Жамбылдың жасы алпыстың ішіне кірген кезде Екей, Есқожа рулары қыстауға орнығып, жылы үй салып, қыс жылы там үйде болып, жаз киіз үйге кешетін болған. Қарақыстақ өлкесіне алғаш жылы үй салып үлгі көрсеткен — Есқожа руының ішінде Қалиқұл деген молда болған, бұ кісі Мырзабек тұқымы, өзі (Әулиеата) Жамбыл қаласында тұрып оқып, содан келгеннен кейін сол жақтан керуі бойынша жылы үй салып және үйдің айналасына ағаш еккен.
Осы Қалиқұлдан көріп Сарыбайдың Қисыбайы 1905 жылдардың шамасында жылы үй салған. Одан Жамбылдың өзі 1910 жылдар шамасында осы күнгі колхоз аулының бер жағындағы ескі қорасының орнына үй салғызды. Қалиқұл, Қисыбайлар үй салғаннан бастап, Екей, Есқожаның көпшілігі үй салып, айнала ағаш егу, әсіресе Мырзабек, Кәшке рулары өз алдына алма бақтарын егуді үлгі етіп әкеткен.
Шалтабай, Нұртай сияқты Құдайберген балалары үлкен-үлкен бақтар салып, үйлерінің маңайын түрлендіре бастаған. Олардың ол бақтары осы күнге дейін бар, қазір колхоз пайдаланады.
Молдадан құтылмайды амал, айла,
Өсіріп жерден шыбық тапты пайда.
Ағашты қойдай бағып қоздатқанда,
Жинаған қора толы малың қайда, —
деген Жамбыл өлеңі Қалиқұлға айтылғанда жай айтылмаған. Қалиқұл ағашты өсіріп малға сатыпты. Жәкең үйін жабуға ағаш сұрағанда, Қалиқұл сатамын деп бермепті. Сонда айтса керек. Бұл 1909 жылдары шамасында. Қалиқұл молдалығы болмаса, кедей кісі болыпты. Жамбылдан үлкен екен, бірақ көп қалжыңдасып ойнай береді екен.
Есқожа елінің іші бір кезде өзара партия болып екіге бөлініп, араларында үлкен айтыс-тартыс, араздық болады. Есқожаның Таңатар деген атасының баласы Түргендегі Шапыраштыға бармақшы ағайынға өкпелеп орнынан аумақшы болады. Сонда бұлардың көшіп барамыз деп, Түргендегі ағайындарына жіберген кісісіне Түргендегі ағайынынан кісі келіп, көшіріп алмақ болады.
Талдыбай, Ботамбай деген екі ағайынды кісі басында көшпекші болып, артынан Ботамбайдың қонысын тастап кеткісі келмей айтқаны:
— Жайлауың тіпті суық, қар жауады,
Дірілдеп қатындарың қой сауады.
Біздерге көшпейсің деп өкпелейсің,
Азапқа ондай қиын кім ауады.
Әлдеке, жерден ауған тегі оңбайды,
Айрылған өз елінен бек оңбайды.
Там салып, жоңышқасын бәрін тастап,
Тастаған мұндай рабат тегі оңбайды», —
деп жырлапты. Бұл өлеңді айтқан Сүлеймен Тәйкім ұлы «Октябрь» колхозында, ол кісінің айтуына қарағанда, бұл 1900 жылдан бері жерде көрінеді.
Бұл кез Жәкеңнің дәулеті шағындалып, кедей тартқан кезі болады. Бір жағынан өрісі тарылған, екінші жағынан патша отарының алым шығыны басып, халық күйі ауырлағанда, Жамбылдың да күйі ауырлайды. Бұл кездегі Жамбылдың арқа сүйері домбыра болып қалады.
Ел жайлаудан қайта серпілер кез Қарақия, Сарыжазық, Құлансаз, Үлкенсаз, Суықтөбе, Ақтасты, Желдібайды жайлаған Шапырашты, Дулат рулары жұрт жаңартып, бір серпіліп қайта көшіп қонады. Желдісайдың сонысын шайып Жылқыбай сияқты Сәдібектің (бұл Жамбылдың аталары) байлары Асусай жотасына келіп тоқтайды. Малы шағындалған Жамбыл ауылдары Желдісайдың киікоты, тықыр бетегесінің түбінде отырып қалады.
Жетісу елін жандарал Алматыға тойға шақырыпты, әнші, домбырашы, ақын, жырау, жүйрік ат, қыран бүркіт — бәрін әкелсін деп бұйрық болады. Осы тойға баруға Жамбылға да хабар болады. Жылқыбай, Шалтабай, Тәйтелі сияқты атты, жабдықты байлар тойға жүргенде, Жамбыл да жүреді.
Той-жиын дегенде арқаланып, көтеріліп кететін Жәкең бұл тойға аса көңілденбейді. Бірақ ақынды қалдырмасын деген бұйрықпен болыстар қалдырмай алып жүреді. Жәкең бұл тойдың не екенін, қайда, кімге өлең айтатынын онша біле қоймайды. «Сол жылғы жаз да, жайлау да кедейленген өмір түріндей сұрғылт, көңілсіз еді», — деуші еді Жәкең өзімен сөйлескенде дейді білетіндер.
Бәйге атын алып, жорғасын мініп, тойға жүрген байлармен, болыс, билермен Жамбыл да бірге жүреді. Жамбыл айналасы Мақаш сияқты әрі батыр, әрі ақын Үмбетәлі сияқты шәкірттерімен шоғырланады.
Той Роман тұқымының 300 жылдай үздіксіз патшалық құрған құрметіне жандарал жасаған әрі той әрі көрме болады. Алматы қаласының тау жақ қырындағы Үлке нарықтың сыртынан үй тігіліп, сол жерде болады. Ақындар, әншілер, домбырашылар бір үйде болады.
Тойға 15 ақын жиналады, олар: Дулатты Шағатай руынан шыққан Шарғын ақын, Меркедегі Ысты Майкөт ақынның баласы Арқабай ақын, оған еріп Мамырайым ақын, Жаныс руынан шыққан Мүсіреп баласы Сәдібек ақын, Бұйдас руынан шыққан Жанақбай ақын (бұл әлі тірі) Әлгі руынан шыққан Қарабек ақын, Әбдіқадыр Қасымбаев ақын (о да тірі қазір «Новая жизнь» колхозында), Қасқараудан Мұхаметжан ақын, Есқожадан Өмірзақ жаршы Жамбылдың жақын шәкіртінің бірі Үмбетәлі ақын, Жаныс руынан Шүктей ақын.
Осы жиналған ақындардың бәрі де Жәкеңнен кіші, көбі өзінің шәкірттері. Жәкеңді осы ақындарға басшы етіп, жауапты қылып қояды әрі ешқайда бытыратпа, әрі патшаны мақтап өлең айтқыз дейді.
Бірақ Жәкеңе бұл той онша әсер етпейді, шарықтап өлең төгерлік ықыласы болмайды. Жандаралдың тілмашы Бақия Сырттан баласы, уездің тілмашы Тергеусіз баласы тапсырманы ұғындырады. Бірақ ақындар не жырлады, нені айтып жатыр, онымен ұлықтардың жұмысы аз болады. Бір үйге жиналған жиырмаға тарта ақынға Жамбыл ақсақалдық етіп, басқасына сөз үлгісін айтып беріп және қыдыртып өлең айтқызбауға Жамбылды ие етеді. Сол жерде тойға келген ақын, әншілерді қатар отырғызып суретке түсіріп алады. Мұның өзі оларға маңдайына жоғалмас таңба басқандай болып көрінеді. Ол сурет осы күнде бар. «Түс мезгілі еді, үйде отыр едім, ояз Лихановтың өзі кіріп келді, өзі мас екен. Тілмаш арқылы басқа ақындар қайда, оларды неге тараттың деп маған ақырды. «Мен ақынға қойшы емеспін. Және тамақтары аш, бір үйде қамалып жатсын ба, тамақ іздеп кеткен шығар», — деп ем. — Сен соны айттың деп Лиханов келіп мені төбемнен қойып қалды. «Мынау қайтеді» деп, домбырамды қолыма ала беріп едім, ойым неде болса періп қалайын деп, тілмаш маған қолымен ымбалай, мені жақтап, «өлең айтсын» дейді деп бұйрық етті:
— Әділі жоқ ояздар
Әділетін бұрады.
Ақтаяқты айланып,
Есігінде тұрады.
Жазығы жоқ Жамбылды
Төбеге келіп ұрады.
Басыма бір қойғанда,
Миым кетті айналып.
Лихановтай оязға,
Басым отыр байланып.
Басында сөзін ұқпадым,
Ұқпағаннан бұққаным.
Қайдан бағып отырам,
Аш ақынның ас іздеп
Қаңғырып сыртқа шыққанын, —
дегенімде, тағы да жерді тепкілеп зекіді. Ол екі ортада (Шағатай руынан, Дулат елі) Шарғын деген бір көзі соқыр ақын бар еді, оны бір солдат желкелеп әкеліп үйге кіргізді. Сөйтсем, ол үйдің қасындағы бақтан алмұрт алып жеп жатқанын көріп, желкелеп әкеліпті.
«Сендерді құрметтесе, ұлықтың бағынан жеміс ұрлайсыңдар, бәріңді жаптырып қоям дейді», — деп тілмаш қорқытты. Сол жерде сыртта жүргендер жиналып қалды. Бірақ Ұлыққа қарсы кім сөз айтады. Жұдырығы қатты неме екен, басым ауырып қалғаны», — деп, біз үйіне келіп отырғанда өз аузынан айтты. 12 тамыз, 1944 жылы, өз үйі.
Сол жылы Жамбыл тағы бір үлкен ұлы дүбір жиынға кездеседі. Атақты қырғыз елінің манабы Жантай баласы Шабдан манапқа қырғыз, қазақты шақырып ас береді, асқа Орта жүз, Кіші жүзден де кісі келеді, Ұлы жүз тұтас шақырылады. Ас мал жетіліп, ел күзекке қайтқан кезде беріледі.
«Шабдан асы қазанның бірінен онына шейін созылды, он мыңға дейін үй тігілді, асты басқарып бақылап тұру үшін Алматыдан 9 қазақ орыс, 30 солдат алдырылды: Адамның көптігі сондай, біреуден біреу адасып кетеді. Елді адастырмас үшін Пржевалъ уезіне қызыл ту, Пішпекке қара ту, қазаққа кек ту, өзбек пен ноғайға ақ ту, адасқанға ала ту тігіп, әркім өз елінің жөнін тек тудан білетін болды. Бәйгеге 180 ат шапты, атты Боралдай биігінде (бұл Шабданның жайлау, күзеуі) тұрып қонаға айдап 50 шақырым жерден жіберді. Жиырма бес атқа бәйге берілді. Бәйгеде отыздан артық ат өлді. Екі бала елді. Сайысқа қырғыздан Ақсақал деген сайыскер, дүнген Булар батырдың сайыскері Жүсіп деген қазақ жігіті шығып, екеуі тұқыл найзамен түйесін, Ақсақалды Жүсіп түсірді. Бас балуанды Қарқаралыдан келген Шәкірбек деген балуан жықты», — деп 1913 жылы шыққан Айқап журналының № 3 санында жазған.
Осы асқа Жамбыл да барған. Бір Жамбыл емес Жетісу Әулие атаның сол кездегі домбыра ұстаған ақындарының бәрі барған.
Жетісу, Алматы үйезінен барған қазақтың атқамінер болыстары Сәт, Мәңке, жандаралдың тілмашы Ибрайым
Жайнақ баласы — бәрі ас берген Шабданның Қисамиддин деген баласына кісі жібереді. «Шабдан қазақ, қырғызға бірдей болған кісі еді. Бір ғана қырғыз жоқтай ма, жоқ, біздің қазаққа жол бере ме, бір қырғыз тілін түсінбейміз, біз де манапты қадірлейміз, егер рұқсат берсе, біз де Шабданды қазақ ақынына жоқтатып, жар айтқызамыз», — дейді. Басында тек қырғыз ғана жоқтайды. «Қазақ ақындары өлең айтып, топ жиса, аты айыпқа кетеді. Өзі жауапты болады», — деп қойған ас иесі орынды, аталы сөзге жығылып, қазақ атынан бір ақын жаршы болып жоқтасын, бірақ ақынын мына Ұлықтарға, ас басқарған қырғыз манаптарына әкелсін», — дейді.
Қазақ адамдары болып ақылдасып Жәкеңді ұйғарғанда, Жамбыл: «Мен қырғыздың ата тегін мақтауға олақ едім. Және жарды қойып жүр едім, мына Өмірзақ жыр айтсын», — деп, Өмірзақ Қарғабай баласына баруға ұйғарады. Мәңкеннің інісі Қасен болыс оязға Өмірзақты алып жүргенде, Жамбыл: «Ал, Өмірзақ, бір нәрсе ілінсе, енді ілінер, қимылдар жерің келді, жүрексінбей айт, өз атаң ғой, қырғызды дүрілдет», — деп күлді. Бір жағы қалжың, әзіл болса, екінші жағында шындық. Өмірзақтың төртінші атасы қырғыздан келіп Көкшеге (бұл Есқожа руынан шыққан хан атанған кісі) сіңген.
«Қаралы үйдің қасында қырық жігіт бастарын орамалмен тартып тастаған, қолдарында бақан, елді қорып жолатпай тұр екен. Келген Ұлықтар Шабданның өз баласы Қисамеддин, қырғыздың ас басқарған манаптары қаралы үйде отырғанда, Қасен (Өмірзақтың бастаған болысы) омыраулап үйге таянып келіп, «Ал, Өмірзақ», — деді.
— Шудың бойын өрлеген, Екі көбін жерлеген Aт кетпеген кермеден Дұшпанға өткел бермеген. Өткеннен соң хан Шабдан, Көкетай, қандай қылам деп, Үш мың үйді тікті де, Aт жаратып сауын айтып, Кімдер асқа келмеген», — дегенімде, «Бұл кім? Қай ақын?» — деген дауыстар шығып, бір жігіт келіп атымды ұстап, түс деп жұлқылады.
Шошып қалдым, ойбай, жар айтам деп бәлеге қалдым ба, атым айыпқа, өзім паструкке кеттім бе деп. Қасен де аттан түсті, менімен бірге қаралы үйге алып жүрді. Қамап тұрған ел жарылып жол берді, Шабдан батырдың өз үйі есігінен төріне дейін кілем. Отырған Ұлықтар қырғыздың манаптары, біз келіп босаға жақтан отыра кеттік. Ас берген Шабдан елі қараған Пішпек уезінің тілмашы бар ақсақал қазақ: «Мына Ұлықтар сіздің жаршының сөзін жақсы көріп отыр, аты-жөні кім деп сұрады», — деді. Қасен айтып жаздырды. «Ұлық жырласын», деді деп маған қараған соң:
— Айтып жатыр ұлығым,
Біле алмадым басында.
Ұлықтың әділ қылығын.
Сөз берсеңіз жаршыға,
Екі болмай бұйрығың,
Шабдан ханның асында
Жарысқа салдың, жақсылар,
Қырғызда қазақ жүйрігін.
Сөз айтамын қалайдан,
Әдіге не Тықайдан,
Саяқ пенен Бұғыдан,
Есқожа мен Қанайдан,
Есенқұл мен Қынайдан,
Қосты менен Сарыдан.
Құрама жұрттың бәрінен,
Жадігер мен Мендізден,
Жетпіс үру қырғыздан,
Екі Көбін жайлаған,
Шалғынға бие байлаған,
Күндіз, түні ордасы
Қазаны тынбай қайнаған
«Емі» деген қырғызды,
Алдына caп айдаған.
Шабдан ханның асында,
Ұлықтардың қасында
Сөз берсеңіз ал маған
Ағытайын жырымды
Айтар жерім барымды», —
деп бір дем алып тағы бастай бергенімде, тілмен, қолмен жайқап тоқта деді. «Мына Ұлық айтады: басқа кісі жырламайды, сіз жырласын дейді. Енді өзіңе көп сый береді. Мына манаптың баласына еріп жыр айтасың», — деді. Сол - ақ екен, қазақтар көтеріліп, мен далаға шыққанда, жиырма шақты қазақ жігіттері екі жағыма бөлініп мені ортаға ала жөнелді. Алдымда қырғыздың бір қалың тобы тұр екен. Келе ақырып жырлап жібердім:
— Екі көбін жерлеген,
Aт кетпеген кермеден,
Астында бедеу терлеген,
Алысқа қолды сермеген,
Tap кезеңді бермеген,
Көкетай хандай етем деп
Үш мың үйді тікті де,
Сауын айтып aт шапты,
Қырғыз бенен қазаққа
Бұда келген бір дәурен.
Мұсылманның патшасы,
Бұлар да өтті дүниеден.
Шылауын қызыр жөндеген,
Өтпейтұғын өмір жоқ,
Сынбайтұғын темір жоқ,
Қырғыз, қазақ ұлында
Бір пенде жоқ тең келген.
Самидден Мүкіш, құлақ сал,
Айтатын бір сөз сендерге,
Жақсы қымқап кие алмай,
Жақсы жорға міне алмай,
Батыр мен неден құрыдым.
Айтайын деп айта алмай,
Айта алмай тағы к,айта алмай,
Құрып тұр менің амалым», —
дегенде, Шабданның менің қасымдағы Аман деген баласы тарт үйге деп әкеліп, бір қымқап, бір кемер белбеу алып шығып, үстімдегі киімді алып киіндірді. Сонда қайдан келгенін білмей қалдым, Жамбыл келіп қалған екен: «Мен етегіме салған алтынды саған төктім, енді оңаларсың. Бірақ кигеніңді шешпе, мінгеніңнен түспе!» — деді, сол сөзі әлі есімде.
Жамбыл айтса айтқандай, осы жолы көп олжамен қайттым. Ac тарқарда Пішпектің уезі шақыртып алып суретке түсірді. 100 сом ақша берді. Онда да Жамбыл бірге болды. Мен осы астан кейін оннан аса үлкен аста жар айттым. Өмірі кісіге өз аузынан сөз бермейтін Жамбыл Шабдан асында маған сөз беріп, бетімді ашты».
Дулат елі, Бесторсық деген атаның баласы Оразалы деген бай белгілі кісі болған, соның асы: Қасқара руынан шыққан Ноғайбай асы, Қусирақ руынан шыққан Алтай деген кісінің асы, тағы толып жатқан астарда осылайша жар айтқан. Ондай үлкен астарда жар айтушыны бұрынғы атына қарай таңдап шақыртады. Үстіне жақсы киім кигізіп, жақсы жорға мінгізеді. Қасында сол ас берген жердің жанкүйер жақынының біреуі болады.
Ол кісі жаршы ақынды ертіп жүріп, асқа келген кісілерді түсіреді. Сый кісінің алдынан шыққанда жаршы бірге барып жар айтады, өлген адамның аты-жөнін, ата тегін, өзін айтып жарлап, келген жұртқа таныстырады. Жамбылдың тәуір деген шәкіртінің бірі — осы Өмірзақ ақын Қарғабайұлы, қазір ол кісі 82 жаста, «Октябрь» колхозында тұрады, Жамбыл ауданы.
Қазақ халқының басқа жүздерінде ертеден бері болмаған халық ауыз әдебиетінің бір өзгеше түрі осы Өмірзақ ақын жақсы айта білген жар түрі. Бұл тек аста ғана емес, тойда да айтылады. Кейбір үлкен базарда да айтылады. Ұлы жүзде мұны кеп ақын өзіне белгілі тақырып етіп айтып әдеттенген. Біз жоғарыда айтқан Әмір ақын да осы жар түрін жақсы айтқан ақын.
Тойда, базарда жар айтқанда, жоғалған мал, қашқан әйел, адасқан ит, бұралқы болған қой, қозыға дейін жарланып айтылып, елден сұрау салу ретінде болған.
Өмірзақ ақын осы 1945 жылы өз ауылында отырғанда осы жардың жайы сөз болып, сонда өзінің бір әйелге сұрау салғанын айтты. Осы Шапырашты руының бір атасының баласына ұзатқан Дулат руының бірінің қызы барған жеріне наразы болып, бір түнде қашып кетеді. Сол кезде бір үлкен той болып, жұрт жиналады тойға. Келіншектің күйеуі, төркіні, екі жағы да келіп сұрастырғанда, келіншек төркініне бармаған болып шығады. Олай болса, бұған жар салғызамыз деп екі жағы Өмірзаққа ақша беріп, жар салдырып жоқтатады.
Бір топ кісінің ішінен бір жас жігіт шығып, жаршы Өмірзаққа: «Мен білемін, жесір иесін маған корсетіңіз, бірақ көп шүйінші аламын», — дейді. Әмірзақ жесір иесіне айтып, сұраған шүйіншісін беріп айтқызады. Келіншек табылады. Қыз төркіні жесір дауынан құтылады, қайын жағы інісі жаласынан құтылады. Міне, жаршының орны Ұлы жүзде осындай жоғары бағаланып келген.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі