Өлең, жыр, ақындар

Бала Шоқан

МҮСІНШІ МЫСЫҚ

Қосқималы атанған Құсмұрын адырының солтүстігіндегі төре аулының күзеу құдығы күзгі малға шөбі шүйгін құйқалы қоныс. Бір жағы Құсмұрын саласына жалғасатын бетегелі кең тепсең: екінші жағы жағалай көктарлаулы қара отты ащылауыт ой. Төре ауылының бұл күзегін ұшқан құс, жүгірген аң болмаса, салт атты кісі баспайды. Қыста қылаң елсіз болып қар басса, жазда жалғыз үй күзетші отырады. Осы күзетшінің қара лашығы Қосқималының ық жағында қалың ши арасында қарақшы болып шоқияды да тұрады. Сол қара лашықтан шыққан арықтау шегір көз баланың екі түрлі ғана ермегі бар. Бірі — екі сиырдың бұзауын бағып, енесіне жамыратпай жаю, мезгілінде суару. Екіншісі -тебіндегі саздан балшық алып, ойыншық жасау.

Шыңғыс Құсмұрын еліне аға сұлтан болып тағайындалысымен, осы күзекке екі бөлмелі кеңсе үйі салынған. Оның жазғы, қысқы күзетшісі — сары баланың әке-шешесі. Төре ауылы күзекке келгенде, сары бала сондай қуанды. Ала жаздай зарыға жалғыз ойнағандағы ойынан кетпейтін бір досы бар. Ол — төре баласы Шоқан. Сол сағына күткен досы жолбарыстай шұбар құнанын елеңдете аяңдатып жетіп келді. Ә, дегенде тосырқап қалған сары бала балшықтан жасаған ойыншықтарын жия қойып орнынан ербиіп тұра келді.

— Ей, Мысық аман ба? Мына ойыншықты кім істеді? — деп, Шоқан сары балаға жылы амандасып, күлімдеп қарады.

— Өзімдікі, өзім істедім, — деп танауын бір тартып, кішкене көкшіл көзі шегірейіп, Мысық ойыншықтарын бауырына қарай икемдей берді.

— Сен, немене, мені жатырқап қалғансың ба? — деді Шоқан Мысықты өзіне тарта сөйлеп. — Әкең қайда?

— Әкем үлкен төренің ауылына кеткен.

Сен мына ойыншықтарыңды маған бересің бе?

— Жоқ, бермеймін, кешегі баладай сен алып қашасың, — деп, ойыншықтарын шолақ критон көйлегінің етегіне сала бастады.

— Қорықпа, мен тимеймін. Кәне, көрсетші, өзің ұстасың ғой. Ақысына не аласың, маған ана балшық атыңды берші, — деп, Шоқан зорлық емес, ықтиярымен алмақ болды.

— Не бересің, бауырсақ бересің бе, қант бересің бе? — деп, Мысық икемге келе бастады.

— Берем, сен маған ойыншығыңды бер. Біздің үйге жүр, апамнан көп қант, бауырсақ әперем, — деп, Шоқан сендіре сөйледі.

— Иә, бармайым, қорқам, сіздің ауылдың балалары тентек, иті қабаған, мені итке талатады, — деп, Мысық бұрынғы көрген зорлықтарын айтып жолағысы келмеді.

— Жоқ, мен тигізбеймін, өзім ертіп барам.

— Иә, апаң ұрсады, қорқам, — деп түйе ғып жасаған бір ойыншығын етегінен алып Шоқанға берді.

— Ей, кәдуілгі түйе. Өй, өзің қандай шеберсің. Жүр менімен. Алама ұрыстырмаймын, — Шоқан осы сөзді айтқанда, Мысық:

— Құнаныңа мінгестір. Барайын, — деп өз қолқасын да айтты.

— Кел, мін! — деп, Шоқан құнанына мініп, үзеңгісін босатты. Ойыншықтарын бір шидің түбіне тасалай тастай беріп, Шоқанның құнанына жармасып міне бергенде, құнан мөңкіп кеп қалды. Міңгесіп орнықпаған Мысық жерге топ ете түсті. Құнан атып кеп кетті. Алғашқы мөңкігенде арты босап қопаңдап қалған Шоқан, кейінгі үріккенде бір жағына қисайып, тек ерінің қасынан ұстап аз ғана түспей қалды.

Шоқан құнанын тоқтатып, қайта бұрылып келгенде, Мысық кейін шегініп:

— Мінбейім, құнаныңның мінезі жаман. Тулайды, — деп, ойыншығына қарай жөнелді. Шоқан құнанынан түсіп, Мысықтың қасына келіп:

— Немене, бір жерің ауырып қалды ма? — деп жаны аши сұрады.

— Жоқ, ауырған жерім жоқ. Бірақ жығылғанда жаман қорықтым, сен де жығылады екен деп ойлап ем. Атқа мықты екенсің, жығылмадың.

— Мен бұдан асау күнінде де бұл құнаннан жығылғаным жоқ, — деп, Шоқан мақтанып қойды. — Сен екеуміз жаяу барайық жүр, — деп, құнанын жетектеп ауылға қарай жүрді. Бұрынғыдай емес, Мысық тартынбай еріп келеді.

Шоқандар үйіне таянғанда, алдарынан Жақып жүгіре шықты. Кесек денелі Жақып келе Шоқанға:

— Ей, мынау әлгі Мысық па? Қайдан тауып алдың? — деп, шайпау мінезбен Мысықты бір нұқып қалды.

— Өй, жынды, әрі кет, мұнда нең бар? — деп Шоқан тұра ұмтылып еді, қашып үйге кіріп кетті. Ерке, сотқар Жақыптың ұрыншақ мінезінен қаймығып Мысық кейін шегініп, орынсыз тиген қолға қорланып жылап та жіберді. Мысық, неге жылайсың?

Шоқан қасына келді. Інісінің ешбір кінәсіз ұрып кеткен тентектігіне ішінен ыза болып тұр. Ол Мысықты қолынан тартып үйіне қарай алып жүрді. Мысықтың тартынғанына қойған жоқ.

Үлкен ақ үйдің есігінен Шоқан өзі кіргенде, Мысықты қалдырмай ерте кірді. Бұрын мұндай үйге кіріп көрмеген кішкене Мысық, аяғын ілгері басуға бата алмады.

Босағасынан төріне дейін кілем төселген, уықтың қарына тірелте жасау жиналған үйге Мысық өзін сыйғыза алмады. Ол қайтадан атып шығып тұра қашуға, сыртта жатқан қос қарала төбеттен қорқып босағаға жабыса қалды.

— Мысық, бері жүр, — деп, Шоқан оны қолынан тартып зорға жоғарылатты.

Үлде мен бүлдеге оранған үлкен ақсары әйелдің қасында отырған әлгі тентек Жақып қолына шыбыртқы қамшы ұстап, әлі де Мысыққа өшіге қарап:

— Өй, өзін қара, неге келдің, әйдә, шық, — деп, тұра жүгірді. Әлгінде ұрып кеткенін сондай орынсыз, бассыздық деп ойланып қалған Шоқан бұл жолы дәт қылмады. Ол қолындағы қамшымен Жақыпты жасқантып, Мысықты қорғаштай берді.

— Аулақ кет, мұнда нең бар? Қорқытпа, тиіспе, бұл менің жолдасым, — деп апасына қарады.

Балалардың қағысып қалған сәттегі істеріне салмақпен қараған сары бәйбіше Шоқанға бір, Мысыққа бір қарап:

— Шоқан-ау, мынауың әлгі бір былтырғы сары бала ма? Үсті-басы немене, қасына жоламашы. Ойнауыңа бір жөнді бала табылмады ма? — Сонан соң Мысыққа қарап, — Ей, сен әлгі күзетшінің баласысың ба? Мұнда қайдан келдің? — деді.

Мысық жерге кіріп кетердей қорықты. Шоқан ертіп келген жолдасын шешесінің қорлағанына қысылып қалып: Қорықпа, — деді Мысыққа.

— Ия, мен кетем. Бағана айтқаным қайда, ұрсады, сабайды деп. — Осыны айтып Мысық артымен жылжып есікке қарай сырғи берді. Кіріп келе жатқан Шоқанның әкесінің тізесіне қағылып, етпетінен түсті, Байқамай қақтығып қап, есі шығып тұрған бала ұрады деп ойлап, бақырып жіберді. Шоқанның әкесінің әрі атқосшысы, әрі қаршығасын ұстаған Сыдық еңкейіп үйге кіре берген. Аяғының астынан шыққан ащы дауыстан шошып қолындағы қаршыға далпылдап кетті. Мысықтың басына құстың қанаты келіп соғылды. Құсқа жегізгелі жатыр деп түсініп, ол онан сайын бақырды.

— Өй, Мысық, түрегел, шошыма, — деп, Шоқан қасына жетіп барды.

— Түге, тартшы қолыңды. Мына шіркінді қайдан келтіріп жүр. Үні не деген жаман, әкетші әрі, — деп, семіз бәйбіше сырттан кірген құсшы жігітке бұйыра сөйледі. Бәйбішенің жарлығы құлағына тиер-тиместен:

— Өй, кет былай жолдан! — Сыдық аяғымен нұқып қаламын деп босағада тұрған үлкен шылапшынды қаңғыр еткізді. Шоқан онан бұрын Мысықты орнынан тұрғызып алды. Шоқан қорғап тұрған соң, қаршыға ұстаған жігіт қайта қол сермеген жоқ. Ол қаршығаның аяқ бауын керегеден бір іліп жіберіп сырлы тұғырға қондырды.

Тұғырға қондырғаннан кейін көк қаршыға шегір көзін төңкере шаңырақтан аспан әлеміне құмарта бір қарап, тұғырға орныға қонып дүр сілкініп қойды. Бұрын мұндай құсты адам қолына ұстағанын көрмеген Мысық, екі көзін алмай әрі таңданып, әрі қорқып қарайды. Мысықтың бағанадан бері көзі түспеген бір нәрсе тағы шыға келді. Ол сонау балбырап отырған семіз бәйбішенің ар жағындағы үлкен, биік төсектің бас жағында тұрған тарғыл арлан еді. Екі құлағының салбыраған шашағы төсіне түскен, күміс қарғылы, тайдай тазы тұрып алып, алдыңғы екі аяғын көсіліп жіберіп, төсін жерге тигізе керілді. Керіліп алып, дүр етіп сілкініп қойды. Мойнындағы күміс қарғының сақиналары сылдыр қағып, тазы есікке қарай бет алды. Қанталаған үлкен көзі маған түспесе игі еді деп, Мысық Шоқанның артына қарай ығыстай берді.

— Қорықпа, тимейді, — деп, Шоқан Мысықты өзінің қатарына қарай ығыстырды. — Әжеке, мына Мысыққа бауырсақ беріңізші, — деп, Шоқан шешесіне өтінішті ерке тілек айтты. Ши жақта ыдыс-аяқ әзірлеп жүрген қара торы әйелге:

— Әй, Қанипа, ана балаға бауырсақ әперші, отырғызып қымыз бер. Шоқанжан ертіп келіпті ғой, — деп, сары бәйбіше бағанағыдай емес, Шоқанның ыңғайына иіліп, жұмсақ сөйледі. Шоқаннан именіп қалған тентек Жақып, әжесінің арғы жағынан Мысыққа жұдырығын көрсетіп, кіжініп қойды.

Қара торы әйелдің табаққа салып қойған бауырсағын бір-бірлеп жеп, қымызды жайлап жұтып отырған Мысыққа Шоқан:

— Сен, немене, әлі де қорқып отырсың ба? Жеп қой, қалғанын етегіңе салып ал, — деп қорымалдана сөйледі. Шоқанның сөзі ширатқан Мысық бұйығыланып қысылудан жадырап, қымызды жұтып салды. Аяқты жерге қойып, бауырсақты етегіне төге бүктеп алып, есікке қарай жүрді. Есікке таяп барып, сілейіп тұра қалды. Оның сырттағы иттерден қорқып тұрғанын сезген Шоқан қасына келіп:

— Сірә, қорқып тұрсың-ау, ә? Кәне, жүр, — деп, ертіп үйден алысқа шығарып салып, — ертең мен барам, сонда тағы ертіп келем, маған жақсылап түйе істеп қой!

— Жоқ, мен құс істеймін, — деді Мысық, кішкене шолақ мұрнын тартып.

— Иә, иә, істе, тіпті жақсы, — деді Шоқан, оның ойын құптап. Мысық ауылдың солтүстігіндегі шилеуітке жете бере артына бір қарап, қабаған иттен, тентек Жақыптан құтылып, бойы кеңіп, жүгіре басып үйіне тартты.


Пікірлер (1)

Ағайша

бұл шығарма өте қызықты екен,маған өте қатты ұнады

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз