Жамбылдың әкесі Жапа 1899 жылдың шамасында 87 жасында көп жасап өлген кісі. Жапа, Жадыра, Мәйке және Қазыбай — төртеуі Ыстыбай баласы деп біз жоғарыда айтқанбыз. Ыстыбай балалары, Екей бытырағанда, Әшекей ауылының қасына көшіп барғанын да сонда айтқанбыз. Жамбылдың өзі де әкесі сол Әшекей ауылының қасында жүргенде туған. Жапа жасынан атқа мінген аламан уақытта жортармандық істеген кісі болса керек. Бұған Жамбылдың өз өлеңі дәлел:
«Сорлының ұрлап қара атын,
Жазықсыз қиып қанатын.
Жапанда жаяу қалдырып,
Жайым жоқ қарғыс алатын.
Ел арасын егер ғып,
Ойым жоқ бұрқан салатын.
Батаңды маған бер, әке,
Тіліме менің ер, әке.
Жапаның ұлы ақын боп,
Атағы шықты дер, әке, —
деп әкесі өзін ұрлыққа жұмсағанына бармай, өлеңмен тілек айтып, ақындық жолға рұқсат сұрайды. Бұл өлеңде екі түрлі себеп болған сияқты. Біріншісі, әке өнерін өзі сүймей, момынның малын ұрлап дәулет жиюды жек көру, ешкімге зияны жоқ тіл өнерінің еңбегіне беріліп еліне қызмет істеуге бел байлауы бар. Бұл жөнінде Жамбылдың Сарыбайға деген бір ауыз өлеңі дәлел:
«Сареке, салдым бір сөз сыныңызға,
Сіздің сын таразы ғой сырымызға,
Қолыма домбыра алып, талап қылдым,
Бересің қандай бата ұлыңызға», —
дейді.
Бұл өлеңдер Жамбылдың осы 100 жылдығына арналған толық жинағына кіріп отыр. Жамбылдың туған әке, туысқан ағадан адалдық жолға бет алып, соған рұқсат сұрап қойған тілегі бар. Екінші, Жамбылдың ақындық жолға түсуіне көлденеңдеп бөгет болып жатқан тағы бір нәрсе болған. Ол ертеден Ұлы жүз елінің ортасында аңыз болып кеткен мынадай сөз болған:
«Екейде елу ақын, сексен бақсы,
Айқында алпыс ақын, тоқсан бақсы»
деген бұларды елін кеміткен ащы нақыл бар.
Бұл кеміту сөз Екейдің естияр адамдарының намысына кеп тиген болса керек. Жамбыл өлеңге бейімделіп ойын, тойларда той бастап, өлең айта бастаған кезде, әкесі Жапа: «Екейдің елу ақынына сен де қосылып елу бірінші дуана болайын деп пе едің деп?» — ұрсып тыйым салған. Міне, сондықтан да ол жоғарыдағы өтініш өлеңдерді айтқан болса керек.
1944 жылы тамыздың 12-сі күні Үмбетәлі ақын бар, біз быр сыпыра кісі келіп Жәкеңе сәлем бердік. Жәкең ете көңілденіп отырды. Сонда ақындық жайынан сөз бастап: «Сарыбай өлеңді ұнатпайтын кісі еді. Өзіне келіп өлең айтқан кісіге еш нәрсе берген емес екен. Өмірінде ақынға берген малы, Албан Жетібай ақынның інісі ақынға бір ат беріпті. Сарыбай өлеңді өтірік деуші еді Сол ақын өлең айтқанда: «Өтіріктің дәмдісі екен», — депті. Өлеңді айтқанда тыңдаушыны өзіне ұйытып:
Өлеңді бой жасап отырып,
Екі көзді ашып отырып,
Екі аяқты нық басып отырып айтпаса,
өңі қашып кетеді», —
деп өзінің шәкірттеріне үлгі айтты. Жамбылдың өзіне ұстаз көріп бата алған кісісі Сүйінбай ақынға да Жамбыл өмір бойы бас июмен қатар, алғашқы кездесіп бата алғаны жөнінде де өзі әңгімелеп айтып отырады екен. «Маған өлең анықтап жолдас болғаны жиырма жасымда. Осы күнгі Жамбыл колхозының жайлауы Желдісайда (бұл бұрынғы Жамбылдың жайлауы) жүріп ұйықтап кетсем, бір адам түсімде келіп: «Өлең аласың ба, көген аласың ба?» — деді. «Екеуін де алам», — дедім. Шошып ояндым, аузыма өлең келіп тығылып тұрғандай болды. Үйіме келе домбыра алып, өлеңді саулатып айтқан соң ғана барып, кеудем орта түскендей болды.
Елдің аузы ораза еді. Қасымда бір жігіт бар, екеуміз сол жайлаудағы елді аралап жүріп жарапазан айттық. Сүйінбай ақынның ауылы да жақын еді, қыдыра келе жатып Сүйекеңнің үйіне кездесіп қалған екенмін, тұра қалып жарапазанды айта бастадым. Әлі айтып тұрмын, әлі айтып тұрмын, ешкім шыққан жоқ. Әлден уақытта үйге от жағылып, Сүйекеңнің бәйбішесі далаға шықты. «Балам, ақын үйге түссін дейді, үйге түсіңдер» дейді. Біз үйге сәлем беріп кіріп едік, Сүйекең өзі де тұрып отыр екен, сәлем алып, амандасып бізді отыр деп қасына отырғызды. «Жамбыл балам, тәрпің тәуір екен, тіліңнің үйірімі, сөзіңнің уыты бар көрінеді. Біреуден бата алатын екенсің», — деді. Мен ол кісіге сөз қайырмай тыңдап отырдым. Бәйбішесі бізге қымыз беріп, менің алдыма бір шапан әкеліп қойды. Сүйекеңнің үйінен шапанды алып кетуді өзіме лайықты көрмей және әлгі бата ал деген сөзі ойымда болып отырды да: «Сүйеке, жеңгем берген шапанды сізге жапқаным, батаңызды беріңіз!» — деп, алдына қойдым. «Балам, бата алсаң өз үйіңнен бір нәрсе әкелуің еді ғой», — деп, Сүйекең біраз отырды да, батасын берді. Мен Сүйекеңнің батасын алған соң, ешкімнен именбей өлеңді бұрынғыдан да батыл айта бердім», — дейді екен Жамбыл.
«Жәкең 1945 жылдың көктем айының ішінде бір күні мені шақыртып жіберген екен. Жәй шақыртқан шығар деп кешігіп келсем, Ыстыбайдан туған немере-шөбереден тірі адамының бірі қалмай бәрі жиналған екен. Жәкең ортасында отыр. Мен келіп сәлем бердім, қолын ұстап амандасқаннан кейін мені танып, Жәкең: «Омар, сені мен әдейі шақыртып едім, кешігіп келдің - ау, енді бәрің түгел болдың, айтайын деген сөзім бар. Мен енді ұзақ жолға жүрейін деп отырмын, атамнан туып ескелі арамнан бойым таза еді. Екі нәрсенің қарызынан өз тіршілігімде құтылғым келеді. Біреуі, міне, Сәтіштің әкесі Тәйті Меккеге жүрерде, 350 қой, 100-ден аса қарасы қалды. Екі қатыны мен жеті жасар Сәтіш үшеуін қолымды ұстап отырып маған тапсырды. Маған тапсырғанын құп алып ие болдым. Тәйті сол жолы қаза болды. Сәтіштің тоқал шешесі, қырғыз қызы жеңгемді еншісімен мен алдым. Өзге дәулетіне тигенім жоқ, Сәтіштің менде сол қарызы бар. Ал Биқоныс дегеннің жас қара қозысының елтірісіне қызығып, соны айтпай алып қойып едім. Осы екі қарызымнан көзімнің тірісінде құтыламын. Менің өзіме қараған жылқымнан Сәтішке бір ат, бір бие, бір тай беріңдер. Би қоныстың баласына бір тоқты беріңдер. Осы екеуінен басқа кісі ақысы жоқ деп ойлаймын. Қырғыз, қазақтан алмағаным жоқ, бірақ бәрін де күлдіріп отырып алдым, оны өзім қарыз деп санамаймын деп еді», — дейді Жамбылдың жақын інілері Омар ақсақал. Міне, Жәкеңнің әкемен туған-туысқанның жортармандық жолына бұрғанына көнбеген, адалдығы жайындағы әңгімелер. Жәкең өлеңді осындай сүйіп, ең қымбат бақыт деп ұққан.
Жамбылдың әкесі Жапа Әшекей аулында жүргенде, қырғыздан мал алуға аттаныпты. Астында Көктоқал деген жүйрік жақсы аты бар екен. Жапа жылқыға тигенде аты жалғыз аяққа сүрініп, өзі қолға түсіп, жолдастары қашып құтылады. Қолға түскен ұрыны кім аясын. Аяғына кісен салып байлап қояды. Қырғыздың атақты манабының бірі Жапаны өз үйіне әкелгізеді де, таутеке терісі шалбарға салып, мойнынан қылқындырып байлатып керегеге ілгізіп қояды. Манаптың онысы, Жапаны кішкене көріп қорашсынып, мазақтағаны болса керек. Өйткені Жапа кең иықты, қысқа мойынды, дембелше, аласа кісі екен. Жапа бұған қатты намыстанады. Есебін тауып осы манапты жер соқтыруды ойланады.
Бірнеше күн сол байлауда болып, шалбардың ішінде тұрады. Қашпайтын момақан кісі болып манаптың көңілін сендіреді. Бірақ өзінің бар күтіп жүргені — Манаптың екі жүйрік аты бар, соны есебін тауып қолға түсіру болады. Бір жақтан барымта әкеле ме, жоқ, жол жүргізуге суыта ма, әйтеуір, екі ат бір түні кермеде суып байлаулы тұрады. Оның бәрін аңдып біліп отырған Жапа, ел ұйықтаған кезде, шалбардың байлауын сусытып шешіп шығады. Бірақ үйдің ішіне жерге түспей, үзікті тіліп, үйдің сыртынан түседі де, кермедегі екі атты алып жөнеледі. Іле қумағанымен, артынан қуғыншы түсіп, Жапаны Алатаудан асырмай-ақ қуғыншы таяйды. Ілеге таянғанда, жетуге айналады. «Сасқаным сол емес пе, екі атыммен Іле суының өткелін іздеуге де мұршам келмей, атымның маңдайы тірелген жерден келіп түсіп кеттім. Ең жақсысы - ақ аттар жүзгіш екен, суға жүзе жөнелді. Аузыма салып сорып келе жатқан жылқының тобығын сасқанда жұтып жіберіппін. Қуғыншылар Іле жағасында іркіліп қала берді. Мен құтылып судың ар жағына шықтым. Осы жорыққа барғанымда екі ажалдан қалдым. Бірі — Шудан бергі жерде Ілеге жеткенше ел жоқ. Жауынгершіліктен қорқып Іле бойына түсіп кеткен екен, әрі елсіз, әрі алыс жерде аш, азықсыз үздігіп кете жаздадым. Екіншісі, Іленің өткелсіз жерінен келіп түсіп, суға кетіп қала жаздап састым», — дейді екен Жапаның өзі.
Қырғызға тағы да бір аттанып барған әңгімесін айтқанда Жапа: «Күзгі уақыт еді. Алматы асуында бір адаммен кезең аузында айқаса кеттім. Екеуіміз де бірімізді біріміз алуға іле қам істедік. Қыл кезең, тар асу, атпен айқасу болмайды. Екеуіміз де аттан түсе қалып жаяу алыса кеттік. Ол менен денелі, қарымдылау екен. Мені ұстай алған жерде үйіріп жерге топ еткізе түсіріп басам дегенде, астынан бұлт етіп әр жағына шығып кеттім. А дегенше өзінің үстіне міне түсіп, босатпай қойдым. Алысқан жеріміз жарлауыт еді, жан - дәрмен тырмысып әлгі кісіні соған домалатып түсіріп жібердім. Ол көтеріліп қайта шыққанша, атты алып кезеңнен асып кеттім. Келер жылы сол аттың иесі жігіт және қырғыздың белгілі бір манабы қазақ-қырғыз арасындағы алыс-беріс сөйлесетін бір топқа келді. Менің аударып алып кеткен атым қырғыз ішінде белгілі әрі балуан жігіттің атақты жүйрік аты екен. «Төлеу алмаймыз, сол аттың көзін бер!» — деп, қырғыздың манабы ат иесі жігітті ертіп Әшекей аулына келді. «Аттың көзін тауып беріңдер, бітім алмаймыз. Және сол менің жігітімді жалғыз түсіріп, атын алған жігітті маған бір көрсет!» — деп қырғыздың манабы тілек қылды. Әшекейдің өзі мінетін қазмойын аты бар еді. Соны мініп қырғыздарға келіп сәлем бердім. «Сіздің жігітті түсіріп атын әкеткен осы жігіт», — дегенде, қырғыздың манабы төмен қарады. «Құлжаның асығындай шымыр екен. Ұстаса, қолға тұрмас, байласа, жіпке тұрмас, атты алса алғандай екен», — деп, Жапаның шойындай шымыр тұлғасына және жылпостығына өте разы болды. Жапаның бұл сияқты жылпос мықтылығы өте көп болса керек. Жапаның інісі Жадыра да ерте атқа мініп, Жапаға көп серік болып, мықты жігіт болыпты.
Жапа бар, тағы көп кісілер бар, алыс жерге аттанады. Жадыраның жасы 17-18 шамасында екен. Ол осы жорыққа мен де барамын десе, Жапа: «Сен әлі жассың, үйде бол», — деп ұрсып ертпей кетеді. Жапалар өз елдерінен екі күншілік елсізге шығып, жортуыл салып ел қарап жүреді. Алыстан бір жалғыз қара көрінеді. Бұлар жалғыз қараны күтіп отырса, бөгелместен өздеріне келеді. Сөйтсе артынан қуып келген — Жадыра екен. Сол жолы бұлар далада ел торып жүріп бір қалың жауға кездесіп, қатты төбелес болады. Бұрын сыналмаған жас жігіт Жадыраны Жапа араластырмай, қосар аттарын ұстатып арт жақтарына ие қылады. Бірақ айқай шығып, төбелес қызған кезде, Жадыра қолындағы аттарды тастай беріп, ұрысқа араласып кетеді. Жау кеп, бұлар аз, Жапа қатты қайрат көрсетеді. Осы жорықтан қайтқаннан кейін Жадыра қатардан қалмайды. Жадыра мен Жапа екеуі де Қоқаннан келген қолмен қарсы ұрысқан орыс қолдарының ішінде болып, көп қайрат істепті. Бірақ ол қай соғыста болғаны анықталмады. Ол туралы мынадай бір дәлел бар. Екі жақтың қолы айқасып, төбелесіп жүргенде, Жадыра бір адамды аттан шаншып түсіріп, қанжармен басын кесіп алған жерде Жапа келіп қалып: «Аттан түсіргеннен кейін басын кесіп неғылайын дедің? Кім білсін, оның жазықты адам ба, жазықсыз адам ба?», — депті. Бұл соғыс Бәйсейіт, Сұраншы бастаған соғыстардың бірі болуы керек. Осыны Жадыра тұқымының аздығына дәлел етіп, өз ауылдары әңгіме қып айтады.
Жамбылдың шешесі Ұлдан Жападан бес жыл кейін, немересі Сәтіш он жасқа келгенде өлген. Бұ да өте көп жасаған кісі. Ұлданның төркіні — Дулат ішінде Жаныс. Оның ішінде Орынбет деген атаның баласы болады екен. Төркіндері осы Алматыға жақын Қаскелең өзенінің бойында мекендеген ел екен. Ұлдан шаршы ғана, Жамбылдың өзі сол шешесіне тартыңқыраған еді. Бет бейнесі де шешесі тәрізді еді дейді білетіндер. Ұлдан аса кеп сөйлегіш кісі болмаған сияқты. Бірақ сөзді айтқанда тауып айтатын, досына тәтті, дұшпанына қатты кісі болды дейді. Жамбылдың өз ата тегінде домбырашы, өлеңші, белгілі ақын кісі болмаған. Шешесі Ұлданның нағашысы Үйсін ішінде Жалайыр Қанадан деген аса үлкен қобызшы, тәуіп кісі екен. Қанадан қобыз тартқанда, кейбір көңілі бос адамдар жылап отырады екен. Қанадан бір жақтан келе жатып, шет елдің бір жауына кездеседі. Жау Қанаданың атын да алып, өзін де тонап әкетеді. Қанадан жапан түзде жалғыз қалып, бip тауға келіп жеміс теріп жеп, жуа жеп жүріп, қурайдан сыбызғы істеп, соны тартып отырыпты. Сыбызғысын і артқанда еліктің лағының маңырағанын салып тартқан екен. Сонда бір ұрғашы елік емшегінен сүт сорғалап иісініп қасына келеді. Бірнеше күндей сол елікті еміп қорек алыпты, Мінеки, Қанадан сондай қобызшы екен деген аңызды айтады елі. Ал Жәкеңнің ақындығы жөнінде, Жәкеңнің домбырашылығы жөнінде осы түпкі нағашысының өнері еді, бұ кісінің бойына келген деседі екен, елі. Жәкең өзі домбыраны жап-жақсы тартатын және көптеген күйлерді тарта білетін домбырашы болған. Және Ұлданның өзі: «Қыз күнімде бір түс көріп едім. Ол түсім жаңылыс болмаса, менің балаларымның біреуі аса бақытты болса керек еді, нағашы атамның қобызының қылы менің етегіме оралып еді, осы қисықтан бірдеме шықпаса», — дейді екен Жамбылды көрсетіп. Мінеки, Жамбылдың ата-ана тегінен айтылатын кейбір ерекше мінездері жөніндегі сарындар.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі