Өлең, жыр, ақындар

Естай естен кетпес

Бұл 1921 жыл еді. Мен бұрынғы Қарқаралы уезіне қараған «Ақбота» болыстық атқару комитетінің хатшысы болып қызмет істейтінмін. Бір күні болыстық көшпелі кеңсесі қонақтап жатқан ауылға Қарқаралыдан бір уәкіл келе қалды.

Асқақтай сөйлеп, аптыға келген уәкіл емес. Шағын тұлғасында шалымды ойы бар, сабырмен тіл қататын егде жастағы адам өзін Сабатаев Сатылғанмын деп таныстырды. Атын естігенім болмаса, көрмеген едім. Сол кездегі қазақ оқырмандарының алдыңғы қатардағы адамын құрметпен қарсы алдық. Бұл кісі өзінің Қарқаралы уездік атқару комитетінен алып шыққан уәкілдік хатымен таныстырды. Қарқаралының Семей жақ алқабындағы болыстардың шаруашылық жайымен танысып, шаруашылықтың жаңа тәртіпке қалай беттемек ыңғайы бар, осыны анықтау керек.

Осы Сабатаевты бастап алып келген Ұзақ деген кісіні Абыралы болысы Нұрлан Құптанбаев арнайы жолбасшы р.тіп қосып беріпті. Сатылған ағайдың уәкілдік жұмысын, ел шаруашылығының жай-күйін қағазға түсіре отырып, жәй мәжіліске көштік. Сөзді Сатекең өзі бастады.

— Нұрланның маған жолбасшы етіп қосқан жігіті мына Ұзақ тамаша әнші. Қонақ кәдесінен құр алақан деп ойламаңыздар. Қазір осы Ұзақтың әнін тыңдайық, — дегені. Бәріміз әрі сыйлап, әрі уәкіл Сатекеңнен әдеп сақтап отырғанбыз, қуана қарсы алдық.

Ұзақ Сатекең айтса айтқандай, тамаша әнші екен. Ол Арқаның тамаша әндерінің бірнешеуін құйқылжыта құбылта шырқай, бір сәт домбырасының құлақ күйін өзгерте тынымдады. Сөйтті де:

— Енді Естайдың «Хорланын» айтып берейін, сонымен разы болыңдар, — деді.

Біз бұрын Естайдың атын да, әнін де естімеген едік, құштарлана тыңдадық. Мақсатына жете алмаған әрі сері, әрі ақын, әрі әнші, бізді билеп алды. «Хорлан» бізге ән болып ғана сезілген жоқ. Ол бір ғажайып дастан, бүгінгіше айтсақ, күңіренген симфония болып алды.

Әрі жаңа ән, әсем әннің қызықтырғандығы сондай, біз бірнеше күндей Ұзақтың аузын жаптырмадық. Болыстық атқару комитетінің мүшесі Қабыш Ысқақов дейтін жігіт те аса әнші еді. Ұзақ пен екеуіне жарыстыра айттырып,әй, бір ән базарын құрдық-ау. Мен бұрын Ұзақ әншіні естімеген де, көрмеген де едім. Сол бір аз күнде бірге болып, Ұзақ аузынан естіген әндерім әлі күнге құлағымнан кетпейді.

1939 жылдың июнь айы еді. Алматыдан демалыс алып, Семейге баратын поезға отыруға келдім. Біз үй-ішімізбен шыққанбыз-ды. Арнаулы вагонға келіп, билетте көрсетілген орнымызға жайғастық. Жолаушылар бірінен соң бірі келіп, өз орнына отырып жатқан сәтте басында елтірі жеңіл бөркі бар, желбегей шапан киген, қоңқақ мұрындау, орта бойлы егде кісі ораулы домбыра ұстап біздің вагонға кірді. Селдірлеу шоқша сақалы бурыл тартқан егде адамның домбыра ұстап жүргені ойландырып, мен ізетпен сәлем бердім. Сәлемімді алып:

— Шырағым, менің орнымның қайсы екенін біліп берші, — деді.

Мен ол кісінің билетін алып көріп, орнын тауып, отырғыздым.

Поезд жылжып жүріп кетті. Жолушылар бәрі жайласып отырысқан. Жол үсті бір вагонда көршілес отырған әлгі кісімен танысып, жөн сұрастық. Алдымен сөзді ол кісі бастап, біздің аты-жөнімізбен танысты. Кезек өзіне келгенде:

— Мен ана Павлодар облысынан осында әнші-ақындардың бас қосқан жиналысына келіп едім. Атым Естай. Әкем аты Беркінбай. Шідерті өзенінің бойындағы қанжығалы боламыз, — деп барлық жөн-жосығын өзі айтып берді.

Естай деген атқа құлағым өлең ете қалды.

«Хорлан» әнін шығарған сіз боласыз ба? — дедім.

— Е, — деп өңі өзгеріп. — Иә, шырағым, адам жас шағында неге қол созбайды? Неден жапа шекпейді? Сол бір қол жетпеген дүниені ән ғып азынай айтқаным бар.

Сонау бір жиырма жылға жақын құлақтан кіріп, бойға ұялаған әсем әнді қызарған адамды мына жерден жеті қоян тапқандай қуандым. Асыға әңгімесін ұқыптап сұрай бастадым.

— Әрі ұзын жолда ермек болсын. Әрі сонау бір қол жетпеген арман айтылып, шемен шешілсін, — деп Есекең домбырасын қолына алып (солақай тартады екен) «Хорлан» әнін шертті. — Мен әнге жасымнан әуес болдым. Ауыл арасындағы той-домалақта ән шырқап, әнші бала атандым. Әсіресе, өзімнен үлкен Біржан, Ақан, Ғазиз, Ыбырай сияқты майталмандардың әндерін құмарлана айтып, соларға еліктеп, өзім де ән шырқауға талаптандым. Алғашқы шығарған бір-екі әнім әзіл-күлкі ретінде болды. Оны осы күні өзім де ұмытып қалдым. Әннің көп жасауына, оның шығуына себеп болған уақиғасы арқау болды. Ән де, күй де бір елеулі жағдайдан туады ғой, — деп әңгімені қоңыр үнімен баптай айтып, «Хорлан» оқиғасын бастады.

— Біздің ауылдармен қоныстас Иса деген атқа мінер жуан бай кісі болды. Сол Исаның менімен шамалас баласы болатын. Онымен ауыл арасындағы ойын-тойда бірге жүріп, ән шырқап, жастықтың базарын бірге өткізіп жүретінбіз. Бір күні Исаның өзі шақырып алып:

— Естай, сен мына біздің баламен жолдас көрінесің. Бірақ сенің тоның келте, амал не, өнерің бар. Мен баламды ана Маралды болысындағы қайнына осы жақында ұрын жіберемін. Сондағы тел жолдасы сен боласың. Ал екеуің ауыл арасындағы далбасалықты қойып, бой түзеңдер, екеуің бірдей киініңдер, пұлын мен бергізем, — деді. Мен қуанып кеттім, баласы менен әрі қуанды. Сөйтіп, Иса баласы қайындана Маралдыға жүрді. Сән -салтанат шеру тартты. Жолда бірнеше ауылға қона түстеніп, Ертістің ар жағындағы Исаның құдасына келіп жеттік. Құдасы да шылқып тұрған бай екен. Үлкен құрметпен қарсы алды. Ертістің ар жағындағылар біздің қыр еліндей бойкүйез, сылбыр емес, желе өкпелеу киінеді екен. Барып түскен кештен бастап сол маңдағы үлкен-кішісі болып жиналып, мәжілісті дуылдатып жіберді. Біздің барған кезіміз соғым уақыты еді. Олар жеңіл шанаға қос-қос ат жегіп, сейіл-серуен салады екен. Менің ән әуеніне мейілінше машықтанып төселген шағым еді. Күйеуге жер көрсетеміз деп балдыздары бірнеше шанамен шығатын болды. Күйеу жанындағы айрылмас серігі мен. Маған ән шырқатып, әзіл-қалжыңмен бірер күнде-ақ мүлде үйірленіп, әзілдес болып кеттік. Исаның құдасының жақын туысы орта дәулетті адамның Хұсни, Хорлан деген бойжеткен екі қызы осы сауыққа келген күннен араласты. «Көз көңілдің сырын шертеді» дегендей, сол алғашқы көргеннен жанарымыздың жалыны жалғасып, Хорлан мені ынтықтыра бастады.

Біз Исаның құдасының ауылына бір айға жақын жаттық. Күйеудің күйеулік құрметі өз алдына, мені ол ауылға отырғызбайтын болды. Күйеуді сылтау етіп қонаққа шақырып, ән шырқатып, сауық салу қыза түсті. Олардың бәрінен де Хорлан мен менің базарым күн санап қыза түсті. Хорлан болмаған жерде менің домбырамның құлақ күйі еспей, ән де қанаттанбай, берекем болмайтын күйге ұшырадым. Хорлан да тап сондай күйде. Екеуміздің де арамыз қол жетпейтін тас қамал. Өйткені Хорланды ішкі бір жақта тұратын бір бай саудагер екінші әйелдікке алмақ болып, қалың малын үйіп-төгіп беріп қойыпты. Кешікпей ұзатып әкетпек. Мен де сол сияқты қамалды бұзар дәулет жоқ. Не арқа сүйер күш жоқ. Иса болса, мені баласының дәрежесін көтеріп, әнші, атқосшы етіп ертіп жүр. Ертең бір нәрсе бола қалса, алдымен осы Иса ұстап береді.

Осындай қол жетпейтін арман елегіне түсіп, әбден қиналдым. Ақырында Хорланға арнап бір ән сарынын домбыраға шертіп, әнге қостым. Бұл әнді «Бір мысқыл» деп атадым. Хорланмен қош айтысар шақта жетті. Екеуміздің ол жердегі бар жанашырымыз Жәміш деген Хорланның немере жеңгесі. Ертең жүреміз деп отырғанда Жәміш маған бір бала жіберіпті. Келіп кетсін деген хабарын алып жетіп бардым. Жәміш жайдары ашық мінезді адам еді. «Әнші құда, қайтқалы жатырсыздар ма? Сіздердің келгендеріңізден кетулеріңіз ауыр болып жатыр. Замандасың бір тілдескісі келіп, маған тапсырып еді, соған шақырттым», — деп күлді. Осы бір жылы лебізді естігенімде, қандай күйде болғанымды өзімде білмеймін, — деп Есекең біраз тоқталып алды. Содан біраз уақыт өткен соң Есекең әңгімесін қайта жалғап: — Шіркін, Хорлан-ай, бұрала басып, назды үнімен тіл қатып, жеңгесінің қасына келіп отырды. Сүзіле де, күйзеле де қараған қарақаттай көзіне көзім түскенде жүрегім тулап, тұла-бойым от болып жанып кеткендей болды. Хорланның тал шыбықтай бұралған нәзік те, әсем бойында өжеттік қайрат бар екен.

— Әнші құда, — деді жымиып, — жеңешем шақырмаса, қош айтуға да жарамай аттана жаздадыңыз, — деп назданып, өңі өзгере темен қарады. Осы кезде Жәміш жеңгесі сыртқа шығып кетті. Қайтадан серги сөйлеп: — Мені атастырып қойған жерім бар, соған осы қыста ұзатады. Орта жастағы, ақшалы, малды саудагерге барғым келмейді. Ретін тауып кездесейік. Мені жаным сүймейтін адамның қолына қалай тастап кетесің? Әлде жігіттік істеп, қайрат етер жайың жоқ па? — деп тура ашық айтқаны.

Не дерімді білмей, жер шұқи бердім. Біраздан соң бойымда бір ерлік күш пайда болып, егер мен алып кетсем, ересің бе дедім. «Бүгін жүр десең де еремін, бірақ қазір есебі табыла қоймас», дегені. Иә, есебі қайдан табылсын. Мен біраз ойланайын. Егер сен осыған шын бел байласаң, мен нені де болса көруге әзірмін. Көп кешікпей қайта келемін. Хорлан да «мен, әзірмін, бірақ кешікпе» деді. — Хабарды осы жеңешем арқылы аларсың, — деп Хорлан бір түрлі қайратты ажармен келіп, менің мойныма асылды. Уа, дүние-ай, — деп Есекең төмен қараған күйі домбырасын қоңырлата тарта жөнелді.

Бір кезде Есекең әңгімесін қайта жалғады.

— Содан елге келдік. Келсем, Исаның қабағы маған қатулы сияқты. Бәрі түсінікті ғой, тек уақытша пайдаланды, енді қайда барсаң да, өз жөніңді тап дейтін сияқты. Сүйенерім жоқ, шығынға шыдар дәулет жоқ, қызға айтқан сорт болса анау, не істерімді білмей, салым суға кетіп өз ауылыма келдім. Хорланның қиыла қарап тұрып, аса бір қимастық сезіммен «жігіт болсаң, кешікпе» деген сөздері көкейімнен кетер емес. Өзіммен сырлас, о да жаны серілеу бір замандасым бар еді. Соған басымдағы жағдайды айттым. Ол ойланып:

— Қиын екен, бірақ жігіт болып сөз берген соң, серттен тайғаның келіспес. Мен қасыңа ерейін, тіпті ел ішінен именсек, басқа бір жаққа алып кетерміз, — дегені. Айтқан сөзінен қайтпай әлгі жолдасым бірге жүрді. Арада бірнеше күн өткеннен кейін Маралды еліне келдік.

Үйренген ауыл жастары жылы қарсы алды. Ел ішінің жайын сұрастыра келгенде естілген суық хабар төбемнен жай түскендей күйзелтті. Ол хабар біз келерден бір жума бұрын Хорланды атастырып қойған адамы алып кетіпті. Менде ес қалмады, әбден дал болдым. Жан дүнием алай-дүлей. Ақыры сүйікті домбырамды қолыма алып, баяулап шертіп, ішкі сырымды қос ішек арқылы айта бастадым. Аузыма өлең жолдары келе берді. Біз Исаның аулына аттанып, Хорланның аулына келіп, Жәмішпен амандастық. Ол жарқылдай қарсы алды. Асыл ару Хорланның маған деген сәлемін жеткізді. Мен осылай отырып кешеден бері іштен шермен ширығып тұрған «Хорлан» әнін түңғыш рет шырқадым, — деп Есекең «Хорлан» әнінің қалай туғанын баян етті.

Боймыз үйреніп, Есекеңе еркелей вагон іші болса да, сол «Хорланыңызды» бізге айтып берсеңіз деп тілек еттік.

— Қазір менде ондағы дауыс бар ма? — деп қара домбырасын қолына алып, солақай бұрап алды да, қоңыр үнмен мәнерлеп айтып берді. Содан соң Есекең Хорлан тағдыры туралы әңгімені жалғап кетті. — 1931 жылы біздің елден ұйымдасқан колхоздың бір-екі жігіті көктемге жақын тұқым іздеп Ертістің ар жағындағы Славогород жағына барып Хорланның үйінде болыпты. Жөн сұраса келгенде Хорланжан мені сұраған екен, — деп терең күрсіне отырып Есекең әңгімесін аяқтады.

Мен Есекеңді Семейде пароходқа мінгізіп шығарып салдым. Содан 1945 жылы Абай тойында Абай ауданында көрдім. Есімі ел арасына кең тараған атақты әнші композитормен осылай кездесіп едім. Бұл сол асыл ағаның өз аузынан естіген әңгімелерім еді.

Енді әңгімені Естай жайлы бастаған соң, сол өнерпаздың өмірі мен өнері жайында аса қадағалы дәлелдікпен жинаған біраз жайды да оқырмандарға ұсынбақпын. Көп жылдар бойы Қазақ ССР Ғылым академиясында қызмет істеген Бозжай Жақыпбаев қарт ақын-композиторлар жайында көп деректер жинаған адам еді. Ол кісі өзі туып-өскен елі Орталық Қазақстанның, оның ішінде Баян, Көкшетау, Қарқаралы, Ақмола, Кереку көлеміндегі елдердің өнер иесі адамдары жайлы қадағалай сұрастыра, өзі кездесе жүріп мағлұматтар жинаған болатын. Сол кісінің өз разылығымен маған берген қолжазбасында Естай ақын-композитордың бірнеше әнінің мазмұны бар.

Сол әндер жайын мазмұндағанда Бозекең Естайдың Хорланға арнап шығарған әнінен басқа «Жай қоңыр» әнін де сүйсіне баяндады:

Ертістің арғы жағы «Арғанаты»
Әншінің домбырасы — қол қанаты.
Жағалай Қара Ертісті Естай ақын
Деп салған «Жай қоңыр» дeп әннің аты.
Әуелі бұл шіркінді бастау қиын,
Екінші — көптің сөзін тастау қиын.
Төрт жағы түгелімен келмеген соң,
Барқырап көп алдына қақсау қиын, —

деп ел көкейіне қонар, сыпайы, сырлы ән ізденіп шығарған бір сәті осылай болыпты.

Естай Хорлан махаббатына шырмалып көпке дейін үйленбей бойдақ жүріп, ән, өлең бағып, сері болды. Осы кезде Естайдың әкесімен бір туысқан Төлебай деген кісі орта дәулетті, ел ішінде атқа мінер адам екен. Сол Төлеубайдың жалғыз баласы қайтыс болып, келіні жастай жесір қалды. Төлеубайдың жесір келіні Зағиша келісті есті адам екен, осы кісіге Естайдың көңілі ауып, ерінің жылы толғанда көңіл қосқысы келеді. Оған Зағиша қарсы болмайды. Бірақ атасы Төлеубай баласының орнын Естайдан қызғанып, ағайынның айтқан ет келді сөзіне қарсы шығады. Ағайын арасы осы жағдайға екіге бөлініп, егес туады. Төлеубай келіннің Естайда көңілі барын біліп, төркініне көшіріп апарып тастайды. Осы апарып тастатқанда келініне: «Осы елде кімге тисең оған ти, бірақ Естайға тием деуші болма», — деп қатты тапсырма айтады. Ал Зағиша болса, Естайға көңілі ауып, берген сөзінен қайтпайды.

Осы бір айқас-айтыс үстінде Зағишаға арнап Естай «Қос басар» деген ән шығарады. Зағишаның сергек көңілді көрікті сипатына Естай да беріліп, Төлеубайдың томырық қисықтығы ара-тұра алмай, Зағишаны алады. Естайдың өмірлік жолдасы осы Зағиша болады.

Естайдың «Балқаш қыз» деген әнді шығарғанын Бозекең мына төмендегіше баяндайды:

Естай жанында екі жолдасы бар «Қос қоңыр» поселкесінен астық алып келе жатып, жолдағы « Қарабұжыр » аулының бір белгілі адамы Тұрғымбай деген қажының үйіне тоқтайды. Есік алдында тұрған Тұрғымбайдың екі қызына «жолаушымыз, құдайы қонақпыз» дейді. Қыздың үлкені: «Шәукім, сен не дейсің, жолаушы екен, қонсын», дегендей сіңлісіне қарапты. Шәукім қыз жұлып алғандай, аузын бұртиып: «Тентектің қыдырмасына салып қойған үй жоқ, қондырмаймыз», депті. Жұлынып тұрған қыздың сөзінен Естайлар тітіркеніп, қатардағы бір ауылдағы Талыс дегеннің үйіне келіп қонады.

Жайланып отырғаннан кейін Естайдың әнші ақын екенін білетін үй иесі, ауыл жігіттері өлең айт деп қолқалайды. Сергек ойлы сезімтал ақынның көкейіне әлгі бір сәттегі Тұрғымбайдың шолжың қызының «тентектің қыдырмасына салып қойған үй жоқ», тосыраңдағаны әсер етіп, аузына өлеңімен қоса ән оралады. Естай әрлі-берлі домбыраны құйқылжыта тартып:

Қажының бір қызы бар, аты Балқаш,
Қиылған қасы-көзі бір қаламқас.
Қабағы жауған қардай тұнжырайды,
Шіркін-ай ашық болса, неткен қалқаш.
Қажының бір қызы бар Шәукім атты
Сөйлейді шолжыңдықпен қатты-қатты.
Өзінің әзіл сөзі төбелестей,
Кім қалай алар екен бұл бейбақты, —

деп шырқайды.

Бұл әнді ол жерде ешкім ұғып ала қоймайды. Өз аулына келгеннен кейін ауылдас әнші жігіт Дауытжанға үйретіп, айтқызып, елге таратыпты. Бұл ән тек ауыл арасында айтылып, нотаға түспепті.

Естайдың осы бір кезде әннен-әнге көшіп, біріне-бірін тіркестіре бірнеше ән шығарғаны замандастарының, әсіресе Естай әнін өзінен үйреніп айтушы ауыл әншілерінің айтуына қарағанда ерекше елес береді. Естайдың сол кездегі шығарған бір әні «Қаракөз» деген атпен айтылыпты. Естай бірде жолы түсіп, Омбы шаһарына барады. Сол жолында Қыпшақ аулының белгілі адамы Жансары деген байдың үйіне қонады. Үй иесі Естайдың әнші ақын екенін білген соң «қонақ кәде» ретімен өлең айтқызады. Жансарының бой жеткен Қаракөз деген қызы бар екен, сол Естайға ән қолқасын ұсынып, бірнеше ән айтқызады.

Мәжіліс аяқталып, қонақтар тарқар кезде Қаракөз үйіндегі бір жігітке Естайға бер деп бір жапырақ қағаз хат жазып береді. Қыз: «Мен сіздің атыңызды бұрын да естіп, әніңізді өз аузыңыздан тыңдап, арманым орындалып отыр. Мен өз басым қалың малдың шырмауына ілігіп, сүймейтін адамға атастырылып, арман үстінде едім. Егер сіз менің зарыма көңіл бөліп, разылық етсеңіз, мен сізге жар болуға дайынмын», — деп жазыпты. Естай ертеңіне кешегі хат әкелген жігіттен қызға мынадай жауап жазады: «Қарындасым, басың қалың малдың қармағында екен. Менде сіздің әкеңіздің құдасынан алған қалың малын төлер дәулет жоқ. Және екі елдің талқысына түсер күште жоқ. Ондай аласапыранға бара алмаймын», — деп жауап жазады.

Естай аттанып кетеді. Бірақ қыздың жазған бір жапырақ хаты Естайдың көкірегін кернеп, ой толғанысына жетелейді. Сол Омбы жолының өзінде «Қаракөз» әнін шығарады. Ол әннің өлеңі мына төмендегідей екен:

Шіркін-ай, жарқындығы қандай еді,
Құрбының өзі тұтас маңдайы еді,
Бағдаттың шаһарындай гүл жазира,
Мақсатқа кімдер жеткен, уа, дариға.
Лағыл тac су түбінде жатады алтын,
Суының беті жылы, түбі салқын,
Суынан сол лағылды сүзіп алып,
Азырақ көрер ме еді рахатынан.

Естай Омбыдан келген соң осы әнін ауылдас інісі Дауытжан Құсайын ұлына үйретіп елге жаяды. Бұл әнді Дауытжан өмір бойы айтып жүріпті.

Естайдың бұдан кейінгі бір әні «Па, шіркін» екен.

Бұл әннің шығу тарихы күні бүгінге дейін белгісіз, өйткені осы «Па, шіркін» әнін айтып, елге таратқан Дауытжан: «Есекеңнен әнді үйрендім. Бірақ, кімге арнаған, не туралы шығарылғанын сұрамаппын», — дейді екен. Бұл әннің тексі мына төмендегідей:

Па шіркін, осылай ма еді айтқан сертің, Бірдей деп ойлаушы едім ақыл-көркің, Мінезің арқандаулы aт секілді, Биікке сермегенмен жетпейді еркің.

Қыс болса қадірі өтер өткен жаздың, Әр жерде сайран еткен өнерпаздың. Көл көшіп, томар қонған жайлы күндер, Болмаса көл саясы қоңыр қаздың.

Естайдың ел ішіне көбірек тараған әні — «Юран». Бұл әнді Естай Қараөткел жағына барып жүрген кезінде шығарған болуы мүмкін. Өйткені әннің өлеңінде:

Салғаным сол қара жаппай күміс,
Білмеген асыл жайын адам едім,
Осы әнді Юран деген қыз айтады,
Баласы басқа адамның айтқан емес.
Қыз бопты Қараөткелде Юран атты,
Аузынан шыққан сөзі балдан тәтті.
Салғанда домбырамен Юран әнін
Өзіме тартып алам адамзатты, —

делінеді.

Естайдың бұл әнін Алматыға алғаш әкеліп айтқан Әбілқасымов деген әнші. Соның айтқанын ұғып, республиканың атақты әншісінің бірі Лекеров Қуан нашына келтіріп айтатын еді.

Естайдың жаңа дәуірге арнап шығарған әнінің бірі — «Алматы». Естай 1936 жылы Алматыдағы халық ақындарының бас қосу мәжілісіне шақырылып, сол жиынға қатысады. Асқар Алатаудың аспан меңзеген шыңның, елінің астанасы — Алматының әсем қаласын көріп, сол Алматыда үкімет басшыларының халық таланттарына көрсеткен құрметіне бөленеді. Сол мәжілісте бұрын тек атын естіп, дидарласпаған сан алуан өнер саңлағымен бас қосады. Осы сияқты үлкен құрмет булығып қалған ақын көңілін оятып, үлкен тебіреніс тудырады. Әншілік, ақындық ойы қанаттанып қайтқан Естай аулына оралғанда қуанышпен қарсы алған елі Алматыда не көргенін сұрап, құмарлана құлақ түреді. Сол жиналған ауыл-аймақ үні ақын ойындағы ана көрген жаңалық елесін толықтыра түседі. Сонда отырып «Алматы» әнін шығарады. Өлең жолдары төмендегідей:

Біз бардық Қазақстан ордасына, Ән салдық кезек тиіп ер басына. Алпыс асып, жетпіске келген кезде Кездесті қызық заман бұл басыма.

Дулатып жаңа туды алтын заман, Сөйлеп қал қызыл тілім келсе шаман,, Өткен күнде қадірің болмады ғой, Өнерді қадірлейтін келді заман.

Алатау Алматыны айналып, түр, Көк бұлттар мұз шыңында байланып түр, Қарағай, қайың толы қалың жыныс Балбырап етегінде жайқалып тұр.

Бұл әнін Естайдың өзінен үйреніп, бізге жеткізіп берген Дауытжан Құсайынұлы. Естайдың бұл әні нотаға жазылмаған.

Естайдың ең ақырғы әні елімен, жерімен қоштасу әні екен. Әннің аты да — «Қоштасу». Осы өннің өлеңінде ақынның қарттық тағдырын мойындаған зары айтылады.

Естай өзінің туып-өскен жері Павлодар облысы Ақкөл қаласында 1946 жылы 83 жасында қайтыс болды. Естайдың өмірлік жолдасы болған Зағиша Естай қайтқан күннің ертеңінде ол да дүние салды.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз