Көп ұзаған жоқ корпус балалары жатақ үйлеріне орналасып оқу басталды. Шоқан корпус тәртібіне түсінген, оқу жайына да жаттыққан бала қатарында, класс ішінде көзге көріне бастады.
Әрбір класта бір бала староста болып белгіленіп, балалардың бостандық алуын, мезгілімен қайтып сабағын әзірлеуіне жауаптылықты істейді. Шоқандардың класына Леонид деген бала староста болып белгіленген. Леонид бойшаң, сөлекеттеу, сабақта топастау болатын. Оның үстіне өзі мейлінше дүниеқор еді. Үйі қалада болмағандықтан, ол демалыс күні көп ешқайда шыға қоймайтын, сондықтан да старосталыққа ұсынылған еді. Леонид қалаға баратын балаларға алым салатын болды. Үйіне босап барған бала, корпусқа келерде Леонидқа кәмпит әкеп береді. Егер кәмпитсіз келсе, келер демалыста сылтау тауып жібермей қояды. Сондықтан Леонидке балалардың жалыныштылығы үдеп, ол кейбір демалыста бір сауыт кәмпит жинап алатын болды. Леонид ол кәмпитті демалыс арасындағы күндерде балалардың өздеріне дәптерге, қарындашқа, қаламсапқа сатып, сәудегерлік істей бастады. Қаламынан айрылған, қарындаштан айрылған балалар сабақтарын жазар құралы болмай, сабақтан ақсайтын болды. Осының салдарынан класс ішіндегі Гена, Сережа дейтін екі кішірек бала мүлде сабақтарын нашарлатып алды.
Леонидтің осы сияқты мінезін әшкерелеп Шоқан:
— Лена Протоков, жәшігінде кәмпит көп, дүниеқор, ши мойын, — деп мазақтады. Бұл балалар арасына жайылып кетті. Протоков Шоқанмен төбелеспек болып еді, бірақ басқалар ара түсіп, оны шетқақпай қылды. Класс жетекшісі тексеріп, Протоковтың қобдиынан бірнеше баланың қарындаш, қаламы табылып, ол масқара болды. Мұнан кейін Протоковты старосталықтан түсіріп, Шоқан белгіленді. Протоков жыл аяғы болмай-ақ оқудан шығып кетті.
Шоқан старосталыққа белгіленгеннен кейін біраз уақыт өткенде бір күні рота балаларының біреуі Шоқандардың класындағы бір баланы ұрып кетіпті. Ол жылап класс старостасы Шоқанға келді. Рота балаларының үстемдігін көтермейтін Шоқан сол кезде келе қалған, жатақ үйдің тәртібін қарап жүретін офицерге айтты. Офицер Шоқанның өзіне зекіп, «офицерлердің балалары тәртіпті, сендер өздерің тәртіпсізсіңдер», — деп таяқ жеген баланың өзін жазалап, түскі тамаққа жібермей қойды.
Шынында да, Шоқандардың класында тентектік, андай-мұндай тәртіпсіздік бар болатын. Бірақ мына баланың бұл жолғы көрген зорлығы рота балаларының үстемдік етуінен болған еді. Соған ыза болған Шоқан: « Мына жирен қоразға арыз айтқаннан да, артына топырақ шашу керек еді», — деген. Шоқанның мына сөзін естіген балалар ду күліп, «тамаша теңеу, өзі бір шіп-шикіл сары екен» десіп мәз болды. Кейде бірін-бірі «жирен қораз құсап қоқайма» деп ажуалайтын.
Бір күні сабақтан қайтып тамақтарын ішіп, жатақ үйде балалар шуласып отырғанда, сырттан атой болды. Мұндай атой тәртіпкер офицер келе жатқанда болатын. Шоқандардың бөлмесіндегі балалар жым-жырт бола қалды.
Сонша болмады кезекші тәртіпкер жирен офицер бөлмеге кіріп келді. Анадағы серіктерін орынсыз жазалағаннан бері өшігіп қалған балалар біріне бірі ым қағып, офицердің көзін тасалай беріп қораз болып қоқырайып, сыр бермей тынышталған болды. Балалар монтиып өз бөлмелерінде тәп-тәртіпті бола қалысты. Офицер кейбір ұқыпсыз балалардың төсек орнын көріп, жөндеңдер дегеннен басқа өрескел мін таппай шығып кетті. Офицердің артынан Анатолий деген тентек бала ере барып, есікті жауып, бер жағынан жұдырықпен періп-періп жіберді. Ол жүгіріп келіп орнына отыра бергенде, есік ашылып, офицер үйге қайта кіріп:
— Менің артымнан есікті ұрған кім? — деп тепсінді.
— Жоқ, тақсыр, біз көргеніміз жоқ. Ондай дыбыс естімедік.
Офицер қанша ызбарланғанымен балалар қайысып қорықпады. Ешкім мойнына алмады. Офицер ызаланып корпустың бастығы Ждан-Пушкинге келіп, рапорт жазып, Шоқандардың класын жазалауды, тәртіпке шақыруды етінді. Келесі күні Ждан-Пушкин өзі келіп, балаларды тексеріп, кластың бастаушысы Шоқаннан қысып сұрады. Шоқан да басқа балалар да айтпады. Содан Шоқандардың класы қыс ортасына дейін жексенбіде бірде-бір бала үйіне босамады, үлкен қысымға ұшырады.
Алғашқы Ждан-Пушкин келіп тексергенде Шоқан:
— Тентектікті кім істесе сол айтуы керек. Мен өзім көргенім жоқ, — деп қайыспаған. Басқа балалар да Шоқанның осы сөзін айтып сыр бермеген. Ал Анатолийдің тентектікке қолы барғанымен, істегенін мойнына алуға батылы бармады. Балалар бірнеше жексембіде үйлеріне бара алмай зарығып кейбір балалар «айтамыз» дегенде:
— Батылы барса, өзі айтып, жолдастарын жазадан құтқарсын. Егер оған батылы бармаса, біз ондай қорқаққа куә болмаймыз, — деп Шоқан балаларға айтқызбады. Сонан қыс ортасы ауған кезде Ждан-Пушкин балалардан қажығандық таба алмады. Ақыры жазалау бұйрығын өзгертіп, Шоқандардың класы ел қатарлы демалыс алды. Бірақ Анатолийға балалардың арасында «қорқақ» деген ат тағылды. Балалар оны Анатолий деген атымен атамай «қорқақ» деп шақыратын болды. Ол осы атқа намыстанып, келер жылы оқуға келмей қойды.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі