Жамбылдың жасы 50-ге келген кезде де орта дәулеті болған. Осы күндегі кенже баласы Тезекбайдың шешесі Қанымжанды айттырып алған кезде, Жамбылдың 100-ден аса жылқысы бар, қатарлы үй еді деседі ауылдары. Алғашқы алғаны Орымбет қызы Момын деген кісіден туған үш ұлы болған. Қожаш, Қожамберді, Қожақ деген балалары өз алдына үй болып бөлініп кеткен кезі болатын. Жәкеңнің Қожаш деген баласы өлең айтып, ауыл арасында көзге көріне бастайды. Бірақ Жәкең Қожаштың өлең айтқанын жақсы көріп, жол бере қоймаған. Сондықтан Қожаш Жәкеңнің көзінше өлең айтпай, ылғи ұрланып айтады екен. Бірақ Қожаштың өлеңге ыңғайы барын таныңқырап, есейген кезінде, Жәкең біраз өзінің өлең айтып алысқа ұзап жүруін тоқтатыңқырайды. Осы кезде Жәкеңнің біраз уақыт ел арасының сөзіне кіріскен жағдайы болған. Оның бір үлкен себебі мынадан болған тәрізді. Жамбылдардың өзімен аталас, бәйбіше баласы атанатын, оның ішінде Сәдібектен шыққан белгілі, беделді кісі болған, Сарыбайдың бел баласы Қисыбайдың ел билеген кезі болады. Қисыбай Жамбылды аға тұтатын, аз да болса сыйлайтын жағдайы болады. Өйткені Сарыбайдың өзі тірі күнінде Жамбылды әрі тәуір көріп, әрі Қисыбайға аға бол деп Қисыбайдың қасына көп ерткен кісісі болған. Сондықтан Қисыбай бір келелі істе Жамбылға ақылдасып та жүретін жағдайы болған. Бірақ болыстық шарына таласу, сол арқылы кедейді байлар қанаушылық көбейіп, халықтың күйзеле бастаған кезі болады. Екей іші, оның ішінде сол Сәдібек арасының өзі бірнеше рет үлкен партия болып қатты бүлінген. Әсіресе бірнеше жыл болыс болып елден бойы асып алған Қисыбай, ұзақ уақыт би болған Күртібай (бұ да Жамбылдың жақын ағайыны) Сәдібек кедейлерінен көп адамға зорлық істейді. Олардың көрген зорлық, тартқан зардабы Жамбыл сияқты халық мұңына тілдес өскен Саққұлақ, сұңғыла адамға ауыр тиеді. Сондай бір кезеңде бір үлкен қызу партия басталады. Атақты Сүйінбай ақынның көзі тірі кезінде оның баласы Малыбай болыс болуға талас шығарады. Қисыбай, Күртібай, Тәйтелі бұлар Малыбайдан және Асылбек деген байдан көп ақша алып, болыстықты соларға бермек болады. Ылғи байлардан жуандық зорлығынан алым шығынды кеп тартып, қажыған ел өздеріне жанашырдай тәуір адамды сайлауға бет алады. Елдің қалап, сайлаймыз деген кісісі дәулеті аз, өзінше адал, елге зорлығы жоқ Бәйсерке деген жігіт болатын. Бәйсеркені сайлаймыз деген көпшіліктің ауқымына Жамбыл да кіріседі. Осыдан барып Күртібай, Қисыбайлармен Жамбыл осы сайлауда қатты қарсы болады. Өйткені Әлти, Қосай деген Екейдің жуан қамшы байлары, көп зорлықшыл рулары, егер қолдарына болыстық тисе, ел нашарларын бұрынғыдан да жылатады деген ойы болады. Осыдан барып Жамбыл Күртібай, Қисыбайлардың айтқанына көнбей, қарсы шығады.
Қызу тартыс үстінде байлар жағы ақшаны көп шашып, елді бөлектеп, Жамбылдар жағынан да кеп кетіп алып кетеді. Байлардың осы озбырлығына қарсы Жамбыл ерекше тапқырлық істейді. Ол сайлауда ақшаға сатылған ағайындарын қайтару үшін Күртібай, Тәйтелі сияқты жуандардың Қарамұрын деген жердегі жалпақ егістігін, 500 десятина жерді Ұзынағаштың мұжығы Авручка деген орысқа бір жылға 1000 сомға арендіге беріп, ақшаны алып елге үлестіреді. Тәйтелі, тағы басқа ағайындары ол жылы егін сала алмай, жеріне бір жылға Аврушка ие болып қалады. Содан үлкен жанжал шығып, осы төбелесте Жәкеңе де таяқ тиеді. Артынан ағайын татуласып бас қосып отырғанда:
Сәдібектен бөлініп болдым саяң,
Нарықсыз жамандардан жедім таяқ.
Түбің бірге болған соң, түтпейсің ғой,
Бәлені жаудырып ең аямай-ақ.
Үш тоқал болыс болды атпай-шаппай,
Қисыбай, іс істедің ебін таппай.
Күртібай үш тоқалға еріп кетті,
Адасқан ай жарықта ақ боз аттай», —
деп айтқан Жамбылдың осы өлеңі бұл оқиғаның болғанына дәлел. Бұл оқиғаның кезінде Жамбыл ру басы, партияшыл кісі болып кіріспеген. Бірақ Екейдің, оның ішінде өз атасының нашарларын жақтап Күртібай, Қисыбай, Тәйтелі сияқты атқамінер жуан ағайындарының елді саудаға салып, болыстықты байға сатқанына ыза болып қарсы тұрған. Нашарлардың сыбағасына істеген зорлығына ерегіскендей, оларды тартыста жеңіп алмағанмен, олардың жанына бататын жерін сатып, нашар ағайынға аузына су тамызғандай, аз да болса пайдасын тигізген.
Бұл оқиға Жамбыл өмірінде өте бір ескерулі кезең болған. Ол осы тартыста өзімен өмір бойы дос болып келген Қисыбаймен де көргісіз болып араздасқан. Өзіне ұстаз тұтқан Сүйінбай ақынның баласына болыстықты кезі тірісінде бергізбеуге басшы болып қарсы шыққан. Бұрын ағайын, туғанның бәрін дос, бәрін бір атаның баласы деп, туысқаншылық істеп, тұтас қарайтын Жамбылға ағайынның да ағайына бар екені, жуандардың сыры өте-мөте осы жолы ашылғандай болады. Осыдан кейін ол осы өзі жақын көрген Қисыбай, Күртібайларға өлеңмен тиіп, мінеп отыратын сыншы бола бастайды. Қисыбай Жамбыл сөзін көп кектемейді екен. Өйткені Қисыбай да өлеңді әдет қылмағанмен, бір ауыз, жарым ауыз сөзбенен Жамбылменен көп қағысатын әзілдес болған. Бұлардың арасындағы әзіл өлеңдері өте көп. Қисыбайдан Жамбылдың бірсыпыра жасы үлкен екенін жоғарыда айтқанбыз. Бірақ екеуі ете ерте жолдас болғанын да айттық. Сондықтан бұл екеуі өлеңмен көп қатысқан. Бірде Қисыбай мен Жамбыл екеуі өздерінің Есболат деген аталарының бір дәулетті кісісі Қайназар деген байдың үйіне келіп отырады. Қайназар Қисыбайға әзілдеп: «Мына Жамбылдың өлеңін күнде естіп жүрміз, шырағым, сенің де үніңді естиік, бір кішкене өлең айтшы!» — дейді. Сонда Қисыбай:
— Қыз өсірдің бұладан,
Ит жинадың құладан..
Aт мінесің қасқа аттан,
Қатын алдың ақсақтан», —
дейді де: «Ендігісін, Жәмеке, сіз айтыңызшы», — дегенде, Жамбыл:
«Қасыңа келген ақсақты
Кәпірден жаман қаңсаттың.
Қарағаш, алмаған ектің шайырды,
Жаман-жақсы болғанмен,
Қайназар атың жайылды», —
депті.
Міне, осылардың осылай да қатар бір өлеңді бөліп айтқан көздері де болған.
Жоғарыда айтылған Қисыбай мен Жамбылдың партия жөніндегі өкпелері біраз уақытқа созылған болса керек. Жамбыл Сарыбай аулына, Қисыбайға кепке дейін қатынаспай жүреді. Сонан екеуі бір жиында кездесіп қалады. Жамбылға Қисыбай сәлемдесіп:
«Ассаламағалайкүм, Жамбыл ағам,
300 сом қарыз болып мінді маған.
Шешең жаман кісі еді күңге шатыс,
Баласы ең Жапа ағамның айттым саған», —
дейді. Өткен сайлаудағы таласта көп шашылған ақшадан Қисыбайдың мойнына бірсыпыра ақша мінсе керек. Және Жамбыл Күртібайдың Тәйтелінің 500 десятина жерін орысқа 1000 сомға жалдап, ақша алғанын естіп, осыдан барып айтылған сөз болса керек. Сонда Жамбыл жұлып алғандай:
Шешеңіз сарт болғанда, әкең ақсақ,
Айтысалық сенімен өлең тақпақ,
Жетігенттік сарт қызы шешең Бүбі,
Сен де қазаң болар ма ең үш жыл бақсақ», —
дейді. Жұлып алғандай Қисыбай да:
«Жамбыл тайпақ,
Жамбыл өлең айтады құдай жайқап,
Жапекемнің оң көзі қалай еді,
Өлерінде көріппең оны байқап? —
дегенде, Жамбыл:
«Соқыр көзі әкемнің алтын депті
Сарт қазаққа бүгінде мансап жетті.
Болыстықты өзіңнен алып қойсам,
Іздеп таппай жүрерсің
Жеті кентті.
Қасқа айғырдың тізгінін қағып жүрсің,
Сарекемнің жылқысын бағып жүрсің.
Сендей сарттар базарда нан сатып жүр
Наның сатпай бұл жерде неғып жүрсің?» —
деп ащы тілге Жамбыл да Қисыбайдың жер-жебіріне жетеді. Бұл өлең ел аузына таралып кетеді. Бірақ Қисыбай оны өзекті кекке айналдырып алысқа апармай, о да Жамбылға өзінің осы сияқты бір ауыз, жарым ауыз өлеңдерін айта жүреді. Бірақ ол өлеңдердің бәрі біздің қолымызға түскен жоқ.
Жамбылға әкесінің алғашқы айттырып әперген әйелі Момын деген кісі. Жаныс елінің Орымбет деген руының қызы екен. Момын деген кісі момын десе, момын адам, бұйығы ғана шаруасына ие кісі болса керек. Бұл кісіден Жамбылдың 3 ұл, 2 қыз баласы болған. Момыннан туған 3 ұлдың ең үлкені Қожақ ержетіп үйленіп, енші алып, Бөлек шыққан кезде жастай ауырып өледі. Одан бала қалмайды. Онан кейінгі баласы Қожаш 1933 жылы өлген. Бұл баласы — ақындық жағынан Жамбылдың өзіне тартқан, ел арасында белгілі бола бастаған адам. Бұл жайында айрықша айтылатындықтан, бұл жерде оны сөз етпейміз. 3-ұлы Қожамберді, бұ да сол Қожаш қатарлы 32-33 жылдарда өлген. Бәйбішенің баласынан қазірде ұзатқан Гүлтай деген қызы ғана тірі (Амангелді колхозында тұрады).
Жәкеңнің әкесі өліп, ағасы Меккеде өліп, онан кейінгі інісі Қоман тағы да өліп, 1895-жылдан 1910-жылдардың арасы өте ауыр жылдар болған. Осы кезде Жәкеңнің күйі ауырлап, өмір қызығынан көңілі суынғандай, өлеңнен де біраз тоқталғандай болады. Оның үстіне Жәкеңнің көптен жолдас болған бәйбішесі Момын да сол кезде өледі. Содан кейін Жәкең осы Тезекбайдың шешесі Қанымжан Итқара қызын айттырып алады. Ол кісі — Дулаттың Ботбайынан тарайтын Тілеуқабыл деген руының ішіндегі Итқара деген кісінің қызы Қанымжанды айттырып алған кезде, Жамбылдың 100-ден аса жылқысы бар, жақсы дөңгелек дәулетті болған. Қанымжаннан төрт Ұлтуған. Олар: Алғадай, Шыныбай (бұл жастай өлген), Ізтілеу, кенжесі Тезекбай. Алғадай мен Ізтілеу Отан соғысы кезінде әскерге алынып, майданға барған. Ол балаларынан қазір хабар жоқ.
Жамбыл қыздай алған бұл екі әйелінен басқа, ағасы Тәйті Меккеге кетіп сонда өтеді, сол ағасының қырғыз қызы тоқалын Жамбыл алады. Одан бала болмаған. Ол кісі де ерте өліп қалады. Одан кейін інісі Қоман өліп, оның әйелі жастай жесір қалған соң, оны да Жамбыл алған. Бұл келінінің аты Ардан деген кісі екен. Арданнан бір ұл, бір қыз туады. Ол балалары осы күнде бар. Сонымен, Жамбыл өз кіндігінен 11 бала көрген. Олардың қазір тірісі төртеу: екі ұл, екі қыз, қалғандары өлген.
Жамбыл өз өмірінің ішінде әлденеше әйелді сүйіп, бірақ оның ешқайсысына да қолы жетіп ала алмаған. Жамбылдың алғашқы жас кезінде бір қызды ала алмай қалғанын біз жоғарыда айттық. Одан кейін Сүйінбайдың қасына еріп жүріп бір келіншекпен танысып, оны да алып қашады. Бірақ оны да сіңіре алмай қайтарып бергенін осы әңгіменің ішінде жазып отырмыз. Тағы сол сияқты өздерінің жақын ағайыны Ораз дегеннің Баяу атты сұлу әйелімен көңіл қосып, жақын болған. Ол әйелдің күйеуі Ораз дейтін жігіт өліп, әйел жесір қалады, әмеңгері Ожан деген жігітті Баяу менсінбейді. Жамбылға тимекші болып көп талпынады әйел. Бірақ ол күндегі әйел еркінің ғұрып тұзағында болғандығы бұларға бөгет болған. Және Жамбыл көбінесе ағайынның өкпесінен именіп, оны да ала алмай, ел талқысынан шыға алмаған. Мінеки, Жәкең ескі әдет-ғұрыптың сан шырмауына түсіп, әйел теңсіздігі түгіл, өз басындағы азаттығы болмаған. Осындай ауыр халді басынан кешірген, сүйгеніне қолы жетпей, сүймесе жар, үйлеспеген сынық көңілді жамап-жасқап өмір кешірген.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі