Жамбылдың көп әзілдесіп, аса жақсы көрген кісісі Шапыраштының, оның ішінде Есқожа руының ішіндегі Жәпек деген аз атасының баласынан шыққан Қосай Ажыбай баласы деген шешен болған. Қосайдың әкесі Ажыбай момын ғана, жай шаруа кісі екен. Қосай жастайынан ел аузына ілінген шешен адам болыпты. Жетісу атырабындағы Шапырашты, Дулаттың өз тұсындағы адамдары Қосайдың шешендігін аса жоғары бағалаған.
Біз жоғарыда Қосайдың атасы Жәпек Есқожа руының ішінде аз атаның баласы дедік. Қазақтың мақалы бар, «аспанда ұшып жүрген қаз баласы, атаның таяқ жейді аз баласы» дегендей, Есқожаның өскен жуан ауылы Мырзабек, Кәшкенің тұқымдары Жәпек тұқымына көп зорлық істейді. Соның бірі Сұраншының атқа мінген батыр болған кезінде Жәпек тұқымына аса бір өрескел зорлық істейді. Соған өкпелеп Жәпек тұқымы Қарқара Текес жақтағы Албан ішіне көшіп кетеді. Ол кезде жас бала екен.
Жәпек тұқымының Қарқара, Текес бойына қарай ауғаны Сұраншының батыр аты шығып, қатарға кірген кезі дедік. Есқожа ішінде өскен жер Түрікпеннің төрт баласы болып табылады. Бұлар әрі бай, әрі азаматты болады. Сол Түрікпеннің төрт баласынан шыққан жігіттерді бастап ту көтеріп, Сұраншы қырғыз елінен барып кеп мал алады. Малды әкеліп үлескенде, Сұраншы: «Кәшкенің туының сыбағасы», — деп, таңдаулы бір атты оны алады. Екінші «қол бастаған өз сыбағам» деп, бір айғыр үйір қысырақты және алады. Сұраншының бұл өктемдігін Жәпек тұқымының бір жігіті көтере алмайды. Жігіттің аты Ошпыр екен: «Ей, Сұраншы, атамның туы деп бір жапырақ шүберекті ағашқа байлап алып, алдымен оны аласың. Ақ найзамның сыбағасы деп, онан кейін тағы аласың. Біздің Жәпектің де біреуі ақсақал болып, бір қара алса қайтеді?» — деп Сұраншыға қарсы келеді.
Сұраншы маған қарсы сөз айтты деп, Ошпырды ұстатып алып, сол жерде қанжармен басын кесіп алады. Ошпырдың сүйегін үйіне алып келгенде, Сұраншы өзі ой бауырымдап ат қойып келіп, Ошпырдың әкесі Шаңқанға керіседі. Және «Бауырымның сүйегін өзіме бер, ашу жеңді, қазасы өзімнен болды. Құнға жығынды етіп мені құртпа. Ат шаптырып асын өзім берейін, сүйегін өз қолымнан күтіп жөнелтейін», — дейді Сұраншы. Оған жалғыз азамат баласынан айырылып, Сұраншының қаһарлы қанжарынан өктемдік көріп отырған Шаңқан ырзалығын бермеді. Оған Сұраншы да қайтадан сөз қайырмай, аттанып кетіп қалады. Жәпек руының күш қылып, Сұраншыдан құн алуға шамасы келмей өкпелеп көшіп кеткені сол екен.
Шаңқан қартаяды. Жәпек тұқымы Қарқара, Текестегі Албан ішінде кірме болып біраз отырады. Біраздан кейін елді, жерді сағынып Текестен қайта кешіп Алматы айналасына келеді. Шаңқан өзінің жалғыз баласына еселі құн, елеулі кек алмағанын арман етіп отырып, жас Қосайды туысқандарына көрсетіп отырып айтыпты. «Ошпырдың құнын Мырзабек, Кәшкенің тұқымынан сұраса, түбі осы сұрап алады. Осының бетін қайтармай, еркін өсіріп, еркелете беріңдер», — депті. Бұл жерде бірталай уақыт өтеді. Қосай ер жетеді. Жетісу елі орыс патшалығына қарағаннан кейін барлық дау шары орыс Ұлықтарының алдына барып, заңға тірелетін күн жетеді. Сол кезде Жетісу еліне төрт кісіден қазы сайланады. Біреуі Екей Сарыбай, екіншісі Әжіке Смайыл (бұл — Мәңкенің әкесі), үшіншісі Жалайыр Балпық, төртіншісі Тіленші деген кісі болады.
Осылар елдің дауын бітіретін заңды адамдар болады. Бірақ бұларға ұлықтар айдап салып тапсырған ғана дау болмаса, өз беттерімен билік ету, ер құны, жесір дауы сияқты үлкен жұмыстарға қол сұға алмайды. Қосайдың алғашқы атқа мінген, ел сөзіне араласқан кезінде, Албанның ең бір аталы жуан жерінен, Ажыбай тұқымынан шыққан Мақсұт болысты Бақтияр деген байдың баласы Күржібай өлтіріп, сонан үлкен дау болады. Мақсұт туралы Құлмамбетпен айтысқанда Жамбылдың айтқан мына төмендегі өлеңі осының болғанына дәлел.
Батыр Саурық, Сұраншы жаудан өлген,
Халық үшін шаһит болып жанын берген.
Елді қорғап өлгеннің арманы не,
Қалың қазақ құрметтеп соңына ерген.
Қожалық қып кетті ме Мақсұт ағаң,
Ағайынмен ұрысып даудан өлген.
Шапырашты, Дулаттың бәрі куә,
Шытыр жеген өгіздей аунап өлген, —
дейтіні осы Мақсұт өлімі. Мақсұтты өлтірген Бақтияр баласы Алматы қаласындағы Әпсемет деген шала қазақпен жалғасып, Әмір Әмзе деген зәкүншік арқылы үйезге көп пара беріп, Мақсұттың өзінің өлімін аяқсыз кетіретін болады. Мақсұттың өз өлімі былай тұрсын, оның артындағы баласы Мәсімханды және Ажыбай тұқымынан 12 адамды жер аудармақ болады. Осы улан асыр дауда Сарыбай да, Қосай да болған.
— Жігіттер, бір іс зиян, бір іс пайда,
Бір қырсық пайда болды Ажыбайға,
Қиын күн Ажыбайға болып кетті,
Қосеке, Мәсімханды мықтап ойла.
Аспанға алып қара құстай алып ұшқан
Кешегі ер Мақсұттың құны қайда? —
деп, Албан Одаман ақынның Қосайға айтқаны бұл оқиғаның болғанына дәлел. Және Қосайдың осы дауда ерекше озып шығып, ел көзіне түскеніне де бұл дәлел. Параны көп алып, Әпсемет Әмір, Әмзе арқылы Бақтияр жағына болысып, ояз елге жауап бермей қояды. Сонда Қосай отырып: «Ұлық ашуланғанша кісі айтатын сөзін айтып болмай ма?» — дейді. Сонда Сарыбай отырып: «Оңай болса, өзің барып айтсаңшы», — дейді Қосайға. Қосай орнынан ұшып тұрып ояздың қасына келіп: «Арыз», — депті. Сөзін тыңдамай қырыстап, ояз жүре береді. Қосай даусын қаттырақ шығарып: «Тоқта, ұлығым, өзіңе жалғыз тараншы керек пе, жоқ, мына тұрған жұрт керек пе? Мына жұрт шындаса, өзіңді де әурелемей ме?» — дегенде, ояз тура қалады. Қосайға атпаған қабақпен қарап: «Е, неғыл дейсің?» — депті. Қосай именбестен: «Менің айтқаным — мына отырған елдің арызы. Ел керек болса, елдің арызын тыңдайтын болсаңыз, мына шала қазақтың көзін жоғалт», — деп, қолымен Әмір, Әмзені көрсетіпті. Ояз ойланып тұрып-тұрып: «Бұл ел сөзі ме, жоқ, сенің өз сөзің бе?» — депті. Қосай: «Бұл елдің де сөзі, менің де сөзім, сенбесеңіз, мына тұрған елден сұра», — депті. Жұрт: «Бәріміздің сөзіміз», — деп шу ете түсіпті. Сонан ояз өзінің ойланып қойған теріс бетінен тоқталады. «Олай болса, жұмыстың бітімін қазылар айтсын», — деп, билікті елдің өзіне береді. Қосай келіп қайтадан орнына отыра бергенде, Сарыбай Айдос баласы: «Қосайым, Қосай-ақ екенсің ғой», — депті. Қосай: «Сареке, мені несін салмақтайсың, мен есейсін десең, есесіз кеткен ерімнің құнын әперсеңші», — депті. Сарыбай: «Қосайым, солай ма еді, жарайды. Сен даула, мен баулайын», — деген екен. Сонан кейін тағы бір жиында Қосай Ошпырдың құнын сұрай-сұрай Сұраншының інісі Андас датқа мен қазылар алдына жүгініске келіпті. Андас жүгінер алдында, өзінен құн сұрап, дауға түскелі отырған Қосайға қарап: «Өспес ұл өнбес дау қуады деп, шіріген дауды шыт жаңа ғып қайтесің? Ағайынбыз, алдымен қонысыңа кел. Ошпырды өлтірген Сұраншы да жоқ, өлтіріскен жолдасы да жоқ. Артында қалған ағайынмен араздық тұтып қайтесің?» — депті. Қосай жұлып алғандай: «Жетпеген дау — жеті кесімді, қолым жетпесе, әлі де жеті рет кестіремін. Қанды қол жоқ болғанымен, қанын ұрттасқан сен барсың», — деп аузын аштырмайды. Сарыбай Ошпырдың құнын кесіп, Қосай Кәшке тұқымынан үлкен теңдік алады: Осы екі бөлеңде Қосайдың аты бүкіл Жетісу еліне жайылып, белгілі шешендігі ел аузында таралып кетіпті. Жамбылдың:
Қызғалдақтай жүзі бар Саймасайдың,
Кесірлі қатыны бар Алмасайдың.
Қырғыз, қазақ бас қосса, топ жарады
Жиреншедей тілі бар ер Қосайдың, —
дейтіні — Қосайдың шешендігіне толық дәлел. Жамбыл бірде Қосайдың үйіне келсе, Қосай үйінде жоқ екен. Әйелі сараңдау кісі болса керек, Жәкеңді аса ұната қоймапты. Жәкең де әйелге қырыстанып жантайып жатса, даладан Қосай келіп: «Жамбыл, неғып жатырсың? Мына кісі тамақ ішті ме?» — деп әйелінен сұрапты. Жантайып жатқан Жамбыл басын көтеріп алып:
— Қосеке, қатыныңның тілі жаман,
Айтжан, Досжан, Мақашың болсын аман.
Елге қырсық қатыннан деген бар ғой,
Өзің ойлан, қалғанын айттым саған, —
депті. «Апырай, Жамбылым, солай ма. Олай болса, ойлана жүретін болдық. Ал өзің де маған жарастықты замандасты қарастыра жүр», — депті.
Қосай 1894-95 жылдардың шамасында өз ағаларына өкпелеп бір старшина елімен Алматы қаласынан көшіп Ұзынағаш болысына барады. Осы көшіп барғанда Жамбыл ауылдарының қоныстарына жаз жайлап, қыс қыстап екі жылдай отырады. Қосайдың жылқысы қысты күні құмға Жамбылдың жылқысымен бірге қыстап шығады. Құм мұздақ болып, Жамбыл мен Қосайдың жылқылары қайтадан тауға қарай серпіліп Қопа деген жерге келеді (Қопа деген жер осы күнгі Түркісиб жолының Ұзынағаш станциясы мен Отар станциясының аралығындағы кең шилеуіт жазық). Сонда келіп жатқанда жылқышының азығы бітіп және жылқыдан арық - тұрақ шықты деген хабарды естіп, Жамбыл мен Қосай екеуі жылқыға келеді. Келсе, жылқышылардың азығы біткені рас екен. Пышаққа жарарлық жылқы болмайды. Екеуі жылқышыға азық алып келеміз деп, Қопаға таяу Бозармақ деген жерді қыстаған Киікбай деген байға барып қонып, жылқышыға азыққа бір еркек қой айдауға жүрмейді. Жамбылға Қосай: «Мына қойды сен өңгер», — дейді. Жамбыл: «Қосеке, қой, Алматыдағы Жәпекке барғанда қойды мен өңгерермін. Кәстектегі Екейге келгенде сіз өңгеріңіз», — дейді. Қосай күліп: «Сен мені кірме қылайын дедің - ау, Жамбыл. Ендеше, мен жетектейін, сен айда; мен бастайын, сен еріп отыр», — депті. Жәкең осы сөзді өзі аузынан айтып отырады екен.
Жамбыл Қосаймен осы жолғы бірге жүргенін өз өміріндегі бір жақсы күндерінің бірі деп айтып отырады екен: «Сол жолы жылқының қосына барып қонған күні бір жақсы түс көрдім. Ұйқтап жатыр едім, қасыма біреу келді. «Жамбыл, саған сақтаулы тұрған қант бар, Қарғалыны өрлесең, өзін де табасың, болмаса, мен ертіп барып көрсетейін, жүр», — деді. Артынан еріп жүрдім, Қарғалыны өрлеп отырып бір сайға келдік, үлкен бір мая қант үюлі тұр екен, «Мынау саған қойған қант осы», — деді әлгі кісі көрсетіп. Мен мұны қалай алып кетемін, көлігім және ыдысым жоқ деп ойланып тұрып, бәрін алмасам да балаларыма біразын ала барайын деп, олжашыл басым қанжығамдағы қоржынға салуға ыңғайландым. Әлгі адам: «Әзір алуыңа болмайды, қашан берілсін дегенде, біз апарып береміз», — деп қоржыныма салғызбады. Сөйтіп жатып оянып кетіп едім. Сондағы көрген түсімнің тәжірибесі менің бүгінгі өміріме келіп тұр-ау!» — дейді екен өзінің осындай сырларын айтқанда Жәкең.
Қосай туралы Жәкең аса құрметпен, оның шешен сөздерін көп айтып отырады екен. Қасқарау Ноғайбай
— Қосаймен әрі замандас әрі әзілдес болған кісінің бірі. Қосайдың ағайынына өкпелеп, Ұзынағаш еліне көшіп келгенін естіпті. Сол кезде Қосаймен бір жиында кездесіп: «Қосеке, Ұзынағашқа қанша үймен көшіп келдің?» — депті Ноғайбай. Қосай жұлып алғандай: «Уа, Ноғайжан, екеуміз ағайынды қайтеміз, тоған - моған сатып жүреміз де», — депті. Ноғайбай үндемей тоқталып қалыпты. Өйткені Ноғайбай өзінің бір жақын ағайынының тоғанын сатып жіберіп, сол ағайындары өкпелеп басқа жерге көшіп кеткен екен.
Сарыбайдың Қисыбайды Қасқарау еліне бір үлкен тойға ат қоса барады. Осы ат қосатын топқа Қосай да барады. Атшабыста Қисыбайдың аты жеке қара озып бәйгеден келеді. Аттың бас бәйгесін алып тұрған Қисыбайға келіп Ноғайбай: «Қисыжан, мына атты сен де бәйгеге бірнеше қосып қызығын көрдің ғой, ендігі қалған аяғының желін көрейін, ағаңнан алып кетіп қайтесің, маған байлап кет», — депті. Қисыбай атты да қимай, Ноғайбайды да ауырлап ашып жауап айта алмайды. Кешке келіп қонып отырған жерде: «Қосеке, көкең атты сұрап қалды, ақсақал адам еді, не айтамыз» деп Қисыбай ақылдасса, Қосай үндемепті. Таңертең Қисыбайлар тұрып жүргелі жатқанда, Ноғайбай тағы келіпті. Қисыбай: «Қосеке, Қоқан тағы келді, не айтамыз?» — десе, Қосай тағы үндемепті. Ноғайбай кейіп отырып, жұртқа амандасып болып. «Қисыжан, кеше бір сөз айтып едім, мына балалар сол атты әпер деген соң, тағы келіп отырмын», — депті. Қисыбай үндемей бөгеліп қалады, жантайып жатқан Қосай басын жұлып алып: «Біз саған атты бердік, ал сен бізге не бересің?» — депті. Ноғайбай: «Сен ат берсең, мен қыз беремін» дейді. Қосай: «Ол бізге беретін қызыңның бұрын неше байы бар еді?» — депті. Ноғайбай үндемей атына мініп жүріп кеткен екен. Өйткені Ноғайбай өз қызына бірнеше жерде құда болып, қалың малды бәрінен де алып, қай көп бергеніне береді екен де, қалғандарына қыз да жоқ, мал да жоқ, аяғы үлкен даумен тарайды екен.
Қосай айтады екен: «Өзімнің кісіден сөзге мүдіргенімде, Ноғайбайдың әйелі Әселден ғана мүдірдім (Әсел — атақты Байсейіт батырдың қызы, Қойшыбек батырдың немересі, өте шешен болған кісі). Бірде Ноғайбайдың үйіне келсем, Ноғайбай үйінде жоқ екен. Әселден өзім де сақтанып-ақ жүруші едім, сөйтсе де осы жерде бір мүдіртермін дегендей: «Ноғайбай кеткелі көп болды ма?» — деп сұрадым. Әсел: «Соны кім есептепті», — деді. Сөзі қалжың шалыстау болған соң: «Немене, Қоқаңнан түңілейін дегенсің бе?» — деп едім, «Мен масқараның біреуіне ғана қатынмын ба, мұндағысы да жетеді ғой», — дегені. Аузыма құм құйылғандай болды. Өйткені Әсел жөнінде Дулат ішінде ертедегі бір әңгімеден өсек бар еді. Соны айтты Әсел, орнымен тауып айтты. «Аталы сөзге арсыз таласады» деп, несіне таласайын, тоқтадым», — дейді екен Қосай.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі