Жамбылдың бұрынғы шығармаларына жазылған қысқаша өмірбаяндарында (1940 жылы шыққан бір томдығы) Жамбылды өте тез сауаттандырып, саясат дүниесін, партияның жақсы, жайлы терең мағыналы бағдарламасын өте шапшаң бойына сіңірте қояды.
Жамбыл да кеңес үкіметіне алғашқы кезде кәдуелгі Түркістан өлкесінің Жетісу елінің кедей шаруасы қатарында түсінген. Кейбір көргендерін сынай сөйлеген кезі болған. Бұл жөнінде Кененнің есіндегі бір әңгімесінде:
«Біз Жәкеңдей емес жаспыз және өзімізді кеңес үкіметі келісімен кедей деп қызметке тартып, құрметтей бастады. Сол кезде Жетісу елін билеп тұрған бір жігіт Ұзынағашқа келіп, Ұзынағаштың батыс жағындағы Қарасу колхозының жанындағы бұлаққа үй тіккізіп түсті. Кедейден болыс сайланатын болып және сайлау өткенше қасында болсын деп ақын, әншілерді жинап алды. Сонда Қордай елінен мен де келдім. Қарақыстақ елінен Мақыш та келді. Бармақ ақын да болды. Үмбетәлі де болды. Заманымыз бір жас ақындар. Неше күндей ән салып, өлең айтып жаттық. Бір күні түнімен өлең айтып, таң ата жатқан едік. Түске таман жай тұрып, жаңа ояна бергенде, сырттан бір үлкен кісінің даусы шықты.
«Ақын болса, ұлық болса, қайтейін, мен де ақынмын.
Ол қызыңды менен бұрын ақын болып па, мен де кірем»,
— деп ұмтылған кісіні есік алдындағы тұрған күтушілер жібере қоймады.
«Ой, үйде қай ақын барсыңдар? Мен Жамбылмын, мына біреулеріңе айтсаңдаршы», — деді. Жәкеңнің даусы шыққан соң, орнымнан ұшып тұрып есік ашқыздым. Әкеліп төрге отырғыздық. Жәкең екен. Біздің қасымыздағы Ұлық жігіті де Жәкеңді білетін еді. О да құрмет етті.
— Тобыңа келсем, сыйым жоқ,
Тентегіңе тыйым жоқ,
Киелік десе, киім жоқ
Базарға барса, тиын жоқ,
Сөзді тыңдар ұлың жоқ,
Жігітіңде қылық жоқ, —
деп жырлап кетті.
Жәкең көп отырып, көп өлең айтты. Онда деген бостандықты жете түсіне алмай, атқа мінген жігіттердің бетімен жаппай шабуылда жүрген кезі еді. Біз сонда Жәкеңнің сөзінен қорқып отырдық. Бұрыннан да тура айтатын кісі. Осы жолы да бетің бар, жүзің бар демей, қатты айтты. Ол кеңес үкіметі алғашқы орнаған кез, базарда киім - кешек жоқ, ақша бағалы емес, заң тәртібіне халық жете түсіне қоймаған кез еді.
Бірақ сайлаушы жігіт Жәкеңе қатты еш нәрсе айтқан жоқ. Көп жырларын қалап айтқызып, «Көрұғлы сұлтанды» айтқызып, қасында қондырып, сыйлап қайтарды.
Жамбылдын, бүлкелуі тек өлең айтып, бір нәрсе алу емес. Сонау сайлауға шыққан жігіт осы Шапырашты руынан шыққан оқыған жас жігіт еді. Ел арасында жүрген кейбір тентек милиционер уәкілдерінің басбұзар тентектігін айтып ой салу, халықтың күйін айтып, ел жайына көңіл қой деп, халық уәкілі сияқты болып көрінді. Жәкеңнің сонша батыл, бар кемдікті туралап айтып беруі — бір ауыз сөз айта алмай, ылғи мақтап отырған бізге сабақ болды.
Жәкең кеткеннен кейін, сайлаушы жігіт бізге: «Міне, шын ақын өлеңді осылай айтуы керек. Шындықты қандай жақсы айтты, ал сендер «теңдік болды, кеңдік болды» дегеннен басқа түк айтпайсыңдар», — деп жатып сөкпесі бар ма», — дейді Кенен Әзірбаев.
Осы жолғы сайлауда Қордай еліне Кенен болыс болады (болыстық атқару комитетіне бастық болып сайланады), Қастек еліне Мақыш Райымбек баласы болыс болып сайланады. Бұл екеуі де ақын. Сонда ел аузында ақындар болыс сайланатын жыл деген белгілі уақыт болып қалады.
Мақыш Қастек еліне болыс болып сайланып келгенде, Жәкең Мақышты өте жақсы көріп, көп қалжыңдайтын және ылғи жанына тие сөйлеп отыратын адамы болған.
«Көкпек жеген түйедей аузынан дем алатын ұры неме де болыс болды-ау», — деп қалжыңдапты Жамбыл. Мақыш та жасы үлкен демей, Жамбылға қатты қалжыңдайды екен.
— Басыңды осы жерде кесейін бе,
Тіліңді қанжарыммен тесейін бе.
Ұры деп ел алдында жамандайсың
Ішінде шершеуіңнен есейін бе?» —
деп Жамбылға тиісіп өлең айтады.
— Қызыңды ....
осы ұры басымды кессе, кесіп алар.
Ернімнен ашуланса тесіп алар,
Садыбектің баласын жиып келіп,
Таудан отын алдырып өшін алар,
Кедейдің одан басқа несін алар?» —
дейді.
Жамбыл осы Мақыш болыстыққа сайланып, бұрынғы бай, жуандардан билік кетіп, әйелге бостандық болып, шын кедейшіл үкімет орнаған соң осылайша таныған. Салмақтың байға түсіп, кедейден сайланған болыстар кедей жағына болысатын кеңес үкіметінің негізгі заңы солай екенін мынау бір ауыз өлеңінде дәл айтып берген.
Жамбыл ол кезде кеңес үкіметіне ықылассыз қарады. Ленинді, Сталинді қазақ даласы білген жоқ, соның ішінде Жамбыл білген жоқ деген сөз шықпайды. Бірақ Жамбылдың түсінуі ел қатарлы, кеңес үкіметі кедейді жақтайтынын, оны бастаған дана адамдар екенін осылайша түсінген.
Жамбылдың Мақышты жақсы көруінде үш түрлі себеп болған. Бірінші, Мақыш ақын, сері жігіт болған. Жамбылдың қасына көп еріп сүрген. Екінші, Мақыш қырғыз, қазақ бас қосқан бірнеше үлкен аста жеке батыр сайысқа шығып, қырғыздардың Тістеуік сияқты ірі батырларын шаншып түсіріп, бәйге алған ірі батыр болған. Үшінші, 1916 жылғы көтеріліске Қастек елінен Сатайға барып қосылып, атқа мінген осы Мақыш болған. Батыл да батырлықты, жаны сері ақындықты жақсы көретін ақын Жамбыл Мақышты осы үш себептен өте сүйген.
Мақыш өз тұсында батыр болған. Мақыштың сауыт киіп айбалта, садақ алып түскен және сауыт киіп атқа мініп сайысқа шыққан суреттері 1913 жылғы көрмеге басылған суреттердің ішінде альбомда бар, 121-123 суреттер. Бұл альбом көпшілік кітапханада.
Жамбылдың көрнекті шәкіртінің бірі, өзі ақындығын да жақсы бағалаған адамы Үмбетәлі Кәрібайұлы, Үмбетәлі Шапырашты руының ішінде Айқым деген атасының баласынан шыққан ақын.
Үмбетәлі Жамбылдың ерте айтқан үлкен жырларын және айтыстарын ұғынып өзі айтып, халыққа да көп таратқан. Шашубаймен айтысы, Құлмамбетпен айтысы, тағы басқаларын бұзбай сақтаған Үмбетәлі. Үмбетәлі 1889 жылы туған, қазір жасы 56-да. «Өлеңді 18 жасымда бастадым. Жамбылды алғашқы көргенім 14-15 жасым шамасы еді. Біздің ауылда Молдабай деген би бар еді. Сол үйге келіп, «Көрұғлы сұлтанды» айтты. Оны айтқанда Жамбыл біраздан кейін арқаланып, көтеріліп, тұла бойы қозғалып, қызып айтушы еді. Менің Жамбылды осы көруім өзіме үлкен әсер етті. Ол кезде ескіше оқып жүр едім. Оқудан көрі өлеңді жақсы көріп дастан, қиссаларды жаттап, шілдехана, қынамендеде той бастап жүрдім.
Жасым 18-ге шыққан жылы, ораза айында үйден қашып кетіп, жарапазан айтып, басыма бір торы ат сатып міндім. Сонан ауылға келгенде Мақыш ақынмен еріп қырғыз асып, үш айдай жоқ болып кеттім. Өйткені әкем Кәрібай орта ауқатты кісі еді. «Әуе таяқ болып кетесің», — деп, өлең айтқызбай үйден қуды. Тіпті бірде пышақпен жарам деп ұмтылғанда, Ықсан деген молда айырып алды», — дейді Үмбетәлі өзінің Жәкеңе еліктеу, ұстаз ету жайынан:
«Осы Мақышқа еріп қырғыз асқаным ақындық бетімді ашты. Ал мен Тоқпақта, одан Қошқарға дейін барып қырғыздың көп жерін көрдім. Көп табысып қайттым. Содан кейін әкем тыйым салмады. Өлеңді қорғанбай айттым. Бұл кезде Жамбылдың өлеңді қойып, қарттық басып қалған кезі еді. Мен ол кісімен кездесуден, өлеңмен қарпысудан қашып жүрдім. Жәкеңнің жақын туысы, әрі өзімен жақсы Тәйтелі Мырзалы баласы деген орта малды, әрі кісілікті болған адам. Сол Тәйтелінің баласы Ноғайбай өз тұсында мысық жігіт болып атқа мінді. Сол Ноғайбай 1925 жылы бір қызын ұзатуға той істеп, тойда маған өлең айтқызып бір тай берді.
Ел жайлауда еді, жаздың әдемі күні. Және сол бір жылдар халық өте көңілді, жетім бала, жесір әйел қоралап қой айдады дегендей ойын-сауықта, өлең-жыр да, ас та, той да өте жиі болып туратын болды. Әлдеқашан өлеңді қаламаған жерде айтпайтын Жәкең де кейбір жиында көңілденіп өлең айтып жүрді. Бірақ Жәкеңнің ондай өлең айтып отырған жеріне кездесе алмай жүрдім. Той мен үлкен думанда өлең айтып жайлаудың самалды түнінде сауықтап алғам және өзім жүлдеге тай алғам, өте көңілденіп Ноғайбайдың үйінде ұйықтап жатыр едім.
— Ұйқыда жатырмысың, қара бала
Сөйлесе, бұл Жамбылдың сөзі сара.
Ертемен олжа сұрап кеп отырмын,
Атаңның әңгімесін тыңдап қара, —
деген Жәкеңнің даусымен оянып, басымды көтеріп сәлем беріп едім, Тәйтелінің өзі де келіп отыр екен.
«Мынаның үнін өшір,
Үмбетәлі, кәне, өлеңді төкші!» —
деп қыздырғаны. Тәйтелімен өзі құрдас, қатты ойнайтын. Соның әлгі сөзіне ерегесті ме, әйтеуір Жәкең бөгелер емес.
Жігітке өтірік сөз залал дағы,
Ашылған жасынан - ақ Жамбыл бағы.
Түнімен өлең айтып бір тай апсың,
Ноғайбай озған жігіт Маралдағы (Марал — аталары).
Мен Жамбыл, Ұлы жүздің сарасымын,
Бір қатар өз тұсымның қаласымын.
Тай берген Ноғайбайды кім деп тұрсың,
Ыстыбай, Қартаңбайдың баласымын.
Алыпсың өлең айтып қара кер тай,
Маралдың тұқымының бәрі де сай.
Тай алдың Ноғайбайдан мақтап - мақтап,
Оны алған соң бoп жатыр көңілің жай.
Танимын мен сөзіңді аңғарынан,
Жамбылдың ешкім кетпес алдарынан
Алдыңа атаң Жамбыл келіп отыр,
Олжа бер, қара бала, алғаныңнан.
Албан өрде болғанда, Дулат бұлай,
Әркімді жаратты ғой жаппар құдай.
Жетпістен жасы асқан заманында,
Кeп отыр Жамбыл атаң олжа сұрай.
Сөзіме менің айтқан көнемісің,
Көңіліңді бұл Жамбылға бөлемісің.
Атаң Жамбыл алдында сөйлеп отыр,
Қане, маған олжаңнан бермеймісің, —
деп жанымды жағамнан алды. Тұра бетінен алуға бата алмай, бөгеліңкіреп отыр ем, Тәйтелі: «Айт және тайдан түк берме», — деп ым қақты. Не де болса, жеңілсем, өлең айтып берейін деп:
Өлеңге айтсақ келер дәрменіміз,
Сөзімнің парасатын аңғарыңыз.
Сәдібектің аруағын бір шақырып,
Қарагер тай ауылыңнан алғанымыз.
Сөзіңе сіздің айтқан көне алмаймын,
Өмірге өтпейді деп сене алмаймын.
Зауыммен аулыңнан бір тай алдым,
Бұдан олжа мен сізге бере алмаймын,
деп едім, «мына қызыңды, не дейді», —
деп домбыраны қайта жұлып алып:
— Олай болса, өлеңді төгейін мен, Өз інім, өзім жұлып жемеймін мен. Тәйтелінің ұлынан бір тай апсың, Кәне, бермей аттаншы, көрейін мен. Олай болса, азырақ сайрайын ба? Халыққа өнерімді жаймаймын ба. Қолыңдағы тайыңды тартып алып, Сүйтіп сені сорлатып айтайын ба, Қалай-қалай сөйлейсің, қара бала, Ерегессең, төбеңді шайқайын ба, —
дегенде, мен де шіміркеніп Жәкеңе айтысып барып берейін деп батылырақ:
- Белгілі, Жамбыл қария, ісің сенің
Бұл халыққа жария күшің сенің.
Аяғыңды байқап бас, тайып кетпе,
Шайнайтұғын мұқалған тісің сенің.
Жамбыл, құрдас емеспін ойнайтұғын
Жеріңе шыға қойған тойлайтұғын.
Бұл жалғанның бір түпсіз тереңісің,
Жесең де қырғыз, қазақ тоймайтұғын.
Аңдап бас аяғыңды аңғарттанбай,
Мұқалған тісің сенің шайнайтұғын.
Жасыңнан Жамбыл ақын атанғаның,
Кешегі Сүйінбайдан бата алғаның.
Шәкірт боп Сүйінбайдан бата алған соң,
Үйіңде бес күн түнеп жата алмадың.
Қырғыз, қазақ баласын жесең дағы
Әлі күнге бір тойып қақалмадың.
Алсаң да алдыңа caп қанша дәулет,
Бір Жамбыл бай сонда да атанбадың.
Жетпіс асып, сексенге келсең дағы,
Ұялмай олжа сұрап қақаңдадың, —
дегенімде, «Енеңді ұрайын, бермесең қойшы», — деп, домбыраны тастай бергені, — дейді. Жәкеңмен ойын-шыны аралас осылай бір қарпысып қалдық.
Жамбыл өз туысқандарынан басқаға бір тоқты шыққанды ұнатпайтын, сөзі өте тар кісі еді. Менің тай алғанымды естіп, «Менің көзім тірісінде қандай ақын Сәдібектің баласынан өлең айтып, олжа алады», — деп келген келісі және мені көбіне өткір қайраған өзі болатын. Сөзімді байқау үшін де айтты. Әйтпесе тайға қызығып ала қоям демес еді. Бұл — Жәкеңнің ең кейінгі айтысы. Бұдан кейін ол кісі ақынмен өлең айтып, қағысқан жоқ. Бірақ ұдайы ащы әзілмен, мерген айтатын суреттеумен қажап отыратын еді.
Мен 1921 жылы Нүрила деген әйелмен айтыстым. Ол айтыста Жамбыл да болды. Бірақ ол кісі өлеңді айтқан жоқ, тек ақсақал болып отырды.
Нүрила Дулат елі Болсейіт деген рудағы Бөртеке дегеннің қатыны еді. Атақты Мәңкенің Ажке руынан Шапырашты ішінде інісі Хасеннің әйелі еркек бала тауып, үлкен той істеп, Алматыдан Бәрібаев тағы бірнеше оқыған қызметкерлерді шақырды. Тойға Әпежек деген ақын, Сәмбет руынан Бармақ ақын, Екей Арғымбай, Мақыш, Қасқараудан Кенен — бәрі келеді. Бұрыннан Нүриланың аты шығып жүрген ақын әйел еді. Бәрібаев «Сендермен айтыстарымыз», — деп әйелді шақыртты.
Әйелдің босанғанына 3-ақ күн болған екен, сүйтсе де келді. Бәйгеге құнан атап, жібек көйлек, торғын шәлі тігіп: «Кәне, кім айтысады?» — дегенде, ешбір ақын бата алмай бөгелген соң, мен айтысайын деп бел байладым. Айтыс басында қайым өлеңмен басталып, аяқ жағы қызу болып кетті. Әйел аса ақын екен, әрең дегенде тоқтаттым.
Құнан атанды маған берді де, киімдік жібектерді әйел алды. Онда Жамбыл өлеңді де айтқан жоқ, билік те айтқан жоқ. Ол айтысты артынан көбейтіп, өңдеп және Жамбыл төрелік айтты. «Нүриланы Жамбыл шақыртты», — деген Саяділ Кәрімбаевтің жанынан қосып жүрген сөзі дейді Үмбетәлі.
Ел арасының біріне бірі айтатын ұсақ қалжыңын да Жамбыл ойына көп сақтап, әсіресе ауыз екі қалжыңға алғызбайтын еді дейді.
Дулаттың Жаба деген руынан Кеймұлда Айтақұл баласы кеңес үкіметінің тұсында көп қызмет істеп, Жамбылдармен бір ауданда болған. Жасы кіші болса да Жамбыл оны жақсы көріп, қалжыңдап отырады екен. Сенің аталарың дулаттың ішіндегі жүректісі болған екен-ау деп:
Есікті мен Талғарда Екей жатқан,
Жыланкөз бай желісін атпен тартқан.
Байлығымның желісі сол емес пе
Тоқсан нарға Жауарбай көген артқан, —
деген өлеңді білесің бе, оны мақтандырып қойып: сенің бір атаң Жұмағұл деген аса батыр болыпты.
Жұмағұл асында боз жорға аты бар бір жақтан келе жатып, аттан түсіп дәрет сындырып отырыпты. Отырған жерінің топырағы бос шаңдауыт жер екен. Зәрі топырақтың астынан өтіп барып бір жерден жылмаң ете түскенде, жылан екен деп өз сідігінен шошып, шалқасынан түсіп, аты үркіп қашып кетіп, үйіне түстік жерден жаяу келген екен деп күлдіріп айтатын еді дейді.
1944 жылы қыркүйектің 5-і күні біз, Үмбетәлі бар сол Қаймолданың үйіне келдік. Қаймолда Красногор ауданы, Ақтерек колхозында ферма бастығы екен. Ол Жәкең жайында бізге бірсыпыра әңгіме айтты.
«1929 жылы Ырғайты болысы ішінде тап тартысы Мыштайық деген бұрынғы атқамінер бастаған елдің жуандары менің үстімнен арыз беріп, Ұзынағашқа шақыртып жабатын болды.
Жамбылдың өте жақсы көретін нәрсесі — қулықшыл тапқыр кісі, әсіресе қорқау бай, қомағай атқамінерлерді алдаған тапқырлықты жақсы көруші еді. Дулаттың Қасқарау деген руынан шыққан Тілеміс деген қу Жамбылмен түйдей құрдас екен. Екеуі өте әзілдес екен.
«Ей, Тілеміс, Тілеміс,
Тілің мірдің оғындай.
Тиіп кетсе, күйдірген,
Сексеуілдің шоғындай.
Қарсы келген жан болса,
Құтылмайды соғылмай.
Құр сүлдесі қалғанда
Қара терге шомылмай.
Кебекбай мен Ноғайбай
Тіліңнен-ақ именіп,
Жүр ғой сені соға алмай», —
дегені Тілемістің қылықтарына өте разы болғандығынан айтылған өлеңі. Жамбыл айтса айтқандай, Тілемістің тілі удай ащы еді. Қасқарау Ноғайбай бірде Тілеміске мені жамандашы депті.
«Ысымайыл, түлкі қажы қатарыңыз,
Дулаттың қариясы атандыңыз.
Қатарыңның бәрі де қажы болды
Ұрлықпенен ағарды-ау сақалыңыз», —
депті, «Мені айттың ғой, енді Әселді өлең етші», — дегенде:
Бір қыз Бәйсейіттің Әсел деген
Аяғын ақсай басып әсемденген.
Шыны бірге қатарға ұстаған соң
Әселің сонан кейін бәсеңдеген», —
депті. Оның тілі осындай ащы екен.
Тілеміс Дулаттың Тілеуғабыл деген атасының баласына (бұл Әмір ақынның елі және Жамбылдың Қанымжан деген кіші әйелінің төркіні. Осы күн Самсы колхозына қарайды) келіп отырса, Үсербай деген бақсы тәуіп бар екен, Сейпылда деген биі бар екен. Осы екеуі де сақау екен. Тілеміс отырып «Қасиетіңнен айналайын Тілеуғабыл - ай. Бақсысы да, жақсысы да сақау, әйтеуір, иттерің түзу үреді екен», — депті. Тағы сол Тілеуғабылдың бір тойы болып, Тілеміс сол тойға келген. Бөкей деген орта малды кісісіне елдің бәрі қол беріп «Қажекелеп» амандасыпты. Тілеміс ол Бөкейдің қажыға бармағанын біледі де, сұрайды.
«Бұл кісі ана жылы елге келген бір қожаға төрт қой беріп, бедел қажы болған», — депті біреу отырып.
«Ту, айт десе, жүгірер тарғыл тазы,
Мұңайтады жігітті малдың азы.
Қаңғып келген қожаға төрт қой беріп,
Аңырақайдың аңғарынан тауып алған беделқажы», —
дегенде ел ду күліп, Бөкей ыза болып, менің ниетімді келеке еттің деп, топтан кетіп қалыпты.
Тілеміс бірде Алматыға келе жатып Тайторы еліндегі Сәт болыстың үйіне қоныпты. Сәттің жоңышқаға байланған бір жақсы аты қылтықтап тұр екен. Тілеміс оны көреді де жүріп кетеді. Сыртынан сұрастырып, Сәттің жатқан үйіне келіп, бірге қонады. Таңертең ерте тұрып, Тілеміс қынындағы пышағын алып өз қынына салып, өзінің пышағын алып Сәттің қынына салады. Сәт көріп, «мұның не» десе, мынау бір қожан пышақ еді, менен гөрі саған лайық. Сонан соң әдейі ауыстырып отырмын», — депті. Сәттің ойында еш нәрсе жоқ. Тілеміс өз бетімен кетеді.
Тілеміс Алматы жақтан қайтып Сәттен бұрын оның үйіне келіп қонады. Таңертең Сәттің бәйбішесіне көрсетіп: «Мына пышақты танисыз ба? — деп сұрайды. Қатыны тани кетеді. «Сәттің мына атының майын сұрап едім, маған берді. Әшейін ауыз айтқанға бермес деп, мына пышағын белгіге беріп жіберді», — дейді. Қатыны Тілеміс алдайды деп ойлай қоймайды, сенеді. Атты Тілеміс мініп кетеді. Сәт үйіне келген соң санын бір-ақ соғады.
Бір аста Сүйінбай ақынның баласы Майлыбай бар, Шапыраштының бірсыпыра атқамінер кісілері тұрғанда, Тілеміс келіп сәлем беріп, бәрімен қол ұстасып амандасады. «Майлыбайжан екен ғой, бұл Жұмекемнің баласы ғой. Жұмекемнің жөні басқа кісі ғой», — дегенде-ақ, Майлыбай топтап жылжып шығып жөнеледі. Өйткені Тілемістің бүлдіргелі тұрғанын біледі.
Тілемістің Жұмекем деп тұрғаны Сүйінбайдың Жұмақ деген ағасы болған екен. Ол кісі аусарлау, бетімен жүріп кететін, қисық болса керек. Екей мен Есқожаның арасында жер дауынан тағы бір үлкен жанжал шығады. Екі ел мал алысып барымталасады, жанжалға ұшырап, малдарын сақ бағып, түн болса бар азаматтары жараған атты мініп, ат үстінде болады. Осы кезде Сүйінбай бір жақтан кешірек келіп, атын суытып қояды да, ел жатар кезде жылқыға апарып қосып кел деп, Жұмықтың жігіт болып қалған баласын жұмсайды. Бала атқа жайдақ мыс салып, ауылдың қасында жатқан жылқыға таянып келгенде, жылқышымен ойнағысы келген бе, барымтаға келген Есқожаның кісісі екен деп, жылқышылар тұра қуып, баланы жабыла ұрып жібереді. Бала жөнін айтуға мұршасын келтірмей қабатынынан тиген сойылға жығылып, тіл тартпай өліп кетеді.
Баланы, атты таныған соң, жылқышылар ауылға хабар береді, Сүйінбай «Құдай қазасы» деп баланың жабдығын өзі ұстап, қояды. Жұмық: «Жылқышылардан құн әпер, әдейі ұрып өлтірді», — деп Сүйінбайға көнбейді. Сүйінбай Жұмықтың айтқанын істемейді. «Менің баламды құнсыз жібердің», — деп Сүйінбайға өкпелеп Жұмық Қаскелеңдегі орыс қаласына кешіп барып, шашын қоя беріп, мұртын баспай, бұрынғыша айтқанда, шоқынады. Етігінің өкшесін бір қарыс биік қылып салдырып, бөркінің торт сайын торт түрлі нәрсемен тыстатып, белбеуіне қанжар байлап, бетімен жүріп, елге жоламай кетеді. Тілемістің айтып тұрған Жұмекем дегені — осы Жұмық. Ол күнде шоқынды деген қандай үлкен ауыр іс.
«Елге қайт, сүйекке мін қылма», — деп Сарыбай да, Сүйінбай да сан рет барады. Бірақ Жұмық қайтпай қояды. Сүйтіп жүргенде Жұмықтың Бейқуат деген жалғыз қызы бар екен, бой жетеді. «Бір оралса, қызына оралар», — деп, сол қызын өздері кісі салып, бір қазақ жігітіне алып қашқызады. Жалғыз қызын алып қашып алған жерге басқа еш нәрсе істей алмай, Қаскелең қасындағы Жантүгел деген жігітке:
«Үйде ме екен, түзде ме семіз қара (Сарыбай),
Жантүгел, пысық жігіт іске жара.
Сөзіне жәдігөйдің сенбеймін ғой,
Жәдігөй елді жеген жүзі қара (Жәдігөйі Сүйінбай екен).
Бейқуат жан, осы маған жоқ, мен саған жоқ,
Арасы екі Дулат жайнаған жоқ.
Базардан ерте кетіп, кешке келсем,
Ақ сырмақ төрде жатыр, Бейқуат жан жоқ», —
деп өлең айтады. Жантүгел Сарыбайға келіп Жұмықтың осы өлеңін айтқан соң, өзі келген бе, кісі жіберген бе, сөзге түсіндіріп көшіріп алыпты. Көпке дейін шашын алдырмай, мұртын бастырмай қисық жүріспен жүрген екен (Ыбырайым айтуынан).
Тілеміс бар, Қасқараудың көп кісісі Қарақоңыздағы дүнгенге барады. Үйткені Қасқарау елінің бір жігіті кәсіп іздеп жүріп Қарақоңызда қаза болады. Оны дүнгендер ұрып өлтірді деген өсек шығады. Қасқарау кісілері осы жігітке қазақша құн сұрап барады. Қырғыздың бір атқамінер жігіті қазақтармен қалжыңдасып отырып: «Сендер де еріккен екенсіңдер, шөлдеп өлген кісілеріңе құн сұрап шұбап жүргендерің не?» — дейді. Тілеміс жұлып алғандай: «Біз шөлдеп кісіге құн сұрап келіп отырғанымыз жоқ, шөлдеген кісіге мұсылмандық етіп аузына су тамызбадың деп ағайындық базына айтып, өздеріңе сынатқалы келіп отырмыз. Ал өздерің сусыны қанып өлген Барақбайдың құнын даулап, Тұрдахунның екі жүз еркек қойын қырып алып едіңдер ғой, содан ерсі ме?» — дегенде, әлгі жігіт үндемей қалыпты. Үйткені Барақбай деген қырғыз бозақұмар, араққұмар болса керек. Арақ ішіп қысқы суықта Тұрдахун деген өзбектің қорасының қасына келіп жығылып өліп қалса, соны қырғыздар сылтау қылып, Тұрдахунның қырғыз ішіне қыстата қойған 200 қойын қырып алған екен ғой. Тілеміс осыны айтыпты.
Тілеміс қасында өзі тәуір көретін бір жолдасымен бір жерден ел қыдырып келе жатып, жолдасының ұзатқан апасының үйіне келіпті. Күн еңкейіп қалған екен. Жолдасы осы үйге қонайық, бір семіз бие сойған, қазы асады депті. Ендеше, қонайық деп тоқтапты. Үй иелері тысқа шыққан бір әредікте Тілеміс қазанның қақпағын көтеріп жіберіп етті көріпті де, орнына отырыпты. Әлден уақытта үй иелері келіп отырған кезде, жолдасына:
Қазы асып береді дейсің апам маған,
Апаң жаман кісі екен жапаңдаған.
Қайдан саған қазы ассын бауырым деп,
Әуелден жақсы кісі атанбаған», —
деп қоя беріпті. Сонда апасы ұялғаннан қазы салып, етті қайта асыпты. Ол кезде Ұзынағаштағы милиция Абрушка Кобзев деген орыс жігіті еді. Ол сол Ұзынағаштың Тұрғыны, сол маңдағы елдермен ағайын болып кеткен тамыр - танысы, Қожаберген Тайтелінің Ноғайбайымен жақын. Ол Кобзевті салып, сол арқылы мені мұқатпақ. Маған да жан керек, мен шауып Жамбылға келдім. Сіз мені мына жерден құтқарыңыз деп. Жамбыл мені өлеңмен құтқарды.
Бір мал сойғызып, Жамбылды алғызып, Жамбыл шақырады дегізіп Кобзевті шақырттық, ол қазақша тілді жақсы білетін. Оған Жамбыл өлең айтыпты:
«Қаймолда ел баққан еді,
Қожаберген мал баққан еді,
Екеуіне сол кәсіптері жаққан еді.
Бұларды әурелемей, екеуін де
Босат, еліне қайтсын», —
деді Кобзев Жамбылдың сол сөзін сыйлап бізді қайтарды. Жамбыл мені өлеңмен бір қысылғанда құтқарып еді. Егер Жәкең болмағанда, ел жуандары мені ол жолы жоғалтпақ еді», — деп Қаймолда өзі айтты.
Жамбылдың бір жақсы керіп айтатын әңгімесі Шешен, Үсен деген екі қу жігіттің әңгімесі еді», — дейді Үмбетәлі.
Шешен Үсен деген Шапырашты ішінде Айқым деген ата екен, оның ішіндегі Қоңыржаман деген атасының баласы. Түрген деген жердегі Баттал қазыға сіңіп, соның қолында болған.
Жамбылдың орта жасқа келіп қалған кезінде Түргендегі, Есіктегі Екей еліне барғанда Үсенге кездесіп, оның өте қулықшыл енеріне сүйсініп, қасына ертіп әңгімелерін ұғынып алған.
Үсен ораза айларында жарапазан айтатын, кейде өлеңмен ел аралап кететін, ақындық өнерден де сау құралақан болмаған.
Үсен ертерек кезде Албан ішіне барып ораза айында жарапазан айтады. Бір үйге келіп жарапазан айтып, қонып отырғанда, үйдің иесі: «Сен мұнымен не өндіресің, сен қызыл бөрік Сағаман батырға барып жарапазан айт, көңілі түссе, бір ат қалай мінгізбес екен саған», — дейді. Үсен Сағаманның ауылын сұрап алып іздеп келсе, ел аузын ашып болып қалған екен. Сағаманның үйі қайсы деп сұраса, біреу бір қараша жыртық үйді көрсетеді. Әлгі үйдің қасына келіп сығаласа, біреу отқа қақтанып қыздырынып жатыр екен.
— Үйің-үйің үй екен,
Үйдің көркі ши екен.
Қол мақпалдай құлпырған,
Бой берместен жыртылған,
Қай сорлының үйі екен.
Шұрық-шұрық тесілген,
Неменеге мәз болып,
От басында көсілген.
Қақ айрылған есігің,
Бір құрыған қусың-ау,
Құрып қалған несібең,
Қарт бурадай жараған,
Санын отқа қақтаған,
Бұтын отқа таптаған,
Боз туырлық жаппаған.,
Өлгенде иман таппаған,
Әлгі ата-бабаңның ауызы,
Мырзасы осы ма еді,
Aт береді дeп мақтаған.
Мұхамбет айтып өткен жарапазан», —
деп даусын баяулата бергенінде: «Ұста мына иттің баласын!» — деп бағанағы отқа қақтанып жатқан еңгезердей қара кісі тұра жүгіреді. Үсен атқа қамшы басып, тауға қарсы шауып әрең құтылады. Сөйтсем, ол Сағаман батыр екен. Үсекең осындай бір қулығы ұстап кетіп, тілін тигізіп, өліп қала жаздапты. Оның жүрген жері думан еді. Келген үйінің күлкіден аузын жиғызбайтын еді. Жамбыл өзі де оның қулығын айтқанда шындап күлетін. Тағы да сол Үсеннің әңгімесі. Албанның Бақай деген атасының ішінде Бақтай деген ұста бар екен. Ол ұста таз екен. Соған келіп жарапазан айтыпты:
— Бақайдағы Бақтай таз,
Қақ төбесі тақтай таз.
Асауы мен қашаған,
Апырау, Бақа, сіздің
Самай шашыңыз неғып босаған?
Менің осындай жаман сөзден аузым піскен,
Айтам деп жарапазан келіп түскем.
Бөркіңді басыңдағы бір алмайсың,
Сені тапқан құдағидың асты Ыстық па,
Басыңның жүні неғып жидіп түскен?
Мен сенің жомарттығыңды тұрмын сынап,
Сөзімді талай халық тыңдады ұнап,
Өзіңді атақты ұста дегеннен соң,
Кeп тұрмын қой, қозы емес кездік сұрап, —
дегенде ұста:
— «Шырағым, өлеңіңді тоқтат, мына кездікті ал», — деп бір кездік алып шықты. «Өзі тіпті бір арлы таз екен», — деп елді күлдіруші еді. Үсенді аз күн ертіп жүргендей басқа уақытта тіпті күліп көрген емеспін деуші еді Жәкең. Үсеннің бір үйдің қасына келіп тұра қалып:
— Береріне май берген,
Бермесіне шай берген.
Кешіктіріп жай берген,
Осы үйдегі сары жеңгем аман ба? —
дегенде, айтқанындай әлгі үйден бір сары әйел бір табақ құрт алып шығып салып береді. Үсен:
Ауылын аймағымен сақта,
Қазанын қаймағымен сақта!
Түйесін тайлағымен сақта! —
деп бата беріп:
— Береріне құрт берген,
Бермесіне сырт берген,
Анау үйдегі қара қатын аман ба? —
дегенде, «Апырау, мына кісі қара жеңешемнің мінезін қайдан біліп қойған?» — деп күліп жіберіпті. «Үсен сондай тапқыш, адамның қу тілдісі», — деп күлетін еді.
Жамбылдың бір ерекше жері ел аузындағы сөзге, осындай мерген айтылған қулық сөзге өте құлақ қойып, ұғып алып, өзі қайта айтып беруші еді: «Осындай сөзді үлгі етіңдер. Елге сөз айтқанда осындай бір жағынан күлдіре, бір жағынан күйдіре айту керек», — деуші еді. «Үсенді мен өзім де көрдім. 1921 жылы Түргенде үйіне кез келіп қондық. Бір түн өлеңін, осы сияқты әңгімелерін айтып күлкіден ауыз жидырмады. Сол жылдарда Үсен 70 жасқа келген қарт еді. Қазір өлген деп естідім», — дейді Үмбетәлі.
Жамбылдың өзі тұстас ақынында өте тапқыр көретін ақыны Дулаттың Сәмбет руынан шыққан Қуандық ақын еді. Әсіресе Қуандықтың үш ағайынды көсе жігіттерге айтқан өлеңін айтып, кесе кісіні көргенде мысқылдап, күліп отырушы еді.
— Жол анасы тұяқтан,
Су анасы бұлақтан,
Сөз атасы құлақтан,
Ал соғайын, соғайын,
Ырамадан, ырғақтан,
Еділ, Жайық, Нұрақтан,
Алшын, Жаппас, тұяқтан,
Олай емес, бұлайдан,
Су атасы лайдан.
Біреу жалғыз, біреу көп,
Біреу жарлы, біреу бек,
Оның бәрі құдайдан,
Құмай шығар тазыдан,
Мен құланшы — қазыдан.
Бір пара жанды алды ғып,
Бір пара жанды жарлы ғып,
Бір пара жанды жоқ қылып,
Бір пара жанды ток, қылып,
Шернеуіште жазылған.
Арғы атаң болған Жаныстан,
Аузы кере қарыстан,
Дұшпанды жеңген, алысқан,
Астығы тәуір дегенге,
Іздеп келдім дабыстан.
Осы отырған төртеуміз,
Төртеуміз де көсеміз. –
Көсе ғып тапқан шешеміз.
Мал мен басты көп беріп,
Сонан жетер есеміз.
Соңғы көсе мен едім.
Әуелгі көсе сен едің,
Астығы тәуір дегенге,
Алыстан іздеп кеп едім,
Көседен көсе құр кетсе,
Батыр қайтып жөн деді.
Бермес көсе сен емес,
Алмас көсе мен емес.
Көседен көсе құр кетсе,
Батыреке, жөн емес.
Күнде жігіт десек те,
Суалды ғой ұртымыз,
Қашқан қоян сықылды,
Тықырайып мұртымыз.
Қатын байғұс таң көрер,
Ашалы қара бақанды.
Сәудегерлер таң көрер,
Өркеші биік атанды.
Қыздар байғұс таң көрер
Ауылға келген бақалды,
Көсе байғұс таң көрер,
Сәукеле қара сақалды.
Бұл сөзді мен айтқам жоқ,
Бұрыннан қалған мақалды, —
деп Үмбетәлі Жамбылдың тәуір көретін ақындарынан айтатын осындай қисық өлеңдерін көп айтады.
«Жамбыл әсіресе ақындарды өзіне жақын көріп, оларды оңдырмай қатты қалжың етуші еді. Жамбылмен ерте жолдас болған, әрі замандас, әрі ақын шәкірті болған — Есқожа руынан шыққан Өмірзақ ақын Қарғабаев. Бұл кісінің өзі қара кісі, кішірек, шоқша сақалы аппақ болып ағарған еді. Соны керіп Жәкең: «Таутекенің сақалындай, немене, сақалың шушаңдап кеткен», — деуші еді.
Кенен кейінгі кезде келіп бір сәлем беріп, басындағы бөркін алғанда, «Басың немене, түз түйген келсаптың басындай боз ала болып кеткен», — деп бір күлдірді. Бір күні өзінің сақалын ұстап отырып: «Менің сақалым құртқа малған ағаш күрек секілді болыпты - ау», — деп жатып күлдірді.
Дулат ішінде Баба руынан шыққан Есдәулет ақынды бір келгенде: «Суық төбенің суыр аңдыған қоңыр ала бүркіті сияқты қопайып қайдан келдің?» — деп жатып күлдірді.
Өзінің 75 жылдығын тойлап жүрген кезде, Шымкенттен Орынбай ақын келіп өзіне амандасып отырғанда, кішкене өлең айт деп, болмай айтқызды. Орынбайдың даусы жіңішке кісі, өзі шарылдап сөйлейтін адам. Соған: «Бұрын да дауысты емес едің, тап тау құдірет сияқты болыпсың той», — деп бәрімізді күлдірді. 1943 жылы Киров колхозына келіп, онан біздің үйде отырғанда бұрынғы Айқымның өзін көрген шалдарынан бірсыпыра кісі келіп, сонда Абдыман деген шал келіп сәлем беріп амандасып отырды. Ол өзі сіріңке қара кісі еді, сақалы аппақ еді. Жәкең одан жасың қаншада деп сұрайды. Ол 55-темін деп еді, «..... ұрайын, әлден не керінді, басын ұнға тыққан қара мысық құсап», — деп күлдірді.
1922 жылы Ұзынағашта бір үлкен жиналыс болып, сонда ақындар да болды, Жамбыл да бар еді. Сол кезде Ұзынағашта милицияда қызмет істейтін Пұшық Жұмық деген кішірек бір белсенді жігіт бар еді. Әлгі жиналған елге олай жүр, былай жүр деп атпен шауып дамыл бермеді. Сонда Жамбыл: «Мына «саратан зауза құсап дарылдағаның кім? — деп елдің шек-сілесін қатырды.
Мақыш Райымбек баласы — әрі балуан, әрі ақын, Жәкеңнің ең жақын көрген адамы. Ол өзі көбіне демін аузынан алатын аңсағай зор денелі кісі еді. Соны: «Көкұрайын», — деп отыратын.
Өзіне хатшы болып жүргенде Қалмақан ақынды әзілдеп: «Шеміршек болған жылқыдай танауың шелтиіп келдің бе?» — деп бір отырғанда күлдіріп еді», — дейді Үмбетәлі. Жәкеңнің аузы қалжыңға, адамның бойындағы, ісіндегі мінін айтуға шеберлігін айтып:
Жамбыл өзімен сөйлесіп әңгімелескен, істес болған кісінің қандайы болсын бір сын тақпай, соның бір кісі күлетін мінезін айтпай қалмайды екен. Мұны бір ғана Үмбетәлі емес, адамдардың бәрі айтады.
Өзінің ауылындағы әрі жақын інілері Жартыбай Қырықбай баласын «суыр сияқты әрі жалтақ, әрі бақырауық, кейде «асыранды жапалақ сияқты қаудырап» дейді екен. Жамбыл кейінгі кездерде Совнаркомның больницасына келіп жатып, емделіп жүрді. Сол больницаның директоры Ерастов деген дәрігерді көргенде: «Мына төреңнің жүрісі қалай, ұшуға жақындаған үйректің балапаны сияқты теңселе басып», — дейді екен. Үйткені Ерастов қол-аяғы қысқалау, жүргенде теңселе басып жүретін адам еді.
Өз елінде Шыныбай деген жігіт бет-аузы сопақ екен, және бір жағына қарай бейімдеу екен. Соны Жәкең бір күні кергенде: «Қисық өскен картошка құсаған неме екен ғой», — деп отырған елді күлдіріпті.
Өзінің неше жыл қасында болған докторы Досымбекті «Қалжаға сойған қойдың мұжыған мойын омыртқасы құсаған енеңді...» — дейді екен.
Өзінің Алғадай деген баласын: «Борбас жерден шыққан бұзаубас құсаған енеңді...» Өзінің жақын ағайындары Ибрайым Бәсімбет баласына (бұл қарт шежіре кісі): «Құрт, айран ұрлап ішкен кісі құсап немене мұртың аппақ болып кеткенсің» — депті.
Өзінің баласы Аққұлыны: «Іңірде ұшқан қара қоңыз құсаған дарылдаған енеңді ұрайын» дейді екен. Өзінің ағасының баласы Сәни Тетей баласына: «Ұзататын қыздың жарма шымылдығы құсап, немене аузың ырбаңдап бір орында тұрмайды ғой», — дейді екен.
Өзінің шөбере інісі және өздерінің колхозының председателі Тұрап Мыржиевқа: «Суық бас торғайдың мүйізі құсап мұртың шелтиіп түр ғой», — дейді екен. Өз ауылында жақын ағайындарының бірі Әбіл деген жігітті: «Судағы майқоңыз құсап жыпылдаған енеңді ұрайын», — дейді екен.
Өз ауылындағы замандас қарттың бірі Демеқұл Таңсық баласына бір күні кешке жақын үйіне келіп сәлем бергенде: «Аяғын тұсаған қара бура сияқты маталып қайдан келесің», — депті. Демеқұл тұсаған малдай малтығып жүретін кісі екен.
Тағы сол өз ауылының бір жігіті Қасен Шымырбай баласы балпылдап көп сөйлейтін жігіт екен. Сол келіп бір күні ауызы тиыштық таппай сөйлеп отырыпты: «Осырақ қоңыз құсап немене балпылдап отырсың?» — депті.
Өз ауылының Жолашар Рахматжан баласы деген жігітке: «Шала түлеген шабдар жылқы құсаған енеңді ұрайын, неғып кержағалданып отырсың», — депті. Ол шикіл сары кісі екен.
Өзімен замандас Тойбай деген шалды: «Кәрі жіліктің құрығы құсаған енеңді ұрайын», — дейді екен. Ұзын бойлы еңкейіп жүретін кісі екен.
Өз ауылының адамы Нұрбек деген кісіге, бүкірейіп жүретін кісі екен: «Тышқан аңдыған мысық құсап, жауырыныңды құржитып қайдан келесің?», — депті.
Өзінің Қожаш деген өлген ақын баласының әйелі Пәтимені: «Орыстың асыранды ала қазындай байпаңдаған келін», — дейді екен.
Өз ауылының адамы Алтай Сары баласы деген жігітті: «Орыстың шала илеген былғарысы құсаған шандыр - шандыр болған неме, оңбай кетіпті ғой», — дейді екен.
Өзінің баласы Аққұлының әйелін: «Ұлу мүйіз құсаған бейбағым», — дейді екен.
Сатыштың әйелін: «Бидай терген көк кептер сияқты», — дейді екен. Тұраптың шешесі Мыржының әйелін: «Оқ жыландай ысқырып отырған шығар» дейді екен. Өзінің Қожакелді деген баласынан қалған немересі Атакелдінің былтыр туған Қуандық деген кішкене баласын алдырып, көзі көрмей қалған кезде, қолымен сипап көріп: «Жылбысқы қозының елтірісіндей бет-аузы жып-жылмағай екен» депті.
Өзінің Аққұлы деген баласынан туған немересі Жұмақанды: «Сексеуіл бұрау құсаған бұралып біткен неме», — дейді екен.
Өзінің кенже баласы Тезекбайды: «Екі енегі тел қара қозы құсаған енеңді ұрайын», — дейді екен.
Өзінің немере інісі Өмірәлі Жадыра немересіне: «Етікші қоңыздың мұрты құсап ербиген екі тал мұртыңды ұрайын», — дейді екен.
Жамбылдың домбыраны қолына алуды сирегің кіреген, алса да тек өзі күңіреніп үйде тартатын кәрі жолдасын айрықша бір қуаныш қолына қайта алдырады. Ол 1925 жылы Алматы қаласында Қазақстанның автономия алғанына 5 жыл және Жетісу, Сырдария елдерінің Түркістан өлкесінен бөлініп, Қазақстанға қосылғанына бір жыл толуына үлкен той жасалады. Бұл тойға Жамбылдың шәкірттері Кенен, Үмбетәлі, Өмірзақ, Сәдібек, Бармақ, Қарабек, тағы толып жатқан ақындар келеді. Бұл той 1913 жылғы өздерін бір үйге қамап, патшаны мақта деп пристав, стражник күштейтін той емес. Той халық тойы, елдің әйелі, еркегі бірдей тойлаған, шапқан ат, алған көкпар, күрескен балуан, салыстырған жорға, бәрі халықтың өз мерекесі. Тойды басқарған, ойын-сауық тізгінін қолға алғандар ел ішінен кедей болыс болып сайланған Кенен, Мақыш сияқты өзінің шәкірттері.
«Ал, Жәке, байлардың тойында, патшаның тойында пленді талай айттың ғой, енді мына өз тойың болды, кәне, оныңды естірт», — деген елге, аса көңілденіп жыр айтады. Бірақ Жәкеңнің ол жыры тұтас жазылып алынбаған, ауыз екі ұққан кісі де тұтас қалмаған. Бір кішкене үзіндісі 1940 жылы шыққан жинағында бар.
1927 жылы жазды күні пішен бөлісі шығады. Бұрын байлардың ата мұрасы, мүлкі болып келген жер бөліске түседі. Өз ауылындағы бай жуандар Жылқыбай, Күртібайлардың шабындығы, өмір бойы Есқожа, Екей нашарларына қабандай қара түнек болып келген Мырзабек Кәшке тұқымының, Шалтайбай қажылардың жерлері, ат шаптырым жоңышқа шабындығы бөліске түседі.
Осы бөлісте бұрын уыс, құшақ шөп алып көрмеген кедейлердің есеге қолы жетеді. Бала-шағасымен Жәкең де таңдаған жерінен шабындық қалады. Пішен бөлісі боларда Ұзынағашта барлық ел бас қосқан жиналыс болады. Жиналысты қосшы ұйымының мүшелері басқарады. Жер бөліске түсетін болып мойнына су құйылған бай, жуандар іріктеліп топтан шығады. Сол топта:
«Сексен бірге жас келіп,
Әр немеден жасқандық,
Кәрілік деген тақымдап,
Өлім қалды жақындап.
Суырылып сөз келді,
Жамбыл сынды қартыңнан.
Мұнша жасқа келгенде
Не көріп, не білгеннен,
Бір ауыз сөз айтылмай
Қалса, үлкен мін ақынға.
Елестер сан белестер,
Соың бәрін айтқанда,
Қол жеткізген асқарға
Маркс, Ленин кемеңгер,
Жер мен суды қолға алып,
Жетісіп тұр енді елім», —
деп ұзақ жырлайды. («Заман ағымы» деген жырдан 1940 жылғы жинақта, 109-бетте).
1928 жылы байлар конфескеленіп, бұрынғы қосшы ұйымының мүшелері еңбек біріктіру серігіне ұйымдасады. Сол алғашқы ұйымдасқан кедей тобының ішінде Жамбыл да болады. Бірақ бұл кезде Жамбылдың қолы малдан құр алақан емес.
1918 жылдың ақсүйек жұтында кедейленіп қалса да, Кеңестің алғашқы жылдарындағы үнем саясаты кезінде тағы да малдың басы құралып қалады.
1929 жылы, алғашқы ел жаппай колхозға ұйымдасып, барлық күш малы ортаға салынғанда, Жамбыл бала-шағасымен жиырмаға тарта жылқыны ортаға беріп, колхозға кіреді.
Малдың бәрі ортаға түсіп, колхоз дүрілдеп, егіні шығып, шөп машинамен көп шабылып, қарт ақын шын жаңалық дүниені көре бастайды. Бірақ бұл бір жақсылық ұзаққа бармай, колхоз ортасында асыра сілтеу басталады. Бай - кулактар колхоз ішіне іріткі салып, түрлі тәртіпсіздік болады.
Жамбылдың өз колхозының ішінен Қалабай сияқты өтірік белсенділер атқа мінеді. Олар сен байларға, манаптарға өлең айтқансың, өзің де орта дәулетті болдың деп Жамбылға тиіседі. Бірнеше рет белсенділердің қармағынан ауданға барып, аман құтылып шығады. Сөйтсе де белсенділердің асыра сілтеуінен Жәкеңнің балалары Тезекбай, Алғадай, Қожаш, ағасының баласы Сәтіштер қырғыз ішіне кетеді. Жәкеңді де ала кетеді. Сол бетімен балаларымен бірге екі жылдай жүріп қалады.
Колхоз ұйымдастырудағы асыра сілтеу қателіктері түзетіліп, колхоз ішінен басқа жерге көшкендер қайтарылады. Қырғыз елінен алдымен Жамбыл қайтады. Осы күнгі өзінің қорасы тұрған жердегі Нұрбек Сазанбай ұлының үйінде шеттен кешіп келгендерге азық беру пункті болады. Басқа жерден қайта көшіп келгендерге бір жерден тамақ беріледі. Жамбыл да осы жерде болады.
Қырғыз асып, екі-үш жылдай елін сағынған ақын бір жерде отыра алмай, бір күні кетіп қалып, осы күнгі Қызыләскер колхозының мүшесі Тұрсынбек ақсақалдың үйіне келді. Тұрсынбек Жамбылдың жырын сағынған елге айтқызып, бірнеше күн қондырып сыйлап, өзінің сұрауы бойынша Қарғалы өзенінің аяқ жағындағы совхозда істейтін Қасымбек Арғынбаевтың үйіне жеткізіп салады. Содан Жәкең бұрынғы қалыпқа түсіп, колхоздасып, шаруасы жөнделе бастаған еліне жырын көңілдене айтады.
Осы күнгі Аманкелді колхозы атанған Суықтөбе бауырындағы Есқожа елінің колхозына барып, өлең айтады. Колхоздың бастығы Әбдіқадыр Бабажанов деген жігіт: «Жәке, жаяулап қалыпсың, мынаны аяқлау ет», — деп өзінің қара есегін береді. Жәкеңнің 1934 жылғы ақындар мен әншілердің, өнерпаздарының республикалық жиынына Алматыға мініп келетіні осы қара есек болады.
Жамбыл қара есекті мінген соң ел аралап колхоздың малын баққан шопандарына, өріске барып өлең айтып, көңілін көтеруге аттанғанда колхоздан колхозға жүріп отырады. Өзінің Шапырашты, оның ішінде Екей, Есқожа, Айым елдерін тегіс аралап өлең айтып жүріп, Ұзынағаштан өтіп бара жатып есегі батпаққа жығылады. Жамбылдың жығылғанын не қылсын, ойнап жүрген бір топ бала есекті балшықпен ұрып қуалайды. Сол жерден өтіп бара жатып, осыны көрген қасқарау елінің Жұмағұл деген жігіті есекті қайырып ұстап, Жамбылды есегіне мінгізеді.
Жығылды Жамбыл келіп есекпенен,
Үкімет нанын бермек есеппенен.
Жығылып қара есектен жатқанымда,
Ұрады жүгермектер кесекпенен, —
деп Жұмағұлға өлеңдетіп амандасып, Жамбыл батасын береді. «Жәкең осы жығылғанына қатты ренжіп, көзіне жас алып айтып еді. Осының артынан көп ұзамай Жәкең Алматыға шақырылады. Содан бастап ол кісі қайта жасарды, бағы көтерілді», — дейді Октябрь колхозының мүшесі, құсбегі қарт Сүлеймен Тәкімұлы.
1934 жылы Алматы қаласына шақырылған жас көркемөнершілер мәжілісіне келіп Жамбыл жыр айтады. Бұл жырда Жамбыл бір кезде азып-тозып кеткен халықтың ата мұра асыл қазынасы талапты жастардың қолына тиіп, көркейе бастағанына қуанады. Соған арнап:
— Уа, термеден сөзді бастайын,
Жас жігерлер алдында.
Топтан озған тарлан ең,
Шабысыңнан тандың ба?
Тұяғың тозып, топас боп,
Китіңдеумен қалдың ба?
Шаршы топқа түскенде,
Шабысы болар шалдық да, —
деп, өзін жастар алдында сөзден сүрінбейтін жігермен қайрап жыр ағызады. Жамбыл бұрынғы бір ауыз, жарым ауыз сөзбен түйіп тастаудан гөрі созып, желілеп, ұзақтай айтуға, бұрынғы ойда бұғып келген жыр желісін ұзартып, өлеңді көгеннен ағытқандай құлашты кең тастайды.
Жамбылдың бұл кездегі айтқан әрбір кезеңді жердегі жыры заман бейнесін суреттеуге кеңінен қамтылған жыр болады. Бірақ бұл көздерде де тек бір мереке я бір болған уақиғаға байланысты арнаулы жыры болмаса, Жәкеңнің ел ішінде айтқан күнделікті жыры жазылмаған.
1935 жылдың ішінде Жәкең өз елінің жайлау, күзек, көктеу мекендеріне барып, колхозшылар арасында үздіксіз жыр айтады. Сол жырлары да жиналып жазылмаған.
1936 жылы Қазақстан көркем өнерпаздарының Мәскеуге баратын дайындығы болады. Осыған арналып ақын, әнші, күйші өнерпаздардың слеті шақырылып, барлық жүйрік жарысқа түсті. Бұл жиылыс бәйгеге көп-көп шабылған кәрі тарлан Жамбылға аса ұнайды. Ол осы жиналыста бұрын атын естіп, өзін көрмеген сан өнерпазды көреді. Солармен бәсекесіз өнер салыстыру бәйгесіне түскенде аса көңілденеді. Бір шеті Оралдан, Каспийден, бір шеті Қытаймен шектес Алтайдан келген жүйріктердің енеріне сүйсініп сүйікті жыр толғап, топтың алдына түседі.
Мәскеуге баратын өнерпаздардың ақсақалы болып Жәкең белгіленеді. Жәкеңнің ұғымынан терең орын алған Мәскеу жұртшылығының достығы, Ленин — Сталин қамқорлық басшылығы гүлдендірілген елінің бейнесін Жәкең кеңірек толғап айтуға ойланып жыр төгеді. Бұл жыры әрі сыр, әрі қуаныш жыры болып өрісі өте ұзаққа тартады. Жәкеңнің осы жырлаған «Туған елім» деген жыры Жәкең жырының жүлгеленіп шыққан жаңа белесі болып, аса әдемі шығып, бірнеше тілге де аударылып, бір ғана қазақ поэзиясы емес, бүкіл Кеңестер Одағы поэзиясынан үлкен орын алады.
Жәкең халықтың көркем өнерінің кешін Мәскеуге да осы «Туған елім» деген тамаша жырымен бастады. Жәкеңнің бұл жыры ақын, әнші, композиторларға ерекше ой салды. Арқаның атақты әншісінің бірі әрі жас композиторы Манарбек осы жолы «Сталин туралы» деген тамаша әнін де шығарып, Күләш «Гәкку» әнін жаңа бейнемен әсемдеп, ел өнеріне қозғау салғандай болды.
Жәкең бұл жырында халық поэзиясынан бойына көп сіңірген ерекше тапқыштық сұңғыла сөзге көшеді. Ол халықтардың көсемі Сталинді тек көсем еді деген жалпы сөзбен тоқталмай, оған теңеу іздегі, өзі ерекше артық санайтын табиғаттың тамашаларынан құлағына сіңген барлық ұғымдардың ішінен Сталинге теңеу таппай қинала отырып, өте әдемі теңеу айтады:
— Лениндей басшы іңкәрім,
Жырлауға саған сөз жетпес.
Шебер ақын ұстаның
Пайғамбарға теңеуге
Сүндет, уажып, парыздан
Артық көрдім ұстазын.
Асқар тay биік дер едім,
Көрініп тұр төбесі.
Ақылы дария дер едім,
Бірақ кейде дарияның
Қайырлайды кемесі,
Шайқалған жүйрік дер едім,
Ат та шаршап болдырар
Кездесіп жердің белесі.
Домбыраны алғанда
Сталинге тең таппай
Қиналған Жамбыл жері осы, —
деп, ақын аяқты аршындай алысқа жастайды.
Жәкеңді мақтандырған халықтың көркі болса, оны көркейткен адамзаттың данышпандарына Жәкең ғасыр бойы көңіліне жинаған асыл сөзден арнаулы шашу тастайды.
Бұл жерде бір айтарлық нәрсе — Жәкеңнің асыл қазынасын ақтаруға ашылған жаңа жол тәрізді. Қазақстан үкімет басшылығының, Жазушылар Одағының бастауымен Жамбылға хатшы ретінде өзіне заман ағымын ұғындырып, ой салып отыратын жас ақыннан кісі белгіленуі. Осы тұста Жәкеңе көп ой салып, жаңа пікірлер айтуына себепші болған — ақын Әбділдә Тәжібаев.
Әбділда қарт ақынның туып жатқан тумасына түрткі салғандай, халық ықыласындағы жаңа ұғым, тамаша ойларды газет, журнал, әдебиет дүниесіндегі жаңа идеяларды көкейіне қондыра айта білді. Жәкең өзі хат танымағанмен, оның құлағына тиген жаңа сөз, жаңа пікірді бойына тез сіңіріп, жырының бетін тез түзетіп алды.
Осы декадаға барған сапарында Жәкең Москваны, Кремлъді көрді, Лениннің жатқан жерін көрді. Алыстан атын естіп, ақыл ой асқан данышпандығына құмартқан кәні ақын қақ қасынан отырып, Сталинді және оның серіктерін көрді. Ақынға толқынды жаңа ой туғызды. Ол ой толқынынан сол Москваның езінде орғып ұшқан тау суындай бірнеше жыр толғады.
Ақынның ғасыр бойына жырлаған еңбегінің сырындай «Еңбек Қызыл Ту» ордені Жәкеңе осы жолы берілді. Сонымен қатар Жамбылдың аты бүкіл Одақ халқына әйгілене орталық газеттерінде өлеңі басылды. Жәкеңнің атымен қатар қазақ халқының халық поэзиясы тозаң тотынан аршылып, жарқ етіп, кең майданға шыққандай болды.
Жамбыл өлеңінің өріс тауып, құрметті орын алуы, қазақ даласындағы барлық халық ақындарының ойын қозғады. Жаңа жыр, жаңа дастан жырлауға, заман жаңалығына сай шығарма жасауына жол ашты.
Москвадан қайтып келген соң Жәкең тұрмысына айрықша жаңалық кірді. Ол бір кезде қиял еткен дүниесін өзінің үйінен керді. Оның бір кезде қара құрым, қоқтық қорасы жаңа үй, жасыл тоғаймен безенді. Өзі жырлаған «Өтеген батыр» жырындағы халық геройы, ойшылы Өтеген іздеген қонысы өзі отырған Майтөбенің бауырында екен.
«Тек тілін білмей жүр екеміз», — деді Жәкең, колхоздың өскен дәулетін, тұрмыстың сәулетін көріп.
Тұрмысы түзеліп, көңілденген Жамбыл әлдеқашан айтпай қойып кеткен үлкен жырларын жаңартып қайта жырлады. Ол өзінің ұстазы Сүйінбай ақыннан ұғып, ертеде жырлаған «Сұраншы» жырын, ел аузынан ұққан Күсеп ақынның жырын, «Өтегенді» бұрынғысынан өңдеп, әдемілеп жырлады. Бұл жырлардың аяғынан социалистік мазмұн берерлік жалғау жасады.
Жәкеңе ерекше ой салған Ворошилов, Чапаев сияқты кеңес заманының батырларының істеген ерліктері болды. Ол өзінің ұстазы Сүйінбай ақынның заманындағы батыры сүйіп, жыр еткен жолын өзіне сабақ етті.
Ол өзінің сол күндегі хатшысы және жәрдемшісі Қалмақан ақын арқылы Ворошиловтың азамат соғысындағы ерлігін сұрап ұғынып, данышпан Сталиннің батыр серігін бұрынғы батырлар жырының бейнесінде жырлады:
— Қылышынан қан тамған,
Найзасынан зор тамған.
Іргелес елді жылатқан,
Ордасын, туын құлатқан,
Алтай мен Орал арасын
Борандатқан, шаңдатқан,
Талай елді қандатқан
Ардақты ма Шыңғыс хан?
Дейміз бе біз Шыңғыстың
Атағы асқан, күші асқан
Клим Ворошиловтан? —
деп, Ворошиловты дүние жүзіне әйгілі қолбасшының бірі Шыңғыспен салғастырып, өз заманының адамын қанішер Шыңғыстан әлдеқайда артық етіп мақтанады:
— Жауға жерін бермеген,
Тигенге қылыш сермеген,
Сынаспаң болған дұшпанды
Шыбын құрлы көрмеген.
Aт мінбеген жаратпай,
Әскері темір болаттай,
Жеңілуді білмеген,
Байтақ жерді қоршаған
Жалпақ елді қорғаған,
Ленин ерден оқыған,
Сталиннен үйренген,
Артық көрмен ені жанды,
Ел сүйген сендей ерімнен, —
деп, Жәкең Ворошиловты өте сыйымды жолмен шебер суреттеп айтып береді. Жәкең осы жырын ұлғайтып «Ворошилов батыр» деген көлемді поэма шығарды. Осы поэмадан бастап Жәкең Совет үкіметін құруда, әсіресе қазақ елінің өз алдына ел болуында ерлік жорықтары көп болған Чапаев, Фрунзе сияқты батыр қолбасшыларды ойланып жыр етті.
Жамбылға көп ой салып, ақындық делебесін қыздырып отыратын нәрсе радио болған. 1936 жылдан бастап Жәкеңнің жаңа үйіне радио орнатылды. Жамбыл оны «Шайтан құлақ» деп ат қойып, радиодан айтылған ән мен жыр, тартылған күй, оқылған әңгімені тыңдап, өзінің ойын да, дүниеге көзқарасын да жаңартып отыратын болған.
Жалғанды жалпағынан басып өтіп,
Жасарып, қайта туып алдым бекіп.
Қаусаған отыз тісім қайта шықты,
Болғанда қызыл иек әлім кетіп, —
деп, Жәкең 1937 жылы өзінің жасарғанын айтып жыр жырлады. Оның бұл жыры — әншейін айтылған емес, шын мәнісінде жасардым деп шын көңілден айтқан жыры.
Жамбылдың бұл 1937 жылғы жазылған жырларының көбі өте көңілді. Оның Чапаевқа арнаған:
«Еділ, Жайық үстінде Торлаған қара бұлтты,
Серпу үшін күшіне Түсіп Чапай жорытты.
Патшаның торын қырқуға,
Жандаралды құртуға,
Халық үшін жан қиып,
Түсті сыпыра жортуға, —
деп, Жамбыл Чапай жорығын өзінің байырғы жырлаған батырларының жырының ішіне салып сыйдырады.
Жәкең бұл жылдарда тек үйде отырып қалмай, елдің жайлауына, күзегіне барып жаңарған елдің ортасында отырып, жаңа жыр айтуға ыңғайланған.
«Жаз айларының тамылжыған әдемі күндері еді. «Дегерес» совхозы жылдылары Суықтөбе, Саржазық, Сұлутөбе, Балжан жайлауларына барған кезі.
Сол жылы жылқыға карантин болып, атпен кісі барғызбайтын еді. Астында мінген шұбар сиыры бар, домбырасы белінде, бір күні Жамбыл келді. Сарыжазықтың белесінде Жалпақ жайлауды алып жатқан асыл тұқымды арғымақ айғырлы жылқыны аралап, Құрманғалы деген бір ферма бастығының үйіне келіп қымыз ішіп, жылқышыларға арнап өлең айтты.
— Өсіріп асыл жылқы арғымақтан
Жігіттер көкке бедеу қарғылатқан.
Сарыжазық, Қарақия, Алаяққа
Совхоздың жылқысы желі тартқан.
Ойнақтап құлын-тайың асыр салған,
Құландар алма мойын асылданған.
Аттары бөрі құлан, бөкен санды,
Молайды ел дәулеті асыл малдан, —
деп өлең айтып еді», — дейді Дегерес жылқы зауытының орденді жылқышысы Абылай Қыдырма баласы. «Онда Жәкең өте көп жыр айтып еді, оны біз керек қылып ұғыппыз ба?» — деп 1944 жылы, 12 қыркүйек күні совхоздың өзінде айтты.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі