрат, байлаулылықтың жоқтығынан азады. Білімді білсе де, арсыз, қайратсыздығынан ескермей, ұстамай кетеді. Жаманшылыққа бір елігіп кеткен соң, бойын жиып алып кетерлік қайрат қазақта кем болады» - Абайдың он төртінші қара сөзі. Тілге тиек етіп айта кеткен үш мәселені үш сөйлемде осы қара сөзбен қорытындыламақпын.
Зейнуллаева Алуа Еркеновна
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі