Жамбыл көңілі жабығып, өлеңді тіпті сирек айтып, тек домбыраны күңіренте тартатын сарынға айналады. Біз жоғарыда айтқамыз, Жамбылдың шешесі Ұлдан Орымбет деген елдің қызы екен. Ұлданның нағашысы — Қанадан деген бақсы, ол Жалайырдың бір руынан шыққан, аса қобызшы кісі болыпты. Қанадан күй тартқанда, әсіресе Асанқайғының желмаямен жортқан күйін тартқанда, тыңдағандар жылайды екен. Жамбылдың нағашы тегінен келген домбырашы, күй тарту өнері де болған.
Жамбыл осы кезде сол домбыраның ішегіне сүйеніп күй тартады. Бірақ Жамбыл өз тұсынан күй тартып, сарынға салды ма, оны ешкім айырып айта алмады. Бірақ Жамбыл осы күйлерді жақсы көріп тартушы еді деп «Ыңғайтөк», «Сүрмерген», «Басшылбай», «Күйшілбай», «Ұран күйі» деген күйлерді тартады екен. Бұл күйлердің әрқайсысының әңгімесі бар.
«Сұрмерген» деген күй, — қазақ ертектерінде көп кездесетін атақты мерген. Бірде мерген аңға шығады, жас өспірім баласы ере шығады, көп жүрген соң баласы шаршап, ере алмай қалады. Әлден уақытта мерген аң іздеп, еш нәрсе кездеспей қайтып келе жатса, бір бұтаның түбінде киік сияқты бір нәрсе жатыр. Мерген атып салып қасына келсе, өзінің бағанағы жатып қалған баласы екен. Баласының киік терісі тоны бар екен. Сондағы Сүрмергеннің баласына, өзінің қатесіне күйініп тартқан күйі деп тартады екен.
«Басшылбай» орысқа қараған кезде жазаланып, Сібір айдалып, сонда тартқан күйі екен.
«Ұран күйі» деген — осы күнгі Түркісиб жолының Іле мен Алматы стансасының арасында Байсерке деген станса бар, сол станса тұрған жер Дулаттың Жаныс деген руынан шыққан Байсерке батырдың жері екен. Байсерке аса батыр адам болыпты. Байсерке — қазақ пен қалмақ жауласқан кезде болған батыр. Осы «Ұран күйін» сол кісі жорыққа аттанарда тартады екен. Байсерке осы күйді тартқанда, өзінің Кертөбел деген тұлпар аты ойнап, билеп тұрады екен, тағы осы сияқты бірнеше жыл ойды күймен жұбататын сарын да болған тәрізді.
Жамбылдың күй тартуы жөнінде Үмбетәлі, Өмірзақ, Ыбырайым — бәрі де айтады. Және бізге осы айтылған күйлерді тартып, осы күйлердің әңгімесін қысқа-қысқа айтып берген — Сыдық Малтақбай ұлы деген ақсақал. Бұл кісі Жамбыл ауданы, Жаңгелді колхозында тұрады. Жасы 1944 жылы 78-де еді.
Бұл ақсақал бізге оннан аса күй тартты.
Жоғарыда айтылған 3-4 күйден бөлек, «Абылай шайқамасы», «Қасабек күйі», «Қалжан күйі», «Ердебай күйі», «Ерке атан күйі», «Өзбек күйі» тағы бірнеше күйлер.
Ұлы жүз, оның ішінде Алматы атырабындағы Шапырашты, Дулат ішінде көптеген күйшілер болған, сол күйшілердің кейбіреуі әлі де бар. Бірақ алды 70-80 жасқа келіп, қартайып қалған. Мысалы, Ұзынағаш стансасында тұратын Жантай баласы Бекбатыр деген қарт. Күйші домбыраның ішегін бақаймен тартады, әлденеше күй тартады. Бұл жөнінде бір жинарлық нәрсе — осы Жәкең тартқан күй мұрасы.
Жамбылдың немере інісі Өмірәлі Жадыра немересі Жамбылдың домбырада тартатын күйлерінің біразын тартады. Оның айтуына қарағанда, Жәкең 20 шақты күй тартады екен. Бұл күйлердің бірсыпырасы жоғарыда айтылған Сыдық Ақсақал тартқан күйлер, оған Өмірәлі:
1. «Стамбол күйі»
2. «Есім Саржан күйі»
3. «Көрұғлы сұлтан күйі»
4. «Батыр Қалша, төрт жігіт күйі»
5. «Бозінген әңгімесі»
6. «Абдібектің Кер толғауы»
7. «Едігенің терісқақпайы»
8. «Шортанбай күйі»
9. «Қырғыз Мұраталы күйі»
деген күйлерді қосты. Өмірәлі осы күйлердің көбін өзі тартады. Өмірәлі өлеңге де, домбыраға да ептеген ыңғайы бар. Жәкеңнің күйін тартып және Жәкеңнің ақын баласы Қожаш жайында ол біраз әңгімелер айтты.
Жәкеңнің жайынан әңгімелесіп отырғанда, Өмірәлі мен Тезекбай екеуі Жәкеңнің күй тартуынан мынадай бір әңгіме айтты. «Колхоздастыру кезіндегі асыра сілтеу, өтірік белсенділер көбейіп, шаруаны ағат қыспақтарға ұшыратқанда, біз көшіп қырғыз асып, Көкайрақ өзенінің бойындағы «Ильич» атындағы қырғыз совхозында қызмет істедік. Артымыздан Жәкең де келді, ол кісі де сол совхозда біздің қолымызда болды. Анда-санда бұрынғы үйренген елі емес пе, кетіп қалып, қырғыз еліне барып қайтып жүрді. Бір күні бір тарпаңдау байтал мініп кетіп, Жәкең содан жығылып мертігіп, бір айдай жатып тәуірленді.
Сол жатқанда кеп күй тартып, күні бойы өзін күймен жұбатты, Жәкеңнің мертік асына екеуіміз екі қой сойып бердік. Сонда етті қазанға салғанда: «Ал мен күй тартайын. Күй отызға жеткенде, еттерің піседі», — дейді. Біз әдейі күй көбірек тартылсын деп, оннан аса бергенде, кейін шегереміз. «Немене өнбей кетті, қайта тартамын», — деп басынан қайта тартады. Және әр күйдің өзіне арнаулы әңгімесін айтып отырады. Бұрын кім байқапты. Сол кезде Жәкең өте көп күй тартты», — дейді екеуі. Осылардың айтуына қарағанда, Жәкең көп күй тартқан. Бұл күйлер Ұлы жүз елінің тарихына, өмір күйіне, ерлігі мен елдігіне байланысты күйлер. Әлі де осы күйлерді білетін кісілер аз емес, осыны ескеріп жинап алынса, өте жақсы болар еді.
Біз Жәкеңнің өлеңді сиретіп, домбыраға сүйеніп күйді серік еткен бір кезін айтып, оған кейінгі кездегі кейбір күй тартқан уақыттарын да айттық, жоғарыда айтылған Жәкеңнің күйге бой ұрып, ауылды күй үнімен күңіренткен кезіне 1916 жылдың ауыр оқиғасы кездеседі.
Осы сарынға түскен ақынға, жабыққан жағдайсыз хабар сап ете түседі. Ол хабар үш жылға созылған үлкен соғыстың ауыр зардабы елді қажытқан кезде, қазақтан майданға қара жұмысқа кісі алу (19 бен 31 - дің арасында) туралы жарлық шығады. Бұйрықтың алды-арты елге келіп түсініп болмастан бұрын ел ішінен бірнеше адамдар Верный (Алматы) қаласына шақырылады.
Оның бірі Жамбыл болады. Бұл жерде бір ескерту:
1940 жылы шыққан Жамбылдың бір томдық шығармалар жинағында қысқаша өмірбаянын жазған Есмағамбет 16-жыл жайында:
«Ақын, әнші-күйші қыруар жан,
Аймағын Жетісудың жинап алған,
Сабаннан төсек, ерден жастық етіп
Жатарға жар салғызды aт қорадан», —
деген үш ауыз өлеңді келтірген. Осы өлеңі, жинағындағы «Зілді бұйрық» деген өлеңі сол кезде айтылған.
«Келді де, алып кетті жақсыны айдап,
Барады боздақтардың көзі жайнап.
Күн Ыстық, қайнап тұрған саршатамыз,
Жөнелді абақтыға соры қайнап.
Жақсыдан жақсы қоймай алды санап,
Қамалды абақтыға қырғыз, қазақ.
Білмеді не болғанын сырттағы жұрт,
Қамалғандар тірідей тартты азап».
Бұл өлең құрылысына қарағанда тап сол күнде айтылған емес тәрізді. Өйткені болып тұрған қиянаттың үстіндегіден көрі, артынан еске түсірген сияқты құрылған. Жамбыл сол 1916-жылғы оқиға жөнінде бірсыпыра жыр айтыпты. Бірақ ол жиналып жазылмаған. Жамбылдың өзіне жақын ағайыны әрі ақын, балуан сері жігіт Мақыш осы көтерілісте жігіттерді бастап, сол жылы Жетісу елін көтеріліске бастаушылардың бірі Бекболатқа және сол жылы көтеріліс бастағанның бірі Сатай батыр, осыларға барып қосылған. Мақаш өмір бойы Жамбылмен бірге болған. Өте қадірменді шәкіртінің бірі. 1918 жылғы Алматыда түсетін суретте Мақыш бар. Сол Мақыштың көтерілісті бастап Сатайға қосылған жігіттерінің ішінде Жамбылдың өз балалары да болған. Жетісу, оның ішінде Алматыға қараған Шапырашты, Дулат қазақтарының көтерілісіне бас қосып сөйлесуіне белгі және тиянақ болған жиын — Дулаттың Қасқарау руынан шыққан Султан деген атқамінер белгілі кісісіне берілген ас. Бұл аста кеп ел бас қосады. Асқа Шапырашты Дулаттың ақын, әншілері, атқамінер ел билеушілері — бәрі жиналады. Осы аста ел толқып тұрған кез, бас қосып бір толқынға уәде байлайды. Осы асқа елдің жігіттері өздерінше қару-жарақты байлап барады. Оның себебі ондай топталған жерде приставтар, тыңшылар көп жүретін болады. Сонда Мақаш өздерінің арғы аталары ертеде өлген Жәпек батырдың сауытын үстіне киіп, ақ кебентай бөктеріп еді және ел ортасына:
— Мұсылман ерік кетті баласынан,
Сөзімнің ғибрат ал сарасынан.
Патшамыз бұйрық қылды солдат бер дeп,
31-19-дың арасынан.
Осыған тірі отырып көнеміз бе?
Іріктеп бар боздақты береміз бе?
Болмаса елдік қылып тізе қосып,
Батырға топ бастаған ереміз бе? —
деп өлең айтты. Осы топта Жамбыл да болды. Мақыш осы өлеңді айтқаннан кейін, Жамбыл домбырасын алып ұзақ жырлады. Жігіттер жапырлап Жәкеңді көрсетпей кетті. Өлеңін тыңдатпады, не айтқанын ұға алмадық», — дейді Ибрайым Бейсембетұлы ақсақал, бұл кісі Жамбыл колхозында, Мақыштың немере інісі, Жамбылға 4-5 атадан қосылады, шежіре кісі.
Жамбыл бір ғана сол аста емес, әлденеше жерде ел қамы үшін, жастардың басына келген ауыртпалыққа қатты күйзелген, әсіресе өзінің өте жақсы көрген туысындағы ер жігіттер Бекболаттың, Сатайдың көтерілуі, олардың оққа ұшып, дарға тартылуы аса күңіренткен. Жамбылдың жан күйін онан сайын ауырлатқан жай — халықтың босып Қытайға қарай ауғаны. Қалған елге солдат шығып, ойына келген зорлық, зомбылықтың жасалуы болады.
Шапыраштының өз ішінен ел бастап көтерілген — Қараш батырдың тұқымынан Сатай, Жамбылдың өз ауылынан Мақыш еді. Бұлар майданға алынатын жігіттерді бастап болыс, тілмашқа көнбей, көтеріліс жасайды. Олар Ұзынағаш қаласына бір-екі рет соқтығып, еш нәрсе шығара алмай, Шиен поселкесіне шабуыл жасайды.
Ел ішіне көтерілісті басуға қарумен шыққан 60 солдатқа да Сатай бастаған Шапырашты жігіттері сол Шиен қаласында кездеседі. Қатты ұрыс болады. Сол күнгі ұрыста қазақтар жағын бастаған Сатай оққа ұшады. Оққа ұшқан Сатайдың сүйегін алуға шапқан Мақыштың атына оқ тиеді. Тағы бірнеше жігіт оққа ұшып, мылтыққа беттей алмай қазақтар қайтады. Содан кейін Шапырашты руының бөлең алған жігіттерінің беті қайтып, Қытайға қарай ел аууға қам етіп, бірсыпыра ел ауады.
Өз ауылы аумағанмен, ала жаздай көтеріліске араласып, әуре-сарсаң болған ел қыс қамына мүлде көңіл бөлмейді. Мал да, жан да қыстан мейлінше қысылып әрең жазға ілінгенде, патша орнынан түсті деген қуанышты хабар келеді. Бірақ ол қуаныш та жүдеген ел мен жүресінен шөге еңкейген ақынның еңсесін бірден көтермейді. Патша орнынан түскенмен, өткен ауыр апатқа ұшыраған ел қалыпқа келмейді. Онан ақтардың ылаңы басталады. Аласапыран ұғымсыз күндер ақынды одан да еңкейте түседі.
1918 жылы Жетісу елінде, әсіресе осы Жамбыл елдерінде жұт болып, мал жұтайды. Осы жұртта Жамбылдың бір-екі айғыр үйір жылқысының көбі өліп қалады.
«Руы Екей Байсерке деген кісіге ас беріп, соған ат алып бара жатыр едік, жолда астында арықтау боз байталы бар Жамбыл кездесті. «Асқа жүріңіз бізбен», — деп ала кетпек болып едік, «Қарақтарым, мен өлеңді қойғанмын, сонау Төрегелдіге (жер аты) баруға атым да жарамайды.
— Көрдік қой талай қорлық өткен қыста,
Жігіттер, жамбастасаң шөп уыста.
Қайтесің әуре қылып, асқа сүйреп
Барамын қару жинай келер қысқа, —
деп, бізге ермей, қыстауына қарай кетті. Бізге шынын айтты, қорасының қасынан шебін шаптырғалы соған бара жатыр екен», — дейді Тәкім баласы Сүлеймен ақсақал (Октябрь колхозында) Құсегі қарт.
Осындай бір ауыз, жарым ауыз болмаса, бұл жылдарда өлең айтпаған. Жамбылдың бұл кезде өлеңнен біраз тоқталуына бір себеп: Жамбылдың алғашқы әйелі Момын Орымбет қызынан туған ортаншы баласы Қожаш осы кезде аздап өлең айтып жүреді. Жамбылдың өз көзінше айтпағанмен, оның ойын-тойда өлең айтып, өзінің домбырасына жармасқанын байқаған соң, ақын өлеңнен бой тарта бастайды.
Бірақ Жамбыл өлеңнен қол үзіп, тізгінді баласына бере қоймайды. Бұл жөнінде мынадай қызық мәлімет бар. Бір үлкен той болып, Жамбыл құрметпен шақырылып өлең айтады. Осы тойға Қожаш та келеді. Жастар ортасына алып, Қожашқа өлең айтқызады. Қожаш бұл тойда Жәкеңнің кеп жырлаған аса ұзақ жыры «Көрұғлы Сұлтанды» жырлайды. Жәкеңнің өзінен асыра ұзақ, әдемі жырлаған Қожашты ел, әсіресе жастар Жәкең отырған ақсақалдар тобына әкеліп:
«Жәке, мына Қожаш домбыраңызды ұстауға жарапты, енді Қожашқа батаңызды беріңіз», — дейді.
«Мен өмір серік домбырамды ешкімге бермеймін, бұл — өлгенде өзіммен кететін кәрі серігім. Оны қолқаламаңдар. Жасымды жаңғыртып, жанымды сергітетін өлеңім ғой», — деп жастарға сырын айтады. Бұл жиында Үмбетәлі, Саяділ, Керімбек сияқты Қожаштың замандасы, ақын жігіттер де болады.
Кейбіреулер: «Жамбылдың өзінен басқаға жол бергісі келмейтін белгілі сараңдығы», — дейді. Біреулер: «Баласына да қимайды», — дейді. Бірақ Жәкең өлеңді сондай сүйіп айтқан, тұла бойынан өлең саулап, ерні қыбырласа, өлең төгіп жіберетін ақын Қожашқа жан серігі өлеңді бермейді.
«Жамбыл өлеңді баласынан да артық көрген кісі ғой, өлең бұл кісінің өзімен бірге кетеді ғой», — деседі екен елінің қарт адамдары. Қожаш 1932 жылы өлген. Бұл баласы Жәкеңе бой көрсетпей, өлеңді көбінесе Жәкең жоқ жерде айтады екен.
Көбінесе ауыл арасының айтысы, ұсақ тойбастары сияқты қыз-бозбаланың бас қосқан жерінде айтатын болған. Қожаш өлеңінен сақталып қалғаны өте аз. Тек мына төменде айтылатын Қожаштың бір қызбен жақын болып, содан айрылғанда айтысқан өлеңі бар.
Қожаштың үйленбеген бозбала күнінде Жамбылдың әжептәуір жылқысы бар кезі екен. Сол жылқыны Қожаш өзі бағады. Жамбылдарға туысы онша алыс емес, Бимембет деген кісінің де біраз жылқысы болады. Оның еркек баласы болмайды. Сәулетай деген жалғыз қызы болады. Қыз еркекшора болып өседі. Осы кезде Жамбыл ауылы мен Бимембеттің ауылы жаз жайлауда бірге көшіп, бірге қонып, қыстыгүні тауда бірге қыстайды. Қожаш пен қыз бірге жүріп жылқы бағып, біріне бірі өте ұнайды. Көңілдері қосылып, жақын болып кетеді.
Бірақ бұл қуаныш ұзаққа бармайды. Қыздың әкесі Қастек сағасында егін салып отырып қалады. Жамбыл ауылдары көктеу кезінде Өтегенге көшіп кетеді. Осы кезде Бимембеттің қызына Батыс Қастек елінің бір байы қуда болып, қалың малын беріп айттырып, ұзатып алмақ болады. Сәулетай айттырған күйеуіне баруға риза болмайды. Бірақ Қожашқа барарлық ешбір лаж тағы жоқ. Біріншіден, Қожашпен аралары бұрын қыз алыспаған жақын ағайын, боз бие сойып, босаға аттасу керек. Оған Қожаш өз туысынан белсене аса ала ма, алмай ма, ол мәлімсіз. Және айттырған жер малый шоқ беріп, ұзатып алуға әзірленіп жатыр, ойлануға да уақыт аз қалды.
Қыздың қолынан бар келгені астыртын бір кісіден хабар жіберіп, Қожашты шақыртады. Қожаш келгенде, той болып, отау көтеріліп қалады. Қожаш той бастап:
Өлеңім ақпа - төкпе ағындады,
Адамның кешен болмақ самар жағы.
Па, шіркін, ерен жүйрік тіл болмаса,
Қисынның қиын жатыр табылмағы.
Көңілдің кірін жуып сөзбен төксе,
Шерінен шығарады сағынғанды.
Сен десе, менде тағат тарыдай жоқ,
Қандай күн душар болдың, не қылғалы,
Өтіпті талай ғашық зарлы мендей,
Өмірін бір асауға шарты келмей.
Осы жұрт Қозы Көрпеш, Баян дейді,
Мені мен болды ма екен о да сендей?
Қолынан бар келгені өлең болып,
Сарнаған зарын төгіп тіл мен көмей.
Көзіме сондай болып көрінесің,
Басылмай сауған көңіл сәулем демей», —
деп тойды да бастайды, іштегі ауыр ойды да бастайды. Сәулетай:
— «Адам бар адамда да алуан қилы, Жігіт бар жігітте де балуан, милы. Сіңіріп өз бойыңа алсаң мені, Қойныңа, қолтығыңа басым сыйды. Кеудеңді амал қанша кері тартарсың, Қимайды ішім сені, ренжиді. Көзіңнен aт шаптырым алыс кетсем, Орыным, Қожаш, саған құлазиды. Сен жоқта шырағым не, шырайым не, Мен жоқта мең-зең болып уайым же. Тоқтауға той өткен соң уақытым жоқ, Айтып қал, арманың не, мұратың не? Көрсеткен көптен Ыстық жұлдызыңды, Жаратқан жер мен көкті құдайым да. Жат жұртқа жазды мені тәңір деген, Кетейін амалым не, лажым не.
Қожаш:
— Қырғындай қызық, емес қыздың тойы, Қайғы мен мұң байланған өмір бойы. Жалғанда жаным сүйген сәулем едің, Өзіңдей қайдан болсын қара торы. Арманды көңілдегі ада қылып, Айтпақшы боп отырмын осы жолы. Жак,сыны жатқа қимас болар еді-ау, Еркіне Қожашыңның жетсе қолы. Көрсетті екеуімізге өмір нені, Өткен соң түсімдей-ақ өңімдегі. Безілдеп екі дауыс отыр бүгін Мақсатқа жетпеген соң көңілдегі. Қайысып қабырғамнан сөгілгенше Ішімнен қайғым сыртқа сезілмеді. Салмасын құдай басқа, қиын екен, Бауырдың жүрегіңнен бөлінгені.
Сәулетай:
— Бауырға жүректен де өкпе жақын, Жақынға қос бүйрегің тең соғатын. Екеуміз егіз түнде жылқы бағып, Заман жоқ бұдан былай шарқ ұратын. Ол үшін сарсаң болма, сабырлы бол, Әйелдің таңдап жүріп ал қымбатын. Өзегім өкпе, жүрек сен болғанда, Дейтінім жақын көрме сол болатын. Артына өмір шіркін қайрылмады, Өзіме жолдасымды сай қылмады. Мақтаншақ малға сенген баға білмес, Сүймейді жас жүрегім бай мырзаны. Теңіне қыздың сүйген теңдік беріп, Көреді қашан тәңірім қайғырғанды. Кеспесе пышақпенен қиын екен, Бауырдың өкпесінен айрылғаны.
Қожаш өлеңмен тағы жауап қайтарам дегенде, қыздың шешесі келіп, «Қарағым Қожаш, тойдың аяғы бір бүліншілікке ұшырап кетер. Осы жетеді. Енді айтпай - ақ қой», — дейді. Қожаш осы сөзге тоқтап, енді қыздың көңіліне тоқтау сөз салып:
— Даусым ән дегенде көкке шырқар,
Иірген қойдай болып өлең жусар.
Байқаусыз балалықтың әсерінде,
Қандай күн қапияда болдың душар.
Қырық жыл қырғын болып кетсе дағы,
Заман жоқ қылығыңды мен ұмытар.
Қыз таңдап талай елден барғанымда,
Алмақпын аяқ қылау арқа қымтар.
Бақытты, барған жерің оты болсын,
Ата-енең құдай дейтін сұпы болсын.
Ақылсыз бай баласы бола бермес,
Қолыңа ұстағаның тоты болсын.
Бейілді, берекетті дастарқанды
Көңілдің барып қайтқан қошы болсын.
Айтуға мұнан әрі рұқсат жоқ
Қош айтқан ақтық жерім осы болсын, —
дегенде, Сәулетай да өзінің тоқталып көңілін бекіткен сырын өлеңмен айтып қоштасады.
Мекке мен Мәдинеңдей әке-шешем
Қиды екен көзің қайтып жатқа бөтен.
Шерімді ішке шертіп шешем білді,
Үйіме қонақсың деп бүгін-ертең.
Осындай ертең сұмдық болғалы тұр,
Ойпырмау, кетсем бе екен, қайтсем екен?
Алдыңнан ағатайлап күтіп алам,
Артымнан aт өксітіп іздеп келсең.
Бақытты, бала күннен от боп тудың,
Әкеңнің домбыра алып, жолын қудың.
Дауысың кетер емес құлағымнан,
Бөркемік, болат емес, бостап тұрмын.
Көзіңнен айналайын жаутаңдаған,
Қолыма қолыңды бер, қош боп тұрғын!
Қожаш қолын ұсынып:
— Басыма пайдасы не осы айқайдың,
Тойында сайрамаса Сәулетайдың?
Ақ жүзің, ашық көңіл жарқылдайды,
Нұрындай толықтаған туған айдың.
Буыңмен қуаттанып ішке кірсем,
Таққандап, тауды бұзып тac қашаймын.
Төбеңді анда-санда сағынғанда,
Қараңды көріп жүрсем бір жасаймын.
Осындай сәулем елдің қымбат қызық,
Тұрғанда бір сайрайын қолыңды ұстап.
Қимаймын жазым болмай, жатқа сені,
Қайдасың, күйеу қосшы, мылтықпен ат!
Қайнасып қатып қалған екі қолдың,
Жәкелер, жазығы не, қылышпен шап.
Әйтсе де амал қанша жұрттан ұят,
Шешетай, не қылсаң да енді ажырат!
Белімнен шешілмейтін шер байлап,
Өртіңе күйіп, жанып тұрмын шок, боп», —
деген сөзге шыдай алмай қыздың шешесі жылап келіп:
«Осынша еркіне жіберіп неге бауыр бастырдым? Аулақ жүр деп ұлға айтпадым, тыныш жүр деп қызға айтпадым. Екеуінің обалына мен қалдым. Жұрт, кінәлі кісі, міне, мен, шабар болсаң, қылышпен мені шап!», — деп, шешесі келіп екеуінің қолын ажыратып жібереді.
— Жаңадан қыз болғанда бойды түзеп,
Сақтадым үлкендерден кішкене ізет.
Бірігіп Қожашпенен сонда маған,
Деуші едің, анам, маған жылқы күзет.
Үлкейіп күзет дерті өрт болғанын
Қайтсе де қабыл болмақ соңғы тілек.
Ішіңнен шыққан шұбар жылан едім,
Апатай, көп пе маған төрт-бес минут.
Қожаштың қасіретінен салдым айқай,
Айтқан сөз жанға батып кетті ау, бай-бай!
Қымшаптап қыз басымды ұлға балап,
Өсірдің өз бетімді бір қайтармай.
Шешенің жақсы болды рақымы,
Ер Қожаш, дәурен сүрдік, міне, осындай
Құлақтан даусың кетіп, естен сөнбес
Қолымды босат енді, ал, ағатай!..
Содан кейін Қожаш қыздың қолын босатып, екеуі айрылады. Қыздың шешесімен еріп баратын еліне қызды шығарып салады. Содан үйіне келіп малға қарамай, бірнеше күндей жер бауырлап жатып алады. Қожаштың бұл сырын ауылы көп біле қоймайды.
Қожаштың бұл өлеңін сол тойға барып, жиында болған жас ақын Саяділ Керімбек баласы ұтып алады. Ол кейбір асығыста ұқпаған жерін Қожаштан кейін кездескенде сұрап та алған. Бізге айтып берген — Саяділ, 1945 жыл, желтоқсан ішінде.
Саяділ Керімбек баласы 1896 жылы туған. Сүйегі Дулат, оның ішінде Жаныс, оның ішінде Жұлсейіт деген атаның баласы. Бұрынғы Күббі болысына қараған, қазір де Қаскелең ауданы, Политотдел колхозында тұрады.
Саяділ: «Жамбылдың алыстан атын естіп, өзін көруге құмар болып жүрдім. Бірақ өлең айтқанын, түрін анықтап көре алмай жүргенімде 1920 жылы көктем кезінде Ұзынағаш жаққа бардым. Үмбетәлі, Шоқытай ақын, Садыбек ақын — бәріміз Ұзынағаш базарына бардық. Базарға ел көп жиылған екен. Астында үлкен жирен бар, үстінде көне тоны бар, басында үлкен қара бөркі бар ақсақалды қарт кісі омыраулап базардың ол шетіне бір шығып, бұл шетіне бір шығып жүйткіп жүрді. Мына кісі кім деп Үмбетәліден сұрап едім, бұл Жамбыл ақын деді. Мен осыны есіткен соң, сол кісінің өзін бағып, айналасынан ұзамай, атақты ақынның үнін естісем деп тұрғанымда, базардың шет жағында тұрған бір топ кісіге келіп:
«Кедей көтеріліп қырда тұр,
Байлар бұғып сайда тұр.
Жамбыл ақын мұнда тұр», —
деп жырлап жіберді де, «Әлгі ақындар қайда жүр, неге мына базарды ду қылып өлең төкпейді?» — деп, тағы жүйткіп, базардың шығыс жағына қарай жөнелді.
«Айпыр-ай, мына кісінің арқасы ұстап жүр-ау, тіпті бір жерде тұрар емес қой», — деді базардың шетінде тұрған Иманбай Мәңке баласы. «Сені жетістірді той, оның тілі тиген жерін ойып түсетін у қорғасын емес пе», — деді Сәттің баласы Темірболат.
«Біздің бір жерде тұрғанымызды көріп, аузына әлгі сөз түсе қалды ғой оның», — деді Алпысбай баласы Жұмақан. Бұлардың үшеуі де байдың баласы, әкелері болыс болған шонжарлар Кеңес үкіметі келген соң қолдарынан билік кетіп, базарға да шеттеп, бұқпантайлап келіп тұрғандар еді.
Жамбыл да жоғарғы сөзді осыларды көріп айтты.
Маған Жамбылдың осы айтқан сөзі бірлі ой салғандай болды. Бірақ Жамбылдың шын шешіліп айтқан өлеңін тыңдай алмай, тек осы сөзін естіп қана құмартып үйге қайттым.
Осыдан 3-4 жыл өткеннен кейін, көктем кезінде Қазбек деген жерде Қыстау деген бай (Шыбыл руынан) сүндет той жасап, көп елді шақырды. Сол тойға Оспантаймен еріп мен де бардым. Тойға келіп, ат үстінде тұрып өлеңмен құттықтау айтып едім, бізді келіп аттан түсіріп, бір үйге алып кірді.
Үйде Жамбыл, Шұқытай, Үмбетәлі, Сәдібек, тағы басқа да кеп ақындар отыр екен. Мәжіліс қызды. «Жас ақын, өлеңді сен айт», — деп, бәрі ол күнгі өлеңнің жолын маған берді. Той қылған үй кәп ақша әкеліп тастады. Бәріміз ақшаны ақсақал Жәкеңе ұсындық. Ол кісі алып, елге өз қолынан үлестіріп, «Шырағым, жарайсың, біздің қолымыздан салмақты көтеріп алдың, тілің орамды екен» деп разы болғанын айтты. Мен оған дардай болып қуанып қалдым.
Көп ақынның ішінде, оның үстіне Жамбыл сияқты атақты ақсақал ақынның алдында бетім ашылып, өлең айтуым өзімнің алымымды кең ашып, елге беделімді көтерді. Осы жолы жақсы абыроймен қайттым.
Сонан кейін Жәкеңе көп кездесе алмай жүргенімде, 1936 жылы Мәскеуге жүрерінде тағы көріп, үнін естідім.
Мен орден алып, қуанышты болғанымды естіп, Жәкең қайырлы болсын айтамын деп, бір күні біздің үйге келді. Бұл 1939 жылы. Жәкең келген соң, бар әлімше жайыммен құрмет істеп жатқанымда, ауылымыздың адамдары, колхоз бастығы, кеңес — бәрі келіп, Жәкеңе сәлем берді.
Колхоздың бастығы Оспанбай Қаракүшік баласы деген өзіміздің елдің жігіті еді. Сол келіп сәлем беріп отырғанда: «О, бұл кім?» — деп сұрайды Жәкең. Жөнін айтып: «Мен Қаракүшіктің баласымын, атым Оспанбай», — деді, сонда жұлып алғандай:
«Сенің әкең баяғы Қаракүшік
Көшеде жатушы еді арақ ішіп.
Ауылға содан келіп, молда болып,
Күн көріп жүруші еді бала пішіп», —
деп жұлып алғандай қоя берді. Ешбір ойланған жоқ. Жамбылдың бір ауыз, екі ауыз өлеңді ойланбай айтатынын айтқанда, сондай мерген, өткір айтатынын, бір ауыз өлеңге бір адамның барлық мінезін, жаратылысын тегіс сыйдырып пішетінін көргем сонда.
Оспанбайдың әкесі Қаракүшік деген кісі Қаскелең қаласында орыста мал бағып, шошқа бағып күн көріп тұрыпты. Бірақ тапқан ақшасына көбінесе арақ ішіп қояды екен. Ал ел ішіне шықса, молда бағып бала сүндеттейді екен. Соның бәрін бір ауыз сөзге сыйғызып айтты.
«Әрі әдемі, әрі дәл айтылған өлеңі, сол есіткенде ұғылып, ойымда жат болып қалды», — дейді Саяділ.
«Қызыләскер» колхозының мүшесі Төлеген Жарқыбекұлы жасы 44-терде. Өткен 1945 жылдың желтоқсан күні бізге Жамбылдың екі ретте айтылған 3-4 ауыз өлеңін айтты.
«1921 жылы еді», — дейді Төлеген. — Осы күнгі Жамбыл колхозының күншығыс жағындағы Шотайбұлақ деген жердің қабағынан Ермекбай деген ұста дүкен салып, Оспан ақын о да ұста, екеуі іс соғады. Онда ел колхоздаспаған, ақы алып елдің атын тағалайды, соқасын қайрайды, орағын соғады, арбасын істейді. Күзгі қара қатқақ кез еді. Ат тағалатайын деп келсем, астында арық боз жорға дөнені бар Жәкең де келе жатыр екен. Мен сәлем беріп, екеуміз дүкенге келе бергенде, Оспан ұста дүкен алдынан Жәкеңе сәлем берді де, Оспан қайтадан дүкенге кіргенше, Жәкең:
— Ей, Оспан, сенің атаң Тастемір Таңабайма? Большевик кедей күйін жаңалай ма? Бозжорға кібіртіктеп жүре алмайды, Қайтеді, Оспан мұны тағалай ма? Екеуіңе бергенім жалғыз бақыр, Ақсақ ұстаң қайда жүр, бермен шақыр.
(онысы Ермекбай ақсақ екен).
Сол бақырды бергелі үш ай болды,
Бітпес пе екен болғанша замана ақыр.
Қарсы алдыңда отырған соқыр кедей,
Орақ алып қолына отыр кедей.
Бір орақтан алсаң да бір бұт бидай
Қалтақтайсың, Ермекбай, ішпей, жемей.
Күнгей беттен Ермекбай дүкен сапты
Антұрған күнгей бетті қайдан тапты.
Бірің ақсақ болғанда, біреуің сау
Қайдан қостың екеуің ынтымақты?» —
дегенде, Оспан да, Ермекбай да Жәкеңнің атын тағалап бақырын да бітіріп берді. Жәкеңнің сөзіндегі соқыр кедей деген сол жердегі бір нашар адам екен. Екі ұста бидай әкел деп отыр екен, орағын істемей отыр екен. Оның да орағын істеп берді.
Сол жылы қысты күні біздің ауылдағы Рахмет деген кісі қыз ұзатып, той істеді. Сол тойға Жәкең де келді. Мен келген кісілердің атын байлап, үйге кіргізіп жүрдім. Жәкең аттан түсіп, үйде отырғаннан кейін маған қарап:
Менің мініп келгенім жирен дөнен
Жорға басып аяғын киреңдеген.
Таса жерге байла да, шөп салып қой,
Біреу мініп кетпесін сүйреңдеген», —
деп тапсырды», — дейді.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі