Корейская косметика премиум класса

Протестантизм философиясы

Реформация ( лат reformatio — қайта құру, түзету) — римдік католиктік шіркеудің монополиясында, христиан діни ілімін Папа билігі тұрғысынан түсіндіруге қарсы бағытталған Солтүстік және Орталық Еуропадағы 16 ғасырдағы діни - қоғамдық қозғалыс. Реформацияның көсемдері және негізін салушылар — М. Лютер мен Ж. Кальвин.

Еуропа елдерінің мәдени-тарихи дамуындағы басты кезең — Реформация дәуірі болып саналады. Реформация — XVI ғасырдың алғашқы ширегінде неміс елінің топырағында дүниеге келген діни-идеологиялық және әлеуметтік-саяси қозғалыс. Ол католиктік бағыт түрінде қалыптасқан христиан дінінің кейбір қағидаларын қайта қарап, жаңғыртуға бағытталған. Бұл қадам Римдік-католиктік шіркеудің шектен тыс шығушылығынан, оның қарама-қайшылықтарға толы идеологиясына көңілі толмаушылықтан туған еді. Өзінің мәні жағынан алып қарағанда, Реформация буржуазия табының ескі орта ғасырлық тәртіптеріне қарсы болатын. Христиан дінін қайта қарауды, адамның дүние-танымы мен сана-сезімін өзгертуді мақсат еткен бұл діни қозғалыс жаңа капиталистік қарым-қатынастарға жол ашып берді. Реформацияның ең басты мәселелерінің бірі — христиан дінінің жаңа үшінші бағыты — протестанизмнің католиктерден алшақтай бастауы. Сонымен қатар, папа бастаған Римдік католик шіркеуінің билігіне шек қойылды, одан қалды кез келген шіркеу билігі мен байлығына тосқауыл жасалды. Реформация қозғалысының мазмұны мен мәні — оның объективтік қорытындылары сияқты осы қозғалысқа қатысушылармен қатар, бұл қозғалысқа дем беруші — идеологтарға да түсініксіздеу болып қалған сияқты. Олай болса, мәдени-тарихи процесс үшін Реформацияның маңызын анықтау — бүгінгі таңдағы тарих және мәдениеттану ғылымдарының үлесіне тиер келелі мәселе болып қалары сөзсіз.

Реформацияның басталуы — «Қайта жаңғыру» мәдениетінің соңғы кезеңімен сәйкес келеді. Демек, бұл діни қозғалыс адамзат баласы басынан кешірген прогрессивтік төңкерістердің ішіндегі ең ұлы мәдени тәңкеріс — «Қайта жаңғыру» дәуірінің заңды жалғасы болып саналады. Ал осы екі мәдени-діни қозғалыстардың арасында заман ағымынан, рухани қажеттіліктен туған байланыс та, қарама-қайшылық та бар, өйткені Қайта жаңғыру дәуірінің тарихи маңызы — гуманизм идеологиясымен, гуманизм идеяларымен таразыланады. Шындығында да, гуманистер адамның ұлылығына, оның жан-дүниесінің сұлулығына, оның бойындағы ізгілік қасиеттерге табына отырып, адамның бостандық алуға, бақытты болуға еркі бар екендігін жариялады, адамдар арасындағы қарым-қатынастар әділдік, адамгершілік, теңдік жағдайында болу керек деп есептеді, адамның игілігі — әлеуметтік құрылыстың негізі болып саналатындығын мойындады, адамды дін бұғауынан босатуға күш салды. Олар адамның атағы мен шыққан тегіне қарамай тәуелсіз болуын қалады, оның жан-жақты жетілуін жақтады. Гуманистер адам — құдайдың ең жетілген, ең әсем, ең әдемі туындысы деп санады. Олар Библияның адам жөніндегі қағидаларын — оның жасампаздық, шығармашылық қызметтерімен байланыстыра қарастырып, дүниені танып-білу, оны өзгерту, дүниені еңбекпен жаңғырту, өнерді, ғылымды, қолөнерді өркендету — адамзат баласының қасиеті де, ардақты борышы деп түсінді. Ал осы бір адам ұлылығын, оның бойындағы адамгершілік қасиеттерді дәріптеушілікке Реформация — адамның құдай алдындағы дәрменсіздігі туралы идеяны қарама-қарсы қойды. Адамзаттың ақыл-ойы мен таным күшінің құдіреттілігін дәріптеу — протестанттық ағымның тосқауылына жолықты.

 «Бірінші буржуазиялық революция» деген атаққа ие болған бұл діни қозғалыстың дем берушісі — Витенберг университетінің профессоры, Августин шіркеуінің монахы Мартин Лютер. Дін саласындағы түбегейлі өзгерістер, яғни реформалар жолындағы бұл қозғалыс — католиктік шіркеуді қайта құруға, діни салт-жоралар үшін төленетін шамадан тыс мөлшердегі салықтарға тыйым салуға, христиан дінінің қарама-қайшылықтарға толы қағидаларын алып тастауға бағытталды. Демек, бұл қозғалыстың нәтижесінде жаңа шіркеу және жаңа діни қағидаларға негізделген христиан дінінің «протестанизм» деп аталатын мүлде жаңа бағыты қалыптасты.

Дін тарихында «протестанизм» деген атау 1529 жылы Шпейер рейхстагында алғаш рет қолданылды. Мұнда Лютердің жақтастары осы рейхстагтың 1526 жылғы «Дін тұту еркіндігі туралы» өз шешімдерін бұзу әрекетіне «қарсылық» білдірген болатын.