Өлең, жыр, ақындар

Ұлттық құндылықтарды сақтау мен насихаттау - әр азаматтың қасиетті борышы

Қай заманда болмасын өскелең ұрпақты өз халқының тарихы мен тегін, салт-дәстүрін, тілін, дінін, білімін, мәдени қасиеттері мен ұлттық құндылықтарын тереңнен түсіне алатын ұлтжанды тұлға етіп тәрбиелеу қоғам қажеттілігі. Қазақстандық ұлтжандылық сезімі ұлт азаматының бойында Отанын жақсы көруі, оның табыстары мен жетістіктеріне риза болуы, көрнекті тарихи тұлғалардың атақ-даңқтары мен өз ауылына, қаласына, өңіріне, оның мәдениетіне, салт-дәстүрлеріне, елдің тарихына құрметпен қарауы, оның өркендеуі мен әл-ауқатының жақсаруына байланысты еңбек етуінің қажеттілігін көрсетеді. Ұлттық мәдени құндылықтар белгілі бір ұлтқа тән адами қадір-қасиет, халықтың сан ғасырлар бойы жинақталған ұлттық рухани және дәстүрлі құндылықтары, асыл мұрасы.

Ұлтымыздың тарихына, тарихи өміріне  қарап ұрпақты ұлттық мүддеге қызмет етуге бағыттауда, зиялылыққа тәрбиелеу ісінде ерекше маңызға ие болған ұлттық сананың рухына көз жеткіземіз. Адамның барлық қасиеттері оның санасына байлаулы. Яғни сана дегеніміз адамның бойындағы барлық рухани қасиеттерін қалыптастырып, реттеп, біріктіріп отыратын феномен. Бірақ сананың адам бойындағы қасиеттерді қалыптастырып, нығайтып, біріктіріп отыруына ықпал ететін тәрбие. Тәрбие қандай болса, оның санасының өрісі де оған тәуелді. Тарихи сана, ұлттық сана адами сананың өрісі, жеке адамның, ұлттың тұлғалық негізі болып табылады. Себебі жеке адам ұлттық санамен тарихтан, ұлт мәдениетінен өзіне лайықты орнын иеленіп отырса, халық ұлттық сананың күші арқылы ұлтқа айналады және өзін-өзі сақтап, қорғап отырады. Адамзат баласы өркениет биігіне көтерілген сайын сана, таным, ақыл-парасат, зерде, білім, тәрбие, қабілет, дүниетаным, ұлттық сана, ұлттық рух ұғымдарының қадірі арта түспек. Себебі адам болмысын ғылым мен технологияның үстемдігінен қорғап, арашалап отыратын ұлт руханияты, ұлт мәдениетінің құндылықтары. Ұлттық сана бар жерде мақсат, ұлт мұраты, ұлттық идея қатар өмір сүрмек. Бұлар қатар өмір сүрген қоғамда мемлекетің мүддесіне жаны ашитын, аянбай қызмет ететін, халыққа дұрыс ақылын айтатын адамдар қатары қалыптасады. Себебі халықты мемлекетімен біріктіріп отыратын ұлттық сана, ұлттық санасы терең адамдар. Әрбір жаңа ұрпақ үшін мәнді тәрбие – ұлттық тұрғыдағы тәрбие үлгісі болып табылады. Себебі, тәрбиенің негізін ғасырлар бойы қалыптасып келген асыл рухани құндылықтар және биік ізеттілік пен моралдық тұрғысындағы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып жататын, адамның адамдық қасиетін нығайтып әрі асылдандыра түсетін, халықтың даналық өмір–салтынан туындап отыратын бұлжымас ережелер мен қағидалар құрайды.

Болашақ ұрпаққа тәрбие беруде рухани байлық, моральдық тазалық, білімділік, дене бітімін жетілдіру мен бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық код сәйкестігі, сана-сезімінің ашықтығы, имандылық пен ұлттық қасиеттерді сіңіре білсек, сонда ғана біз ұлттық рухы жоғары, Отанының гүлденуіне белсенді үлес қоса алатын азаматтарды өсіре аламыз. Сонымен қатар, ұлттық руханият пен ұлттық намысты оята білу де үлкен парыз. Отанын сүюдің негізі – ұлттық намыс.  Ұлттық руханият – ұлттық құндылықтар жүйесі. Руханиятқа ұлт тілі, ділі, діні, дәстүрі, ұлттық мәдениет, әдебиет, өнер және т.б. ұлттық құндылықтар жатады. Ол – халық санасының, мінез-құлқының, іс-әрекетінің рухани негізі, ұлттық болмысы. Ұлттық руханият мыңдаған жылдар бойы ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, әр адамның бойына ана сүтімен бірге сіңеді. Ұлттық руханиятты сақтау, оны нығайтып отыру және дамыту – өскелең ұрпақтың қасиетті парызы. Бұл шындық, әділеттілік, қайырымдылық, мейірімділік, сұлулық идеялары мен рухани-адамгершілік ұстанымдарын қабылдау мен пайымдауға әкеледі. Сыйлау және сый ұғымы да қазақ халқына тән ұлттық құндылықтарға жатады. Өз Отанын сүйетін, осы жердің тарихы мен тілін құрметтейтін, ондағы өмір сүріп жатқан ұлттар мен ұлыстардың мәдениетін сыйлайтын, бірақ ортақ құндылықтары бар екенін түсінетін, өзара сенім мен түсіністік рухында тәрбиеленген азаматтар әрқашан әлемге ашық, ізденімпаз, білім мен ғылымға құмар, жат қылықтардан аулақ және өз халқын шын сүйетін болады.

Ұлттық құндылық-ұлттың тірегі болғандықтан ұлттық құндылықтарымызды сақтау мен насихаттау, яғни ұлттық кодты сақтап, мәдени бірегейлікті жаңғырту, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрді насихаттау арқылы қоғамның мәдени деңгейін, талғамын және рухын көтеру біздің міндетіміз!

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің

1-курс магистранты Танаш Салтанат


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз